Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
«Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы» атты ғылыми семинар өтті

Блогтар

05.10.2020
4261

«Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы» атты ғылыми семинар өтті

«Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы» атты ғылыми семинар өтті

Биыл 2020 жылы әлемге әйгілі ойшыл, философ, музыка зерттеушісі, астроном, ботаник, лингвист, ғалым, Орта ғасыр кезіндегі шығыс философия өкілдерінің бірі Әбу Насыр Әл-Фарабиге 1150 жыл!

 

Биыл ӘЛ-ФАРАБИДІҢ мерейтойы ЮНЕСКО қамқорлығымен халықаралық деңгейде кеңінен аталып өту жоспарға ілінді. Осыған орай «FARABI WORLD» атты жас ғалымдардың on-line форумы аясында «Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы» атты ғылыми семинар болып өтті. Аталмыш семинар Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасымен бірлесе «Қазақстан жастар фракциясы» Қоғамдық Қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

 

2019 жылдың тамыз айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы өтуі тиіс ауқымды шараға байланысты Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына дайындалу және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы қаулыға қол қойған болатын.

 

Іс-шараға педагогика ғылымдарының докторы, профессор,  Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева, түркітанушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Шәкір Ибраев, журналист, сықақшы, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек, ақын, жазушы,  Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Әкім Ысқақ,

 

Шымкент қаласы Отырар қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жапарқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің сарапшысы, «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты, PhD докторант, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің PhD докторанты Бақытжан Ақтайлақ, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, жас ғалымдар, кітапханашылар және т.б. қатысты.

 

Жиында модератор болған Үмітхан Мұңалбаева семинар қатысушыларына сәттілік тілеп, былай деді:

 

- Бұл іс-шара әсіресе болашақта ғылыммен айналысып жүрген жастрға арналады. Олар үшін дәл осындай басқосулар Әл-Фараби бабамыздың шығармашылығымен жете танысуға  және ғылыми мұрасын зерттеу мүмкіндік береді. Әл-Фараби есімі әлемдік ғылым мен мәдениеттің тарихына нық қадам басты. Оның шығармалары, Батыс пен Шығыстың мәдениеттері мен философияларының жақындасуына арналған көпір болды. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы қорында Әбу Насыр Әл-Фарабидың бірнеше кітаптары бар. Мәселен, «он томдық шығармалар жинағы», «адам және заман», «қайырымды қала», «таңдамалы трактаттары», «музыка туралы үлкен кітап» және т.б. кітаптары мен мерзімді басылымдарда шыққан ғалымның еңбектері туралы мақалаларды оқуға болады. Одан бөлек біздегі Қазақстанның Ұлттық Электронды кітапханасында 300-ден асатам кітаптар бар.

 

Шәкір Ибраев:

 

- Бұл іс-шарада қазақ халқының мәдениеті тарихын, жалпы алғанда түркіліктің мәдениетін көрсететін ауқымды тақырыптың бірі болып отыр. Кеңістік категориясынан алып қарағанда Әл-Фараби – ғұлама ғалым. Біз Әл-Фараби арқылы Антикалық дәуірдің мәдениеті мен ғылымымен таныстық. Одан бөлек ол түркілік мәдениеттің жұлдызды тұлғасы. Себебі, әлемге түркі мәдениетін танытқан ойшыл ғалым. Ал, уақыт жағынан алатын болсақ, орта ғасырлардағы түркілердің де мәдениетін дамытқан алтын көпір десек қателеспейміз.

 

Көпен Әмірбек:

 

- Әл-Фараби көп кітап оқып, сол кітаптағы қалаларды аралап, білім іздеген адам.  Сексен жасында жетпіске жуық тілді меңгерген. Бір жүз елуге жуық трактатының ішіндегі «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегі ерекше жазылған. Былайша айтқанда, адамадардың игілігі. Ал, Әл-Фараби игілікті екіге бөлінеді: этикалық және интеллектуалдық. Яғни, адамзат қоғамының дұрыс бағытта дамуына әлеуметтік құндылықтар жүйесі тікелей байланысты болмақ.

 

Анар Жапарқұлова:

 

- Түркі халықтарының рухани элитасының мұрасын танып-білу, жастарға таныстыру бүгінгі күннің ең ­өзекті мәселелерінің бірі деп ойлаймыз. Біздің жастар бүкіл түркі әлемінің рухани мұраларын, олардың еңбектерін, философиялық ойларын, ғылыми мұраларын білуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда біз бүгін ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың ғылыми мұраларының рухани-тәрбиелік тағылымдары тақырыбы аясын айшықтап, тарқата баяндауға тырысамыз. Оның мұралары тәлім мен тәрбиеге толы, өнегелі сөздерінің теңізіне түсіп,  ұлылық қасиеттердің жиынтығы болған ұлы дала ойшылының философиялық ойларының астарын ұғынуға ұмтыласың.

 

Бақытжан Ақтайлақ:

 

- Фарабитанушы көптеген ғалымдардың мойындауы бойынша, ғұлама ғалымның барлық еңбектеріндегі басты идея «адамдар арасындағы бейбітшілікті сақтау қажеттілігі» туралы. Адамның да ең басты қасиеті де осында деп сенді. Әл-Фарабидің логика, грамматика, философия, музыка, математика, т.б. ғылым салаларында үлкен табысқа жеткен. Әл-Фарабидің 70 жуық тілдерді еркін меңгергендігі жиі айтылады.

   

Х ғасырдан бастап қазіргі таңға дейінгі мың жылдан астам уақыттың ішінде ұлы бабамыздың еңбектері әлем жұртшылығына танымал болды. Ұлы ғұламадан қалған мирас ғылымның түрлі саласын қамтиды, әрі өте құндылығымен ерекшеленеді. Оның философия, социология, логика, эстетика, этика және басқа да жаратылыстану мен гуманитарлық ғылым салалары бойынша айтқан теориялық тұжырымдары Дүние жүзі халықтарының қоғамдық-философиялық ойларына ықпал етті деп айтуға болады.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: