«Asia-postmodern» әдеби клубының алғашқы отырысы өтеді
Бөлісу:
Сәуірдің 7 күні сағат 15:00-де «Қазконтент» АҚ-ның мәжіліс залында «Әдебиет порталының» жанынан құрылған «Asia-postmodern» әдеби клубының алғашқы отырысы өтеді.
Жиынға елімізге белгілі қаламгерлер Төлен Әбдік, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Амангелді Кеңшілікұлы, Думан Рамазан, Ақберен Елгезек, Дәулеткерей Кәпұлы және тағы басқа зиялы қауым өкілдері мен жас ақын-жазушылар қатысады.
Алғашқы отырыста қаламгерлер бүгінгі қазақ әдебиетіндегі өзекті проблемаларды талқылап, өз ойларын ортаға салады. Аға буын мен жас қаламгерлер еркін пікірлеседі. Клубтың негізгі бағыты мен жоспары түсіндіріледі. Клуб жанынан құрылатын ақылдастар алқасының құрамы таныстырылады.
«Asia-postmodern» әдеби клубының отырысы бұдан былай тұрақты түрде жалғасып отырады. Келесі кезекте клуб мүшелерінің шешімімен нақты бір әдеби тақырып таңдалып, көркем шығармалар талданатын болады.
«Asia-postmodern» әдеби клубы жаңашыл ақын-жазушылар мен әдебиетшілердің басын біріктіретін тәуелсіз орта. Клуб негізінен азияның әдеби кеңістігіне шолу жасап, постмодерндік шығармаларды өзге кеңістіктің әдебиетімен салыстырады.
Мақсаты:
- Азияның әдеби кеңістігін кәсіби сыншылармен бірге саралап, сапалы шығармаларды оқырман назарына ұсыну;
- Азиялық әдебиеттің бір бөлігі ретінде қазақ әдебиетінің классикалық туындыларын Еуропаның әдеби клубтарымен бірге талдау;
- Әлемдегі трендке айналған көркем шығармаларды талқылап, өзектілігін анықтау;
- Қазақ әдебиетін Еуразия оқырмандары мен әдебиетшілеріне насихаттау;
Міндеті:
- Әдеби ортада өзіндік көқарасымен танылып жүрген қаламгерлерді клубтың мүшесі етіп тағайындап, қазақ әдебиетін насихаттау үшін Еуразияның озық елдерінде өтетін әдеби жиындарға қатысуға мүмкіндік жасау;
- Еуразияның белсенді әдеби клубтарымен байланыс орнатып, өзара тәжірибе алмасу;
- Аға буын мен кіші буынның арасында әдеби байланыс орнатып, пікір алуандығын қалыптастыру;
- Қазақтың талантты ақын-жазушыларын әдебиеттен хабары бар білімді жастарымен кездестіріп, соңғы шыққан көркем шығармалардың сапасын анықтау;
Бағлан Оразалы
Бөлісу: