Альен Бадью (Alain Badiou): Шығыс ақындары және Батыс ақындары
Бөлісу:
Өткен ғасырдың екінші жартысында Батыс Еуропа елдері постмодернистік қоғамға өтті де, Орта Еуропа және Шығыс Еуропа елдері саясаттың, коммунистік саяси жүйенің салдарынан бұл мүмкіндіктен кенже қалды. Осы айырмашылық Еуропа ақындарын ұқсамаған екі арнаға жіктеді. Соңғы топтың өкілі ретінде 1980 жылғы Нобель сыйлығының иегері Поляк ақыны Чеслав Милошты (1911-2004) атауға болады. Төмендегі мақала да француз философы Шығыс Еуропа ақындарының өлең туралы ұстанымына тоқталған. Сол арқылы біртұтас еуропа поэзиясының бүгіні мен ертеңі туралы ой қорытады. Философтың қортындысы бүгінгі таңда да өз күшін жойған жоқ деген мақсатпен мақаланы оқырман қауымға ұсынып отырмыз.
Біраз жылдың алдында, социалистік жүйедегі елдерде құлдырау басталған шақта, Шығыстан дарынды бір ақыны көзге түсті. Оны бауырластары жоғары бағалады, өздерін бейтарап ұстап, әр жылы әлемдегі ең таңдалуы деген ақын-жазушыға сыйлық ұсынатын солтүстіктегі көршілер де оны құшақ жая қарсы алды.
Ақынның бізді жатсынбастан өз ойын ортаға салғысы келгені анық. Бұл арада айтылған «біз» кім? Мен оны «Батыс Еуропалықтар» деп атар едім. Әсіресе, осындағы «біздер» - француздар поэзияға байланысты түсінікте ақынмен ой бөлісуге тиіспіз.
Чеслав Милоштың (1911-2004) (Czesław Miłosz) айтуынша, С. Маллармеден (Stéphane Mallarmé) кейін «біздер» айталық жалпы батыстықтар тылсымдықтың (мистикалық) шыңырауына біржола батып кетіппіз. Поэзияның мүмкіндігін де сарқыған екенбіз. Біздегі пәлсапалық күңгіріттік поэзия өркен жаятын құнарлы топырақты қар-мұзбен құрсаулап тастапты. Ал шығыстықтардың басына түскен өлшеусіз қайғы мен қасірет олардың тілді рухани арқау етіп өмір сүруіне мүмкіндік беріпті, соның арқасында поэзия өз арнасында жатқан. Олар поэзияны ұлт ретінде төбелеріне көтереді екен.
Поляктардан шыққан осынау ұлы адам бізге Батыс поэзиясы тар өріс пен анықсыздыққа шырмалып қалды, оның төркіні тақырыптың таптауырға түсуі себебінен өлеңге қатысты әлем мен тұрғынyың өзін жоғалтуында жатыр. Ал поэзия өзі пайда болған қайнар-көз бен мүмкіндігіне қайтып оралғанда ғана өміршең болады дегісі келеді.
Жоғарыдағы түсінік туралы мен өз ойымды айтсам деймін. Оны төменде шағын үш тармаққа бөліп түсіндірдім.
1. Тылсымдық (мистикалық)
С.Малларме тылсымшыл ақын ба? Біз поэзияның табиғатында тылсымдыққа жақын дүниенің болатынын ескермей тұра алмаймыз. Егер, өзіміз көзсіздікке салынбасақ, бұл тылсымдық бізді қайда бастап барар еді?
Мынаған назар аудармай болмайды: поэзия суреттеу немесе баяндап беру емес, тіпті, сыртқы дүниенің елесі де емес. Поэзия деген әрекет. Ол бізге дүние деген объектілердің жиынтығы немесе идеялардың қақтығысы да емес деп тұрған сияқтанады. Әрекетке байланысты болғандықтан да поэзия дүниені жеткізуден көрі көрсету маңыздырақ деп біледі.
Осы түйінге жету үшін поэзия қиыр бойлап қозғалуға тиіс. Сонда ғана ол көріністегі дүниенің кедергісінен сәтімен өте алады. Біздегі жаттанды түсініктер мен әшекейлер көріністің тікелей туындысы екені белгілі. Поэзия қиялап қимылдайтындықтан біз оның ішіне үңілмесек, сыртынан әсте тон піше алмаймыз.
С.Малларме бізге «жанамалай аңғартатын, ешқашан тіке айтпайтын» сөздерді қолданатын бол дегенде, біз өзіміз назарға алған дүниенің объектілігінің жоғала бастағанын аңғарамыз. С.Малларме мұндай да пайда болған көрнекіленуді «таза ұғым» деп атаған. Ол «объектив дүниеден туындаған ұғымды оның өзіне ғана тән таза көрініс беруі деп қабылдауға болады. Немесе көріністің таза өзін әйгілеуі деп қарау керек» деген. Поэзияның түпкі болмысы материяның бойынан көрнеуге шығу басталған сәтте орын алатын өзгеріске жатады. Поэзия осы өзгерісті жасаушы барыс пен қуат. Біздің «тылсымшылдық» деп жүргеніміз осы өзгеріс сәтіне тура келгендегі поэзиялық күйді меңзейді. Осы күй ғана поэзияны өз шиыры бойынша өз биігіне алып шығады. Оқырман сондай күйді басынан кешкенде ғана оның көрнеуге шығуына куә бола алады. Поэзияның жалпы әрекет барысы осыдан тұрады.
Шындығында, көмескіде жатқан арна және соның тетігін ашатын кілт болғанда ғана тілсімшілдік туралы ауыз ашуға болады. С.Малларменің поэзиясы түсіндіруді қажет етпейді және онда әлгіндей кілт те жоқ. Ол тек бізден өзінің қозғалыс әлеміне кіруді ғана талап етеді. Оның тылсымдығы да осы талапта жатыр.
Сондықтан С.Малларме поэзиясының қағидасы қарапайым. Біз поэзияны түсіну үшін оның болмысына бойлауымыз тиіс, сол барыста оның не айтпақ болғаны, өлеңде не болып жатқаны туралы ойлана бастаймыз. Сондықтан да поэзия деген әрекет, сонымен қатар оқиға. Поэзия деген барлыққа келу. Ондағы тылсымдық та осы түйінге тікелей байланысты. Ол тілден пайдаланып жаңа дүние жаратады.
Бәрі поэзияның ішінде жатыр. Ол үлкен алаң. Ол мекенде идеялар өмірге келеді.
С.Малларме поэзияның идеялар пайда болатын ішкі мүмкіндігінің ерекшелігін «орнын ауыстыру» деген ұғыммен байланыстырған.
Орын ауыстыру ақынның тұрғысын жаңартатыны белгілі. С.Малларме «деңгейіне жеткен шығармада ақын ауызекі айтып түсіндіретін дүние қалмайды» деген сөзі бар. Біз мұндай өлеңдердің тақырыбын салған жерден дәп басып табуға шарасызбыз деп айта аламын. Бірақ, ақын басқаша ойлайды. Оның түсінігінде өз деңгейіне жеткен шығарманың ғана тақырыбы айта қалсын анық болады.
Мәтіндегі орын ауыстыру объективті жаратпайды, ол мәлім бір ұстанымды аңғартады. Поэзияны «абстракт дүниенің орнынан жылжуы» деп қарауға болады. Мұндай «жылжыудың» пайда болуы поэзияның табиғатындағы «үнсіздікті» оятады. Үнсіздік әуелгі дүниенің тұрғысымен үн қатудың жетпеген жерін толықтырып, абстаракт туралы ұғым қалыптастырады немесе жаңа ұғым көмескіден көргенуге шығады. Бұл ұғымның көрінісі жұлдызнама, аққу, роза гүлі немесе қазылған көр болуы мүмкін.
Мұнда ауызекі тілмен айтып жеткізу мәнін жоғалтып, орнын жаңа ұғымдар алған тұста, орнын жылжыту әрекеттің басты баламасына айналады. Орнынан жылжыту мен мән тілсімдіктің талабымен сыртқы көріністе өз рөлдерін ойнай бастайды. С.Малларме сөзімен айтқанда «көміліп қалған мән-мағына орнын ауыстыру және жаңадан пайдалану жолымен алуан әуенмен біз естімеген әннің жаңа мәтінін шырқайтын боламыз».
«Тылсымшылдық» деген атау жоғарыдағыдай поэзияның сыры мен сипатын толық ашып береді деп айта алмаймын. Мұндағы сыр поэзияның соңғы жетпек жерінде емес, қайта бүкіл барысында қамтылып жатыр. Бұл барыс біртекті тұрғыны жоғалтып, объектіні ыдыратады, одан жаңа ұғым дүниесі қалыптасады.
«Тылсымшылдық» деген атау біздің мынау рухсызданған қоғамымыздың өзінше тауып жүрген пәтуәсі. Бұлай атау мынадай бір түйінді жасырып қалады. Айталық, поэзия үшін объекті немесе субъекті тақырыбының онша парқы жоқ. Поэзия объектілерге бөлінбеген идеяларды негіз етіп құрылады немесе объектінің тұрғысын өзіне сіңіріп кеткен жағдайда ғана өз биігіне шығады.
Поэзияның көрнеудегі тілсімдігі бізді өзіне тартып, иіріміне үйіріп әкету үшін ғана жұмыс істейді. Бізде поэзияның тәбиғатына бейім ынта болмаса немесе өлең тармақтарының күрделілігі бетімізді қайтарып, десімізді басса, ол біздің өзге бір үміттің тұтқыны болғанымызды айғақтайды. С.Малларме бұл туралы «мұндай үміт бәрі тайға таңба басқандай анық болса, ештеңеге бас қатырып әуре болып жатпасақ, айталық көшедегі алып-сатар аудагер сияқты бәрі түсінікті әрі тез болса дегенге барып саяды» деген.
2. Өлең кім үшін жазылады?
Бір қарағанда өлең барлық адамның оқуына арнап жазылады. Айталық, бұл жағынан ол математикаға ұқсайды. Олардың екеуі де адам факторын алғы шарт етпейді, өз алдарына өмір сүретін тілдік ерекшеліктері бар. Екеуі тілдің жалпылыққа тән өте анық қарама-қарсы екі шегінде, екі әлемінде тұр.
Поэзия жұртты желіктіріп, барлық адамды өзінің туы астына жинай алатын қабілетке ие. Себебі, онда идеяны бірлікке келтіретін сөз қоры бар. Математиканың да осындай күй кешетін кезі болады. Оның да сауда-саттық пен ғылым-техниканың жүгін көтеріп кететін кезі бар. Алайда, адам немесе көпшілік үшін (олар өмір сүретін ортасына қарай) тілдің оларға қажетті шектеулі екені анық. Ойлау қуаты тұрғысынан адамдар тең деп қарасақ (бұл арада теңдік туралы ең бір қатал тұжырымды алға тартсақ) поэзияның тәбиғаты мен математиканың болмысы расымен де жалпы жұртқа бағытталады.
С.Малларме мұндағы тең деп қаралған «жалпылықты» енді бір тұрғыдан «көпшілік» деп атайды. Оның аяқталмай қалған «Шексіздерге арналған кітабы» осындағы көпшілікке арналған.
«Көпшілік» деген «бүгіннің» көрнекіге шығуы деуге болады.
С.Малларме кезінде төтесінен «менің дәуірімде «бүгін» жоқ!» деген болатын. Себебі, онда түсіністікте теңдікке жеткен көпшілік болған жоқ. Ол «бүгін жоқ, жоқ деймін, ол орнында жоқ, бар болса, жұрт өзінің бүгінгі түсінікпен өмір сүріп жатқанын дәлелдесін» деген еді.
Егер бүгінгі Батыс пен Шығыс поэзиясында парық бар десек, біз оны қайғы мен қасіретке апарып тіремеуге тиіспіз, қайта, оны Батыс Еуропадан Жапонияға дейін созылып жатқан үлкен кеңістікте өмір сүрген адамдардың өзінің бар екенін әйгілеуі деп түсінгеніміз дұрыс. Осынау тарихи сағаттағы болмысымыз (сіздікі бар, біздікі бар) біздің ортақ «бүгінімізді» әйгілеумен қатар, поэзиямыздың да кем-кетігін толықтыруға берік негіз қалады. Мұндайда поэзия өз табиғатының талқысына түседі, онда жұрттың бәрін қамтып, жалпылыққа айнала алатын ішкі мүмкіндік - ырықты күш бар.
Егер, жұрт өзінің осында екенін әйгілей алмаса, айталық, Батыс қоғамында өткен ғасырдың 80 жылдарындағыдай екіұдайлыққа бой алдырса, немесе С.Малларменің тұсындағы сияқты күй кешсе, онда поэзия С.Малларме айтқан «тұсаулы аттай еркін әрекеттене алмайтыны» анық.
«Әрекеттен шектелу» поэзияның жалпы жұртқа арналғаны туралы шындықты өзгерте алмайды. Алайда, ондайда поэзия оқиғаларға емес, оқиғасыз ортаға негізделеді. Содан тиянақ табады. Ол жалпы жұрытты бір тудың астына жинау үшін емес, әлгіндей жұлдызнамалық болмысқа қарай бет түзейді. Мұндайда ақындар өзінде бар мүмкіндік негізінде болмыстың түпкілікті элементтерін пайдаланып, ұлы драманың қойылымын әзірлейді. Әрекеттің шекетулігі ақынды жаңа ұғымдар туғызуға итермелейді. С.Малларме бұл туралы «мәтінде автор өзін сөзсіз рух ретінде тұлғалауы тиіс, бәрін, айталық жандүниенің болмысын, тереңге шөккен қаскөйлік пен қараңғыны, қуаныш пен қайғыны көрнеуге шығара білуі тиіс» деп жақсы айтқан.
Бүгінгі таңда Шығыс пен Батыс поэзиясында өзгешелік болса, жалпы көпшілік оқырман үшін оның көп мағынасы жоқ. Өйткені, бұл оқырман сол баяғы шығыс пен батыстағыдай ұқсас «көпшілік». Тек жоғары элиталық деңгейде шығыс поэзиясы жалпыға ортақ әрекеттік, типтік образына кіре алатын болса, батыста бұл әрекеттің шектеулігі деңгейінде көрініс береді. Сондықтан да Ч. Милош, егер өлшем ретінде саясатты көлденең тартсаң, онда сенікі дұрыс. Бірақ, ол мәңгілік өлшем бола алмайды дер едім.
Саясаттың салдары ұғымға қарағанда материяға азырақ ықпал етеді. Ол поэзияның болмысына тіл арқылы ғана ықпал етпек. М. Дженнің ұстанымы бойынша айтқанда, біздің өлең туралы түсінігіміз тұрғымызға қарай қалыптасады. Енді бір сөзбен айтқанда шығыс үшін батыс поэзиясы келер күндегі мүмкіндік (таңдау) немесе жалпылық деуге де болады.
Мұның себебі поэзиядағы түрлі өзгешеліктердің дені тілдер арасындағы парықтан емес, тілдің ішкі мүмкіндігіндегі парқынан туындауында жатыр. Ол поэзияның мәлім уақыт кеңістігіндегі таңдап алған әрекет болмысымен тіке қатысты.
3. Пауль Целан (Paul Celan)
Ол шығыс еуропалық еді. 1920 жылы Болгарияда өмірге келгенде оған Ата-анасы Пауль Лео Анчель деп ат қойыпты. Кейін Батысқа келеді. Француз қызбен некеленіп отбасын құрған. 1948 жылдан бастап Парижде тұрады. 1970 сонда өмірден өтті. Оны Орталық Еуропаға тән неміс тілінде жазған сергелдеңге түскен еврей ақыны деуімізге болады.
П.Целанды сол дәуірдің соңғы ақыны деп атаған дұрыс шығар. Соған дейін поэзияның көкжиегінде тұрған жарық жұлдыз Герделен (Johann Hölderlin) еді. Ол Мериме мен Ромбодан (Arthur Rimbaud) бастау алып, Тлакрер (Georg Trakl) қостап, Писоуа (Fernando Pessoa) мен О.Мандельштам) ары жалғаған ұлы ағынның жалғасы болатын. П. Целан бізге не қалдырды?
Ол біздің осынау кезеңді біртұтас әрі ашық күйде түсіндіріп берудегі шарасыздығымызды аңғарытты. Айталық, біздің бүгінгі дәуірде айқын беталысы жоқ. Оны анық бір ауыз сөзге жинақтау дегенің мүмкін емес нәрсе. Содан да бүгінгі поэзия маған (әрекеті шектеулі поэзия) бейне ешқайда бұрлуға шарасыз тастақты тар көшеде сүріне-қабына алға жылжуға тура келгендей сезіледі.
Алайда поэзия уақыттың сыздықтаған көзінен өткен тұста әлсіз болса да, ол сөзсіз өзіне ғана тән тәсілін6 ізі мен қолтаңбасын ойып қалдырмай тұрмайды. Мағына мен құндылық немесе көмескідегі дүниенің көрнеуге шығуы тұрғысынан айтқанда біздің дәуіріміз поэзиядан әрекет кеңісітінің шектеулігін сезіне отырып өлеңнің болмысын тұлғалауды талап етеді. П.Целанның мына өлеңін оқиықшы:
Es kommt auch ein Sinn
Die engere Schneise daher,
den erbricht
das toedlichste unsrer
stehenden Male
Ағаш арасында тарайған тар шатқалдай,
Соқпақтты жолда да мағына бар.
Ол біздің еркімізден туған,
Шекарадағы қада тастар салған жара сияқты.
П.Целан бізге жол соқтықпалы бұралаң болса да екі нәрсе анық деп тұрғандай.
1. Бүгінгі заманның білгірлері дабырайтқандай емес, болмысқа жақындауға әлі де зор мүмкіндік бар. Бәрі сөз ойыны немесе мағынасыз дүниенің шүңетіне біржола батып кеткен жоқ. Болмыс пен ақиқатты біртұтас күйінде танудан қала бастағанымызбен, одан мүлде көз жазып қалмадық. Олар тамыр тартқан мекенге бойлап баруымыз көркі көз тайдыратын үлкен өтіріктерге дес бермеу болар еді.
2. Біз мынау дүниенің тұтқыны емеспіз. Қортындыны ерте шығаруға болмайды. Ақиқат ешқашан бұғаулауға көнбейді. Поэзия өзінің әрекет өрісін анықтаған екен, ол кез келген шектеу мен кедергіні жеңе отырып, өзінің бостандық әлеміне қарай жылжиды.
Төмендегі өлең тармағында П.Целан поэзияның орнында қалатын (біртұтас дүниенің бөлшегі ретінде болса да) және шектеуге көнбейтін болмысы туралы айтады:
Das Rohr, das hier Fuß fasst,
morgen steht es noch immer,
wohin dich die Seele auch hinspielt im Un-
gebundenen.
Бүгін осында қадап кеткен шыбығымыз
Ертең де тұрады
Рухың сенімен осында, жұлдызды сәтінде сырласады
Соңында П.Целан бізге поэзияның бостандық әлемінде ақиқат біртұтастықтың үстіне құрылмайды, ол біртұтас дүние емес, оның міндеті төреші де болу емес, оның міндеті болмыстың бас тарта алмайтын түйінінің бетін ашу дегісі келетіндей.
Бұл кезеңде үстемдік алатын жазу мен мәтін немесе поэзияның әрекеті. Мен бір нәрсені анықтай кеткім келеді. Айталық, мәтіндер алуған түрлі болады. Математиканың өзіне тән таңбалар әлемі бар сияқты. Поэзия өзінше сөз саптайды. Саясаттың сөзі тағы басқаша. Ал ғашықтар, тіпті, өзгеше тілдеседі. Мәтін жалпыға ортақ болады. Оны саралап алатын оқырман. Мәтін бәрін қамтый алады. Оның алдында оқырман тең. Поэзия тұрғысынан айтқанда оқырман оның әрекет әлеміне, мәтін кеңістігіне бойлай алуы тиіс.
П.Целан төмендегі өлең жолдарында біртұтастықтан бас тарту, күңгіріттік және мәтіннің байланысы туралы айтады.
An die Haltlosigkeiten
sich schmiegen:
es schnippen
zwei Finger im Abgrund, in den
Sudelheften
rauscht Welt auf, es kommt
auf dich an.
Олар қорғансыз
Шыңырауда саусақтар бір-бірін іздейді.
Үн шығады:
Таудай болып үйілген жазбалардың арасынан сен нені көрдің
Ол өзіңе байланысты.
Өлеңде ақын идеяға өзгеше пәрмен береді. Жалпыға арналған мәтін біртұтастық пен анықтықты бір шетке итеріп тастауы тиіс, сонда ғана әлемнің ақиқаты өз мәнерімен көкжиегіне көтеріле алады, - дейді ақын. Біз поэзия тілімен бір-бірімізге «бәрі саған байланысты» - деп айта аламыз. Сені мен мені поэзия әрекет әлемінде өзіне шақырады. Біз оның тілін түсіне алсақ қана, жолымыз ашық деген сөз. Поэзия деген не өзі? Менің ойыма С. Малларменің Шығыстың да, Батыстың да сөз мәнеріне жатпайтын «мына дәуір ақынның бар екенін өзі түсінеді» деген сөзі келеді.
Біз әлі көп дүниенің байыбына бара алмай жүрміз. Ч.Милош та бұл түйінді түсінеді деп ойлаймын. Әлемде барлық тіл біткен поэзия арқылы өзінің өміршеңдігін сынап көреді. Ал біз, француздар өзімізге сенім артсақ, болашағымызды да дұрыс бағдарлай аламыз деген ойдамын.
мақаланы аударып, дайындаған Ардақ Нұрғазы.
Бөлісу: