Дихан Қамзабекұлы: Темірқазық – «Алқа» мәтіні
Бөлісу:
Жалпы бізге пікір алысу, ой бөлісу ешқашан артық емес. Осы жолы «біз» деп тарихшылар мен әдебиетшілерді айтып отырмын. Өйткені, екі саланың бірін-бірі толықтыратын, тіпті бірін-бірі терістейтін сәттері де жоқ емес сияқты.
Мысалы, қазақ әдебиеті тарихының хатталған дерегі немесе табан тірер құжаттары аз кезеңдері жетерлік. Әріге бармай Қазақ хандығы тұсындағы әдебиетті немесе жыраулар шығармашылығын алайық. Осы кезеңге байланысты академик Қ.Жұмалиев пен профессор Б.Кенжебаевтың пікірталасы қаншалықты «қызуы көтерілгенін» әдебиетші жұрт жақсы біледі. Енді бүгін қарасақ, аталған екі ғалымның да «сөзінде жаны бар». Біреуі «Дерегі, хаты қайда?» дейді, екіншісі «Хатталғанды іздеп отырсаң, жұрт соңында қаласың. Қазақ бар жерде қазақ әдебиеті бар» дейді (шарттылау айтып отырмыз).
Біз ғалым Мәмбет Қойгелдиевті білікті тарихшы, ойлы азамат деп санаймыз. Бұл кісі Алаш қозғалысын тыңғылықты зерттеп жүр. Көп тарихшыдан артықшылығы, ХХ ғасыр басының және 20-жылдарының қазақша материалын жұмыстарында пайдаланады. Бірақ ол да - пенде, ол да қателесе алады. Бір қызығы, Мәкең шығармашыл Алаш зиялыларының басын қосқан «Алқаға» келгенде, «титтей де қателеспеймін» деп есептейді. Сүйенетіні - негізінен «Алқа» мәтіні емес, «ҰҚК деректері, НКВД сұрақ-жауаптары».
Жалпы бізге пікір алысу, ой бөлісу ешқашан артық емес. Осы жолы «біз» деп тарихшылар мен әдебиетшілерді айтып отырмын. Өйткені, екі саланың бірін-бірі толықтыратын, тіпті бірін-бірі терістейтін сәттері де жоқ емес сияқты.
Мысалы, қазақ әдебиеті тарихының хатталған дерегі немесе табан тірер құжаттары аз кезеңдері жетерлік. Әріге бармай Қазақ хандығы тұсындағы әдебиетті немесе жыраулар шығармашылығын алайық. Осы кезеңге байланысты академик Қ.Жұмалиев пен профессор Б.Кенжебаевтың пікірталасы қаншалықты «қызуы көтерілгенін» әдебиетші жұрт жақсы біледі. Енді бүгін қарасақ, аталған екі ғалымның да «сөзінде жаны бар». Біреуі «Дерегі, хаты қайда?» дейді, екіншісі «Хатталғанды іздеп отырсаң, жұрт соңында қаласың. Қазақ бар жерде қазақ әдебиеті бар» дейді (шарттылау айтып отырмыз).
Оқырмандардың басын қатырмай осыған байланысты өзіміздің принципті көзқарасымызды айта кетпекпіз. Біріншіден, біз де - аз-кем ҰҚК мұрағатындағы деректерді қараған адамбыз (Ғалымның бізге қаратып «оған тақырыпқа қатысты басқа құжаттық фактілер таныс емес-тін» дегенін түсінбедік). Екіншіден, әдебиетші болсақ та жалпы архив дерегін пайдалану туралы өз ойымыз бар. ҰҚК архивіндегі НКВД алған сұрақ-жауаптың 70-80 пайызы - фальсификация! Қазақшалап айтсақ, жалған және өтірік деректер мен мәліметтер. Фальсификация болмаса, қазақ түгіл сансыз ұлт зиялыларының басын жалмаған репрессия науқаны не үшін керек болды? Сондықтан маман ретінде айтарым: НКВД дерегіне «екі шұқып, бір қарау керек».
Ал, бұрынғы-соңғы архивте хатталған деректерге келсек, оның да көбі шартты. Біржақты. Тіркеген кім? Тіркелген не? Осы жағына да ойлана барлау жасау керек. Кез-келген «Тарих» белгілі бір мүддемен жазылатынын былай қойғанда, басқалар да, Мәмбет ағамыз да, мен де қараған архив мәліметтері Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың «Хадисі» емес. Қай дерек хаттаушыңыз, жинаушыңыз әл-Бұхаридың тырнағына татитындай жұмыс істепті?..
Міне, осы жағдай бар дерекке абай болуды аманаттайды ғой деп ойлаймыз.
Сонымен, біз 20-жылдардағы Алаш зиялылары айқындаған «Алқа» ұйымының бағдарламасы туралы тағы да сөз еткелі отырмыз. Бәрі неден басталды? Біз «Қазақ әдебиеті» газетіне басылған (28.05.2010) профессор М.Қойгелдиев пен аға оқытушы Ш.Тілеубаевтың «Алқа.Табалдырық» атты материалын оқып шығып, мұра жариялау мәселесіне қатысты біраз қисынсыздықты жария еттік. Біріншіден, «Алқа.Табалдырық» деп қосарлы ат алған мұра тарихта болған емес. Екіншіден, ғылыми қауымға 1991 жылдан жылдан таныс мұраны М.Қойгелдиев пен Ш.Тілеубаев «тұңғыш жариялап отырмыз» деп оқырманға қате мағлұмат берді. Үшіншіден, «Қазақ әдебиетінде» басылған «Алқаның» «М.Қойгелдиев пен Ш.Тілеубаев нұсқасы» түпнұсқадан әжептәуір алшақ (сәйкессіздігі көп).
Дискуссияның негізгі желісі осыдан өрбитін болғандықтан профессор М.Қойгелдиев «Қ.Ә.»-де жарияланған (15.04.2011) «Жаңаотаршылдыққа қарсылық манифесі» атты мақаласында жоғарыда айтылған сынға бірауыз жауап бере кетуі керек еді. Бұл - ғалымдар арасындағы пікірталастың қарпайым этикеті емес пе?.. Мәкеңнің мақаласын оқып отырсақ, ештеңе болмағандай. «Жабулы қазанды жабулы күйінде» қалдырайық. Ол кемшілікті айтпайық» дегендей сыңай байқалады.
Біз айтамыз: «Жоқ, пәленің бәрі сол тұпнұсқаны оқымағаннан немесе қате оқығаннан шығып жатқан жоқ па? Бізге тұпнұсқа «Алқа» бағдарламасы маңызды ма, жоқ әлде ол туралы өтірік-шыны араласқан НКВД сұрақ-жауабы маңызды ма?» деп.
Жалпы төрелігін өздеріңіз айтыңызшы: зерттеуші үшін бірінші мәтін маңызды ма, жоқ әлде мәтін туралы айтылған мәлімет маңызды ма? Әрине, мәтін маңызды!
Түпнұсқада:
АЛҚА
Табалдырық
деп жазылса (біз оқырманға түсінікті болсын деп әдейі осылай жазып отырмыз), оны профессор М.Қойгелдиев «Алқа.Табалдырық» деп бұрмалап ұсынады. Түпнұсқада «Алқа» - бағдарлама аты, ал «Табалдырық» - бағдарламаның «кіріспе» бөлімі дегенді білдіреді.
Мәкең мұны да аңғармаса, онда өзінің халыққа белгілі іргелі еңбегінің атын «Алаш қозғалысы. Кіріспе» деп жазсын. Әрі қарай халық ол зерттеуді «Кіріспе» деп атап кетсін. Былай қарағанда, «кіріспеде» де «табалдырық» секілді мағына бар ғой...
«Алқа» түпнұсқасын көзінің майын тауысып оқыған және жариялаған адам ретінде айтатынымыз: жат елдің ұғым-сөздері біздің бірсыпыра кісілерімізге А.Байтұрсынұлы заманында «кіріспенің» - «табалдырық» деген бейнелі баламасы болғанын ойлантпай отыр.
Осы тақырыпқа байланысты қалам сілтеп жүрген профессор Ш.Елеукенов ағамыз 1995 жылғы кітабында әлгі «Алқа» атауын көлегейлеген «Табалдырықты» былай қойғанда, екі жерінде «Мағжан Жұмабаев қаламынан туған «Табалдырық» әлі қолға түсе қойған жоқ. Орыс тіліне шала-шарпы аударылған үзінділеріне қарағанда...» деген пікірлер жазғаны есімізде. Өкінішке қарай, жоғарыдағы дерек 2008 жылы «Астана полиграфиядан» қайта басылып шыққан сол кісінің кітабында айна-қатесіз өзгеріссіз жүр. Бұл оқырманға обал емес пе?..
Қызық, түпнұсқаны оқымай-ақ пікір айта беруге болады екен-ау? Осы әдебиеттанушы ағамыз 1995 жылғы кітабында «Алқаның» орысша нұсқасы туралы «орыс тіліне шала-шарпы аударылған үзінділер» дейді де, бізді сынаған «ҚӘ»-дегі мақаласында (9.07.2010) «подстрочниктің» айтарлықтай алшақ кетпегендігіне көзім жетті» деп оны жоққа шығарады. Ал, керек болса!
Профессор М.Қойгелдиев «Жаңаотаршылдыққа қарсылық манифесі» атты мақаласында мына нәрсені дұрыс айтыпты: «Алқа» ұйымы нені көздеді, алдына қандай мақсат қойды?.. Біздің пікірімізше, ол - әдебиеттанудың міндеті».
Біз осы мақсат-міндетті айқындау әдебиетші ретінде мойнымыздағы парыз екенін сезініп, 1994 жылғы кандидаттық жұмысымызда (мұның авторефератына Мәкең өз қолымен пікір жазған-ды), 2003 жылғы докторлық жұмысымызда «Алқа» - Алаш зиялыларының ұжымдық еңбегі» деп дәлелдеп (зерттеу проблемасы орайында), қорғап шықтық. Егер тұпнұсқаны оқымаған болсақ және НКВД-ның шалажансар, өтрік-шын сұрақ-жауаптарымен таныспаған болсақ, біз де аспаннан аяғы салбырап түсіп, белгілі ғалымдар аузымызға түкіріп қойғандай «Алқа» - Мағжанның төлтума еңбегі» дер едік шімірікпестен. Сонда біздің әдебиетшілігіміз, архив ақтарғанымыз, «Алқаның» түпнұсқа-көшірмесін тауып зерделегеніміз (Д.Досжан оны оқыған емес, мені сынаған әдебиетші ағам оны жазушының өзінен сұрай алады) қайсы?..
Авторлық дегеннен шығады, М.Қойгелдиев «Қ.Ә.»-де шыққан кейінгі мақаласында: «Табалдырық» - бұл шығармашылықтағы көзқарастық ұстаным (мұны индивидуалдық деп түсініңіз.-Д.Қ.)» десе, «Алаш айнасындағы» (19.04.2011) пікірінде: «Табалдырық» - 1917 жылдың күзінде өмірге келген «Алаш» бағдарламасының табиғи логикалық жалғасы және осы ретте ұлттық мәдениеттің, руханияттың мақсат-міндеттерін таратып, түсіндіретін тарауы ретінде оқылатын құжат» дейді. Біздіңше, бір автор айтып отырған екі ой екі түрлі. Жай тілге түсіріп айтсақ, біріншісінде «Мағжан ғана жазды» деп отыр, ал екіншісінде «Алаш» бағдарламасының жалғасы» деп, зиялылар зердесінен шыққан туынды екенін мойындап отыр. Біз екіншісі дұрыс деп санаймыз.
«Алқаның» Мағжаннікі емес, ұжымдық еңбек болып саналуына тиіс негізгі бір ой мәтіннің соңғы сөйлемінде тұр. Онда: «Шын әдебиетшіл, шын ақын болсаң, мынау «Алқа» - сенікі. «Алқаға» кір! Құшағыңа қойнымыз ашық». Осы жерде ой неге көптің атынан айтылады? Мұны хатқа түсірген Мағжан дегеннің өзінде, ол тұтас зиялылардың атынан айтып тұрған жоқ па? Осы тұтастық пен бірлікті біз неге бөлшектеп, «авторын» тауып, «көзқарастық» екенін дәлелдеп, әлемге жар салуымыз керек? Айтқандай, біздің оппоненттер бағдарлама мәтінінің оннан бірі «Табалдырық» (кіріспе), ал қалған тоғызы «Алқаның» өзі (әдебиет туралы негізгі мазмұны) екенін аңғара алды ма екен?..
Бұдан шығатын қорытынды: «Алқа» бағдарламасын дүниеге алып келуде Мағжандай азамат қанша тер төксе де, «киiз де, бiлек те» - Алаштiкi едi. Өйткені, «Алқа» - руханият мұратын Алаш мұратымен сабақтастыра алған ақын-жазушылардың басын түрлi амал-тәсiлдi пайдаланып бiрiктiре алған ұйым. Рас, белгiлi жағдайларға байланысты оның бағдарламасы баспасөзде жарық көре алмады. Бұл - ұйым мүлде жұмыс iстемедi деген сөз емес. "Алқа" идеясы саналы азаматтарға әдеби материалдар арқылы тарады. Бұл ұйым ресми жұмыс атқара алмағандықтан, Алаш зиялылары өзара хат жазысып, әдебиет мәселесiн талқылап отырды.
«Алқа» (оларша «Табалдырық») тек Мағжаннікі» деп сенімді айтып, ортақ идеяның болғанын жоққа шығаратын біздің оппонеттеріміз НКВД-ның тергеу амалдарында «саяси документті» жазуды неге жалғыз Мағжан мойнына алғанын немесе басқалар да ара-арасында «оны жазған Мағжан» деуінің сырын түсінбеген секілді. 1932 жылы Мұхтар Әуезов «мен қателестім» деп хат жазды, сонда ол шынында қателесіп пе еді?.. Біреулер «жапон шпионы», біреулер «неміс, түрік агенті» деп айдарланып, «дәлелденген» еді. Сонда олар шын шпион, анық агент пе еді?..
Профессор М.Қойгелдиев «Бағдарламасы «Табалдырық» болған «Алқа» ұйымы» дейді. Бұдан не түсінуге болады? Қарапайым қисыны қайсы? Бүгінгі заманға ұғымына түсіріп айтайық. «Пен-клуб» бағдарламасының аты басқа болуы мүмкін бе? Ұйым аты мен бағдарлама атын құбылту кімге керек?
Мәкең «Алқа» мен «Табалдырықтың» атынан өзі де жаңылысып, мақаласында біресе «Алқа» платформасы», біресе «Алқа» ұйымы», енді бірде «Табалдырық» платформасы», тағы бір ретте «Табалдырық» бағдарламасы» деп, Алла бір ұйым қылып бұйыртқан құрылымның аты мен затын оп-оңай он құбылтады. Ғалым ұсынған архив деректерінде де солай жүр. Неге бұлай болды деп ойлайсыз? Әрине, бір құжаттың екі құбылып айтылуы, жазылуы НКВД қолтаңбасын аңғартады. Тергелушіге «Табалдырық» деп сұрақ қойса, ол «Табалдырық» деп жауап береді. «Алқа» деп сұрақ қойса, «Алқа» деп жауап береді. Бағдарлама, платформа т.б. атаулар да осылай оң-теріс келе береді. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс - көп бас қатыруға тура келеді. Дей тұрғанмен ең дұрысы, осы бағыттағы зерттеудің нысанасы - бағдарламаның мәтіні екенінде сөз жоқ. Ал, онда «платформа», «табалдырық» (кіріспеден басқа) деген бірауыз сөз жоқ. Сонда біз оны сүйегі түгіл, іс-қимылы қурап кеткен НКВД-ның құрметі үшін бүгінгі мәтінге қосуымыз керек пе? Немесе танымымызды соған қарай бұруға тиістіміз бе?..
Мағжан Жұмабайұлы ешқашан "Табалдырық" атты шығарма да, теориялық еңбек те, тағы басқа да жазбаған. Оның жазғаны, дұрысы жазуға көмектескені - "Алқа" ұйымының бағдарламасы. Елдік маңызды құжаттың авторы көбіне жасырын қалады. Мағжан да сөйткен. Қаламгерлерге таратқан "Алқа" бағдарламасының бір жеріне де "Мағжан" деп қол қоймаған. Тағы қайталаймыз: «Табалдырық» деген - «кіріспе», «алғы сөз», «аңдату», «сөз басы» деген сөз. Бағдарлама оригиналын оқымағандардың осы "Кіріспе" (Табалдырық) дегенді жерден жеті қоян тапқандай алаулатып, жалаулатып жүргеніне ешқашан қосылмаймыз. Бұл - Мәкең айтқандай, «түрлі пікірдің болуына... негіз жоқ» нәрсе емес, өз көрген-білгенімізді айтуға толық негіз бар нәрсе.
Рас, НКВД үшін "Табалдырық" атты ұйымның (жалған) "болғаны" қажет еді. Енді келіп, Алаш зиялыларының тұтас еңбегін бір Мағжанға теліп, бар тарихты, бар бірлікті, бар пікірлестікті жоқ деп отырғанымызды өзіміз түсінбейміз. Күндердің күні осы туралы Алаш зиялыларының хаты, басқа да еңбегі бір жерден шыға қалса (олай болатыны сөзсіз), «табалдырықтанушыларға» қосылмағанымызға өкінбейміз ғой деп ойлаймыз.
«Алқаны» бір авторға телу қаншалықты ақиқат және қисынды екеніне де санамыз жетпей қойды. Енді Алаш партиясы бағдарламасының авторы "Әлихан мен Міржақып" деп немесе нақты бір қайраткерді анықтап, құлағына ен тағып, жазып дәлелдейік.
Тарихтың қарапайым дәлелі: 1) ұйымның аты біреу ғана болады; 2) ұйым бағдарламасының авторы - сол ұйымды құрғандар болады; 3) ұйымның аты бір басқа, бағдарламасының аты бір басқа болмайды.
Ал, тарихқа фальсификация жасаймын, оны өзімше долбарлаймын деген адамға қазір жол ашық. Бұл жолда НКВД-ның сұрақ-жауабын да, «Алқаны» көрмей жазылған кеңес тұсының сансыз «зерттемелерін» де молынан пайдалануға болады. Айтқандайын, соңғысында да «платформа» деген сөзден көз сүрінетін еді...
Профессор М.Қойгелдиев: "Кезінде тергеу материалдарында «Табалдырық» «платформа» деп аталған. «Платформа» - француз сөзі, егер оның саяси мағынасын алсақ - белгілі бір саяси партияның, қоғамдық ұйымның, топтың әрекет бағдарламасы дегенді білдіреді" дейді. Сонда бұл арқылы тарихшымыз қиын жылдардағы қай позицияны қолдаған болып шығады?..
НКВД-ға көркемдік пен шығармашылықты көксегендердің зиялы болғанынан гөрі, "саясатпен айналысқан", "платформа құрған" зиянды болғаны маңызды болған жоқ па? Мысалы, сол Мағжан - өз дәрежесінде ғана саясаткер, құдайшылығына келгенде ол - таза шығармашылықтың адамы емес пе?.. Жоқ, НКВД одан қадалып тұрып саясат іздеді. Тапқаны - "Алқа" бағдарламасы болды. Оны өз атымен атауға болмайды, сондықтан "Табалдырық" деу керек, саяси платформа деу керек" деп шешті. Олар айтқанын орындады. Жалған жаламен бәрін жазалады. Атты. Көзін жойды. Енді біз сол жаланы қалайша қолдауымыз керек?.. Қисын қайда?
«Жаңаотаршылдыққа қарсылық манифесі» мақаласының авторы: «Т.Жұртбайдың «Алқа» ұйымы жасырын түрде қызметін жүргізді деген пікірін қолдау қиын» деп жазады. Біз Тұрсекеңнің бар пайымын қолдаушылардың санатында емеспіз (мысалы, ол да авторлықты Мағжанға береді). Бірақ дәл осы жерде Жұртбайдікі дұрыс! Профессор М.Қойгелдиев «дерегің кәне?» дейтін шығар. Сансыз деректі Құдайдың өзі 20-жылдардағы әдебиетші-шалабелсенділердің еңбегіне жинақтап қойған жоқ па? Сонда олар кіммен, қай идеямен күресіп жүр? Сәбең белсенділеу кезінде неге «Алқаны» жерден алып, жерге салады? Сонда ол қай желмен күресіп жүр?.. «Дерекшіл» көзқараспен жүрсек, «сақталған партбилеті жоқ» деп, Алаш партиясы мүшелерінің «болмағанын» дәлелдеу қиынға соқпас.
Әрине, ғалым М.Қойгелдиевтің аталған мақаласында әдебиетшілер үшін маңызды талай тарихи деректер бар. Мысалы, ол кісі «әдебиеттанудың міндетінен» шынайы да сыпайы тартынғанымен, 1917 жылдан кейінгі Алаш әдебиетін - «қарсылық әдебиеті» деуі ақылға қонымды. Әдебиеттану мен мәдениеттануда осындай бір пікірдің өмір сүруге толық құқы бар. Сонымен бірге ғалымның «Алқа» бағдарламасын - «ресми идеологиялық ұстанымға қарсылық қана емес, мәселеге қатысты ұлттық көзқарасты ашық та анық білдірген мәлімдеме, ... манифест» деп бағалағанын да лайықты авторлық пайым (тарихшы-қоғамтанушының ойы) деп санаймыз.
Біз ғалым ретінде пікірсайыстан қашпауымыз керек. Таяуда «Алқаға» байланысты профессор М.Қойгелдиевтің ҚазҰПУ-да өткізген шарасында жас ізденушілер арасынан сөзсайысқа ешкім шыға қоймағанын БАҚ-тан оқып отырмыз. Біз «Алқаға» туралы қилы пікірдің болуын заңды деп есептейміз. Сондықтан да мақала авторының: «Ғылымда белгілі бір мәселеге байланысты түрлі пікірлердің болуы мүмкін екендігін мойындай отырып, дегенмен «Табалдырыққа» қатысты ондай тұжырымға негіздің жоқ екендігін ашық айтқан жөн» деген ойына қосылмайтынымызды жеткіземіз. Себебін, дәлелін, ғылыми ортада бүгін ғана сөз болып отырмағанын жоғарыда айттық. Әрине, дәл қазір біз үшін темірқазық - «Алқа» бағдарламасының түпнұсқа мәтіні және заманында НКВД мидай араластырған шын мен өтіріктің ішінен ақиқатты ажыратып алу.
«Абай-ақпарат»
Бөлісу: