Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Сергелдең күндер

Блогтар

25.02.2022
3940

Сергелдең күндер

23.12.2022

 

Бүгін қалада қар жауды. Қар жауғанда қандай, үлпілдек аппақ, ақ ұлпа қар. Көрсең көз тоятындай. Далада нағыз қыс.

 

Арқаның қысы суық, аязды болғанымен жанға жылу сыйлайтын сәттері де жоқ емес.
   

Мен жылы бөлмеде терезеге үңіліп отырмын. «Өмір», «Тағдыр», «Үміт», «Сенім» төңірегінде өз-өзіммен сырласамын. Тағдырдан үміт күтпесем де кейде сенім артқым келеді. Жақсылықтан үміт үзгім келмейді.
  

 

Мына аядай бөлмеде де «жалғыздық» болады екен-ау! Біреу келіп осы сезімнен арылтса екен деймін. Жалғыздық жаныма жағады дегенмен де бұл кейде сені құздан ойланбастан құлата салады екен. Жаныңды жегідей жеп, тамұққа қарай итермелей береді. Жалғанда ешкімге керексіз жандай       сезінесің. «Неге өмір сүріп жүрмін, кім үшін, мені керек етер бір жан бар ма?»-деген секілді сан сауал жаныңа тыным бермейді. Білесің. Жақындарыңа керек екеніңді. Дегенмен, тосыннан мекені белгісіз біреуді күтеді екенсің. Сол сені жалғыздықтан біржола құтқарардай.
  

Жауабы жоқ «НЕГЕ?» деген сұрақ. Кейде бұл сұрақ болмаса мына өмірдің мәні де қалмайтындай. «Өмір» дәл осы «Неге?» арқылы құрылған секілді.  Осы ойлардың шырмауынан шыға алар ма екенмін. Кім білсін?
 

 

Дала тып-тыныш. Үй де тыныш. Тыныштық. Бәріміздің де қалайтынымыз - тыныштық. Бірақ, бұл жалғыздықтың тыныштығы мені қажытып жіберді. Терезе алдында өзіммен-өзім сырласып отырмын.Ішімдегі шегі жоқ ауыр ойларды тыңдар тірі жан болсашы.
    

 

Аспан қандай шексіз. Мына жапалақтап жауған қар неге өзіне сонша елітіп барады. Менің жәй отыра аламасым анық. Далаға шықсам ба екен, әлде осы жетінші қабаттан-ақ тамашалай берсем қайтеді? Тағы да сұрақ....
   

 

Ақыры шыдай алмадым. Тез киіндім де далаға іле-шала жүгірдім.  Мына қарды өз қолыммен ұстап, жылылығын сезінгім келді. Әйтпесе су боп еріп кететін суық қардан қандай жылылық болсын?
    

 

Жетінші қабаттан сүріне-жығыла бар екпінмен сыртқа қарай жүйткідім. Асыққаным соншалық алдымнан шыққан егде жастағы кісіні де байқамай қағып кете жаздадым. Менің бар ойым сыртқа жылдамырақ шығу болды. Бәрінен де бір құтылып қашқым келгендей. Аулаға шықтым да бірден аспанға көз салдым. Тап бір аспаннан ақ қар емес, ақ нұр жауып жатқан секілді. Көктен саулап түскен  бұл қар-менің ақ армандарым сияқты. Өзі сондай пәк, таза. Бірақ, қолға ілінген сәтте еріп кете береді. Бетімді тұмшалап тұрған бетпердемді шешіп, терең бір тыныстадым. Осы сәтті мәңгі есте сақтағым келді. Бұл бетпердеге де үйреніп қалыппыз-ау. Қалта телефонды үйде тастап кетсек те бетпердені ұмытпайтындай болғанбыз.
   

 

Сәл аялдап тұрдым да үйлер арасында орналасқан паркке қарай беттедім. Бір-екі қадам басып, бір орында тағы да сәл аялдадым. Біреуді іздегендей жан-жағыма қайта-қайта қарап қоямын. Ешкім байқалмайды.
 

 

Ақ маржандай ақ қарды басуға да арландым. Тобықтан асатын қарды аяқтың ұшымен ғана басып тұрдым. Оны кірлететініме сенімді едім. Дегенмен мына сұлулықты өз көзіммен тамашалап, жанымды жылытқым келді. Көңілім бірден жадырап сала берді. Жаңағы ойдың бірі де қалмағандай. Ауыр ойлардың бәрін сол жетінші қабатта тастап кеткендеймін.
    

 

Міне сұлулық. Әлем қандай ғажап. Менің дәл осы сәттегі көңіл-күйімді, толқынысымды ешкім де, ештеңе де бұза алмас еді. Табиғаттың, әлемнің әсемдігін енді сезінгендей болдым.  Дала маған ақ мамығын төсеп, құшағына шақырғандай. Ал мен болсам оның құшағына еріксіз барып құлай кеткім келді. Бұл көрініс бойымдағы жасырын жатқан бір нәзік сезімдерді толқытқандай еді.
   

 

Ақжаулығын кірлетпеген ана секілді мен де ақ қарды кірлеткім келмеді. Көк аспанның астында құстай самғап, қалықтап ұшар ма еді? Әттең.... қанатымның жоғы өкінішті. Әйтпесе, мына қармен бірге жерге құлдилап, қайта көкке самғар едім.
   

 

Адамдар жүретін жалғыз аяқ жолмен алшаңдап басып ылдилап жүріп отырдым. Әр-әр жерден жанып жатқан шамдардың жарығы ағараңдап түсіп тұр. Ақшам уақыты да таяып қалған екен. Мен үйге әзірге қайтқым жоқ. Әлі де болса далада жүре тұрсам деймін. Мына қарды қимаймын.
  

 

Кеш түсе бастаған соң ба аздап аяз қыса бастады. Бірақ дәл қазір маған ол әсер ете қоймас. Әлгі ойлар айналып келіп мені қайта торуылдап жүргендей. Қанша жаныма жолатқым келмесе де, бірер сауал келіп кетіп жүр. Бірақ жауабы жоқ. Жауабы болмайды да...
   

 

Ешкім баспаған аппақ қарды басып саябақ ішін аралап жүре бердім. Бір орында тұрып қалғым келмейді. Тоқтаусыз уақытпен жағаласып, соңынан қалмайын деп жарысып жүре бердім.
   

 

Аздан соң сәл тоқтадым да артыма қарадым. Бақ ішінде менен басқа тірі жан жоқ. Аздап қорқыныштылау. Тек артымда  жалғыз аяқ 35 өлшемді аяқ іздері қалып бара жатты. Тап осы жолмен екінші рет жүрмейтіндей ұзақ қарап тұрдым. Аздан соң ол іздер де көрінбей қар астында көміліп қала берді. Ішімнен Кімге, неге екені белгісіз бір мырс еттім де қайта жүріп кеттім.
  

 

Қыс мезгілін бұрыннан ұнатпаушы едім. Мына жапалақ қарға қайдан құмарттым? Түсініксіз...
  

 

Ішімнен қысты жақсы көруге, оған үнемі құмартып тұруға бір себеп іздедім. Қысқа ғашық ететін жанды күттім. Келмеді. Тағы да мырс еттім де, ақ қарды таптауға аздап арланып, аяғымның ұшымен жүре бердім.  Дәл осы қалпыммен тағы бір сағаттан аса жүрдім. Түн қоюланып айналаны қара түнек баса бастапты. Маңайымда тағы бірнеше жан жүргендей болды. Жан-жағыма көз салып, біреуді іздей бастадым. Бірақ ешкім көзге түспеді. Тек, желдің уілдеген жәй ғана ызың дауысы естіліп тұр.
 

 

Аяңдай басып үйге қарай жылжыдым. Бара жатып дәл осы кінәсіз ақ қар күні ертең ғана мен сияқты қаншама адамдардың аяғының астында тапталып, кірлейтінін ойладым.
   

 

Аядым... Өзімді...  Қарды...

                                                             

                                                                                                                             

Сергелдең күндер үзінді


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: