Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ТАРИХ
Анам оны кешірді

Блогтар

06.04.2020
8135

Анам оны кешірді

Көне көз қариялардың айтар ақыл-кеңестері мен ұлағатты сөздері сарқылмас қазына емес пе. Ұға білген құлаққа, түсіне білген кісіге олардың ғибратты сөздері алтынға пара-пар дүние дер едім.

Осындай ақылдың дария көзі – бақилық болған анам еді. Анам, әсіресе рәсуә болып жатқан нанды көргенде қатты күйзелуші еді. Балаларына әрдайым «Нанды баспаңдар, нанның киесі болады. Нан жерге бітеді, ал жер мен ел тағдыры бәрі тығыз байланысты. Нанды құрметтегенің еліңді, жеріңді құрметтегенің»,- деп айтып отыратын. Анамның еліңді сүю, жеріңді қорғау әр қазақ азаматының міндеті деп айтқан ақылы жүрегімде жазулы. Оның айтқан бір әңгімесі әлі күнге дейін есімде:

1945 жылдың қақаған қысы. Соғыс ұзаққа созылып, елдің күйзелген уақыты. Әйтеуір жауды өз жерімізден қуып, енді өз ордасында талқандар уақыты жақындағаны көңілімізге медет. Мен Көкшетау қаласындағы педучилищені бітіріп, Сырымбет ауылына мұғалім болып орналастым. Менен кіші бес бауырым бар. Анам болса таңның атысы, күннің батысы ұжымшар жұмысында. Өкінішке қарай әкем соғыста қаза тапты деген қара қағаз алып, көңіліміз жүдеп жүрген кез.

Бір күні жұмыстан кейін үйге келсем, анам көңілді жүр екен. Көптен бері анамды мұндай күйде көрмеген, менің таңғалып тұрғанымды сезген анам: «Еңбеккүніме екі қап бидай алдым, көрші ауылдағы диірменші ағаңа ініңді ұн тартқызып әкелуге жібермекшімін»,- деді.

Таң ата шешем көрші үйден ат-шана әкеліп, шанаға бидайды тиеп, інімді аттандырып жібердік. Ал мен болсам соғыс есейткен қаршадай інімді аяп, көз жасыма ие бола алмай егіліп, інімнің қарасы үзілгенше соңынан қарап тұрып қалдым.

Кеш болды. Інім әлі жоқ, күн суық. Анамның да дегбірі қашқан. Бір кезде даладан ат-шананың сықыры естілгенде, қуанып кеттік. Інім көңілді: «Төрт қап ұн тарттырып әкелдім», - деп мақтанып қояды. Қаптарды көтеріп үйге кіргіздік, қаптар жеп-жеңіл. Шешем қаптың аузын ашып, ұнды уыстап көрді де, жылап жіберді. Сай-сүйекті сырқыратқан анамның зарлы үні әлі құлағымда! Өйткені ұн дегені кебек болып шықты. Немере ағам ар-ұятты аттап, інімді алдап жіберіпті.

Шешемнің сол күні кебектен пісірген нанын сүйсіне жедік, анамның көз жасы мен інімнің тері исі сіңген соң ба, сол нанның дәмі әлі күнге дейін тілімнің ұшында. Қиыншылық уақытта наның қасиетін, қадірін осылай біліп өстік.

Уақыт та өтті. Өмір де өз арнасына түссе де, інімнің немере ағамызға ренжіп жүргенін білдім. Бірде ол үйге келгенде әңгімелесіп отырып:

- Бауырым, ұмытып кетіппін айтуға, анама ауырып жатқанда немере ағамыз келіп істеген қателігіне кешірім сұраған, -деп інімді барлап қойып, сөзімді әрі жалғадым, - анам оны кешіре білді!- дедім. Інімнің сол кезде көзі жасаурап:

- Анамның сондағы зары құлағымда әлі жаңғырып тұр... Енді не істейін, кешірсе анамның қалауы сол болған шығар! Бірақ неге кешірді екен? – деген дауысы тұншыға шықты.

- Бауырым, Анамның: «Дүниеге кіршіксіз таза келдім, ендеше о дүниеге де кіршіксіз таза кетейін» дегенін қоштап едім, - деп едім. Інім үндемеді.

Бірде бауырымның «немере ағаммен» емен-жарқын сөйлесіп тұрғанын көріп, көз жасыма ерік бердім, өкініштен бе, күйініштен бе, әлде қуаныштан ба, оны айыра алмадым..., - деп Анам әңгімесін аяқтап еді.

Бүгінгі күні кебектен піскен нанды сүйсіне жеп есіме анамды аламын, иманың кемел, жаның жәнәттә болсын Анашым!.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: