Аня Туккерманның романы қазақ тілінде жарық көрді

Бөлісу:

10.04.2017 4948

10 сәуір күні сағат 15:00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың «Шаңырақ» залында, неміс қаламгері, балалар жазушысы - Аня Туккерманның «МАҒАН ӘЖЕ КЕРЕК» атты романының қазақ тіліне аударылған нұсқасын оқырманға таныстыру мақсатында арнайы тұсаукесері өтеді.

Оқырманға ұсынылып отырған «Маған әже керек» („Suche Oma“) романы Аня Туккерманның үлкен қалада тұратын неміс балаларының өмірін сипаттайтын, алғашқы әрі кең тараған шығармаларының бірі. Сондықтан роман қоғамға, ұрпақ тәрбиесіне әлі де үлесімді қоссам, өскелең ұрпаққа әлі де берерім бар деген ата-әжелер үшін, жалпы қазақ тілді оқырман үшін қызықты болар деген үмітпен аударылып отыр.

Романның басты кейіпкері Штефидің анасынан басқа жақыны жоқ. Бірақ сол анасының өзі де тек демалыс күндері ғана болмаса, басқа күндері жұмыстан кеш келеді.

Іші пысқан Штефи бұл мәселені өзі шешуге бел буады. Әр балаға әже керек. Қызықтың көкесі сонда басталады: ол өзіне бір емес, бірнеше әже тауып алады! Штефиге ғана әже керек емес, әжелерге де Штефидей сүйкімді немере керек екен.

Аударма тілі жатық, көпшілік оқырманның көңілінен шығады деп сенеміз. Аудармашы Таңсұлу Рахымбаева түпнұсқадағы автордың негізгі берер ойын, идеясын, стилін анық жеткізе білген. Кітаптың ана тіліміздегі нұсқасы «АТАМҰРА» баспасынан жарық көрді.

adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар