Блогтар
Анаға тағзым
Алып та анадан туады
Ананың қадірін балалы болғанда білерсің. Шешемнің осы бір сөзін өзім қазір балаларыма айтатын болдым. Біздің қоғамда ананың бейнеті көп.Мойнына артылған жүгі көп. Сонда да ана баласы үшін жүрегін жұлып беруге дайын. Қашанда солай болған, әлі де солай.
Өлкетанушы Рысжан Ілиясованың «Арулар-аналар» кітабынан ақын, марқұм Мұқтар Құрманалиннің анасы Бибігүл Ералы қызы туралы оқыдым. Аяқ киімі жыртылып, басқасын алып бере алмай, жаңбырлы күзде, ақ түтек боран қыста, көк ала балшық көктемде баласын мектепке арқалап апарған ананың алдында басыңды қалай имейсің?! Оның бейнетінің өтеуі ретінде сол арқалаған баласы қазақтың аузы дуалы ақынын болып өсті.
Ананың сондай ұрпағы үшін өлермендігінің арқасында небір батыр, небір даналар өсіп жетіліп, елінің тіреуі болды. Кезінде Қарабұтақ, Ырғыз, Сыр өңірлеріне танымал болған шайыр-ақын Құрманәлі Дәуітұлының қосағы Бибігүл Ералы қызы(1906-1982) өзі келін болып түскен шаңырақтың көсегесін көгертіп, өркенін өсірген, қадір-қасиетімен, ақыл-парасатымен танылған екен. Жары Құрманәлі ақынның бүкіл толғау-термелерін жатқа білген. Қазақтың әндерін жан-тәнімен сүйіп, қастерлеп өткен. «Тұла бойы тұнып тұрған ән мен жыр еді» дейді бұл кісіні білетіндер. Ертеректе Інжу деген қызбен айтысыпты. Бұл «Айтыс» көп томдығына енген. Баласы Мұқтар Құрманәлі:
«Шешем Бибігүл ақынжанды, өнерге жақын еді. Үйде жалғыз өзі қолдиірмен атртып отырып, ән айтатын. Үй сыртында тұрып, аузымды ашып тыңдайтынмын. Анам сонда ішкі зарын ән арқылы тарқатып, басқа түскен ауыртпалықты, еңсені басқан зіл-қасіретті осылай жеңілдетеді екен ғой» деп жазды. Аяқ киімі болмай қалғанда мектепке арқалап апарып, оқытып, өзі де колхоз жұмысынан бір рет қалмаған анасына жыр маржанын арнады. Мұқтар Құрманалиннің бұл арнауы анасына тұрғызған ескерткіштей.
Бір күні мен
Өзіме өзім өкпелеп,
Қайттым үйге, түбіме ойын жетті деп,
Бітіріппін бәтеңкенің саудасын,
Кешке дейін киіз допты тепкілеп.
Анам сонда ашуланды, шытынап,
Мынауың не?
Ақылы жоқ ақымақ!
Былтыр киген бәтеңкенің ұлтаны
Іске аспастан қалыпты ғой қақырап!
Дайын тұрған бар еді үйде қай жақсың,
Сорлы шешең дейсің бе ылғи зар қақсын?
Қиын болды-ау қыстың көзі қырауда,
Мектебіңе енді қалай бармақсың?
Сыртта қалың сірескен қар, жел баяу,
Жас та болсам білем, керек жанды аяу,
Күйінгеннен жата қалып жыладым:
-Оқуыма қалай барам, ойбай-ау!
Біздер үшін бастан кешіп күй мұңды,
Тізе бүкпей өткізетін кей күнді.
Жалғыз ұлын жұбатуға асықпай,
Мұндай сәтте шыдай ма ана мейірімді.
Басқа амалы болмады ма, не керек,
Ертесіне тұрғызды да ертерек,
Арқалаған күйіі мені жолсызбен,
Мектебіме тартты тура , төтелеп.
Көрші ауылға бала арқалап баратқан,
Бұл кісі дей ме,
Қайсыбіреу қарап таң,
Анам колхоз жұмысынан қалмады,
Мені-дағы қалдырмады сабақтан.
Жүгірер ем жалаңаяқ болмасам,
Кетер екен деймін мына қар қашан,
Күнде осылай, тұра салып төсектен,
Анашымның арқасына жармасам.
Табиғатқа бас иместен ол күшті,
Боранымен, жауынымен жұлқысты.
Жеңілмеді,
Жеңді бәрін жан Анам,
Мені арқалап өткерді ақыры ол қысты...