Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Шеген-Байәлі көпірі

Блогтар

01.10.2019
4249

Шеген-Байәлі көпірі

                                                                  

Далаға көк бітік шықты. Ауыл етегіндегі жазыққа өргізілген қой-ешкі мен қазықталған сиыр, бие, тұсалған айғыр, бос жүрген есектердің қарасы жылдағыға қарағанда қоюланып қалған. Мал біткен көк майсаны бырт-бырт үзеді. Жайқалған жасыл желектің үстінде қозы-лақ ойнап, тай-құлын жарысады.

 

Қой өргізіп шыққан Шеген қарттың сақал-мұрты қырылған, үстінде олпы-солпыға айналған костюм-шалбар, аяғында кроссовка, ал төбесінде балалардың күнқақпай жеңіл шәпкесі. Ол айналаны қуақы көзімен шола қызықтап, жұтынып-жұтынып қойды. Бір қызу-қызу ойлар келгенде атжақты әлпетіндегі тік мұрнының танауы делдиіп, қысыңқы қабағының астындағы қоңыр көзі жылтырап, бұлтиып тұратын жұтқыншағы бүлк-бүлк ететін әдеті еді.

 

Осы сәтте ауылдың жазыққа иек артқан шетінен жалғыз адамның сұлбасы қарайды. Сығырая үңілген Шеген қарт оны сары  плащынан таныды. Қуанып кетіп, балаша қатты ысқырды. Алыстағы әлгі адам кілт тоқтағанда бұл шәпкесін шешіп бұлғады.

 

Шеген қарт ой үстінде қойды бір айналып шыққанша «сары плащ» та келіп қалған. Жетпістегі құрдасының ысқырығын жазбай таныған ол кісі жылдам жетті. Аяғында кебіс, жалаңбас. Самай шашы желмен ойнап, көзін жабады. Оған Шеген қарт төбесінен қарайды. Кішкене бойлы, көсе адамның даусы қырылдап шығады, дөңгеленген денесінде май бар. Жүзі нарттай қызарып, тесіле қарағанынан ауылдастары тайсақтап кетеді. Өзі әккі қария келе:

 

– Өй, найсап! Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарар деген, не керек! – деп төніп қалды.

 

– Көріңде өкір, көріңде өкіргір! Айналада не болып жатқанынан хабарың бар ма сенің? – Шеген қарт оған жалт етіп бір қарады да көктің үстіне жамбастай қисайды.

 

– Ә! Ол не? – Байәлі қарт құрдасының қарсы алдына жүрелей жайғасты. – Апырай-ә! Ол не?

 

– Абырой аза бастады, Байеке... – деді алдындағы көк шөптің басын жұла отырып Шеген қарт. – Жүрісіміз мынау. Өзімізден кейінгілер бізді елемейтінін сеземісің? Әйтеуір айқайшы болып, сес көрсетеміз. Сонымыздан ғана аяқ тартады бұ жұрт. Былтыр ертерек қимылдамай клубтан айырылдық, кірпішіне дейін тасып әкетті. Абырой болғанда менің арқамда кітапхана қалды. Бірақ не пайда, ешкім бас сұқпайды. Соны бәлсінді ме, дүкен ашамын деп жүрген әлгі Дүйсен қу бетіме салық қылып айтты. Ауылдың әкімі бұған тырс етіп үн қатпай, теріс бұрылып кетті. Араларында ауызбірлік бар ма деп қалдым. Клубты құртқан Дүйсен екенін білесің, жеріне тойхана салады-мыс. Абырой азды, біздің сөзімізді құлаққа ілмей барады. Анау сексендегі Жәдігер мен Төлен жәкемдердің төрінен көрі жақын, ештеңемен істері жоқ.

 

– Апырай-ә! Бұ несі! Енді қайттік!? – деген Байәлі қарт орнынан ұшып түрегелді.

 

– Отыр, отыр... – деп етегінен тартқан Шеген қарт ешкім естіп қоймасын дегендей, әңгімесін сыбырлап жалғады. – Абыройды асыратын кез келді, Байеке...

 

– Ә! Ләпбай! О не дегенің?

 

– Бақсаң, ауылдың арғы басындағы өзеннің үстінен көпір салынады дейді. Оған қоса арғы беттегі Жоламан ауылына дейін отыз шақырым тас жол да төселетін болыпты. Үстімізден жол қатынасы жүрмек. Кеше дәу жотада мал қарап отырғанымда бір мәшине тоқтап, ішіндегілер өзен қайда екенін сұрады. Көпір мен жол салынатынын солар айтты.

 

– І-і-мм, – деп таңырқаған Байәлі қарттың самай шашы желмен желпілдеп, жалпақ танауының ұшына дейін қызара бастады. Көзі бақырайған күйі құрдасына қарап отыр.

 

– Біле білсең, Байеке, осы істі пайдамызға асырайық.

 

– Не дейді?!

 

– Дейтіні сол – көпір мен жол мына менімен сен екеуміздің арқамызда салынады. Елге осылай деп сөз таратайық. Сен мені айт, мен сені айтайын. Екеуміз жоғары жақтан сұранып, көндірдік дейік. Сонда абырой асқақтайды, жұрттың аузына құм құйылады.

 

Байәлі қарт ойға кетті. Оның істі бастамайтынын, ал бастаса тындырмай тоқтмайтынын Шеген қарт жақсы біледі. Құрдасын қайрай түсейін деген есеппен:

 

– Бізді кім елеп-екшеп жатыр? Көпірге еге болсақ, елге билігіміз жүреді. Сонда ғана көңіл тыныш, мал күйлі болады. Қошемет пен марапатқа ие боламыз, Байеке... – деп сынай қарады.

 

– Мейлің білсін. Менен – мақұл, – деген Байәлі қарт плащының қалтасындағы насыбай ішеге қол салды.

 

Бұл кезде облыс орталығында республикалық бюджеттің бір миллиард  теңге қаржысына  көпір мен жол салуға тендер өтіп болған. Қорытындысында «Сулк» деген кәсіпорынға мердігерлік сеніп тапсырылған. Мердігер Мақсат құрал-сайманы мен техникасын, адамын сайлап, банктегі есеп-шотқа түсетін мол қаржыға іштей жоспар құрып, көңілі марқайып жүрген.

 

Шәкең мен Байекең көпір мен жол салынатынын ғана біледі, басқасынан хабары жоқ. Көпірді кім салады, қаржы көлемі қанша, қаржы қайдан келеді, ол жағы ойларына кірмеген. Олар бірінші кезекте аудан мен облысқа қыдырыстап қайтты. Облыс орталығының базарын аралады, шайханаға кірді.

 

– Мәшине мен сары кірпіш көбейіп кетіпті, – дейді Шеген қарт шай ұрттап отырып, терезеге қарап.

 

– Ия, ол ештеңе емес-ау. Базарда не көп, ет пен нан көп екен. Бұ не деген молшылық?! – Байәлі қарт басын шайқап, таңдайын қақты.

 

Ауылға оралған бойда екі қарт сексендегі жәкелерінің алдарынан өтуді ұйғарды. Үйінің төрінде жамбастап жатқан Жәдігер қария бұлардың сөзіне шын сеніп, риза болған кейіп танытты.

 

– Е, бәсе, бәсе. Бізден қайрат кетті. Сендердің күйбеңдегендерің жөн-ақ, – деп кеңкілдеп күлді. – Көпір деймісің? Тоғайдағы малды шошытатын болыпты-ау.

 

– Біз де соны айттық. «Тоғайда мал, аң-құс бар, шошытып алмаймыз ба?» деп едік, ондағылар: «Е-е, қандайсыздар өзі?! Мал мен аң-құсты сәл әрегірек жылжыта салыңыздар. Көпір болса көлік те нөпір болады. Қайта жол бойында айран-сүт сатып, шайпұл ажыратасыздар ғой» деп түсіндірді. Біз оларға: «Малы мен аң-құсы құрысын, көпір мен жол зәрлі, айналайындар! Соған кірісіңдер!» деп екі жақтан жамырап қоя бердік. Олар мақұлға келді, – деп барып тоқтады Шеген қарт.

 

– Солай, солай, – деп бас шұлғыды Байәлі қарт.

 

– Мейілдерің, баллар. Сауап іс жасапсыңдар, – деген сексендегі қария жастыққа қисайды.

 

Төлен қариямен әңгіме қысқа болды. Ол кісі: «Алла алдарыңнан жарылқасын» деді де қойды.

 

Шәкең мен Байекең енді үйлеріндегі құдай қосқан қосақтарын іске қосты. Көпір мен жолды отағасылары салдырып жатқанына шын сенген қос апаның әңгімесі ауылдан ауылға тарап, гуілдей жөнелді. Байәлінің зайыбы Қадиша апаға кезіккен ауыл әкімі:

 

– Ау, жеңгей-ау, бұларыңыз не? Өкіметтің жұмысын меншіктеп... – дей беріп еді:

 

– Ой, әдірем қалғыр! Салғызса өкіметің осы күнге дейін қайда қалды? Енді келіп көре алмайсың! Аулақ жүр е, түге! –деп тап берген Қадиша апаның шашы қобырап, орамалы ауып бара жатты. Ал, әкім пәпкесін төбесіне қоя теріс бұрылып, жылыстап кетті. Көпір мен жолдың мемлекеттік стратегиялық бағдарламаның кестесіне сәйкес салынатынын елге ертерек айтып, құлағдар етпегеніне өкінді. Енді айтса да сенбейді. Көпшілік екі қарттың аудан, облысқа барып қайтқанын біледі, солар қозғау салғанына шүбә келтірмейді. Ауыл әкімі шарасыз қалып, іштей мойынсынуға мәжбүр болды. «Маған келіп-кетері не, көпір мен жол салынса болды. Қайта менің де мәртебем өседі. Ал қариялар жағаласса, амал қанша?» деп ойлады әкім.

 

Екі қарттың мерейі күннен-күнге өсе бастады. Жұрт қос қолдап амандасады, құдайы астарда төрге оздырып, ауыздарына қарап отырады. Ондайда Байекең:

 

– Мына ет – ет пе?! Қаланың базарындағы етті айт! Осы ауылдағы бар малды жайратсаң да базардың бір күндік етіне жетпейді. Не деген мол ет! – деп басын шайқайды. Отырған жұрт бас шұлғып, оның сөзіне қошемет көрсетеді.

 

– Апырай, сары кірпіштің заманы туған ба деп қалдым. Қаланы да, оның айналасын да сары кірпіш басып кетіпті. Мен соны көрдім, – дейді Шеген қарт әңгімеге килігіп. – Құжынаған адам сол кірпішпен әлек.

 

– Біз дәулерді жағалап, ауылға көпір салып беріңдер дедік. Кішілерінің қолдарынан келмейді екен, ең дәуіне кіріп сөйлестік. Мына Шәкең бір жағынан, мен екінші жағынан қаумалап, ақыры көндірдік-ау. «Болды, жұмысшыларды жіберемін» деп шығарып салды, – дейді Байәлі қарт.

 

Жұрт бұл кісілерді аузының суы құрып тыңдайды. Олар үшін тыңнан жол салынып, көпір түсетіні үлкен жаңалық. Ал, жаңалықты жасағандар – мына қос қария. Сондай бір тамақ үстінде көпшілік арасынан: «Өкімет қанша ақша беріпті? Жұмысшылары көп пе екен?» деген сауал қойылды. Шеген қарт бұған мүдірген жоқ. Ол:

 

– Әйтеуір көп ақша. Бізге көрсеткен жоқ. Қанша екенін білмейміз. Жүз адам жұмыс істейді екен, – деп тұспалдай салды.

 

Шеген қарттың зайыбы Батпа апа жып-жинақы жүретін, бес уақыт намазын үзбейтін байсалды адам. Ауыл тегіс оны құрметтеп, ізет көрсетеді. Жұртқа оның сабырлылығы мен өсек-аяңға араласпайтын қасиеті ұнайды. Ал, мына әңгімеден кейін ауылдың әйелдері Батпа апаға қошеметті арттырды. Бірінен соң бірі шай ішуге кірген болып бір қалта науат, өрік-мейіз ала келеді, тіпті кейбірі көйлектік мата немесе орамал сыйлап кетеді. Шеген қартқа шын сенген зайыбы үйіне келгендерге «осылай да , осылай, біздің кісі қозғау салыпты» дейді де қояды. Сый-құрметтен Байәлінің зайыбы Қадиша апа да құралақан емес.

 

«Қозғау салған» қос қария ауылдың шетінде оңаша отырған.

 

– Ой, сайтан-о-ой! – деп Байәлі қарт ырс-ырс етіп күлді.—Ой, зымиян!

 

Ой, пәлекет!

 

Шеген қарт жұтқыншағы бүлк-бүлк етіп, көзі сығырайып, езуін еркіне жібере ыржияды.

 

– Менің арқамда мұрныңа есекқұрт кіріп, шіреніп жүргеніңді білемісің, сен антұрған? – дейді Шеген қарт күлкісін тыя алмай ішін басып, көзі жұмылып.

 

– Ә! Не дейді! Отта, оттай бер! Ие, найсап!

 

– Көріңде өкір, көріңде өкіргір қызыл көз пәле!

 

Екеуі осылай шүйіркелесіп отырғанда алыстан жеңіл мәшине қылаң берді. Екі қарт орындарынан шалт түрегеліп, қолдарымен көзін күннен көлегейлеп қарап тұр.

 

– Әй, бұ кім? – дейді Байәлі қарт.

 

– Дәу де болса ауданнан-ау. Бұл ауылдың мәшинесі емес, – дейді жолға сығырая қайта-қайта үңілген Шеген қарт.

 

Мәшине жақындағанда бұлар қозғалып, «тоқта» деген ишараны қолдарымен жасады. Алдарына кілт тоқтаған қара көліктен мұздай болып киінген жігіт түсті. Шашы күзеулі, жүзі ақ, алақандарының сырты теп-тегіс жігітті қариялар бұрын-соңды бұл төңіректен көрмеген.

 

– Ассалаумағалейкүм.

         

– Әликімәссәләм.

 

Жігіттің ұсынған қолын алған Шеген қарт оның алақанының жұмсақтығына таң қалып, өзінің тарбиған күс-күс саусақтарына  көз тастады.

 

– Жол болсын, шырақ? – деді Байәлі қарт. – Қай ауылдан келесің?

 

– Әкем жіберді. Маған осы елдің қариялары керек.

 

– Әкең кім? Қарияларды қайтпек? – Шеген қарт секем ала сұрады.

 

– Аудан орталығында тұратын Есенбектің кенже ұлымын. Қарияларға сый-сияпат беріп жіберді.

 

– Әп, бәрекелді! Ендеше мына екеумізден өзге қария жоқ мұнда.

 

– Әкем Шеген мен Байәлі деп атаған.

 

– Ойбай-ау, мен – Шегенмін, ал мынау – Байәлі. Есекеңді білеміз, ауданның бас зоотехнигі болып қасқыр атанған қу ғой ол.

 

– Е-е, бәсе! Әлгі «Акті» жігіт пе? – деп Байәлі қарт құрдасына бақырая қарады.

 

– Қанеки, бізге нендей сыйлық жолдады әкең?

 

Әлгі жігіт костюмінің іш қалтасына қолын сүңгітіп, 100 долларлықтан төрт қағаз шығарды да алдындағы екеуіне екі-екіден ұстатты. Әуелі абдырап қалған бұлар жігітке, одан кейін бір-біріне тесіле қараған күйі қолдарындағы ақшаны қалталарына салып алды. Келген жігіт осы кезде ғана олардың киімдеріне мән беріп, шола көз тастады. Етегі сүйретілген сары плащ пен кебіс және көне костюм, кроссовка киген қариялар жігітке қызық көрінсе керек, ол аппақ тістерін ақсита шалқалақтай күліп алды.

 

Қос қария аң-таң.

 

– Әкең не деп айтты? – деді «көне костюм».

 

– Сіздерді райынан қайтсын деді. Көпір мен жолды Астанада бизнес жасап жүрген Берік Есенбеков салдыратынын құлақтарына құйып алсын деп сәлем айтты.

 

Құрдасының «қой» дегенінше болмай, Шеген қарт қалтасындағы сый ақшаны жалма-жан қайта шығарып, жігіттің қолына ұстатты. Ал Байәлі қарт өйтпеді. Ол:

 

– Ой, сұм-о-ой! Қалай-қалай бұрмаламақ!?  Дүние тапқыш баласы туралы естігенім болмаса, көрген емеспін. Әкең шалтай-балтайды қойсын. Көпір мен жолды мына біз салдырамыз. Қарай гөр өзін! – деп мұрнының ұшына дейін қызара бастады.

 

– Әкең ортақтаса алмайды! Аулақ жүрсін! – деп шорт кесті Шеген қарт.

 

– Айда, қане, мәшинеңді кері бұр! Апар бізді әкеңе! – деп қызара-бөрткен Байәлі қартқа құрдасы таңырқай қарады. Мұндайда оны тоқтатамын деу құр әурешілік екенін Шеген қарт жақсы біледі. Сондықтан оның жұтқыншағы еркінен тыс бүлкілдеп сала берді.

 

Ызғыған мәшиненің ішіндегі үшеудің әрқайсысы өз ойларымен өздері үнсіз отыр. «Апыр-ай, іс насырға шапса қайттік. Ауыл тегіс біздің аузымызға қарап отыр. Көпір мен жол салынады дегенді естіп еліріп жүргеніміз мынау. Шынымен-ақ Есенбектің ұлы салғызса не болмақ? Елге қарабет боламыз-ау. Ә-ә, бірақ шайпұлды неге берген?! Бір шикілігі бар болар...». Бұл Шеген қарттың ойы.

 

Байәлі қарт көзін тарс жұмып отыр. Оның ойы – Есенбектің екпінін басу. Ішінен «Қара бұны, көрсетейін көпір салғанды! Біз ай қарап отыр ма екенбіз?!» деп келеді ол.

 

Кәсіпкер жігіт Берік Есенбековтың есімі ел-жұрттың құлағына біршама сіңе бастаған. Өткен жылы ол балабақшаны жөндеуден өткізіп берген. Ал  бұл жолғысы мансап қуу екеніне өзінің түк те кінәсі жоқ. Әкесі оған: «Балам, екі-үш жылда сені саясатқа араластырамын. Елге дақпыртыңды өсірейік. Жоламанға шығатын көпірге егелік етсек, ел сенің атыңды асқақтатады. Бұл істі маған қой. Сен анау ши шығарып, елді алдап жүрген Шеген мен Байәлінің аузын жауып қайт.  Менің сәлемімді жеткіз. Қайда барар дейсің, ақшаға сатылмайтын адам жоқ», – деген. Берік әкесінің бұл сөздерін есіне алып отыр. Бүгінде ағайын-туыс, жекжат арасында «Ойбай, не дейсің, Берік көпір салады екен» деген сөз желдей есіп, елге тарай бастаған. Оған қоса ауданның солтүстік жағындағы жұрт аузында «Облыс орталығында тұратын асаба жігіт Қалментай Тоғайлыға көпір салдырып жатыр» деген әңгіме гу-гу еткенінен де Берік хабардар. Бірақ Қалментайдың туған ауылы гуілдеп барып сап тыйылған. Асаба жігіт – Есенбектің елінен қыз алған күйеу. Есенбек оны қайынатасы арқылы пәрелеп, «ойыннан шығарып жіберді». Дегенмен, Қалментайдың көпір салып жатқаны жайлы пікір ел аузында аракідік айтылып та қалады.

 

«Бүйткен дақпырты мен саясаты құрысын! Таңырқап, бетін шымши күлген келіншегімдікі дұрыс-ау. Бірақ әкем табандап, мәжбүрлегесін не амал?!» деп ойлап отырған Берік кәсіпкердің мәшинесі аудан орталығының шетіне ілікті.

 

Есенбек қария меймандарды орнынан түрегеліп қарсы алды. Үстіндегі ақ шапаны ағарып кеткен шашы мен шоқша сақалына жарасады. Үй иесінің мысы басқанын Шеген қарт іштей сезіп отыр. Ол Байәлі құрдасына ұрлана көз тастайды. Құрдасының танауы делдиіп, қызарған беті жыбырлай бастағанын көріп, көңілі орныққандай болды.

 

– Есеке, біздің іске араласып, адам шаптырғаныңызға жол болсын? – деді батылдана Шеген қарт.

 

– Өнбейтін істен бас тартыңыз, біз бұл шаруаны пісіріп қойғанбыз, – деген Байәлі қарт жиюлы аяқтарын алға созып жіберіп, оң-солына қозғалақтап, отырысын нығырлай түсті.

 

–  Сендерге не жетпейді? Ендігі абыройды қайтпексіңдер? Мен өзім үшін емес, ұлым үшін жармасамын. Көнсеңдер осы, көнбесеңдер жолдарың әне! – Есенбек қария алдындағы екеуіне кезек-кезек қарады.  Шеген қарт аузын аша бере күмілжіп, шарасыз отырып қалды. Ал Байәлі қарт көзі шатынап:

         

– Ей, Есеке! Бізді баласынғанды қашан қоясыз?! – деп тап берді. – Ұлыңыз абыройды басқа жақтан іздесін. Жолыма тұрмаңыз! Зоотехник болып, елді сүліктей сорғаныңызды ешкім білмейді деймісіз?! Менімен ойыныңыз келмесін, босқа масқара боласыз. Біз салдырып жатырмыз көпірді! Баратын жеріңізге бара беріңіз!

 

– Е-ей! Тоқтай қал! –деген Есенбек қария орнынан тұрып кетті. – Білгендеріңді істеңдер! Біздің ісіміз екенінен ел құлақтанған. Мен енді қайтпаймын!

 

– Мә, қайтпайсыз! – деп үй егесіне қарай қолын шошайтты Байәлі қарт. – Пара бергеніңізді елге жайып, ұлыңыз екеуңізді бірдей бейәбүйір етеміз!

 

Осы сәтте Берік кәсіпкердің келіншегі шай алып кірген. Атасына қарай қол шошайтқанды оның көзі көріп, сары плащтағы кісінің сөзі құлағына шалынды. Сасқанынан шәйнекті дастарханның шетіне қоя сала, кірген ізімен атып шықты. Дәлізде құлақ түріп тұрған күйеуі Берікке келіншегі рахаттана, табалай қарап сәл кідірді де далаға шығып кетті.

 

Келіншектің артынша аулаға қос мейман да шығып, қақпаға қарай беттеді. Олардың соңынан ілескен Есенбек қария:

 

– Әй, ақша! Ақшаны әкел! – деп ұмтылғанда Байәлі қарт бұрылып:

 

– Ақшаңызды енді түсіңізде көресіз! – деп бетіне тесіле, бақшиып қарады. Есенбек қария мына қарастан тайсақтап, кілт тоқтады. Қақпа сыртында кетіп бара жатқан «көне костюм» мен «сары плащтың» құлақтарына Есенбек қарияның:

 

– Ой, мына оңбағандарды-ай, ә! Біз қайтпаймыз, балам! Алаң болмай Астанаңа жүре бер! – деген сөздері естіліп жатты.

 

– Астанасына құрысын! Бізде несі бар?! – дейді қып-қызыл болып кеткен Байәлі қарт.

 

– Апырай, Байеке, зәре-құтын алдың ғой, – деп күліп жіберді жұтқыншағының  бүлкілі әлі басыла қоймаған Шеген қарт. – Өзің құдайдың бір пәлесі шығарсың?!

 

– Сен сияқты найсап, мансапқор, ұры-қары итті жетектеп жүрген маған обал жоқ. Неменеге келдің, бітірген түгің жоқ!

 

– Қалтаңдағыны бөліскелі келдім

 

– Ой, сұм о-ой! – деп ырс-ырс ете күлді Байәлі қарт. – Мә, көкейіңді тесіп бара жатқан осы болса! Ақымақ болып өзіңдікін қайтарғаның не? Сол үшін енді маған насыбай әпер, шайханаға кіргіз.

 

– Құп, қызыл көз пәле!

 

Байәлі қарт қалтасындағы 200 доллардың 100 долларын құрдасына берді. Шеген қарт оны автобекеттегі ақша айырбастау пунктінен теңгеге ұсатып алды.

 

– Ойбай, сен байып кеттің ғой, – дейді бір сығым теңгеге тесіле қараған Байәлі қарт.

 

Құрдасының «Азырақ ал, босқа кеуіп кетеді» дегеніне қарамай, Шеген қарт насыбайды молынан сатып әперді.

 

Шайханада адам көп екен. Кіріп барған «көне костюм» мен «сары плащқа» жұрт аңтарыла қарады. Бұлар тіске жұмсақ деп мәнті алдырып, соны қаузап отырған. Шеген қарт  бір нәрсені ойлады ма, көзі жылтырап, танауы делдиіп, кеңірдегі жоғары-төмен бүлкілдеп кетті. Қарсы алдында отырған құрдасы оған секем ала қарады. Шеген қарт шайды сораптап ұрттады да орнынан тұрып:

 

– Уа, халайық! Мен – Шегенмін, мынау – Байәлі! Тоғайлы ауылынан келдік! Біз екеулеп жүріп өзеннен Жоламанға қарай көпір мен жол салдырып жүрміз. Облысты да, Астананы да қозғап келдік! Елдеріңе осыны айта барыңдар! – деп саңқ-саңқ етіп, шайхананы басына көтерді.

 

– Солай болды, айналайындар! Көпір болса, көлік те нөпір болады. Айран-сүт пен құрт-май жерде қалмайды! – деп қосылды бұл сөзге Байәлі қарт.

 

Жұрттың көзі екі қартта. Сорпа ішіп отырған орта жастағы мұртты азамат орнынан тұрып:

 

– Ау, бұл қалай болғаны сонда? Теріскей беттегі ел өзінің Қалментай асабасын айтады, біз Есенбектің баласын дәріптейміз. Сіздердің айтқандарыңыз мынау. Қайсысы салады көпірді? – деп жауап күтті.

 

– Есенбектікі де, теріскейдікі де бос сөз! Олар қулық-сұмдықпен елді алдамақ. Есенбек күшіне мінсе елді түтіп жейді. Соған қолы жетпей жүр. Ал, анау асабаңды танымаймын. Нағыз адал еңбек мына біздікі! – деп барып қырылдап тоқтады Байәлі қарт.

 

Осыдан кейін шайхананың ішін күбір-күбір әңгіме жайлап, жұрт «көне костюм» мен «сары плащқа» риза болған кейіп танытты.

 

Дәл осыған ұқсас жағдай автобус ішінде де жалғасып, жол-жөнекей түсіп қалған жолаушылар «Тоғайлының бас көтерерлері Шеген мен Байәлі қарттар көпір салдырып жатыр» деген ұғымды жадына түйіп бара жатты.

 

Шеген қартты үйінің сыртынан Дүйсен коммерсант күтіп алды.

 

– Атақ-даңқыңыз дүркіреп тұр, Шәке, – деді ол қос қолдап амандасып. – Елмен бірге мен де сізге тақ тұрып жүрмін.

 

– Апырай-ә! Бұл сөзің рас па?

 

– Әрине, Шәке! Сізге бір бұйымтай айта келдім.

 

– Ләпбай.

 

– Мектептің маңындағы жеріме төрт бөлмелі үй салғанымды білесіз. Ол үй бос тұр. Соны кітапханаға берсем деймін. Ал қазіргі кітапхананың жайы орталықта, ауласы да кең. Пайдасыз жатыр ғой. Соны алып, ғимаратын бұзайын да орнына базар салайын. Осыған рұқсатты беруден әкім сізден бата алмай жүр. Сіз мақұл десеңіз іске кірісер едім.

 

Шеген қарт ойланып, әрі маңғазданып қалды. Несі бар, үйін кітапханаға бермек. Бірақ мұны пайдаға асыру керектігін ұмытпаған ол:

 

– Шартым бар. Осы істі Шеген ақсақалдың ақылымен істедім дейсің. Кітапхана мектепке жақын болсын, ауылға базар керек деп сол кісі кеңес берді деп айтқын.  Сонда көнейін , – деді жұтқыншағы белгі беріп.

 

– Ойбай, дегеніңіз болсын! Оған қоса бір жылғы жем-шөбіңіз менің мойнымда деп біліңіз!

 

– Онда солай істе. Жем-шөптен Байәлі де құр қалмасын.

 

– Мақұл, Шәке, оны да жарылқайын.

 

... Күндердің күнінде жыңғылды тоғайдың шетіне техника мен бір қауым жұмысшы келіп жайғасты. Мұны көрген тұрғындардың дауыстары жарқын-жарқын шығып, сыртынан қызықтайтын болды. Дәу-дәу сары техникалар, ұзынтұмсық кран, жап-жаңа «КамАЗ» көліктері мұндағы жұртқа таңсық. Жұмысшылар тоғайға бес күрке тіккен. Бастырма жасап, астына самауырын мен қазан-ошақ қойыпты. Бірақ тоғайда отын көп екеніне қарамай, баллондағы газды жағады екен.

 

Мердігер Мақсат ауыл әкімімен бірге көше аралап жүр. Қуыстанған Шеген қарт пен оның құрдасы терезелерін қымтап, үйлерінде отырды. Мердігердің ауылдан жұмысшы  қабылдап жүргенін қарттар кейін біліп, «үһ» деп көңілдерін бір демдеді. Олар құрылыстың бастығына не деп сөз салуды білмей бастары қатты. Құрылысқа он төрт-ақ адам келіпті. Ауылдан қара жұмыс істеймін деген он баланың құжаттарын жинап, облысқа жібергенін қарттар көршілерінен естіді.

 

– Не де болса барып, тамырын басып көрейік, – деді Шеген қарт құрдасына. – Бұғып отырсақ жұрт не дейді? Жиған абыройымыз қайда қалады?

 

– Ал кеттік онда!

 

Бұл – жаз ортасы таяп қалған кез. Ыстық күнде малға көбіне бала-шаға шығады. Бүгін екеуінің қолы бос. Шеген қарт жеңі ұзын тор көйлек пен қаладағы немересінің ағарып кеткен ескі джинсы шалбарын киген, аяғында Қытайдың салпылдақ тәпішкісі. Осының бәрі оның арық, бойшаң денесіне қонып, сыптай жігіт етіп көрсетеді. Тек белдік орнына сабан престейтін ақ жіп өткізіп байлапты. Ал төбесіне атамзаманнан қалған ақ шләпі киген. Бетіне үңіліп қарамаған адам оны қырық-елудегі жігіт деп қалады. Қарттығы тек бетінің әжімі және мойны мен иек астының қыртыс-қыртысынан байқалып  тұрады.

 

Байәлі қарттың желмен ойнайтын бір қарыс самай шашы жоқ, басын тықырлап қырғызып тастаған. Ал үстінде ақ футболка, бұтындағы шалбарының балағы тобығын жаппай тұр. Сол баяғы кебісін әлі тастамапты. Дөңгеленіп, денесі ірк-ірк етіп жүргенімен тым жорға.  Оған Шеген қарт әрең ілеседі.

 

Екеуі бес күркеге жақындап, тау-тау бетон плиталарының маңындағы кранның жанында жүрген жігіттен:

 

– Басшың кім, шырағым? – деп сұрады.

 

– Басшы осында, қазір шақырамын, – деген краншы жігіт қалта телефонын алып, құлағына басты да: «Мәке, сізге бір кісілер келіп тұр» дей салды жанында тұрған адамға айтқандай. Мұны қызықтап тұрған Байәлі қарт «Пәллі!» деп сан соқты.

 

Краншы жігіт бұларға таңырқай көз тастады да:

 

– Қазір осында келеді, – деп өзен бойындағы жұмысшыларға қарай кетті.

 

– Ал, енді өнеріңді сал, – дейді Шеген қарт құрдасын арқасынан қағып.

 

– Сен баста, мен қостайын.

 

Сөйтіп тұрғанда шеткі күркенің алдындағы бастырманың астынан бір жігіт шығып, осылай қарай аяңдады. Оған «көпірді біз салдырып жатырмыз» деп қалай айтудың жөнін таппай қипақтаған қарттардың ақыл-ойлары аласұрып тұр.

 

– Ассалаумағалейкүм! Қош келіңіздер! – деп жайдары амандасқан Мақсатқа екеуі бірдей:

 

– Өркенің өссін, шырағым, – деген бойы ұсынылған қолды қос қолдап алды. Дене бітімі тығыншықтай қара домалақ жігіт Шеген қартқа бірден жақсы әсер қалдырды. Содан ол батылданып:

 

– Біз осы ауылдың бас көтерер қарияларымыз, қарағым, – деп кеңірдегін соза сөз бастады. – Жағдайларыңды көргелі келдік. Ауылдан не көмек керек?

 

– Ақсақал, рахмет. Бізге ештеңе қажет емес, бәрін өзіміз сайлап келдік. Бұйымтайымыз болса әкімге айтамыз ғой.

 

Осы сәтте Байәлі қарт:

 

– Сен әкім-пәкімді қой. Бізге айт. Ел бізді тыңдайды, – деп бастырмалата сөзге араласты.

 

– Мақұл, ақсақал, мақұл.

 

– Енді сен бізге құлақ сал, саған айтар әңгімеміз бар, – деді Шеген қарт оған жақындай түсіп. – Осы жұрт мына екеумізге риза. Көпір мен жол салуға өзіміз араласып, қозғау салдық. Соған күнде рахмет естіп жүрміз. Облыс, ауданға шапқылаған осы екеуміз. Соны әр ауыл жақсы біледі. Саған осыны айтқалы келдік.

 

– Мен – Байәлімін, мынау – Шеген. Көпір мен жол осы екеуміздің құрметімізге қошемет ретінде келіп отыр, – деген Байәлі қарт құрдасына жалтақтап бір қарап қойды.

 

– Мына кісі тура айтады, – деді Шеген қарт құрдасының сөзін қостап.

 

Мердігер Мақсат әуелі абдырап, аузына сөз тұспей қалған. Артынша жайраңдай күліп:

 

– Иә, иә. Әрине, солай! Мен сіздердің арқаларыңызда қозғау жасалғанын естігенмін, – деп жығыла сөйлей салды.

 

– Осы бетіңнен тайма, айналайын. Мына көпірді Шеген мен Байәлі салғызып жатыр деп айта жүр. Бізден сендерге бір сойыс.

         

Мұны айтқан Шеген қарт «Сөз бітті» дегендей, құрдасын ілестіріп әрі кетті. Мақсат оларға: «Ешқандай сойыс керек емес!» деп айғайлап қалды. Бірақ қарттар оның сөзін елең қылмай, тура ауылға тартты.

         

Олар көңілдері жайланып, бір-біріне ыржалақтап келеді.

         

– Енді межеге жақындадық, Байеке!

         

– Ә! Не дейді?! Әлі бар ма?

        

– Сәл-ақ қалды. Көпір біткенде облыстан басшы келіп, ленте дей ме, пенте дей ме, бір нәрсені қырықтықпен қырқады екен. Жиын болады дейді. Сол қатерден аман өтсек, көпір мен жол біздікі болады. Ұқтың ба, ей, кеуекбас?

        

– Ойбай-ай, Шәке, оған әлі дайындал десейші! Енді қайттік?!

        

– Құдайдан тіле!

       

– Ой, найсап! Құдайды ауызға ала сөйлейсің! Ой, апірис кәпір-о-ой!

       

– Мына жылтыр төбеңе жаңғақ шақса да обал жоқ сен топасқа! Қазір не істейміз, соны білесің бе?

       

– Ә! Ол не?! Әлгі, сойыс дегенді қайдан шығардың тағы?

       

– Сенің мүйізді қоңыр ісегіңді сойып берейік оларға.

       

– Не дейді!? – Байәлі қарт кілт тоқтап, құрдасына тіксіне, жақтырмай қарады.

       

– Мен саған тоқтымның біреуін берейін. Осы күні құйрық байлап қалды. Сонда екеуміздің шығынымыз теңеседі. Осыған көн. Менің арқамда жем-шөпке қарық болғаныңды есіңе ал, есі жоқ!

       

Байәлі қарт ойға кетті. Ол үйіндегі зайыбынан қаймығып тұр. Осыны сезген Шеген қарт:

      

– Қойларды далада жүрген жерінен ауыстырып құртайық, кемпірің кейін біліп жатса, бір мәнісі болар, – деп бастырмалатып, қояр болмады. Амал таппаған Байәлі қарт бұған көніп:

      

– Мақұл, ендеше. Сен не, әпенді не, пара-парсың, – деп жол бастады.

      

– Әпенді болсам да сен көрсоқырдың қөзіңді аштым ғой.

      

– Ойбай, жеңдің, жеңдің! Ой, найсап-о-ой! – деген Байәлі қарт тоқтап, ырс-ырс етіп, сырылдап  ұзақ күлді.

      

Ал, кешке қарай қос қарт мүйізді қоңыр ісекті тоғай шетіне жеткізіп, Мақсаттың ат тонын ала қашқанына қарамай өздері сойып беріп кетті.

 

... Көпір мен жолдың құрылысы қызу жүріп, белгіленген мерзімде өзінің межесіне жақындады. Бұл аралықта Шеген мен Байәлі қарттардың астыртын саяси жұмыстары бір күн де тоқтаған жоқ. Елді «қарағым, шырағым» деп алдаусырата өз әрекеттерін асырған оларға ауыл риза. Ал, ауыл әкімі үшін еріксіз езу тартқаннан өзге ештеңе қалмады. Тіпті Дүйсен коммерсанттың өзі екі қарияны төбесіне көтере сөйлейтін болды. Кітапхананы бұзып, ауласына базар салған оның асығы алшысынан тұрып, шырт түкіріп жүр.

      

Есенбектің әулеті де қарап қалған жоқ. Астанадағы Берік Есенбеков Тоғайлыға көпір, Жоламанға қарай жол салдырып жатыр деген дақпырт әңгіме ауданның орталығында естіліп жүр. Теріскей таманда Қалментай  асабаның есімі де оқтын-оқтын ауызға ілігеді.

      

Осындай қауесеттер құлағына шалынған аудан әкімі өзінің ішкі саяси мәселелер жөніндегі орынбасарын кабинетіне шақырып:

      

– Бұ не қылған әңгіме? – деп сұрады.

      

Жағдайды игере алмай, іші қылпылдап жүрген жас орынбасар:

     

– Қауесетті тоқтату мүмкін болмады, Есенбек пен Байәліден бетім қайтты, – деп шынын айты. – Әсіресе, Байәлі қиын екен, көзі өңменімнен өтіп кетті, сұсы жаман. Оларға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасын салып көрдім. Ол қарқ-қарқ күліп: «Бекер-ақ көпірді өзім салдырмаған екенмін. Өзгелер егеленіп кетті. Болмады, мәміле жасай алмадым, анау қызыл көз пәледен әрең қашып құтылдым» деп оралды, – дейді шарасыз күйге түсіп.

      

Аудан әкімі орынбасарына көзін аларта, атып жіберердей қарады да креслосына сылқ етіп отырып қалды. Күлкісі келіп-ақ тұр. Бірақ жоғары жақтағыларға не бетімді айтамын деген суық ой сумаңдап, берекесін қашырды.

     

– Жә, бар, жұмысыңды істей бер. – деп орынбасарына иегімен ишара білдіріп,  өзі оңаша қалғасын телефонның тұтқасына қол созды.

     

– Осылай да, осылай. Пәленше, түгенше деген қариялар мен бір асаба және бір кәсіпкердің әкесі елді аузына қаратып алыпты. Дер кезінде білмей, сан соғып қалдық. Олар көпір мен жолдың құрылысына еге болып, айлаларын бірінен бірі асыруда. Амалымыз таусылып отырмыз. Не ақыл бересіз? – деп жағдайды бүге-шігесіне дейін баяндап шыққан аудан әкімі облыс әкімінің орынбасарынан жауап күтті.

     

– Қам жемеңіз, мен әкімді хабардар етейін. Бұл өзі бір қызық болайын деп тұр-ау. Жау ала қоймас, өзімнен хабар күтіңіз, – деп жұбатты тұтқаның ар жағындағы жұмсақ, қоңыр дауыс.

     

Облыс әкімі таңғы сегіз жарымнан бүгінгі күнгі мың-сан шаруаның кестесіне қарап, аппарат басшысына және өзінің көмекшілеріне телефон арқылы тапсырма беріп отырған. Сәлден кейін үкіметтің әлеуметтік бағдарламалары мен облыстың инвестициялық жобасына орай үлкен залда өтетін облыс кәсіпкерлерінің жиынына жинала бастады. Ары қарай шалғай аудандағы жаңа өнеркәсіп орнының іске қосылу рәсіміне шығып кетеді. Осының бәрінен хабардар орынбасары екі-үш минут уақыттың оңтайлы сәтін дөп басып, әкімнің кабинетіне кіріп келді.

       

– Тез айтыңыз, шығып барамын.

       

Тоғайлының көпірі мен Жоламанның жолына тиісті қауесеттерден лезде құлағдар болған әкім не күлерін, не қабақ шытарын білмей, орынбасарына қадала қарайды. Орынбасары шарасыз күйде езу тартып, екі алақанын екі жағына жайып, иығын қопаң еткізді. Осы көрініс әкімнің де күліп жіберуіне себеп болды.

       

– Жарайды, болары болыпты ғой. Ел не ойласа, сол бола қойсын. Бұдан біз кеміп қалмаспыз. Ашылу салтанатына өзіңіз барып қайтыңыз. Тоғайлының екі қартының есімдерін сөзіңізде айта кетерсіз. Бір-бір шапан ала барғаныңыз жөн шығар. Ал, анау асаба мен Астанадағы кәсіпкерді атай көрмеңіз. Тағы бір жайт, осы оқиғаның жоғары жаққа тарап кетпеуін қадағалаңыз енді. Ал, мен жүрдім, – деп есікке беттеді әкім. Оның соңынан ілесе шыққан  орынбасары алдындағы әкімге байқатпай, қабылдау бөлмесіндегі хатшы келіншекке тісін ақсита үнсіз езу тартты.

        

...Сол көпірдің ашылу салтанаты өткеннен кейін Шеген мен Байәлі қарттардың мәртебесі биіктеді. Екеуі ортадан тағы бір ісекті сойып, ауылға құдайы тамақ берді. Ал көпірді ел-жұрт «Шеген – Байәлі көпірі» деп атап кетті. Құжатқа да осы атпен түсіп жүр.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: