Блогтар
Неліктен мәтіндегі ТАВТОЛОГИЯМЕН күреспейміз?!
Ислам дінінде балағат сөз ХАРАМ болса, мылжың сөз де дәл сондай ХАРАМ болмаса да, әйтеуір МӘКРУХ, яғни мұсылман адам жасауға онша тиісті емес амалдар болып есептелінеді. Қазақ халық мақалы да «Көп сөз - көмір, аз сөз - алтын» дейді. Иә, кейде БАҚ құралдарында жеке-жеке авторлардың сауаттылық пен тіл байлығы жетпеген кезде тавтология (аса қажетсіз екі немесе одан көп рет жазылып кеткен немесе айтылып өткен синоним әлде бірдей сөздер) алдыңғы орынға шығып кетеді. Қайталанып кете беретін сөздер бас ауыртып қана қоймай, кең таралған құбылысқа айналып жатыр.
Өткенде теледидардан «Музыка мұғалімдері жетіспейді, себебі музыка мұғалімдері аз» деген фразаны естіп қалдым. Ары қарай тек былай деу ғана қалған еді: «Ал музыка мұғалімдері аз, себебі музыка мұғалімдері жетіспейді!» деп. Кеңес Одағы кезінде анекдотқа айналған келесі «ресми» лозунг бар еді: «Учение Ленина правильно, потому что оно верно!» Сол плакатта не үшін «правильно», неге «правильно» неліктен және не себепті «правильно» туралы бір де бір сөз айтылмапты. Шамасы, «правильно» себебі, «верно»! Ал «верно» себебі, «правильно»... Бұл ГРАММАТИКАЛЫҚ логикалық ТАВТОЛОГИЯ өте қарапайым: Дарвиннің атеисттік ілімі дұрыс – себебі Дарвиннің атеисттік ілімі кең тараған, Дарвиннің атеисттік ілімі кең тараған, себебі Дарвиннің атеисттік ілімі дұрыс және т.б.
Тавтология өте көп. Мысалы, бүгінгі бұқаралық ақпараттық құралдарда, түрлі газеттерде кейде келесідей тым үйреншікті болып кеткен тавтология «үлгілері» бар: «әділ қазылар алқасы» (кез-келген «қазы» үшін «әділ» болу - ең бірінші орындағы міндеті! Сондықтан, жай ғана «қазылар алқасы» деуге де болар еді!), «жеке дара тұлға» (бұл жерде тұлғаның өзі жекелік пен даралықтың символы емес пе! Және «жеке» деген сөз «дара» деген мағынаны онсыз да білдірмейді ме?!), «Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті» (бұл жерде «МЕМЛЕКЕТ» деген термин түсіндірме сөздігінде онсыз да «тәуелсіз саяси-қоғамдық құрылым» деген мағынаны білдіреді, сондықтан «Қазақстан мемлекеті» немесе «Тәуелсіз Қазақстан» деп жеке-жеке айтсақ та дұрыс болар), «қазір доллар курсы жоғары БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ» (бұл жерде жай ғана «қазір доллар курсы жоғары.» дей салуға болмайтын ба еді?! Оның үстіне «болып табылады» деген артық «жабыстырма-қыстырма» сөздің өзі әбден шаршатты!), «реформалау өзгерістері» («реформалау» дегеніміз онсыз да «өзгеру» деген мағынаны білдіреді), «тазалағыш гигиеналық құралдар» (бұл жерде «тазалағыш» онсыз да «гигиеналық» деген мәнді білдірмей ме?!»), «интеллектуалды зияткерлік сайыс» («интеллектуалды» деп жазса, «зияткерлік» деп жазбау керек еді, ал «зияткерлік» деп жазса, онда – әрине – «интеллектуалды» деп жазбау керек!) және осы сияқты мысалдар жетіп артылады.
Мен де тавтологияға салынбай, осы мақаламды тәмамдайын. Соңғы мысал. Мәселен, бұл мақаламды «Ғаламтор желісіндегі ақпарат» дейсіздер. Енді ойлаңыздаршы, бұл сөз тіркесінде «тор» деген онсыз да «желі» деген мағынада айтылып тұр ғой! Сондықтан «Ғаламтордағы ақпарат» десек немесе «Ғаламдық желідегі ақпарат» дегеніміз орынды болар.