Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПОЭЗИЯ
Донор және тек

Блогтар

22.11.2017
6589

Донор және тек

Донор және тек

Донор және тек

(Ел тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған

үздік әдеби шығармалар жинағына енген)

 

Ей, әңгүдік пенделері жалғанның

Мендегі мұң білем емес жалған мұң.

Мендегі мұң өз басымның қамы емес,

Мендегі мұң - өлеңге айтар арман мұң.

 

Уайым емес - мұңға оранып қабағым,

Бір тылсымнан сыр суырды қаламым.

Қуанышты бір-ақ күндік қонақ деп,

Ұлы мұңды ұстазыма баладым.

 

Менде үлкен екі мұң бар, біреуі,

Донор - қанның жұмбағын кім біледі.

Екіншісі тірі жесір әйел мен,

Тастандының тастай болған жүрегі.

 

Төзімімді төгіп алмай қасықтан,

Екі мұңды жеткізуге асыққам.

Дәт көзіне шұқып қалған сөз артық,

Өз көжесін жылап ішкен жасықтан.

 

 Мендегі мұң-жай мұң емес, асыл мұң.

Жүрек-ғұмыр, көңіл-сәуле, басым-күн.

Санамда ойнап сайтандардың сайраны,

Ақырзаман алқымына асылдым.

 

 

Донор

 

Мендегі мұң Ұлы құттан құралған,

Мендегі мұң түп атасы бір арман.

Бабаларым «қан бұзылған» деуші еді,

Донор бұзған қан негізсіз сыналған.

Донор - өзі қандай қаннан құралған?

Соны білу бір арман.

 

 

Бір халық бар, аспантекті, күн кепті,

Енді бірі иманжүзді үмбетті.

Әр халықтың өзіне тән салты бар,

Ұлттық өнер сонысымен құрметті.

 

Механика - бағындырып жер үстін,

Бұйымдары әдемі де келіс тым.

Өзіне тым шеберлігі сол елдің,

Техника - мәдениеті немістің

 

 

Ашылса да ақтарылмай аса тым,

Үнемменен тетікті де басатын.

Ұлы орыстың мәдениеті - эконом,

Әр қадамын есеппенен ашатын.

 

Сурып сап, ой өргізіп ғажап тым,

Қара сөзге өлермендей озат тым.

Айтыс - десе арқа қозған ардақты,

Мәдениеті - сөз өнері қазақтың.

 

Содан болар сөзге шешен олағы,

Бір мереке үйге келген қонағы.

Өлеңменен дүниеге келеді,

Кетерінде жоқтау айтып қалады.

 

Дархан көңіл, дала дидар салып ән,

Бүгін бізді бүкіл әлем таныған.

Бір-ақ ауыз сөзге ғана тоқтаған,

Қанымызда поэзия дамыған.

 

Қасиетке қадірлі етіп кей түнін,

Тағамды да талғап - таңдап жейтұғын.

Бір қазақтың талантына тамсанса,

«Қанында бар қасиеті» - дейтұғын.

 

Алауыз боп теріс кетсе кейде ұғым,

«Қаның бар» - деп туыс қамын жейтұғын

Марқұм апам кейігенде біреуге

«Қаны бұзық кәзіргінің» - дейтұғын.

 

Әдебі де, әзілі де жарасып,

Дархан көңіл жақсылыққа таласып.

Бір адамның өнеріне таңданаса,

«Тұқымында жоқ» - деседі бал ашып.

 

Ұрпағының ертеңіне жол салып,

Немересін  баласынан қалса алып.

Суып кеткен әкесіне ұмтылса,

«Қаны тартып тұр-ау» - дейтін тамсанып.

Қан - қасиет, жан да жұмбақ, о да сыр.

Бес қасиет - бес сезім бар, он асыл.

Жыртысарда ағайынның намысын,

«Қанымыз бір» - деп жатады жанашыр.

 

Ғалымдарға қанның тобы керегі,

Маған қажет тегі, түбі, өзегі.

Әлдекімдер араласып кетсе тым,

«Қаны бөлек бәрібір» - деп сөгеді.

 

Ата-баба қанындағы бар ағын,

Донор болды, ол да өмір талабы.

Қанмен келген сүтпен келген қасиет,

Тегін бұзып мәңгүрттеніп барады.

 

 

Бір денеге екі ғұмыр қосылған,

Менің мұңым «донор» десем тосын ба?

«Қосылмайды қандары» - деп жатады,

Мән бермейтін ірілік бар осында.

 

Жанайқай боп қанындағы тосын іс,

Күрестерді үйреткен де осы күш.

Бірақ, маған маза бермей келеді,

Зерттелмеген қандардағы қосылыс.

 

Донор-қанша кезеңдердің керегі,

Қилы соғыс көргендердің өзегі.

Кімнің қанын кімге құйды кім білсін,

Бүгін менің айтпағым да сол еді.

 

* * *

 

Тумысымнан тайталасты жек көрдім

Жақсы-жаман қайшылықты көп көрдім

Қан қадірін мүмкін мәңгі білмес ем,

Донор сырын өз басымнан өткердім.

 

Әйел үшін бала сүю бақ кені,

Бала-бесік, жас ананың көктемі.

Дүниеге сәби келер шақтағы,

Жандәрмен күй, өмір неткен тәтті еді.

 

Өмір дәнін тәтті түннен татып ап,

Толғақ сырын ащы күннен сатып ап,

Бейопа күн, түн-тылсымға мас болған,

Бәріне құп, әйел неткен ақымақ.

 

Мазамды алып қатері мол ай толғақ,

Бірде қатты, бірде баяу, жай толғап.

Шыбындай жан жанарымда шыңғырды.

Емханаға бардым күпті ой толғап.

 

Әйел - бесік, ажал-өмір таласып,

Жансауғалап жанға сая қарашық.

Ақ халаттар ақ кептер боп үндесіп,

Жанұшырды тірлігіме жол ашып.

 

Ғұмыр - деген бар болғаны әңгелек,

Жанарымда жарық дүние дөңгелеп.

Қарашыққа сіңіп бара жатты өмір,

Бесік-өмір, зират-ажал тең келіп.

 

Қаламсабым ине болып, сыр сынып.

Үзілердей бір тылсым үн тұншығып.

Ең өкініш ажал қағып есікті,

Үлгермедім, жылау түгіл күрсініп.

 

Жедел жәрдем сиренасы безілдей,

Қан іздеді жан дауаға ем іздей.

Ажал жеңіп кетпесін деп өмірді,

Қарауылда жаным тұрды көз ілмей.

 

Қанша уақыт жаттым қайдам мен ессіз.

Бар ғұмырым бір-ақ уыс, елес-түс.

Жадымда әйтеу іңгалаған сәби үн,

Содан кейін ызың-сылдыр, көмескі із...

 

Өлеңімнің анасы - мұң аяулы,

Әкесі-нұр, аппақ түске боянды.

Адамға тән екінші атым-пендемін.

Сынға түстім, бір түйсігім оянды.

 

Таңды көріп үмітімді үдеткем,

Күнді қайтем, сағатымды сын еткен.

Есім жисам, аппақ бөлме ішінде,

Донор құйып жатыр екен білектен.

 

Қан қабылдап ерлігі жоқ еп білек,

Жанар жасын  омырауға төкті кеп.

Тегі жоқ қан өгейлігін танытып,

Тулап жатты туған қанды тепкілеп.

 

Тамырымнан тамызылған сықпа қан.

Бойға тарап жатқанымен шықпа жан

Бөтен қанда қайдан болсын қасиет,

Сүйегімнен сығымдалып шықпаған.

 

Өмір-өлім, тайталасқан жанда егес,

Уақыт - деген сағым - сәуле, мәңгі елес.

Адасу бар, таласу бар тірлікте,

Жүріп жатыр басқа түгіл қанда егес.

 

Бүкіл әлем паналаған қарашық,

Ақын-жүрек тіршілікке таласып.

Таң сыз беріп атып келе жатқанда,

Түн үрікті, қараңылық бел асып.

 

Сайтан еміп өлеңімді шыңдағы,

Ақын тірлік таңды көрді, сынбады.

Тірі  дене жанды тастап кете алмай,

Таң тылсымы тереземді тыңдады.

 

Мен - адаммын, шешілмеген жұмбақпын,

Жүрегімді жаратқанға тыңдаттым.

Ақын кеуде тіршіліке таласып,

«Алдиярлап» - тәңіріме тіл қаттым.

 

- Ей, жаратқан,үнім  сені таба ма,

Мен денемін, сен жараттың бағана.

Жанымды алсаң қарсылығым жоқ менің.

Қанға сіңген өлеңімнен садаға!

 

Сен жаратқан мен бір тамшы ғаламмын.

Ишара мен ымнан ғана жаралдым.

Тылсым сыры сенің ғана жұмбағың,

Қандағы тек - құпиясы адамның.

 

Деп тәңірге сырымды айттым көктегі,

Көрер жарық аз ба, әлде көп пе еді.

Тірі жүрген күндеріме не шара,

Қанымдағы қасиетім өкпелі.

 

Өмір - деген отарбада отырып,

Тамшы ғұмыр, кетті шеті кетіліп.

Қарғып кеттім көпірінен ажалдың,

Шалыс басқан күндеріме өкініп.

 

Аман-есен жаным қалып өлімнен,

Үйге оралдым. Сыртқа жақсы көрінгем.

Екі адам боп екі жаққа бөліндім,

Бір белгісіз мінез көріп тегімнен.

 

Қайран баба!

Даналығы дара тым

Қатыгезді «қансыздық» деп табатын.

Ауылға бір қасиетті жан келсе,

Бала аузына түкіртіп ап қалатын.

 

Бас өзімнің басым емес, ойын қап.

Денемді Ұлы майдан шебі сойылдап.

Бөтен жанды қаңғып келген қан қайтсін,

Сырқаттансам қорғану жоқ бойымда.

 

Адастырып ақ үн-ақын сезімді,

Болмысымның күрделісі көз ілді.

Таныс емес жат қылықтан жасырып,

Өзімді іздеп, алып қаштым өзімді.

 

Көркем сөздер көсіліп кеп, тепкілеп,

Көз алдымда қайшыласып жекпе-жек.

Түсіме еніп сөз киесі кіртиіп,

Теріс қарап отырады өкпелеп.

 

Шайқалып кеп шабытымның шырағы,

Опа таппай ойларымның сұрағы.

Қаламымды алсам болды қолыма,

Базар жаққа кеткім келіп тұрады.

 

Бір белгісіз алақашпа ұлар күн,

Мазамды алды. Қадірлі еді құмар күн.

Табиғатым қыдырымпаз емес-ті,

Көрші үйлерден шай ішуді шығардым.

 

Бірде жатпын, енді бірде өзіммін,

Көзімді ашып, күдікпенен көз ілдім.

Ата жауым аузыма еніп кеткендей,

Бойымда бір жат ғұмырды сезіндім.

 

 

Күндіз-күнмен, түнде-аймен тілдестім,

Қалам алып, қара өлеңмен үндестім.

Бірақ, мейір, шабытым жоқ бойымда,

Айдалада адасқандай күй кештім.

 

 

Адам өзін таба алмаса жүзге мін,

Осы ма деп өлеңнен қол үзгенім.

Кітап оқып, өлең жазып, ән тыңдап,

Құмар қанар кездерімді іздедім.

 

Бейтаныс қан жан танымым иектеп,

Болғанымен бойға-жылу, сүйекке-ет.

Сезілмейді баяғыдай күш-қуат,

Дертке қарсы күресуге ниет жоқ.

 

Тар құрсаққа тарыдай боп сиған күн,

Кең дүниеге көрік етіп қиғанмын.

Енжар тартып бойымдағы өз «менім»

«Иммунитет» тегін жойды иманның.

 

Бұдан бұрын өжеттеу ем, өткір ем.

Күдігімді қаннан іздеп көп бүгем.

Иммунитет - дегеніміз қазақша,

«Иман» - деген қастерлі сөз деп білем.

 

* * *

 

Бес жыл өтті. Мен өзімнен адастым,

Ішкі алпарыс. Қарсы тұрдым, таластым.

Өзімді-өзім тани алмай толғанып,

«Мен кіммін» - деп оңашада бал аштым.

 

Естіген ем, бір азамат кезінде,

Соғыс жылы Украйна жерінде

Опат болған әкесінің мүрдесін,

Елге жерлеу аманат деп сезінген.

 

Жылдар бойы іздеп әке моласын,

Сұрай-сұрай құдайға айтып тобасын.

Бір топ солдат көмген жерді қазғызып.

Оқытыпты әкенің жан азасын.

 

Бірнеше адам қатар-қатар жерленген.

Еті кеткен қаңқа сүйек жерге енген.

Қырық жылдай жерге сіңген сүйектен,

Әке мәйітін тани алмай сенделген.

 

Ақыл айтар, бұл жерде жоқ жақыны,

Нартәуекел! Жігерленіп батылы.

«Ұрпақ қаны сүйекке тез сіңеді»

Түсті есіне анасының ақылы.

 

Көңіліне медеу тұтып аңызды,

Қанның тегі қашаннан-ақ маңызды.

Бір саусағын тіліп қанын ағызып,

Моладағы сүйектерге тамызды.

 

Күдік жеңіп, босап көңіл діңгегі,

Жазмышында жазылған бір сын ба еді.

Бірнешеуге көріп еді тамызып,

Кеуіп қалған сүйекке қан сіңбеді.

 

Азаматтың үзілердей үміті,

Ананың да ағат-ау деп үгіті.

Немкеттілеу тамызды бір сүйекке,

Соған сіңді тамған жерін жылытып.

 

Сенім жеңіп көңілінде қауіпті,

Қаннан тауып қасиетті «тәуіпті».

Сөйтіп бала әкесінің сүйегін,

Қан арқылы адаспай-ақ тауыпты.

 

Бір түйір қан болмыс болып ұйытқы,

Бар жұмбақты түйір қанға түйіпті.

Атамекен - топырақтан исініп,

Қан сүйектен бөлінетін сұйықтық.

 

Медицина - адам тану, ғаламат,

Сырқаттарды аман сақтау аманат.

Тән саулығын тәуір қылып жатқанда

Жан саулықта кетіп жатыр сан ағат.

 

Тіл деп, діл деп айқай салып келеміз,

Жат қылықты кәзір жиі көреміз.

Ғасыр бойы донор көрген ұрпақпыз,

Қанды зерттеп іздемейміз неге біз?

 

Қанағатқа тағат іздеп сан қырдан,

Сұрағыма жауабым жоқ оңдырған.

Қанның тобын айырғанда ғалымдар,

Тегін неге назардан тыс қалдырған?

 

Донор - кім ол? Өспей қалған бір жан ба,

Мейірімсіз, қайырымсыз сырдаң ба?

Бұзақы ма, еті үйренген есер ме,

Бабасынан түсіп шыққан  зынданға?

 

Донор - ол кім? Орыс,  неміс, қазақ па?

Елім деген дана ма, әлде  озат па?

Бәлкім басқа жақтан келген  итаршы,

Сатқын ба әлде, жанын салған азапқа.

 

Бір адам бас қасиеті қолында,

Бір адам бар табысы бар жолында.

Өсек айту, атақ қуу, қыдыру,

Қанында бар қасиеті оның да,

 

Бір адам бар сан өнердің иесі,

Бір адам бар әсемдікке тиесі.

Жылпос - жуас, адал-арам, қуаяқ,

Ол да қанның қасиетті киесі.

 

Қайдағы бір кіріптарға мақұл боп,

Жо-жоқ, менің жеңілуге хақым жоқ.

Тылсымы көп қасиетті бір түннен,

Жаралғанмын, келгем қайсар ақын боп.

 

Мен осылай екі адам боп сенделдім,

Алакөлді ала жанға ем көрдім.

Тауға барып, көлге түсіп су ішіп,

Туған жердің топырағымен емделдім.

 

Табиғатым - мекеніме таңыла,

Туған жерім қуат берді жаныма.

Алакөлім шабытымды оятты,

Кіндік кескен жерді тартқан қан Ұлы, ә!

 

Текті-тексіз қандағы егес даулардан,

Сөйтіп менің шыбын жаным сау қалған.

Адам болу, өсу, өну, тек қуу-

Бабаларым баса назар аударған.

 

Бұғып жатқан қасиетім тереңде,

Сүйексіңді өлеңіме сенем де.

Әлем ұйып қарасөздің күйіне,

Құрымайтын қуат бітті өлеңге.

 

Көп алысқан, жанның кейіп киесі,

Қайта оралды ақындығым тиесі.

Анда-санда ала қашып тұрады,

Бойымдағы бөтен қанның иесі.

 

Тәуба, кәзір ақын да өзім, ес те өзім,

Мен жеңбесем ақындығым еске сын.

Пенделердің бойындағы қанында,

Алла берген бес қасиет, бес сезім.

 

Адам жаны тазалығы иманның,

Иманы жоқ шайтанға үміт қиған күн.

Ай сияқты адамдардың жүзінде,

Жасырылған сырды көріп қиналдым.

 

Қилы-қилы донор жолы жанды ұрлар.

Ғасырлардан сарқыт алған тағдыр бар.

Мәңгүрттіктің жетегінде кетеді,

Тамшы қаннан талқан болған тағдырлар.

 

Тарлан ойдан тамырланып таңдайлы үн,

Жын дем салған «интердонор» жандаймын.

Қарай алмай қасіреттің бетіне,

Өз мұңымның жанына кеп жантайдым.

 

 

Тек

 

Бір ауылдың бой түзеген көркемі,

Құрбылардың қызығы да, көркі еді.

Ойда-жоқта сері жігіт кездесті,

Екеуін де бұла сезім өртеді.

 

Қыз қалаған қыран жігіт көрікті,

Арқа жақтан ән салуға келіпті.

Қос бұрымы құла белге төгілген,

Қыз да сұлу сүйкімді еді, көрікті.

 

Он-он бес күн бірге жүрген қыз-жігіт,

Қоштасты да, бір-біріне үздігіп.

Мәңгі ғұмыр кешеміз деп серттесті,

Арасанның құмар гүлін үзгізіп.

 

Ғашық-сұлу, бақыт-сұлу десе дем.

Екеуі де мәңгі болса есе тең.

Бір жалт етіп сорға сүйрер бақыттың,

Сонша тәтті болатыны несі екен?!

 

Ер жігіттің өзіне ұнап талғамы,

Бақытты бір отау құру арманы.

Шығыс  пенен Арқалықтың арасын,

Ыстық көңіл, ғашық хаттар жалғады.

 

Өмір бойы өтеміз деп «тек құшып»,

Қыз қалауы - жар жылуын жеткізіп.

Төрт айдан соң қайта келген жігітпен,

Арқа жаққа аэрожолмен кетті ұшып.

 

Жеті жылда сылдырлатпай кесені,

Балалармен жалғас тауып жетегі.

Көз тиді ме, сөз тиді ме кім білсін,

Ың-шыңсыз-ақ ажырасты екеуі.

 

Арға бағып, күтпеген бір тосынды,

Әйел-төзім жалғыздықтан тосылды.

Талақ болған шымылдықты талқандап,

Сан жесірдің қатарына  қосылды.

 

Екі бала етегіне жылап көп,

Байғұс ана жатақ үйді тұрақ деп.

Үйсіз-күйсіз тауқыметті көп көрді,

Дүниеде шешуі жоқ сұрақ көп.

 

Ішінде өліп әйел-әлем құштары,

Өзіне аян, қайрақ көңіл ұстамы.

Күлгені де, жүргені де сезікті,

Күйеуі бар әйелдердің дұшпаны.

 

Айтылмас сөз арға ауыр ой тастар,

Мұны жақсы түсінеді жайластар.

Есік көрген, бесік көрген әйелдің,

Өзегінде айтылмайтын айқас бар.

 

Уақыт емші-жараны емдеп жұбатты,

Тағдыр тезі сан қырынан сынатты.

Бес жылдан соң отау құрды қайтадан,

Сөніп қалған қайта жағып шырақты.

 

Сынға берік, сырлы құлып сол ана,

Бір еркекпен таныс болды томаға

Әйел болу құқығына қол қойды,

Табиғатқа қарсы келіп бола ма?!

 

Жар-құшақтың қажетінен жоғары,

Әке-құшақ аса қажет боғаны.

«Жолдан ерген жолдас болмас»- десе де,

Әйел - тілек, бір еркектің боданы.

 

Тұрмысының біраз серпіп ауырын,

Екі жасты құптағанмен қау ұғым.

Жар құшағы табылғанмен әйелге,

Әке құшақ жаза алмады бауырын.

 

Сезім-шексіз, әйел бағын асырған,

Секем көңіл сан соқта  боп басылған.

Теңізден де терең зындан кеудеге,

Әйел ғана барлық сырын жасырған.

 

Сынық көңіл бір-біріне кірігіп,

Бірде түйреп, бірде сүйреп жүз үгіт.

Сырт көздерге бәрі жақсы болғанмен,

Бұл отауда бір өкініш, бір үміт.

 

Қосағының таныған соң кейібін,

«Бала-байлам» деп жатады кей ұғым.

«Әке-құшақ жылынсын» - деп ойлады,

Нәрестенің сезінген соң мейірін.

 

Тәуекелге  жүрек жібі жалғансын,

Қыз әкелді «Әке көңіл алдансын».

Бірінші жар құдай қосқан қосағың,

Екінші жар-адам қосқан алдамшы.

 

Бірақ, бәрі сиғанымен ұяға,

Жат балапан жат құшаққа сия ма?

Жауатаңдатпай жеткізсем деп екеуін,

Сан түндерден ой ағытқан қияға.

 

Пенде-ғұмыр тіршілікпен таласып,

Туғаны үшін тумағанға жақ ашып.

Ашып-ашып бөліп беріп жатты өмір,

Тумаған мен туған бала арасын.

Тұтастырып балалардың таласын,

Ерінің де  ебін тауып жарасым.

Жалғап жүрген емші және адвокат,

Екі ірі мемлекет арасын.

 

Сырт көздерге жарасымды жар құшқан,

Ал ішінде ертеңді ойлап «ар» - дұшпан.

Қарапайым бір шаңырақ астында,

Екі ірі мемлекет аңдысқан.

 

Балалықтың бал қылығын сақ қылып,

Қабақ шытса бала көңіл кек қылып.

Жат баланы туыс ете алмады,

Қаны бөлек, өгей тірлік текті ұғып.

 

Төзім-сүлік, көңіл-көкпар, ой-азап,

«Жесір» деген сөзден ғана бой азат.

Кәдімгідей ұрсысудың өзі арман,

Әр сөзіңе сақ қараған саясат.

 

Бақытынан бір бүлінген секем ар,

Баласының бұртиғаны жеке дар.

Бір-ақ рет мына өмірге келгендей,

Әйел үшін бір-ақ рет неке бар.

 

Ажырасқан бір құрбысы - Данамең,

Екінші рет тұрмыс құрған баламен.

«Күйеуіңе сенен сәби керек»- деп,

Ақыл айтқан - «бала деген араға ем».

 

Сонда құрбы көзден көп ой өргізіп,

«Қайтем - деді балаларды  бөлгізіп.

Әкелердің жездедей-ақ жақсысы,

Тыныш қана жүргенім ғой ең қызық.

 

Рас, бала көңілі боп бар ынта,

Әйел үшін қажет емес тағың да.

Екінші рет сұрап алған некенің,

Сақтығы көп, бақыты да барымта.

 

Дер шағында ойлай алмай ар қамын,

Өкініштен тістейді әйел бармағын.

Жетімдердің назасының ауырын,

Жесірлердің азасының салмағын.

 

Ақылшының айтқан сөзін  құп алмай,

Енді міне толқын ұрған шынардай.

Шөре-шөре ұрпақ өсіп келеді,

Өз тегінің кім екенін біле алмай.

 

Жанкешті әйел мұны қалай сезбесін,

Сықыр-сықыр сүйрелейді өз көшін.

Балалардың тегін де айта алмайды,

Өгей әке көңіліне келгесін

Ана жұмбақ - тектің кілтін ашпайды,

Жалған туыс бауырына баспайды.

Құрақ өмір жалғандықты жамылып,

Іште  тынар айтылмаған аш қайғы.

 

Құрақ неке- мына өмірдің кеселі,

Дей алмаймын бақыты оның бес елі.

Тегі жоқтың туысы жоқ болған соң,

Бауыры суық қатыгездер өседі.

 

Ерсілеу сөз езе түсіп еңсені,

Тастандылар басып өтіп белшені.

Тірі жесір көбейгені жақсы емес,

«Қайтып келген қызды «жаман» - деуші еді.

 

Өмір заңы. Жағымсыздық жата ма,

Жаман әдет өрши түсті от ала.

«Тексіз» бала тәрбиелеп отырған,

Қанша отбасы мұны айтуға бата ма.

 

Қолдан жасап ертеңгінің азабын,

Бүгінгінің басты мұңын жазамын.

Жесірлерін жат есікте жүдетіп,

Жетімдерін жылатпаған қазағым.

 

Сан әуреңді серпіп тастап саналы ой,

«Аға өлсе, іні мұра» - даналы ой.

Болашақтың тегін ойлап, тереңдеп,

Әмеңгерлік ойлап тапқан данагөй.

 

«Тірі жесір» бізге жазмыш жазбаған,

Текті едік қой, бүгінгіме назданам.

Ер түріктің Алаш атты ардағы,

Қазағыма «тексіз» деген сөз жаман.

 

 

Жас отаудың желбіретіп бақ тағын,

Бата беріп «тыныш қыл» деп аң таңын.

«Кім қарайтса соныменен ағар» - деп

Көп айтатын шежірелі қарттарым.

 

Менің мұңым - әйел  мұңы осындай,

Қазақ қызы сын сұратса  тосын жай.

Не әйелдің санында жоқ мұңлықтар,

Не қыздардың қатарына қосылмай.

 

Мың күн емес, шөлмек бір күн сынатын,

Сағаттар бар адам жанын ұғатын.

Бейуақытта түтіндері үзілген,

Мың адамның мұңын кешкен бір ақын.

 

Кірпігіме ұялатып мұңымды,

Өлеңіме бесік етіп түнімді.

Тоңазыған төзімімді тербетіп,

Өз мұңымның жанына кеп жылындым.

                                               

 

                                                                            Алмахан Мұхаметқалиқызы

 

 

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: