Блогтар
АУЫЛҒА БИЛЕТ
АУЫЛҒА БИЛЕТ
...Тағы да таң атты. Ол бүгін де ауырып жатыр. Қозғалса, басы дыңылдап қоя береді. Қанталап кеткен көзін ашты, бөлменің жарығынан ба, әлде мынадай күйге түскенінен жасқанды ма, қайта жұмып алды. Бүк түсіп жатқан күйі, көзі ілініп кетті... Ұйықтаса болды, осыдан екі жыл бұрын көлге ертіп барып жоғалтып келген қызын түсінде көреді. Үстінде сары-ала көйлегі бар, шешесінің аяқкиімін тобығына дейін шығара киіп алып, ұсақ тас тізіп, аулада ойнап отыр. Қызының жанына жақындай бергенде оянып кетті. Үнемі осылай. Кеудесіне өксік пен өкініш тығылып, алқымынан алып, тұншықтырып барады. Сәл қызып алса болды көл жағалап кететіні де содан. Қызының жансыз денесін судан алып шыққан сәттер жадына әбден жазылып қалған. «Жаным-ау, сенің суға түсіп бара жатқаныңды қалай ғана байқамай қалдым!..» - деп темір төсекті бес-алты рет жұдырықтап барып тоқтады…
Сол жатқаннан, екі көзінің етегі ісіп, түс ауа бір-ақ тұрды. Үйден шығып келе жатыр еді, кіреберісте келіншегі қарсы шықты. Ол бұны адамдар қатарынан сол қайғы жамылтқан күні-ақ шығарып тастаған. Көрмегенсіп, қағып-соғып өтіп кетті. Шаңырақтың берекесі кетіп, ащы сусын осы дастарханның дәстүрлі тағамындай болып алған.
Ұлы екінші сыныпта оқып жүр. Оның не оқып, не үйреніп, тіпті не киіп жүргенін ойлайтын жан жоқ. Кенжетайын жоғалтқаннан-ақ келіншегінің жүрегі ауыратынды шығарды. Апталап, кейін айлап ауруханада жататын болды. Ал, әкенің түрі мынау. Бірі жар, бірі күйеу болып, ақылға келіп әңгімелескен емес, өкініш өрті өшпей, өкпелері басылмай-ақ қойды. Екі күннің бірінде науқас әйелі ақыры төсекке таңылды. Күннен-күнге жүдеп, құсадан жамаған дертінің құрдымына батып бара жатты. Көп ұзамай бұл шаңырақта тағы бір жаназа оқылды…
Әйелсіз үй қаңырап, бала мен әке нағыз жетімнің күйін енді кешті. Дәл осы сәттерде ащы сусын – таптырмас сырлас болып алған. Ол тіпті, шөлмекті құшақтап ұйықтайтын күйге түсті... Алакөлеңкеде оянды. Шөл қысып барады. «Қайнар, су әкеп берші!..» деп дауысы қарлыға шықты. Сынық кесе толы суық суды ұсына берген ұлы: «Біз... не болдық, әке?» деді. Жасып қалған жанары жасқа толып, әкесіне қарай алмай теріс айналып кетті. Бұрын-соңды мұндай сұрақ қоймайтын ұлының өсіп қалғанын сол сәтте түсінді. Әр жерінен сетіней шіріп үгілген перденің шетін ұстап, тулақ боп кеткен кілемнің үстінде тұрған жалаңаяқ ұлы теріс қарап үнсіз жылады-ай кеп!.. Терезенің алдында әбден қурап қалған гүлдің топырағын шұқылап тұрып «Нағашы әжем келді сен ұйықтап жатқанда, мені алып кетем деді... барғым келмейді...» деп еңіреп жіберді. Иленіп қалған төсегінен сүйретіле тұрып, баласының басынан сипап, құшағына қысып, ұзақ тұрды. Осы сәттен бастап адам сияқты өмір сүреміз, енді арақ ішпеймін деп іштей өзіне ант беріп те тұрды. Бірақ, бойынан өзіне берген сөзін орындайтын түйірдей жігер табылмай-ақ қойды. Оны екі күн өтпестен, малмандай су болып, көлдің жағасында жатқан жерінен көршісі тауып әкелді. Уақытымен тамағын ішпей, сабағын да оқымай жүрген ұлды нағашылары сол күні өз қолдарына алды да кетті. Бұған дейін ол ұлына қарап, бойына үміт жинайтындай болатын, енді ол күн де жоқ. Әркімнің жұмысын істеп, «жүзграмдатып» өмір сүріп жатты. Бірде өзінен төрт үй кейін тұратын Петровский деген ақсақалдың үйіне қора салуға шақырылды. Сол үйде өзі сияқты, бірақ, қала көрген Чупа деген замандаспен танысты. Бұны түбегейлі құртқанда, сол Чупа құртты. Үйін сатқызып, қаладан жұмыс істеп ақша табуға шақырды. Үй сату деген – аса қиын шаруа болмай шықты. Хабарландыру жариялағаны сол еді, ауыл-аймақ арасында хабар жатсын ба, көрші ауылдан бір кәсіпкер келіп, жүз елу мың теңгесін қолына санап беріп, саман үйді бұзып алды да кетті. Сол күні әйелі мен қызының басына барып қонып, ұзақ «сөйлесті». Жылады, сосын күлді, қайта жылады… Ақыры өмірді қайта бастаймын деп кесіп айтып кетті. Үйден түскен қаржыға дүкендегі қарызын төледі. Ауданға барып ұлына ұялы телефон, біраз киім-кешек, қант-кәмпитін алып, енесінің үйіне келді. Өткен екі жыл ішінде жатсынып қалған ба, әже мен атадан жасқанды ма, ұлы ашылып сөйлесе қоймады. Бірақ, қайткенде де бала ғой, телефон әкелгеніне қуанып қалды. Кешкі асты сол үйден ішіп, ұлымен қоштасып кетті. Қалаға барып жұмыс істеймін, сосын өз қолыма аламын, енді арақты қойдым деп уәде берді.
Ертеңінде Чупа екеуі Новосібірден келетін автобусты күтіп, Павлодарға апаратын жолдың бойында тұрды. Қаладан алыс шығып көрмеген байғұс, көңілі алып-ұшып, алдынан әлдебір жаңа өмір күтіп тұрғандай қобалжыды. Ал, жол болсын деп, досы екеуі еріксіз бір-бір стақаннан тастап жіберді…
Қазанның соңғы күндері болатын. Қалаға келе салып, Чупаның бір ескі жатақханада тұратын досына қонақ болды. Алдымен таныстық үшін, кейін сыйластық үшін деп өңеші құрғамай бір апта сол үйде жатты. Біраз күннен соң, қалтасында көк тиыны жоқ екі кезбе көше аралап кетті. Жұмысты қайдан іздесін, нәр татпағаннан асқазан қуырып барады. Алдымен тамаққа ақша тауып алайық, сосын жұмыс іздейміз деп Чупа көреген ақылын айтып, күндерді күндер жетелеп, зымыран уақыт сынаптай сырғып өтіп жатты...
Иә, бары осы. Алып қала оның басынан сипай қойған жоқ. Қара суығын ертіп келген қарашаның қара түнінде, қателікке толы ақымақ басын ұрғылап, өз өмірін өзі қарғап, қарыны удай ашып, бір ескі үйдің жертөлесінде жылымшы құбырды құшақтап жылап жатты. Бұрынғыдай ақыл айтып, жол көрсетіп, тапқанын бірге талғажау қып жүрген Чупа да жоғалып кетті…
Анда-санда тағдырластармен жолығып қалып, ащы судан ұрттап қойып, өмірге деген назаларын, қашан қалай шалынып құлағанын айтып бір жеңілдеп қалады.
Павлодар қаңтарының сақылдаған сары аязы қарып-ақ кететін. Базар жақта қол жайып отырып, күні бойы үш жүз теңге тапты. Жақын маңдағы дәмханаға бір қора суық пен жағымсыз иісті ілестіре кіріп барғаны сол еді, даяшы қыз кері қуып шықты. Жүгіре басып, вокзал жақтағы «Вокзал для двоих» деген дәмханаға келді. Бұл жерде азын-аулақ ақшаға тамақ алса, қалған-құтқан асты салып беретін Сәуле апай бар. Өлдім, құрыдым деп келгенде, сол Сәуле апайдың қолынан ас ішіп, аман қалады. Міне, тағы да қомағайлана ыстық көже ішіп отыр. Сәуле апай болса, әдеттегідей, ақылын айтып жатыр. Аяздан әбден қарайып, күстеніп кеткен қолымен аппақ жұп-жұмсақ нанды ауызына тығындап, арасында басын үнсіз изеп-изеп қояды, сөйлеуге шама жоқ. Енді бір аптадай өмір сүруге болады дегендей кейіппен дәмханадан бір сөмке тамақты арқалап шықты. Тоңып қалмас үшін бір жарты сатып алды да, ескі үйдің жертөлесіне түсті. Жалғыз өзі шөлмекті тауысып бір-ақ ұйықтаған, оянса, аяғы ашытып әкетіп барады. Жұқа шалбардан ыстық өтіп кетсе керек, оң аяғы күйіп қалған екен. Екі-үш күн тұра алмай жатты. Басына жастанған азығы таусылғанда ғана ақсаңдап далаға шықты. Өмір сүргісі келмесе де, аштыққа шыдар емес. Үйді айнала беріп, қоқыс жәшігіне қойып кетті. Алғаш рет. Тапқанын талғажау етіп отырып, ауыл халқын сағынды. Аш, жалаңаш жүрген жерінен талай рет тамақтандырған, киіндірген ауыл жігіттерін сондай жақсы көріп кетті. Ауылға қайтып кеткісі де келді. Бірақ… Енді үйі де жоқ, оған қоса баласына берген уәдесі есіне түсті. Сынық айнадан өзіне өзі зер сала қарады. Шаш пен сақал өсіп кеткен, киімі алба-жұлба… Жылағысы келді. Көзден жас шықпай өксік қинады келіп. Жылай алмаған қандай қиын еді деп, құбырдың түбінде ұйықтап кетті…
Күн қызарып батып барады. Табыншының даусы естілгені сол еді, алақандай көше борпа топырақтың шаңына көміліп қалды. Айнала азан-қазан. Бала шулап, бұзау мөңіреп, қыз-келіншек сиыр саууға кіріскен. Төлеген қой қораның есігін жаба бергені сол еді, көршісі қораға кіріп келіп «Бөтен қой бар ма?» деді де, жауап күтпестен бір тұсақтың сирағына жармасты. Екеуі алыса кетті!.. Оянса, түсі екен. Өзі сияқты бір қаңғыбас бұның басына жастаған дорбасын ақтарып отыр. Бес жылда бір көрген ең тәтті түсті бұзып жіберген кезбенің бетіне дорбаны лақтырып жіберіп, еңкілдеп жылай берді...
Толиктің жағдайы туралы хабар ауылға да келіп үлгерген. Үйінен дүкен ашып, саудамен айналысып жүрген алыпсатардың бірі базар маңынан көрсе керек. Толик – Төлеген ағаны мен де танитынмын. 200… жылы сол ауылдағы мектепке жас маман боп жұмысқа орналастым. Одан бері қаншама жыл өтті. Төлеген ағаның келіншегі мектепте еден жуатын еді. Есімде еміс-еміс елесі ғана қалыпты.
***
201… жыл. Желтоқсан. Астанадан Павлодарға іссапармен бардым. Түс әлеті еді. Әлдебір көшенің бойында «Ермак» деп аталатын аялдамада тұрмын. Ұсқынсыз бір ер адам ақсаңдай басып менің жанымнан өтті. Сақалы кеудесіне жетіп қалған қазақ екен. Шашы өсіп, бас киіміне сыймай, бұйраланып сыртына шығып кетіпті. Ақсақал деуге келмес, жасы қырықтардағы адам. Өзі бірдеңеге қобалжулы, асығып кетіп бара жатып, бұрылып соңына қарап тұрып қалды. Менен бес адымдай жерде тұр. Бірдеңе қажет пе деген сыңай танытып, сәл ұмсына қарадым. Ол болса, аялдамада отырған орыс жігітке жақындады. Аяғына екі түрлі етік киіп алғанын енді байқадым. Әлгі жігітке қарап, қалтасын қарманып бірдеңелерді айта бастап еді, ол жауап қатпастан автобусқа мініп кетті. Енді бұрылып, маған қарады. О, тоба… Мен енді ғана таныдым. Төлеген аға! Ауылдағылар оның өлместің күнін көріп жүргенін айтушы еді, осы күнде тірілер сапында жоқ шығар деп те ойлағанмын. Бар екен, тірі екен. Жанарына қарап тұрып, еш арман-аңсары жоқ, бір күндік өмір сүріп жүрген адамды ғана көрдім. Жүрегімді әлдене бүріп кетті. «Сәлеметсіз бе, сіз Төлеген аға емессіз бе..?»- дегенім сол еді, ол аялдаманы айналып кетті. Бәлкім, маңдағы адамдардан ұялып тұрған шығар деп, соңынан қалмай қойдым. Ақсаңдап барып тоқтай қалды да маған бұрылды. Міне, анық танып тұрмын. «Сізге ақша керек пе?» деп барынша мейіріммен қарап едім, «…Жо-о-оқ, елу теңгем бар ғой…» деп дүкенге жалтақ-жалтақ қарап, қалтасынан қолын шығарды да, «Соны қалтамнан ала алмай тұрмын...» деп күрсінді. Сөйтсем, екі қолын білегінен кесіп тастаған екен. Аялдамада отырған жігіттен де қалтасындағы тиынын алып беруін өтінгенін сонда бір-ақ түсіндім. Бір заманда жұмыс істеймін, жаңа өмір бастаймын деген адам тұр еді алдымда. Жаным ашып кетті. «Аға, ауылға қайтсаңызшы…» дедім, біраз үнсіздіктен соң. Ұялып, күлімсіреп «Сол... қайта алмай жүрмін...»- деді, даусы дірілдеп. Сол сәтте көзінен ауылға, ұлына деген сағынышты байқамау мүмкін емес еді. Бұл күні біздің ауылдың жағдайы жақсарған, қалаға жеке автобус қатынайды. Мен Төлеген ағаға ауылға дейін билет алып бердім. Арада бірер сағат өткен соң шағынавтобустың әйнегінен ол маған қол бұлғамаса да, күлімдеп қарап, қоштасып отырды. Кім біледі, қаншама қиындықты басынан өткергенін?.. Алмағайып шақта үмітін үкілеп жақсы өмірге қол жеткіземін деп жоспарлаған жаңа өмірі енді басталатын шығар деген үмітті арқалап мен қалдым.
Автобус вокзал бекетінен үлкен жолға шыға солға бұрылып, ауылға қарай тартты. Жолың болсын, Толик, Төлеген аға!..
Дәл осы сәтте, Қайнардың нағашы жұртындағы еңселі мектепте қоңырау соғылды. Оқушылар асыр салып ойнап, сыныпты көшірердей, апыр-топыр болып жатты. Тек, бірінші қатардың ең соңғы партасындағы ұл бала, сыртының сыры көшіп, қына мүжіген тастай тозған, ешқашан шырылдамаған, бір сəтке де сөнбеген телефонын кеудесіне қысып ұстап, терезеден далаға жаутаңдап қарап отырған еді…
Авторы: Әсел АСҚАРҚЫЗЫ