Блогтар
«Аман бол, Арлан!»
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Орал қаласы
Аман бол, Арлан!
(әңгіме)
Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке
...Жалғыздық Жаратқанға ғана жарасатынын бұл да сезеді. «У ішсең, руыңмен» һәм «Көппен көрген ұлы той» дегендей, бұның да бұқарадан яки үйірінен бөлінгісі келмеген. Бірақ бүгінгінің бөрісі де бұзылып болған. Әйтпесе бір сап, бір қаптан шыға тұрып, талғажау қылуға ғана жарар өлімтік-тің тамтығы үшін бірі-бірімен қырық пышақ болар ма еді. Демек, «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген қазақы қағиданың әбден күні өтіп, адыра қалғаны ғой. Бәлкім бұл да ақырзаманның бір белгісі шығар.
...Жас қаншықтың бұл алғашқы күшіктеуі еді. Үш-төрт күннен бері нәр сызбаған аштықтан ба, жоқ әлде соңғы жортуылда ізіне түсіп, иттерін қосып, соңынан әлсін-әлсін тарс-тұрс мылтық атып, әбден зәрезап қылып, зәресін алған екі аяқтылардың қуғын-сүргіні жүйкесіне зілмауыр салмақ түсіргендіктен бе, әйтеуір, тұңғыш толғағы тым ауыр. Абырой болғанда, аштық бір, толғақ екі қысып, бұратылып жатқанда арлан мұның алдына әкеліп, еліктің жас шыбышының төшкесін тастай салды. Қаншама өзі қиналып жатса да, көзінде өмірдің нұры біржола өшкен өлі жемтігіне ол аянышпен қарап үлгерді: «Тесік тамақ үшін жан-жануарға бірін-бірі аңдытып қойған жаратылыс-ай...». Ізгі ойын одан әрі жалғастыруға оның әл-дәрмені жетпей, жаны шығып кеткен алдындағы жемтігіне ауыз салып, азу басты. Қан-сөлі әлі бойында жас еліктің еті керім дәмді екен. Аштық пен толғақ қатар қинап, шайнаңдап-малжаңдауға төзім-тағаты жетпеген қаншық қасқыр өзі сияқты еліктің жас аналығының жылы-жұмсақ жерінен бір-екі қарпып-қарпып асай жұтты да, одан әріге шамасы жетпей оң жамбастап жата кетті. Жарық дүниеге көрінер уақыты таянған құрсағындағы бөлтіріктерінің қимыл-қозғалысы сәт сайын күшейіп, мұның жанын көзіне көрсетіп барады. «Ана атану қандай азапты да ауыр еді...».
Бізге бүгін кейіпкер болар жалғыз қасқыр сол жолы жас қаншықтың жатыры арқылы жарық дүниеге жол тартқан төрт бөлтіріктің бірі еді. Әрине, тұқым-тегі бөрі болғандықтан, ол қасқыр тірліктің қыр-сырына құйттайынан қанықты. Мұның ойынша, үйірдегі иерархиялық құрылымға негізделген темірдей тәртіптің де өзін-өзі ақтамайтын кезі баршылық. Бірде әке-арлан бұларға болар-болмас жемтік алып келді. Турасын айтқанда, тоқты деуге жарап қалған марқа қозының дал-дұлы шыққан өлексесі. Онсыз да титімдей нәпақаны бұлар төртеуі төрт жаққа тартқылап, итін шығарды. Айналып келгенде, үшеуі қарын шұрылын басып, жүрек жалғағандай болғанымен, араларындағы жалғыз қарындастарына түк тимей, оның аштан өлер түрі бар. Осыны өз көзімен көріп тұрып, жаны шыдамаған бұл қазанбас һәм қомағай бауырының алдындағы жаңағы жемтіктің соңғы жұқанасын қарындасына алып бермек ниетпен бас салды. Екеуі бірі-біріне дес бермей, біраз ырылдасты. Шамасы осы жағдай жортуылдан жөнді ештеңе ілікпей, жүйкесі жұқарып әрі діңкесі құрып, әбден шаршап келген арланның жынына тисе керек, ол «Пәленің бәрін бастаған сен!» дегендей бұған көзін алартып, тісін басты. Әуелкіде бұл «Мен өлексенің жұрнағына өзім үшін емес, қарындасым үшін таластым ғой» деген оймен көсемге қараған, ал арлан болса, «Табиғи сұрыпталудың қатал заңы бойынша қасқыр үйірінде өз жемін тек өзі табуға қаршадайынан қабілетті ғана тірі қалуы тиіс!» деген ұстанымын өктем қабағымен ұқтырды.
Өзі үшін жанашыр ағасына арланның азуы батып, қаһарына іліккенін көрген қарындасы мұның жарасын жаламақ ниетпен бұған жақындай бергенде, оны көкжал-көсемнің ызалы ырылы тежеді. Осы оқиғадан кейін мұның бірінші кезекке тек өз құлқынын қоятын қасқыр үйірінен бірте-бірте көңілі қалып, іш жия бастады. Бірақ ірі жемтіктеріне ортақ шабуыл ұйымдастырғанда қажыр-қайратын іркіп қалған кезі жоқ. Мұның қимыл-қозғалысы қашанда алымды да шалымды. Жас бөрінің қатарынан мойны озықтығын, әрине, арлан да байқады. Бірақ күні ілгері көсемдіктен кімнің айырылығысы бар дейсіз. Сол себепті ол мұның тең құрбысының алды екендігін көре тұра көрмегенсіді. Ал бұл болса, бауырын бірте-бірте жазар жүйріктей жортуылға шыққан сайын түлеп, еті жыртылып, дене-тұрқы іріленгендігіне қоса, түгел тарамыстанып, шоқтығы биіктеп, сіңірлері серіппедей ширығып қана қоймай, аң аулар, жем қағар әдіс-тәсілі де жетілген үстіне жетіле түсті.
...Бұл тоғыз айлығынан бастап реті келсе жалғыз шабатынды шығарды. Әрине, қабырғасы қатпаған, бұғанасы бекімеген жас бөріге әлгіндей жортуылдар оңайға түскен жоқ. Талай мәрте ажалдың аранынан әрең аман қалды. Бірақ осы жырынды тірліктің бәрі түз тағысы ретіндегі мұның тәжірибесін молайтып, жас батырдан хас батырға айналуына үлкен сеп болды. Әлгіндей жортуылдардың бірінде ой мен қырдың сұр жендеттерін көбіне-көп бөрібасар, қасқыр алар апайтөс иттеріне иек артып аулайтын аңшыға тап болды.
Үшбу аңшының үш иті де иісшіл-ақ екен. Таң алдындағы олжалы жорықтан бұл тоғын басып, сырт көзден әбден таса жерде маужырап жатқанды, шамасы қатты шаршаса керек, қалғып кетіпті. Иттердің бір-біріне дем берер үрген даусы жақындай келіп үдей түскенде, орнынан ытырыла қашты. Төбеттердің бұған ең таяп қалғаны бірінші болып мұның соңынан түсті. Қалған екеуі де дереу әлгінің соңынан ілесті. Ат үстіндегі екі аяқты иелері болса, бұларға айқай-қиқуымен қайрат беруге тырысып бағуда. Бірақ мінген аты шабан ба немесе біржола болдырған ба, жоқ әлде басқалай себебі бар ма, әйтеуір, әп дегеннен кейін қала берді. Бұл болса, алдыңғы төбетті әбден құйрық тістес шамаға келгенде жалма-жан жалт бұрылып, алмастай өткір тістерімен алқымынан алды да, бейшараның кеңірдегін қолқа-молқасымен бір демде суырып алды. Өзі бір күш-қуаты толыспаған, әйтеуір, иесінің айтағына бола, алға түсіп шаба жөнелген алаңғасар, албырт бозөкпе болып шықты. Бұған қарсыласпақ түгілі, жөндеп қыңсылауға да шамасы келмей, төрт аяғы көктен келіп, серейді де қалды. Содан кейін келе жатқаны мына сұмдықты көріп айылын жиып, арынын басса, төбеттердің соңғысы керісінше, қарқынына қарқын қосты. Төрт аяқты қуғыншыны оған дем берер екі аяқты қожасынан біржола алыстатпақ ниетпен жас бөрі де аяқ алысын үдетті. «Маған да керегі осы еді!» дегендей, соңындағы қуғыншы онан сайын өршелене түсті. Түз тағысы көз қиығымен-ақ бағамдап үлгерді, мынаның алдыңғы екеуінен сойы бөлек. Біраз бұлталаққа салып, әбден ұзап, сырт көзден тасаланғаннан кейін баяулай түсіп, ізіне түскенді тосып алып, майдан ашты. Олар біріне-бірін таянғаннан-ақ ұмар-жұмар алыса кетті. Бірде тоқ, бірде аш түз тағысындай емес, ішкені алдында, ішпегені артында асыранды төбетің бабында екен. Оның үстіне жас шамасы да күш-қуаты кемел кезең болса керек, әйтеуір, үшбу итіңнің көкжалдың өзіне оңайлықпен алдырар түрі көрінбейді. Екеуі көздерінен от шаша ырылдасып, тырнасып, тістесіп біраз жерге барды. Алайда асыранды төбетің Құдайдың құтты күні жортуылға шығып, бауырын жаза шауып, тыныс алысы үнемі жүйелі түздің тағысы емес қой, біраз аңдыса, арпалыса алысқан соң алқынып, ырсылдай бастады. Бұған да керегі осы еді, әлгінің тілі салақтап, тыныс алуы ауырлап, әл-дәрмені құрып, қалжырай бастағанын пайдаланып, жас бөрің ақ азуын алқымға салып, кеудесімен итере қарсыласын шалқалата жығып, алдыңғы сол аяғымен иттің көкірегінен басып, ілгергі оң аяғының қайқы қылыштай қайқиған сояудай тырнақтарын төбеттің терісінің ең жұқа жері – шабына қадап, тайыншадай неменің аталық енін қанын саулата орып түсті. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірі бар, ал бәлем!» Бәлкім бұл ауыр жарадан мынау итің әупірімдеп тірі қалар, бірақ еркек ретінде енді мұның шаруасы біржола бітті! Тап осы алыпсоқ апайтөс төбеттен енді ұрпақ өрбіп, тұқым көбеймейді. Демек, біздің бөріге қазіргі қасқыр атаулыға қоса, олардың алдағы үрім-бұтағы да алғыс айтуы тиіс! Бұл жас бөрінің алғашқы ерен ерлігі еді. Дегенмен қасқыр тірліктің өзі өне бойы ерліктен тұрмайды. Жыртқыш екеш жыртқышқа да ара-тұра екі аяқтылардың жан түршігерлік әрекеттерінен жан сауғалауға тура келеді. Мәселенки, былтырғы қары қалың қаңтарда орман-ойдымнан өңештен әрі өтер ештеңе ілікпей бұл қырға шығып кеткен-ді. Сөйтіп, қырдағы шағын малды ауылдың негізгі лектің соңын ала суатқа саяқ келген екі-үш баспақ-торпағының біреуін жарып, жылы-жұмсаққа тұмсығын енді малып дәндей бастағанда мұның тікұшақпен аңға шыққан әумесерлердің назарына ілікпесі бар ма?! Әйтеуір, абырой болғанда олай қашып, бұлай жалтарып әуеден атылған бірде-бір оқты өзіне дарытпай бақты. Бәрібір әлгі есерсоқтар қыр соңынан қалар болмады. Сонан бұл малды ауылға тартылған электр желісінің тура астымен қашуға көшті де, жаңағы аңшысымақтардың электр сымына маңайлай алмай дымы құрыды. Шамасы, штурвалда отырғаны әлі өз-өзіне сенімсіз жас ұшқыш болса керек. Әйтеуір, маневрі мардымсыз. Сөйте тұра олар жөндеріне кетер емес. Тікұшақ тас төбесінен тажалдай төне гүрілдеп қыр соңынан қалмай ерді де отырды. Бұл болса сымның астынан шықпай қашты. Шауып келе жатып айнала қарап қояды, бой тасалар дәнеңе жоқ, мидай жазық дала. Жағдай осылай жалғаса берсе, мұның болдырып тынары шүбәсіз. Не істеген жөн? Кенет, түз тағысы оқыс шешімге бел буды. Келесі бағаннан сәл ұзай бере, дереу келген ізімен кері қайтты да, электр бағанының астыңғы тасбетон бөлігінің бойымен тіп-тік тұра қалды. Төбесін бағанның ағаш бөлігі қалқалаған бөрі осылайша әп сәтте аңшылардың көз алдынан ғайып болды. Бұған дейін «Бұл пәлені әбден болдырғасын оп-оңай атып аламыз» деген ойға түбегейлі табан тіреген тікұшақтағылар иек астындағы сәттілік үшін уытты ішімдіктен үсті-үстіне тартып та жіберген болатын. Енді келіп жазық далада құдды жер жұтқандай аяқасты көзден ғайып болған қасқырды таппай аң-таң.
Тікұшақ ұшарда орнынан тік көтеріле ұшып, ал қонарда әуеде қалқып тұрған қалпында жерге дік қона береді. Есесіне ол кілт бұрылуға ебедейсіз. Біраз жерді айнала бұрылып, электр желісінің бойымен ерсілі-қарсылы екі-үш қайтара ұшып өткенімен, тікұшақтағылар бағанның тасбетон тұғырын алдыңғы екі аяғын тік соза қарманып, артқы екі аяғына тік тұрып бой тасалаған мұны аңғара қоймады. Аңшылыққа арақ араласқаннан кейін қайдағы қырағылық, оның үстіне бұл кезде қыстың қысқа күні де еңкейіп, ымырт үйіріліп, көз байлана бастаған-ды. Ақыры қанжығаларын қандаудан біржола күдер үзген аңшысымақтар қаланы бетке алуға мәжбүр болды...
Әлгіндей жан алыс, жан беріс жорықтардың бірінде бұл өзіне серік тапты. Ол да өз үйірі көсемінің әміріне бас-көз жоқ бағынудан бас тартқан өзі сияқты өр кеуде көкшулан екен. Көп ұзамай бірі-біріне арқа сүйеп, атой салғанда екеуіне қарсы келер бұл маңда түз тағысы қалмады. Иә, бұла күштері тұла бойларын кернеген қос жас бөрі үстемдіктерін біржола бекіту үшін бастапқыда төңірекке түгел майдан салды. Бертін келе ешкім қарсы келмейтіндіктен, екі достың іші пыса бастады. Сондықтан да олар бұл маңды жәйіне қалдырып, қоныс аударуға ұйғарды. Ұлан-ғайыр даланың жазығын да, орманды алабын да, өзен-көлін де һәм шөлін де армансыз кезіп, екеуі тоқтаусыз ұза-а-а-ақ жортты. Жолай бұлар құланды да жайратты, бұланды да жайратты. Сөйтіп, екеуінің бірі-біріне деген сенімі нығая түсті. Күндердің күнінде азу тісі балғадай екі бөрі қарағай-шыршалы орманды таулы өлкеге ілікті. Бұл өңірдің табиғаты екеуіне де ұнады. Мұндай мәуелі-миуалы жерде бөрі біткенге жемтікке жарар тұяқтылар аз болмауы тиіс. Екеуі осы жерге табан тіреуге келіскендей болған. Енді қалғаны – төңірекпен танысу. Алғаш көрген хайуандары мысыққа ұқсас, әйткенмен дене-тұрқы одан әлдеқайда ірі, қос құлағының ұшында селтиген бірнеше тал қылшығы бар мақұлық болды. Екеуі әлгіге жақындай бергенде, Алтайдың сілеусіні өзінше пырс етіп, айбат шекті де, оң қапталындағы қарағайдың біріне өрмелей жөнелді. Сонан соң екеуі бір сарынды гүрілге құлақ түріп, солай қарай беттеген. Сөйтсе, әудемжердегі ұзын сайдың бойын қуалай тау өзені ағып жатыр екен. Мұнда су ішіп, шөлін басуға біраз хайуан келері анық. Демек, осы жерді иемденген жөн! Олар осы ойға келер-келместен құлақтарына шақыр-шұқыр дыбыс жетті. Енсіз де тайыз өзенді лезде кешіп өтіп, қарсы қабаққа жарыса шығып көз тігіп еді, еңістегі цирктің аренасына ұқсас алаңқайда күйекке түсер күштіні анықтамақ ниетпен сүзісе күш сынасқан екі аталық бұғының тармақ-тармақ мүйіздері бірі-біріне ілініп қалып, екеуі енді соны ажырата алмай әуре екендігін аңғарды. Міне, саған «баспақ түгілі, бас қайғы!» Осы төңірекке табан тірердің алдында ғана екеуара бір маралды жәукемдеген бұлар аш емес-ті. Сол себепті бұғыларға шабуылдауға екеуі де құлық танытпай, керісінше олардың әуре-сарсаң тірліктерін қызықтай қарап қалыпты. Әйтеуір, бастарын кезекті бір сілкілескенде мүйіздері ажыратылып, төңірегіне көз тіккен бұғылар қабақта шоқиып отырған қос қандыауызды көре сала, екеуі екі жаққа шүу, қарақұйрық безе жөнелді.
Екі достың су ішпек ниетпен қандай аң-құс келетіндігін іздерін иіскеп айыру үшін өзен жағасына қайтып келгені сол еді, ту сырттарынан гүр еткен айлапат зор үн естілді. Екеуі бірдей жаңа ғана келген жақтарына жалт қараған. Қараса, сұмдық-ай! Қарсы алдарында, әрі кетсе таяқ тастамдай жерде артқы екі аяғына тікесінен тік тұрып алып, басын ашулы шайқап, алдыңғы екі аяғын долылықпен оңды-солды ебедейсіз ербеңдетіп, Алтайдың алып қоңыр аюы тұр! «Батырға да жан керек» демекші, өмірі мұндай дәуді көрмеген біздің бөрінің де әуелкіде жон арқасы мұздап, құйқа-шекесі шымырлап қоя берді. Алайда жас та болса, талайды көрген тәжірибелі тарлан емес пе, есін тез жиды: «Мынаның қалайда табанын жалтырату керек! Бұл маң енді тек қана біздікі болуы тиіс!» Осындай табанды ойға берік бекінген көкжалдың, өкінішке орай, серігі аяқасты сыр берді. Бұрынғыдай екеуі бірі-біріне арқа сүйеп, атой салудың орнына серігі «Осы жорықты сен бастап, мына сойқанға тап қылып, тығырыққа тіреген сен!» деген ызалы көзқараспен ол досына қарап ырылдап, айбат шеге қалғаны. Ал мұндайды күтпеген мұның ашу-ызадан түгі түгел көтерілді. Еш ойланып-толғанып жатпастан қиын сәтте, сын сағатта аяқасты сыр берген серігінің көк желкесінен бірден шап беріп алды да, бір-екі сілкіп-сілкіп, аюға қарай атып жіберді. «Мен сені жүрегінің түгі қалың, табанының бүрі мығым деп жүрсем, барып тұрған су жүрек сүмелек екенсің ғой өзің!» Абырой болғанда, аюдың дәл алдынан біраз қиыс түскен әлгі құйрығын бұтына қысқан қалпы қыңсылай жорғалап, зым-зия жоғалды. Аю болса, дене-тұрқы өзінен әлдеқайда ықшам бөріден әлгіндей дүлей күш, долы қайрат күтпесе керек. Сескеніп, тайсақтап қалды: «Сыртқы пошымы өзімен шамалас серігін тышқақ лақ құрлы көрмей атуына қарағанда мынауың бір өліспей, беріспейтін тажал ғой! Қой, аш құлақтан тыныш құлақ...» Ерік-жігерін үшбу үрей жеңген анау-мынау емес нән аю кері бұрылып, төрт тағандап томпаңдай жөнелді. Осылайша осы айналаның атаманы саналатын аюдың бүгін күтпеген жерден жолы болмай, тіпті аяқасты тағынан тайды. Әйтпесе, күйекке түсу үшін бірін-бірі өлімші етіп мертіктіргенше сүзіп-түйгіштеуден тайынбайтын аталық бұғылардың жекпе-жегін «қай жеңілгенің менікі» деп тасада тып-тыныш тамашалап жатыр еді бұл қорбаңбай.
Таулы орманның түйе палуаны – қоңыр аюды ықтырып, жолдан тайдырғанына масайраудың орнына, біздің бөрінің іші қан жылады. Жан дегендегі жалғыз сенімді серігі сыр берді, ол қоян жүрек қорқақты иттің етінен бетер жек көріп кетті бұл. Алдыңғы екі аяғын алға созып жіберіп, басын соған сұлқ қойып, кесе-көлденең керіліп, жандүниесі құлазып, іштей күңіреніп ұзақ жатты. Сенімі күйреген сәтте мына әлем-жәлем жәләп әлемнен адам баласы түгілі, түз тағысының өзі де түңіледі екен.
«Апырым-ай, адал достық, айнымас жолдастық дегеннің жер бетінен біржола жоғалғаны ма? Екеуінің күш-қайраты мен достығы нағыз сыналар сәт осы-дүр. Өйткені бұған дейін олардың олжалағаны момын жануарлар ғана еді ғой. Ал аң аулар, жем іздер аумақты бөлісіп, белгілеу бойынша бұл екеуі өз бауырлары – бөрілермен ғана күш сынасты. Мүмкін досы үшін оттан да, оқтан да тайынбас мәрттік сынды ұлық қадір-қасиет тек адамдардың арасында ғана қалған шығар? Жоға-а-а! Олардың арасында да қазір бас пайдасын ғана көздер бақай есеп пен бақалшы саудагерлік белең алып, пыш-пыш өсек пен пасық әрекет етек жайып тұр. Енді не істемек керек?..»
Рас, Алтайдың алып аюын ықтырғаннан кейін енді бұл маңда мұны мазалауға ешкімнің жүрегі дауаламасы анық. Алайда жалғыздық Жаратқанға ғана жарасқан! Кейде қасқыр бола тұра, өзінің адамзат қоғамына, жалпы адам санасына ғана тән адамгершілікті аңсап, әділдікті көксейтіндігіне қарап, бұл өзі туралы «Мен осы қаршадай бала кезінде қасқырлар ұрлап әкететін Мауглидің тікелей ұрпағы емес пе екенмін?» деген күдік-күмәнге берілетін. Енді сол ойынан өзі біржола жеріп, біржола айнып жатқан түрі бар.
«Жоқ, мен көкке қарап ұлып, тек қана жеті қат көктегі Тәңірге ғана табынып, содан ғана мейірім-шуақ, содан ғана шапағат-шарафат күтетін нағыз Көкбөрінің тікелей ұрпағымын!» Аза бойы қаза болып, аруақ шақырып, рухты дүр сілкіндіріп, төңіректі түгел тітіркендіріп, ұзақ ұлыды: -Ау-у-у-у-у-у-у-у! Ау-у-у-у-у-у, ау-у-у-у-у-у-у!..
Қараңғылық қоюлана ақыры ол бір байламға, түпкілікті тоқтамға келді. Енді ол осы өңірден сыңарын тауып, ұрпақ өрбітіп, Көкбөріге тән қайтпас қайсарлық пен асылзада тектіліктің көкжиегін кеңейтуге біржола бел буды.
Ай, дегенмен әзірше жапанда жалғыз жортқан қайсар қасқыр-ау, сенің тағдырыңды түйіндер жалғыз оқ болса, ол сенің қақ маңдайыңнан емес, қарақұсыңнан тиері шүбәсіз. Өйткені сенің жүрегіңдегі маздаған шоқ пен көзіңдегі жайнаған отқа тірі пенденің қарсы келуі мүмкін емес. Сол себепті де абай бол, арлан, сенің тағдыр-талайыңа нүкте қояр жалғыз оқ табылса, ол сенің қарсы алдыңнан емес, ту сыртыңнан атылары анық. Иә, адамзат қоғамына, адам баласына адалдықты аңсау, әділдікті көксеуге қоса, сатқындық та тән. Сөйте тұра, артқа қарамақ түгілі, жан-жағына жалтақтау, сауға сұрап жарамсақтану саған жат екендігі Аллаға аян.
Әйтеуір, аман бол, Арлан! Сен барда ар ояу, намыс тірі, рух асқақ!