Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Көксудың күлкісі

Блогтар

05.08.2022
8767

Көксудың күлкісі

(әңгіме)

 

Көксудың ағысы қатты,  қылшаның дәмі тәтті. Балалық шағымнан осы қатты мен тәттіні біліп өстім. Таңғы бестен алқапқа келеміз. Қылшаның арасына қылтиып өскен арамшөптерді отаймыз. Қылша деп отырғаным ‒ қант қызылшасы. Тілге жеңіл болсын деп жергілікті жұрт «қылша» дей салған. Екі құлақтанып енді көтеріліп келе жатқан тәтті түбірді күтіп-баптамасың көтеріліп-өсуі қиын. Көкем де бізбен жүреді. Еншімізге екі гектар жерді өзі бөліп берген. Жаз бойы сол екі гектар жерде арам шөппен армансыз алысасың. Ал қалған он сегіз гектарды қарау жалдамалы жұмысшылардың міндеті. Ақысына күзде қап-қап қант алады. 

 

Әкімнің алдамайтынын, керек десең артығымен беретінін бүкіл ауыл біледі. Көкем ешқандай да ауыл, немесе қала әкімі емес. Жәй, Әкім есімді қарапайым азамат. Мал шаруашылығы және егін егумен айналысады. Сонымен қатар Мұқаншы ауылдық округіның мұрабы, аймаққа бөлінген суды дихандарға кезек-кезегімен беріп отырады. Асылан, Бағылан деген екі ұлы, және жалғыз қызы бар. Онысы мен, есімім ‒ Қараторғай. Атымды неге бұлай қойғанын білмеймін, әйтеуір үнемі атымды айтуға ұялып жүремін. Сонымды мектептегі Қизат ағай білетін болу керек. Мені «Әкім Таразидың қызы» деп атайды. Басқа балаларды фамилиясы бойынша атаса, мені «Әкім Таразидың қызы сабақ айт!» деп тақтаға шақыратын. Олай айтқан сайын жаным кіретін. Оқу озаты болғандықтан тарсылдадып барлық сұрақтарға жауап беріп тастаймын. «Дұрыс. Атақты жазушының қызы осындай болу керек!» деп  көтермелеп қояды. Күнделігіме бестікті  қонжитады. Қизат ағайдың арқасында өз атым бірте-бірте ұмытылды. Сыныптастарым да, басқа мұғалімдер де «Әкім Таразидың қызы» деп кетті. Бұған түк те қарсы болмадым. 

         

Жазғы демалысымыз Көксудың жағасы мен алқаптың басында өтеді. Таң алагеуімде іске кірісеміз, күн ысымай тұрып, бір жолды басынан аяғына шығып үлгеруіміз  керек. Күн көтерілгенде іс өнбейді. Төбеден күн ұрады, жерден ыстық леб еседі, шөл қысады, тер саулайды... Ара-арасында басымызды көтеріп бел жазамыз. Алға қарасақ, бұлдырап қалың ағаш көрінеді, артта мойындарынан қылқындырған арамзалардан құтылған қылшалар «рақмет, сендерге!» дегендей жайқалып тұрады. Бірер минут демалып алып қайта кірісеміз.  Алабота, шырмауық, қияқ шөптерді тамырынан қырқып, көзін құртамыз. Көкем арасында бізді тексергені болмаса, көбіне сушылардың жанында жүреді. Ол кісі келе жатқанда, байқамай шауып кеткен қант қызылшаларын топыраққа шаншып  қоямын. Олар да қылмысымды әшкерелеп мас адамдай қылжиып бір демде сола қалады. Көкешім бәрін байқаса да, үндемейді. «Обал ай!» деп қояды, бар айтатыны сол. 

 

‒ Тездетіп істеңдер! Осы сумен селитра жіберемін! Әйтпесе көтерілуі баяу болып тұр, – дейді. 

 

‒ Ой, көке, әлі ерте емес пе?! Ол дәріңіз қылшамен қоса шөпті де қаулатады ғой! – деп қарсы шығамыз. Біздің қыстырма сөзімізге мән берілмейді. Тағы да жол арасына «культивация»  жүргізу керек екенін айтып кете барады.  Түске дейін бір жол, түстен кейін бір жолды тазалап кешкі сағат бестерде үйге қайтамыз. Күні бойы шаршағанымыз үй жаққа жеткенде басылып қалатын.  Күнде тұрып жел жинап алған доптай тып-тың қалыпта суға түсуге барамыз. Көксу өзенінен егіндікке бөлінген су, бақшамыздың төріндегі канал арқылы ағатын. Күндіз тастай болғанымен, кешқұрым жылып, тым керім болып тұратын. Суға бара жатқанымызды көрген атам:

 

‒ Суға түспес бұрын қолтықтарыңа су бүркіп денелеріңді үйретіп алыңдар! – деп қояды. Осы сөзін ылғи айтады. Көз алдыма ел көзінше қолтығын жуған адам елестеп күлемін де қоямын.

 

‒ Иә, ата, иә! – деп ұлдар тез кетудің амалын жасайды.

 

Бірақ анам маған:

 

– Қызым, түспеші суға! Түспеші! – деп қиылады. Оның себебі де бар. Суға түскен күні бір түрлі түс көріп шығамын. Түс көру бер жағы. Ұйқылы ояу жүріп кетемін. Анамның жасамаған ем-домы қалмады. Алыс-жақын молда мен емшілерге де апарды. Нәтиже жоқ. Суға шомылуға бармай қалған күндері атқа мініп, өз-өзімді алдаймын.  Ауылымыз Жеті жал бір иығын құмға беріп тұрған елді-мекен. Жерінің басым бөлігі құмдауыт. Банды төбе, Бәйге, Батыр, Сопақ қара, Желді, Сағыз, Қызыл тұмсық деп аталатын жеті бірдей үлкен құм төбе бар. Ауылымыздың «Жеті жал» аталып кеткені де сондықтан. Қасқа атқа қарғып мініп, сол төбелерді айнала шабамын. Шауып келе жатып түндегі түстерім жайлы ойланамын. Ол әйел кім? Ес білгелі көретінім – бір әйел. Бір жерге шақырғандай болады. Артынан жүргенімді қалайды. Көздерім ұйқыда болса да екі қолды алдыға созып бөлме аралып жүре беруімнің себебі де сол. Менің түн баласы үй ішін кезіп жүретінімді үйдегілер білгенімен, түс көретінімнен бейхабар. Түсімді ойлай-ойлай мен де шаршаймын, шаба-шаба атым да болдырады. Ымырт үйіріле екеуіміз сүйретіліп үйге қайтамыз. Ертерек жату керек, ертең тағы да қылша алқабына барамыз.

 

                                                             

***

 

 

Тәтті түбірлер өсіп-өнгенше бірнеше мәрте арам шөбін жұламыз. Бірінші шөп жұлу науқанынан кейін әкем суды молдау салып, қандыра суарады. Содан кейін екі апта күтеміз, екі аптадай уақыт өтті-ау дегенде екінші рет шөптейміз. Екінші шөптеудің оңай, немесе қиындығы біріншісін қалай істегеніңе байланысты. Көкем «әркім өз жолымен жүрсін!» дейді. Егер бірінші шөп жұлуда таза істесең екіншісінде оңай, ал біріншіде шала жасаған болсаң, онда мехнатын тартасың.

 

Менің жолым бір қолдан шықпағандықтан әдетте ала-құла болып жатады. Өйткені үнемі елдің соңында қаламын. Сосын басқалар өз шаруасын бітірген соң маған болысатын. Онда да қайбір жаны ашығаннан соң дейсің, тезірек үйге қайтсақ деп, тамырын қимай, шала-шарпы істеп кететіні бар. Тамыры қиылмаған арамшөп екі-үш күнде-ақ қылтиып, көктеп шығады. Оның азабын мен көрем. Сондықтан әрдайым қалайда елден қалмауға тырысамын, әрі тиянақты істеймін. Қант қызылшасының жиі шыққан жерін сиретемін. Ол да қол байлайтын іс. Үлкен ағам Асылан артына қарап: «қиялданбай бол!» деп айқайлайды. «Кетші әрі!» деймін оған, әрине ішімнен… Біраздан кейін байқұс шыдамай алдымнан шығып келе жатады, аға болып қамқорсыған түрі де…

    

Қант қызылшасының екінші шөбі, жаз қызығының қайнаған сәтіне сәйкес келеді. Бұл кезде суға түсуім жиілейді. Сәйкесінше әлгі әйелді түсімде тағы да көремін деген сөз. Соның сөзіне сеніп, соңынан еремін деген сөз.  Бір күні түнгі сағат үште көкем бақшадан қайтып келе жатады. Дарбазаның алдында қалғыпмүлгіп тұрған мені көреді. 

 

– «Өй, неге тұрсың мұнда?» деп сұрапты. 

 

– «Далаға шыққанмын, қазір кіремін» деп жауап беріппін. Ақырын жаныма келіп қараса, көзім жұмулы екен. Көтеріп алып, үйге кіргізіпті. Содан кейін-ақ көкем уайымдай бастады. «Егер мен келмесем не болатын еді?» деп біразға дейін көңілкүйі болмай жүрді. Содан кейін суға түсуді доғардым. Тетелес ағам Бағыланмен сөз таластырып қалған кезде «Лунатиксің» деп келеке қылады. «Көкеме айтам!» десем ғана тиылады. Бір күні тағы ұрынды. Артынша «Көкеме айтпашы, кешірші» деп жалынды. «Онда айтқанымды орындайсың ба?» дедім қуланып. «Иә, орындаймын!» деді бұртиып. «Менің қалған екі жол қылшамды сен түптейсің!» дедім. Амалсыз келісті. Өйтпесіне амалы жоқ. Өйткені, тәтем ана жолы «Үйдің ішіндегі әңгіме ешқашан сыртқа шықпасын!» деп талап қойған. Көкем де «Қарындастарыңды мазақтағандарыңды көрсем оңдырмаймын» деп сес көрсеткен. Көкем екі сөйлемейді. Маған қол тигізбек түгіл, дауыс көтермейді. Ал екі ұлды ашуланса шықпыртып жіберетін. Осылайша ойламаған жерден жұмысымды жеңілдетіп алдым.  Айтпақшы, анамызды ‒ тәте, әкемізді ‒ көке дейміз, түсінбей қалмаңыздар.

       

Бала кезден көріп жүрген түстерім кейінгі кезде өзгере бастаған. Суға түспесем де әлгі әйел түсіме енетін болды. Ол менің танысымдай болып кеткен. Мен одан қорықпаймын. Зияны жоқ сияқты. Ол туралы ата- анама мүлдем айтпадым. Тәтем мен көкем ол туралы білсе, тіпті уайымға салынар деп үнсіз қала бердім.

       

Әйел бойшаң еді. Шашы ұзын. Бетіне көзден төмен ақ шүберек байлап алған. Сондықтан келбеті туралы ештеңе айта алмаймын. Ылғи да гүлді-гүлді қоңыр көйлегін киіп жүреді. Алысқа ұзап барып қолын бұлғап шақырады. Барайын десем үй есігі жабық тұрады, далаға шыға алмаймын. Менің есіктің ілгегін аша алмай, әрнәрсеге соқтығып жүргенімнен оянған көкем мен тәтем ақырын келіп төсегіме жатқызады. Мен ұйықтап кеткенше күзетеді.  

     

Біз екінші мәрте қылшаны шөптен тазартып жатқан уақытта бақшаның басына үлкен қара машина келіп тоқтады. Ішінен бір әйел, екі ер адам түсті. Біздің алқаппен көршілес жатқан шаруашылықтың адамдары екен. Бұл жердің әйгілі Зылиха Тамшыбаеваға тиесілі екенін бұрыннан білетінбіз. «Екі мәрте Ленин орденімен марапатталған, Социалистік Еңбек ері, Жоғары кеңестің төрт мәрте депутаты болған, еңбек жолын сауыншылықтан бастап, қант қызылшасын өсіруден көш бастаған батыр кісі» деп көкем үнемі мақтап, құрметтеп жүретін. Міне, бүгін сол кісінің өзі егістік басына келіпті. Көкем амандасуға беттеді. Біз де тәпкімізді лақтыра-лақтыра салып артынан ердік. Бұйра шашын төбесіне түйген, жұмсақ матадан ақ жейде киген алпыстан асқан орта бойлы әйел жылыұшырай амандасты. Жанындағы ер адамдарды осы жақтан бұрындары да көргенмін. Зылиха апаның көмекшілері көрінеді. Зылиха апай кішігірім тәпкісін көліктен алып, бекер тұрмай жан- жағындағы қылшаның шөбін отай бастады. Біз сияқты аузы қимылдаса қолы тоқтап қалмады. Сөйлеп жүріп істеп жүр. Біздің ауыл жаққа салынған қант қызылшаларын тексеріп жүрген сияқты.

 

‒ Жеті Жалдың құмды жеріне қант қызылшасын өсіремін деп ағылшындар келді дей ме?– деді Зылиха апай көкем жаққа бұрылып:

 

‒ Иә, солай естідік. Биыл келіп зерттеп жүр. Келер жылы саламыз дегендей болыпты. Қант зауытымен де келісіпті, – деді көкем. 

 

‒ Олар дамыған ел ғой, барлық саласы мықты. Салсын! Көрейік қандай технология қолданар екен. Біз де дамыған елге айналармыз! Осындай болашақтарымыз аман жүрсе, жетерміз! – деп көз алмай қарап тұрған менің басымнан сипайын деп қолын қойғаны сол еді, бас киімге әрең сиып тұрған шашым төгіліп түсті.

 

‒ Пәлі, қыз екенсің ғой! – деді. Барлығы күліп жатты. Олар қайдан білсін? Таңғы алтыда ұйқыны әрең қиып тұрғаным аздай, шаш буатын заттарымды таппай біраз жүргенімді... Ағаларым «бол, болдың» астына алып асықтырғанда, ұзын шашты орап-орап үстінен нығыздап кепканы кие сала шыққан болатынмын. 

 

‒ Міне, осындай қара қыздар, болашақта неше түрлі технологияларды игеретін болады. Мен де жұмысқа ерте араластым ғой, – деді. Шашыман бір емес, бірнеше рет сипады. Бағанадан бері ер адамдай егістік жайлы сөз қозғаған Зылиха Тамшыбаевадан тік мінезділікті, өткірлікті, іскерлікті байқаған едім. Ал дәл қазір, мейірімі жүзінен төгілген қарапайым ападай көрінді. Сол күннен бастап дамыған мемлекеттен білім алып келсем деген ой пайда болды. Үйдің үлкені – Асылан, спорттың адамы. Еркін күрестен оқушылар арасындағы республика чемпионы. Мінезі біртоға. Келер жылы Алматының спорт академиясына түспекші. Бағыланның оқу туралы айтқанын естімеппін. Ал мен нақты білемін.

 

Ауыл шаруашылығына қатысы бар маман болғым келеді. Ол ойым әлгінде Зылиха Тамшыбаевамен жолыққаннан кейін беки түскен.

 

 

***

 

 

Жадырап жаз өтіп, сарғайып күз түскенде қант қызылшасын жинайтын науқан да басталып кетті. Сабақпен жағаласа болатын жұмысқа біз түстен кейін қосыламыз. Жаздағыдай жан қиналмайды. Істейтін қол көп. Құтты болсын айтып келуші ауылдастар да бекер тұрмай көмектесе кетеді. Ат басындай болып үлкейген қант қызылшасының жапырағын шауып, зауытқа таситын көліктерге тиейміз. Бір көлік кетіп, келесісі жеткенше жидек тоғайға жүгіреміз. Қап-қара болып мөлдіреп тұрған жидектерді теріп, жейміз. Бір күні әдеттегідей жидек жеуден жарысқа түсіп жатқанбыз. «Ойбай!» деген оқыс дауыс шықты. Бағылан екен. Екі қолымен мойнын қысып, безектеп жүгіріп жүр. Жылауға да шамасы жоқ. Ісініп кеткендей. Сөйтсек уылжыған жидекке қонып тұрған бал арасын жидекпен қоса жұтып жіберіпті. Тірідей ауызға түскен араға да жан керек, көмейін шағып алған. Шуласып жүріп Бағыланға көп су ішкіздік. Көкем көлігіне отырғызып алып, үйге тартты. «Әлгі ара суға тұншығып өлді ме екен? Әлде тірі ме екен?» деп ойланып ары қарай жұмысқа кірістік.

      

Күзгі жиын-терім аяқталған соң егістікте ала жаздай тер төккен жұмысшыларға тиесілі қантын тараттық. Бәрі қуанып жатыр. Әсіресе еңбекқорлығымен көкеме жаққан Елжас ағаның балалары. Әкелерімен бірге алқапта еңбек еткен балалары өз еңбектерімен тапқан нәпақаларын мықшыңдап тасып мәре-сәре. Кетуге ыңғайланғанда менен бір сынып төмен оқитын баласы: «Әкім Таразидың қызы, шәй ішуге қалсашы! Қазір, біз, екі жерден қант қойып шәй ішеміз» дегені. 

 

- Ой ол онша емес, қанттан кәмпит жасап жесеңдер, керемет дәмді болады,– деп өзімше білгішсіндім. Ал көкемнің көзіне мөлдіреп жас келіпті. Екі жерден қант қойып шәй ішуді қуаныш көрген қара баланың бақытты сәтін бүлдіргісі келмеді.  – Мә, солай ма? Керемет қой, қап әттеген-ай, біз асығып тұр едік, әйтпесе мен де қантпен шәй ішкім келіп тұр еді, – деп қызыққандай рай танытты да « Айтпақшы,  Әкім Таразидың қызы дегені не? Бұл менің – Қараторғайым, ешкімге бермеймін, сенікіне де тастамаймын» деп балаларды күлдірді. Бәріміз күле-қуанып қоштастық.  

   

Осы оқиғалар аралығында бірнеше түс көрдім. Түнгі қонағымның келесі жиіледі. Әлгі қоңыр көйлекті әйелді айтам, шыдамы таусылғандай шыж-быж болады. Бірдеме дегісі, әлденені көрсеткісі келеді. Бірақ мен түк түсінбей далмын. Жеті жасыман бастап көріп келе жатқан түстерім бітпейтін сериалдай болып барады. Соңғы көрген көрініс күні кешегідей, әлі есімде... 

     

Көкемнің көлігімен аудан орталығына әлдебір шаруамен барғанбыз. Қайтар жолда Көксу өзенінің басындағы су жинайтын бөгетке қарай бұрылдық. Көкем округтің суға жауапты мамандарына биыл жөндеуден өткен платинаны көрсетпекші екен. Өзен бойындағы соқпақ жолмен көлігіміз шоқалақтап келеді. Бір кезде әлдебір нәрсе көзіме елестеп кетті. Дежавю көргендей күй кештім. Мына жерге өмсірімде бірінші рет келіп тұрсам да аққан суы, өскен ағашы бәрі таныс.  

 

- Көке, тоқтаңызшы, – деп айғай салыппын. 

 

- Не болды, қызым? – деп ол кісі жік-жаппар болып жатыр. 

 

- Мен бұл жерді күнде, тіпті соңғы жеті жыл бойы көріп жүрмін ғой. Иә, менің түсіме кіретін тура осы жер. Анау тұрған ағаш, алыстан ағарған алып платинаның көрінісі, жолдан бөлек көлденең жатқан соқпақ жол, барлығы да маған таныс.

 

Мен бұларды қайдан білемін?  

 

‒ Сонда сен, жеті жыл бойы түсіңде осы жерді көресің бе?

 

‒ Иә, иә! Осы жерді көремін, және бір әйел бар. Сол әйел мені осы жерге алып келеді. Өзі судың ортасына тұрып алады да мені шақырады. 

 

‒ Әйел дейсің ба? Қандай әйел? Неге бізге айтпадың?

 

‒ Қоңыр көйлекті әйел. Сіздерді шошытқым келмеді. Түні бойы жүріп шығатынымың өзі сіздерге ұлы қайғы болды ғой!

 

‒ Жоқ, былай болмас! – деп көкем көлігін оталдырды да кері бұрылды.  Бізді күтіп тұрған топтың ортасынан бір жігіт:

 

‒ Әкім аға, қайда кеттіңіз? Сізді күтіп тұрмыз ғой, – деп айқайлады. Көкем қайрылмады, тікелей үйге тартты. Тәтем мен атам бестің шәйін ішуге енді отырған екен. Жандарына жайғастық. Көкем дастарханнан дәм алмай біраз сұрланып отырды да. 

 

‒ Айту керек, айтпаса болмас, – деп менің көрген түстерімді баяндай бастады. Арасында «солай ғой» деп маған мақұлдатып алады. Атамның көзі алақтап, мазасы қашты. Қан қысымы жоғары болатын, ауырып қалмасын деп тәтем дәрілерін баптап берді.

 

‒ Қараторғай қызым, осы уақытқа дейін айтпасақ жаныңды жаралағымыз келмегеннен деп ұқ. Өзің білесің, ұлдарыман артық көріп өсірдім. Әрмен де солай болмақ. Сен тыңда! – деді бір уақытта көкем маған бұрылып. Менің шоши бастаған түрімді көріп, дәл жаныма отырып қолымды қысып алды.

 

‒ Біз сені Көксу өзенінің жағасынан тауып алғанбыз, – деді. Сол дауыс діріл түрінде құлағымның ішінде әлі де жаңғырып тұр.

 

‒ Дәл сол бағана барған жерімізден, су тоспасының қасынан тауып алғанмын. Сені кім тастады? Неге? Қазір ол адам қайда жүр? Бұл сұрақтарды бізге қоймасаң да болады. Аудан немесе қала бойынша бала жоғалды деген дабыл болмады. Жетімдер үйіне алып кетер деп өзіміз де ешкімге тіс жармадық.  Көп  ойланбастан өз атымызға жазып алдық, – деді көкем даусы дірілдей. Тәтем мен атам да бірнәрселерді айтып жатыр. «Бірдеме деші, сөйлеші қызым!» деп тәтем бетімнен сүйіп-сүйіп қояды. Менің басым мең-зең. Жылайын десем көзімнен жас шықпайды. Орнымнан атып тұрдым. Бәрі үрпиісіп менімен бірге тұрды. Оқыс қимылымнан секем алғандай...

 

‒ Ол мені тастамады. Түсіме жеті жыл бойы кірген әйел ‒ менің анам! – дедім даусымды нығарлай. ‒ Ол уағдаласқан жерге уақытында келген. Құндақтағы баласын емізіп, әлдекімді күткен. Қауіпсіз жерге баланы қойып, өзі өзеннің жағасына барып қолын жуған, бетін шайған. Су ішпек болып өзеннің тұнықтау жерін іздеген. Тастарды басып, ортасына таман таяп барған. Сол кезде аяғы тайып кетіп, асау өзеннің ішіне гүмп етіп кіріп кеткенін өзі байқамай қалды. Терең болмаса да тіктеп тұруы мұңға айналды. Ары-бері шайқалып, қарманып шығуға мүмкіндік бермей ағызып әкетті. Ол шығуға талпынғанмен «мені жеңу қайда саған» дегендей ашулы Көксу гүлді-гүлді қоңыр көйлек киген келіншекті қақпақылап  әкете барды.

 

Айтқан түсімнің жалған тұсы жоқ еді. Кейде түсті көруін көріп ұмытып қалатын кездер менде де болатын. Бүгін әп-сәтте барлығы көз алдыма келе қалғанына таңмын. Біз қаламасақ та жадыда еріксіз сақталатын ақпараттар болады екен - ау! Есіме түсуіне түрткі болған сол ‒ өзен!

 

Басқа әлемге барып келгендей болып отырған үшеуі ағыл-тегіл жылады. Мені мазалап жүрген әйелге жандары ашып, естіген оқиғаға сене алар  емес. Сол уақыттарда Көксудың төменгі ағысынан бір әйелдің өлі денесі табылғанын естігенін айтысты. 

 

Ал мені туған әйел шындықты айту үшін осындай қадамға барған болар деп топшыладым. Естуімше о дүниелік адамдар тірілерге риза болмаса, түсіне кіріп мазасын алады деуші еді. Ол да «тастап кетті» деген пікірмен келісе алмай атойлаған болар. Соңғы демі қалғанша, жағада қалған жалғыз қызын кімге аманаттайтынын білмей тұншықты емес пе? 

 

Сол күні жастығымды баурыма қысып ұзақ жыладым. Талып ұйықтадым. Түс көрмедім. Кейін қанша қаласам да ол әйелді түсімде көре алмадым. Қой сойып, құдайы тамақ тараттық. Жанымда жүрген жақсы адамдардың  жүректерін ауыртқым келмеді. Бұл әңгімеге нүкте  қойдым. Тағдырыма көндім.

 

 

***

 

 

Уақыт ‒ емші екен. Мұхит асып Америкаға аттанбасам да Түркиядан білім алдым. Су ресурстары және топырақ милиорациясы мамандығы бойынша магистр дәрежесін иелендім. Елге оралған күннен Зылиха Тамшыбаеваны көргім келген. Одан кейін он жыл сырғып кетіпті. Батыр ананың жетпіс жасына орай Алматы облысы әкімдігі ұйымдастырған мерейтойға көкеммен бірге бардым. Жиылған елде есеп жоқ. Әсем жыр мен төгілген ән, елінің құрметті азаматына арналып жатты. Жанына барып: «осыдан он жыл бұрын егістік басында өзіңізден бата алғанмын» деп айтуға жүрегім дауаламай қойды. Бірақ, бірінші рет өзіме көңілім толды. Артылған үмітті ақтай алғаныма қуандым. Алдымда талай асу бар екенін біліп келемін. 

   

Бағлан мал дәрігері атанды. Ал Асылан келместің кемесіне ерте мінді. Мәулен Мамыровтай даңқты балуанды туғызған Жеті Жалдың топырағынан алтын асықтай Асылан қуат алып өсіп еді. Қаскөйлер атқан қой құмалағындай қорғасынды құшақтаған күйі өмірден кете барды. Кеудесі өксікке толып көкем, зар жылап тәтем қалды. Біз Бағлан екеуміз де бірге өлгендей болып едік. Жоқ, тірі екенбіз! Тіршілік жалғасады екен...

 

Асыланның басына барған сайын мені туған әйелді де ойлаймын. Анам деп те айта алмаймын. Бейіті болса құран бағыштап, көңіл босаса жылап та алар едімау! Қайда барамын? Шындықты білген күннен есейіп кеттім. Шолжаңдап еркелеуді сап тидым. Жасқаншақтық пайда болды. Бетіме келіп баспаса да қуыстанып тұруды шығардым. «Қанша қорынсам да, сол күйге түскенің-ай?» деп көкем менімен бірге қиналды. Олардың кінәсі жоқ. Жерде жатқан шақалақты алып, бауырына басты. Өгейлік көрсетпеді. Тәнім тұрмақ, жанымның қиналғанын қаламады. Ал менің, туған әкем қайда? Тірі ме, өлі ме?  Жігіттік сөзін беріп кездесуге келмей қалды ма? Әлде уақытынан кешігіп жетіп, өзен бойынан не сүйген жарын, не туған қызын таба алмай, екеуі бірдей суға кеттіге жорып, пұшайман болды ма екен?! Әлде «кездесер жерге келмеді, серттен тайды» деп өзінше жорамалдап, анамды кінәлап, менің бүгінгі күйімді білместен бір жерде жүр ме екен? Дегенмен де ол бір жерге кеткен адам ба? Әскерде әлде оқуда болғанда, ауылда қалған анам туып қалған ба? Оған хабар жеткен соң «күт мені, алып кетемін» деді ме екен? Бұл сұрақтардың жауабын мен білмеспін, білсе Көксу мен көктегі құдай білер. Көксуды көрген сайын көңілім алабұртып біреуді іздегендей суына тесіле қараймын. Ол болса мен барған сайын көпіріп ағады, сенің сырың маған мәлім дегендей сыңғырлай, сықылықтай күледі.  


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: