Блогтар
«Шуақты күндер» - ұрпаққа шуақ сыйлайтын туынды
Қоғам қайраткері, жазушы Зейнеп Ахметованың Шуақты күндер шығармасы – ата мен келіннің, әке мен баланың, ұлт пен ұрпақ арасындағы берік арақатынасты көрсете білген тамаша туынды. Бұл кітапта аты аңызға айналған қазақтың қайсар да батыр ұлы Бауыржан Момышұлының қайталанбас кісілік қасиеттері мен бекзат болмысы өзге қырынан танылып, ұрпақтар сабақтастығы мен тәрбие тұнығы бір арнаға тоғысқан отбасының игі дәстүрлері, тағы да сол сияқты жөн-жоралғыларды суреттеп көрсете білген жалғыз ұлының жұбайы, келіні Зейнеп Ахметованың естеліктері дәріптеледі.
Шығарманы оқу барысында оқырман ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының парасатты пайымы мен тұшымды ойларынан, өнегелі сөздерінен үлкен сабақ алары сөзсіз. Мысалы, Зейнеп апамыздың күнделік жазбасынан мынадай үзінділерді кездестіруге болады:
- Жазушылар, ақындар тақырыпты аспаннан алмайды, халықтың өмірінен алады.
- Төл әдебиетінің інжуін көре білмеген басқаның асылын бағалап жарытпайды.
- Смерть – это приговор природы, не подлежащий обжалованию! Соны анық біле жүріп өмір сүру – адамзаттың ұлылығы.
- Балам, қай кезде болмасын дастарқанға ең алдымен нан қоюды есіңнен шығармағын.
- «Құдай жалғыз, мен жалғыз» тек саяқ адамға ғана айтылмаған, ол барлығымыздың басымызда бар жалғыздық екен. Шын жақын жоқ. Жақындық деген – мерзімді өмір түсінігі.
Сондай-ақ, шығарманың желісінде қазақ қыздарына тән барлық болмыс бейнеленген. Түндікті мен аштым, есігіңді өзің қымта деп келіннің үйдің ұйытқысы екенін, отбасының береке-құтын, жылылығын сақтауда оның атқарар рөлі мен төгер тері зор екенін сезіндірген Зейнеп Ахметованың келіндік бейнесі қазақ қыздары үшін өнеге.
Отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Жолдасы Бақытжанға ренжіп, төркінге барғанда Зейнепке айтылған бір ауыз сөздің өзінде үлкен мән жатыр. «Шыққан қыз шиден тысқары, сенің түпкілікті тұрағың, түтінін түтетіп, тілеуін тілейтін үйің – күйеуіңнің үйі. Бір еркектің ыстық-суығына төзе алмасаң, кедір-бұдыр мінезін кешіруге кеңдігің жетпесе, жоғын бар етіп, ашылғанын жаба алмасаң, әйелдік ақ жаулықтан садаға кет». Атақтан бұрын ақтықты, абыройдан бұрын арды талап ететін келін деген дәреже еді. Аяқ асты келіп қалатын ата қаһарының құрбаны болса да, тау тұлғаның келіні болуды құрмет тұтты. Батыр бабаның бабын табу, қыңыр жардың қыртыс мінезін жазу, бесіктегі баланың белдігін байлауды әуелгі анамның тәрбиесі деп құр мақтанға салынбады, келіндік жолымдағы атамның жоралғысы деп санады. Мінезі қатал, құбылмалы атасының жағдайын жасап, көзін жұмғанша келіндік қызметін атқарып өтті. Осындай өр мінезді батырға келін болуын, қолынан ыстық шәй беруін ешкімге бұйырмаған бақ санайды. Міне, қазақтың әйеліне тән кеңдік пен дархандық қайда жатыр?!
«Аспанда ұшар лашын,
Лашын жаяр құлашын.
Атамды алған құдайдың,
Келіні мендей жыласын» - деген жолдар ата мен келіннің арасындағы қылкөпірдің беріктігін паш етеді.
Зейнеп Ахметова бүгінде қазақ келінінің брендіне айналған. Бұл кітапта ешқандай институт пен университет бере алмайтын үлкен тәлім тәрбие, даналық жатыр. Тіпті бұл кітапты әр ұзатылар қыздың жасауына қосып берсе артық емес. Зейнептей текті келін, текті ананың шығармасы – қонақ күту әдебі, бабалар аманаты, салт-дәстүр, бала тәрбиесі, бәрі-бәрі үлкен өмір мектебі.
Индира Бержанова
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті