Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
Бұлақ басындағы шөл

Блогтар

30.12.2019
4548

Бұлақ басындағы шөл

АСХАД МҰХТОР

 

БҰЛАҚ БАСЫНДАҒЫ ШӨЛ

 

Оңтүстік Италия – өте әдемі өлке. Субтропик бақтар жылдың төрт мезгілінде де гүлдеп жатады. Бұл жердің сұлу табиғаты небір суретшілер мен жазушыларды өзіне ынтық етіп келген. Бұл жерлерді тамашалауға қазір де әлемнің түкпір-түкпірінен мың-мыңдап саяхатшылар келіп тұрады.

 

Ал, бұл жердің балалары табиғатының сұлулығынан ба, кім білсін, бәрі әнші болып келеді екен. Көшеде газет немесе нота сатып жүріп те, саябақтардың қиылысында тұрып каштан немесе кактус жемістерін сатқанда да өлең айтып,  ән салып тұрады. Алдарындағы жемістерін әнге қосып мақтайды. Алушылармен саудаласып тұрып та, үлкендер сияқты әлдебір итальян әнін ыңылдап айтып тұрады. Міне, сол үшін де олармен танысып, сөйлесу өте оңай.

 

Мен кактус алып тұрып бір бағбан баламен танысып алдым. Бұл да әннің арқасында. Бала кактусты таразыға өлшеп жатып «Санта Лючияны» айта бастады. Бұл әнді мен бұрыннан жақсы көретін едім, балаға қосылып шырқай жөнелдім.

 

О, Неапол, ғажайып мекен,

Тұнық аспаның күлім қағады.

Ерте таңмен жеңіл қайығым,

Ерке толқын тербеп ағады.

 

Санта Лючи-и-я, Санта Лючи-и-я!

 

Сөйтіп танысып алдық. Есімі Пьетро, жасы он екіде екен. Бұтына киген тар шалбары кактустың шіресінен жылтырап кеткен, бұйра шаштарына аппақ гүлдер қонақтап алыпты. Көпті білетін пысық балаға ұқсаттым. Неге екенін оған қызығып кеттім.

 

– Сен өте бақыттысың, Пьетро! – дедім оған.

 

– Неге? – деді ол таңданып. Мен жан-жағыма қарадым.

 

– Қарашы, қандай ғажайып өлке, ғажайып нәрселер! Бұларды көру үшін адамдар әлемнің түкпір-түкпірінен ат арылтып келеді. Ал, сенің жаныңда ғана. Мысалы, мен... Жиырма үш күн жол жүріп, он мың миль жерден келдім. Ал, сен мына ғажайып жерлерді қалаған кезіңде көре аласың...

 

Пьетро сөзіме түсінбеген секілді. Маған тағы да таңдана қарады.

 

– Қайсы ғажайыптарды?

 

– Міне, қарсы алдыңда Везувий. Біздің жақта бұл жанартау жайлы небір аңыздар бар. Ал, мына жағыңда атақты Помпей. Жақында ғана жер астынан табылған бұл ғажап қаланы ұзақ тамашалау сен үшін бақыт емес пе? Әне, сұлу Капри көрініп тұр. Ондағы сарқырама бүкіл әлемнің саяхатшыларының тілінде дастан болып жүр. Мен кеше ғана бұл суға жарты сағаттай көз алмай қарап тұрдым. Қандай тамаша десеңші! Табиғаттың  мұндай ғажайыптары басқа еш жерде жоқ!

 

– Сондай әдемі ме? – деді Пьетро жанарын үлкейтіп, сұраулы кейіпте.

 

Оның бұл сұрағына таң қалдым. Итальян баласы болса да жанында тұрған сарқыраманың сұлулығын менен сұрап тұр. 

 

– Сеніңше әдемі емес пе?

 

Пьетро көңілсіз басын төмен салды.

 

– Мен... Мен көрмегенмін... Мен Везувийді де, Помпейді де, Каприді да көрген емеспін. Бұлардың бәріне ақша керек, көп ақша. Менде ондай ақша жоқ.

 

Мен ернімді тістеп, ыңғайсызданып қалдым. Себебі, біз көрген ғажайыптардың бәрінің де өз қожасы бар еді. Олар саяхатшылардан жақсы пайда табатын. Мысалы, табиғаттың тамаша ғажайыбының бірі есептелетін бұлақ бір дәулетті ханшайымға тиесілі екен. Ол бұлақтың үлкен қақпасының алдына касса ашып қойған. Билетін қалаған бағада саттырады.

 

Есіме осылар түсті де, кішкентай Пьетроны жұбатпақ болып кеңес бердім.

 

– Пьетро, сен Помпей мен бұлақты міндетті түрде көруің керек. Тіпті, билеті өте қымбат болса да... Міне, мына кактус сатқан ақшаңнан аздап жинасаң, бір-екі айда бір билетке жетер ақша табасың.

 

– Мен өзім де солай істеп жүрмін,– деді Пьетро.

 

Мен оның шынында да пысық бала екенін білгем.

 

– Бірақ, бұл ақшаны тамашаға ысырап етпеймін. Оны мен әкемді көру үшін жинап жүрмін. Помпейді көрмесем ештеңе етпейді, бірақ, әкемді көрмесем азып кетемін. Анам солай дейді.

 

– Әкең қайда? Оны көру үшін ақша керек пе? – дедім таңданып.

 

– Әкем Соррентода кемеде жұмыс істейді.

 

– Ә, солай ма? Сорренто міне тұр ғой. Он бес шақырымға да жетпейді. Міне, үлкен жол, жүгіріп барсаң бір сағатта жетесің.

 

– Сорренто жолы ақылы. Жол біреудікі, ақша төлемесең бола ма?

 

О, ғажап! Басыма мың түрлі сұрақ келді. Жол біреудікі! Кең далада көсіліп жатқан үлкен жолдан мына кішкентай бала кішкентай ғана аяқтарымен жүгіріп барып, ардақты әкесін бір көріп келсе, немене жол жарылып кете ме?!

 

Ал, Пьетроның миына бұл сұрақтар кірмейді. Ол көз ашып, ес білгелі осы тәртіпті көрген. Бірақ, бұл тәртіп менің миыма сияр емес. Даладағы жолды  менікі деп жолаушыны тосып, пұл алса, табиғи бұлақты менікі деп есігіне сақшы қойып билет сатқызса, қираған ескі қала қирандыларын менікі деп иеленіп, қақпа сыртында саяхатшылардың қалтасын қақса – бұл не сонда?! Бұл қожайындардың табиғаттың бұл байлықтарына еңбегі сіңген емес қой! Неге бұл жандар Сорренто жағалауына зәулім виллалар салдырып, бел ауыртпай ақшаға мас болып жатады да, таңертеңнен кешке дейін еңбек ететін кішкентай Пьетро өз әкесінің дидарын ақысыз көре алмайды?! Неге?!

 

Ол арбамен кактус сатқанда барарда да, қайтарда да жолға ақша төлеуге тиіс. Ал, жолақының қымбаттығы сондай Пьетроның арбасындағы жемістің ақшасы бұған жетпейді. Ол бұл жемістерді оңайлықпен өсірген жоқ қой...

 

Олардың ауылын бір кездері Везувийдың жалынды лавасы шайып кеткен. Лава аққан жерде он жылға дейін шөп өспейді. Сол үшін де Пьетро анасымен теңіздің жағасынан себетпен жаңа топырақ тасып, бақ өсірді. Соншама мейнетпен өскен жемістің ақшасы Пьетроға өз отанындағы Помпей немесе Капридің сұлулығын көру үшін ғана емес, тіпті әкесін көріп келу үшін де жетпейді. «Сен бақыттысың, Пьетро» дегенім ойланбай айтылған сөз болып шықты-ау.

 

Мен оны мұңайтпас үшін әңгімені басқаға бұрдым.

 

– Родариды білесің бе, Пьетро?

 

– Білмей ше? – деді Пьетро. Жанары жарқ етіп зуылдатып өлең оқып кетті.

 

Егер мені Президент етіп,

Сайлар болса халқым сеніммен.

Барлық жерге бұйрығым жетіп

Таралатын еді кеңінен.

 

§1

Президенттің бұйрығы: - Жазда

Тұрмайды еш бала қалада!

 

§2

Бар балалар теңізде болар,

Қаражатын мемлекет төлер!

 

§3

Бұйрығымның үшіншісі деп

Альпі тауын сыйға тартар ем.

 

Қорытынды:

Кім бұйрыққа мойынсұнбаса,

Жазаланар, кетер айдауға!

 

– Көрдіңіз бе,– деді Пьетро өлеңді аяқтап. – Біздің тұрмысымыз әлі-ақ түзеледі.

 

– Әрине, түзеледі,– дедім мен іштей. Себебі, Родаридей ақылдылар солай ойлайды!

 

Аударған: Бақтыгүл АУДАНОВА


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: