Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

11.06.2022
8057

Қияли қиял

Қырмызы аяқ шешіп, айдынға қарады. Шүлп өбектеген жаға. Ақырын жалдап, башпай су сызған, тербеліс «Unchained Melodyге” жетеледі.

 

Әсем қимыл. Желбіреген етек - ақ қанат. Ұшқыр қиял ерік ап, ақ жейделі жанасқан, ол аялап демеуге көшті.

 

Ғалам қозғалыс. Қақ ортада ынтызар жұп. Шырқалған әуен көкті алып, дене ұршықша үйіріліп, ырғақ баяулағанда тыныштық тұна қалды.

 

Биші еппен қабақ көтерген, алдындағы шалқар қиял тербеп, кияндағы аралға телміріп: «Ешкім ортақтаса алмайтын, өз аралым болғаны қандай жақсы еді», - деп мәз боп, жағаға шығып, майда құмға отыра кеткен, жібек жел аймалап, маужырады.

 

- Қозғалмасаң кеш батады.

 

Қыз селт етіп, артына қараса, иін тірескен үшеу. Секем алғанын сездіргісі келмей үнсіз барып аяқ киімін алған, жол кестестеген:

 

- Қайда асығасың, қасқарайса тамаша болады. Оған дейін қыдырайық, - деді.

 

Жауап жоқ. Ақырын түр түгендеу. Ентелеген айтқанға көнбесең «көресің» дегендей түктеніп, қылиланса, иықтасқан сүзегеш текедей тесірейіп, арғысы мысықша ашып-жұмып жырбиған.

 

- Жігіттер, ақымақ болмаңдар. Жайыма кетейін.

 

- Ақылды... - бірі бастап, қалғаны қоштап қиқулады.

 

Оңбағандар. Қоршауда қалған кіріптар алақтап, «құтқар» деп ойбай салды.

 

Жайбарақат серуенші кілт тоқтап, айқайға қарай тұра жүгірген, жете бере:

 

- Қоя бер! - деді.

 

- Кет жөніңе!

 

- Жібер! - Едірейгенге жұдырық сарт етіп, қайнаған төбелес басталған, жабылғандар үш жаққа ұшып, тым-тырақай.

 

Бойжеткен жанжалда жар үстінде селтиген, құтқарушы қасына келгенде, «рақметті» әзер айтты.

 

- Қалайсың?..

 

Бас изелді.

 

- Қайда барасың? Апарып салайын.

 

- Жо-жоқ. Өзім... - Бейтаныс... Қалай отырмақ. Секемін жасыра алмай оқшырайды.

 

- Қорықпа.

 

Көлік есік алдына кеп тоқтағанда Қырмызы алғысын қайталап. шығуға беттеген:

 

- Айып етпе. Есім білуге бола ма?.. - деп қиылу, «Бекарыспен» аяқталды.

 

Таныстық осылай басталып, арада уақыт өткенде қайыра үй маңында жолыққан, кездесуге бой үйренді.

 

Бекарыс шетелден оқып кеп, жеке кәсіппен айналысып жүр екен. Қырмызы өнер оқу орнын аяқтауға жақын. Жігіт бірде:

 

- «Бір жамандықтың, бір жақсылығы бар», - дейді. Сыртыңнан көріп жүрсем де, дәп солай танысуды ойламаппын. Кейде ана қиқарларға ризамын, - деп күліп: - Олар болмаса сәті түспес пе еді, қисынға рақмет, - деп еміреніп, маңдайдан сүйді.

 

Ашық-жарқын азамат кімге ұнамас. Әсершіл жүрек алып-ұшып, оқу аяқталған соң, басқосқан. Дүниеге ұл, қыз келді.

 

Үй болғалы біраз. Жайлы тұрмыста секем жоқ. Ет үйренген жағдай өзгерместей көрінеді.

 

Бірақ олай емес. Қаланың ығай-сығайы жиналған ортада Бекарыс бір керімді қата-қайта ортаға шақырып:

 

- Не болды? Сынған пластинкадай айналып, - деген әзілден аяқ тартқан.

 

Бірақ бой жию, ой жию емес сыңайлы. Бекарыс кешігуді бастап, жұмыс шырғалаңы көбейді. Қиындықсыз шаруа жоқ, ұқпайтын небар. Күйеуге қалтқысыз сену, ол тек түн ауа оралауды әдетке айналдырғанда:

 

- Жұмысты елдің бәрі осылай істей ме, әлде сен ғана ма? - деп тіксінді.

 

Алға тартар дәлел көп. Бар-жоқты түгендегіш әйел, өзгерісті ұғып қамықса да, «қарааспанды төкпе» сыр бергізбей, «қал қалайға» , «орнында» деп жауап береді. Сұрақтан күйеу не ұққысы келетінін кім білсін, ол бірде көз сұғын аңғарып, тайсақтап, қызарып кеткен:

 

- Қызуың бар сияқты, дәрі іш, - деген кекесіндеу қамқорлыққа сасқалақтап, тіл тістеп, шығып кетті.

 

Сабыр сақтау айтуға оңай. Қырмызы алғашқыда сыздаған жүректі, астан-кестең әлемді баса алмай қасқарая сыртқа жалтақтап, балалары ұйқыға жатысымен төсекке сұлап, «әлгі ғашық деп еміну, сынаптай сырғымалы бірдеме ме?..» деп егілген. Кейін «үш күннен соң, көрге де үйренесің» дегендей алаңдауды қойып, бар-жоқ назардан түсті.

 

Сол күні Бекарыс әдетінен жаңылып ерте оралған. Жатарда айна алдында саусақ сылаған қосағын:

 

- Бері келші, - деп жанына шақырып, бауырға басып, маңдайдан иіскеген, зайыбы әрі сырғып:

 

- Иә, құлақ сенде, - деді.

 

- Айту тым ауыр. Бірақ үн-түнсіз кете алмаймын. Әсерге шырмалдым. Бала болмағанда...

 

Тыңдаушы дәп бір ертекке ұйығандай монтиған, кенет шек-сілесі қатып, кілт тоқтап, мұңданғанда, оқыс қылықтан шошыған Бекарыс ажырайып:

 

- Не болды? - деді сескеніп.

 

- Ештеме де.

 

- Онда неге күлдің?

 

- Бетке алғаның - жұмақ. Қаш.

 

- Олай деме. Сенен қалай қашпақпын. Егер бір сәттік қызыққа құламасам, бұлай болмас еді. Түсінуге тырыс.

 

Әңгіме келістідей кейіп маңғаз.

 

- Әбден түсінікті. «Қазақ байыса, қатын алады». Неге?.. Өйткені, кеуде тасиды. Жағдайың жақсы. Баяғының байларынан нең кем. Бес жерге, бес отау тік. Маған енді қайт дейсің?

 

- Сені өлердей... Қияалмаймын. Мүмкін айырылыспай-ақ қоярмыз.

 

Көкей мырс еткізді.

 

- Сонда теріс бағуды қияалмауға қалай сәйкестейміз. Түрлі сылтаумен адамды нәпсі үшін пайдалану қорлау дейтін көзқарасымды білмейтін бе едің? Әлде өзгенің ойы маңызды емес пе. «Қос қатын алу жаман салт екенін, күндестік араздықтың шарты екенін» Шәкәрім еріккенен айтқан ба?..

 

Құбылмалы, толқымалы сезім - тек еркекке ғана тән деген кім? Егер әйел болмысын құлыптап, бар мен жоқты, артық пен кемді, аз бен көпті екшегіш, сұңғыла сүзгіштігін алға тартпаса, ол ар-ожданнан аттамау үшін, ұрпақ бетіне шіркеу болмау үшін, жар сағы сынбау үшін жар салмайды. Ал оны осалдыққа балаған пайдасына іледі. Менде күңдік сана жоқ. Алғашқы «рақатайдың» да, соңғысының да иісі жағымсыз. Өткенді тықыштамаңдар. Әр заманның өзіне лайық шапаны бар. Мұндай өтінішті ешқашан қабылдамаймын.

 

- Яғни, сүймегенсің?

 

- Жоғалғанды түгендеме. Сүюден де жоғары нәрсе бар. Әйелді жесірлік қорқытпайды, оған жақ жаздырмайтын баланың жартыкеш отбасын қаламауы. Олар сен кеткен соң қандай күйге түсері анық. Қорсынуды талай бастан өткерген.

 

Ал саған өзіңдікі жөн. Жәрдемақы әке міндетін атқара ала ма?.. «Көрген көргенін істейді, көсеу түрткенін істейді». Отбасы бере алмаған құндылықты, ешбір жаттанды уағыз қалыптастыра алмайды. Балалар қаласа, жолығар. Қарсылық жоқ. Ұл мен қыз үйленгенде алдыдан шығар «жетім» түртпектен жасқанып, әкеден қол үзбеуге тырысады. Әркімге өз керегі. Шешені ойлап елеңдейтін, елейтін бірде-екілі ғана. Осы түннен бастап өз төсегіңе барып қисай. Қайтып оралғанда болмассың.

 

Бекарыс маңдай сүйеп қыбырсыз қалған, әрең көтеріліп, иіні салбырап, жайына кетті.

 

Арна таппаған адасады. Қырмызы балалары жайымен айналасын ұмытқандай еді, Айбар жұмысына іздеп келгенде:

 

- Сағындық ғой, - деп беттен өбкен, жігіт:

 

- Осыны қалап едім, - деп қуланып, езу тартқызды. - Ертең шығармашылық еңбектерім қойылады. Балаларды ертіп кел.

 

- Ой, олар қандай қуанады десейші. Барамыз.

 

Көрме аралау сергітті, Қырмызыға бәрінен де ұнағаны су жалдаған қыз. Суреттен дәп бір өзін көргендей, қасына келген Айбар:

 

- Ұнай ма? - деді.

 

- Шеберлік. Әбден тер төгіпсің. Қымбат дүниең шығар.

 

- Иә.

 

Қайтқанда Айбар жеткізіп салған. «Үйге жүрге» келіспей кетіп қалды. Ол Бекарыспен шетелде бірге оқып, өз саласында қызмет істесе де, суретшілікті қатар алып жүрген, бірнеше тіл білетін қабілетті. Орнықты. Келісті келбет назардан тыс қалмас. Бірақ неге екені белгісіз сыңарсыз. Күйеуі барда мерекелерді бірге өткізетін достардың бірі. Бүгінгі елеу риза етті.

 

Осыдан соң балалармен де, оларсыз да бірге қыдыру жиілеп, әсіресе тауда шаңғы тебуді үйреніп, қарға көмілу естен кетпейді.

 

Көңілді мінезді Қырмызының ортайғаны толып, өткені қайта оралғандай. Айбармен ойы мен талғамы сәйкес. Оның хабарласуын күту ережеге айналған. Бірде ол:

 

- Жағаға барсақ қайтеді? - деп еді, үндемей қап, келісті.

 

Көп жылдан бері аяқ баспаған тұс орнында. Сыңарлар қатарласып төрге көз салған, Қырмызы:

 

- Айбар, сенен бірнәрсе сұрауға бола ма? - деп бұрылды.

 

- Сұра.

 

- Айналаң толған сұлу. Неге үйленбедің?

 

- Мәселе сымбатта емес. Атын білмейтін біреуді осында көріп ғашық болғанмын.

 

- А.Таныстың ба?

 

- Жоқ. Жақындауға жүрексіндім.

 

- Неге?.. Жігіт емессің бе?

 

- Жан-жағына зер салмайтын, өзмен өзі әуре қызық қыз-тын. Оның қимылын алыстан бақылауды, іштей ілесуді қойып, қасына барсам, қайтып жоламай кететіндей көрінетін.

 

- Міне, қызық.

 

- Шыныңды айтшы, егер сен соның орнында болсаң, алшақтағы ынтаны түйсінер ме едің?

 

Сыңғыр суға сырғыды.

 

- Билегенде жалғыздықты сезінбеу бекер емес шығар. Әйтеуір әлдебіреу демегендей ұшып жүресің.

 

- Солай ма. Онда жартаста тек тұрмаппын. Әттең ол аяқастынан қара көрсетуді қойған. Сөйтсем, тұрмысқа шығыпты. Амал не. Тойында күрсініп, қол қусырып ем, бірақ ұмыту азапқа айналды. Сағынғанда досымдікіне барып, қатар отырып, жаным жай тауып қайтатынмын.

 

- Сонда шынайы сүю бар ма?

 

- Өзіңдегіні жоқ дей алмайсың, - жағымды қоңыр үн «дұрысы сенімді» айғақтағандай. - Қай кезде де жалғыз жүректілер болған. Соның бірімін. Қазір оның иесі қасымда тұр. Тұрмыста болған соң амалсыз көндіксем де, ал ажырасқанда қуану орнына қамығып, өзімді қоярға жер таппадым.

 

Сен назданғанда Бекарыс еріп кетуге шақ қалушы еді. Кім ойлапты сондай сүйіспеншілікте қалтарыс барын. Қателік шығар, қайтып келер дегенмін, оралмады. Ал сенің жалғысырағаныңды қаламаймын. Шыдам үзілді.

 

Балалар кіші кезде айтсам, хош көрмесіңді біліп, ауызға алмай, әйтеуір төбе көру дәтке қуаттын, енді ержетті. Қайсар шетелде, Айжүзік оқу бітіреді. Бейтаныс емеспін, жатсынбас.

 

Үн жоқ. Қырмызының ойына ертеректен таныс зерделі, көпті көрген, көп түйген, ғалым кейуананың сөзі оралды. Ол бірде мұның жабырқау кейпін байқап:

 

- Қызым. Жұмыр басқа не келіп, не кетпейді. Текке қамықпа. «Әйел қырық шырақтыны» әлдекім емес, адам қалпы-қалыбын қарым-қабілетін жетік білген, білгір айтқан. Әйел жаратылысы кезеңдік өлшемнен тыс, оның жалыны демі үзілгенде ғана өшеді, - дегенін еске ап, жүз барлаған, өзі күлгенде жымиып қарайтын бейне көз ұшында қалғанын енді ұқты. Ынтызар жанардан өзін көріп, құштар құшақ қауышқан, «Unchained Melody” Ернар-Әміре боп төгілді. Неткен қиялды қияңға қиялатқан ғажайып сиқырлы үн десейші!

 

Қырмызы үйге келсе Бекарыс әрі-бері сенделіп жүр. Таңқалып:

 

- Жайшылық па, - деді.

 

- Хал қалай?

 

- Жақсы. Соны сұрағалы келдің бе?

 

Ойнақы үн. Еркек кібіртіктеп:

 

- Әуелі үйге кірейік те, - деді.

 

- Жарайды. Ал төрлет. Не шаруа?

 

Бекарыс нақты шешім таба алмай тығырыққа тірелгендей қыбыжықтап, айтарын әрең бастады.

 

- Аяулым, кешіре алсаң, біржола келдім. Сенсіз өткен күн қараң.

 

Бас салбыраған.

 

- Жылдар аралап, таразы салмақтауға не себеп?

 

- Енді көкбет қатынмен тұра алмаймын.

 

- А.Түсінікті. Қалап, қаламау маңызды... Кешегі гүл, бүгін қалай күлге айналды екен?.. Айдап келген ашу шығар. Балаң бар. Кейін қайт.

 

- Жоқ. Айыпты ақтай алмау, қара көрсетпеді. Енді сенсіз бір күн де жүре алмаймын. Өз үйіме келдім. Кет десең де кетпеймін.

 

- Солай ма? Еркің білсін.

 

Еркек құлдырап атып тұрып, бас сала жаздаған, зілді зіт:

 

- Отыр! - деді. - Шаңырақ сенікі. Дүние кезек, енді мұнда сен қаласың, мен кетемін.

 

- Қайда?

 

- Жұмаққа.

 

- Олай демеші. Ана жақта да құшақ жайып қарса алмас, ал жер бетінде жоқты айтпа. Аты менікі болғанымен, шаңырақ сенің арқаңда түтін түтеткен. Ешқайда жібермеймін.

 

- Босқа таусылма. Сөз өтпейтін кез болады. Ие болар біреу табылар.

 

Әйел «біттіні» білдіріп, оны-мұнысын жинай бастаған, Бекарыс:

 

- Пендеге сүріну тән. Білемін, еңкею қиын. Ке-шір! Жалынамын. Қайт райдан. Садағаң болайын! - деп қолға жармасты.

 

- Пендешілік иектемеу үшін ақыл адаспау керек. Әйтпесе, ол бойға сіңеді. Қиындықты жеңсең де, еменге айналған жан иілмес. Босат.

 

- Жоқ! - Бауыр икемделе берген, әйел сытылып, есік сарт етіп, «Қырмызы!..» - айқай жас боп сырғыды.

 

8 наурыз. 2022 жыл.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: