Тірі заттар мен өлі жандар
I
“Мен тірі қалдым…” деп ойлады ол көзін ашпай жатып. Аурухананың иісіне әбден үйренген бе, жып-жылы, аппақ бөлменің іші өзінің бөлмесін еске салды. Күйеуімен отасқалы жиырма жылдан асты. Содан бері міне төрт-бес үй ауыстырып үлгерген. Соңғы тұрақтаған үйінің бөлмесі де осындай қапырық болып тұратын. “Мен қайтіп тірі қалдым? Неге?” деп сұраумен болды. Сол сәтте еңкіш тартып, жасы елуге кеп қалған күйеуі қабағын түйіп “Жасату керек” деп тіл қатты. “Бәрі бітті” деп ойлады ол сол сәтте.
***
… “Я, Жаратқан, маған оң көзбен қарап, мейірім танытқан екенсің. Енді жанымды ала гөр!” деп іштей сыйынып жатты. Шаң басқан көлік қара жолда жүйіткіп келеді. Жібек орамалы шекесіне қарай сырғып кете береді. Маңдайы тершіп, көзі буланды. Күйеуі үнсіз көлікті жүргізіп келеді. Жүзі күнге күйіп, шашы өсіп, құлағына дейін бұйраланып қалыпты.
“Бұл да қартайыпты…”
Облыстық дәрігердің алдында отырған өздері емес, өзге біреулер, ал мына көлікте жүйіткіп келе жатқандар мүлде бөтен біреулер секілді көрінді оған.
“Қазір ауылға жетеміз де, не болғанын ұмытамыз”.
Өткен түнде көрген түсін есіне түсірді.
Он сегізде. Сол алғашқы махаббатымен иен далада қол ұстасып келе жатыр. Жас жігіттің ыстық демі, құлағының түбіне “Жаным…” деп сыбырлағаны бәрі анық естілді. Қолынан ұзағырақ қысып ұстап, алға қарай жетектеп келеді. Ұзақ жол кенет бір жардың шетіне әкелді. Тым биіктен жүрегі шайлығып, артқа шегіне берді. Жігіт бұны жібергісі келмейді… “Қайда апара жатырсың? Қойшы, жүр, үйге қайтайық… Апам іздеп жатқан шығар”. Анықтап қарады. Ерні кезеріп, жабысып қалған… Жүр, үйге қайтайық…”
Шошып оянды. Ішкөйлегі дымқылданып кетіпті. Қызыл қою қан төсегіне сіңіп үлгерген. Енді келмейді ғой, бала көтеруім екіталай деп жүргенде келгені қалай болды. Содан бері қан екі аптадай аға берді. Бір қуатты ағын ағзадан бар сөлін айдап шыққысы келгендей. Күйеуімен дәрігерге барғанында, жатырында ісік бар екенін білді. Сол кезде өлімнің жақындап қалғанын сезіп, бойын әлдебір түсініксіз сезім биледі. Бүкіл ғұмырында өзіне жұмбақ болып келген Өлімнің жұмбағын ашамын деп сенді.
“Енді қайтпек, ол тірі қалды…”
…Нағыз гүлденген шақтарында одан асқан сұлу болмайтындай, келешегі тек жақсылық пен бақытқа толы, өмірі өз қалағанындай болатынына көзі анық жететін. Ал қазір ше? Меруерт шай ішіп отырып осыларды ойлады. Күйеуі бәріне көндіккен, осы өміріне еті үйренген қарапайым ауылдың жігіті еді. Меруерт онымен тәні де, рухы да үйлеспейтінін білетін. Алайда өмірінің соңын осы бір адаммен өткізгісі келе ме? Кесесін қойып, бір күрсінді. Онымен не әңгіме айтамын, жиырма бес жылда ол мені, мен оны тани алдым ба? Дәл қазір бұл сауалдары жауапсыз қалатынына бек сенімді.
– Шай ішіп болсаң, мен жуынып келейін. Ыдысты өзің жуа сал.
Күйеуі үнсіз басын изеді.
Жуынатын заттарын түгендеп, суды ағызды. Тәніне біраз қарады. Бала туып, жамбас сүйегі кеңімесе де, жайыла толған денесі орта жастан асқан әйел екенін аңғартып тұр. Көбікті суға біраз отырып, езініп жуынды. Шашына жұмсартқыш маскасын жағып, бірнеше қайтара сусабынмен шайды. Сабындап, әр жерін қыра бастады. Қолтығы мен күнтимесіне дейін жетті, кездесуге дайындалған қыздай сыланды. Төмен сырғи берді. Жатыр тұсына қолын тигізіп, қайта-қайта басып, сипалап көрді. Сап-сау. Тек лазерден аздаған тыртық қалыпты.
Асүйде күйеуінің ыдыс аяқты сылдыратып жуып жатқаны естіледі. Енді ол күйеуін аса ризашылықпен ойлай бастады. Осы күнге дейін бала тумадың деп бетіне келмеген, жаман дерт жабысқанда қасынан табылды.
“Не десе де, ол өте жақсы адам. Бірақ… Маған не жетпейді? Неге мен осы бар жақсылыққа тоймай қаламын?”
Жуынатын бөлменің іші буланып кетіпті. Ол осы оймен төбеге біраз қарап жатты. “Алғаш үйленген жылы енесінің тепкісінен үйден қашып шыққанда күйеуі ғана артынан келіп еді ғой”. Тіпті одан кейінгі болған сұмдық түннен соң да жанында қалған тек осы бір қара жігіт. Енесінің ұлына деген махаббаты тым асқақ, ол бәрінен де жоғары деп ойлайтын.
II
Наурыздан бері қалада толқулар әлі басылмаған. Жұрт астыртың әрекетке көшіп, бір бірін алдау, тонау, кісі өлімі көбейген. Ол ақша болады-ау деген соңғы қымбат иіссуларды қойнына тығып алды. Жақын жердегі такси тұрағына келіп, қымбат француз иіссуларын жолына жетерлік ақшаға ауыстырып алды. Оған бұл жерде қалуға болмайды. Көшеде өрекпіген өзі секілді жастар шулап жүр. Анау бір көшенің бойынан бір топ жас кітап өртеп жатыр екен. “Мұндай кітап оқуға болмайды”, “Бұл біздің санамызды улайды” деген ұрандары бос көшенің бойынан жаңғырып естіліп жатты. Халық радикалдардың қорқып, терезелерін тұмшалап, жауып алған.
Қалтасы толған соң қайда барамын деп ойланды. “Ауыл жаққа кетуім керек”. Достарына қайда баратыны жайлы хабарлама жолдады да, әлгі Қаралардың көзіне түспей, бір таксиге мініп кетті.
“Мен қашып барамын”
“Қайда?”
“Немере көкемнің үйіне, ауыл жаққа. Мұнда ізіме түсіп алғандар көп. Қаралардың көзіне түспей тұрайын. Олар бәрібір мені тірі қалдырмайды…”
“Олар сені қанша қараласа да сен біз үшін нағыз қаһарман болып қаласың. Сүйем”.
ІІІ
Меруерт енді оянып, көзін ашқанда, күйеуінің біреумен сөйлесіп жатқанын естіді. Жас жігіттің дауысы анық естіледі. Шұғыл халатын іле сала сыртқа шықты.
– Тұрдың ба?
– Иә.
– Мына жігіт інім, біздікінде қалсам дейді.
– Ә, жарайды, қалсын…
“Сәлеметсіз бе!” деді жігіт қолын ұсынып. Меруерт жігіттің қолын алып, бас изеп амандасты. Ыстық алақаны аздап дымқылданып кетіпті. “Өзіне сенімді, жастық жалыны әлі басылмаған балауса бала екен” деп ойлады Меруерт ішінен. Бұлардың әңгімесі таңғы аста өрби қоймады. Күйеуінің онсыз да көп сөзі жоқ екенін білетін Меруерт жас жігіттен бірдеңе сұрауға қысылды. Жас жігіт көкесінің бала-шағасы жоқ екенін біліп келген. Қойнындағы әтірін жеңгесіне ұсынды.
– Мынау сізге
– Бұл не?
– Cізге деп алғам, – дей салды жігіт.
Үшеуі де қала жақта не болып жатқанын, талаң-таражға ұшыраған дүкендердің “сыйы” екенін біліп тұр. Білсе де ештеңе дей алмады.
Бұл – бәріне ортақ, айтуға болмайтын әңгіме. Жұрт жапа-тармағай өздеріне қатерлі деп санаған киім мен дүние-мүлікті, кітап және музыка дүкендерін, театрлар мен оқу орындарын өртеп жатты. Еркін – сол Қаралардың саясатына қарсы шыққан, енді қуғында жүрген “сатқындардың” бірі.
Меруерт көз іле алмай дөңбекшіп жатты. Жай күндері ол күйеуін ойлай қоймайтын. Тіпті кейде оның аты кім деп ойланып қалатын. Арасында “Ол сондай жақсы, жаны таза жан” деп ойлайтын да, жүрегін жеккөрініш пе, сүю ме, сондай бір түсініксіз сезім билейтін. Осынша жыл бойы оны жақсы көрді ме, әлде бауыр басып қалып, кеткісі келмеді ме, білмейді. Бәлкім, оған батылдық жетпеген болар. Иә, ол өзге әйелдер сынды батыр бола алмады. Әнеубір жылы әйелдер күйеулерінен жапа тармағай ажырасып жатқанда, бұл да кетіп қалу керек еді. Сол кезде қоғамтанушылар дүрлігіп, әйелдердің бұлай бас көтеріп кетуін қоғамның құлдырауы, әлеуметтік институттардың әлсіздігі деп бағалаған еді ғой. Меруерт іштей “Тағы бір жолы, бұл әлі соңы емес” деп іштей өзіне сенім мен үміт сыйлап қойған. Алайда, кейде үміттеніп жүріп-ақ өміріңнің соңына келіп қалғанынды байқамай қаласың емес пе? Ойына еріксіз Еркін оралды. Жас жігіттің ыстық алақаны, жігері жаншылмаған еркіндігі сонау он сегіз жасындағы естеліктерді есіне салды. Отау құрғанына бес жыл болғанда ол махаббаттың өшкенін, ары қарай тек шыдаммен, көнбістікпен ғана өмір сүру керек деп сенді. Сол кездегіндей құрақ ұшып тұру, сағыну дегенді ақымақтық санады. Он тоғызында қоштасқан, алып-ұшқан сезімдерді мәңгілік жүрек сандығына құлыптап қойған.
Ту сыртынан күйеуінің ыстық демі сезілді. Көзін тарс жұмып алды. Сонымен таң атты.
ІІІ
Ол әйелін ауруханадан алып келе жатып не дерін білмей тосылды. “Тірі қалғанына қуандым. Енді бақытты болып кетеміз” десін бе. Жиырма бес жыл отасқан әйеліне бақыт туралы айтуға ұялды. Бақытты болатын күніміз артта қалып, қазір тек шүкіршілікпен ғана күндерімізді өткізу ғана қалды деп ойлайтын. Шынында, ол не десін? Серіктің ойына түк те келмеді. Табиғатынан жуас, ойын ашық айта алмайтын жігіттен қартайғанда осындай жасық адам шығады деп кім ойлаған. Әйтсе де, ол өзін тым төмендеткісі келмейді. Жақсы жар бола білді. Жақсы перзент те болды. Анасы қайтыс болар алдында “Енді саған кім қарайласар екен?” деп уайыммен кеткен.
– Балам, бұл өмірде шын жанашырың бар, ол – сенің анаң. Әлгі қатынға сене берме. Осы шаңыраққа келген күннен бері ұнатпап едім. Сенің көңіліңе қарап қалдырдым.
– Апа…
– Жә, жарайды. Пұшпағы қанамаған қатынды неғылайын деп едің?... Ол ана болмаған, саған әйел болып та жарытпайды.
Серік шешесінің мұндай әңгімесіне құлағы әбден үйренген.
Дегенмен бұл күнге дейін қалай өмір сүріп келді, ол жағы беймәлім. Серікті жұрт мінсіз перзент, мінсіз жар ретінде көрсе де оның ішінде сырт көзден таса шешілмеген түйткілдері көп еді. Әйелін ауруханадан әкеле жатып осының бәрін ойлап, басы қатты.
IV
“…Мен жұртты тыңдап жалықтым. Олар менің не істеп, не қойғанымды менен жақсырақ біледі. Менің қайда барып, не жұмыс істейтінім, күйеуіме қалай қарау керегін, неше бала табу керек, қандай ауруым болу керек, одан өлуім керек пе, жоқ па, тіпті дәретханаға неше рет бару керек, ақыр соңында қалай, қашан, сағат нешеде өлуім керек, соның бәрін осы жұрт шешу керек болса, мен не істеймін? Мен кіммін, бұл дүниеге осы қара жұрттың айтқанын істеу үшін, солардың сөзіне мән беру үшін келдім бе? Мен де адаммын. Әйел, жар емес, алдымен адаммын”. Меруерт санасының түбінде жатқан ойларын күйеуіне айтып жеткізгісі келді. Дегенмен мына әлемде осы түсінетін адам жоқтай.
Еркін Меруерттің жуырда ауруханадан шығып келгенін білетін. Ол туралы ағасы айтқан, тіпті ағасы мен жеңгесінің арасында түсініксіз бір нәрсе болып жатқанынан да хабардар еді. Алайда қара басын аман алып қалудан өзге мәселеге бас қатырғысы келмеді.
Меруерт үйден көп шықпай, кешкі астың қамын жасап жатты. Үйде тек Еркін екеуі. Өзі қызық екен деп ойлады іштей. Адамға жұғымы жоқ, осынша уақыт бойы үндемей жата беруге болады ма екен. Еркін телефоннан қалада болып жатқан жаңалықтардан оқып болып, оны қайта өшіре салды. Бойын әлдебір от қарпып өткендей, беті нарттай жанды. Таныстарының барлығы шетінен ұсталып, не қаза болып жатыр екен. Өзін мына қатал әлемде жалғыз қалғандай сезді. Асүйде жүрген жеңгесіне қарады. “Жасы келсе де, қыз кезіндегі сымбаты сақталған екен”. Дегенмен мұны жеңгесіне деген бір қызығушылық не өзге оймен емес, өтіп бара жатқан жүргінші туралы ойлағандай айта салды. Жалпы, әйел затына келгенде Еркіннің тәжірибесі көп те, аз да емес. Соңғы рет сүйіктісін ғана көріпті. Бір апта бұрын ғана “Мен бәлкім ұзақ уақытқа жоқ болып кететін шығармын”. “Соңғы рет көрісіп тұрмыз ба?” деп сұраған қыз. “Иә, сені сағынатын боламын”. “Соңғы рет…”. Сөйтіп, екеуі төсекке құлай кеткен. Мұны ойлағанда жүрегі соғып, тәнін жылы қан жуып өтті. Еркін түрлі ойдан арылғысы келіп, далаға шықпақшы болды.
– Қайда бара жатырсың? – деп сұрады Меруерт.
– Сыртқа шығайын деп.
– Мен де барайыншы.
– Жүріңіз.
Екеуі есік алдына шықты. Күн ұясына батар шақ екен. Күйеуінің көлігі қара жолдан көрінбейді.
Жігіт қып-қызыл күн шапағына ұзақ қарап тұрды.
– Бірнеше минут қана болса да, осы сәтті ойыма сақтап алғым келеді, – деді ол.
– Дүниеде бейбіт тыныштық пен күн шуағын асықпай қарап тұрғаннан артық бақыт жоқ, – деді Меруерт.
– Дұрыс айтасыз. Сізді бір өлім аузынан қалдыңыз. Ар жаққа барып келдіңіз бе?
– Олай дей алмаспын. Өзім қатты қаласам да, құдайдың шешімімен бері қайтып келдім, – деді Меруерт мысқылдап.
– Неге олай дейсіз? Өмір деген – үлкен сый. Мен өлімнен қашып жүрсем, сіз өлімге қарай барғыңыз келеді екен, – деді Еркін түк түсінбей.
– Соны өзім де білмеймін. Өмірім тұрмыспен ғана сырғып өтті. Қазіргі мына мен – мен емес, ол – мынау үй, ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, тамақ пен кір киім, дамбалдар ғана. Менің бар болмысым осы тұрмыс қана болып қалды.
– Мен сізді түсініп тұрған жоқпын.
– Әрине, мұны түсінуге де міндетті емессің. Әлемде адамдар бір бірін түсінуге міндетті емес. Толық түсініп, толық бақытқа жеткен адамды көрген емеспін. – Меруерт неліктен бұлай сыр ақтарғанын түсіне алмады. Дегенмен мұны Еркінге не өзге біреуге де айта алатынын нақты білетін. Екеуі осылай сөйлесіп тұрғанда күн батып, қараңғылық басты. Жігіт әйелдің айтқан сөзін толық ұғынбаса да, шын аяп кетті. Жақындап құшақтағысы келді. Әйел тартынбады. Еркін өзінің бұл әрекетіне толық жауап бере алмаса, жақындай түсіп Меруертті құшақтады. Әйелдің денесі тым жұмсақ, ыстық екен. Көкірегі әйелдің омырау тұсын сезіп, қаны басына шапты. Дәл осы сәтте алыстан жүйткіп келе жатқан көліктің дыбысы шықты. Екеуі шошып, бір бірінен алыстай түсті.
Үнсіз тамақ тамақ ішті. Еркін бірер сағат бұрынғы қылығына қысылса да, ойынан сол бір сәт кетпей қойды. Төсек салынып, шам сөнді. Меруерт бойынан өзі білмейтін бір батылдық пайда болғанын сезді. Бұрын-соңды болмаған батылдық. Жас жігіттің кеуде тұсынан сезген жалын от әлі тәнін шарпып барады. Ол сол бір сезімді жиырма бес жыл бұрын анау қырдың басында тастап кеткеніне өкінді. Не істесе де, өз еркі өзіңде еместігіне, қазіргі күйіне салқын сана үстем болып тұрғанына қапаланды.
V
Еркіннің мұнда келгеніне бір апта болып қалған. Өткендегі оқиғадан соң аралары тым алыстап кеткен. Таңғы және кешкі асты үшеу үнсіз отырып ішеді. Меруерт күйеуі кеткен соң бөлмесінен шықпай қояды. Еркін арғы бөлмеде телефонын қарап, не кітап оқып жатады. Меруерт “Мәнсіз өтіп жатқан өмір” деп ойлады. “Қайда барып, не істесем екен деп ойланбайтын да болдым”. Өз қалауы өзіне қарсы шығып, қарбаласып жатқан ойлар тізбегі. “Ол не ойлады екен?”. Күйеуі жоқта бұл үйде ешкім түскі ас ішпейді. Асүйдің іші қараңғы, салқын тартқан.
Бір кезде бөлмесінің есігі ақырындап ашылды да біреудің сұлбасы көрінді. Қараса, Еркін екен. Жігіт ақырын басып жақындап үнсіз қарап тұр. Көзімен көзі түйіскенде бір бірінің жанарынан “Иә, солай…” деген ғана сөзді оқи алды. Тұңғиық қоңыр көздер өтірік айта алмады. Жігіт жақындап, көйлегінің түймесін шеше бастады. Меруерт бұл жолы қарсылық көрсете алмады, жастық шақтың қуатты ағынына икемі келмей, беріле берді. Ол өз тәнінің егде тартып қалғанынан қысылса да, Еркіннен ұяла алмады. “Қойшы. Сондай әдемісің” деп сыбырлап жатты жігіт. Жігіттің аппақ кеудесі тәнін жапқанда барлығын да ұмытып кетті.
“Бақытты сәттер” деп сыбырлаумен болды Меруерт. “Сен менің сонау сандықта жатқан сезімдерімді босаттың”. “Капитан Джекпын ба?” деді Еркін. “Ол кім?” деді Меруерт түсінбей. “Зұлым капитанның теңіз астындағы жүрегін ұрлаған Капитан”. “Імм, солай ма” деді Меруерт.
Екеуі біраз анау-мынауды айтып жатты.
“Бұл бір сәттік бақытты, ақымақ күйлер”. Екеуі де осы бір баянның уақытша екенін сезді, екеуі де бұл сәттің қайталанбайтының, алда қоштасу бар екенін білді.
– Рахмет...
– Не дейсің?
– Сенің қасыңда мен анау орындық не асүйдегі қара қазан емес екенмін. Мен – әйел екенмін – деді ол. – Өмір бойы сезімнен жұрдай еркектің жанында жатып, өзімнің кім екенімді ұмытып қалыппын.
Меруерттің көзін жас жуып кетті. Еркін құшақтап оның көзінен, бетінен сүйіп жатты. Сырттан ары-бері жүйткіген көлік дыбысы естілді. Шай қайнатым уақыттан кейін аулаға бір көлік кірді. Меруерт шапшан киініп, өз бөлмесіне кіріп кетті. Еркін кім келді екен деп сыртқа шықты.
Тек…
Меруерт қанша күтсе де, үйге ешкім кірмеді. Сыртқа шығып, аулада ары-бері жүріп, жолға қарады. Дәу қара көлік жолда зымырап барады екен.
Үйде ешкім жоқ.
