Басты бет
/
Блогтар
/
ПОЭЗИЯ
/
Сәбетай Сыпатай

Сәбетай Сыпатай

19.05.2026 50

Алапат ақын - СӘБЕТАЙ СЫПАТАЙ:

 ЫНДЫН

 Сұлу ажал жолдайсың жақсы ағаңа. 
Шатпақты әкеп қайдағы тақпа бала. 
Иғайлаған риза өз ісіне, 
Шыймайлаған жағады аққа қара. 
Бақыт қонар кұс па екен атқа ғана, 
Желпілдейсің келгендей топтан оза. 
Бір поэма шылқып жүр идеяда, 
Бұлбұл сайрап бағыңда шаттана ма?

 Шарапты да ішкенмін, шампанды да, 
Софияны сүйемін, Гауһарды да. 
Өмір толқын болғанда, тағдыр қайық, 
Алай-дүлей мінезім талқан жүдә! 
Ұлар кұсты көргенмін, 
Арқарды да, 
Дию, дүлей дүмбілез, тарпаңды да. 
Асқақтасам тау болып биіктеймін, 
Даладаймын көсілсем, шалқар мына! 

Биік білген, біледі тереңді де, 
Зерделейді өмірді, өнерді де. 
Кедергіден өтеді кедергіге, 
Шығу үшін шыңына келергігe. 
Санамандар әзірше мені өлдіге, 
Мен тірімін, жер басып келем, міне! 
Қалпағымен ұшырам сұрмергенді, 
Бұзып өтем кез-келген бөгеуді де. 

...Барған жері әскерге - ГСВГ, 
«Киргиз-кайсак» қоспасы түсі, сұры. 
Қару берме, қолына қару тисе, 
Мүмкін оның айды атып түсіруі!..
Адамдықта жігіттің ысылуы, 
Адалдықта жұлдызды түсінігі. 
Өрге қарай тартатын ер мінезі, 
Елге қарай тартатын кішілігі. 

                2

Мен Жердемін, 
Аспанда Ай, 
Ғарышта Күн! 
Туылған күн шебінен алыстадым. 
Көкейімді найзағай кескілесе, 
Жанып кете жаздайды, намыс-жаным!
Сағынышым көп әлі, тауыспадым, 
Жігерімді үмітпен әрі ұштадым. 
Күн айналған дүние - 
Шыр айналды! Асықпадым, саспадым, Қалыспадым. 

Қайтем оны атыңды, шапаныңды, 
Қошеметшіл абырой, атағынды. 
Керек етсем орманға, тауға кетем, 
Порфирийше жіберіп сақалымды. 
Уайымды қайтпекпін, қапа-мұңды, 
Шадыман үн тербесін жаһанымды. 
Алға асыра беремін арманымды, 
Жалғастыра беремін сапарымды.

 Хантәңірін жаратқан 
Хақ, Тәңірі! 
Сөйдейді ғой, тірліктің патша жыры!.. 
Қайсы қазақ жазды екен көрші қарап, 
Құралыпты ұйқастың тәп-тәуірі. 
Сол жазбаса, кім жазсын басқа мұны, 
Өніп-өсіп шығыпты тасқа гүлі.
Фамилиясын жазған да қолын қойған, 
Өмірде жүр ендеше, Бәтжанұлы! 

                3

Өмір сол ғой -
Уақыт зулағаны! 
Бәрі қалар, 
Қуаныш, 
Мұң қалады! 
Ашылады тарихтың жаңа беті, 
Жыртылады күнтізбе бір парағы. 
Өмір сол ғой - 
Жүректің тулағаны! Қайтсін енді, шырағың суланады! 
«Ел кеткен соң кең жайлау құлазиды», 
Мен кеткен соң өлеңде кім қалады?!

                      2011 жыл

Пікір қалдыру: