Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПОЭЗИЯ
Әбділдә Тәжібаев. «Әжелер». (Балаларға арналған өлеңдер)

Блогтар

02.04.2019
9018

Әбділдә Тәжібаев. «Әжелер». (Балаларға арналған өлеңдер)

Әбділдә Тәжібаев. «Әжелер». (Балаларға арналған өлеңдер)

Ақын, драматург Әбділдә ТӘЖІБАЕВТЫҢ туғанына 110 жыл

 

 

ӘЖЕЛЕР

 

Кірді түн үйге есіктен,
Жамылып қара желегін.
Тербете берді бесікті,
Әженің айтып өлеңін.

Тербетіп отыр түн әже
Жылаған немерелерін.
Баяндап отыр түн әже
Күн әженің де келерін.

Сәбилер қашан тыншыған…
Сыңсыған ән де үзілді.
Кезектен кетті түн әже,
Күн әже кірді қызулы.

 

 

АТАДАН АҚЫЛ АЛАМЫЗ

 

Жаңа жыл бастап жаңа әндi,
Жаңа қар басты даламды.
Еңкейдi жерге емендер,
Атамның шашы ағарды.

Ақша қар басты алаңды,
Аққалам қардан қаланды.
Сары ала жапырақ жоғалды,
Атамның шашы ағарды.

 

Ызғырық желпiп жалауды,
Көтердiм мен де жағамды,
Жетелеп жүрген шанамды
Атамның шашы ағарды.

Атамыз – бiздiң панамыз,
Атамыз – бiздiң данамыз,
Атадан ақыл аламыз,
Атадай адам боламыз.

 

 

СЫРҒАНАҚ

 

Айнадай көк мұз алабым,
Сырғанап кетіп барамын.
Секілді құсы даланың
Қанат та қағып аламын.

Айналам айдын сырғанақ,
Келемін зу-зу сырғанап.
Әжемше көктен сығалап,
Күнім де маған тұр қарап.

 

БӨРТЕ ЛАҚ

 

Шөре-шөре, лағым,
Тентек болма, шұнағым.
Секектеме, деміңді ал,
Селтеңдемей құлағың.

Марқа туған бөрте лақ,
Әңгімеге сал құлақ.
Ойнай көрме тым ұзап:
Боп жүрмесін бөрі тап.

Секіре ме, нетеді,
Тау текеден өтеді.
Сына ма деп тұяғың,
Сенен зәрем кетеді.

 

Шоли берме жан-жақты,
Болшы, бөртем, салмақты.
Жөнемексің шұбыртып
Бар қозыны, бар лақты.

Шұнаңдама, қағынба,
Тарта берме қалыңға.
Жібермеймін тым ұзақ,
Жайылыңдар маңымда.

 

 

ӘУКЕШІМ

 

Әукім-әукім, әукешім,
Қасиыншы әукесін.
Енең, әне, келеді,
Ақ мамасын береді.

Ұзақ түндер бір жатып,
Әукешіңді жалатып,
Мейірің әбден қанады,
Аңсағаның болады.

 

 

Әукім-әукім, әукешім,
Қасиыншы әукесін.
Өссін, елге құт болсын,
Бауыры тола сүт болсын.

 

 

БОТАҚАНЫМ – БӨБЕГІМ

 

Ботақаным – бөбегім,
Бейне туған баламдай.
Менің ана дегенім –
Сенің дағы анаңдай.

Қара көзің мөлдіреп,
Қызықтырмай қоймайды.
Жібек жүнің үлбіреп,
Қарасам көз тоймайды.

Сақарада бір туып,
Өскен бірге саңлағым,
Көшкенде ауыр күн туып,
Түскен саған салмағым.

Көтергенсің бәрін де:
Жолыңда жүк қалмаған.
Шығар күйлер әлі де
Сүйіп саған арнаған.

Ботақаным – бөбегім,
Жетіл, бекін атандай.
Сіңсін саған еңбегім
Ойсылқара атамдай.

 

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: