Әмірхан Меңдеке: Қоғам қоясын ақтарған суреткер
Бөлісу:
(Қазақ қоғамындағы «Көзжендеттік» туралы)
Ғибраты да мол, әсері де ерек бір әңгіме оқыдым. Осы таяуда ғана. Әңгіме «Көзжендет» деп аталады («Қазақ әдебиеті» газеті, 21 наурыз, 2008 жыл). Авторы – жазушы Асқар Алтай. Бүгінгі күннің тақырыбына жазылған бір ғана әңгімемен бүгінгі қоғамымыздың бет-пердесін ғана емес, сонымен бірге осы қоғамның басындағы оқшырайған шляпасын, иығына жамылған әлем-жәлем шекпенін, содан кейін көйлегі мен галстугін, бұдан кейін бұтындағы шалбарын, ең соңында ішкиіміне дейін түгел шешіп алып, осыдан соң үсті-басын тегіс іріңді жара басқан және жараның асқынуынан кей жері іріп-шіріп, кей жері шұрқ-шұрқ тесіле бастаған щұбарала денені шұқып тұрып: «Ал, қадірлі оқырман, анықтап қарап алыңыздар! Біздің қоғамның шын сиқы – осы! Біздің бәріміз осындай ауру, бейдауа қоғамда өмір сүріп жатырмыз!» – деп көрсетуге, көрсете алуға бола ма? Болады, әрине. Бірақ, бұл – қиынның қиыны. Бұл – шын жазушының, яғни суреткердің ғана қолынан келетін іс.
Суреткер Асқар Алтай да бір ғана әңгімесімен қазіргі қоғамымыздың сиық-сықпытын дөп әрі терең ашып көрсете алыпты. Қалай? Қайтіп? Енді соған келейік.
Пәлсапада «художественная нация» дейтін ұғым бар. Бұл – жақсы ұғым емес, кекесінді ұғым. Бұл ұғым, көбіне, әсіре сауықшыл, әсіре салтанатшыл, еліктеп-солықтағыш, өзінің барын бағалай алмайтын, ұлттық құндылықтарын сақтай білмейтін дәрменсіз ұлтқа қаратып айтылады. Мұның қазақшасы «тыраш ұлт» дегенге көбірек келіңкірейді.
Жасырып-жабатын түк те жоқ, сорымызға қарай тыраштық бізге де әбден үйір болып алды. Әсіресе, бүгінгі күні тыраштықтан, тыраштық болғанда да тұқымымызды тұздай құртуға айналған жаппай тыраштықтан көз аша алмай жүргеніміз де рас. Асқар Алтайдың «Көзжендет» әңгімесіндегі басты кейіпкер Қараш та – біздің қазіргі күні есепсіз көбейіп кеткен көп тыраштарымыздың бірі.
Осы Қараш қайдағы жоқ бәлені бастап, сон-а-ау Памир тауының етегінде тұратын Қосман деген біреуден «өнер» үйренеді. Қосман деген кім? Авторға сөз берелік: «Зәу-заты белгісіз... Өзі не қазақ, не қырғыз емес, не тәжік, не бадаһшандық, не ауғандық, тіпті парсылық та емес, әлде бір ежелгі ұлттың, бәлкім ұлыстың өкілі... Осы өлкеге аталары әлдеқайдан ауып келген келімсек көрінеді. Жұрт оны орыс жерінен қаңғып келген «сібірлік», қытай жағынан қашқан «хансулық», иран даласынан безінген «парсылық» екен десіп сан-саққа да жүгіртетінді... Ал ақиқатында Қосманның сайда сайғақсыз, құмда ізсіз біреу екені ғана белгілі еді. Адам екені – анық, кім екені – жұмбақ ?!».
Тексіз адамның, тегі жоқ адамның біреуге текті өнер үйретуі мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Қосман да біздің Қараш байғұсқа қайдағы бір тексіз өнерді үйретеді. Бұл қандай өнер? Сауысқанмен аң аулау өнері. Кәдімгі ала қанат сумақай сауысқанмен. Қосман сауысқанды тұғырға байлап қояды да, әбден ашықтырады. Содан кейін өзі атып алған аң-құстың (бөрінің, барыстың, арқардың, еліктің) басын кесіп, екі көзін ояды да, сауысқанды тек осы ойылған екі көздің ұясына сықай толтырылған жеммен ғана қоректендіреді. Тіпті су екеш суды да ойылған көздің ұясына құйып береді. Содан бірер айдан кейін әлгі сауысқанымыз «көзжендет» болып шыға келеді. Аңға алып шығып, балақ бауын босаттың-ақ сумақай сауысқан әдеттегідей шықылық қағып, жебелей ұшып, жақын маңда жүрген аңның (еліктің, түлкінің, таутекенің, бөрінің, барыстың, арқардың) басына қонады да (ал аң байғұс сауысқаннан онша қауіптене қоймайды), екі-ақ шұқып, әлгі аңның көзін ойып алады. Жанарынан айырылып, су қараңғы күйге түскен аң байғұс тау-тасқа ұрынып, бұтаға қамалып, орға түсіп, жарға құлап, әбден қиналып өледі. Кейбірі аңшыдан құтылып кеткенмен, тентіреп жүріп опат болады. Міне, біздің тыраш Қараш тексіз Қосманнан осындай тексіз, тамырсыз, өріссіз өнерді үйреніп алып, сауысқанмен саятшылық құрып, туған жердің аң-құсын қынадай қырады.
Автор осы жерде өз әңгімесіне мынадай бір аса маңызды детальды енгізеді. Сауысқанмен саятшылық құруды Қараштың арғы ата-бабалары білген бе? Білген, естіген, көрген. Бірақ «қазақтар бұл «өнерге» жоламаған. «Обалы да, зауалы да ауыр күнәлі іс! Өлсеңдер де бұл «өнерге» жоламаңдар!» деп кейінгі ұрпағына аманаттап кеткен. Бірақ, тыраш Қараш «Апыр-ай, қыран бүркіт тұрғанда, қаршыға, ителгі, бидайық, лашын, сұңқар, қырғи тұрғанда, сауысқанмен саятшылық құрғаным, қай қылығым?!» деп ойлана алмайды.
Ойлана алмаудың аяғы немен бітуші еді? Әрине, қасіретпен. Қараштың ойлана алмауы, оның обал мен зауалды, сауап пен залалды ажырата алмауы, қысқаша қайырып айтқанда, парықсыздығы мен тыраштығы оның отбасына да үлкен қасірет әкеледі. Адам баласының қолы да батып бара алмайтын, дәті де шыдап тұра алмайтын өте азапты, аса қорлықты, айрықша зұлым «тәсілмен» опат етілген жазықсыз аң-құстың обалы қайдан жібере қойсын-ау. Қараштың келіні, яки Қараштың жар дегенде жалғыз ұлының әйелі жас босанып... соқыр ұл туады: «Сәби көзсіз туылыпты. Көзсіз, қассыз туған нәрестенің бет-жүзі жып-жылмағай... Жұдырықтай бет...».
Сонымен парықсыз тыраштықтың аяғы неге әкеліп соқты? Соқыр ұрпақтың дүниеге келуіне әкеп соқты.
Әңгіме мынадай авторлық түйіндеумен аяқталады: «Соқыр сәби – соқыр адам. Соқыр адам жарық дүние есігін ашыпты. Соқыр ұрпақ қоғамға келіпті. Ұрпақ соқыр болса – қоғам да соқыр. Ал соқыр қоғам, соқыр адам жайлаған дүниеден не күтуге болады? Мүгедек адам да бір мүсәпір. Мүгедек қоғам да бір кісәпір. Кісәпір қоғам не істемейді, не дегізбейді?!»
Иә, кісәпір қоғамнан бәрін де күтуге болады.
Айтпақшы, «кісәпір қоғам» дегеніміз қандай қоғам? Азғындаған қоғам. Ал қоғам қай уақытта азғындайды? Ұлттық топырақтан ажырағанда. Ұлтыздыққа ұрынғанда. Неге? Не себепті?
«...Сонымен қатар бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, ұлыстар қылдық!» Бұл – Құранның сөзі. Демек, ұлтты Алла да жоққа шығармайды екен. Жоққа шығарғаныңыз не, Алла бізді әдейі ұлт етіп жаратыпты. Не үшін? Адамзат баласының біреңкейлікке, біркелкілікке, бірдейлікке ұрынбасы үшін. Дамудың жауы – біркелкілік. Жетілудің, кемелденудің, дамудың жарыспалы һәм сан салалы үйлесімін сақтау үшін Алла адамзат ұрпағын әдейі ұлт етіп жаратқан. Ұлт қылған.
«Ұлт» деген ұғымның бір синонимі – топырақ. Ал топырақ – бүкіл барлықтың негізі. Топырақта дүниедегі химиялық, физикалық, органикалық, органикалық емес элементтердің барлығы да (темір, магний, йод, күміс, алтын, платиний, сутегі, оттегі және тағы-тағылар, тағы сол сияқтылар) кездеседі. Демек, топырақтан ажырау – бәрінен ажырау деген сөз. Топырақты сақтау – табиғилықты сақтау, тазалықты сақтау, өзіндік ерекшелігіңізді сақтау, ұлттығыңызды сақтау деген сөз.
Біз ұлттық топырақтан бірте-бірте алыстау арқылы, ажырау арқылы өмірге соқыр ұрпақ әкеле бастадық. Сауысқанмен саятшылық құрған (яғни, өзгенің қаңсығын таңсық көрген, сөйтіп, дәстүрсіздікке ұрынған, ақыр соңында адамшылық жолдан тайып азғындаған) тыраш Қараш секілді, ұзақ жылдарға созылған ұлтсыздықтың кесір-керінен өмірге соқыр ұл, соқыр немере, соқыр шөберелерді шұбыртып алып келе бастадық. Асқар Алтайдың өз әңгімесінде айтайын деп отырғаны да және оны жетер жеріне жеткізіп айта алғаны да – осы! Осы қасірет! Осы ақиқат!
Енді аздап салыстыру жасайықшы. Асқар Алтайдың әңгімесіндегі тыраш Қараштың тірлігі кімге ұқсайды? Құдай-ау, дәл біздің тірлігіміз ғой. Тыраш Қараштың бейнесі де – дәл біздің бейнеміз. Егіз қозыдай ұқсап-ақ тұр. Тыраштығы да, парықсыздығы да, пәруайсыздығы да...
Біз де тыраш Қараш секілді қоймай тыраштандық қой. Үздіксіз, үзіліссіз тыраштандық. Тоқтаусыз, тоқтай алмай, өзімізді өзіміз тоқтата алмай тыраштандық... Ең әуелі ұл-қызымызды жаппай, жабыла орысша оқыттық. «Мұнымыз қалай болар екен?..» деп ойлана да алмадық, өзімізге өзіміз тоқтау да сала алмадық. Содан кейін Қазақстанды «халықтар достығының лабораториясына» айналдырдық. «Қазақтардың мемлекеті, білдей бір мемлекет неге лаборатория болуға тиісті? Мұнымыз тыраштық емес пе?..» деп тағы да ойлана алмадық. Бұдан кейін (тыраштанатын түк таппаған соң!) «Грузиндер, өзбектер, литвандар, түрікмендер, латыштар, әзірбайжандар орыс тілінде акцентпен сөйлейді. Ұят-ай! Ал біздің қазақтар орыс тілінде акцентсіз сөйлегенде (қазақ тілінен, яғни ана тілінен мүлде мақұрым адам, әрине, орысша оның көрген-баққаны жалғыз осы тіл ғой! – Ә.М.), мәскеулік орыстардың өзін таңғалдырды! Бұл ғажайып жетістік емес пе?!» деп мақтандық. Біз, Құдай тас төбеден ұрғанда, тыраштықты жетістік деп бағаладық.
Кеңес заманы кезіндегі мұндай «жетістіктеріміз» (яки, тыраштықтарымыз) із-түссіз кеткен жоқ. Асқар Алтай айтқандай, қоғамға соқыр ұрпақ келді. «Соқыр ұрпақ» емей немене, соңғы екі жылда екі ғылым докторы (мұның екеуі де қазақ!) «қазақ тілі – жетілмеген тіл, қазақ тілі нарық заманының тілі бола алмайды!» деп ашық жазды. Және өздерінің осындай сұмдық сорақы, қасіретті һәм қорқынышты, өлі «тезистерін» олар өлермендене қорғап бақты. Бұларға сенсек, «қазақ тілі ғылымның, техниканың, кибернетиканың тілі бола алмайды». Оның үстіне, қазақ тілі «еуропалық стандартқа да сай емес» екен. Асқар Алтай айтқан «көзжендеттік» дегеніміз де осы ғой. Өз ұлтыңның көзін сауысқанға шұқыту, «сауысқанмен саятшылық құра жүріп шоқыту» деген де осы емес пе?!
Айтпақшы, ұмытып барады екеміз-ау, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін біздің тыраштығымыз мүлде құтырынып кетті. Кеңес заманындағы тыраштығымыз мұның жанында «баланың ойыншығы» ғана екен. Біз бұрын тыраш Қараш болсақ, енді Тыраш-Қарашқа айналдық. Біз бұрын Қазақстанды «халықтар достығының лабораториясына» айналдырсақ, енді... алаңға айналдырдық. Қазақстанды мекендейтін 178 диаспораның өкілдерінен құралған Халықтар ассамблеясының көңіл көтеретін алаңына айналдырдық. Ән айтып, би билеп, керней шалып, дутар тартып, қаласа – ішіп, қаламаса – құсып, қош көрсе – күліп, қош көрмесе – тіліп, көңілі шапса – кекіріп, көңілі шаппаса – түкіріп кететін алаңына айналдырдық. Ал енді мұның Қазақ мемлекеті мен қазақ мемлекеттілігінің екі көзін бірдей сауысқанға шұқытудан несі кем?
Әлемдік діндерге, әлемдегі діндерге есігімізді айқара ашып тастадық. Соның нәтижесінде ит тұмсығы батпайтын сон-а-а-ау алыстағы Амозонияның қалың ормандарында тұратын тайпалардың ұстанатын діні де Қазақстанға келіп жеткен. Ресми емес деректерге сенсек, басқасын есептемегенде, дәл қазір Қазақстанда дүниежүзінде өте сирек кездесетін 6 секта жұмыс істейді екен. Бұл да дініміз бен діліміздің екі көзін сауысқанға шұқытумен пара-пар тірлік.
Асқар Алтайдың әңгімесінде айтылатын «соқыр ұрпақ» (соқыр ұл, соқыр немере, соқыр шөбере), яғни ұлттық топырақтан ажыраған, ұлттық болмыстан алыстаған, ұлттың мүддесін білмейтін, ұлттың мұңын түсінбейтін ұрпақ бүгінгі күні билікті де жаулап алды. Тағы да ресми емес деректерге жүгінсек, бізде жоғары биліктің 80 пайызы қазақша білмейтін шенеуніктерден жасақталған. Ал енді не қалды?... Не қылдық?..
* * *
Біздің қоғамды қазір неге ашкөздік, жемқорлық, шенқұмарлық, парақорлық, қатыгездік, мәңгүрттік жаулап алды? Тыраштыққа ұрынған, тыраштыққа ұрыну арқылы ұлттық топырақтан ажыраған, ұлттық топырақтан ажырау арқылы өмірге соқыр ұрпақ әкелген қауым әманда осындай дертке ұрынады. Өйткені, ұлттық топырақтан ажырау – өте қасіретті құбылыс. Бұл ешуақытта із-түссіз кетпейді. Халықты ауыр қасіреттерге душар етеді. Ұлттық топырақты нық басып тұрған кезде халық алдыңғы планға дәйім ұлттық мүдде мен ұлттық мақсатты шығарады. Ал енді ұлттық топырақ аяғының астынан сусып шығып кеткен кезде, халық... абдырап, әбіржіп, жүнжіп қалады. Майдаланып, ұсақтап, күйкіленіп кетеді. Енді ұлттық мүдде мен ұлттық мақсат кейінге ысырылады да, алдыңғы планға жеке адамдардың мүдделері шығады. Мүдде болғанда соқыр ұрпақтың (соқыр ұл, соқыр қыз, соқыр күйеу бала, соқыр немере, соқыр шөбере) жеке бастарының мүдделері!
Дарынды жазушы Асқар Алтайдың «Көзжендет» әңгімесінен қазақ қоғамындағы көзжендеттік туралы біздің аңдағанымыз, байқағанымыз, түйгеніміз осы болды.
“Жас Алаш” газеті, 2008 жыл, 17 сәуір
Бөлісу: