Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Кештім, сізді жан әке!

Блогтар

28.09.2017
5844

Кештім, сізді жан әке!

Ұлы Отан соғысының ардагері Кожа Ахмет ауылдың қадірменді ақсақалы. Ол кісімен кездесе қалсам екеуміз әңгіме-дүкен құрып, әжептәуір қауқылдасып қаламыз. Бірде ақсақалға «Соғыста жасаған ерліктеріңізді айтыңыз, оны кейінгі жастарға үлгі-өнеге етіп айта жүрейін», - дедім. Ол ойланып отырып, әңгімесін былай бастап еді:

  • Мен 1927 жылы өмірге келдім. Әкем мен анамнан ерте айрылдым. Қарындасым екеуміз тұлдыр жетім қалдық. Ол кезде Қазақ халқы жетімдерін жылатпаған, жесірлерін қорлатпайтын еді. Бізді бір атадан тарайтын Молдаш аға өз қамқорлығына алып, баласы Темірмен тең ұстады.

1941 жылы соғыс басталғанда 15 жастағы баламын. Ер азаматтар соғысқа аттанып жатты. Ауылда әйелдер, шал-шауқан, балалар қалды. Басқа түскен соң бала болсамда еңбекке ерте араласып, таңсәріден түн ортасына дейін колхоз жұмысында боламын. Оқу бірде бар, бірде жоқ. 1942 жылы 16 жасқа толдым. Осы кезде Молдаш әкем ауылдық кеңестің кеңсесін төңіректеп кетті.

Ойламаған жерден күзге қарай әскери комисариятқа шақыру қағазын алдым. Шынында қуанып кеттім, өзімде соғысқа сұранып кеткім келіп жүрген. Әскери комиссариятқа барсам туған жылым 1925 жылғы деп көрсетіліпті, тілегім майданға бару болған соң, оған қуанбасам ренжіген жоқпын. Өйткені менің 18 жаста екеніме сенсе-сенгендей еді. Бойым сырықтай, құдайға шүкір дегендей дене де бар.  Бидай толы қанар қаптарды иыққа салып көтере беремін. Сонымен әскер қатарына 1942 жылы желтоқсан айында алындым, жалғыз қарындасым көзі мөлдіреп артымнан жылап қала берді. Солай балам, мен 16 жасымнан қанды қырғын соғысқа араластым.

Алдымен Ташкент қаласындағы пулеметшілер курсын бітіріп, алғашқы соғысты Украина жерінде қарсы алдым. «Максим» пулеметін арқалай жүріп, кескілескен соғыс жолымен Украина, Польша елдерін жаудан тазартуға қатыстым. Германияны азат ету кезінде ауыр жараланып, госпитальге түстім. Жеңіс күнін госпитальда қарсы алдым. Госпитальден кейін елге бірден қайтпай Украина, Кавказ жерлерінде жұмыс істеп, елге 1953 жылы оралдым. Бір қызығы әскер жасында болса да, Темір соғысқа алынбапты. Бірақ мен оған мән бермедім.

Елге оралған мені Молдаш әкем үйлендірді. Тың игеру жылдары ұжымшарда шофер болып істедім. Бір күні жол жүруге жиналып жатыр едім, гараж бастығы «әкең қысылып жатқан көрінеді сенімен тілдескісі келеді екен, тез жет», - деді. Мен алып-ұшып әкемнің үйіне келдім.

Келсем әкем екі иығынан демалып жатыр екен. Ол маған жаныма отыр деді де «балам, өмірі адамға қиянат жасап көрмеп едім, адам ақылынан айрылса адасады екен. Темір балама әскерге шақыру қағазы келген соң ауылдық кеңестің төрағасымен келісіп, сенің жасыңды өзгертіп, Темірдің орнына сені соғысқа жіберткен мен едім. Артынан баламның ауру екенін, ондай балалардың әскерге алынбайтынын естігенде, бармағымды тістедім, сенің обалыңа қалдым деп қатты қиналдым.

Соғыстан аман келгеніңді көргенде үстімнен бір ауыр жүк түскендей болды. Бірақ, ар-ұятты аттап өттім, өкінішім сол. Енді міне бір аяғым жерде, бір аяғым көрде, менің ағат ісімді кешіру де, кешірмеу де, сенің еркіңде», - деп әкем көзіне жас алды.

Мен де көптен көңілде түйткіл болып жүрген сұрағыма жауап тапқандай болып, ойланып отырып қалдым. Өткен өмірім көз алдымнан зулап өтті, көрер жарығымды ұзартқан Аллаға шүкір дей отырып «әке, жастай қан кештім, өмірдің талқысына түсіп шынықтым, төсінде шыңдалдым, өткен іс өтті, сізге реніш жоқ, елге аман-есен оралдым, ал сіз қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай қарындасымды құтты жерге қондырдыңыз, мені де аяқтандырдыңыз, қайта мен сізге өмірлік борыштымын, сіздің менің алдымда ешқандай күнәңіз жоқ. Егер, менің алдымда өзіңіздің титтей күнәңіз бар деп есептесеңіз кештім сізді әке», - дедім терең күрсініп.

Осы сөзімді тосып жатқандай «уһ, - деді үстінен ауыр жүк түскендей болған ақсақал, - баламның жүрегіне бүкіл әлем сыйады деп мақтанушы едім, шын екен, бақытты бол қарғам. Су берші», - деп мен берген судан бір ұрттап, көңілі жайланып, қолымды ұстап жатып, бақилыққа жүріп кетті. Мен қимас адамымнан айрылғаныма сенбей, суып бара жатқан қолын ұстай отырып, дәрменсіздігімнен жылап жібердім. Еркектер жыламайды күйінеді десе де, мен көз жасыма ырық берген едім...

Жылдар өтті. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі», - дейді ғой. Темір бауырым да бақилыққа озды. Менің тағдырға өкпем жоқ. Енді еліміз аман, жұртымыз тыныш болса болды», - деп аяқтаған еді әңгімесін. 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: