Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПОЭЗИЯ
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ АЙДАРЫНДА ТОЛҒАУЛАР: ТҰМАР ПАТША – ТОМИРИС, БЕЙБАРЫС СҰЛТАН. ҰЛЫ ДАЛА ҰРПАҚТАРЫ

Блогтар

02.12.2017
8658

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ АЙДАРЫНДА ТОЛҒАУЛАР: ТҰМАР ПАТША – ТОМИРИС, БЕЙБАРЫС СҰЛТАН. ҰЛЫ ДАЛА ҰРПАҚТАРЫ

ТҰМАР ПАТША – ТОМИРИС

Алты ғасыр әріде бұл дәуірге,

Тайпа болған табынған Күн Тәңірге.

Арғы атасы бүгінгі қазақтың – Сақ,

Шошақ бөрік атанған сол дәуірде.

 

О бастан ата-баба туын тіккен,

Кең даласы киелі, құтты мекен.

Берекелі Сыр жері – Сақтар елі,

Ұлы Дала төсінде қоныс тепкен.

 

Кім айтқан, көшпенді тек көшіп-қонған,

Көшіп-қонған, сан қорған қала салған.

Шірік Рабат, Баланды, Бәбіш Молла

Көнеден қалашықтар, қамал қорған.

 

Ел болғасын, ер болар елге көсем,

Мәртебесі бір төбе, үні үстем.

Ердің қамы, ел қамы күйін кешкен,

Ыстығы, суығына төзіп өскен.

 

Ермін деген ер көсем – ел дегенде,

Ел басына күн туса – ерлегенде.

Өз басына келгенде – сергелдеңде,

Отбасында отаға, әке – пенде.

 

Ұлдары қаза тапқан жорықтарда, 

Ер Көсем іштей тынып зарыққан ба.

Өтем бе бұ жалғаннан тұяқсыз тұл

Деген бе жасы келе торыққанда.

 

Күндердің күні келе бұ дүниеден,

Бұйырса соңғы сапар мен де өтем.

О, Жаратқан, жарылқа ұл бер маған,

Ұрпақ көрсем ізбасар депті Көсем.

 

Заманда жат-жаулары ойран салған,

Елім деген ер жігіт елге қорған.

Содан да ма санада сезім қалған,

Ер бала ерекшелеу ұл боп туған.

 

Жаратқан жарылқаса бермес неге,

Үміті үзілмеген пенделерге,

Ұл десе ұл бере ме, қыз бере ме,

Жазылған жазмыш екен пешенеге.

 

Ұл тілеген пендені ана туған,

Ұрпақты ұрпақтарға жалғастырған.

Іштен шыққан тірі жан қыз да бала,

Қыз болмаса келешек ана қайдан?

 

Бұлыңғыр тағдыр жолы өмір деген,

Бұрылыс, құбылысын кімдер білген.

Тәңір ісі – әмірі, өмір берген,

Қыз беріпті Көсемге ұл тілеген.

 

«Әке көрген оқ жонар» – есті болар,

Ержүрек, өркөкірек өсті Тұмар.

Бес қаруды меңгерген, ару мерген,

Көркіне, келбетіне көңіл толар.

 

Тәу еткен бе Тәңірге әке пенде,

Ер жігітке бергісіз қыз өскенде.

Жадау көңіл жадырап жүздескенде,

Тұмар қызы жалғызы бойжеткенде.

 

Бойжеттің Тұмар қызым, жетті көзім,

Қамқор болар анаңа енді өзің.

Қолыма қару алып, ажал тауып,

Көкке кетер менің де келді кезім.

 

Нағыз Сақ кәріліктен өлсе мазақ,

«Өлімнен ұят күшті» – десе қорқақ,

Жорықта қаза тапқан – ерге атақ,

Болмаса өлген артық жардан құлап.

 

Елде әдет әңгіме  сөз қалған ба,

Дегендей алжыған ба, қажыған ба.

Жанға батқан, көңілін жабырқатқан,

Өзі жайлы жағымсыз сөз болғанда.

 

Шынымен ел есінен шыққаны ма,

Ерлікпен айналғаным мақтанына.

Депті Көсем – дұшпаным тайсалатын,

Осының бәрі ұмыт болғаны ма?

 

Абырой-атақ болды жас кезімде,

Әлде ол ойда қалған құр сезім бе?

Абырой әлде жастар үлесі ме,

Көрсетем депті соңғы күресімде.

 

Қалайда қаза таппақ қалауы бар,

Ажал тапса қаза бар қабыл болар.

Ел есінде қауқарсыз шал боп қалмас,

Бұйыртса алда шайқас, соңғы сапар.

 

Көсем сертін, ниетін тайпа қолдап,

Құрылды маңдай алды сарбаз жасақ.

Қосылды құрамына Тұмар қызы,

Әке көрсе, көрмекші өзін сынап.

 

Жетті жасақ жерінің шалғайына,

Қарсылас қастың мекен маңайына.

Кімге қаза, кімдерге жаны олжа,

Жазуы бар әркімнің маңдайында.

 

Екі тайпа бетпе-бет екі көсем,

Екеуінде екі ұран, үні өктем.

Үміт екеу, екеуге жеңіс біреу,

Дегеніне екеуі дейді жетсем.

 

Ата-баба жолынан таймай өткен,

Соңғы айқасы – шайқаста демі біткен.

Абырой, ар-намысын бермей Көсем,

Қолдан қару түспеген күйде кеткен.

 

Айлар өткен арада, жылдар ма екен,

Сол жорықтан беріде тыныш мекен.

Батылдығы тең келген ақылымен,

Ер сынды Тұмар сұлу елге көсем.

 

Тыныштықты кім бұзар, қырғын салар,

Тыныш жатқан елге қас шырқын бұзар.

Жанын қияр сарбаздар, ер сабаздар,

Қара жауға қасқая қарсы тұрар.

 

Қан шайқаста қайтпаған қарымтасы,

Қырғын сала кек алмақ Сақтан қасы.

Ауыл-ауыл аймақтан жасақ құрған,

Қол бастап қарсы тұрған Сақ патшасы.   

 

Жасақ сарбаз сапында Тұмар көсем,

Бес қаруы сайма-сай, үні өктем.

Ер жігітше ерекше ерлік ете,

Шайқаста Сақ патшаға көзге түскен.

 

 

Көсем Тұмар атағы жерді жарды,

Көркіне патша тәнті – хабардар-ды.

Атына атағы сай Тұмар қызға,

Құда ғып аттандырды жақсыларды.

 

Деген бар, отырса қыз орнын табар,

Қолына қосағының құс боп қонар.

Текті қыз теңін табар, тұрмыс құрар,

Шығыпты сақ патшаға сұлу Тұмар.

 

Тілегенін Тәңірім қабыл еткен,

Жыл өте босанатын күн де жеткен.

Патша күткен, патшайым үміт еткен,

Ұл беріпті екеуі бір тілеген.

 

Өмір – өзен, өткелі біреу деген,

Біреу енсе өмірге, біреу өткен.

Күні жетсе әркімге кезек жеткен,

Күні жеткен Сақ патша бақи кеткен.

 

«Өмір барда қаза бар», бұйрық – көктен,

Өмір берген Тәңірім өзі білген.

Бір пенде дүниеден өткен түнде,

Көк жүзінде бір жұлдыз өшіп-сөнген. 

 

Өтті патша елеген елдің жайын,

Мұрагер ел қамын жер патшайым.

«Орнында бар оңалар», оңды болар,

Патшалыққа патшайым Тұмар дайын.

 

Сақтар салты айналды салтанатқа,

Хат-хабары таралды ел-аймаққа.

Күн мен түн теңескен күн, сәтті шақта,

Отырды Тұмар патша алтын таққа.

 

Өзі патша, өзі Ана, жолын білген,

Әділетті әмірші ел билеген.

Саясаты – аталар аманаты,

Ел аман, тыныш заман тұрса деген.

 

Көз салған берекелі Сыр жеріне,

Парсы патша Кир келмек Сақ еліне.

Жөнелте сый-сияпат, сәлем-сауқат,

Дәмелі, сәлем қайтар сәлеміне.

 

 

Сырын білмей қонақты кім қалаған,

Тосын сыйды тартса жат – сыры күмән.

Сан елді жаулаған Кир парсы патша,

Өзгені өзіне тең санамаған.

 

Айласы – айбалтасы парсы қастың,

Баспақшы бопты барлап елін сақтың.

Сыры мәлім, айласы ашылғасын,

Табылды себеп сақпен соғысатын.

 

Ел тонап, еркін алмақ, бұзбақ шырқын,

Тыныш жатқан бейбіт ел тыныштығын.

Қанға тоймас, қырғынды салмай қоймас,

Сан елді қанқақсатқан қара құзғын.

 

Ел намысын таптамақ жат келгенде,

Ер намысы лауламақ сәт келгенде,

Жаршы жасақ жортып дабыл қағып,

Атажауға аттан сап Сақ келмей ме.

 

Аттанды Сақтан жаушы дұшпан Кирге,

Басқыншы парсы аяқ басқан жерге,

Ескерте, есің барда еліңді тап,

Ескермес есірген бас кірер көрге.

 

Соғыс бастап Кир патша шапқан шақта,

Серт беріпті халқына Тұмар патша.

Қарсы тұрмақ қарасы құрығанша,

Жойылып жаудың көзі жұмылғанша.

 

Барлауда Сақ жасағы түн жамылған,

Тұтылған жау қолында айла қылған.

Ажалды қаза тауып, ажалсызын,

Айласы асқан дұшпан тұтқындаған.

 

Топ бастаған жорықта қолға түскен,

Тұтқында Тұмар ұлы, қолда кісен.

«Ерді намыс өлтірер» – деген бе ер,

Қол сала өзі-өзін құрбан еткен.

 

Ерлеген кеудесін кек кернегенде,

Ана жүрек елжіреп ұл дегенде.

Тұрыпты Тұмар ана үнсіз ұзақ,

Қимастан қара жерге жерлегенде.

 

 

Қайтар ма қараниет соғыс ашқан,

Қырылды ажал тапқан – екі жақтан.

Төгілді адам қаны селдей аққан,

Кир басын шапқан Тұмар сонда айтқан.

 

Жеңген жоқсың ұлымды жекпе-жекте,

Өз басыңды өлімге тіктің текке.

Кетті ұлым, түбіне жеттің, зұлым,

Айналдым депті мен де тірі өлікке.

 

Қайтқан кек берген сертті салып еске,

Қастың басын Тұмар сап қанды меске.

– Іш, – депті, – зұлым енді ішкеніңше,

Қанішер қалағаның осы емес пе?!

 

Кир өлді, парсы патша Дарий келді,

Басынып басып алмақ бейбіт елді.

Қарапайым сақ Ширақ амал таппақ,

Айла жасап жоймақшы қанішерді.

 

Бір өмір, Отан біреу бұл жалғанда,

Таңдау бар ма жағадан жау алғанда.

Ел дегенде ерлеген батыл жанға,

Жаннан артық құндылық Отан ғана.

 

Шағым айта  парсыға Ширақ барған,

Сатқын санап Сақтар депті қорлаған.

Өш аламын қалайда, кек қайтарам,

Жеңіске жол көрсетем тақсыр саған.

 

Бастады жауды Ширақ шөл далаға,

Елсіз-күнсіз айдала айналада.

Ел жаулап олжа таппақ, ажал тапқан,

Адасқан арам қатқан айдалада.

 

Ері бар бүкіл елге қорған болар,

Мұндай елге енді кім беттей алар?

Елі үшін бір өмірін жанын қиған,

Ерлігі мәңгі қалар депті Тұмар. 

 

Қара қылды қақ жарған әділдікпен,

Тұмар патша сан жылдар билік еткен.

Тарихтың тереңінен, тұңғиықтан,

Атақ-даңқы бүгінгі күнге жеткен.

 

 

Дәуір өткен, ғасырдан ғасыр өткен,

Жылдар жылжып жаңарып заман өткен.

Ұрпақ өскен, ұрпақтан ұрпақ  өскен –

Ұлы Дала мәңгілік Атамекен.    

 

                                    2017 жыл

 

БЕЙБАРЫС СҰЛТАН

Сан сәттер дүниеде бастан өткен,

Ерлеген ер есімін мақтан еткен.

Кей сәттер көкіректе қалып кеткен,

Ердің де ержүрегін елжіреткен.

 

Шығыпты сұлтан шаһар шалғайына,

Қарапайым халқының маңайына.

Естісе ел аузынан қыпшақ үнін,

Есіне түсірер ме бала күнін.

 

Қай заман қолды болып елден кеткен,

Ер еді еріксіздің күйін кешкен.

Жадында жаңғырығы зарлы үннен,

Қалған-ды алыс дауыс «көкелеген».

 

Қиырсыз Дешті қыпшақ даласынан,

Есінде көмескі үн қалды қайдан.

«Ей,жалған, қайда елім, туған жерім?»

Дегендей ойда ма еді сонда сұлтан.

 

Жусаны ма елінің еске түскен,

Дұшпаны ма әкенің қанын төккен?

Еңіреген ананың көз жасы ма,

Көргенде жау қолында ұлын кеткен?

 

Жадында жау қолында еңірегені,

Желкелеп өзін атқа өңгергені.

Өзі ме өксіп сонда «көкеленген»,

Есінде еміс-еміс бар білгені.

 

Қолды болды, құл болды, өсті бала,

Текті бала тегінен кем қала ма?

Өткені-кеткеніне көзі жетпей,

Көншімеген көңілі жай таба ма?

 

Қатал тағдыр сынағын өткен талай,

Әскери өнер шыңдай сегіз жылдай.

Тұмсығы тасқа тисе мұқалмаған,

Жүрегінің түгі бар жас қырандай.

 

Мысырда Бейбарыстай талай қыпшақ,

Тағдыр айдап шет кеткен елден жырақ.

Бейхабар жүрмес елден есті ұрпақ,

Ер көңілін көншітпес «ұзын құлақ».

 

Дешті Қыпшақ ел қайда, Мысыр қайда?

Мысыр жайда сан шақырым шалғайда.

Бейбарыс елім деген ер болмаса,

Алтын орда ханына хат жолдай ма?

 

Қандай күш алыстарын жақындатқан,

Ұлы дала үні ме шалғай жатқан?

Тақсыр хан, ұлы сұлтан тіл табысқан,

Сыйласқан сыйына сай сый алысқан.

 

Жағадан алған жауы жанталасқан,

Ол заман Батыс-Шығыс қарсыласқан.

Өз дінін өктем үнін ұран қылып,

Мұсылманға қас дұшпан күш сынасқан.

 

Болмаса сын сағатта ер намысты,

Бермесе сыртқы жауға тойтарысты.

Ер болмаса қыпшақтың Бейбарысы,

Атанар ма «жаужүрек жолбарысы».

 

Жау десе түсі суық қырғи-қыран,

Дұшпанға тыныштығын таптырмаған.

Ер депті Евфратты жүзіп өтіп,

Бір өзі талайын жер жастандырған.

 

Моңғол-татар басқа да басқыншылар,

Қандыбалақ құзғын ба жемтік құмар.

Көр ме екен өзгені тең көрмеген,

Бөрі ме жортқанда көзді жұмар.

 

Өмір-өлім арпалыс шайқас өткен,

Кештерде мәмлүктер әуендеткен.

Жалған өмір жайында жыр есіткен,

Қастың да тас жүрегін жыр жібіткен.

 

Бір өмірің келер де кетер деген,

Әуені әркімге де әсер еткен.

Мұсылман иман күшін сезген дұшпан,

Бейбарыс қол астына өте берген.

 

Қасына да әмірші қорған болған,

Тұтқынға қолға түскен талап қойған.

Сүндет салтын сақтаған, дін жақтаған,

Мәмлүк қатарында жан сақтаған.

 

Ел басқарды әмірші, қол басқарды,

Әскері алды берік қамалдарды.

Батылдығы баршаға болды аян,

Атағы Бейбарыстың жерді жарды.

 

Атақ даңқы әйгілі ұлы сұлтан,

Болса да аса байлық қаламаған.

Деген екен керегі шайқастарда

Ат болса, қылыш болса, болды маған.

 

Шайқаста айқасса күш күштіменен,

Жеңіске жетер білек күшіменен,

Ат болса құстай ұшқан, –  депті сұлтан, –

Жеңіс келер қылыштың жүзіменен.

 

Жау бар ма, алынбаған қамал бар ма?

Әмірші қол бастаған замандарда.

Тайсалған айбатынан Бейбарыстың,

Мыңдаған қол бастаған моңғолдар да.   

 

Әмірші билік еткен шаһарларда,

Салынған салтанатты сарайларда.

Мұсылман үні үдеп тұрды әуендеп,

Бейбарыс мешіт салған маңайларда.

 

Дін қолдаған мұсылман елге қорған,

Бейбарыс атын Мысыр ұран қылған.

Деген екен теңселген дүниеде,

Мұсылманға бір қорған ұлы сұлтан.

 

Бейбарыс құлдан сұлтан болған кісі,

Бүкіл Ислам әлемі әміршісі.

Деп жазды жылнамашы замандасы,

Жеңістер жеңімпазы – күш Атасы.

 

Ислам тарихында қалды дерек,

Айбынды депті дені өте сергек.

Жаратқан берген екен ерге жүрек,

Сын сағатта жіберіп елге көмек.

 

Заман екен қырық жыл қырғын деген,

Отыздың бесеуінде таққа мінген,

Он жеті жылдай сұлтан билік еткен,

Елудің екеуінде мәңгі кеткен.

 

 

Ислам туын тіккен заманында,

Бейбарыс аты аңыз ел аузында.

Ұлы сұлтан бабаға тағзым еткен,

Нұрлы сұлтан елбасы сапарында.

 

Түспеген ешкім жерге көк жүзінен,

Кімдер өтпес бұл жалған дүниеден.

Дегенмен, кімдер білген түзде жүрген,

Топырақ бұйырарын өзге жерден.

 

Жүргендер өзге елде сұлтан болып,

Жүрсеңдер өз еліңе ұлтан болып. 

Деген бар ел аузында қалған қайдан,

Қалған ба бабалардан баяғыдан?...

 

Кей-кейде оралады ойлар маған,

Бейбарыс туған жерін сан ойлаған.

Жас келгенде еліне жетуді аңсап,

Толғанды ма торығып іштей сұлтан. 

 

Сан сәттер, сансыз сәттер – заман өткен,

Ерлеген ер есімін мәңгі еткен...

                      

2016 жыл


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: