Ардақ Нұрғазы: Шерлі бұлбұл

Бөлісу:

02.05.2017 5056

(М.Мақатаевтың поэзиясы туралы толғаныс)

Поэзияда жаңалық қашанда ескінің қамалын бұза отырып өмірге келеді. Ескінің қамалын бұзып, өз жаңалығын əкелу əсте бұрынғыны келмеске кетіру емес. Бұл тұрғыдан алғанда поэзиядағы жаңалық күйретуші болмастан, қайта қорғаушы есептеледі. Бұл – поэзияның табиғатында жасырынып жатқан қасиет. Тіпті барлық күйретушілердің жарнамасындай болған өлімнің өзімен бетпе-бет келгенде де поэзия қараңғыдан жарыққа ұшып шығатын қарлығашқа ұқсайды.

Біреу келді де, қара киімге оранған.

- Жаназа күйін жазшы бір, Моцарт!

Жоғалған . . .

Әлде бір елес . . .

Әлде бір адам болар ма?!

Аза тұтқан,

Бір жақыны жоғалған?!

Аң таң Моцарт,

Бар жұмысын доғарған. . .

«Моцарт. Жан азасы»

Бұл жырдың тасасында тұрған қандай күш? Бұл Мұқағали Мақатаевтың өліммен бетпе-бет келгендегі үні ғана емес, өзімен, өз рухымен бетпе-бет келгендегі үні. Оның тасасында ақын сезінген рухани күйреудің тұншықтыра басқан қара түні тұр. Аспан түнере тұншығып, қара бұлт торлап, нөсер мен дауылды құшағына алған қара түн төніп келе жатқан да, тірі жан, тіпті құс екеш құсқа дейін жан ұшырып жанталаспай ма? М.Мақатаевтың «Моцарт. Жан азасын» жазудан бұрынғы рухани күйі сондай болатын. Біреулер оны М.Мақатаевтың бір басының ғана халі деп біледі. Мен оны бір халықтың, сөніп бара жатқан ұлттық рухтың тұяқ серпігендегі жан арпалысы дер едім.

«Моцарт. Жан азасына» дейін-ақ ақын жан ұшырған, көкірегін қарыс айырып, бар мұңын ағынан ақтарған. Өйтетіні ақын өз халқының халжайын, рухани құлдырауын жанымен де, тəнімен де сезінген.

Енді ол адам ретін де, ақын ретінде өз сапарының ең соңғы бекетіне таяп келеді. Алда қарауылдай қарап 1976 жылдың 27 науырызы тұрды. Одан бұрын ақын өзінің ең соңғы өлеңін жазып қалуға тиіс. Ол жыр «Моцарт . Жан азасы» еді.

Дегенмен 1976 жылдың 27 наурызының «Моцарт. Жан азасын» жазуға тіке қатысы жоқ. М.Мақатаев содан он жыл бұрын-ақ «Моцарт. Жан азасын» жазуға қадам басқан. Ол кезде уақыттың да, таланттың да, ортаның да ұштары түйіскен еді, тек азғантай шабыт қана жетпей тұрғандай болатын. Байырғы грециялықтар түн ортасын құдайлар пайда болатын уақыт деп қараған. Тағы сол грецсиялықтар адам өмірін бір сапар деп, сол сапардың шегін жетпіс жас деген де, отыз бес жасты адамның ерекше бір дер шағына балаған. Тас қараңғы түндей біліп болмас болжаусыз сапардағы жанның кезеңге шығып тұрған, өмірдің ыстығы мен суығына бірдей көнген тəн мен жанның алды артына бағамдап қарайтын жасы да осы отыз бес жас деп білген. Немесе осы жасты адамның өзінің өткен өмірінен қортынды жасайтын да, рухани жақтан түлейтін де, бойына ғайыптан пайда болғандай тың қасиеттерімен көрінетін шағы деп түсінген. М.Мақатаев үшін де, басқа көптеген біртуар ақындар үшін де отыз бес жастың орыны дара тұрады. Басқа сөнбейтін тұлғалар сияқты М.Мақатаев та «Моцарт. Жан азасын» жазып, өзін соған дейін арқалы ақын етіп көрсете алған отыз бес жастан бұрынғы Мұқағалиды шаң қаптырып кетті. Бұндай өзі тұрғызған биігінен де асып көріну өмірде санаулы тұлғалардың ғана қолынан келген. М.Мақатаев сүйіп жаңғыртқан Данте де «Құдіретті комедиясын» осы жасында бастап жазып, отыз бес жастан бұрынғы ақын Дантеден қара үзіп кеткен болатын. Данте де М.Мақатаев сияқты өмірінің ақ үскірік, ақ аяз шағында, өмірдегі қасіретті жан-тəнімен сезінген сəтінен өзінің ұлы шығармасын бастап жазған. Көптеген Қазақ ақындары сияқты М.Мақатаев И.В.Гетені таңдамай, өзіне Дантені таңдауында да осындай бір ішкі түйсік, үндестік, əр кім тегіне, табиғатына тартатын терең сыр жатыр. Бұл адамзаттың рухани əлеміне жарық көтеріп келіп, жарық көтеріп кететін ақындар рухының, М.Мақатаев сөзімен айтқанда «ғасырлардың белінен бірақ аттап» қауышуы. Данте «Құдіретті комедиясында» «махабат — жалғанның жарығы мен күнді қозғаушы күш» деген сөзбен тəмамдаған еді, М.Мақатаев оны «Мен сені сүйгем / Жаныммен сүйгем, /Жарық күн!/ Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың» деп толғайды. Осындай жарыққа ғашықтық, жарыққа ұмтылу сонау Грекия аңыздарынан бастау алса, ол тізімнің басында Гомер, Гораций, Овидий, Лукан, Вергилий, Данте тұрса, енді оның соңын М.Мақатаев жалғап тұр.

Анау аға буындары сияқты М.Мақатаев та бұл жолы өлімнің шынайы мəнімен бетпе-бет келді, өмірдің сырын да сезді. Бірақ, кешегідей егілген де, еңіреген де жоқ. Тек өмірмен, өзімен, түптеп келгенде қайта оралмастай қара түнге жұтылып кеткен жарықпен араздасты:

Мен сені сүйгем

Жаныммен сүйгем, Жарық күн!

Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.

Ақ сәулең сенің аймалап мені,

Жарық Күн,

Тұрған да болар үстінде мынау табыттың...

«Моцарт. Жан азасы»

Сөздің бұлай түлеуі М.Мақатаев поэзиясында бұрын-соңды болып көрмеген. Күні кешеге дейін ана тілі ақынға бас иіп, құрмет етіп келген еді. Бұл жолы ақын ана тіліне бас иіп, құрмет көрсетті. Ақынның көз алдында өзі өмір бойы шүңетін қазған қазақтың қара сөзі ақыры қанатын қақты. Өзі өліммен бетпе – бет келіп, қара түнге көміліп кеткенімен, Ақын ана тілінің — жалыны сөніп, оты өшіп бара жатқан ана тілінің қараңғыдан жарыққа ұшып шыққанын ақыры көрді.

Ұлы Абай «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп өз халқының өзгенің артында қалып бара жатқан халін ашына айтқан еді. Одан кейіндеп Мағжан Жұмабаев өзге бір зұлматтың таяп келе жатқанын ескертті. Жолындағының бəрін қидай сыпырып келе жатқан бұл тажалдан аман алып қалса тек сол ғана алып қалар деп ақын үмітін де, арманын да бір ана тіліне артқан еді.

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жүзі баба тілі сен қалдың.

М.Жұмабаев

Ал М.Мақатаев тіл мен ділдің іргесі сөгілген дəуірге тұспа-тұс келді. М.Жұмабаев үміт артқан сол ана тілдің келмеске бет түзегенін де ол өз көзімен көрді. Ақынның бойындағы ұзаққа созылған жан арпалысы бұрқанды да, бұлқынды, ақыры жанар таудай атылып шықты.

«Моцарт. Жан азасы» М.Мақатаевтың өзіне, ана тіліне жазған ақырғы жоқтауы ғой. Дегенмен, онан да маңыздысы бұл өлең қазақ тілінің құдіретін көрсетті. Бұл жолы ол өзінің адам табиғатының ең тереңінде жатқан сезімдерді де айшықты бейнелеп бере алатынын анық əйгіледі.

«Кеше» мен «бүгіннің» ортасында тұрған сірə не? Мен оны сөз дер едім. Алайда адам үшін тоқтап тұратын «бүгіннің» жоқ екеніндей, «кеше» де əсте соңынан ілестірмейді. Оларды есте жоқ ескі замандардан бері тек бір ғана нəрсе табыстырып, бірінен - бірін айырмай матап келеді, ол бəрін жалмап келе жатқан ұмыту. Көлеңкесіне қарап-ақ ойлана қалатын адам да тағы бір қасиет бар. Толғанып тұрған оның аузынан сонда «пайда бол» деген үн шықты, содан сөз пайда болды, соңынан ол «нұр пайда бол» деген еді, нұр пайда болыпты деген сөз бар. Ұзаққа созылған үнсіздіктен соң барып туған сөздің тегінде шыңыраудай түпсіз тереңдіктің жататыны да əне содан. Алайда бұл діни аңыздарда айтылатын уағыз емес, қайта, тіл мен ділдің əсте ажырамайтынының сипаты.

Рухани күйреуден кейін, барлық ұлттық құндылықтар қайта тұрмастай жермен–жексем болып, сол қирандының үстінде рухымыз күнге қақталған жетім баладай, меңіреу күй кешкен бүгін де Ақын қандай жыр жазуы мүмкін. Өйткені біздің алдымызда өткел бермейтін там-қабырға тұр.

Үнсіздік - шұбалған жол

Көкжиегін мұнар жайлаған,

Немесе алдыңда тұрған там

Өткел бермеген

Созсаң, саусағыңның ұші тиген.

А.Нұрғазы

Тіл мен діл ең жоғары деңгейде өбіскенде ғана нағыз поэзия өмірге келеді.

М.Мақатаевтан кейін ширек ғасыр өткен. Дəуір онан бетер тұнжырап, сұрланып тұр. Шын ақын үшін сенің тағдырың Ана тіліңнің тағдыры. Ана тілің өлім аузында талықсып жатыр. Ал қазақ поэзиясының биігі «Моцарт.Жан азасының» деңгейінде тұр. Міне біз бет келген XX ғасырдағы қазақ поэзиясы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар