Блогтар
Сен есіме түсесің...
КҮЗ КЕЛСЕ ДЕ...
Күз келсе де, жаныңды тоңдыратын,
Жайқалған нәзік гүлді, солдыратын.
Мендік жүрек көктем боп қала берет(ді)
Еркелетсе өлеңмен, сол бір ақын!
Айтылатын ертегі бәрі жалған,
Баяғы Естайжанның әнін салған.
Сізге ағатай, өлеңге муза керек,
Ал маған, сенімсіздеу біздің арман.
Сіздік өмір, өлеңмен өріледі,
Оқырманға сыйлық боп беріледі.
Ал маған ше? деп сонда қала берем,
Махаббаттан, ілмектеп шер іледі.
Әйтсе де, мен өлеңге ғашық жанмын
Іздейтұғын шуағын, жылы таңның.
Қарашаның қар күні тоңдырса да,
Жауладыңыз жүрегін, осы жанның
******
СЕН ЕСІМЕ ТҮСЕСІҢ
Мұңға батсам, жарығым-ау кенеттен
Сен есіме түсесің де тұрасың
Сені қалқам, сағынғаным себептен
Сен де мені шын сағынған шығарсың
Жұлдыздарға сырымды айтсам түн жарық
Сен есіме түсесің де тұрасың
Бұл әлемде жүрген мен де бір ғаріп
Маған емес, өлеңіме сыңарсың
Бейтаныстар «жарайсың!» деп тамсанса
Сен есіме түсесің де тұрасың
Бәз біреулер думандарда ән салса
Босаңсуға неге көңіл құмарсың
Көздерімнен жас төгілсе еріксіз
Сен есіме түсесің де тұрасың
Сағыныштан сарғайғанда келіп күз
Менің ақын жүрегімді ұғарсың!
******
Құшағыма күзді келген құшамын
Суық, жылы, не ыстығын білмедім
Бәрін шайып кетер ме екен қыс ағын
Не қуанып, не жылып, не күлмедім
Осындай бір мазасыз күйге ендім
Кім түсінер мендегі сезімдерді
Өзге түгіл өзін де сүймегеннің
Жалынынан не пайда көзіндегі
******
КІНӘЛА
Жанымның жарығын сыйлап ем
Керегі маған: ай, күн дейсің
Әлемнің тамұғын қимап ем
Ал маған, бәрібір дейсің
Өлшетіп, өлшенбес сезімді
Уақыттың ізіне сал дейсің
Сарылтып, сынайсың төзімді
Ішігіп, үзіле қал дейсің
Мендегі сезімнің бары рас
Бақыттың бақшасы бал дейсің
Мезгілсіз келіп ед(і) қарлығаш
Өткеннің күзінде қал дейсің
Ұқпадым, ұға алман сірә да
Бір жолды екеуге тар дейсің
Кінәсіз болсам да кінәла
Бәрібір, кінәсі бар дейсің
******
ТАМШЫЛАР
Тереземді тық-тық қағып тамшылар
Мені өзіне елітеді ырықсыз
Менің жаным ең мазасыз жан шығар
Неге көңіл құлықсыз
Көк аспаннан тырс-тырс жауып ақ нөсер
Мені өзіне шақырады кей уақыт
Көктен бір үн дүрс-дүрс шығып тас тесер
Күрсінеді бейуақыт
Қоңыр күздің салқын желі өбектеп
айналшықтап шықпайды кеп қасымнан
Мына тағдыр не салса да көнет деп
Аңқау қыздан өз айласын асырған
Жаңбыр солай көз жасыммен жарысқан
Мұңның бәрін бір-ақ шайып кетем деп
Ал жүрегім әз басыммен алысқан
Бір бақытқа жетем деп.
******
ҮНДЕМЕЙІК
Мен көктем боп келгенде сен күз едің
Ал мен болсам ұяңдау мұң қыз едім
Жәудіреген жанарда сен «сіз» едің
Мұңлықтардың ішінен кімді іздедім
Кімді іздедім күреңді күзде мына
Өткен тағы таға ма бізге кінә
Мұңын артып құлады жапырақтар
Оған куә бақтағы із де мына
Үнсіздікке байланып жанарларың
Ұятың тұр құшақтап жамау арын
Үндемейік, үнсіз-ақ өтейікші
Тереңірек жұтып күз самалдарын
Үндемейік, тағы да амалдармын!
******
СОҢҒЫ ҮМІТ
Бүгін жаздың соңғы күні, соңғы леп
Өлең жазшы дейді құстар соңғы рет
Ал мен болсам бір жұбаныш іздедім
Жалын жаным құшағыңнан тоңды кеп
Жаз ыстығын сездірген ең, сезгенбіз
Шақырымдар бөлсе дағы төзгенбіз
Неге жалын су сепкендей басылды
Бүгін неге сезімсізбіз, көздер-күз?
Өзің жақтан мен де жырақ кеткем бір
Көгершіні көңілімнің көктем гүл
Қыс боп қалған жүрегіңе өкпелеп
Мен ойладым: «Жазды ұмытып кеткен бұл»
Күзді ертерек қарсы алғанбыз, батылсыз
Екеумізде емес едік ақылсыз
Ескі күндер елесінен шыға алмай
Жаз жаңбырға малынғанбыз, шатырсыз
Енді аз күнде қурайды кеп жапырақ
Бізді аңсар гүл бақтар мен атырап
Бақыт өтіп барады дәл қасымнан
Сонау жақта таныс бір мұң шақырат
Сен ұмытшы, мен де ұмытам күз келсе
Тәтті естелік бұлыңғырлап, күзге енсе
Шара қалмай жөнімізбен кетерміз
«Соңғы үміт» тұншығып кеп «бізде» өлсе.
НАЗГҮЛ АЛАУДИН