Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Қошмұраттың әңгімесі

Блогтар

27.05.2019
5182

Қошмұраттың әңгімесі

 

         

Қошмұраттың әңгіме айтқаны қызық. Кесіп-пішіп, тұздықтап, дәмін келтіріп баптайды. Түскі көжені ішіп алып, қолдың басындай еттің сүйегін мүжіп жеп тойыңқырап қалған адамдар Дәстен кемпірдің қою шайын сораптап, бірауық үнсіз отырған.

      

--Иә,--деді бір кезде дөңес мұрынды қушыкеш Кетпен Қошмұратқа қарап.--Бүгін үндемедіңіз ғой дегендей емеурін білдіріп. Оның әңгіме тілеп отырғанын біліп, қолпаштауды жақсы көретін Қошекең бұлардың өстіп қолдауын пайдаланып қалайын дегендей әңгіме бастайтын сыңай танытып, тамағын кенеп-кенеп қойды. Шай ішіп отырғандар тына қалды.

 

Түс мезгілі. Күн ыстық. Құрылысқа келген 6-7 жігіт жерге жайылған дастарқанды жағалай қисайып, кейбірі малдас құрып, шай ішіп жатқан. Кетпен мен Бәйжеккеннен өзгесі әңгімеге жоқ. Әңгіме естімесе бірдеңеден құр қалатындай елегзіп тұратын-- осы Кетпен. Өзі де судыратып, әсірелеп, қоса түсіп, бастан кешкен бірдеңелерін айтып жатады. Онысына өзі күледі. Аздап кітап оқиды.
     

--Кһм, иә,--деп бастады Қошмұрат толық денесімен тік отырған бойы. --Жағалай отырғандар тына қалды.
     

--Онда студентпіз. Әдебиет оқисыңдар,--деді декан. Мамандықтарың сол. Онда ылғи тәуір оқитын жастар екен. Мен әскерден кейін сырттай оқып жүрсем, методист апай келіп кім іштей оқиды ауысатындар бар ма?--деп тұр.
     

--Мен ауысамын,--дедім. Сөйтсем баратын группам ылғи қыз екен.
     

--Поһ,--деп қойды біреу. Кілең сұлу деш...
     

--ІІйи жоқ,--деді Қошмұрат бетін тыржитып. Осы жерде қызық шығып келе жатқанын байқап, Кетпен қыстырылды.
    

--Сізге қандайы ұнаушы ед, өзі.
    

--Ой айтарың бар ма? Бой деген 185 см, иығым тіп-тік, бүкіл денемде қырып алар май жоқ. Бет-әлпетім де ешкімнен сорлы емес. Қыр мұрынды. Келбетті жігітпін. Белі жіп-жіңішке, бойы ұзын, балтыры балғадай, бұрымы қамшыдай қыз іздеймін баяғы.

      

--Сонымен,--деді біреу әңгімеге оралып.
      

--Сонымен қойшы әлгі 30 қыздың ішіне күмп ете түстім. Ылғи оқығыш. Кітапханадан шықпайды. Сабақты жаттап алады. Ұлдарда ол жоқ. Аңдитынымыз кино. Қыдыру. Қыздар.

 

Қошмұраттың кемпірі мына отырған, мыжырайған жаман Дәстен кемпір. Оның өзіне 40-тан асып барып үйленген. Онысы оқымаған. Өмір бойы клубтың еденін жуып, сиыр сауып өткен момын адам. Соны білетіндер, Қошекеңнің жігіттік жүрістерін қызық көретіндер сырт әңгімесін оңашада айтқызып тыңдайтын. Мына жерде кемпірдің көзінше сайрай алмасын біліп, іштерінен күліп қояды.
      

-- Сол сұлу қыздардың ішінде Нұрсұлу деген болды,--деп сөзін жалғады Қошекең-- Нұрсұлу десе, Нұрсұлу енді. Өңдесе өң, түр десең түр, білім десе білім. Ешкіммен сөйлеспейді. Ешқайда бармайды. Бөлмеден шықпайды. Баратын жері тек кітапхана. Үздік оқыды. Оқу бітіріп институтқа қалды. Кейін доктор болды. Қызы бар деп естідік. Кімнен екенін ешкім білмейді. Ақыр күйеуге тимеді.
     

--Емеурін білдірмедіңіз бе? Киноға шақырып,--деп біреуі бастап келе жатыр еді.
     

--Жаспыз ғой онда. Қызды биге шақырғанда шықпай қалса өліммен тең. Ал, сөз салған қыз көнбеді деген бұл нағыз трагедияяя...--деп соза түседі Қошекең.
     

--Сонымен.
      

--Сонымен көп жыл өткенде ойда жоқ кітапханаға кіріп қалсам Нұрсұлу. Сол баяғы мөлдіреген сұлу қалпы. Бұл кезде бастан талайды өткеріп отыздан асып қалғамын.
     

--Бұғалықты тастаамадыңыз ба?--деді шыдамаған біреу.
     

--Қайдаа,--дейді Қошмұрат дауысын созып. --Сөз айтпақ түгілі қасына барып бірдеңе айтудың өзіне бата алмаймыз. Ынжықпыз ғой. Міне оқудың пайдасы... қыз балаға тигізген кері әсері. Қандай қыз еді. Он шақты бала тауып, жап-жас біреуге тиіп, гүлдей жайнап жүруге тиіс еді. Қызығатын ек. Амал не?!!
     

--Есе таки бірдеңе айтуыңыз керек еді.
    

--Одан кейін көрдіңіз бе?--дейді Кетпен.
    

--Көргенде қайтесің. Көрдік. Кемпір болды. Бетіне әжім түсті. Өмір өтті сүйтіп.
    

--Өкінішті екен,--деді әлдекім.
    

--Мен ондай сұлулардың талайын көрдім,-- деді Қошмұрат. --Бірақ ондай такаппар, адал қыздарға тимедім. Өздері ыңғай білдірген, қағылып-соғылып жүргендерді аямадым,--деп сылқ-сылқ күлді.
    

--Ха-ха-ха, ағамыз енді шынын айтты,--деп Кетпен шырайы енгендей шаттана күлді.
    

--Баллардан ұясаң етті,--деді Дәстен кемпір ыдысын жинап жүріп.
                                                                                                       

20.10.2016

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: