Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Менің шежірем

Блогтар

11.03.2022
7785

Менің шежірем

Әңгіменің қандайы қызық?.. Оқиғалары көңіл көтеріп, кейде күлкі шақыратыны ма, жоқ әлде қисыны мен бұрмасы аяныш тудыратын мұңдылауы ма?.. Менімше, олардың қайсысы болса да өте қызық, тек одан жанға ләззат алар болсаң.

 

Ал шынайы өмірдегі адамның басынан кешкендері, түйсініп, білгені де сол көркем туындының хатқа түспеген беттері.

 

Ирина (Ираида) Хакім-Ғарифуллақызы өткерген өмір суретіне үңіліп көрейікші.

 

 

* * *

 

 

Менің түп атам Махмуттан туған Исақ кезінде Қазаннан Құнанбайға бет түзегенде, ол оған қазіргі Абай ауданының Арқалық ауылынан жер бөліп беріп, бірін-бірі бағалап, құрмет тұтқандар етжақын туыс-тобықты болып кетеді. Исақтың Сүлеймен, Жақып, Мұса, Ыбырай, Мұсабай деген бес ұлы болған.

 

Менің әкем Ғарифулла - Мұсабайдың баласы. Атам Мұсабайдың бірінші әйелі Абайдың ағасы Тәңірбергеннің қызы, ал ол қайтыс болған соң сүйек жаңғыртып, Ысқақтың қызы Қапураға, балдызына үйленеді.

 

Қапура менің әжем. Әжем Бастами, Муфтулла, Ғарифулла, Қадыр, Мирван, Ризван, Апкан, Ғимран; сегіз ұл, Мағфура (Мағыш) атты бір қыз көтереді. Тұңыштары Бастами - Абайдың Әбдірахманының қызына, Қадыр - Күлбадамның Хадишасына, кенжелері Ғимран - Мағауияның немере қызына үйленеді. Сонда біз Құнанбай, Абай аталардың құдай ажыратпаса, адам ажыратпастай жекжаттарымыз.

 

Бұл менің ата-тегім. Кез келген басы жұмыр пенде өзінің кім екенін білуі үшін әуелі шыққан түп тамырының өсіп-өнген жерін біліп, түгендемесе аспаннан түскендей болмай ма?.. Солай екені солай... Бірақ мен өз ата-тегімді білген күні шынында да аспаннан түскендей едім...

 

...Әкем Ғарифулла Мұсабайұлы Искаков Семей облысының Шыңғыстау ауданында дүниеге келіп, Семейде оқып, ортасының қоғамдық-саяси жұмысына белсене қатысқан. Кейін қызметке араласқан кезінде Семей, Петропавл, Ақтөбе, Алматы өлкелерінде Коммунистік партия жұмысын насихаттау басшылығында болған. 1931-33 жылдары Москвада Қызыл профессура институтында оқып жүргенде қарындасы Мағышты ерте барып, Шығыс қыздары оқитын техникумға түсіріп, бітіріп шыққанша қамқорлығына алады.

 

Әкем қайырымды, бауырмал болса керек, ашаршылық жылдары аштық аяғына түсіп, жүріп-тұра алмай қалған туыс-бауырларын Алматыға қиындықпен алып кеп, бар ауыртпалықты өзі көтеріпті.

 

Москвдағы оқуынан кейін оны 1934-35 жылдары Ақтөбе қаласындағы ет-сүт тресі директорының саяси бөлімі жұмысын атқаратын орынбасары етіп жібереді. Сол кезде Роза дүниеге келіп, Бастамидің қызы Ай кішкентай баланы қарап, қолқанат болу үшін қолдарына келіпті.

 

Бұдан соң оны Алматыға сол кездегі ең ірі ғылыми және саяси орталық, марксизм-ленинизм еңбектерін қазақ тіліне аударатын институтқа редактор, директордың орынбасары етіп тағайындайды. Осында қызметте жүріп, Абай атындағы педагогикалық институтта да партия тарихынан лекция оқиды. Оны жақсы білетін, көзкөрген тарихшының айтуынша Қазақстандағы ұжымдастырудың алмағайып салдары туралы Сталинге хат жазғандар тек Тұрар Рысқұлов пен Ораз Исаев емес, оның бірі Ғарифулла Искаков екен.

 

Әкеммен істес болғандардың бәрі де оның білімді журналист, қайырымды, сабырлы, келбетті болғанын еске алады. Оның есімі Жүсіпбек Арыстановтың еңбектерінде ілтипатпен аталған.

 

1950 жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарған Әбдірахым Жаймурзиннің айтуынша, Мұхтар Әуезов Ғарифулланы туған інісіндей көрген. Ол кісі «Абай жолын» жазған кезінде Бастами мен Ғарифулла үшеуі жиі кеңеседі екен. Мұқаң мен Бастами туған бажа ғой, екеуінің де қосақтары ұлы Абайдың немерелері.

 

Саясатшы, ғалым, журналист, қоғам қайраткері Ғарифулла Искаков, КИМЭЛС-тің директоры Әзімбай Лекеров және өзге қызметтестері 1938 жылы 26 ақпанда жұмыс үстінде атып тасталыпты да, отбасыларына тінту жүргізіліп, керегі алынған соң, олар үйден қуылады. Бұл менің әкем туралы да кейін біліп, аза тұтқан жайым.

 

... Ес білгенде әкем жоқ, анамның аты Нафиса. Бірге туған бауырларым сияқты мен де - Ирина Хакімқызы Сүлейменова болатынмын. Әкем Хакімнің ұсталып кеткенін кейін, оның өлгені туралы айғақ алған 57-жылдары оның туыстары, бауыры Яхья Сүлейменов келіп құран бағыштағанда ғана білдім.

 

Университеттің бесінші курсында тұрмысқа шығып, аяқтған соң жолдама бойынша жұбайыммен Жамбыл облысына жұмысқа кеттім де, анам Нафиса қайтыс болғанда баурларымның маңайына келгім кеп Алматыға оралдым. Бірақ ол кезде астанаға тіркелу қиямет еді. Онсыз жұмысқа тұра алмайсың. Анда жүгіріп, мұнда жүгіріп, ақыры ештеме шығара алмай, іргедегі «Заря Восток» ауылына барып, мектепке орналастым.

 

Бір күні сабақ аяқталысымен сыртқа шыға беріп ем, есік алалдында тұрған еркек таяп кеп:

 

- Сіз, Ирасыз ба? - Деді.

 

Мен жауап орнына жүзіне қарадым. Бейтаныс. Оны әуелі ата-аналардың бірі шығар дегенмін, сұрақ таңқалдырды. Себебі, мұнда мені кім болса да - Ирина Хакімовна дейтін. Ол жауапты тоспастан тағы да:

 

- Ирасыз ба? Сізді машинамның ішінде зайыбым тосып отыр. Бірге біздікіне барайық, сөйлесетін маңызды шаруа бар, - деді.

 

Не дерімді білсемші... Ішімнен «Машинасы несі, зайыбы кім, неге олардікіне баруым керек?» деп, ежектеп:

 

- Шамасы біреумен шатастырған боларсыз. Сізді танымаймын. Айып етпеңіз.., - деп бұрылып кеттім.

 

Әй-шәй жоқ жат біреудің жабысқаны секем тудырып, жуытпауға тырыстым. Анау амалы құрып, қынжылып қалған, бұдан кейін де екі рет келіп, соңғысында әйелі қатты ауырып төсек тартып қалғанын айтып, бірге баруға жалынып, аты-жөнін атады.

 

Үлкен кісінің қояр да қоймай жабысқаны ойландырды. Шынында да маған қатысты айтылар бірнәрсе бар шығар. Анам Нафисадан әкем Хакім жайлы талай сұрағанда «өскенде білерсің» дейтін. Сол сөздер санада жаңғырған, мүмкін осыған дейін жұмбақ болға сауалға жауап табылар. Өзімді қыстағандай боп, Жылқыбай Қаблақатовтың соңынан ердім.

 

Үйге енгенде көп адамдар отыр екен. Бейтаныс кісілер жатырқамай бірден қаумалап, беттен сүйіп, жылап-сықтады. Роза деген әйел жылап қоймаған, түк ұға алмай состидым. Жайғасқан соң негізгі әңгімеге көшіп, Розаның туған тәтем екенін, туыстарымның арасына келгенімді түсіндіріп, қуанысты.

 

Не дейді?.. Төбеден ашық күні жай түскендей... Айтқанға сенейін десем, олардың түр-түсіне ұқсамаймын. Бой жиып:

 

- Іздегендеріңіз басқа біреу шығар. Менің Халима, Рахима Сүлейменовалардан басқа апаларым жоқ. Әкемнің аты Хакім Сүлейменов және ол кісі дұнған, - деп азар да безер болдым.

 

Олар айтқанды тыңдап алып, туған әкемнің аты Ғарифулла, анам Нина екенін, оның Алматыда төрт бауыры барын, бірақ қайда тұратындарын нақты білмейтіндерін, Роза әкемнің өліп қалған қазақ әйелінен, мен орыс әйелінен туғанымызды, алмағайыпта менен көз жазып қалғандарын жеткізді. Ғарифулланың қалай қаза болғанын айтып, тәркіленген заттарынан ғайыптан қалған бір суретін көрсетті. Нинаның суреті жоқ екен.

 

Сенейін бе, сенбейін бе?.. Мұндай да тосын жай болады екен-ау... Ал егер шынын да солай болса ше?.. Шешіміне жете алмайтын сұрақтың астында қалдым.

 

Туыстарым ертеңіне Ғарифулланың туған бауыры Қадырдың үйіне ертіп барды. Олардың да қуаныштан жүректері жарыла жаздап, бәрін-бәрін айтып жатыр. Шай ішуге отырғанбыз. Кенет дәп осы сәтке дейін көңілдегі кілкіген күмәннан түк қалмағандай үстел үстіндегі қант салғышты жұлып алып, айналдыра қарап, жылап қоя бердім.

 

Біздің үйдікі. Анам осы ыдыстан Роза екеумізге ылғи да қант алып беретін. Ал кеп еңірейін. Сананың бір түкпіріндегі суреттер әлдеқайдан атойлап шыға келген, бөлмелерде апалы-сіңлілі екеуміздің қала й ойнайтынымызға дейін сырғып өтті.

 

Туғанын тапқан туыстарым мәз, туған ортаға түскен мен де мәз... Дүние кеңіп, айнала мейірім шапағатынан жарқырап кеткендей.

 

Көп кешікпей анам Нинаның бауырлары Аркадий, Юрий, Евгений, Александрларды да іздеп таптық. Қуаныштарында шек шек жоқ. Анамның суреті бұлардан да шықпады. Өйткені, ол ұсталған соң сақтауға қорыққан.

 

Нина Алексеевна Лукина (Искакова) облыстық атқару комитетінде Хакім Сүлейменовпен бірге жұмыс істепті. Оны мен қырқымнан шыға-ршықастан 1938 жылы тұтқындап, артынан балаларымен Солтүстік Қазақстан облысының Марьевка селосына жер аударыпты. Сол кезде Роза – 10- да, мен 5 айлық екенмін. Нинаның шешесі Елена Адольфовна Аржиховская жалғыз қызының қиянға кеткеніне жаны ашып, соңынан барып балаларын бағуға көмектеседі. Мені Ираида атаған сол әжем екен. Ол кісі сонда көп ұзамай қайтыс боп, мені Роза бағып-қағыпты. Оны «халық жауының» қызы болғандықтан мектепке қабылдамапты.

 

Нина 1940 жылы қатты ауырып қарашада қайтыс болған соң, Розаны Ғарифулланың бауыры Қадыр алып, мен шешемнің ағасы Арсеннің қолында қаламын. Ол 1941 жылы майданға алынып, көп ұзамай опат боп, оныі әйелі мені кішкентай жетім балалардың үйіне өткізіп кетеді. Осында Хакім Сүлейменовтың қызы Халима жұмыс істейді екен, мені үйіне ертіп кеп, аяулы анам Нафиса бауырына басқан. Осындай да қызық оқиға болады екен... Қазір де толқымай есіме түсіре алмаймын.

 

Ал ізденудің арқасында туған анам Нина Алексеевна Искакова-Лукинаның 1977, 2001 жылдары ақталуына себепкер болдым.

 

Сөйтіп, туған әкем Ғарифулла Мұсабайұлы Искаков мен туардан екі апта бұрын 1938 жылы 26 ақпанда атылған. Ал Бүкілодақтық халық жауларымен күресетін төтенше жағдай комиссариатының мүшесі боп, осы салада үзбей басшылық қызмет атқарған, 1930-31 жылдары Ленинград темір жол академи-ясын бітіріп келгеннен кейін жауапты жұмыстарда, Алматы облыстық атқару комитетінде председательдің орынбасары, партия ұйымдарын басқарған аяулы әкем Хакім Юсупұлы Сүлейменов, 58-статья бойынша 1941 жылы 3 наурызда атылыпты.

 

Анам Нафиса Сүлейменова «халық жауының» әйелі болғандықтан Шамалғандағы түрмеде бір жыл отырып шыққан. Туған анам Нина Алексеевна Искакова жер ауып жүріп, жоқшылық салдарынан көз жұмады.

 

Әрине, менің жазықсыз ата-аналарымды тарих ақтады. Мен туған аналарым Нафиса Омарова Сүлейменова – Нина Алексеевна Искакованың Ирина (Ираида) қызымын. Ал аты-жөнім Ирина Хакимқызы Сүлейменова – Ғарифуллақызы Искакова. Аруақтарың риза болсын, аяулыларым!

 

Міне, бұл бір ғана маған қатысты шежіре. Ал ол кездегі мен сияқты ата-анасынан, туған туысынан көз жазып, кейін табысқандар немесе тұл жетім боп соры қайнап зарлаған балалар қаншама еді.

 

Құдай басқа салмасын... Жетімдік салған жараның жазылуы екіталай шығар. «Жетім» деген жетімсіреген сөзден жан түршігеді. Сол пәледен-ақ көз ашпай келеміз. Тастанды балалардың тағдырын ойлағанда қабырға қайысады. Адамдар соңына от алып түскен қияметте де балаларын, бауырларын, туған-туыстрын іздеді емес пе...

 

Алла бүгінгілерге салиқалы сана, мейірім берсін. Еркектер әкелік борышынан қашып, аналарды жәбірлеп жылата көрмесін. Әкені қай кезде де, қай уақытта да іздеп, туған тегіне үңілмейтін пенде жоқ. Соны естен шығара көрмейік!


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: