Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПОЭЗИЯ
ҒАСЫРЫМ (цикл)

Блогтар

19.11.2017
5786

ҒАСЫРЫМ (цикл)

ҒАСЫРЫМ (цикл)

-1-

От алау менің де ғасырым,
Қып-қызыл майданда жүр елім.
Булығып жылаймын жасырын,
Қазақтың үні едім!

Жан болса жазайын, бойлайтын,
Тұйыққа тірелер жолдай бір.
Ал, өмір-театр, 
Ойнайтын,
Рөлім болмай жүр.

Ақынның жүрегі, тілегі,
Өлеңде бар дедім ұлы мән!
Жын-пері Қасымсып күледі,
Жолымнан бұрылам.

Обал деп ойладым түнекке әр,
Бір өлі тыныштық орнады.
Қазақты сүйетін жүрек бар,
Қажеті болмады.

Қасымға мен едім қарындас,
Көкейден кете ме қиял, ән?! 
Адам жүр адамды сағынбас,
Айтуға ұялам.

Арманның желкілдеп желегі,
Анасын баласы алдайды.
Арлы бол дегім-ақ келеді,
Ауызым бармайды.

Бұл өмір сыймай жүр үлгіме,
Қыз бен қыз - махаббат, үйленді.
Бойыма шым-шымдап сіңді де, 
Құлағым үйренді.

Күлге аунап тапқанда баласын,
Жоқ еді дестік қой қанда мін.
Көтердік нәресте наласын,
Күрсіне алмадым.

Оқыдым Қасымның хатынан,
Қан-жоса менің де кезеңім!
Төрт мезгіл ас ішіп отырам,
Өртенбей өзегім.

Алғашқы қадамнан кез інге,
Арбасқан, адасқан ару мың.
Меңіреу боп қалған өзім де,
Көмекке зәрумін.

-2-

Арқа тұтам ба, күн, айды,
Жерімді алса шұрайлы?
Жанарым сөнер шоқ болды, 
Жылап тұр жүрек... жылайды.

Мұңымды шағып көрем бе,
Қалай естіртем кереңге?
Сөзімді жұтып отырмын, 
Сиғыза алмай өлеңге!

Мейірім көрдім анадан, 
Жерден жедім ғой таба нан. 
Кімдер ол?
Түбі құшпастай
Анамды жесір санаған?

Қалай ермейді көшкінге ой!
(Ыза кернейді бермей бой).
Қазақтың қара жерінде,
Асыр сап ойнап өстім ғой.

Күңі болуға көнбеспін,
Құлы қылмайды Жерді ешкім!
Арқа сүйейтін жарыма,
Арқа жерінде кездестім.

Сөзім – сөз, қазір ісім мін, 
Жер басып жүрген кісіңмін. 
Қазақтың қара жеріне, 
Құрсақтан бала түсірдім.

Топырақ менің діңім деп,
Атырап менің құным деп,
Жүрелей жылап отырмын,
Жеріммен қоса дірілдеп.

Жер – анам келді хақым боп, 
Жер – анам берген затым көп!
Көзімді аштым, жұмғанша, 
Анамнан басқа жақын жоқ!

-3-

Қасың келді ғой, шекара өтіп шет елден, 
Зиялы қайда қазақтың басын көтерген?!
Ақындар келсе жұлқынып тегіс табанда, 
Ода жыр жазар.
Оған да қазір ет өлген.

Биіміз қайда, шықпады неге алаңға?
Жау болып алған бауырдың қолы жағамда. 
Өрлік керек пе, ерлік керек пе, білмеймін,
Әркім үйіне тығылып алған заманда.

Үш жүздің ұлы, қайдасың, батыл ерлерім?
Мейірім менен қамқорлығыңа кендемін!
Балаңды бағып, бабаңды тербеп тұрған -Жер,
Таланып жатыр тиыны болып теңгенің!

Үш жүздің ұлы, қайдасың, текті жігіттер, 
Ата-ана алаң, үмітті бала, күдікті ел. 
Қазақтың қазақ қанын ішкенін көріп ем, 
Қазақтың қазақ Жерін сатты ма? 
Біліп бер!

Байлық сатылды, 
Бала сатылды жыраққа, 
Қашанғы төзем қолдан жасалған сынаққа!
Жұмабек сынды біреу қалды ма ағадан, 
Жауап беретін - 
Жер жайлы даулы сұраққа!

Өзгеге енді қызың күң болса, ұлың құл,
Өзіңе өзің беретін бағаң, құның бұл!
Халқыңа жау бол немесе жаудың қолында өл,
Анаңнан еркек боп тусаң егер - 
Бірін қыл!

-4-

Кіжінемін мен осы күнде кімге?
Уақыт озып барады ілгеріге. 
Мақсат деген бойға шақ болмайды ма,
Соза берем қолымды күрделіге.

Мойындамай мейірім жоғалғанын,
Адастырды өзімді ой-арманым.
Жүзін бұрып әкеткен ағайынның,
Арқасынан қағуды қоя алмадым.

Жаным жүдеп кеткенде жылап алам,
Таңым атса күтеді сұрақ алаң.
Мыңның мұңын жыр етіп оқып кетсем, 
Мені тыңдап тұрады бірақ адам.

Көкіректі көбейіп арада кіл, 
Біреуі-дүр, біреуі-шала батыр.
Келген сайын танығым адамдарды, 
Таңданысым тым артып бара жатыр.

Сәби жүрек көргендер секемденді,
Албастының баласы екен деді.
Қара түндей меңіреу боп алғандар,
Қараңғы жай тұрғызып мекендеді.

Бірақ, бірақ әлемде лағыл басым!
Тағдырымның көтерсем тағында сын - 
Айуанға адамзат айналғанда, 
Адам болып кетті деп қабылдасын.

Шындығым сол - 
Қадаса сұғын әркім,
Түсіне еніп солардың құбыламын. 
Тартысуға пәрменім жетпегенде, 
Пәтеріме қашып кеп тығыламын.

Кейде енеді бір ой кеп санама ерен, 
Керімсалым сөйлесе пана көрем.
Құлақ кесті құл еді адам біткен, 
Ұлы ма деп Құдайдың қала берем.

Жан мен жырдың беделін бірдей қылдым. 
Жылуы аз жаныма күндей жырдың.
Қара өлеңнің соңында қалам ба деп,
Түн баласы көзімді ілмей жүрмін.

Болмайды ғой үнемі торығуға, 
Мен туғалы ғаламшар толы мұңға. 
Қос сәкіде адам мен ақын отыр.
..Жә, жә, бәрі өзінің орынында!


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: