Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

30.06.2021
5788

Еске алсам

Ақтай ағаға

Сырластың Сырымбеттің саласымен

Мұңдастың Қамсақтының сағасымен

Бөлістің балғын шақтың бар қызығын

data-cke-saved-src=/upload/4533/2021/06/30/207cfe8db139dd91acf50121734c084b.pngҚазақтың Кәкімбектей баласымен

Төлеген Қажыбай

 

1976 жылы 2 курсты аяқтаған соң ағам Ақтай Әбілмәжінұлының үйіне демалысқа келдім. Ағам Уәлиханов ауданы «Золотая Нива» кеңшарын басқаратын. Ол көп ойланбастан:

 

- Кеңшар жұмысына аралас, демалысты еңбекпен ұштастырсаң жолыңа қаржы табасың, - деген сөзін екі етпей жұмысқа орналастым. Қол босаған кешкілік сәтте ағамды сөзге тартамын. Ағатайым сөзге тұйық істің адамы ғой дегенмен көңілденген кезде ауылы Сырымбетті еске алып, балалық өмірлерінің қилы сәттерінен сыр шертетін:

 

- Туған ауылым Сырымбет, бірақ ол кезде Казгародок деп аталатын. Қазгородок атауы қалай шыққанын айта кетейін. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында отырықшыландыру басталған кезде сол кездегі республика басшылары қазақтарға арнап қала салу ұйымдастырған. Оларды болашақта ірі әкімшілік орталықтары етпек болған сыңайлы. Мына іргедегі Еңбекшілдер ауданында Казгородок селосы, біздің Сырымбетте де Казгородок қалашығы салынды, бірақ сол «городоктардың маңызы» аудан орталығынан аса алмай қалды. Соғыс басталар алдында Сырымбеттің орта мектебінің бірінші сыныбына бардым. Мектепте Шота Уәлиханов, Кәкімбек Салықовпен бірге оқыдым. Пансионда керует жетіспей Кәкімбек Салықов екеуміз бір керуетте жатып сырымызды бөлісетін дос болып кеттік. Қазір олар ел танитын азаматтар болды. Қазірде кездесіп қалсақ өткен-кеткенде еске алып бір мәз болып қалатынымыз бар.

 

1942-1948 жылдары Мұсахан Қанапиянов Сырымбет орта мектебінің директоры болды. Ол жарқын мінезімен кең пейіл адалдығымен, жанашырлығымен, парасатты ақылымен балаларды бауырына баурап алатын. Біле білгенге ұстаздық деген ел тәрбиесінің ең мөлдір ең ұлағатты тұнбасы емес пе. Сол қасиет Мұсаханның бойынан табылатын. Осы жылдар мектептің оқу материалдық базасы нығайып білім беру сапасы республикалық деңгей дәрежесіне көтерілді.

 

Айта кететін жағдай ағайдың ерекше қасиеті дарынды талантты білімге аса құштар балаларды қамқорлыққа алатыны. Үміт күтер оқушылардың әрі қарай оқуына үнемі қол ұшын беруші еді. Мен мектепті алтын медалмен бітіргенмен, соғыстан кейін жетім балаларға оқуға мүмкіндік тапшы еді. Талап таудай болғанымен қаражат қылдай кесіп аяққа тұсау салған кез. Ол кезде Мұсахан аға облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болды сол кісіге көмек сұрап өтініш жазып едім. Ағай сөзімді жерге тастамай маған қаржылай, әрі рухани көмек жасады. Соның арқасында Алматы қаласында оқуға түсіп, жатаханаға орналастым.

 

Сондай-ақ, бізден жоғары класста Еркін Әуелбеков оқыды. Еркін Әуелбектің велосипеді болды, ол кезде елде одан басқа ешкімде жоқ. Дегенмен адамгершілігі мол Еркін бізді велик тебуге үйретіп, кейде оны мініп қыдырып кететін кездеріміз де болатын. Еркін Әуелбеков қазір Көкшетау облысының 1 хатшысы.

 

Сырымбет орта мектебінде Бәйкен Әшімов мұғалім болып істеді. Бәйкен аға менің әкем және әкемнің інісімен дос - жар еді. Бәйкен аға майданға алынып жеңіспен елге оралысымен халық шаруашылығында істеген қажырлы еңбегі арқаында қазір Министрлер кеңесінің төрағасы. Мен осы кезде:

 

- Айтпақшы ағатай 1974 жылы «Советский» кеңшарына Шәмші Қалдаяқов пен ақиық ақын Еркеш Ибраһим келіп оны қошеметпен қарсы алып едік қой. (Ол туралы «Әдебиет порталына» жазғанмын.)

 

- Иә Шәмші Қалдыаяқовты студент кезінен таныспын. Аралас-құралас дос болдық. Қазір атақты сазгер. Мені іздеп келген кезі ғой, -деп ойға шоматын.

 

Тамыз айы таң ата ерте жұмысқа кеткен Ағатайым үйге асығыс келіп:

 

- Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов және облыстың бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков бастаған басшылар біздің кеңшарға келіп шаруашылықпен таныспақ деген хабар алдым, өйткені біздің кеңшар аудан шаруашылықтарының алдыңғы қатарында болғанан соң ғой деймін. Сен ас дайындап қой, таныс кісілер, мүмкін біздің үйге кіріп шығамыз десе ұят болар, - деп Сәлимә жеңгеме ескерту жасап шығып кетті.

 

Түс ауа ағатайым қонақтармен үйге келді. Бәйкен аға мен Еркін аға менің анамды танып жылы шыраймен амандасып жатты. Ас үстінде анама Еркін аға:

 

- 1945 жылы сізге соңғы емтихан тапсырғанымыз есімде, - деді. Анам да:

 

- 1945 жылы кеңес одағында атестат және соған сәйкес алтын және күміс медалмен марапаттау рұқсат етілді. Емтиханды жоғары білімді мұғалімдерден құрылған емтихан мүшелері қабылдайтын болғандықтан Казгородок орта мектебі осындай мүмкіншілікке ие болды. Сол кезде Шұқыркөл ауылынан келген Айқын Нұрқатов және Нығымет Ғабдулин, Еркін сен де емтихандарыңды өте жақсы тапсырып едіңдер. Енді өзің ел қамын жеген басшы болып отырсың, Нығмет Ғабдулин мен Айқын Нұрқатов жазушы ғалым болды. Тек Айқынның өмірі ерте үзілгені өте өкінішті, әлі де берері мол жан еді, иманды болсын, - деді.

 

Бәйкен аға:

 

- Соғыстың қарсаңында Казгородок орта мектебінде мұғалім болып орналастым. Сол кезде мектепті Мұсахан Қанапиянов деген аяулы адам басқарды. Артынан облыстық оқу бөлімінің меңгерушілігіне дейін жоғарылады. Мұсекең бар ғұмырын бала жас ұрпақты оқыту оларды тәрбиелеуге жұмсады. Сол сияқты өзіммен қызметтес болған Нұрғали Оспанов, Уәлихан Жауаровты, Ғабдулхай Рамазанов сынды азаматарды еске алып жүремін. Ақтай інім, әкең Әбілмәжін, ағаң Кәмәкәймен де жақсы қарым-қатынаста болдым. Кәмәкәй ағаңа сәлем айт, - деп жатты.

 

Анам да:

 

- Жоғары оқу орнын бітіріп Казгородок орта мектебіне оқытушы болып орналасқанда, Мұсахан аға жас ұстаздарға ақыл-кеңес айтып, көмектесіп отыратын. Расында жаны жайсаң адам еді, - деді.

 

Мен үлкендердің әңгімелерін тыңдап отырып бір терең өмір белестерінен өткендей ерекше сезімде болдым... Қонақтар отбасымызға игі тілектер тілеп жолға жиналды, біз оларды ыстық ықыласпен шығарып салдық. Анам ағатайымнан:

 

- Басшылар қызметіңе қандай баға берді? - деп қонақтар кеткесін сұрап жатты.

 

- Иә Бәйкен аға мен Еркін аға «Чайка» машинасымен келді. Бәйкен аға мені шырамытыңқырап, сен Әбілмәжіннің баласы емессің бе түрің айтып тұр ғой деп Бәйкен аға менімен жылы амандасты. Еркін де ашық-жарқын амандасып туған-туысқандарымды сұрап жатты. Содан Бәйкен аға мені жанына отырғызып, егістіктерді аралап бітік шыққан егінге риза болды. Мал шаруашылығын аралап сауын фермасының жағдайымен танысып жоғары баға берді. Бәйкен аға: «Жарайсың кеңшарың туралы келер алдында таныстым зиянды шаруашылықтан пайда табатын шарушылық қожалығына айналдырыпсың» деп мені қолпаштап қойды. Шаруашылықта істеп ысылған жан ғой бәрін жіті бақылап жүр. Содан көңілі жайланған соң түскі ас кезі еді дала қосына бардық. Адамдар тамақтанып отыр екен бәрімен амандасып болып «Еркін асты аттап кетпейік, дәм татайық» деп Бәйкен дастархан басына жайғасты.

 

«Астарың дәмді екен» деп жұмысшылардың халдерін сұрағанға жұмысшылардың көңілдері көтеріліп, жұмыстарына кетті.

 

Не дегенмен «Ұлық болсаң кішік бол» деген емес осы қасиет Бәйкен аға мен Еркін ағаның бойынан табылып тұр, үлкеннің де, кішінің де тілін тауып менің ұжымымды қанаттандырып кетті, - деген еді.

 

Расында содан бері талай белестер өтті. Енді бүгін арамызда аты аталған адамдар мәңгілік мекендері жәнатқа кеткен. Имандары кемел болсын. Тек естеліктер арқылы анам мен ағатайымды ыстық ықыласпен еске алам.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: