Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ӨНЕР
Дүбәра фильмдер кімге керек? (мақала)

Блогтар

12.08.2017
5587

Дүбәра фильмдер кімге керек? (мақала)

~~                       Дүбәра фильмдер кімге керек?
Телеарналарға телмірген көпшлікке қандай фильмдер жиі  беріледі? Қай арнаны ашсаңыз да, бір сүлесоқ күй. КТК арнасы Е. Рақышевтың  «Әйгерім» атты фильмін тоқтаусыз ұсынады. Көркем фильмдерге ат қоюға «ерініп», басты кейіпкер қыздың есімін қоя салатын бағзыбір режиссерлердің ізімен Е. Рақышев та бұл туындысына қыз атын берген.Осылайша соқыр қыз Әйгеріммен бірге әлденеше рет «жылап-сықтадық».  Бірнеше күн қатарынан көгілдір экраннан көлбеңдеп кетпей қойса, «жыламауға» амал қалмайды екен.
   Жә, шалқып-тасуға тиіс  лепті «жібек мұңмен» алмастырғанымыз сөкеттік болмас... Бірақ  киноның бүкіл табиғатын ашатын атау  беруден кері тартатын «Жібек», «Айжан», «Әйгерім», «Қарлығаш», «Айман-Шолпан», «Айша» тәрізді қызатты кинолардың көптігіне қайранбыз. Соларға болмысын бедерлейтін бір ат неге тақпасқа деген ойға қалып жүрміз. Ал «Дүбәра» фильмі қызатты боламын деп, ақыры сызатты екенін білдіріп, айды аспанға бір-ақ шығарды.  Қазақтың баласына Дүбәра деп есім бергенін естуіңіз бар ма? Иә, бұл-режиссер Хамза Көксебектің көркем  фильмі. Дүбәра-бас кейіпкер қыздың есімі. Қазақ қызатты кинлоларының шеруі осындай оспадар атпен «ажары асты.» Х. Көксебектің мәлімдеуінше, кино қоғамдағы келеңсіздіктердің боямасыз бейнесінен туған. Алайда сол боямасыз шындық әшекей тақпаған әрсіз әйелдей көзге сүйелдей басылды. Сюжеттеріне еш дауымыз жоқ, бірақ сол өмір шындығын көркем түрде көрерменге жеткізу түрі тым жабайы. Табуды біліп, бала бағуды білмейтін қаныпезер әйел, некесін лайлаған арсыз еркек, ұрда жық, кеудемсоқ жасөспірімдер, пара десе жемтігін көрген құзғындай құлқыны ашылып сала беретін мұғалімдер-осының барлығы бүгінгі өмірдің шындығы бола тұра өте дөрекі, тұрпайы сипатта бейнеленген. Тастанды қыздың атын Дүбәра деп қоюы-қазақ тарихында болмаған ерсі дүние. Қазекем қыз атына келгенде тым романтик, аса талғампаз емес пе?! Тарихтан белгілі, Итбай, Итемген, Көтібар деген есімдер болған.Ер балаларға бұл аттар жарасып-ақ кететіндей сол заманда. Ал «тегі белгісіз, болашағы да бұлдыр» деп қыз баланы дүңк еткізіп Дүбәра деп атау қай шындыққа сыяды? Киноның басынан аяғына дейін Дүбәра қыз өз есімінің анайылығын аузына да алмайды, әкесінің таққан айдарына көңілі тоқ адамдай алас ұрмай-ақ жүре береді. Өз есіміне мән бермейтін бұл неткен ойсыздық?
  Бүгінгі қоғамды жайлап алған жемқорлық жайы тіптен оғаш көрсетілген. Аталмыш фильмді әр түрлі жастағы көрермендер тамашалайтынын ескерсек, әлі оң-солын танымаған балалар үшін бұл туынды «пара берудің биік үлгілері» болып табылмақ. Мұғалімге оқушының уыстап пара беріп, тыйым көрмей талтаң қағуы-асыра сілтеушілік. «Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық» деген ұғым кинода көрініс таппаған. Мұндағылар параны жең ұшымен емес, тікелей өзі лақтырады. Олар өзара сыбайлас та емес, әркім өз білгенін ғана шоқып жүргендер. Тәрбие ісінің меңгерушісінің пара алып, оқушыны «өзгеше тәрбиелеу тәсілін» кинодан көрген балалар не оңады? Мұғалімге деген онсыз да «шектеулі» құрмет қайдан өседі?Және бір сорақысы-ұстаздар рөлін сомдаған әншілер төменшік тартқан түрде ойнайтындығы. Мектеп басшысының бейнесіндегі Гүлнәр Сиқымбаева «келер комиссияны күтіп алу ережелерін» ашықтан-ашық айта береді. «Комиссияны күтіп алуды мұғалімдер өздері біледі» деп «жемқорлықтың шабағы емес, жайыны болып кеткендерін байқатады. Ұстаз тұлғасын танытуы тиіс болған әнші Нұрлан Еспанов мектепке емес, дүкен аралауға шыққандай қара дүрсін киіне салған. Бұл да қазіргі мұғалімдердің беделін түсіретін бір ағаттық деп атасам артық болмас. Ұстаз Нұрланның сөзінің сірағасы «әй» деп басталатыны да естір құлаққа жат.  Парақор мұғалім сыпайы сөйлесе, киноның мәні кеміп қала ма?Шашын ұзын өсірген,  джинсы шалбар мен футболка  «сәнін келтірген» ер мұғалім Қазақстанның қай мектебінде бар екен? Пара алса да, үстіне әжептәуір бір костюм кимеген бұл өзі қандай жемқор мұғалім? Кинода көрсетілген көріністерден тиянақты түйін таппай дал болдық. Кәріс киноларында аты шулы алаяқ дұшпанына «сіз» деп үн қатады. Ал біздің киноларда мұғалім «әй» деп әкіреңдейді. Түрік фильмдерінде киллер де, көлік жүргізуші де сымға тартқан күмістей сыптай болып киініп жүреді. Ал біздің киноларымызда мұғалім өзіне киерге костюм «таппай», джинсыны «малданып жүреді». Өз-өзімізді қор етіп көрсете беруден танбай-ақ келеміз...
  Дүбәра қыз бір шешеден туған бауырымен махаббат болып, кейін туған әкесінің құшағында бір бұлқынып, артынша өзін асырап-баққан әке-шешесін тастап, өзін сүйетін бір жігіттің көлігіне мініп кете беруімен кино аяқталады. Не түйсініп болады? «Біз- осындай шіріген қоғамның жексұрын, көзге қораш жаратылған бір мүшелеріміз. Лас, жиіркенішті өмір сүреміз»,-деген идея көтеріп тұр ма? Әлде «қазақ деген дұрыс киіне де алмайтын, тіпті жай сөйлем құрап сөйлей алмайтын, «дұрыстап» пара беруге де санасы жетпейтін, көшесінен тастанды бала кетпейтін кесірлі елміз» деген ойды уағыздасақ орынды ма? Өзімізді-өзіміз әсіре жалаңаш күйде жартыкеш етіп құлдилата көрсетуден қашан тыйыламыз? Дүбәра фильмдермен  дүмбілез ұрпақ тәрбиелеуге «тырысып жатырмыз ба?» «Адам болам десеңіз, бес асыл іс көнсеңіз...» деп хакім Абай айтқандай, ғибратты, өнегелі айтары бар фильмдермен ұрпақты  дүбәра күйден арашалап алып, адамдықтың, қазақтықтың биік шыңын көрсететін кинолар туар текті күн қашан орнар екен?!

Айзат Рақыш

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: