Блогтар
Кенжебектің күнделігі
Менің кешкісін күнде, тамақтанып болған соң, бой жазып қайту үшін аулаға шығатын әдетім бар. Сол әдетпен ауланы әрлі-бері кезіп, енді орындыққа отыра бергенімде, қоңыр түсті дәптер көзіме оттай басылды. Қағаз «кеміріп» үйреніп қалғандықтан ба, әлгі дәптерге еріксіз қол создым. Қолға алған соң, ішін ашып парақтайсың ғой?! Мен де сөйттім. Дәптер мұқабасына маржандай әріптермен «Күнделік. Иесі – Кенжебек Бекасылов, 8 «А» сынып оқушысы. Астана қаласы» деп жазылыпты...
Кейін белгілі болғанындай, күнделік иесі – менімен көрші тұратын Сәлімнің туған жиені екен. Астанадағы мектептердің бірінде 8 «А» сыныбында білім алады. Сабақ үлгерімі (Сәлімнің айтуынша) өте жақсы. Әсіресе, әдебиет пәнін сүйіп оқиды.
Кенжебектің Астанаға, соның ішінде көршім Сәлімнің үйіне келгеніне өте көп бола қойған жоқ-ты. Шыны керек, күнделікпен алғаш танысып шыққанда оны өзі жазды дегенге сеніңкіремедім. Сөз саптауында, сөйлем құруында мін жоқ. Дегенмен, кей сөйлемдерді әдеби өндеуге тура келді. Бір таңғалғаным – кейде ересектерді де толғандыра бермейтін жағдайларға оның бейжай қарай алмайтыны. Осындайда ұлы жазушы Марк Твеннің «Кішкентай балалар да үлкен түс көреді» дегеніне еріксіз иланасың.
Ірі денелі, қалқан құлақ Кенжебек көп бұзақы балалардай көрінетін көрер көзге. Алайда, жоғарыда айтқанымдай, күнделігімен танысқан соң, әлгі ойымның бекер екенін түсіндім. Сірә, бала жанын бірден ұға аласың ба?! Мектеп оқушысы Кенжебектің күнделігін оқып шыққан оқырман оның арманшылдығына, ақылды болып өсіп келе жатқанына көз жеткізеді. Болашақта жазушы болуды армандайтын жас талапкердің күнделігін (өзінің келісімі бойынша) қаз-қалпында жариялауды жөн көрдім. Ендігісі, қадірлі оқырман, сіздердің еншілеріңізде. Айтпақшы, күнделік иесінің аты-жөнін жария ету әбестік болар деп, есімін өзгертіп алдым.
29 тамыз
Бүгін Арқалық вокзалынан пойызға отырдым. Бағытым – елордамыз Астана қаласы. Қуанышымда шек жоқ! Енді ше, осы күнге дейін тек теледидардан көрген арман қалаға жол тартып барамын ғой! Шіркін, тез жетіп, «Бәйтеректің» ұшар басына көтерілер ме едім!? Бірақ Арқалықтан алыстаған сайын туған ауылымды біртүрлі сағынып бара жатқандаймын. Өйткені, кейде жүрегім шым ете қалады. Ересектердің алыста жүрсе, туған жерлерін сағына беретінін енді түсіне бастағандаймын...
Вагон іші тым қапырық екен. Менімен бірге екі ағай мен бір апай бар. Олар да көңілді келеді. Бәлкім, бұлар да мен сияқты Астанаға алғаш бара жатыр ма екен?..
Жолсеріктерімнің әңгімелеріне қарағанда, Астанаға ертең таңертеңгі сағат 08.40-та түседі екенмін. Мені теміржол вокзалынан күтіп алатын нағашым Сәлім ағаны да көрмегелі көп болып еді. Сірә, Астананы көру үшін ғана емес, нағашымды сағынғандықтан да тез жетуге асығатын сияқтымын...
Енді Елордада оқитын боламын. Мектебім, сынып жетекшім, сыныптастарым қандай болар екен? Ауылдағы Сәуле апай сияқты болмаса ғой сынып жетекшім. Біз орысша сөзді дұрыс айтпасақ, ол апайдан көресіні көреміз. Өзінің жүйкесі жұқарған ба, әйтеуір сәл нәрсеге бола бізге ауыр-ауыр сөздер айтады. Оны несіне жасырайық.
Жә, не болса да, мектепке, туған ауылға, ондағы достарыма, тіпті әлгі Сәуле апайға да ешкім, ештеңе жетпейді. Енді бәрін сағынатын болдым. Бірақ каникулда барып тұрамын ғой. Әсіресе, бізбен көрші тұратын 8 «б» сыныбындағы Әлияны да қимай барамын. Ол да менің Астанада оқуымды құп көргенімен, іштей қимай қоштасты. Кетерімде әдемі қаламсап сыйға тартты. Осы күнделікті сол қаламмен жазып отырмын. Айтпақшы күнделік жазуды алғаш бастадым. Бұрынырақта әпкемнің жазып жүргенін көргенім болмаса. Мана апам ауылдағы көрші саудагерге мені қосып, мұқият тапсырған болатын. Енді сол апай мені шайға шақырып жатыр.
30 тамыз
Сәлім ағам мені құшақ жая қарсы алды. Үй-ішінің амандығын, сабағымды сұрап бәйек болып жатыр. Қасына менімен түйдей құрдас баласы Әлімді ертіп алыпты.
Ол Астанадағы бір мектептің 8 «А» сыныбында оқиды екен. Бұдан қалды Оқушылар сарайындағы домбыра үйірмесіне де баратын көрінеді. Біз туыс болсақ та, бір-бірімізді көптен көрген емеспіз. Енді, міне, сәті бүгін түсіп тұр ғой?! Шашын бір жақ шекесіне қарай әдемілеп қайырған, мұнтаздай таза киінген Сәлім маған тіл қатты:
– Сенің есімің Кенжебек қой, иә?
Мен үнсіз басымды изедім. Үлкен қалаға алғаш келген соң жатырқап тұрмын ба, оны өзім де білмеймін. Әйтеуір өзімді біртүрлі сезіндім. Бірақ мұны ол сезді ме, қайта тілге келді:
– Неге үндемейсің?! Нешінші сыныпқа көштің?
– Сегізінші...
– Өй, екеуміз құрдас болдық қой?! Енді сені папама айтып, біздің сыныпқа қабылдатамын! Бізбен оқитын боласың! – деді ол екі көзі күлім қағып. Мен қуанып кеттім.
Нағашымның көлігіне мініп, Астананың оқтай түзу көшелерін бойлап тура үйге келдік. Тамақтанып алған соң, Әлім екеуміз қаланы аралауға шықтық. Шынында да, айтса, айтқандай-ақ, Астана өте әдемі қала екен. Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан «Бәйтерек», «Зажигалка» аталып кеткен ғимарат, «Нұр Астана» мешіті, Министрліктер үйі, қойшы, әйтеуір не керек, бәрі-бәрі керемет! Құдды шет елде жүргендей сезіндім өзімді.
– Анау тұрған биік үйді көрдің бе? – деді Әлім саусағын шошайтып. Нұсқаған жағына қарап:
– Иә, көрдім, – дедім.
– Сол үй «Триумф Астаны» деп аталады. Мұндай ғимарат тек Мәскеу қаласында ғана бар, – деді Әлім, бейне өзін мұражай жәдігерлерімен таныстырып жүргендей.
– Шынында, Кремльге ұқсайды екен, – дедім теледидардан көргенім есіме түсіп.
«Бәйтеректің» ұшар басына көтерілгім келгенін жаздым жоғарыда. Осы ойымды Әлімге айттым. Ол қарсы болған жоқ.
Содан не керек, Астананың көрікті жерлерін, ішіндегі океанариумда кәдімгі балықтар жүзіп жүретін «Думан» ойын-сауық орталығын да тамашалап, бір серпіліп қалдық-ау!
Енді маған ертеңгі сабаққа киетін киімдерімді дайындауым керек. Және де жаңа сынып жетекшіме гүл шоқтарын да алуды ұмытпауым керек. Өйткені, ертең 1-қыркүйек – Білім күні ғой...
1 қырқүйек
Мектебімдегі Білім күні мерекесі өте қызықты әрі жоғары дәрежеде өтті. Сынып жетекшім Айткүл апай да жақсы кісі екен. «Түсі игіден түнілме» дейді ғой. Апайымыз жылы шыраймен қарсы алып, бәйек болып жатыр. Әрі басымнан сипап қояды. «Өзің киелі Торғай өңірінен екенсің, Алаш ардақтылары Ахмет, Міржақыпты айтпағанда, көптеген айтулы ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері шыққан жер ғой, сен де жаман бала болмассың» деді.Осы сәтте іштей марқайып, туған жеріме деген сүйіспеншілік сезімім оянып әрі туған Торғайымды сағынып кеттім.
Сыныптастарым да жаман емес сияқты. Мәселен, Қайыржан, Әсет, Думан, тағы басқа балалар қасыма үйірсектеп, біраз әңгіме-дүкен құрдық. Бұдан басқа қызықты әрі маңызды ештеңе болған жоқ.
13 қыркүйек
Әдебиет сабағынан «5» деген баға алдым. «Абай атамыздың «Қара сөздерінен» қалағандарыңды жаттап алып, келесі сабақта айтып бересіңдер» деп Асыл апай тапсырма берген еді. Мен ақын атамыздың «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің бәрінін баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік...» деп басталатын Бірінші қара сөзін жатқа айттым. Асыл апай ерекше риза кейіпте:
– Балалар, көрдіңдер ме, сендер тек жаттап, тақылдатып айтып бермей, Кенжебек сияқты мәнерлеп оқыңдар, – деп бір көтеріп тастады.
Кенет, артқы партадағы пұшық Самат:
– Апай, ешқандай мәнерлеп айтқан жоқ! Қайта мұрнының астынан міңгірлеп... Ештеңе түсінген жоқпыз! – деп күңк етті. Бірақ оны елеген ешкім болмады.
16 қыркүйек
Мен үшін бүгін бір қызық жағдай болды. Қызық емес-ау, тіпті ұят нәрсе десе де болады. Таңертең өзім сабаққа асығып келе жатып абайсызда бір қызды соғып кеткенім. Содан ол маған шап ете қалсын: «Ей, ты что, слепой что ли?!» – дейді. Мен: «Кешір, асығып келе жатып...» – деп міңгірледім. Жоқ! Ол қояр емес. Қайта өршелене түсті. Даусы неткен ащы еді, шіркіннің! «Дурак! Мамбет!» деген сөздерін маған бағыттап көп айтты. Құрбыларымен сықылықтай күліп қояды. Мен ләм-мим демедім. Кешірім сұрап, мектепке зу етіп кіріп кеттім. Алайда әлгі қыздың орысша тақылдап «Дурак! Мамбет!» деп айтқанына мәз болып тұрған кейпі осы кезде көз алдыма келеді. Сондай да жынымның қозып кететіні-ай...
Айтпақшы, тағы бір қызық жағдай болған екен ғой. Әсет бүгін қолына татуировка жапсырып келіпті. Мұның не десек, «мода» ғой деп қарап тұр. Содан соң: «Ресей жұлдызы Тиматидің қолдарын, денесін көрмеп пе едіңдер?! Түгел сурет емес пе?! Бұл – нағыз сән!» деп қояды өзінше. Бірақ сынып жетекшіміз Әсеттің қолына жапсырған «өнерін» көріп қойып, сазайын тартты ғой, сабазың.
18 қыркүйек
Бүгін сыныптасым Саматпен төбелесіп қала жаздадым. Бірақ сабыр сақтап, өз-өзімді салмақты ұстадым. Өзім ауылдан жақында ғана келдім ғой?! Ол да біреуді мазақ қылмаса тұра алмайды-ау, тұра алмайды. Маған «Солақай, солақай, ұялсаңшы, балақай» деп өзінше ұйқастырып, әбден зықымды шығарды. Енді «шыдамның да шегі бар» демей ме?! Содан оған «мен солақай болсам, сен шошқасың!» деп айтып салдым. Балалар ду күлді. Ол маған жұдырық ала жүгірді. Балалар арашалап қалып, абырой болғанда төбелесе кеткен жоқпыз. Бірақ ол да бір пәтшағар екен, кекетіп, мазақ қылуын қояр емес.
19 қыркүйек
Бүгін – дүйсенбі. Бұл мектебім өзіме өте қатты ұнайды. Іші хан сарайындай кең әрі жап-жарық! Түрлі үйірмелер де жұмыс істейді. Спорт залы қандай керемет?!
Айтпақшы, бұл мектептің ашылу салтанатына Президент Нұрсұлтан Назарбаев атамыз қатысыпты. Сөз сөйлеп, осы білім ошағында оқып жатқан шәкірттерге зор сенім артатынын жеткізіп, болашақ – білімді ұрпақ қолында екенін шегелеп айтыпты. Мұны кезінде бейнекамераға түсіріп алған екен. Әр дүйсенбі сайын бәріміз, мектеп оқушылары еліміздің Әнұранын орындаған соң тамашалаймыз.
Міне, менің мектебім осындай! Осы білім ордасына қабылданғаныма өте қуаныштымын! Әрі мақтан етемін! Бұған себеп болған Әлімге де рахмет!
22 қыркүйек
Бүгін Саматпен тағы шекісіп қалдым. Сіздер мені «өзі бір бұзақы бала екен ғой?!» деп ойлап қалмаңыздар. Бәрін бастайтын Саматтың өзі. Жоғарыда айтқандай, сыныптағы балаларға қарадай тиісіп жүреді. Өйтпесе, көңілі көншімейді-ау деймін. Міне, сол «шошқа» үзіліс кезінде (мен солай атаған соң, барлық бала шошқа деп кеткен оны) менің қаламымды ұрлап алыпты сөмкемнен (Мен жоқта сөмкемді ақтарғанын Әсем көріп қойыпты. Сол айтқан маған). Ауылда қалған Әлияның сыйға берген қаламы ғой. Басқа қалам болса ештеңе емес, оны сұраса өзім де бере салармын. Ал сыйлықты қалай беріп қоярсың?! Содан оған:
– Самат, қаламымды қайтар! Оны ауылдағы Әлия сыйға тартқан, – дедім жаймен ғана (Әлияның атын не үшін атағанымды өзім де түсінбеймін).
– Оу, балалар, естідіңдер ғой?! Кенжебектің ауылында қалған «сүйікті» қызы сыйға берген қалам екен. Байғұс қыз алыста жүрсе де қаламды көрген сайын есіне түсіріп, ұмытпасын деген шығар, – деп сыныпты басына көтерді. Әрі шиқ-шиқ етіп қояды. Даусы, тілі неткен ащы еді, пәтшағардың!
Шыдай алмай кеттім. Енді ше, мұндай қорлыққа, мазаққа кім шыдасын?! Өзімді салмақты ұстағаныммен болмады.
Сөйтіп, Саматты кеудесінен итеріп кеп қалдым. Ол артқа қарай тәлтіректеп кетті. Басы қабырғаға соғылды, білем, баж ете қалды. Содан соң аз-кем басын ұстап тұрды да, маған төне ұмтылды. Абырой болғанда, қоңырау соғылып, сыныпқа мұғалім кіріп келді. Ал ол қаламымды дереу қайтара қойды. Бірақ оқты көзімен мені бір атты.
«Сабақтан шыққан соң төбелестің көкесі басталар» деп іштей қобалжығанмын. Бірақ олай болмады, ол маған қайта соқтықпады. Қаймығып қалды ма, ол жағы белгісіз.
Сабақ бітісімен автобус аялдамасына бет алғанмын. Кенет, ту сыртымнан «Кенжебек» деген таныс дауыс естілді. Сыныптасым Әсем екен. Ол салған жерден:
– Сен дұрыс істедің! – деді.
– Нені?
– Шошқа Саматты айтамын да. Оған қарсы келгеніңді айтамын да. Бұған дейін оған ешкім қарсы келмеп еді. Соған құтырған ғой ол. Өткенде менің шашымнан тартқылап қоймап еді. Бәлем, сол керек! Сен дұрыс істедің!
– Жә, Әсем, ештеңе емес, егер шындап келгенде, ол менен әлді, мықты. Бірақ мықтылық күшпен өлшенбеуі керек, біліммен өлшенуі керек! – дедім. Әсем құдды мені жаңа көргендей аңтарыла қарап қалыпты. Менің екі бетім ду ете қалды. Әрине, бұлай деп сөйлегенім бұл жерде орынсыз секілді көрінді. Алайда бұл – шын сөзім еді. «Білекті бірді, білімді мыңды жығар» дейді ғой?!
Әсем екеуміз үн-түнсіз қалдық. Осы ыңғайсыздықты мен мінетін №10 автобус бұзды. Әсеммен қоштасып, автобусқа еніп кеттім. «Ал енді мұнда отыру былай тұрсын, тұрып тұратын сүйемдей жер бұйырса ғой» дедім ішімнен.
26 қыркүйек
«Думан» ойын-сауық орталығы маңында «Астаналық парк» бар. Сонда кешқұрым бірер сағатқа серуендеп қайтатын әдетім бар-ды. Міне, сол саябақтағы ұзын жолмен жүріп келе жаттым. Шашын бір жақ шекесіне қарай қайырып алатын, бәтіңкесі күн шұғыласымен жарқ-жұрқ етіп, күнде жолығысатын шамамен 3-4- сыныпта оқитын бұл баланы бүгін тіпті танымай қалдым. Құлақ-шекесі қызарып кеткен, үсті-басы алба-жұлба, күндегі жалт-жұлт етіп тұратын бәтіңкесі шаң жұтқан. Мен «біреумен төбелесіп қалды ма екен» деген оймен жөн сұрадым:
– Балақай, саған не болды? Біреумен төбелесіп қалдың ба?
– Жай, әншейін, жаңа бір баламысық ағаштың басына өрмелеп алып, түсе алмай тұр екен. Содан дереу ағашқа шығып, түсіріп алдым, – деді күлімдеп.
– Өзің мысықты жақсы көретін болдың ғой? – дедім оны әдейі сөйлетпек болып.
– Иә, жақсы көрем! Оның есесіне, бұл әлі кішкентай ғой, – деді көзін сығырайта жымиып. Киімін бүлдіріп, денесін жарақаттап алғанына еш өкінбейтін тәрізді.
– Атың кім? – дедім шын білгім келіп.
– Атым Қайыр, төртінші сыныпта үздік оқимын! – деді дауысын көтере сөйлеп.
– Бәрекелді! Міне, нағыз азамат, жігіт екенсің! – дедім оны арқасынан қағып (Өзімді ересектер қатарына қосқан түрім ғой). – Ал әлгі мысық қайда? – Осылай деуім мұң екен, мияулаған дыбыс шықты.
– Ол – міне, – деп Қайыр аспалы сөмкесіне салып алған мысықты көрсетті. – Мұны үйге апарып, тамақ беріп асыраймын!
Осылай деді де, жүгіре жөнелді.
2 қазан
Астанада күн суытып барады. Әрі қай жақтан шыға беретіні белгісіз, әйтеуір дамылсыз соққан өкпек жел. Бір тыным жоқ-ау, тыным жоқ. Бұл жақта қыс қатты болады ғой. Қар молынан түседі. Бірақ қала көшелерінде тракторлар ерсілі-қарсылы жүріп, қардан тазартады. Сыпырады. Содан соң да жеңіл машиналар емін-еркін жүреді. Астанада өткен Жаңа жыл мерекесін теледидардан көргенім бар-ды. Сонда кәдімгі алаңда мұздан кішігірім қала тұрғызған. Құдды ертегілер әлеміне енгендей күй кешесің.
Жә, барлық қалада да қардан, мұздан алуан түрлі аңдар бейнесін жасап, қалашық тұрғызады ғой. Дегенмен, сол сәтте өзім Астанадағы Жаңа жыл мерекесіне өте қызыққанмын. Барып өз көзіммен тамашалауды армандағанмын. Енді, міне, биылғы Жаңа жылды, құдай қаласа, осында, елордада қарсы алмақпын. Астанаға барып оқуды армандап жүргенімді апам да сезді, білем, ол бір күні:
– Балам, Астанада оқығың келе ме? – дегені. Қапелімде аузыма сөз түспей қойды. Сондағы қуанғаным-ай, төбем көкке бір елі жетпей қалған шығар-ау! Тек апама қарап басымды изей беріппін.
– Елордаға барып оқысаң, керемет білімді болып шығасың! Онда сапалы білім беріледі. Балаларымның ішінде оқуға ынтасы бары тек сен ғана. Сондықтан сенен ештеңені аямаймын, құлыным. Тек оқы. Сенен мол үміт күтемін, ертең мектебіңдегі оқуыңды тауысқан соң, жоғары оқу орнына түсесің. Қаланың балаларына ере бермей, сабағыңды оқы. Нағашың Сәлімнен ұят болмасын, – деп қатты тапсырып еді анашым, мені пойызға шығарып саларда.
Енді тек оқу оқып, білімімді шындай беруім қажет! Президент айтқандай, ендігі болашақ – біздің қолымызда, достар!
Туһ, осы менің бірді айтып, бірге кететінім-ай! Ақыл айтуды да меңгеріп алыппын...
«Астанада күн суытып барады» дегенім – қыс мезгілінің де жақындағаны. Мұнда қыс ерте түседі ғой. Жыл мезгілдері ішінен өзім қысты қатты ұнатамын. Жер беті бейне жасыл көрпесін сырып тастап, ақ көрпесін жамылып алатындай. Ауа да тазарып, тынысың ашылады. Таза ауаны сіміре жұтып, рахат күй кешесің. Балалармен бірге қар атысып ойнайсың.
Ойын демекші, Торғайдағы мектепте үзіліс кезінде бір топ бала қар лақтырысып ойнап жүргенбіз. Кенет Асанға (сыныптасым) лақтырған домалақ «гранатам» қиыс кетіп, анадай жерде кетіп бара жатқан «Әдеп» пәнінен сабақ беретін Бәтима апайдың арқасына сарт ете қалғаны. «Енді біткен жерім осы болды-ау, қазір құлағым бұралып директордың алдына бармасам нетті?!» деп ойлап үлгергенімше болған жоқ, Бәтима апай:
– Қане, кім лақтырған? – деді бұрылып. Өзге балалар тым-тырақай қаша жөнелді. Мен де тұра қашуға оқталғаныммен, апайдың жүзінен ашудың нышанын байқамадым. Сондықтан да:
– Апай, кешіріңіз, лақтырған мен едім. Әрине, байқамай, балаларға... – деп міңгірлей беріп едім, Бәтима апай:
– Жарайды, ештеңе етпейді. Бірақ байқамаса болмайды ғой?! Мынау мектептің терезесін сындарсаңдар не болады? Әрине, сендердің әдейі лақтырмағандарыңды білемін. Бірақ мектептен алшақтау барып ойнасаңдаршы. Сосын, – деді маған жақындап, – Істеген ісіңді мойныңмен көтеріп, аналар құсап тұра қашпай, мойындағаның – үлкен ерлікпен пара-пар! Осы есіңде болсын!
Міне, құлағым да бұралмай, директорға да бармай аман-есен құтылдым. Алайда әлгі мұғалімнің орнында басқасы болғанда, сөз жоқ, менің ойлағанымды істер еді. Бірақ Бәтима апай өйткен жоқ. Бәлкім, сондықтан да болар, бар бала осы апайға үйір келеді.
4 қазан
Бүгін сыныпта гу-гу әңгіме болды. Сыныптастарымның сөздерінен ұққаным, 8-сыныптар арасында жұмбақ жасыру, мақал-мәтел айтудан сайыс өтпекші екен. Ол-ол ма, 8 «Б» сынып атынан сайысқа Болатбек шығады деген қауесет те тарап үлгерді. Болатбекті бөле-жара айтуларының себебі – ол 8-сыныптар арасындағы «атаман». Сөйтсе де ол, басқа сабақтарды қайдам, әйтеуір әдебиет сабағынан жақсы. Әсіресе, балаларға жұмбақ жасырып жүргені ылғи. Әрі мақал-мәтелді де жатқа айтудан кенде емес.
Міне, көптен күткен күн де жетіп, 8-сыныптар арасындағы сайыс басталып та кетті. Сыныбымның намысын қорғауға мен шықтым. Асыл апай құп көрген еді. Мұнда біз мақалдың немесе мәтелдің бастапқы жолын айтып, іле-шала жалғастырып кетуіміз қажет. Бұл оңай емес, әрине. Сонымен...
– «Мектеп – кеме...» – дедім мен Болатбекке сынай қарап. Ол жұлып алғандай:
– «Мектеп – кеме, білім – теңіз», – деді.
– «Жаңбыр жауса жер көгереді...»
– «Жаңбыр жауса жер көгереді, батыр туса ел көгереді»...
– «Атаңның баласы болма...» – дедім.
– «Атаңның баласы болма, халқыңның баласы бол»!
– «Еңбек етсең ерінбей...»?
– «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»...
Сөйтіп, не керек, Болатбек те оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Екеуара сайысымыз 5 минуттан асып кетті. Ол да намысты қолдан бергісі жоқ. Ата-әжесінің қолында тәрбиеленетін. Ал әжесі небір қисса-дастандарды, аңыз-әңгімелерді қымызша сапырады. Сол білгендерін немересіне де үйрететін көрінеді. Оны өзі айтқан кезінде. Содан да болар, Болатбегің мақал-мәтелге ағып тұр. Бірақ оның бұзықтығы да бір төбе. Жә, енді сайысқа қайта оралайын...
Мен бұл мақалды айтқанда, Болатбек білмей қалды ма, әлде білсе де ұмытып қалды ма, әйтеуір ол жағы маған беймәлім болды.
– «Білекті бірді жығар...» – дедім оған тура қарап.
Ал ол сол сәтте қызарақтап, төмен қарай берді. Бірде сыныптастарынан демеу күткендей оларға қарап қалқан құлағын кезек-кезек түріп қояды. Балалар у-шу...
– Болатбек, жеңілдің!
– Жоқ, олай деме, ол қазір-ақ жалғастырады!
– Ә, бәлем, саған сол керек!
Осы сияқты жамыраған сөздер залдың ішін алып кетті. Дегенмен, Болатбек жауап қатпады. Қайта маған қарап сес көрсетіп, шоқпардай жұдырығын түйіп қояды.
Осы сәтте мен оған тік қарап:
– «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар»! – деп айтып салдым. Балалар тағы да шулап қоя берді. Осы жолы маған қарата:
– Жарайсың, Кенжебек!
– Міне, азамат!
– Мақалшылын қара?! – деген сөздер қарша борады.
Осы кезде салы суға кеткен Болатбек жанымнан жанай өте бере:
– Солақай, біткен жерім осы дей бер! Шыққан соң, көресің көресіні! – деп сыртқа шығып кетті.
Бірақ кейін маңайыма да жоламады.
9 қазан
Бүгін бір жайсыз оқиға болды. Сыныпқа кіріп келсем, балалар маған бейне клоун көргендей күледі. «Ау, бұларға сонша не болған?» деймін ішімнен. Ал сыныптасым Әсем болса, ағыл-тегіл жылап отыр. Қызық?! Біреуі жылып жатса, енді біреулерінің шек-сілелері қатып күледі.
– Саған не болды, Әсем? – дедім оған жақындап.
– Анау! – деді ол Саматты нұсқап.
– Не анау? Айтсаңшы жөндеп?! – деймін.
Ал Саматтың екі езуі екі құлағына жетіп, күлкісін тыяр емес. Шиқ-шиқ етіп қояды.
Жағдай енді түсінікті болды. Әлгі пәтшағар Самат екен бәрін бүлдіріп жүрген. Тақтаға бормен «Кенжебек + Әсем = махаббат» деп жазып қойыпты. Әсем оны шүберекпен қайта-қайта сүртіп, өшірген. Ал Самат ерінбей-жалықпай қайта-қайта жаза берген. Содан, ызаға булыққан Әсем жылап жіберген екен.
– Мұның не, Самат?! – дедім оған жақындап.
– Мен не бүлдіріппін?! Сенің Әсемді жақсы көретінің өтірік пе? – дейді еш шімірікпей.
– Оны саған кім айтты?
– Ешкім де айтқан жоқ, оны өзің сездіріп алғансың. Диктант көшіруге сұрасақ, бермейсің! Есептен көмектесіп жіберші деп өтінгенде маңыңа жолатпайсың! Ал Әсем сұраса... – дей бергенде:
– Өшір үніңді! Әйтпесе...
– Самат, тағы да басыңды ісірейін деп пе едің? – деді артқы партада отыратын кетік тіс Әсет, өткендегі менің Саматты итеріп қалғанымды есіне салып. Осы сәтте Самат жым болды. «Мұғалім көріп қойса ұят болар» деп, әлгі жазуды өшіріп тастадым.
Бірақ Саматтың сөзінің жаны бар сияқты. Соңғы кезде Әсемді көрген сайын кішкентай жүрегім лүп-лүп соғатынды шығарып жүр. Бәлкім, «бала махаббат» деген осы емес пе екен?..
14 қазан
Бүгін талантты жазушы Төлен Әбдікұлының «Парасат майданы» атты хикаятын оқып бітірдім. Керемет жазылған шығарма екен. Кезінде танымал жазушы Әбіш Кекілбайұлы осы туынды туралы: «...қайталап айтып беруге келмейтін зұлмат хикая. Оны оқып отырып, ойың он саққа, санаң сан саққа жүгіріп, ойланасың, тебіренесің. Ойлаған сайын ойсырай құлазып, тебіренген сайын теңселе күйзелесің. Нағыз өнердегі «шок терапиясы», - деп жазып, жоғары бағасын берген. Айтса, айтқандай-ақ, бұған, әрине, алып-қосарым жоқ. Ол қайдан болысн әрі... «Парасат майданын» оқыған әр оқушы Әбіш ағамыз сияқты күй кешері хақ.
Жалпы, жазушылардың ішінде маған Төлен Әбдікұлының шығармалары ұнайды. Әсіресе, «Оң қол» атты әңгімесі санамда жатталып қалыпты. Бейжай қалдырмады. Сәтті шыққан әңгіме. Бәлкім, өздеріңіз де оқыған боларсыздар?! Қысқаша мазмұны мынадай: ауруханада жатқан Алма есімді жас қыз адам естімеген сырқатқа шалдығады. Естен танып қала береді. Сол кезде... оң қолы тарпа бассалып, қызды қылқындыра бастайды. Бұл сырқаттың сырына жете алмай әуре-сарсаңға түскен дәрігерлер ақыры қыздың қанын зерттеуге кіріседі. Сөйтсе, қыздың ата-бабаларында оң қолын қанға батырған жан болған екен. Қаны қуалап атасының жасаған қылмысы енді келіп ұрпағын тұншықтырады екен. Демек, бұл үлкен этикалық философия, яғни қылмыстың ақыры жазасыз болмайтыны жайлы тұжырым, сақтандыру десек болады. Өмірдегі шексіз адами тазалық пен адами зұлымдықтың айқасуы деп бағалапты баспасөз беттерінде бір жазушы ағамыз. Аты-жөнін ұмытып қалдым.
Міне, әңгіменің ұзын-ырғасы осы. Әңгіме шағын болса да, кейбір романдар айта алмаған ойды көтеріп тұрған шығарма.
Шіркін, мен де жазушы болсам ғой! Кейін осы күнделігімді пайдаланып, бір сәтті шығарма тудырармын, бәлкім?! Бірақ жазушы болу оңай деймісің. Біріншіден, Алла берген талантың болуы керек, одан арғысы көп оқумен, ізденумен келеді. Сол үшін де жазушы аға-аталарымыздың, әпкелеріміздің жаңа шығармаларын, кітаптарын оқып тұруға тырысамын. Ал ендігі кезек – қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» атты кітабында. Әрине, бұл кітапты бұрынырақта оқығанмын, енді қайталап оқу керек сияқты. Өйткені, әр шығарманы қайта оқыған сайын тереңіне үңіліп, шығарманы басқа қырынан ұға бастағандай боласың...
16 қазан
Бүгін сыныптасым Әсемнің туған күні. Ол сыныптағы бәрімізді үйіне қонаққа шақырды. Сағат 16.00-де. 3 сағаттай уақыт қалды. Әсемге не сыйласам екен деп ойланып отырмын. Әлім болса CD, DVD күйтабағын сыйла деп кеңес береді. Сонымен, Әсемге не сыйласам екен?! Бәлкім, кітап сыйлаған дұрыс шығар?! Міне, енді таптым! Әрине, кітап берсем керемет емес пе?! Әрі оның бірінші аппақ бетіне: «Әсем, туған күнің құтты болсын! Мектепті жақсы бітіріп, қалаған мамандығыңның иесі бол! Досың Кенжебек» деп жазып қойсам, қатып кетпей ме?!
Ал енді қандай кітап сыйлаған дұрыс? Махаббат туралы ма? Жоқ, ол ыңғайсыз болар. Одан да өзімнің сүйікті жазушым Төлен Әбдікұлының «Әке» деп аталатын кітабын сыйлайын. Өткенде кітап дүкенінен көргенім бар-ды. Бағасы 1500 теңге көлемінде. Қымбаттау болса да амалым жоқ. Апамның берген азын-аулақ ақшасына алуға тура келеді.
Сөйтіп, Әсемге кітап сыйлайтын болып шештім. Әйтпесе атыс-шабыс, зорлық-зомбылыққа құрылған DVD дискідегі фильмдерден кітап он есе артық емес пе?
Әсем де қуанып қалатын шығар, бәлкім! Өйткені ол да әдеби шығармаларды оқуды ұнатады. Оны өзі айтқан. Енді уақыт созбай, кітап дүкеніне барайын.
17 қазан
Жалпы, газет-журнал, кітап оқуды әріп танығаннан бері жанымдай жақсы көремін. Баспасөзде жарияланған қызықты мақалаларды басымды алмай оқып шығамын. Жай ғана оқып шықпаймын, көңіліме түйіп, кейбір керекті жерлерін, өзімді бейжай қалдырмаған сөйлемдердің астын сызып, қойын дәптеріме көшіріп алу қашанғы дағдым. Мен мұны неге айтып отырмын?
Бүгін сыныптасым Әсем мектепке бір құшақ «Ұлан» газетін ала келіпті. Балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық басылым екен. Бұл газет туралы бұрынырақта естігенім болмаса, бірінші рет көруім.
– Әсем, қолыңдағы қандай газет? – дедім шын білгім келіп.
– Қандай газеті несі? – деді Әсем маған таңырқай қарап. – Бұл бізге арналған «Ұлан» газеті емес пе?
Мен қысылып қалдым. Өйтпегенде ше, «Ұланды» менен басқа балалардың барлығы біледі екен.
– Балалар, шынымды айтайын, «Ұлан» газетін мен оқыған аудандағы мектепте ешкімнен кездестірмедім. Ешкім жазылмайды, – дедім жасырмай.
– Қызық екен! – деді пұшық Саматтың өзі мұрнын тартып қойып. – Сонда сынып жетекшілерің осындай газет барын айтпай ма?
Мен күбіжіктеп қалдым.
Өзара әңгімемізді байқап қалған сынып жетекшіміз Айткүл апай да сөзге араласты.
– Кенжебек, бұл шынында қызық жағдай екен. Облыстарыңда орыстар көп шоғырланғанымен, Амангелді, Жангелдин аудандары нағыз қаймағы бұзылмаған қазақы жерлер емес пе? Оның есесіне қара сөздің хас шеберлері – көптеген зиялы тұлға, ақын-жазушылар шыққан өлке емес пе? Ал енді «Ұлан» газетін оқушы балалардың білмеуі, енді, тіпті ұят нәрсе. Біле білсең, республикалық «Ұлан» басылымында көптеген танымдық әрі қызықты материал жарияланады. Егер газетке жазылғың келсе, әлі де кеш емес. Бағасы да қымбат емес. Бір жылға жазылу, көп болса, 1000 теңге. Ал бұл ақшаға сендер балмұздақ жеп, компьютер ойнайсыңдар. Ал «Ұланның» берері мол, – деді Айткүл апай.
Мен қызығып кетіп, Әсемнен бірнеше нөмірін сұрап алып, көз жүгірте бастадым. Расында, түрлі-түсті болып шығатын газет қызықты екен. Апайыма «Ұланға» міндетті түрде жазылатынымды айттым. Уәде бердім.
19 қазан
Екі күн демалыста «Ұланның» бірнеше санын қызыға әрі тұшына да құмарта оқып шықтым. Жасөспірімдерді толғандыратын тақырыптар газет журналистерінің назарларынан тыс қалмайды екен. Мәселен, өзімді көптен толғандырып жүрген оқушы дәптерлеріне қатысты мақала мені бейжай қалдырмады. Материал тақырыбы – «Діңкелеткен дәптерлер» деп қойылыпты. Онда қазақ халқына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шетелдік әртістердің, әншілердің суреттері басылған дәптерлердің балаларды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде, білімді болуға шақыруға үлкен тосқауыл екені айтылыпты. Сол сияқты бүгінде «Ой еңбегінің мүгедегі», «Егер сарбаз болғың келсе, деканды балағатта» деген жазуы бар дәптерлердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткенін, «марихуананы қайдан сатып алуға болады?», «Бүгінде бір грамм марихуана қанша тұрады?» деген аударма сөздіктердің кітап дүкендерінде кездесетінін ашына айтады.
Сондай-ақ бір топ оқушының осындай дәптерлері туралы ой-пікірлерін сұрап біліпті. Олар, яғни менің замандастарым мұндай бейәдеп жазылған дәптерлерді ұстамайтындарын, ұстаған жағдайда сыртын ақ парақпен қаптап алатындарын жеткізіпті. Бұған, әрине, ішім жылып қалды. Өйткені, ондайға өзім де қарсы едім. Сондай-ақ «Ұланда» бұдан басқа да проблемалық мақалалар, қызықты да танымдық материалдарға кеңінен орын беріледі екен. Ал өлеңдер мен әңгімелердің үзбей жариялануы, ол өз алдына бөлек әңгіме. Сонымен қатар «Ұланның» осы санында «Құқығыңды қорғай біл!» атты сұхбат та қызықты оқылады. Айтпақшы, еліміздің әр түкпірінде тұратын мектеп оқушылары өздерінің сүйікті басылымдары – «Ұланға» үшбу хат жолдап тұрады екен. Ол газет бетіне жарияланып та жүр. Енді жуық арада мен де «Ұланға» мақала жазып, жолдайтын боламын. Мақалаларың газет бетінде жиі жарық көрсе, онда «Ұлан» редакциясы «жас тілші» деген куәлік тапсырады екен. Әттең, мұны бұрын білгенде ғой... Бірақ «ештен кеш жақсы» дейді ғой. Менің ендігі басты арманым – «Ұлан» газетінің «жас тілшісі» атану...
23 қазан
Атам қазақ «Ұрлық түбі – қорлық» деп бекерден бекер айтпаса керек. Сыныптағы пұшық Самат өткендегі менің қаламымды ұрлағаны сияқты енді Әйгерімнің әдемі сызғышына қол салыпты. Онысы, әрине, кейін әшкере болды. Оқиға былай болған: Геометрия сабағынан Әйгерім сызғышын парта үстіне қалдырып, қоңырау соғылысымен сыныптан шығып кеткен. Сөйтіп, қайтып келіп сөмкесін олай ақтарады, бұлай ақтарады – сызғышы ұшты-күйлі жоқ!
– Балалар, сызғышымды көрмедіңдер ме? – деп сұрады бізден жалынышты үнмен.
– Жоқ, көрген жоқпыз, – деп жатырмыз бәріміз жамырай.
– Осы сендер үйлеріңде ұмыт қалдырған заттарыңды бізден сұрайтындарың-ай! – десін Самат жұлып алғандай. Осы сәтте артқы партада отырған кетік тіс Әсет:
– Біз сыныптан шығып кеткенде Са... – деп сөзін аяқтамай аузын жаба қойды. – Әйгерім, шынында да үйде қалдырған шығарсың. Оны да бізден көресің бе? – деп әңгіме ауанын өзгертіп жіберді.
– Қайдағы үйде қалдырған?! Жаңа ғана геометрия сабағында пайдаландым емес пе? – деді Әйгерім жыларман болып.
Сөйтті де екі көзін Саматқа қадады. Ол төмен қарай берді. Осы сәтте мына бір оқиға ойыма еріксіз оралды:
Ол кезде 5-сыныпта оқитынмын. Бір күні үйге Арман деген досым аптығып жетіп келді. Салған жерден:
– Кенжебек, жүр, тез! Шалабай атайдың үйіне барамыз! – деді ентігіп.
– Не болып қалды? – дедім еш нәрсеге түсінбей.
– Жүр, алма жеуге!
Енді түсінікті болды. Шалабай атайдың бау-бақшасындағы нарттай алмалары көз алдыма елестеп әрі сілекейім шұбырып Арманға қалай еріп кеткенімді білмей қалғаным есімде. Сөйтіп, бақшаға аяқтарымыздың ұшымен басып кіргеніміз сол еді, Арманға:
– Арман, тс-с-с, ана жерде дәу иті жатыр, көріп қалмасын! – деуім мұң екен, иттен қорқатын Арман:
– Қане, қайда?! – деп артқа шегіншектеп, ағаш бұтағына ілулі тұрған бос шелекті басымен соғып қалып, қаңғыр еткізгені. Осы сәтте дәу ит бізді арсылдап қуа жөнелгені бар. Біз алды-артымызға қарамастан қашып келеміз. Ал Арман менен арқан бойы алда ұшып барады.
Дәу ит бізге жете алмасын білді ме, әйтеуір «енді келерсіңдер» дегендей бір-екі рет арс-арс етіп, кейін қайтты.
– Бәріне сен кінәлісің! – дедім ағаш көлеңкесінде демалып отырғанымызда Арманға.
Ол әңгіменің әуенің өзгерткісі келді, білем:
– Кенжебек, өткендегі алмаға сылқия тойғанымыз есіңде ме? – деді маған жымия қарап. Мен самарқау басымды изедім. Бірақ алма жемегенімізге іштей өкініп қоямын.
– Сол алмалардың тәттісін-ай! Дәмі әлі аузымнан кетер емес! – деді ол жұтынып.
Осылай бейқам отырғанымызда ту сыртымыздан «шырақтарым!» деген Шалабай атайдың даусы естілді. «Мәссаған, безгелдек!»
– Шырақтарым, амансыңдар ма? Сендерге не болған, түрлерің өрт сөндіргендей ғой? – деді қаба сақалын сипап қойып. Қапелімде аузымызға сөз түспей қойды.
– Неге үндемейсіңдер? Жаңа ғана осылай қарай жүгірген екі баланы көрмедіңдер ме? – деді бізге сынай қарап.
– Жо-жоқ! Ата, көрген жоқпыз, біз... – дей берген Арманның сөзін іліп әкеттім:
– Жоқ, ата, көрген жоқпыз! Біз жаңа ғана үйден шықтық, – деп өтірікті соғып жібердім. Бұлай алдауға болмайтынын білсем де, басқа амал жоқ еді...
– Ә-ә, көрмеген екенсіңдер ғой?! Әрине, үйден жаңа ғана шықсаңдар... – деді Шалабай атай. – Олар алмамды ұрлап қоятын емес. Алмасын үзіп қана алса мейлі ғой, бұтағымен сындырып алады. Ол алмаларды не істейді деп ойлайды екен. Ұрламай-ақ сұрап алса да болады ғой?! Егер олар ер жігіт болатын болса, кінәларын мойындап, әлде де кешірім сұрар! – деп таяғын тықылдатып кері бұрылды. Оның соңғы сөзі нық әрі зілді шықты. Алайда неге екенін білмеймін, атай ұрлауға барған біз екенімізді сезетіндей көрінді маған.
Көктегі бозторғай да Шалабай атайдың сөзін сәл өзгертіп: «ер жігіт болсаңдар, мойындаңдар!» дегендей дәл төбемізден ойқастай ұшады. Мен шыдап тұра алмадым.
– Ата, ата, тоқтаңызшы, кешіріңізші, біз едік, енді қайталамаймыз! – дегенім әлі есімде. Әрі жылап та жібердім.
– Ә-ә, сендер екен ғой?! – деп атай қулана күлді. – Жарайды, ештеңе етпейді, жыламаңдар, ондай-ондай болмай тұрмайды. Кешірдім, сендерді кешірдім.
Маған еріп жылаған Арман екеуміз өксігімізді баса алмай тұрмыз. Атай бізді жұбатқысы келді ме:
– Шырақтарым, істеген істеріңді мойындарыңмен көтерсеңдер, бұл – ерлікпен пара-пар! Осы естеріңде болсын! Әрі қазақта «өтіріктің құйрығы – бір-ақ тұтам» деген мақал бар. Ал енді жүріңдер, мен сендерді алманың түр-түріне тойдырайын, – дегенде біздің барарымызды да, бармасымызды да білмей, мелшиіп тұрып қалғанымыз әлі көз алдымда.
Міне, осы оқиғаны сыныптастарыма айтып бергенімде, бұл Саматқа да әсер етті, білем, оның екі құлағына дейін қызарып:
– Кешір, Әйгерім, енді қайталамаймын! Сызғышты мен алған едім, қызығып кетіп... – деп сызғышын қайтара қойды.
Әйгерім де, басқалары да тырс үндемедік. Түсініп, мойындағанына, үлкен ерлік жасағанына ерекше риза болған едік. Мен айтқан оқиғанын бәріне, әсіресе, Саматқа да әсер еткеніне бір марқайып қалдым...
29 қазан
Біздің үйдегі теледидар кабелдік жүйеге қосылған. Бірақ мақтанғандай болмайын, бұл жүйе қазір кез келген үйде бар ғой. Айтайын дегенім, Әлімнен кейінгі нағашымның 4 жасар кіші ұлы Әмір үйде тіптен теледидар көрсетпейді. Қазақ тіліндегі бағдарламаларды көрейін десем, «Nikelodeon» деген шетелдің күндіз-түні мультфильм беретін арнасына қосып қойып, соған телміріп отырғаны.
– Әмір, сен далаға ойнап келе қойшы, кәмпит беремін. Мен кино көрейінші, – деп жалынсам:
– Жоқ! Далаға шықпаймын! Мамам айтқан, ауырып қаласың, үйде отыр деген. Мен қазір Спандж Бобты көремін, – деп томсырая қалады. Енді алдарқату деген – қиынның қиыны. Өзі де бала болып айтқанға бір көнбейді-ау, көнбейді. Сөйтіп, Спандж Бобты Әмірмен бірге отырып тамашалауға тура келеді. Бірақ ол мультфильмде еш қызық жоқ! Мән-мағынасы жоқ бірдеңе! Ал інім соған мәз-мейрам. Спэндж Бобтың істеген істерін, сөйлеген сөздерін қайталап әлек болады.
9 қараша
Соңғы жылдарда жастардың «сүйікті» сөзіне айналған «мәмбет» деген атауды жиі құлағымыз шалады. Әсіресе, қала жастары ауылдан келген құрбыларына осы сұмпайы сөзді жиі қолданады. Тіпті, ауылдардағы жастар жағы да бір-бірлеріне «мамбет» деп айтып жатады.
Шыны керек, әуелде «бұл қайдан шыққан сөз?» деп ойланғаным рас. Әйтпесе, бізде, қазақта Мәмбет деген адам аттары бар емес пе?! Сонда атам қазақ осындай жағымсыз есімді балаларына қалай қойған? Әрине, балалық ой мені осылайша мазалаған еді. Жоқ! Олай емес екен! Біле білген адам «мәмбет» деген атауға намыстанбай, қайта қуанулары, мақтаныш көрулері керек сияқты. Неге? Өйткені, Мәмбет – киелі сөз, атау, есім!
Жақында көктен іздегенім жерден табылғандай болды. Жерден жеті қоян тапқандай қуандым. Енді ше, көптен мазалаған сауалыма жауап таптым!
Күнделікті газет-журнал оқу әдетім екенін жоғарыда айттым ғой. Сөйтіп, қашанғы дағдым бойынша бір газетті оқып отырып, мынаған ұшырастым: «Мәмбет – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың құрметіне қойылған есім. Сөз түбірі арабтың «хәмд» мақтау сөзімен төркіндес. «Мұхәммәд», «әхмәд» сөздері мақтаулы, мадақтаулы деген мағынаны білдіреді. Қазақ арасында «Мұхамбет», Мұхамет», «Мәмбет» түрінде ұшырасып жатады» делініпті. Ал керек болса! Сонда біздің пайғамбарға «тіл тигізіп» жүргеніміз бе?!
14 қараша
Бүгін аулада кішкентай орыс баласы мен сонымен шамалас қазақ ұлының екеуара әңгімесін құлағым шалып қалды.
– Сенің атың кім? – деді қазақ баласы.
– Что?
– Ей, атыңды айтсайшы! – дейді бұл да түкке түсінбей.
– У нас дома есть машина, – дейді орыс баласы үйін қолымен нұсқап.
– Өй, машинадан біздің ауылдағы ақбоз ат жүйрік. Өткенде көрші Берік ағаның «Жигулиінен» біздің ат озып кеткен, – дейді. Ал орыс баласы аң-таң. Бұған аузын ашып қарап қалыпты.
– Сен атпен шаба аласың ба? – дейді қарадомалақ. Ол иығын қиқаң еткізді. Содан соң:
– Я тебя не понимаю, – деп бұртиды.
– Панимай, не панимайды түсінбедім. Жүр, асық ойнаймыз, – деп әлгі қарадомалақ қалтасынан бір уыс асық шығарды. Ол мұның соңынан ерді. Екеуі анадай жерге барып өзара тіл табысып кетті. Бір-бірлерін әйтеуір ыммен болса да ұғынысып, алаңсыз ойнап кетті. Қазақ баласы шамасы Астанаға ауылдан қыдырып келгенге ұқсайды. Бұл оқиға, әрине, сыртынан қарап тұрған адамға қызық көрінеді екен.
Орыс баласының жаңағы қазақ ұлымен ойнап жүріп, қазақша сөздерді үйреніп алуы ғажап емес қой?! Немесе, керісінше…
21 қараша
Бұл күн – менің өмірімдегі ең қуанышты күн. Жақында Әлім екеуміз «Ұлан» газетіне өлең, әңгіме жазып жолдағанбыз. Енді, міне, сол «Ұлан» редакциясынан біздің атымызға хат келді. Онда былай деп жазылыпты: «Қадірлі Кенжебек! Бізге жолдаған хатыңды алдық. Көп-көп рақмет! Бірақ жазған өлеңің газет бетіне жариялауға келмей қалды. Ұйқастары тым әлсіз құрылған. Әрі буын сандары да асып кеткен. Бірақ сен қапалаңба! Ақындардың өлеңдерін көп оқы, ізден! Сеннен әлде де хаттар күтеміз».
Әрине, қапаланбаймын. Редакциядағы аға-апайлардың ескеріп, елеп, хат жазғанының өзі неге тұрады?! Қайта бұған шабыттанып, дұрыстап жазуға тырысамын. Ақын болу оңай емес қой. Ақын болу үшін де көп оқу керек. Жалықпай ізденіп,ақындардың кітаптарын оқу қажет.
Егер менен ақындық шықпаса, онда қарасөзге бет бұрармын, бәлкім. Бұрынырақта, 5-6-сыныпта оқып жүргенде шағын әңгімелер жазып, аудандық газетке жолдағаным есімде. Олар жарыққа шықты да. Сонда қалай, қарасөзді, яғни проза жанрын жақсы меңгеріп келемін бе?
Жә, толық меңгердім деп асыра сілтемейін. Дегенмен, өлеңнен гөрі, шағын әңгіме жазу қолымнан келетін сияқты. Күнделік жазуды қолға алғаным да сол себептен шығар, бәлкім...
Демек, ендігі жолы «Ұланға» өлең емес, әңгіме жазып, жолдайын. Бәлкім, айым оңынан туып кетер…
28 қараша
Қазақ – батыр халық. Жаугершілік заманда қазақ батырлары елін, жерін қорғауда көзсіз ерліктерге барған. Ерлік жасаудың түрлі жолдары болады. Жоғарыда жазғанымыздай, істеген ісіңді мойныңмен көтергеніңнің өзі ерлік емей, немене?
Бүгінгі күнде бейбіт өмірдің де батырлары бар. Тоқтар Әубәкіров, Ермахан Ыбырайымов, Талғат Мұсабаев, Бекзат Саттарханов (марқұм), Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, тағы басқалары ел намысын қорғауда қаншама тер төкті десеңші.
Мен мұны неге айтып отырмын? Кеше сыныптасым Қайыржанның мына бір әңгімесі түрткі болған еді. Қайыржан жазғы каникулда ата-әжесінің үйіне ауылға барыпты. Күн ми қайнатардай ыстық дейді. Тамыз айы болса керек. Әдетте күн ыстықта балалар көлге, өзенге шомылады ғой! Қайыржан да өзенге түсуге барыпты. Қасында Думан деген сол ауылдың баласы бар екен. Екеуі биік дөңге шыға бергенде, «Ойбай, құтқарыңдар! Өлдім!» деген ащы айғайдан әуелгіде екеуі де селк ете қалыпты.
– Думан, не де болса суға батып бара жатқан адам, тез барып құтқарайық! – дейді Қайыржан.
– Әй, мынау тіпті таныс дауыс! Асан болып жүрмесін! – деген Думан екеуі биік дөңнен төмен қарай құлдилай жүгіреді. Шынында да Думан қателеспепті. Асан суға бір батып, бір шығып, содан көрінбей кетіпті. Әшейінде тау құлап келе жатса да (бұл – Қайыржанның сөзі) міз бақпайтын Думан бұдан бұрын суға қойып кетіпті. Сөйтіпті де, көзді ашып-жұмғанша Асанды судан жағаға алып шығыпты. Ауылдағы балалар өзара суға жүзіп жарысқанда Думан алдына жан салмайды екен. Содан да болар, оны балалар «Балық» деп атап кеткен екен.
Думан Асанның аузына дем беріп, қол-аяғын уқалап, кеудесін басып жатады. Ал бұған таңғалған Қайыржан:
– Мұның бәрін қайдан үйреніп жүрсің? – депті таңданғанын жасыра алмай.
– Ә-ә, бұл деген – жедел-жәрдем келгенге дейін алғашқы көмек. Мұны атам үйреткен. Керек десең, сен де үйреніп ал! – депті. Осы сәтте қақалып-шашалып Асан да көзін ашыпты да:
– Туһ! Өліп қалған шығармын десем, әйтеуір тірі екенмін. Рахмет, саған Думан! Мені өлімнен құтқарып қалдың! Бәсе, біз сені бекерден бекер «Балық» деп жүрген жоқ екенбіз ғой, – деп қуаныпты. Сөйтіпті де, болған оқиғаны ауылға айтуға асығыпты. Міне, бала болса да Думан (ол кезде 6-сыныпта оқиды) бір адамның өмірін ажалдан құтқарып қалды. Міне, нағыз ерлік!
6 желтоқсан
Мен өзімнің күнделігімді әрі қарай жалғастырмауды ұйғардым. Бұған сыныбымда болған жағдай себеп болды. Бұлай болады деп кім ойлаған?! Бәріне себепші сол баяғы Самат. Оқиға былай болған еді: Кеше кешкісін сабағымды оқып болған соң, күнделік дәптерімді де сөмкеме сала салғанмын. Үшінші сабақ біткен соң, қоңырау соғылып, барлық бала сыртқа шыққанбыз. Алайда әлгі сотқар Самат сыныпта қалып қойыпты. Сөйтіпті де, менің сөмкемді ақтарыпты. Сірә, қалам ба, сызғыш па, дәптер ме, әйтеуір өзінің қызығып кететін әдетімен бірдеңе іздеген болуы керек.
Сыныпқа кіріп келсем, бір топ сыныптасым Саматты жапа-тармағай алқа-қотан қоршап алыпты. Ал ол құдды оқушыларға диктант жазғызған мұғалімдей тамағын кенеп қойып, кітап па, қағаз ба, әйтеуір бірдеңені мәнерлеп оқып отыр. Балалар ұйып тыңдап қалыпты. Тек оқта-текте ду күліп, жамырасып қояды. Ал мен аң-таң. «Самат қалай оқымысты бола қалған? Аяқ астынан балаларды өзіне қалайша үйіріп алды? Бірдеңе бүлдірмесе нетті?!» Осыны ойлауым мұң екен, сөмкемдегі күнделік дәптерім есіме сарт ете қалды. Жалма-жан сөмкемді ашып, күнделігімді іздедім. Жоқ! Осы сәтте:
– Әй, шошқа! – дедім түтіккен бойы Саматқа ұмсына түсіп.
Балалар маған жалт қарады. Самат орнынан жылан шағып алғандай атып тұрды. Сөйтті де, күнделігімді артына жасыра қойды. Өзгелері орын-орындарына жайғасып жатыр.
– Қане, бер! Қайтар!
– Нені?! Нені айтып тұрсың?! – деді ол түкке түсінбеген адамша.
– Күнделігімді айтамын! Неге рұқсатсыз сөмкемді ашасың?! Неге ақтарасың?! – дедім де, оны аяғынан шалып қалып, шалқасынан түсірдім. Ол да оңай беріліп қойсын ба, жатқан бойы жағама жармасып, кейін қарай серпи лақтырып жіберді. Мен дереу атып тұрып, оны бүйірден ыңқ еткіздім. Осы сәтте, иә, иә, осы сәтте...
– Апай келе жатыр! Апай келе жатыр! – деген дауыстар естілді. Мен дереу орныма зып етіп отыра қалдым. Бірақ балалардың бірі төбелесті тоқтату үшін әдейі айтқан екен. Самат үсті-басын қаққылап, қаймығып қалды-ау деймін, күнделігімді партаның үстіне тастай салды.
Ол менің түтігіп кеткен түрімнен қорқып кетті, білем, дір-дір етіп, қолыма жалтақтап қарап қояды.
Сөйтсем, ашуланғанымнан екі жұдырығым тастай болып түйіліп кетіпті.
– Кешір, Кенжебек, мен жай әшейін... Оқыған жоқпын, оллаһи-биллаһи! Рас айтамын, кешірші... Енді... енді қайталамаймын, нан ұрсын!
Оның жыламсырап кешірім сұраған түріне қарап аяп кеттім. Әйтпесе бар ғой, тағы бір мәрте тура құлақ шекесінен қонжитуға болар еді.
– Кенжебек, дегенмен, сенен ертең үлкен жазушы шығады, – деді ол қулана күлімдеп. – Рас айтамын, әсіресе, пойызбен осында, Астанаға келе жатқандағы ауылыңды, сондағы достарыңды сағынғаныңды әдемі жазыпсың.
Осы сөз көңілімді өсірді ме, әлде күнделігімнің тек бас жағын ған оқығанына шүкіршілік еттім бе, әйтеуір манағы ашуым сап тыйылды.
– Әй, саған дауа жоқ-ау, Самат! Біреудің сөмкесін рұқсатсыз ашып, ондағы күнделікті рұқсатсыз оқуға қалай ғана дәтің барды?!
– Жә, Кенжебек, оны өзім де байқамай қалам. Рас айтамын, бұлай істегім-ақ келмейді, бірақ солай болып қала береді...
– Онда сен «Менің атым Қожадағы» Қожа болдың ғой!
– Мүмкін... – Самат та ер екен, келіп қолымды алып, төс түйістірдік. – Кенжебек, шын айтамын, сенің сөздерің сүйегімнен өтті. Енді Қожа болсам да, әлгі Жантас болсам да, бұлай бұзақы болуды қойдым. Өтірік айтсам, мына сыныптастарымның төрт көздері түгел тұр ғой, мына мұрнымды кесіп берейін!
Ол өзінің пұшық мұрнын ұстап көрсетті де, екінші қолымен бейне пышақ ұстап кескендей ишара жасады. Балалар ду күлді.
– Жарайды, енді саған сенейік! Бірақ соңғы рет болсын осының! Солай емес пе, балалар?!
– Солай!
– Солай!
– Енді қайталамайсың!
Міне, енді күнделік жазуды доғарып, әңгіме жазуға шындап ден қойдым. Бәлкім, бұлай етуіме Саматтың: «...сенен ертең үлкен жазушы шығады. ...Пойызбен осында, Астанаға келе жатқандағы ауылыңды, достарыңды сағынғаныңды әдемі жазыпсың», – деген сөзі қамшы болды-ау деймін...