Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

21.10.2018
5522

«Тамшы-хат»

«Тамшы-хат»

 

Құрметті, Жаз мырза!

(Бұл хат тамшы әуенінің ырғағымен жазылды)

      Уақыт сырғыған сайын санамда бұлыңғырлана бастаған сол оқиғаны түсім бе деп қаламын кейде.... Ой жамылғысын дереу серпіген мына сөздер еді:

  • Тентек Күз тысқыра қуып жатыр, менің аялдап тұруға уақытым жоқ. Әне, көрмейсің бе, жерге құлаған жетім жапырақтарды дөңгелете айналдырып, сүзгіден өткізгендей қылуын! Жоқ, мен бес секундта бұл жерде  қалмаймын, кетемін!

Сол сәтте жазды қимай келе жатқанымды  біліп қойған кім екен деп таңғала көз тастағанымда, қызылды-жасылды гүл тиелген сұр жүк көлігін байқадым.

Жел ыңғайына жығыла жаздап теңселген кәрі теректер тарам-тарам саусағын кеңістікке созып, ұмтыла түседі. Күн көзі бірде алабұртып, бірде ұялған қыз балаша қалың бұлт арасына тығыла қалады. Осындай кезді күз деуші ме еді... Қыркүйектің соңы. Сіз қала орталығындағы гүл атаулыны ұшқыш көлігіңізге тиеп, белгісіз жаққа аттанайын деп жатқансыз. Рэй атаның әңгімелерінде адамдар Марсқа аттанатын болса, ал Жаз қайда кетеді екен?

Жақындаған сайын сәуле шағылысқан алтын жүзіңіз көмескіленіп, шекеңізге қыстырылған нәзік раушан гүл де бәр сәтке мұңая қап, төмен қарағандай көрінді.  Еңсеңізді тіктеп алып, тәкаппарлана бір қарадыңыз да, жерге құлаған бірнеше тал гүлді әлдебір тылсым күшпен алақаныма салдыңыз.  Бірақ, демі жоқ гүлге қызыға алмадым. Бірер сәттен соң жеңіңізді қайта түріп, қанқызыл гүлдерді құшағыңызға сыйғыза көлікке  тиеп тастадыңыз.Үстімдегі жұпыны пальтоның етегі желбіреп, кеудемді қыса қымтандым да бақылап тұра беріппін. Жаз мырза, сіз менің Күз құшағында уақытша қала тұрғаныма қарсы  емес шығарсыз?

    Миымды әдеттегі қозғалысынан жаңылдырып, басқаша күй кешуінің себебі мына әңгімеде. Ол жасы жиырмадан сәл асқан, өзім құралпы жігіт еді. Сөз саптауы мен көзқарасы, іс-қимылы ойлы адам екенін сездіріп тұратын. Жұмыстағы үзілістің бірінде:

  • Сен құдайға сенесің бе?-деп сұрады ол.
  • Әрине, мына шексіз ғаламның жаратушысы бар екеніне шүбәм жоқ, - деп жауап бердім.
  • Ал мен атеистпін. Әлемнің ешқандай да жаратушысы жоқ, мен тек өзіме ғана сенемін...
  • Неге? Қалайша?
  • Тіршіліктің қазіргі деңгейге жетуі, өмірдің пайда болуы эволюцияның арқасы. Әлемде қаншама зұлымдық, әділетсіздік пен өлім орын алып жатады, сонда сендер сыйынған құдай қайда қарап отырады? Жыларман болып, маңдайын жерге тигенше тағзым етесіңдер, сондағы келер пайда не? Арғы өміріңді ойлау ма? Екінші өмір бар ма? Ол жаққа кім барып келді екен?  Еш дәлелсіз, соқыр сеніммен бас иіп,ғылыми дәлелсіз илану – ақымақтық!...

Бұл менің алғаш рет құдайсыз адамды кездестіруім еді. Ойым дүдамал хал кешіп, есеңгіреп, ештеңе дей алмай қалдым. Сенімсіздіктен қорыққаным болар... Содан бері адамға сенім не үшін керек, жаратушы бар ма, жоқ па деген терең сауалдар мазамды ала бастады.Үлкен жарылыстан пайда болған әлемнің жұмбағына миымыздың миллиондаған талшықтарының күш-қуаты жетпей, тоқырауға ұшырайтынымыз неліктен? Менің де «Атау-кередегі» секілді «Неге біз?..» немесе «Неліктен?» деп басталатын сауалдарым көп. Оны тарқатуға пәлсапамның күші жетпей қалатын сияқты.

Мен сізге мынадай ертегі айтып берейін.

     Ешбір картада көрсетілмеген, ешкімнің аяғы баспаған қалың орман мен құз жартас, таулы мекенде лангтан тайпасы өмір сүріпті. Олар бейбіт өмірді жақсы көрсе керек. Кімде-кім қару алып, өздеріне қасиетті Алыптаудан ары асатын болса, оны өлдіге санап, қатардан шығарып тастайды екен. Құдайына бар жан-тәнімен беріліп, жүрегін аша тілек айтып, жылына бір рет жас бойжеткен қызды сыйға тартады екен. Тайпа мен құдайдың арасында ешқандай өлімге орын жоқ деген бұлтартпас келісім бар-тын. Олар  қыздарды Алыптаудың басына апарып тастап, өздері кейін қайтады екен. Жыл өткен сайын құдайының араңы ашылып, жылына бір емес, тіпті екі де емес, жиырма-отыз қыздан сұрапты деседі. Халық онсыз да аз болғандықтан, сыйға тартылған қыздар санын  азайтуды сұрайды. Себебі,әйел тайпаның шамшырағы, ұрпақ жалғаушы қасиеттісі еді. Қалағанын алмаған құдай қатты ашуға беріліп, тайпа көсемінің он бес жасар қызың алып қашады. Арада айқас басталады. Тауға шығып, мұздықтармен арпалыса, құдай мекеніне жетем деген талай сарбаз қаза табады. Бұл – бір көзсіз соғыс еді. Олар кіммен айқасып жатқандарын білмей дал болып, әбден қиналады. Соңында бұл жерден кету керек деп шешім қабылдайды. Тілегі мен мақсатына мүдделес құдайды тауып, соған жалбарынайық дейді. Лангтандықтар өздерінің құдайларынан бас тартады.

   Ешбір картада көрсетілмеген, ешкімнің аяғы баспаған қалың орман мен құз жартас, таулы мекенде Алыптаудың басында құдай отыр. Оның өткені де, не болашағы да болмады, оны ештеңе де мазаламады. Тек, адамдардың арман-тілегі мен құлшынысы, жалбарынуы жетіспеді. Ол ештеңені де қаламады, ештеңені де естігісі келмеді, себебі, ол – құдай еді. Ол сонау шыңның басында отырып ошағы мен шатыры ізім-ғайым жоғалған тайпа ізің көрді де күрсінді, тек күрісініс сезіммен ұштаспады...  Ол - жалғыз еді. Ашкөзденген Құдай сыйынушыларын күтіп сол Алыптаудың басында әлі отыр деседі, кім біліпті...

  Тілекке толған аспанның арғы жағында бір әлем бар шығар, сіз де сол жаққа аттанып, менің ертегімді баяндап берсеңіз, адам атаулының сенімінен асқан күш болмайтынын ол жақтағылар да білер еді. Білер еді де, біздей керемет жаратылыспен жақын танысуға сонау жақтан ұшып келер еді. Әлемдегі дін атаулы да осыдан шықса керек, біз құдай арқылы өзімізді танимыз, оған сиына отырып, іштей монолог арқылы жан таразысын қалыпқа келтіреміз. Жердегі сұмдықтарды жоғарыдан бақылап отырған Күш иесі біздің ақымақ, есер қылықтарымызды көріп не күйде болады екен, сүйсіне ме, әлде ашуланып, теріс қарайды ма екен? Сіз сол жайлы не білесіз, Жаз мырза?

 

Менің хабарым осы-ақ екен! ...

 

Жақсылық Сара

 

 

 

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: