Басты бет
/
Блогтар
/
ЭССЕ
/
М.Әуезов әңгімелеріндегі кейіпкер трагедиясы

М.Әуезов әңгімелеріндегі кейіпкер трагедиясы

10.02.2026 105

Трагедия – көзқарастар конфликтінен орын алған жағдайдың қайғылы шешімге алып келуі. Онда қоғамдағы түрлі көзқарастарды ұстанған, кертартпа топтардың арасындағы тартыс бейнеленіп, адам басына түскен ауыртпашылық баяндалып, көбінесе басты кейіпкерлердің өлімімен аяқталады. Кейіпкердің қайғылы өлімі арқылы шығармада керітартпа топтар әшкереленіп, қоғам, заман проблемасы шынайы көрсетіледі, осы арқылы оқырманды сол мәселемен күресуге ынталандырады.

Аристотель «Поэтикасында» трагедияны «белгілі бір көлемі бар, сөзбен өрнектелген, күрделі әрі аяқталған әрекеттің жүзеге асуы» [1, 300] деп түсіндіреді. Аристотельде трагедияның жүзеге асуы үшін әрекеттің болуы шарт. Ал әрекеттің орындалуы ой мен характер деген екі себепке байланысты. Осылайша, трагедия деп адамдарды емес, әрекет пен тағдыр қаталдығын, зұлымдығын ұғыну мәселесіне келеді. Ал қазақ әдебиетіндегі трагедия мәселесі сөзсіз Мұхтар Әуезов есімімен байланысты. Жазушы әңгімелерінде өз заманындағы адам тағдырын реалисттік бейнелеу, әр кейіпкерінің трагедиясын беру арқылы қоғам бетпердесін шешіп, заман бейнесін көрсеткен. Осылайша, М.Әуезов өз заманының трагедиясын бөлшектеп алып, әр бөлікті көлемін ұлғайта я кішірейте отырып мәтіндерінің әр жеріне сәтті орналастырған. Бұны «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Кінәшіл бойжеткен», «Көксерек», «Қаралы сұлу» т.б. әңгімелерінен көре аламыз.

М.Әуезов «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласында: «Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды» - дейді [2, 24]. Осы мақаланың логикалық заңды жалғасы ретінде жазушының алғашқы әңгімесі де әйел халін, Ғазиза трагедиясын баян етеді. Әңгіменің өзі «көруге аса көңілсіз» Арқалықты суреттеуден басталып, Күшікбай батырдың трагедиясын баяндауға ұласады. «Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгендігінен моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен» [3, 8] - деп, батыр оқиғасын аяқтауы да автордың жаңа трагедияны баяндау үшін жасалған ілмегі іспетті. Себебі «Қорғансыздың күні» шығармасындағы кейіпкердің зорлық көрген сәті, кульминациядан кейінгі шешімі де осы әке мен бауыр «моласы тұрған биік», «боран, ызғар» дегендермен тікелей байланысты болады.

Ғазиза трагедиясы әкесі мен бауыры қайтыс болғаннан кейігі туыс сымақтардың «Кешегі Жақыптың аруағы лағынет оқымасын, Мәрденді де жылатпайық: биыл бұның қатыны өлген, Ғазизаны соған берейік» [3, 19] дегенінен басталады. Ал Қалтайдың көмегімен жас қызға қиянат жасаған Ақанның зорлығы кульминация болады. Осыдан кейінгі шешім ретіндегі кейіпкердің өзін-өзі өлімге душар етуі оқиғаның психологиялық көркем әсерін арттырып, трагедия заңдылықтарын орындайды. 

Ғазизаның өзін-өзі өлімге душар етуі – суицид. Ал әрбір суицидтің өзі трагедия екендігін ескерсек, шығармадығы суицид формасы сол уақыт пен қоғам трагедиясын жеткізудегі құрал ретінде де пайдаланылғанын атап өтуіміз қажет. Нақты айтсақ,  «Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы азапты ақ-түтегінен адасып өліп, мәңгі толас тапқандай» деген шығарманың соңғы сөйлеміндегі автордың «адасып өліп» дегенінің өзі адасқан өлім яғни өзін-өзі өлтірді дегенге келеді. Алайда бұл адасушылыққа Ғазиза емес, заман, қоғам, сондағы залымдар кінәлі, сондықтан да автор кейіпкеріне тыныштықты тарту етеді. Жоғарыда айтқанымыздай шығармадағы басты трагедия кейіпкер өлімі емес – қорлық. Ал өлім – катарсис ретінде беріліп тұр.

М.Әуезовтің прозадағы алғашқы тәжірибесі болған «Қорғансыздың күніндегі» Ғазиза трагедиясы өмірде болған оқиға. Ғайса Самурзин «Өмір сабақтарында» Ақан болыстың прототипі Кәкітай Ысқақовтың төңкеріс тұсында болыстыққа сайланған баласы Біләл деп береді. Ал Кәмен Оразалин «Абайдан соң» романында Біләлдің ағасы Шөпіш деп береді. Бұл жердегі Біләл мен Шөпіш Құнанбайдың Ұлжаннан туған Ысқақ есімді баласының ұрпақтары. Ал Тұрсын Жұртбайдың келтірген деректерінде жазушының  «...нақты портрет жасауы Қаптағай апасының бейнесін көз алдына елестетіп жазғанын айғақтайды» [4, 79]  деп, шығармадағы әңгімеші кемпір – М.Әуезовтің өз апасы дейді. Қалай болмасын, жазушы өз естіген, білген, көргенін «жан ашуымен сиясын көз жасына малып отырып» [4, 79] жазғандығы кейіпкер трагедиясын оқиға шеңберінен заман көлеміне дейін ұлғайтқандығын, я керісінше заман трагедиясын әңгімеге салғандын айғақтайды.

1923 жылы жазылған «Оқыған азамат» атты әңгіменің сюжеті өлім аузындағы Мақсұттың жақындарының айналасында өрбиді. Мақсұт – жалғыз анасынан басқа туғаны жоқ, оқыған азамат, мұғалім. Жас келіншегі мен кішкентай қызы артында қалып бара жатқан Мақсұттың өлер алдындағы жалғыз уайымы – өзінен басқа сүйеніш, тіреуі жоқ кәрі шешесі. Әңгіме басында да аурудың азабы емес, анасының көз жасы кейіпкердің жүрегін өртейді. Бұған куә болған Мейірхан, Жұмағұл, Ақтайлар да сол күні кәрі шеше үшін іштей егілгендей болып еді, алайда соңғы екеуі оқиғадағы трагедияны қозғалысқа түсірушілер болып шығады.

Шығармадығы басты трагедия – Мақсұттың өлімі емес, жалғыз баласынан айырылып қалған ананың ендігі көрген күні мен жынданып өлуі. Баласының өлімінен кейін кемпірдің жұбанышы да, алданышы да Мақсұттан қалған бала – Жәмилә болды. Алайда Жұмағұлдың ішкі есебімен жүзеге асқан әрекетінің салдарынан кемпір ол алданышынан да айырылады. Жұмағұл Қадишаны алып той жасайды, артынан оларды ауылына алып кетеді. Осы сәтте әңгімедегі берілген «Жұмағұл қомағайланған көзбен қарай түсті» мен «Мақсұт өлген бөлменің терезесінен сорлы шешесі бұл күйді көріп, екі көзінен жасын өзендей ағызып, телміріп қарап, қадалып отырып қалды» [3, 36] деген екі көзқарас контрасты оқыған азамат атанған Жұмағұлдың надандығынан болған зұлымдық пен кәрі кемпірдің жүрек жарасы, азабын дәл көрсеткен.

«Оқыған азамат» әңгімесі бір жағынан сол кездің оқыған азаматтарын сынға алып, «атыңа затың сай ма?» дегізеді. Уақыттың адам санасын өзгертіп жатқандығын, алайда адам бойындағы жауыздық, дүниеқорлық, таршылық кішіреймек, жоғалмақ түгіл бұрынғысынан да күшіне ене бастағанын көрсетеді.  Шығармадағы бұл үшін жауапты кейіпкерлер – Жұмағұл мен Қадиша, Әміре мен Қамария. Төртеуінің іштей тұтқандары да, біріккендегі ойлағандары да Мақсұттан қалған азын-аулақ мүлікті иемдену, кемпірден құтылуыдың амалы ғана. Автордың өзі бұларды біріне-бірі соншалық тез жақындастырып жіберген себеп ретінде осыны көрсетеді. «Малды сүйген қомағайлыққа, сараңдыққа, қанағатсыздыққа келгенде, жас келін кәрі енесінен асып түсті: жас жігіт оқыған  десең де, кәрі әкесінен асып түсті, заты мінез бірлігі, «жас-кәрі», «оқыған-оқымаған» деген айырмыстарға қарамай-ақ, бұл адамдардың басын қосып, бірін-біріне үйлестірді» [3, 41]  - дегенді айтады.

Әңгімедегі сол уақыт проблемасын көрсететін тұстың бірі «дүние артына түскен әке» жайынан болады. Әміренің баласына «Өне бойы жұрттан қорқамын деп, сыбағаңнан құр қалып жүрме, арсыз болмай, абыройлы болмайсың деген!» деп ақыл айтуымен қатар өзіне туыстығы жоқ кішкене Жәмиләні Жаңғазы деген ірі байдың баласына қалың мал үшін атастырмақ болуы осыған дәлел бола алады. Әрі бір жақтан өз әкесі, екінші жақтан қайын атасының Жұмағұлға үйді ал, ретте дей беруі де ақыл айтар әке санасыздығы мәселесін көрсетеді.

Оқиғада баяндалған кемпір трагедиясы бір жағынан «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі кемпірдікімен үндеседі, енді бір жағынан жалғыз қалған жанның тағдыр басына салған ауыртпашылықты басқа қырынан да көрседеді. Жүректері мұз болып қатқан залымдардың айласынан кемпір жынданып, артынша бірер секундтың ішінде «Мақсұт... құтқар!» деп демі бітіп, үзіледі. Осылайша, кемпір өліп, Жұмағұл мен Қадиша мұраттарына жетеді.

Уақыттың адам санасын өзгертуі мен адам жүрегінің суынуы қоғамды өзгертеді. Жазушы әңгімелерінде осы өзгерісте өз орнын тапқан. Олар әрекетшіл адамдар образын жасау арқылы әлеуметтік ортаны, дәрменсіз дәстүрлерді, осал отбасылық тәрбиені, дімкәс дүниетанымды айыптау мен адамдардың іс-әрекеттері мен мақсат-мүдделерінің жеңіл ойлауға ауысуы, түпсанада тұншығып жатқан әзәзіл ойлардың дамуы, ессіздікке бару т.б. арқылы көрініс тапты.

 «Кінәшіл бойжеткен» әңгімесіндегі Ғайша – әдебиеттегі жақсы әйел бейнесіне қарама-қарсы әрі Мағжанның Шолпанымен сарындас бейне.  Ол – губірнелік қаладағы қазақтың тәуір қызы, автор «есті әйел» десе де ақымақ, тәрбие, құндылық тамырына зақым келген, ар-ұят бетін бүркеп қойып, қызық іздеп өмір сүріп жатқан бейне. Оның өмір сүру салтын «...Ғайша жайын сөйлеп-сөйлеп, аяғында, атын тоздырып болған соң тоқтаған-ды. ...ел аузы Ғайшаның басына өз бағасын әлдеқашан беріп болып, нық байлауын жасаған. Бір замандар Ғайшаның атына бірі артынан бірі тізбектеп келетін әлденеше жігіттің атын қосақтаған болатын» [3, 129] - деген автор сөзінен анық аңғаруға болады.

Ғазизден Ғаббасқа дейін созылған кейіпкер өміріндегі жігіттердің ішінен ол Ғаббасты өмірін өзгертер адам санады. Оның хабарсыз кетуі кейіпкерді суицид-шантаж әрекетіне баруына себеп болды. Шығарма соңындағы у ішіп өлмекші болған Ғайша «...өзін-өзі өлім жазасынан қайтадан азат қылып күрсініп, тиыштық алып отыра кетті» [3, 150 б.] дегендегісі кінәма осы жаза да жетер деген тоқтамға келіп, бұрынғы қалпында тіршілік күндерін тағы да күтіп қала беруін көрсетеді. Автордың аяқталған суицидті емес оның идеясын ғана көрсетуінде заман бейнесін таныту мақсаты тұрғаны анық. Ғайшаның өлер алдында суреттегі балуанға қарап ойынан бас тартуы өлімнен қорқу емес, нәпсіні жеңе алмауды да білдіреді. О баста Ғайша үшін мотивация болып көрінген Ғаббас негізгі себеп болып шықпайды. Қайтсе де шығармада өліммен ойнау дегеннің дұрыс еместігі көрсетіледі.

Қортындылай келе, Мұхтар Әуезовтің әңгімелеріндегі трагедия өз уақытының заман, қоғам, адам трагедиясын оқырманға дәл суреттеумен ерекшеленеді. Жазушы әр әңгімісінде заманының өзекті, жанға батқан бір мәселесін таңдап алып  доминанта етеді. Әрі доминант мәселемен қоса сол кезеңге ортақ басқа да трагедия шығармада белгілі бір сюжет желісі, кейіпкердің әрекеті т.т. арқылы бөлік-бөлік болып мәтіннің әр жерінен көрініс тауып отырады. Яғни әр шығармадағы қозғалған басты мәселе мен оның аясындағы жанасқан басқа да мәселелер пазл ретінде құралып келіп заман трагедиясын танытады. Сонда М.Әуезовтің әңгімелеріндегі кейіпкер трагедиясы заман трагедиясын танытады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Аристотель. Риторика. Поэтика: [сборник] / Аристотель; [перевод с древнегреческого Н.Платоновой, В.Аппельрота]. – Москва: Издательство АСТ, 2021. – 352 с.

2.     Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: «Дәуір», «Жібек жолы», 2014.  1-том: мақалалар, пьесалар. 1917-1920. – 464 б.

3.     Әуезов М. Қорғансыздың күні. Әңгімелер мен повестер. – Алматы: Атамұра, 2002. – 432 бет.

4.     Тұрсын Жұртбай «Бесігіңді аяла!...». Монография-эссе. Астана. Фолиант. 2003. – 504 б.

                                                                                                                                                                                                                             2022  

Пікір қалдыру: