Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

БЛОГТАР

21 сәуір 2021
463
0

Ынжық

А.П. Чехов

Жақында мен балаларымның гувернанткасы Юлия Васильевнаны есептесу үшін кабинетіме шақырдым.

 

–  Отырыңыз, Юлия Васильевна! – Қане, есептесейік. Сізге ақша керек болар, бірақ сіз өзіңіз сұрамайтын сондай ұялшақ адам екенсіз... Сонымен... Біз Сізбен айына отыз рубльге келістік... –   дедім.

 

–  Қырықтан еді ғой...

 

– Жоқ, отыздан... Менде солай жазылған... Гувернанткаларға ылғи отыздан төлеп жүрдім... Сонымен, Сіз екі ай тұрдыңыз...

 

–  Екі ай және бес күн...

 

–  Дәл екі ай... Солай жазыппын. Демек, сізге алпыс рубль тиесілі... Тоғыз жексенбіні шегеремін... себебі жексенбілерде Коляның сабағын қараған жоқсыз, тек қана онымен серуендедіңіз емес пе?...  үш мереке болды, оны да қосамын.

 

Юлия Васильевна саусақтары дірілдеп шілтерлі жағасын умаждап тыпыршыды, бірақ... жақ ашпады!..

 

– Үш мереке... Сондықтан, тағы да он екі рубль шегереміз... Коля төрт күн ауырып, сабақ болмады... Сіз тек Варяның сабағын ғана қарадыңыз... Үш күн тісіңіз ауырып, әйелім түскі астан кейін демалуыңызға рұқсат берді... Он екіге жеті қосамыз –   он тоғыз. Бұны да алып тастаймыз... Қалатыны... ім... қырық бір рубль... Дұрыс қой а?

 

Юлия Васильевнаның сол көзі қызарып, жасқа толды. Иегі дірілдеп, күйгелектене жөтелді де мұрнын тартты, бірақ бірде бір сөз айтпады!..

 

— Жаңа жыл қарсаңында сіз шай табағымен бір шай кесені сындырып алдыңыз. Екі рубль шегерем... Кесе қымбат, әрі ол отбасылық жәдігер... жарайды енді... Тәңір жарылқасын сізді! Біздікі қайда кетпей жатыр дисің? Сон соң, сіздің көз жазып қалғаныңыздың кесірінен, Коля ағашқа өрмелеп, сүртігін жыртты... Тағы онын алып тастайм... Қызметші әйелді де сіз қарамай қалдыңыз, ал ол барды да Варяның бәтеңкесін ұрлап әкетті. Сіз бәрін бақылауда ұстау керек болатынсыз. Сол үшін жалақы алып отырған жоқсыз ба? Сонымен, тағы бесеуін шегерем... Қаңтардың онында сіз менен он рубль алдыңыз...

 

–  Алған жоқпын, –   деп сыбырлады Юлия Васильевна.

 

– Менде жазылып тұр ғой!

 

– Жарайды, солай-ақ болсын... жақсы.

 

– Қырық бірден жиырма жетіні алғанда он төрт қалады...Солай емес пе?

 

Екі жанары да жасқа толды... Ұзын әдемі мұрнында тер көрінді. Байғұс қыз!

 

– Мен тек бір рет алдым, –   деді ол дауысы дірілдеп. –   Жұбайыңыздан үш рубль алдым... Одан артық алған жоқ едім...

 

– Солай ма? Қарай гөр, жазбамда жоқ қой ол! Онда он төрттен үшті шегереміз, он бір қалады... Міне, он бір рубліңізді  алыңыз, қымбаттым! Үш үштік... екі бірлік... Міне, осылай!

 

Мен оған он бір рубль ұсындым... Ол ақшаны алып, саусақтары дірілдеп оны қалтасына салып алды.

 

— Merci,  –  деп сыбырлады.

 

Мені ашу қысып ұшып түрегелдім де, бөлмеде әрі-бері сенделіп жүрдім. 

 

–   Не үшін merci дейсіз? –   деп сұрадым.

 

–   Ақша үшін...

 

–   Бірақ мен сізді тонадым ғой, тіпті, барыңызды тартып алдым! Сонда да merci дейсіз бе?

 

–   Басқа жерде тіпті, бермей де жүрді...

– Бермегені қалай? Бұл сіздің намысыңызға тимей ме?! Мен сізге жорта айттым, қатал сабақ болсын дедім... Сексен рубліңізді түгел беремін сізге! Ол әне, конвертте тұр!  Бірақ осынша ынжық  болуға бола ма? Айтыңызшы, неге бір ауыз қарсы сөз айтып, қарсылық білдірмейсіз? Неге үндемейсіз? Бұл дүниеде қасқыр болмауға, осынша қояндай үркек болуға бола ма?

 

Ол сап-сабырлы күйде жымиған кезінде, мен оның бетінен: «Болады!» дегенді оқыдым.

 

Васильевнадан қатал сынағым үшін кешірім сұрадым да, оған сексен рубльдің бәрін ұстатқанымда, ол маған аң-таң бола қарады. Гувернанткам имене көзін жыпылықтата мерсилетіп, шығып кетті... Артынан қарап тұрып мен «Күшті болып көріну — түкке тұрғысыз нәрсе екен-ау!» деп ойладым.

 

 

Аударған: Гүлнұр Исмағұлова

Аударма редакторы: Майра Айжарықова


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу