Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Халелқызы Қарашаш

Блогтар

19.02.2022
3650

Халелқызы Қарашаш

Есік ашқан Қарашаш апайдың үні өктемдеу. Мен қарыз сұрай келмегенмін және елдің қол-аяғы жазылып, еңсесі көтерілді дейтін, басшылары біріне-бірі ықлас-ниетті бас сап құшақтасып, шөпілдетісіп білдіретін кезеңде ер жеткен буынның бірі болғандықтан жөн-жосықсыз қыңырлықты онша ұнатпайтынмын.

 

Сонда да, балалық балдәурені жазықсыздан-жазықсыз тағдыр тәлкегіне түскен, өмірдің тар соқпағына соқтығып жәбірден запы болған аяулы апаларымның көбісіне тән сәл нәрсеге күдіктенетін кіділіктің астарын ұғып, қарым-қатынасқа шама жеткенше түсіністікпен қарауға тырысатын едім.

 

Апайдың бейтанысқа күнде көретіндерінің біріндей дікіктегені ұнамаса да, әдейі келген соң кері қайтып кетпеймін ғой, ішке өтіп, көрсеткен орынға отырдым. Сабаға түскен жөн. Шаруа алдын-ала телефонда айтылған еді, әңгімеге желеу етіп, жайлап мән-жайға көштім. Дауыстағы жайбарақаттылықты аңғарып, қалай да көп жыл ұстаз болған, Қарашаш Халелқызы қазақ әйелне тән сабырлы күйге енді.

 

 

* * * 

 

 

Халел Досмұхамедұлы 1883 жылы сәуірде Атырау облысы, Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмында дүниеге келген. Ол 1894 жылы, он бір жасында Орал қаласындағы әскери реальді училищенің дайындық класына қабылданып, 1902 жылы оны үздік бітіріп, тағы бір жыл дайындық класынан өткеннен кейін, 1903 жылы Петербордағы Императорлық Әскери-медициналық академияға түседі. 1909 жылы «үздік дәрежелі емші» («лекарь с отличием») атағымен бітіріп шыққан соң, оқу орнының белгіленген міндеті бойынша офицер ретінде нақты мерзімге әскери міндетін өтеуге жібереді. Міндетін әуелі Пермь губерниясында, одан кейін 2-Түркістан, 2-Орал казак-атқыштар батальонында әскери кіші дәрігер боп жүргенде, Орал қалалық ауруханасында бір жылдық мамандандыру курсынан өтіп алады.

 

Ежелден экономикасы алға озбаған, крепостной шаруасының жыртығы ешқашан жамалып көрмеген, қарапайым халқы үнемі азып-тозудан көз ашпаған Россияның (Ресейдің) құрамындағы бұратана халықтың көсегесі қалай көгерсін. Ел ішінде 1912 – 13, 1915 жылдары оба ауруы ушыға бастағанда Халел адамдарды ажал аузынан алып қалуда ерен қайрат жұмсайды. Оның бұл еңбегі елеусіз қалмай ескеріліп және «Романовтардың патшалық құруының 300 жылдық естелігіне (құрметіне)» қатысты Императорлық қола меделімен марапатталған, кейін оны 1913 жылы Орал облысы вице-губернаторы берген № 6618 куәлікпен әскери борышын өтеуден толықтай босатып, Орал облысының Темір уезіне дәрігер болып келеді.

 

Халел ел ішіндегі денсаулыққа бірден көңіл бөледі. Тұрмыс-ахуалы қиын жұртының арасында өкпе ауруы кең етек алған. Оларды емдей жүріп, жалпы халықты сауықтыруға бір дәрігердің көп іс тындыра алмайтынын ұғып, баспасөз арқылы денаулықты қалай сақтауға, қалай емдеуге болатыны жайлы мақалалар жаза бастайды. Оның сол кезде жазған «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік - сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» деген еңбектерін Ахмет Байтұрсынов шығарып тұрған «Қазақ» газеті (1913 – 18) жариялаған. Міне, осыдан барып Халел Досмұхамедов «дәрігер-қаламгерге» айналады.

 

Ол алайда өз халқының тарихында «Алаш» партиясының Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыновтармен бірге атқарған жұмсымен ерекшеленеді. Бұл 1917 жылы жаңа дүбірмен, жойқын екпінмен тарих сатысын аттаған Қызыл империядан ықпай өз елінің тәуелсіз мемлекет болуын көксеп, бар білімі мен қайрат-жігерін қарсы қойған топ «Алаш» партиясындағылар еді. Оның көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар сабында Халел Досмұхамедов те тұрды.

 

Ақпан төңкерісінен кейін ел іші түрлі дүрбелеңге түседі. Қайда барсаң да жұрттың айтатыны «бостандық», бірақ ол қандай бостандық екеніне көз жеткізіп, шынайы мәнін түсінетіндер шамалы. Осындай тұста жер-жерде Уақытша өкіметтің облыстық, уездік, жергілікті басқару орындары құрыла бастады. Әр түрлі жіктердің мүддесін көздеген «қазақ комитеттері», «мұсылман комитеттері» деген ұйымдар да пайда болды. Сауатсыздық тұнған елде Уақытшасы қайсы, Қос өкіметі не екенін ұғу өте күрделі. Сондықтан біресе ананы, біресе мынаны жақтуға шақырып, жұртты сарсаңға салғандар да аз емес-тін.

 

Халел патша өкіметі құлағаннан кейін 1917 жылы сәуірде қазақтрдың облыстық съезінде Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы боп, ал желтоқсанда жалпықазақ съезінде Алашорда Халықтық-революциялық кеңесінің мүшелігіне сайланады. Мұнда Кеңес өкіметі орнықанға дейін земстволық мәдени-ағарту ісін атқарады.

 

Осы 1917 жылдың сәуір және мамыр айларында жаңадан құрыла бастаған қазақ комитеттері Орынборда, Оралда, Омбыда, Семейде, басқа да жерлерде өздерінің облыстық және уездік съездерін өткізген.

 

Бірақ күн санап іргесін бекіте бастаған Совет (Кеңес) өкіметі алашордалықтардың тынысын тарылтып, сөйтіп 1918 жылдың соңы мен 1919 жылдың басында Орталық Алашорда үкіметінің қайраткерлері жаңа өкіметті мойындайды. Одан әрі Кеңес өкіметін бірден қолдағысы келмеген алашордалықтардың тағдырын қатерден Ахмет Байтұрсынұлының Мәскеуге барып, В.И. Лениннің 1919 жылы 10-шілдеде «Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет» құрып, оның төрағасына А.Байтұрсыновты тағайындауы аман алып қалады.

 

Халел Досмұхамедов өз мамандығына қатысты медицина ғылымдары негізінде жазған аса құнды еңбектерімен қатар «Табиғаттану», «Жануарлар» атты оқулықтар жазды. Ал ақын, батыр Махамбеттің шығармалары қазақ әдебиетіне Халел арқылы жеткен. Ол сонымен бірге Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз шешен, Абай, Мағжан, Бернияз, Қарасай - Қази, Кенесары - Наурызбай, Қыз Жібек сынды дүниелер туралы да жазып, олардың жарық көруіне күш салған.

 

1920 – 28 жылдары Ташкент қаласында тұрдық. Мен осы қалада туғанмын. Әкем мұндағы Қазақ халық-ағарту институтында, Ортаазия мемлекттік университетінде қызмет істеді. Ал 1928 жылы астана Алматы болған кезде оны осында ауыстырып, Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтна проректор етіп тағайындады. Бұл оқу орнын бірінші Санжар Асфендияров басқарыпты. Ол кісінің отбасымен Комсомольская 3, 29-да (қазіргі Төле би) қатар тұрдық.

 

1930 жылы әкемді тұтқындады да, оны 1932 жылы отбасымен Ресейдің Воронеж қаласына жер аударды. Үлкен апам Рабиға сол кезде тұрмысқа шыққан, Алматыда қалды.

 

Ол Воронежде ғылыми-зерттеу институтының бірінде бөлім басқарып, үйге таяу № 1 Пушкин атындағы мектепте де балаларға медицина ғылымының негізінен сабақ жүргізіп, оларды емдеп тұрды. Сондағы қызғылықты өтетін сабақты ықыласпен тыңдайтын оқушылардың бірімін.

 

Әке білімінің, атқаратын қызметінің шапағаты болса керек - біз жат ортада еркін оқып, қысылмай жұмыс істедік. Әкем өкпе ауруының асқынған түрімен ауыратын, сондықтан жыл сайын Кавказ, Есентукидегі курорттарға барып емделерде жер аударылған адам ретінде анықтама жазып, НКВД-дан рұқсат алады.

 

Ал 1938 жылы шілде айының соңына қарай жылдағы ем қабылдайтын әдетімен Кисловодск қаласына жүргелі жатқан, аяқ астынан үйге түсі суық біреулер келді де, анамның шай қоюға ыңғайланғанына қарамастан әкемнің тұтқындалғанын айтты.

 

Бізде де, шешеде де ес қалмай жылай бастадық. Кенет ағам бірдеңе дей беріп еді, келгендердің бірі «орысша сөйле» деп зекіп тастады. Әке сабырлы қалпымен сыр бермесе де, біржола кетіп бара жатқанын ұққан шығар: «Енді мені күтпеңдер, Алматыға көшіңдер», - деп хош айтысты. Онымен бірге тінткілеп жиыстырған кітаптарды, қолжазбаларды, суреттерді бірге ала кетті.

 

Сол күннен бастап жайбарақат тіршіліктің берекесі бітті. Таяуда үлкен апамның бірі Сәуле тұрмысқа шығып, жұбайы Тілеужан Алиевтің малдәрігерлік қызметіне байланысты Воронеж облысының Нохоперский ауданына кеткен. Ал ұлдың үлкені Әділхан Воронеждің медицина институтының үшіші курсында оқитын, оны «халық жауының» баласы деп оқуынан шығарып тастады. Бірақ ол жазықсыздан-жазықсыз шеттетілгеніне көнгісі келмей, Москваға, ССРО-ның Мемлекеттік халықтың денсаулығын сақтау комитетіне арыз жазып, өзінің сабағын еліміздің кез-келген қалаларының бірінде жалғастырып, аяқтап шығуына мүмкіндік беруін өтініп, оған Астрахань қаласында оқуға рұқсат етілді.

 

Әкем ана тілі, орыс тілімен қатар немісше де жақсы білетін. Отбасында тек өз тілімізде сөйлесеміз. Ол балаларына арнап пианино сатып алған. Патефонмен ылғи 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің бірінші онкүндігіндегі әндерді тыңдауға құмармыз, бұларды әкем ұсталғаннан кейін сатып жіберуге тура келді.

 

Төле екеуміз мектепте оқимыз, анам Сағира үшеумізді Тілеужан мен Сәуле қастарына көшіріп алды. Сол кезден есімде қалғаны - Воронеж қаласына жер аударылған қазақтардың бәрі тұтқындалды. Оның ішінде Сейтазим Қадырбаев, Абдухамид Ақпаев, Жақып Ақбаев, Мұхтар Музин, Жанша Досмұхамедов, Кәрім Тоқтабаев, Әшім Омаров сынды халқымыздың аяулы азаматтары бар еді. Бір таңқаларлығы - Воронежге жер аударылғандардың әйелдерін қамап, балаларын жетім балалар үйіне өткізбегені.

 

Әке ұсталғаннан кейін Алматыға әкетілгенінен хабардар боп, анам біраздан соң жылы киім, тамақ алып, құзырлы орындардан жолығуға рұқсат алу үшін Қазақстанға кеткен, біраз айды онда өткізгенімен қолы ештемеге жетпей, жер боп оралды.

 

Воронежде 1939 жылға дейін тұрдық та, сол жылы жездемнің сұрануының арқасында елге қайтып оралдық.

 

Әкеден ешбір хабар жоқ, неден айыпты боп ұсталғаны түсініксіз, бірақ біз «халық жауының» баласы атанып шыға келдік.

 

Жазықсыз болсақ та кенедей жабысқан осы аттан Н.С. Хрущевтің жеке басқа табынушылықты қаралаған «жылымықта» анамның жалықпай жоғары жаққа жазып, ізденуінен 1958 жылы ССРО-ның бас прокурорының қолы қойылған анықтаманы Москвадан алып, әке аты ақталғанда ғана құтылдық-ау.

 

Халелдің әдебиеттерді өте көп оқитынына еліктейтін едік. Сол қасиеттің пайдасы тиді. Шама келгенше оқудан ешқашан қол үзбеуге тырыстық. Бірақ «халық жауының» балалары атанғандардың өрге шығуы оңай болған жоқ, қайда істесең де, нені қолға алсаң да кедергі табыла кетеді. Адамды қатар жүргендердің жазықыз жазғыруы жүйкені жұқартпай қоя ма?.. Үнемі іштей жәбірлену залалы ақыры денсаулықты нашарлатып, жанардың көруі төмендеді.

 

Бірақ қиындыққа қарсы кеп үйренгендерден емеспіз бе, КазПИ-дің филология факультетін бітіріп, ғылыми қызметкер боп, жоғары оқу орынарының біразында, оның ішінде 1982 – 84 жылдары өзім білім алған қара шаңырақтың орыс тілі кафедрасында аға оқытушы боп, одан соң Тіл білімі институтына ауыстым.

 

Анам 1965 жылы дүниеден озды. Бауырлрымның бәрі де жоғары оқу орындарын бітіріп, ғылымға еңбек сіңірді. Ал өзім шама келгенше ерінбеуге, жалықпауға тырыстым. Сондағы ой - жазықсыз әке атына түскен ақтаңдақты жуып, оған кір жуытпай Халел Досмұхамедұлының ғалым Қарашаш қызы болып қалу...

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: