Цзяң Жуң
Даланың қайсар бөрілері мен адамдарына арнаймын.
Ілгерідегі көркем Ішкі Моңғолияның ұлан даласына бағыштаймын.
БӨРІ ТОТЕМІ
1
«Цюәнжуң («Ит жуңдар») тайпасы екі ақ итті өздерінің ата-бабасы деп атайды. Кезінде ит олардың тотемі болған».
Фән Венлән, «Қытайдың жалпы тарихының қысқаша жинағы», 1-бөлім
«Чжоу патшасы Муваң цюанжуңдарға қарсы жорық жасап, төрт ақ бөрі, төрт ақ бұғыны олжалап қайтқан».
«Хәннама» жылнамасының «Ғұндар баяны» бөлімі
Чен Чжен қарлы күркенің ішінде тұрып, жалғыз көзді дүрбіні бір арлан қасқырға туралаған кезде моңғол даласындағы көкжалдың болат біздей өткір жанарын көріп қалды. Ол бүкіл денесіндегі түктері жайраның (дәу кірпі) тікеніндей үрпиіп, жейдесін тесіп жіберетіндей сезінді. Білге-ата қасында тұрғандықтан, Чен Чжен бұл жолы жаны денесінен шығатындай қатты үрейлене қоймады. Алайда, денесіндегі суық тер бәрібір түктерін малшыды. Мұнда келгеніне екі жыл болғанына қарамастан, ол моңғол даласындағы ірі бөрілер мен қасқырлар тобынан әлі де қатты сескенетін. Көшпелі қоныстан шалғайдағы қалың тауда соншама үлкен көкжалдар үйіріне алдында, қырау басқан демі де аузынан дірілдеп шықты. Чен Чжен мен Білге-атаның қолдарында бұл жолы мылтық та, ұзын қанжар да, құрық та жоқ. Тіпті үзеңгі сияқты темір жабдық та жоқ. Оларда тек екі қамшы ғана бар-тын. Егер бөрілер үйірі олардың иісін сезіп қалса, онда бұл екеуінің сүйегі ашық аспан астында далада қалуы мүмкін.
Чен Чжен тағы да діріл араласқан демін аузын аша бір шығарып тыныстаған соң, қарияға бұрылып қарады. Білге-ата басқа бір дүрбімен қасқырлар тобының қоршауын шолып тұрған. Ақсақал бәсең дауыспен:
- Осы сенің батылдығың қалай шығады? Қой сияқтысың. Сендер қытайлар іштеріңнен бөріден қатты қорқасыңдар. Қытайлар содан байтақ далаға келе қалса, ылғи таза жеңіліске ұшыраған.
Қария Чен Чженнің үндемегенін көріп, оған қырын бұрыла сыбырлай зекіді:
- Қазір шошып жүрме. Бұл саған ойын емес. Қыбыр-жыбырыңды білдіріп қойсаң, оның нәтижесі оңайға соқпайды.
Чен Чжен басын бір изеп, қолымен бір уыс қарды алып сығымдады. Оның алақанындағы қар бір кесек мұзға айналды.
Қиғаш қарсыдағы беткейде қарақұйрықтардың үлкен үйірі қырағылана шөпті сыдырып жеуде. Дегенмен, олар қасқырлар тобының жауыз ниетін әлі сезбеген сияқты. Көкжалдар тобы қоршауының бір шебі екеуі тұрған қарлы үңгірге барған сайын жақындай түсті. Қимылдауға да дәрмені келмеген Чен Чжен мұзды мүсінге айналғанын сезінді....
Бұл – Чен Чженнің иен далада бөрілердің ірі тобымен екінші рет кездесуі. Дәл осы сәтте қасқырлар тобына алғашқы рет кездескенде зәресі ұшқандай, өне-бойы тағы қалтырады. Кез келген қытайлықтың осындай күйге тап болғанда зәре-құты қалмай қорқатынына Чен Чжен кәміл сенетін.
Екі жыл бұрын Чен Чжен Бейжіңнен осы шекаралық жайылымдағы өндірістік бригадаға («Мәдениет төңкерісі» кезеңіндегі ауыл-қыстақтар осылай аталатын) орналасқан уақытта, яғни қарашаның нақ үшінші онкүндігінде Олұн даласын аппақ қар қымтап тастаған еді. Зиялы жастарға (білім алған жастарды осылай атайтын) арналған киіз үй әлі үлестірілмегендіктен, Чен Чжен Білге-атаның үйіне жайғастырылып, қой бағатын болды. Арада бір айдан астам уақыттан кейінгі бір күні ол қарияға ілесіп, 80 шақырым шалғайдағы ферма орталығына үйрену құжаттарын алуға барды. Жолшыбай күнделікті тұрмысқа қажетті бірталай бұйымдарды да сатып алды. Қайтатын уақыт жақындағанда, ферманың революциялық комитетінің (ревком) мүшесі болған ақсақал кенеттен жиналысқа қатысуға қалдырылды. Алайда, ферма орталығы әлгі құжаттарды дереу Үлкен өндірістік отрядқа жеткізу, кешіктіруге болмайтыны жөнінде нұсқау бергендіктен, Чен Чжен жалғыз өзі салт атты отрядқа оралуға мәжбүр болды. Жүретін кезде қария өзінің әрі жүрдек, әрі жол танығыш үлкен көк тұлпарын Чен Чженге бере отырып:
- Төте жолмен мүлде жүрме. Міндетті түрде соқпақ жолмен жүр. Жол бойы 20-30 шақырым сайын киіз үйлер тұрады. Шатақ шықпайды, - деп қайта-қайта тапсырған.
Чен Чжен көк тұлпарға міне сала, лезде жамбасының астында таңдаулы моңғол жылқысының қуатты күшін, жүйрік аттың жылдам екпінін байқады. Тау жотасына шыға келгенде, алыста үлкен өндірістік отряд жайғасқан Чағанұла тауы көрінді. Ол қарияның қадағалап айтқанын әпсәтте есінен шығарып, күре жолдың 20 астам шақырым жүретін айналмалы жолын тастап, үлкен отрядқа көлденең баратын жақын жолмен төте тартты.
Күн суыта түсті. Шамамен жолдың жартысына келген тұста күн суықтан тоңып қалтырағандай көкжиектен бүрісе асып кетті. Қарлы даланың ызғары аспанға көтеріліп, былғары тонның терісі де мұз болып қатып қалды. Чен Чжен білектерін, былғары тонның шынтақ пен бел жақтарын қозғалтып еді, сықырлаған дыбыс шықты. Көк тұлпардың үсті-басын аппақ қырау басты. Оның қалың қасат қарға малтыққан жүрісі біртіндеп баяулай бастады. Бір-біріне жалғасқан өркеш-өркеш адырлар, төңіректің бәрі түтін көрінбейтін елсіз дала. Көк тұлпар арынынан қайтпай әлі де желе жортып келеді, шаршаудың белгісі байқалмайды. Жатық жүрісі селкілдетпейді, шайқалтпайды. Мінген адамға аса жайлы. Чен Чжен де тізгінді бос ұстап, әл-қуаты, жылдамдықты және бағыт ұстануды оның өз еркіне қойды. Чен Чжен кенеттен селк етті. Көңілі айтып жеткізуге келмейтіндей біршама қобалжыды – ол көк тұлпардың жолда адасуынан, күн райының бұзылуынан, қарлы боранның соғуынан, қар мен мұз құрсанған елсіз жерде үсіп өлуден қорқады. Алайда, бөрілерден қорқатыны есінен шығыпты.
Бір сайдың аузына жақындағанда, жол бойы тыныш таппай серпіліп, айналаны тыңдап келе жатқан көк тұлпардың қос құлағы кенеттен тоқтап, сай аузының арт жағына қарай тікірейді. Сәйгүлік басын көтере осқырына бастады, жүрісі ретсізденді. Осы рет қарлы жазықта тұңғыш рет жападан-жалғыз салт атты алысқа жол тартқан Чен Чжен алдындағы қатерден мүлде бейхабар еді. Көк тұлпар мазасыздана қос танауын ұлғайтып, көздерін бадырайтып, өздігінен бағытын өзгертіп, айналып өтуді ойлады. Алайда, Чен Чжен әлі де аттың ойын түсінбеді. Ол жүгеннің ауыздығын тартып, тұлпардың басын алға қарай тез жүру үшін туралады. Аттың жүрісі ретсізденіп, жартылай жүріп, жартылай шауып, жартылай шоқырақтай басуға өзгерді. Дегенмен, аяқ басуы екпінді, кез келген уақытта жанталаса қашатын рай танытты. Қыста жылқыны аяп мінудің қажеттігін білген Чен Чжен тізгінді қатты тартып, тұлпардың шабуына жол бермеді.
Көк тұлпар арт-артынан жасаған сақтандыру-ескертулерінің нәтиже бермегенін көріп, басын қайырып Чен Чженнің пимасын тістеп алды. Чен Чжен кенеттен көк тұлпардың үрейлі көзінен әлдеқандай қауіп-қатерді байқады. Алайда кешігіп қалды – көк тұлпар дірілдеген халде қараңғы сайдың қызғалдық формалы аузына кіріп кетті.
Чен Чжен басын оқыс бұрып, сайдың ішіне көз жіберген кезде, қорыққанынан аттан құлай жаздады. Қашықтығы 40 метрге жетпейтін қарлы беткейде кешкі шапақтың нұрында қылшық жүндері жалтырап, қаһар шашқан бөрілердің үлкен тобы көрінді. Бәрі де алдынан немесе қырынан оған қадала қарауда. Біздей шаншыған өткір көз жанарлардан ол кірпік шешенге айналғандай. Чен Чженге ең жақын тұрған бірнеше ірі қасқырдың үлкендігі тұп-тура леопардтай, сирақтары ол Бейжіңдегі хайуанаттар бақшасында көрген қасқырдан екі есе жуан, бойлары одан жарты есе биік, ұзындығы жарты есе ұзын екен. Дәл осы сәтте қардың үстінде шоқиып отырған он шақты ірі көкжал дүпір-дүпір тұра кетті. Қоқайған ұзын құйрықтары түгелдей қынаптан суырылатын қылыштарға, садақтың адырнасындағы атылғалы тұрған жебелерге ұқсап, биіктен көз тастап, атылып лап қоюға әзір тұр. Бөрілер тобының ортасында үлкен арландардың қоршауында бір ақшулан қасқыр патшасы тұр. Оның мойны, кеудесі және құрсағының үлкен бөлігіндегі бозғылт түктері ақ күмістей жалтылдап, көзді қаратпай қарықтырады. Ұшқын шашқан көздерінен қаһарлы да паңды көкжалдың айбыны білінеді. Бүкіл топта 30-40 шақты бөрі бар. Кейіннен Чен Чжен бөрілер тобының сол кездегі жағдайын Білге-атаға егжей-тегжейлі әңгімелегенде, ақсақал сұқ саусағымен маңдайындағы суық терді сүртіп: «Қасқырлар бәлкім кеңес құрып жатуы мүмкін. Жотаның ар жағында бір үйір жылқы жайылып жүрген болар. Патша көкжал қарамағындағыларына сол жылқы үйіріне шабуылдың жоспарын айтып жатқан ғой. Бір тәуірі, олар ашыққан бөрілер емес. Аш қасқырдың жүні жалтырамайды» деген еді.
Чен Чжен қас қағым аралықта ешнәрсені сезбейтін болып қалды. Оның жадындағы ең соңғы түйсігі: төбесінен бір жеңіл, бірақ айрықша қорқынышты дыбыс зу етіп өткендей болды. Бұл дыбыс сап күміс теңгені үрлегенде шығатын әлсіз діріл аралас сыңғырға ұқсайтын. Бұл әрине оның жан-аруағының төбе сүйекті тесіп шыққандағы ұрылған дыбыс болар. Чен Чжен өз өмірінің ондаған секунд бойы үзіліп, жаны кеткен құр сүлдесі қалған өлексеге, бос ет пен денеге айналғандай сезінді. Арада көп уақыт өткеннен кейін ол сол реткі көкжалдар тобына тап болғанын еске алғанда, Білге-аба (әкей) мен оның көк тұлпарына шын жүректен ерекше алғыс жаудырып жүрді. Чен Чжен аттан құламады. Өйткені ол мінген тұлпар әдеттегі ат емес, бөрілермен сайыс барысында есейіп, талай айқастарды өткізген айтулы саят сәйгүлігі еді.
Басына қатер төніп, қыл үстінде тұрған дәл сол мезетте көк тұлпар кенеттен ерекше сабырлы күйге ауысты. Ол қасқырлар тобын көрмегенсіп немесе олар жиылған жерге аңдаусызда кіріп қалған жолдағы жолаушыдай, бәз-баяғыдай суыт жүріп, баяу ілгеріледі. Тұлпар асып-саспай, аяқ алысынан жаңылмай, жанталаспай-ырғалмай һәм жолды ала туламай, ер үстіндегі уақытша иесін барынша салмақты алып жүрді. Стақандар қабат-қабат қойылған табақты төбесіне қойған цирк ойыншылары секілді жүрісін епті реттеп, Чен Чженнің жотасында түп-түзу де мығым отыруын сақтықпен қадағалап, оның тепе-теңдікті жоғалтып, бір жағына ауып кетуден, көкжалдар шебінің ортасына омақаса құлауынан сақтады.
Көк тұлпардың батырлығы және ақыл-парасаты Чен Чженнің тәнінен шыққан жанын қайтарып әкелген болса керек. Бәлкім, ол кенеттен Тәңірдің (аспанның) рухани махаббат-мейірімін алып, адасып мезгілінен бұрын аспанға ұша жаздаған жанына сенім мен батылдық берген болар. Чен Чженнің суық кеңістікте ондаған секунд қалқыған жаны денесіне қайта енген кезде, өзінің бағы жанып, қайта тірілгендей сезінді, әрі өте байсалды кейіпке түсті.
Денесін барынша мықты ұстап, ер-тоқымда тік отырған Чен Чжен еріксіз көк тұлпарға еліктеп, қалған жігер-қайратын бойына жинап, бөрілер тобын елемегендей, көз қиығымен ғана қапталдағы жақын қасқырларды шолып өтті. Ол моңғол даласындағы көкжалдардың жылдамдығын, олар үшін ондаған метр аралықтағы нышанға бірнеше секундта жету түкте еместігін әбден білетін. Адам және қапталдағы бөрілер тобының аралығы барған сайын жақындай түсті. Чен Чжен өзінің қорқақтығын титтей де білдірмеу үшін Чжуге Ляңның (ежелгі «Үш патшалық» кезеңіндегі ірі мемлекеттік қайраткер) «қаңыраған қаланың қорғанынан айламен өлең айту» әдісіне басып, құдды жанында миллиондаған қуатты қосындар, артында сансыз айбарлы атты әскерлер ілескендей әлпет көрсетудің қажет екенін білетін. Тек осылай ғана қаныпезер де жыртқыш дала қасапшысы – моңғол сахарасының қасқырларын тоқтатуға болатын-ды.
Ол дәу көкжалдың мойнын соза өзінің арт жағындағы беткейге қарағанын байқап қалды. Бөрілердің бәрі үшкір құлақтарын радар секілді дәу көкжал қараған бағытқа бұрды. Барша «қанішерлер» дәу көкжалдың бұйрығын тыныш күтіп тұр. Алайда, осы бір мылтықсыз да сойылсыз салт аттының қасқырлар тобының жанынан осыншама батыл алшаңдап өтуі дәу көкжал мен барлық ірі бөрілерді сезіктендірді.
Кешкі шапақ бара-бара ғайып болды. Атты адам қасқырлар тобына жақындай түсті. Осы ондаған адым Чен Чженнің өміріндегі ең қатерлі, ең ұзақ жолдардың бірі десе болады. Көк тұлпар тағы бірнеше адым алға басты. Чен Чжен кенет бір көкжалдың оның артындағы қарлы жотаға жүгіріп өткенін байқады. Бұл қасқыр өзінің ту сыртында тосқауылдың бар-жоғын тексеру үшін дәу көкжал жіберген нақ шолғыншы екенін Чен Чжен ұға қойды. Жаңа ғана орнына түсіп, денесін жылытқан жаны тағы да бойынан шыққандай көрінді.
Көк тұлпардың жүрісі қалыпсызданғандай болды. Чен Чженнің екі аяғы және тұлпардың денесі бірге дірілдеді. Ізінше пайда болған үрейлі жаңғырық жолаушы мен сәйгүліктің ортақ қорқынышын үлкейтті. Көк тұлпар құлақтарын артына тігіп, әлгі шолғыншы бөріге мазасындана ден қоюда. Шолғыншы нақты ахуалды анықтағанша, салт атты адам қасқырлар тобына таяп баратын еді. Чен Чжен өзін арандай ашылған көкжалдың аузынан өтіп бара жатқанын, үстінен де, астынан да үшкір һәм өткір тістердің тұрғанын, сол асты-үстіндегі тістердің арасына барғанда, бөрінің араны «Қарс!» етіп жабылатынын сезінді. Көк тұлпар ақырғы айқасқа әзірленіп, артқы аяқтарын ептеп бүге бастады. Алайда, үстінде адам болғандықтан, бұлай істеуге тиімсіз екенін білді.
«Уа, Жаратқан ием. Тәңірім. Өтінемін, қол ұшыңды бере көр. Маған жәрдемдесе көр!» деп Чен Чжен кенет басына қатер төнген сахарадағы малшылар секілді ішінен Тәңірге жалбарынды. Ол тағы ақырын Білге-атаны атап шақырды. «Білге» сөзі моңғол тілінде «дана» деген мағынаны білдіреді. Ол қариядан моңғолдардың дала даналығын миына тезірек жеткізуін тіледі. Жым-жырт жатқан Олұн сахарасында ешқандай жауап үн жоқ. Ол көрікті көк аспанды ең соңғы рет бір көрмекші болып, үмітсізденген халде басын көтерді.
Кенеттен ақсақалдың «Қасқырлар мылтық, құрық және темір сайманнан қатты қорқады» деген сөзі аспаннан түскен тосын найзағайдай күркіреп, оның құлағына естіле кетті. Оның мылтығы мен құрығы болмады. Ал темір сайман ше? Оның табаны қызып кетті. Бар екен! Табанында тебініп келе жатқаны кесектей темір үзеңгі ғой. Қатты қуанғанынан аяқтары сілкілдеп кетті.
Білге-ата өзінің көк тұлпарын оған берген, бірақ ертұрманын ауыстырмаған еді. Бастапқыда қария оған осындай үлкен темір үзеңгіні таңдап бергені сол екен ғой, күндердің бірінде оның қажетке жарайтынын алдын-ала ойлаған секілді. Дегенмен, бұрын ақсақал оған: «Атқа мінуді үйрене бастаған адамның үзеңгісі үлкен болмаса тебінуге ыңғайсыз келеді. Егер жылқы теуіп жықса, аяқ үзеңгіге оңай ілініп, теуіп өлтіріледі» деп айтқан-ды. Бұл үзеңгінің шанағы кең, табаны домалақ еді. Әдеттегі шанағы тар, табаны төрт бұрышты темір үзеңгілерден бір есе үлкендеу, екі есе ауырлау болатын.
Көкжалдар тобы шолғыншы бөріні күтіп тұрғанда, адам мен тұлпар олардың алдына жетіп келді. Чен Чжен екі аяғын үзеңгіден шапшаң шығарып алды да, үзеңгінің бауын жоғары тартып, ажал мен өмірдің кілтіне айналған қос үзеңгіні екі қолына алды. Ол қайратына мініп, тосаттан бөрілер тобына қайырыла қарады да, қатты ақырды. Сосын зілдей ауыр үзеңгіні кеуде тұсына көтеріп, аямай бір-біріне қатты ұрды.
«Даң, дұң....»
Соғылған темір үзеңгінің дауысы болат зілбалғамен рельсті ұрғандай жоғары дәрежеде сыңғырлап шығып, құлақты тұндырды, жым-жырт даланы аяусыз жаңғыртып, өт пен құлақты түйреген өткір қылыштай қасқырлар тобына түрпідей тиді. Көкжалдар үшін бұндай табиғи емес болат дауыс табиғаттағы найзағайдың шошындыратын гүрілінен де қорқынышты еді. Сондай-ақ сахара бөрілері ең сескенетін, аңдарды ұстайтын құрыш қақпанның тістері тарс жабылғанда шығатын дауыстан бетер үрейлі болатын. Чен Чжен үзеңгіні бір-біріне ұрғандағы алғашқы шаңқылы қасқырлар тобын түгел үркітті. Ол үзеңгілерді тағы аямай бірнеше рет бір-біріне ұрғанда, дәу көкжалдың жетекшілігіндегі бөрілер тобы түгел арттарына бұрылып, құлақтарын жапыра, мойындарын ішіне бүккен күйде таудың қойнауына құмды құйындай жөнеле кетті. Тіпті әлгі шолғыншы қасқыр да міндетін тастай сала жылдам артына қайырылып, топқа қосылды.
Осыншама үрейлі де айбатты көкжалдар тобының қос үзеңгіден шегінгенін көрген Чен Чжен өз көзіне өзі мүлде сенбеді. Дереу жігерлене қалған ол біресе үзеңгіні еліре ұрып шаңқылдатса, біресе дала малшыларындай қолын айландыра бұлғақтатып, артынан қарап: «Хордың! Хордың (Тез болыңдар!)! Мұнда бөрілер көп екен» деп айғай салды.
Бәлкім, қасқырлар моңғол тілін түсінетін, моңғол аңшыларының қол ишаратын білетін болса керек. Көкжалдар тобы өздері күмәнданған моңғол аңшыларының саятшылық шебінен қорқып, лезде шегінді. Алайда олардың шегінуі тәртіпті де ретті еді. Бөрілер дала тағылары қосындарының ежелгі сап пен құрылымын сақтауда, яғни қуатты қасқырлар алғы шепте, басшы арлан алға таяу, үлкен көкжалдар артқы тосқауылды құрып жортып барады. Бей-берекет бытыраған ретсіздік толығымен жоқ. Чен Чжен бұған қарап қалды.
Бөрілер тобы лезде көзден ғайып болды. Сай іші ақ түтек қарға шомды.
Қараңғы түсті. Чен Чжен үзеңгісін толық жөндеп үлгіргенше, көк тұлпар серпіле ытқып, өзі білетін ең жақын қонысқа қарай ұша зымырады. Жаға-жеңдеріне аязды жел кірген Чен Чженнің тұла-бойындағы суық тер мұзға айнала бастады.
Қасқырлардың аранынан әрең аман қалған Чен Чжен содан бастап далалықтар сияқты Жаратқан Тәңірге сыйынатын болды. Сонымен қатар, осыдан бастап ол моңғол даласындағы көкжалдардан қорқатын, қаймығатын және оған құмартатын болды. Бөрілер оның жан дүниесін ғана қозғамай, оның жанын билеп алды да. Дала қасқырының өне-бойында осыншама орасан зор баурағыштығы жасырынып жатқаны ма? Көзге көрінбейтін, қолмен ұстауға келмейтін, бұлыңғыр болса да, мығым осы нәрсе адамдардың кеуілінде сыйынатын объект немесе ең ертедегі тотемі болса керек. Чен Чжен еміс-еміс өзін дала ұлттарының рухани әлеміне кіргендей сезінді. Ол бұл «есіктің» саңылауынан тек кездейсоқ сығаласа да, оның назары мен әуесі сол әлемге әлдеқашан кіріп болған-ды.
Осыдан кейінгі екі жылда Чен Чжен осындай айбарлы да үлкен көкжалдар тобын кездестірмеді. Ол күндіз қой бағып жүріп, кей кезде алыстан бір-екі бөріні сыртынан көріп қалатын. Тіпті ондаған, жүздеген шақырым алысқа мал өргізіп барғанда да, ең көп дегенде 4-5 қасқырды көретін. Алайда, ол көкжал немесе көкжалдар тобы жарып жеген қой, сиыр, жылқылардың ең аз дегенде бірнешеуінің сұлап жатқанын, ең көп дегенде үйірімен жайратылғанын жиі көретін. Ауыл аралап жүрген кезде, малшы-аңшылар атып өлтірген бөрілердің терілерін сырғауылдың биік ұшына іліп, құдды бөрілі жалаудай желбіреткенін де көретін.
Білге-ата бұрынғыдай қарлы күркеде тырп етпей етпетінен жатып, беткейдегі қарақұйрықтарға және оларға біртіндеп жақындаған қасқырлар тобына көздерін сығырайта қадала қарап:
- Тағы азырақ шыда. Аңшылықты үйренемін десең, алдымен шыдамдылықты үйрен, - деді Чен Чженге бәсең дауыспен.
Қасында Білге-ата болғандықтан, Чен Чженнің көңілі тыныштанды. Кірпігіне қатқан қырауды қолмен қағып түсіріп, ақсақалға көзін жыпылықтата қарап-қарап қойған ол дүрбімен қарсы беткейдегі қарақұйрықтар мен оларды торыған көкжалдар тобына көз тастады. Бөрілер тобында әлі де ешқандай қимыл-қыбыр жоқ....
Сол реткі көк тұлпардың қасқырлар тобымен теке-тіресінен кейін ол далалықтардың іс жүзінде үнемі көкжалдардың жақын қоршауында өмір сүретінін түсінген. Күндіз қой бағып жүріп, киіз үйден ұзамай шығып-ақ бөрілердің қарлы жерде қатар шиырлаған соны іздерін көретін. Беткейдегі жайылымда олардың іздері тіпті көп кездесетін, сондай-ақ бөрінің жаңа тастаған сұрғылт жаңа тезегі де көзге шалынатын. Кешке һәм әр түні ол құдды құбыжық елестей тасаланған қасқырдың бейнесін байқайтын. Әсіресе аязды қыс күндері қой отарының айналасындағы ондаған метр қашықтықта сол көкжалдардың жап-жасыл болып жылтылдаған көздері кем дегенде бес-алты жұпқа, көп дегенде он шақты жұпқа жететін. Ең көбісі, бірде ол және Білге-атаның үлкен келіні Касымай екеуі қалта шамымен 25 жұп жасыл көзді санап шыққан. Байырғы көшпенділер құдды жорыққа шыққан партизандардай түгел қарапайым жабдықталды. Қыс мезгіліндегі қой қорасы тек өгіз арба, кереге және үлкен киізден жарты шеңбер етіп жасалған желден қорғайтын шарбақтан құралған. Бұл желден қорғағанмен, бөрілерге тосқауыл бола алмайтын. Қой қораның оңтүстік жағындағы ашық тесікті толығымен иттер және түнгі күзетке шыққан әйелдер күзетеді. Кей кезде қасқырлар қораға басып кіріп, иттермен ұстасып қалғанда, олардың денелері көбінесе киіз үйдің керегесіне қайта-қайта соғылып, іргеде ұйықтаған адамдарды оятып жібереді. Чен Чженді екі рет іргеден көкжалдар соғып оятқан. Егер кереге болмағанда, бөрілер оның қойнына кіріп кеткен болар еді. Байырғы көшпелі тұрмыс жағдайындағы адамдардың дала қасқырымен аралығы кейде екі елі киізге де жетпейді. Дегенмен, қазірге дейін Чен Чженнің көкжалдармен қолма-қол айқасудың орайы болған жоқ. Түнгі ұрысқа аса шебер моңғол даласының бөрілері Солтүстік Қытай жазығындағы партизан отрядтарынан да шапшаң қимылдайтын һәм ұстатпайтын. Қасқырлар тобы көбірек торуылдаған түндерде Чен Чжен өзін үнемі сергек ұйықтауға мәжбүрлейді. Касымай түнгі кезекшілікке шыққан уақытта, егер көкжалдар қой отарына тап берсе, өзін дауыстап шақыруын өтінетін, міндетті түрде киіз үйден шығып, оған көмектесіп, оларды бірге айқайласып қашыратынын айтатын. Білге-ата ылғи күлімсіреген халде шоқша сақалын сипап, бөрілерге осыншама құмартқан қытайлықты ешқашан көрмегенін айтатын. Ақсақал бейжіңдік оқушы Чен Чженнің осындай ғажайып әуестігіне өте риза еді.
Чен Чжен ақыры сахараға келген алғашқы жылдағы қақаған қыстың қарлы да боранды бір түнінде қалта шамның жарығында адамдар мен иттердің қасқырмен қиян-кескі айқасқанын жақыннан көрді....
- Чен Чен (Чжен)! Чен Чен!
Сол түннің ортасында Чен Чжен кенеттен Касымайдың асығыс шақырған дауысынан және иттердің үрген үнінен шошып оянды. Ол пимасы мен тонын асығып-аптығып киіп, қалта шамын және қамшысын алған бойда киіз үйден жүгіріп шыққан кезде, екі аяғы тағы да қатты қалтырап кетті. Қалта шамның жарығында ұшқындаған қардың арасынан ол ақыры Касымайдың үлкен көкжалды құйрығынан ұстап тұрғанын көрді. Бұл бөрінің басынан құйрығына дейінгі ұзындығы ересек адамдай. Касымай тосыннан оны тығыз сығылысқан қойлардың арасынан тартып шығармақшы болды. Қасқыр жанталаса қайырылып, адамға ауыз салуға ұмтылуда. Алайда, зәресі ұшқан момақан да семіз қойлар көкжалдан үркіп, бораннан да ықтап, қораның түпкі жағында шоғырланған қойларға қарай бір-бірін басып ығысты. Қойлардың арасына түскен қар бірден иісі күлімсіген буға айналуда.
Бөрінің кеудесі ұйлыққан қойлардың арасында қысылып қалыпты. Ол тек тырнақтарымен жер тырналап, алға атылған халде кезіккенді тістелеп, Касымаймен барша күшімен тартысты, қойлардың ішінен сытылып, денесімен бұрылып, қайтарма соққы беруге талпынды. Чен Чжен жығыла-сүріне жүгіріп барса да, бір мезет не істерін білмеді. Касымайдың артындағы екі үлкен төбет те үйірілген қойлардан өте алмай, қаба алмай тыпыршыды. Олар тек өршелене арсылдап үріп, ірі қасқырдың айбарын басуда. Білге-атаның үйіндегі басқа бес-алты қабаған үлкен төбет пен көршілердің барлық иттері қой қораның шығыс жағында көкжалдар тобымен арпалысуда. Иттердің арсылдаған, ырылдаған, қаңқылдаған үндері аспан мен жерді жаңғыртуда. Чен Чжен алға барып Касымайға жәрдемдесуді ойлады, бірақ екі аяғы дірілдеп, қадам баса алмады. Оның тірі бөріні қолмен ұстап көрем деген бұрынғы тілегі қорыққаннан біржола суып қалды. Касымай Чен Чженді шынымен де көмекке келеді деп ойлап:
- Келме! Жақындама! Қасқыр шайнайды. Тезірек қойларды айда! Иттерді жібер! - деп тықыршып дауыстады.
Денесін артқа беріп, көкжалдың құйрығын жанталаса тартқандықтан, Касымайдың тұла-бойын тер басты. Ол бөрінің құйрығын қос қолмен тартқан кезде, түз тағысы ауырғаннан арандай аузын ашып, суық ауаны қармап, дереу артына бұрылып, адамды шайнамақшы болды. Алға қарай ытқудан күдерін үзген қасқыр тұтқиылдан артқа шегінді де, жартылай бұрылып, Касымайға ауыз салды. «Қырт!» деген дыбыс шықты – көкжалдың тістері оның жартылай былғары тонның етегін жұлып жіберді. Моңғолша қысық көздерінде ұрғашы леопардтың жанарындай ұшқын шашқан Касымай бөрінің құйрығын уысынан жібермеді. Сосын бір адым артқа секіріп, қасқырдың денесін қайтадан созып, барша пәрменімен оны иттер тұрған жаққа тартты.
Чен Чженнің көздері мұнартып кетті. Бір жағынан ол қалта шамын жоғары көтеріп, Касымай қасқырды айқын көрмей қалып, шайналып кетпесін деп қорқып, оған және көкжалға жарық түсірді. Тағы бір жағынан қамшысын үйіре жанындағы қойларды төпелеп қамшылады. Қараңғыда әлгі дәу бөріден үркіп бей-берекеттенген қойлардың бәрі қорадағы қалта шамының жарығына үймеледі. Чен Чжен қойларды мүлдем қозғалта алмады. Ол Касымайдың жауыз қасқырды тартып тоқтата алмай, алға бірнеше қадам сүйретіле бастағанын байқады.
- А, ана! Ана! - деп айғайлап жіберген баланың үні естілді.
Киіз үйден атылып шыққан Касымайдың тоғыз жасар баласы Баяр мына арпалысты көріп айғайлағанда, дауысының ырғағы да өзгере салды. Алайда, ол бірден шешесіне ұмтылып, құдды ерттеулі атқа қарғып мінгендей қойлардың үстімен секіріп, Касымайдың жанына жетт де, көкжалдың құйрығын шап беріп ұстай қалды. Касымай: «Сирағынан ұста! Сирағынан ұста!» деп дауыстады. Баяр жалма-жан қос қолымен бөрінің артқы бір сирағынан қатты ұстап, жанын сала артқа тартып, әпсәтте оның алға ұмтылған екпінін бәсеңдетті. Ана-бала екеуі ақыры қасқырды тартып, қадамдауын тоқтатты. Қораның шығыс тарапындағы иттер үріп-арпылдауын жалғастыруда. Көкжалдар тобы «шығыстан белгі беріп, батыстан соққылау» амалын айқын қолданып, иттердің негізгі күшін басқа жаққа аударып, қойлар отарына шапқан бөрінің шабуылына немесе шегінуіне орай жаратып тұрды. Қойлардың орталық пен батыс тараптарындағы қорғаныс шебін анасы мен баласы екеуі қайсарлықпен тапжылмай қорғап, бұл дәу қасқырдың қораның батысындағы киіз қалтқы жақтан отардың бір бөлігін айдап шығуына мүмкіндік бермеді.
Қойлар отарының шетіне жетіп келген Білге-ата да бір жағынан қойларды қайырып, бір жағынан шығыстағы итке қарап: «Бары! Бары!» деп шақырды. Моңғол тілінде «бары» сөзі «барыс» деген мағына береді. Бұл – бүкіл отрядтың ең үлкен, қаһарлы да жанкешті, азулы көкжалды басатын таңғұт (тибеттік) итімен қаны аралас төбет. Денесі әдеттегі үлкен бөрінің тұла-бойындай ұзын болмағанмен, биіктігі мен кеудесінің кеңдігі одан асып түседі. Иесінің шақырғанын естіген Барс лезде жойқын айқастан шегініп, ақсақалдың жанына шапшаң жетіп келді. Кілт тоқтап тыныстағанда, араны тола қасқыр қанының қоңсық иісі білінді. Қария жалма-жан Чен Чженнің қолындағы шамды алып, жарығын қойлардың арасындағы көкжалға түсірді. Міндетін атқара алмаған оққағардай сүлкіні түскен Барс кенеттен басын бір бұлғады да, қойлардың жоталарына шығып, бастарын басқан халде алды-артына қарамастан бөріге қарай ұмтылды.
- Қойларды қасқыр жаққа айда! Оны ортаға қыс! Көкжалды қашуына жол берме! - деп қатты дауыстады ақсақал Чен Чженге.
Сосын Чен Чженнің қолынан ұстап, екеуі барынша қойларды бөрі мен Касымай жаққа күргейлеп айдады.
Ызалы Барс бу мен қанның иісін бұрқырата Касымайдың жанында ақыры тұра қалды. Алайда, бөрінің айналасына сығылысудан тыныстары тарылған қойлар топталыпты. Моңғол даласының текті тазылары салт-жоралғыны біледі: қасқырдың жоны мен денесіне ауыз салмайды, терісін зақымдамайды. Барс әлі де көкжалдың қай жерінен ауыз саларын білмей, жай таппай ырылдауда. Касымай төбеттің келгенін көре сала кенет қырынан тұрып, бөрінің ұзын құйрығын қос қолмен тартып, аяқтарын бүкті де, тізесіне тіреді. Сосын қатты айғайлап, денесіндегі бүкіл күшін екі білегіне жинады. «Тарс!» етіп шыбыртқының сынғанындай дыбыс шығып, қасқырдың құйрығы құйымшағынан үзіліп түсті. Дәу көкжал аянышты ырылдады, жанның қиналысынан болбырады. Анасы мен баласы екеуі «ух!» деп бөріні қойлардың арасынан тартып шығарды. Өне-бойы құрысқан дәу қасқыр мойнын бұрып, зақымданған жеріне қарай берген сәтте, Барс орайын тауып оның алқымына жармасты. Көкжалдың тырнақтары өлердей тырнағанына, қатты тепкеніне қарамастан, екі аяғымен оның басы мен кеудесін тырп еткізбей басты. Ит тістерін түйістіргенде, бөрінің күре тамырынан қызыл қан екі ағындап атқылады. Ол бір сәт жанталаса алпарысты да, жерде дәрменсінденіп жатты. Қанға боялған тілі тұмсығы мен тістерінің саңылауы арасынан салақтап шықты. Касымай бетіндегі қасқырдың шашыраған қанын сүртіп, демін терең тарта тыныстады. Оның тоңғаннан қызарған беті Чен Чженге көкжалдың қанын далап етіп жаққан ежелгі замандағы әйелдердей соншама жабайы, жаужүрек және әдемі көрінді.
Өлген бөрінің қою қанының күлімсі иісі кеңістікке таралды. Шығыс тараптағы иттердің абалаған дауыстары күрт тоқтады. Қасқырлар арт-артынан қашып, түн қараңғысына тез сіңіп, ғайып болды. Көп өтпей, солтүстік-батыстағы шабындықта көкжалдардың зар илеп ұлыған ащы дауыстары естілді. Олар осы шайқаста өлген батырына ұзақ аза білдірсе керек.
- Мен шынында жарамсыз да икемсізбін. Қойдай су жүрекпін. Мен тіпті даланың иті мен қатыны құрлы бола алмадым. Тіпті тоғыз жастағы баладай да бола алмадым, - деді Чен Чжен ыңғайсыздана күрсініп.
- Жо-жоқ, сен маған жәрдемге келмегеніңде, бөрі қойларды жейтін еді, - деді Касымай күле басын шайқап.
Білге-ата да күліп:
- Қойларды айдауға көмектесіп, қалта шамды ұстауға жараған сендей қытайлық оқушыны мен әлі көрмедім, - деді.
Чен Чжен ақыры денесі суи қоймаған өлі қасқырды ұстап көрді. Ол расында да әлгінде Касымайға жәрдемдесіп, тірі көкжалды құйрығынан ұстауға батылы жетпегеніне қатты өкінді. Бір қытайлықтың бүкіл өмірінде кездеспейтін қарусыз қолмен бөрімен айқасу тәжірибесін қолдан жіберіп қойды. Олұн даласындағы қасқырлардың дене бітімі шынында адам шошитындай ірі болады. Олар құдды жерге түскен түкті горилладай, өзі жығылса да, айбары жығылмайтын, әрдайым ақырып қарғып тұратындай көрінеді. Чен Чжен Барстың басын сипады да, қайратын бойына жиған күйде жүресінен отырып, үлкен және ортаңғы бармақтарын ашып, көкжалдың ұзындығын қарыстап өлшеді. Тұмсығының ұшынан құйрығының ұшына дейін тоғыз қарыс шықты, яғни ұзындығы 1,8 метр екен. Чен Чженнің дене биіктігінен де бірнеше сантиметр ұзын болып шықты. Ол суық ауаны жұта демін ішіне тартты.
Білге-ата электр шамының жарығын қойлар отарына түсіріп еді, бөрі үш-төрт қойдың семіз құйрықтарын жұлып үлгеріпті. Еттері боршаланып, мұздай қаны тарам-тарам сорғалауда.
- Осы қойлардың құйрықтарын осынша үлкен қасқырға ауыстырдық. Татыған екен, татыды, - деді қария.
Көршілердің жаман иттері өшін алып, терісін жыртуынан сақтанған ақсақал мен Чен Чжен зілдей болған өлі қасқырды киіз үйге бірлесіп енгізді. Чен Чжен оның табаны иттің табанынан әлдеқайда үлкен болатынын байқады. Ол өз алақанын көкжалдың табанымен салыстырды. Бес саусақ болмаса, бөрінің табаны да адамның алақанымен шамалас екен. Қасқырдың қарлы жерде немесе таулы-тастақ жерде нық басып жортатыны осыдан екен ғой.
- Ертең саған көкжалдың терісін сыдыруды үйретемін, - деді ақсақал Чен Чженге.
Касымай киіз үйден бір тегеш туралған ет шығарып, Барс пен өзге иттерге сыйлады. Чен Чжен де ілесе шығып, қос қолымен Барстың үлкен басын және кішкене аласа үстелге (джозы) ұқсаған кең арқасын тоқтамай сипады. Төбет бір жағынан етті сүйекті қытырлатып кеміріп, бір жағынан үлкен құйрығын бұлғақтатып «рақметін айтты».
- Жаңа сен қорықтың ба? - деп тақатсыздана сұрады Чен Чжен Касымайдан.
- Қорықтым, қорықтым. Бөрі қойларды айдап кетіп, гуңфэннен (ХХ ғ. 60-70-жылдары ҚХР ауыл шаруашылығы кооперативтерінде 1/10 еңбеккүн өлшемі) айрылудан қорықтым. Мен өндірістік топтың басшысымын ғой. Қойларды жоғалтсам, жұрттың алдында масқара боламын, - деді ол күліп.
Касымай еңкейіп Барстың басын ақырын қағып: «Сай (жақсы) Барс, сай (жақсы) Барс» деді. Төбет дереу сүйекті тастап, басын көтере әйел қожайынының алақанын қарсы алды. Сондай-ақ тұмсығын оның жеңінің ішіне енгізіп, қуанғанынан ұзын құйрығын бұлғақтатып самалдатты. Чен Чжен суық желдің астында ашыққан Барстың қожайын әйелдің сүйіспеншілікпен жасаған алғысын онан әрі қадірлегенін байқады.
- Чен Чжен, Чаған мейрамы (қытайша Жаңа жыл) өткеннен кейін, мен саған бір сүйкімді күшікті беремін. Итті бағу өнерін жақсылап үйрен. Сен жақсылап бақсаң, кейін үлкейгенде Барс сияқты болады, - деді Касымай.
Чен Чжен қайта-қайта рақметін айтты.
Киіз үйге кірген соң да қобалжуы тоқтамаған Чен Чжен:
- Бағана шынымен зәрем ұшты.
- Сол шақта қолыңды ұстағанда білгенмін. Неге тоқтамай дірілдейсің? Соғыс басталса, қылыш ұстай аласың ба? Сахарада тұрамын десең, қасқырдан да күшті болу керек. Кейінірек сені көкжал соғуға ертіп барамын. Ертеде Шыңғысхан әскер іріктегенде, арнайы бөрі соғуға қабілеттілерді таңдаған екен, - деді ақсақал.
- Сенемін. Мен сенемін. Егер Касымай атқа қонып, жорыққа аттанса, сөзсіз Хуа Муланнан да мықты болар еді.... Хуа Мулан көне заманда қытайлардың ең әйгілі әйел қолбасшысы болған, - деді Чен Чжен қайта-қайта басын изеп.
- Сендер қытайлардың Хуа.... немене еді, Хуа Мула (лән) біреу ғана. Ал біз моңғолдардың Касымайлары толып жатыр. Кез келген отбасыда табылады, - деп кәрі қасқырға ұқсаған қария сылқ-сылқ күлді.
Осыдан кейін Чен Чжен барған сайын көкжалдарға жақындап, жақыннан бақылауға, зерттеуге құмарта түсті. Ол дала бөрілері және далалықтардың арасында бір түрлі тылсым қарым-қатынастың болғанын байқады. Бәлкім, қасқырды түсінгенде ғана сырға толы Моңғолия сахарасын және оның тұрғындарын түсінуге болады. Ал моңғол даласының көкжалдары дәл осылардың ішіндегі ең сырлы жұмбақ буыны еді. Чен Чжен бөрілер жөніндегі өзінің бірқатар шынайы да нақты сезім түйсігі мен байқауларын арттыруды қалайтын. Ол тіпті қасқырдың апанынан бір ұя бөлтіріктерді өз қолымен қазып алып, өз қолдарымен біреуін бағып-өсіруді ойлады. Осы ниет-арманы ойына түскен кезде, өзі де селт ететін. Көктем жақындаған сайын оның бөлтірікті армандауы күшейе түсті.
Білге-ата - Олұн даласының ең атақты аңшысы. Алайда, қария аң аулауға өте сирек шығады. Аңға шыққанда да, түлкі аулайды, көкжалды онша ауламайды. Осы екі жылдан бері жұрт «Мәдениет төңкерісі» қозғалысымен қарбалас болғандықтан, сахарадағы дәстүрлі жартылай мал бағып, жартылай аң аулайтын тұрмыс құдды ақ боран шашыратқан қойлардай былығып кетті. Биыл қыста құжынаған қарақұйрықтар топ-тобымен шекарадан өтіп, Олұн даласына енген уақытта, Білге-ата әйтеуір уәдесінің жартысын орындап, Чен Чженді ірі бөрілер тобына осыншама жақын жерге ертіп барды. Бұл расында да ақсақалдың оны батылдыққа үйрететін және ақыл-парасатын көтеретін тамаша орын еді. Чен Чжен дала қасқырларын жақын қашықтықтан көрудің орайына ие болғанмен, бұл нағыз көкжал соғуға жатпайтын-ды. Әйтсе де, ол ақсақалдың ықыласы мен ниетіне төтенше разы болды.
Чен Чжен қарияның білекпен ақырын түртіп, беткейге нұсқағанын байқады. Ол жалма-жан дүрбіні қарлы беткейге туралады. қарақұйрықтардың ірі тобы әлі де қауырт жайылып, шөпті талап жеп жүр. Сондай-ақ ол бір үлкен бөрінің қасқырлар тобының қоршау шебінен бөлініп шығып, батыстағы биік таудың ішіне жөнелгенін көріп қалды.
- Көкжалдар қарақұйрықтардың үйіріне тиіспейтін болды ма? Онда біз ұзақ уақыт бойы бостан-босқа суыққа тоңғанымыз ба? - деп қариядан сыбырлап сұрады Чен Чжен іштей жабырқаған халде.
- Бөрілер тобы оңайлықпен кездеспейтін бұндай орайды қолдан жіберуді қаламайды. Топты басқаратын қасқыр қарақұйрықтардың тым көп болғанын байқап, бұл көкжалды «қосындарды» жөткеу үшін жіберсе керек. Мұндай орай бес-алты жылда бір рет кезігеді. Осыған қарағанда, бөрілердің дәмесі зор. Шынымен де зор қырғын салмақшы. Бүгін сені текке ертіп келмеген сияқтымын. Тағы да сабыр сақтап, шыдай тұр. Аң аулау орайының бәрі шыдаудан шығады...., - деді ақсақал.
2
Ғұн тәңірқұтынан туылған екі қыздың келбеті айрықша әдемі. Біздің елдің адамдары оларды періштедей көреді екен. Тәңірқұт деді: «Һор қызындай бұл бойжеткендерімді жай адамдарға күйеуге бермеймін. Аспанға күйеуге беремін». Сонымен тәңірқұт елдің солтүстігіндегі жансыз иен жерде биік мұнара салдырып, қыздарын оның үстіне жайғастырыпты. «Көк Тәңір, өзің қабылдай көр» деп тілепті.... Бір жылдан соң, бір кәрі бөрі мұнараны күні-түні қорғап, ұлып жүріпті. Мұнараның түбінде апан қазып, біраздан соң кетпей қойыпты. Оның кіші қызы: «Әкемнің мені мұнда тұрғызу ойы Аспанға ұзату еді. Осы күні қасқыр келіп тұр. Мүмкін ол Тәңір жіберген киелі жан болар. Мен жерге түсейін» депті. Оның әпкесі қатты шошып: «Бұл бір жануар. Оған барсаң, әке-шешемізді масқаралағаның болады ғой» депті. Сіңлісі бағынбады, көкжалдың әйелі болу үшін мұнарадан түсіпті һәм бір оғлан туыпты. Кейін ұрпағы өрбіп, көбейіп, бір ел болған екен. Осы себепті, бұл елдің адамдары бөрілер ұлығандай дауыстарын созып ұзақ өлеңдерді әндетуді ұнатады.
«Вэйнама» жылнамасындағы «Жоужандар, ғұндар және қаңлылардың баяны» бөлімі.
Тағы алты-жеті ірі қасқырдың қоршауға жымжырт қосылуымен үшжақты қоршау шебі қалыптасты. Чен Чжен қой терілі қалың тонның тағаша жеңімен ауыз-мұрнын жауып, бәсең дауыспен сұрады:
- Ата, көкжалдар тобы енді аңға шығатын шығар?
- Тағы азғантай уақыт бар. Дәу бөрі әлі орайын күтуде. Қасқырлар аңға шыққанда аңшылардан да ұқыпты аулайды. Дәу көкжалдың нені күтіп тұрғанын сен өзің жақсылап ойлашы, - деді Білге сыбырлап.
Қария ақ мамық қастарын қозғалтып, қыраулы өрнектерді аздап түсірді. Оның маңдайын жауып, бетін қалқалап, иығын жапқан түлкі тымағына да қырау басқан екен. Ақсақалдың бет-жүзі тұмшаланып, көзі ғана жылтиып тұр. Қоңырқай сарғыш көздері әлі де янтарьдай жылтыр ұшқын шашуда.
Екеуінің қарлы күрке ішінде жасырынғанына жарты күннен асты. Осы кезде екеуі қарсыдағы қиғаш беткейдегі қарақұйрықтарды бақылай бастады. Бұл үйірде 1 мыңға жуық қарақұйрық бар екен. Ұзын қара мүйізді бірнеше ірі теке аузында шөп тістеген бойда басын көтеріп, төңірекке назар сала ауаны иіскелеп тұр. Қалғандары түгел қарды шапшаң теуіп, шөп оттауда.
Бұл жер – №2 отрядтың қыс мезгілінде табиғи апатқа қарсы әзірлеп қойған, ауқымы 20-30 шақырымдай кең көлемді желге қарсы беткейлі жайылым. Боранда жапырылмайтын, қарда көмілмейтін шөбі әрі биік, әрі бітік өсетін. Ақсақал бәсең үнмен:
- Зер салып қарасаң білерсің. Бұл беткейдің орны ерекше жақсы. Алдыңғы жақтағы жел өтіне де, солтүстік-батыстың желіне қарсы тұрады. Қарлы боран күшті болған сайын бұл жерде қар тұрмайды. Сегіз жасар кезімде Олұн даласында жүздеген жылда бір рет кездесетін үлкен қар апаты болды. Жазық жердегі қардың қалыңдығы киіз үйлерді көміп тастаған-ды. Бақытқа орай, адамдар мен малдардың басым бөлігі аман қалды. Себебі, бірнеше көнекөз қарттың жетекшілік етуімен ертерек қамданып, жауған қар тізеден асқан кезде барлық жылқыны бір жерге жиып, бірнеше мың жылқымен қарды жарып, жол жасады. Артынан ашылған жолды ондаған сиырлар таптап-тегістеп, қойлар мен өгіз арбалар жүре алатын жолдың арнасын ашты. Үш күн, үш түн жүріп, төрт түлік мал мен адамдарды осы жайылымға жеткізді. Қардың қалыңдығы тізеден ғана келетін мұндағы шөп қардың үстінен үш-төрт елідей қылтиып тұрыпты. Тоңып ашырқаудан шалажансар болған төрт түлік мал шөпті көре сала шулап-шұрқырап, лап қояды. Адамдардың бәрі қардың үстіне екпетінен жата қалып, көз жастарын ағызып, Тәңірге толассыз бас ұрады. Бас ұра беріп бет-жүздері қарға малынды. Мұнда келгеннен кейін қой мен жылқы қар қазып шөп жұла алады. Ал қарды қазуды білмейтін сиырлар қойлар мен жылқылардың артынан еріп, шөп тауып жейді. Малдың жартысынан көбісі келесі жылдың қарлы маусымына дейін аман-есен жетті. Көшуге үлгере алмаған анау отбасылар қатты сорлады, адамдар жанын алып құтылғанмен, малдары түгелімен қардың астында қалды. Егер осы жайылым болмағанда, Олұн даласының адамдары мен үй жануарлары ертеде қырылып бітетін еді. Кейін Олұн сахарасында қар апатын онша қорықпайтын болды. Қар апатына ұшыраған кездері тек осында көшіп, жандарын сақтап жүрді.
Ақсақал ақырын күрсініп қойып, сөзін жалғастырды:
- Бұл расында да Тәңірім Олұн даласындағы адамдар мен малдарға тарту еткен ажалдан арашалайтын жайылым. Бұрын малшылар жыл сайын қарсыдағы таудың төбесіне шығып, Тәңірге және тау киесіне құрбандық шалатын. Осы екі жылдан бері қозғалыс («Мәдениет төңкерісі») жүргізілгендіктен, адамдар онда сыйынуға батылы бармады, бірақ көпшілік іштерінен әлі де сыйынады. Бұл тау – қасиетті тау. Олұн сахарасының малшылары қаншалық құрғақшылық болып, шөп шықпай қалса да көктем, жаз, күз маусымдары бұл жайылымға тиіспейді. Осы жайылымды қорғап-сақтау үшін жылқышылар көп машақат шекті. Бөрілер де бұл тауды толассыз қорғайды. Бес-алты жылда бір рет осында келіп, қарақұйрықтарды қырғындап, адамдар сияқты таудың киесіне, Тәңірге құрбандық шалады. Бұл қасиетті тау адам мен малды ғана емес, қасқырларды да құтқарады. Көкжалдар адамдардан да зерек, адамдар мен төрт түлік мал келместен бұрын олар келіп болады. Күндіз бөрілер үлкен таудың шыңындағы тастар үйіндісінде және де таудың артындағы қар қатқан жерлерде жасырынады. Түнде таудан түсіп, үсіп өлген сиыр мен қойды қардың астынан ашып жейді. Жейтін азық табылса, қасқырлар адамдар мен үй жануарларын мазаламайды.
Бірнеше ұйпа-тұйпа ақша бұлт аспанда самғады. Ақсақал көздерін көтеріп, ызғарлы да көк аспанға сыйына қарады. Чен Чжен Батыстың діни суреттерінен ғана осындай тұнық жанарды көруге болатынын сезді.
Биыл бұл өріске қар ерте түсіп, жерге нық жатты. Шөптің етек жағы әлі сарғаймай тұрып-ақ қар астында қалды. Қар астындағы шөп суық үйде сақталған жасыл көкөніс тәрізді айналасына көк шөптің жағымды иісін тарататын. Солтүстіктегі көрші елдің қалың қарынан және аштықтан ығысып, шекарадан өтіп келген қарақұйрықтар осы араға жетісімен қыс ішінде жасыл алқапқа кез болғандай көк шөптің иісіне құмартып, құнарлы шөпке тойғаннан қарындары дөңгелене шығып, жүгіруінің өзі қиындап кететін.
Тек даланың дәу көкжалы мен Білге-ата ғана қарақұйрықтардың бұл жерде үлкен ағаттық жасағанын көре білді.
Мына қарақұйрықтар тобы үлкен болып саналмайды. Чен Чжен Олұн даласына келген жылы ауық-ауық бір түменнен асқан айрықша үлкен қарақұйрықтар тобын көрген. Ферманың қызметші кадрларының айтуынша, 1960-жылдардағы «Үш жылдық қиыншылық» кезеңінде (1959-1961 жж. орын алған ашаршылық, табиғи апаттардың үш жылы) солтүстіктегі әскери округтың бірнеше бөлімдері әскери автокөлік және пулеметпен жапан далада сан-санақсыз қарақұйрықтарды қырғындап, әскери округтың органдарын етпен қамдаған. Нәтижеде, ел ішіндегі қарақұйрықтардың бәрі шекараның сыртына қашқан. Соңғы жылдары шекарадағы әскери жағдайдың шиеленісуінен оларды кең көлемді аулау әрекеттері тоқтатылды. Көсіліп жатқан Олұн сахарасында тағы да құжынаған қарақұйрық үйірлерін көруге болатын. Чен Чжен қой бағып жүріп, олардың орасан үлкен тобын кездестірген. Қалың қарақұйрықтар құдды жер-көкті қаптаған шаңды борандай оның қойларының жанынан ойнақтап өткенде, қорыққанынан бір жерге үймелеген қой-ешкілер әлгі жабайы ешкілердің еркін зымырағанына шошып һәм қызығып шақшиып қарап қалған.
Олұн даласының қарақұйрықтары мылтықсыз адамды мүлде көзге ілмейді. Бір жолы, біреуін ұстап алып, етінің тәтті дәмін татуды ойлаған Чен Чжен құжынаған қарақұйрықтардың қақ ортасына салт атты шауып барған-ды. Алайда, олар тым тез жүгіреді екен. Жылдамдық жағынан олар сахарадағы төрт аяқтылардың ең жүйрігі. Ең жүйрік деген тазылар мен ең жылдам арлан көкжалдар да оларға ілесе алмайды. Чен Чжен атты қамшылап, бірнеше рет қуып көрді, бірақ олардың қылшығына да ие бола алмады. Қарақұйрықтар толассыз секіріп құйғытып, оны орта алып жел қақтырды. Олар оның екі жағынан ондаған метр аралықтан үркіп өтті де, алдыңғы жақтағы алыс емес жерде үйіріне қайта қосылып, суыт жүрісін жалғастырды. Қорқып қалған ол тек өз орнында мелшіип тұрып, оларды қызықтады.
Көз алдындағы мына қарақұйрықтар үйірі орташа ғана көрінді. Алайда, Чен Чжен ондаған бөрілерден құралған үлкен топ үшін олардың бұл үйірі әлі де аса үлкен екендігін сезді. Жұрттың сөзінше, қасқырлардың жауыздығы әлемде ең үлкен жауыздық болып табылады. Ол көкжалдардың тәбеті мен ниетінің қаншалық үлкен екенін, сондай-ақ олардың қоршап аң аулау қабілетін білгісі келді.
Бөрілер тобы осы реткі аң аулаудың орайын ерекше қастерлейді. Олардың қоршау қимылдары өте ақырын, өте баяу еді. Қарақұйрықтардың арасында текелердің кейбірі бастарын көтеріп қараған кезде, қасқырлар қалың шөптің ішінде жасырынған күйі қыбыр етпей жатады. Тіпті шыққан тынысының буларын да білдіртпейді.
Қарақұйрықтар шөпті барынша жапыра оттауды жалғастыруда. Екеуі сабыр сақтап күтуде. Қария ақырын үнмен деді:
- Қарақұйрықтар – жайылымның үлкен апаты. Тез жүгіреді, тәбеті өте зор, көп жейді. Қарашы, қаншама шөпті жеп кеткенін. Бір отрядтың адамдары мен төрт түлік малы жапа тартып кейінге сақтаған бұл жақсы жайылымның жартысынан жуығын мыналар осы бірнеше күннің ішінде-ақ тақырлап тастады. Егер олардың тағы бірнеше ірі үйірі келсе, шөпті тып-типыл етіп тауысады. Биыл қар қалың, шатақ шықса зор қар апаты туылуы мүмкін. Бұл запастағы жайылымды сақтай алмасақ, халық пен төрт түлік мал зардап шегеді. Бақытқа орай, көкжалдар тобы сөзсіз бүгін-ертең оларды түгелдей қырғындап, қалғанын қуып жібереді.
- Бәсе, бөрілерге тимегеніңіз бекер емес еді, - деді Чен Чжен ақсақалға таңырқай қарап.
- Мен де қасқырларды атамын, бірақ көп атуға болмайды. Егер оларды атып тауыссаң, иен даланы ажал құшады. Сахара өлсе, адамдар мен малдар өмір сүре алады ма? Сендер қытайлар бұл ақиқатты мүлде түсінбейсіңдер, - деді қария.
- Бұл бір жақсы ақиқат екен. Мен қазір азырақ түсінгендей болдым, - деді Чен Чжен.
Ол ішінен азын-аулақ айрықша әсерленді: бөрі тотемінің бұлдыр елесін көргендей болды. Екі жыл бұрын Бейжіңнен кетер алдында ол далалық халықтар жөнінде көптеген кітаптарды оқыған және жинаған еді. Сол кезде Чен Чжен сахара халқының бөрі тотеміне сыйынатынын білген. Алайда, дәл қазір ғана ол қытайлар және егінші халықтар ең жақтырмайтын көкжалды далалықтардың неліктен ұлттың арғы бабасы мен тотеміне айналдырғанын түсіне бастағандай болды.
Ақсақал Чен Чженге жымиып бір көз тастады да:
- Сендер бейжіңдік оқушылар киіз үйді тұрғыза бастағандарыңа бір жылдан асты. Алайда, оның туырлығы тым аз. Осы жолы қарақұйрықтарды көбірек жинап, сатып алу бекетіне барып өткізіп, қамдау-өткізу кооперативінен көп киізге айырбастап, төртеуіңді қыстан жылы шығарайын.
- Бұл тамаша ой екен. Үйімізге екі қабат жұқа туырлық жабылғандықтан, сия қатып, жарылып кетті, - деді Чен Чжен.
- Қарашы, көз алдыңдағы мына бөрілер тобы сендерге дереу сый тартқалы тұр ғой, - деді қария күліп.
Олұн сахарасында мұз болып қатқан бір үлкен қарақұйрықты терісімен қоса 20 юанға сатуға болады. Бұл бір қойшының жарты айдағы тұрақты еңбек өлшемінің кірісіне барабар. Оның терісі – жоғары сортты құрым (былғары) күртенің шикізат материалы. Шикізат сатып алу бекетіндегі кісілердің айтуынша, ұшқыштардың комбинезон киімдері қарақұйрық терісінен жасалады екен. Қытайдың ұшқыштары ондай күртені кие алмайды. Ішкі Моңғолия даласынан әр жылы алынатын қарақұйрық терілері түгелдей Совет Одағына, Шығыс Еуропаға экспортқа шығарылып, болат материалдары, автокөлік пен қару-жараққа айырбасталады. Олардың еттері ет қалбырларының ең жоғарғы сортты шикізаты ретінде түгел экспортталады. Ең соңында артылған ет пен сүйектер елдің тұтынуына қалдырылып, Ішкі Моңғолияның аудан-хошундарының (Ішкі Моңғолия автономиялы районында ауданмен тең әкімшілік бірлік) ет дүкендерінде сирек кездесетін азық-түлік қатарында карточкамен сатылады.
Осы жылғы қыста орасан зор қарақұйрықтар үйірлерінің шекарадан өтіп келуі шекаралық коммуна, ферма, хошун мен аудан басшылығын қатты қуантты. Әр дәрежелі шикізат сатып алу бекеттері қоймаларын босатып, көптеп сатып алуға әзірленді. Басшы кадрлар, аңшылар және малшылар ірі балық аулау маусымында қайраңдайтын балықшылардай бір қарманып қалмақшы. Аңшылар мен жылқышылардың қол-аяғы жылдам ғой. Бүкіл отрядтың аңшылары мен жылқышыларының басым бөлігі тегіс жүйрік сәйгүліктерге мініп, тазы иттерді ілестіріп, мылтықтарын асынып, қарақұйрық аулауға аттанды. Чен Чжен күні бойы қойлар отарына байланып қалатын. Оның тіпті мылтығы мен оқтары жоқ-тын. Оның үстіне, қойшыларда небәрі төрт аты ғана болатын. Жылқышылар секілді жеті-сегіз немесе он шақты арнайы тұлпар оларда болған емес. Зиялы жастар тек аңшылардың аңға аттанғанына көздері жәудіреп телмірумен болды. Алдыңғы күні кеште Чен Чжен аңшы Ламжаптың үйіне барған. Қарақұйрықтар енді ғана ауып келген кезде ол 11 үлкен қарақұйрықты атып алыпты. Тіпті бір оқпен екеуін жайратыпты. Бірнеше күндік саятшылықтың кірісі жылқышылардың үш айлық жалақысына тең келіпті. Ол Чен Чженге бір жылдық шарап пен темекінің ақшасын тапқанын, тағы бірнеше күн атқан аңдардан өндірген ақшаға «Қызыл шырақ» маркалы радио қабылдағыш сатып алып, жаңасын өз үйінде қалдырып, ескісін жылқышылардың жылжымалы киіз үйіне әкелгенін мақтана айтты. Оның үйінде Чен Чжен алғаш рет жас қарақұйрықтың етін дәм татып, нағыз сахараның түз тағамын тамашалады. Желаяқ қарақұйрықтың денесінде бір шөкім нашар ет болмайды. Еттің әрбір талшықтары қасқырлармен ұзақ мерзім тайталасудан төселіп жетілетіндіктен, етінің дәмі еліктің етінен қалыспайды.
Қарақұйрықтар үйірі Олұн даласына енгеннен бері бүкіл отрядтағы бейжіңдік зиялы жастар лезде өздерін «екінші сортты азаматтар» сияқты сезінді. Екі жылдан бері олар сиыр мен қойларды өз алдына бағатын болды, бірақ аң аңлаудан әлі де мүлде хабарсыз еді. Дегенмен, Ішкі Моңғолияның орталық және шығыс бөліктеріндегі шекаралық сахараның көшпенді мал шаруашылық тұрмысында аңшылық анағұрлым маңызды орын иелейтін. Моңғол ұлтының ата-бабалары Хэйлуңцзяң (Амур) өзенінің жоғарғы ағысындағы ормандарда аң аулаумен тіршілік етіп, кейін ғана біртіндеп Ішкі Моңғолияның кең даласына келіп, жартылай аңшылықпен, жартылай мал шаруашылығымен айналысқан. Аңшылық – әр отбасының маңызды кірісі, тіпті басты кірістің қайнаркөзі. Олұн сахарасындағы малшылардың арасында жылқышылардың орын-мәртебесі бәрінен жоғары. Мықты аңшылардың көбі жылқышылардан шығады. Алайда, зиялы жастардан жылқышы бола алғандар тым аз. Ал жылқышы бола алған зиялы жігіттер әлі де ұстаның қолына жаңадан кірген шәкірттей ғана. Нағыз жылқышы болу оларға әлі алыс. Сондықтан осы реткі кең көлемді аңшылық науқаны жақындағанда, өздерін жаңа малшылар деп санаған бейжіңдік зиялы жастар мүлдем іске жарамайтындарын білді.
Чен Чжен қарақұйрықтың етіне тойып, Ламжап ағай тарту еткен бір санын алып, Білге-атаның отауына назалана шапты.
Зиялы жастардың барлығы өз киіз үйлеріне баяғыда кіріп болса да, Чен Чжен бұрынғыдай Білге-атаның отауына жиі баруды жақсы көреді. Бұл киіз үй кең де көркем, ауқатты да жылы болатын. Отаудың керегесін ішінен айналдыра моңғолдар мен тибеттердің діни ою-өрнектері салынған тұс кілемдер ілініп, жерге бұғының суреті салынған кілем төселген. Төрт бұрышты аласа үстелдің үстіндегі ағаш тұғырлы күміс тостақандар және сөредегі мыс тегеш, алюминий шәйнектердің бәрі сүртіліп, жалтырап тұр. «Аспан жоғарыда, патша алыста» дегендей, бұл жер орталықтан шалғайда болғандықтан, хуңвэйбиңдер («қызыл гвардия», қызыл қорғаушылар – «Мәдениет революциясы» кезінде 1966-1967 жж. студенттер мен мектеп оқушыларынан жасақталған отрядтардың мүшелері) «төрт көнеге қарсы күресу» («көне әдет-ғұрыптар, көне мәдениет, көне дағды, көне идея қатарлы төрт ескіліктің қалдықтарын қирату науқаны, 1964 ж. 20 тамызда Бейжіңде басталған «Мәдениет революциясы» кезеңіндегі мемлекеттік саясат) толқыны ақсақалдың киіз үйіндегі тұскиіздер мен кілемдерді әлі бұза қоймаған-ды. Чен Чженнің киіз үйіндегі төрт зиялы жастың бәрі Бейжіңдегі белгілі бір толық орта мектебінің сыныптас сабақтастары еді. Олардың үшеуі – «капитализм жолымен жүрген астыртын топ» немесе «кертартпа ғылым беделділерінің» перзенттері. Тағдырлары қарайлас, ойлары жақын болғандықтан, сол кездегі әлгі шолақ белсенді де білімсіз хуңвэйбиңдерді айрықша жек көретін. Сондықтан сонау 1967 ж. қыстың басында айғай-шуда қалған Бейжіңмен ертерек қоштасып, тыныш тұрмыс іздеп сахараға келген бұлар бір-бірімен тату-тәтті тұрды деуге болады. Сахарадағы тайпа басшысының ордасына ұқсайтын Білге-атаның киіз үйі Чен Чженге мейір мен қамқорлыққа бөлейтін, оны кең пейілді де алаңсыз қылатын.
Екі жылдан бері ақсақалдың бүкіл үй-іші Чен Чженді осы отбасының бір мүшесі етіп қабылдады. Чен Чженнің Бейжіңнен әкелген үлкен екі сандық кітаптары, әсіресе моңғол тарихына қатысты шетелде және Қытайда басып шығарылған кітаптар қария мен оның осы қытайлық баласын өзара жақындатты. Айрықша қонақжай қарттың моңғол тарихы мен көптеген аңыздарын білетін бірнеше жыршы достары да болған. Ақсақал Чен Чженнің кітаптарын, әсіресе қыстырма суреттер мен карталарды көріп, Қытай, Ресей, Парсы және басқа елдердің тарихшылары мен жазушылары жазған моңғол тарихына аса зор қызығушылық танытқан. Қытай тілін шала білетін Білге-ата барлық уақытын Чен Чженге моңғол тілін үйретуге жұмсады. Осы арқылы кітаптардың мазмұнын ертерек білуді, сондай-ақ өзі білетін моңғол хикаяларын жігітке айтып беруді ойлады. Екі жылдан бері қария мен баланың моңғолша-қытайша сұхбаты едәуір төселіп қалған еді.
Дегенмен, Чен Чжен ертедегі қытайлар мен Батыстың кейбір тарихшыларының моңғолдар жөніндегі өшпенділік және дұшпандыққа толған мазмұндарды ақсақалға айтуға батылы бармайтын. Сахараға келгеннен бері ол Юэ Фэйдің (1103-1141 жж., чжурчжэндердің басып кіруіне қарсы қорғанысты басқарған Қытайдың ұлттық батыры) «Манцзяңчжуң», «Сяотән», «Кэ ин» әндерін өлеңдетуге батылы бармайтын. Чен Чжен тарихтағы егінші және көшпенді халықтардың арасындағы араздықтың төркінін, сондай-ақ жан саны аз моңғол ұлтының адамзаттың ғаламдық тарихында атом жарылғандай қорқынышты күштердің дүмпу қозғауының себеп-салдарын іздестіргісі келді.
Чен Чжен тегінде Білге-атаның киіз үйінен кеткісі келмеді. Алайда, шөбі шүйгін, суы мол көрікті Олұн даласында малдың үйірлері барған сайын молаюда. Кейбір отарларда қоздағаннан кейін қойлардың саны 3 мыңнан астам тұяққа дейін жетіп, бір қойшының бағу шегінен әлдеқайда асып түсті. Қойлар көбейген соң, бөліп бағу, яғни бірнеше қораға бөлу қажет. Чен Чжен бөлінген қойларға ілесіп, ақсақалдың осы киіз үйінде жатпай, қалған үш сабақтасымен бірге бөлек үйде тұратын болды. Бір тәуірі, екі үйдің арасы жақын, қойлардың маңырағаны және иттердің үргені өзара естіліп тұратын. Бала қарияның үйіне ертелі-кеш барып-келіп, өзара көрісетін. Көрші үйге ер-тоқымды суытпай келуге болатын. Қойлар отарын бөлгеннен кейін де Чен Чжен ақсақалдың үйіне жиі барып, әңгімелерін жалғастыратын. Осы жолы олардың әңгімесі қарақұйрықтар жөнінде, сондай-ақ олардың және қасқырлармен қатынастары туралы болды.
Чен Чжен түйе жүнінен тоқылған суретті қалың киіз туырлықты қайыра ашып, қалың кілемнің үстіне отырып, сүтті шай ішті.
- Жұрттың осыншама көп қарақұйрықтарды атқанына көзіңді қызартпа. Ертең атаң сені бір арба қарақұйрықты аулауға ертіп барады. Бұл күндері тау ішін бірнеше рет аралап, оларды қай жерде аулауға болатынын білдім. Атаң саған дәл сол кезде көкжалдардың үлкен тобын көрсетуді де ойластырды. Сен оларды аузыңнан түсірмей айтушы едің ғой? Сендер қытайлар шөппен қоректенген қойлар сияқты қорқақсыңдар. Біз моңғолдар ет жейтін бөрілерміз. Сен қасқырдай батыл болуға дағдылан, - деді ақсақал.
Келесі күні таң сәріде Чен Чжен ақсақалмен бірге оңтүстік-батыстағы таудың бір беткейіне келіп жасырынды. Қария мылтық та алмай, итін де ертпей, дүрбісін ғана алды. Чен Чжен шалға ілесіп, бірнеше рет түлкі аулауға шыққан-ды. Алайда, бұндай құр қол, қару-жарақсыз аңға шығуы алғашқы рет еді. Ол: «Қарақұйрықтарды дүрбімен аулаймыз ба?» деп ақсақалдан неше рет сұрады. Қария күліп қойды, бірақ жауап бермеді. Ол өзі үйретпек болған білім мен өнерді шәкірттің қызығу мен күдіктенудің елегінен өткізе үйренуін ұнататын.
Чен Чжен дүрбімен қарақұйрықтар үйірін білдірмей қоршауға ала бастаған көкжалдар тобын байқаған уақытта ғана ақсақалдың аң аулау тәсілін түсіне қойды. Ол қуанып кетті. Қария да оған қулана күлімсіреді. Чен Чжен өзін бір хикаядағы шағала мен ұлуды қатар ұстап алған балықшыға ұқсағанын сезінді. Алайда, ол тек кішкене балықшы еді, ал нағыз мықты балықшы Білге-ата болатын. Олұн даласының ең өжет те данышпан кәрі аңшысы ақыры оны екі арадан пайда табу үшін осында ілестірді. Бөрілерді көрген мезеттен бастап ызғарлы аязды ұмытқан Чен Чженнің бүкіл денесінің қан айналысы екі есе тездегендей болды. Қасқырлардың үлкен тобын алғаш көргендегі қорқынышы да біртіндеп сейілді.
Тау қойнауы мен иен далада желдің лебі жоқ, ауа райы қара суық. Чен Чженнің екі аяғы қатып қалғандай болды, қарынның асты әлсін-әлсін тоңа бастады. Астына көкжалдың қалың тері бөстегін төсенудің жақсы болатынын ойлады. Кенет ойына бір сауал түсе қалған ол:
- Елдің бәрі бөрі терісінен жасалған төсеніш көрпелер ең жылы болады дейді. Мұндағы аңшылар мен малшылар талай қасқырды соқты, бірақ неге малшылардың үйлерінде неліктен бұндай көрпелер жоқ? Тіпті мұз құрсанып, қар жамылған жерде түнгі күзетке шыққан жылқышылардың да көкжал терісінен жасалған көрпені тұтынбайтыны қалай? Мен тек Доржының үйінен ғана бөрінің бөстегін, сондай-ақ оның әкесінің қой терісінен тігілген шалбарының сыртынан қасқыр терісінен тізеқапты көрдім. Ол бұндай тізеқап жел-құз сырқатын (ревматизм) емдеуге жарайтынын айтты. Бірнеше ай киген екен, ешқашан тер шықпайтын аяқтары да терлепті. Ата, шешей ревматизммен ауырады емес пе? Оған неге көкжал терісінен тізеқап жасап бермейсіз? – деп сұрады ақырын ғана ақсақалдан.
- Доржылар – Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігінің моңғолы, - деді қария, - Олар атамекенінде егіншілікпен шұғылданатын, азын-аулақ сиыр мен қойларды да бағатын. Ол жерде қытайлар көп, әдет-салттары қытайларға ауып кеткен. Сырттан келген бұл кірмелер моңғолдардың рухын да, түп-тегін де ұмытқан. Үйіндегі адамы өлсе, бөрілерге жегізбей, ағаш сандыққа салып көмеді. Әрине, олардың отбасысында қасқыр терісінен көрпелер мен тізеқап тігуге дәті шыдайды. Байтақ далада көкжал терісінің жүні ең қалың һәм ең тығыз болғандықтан, ызғарлы суықты өткізбейді. Қойдың терісін екі қабаттап кисең де, бөрі терісіндей суыққа төзімді болмайды. Тәңірім қасқырларға бүйрегі бұрып, оларға суық өтпейтін тері мен жүнді беріпті. Алайда, далалықтар оның терісін ешқашан төсеніш көрпе етіп қолданбады. Моңғолдар көкжалды ардақтайды. Оны құрметтемеген моңғолдар нағыз моңғол емес. Даланың моңғолдары үсіп өлсе де бөрінің терісін оранып ұйықтамайды. Оның терісінен тігілген көрпені төсенген моңғолдар – өз ата-бабасының рухын қорлағандар. Олардың жандары Тәңірге қайдан көтерілсін? Жақсылап ойлашы, Тәңір қасқырларды неге қорғайды?
- Көкжалдар сахараның қорғаушы рухы деп айтпақшысыз ғой? - деп сұрады Чен Чжен.
- Дұрыс! - деді ақсақал жымиып, - Тәңір деген әке, иен дала - ана. Бөрінің қырып-жоятыны – байтақ даланы тоздыратын тірі жандылар. Тәңірім қасқырды қалайша қолдамайды екен?
Көкжалдар тобында азырақ қыбыр білінді. Екі адам дереу дүрбілерін бастарын көтерген бірнеше бөріге қаратты. Алайда, олар бастарын тағы да өте тез еңкейтіп, бұға қойды. Чен Чжен биік шөптің арасындағы қасқырларға үңіліп қараса да, олардың нақты әрекеттерін байқай алмады.
Қос көзді дүрбімен саятты анық көрсін дегендей ақсақал дүрбісін Чен Чженге ұсынды. Ортасынан екі бөлікке ажыралған тақ цилиндрлі екі дүрбі ретінде пайдаланылатын осы аспап Совет Одағының еселеп жақындатып көрсететін әскери дүрбісі болатын. Білге-ата оны 20 неше жылдың алдында Олұн даласында Совет Одағы мен Жапонияның арасындағы бұрынғы соғыс майданынан тауып алған-ды. Үлкен Хинган тауының оңтүстік-батыс жағында, яғни Бейжіңнің дәл солтүстік тұсында орналасқан Олұн сахарасы Моңғол Халық Республикасымен шекараласатын. Бұл аумақ – ежелден бері Дуңбей өңірі (Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігі) және моңғол даласының арасындағы оңтүстік өткел, әртүрлі ұлттар мен көшпенді халықтар соғысып айқасқан көне шайқас алаңы, сондай-ақ көшпенділер мен егінші халықтардың тіресіп тартысқан жер.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде осы жердің солтүстігіне таяу аралықта Совет Одағы мен Жапония арасында кең көлемді қиянкескі шайқас орын алған. Сол соғыстың аяғында бұл жер Совет Одағы мен Моңғолияның армиялары Қытайдың солтүстік-шығыс аумағына енген ірі әскери жол болды. Қазірге дейін Олұн даласында бірнеше құрғаған өзендер сияқты жосыған танкілердің табан терең іздері жатыр. Сонымен бірге, бірнеше советтік пен жапондық танкінің, сауытты машинаның қираған қаңқалары мен темір үйінділері қалған. Жергілікті көне малшылардың бәрінде дерлік бір-екіден советтік немесе жапондық қанжар, темір құты (фляга), темір күрекше, каска және дүрбі қатарлы әскери құрал-жарақтар болды. Касымай бұзау-торпақтарды байлайтын ұзын темір шынжыры советтік әскери жүк машинасының тайғанақта дөңгелекке орайтын шынжыр еді. Барлық советтік және жапондық әскери жабдықтардың ішінде малшылар жалғыз дүрбіні ғана аса қадірлейтін. Осы күнге дейін дүрбілер Олұн даласында маңызды өндіріс сайманы болып саналады.
Олұн сахарасының малшылары қос көзді дүрбіні ортасынан қақ айырып, дара көзді түтікше дүрбі етіп пайдалануға құштар болатын. Біріншіден, көлемі шағын, алып жүруге қолайлы. Екіншіден, бір дүрбіден екі дүрбіні пайдалануға болатын. Малшылар өздері жасай алмайтын аспаптарды ерекше аялайды. Сахарадағы малшылардың көру қуаты айрықша өткір, бірақ көкжалдың көзімен салыстыруға келмейді. Ал сыңар көзді дүрбіні пайдалану адамның көру қабілетін бөрінің көз қуатымен теңестіреді немесе одан асырып жібереді. Білге-атаның айтуынша, дүрбілер иен далаға келгеннен бері аңшылардың аулайтын жануарлары молайып, жоғалған жылқыларды да оңай табатын болған. Дегенмен, Білге-ата қасқырлардың да көз жанары бұрынғыдан көп есе өткірлене түскенін, егер дүрбімен алыстағы көкжалдарға қараған кезде, кейде олардың тікелей сенің дүрбіңе қимылдамай қарап тұрғанын көруге болатынын айтатын.
Чен Чжен ақсақалдың киіз үйінде жарты жыл тұрғаннан кейін, қария арбадағы сандықтың түбінен бір сыңарлы дүрбіні ақтарып шығарып, жас жігітке сыйлады. Бұған Білге-атаның баласы Бату қызғаныш білдіргендей болды. Өйткені, жылқышы Батудың пайдаланып жүргені Қытайдың дүрбісі еді. Совет Одағының дүрбісі әбден көнеріп, сырт жағы тарыдай көптеп түйіршіктеліп бұдырланса да, объективі ерекше сапалы, көрсету еселігі де жоғары болатын. Чен Чжен оны қолынан түсірмей, көбінесе қызыл жібек матаға орайтын, өте аз пайдаланатын. Тек сиыршыларға көмектесіп, сиыр іздескенде, жылқышылармен жылқы іздескенде немесе Білге-атамен бірге аңға шыққанда ғана оны алып жүретін.
Чен Чжен дүрбісімен аңшылық алқабын тінтуде. Бұндай аңшының көзі дарыған, жүрегінің түбінде жасырын сипатқа ие болған ол ақыры аңшылыққа құмартты. Барша инсандардың ата-бабалары аңшы болған ғой. Аңшылық – адамзаттың бұл әлемдегі ойнаған ең алғашқы ролі, сондай-ақ ең ұзақ мезгіл шұғылданған шаруасы. Чен Чжен «Қытайдың ең дамыған астанасынан ең байырғы байтақ сахараға келген соң, не де болса одан әрі байырғыланып, адамзаттың ең ежелгі тіршілігінің кейіпкерінің рахатын тағы сезініп көрейін» деп ойлады. Ол өзінің аңшылыққа құмарлығының расында да тым кеш, яғни қазір ғана оянғанын сезді. Өзінің егінші елдің ұрпағы болғанына қатты қайғырды. Бәлкім, егінші халық ондаған, жүздеген ұрпақ өткен уақыттың ішінде астық, көкөніс секілді егіншілік өнімдері және дақылдарын жегеннен әлдеқашан қорқақ қойдай жуастанып, көшпелі ата-бабасы Яңди мен Хуаңдидің (ежелгі қытайлық мемлекеттің негізін қалаушылар) жігерінен баяғыда айрылған болар. Олар аң аулау сипатын жоғалтып ғана емес, тіпті қуатты елдердің аулау нысанасына айналды.
Бөрілер тобында шабуылға шығатын нысан байқалмайды. Чен Чжен олардың шыдамдылығына төзе алмады.
- Бүгін қасқырлар оларды аулайды ма, ауламайды ма? Әлде олар қараңғы түскенде ғана шабуылдамақшы ма? - деп сұрады ол ақсақалдан.
Қария бәсең дауыспен:
- Шайқаста шыдамдылық болмаса, қалайша жеңеді? Жаһандағы орай тек сабырлы адамдар мен жануарларға беріледі. Тек сабырға шеберлер ғана сәт сағатта дөп баса алады. Шыңғысхан аз ғана атты әскерлермен Цзин патшалығының миллиондаған жасақтарын талқандамады ма? Ондаған мемлекетті жеңген жоқ па? Көкжалдың жалаң қайратына сүйену жеткіліксіз, сондай-ақ оның төзімділігіндей шыдам болу керек. Әрі көп, әрі қуатты жаулардың да қапы жіберетін кезі болады. Қапысын жіберіп алған ірі тұлпарды кішкене бөрі де жарып тастайды. Сабыр сақтай білмегендер қасқыр да, аңшы да, Шыңғысхан да бола алмайды. Көкжалдарды, Шыңғысханды білсем деп үнемі айтасың. Сен алдымен сабыр сақтап, шыдап жат....
Ақсақал сәл ызаланды. Чен Чжен тағы сұрауға батылы жетпей, сабыр сақтап, өз шыдамдылығын шынықтыра түсті. Ол дүрбісін бір бөріге кезеді. Ол бақылап талай рет қараған бұл қасқыр сол жерде өліп қалғандай жарты күннен бері бір қалыпта былқ етпей жатыр. Бір мезеттен кейін, қария лебізін жұмсартып сұрады:
- Жарты күн жатырсың ғой. Көкжалдар нені күтіп тұрғанын тұспалдадың ба?
Чен Чжен басын шайқады. Ақсақал:
- Олар қарақұйрықтардың тыңқиып тойып, мүлгіп кетуін күтіп жатыр.
- Бөрілер шынымен осынша ақылды ма? Қарақұйрықтар әбден тойып, қашып қозғала алмағанда ғана бас салмақшы ма олар? - деп асыға сұрады Чен Чжен.
- Сендер қытайлар қасқырларды тіптен түсінбейсіңдер, - деді қария, - Олар адамнан да зерек. Сені сынап көрейін, бір ірі көкжал өзі жеке бір қарақұйрықты ұстай ала ма?
Чен Чжен бір мезет ойланып жауап берді:
- Үш бөрінің екеуі қуалап, біреуі торуылда бұғып жатып, бір қарақұйрықты қапысыз ұстауы мүмкін. Бір қасқыр жалғыз өзі бір қарақұйрықты ұстауы әсте мүмкін емес.
Ақсақал басын шайқап:
- Сенсең де, сенбесең де, бір мықты көкжал жалғыз өзі-ақ бір қарақұйрықты ұстай алады.
- Сонда қалай ұстайды? Бұған шынымен ақылым жетпей тұр, - деді тағы да таңырқаған Чен Чжен қарияға қарап.
Ақсақал оған:
- Бөрілерде қарақұйрықты ұстаудың айлалы тәсілі бар. Күндіз бір қасқыр қарақұйрыққа тиіспей, көз алмай бақылап жүреді. Қараңғы түскенде қарақұйрық шөбі қалың ықтасын жер тауып, қисайып ұйықтайды. Ондай сәтте көкжал да оны ұстай алмайды. Қарақұйрықтың өзі ұйықтағанмен, оның мұрны мен құлақтары сергек болады. Азғантай сыбдыр-сыбыс естілсе, қарғып тұрып қаша жөнеледі. Бөрі де қуып жете алмайды. Сондықтан қасқыр түні бойы қозғалмай, жақын жерде үздіксіз күтіп жатады. Бір түн күтіп, таң ағарғанда қарақұйрықтың түн бойы жинаған сідіктен қуығы тырсиып ұлғайған орайды пайдаланған көкжал оны тұра келіп қуады. Қарақұйрық қаша жөнелгенде сие алмайды. Алыс жерге бармай-ақ сыздаған қуығы жарылып, артқы аяғының сіңірі тартылып, қаша алмай қалады. Қарашы, өте жүйрік қарақұйрықтың да тез жүгіре алмайтын кезі болады. Анау кәрі де басшы бөрілер сондай мезетте оны ұстай алатынын біледі. Тек ең алғыр қарақұйрықтар ғана денесінің астындағы жылы орнын тастап, түн ортасында тұрып, сідіктің жартысынан құтылып, қасқырдың қуалауынан алаңдамайды. Таңертең ерте аттанатын Олұнның аңшылары көкжал ұстаған қарақұйрықтың үстінен түсіп, оның ішін жарғанда, іші сідікке толғанын байқауы да содан.
- Тәңірім! Мені өлтірсең де бөрілерде бұндай айлакерліктің болатынын ойламаппын. Шынымен төзімді екен! Алайда, моңғол аңшылары бұдан да қу ғой! - деді күле сыбырлаған Чен Чжен.
- Моңғол аңшылары қасқырдың шәкірттері ғой. Қу болмай қайтсін, - деп кеңкілдей күлді қария.
Қарақұйрықтардың басым бөлігі ақыры бастарын көтерді. Олардың «бел барабандары» бұдан әрі қампиып, түнімен симегендерінің қуығы торсықтай тырсиыпты. Кейбір қарақұйрықтың қарны шартиып, төрт аяғы тік тұрмай, талтайып қалыпты. Ақсақал дүрбімен үңіле қарап:
- Қарақұйрықтар лықа тойыпты. Қарашы, көкжалдар тобы шабуылға өтпекші, - деді.
Чен Чжен есі шығып сасқалақтай бастады. Бөрілер доғадай қоршау шеңберін ақырындап тарылта бастады. Қарақұйрықтар үйірінің шығыс, солтүстік, батыс үш жағында қасқырлар, ал оңтүстік тарапында заңғар таудың жотасы болатын. Чен Чжен көкжалдардың бір бөлігі жотаның ар жағына айналып барғанын көріп, жалпы шабуыл басталған заматта қарақұйрықтар жотадан асып, таудың артында күткен бөрілер тобының қарсы алдынан шыға ұстап және өлтіріп, қалған үш тараптағы қасқырлармен бірге қоршап жояды деп жорамалдады. Кезінде ол бірнеше көкжалдың бір қарақұйрықты қоршай қуған уақытта, осындай әдісті жиі қолданатынын малшылардан естіген-ді.
- Ата, таудың артына айналып өткен бөрілер қаншалық көп? Егер саны аз болса, көп қарақұйрықтарды қоршай да алмайды ғой? - деп сұрады ол.
- Жотаның артында қасқыр жоқ. Олардың басшысы ол жаққа бірде-бір көкжалды жібермейді, - деді ақсақал жымия күліп.
- Онда қалай қоршамақшы? - деп сұрады Чен Чжен бажырая қарап.
- Осы сәтте дәл бұл жер жиегінде үш жағынан қоршау төрт тараптан қоршауға алу әдісінен көп өнімді-ау, - деп күлді қария бәсең дауыспен.
- Бөрілер тағы қандай тапқырлық қолданбақ болғанын әлі түсінбей отырмын, - деді Чен Чжен.
- Сол жотаның артында Олұн даласының әйгілі қар жамылған оры тұр, - деді ақсақал, - Қиғаш қарсыдағы шөпті беткей үрдесін жел жағы. Ақ боран көтерілсе, бұл беткейдегі қар орнында тұрақтай алмай, толығымен жотаның ар жағына құлап, үлкен қарлы ойпатқа айналады. Ықтасындағы ордың ең жиегіндегі қардың тереңдігі белуардан келеді. Ортасындағы ең терең жерде құрық бойламайды. Сәлден кейін қасқырлар тобы қарақұйрықтарды үш жақтан қоршап, тау жотасынан асырып, төмен қарай үдере қуғанда, не боларын білесің бе?
Чен Чженнің көз алды қарауытып кетті. Қары терең қап-қараңғы да тыңғұйық үңгірге құлағандай болды. Ол егер өзі иен далаға бойлай тереңдеген ежелгі қытайлық сарбаз болса, сөзсіз мынадай орасан зор жауыз ой-ниет пен тұзақты сезбей қалатынын ойлады. Чен Чжен моңғолдарды Ұлы далаға қуып шыққан, Қытайдың ішінде жеңімпаз болған Миң патшалығының ірі қолбасшысы Сюй Да сахараға басып кіргенде неліктен бірден бүкіл армиясы талқандалған жағдайға түскенін сәл түсінгендей болды. Сондай-ақ 100 мың адамдық зор армияны басқарған Миң патшалығының әйгілі қолбасшысы Цю Фу моңғол даласына шабуыл жасап, қазіргі Моңғолияның Керулен дариясына жеткен, бірақ оның жеке жасақтары тұзаққа түскен халде қынадай қырылып, армияның жауынгерлік рухы шаң-тозаңдай сейіліп, тірі қалған қытайлық әскерлер толығымен моңғол атты әскерлерінің қармағына іліккен еді.
- Соғысуға келгенде, көкжалдар адамнан да ақылды. Біз моңғолдар аң аулауды, саятшылықты, соғысуды түгелдей олардан үйренгенбіз. Сендер қытайлардың жерінде бөрілердің ірі топтары болмаған соң, соғысуға жарамайсыңдар. Соғыста жердің кеңдігі және халықтың көптігінің пайдасы жоқ. Шайқастағы жеңіс пен жеңіліс толығымен сенің қасқыр немесе қой болуыңа байланысты...., - деді ақсақал.
Кенет көкжалдар тобы жалпы шабуылға өтті. Батыс тараптағы ең шеткі екі үлкен бөрі мойны мен төсі боз қасқырдың басшылығында найзағайдай атылып, қарақұйрықтар топтасқан томпиған төбеге жақындады. Әлбетте, бұл үшжақты қоршау шебінің ең соңғы ашық тұсы болатын. Осы төбені басып алудың арқасында қоршау түгелдей қалыптасты. Бұл үш көкжалдың тұтқиыл қимылы үш шептің біртұтас шабуылға шығуы үшін атылған сигнал оғына ұқсады. Сирақтарын барынша ширатқан бөрілер тобы қалың шөптің арасынан атылып шығып, шығыс, батыс, солтүстік үш тараптан қарақұйрықтар үйіріне лап қойды. Чен Чжен мұндай үрейлі соғыс шабуылын өз көзімен ешқашан көрмеген еді. Әскери бөлімшелер шабуылға шыққанда бір ауыздан «Урра! Қырыңдар!» деп дауыстап ұрандайды. Иттер шабуылға өткенде үріп, бейпіл ырылдап, арсылдап қарсы тарапты даусымен басып, жаудың жүрегін алып, жасқамақшы болады. Алайда, бұл – қорқақтық немесе өз-өзіне сенбеудің бейнесі. Ал қасқырлар тобы шабуылды жым-жырт үнсіз бастайды. Оларда айғай-шу көтеру, ұлып-гүрілдеу деген болмайды. Дегенмен, аспан мен жердің арасында, адамзат пен жануарлардың көз алдында, жүрегінде және бауырында әлемдегі ең тағы, ең рақымсыз, ең әйгілі «Бөрілер келді!» деген үрей-қорқыныш қаптайды.
Биік шөптің арасымен зуылдаған көкжалдар тобы толқындарды жарып зымыраған он шақты су асты торпедалар секілді ең өткір, ең үшкір тістері және қадалған өткір көздерін безеп, қарақұйрықтарға тап беруде.
Тойғаннан жүгіре алмай қалған қарақұйрықтар қорқыныштан бей-берекетсіз жалп етіп түсті. Жылдамдық – қарақұйрықтардың бөрілер тобына «қарсы шабуыл жасаудың» басты қаруы. Жылдамдықтан айрылған қарақұйрықтар тобы қойларға немесе дайын қой етіне айналады. Осы сәтте қасқырлар тобын көрген қарақұйрықтар өзінің алғашқы рет көкжалды көрген кездегі үрейінен бетер зәресі ұшқан шығар деп ойлады Чен Чжен. Әрине, қарақұйрықтардың басым бөлігі әлдеқашан жандары денесінен шығып, Тәңірге ұшқан болар. Көптеген жануар әлі де өз орнында тұрған күйі қалтырауда. Кейбіреуі қос тізесі жерге бүгіле құлап, сасқалақтаған халде тілін шығарып, шолақ құйрықтарын шошаңдатуда.
Чен Чжен дала көкжалдарының ерен парасатын, төзімділігін, ұйымшылдығын және тәртіпшеңдігін шынайы ұғынғандай болды. Бөрілер осындай аса ауыр аштық пен шөлдеуге уақытша шыдай отырып, өзін тежеп, көп жылдан бері кезікпеген ең ыңғайлы сәтті төзімділікпен күте жүріп, қалың қарақұйрықты осылай оп-оңай жайратты.
Оның ойына әлдене сап ете түсті: әлгі сауатсыз да ұлы соғыс маманы Шыңғысхан, сондай-ақ цюәнжуңдар (қазіргі Шэнси өлкесінде мекендеген көне тайпалар), ғұндар, сянбилер, түрктер, моңғолдардан бастап шүршіттерге дейінгі бір топ сауатсыз, шала сауатты әскери қолбасшылар мен сардарлар жаһанның соғыс пірі Сунцзы және оның «Соғыс өнері» атты классикалық кітаптың мекені болған Хуася (Қытай) секілді іргелі елдің жер-суын соғыспен ұнтақтап, заманасын төңкеріп, бірталай патша әулеттерін ауыстырды емес пе? Сөйтсе, оларда осындай бір топ ұлы да көрнекті әскери жаттықтырушы, соғыс қимылдарын айқын көрсететін осындай әскери жаттығу алаңы, сондай-ақ осындай таңдаулы қасқырлар қосындарының ұзақ мерзімді соғысу тәжірибесі бар екен ғой.
Чен Чжен осы бірнеше сағаттық нақты әскери айқасу көрінісі біраз жыл бойы оқыған Сунцзы мен Карл Клаузевицтің (Карл Филинн Готтлиб фон Клаузевиц, пруссиялық офицер және әскери жазушы) шығармаларынан бетер білімін асырып, өз мінезі мен рухын сілкіндіргенін сезінді. Ол қаршадайынан тарихқа құмартатын. Осы әлем тарихындағы ең үлкен тылсым құпиялардың бірі – кезінде Еуразияны шайқап өтіп, жаһан тарихында ең үлкен аумақты Моңғол империясын құрған шағын халықтың әскери дарын-қабілетінің қайдан келгенін білмекші болды. Ол Білге-атадан сан рет кеңес сұраған. Білім деңгейі төмен, бірақ мағлұматы мол данышпан қария Білге бұндай ең байырғы да ең озық үйрету әдісін қолданып, оның жүрегіндегі күдіктену түйіншектерін біртіндеп сейілтті. Чен Чженнің сахарадағы көкжалдарға және бөрі тотемін қадірлейтін дала халқына құрмет сезімі қозғалды.
Шайқас пен оны саралау жалғасуда.
Қарақұйрықтар тобы ақырында әрең-әрең әрекетке келді. Көпті көріп шыңдалған әлгіндей кәрі қарақұйрықтар мен олардың серкелері ғана қыс мезгіліндегі көк шөптің нәрлі дәміне бауралып кетпей, құрсақтарының көлемділігін құрбан болып кетпейтіндей жылдамдыққа жүгіре алатын шеңбер ішінде сақтап, баяғы қырқынмен ырықсыз халде бөрілер көрінбеген жотаға қарай бұрыла жөнелді, сондай-ақ қарақұйрықтардың үлкен тобын өздерімен бірге ілестіріп жан сауғалады. Үлкен қарындарын керіп, қалың қарды басқан, оның үстіне беткейге өрмелеген олар расында да айрықша аянышты күйге түсті. Бұл нағыз бір қырғын, әрі ақыл-парасаттың топастық пен бейқамдыққа берген жазасы болды. Білге-атаның көзқарасынша, қасқырлар тобы осы арқылы әділдік орнатып, байтақ сахара үшін қайырымдылық жасауда.
Көкжалдар беткейге қашқаннан құрсақтары жыртылып, өздігінен жығылып жатқан бірнеше қарақұйрықты жармай, қарап та қоймастан, топтасқан қалың топқа қарай тіке ұмтылды. Атылып барған дәу бөрілер бірнеше қарақұйрықтың алқымын орып жібергенде, отшашуға ұқсаған бірнеше қызыл қан фонтандай шапшып, әуеге атқылап, көгалдың бетіне төгілді. Қарақұйрықтардың қою қанының күлімсі иісі дереу шыңылтыр ауаны қаптады. Көру-иіскеу сезімі төтенше сезімтал қарақұйрықтар «тауықты бауыздап, маймылды шошыту» («бірді жазалау арқылы мыңды тыю») тәсілінен қорқып, жанталаса тау жотасына өрледі. Бірнеше ірі серке бастаған жануарлардың үлкен тобы жотаның басына шыға сала лезде қадамдауын тоқтатты, абыржығаннан ұршықтай үйірілді. Кім де болса, төменге құлауға батылы бармайды. Әлбетте, серкелер беткейдің астында қылтиған сары шөп көрінбейтін әлгі теп-тегіс аппақ та үлкен қарлы ордың қатерін байқап қалды. Даланың сырына қанық кәрі қарақұйрықтар лезде қасқырлар тобының айла-шарғысын біле қойды.
Кенеттен жотаның басында жиналып қалған қарақұйрықтар үйірі таудан опырылып түскен сел-көшкіндей жөңкіліп, артқа қарай құлай лап қойды. Ондаған үлкен серкелер екі жақтағы қатерді ұжымдаса салмақтап көргендей, әлі де қайта қайырылып, қауіп-қатері азырақ көрінген көкжалдардың қоршауын бұзып-жаруды жөн көрді. Олар нар тәуекелге келіп, өмірмен ойнап, жанқиярлықпен сайысып көрмекші болды. Олар топ-топ болып шоғырланып, бір-бірімен иық тіресе бастарын тұқыртып, қатты да үшкір мүйіздерін найзалардай кезеп, бөрілер тобын жарып өте шықты. Жүгіруге дәрмені жеткен басқа қарақұйрықтар оларға ілесе заулады. Чен Чжен қарақұйрықтардың мүйіздері оңай емес екенін, далалы жерде малшылар ер-тұрманының әбзелдерін тіккенде оларды өткір біз ретінде пайдаланатынын әбден білетін. Тіпті өгіздің қалың терісін тесетін бұл мүйіздер үшін қасқырлардың терісін тесу түк те емес еді. Қарақұйрықтар үйірі осы жойқын да өткір мүйіздерімен шабуылға өтуі бірден нәтиже берді. Көкжалдардың қоршау шебі тесіліп, «сары-қоңыр түсті тасқын сел» сол тесіктен жөңкіле ағылып шыға келді. Чен Чжен бөрілер тобының еңбегі еш болды-ау деп сасқалақтап алаңдады. Алайда, ол әлгі дәу қасқырдың «тесіктің» жанында тұрғанын өте тез байқап қалды. Оның бейнесі айрықша байыпты, құдды суды бөгеуші жұмысшыдай шлюзды қасақана ашып, бөгеттің арнасына сыймаған тасқынның артық суларын ағызып жіберген сияқты, өткір мүйізді қарақұйрықтардың жылдамдықты сақтап, тесіктен енді ғана зымырай жүгіре бергенде, дәу көкжал дереу бөрілерді басқарып, әлгі ашылған кетікті қайта бөгеді. Осы сәтте қоршау ішінде қалғандардың бәрі жылдам жүгіре алмайтын мүйіз қаруы болмаған, мисіз да зердесіз қарақұйрықтар еді. Қасқырлар тобы қайта жапыра тиіскенде бас серкесі мен текелерінен айрылған қара тобыр қорыққанынан қайтадан таудың жотасына топтала өрмеледі және қор-қор етіп қорылдаған халде омбы қар жамылған орға ұмтылды. Әлгі үшкір тұяқ, жіңішке сирақ, месқарын мешкей қарақұйрықтардың омбы қардағы халінің қандай болары Чен Чженге толығымен мәлім еді.
Қарақұйрықтар үйірі мен көкжалдардың бәрі тау және аспан тоғысқан тұста көзден ғайып болды. Мыңдаған қарақұйрық жөңкіліп, қызыл қан атқылаған қоршау алаңы кенеттен жым-жырт бола қалды. Беткейде жеті-сегіз қарақұйрықтың ғана өлігі қалды. Тағы жаралы бірнешеуі дәрменсіз тыпырлап жанталасуда. Осы қоршап жою шайқасы жалпы шабуылдан бастап аяқталуына дейін 10 минут та болмады. Осыны жарты күн көрген Чен Чженнің демі тарылып, қатты дүпілдеген жүрегі ырғақсыздана соқты.
Ақсақал орнынан тұрып, белін жазып, қарлы күркенің жанындағы шөптесіннің артында малдас құрып отырды. Моңғолша киіз пиманың қонышынан түтігі жасыл нефриттен ойылған мүштегін шығарды. Оның оттығына Қытайдың солтүстік-батыс өңірінің «гуәндуң» атты темекісін нықтап салып тұтатып, Юан Шикайдың басы бейнеленген күміс теңгемен тұтанып бөрте бастаған темекіні қақпақ етіп басып-басып қойып, ішке қатты тарта бір сіміре сорды. Жас кезінде қарияның осы мүштекті Чжаңцзякоу қаласынан тентіреп келген қытайлық алыпсатардан 20 түлкінің терісіне айырбастап алғанын Чен Чжен білетін. Зиялы жастардың бәрі оның қымбатқа ауыстырып, зиян тартқанын айтатын. Алайда, ақсақал бұл темекі бұйымын ерекше ұнататын. «Саудагерге де оңай емес. Осыншама алыс жол жүргенде салт атты қарақшыларға кезіксе, өз жанынан да айрылып қалады ғой» дейтін ол. Қария темекісін бірнеше рет сорды да:
- Мына темекіні тартып болып, үйге қайтайық.
- Біз жотаның ар жағын көріп келмейміз бе? Мен бөрілердің жалпы қанша қарақұйрықты қоршап жайратқанын көргім келеді, - деді аңшылыққа әбден аңсары ауған Чен Чжен тақатсыздана.
- Екеуіміз бе? Баруға батылың жетеді ме? Аз дегенде бірнеше жүзі жайратылғанын бармасам да біліп тұрмын. Лақтары мен жүдеу-арықтары, жолы болған қарақұйрықтар қарлы ордың ішінен қашып шығуы мүмкін. Қалған жануарлардың бәрі Тәңірдің дәргейіне кетті. Сен асықпа. Бұл қасқырлар қаншасын жейді дейсің. Біздің бүкіл отрядтың адамдары да бұларды жинастырып ала алмайды, - деді ақсақал.
- Неге лақтар мен арық қарақұйрықтар қашып шыға алады? - деп сұрады Чен Чжен.
- Лақтар мен арықтардың денелері жеңіл болғандықтан, қар қатпарын оймастан айналып қашып кетеді, - деді ақсақал көздерін сығырайтып күліп, - Көкжалдар да оларды қумайды. Балам, бүгін бөрілердің пайдалы іс тындырғанын көрдің. Қасқырлар тобы инсандардың орнына жайылымды қорығаннан басқа, адамдарға «чағандық сыйлық» (Чаған – моңғолдардың жаңа жыл мейрамы) жеткізіп береді. Биыл біз Жаңа жылды жақсылап өткізетін болдық. Баяғыда көкжалдар жайратқан қарақұйрықтың бәрі мал иелері, тайжы, бек-ұлықтарға қайтарылатын. Азаттық алғаннан кейін (1949 ж. ҚХР құрылғаннан соң) бәрі малшылардың еншісіне тиді. Олұн даласының ереже-салтында мұндай олжаны кім көріп қалса, соған тиесілі болады. Бұларды екеуіміз бірінші байқадық ғой, сондықтан ертең сенің қасыңдағылар көбірек алып қайтсын. Моңғолдар жақсылыққа жақсылық қылуға ерекше мән береді. Бұдан былай сен өзге қытайларға және сырттан келген келімсектерге ілесіп, ертеден кешке дейін бөрілерді өлтіреміз деп шуылдауды қой.
Дереу бір арба қарақұйрықтарды әкетуді құп көрген Чен Чжен:
- Сахараға келгеніме екі жыл болды. Қасқырдан көп машақат тартсақ та, оның мынадай пайдасын көруге болатынын ойламаппын.
- Моңғолдар көкжалдардың пайдалы істерін көп көрген, - деді қария қамшысымен арт жақтағы басқа бір тауды нұсқап, - Анау таудың ар жағында тағы бір үлкен тау бар. Ол біздің ферманың жеріне жатпайды. Алайда, атағы үлкен. Үлкендердің айтуынша, Шыңғысханның ірі қолбасшысы Мұқали сол жерде жасаған бір шайқаста қастасы Цзин патшалығының (чжурчжен әулеті, 1115-1264 жж.) мыңдаған атты әскерлерін түгелдей қары қалың қасатқа айдап тоғытыпты. Келесі жылы жазғытұрымда қаған жіберген адамдар қару-жарақ, жебе, садақ, темір сауыт, дулыға, ер-тұрман, үзеңгі тектес тау болып үйілген әскери олжаны жинап қайтқан екен. Бұның өзі бөрілерден үйренген өнер емес пе? Сен егер моңғолдар жүргізген ондаған шайқастарын санап көрсең, солардың жартысынан көбісі қасқырлардың соғысу тәсілдері болған.
- Рас! Рас! - деп қайта-қайта құптады Чен Чжен, - Хэнән өлкесіндегі Сәнфыңшән шайқасында Шыңғысханның кенже баласы Төле небәрі 30 мың атты әскерге қолбасшылық етіп, Цзин (Алтын) патшалығының 200 мыңнан астам адамдық негізгі жасақтарын қырып-жойған. Осы шайқастан кейін Цзин патшалығы жойылды. Төле алғашында Цзин қосындарының мықтылығын көріп, айқасқа шықпай, жатып алған. Ол көкжалдар секілді орайлы сәттің шығуын, яғни қалың қардың жауғанын күткен. Өз қосындарын жылы жерге жасыра жайғастырған ол Цзин патшалығының әскерлері мен сәйгүліктерінің тең жартысының суықта үсігенін қайраттанып күтті. Содан соң ғана тұтқиылдан қоршауға алып, екпінді шабуылдың барысында қынадай қырған. Төле шынымен осы бөрілер секілді қылыштарды қолданбай-ақ, боран мен қалың қарды пайдаланып дұшпанын жойды. Расында да онда қасқырлардың тәбеті, төзімділігі, жыртқыштығы және өжеттігі бар-тын. Іс жүзінде, Цзин патшалығының чжурчжен атты әскерлері де осал дұшпан емес-тін. Олар Ляо (қарақытайлар немесе қидандар, 915-1125 жж.) және Солтүстік Суң (960-1127 жж.) патшалықтарын жойып, Қытайдың жартысын басып алған, сондай-ақ екі қытайлық патшаны тұтқындап әкеткен-ді. Төле тек 10 мыңдаған атты әскермен осыншама зор армияны қоршауға батылы барған. Қытайдың әскери кітаптарында 10 есе көп әскери күш болғанда ғана жауларды қоршауға алуға болатыны көрсетілген. Моңғол атты әскерлері шынымен көкжалдар тобындай мықты, бір жауынгері жүзге татиды. Мен расында да тәнті болдым. Кезінде бүкіл дүние жүзі де амалсыздан тәнті болған.
Мүштегінің оттығын қағып-қағып қойған ақсақал күле сөйледі:
- Бұл шайқасты сен де білесің бе? Алайда, үш күн, үш түн жауған сол қалың қардың қайдан келгенін тіпті де білмейтін шығарсың. Тәңір жіберген. Төленің қосындарындағы шаман-бақсылар Тәңірден тілеп алған. Моңғолдардың аңыз-риуаяттарында осылай баяндалады. Цзин патшалығы –моңғолдардың қас жауы. Цзин елінің патшасы және оның қолшоқпары болған татарлар Шыңғысханның әкесі Есукейді, сондай-ақ кіші әкесі Янбахайды айуандықпен өлтірген. Моңғолдар осы соғыста жеңіске жетудің арқасында ғана өшін алып, кегін қайтарған. Тәңір әрдайым бөрілерді қолдайтынын көрдің ғой.
Қария осыны айтып, қарқылдап күлгенде бетіндегі әжімдері қойдың жүніндей бұйралана түсті.
Екеуі ту сыртындағы сайға келгенде, ақсақалдың көк тұлпары иесінің қуанышты көңілін түсінгендей басын әлсін көтеріп, изеп қойды. Чен Чжен өзін қатерден құтқарған осы атты көрген сайын маңдайын сипап, ризалығын білдіретін. Көк тұлпар дереу оның иығына басын сүйкеп, жауап қайтаратын. Алайда, дәл осы сәтте Чен Чжен ішінен кенеттен қасқырдың маңдайын сипауды әуес көрді.
Екі адам сәйгүліктердің аяғындағы сиырдың терісінен жасалған шідерді шешіп, оларға қарғып мінді де, үйге қарай желе жортты.
- Тәңір шынымен бізді жарылқайды екен. Ертең күндіз қарлы боран болмаса керек. Егер бүгін кешке ақ түтек боран соғатын болса, онда біз бір қарақұйрықты да ала алмаймыз, - деді қария басын көтере аспанға қарап.
3
Үйсін патшасының ныспы Күнби деп аталады. Күнбидің әкесі ғұндардың батысындағы шағын елден. Ғұндар оның әкесін шабуыл жасап өлтірді. Жаңа туылған нәресте Күнби жабайы далаға тасталды. Қарғалар оның үстінен айналып, ет тастайды екен. Құртқа келіп, оны емізіп тұрды. Таңданған тәңріқұт оны киелі деп санап, өз қолында бағып, ер жеткізіпті. Кәмелетке толған кезде, әскерлерді бастап, сан рет табысқа жетіпті. Тәңріқұт оған әкесінің бұрынғы ел-жұртын қайтарып, Батыс шаһарды ұзақ мерзім қорғауды бұйырды.... Тәңріқұт дүние салғанда, Күнби өз елімен алысқа көшіп, бейтарап тұрып, ғұндарға бағынуға ынтасы болмайды. Ғұндар аттандырған атты әскерлер жеңіске жете алмаған. Мұны ғажайып деп біліп, алыстапты.
Сыма Цян. «Ши цзи» кітабындағы «Дауан (Паркан) елінің баяны» бөлімі
Екінші күні таңертең шынында жел де соқпады, қар да жаумады. Киіз үйлерден шығып, сымбатты ақ қайыңдардай бой созған ақ түтіннің басы аспан кеңістігіне, Тәңірдің дәргейіне тікесінен көтерілуде. Сиырлар мен қойлар әлі де жайбарақат күйіс қайтаруда. Күннің нұры қыстың түнгі аязын қуып жіберді. Үй жануарларының үстіндегі бір қабат ақ қырау жаңа ғана шыққа айналып, өте тез жеңіл боз бу болып өзгерудің алдында тұр.
Чен Чжен көршісі Ғұмбадан өзінің орнына бір күн қой бағуды өтінді. Мал иеленуші шонжардан шыққан Ғұмба сол кезде мал бағу құқығынан айрылған, бақылау астындағы адам еді. Алайда, төрт зиялы жас орайы келсе өздерінің орнына оған мал бақтыратын. Касымай оған тиісті еңбек номерін беретін. Чен Чжен және тағы бір қойшы Яң Кэ темір дөңгелекті жеңіл өгіз арбасын жегіп, Білге-атаның үйіне тартты.
Чен Чженмен бір киіз үйде тұратын сыныптас досы Яң Кэ Бейжіңнің әйгілі бір университетіндегі атақты профессорының баласы болатын. Оның үйінде сақталған кітаптардың көлемі бір шағын кітапханаға тең келетін. Орта мектепте Чен Чжен жиі-жиі Яң Кэмен кітаптар алмастырып оқитын, ал оқып болғаннан соң алған әсерлерімен алмасатын және ойлары үнемі бір жерден шығатын. Бейжіңде жүрген кезде Яң Кэ мінез-құлқы биязы да тартыншақ болатын, бейтаныс кісіге сөйлегенде қызарып кететін. Кең далада жүрген екі жылда қойдың етін жеп, сиырдың қабырғасын мүжіп, ірімшікке тойып, төрт маусымдағы Моңғолия үстіртінің ультра күлгін сәулесіне қақталған кесек тұлғалы далалық жігітке әпсәтте айналатынын кім ойлаған. Беті-қолдары малшылардың бетіндей қызыл жирен тартты, мінезінде де бұрынғы кітап соққан сыпайылығы жоғалды. Яң Кэ осы жолы Чен Чженнен бетер тебіренді. Арбада отырған ол бір жағынан шыбыртқымен өгіздің сербегін (жамбас сүйегі) ұрғылап, екінші жағынан сөзін жалғастырды:
- Кеше түні бойы жөнді ұйықтамадым. Кейін Білге-ата тағы аң аулауға шықса, міндетті түрде мені де онымен бірге ілестіресің ғой. Екі күн мен түн жатып, күтуге де шыдаймын. Көкжалдардың адамдар үшін бұндай жақсылық істейтінін расында да естімедім. Бүгін өз қолыммен бір қарақұйрықты қардан қазып алғанда ғана ғана сенемін.... Біз шынымен де бір арба қарақұйрықты алып қайтамыз ба?
Әлі де күдіктенеді.
- Атам айтқан, қар астынан қазып алу қанша қиын болса да, алдымен біздің үйдің өгіз арбасын толтыруға кепілдік еткен. Қарақұйрықтарды жақсылап пайдаланып, керек-жараққа және чағандық бұйымдарға айырбастап, қосымызға біраз үлкен киізді толықтап сатып алайық, - деді Чен Чжен күліп.
Яң Кэ қуанғанынан шыбыртқысын үйіре өгізді ұрғылаған халде қарап қалды.
- Байқаймын, екі жылдан бері бөрілерге құмарлығың текке кетпепті, - деді ол Чен Чженге, - Мұнан былай мен де олардан аң аулаудың тәсілдерін жақсылап үйренбесем. Келешекте соғысқанда да бірер кәдеге жарауы мүмкін ғой.... Сенің айтқаның расында да бір заңдылық болуы мүмкін. Егер бұл кең далада ұзақ мерзім байырғы көшпенді тұрмыс кешсек, мейлі қайсы ұлт болмасын, ең ақырында қасқырға табынып, оны пір тұтары хақ. Ғұндар, үйсіндер, түрктер, моңғолдар секілді далалық ұлыстардың бәрі осындай болған. Кітаптарда да солай жазылған. Алайда, қытайлардан басқасының бәрі сондай болған. Біз қытайлар байтақ далада бірнеше ғасыр тұрсақ та, бөрі тотеміне сыйынбайтынымызды кесіп айта аламын.
- Онысы неғайбіл, - деді Чен Чжен сәйгүліктің тізгінін тартып, - Мысалы мен қазірдің өзінде-ақ көкжалдарға бас идім. Сахараға келгеніме екі жылдан сәл асқан уақыт өтсе де.
- Алайда, қытайлықтардың басым бөлігі диқандар немесе егіншілерден шыққандар, - деді Яң Кэ сөз таластырып, - Қытайлар тат баспайтын болаттан бетер тоңмойын да қиқар, сірідей қасаң тартқан ұсақ егіншінің санасына ие. Олар байтақ далаға келетін болса, бөрілердің терісін түгел сыпырып алар еді. Қытайлар – егінші халық, шөппен қоректенетін ұлт. Жан-тәнімен іштей қасқырдан қорқады, өлердей жек көреді. Қайтіп бөрі тотеміне табына қойсын? Қытайлар табынатын егін шаруашылығының киесі Луңваң (айдаһарлар патшасы, құдықтар, жаңбыр мен судың киесі) – айдаһар тотемі. Оған бас ұрып, зәресі ұшып қалтырап, құрдай жорғалайды. Моңғолдар сияқты көкжалға қайдан еліктеп, қорғап, аялап табынсын һәм өлтірсін? Жұрттың тотемдері олардың ғана ұлттық рухында және мінезінде самғаған айдаһар мен қарғыған бөрінің жігерлі әсерін тікелей тудырады. Егінші және көшпенді халықтардың ұлттық мінездерінің айырмашылығы орасан зор екен. Бұрын телегей теңіз құмырсқадай қаптаған қалың қытайлардың арасында жүріп онша байқамаппыз. Алайда, сахараға келген соң, біздің егінші ұлттың бойындағы пасық тексіздігіміз толығымен білініп қалады. Әкемнің дардай профессор болғанына қарамай-ақ қой. Әкемнің атасы, шешемнің әжесі түгелдей диқандар болған....
- Әсіресе ежелгі заманда, - деді Чен Чжен оның сөзін іліп әкетіп, - Жан саны қытайлардың бір пайызын ғана құраған моңғол ұлты жаһанды сілкіндіруі және көрсеткен ықпалы жағынан қытайлардан әлдеқайда асқан. Батыс елдері қазірге дейін қытайларды моңғол нәсілділер деп атайды. Қытайлардың өздері де осы есімді қабылдады. Алайда, Цин және Хән патшалықтары Қытайды біріктірген кезде, моңғолдардың ата-бабаларында «моңғол» деген бұл атау да болмаған-ды. Осыны ойласам, қытайлар үшін шынымен қынжыламын. Қытайлар Ұлы қорған деген қоршау дуалын салғанына мәз болып, өз-өзін көтермелеп, «әлемнің ортасындағы елміз», «орталық империямыз» деп даурығуды жақсы көреді. Алайда, ежелгі еуропалықтар Қытайды тек «жібек елі», «фарфор елі», «шайдың елі» деп қарап келді. Тіпті орыстар тарихта өткен әлгі азғантай қидандарды Қытай деп санаған. Осы күнге дейін сол атауды өзгертпей, елімізді «Китай» дейді.
- Байқасам, қасқыр дегенің бір жұмбаққа татиды. Маған сенен жұққан-ау деймін, тарихи кітаптарды қолға алсам, алдымен Батыс жуңдар, Шығыс рейлер (шығыс варварлар), Солтүстік дилер (телелер), Оңтүстік мәндарды туралы оқығым келеді де тұрады. Мен де барған сайын көкжалдармен белдесіп, жарысқым келеді, - деді Яң Кэ.
- Байқасам, сен де моңғол болайын деп қалыпсың. Тұла-бойға бөрінің қанын құй. Қан араласқанда ғана нәсіл күшейеді емес пе, - деді Чен Чжен.
- Мені үгіттеп, сахараға алып келгеніңе шынымен рақмет айтамын, - деді Яң Кэ, - Білесің бе, кезінде қандай сөзің жүйке тамырымды солқ еткізген? Ұмытып қалдың ба? «Ең ұлан-ғайыр байырғылық пен еркіндік – далада» деген сөзің.
- Менің сол сөзім бұлай айтылмаған шығар. Сен әуелгі сөзімді жұтындырып жібердің ғой, - деді Чен Чжен аттың тізгінін босатып.
Екеуі қарқылдап күлгенде өгіз арбадан екі қарлы бу көтерілді.
Адамдар, иттер және арбалар қарлы жазықта цыгандардың дыр-думанды көшін еске түсіреді. Касымайдың бүкіл өндіріс тобындағы төрт «хоты» (іргесі қосылып тігілген екі киіз үй бір хотты құрайды), яғни сегіз отаудың барлық адамдары мен өгіз арбалары шыққан. Сегіз-тоғыз өгіз арбаға киіз, арқан, ағаш күрек, отын, ағаш сапты темір ілгектер тиелді. Адамдардың бәрі лас та ауыр жұмысқа киетін ескі тондарын киіп алған. Киімдері баттасқан кірмен қара қошқылданып жалтырайды. Кейбіреуінің үстінен сарғыш қой терісінен жамау жапсырылған. Алайда, адамдар мен иттер шайқас алаңындағы соғыс олжасын жинастыруға шыққан ежелгі моңғол қосындарына ілескен тайпадай мәз-мейрам. Жылқышылар отрядының арбаларында жол бойы арақ ішіліп, ән шырқалуда. Киізбен қапталған сопақ арақ торсығы отрядтың ана басынан мына шетіне қыдырып, әйелдердің қолынан ерлердің ауыздарына өтеді. Моңғолдың халық әні, мадақ жыры, соғыс жыры, арақ өлеңі, махаббат ән әуендері бір шырқалса, тоқтатуға келмейді. 40-50 шақты жұмсақ жүнді ірі төбеттер мынадай таптырмас сапарда құдды алақайлаған балалардай аса еліріп, арбаларды қоршай жұлмаласа тістелесіп, өзара ойнақтауда.
Чен Чжен және екі жылқышы Бату мен Ламжап, сондай-ақ бес-алты бақташы мен қойшы тайпаның басшысына ілескендей Білге-атаны орталарына алыпты. Жалпақ бет, қыр мұрынды, түрк тектес үлкен көзді Ламжап сөйлеп келеді:
- Менің мергендігім қайта дәлдесем де, сіздің қабілетке жетпейді. Сіз бір оқ шығармай-ақ Чаған мерекесінде бүкіл топтың отбасыларын қарқ қылдыңыз. Чен Чжендей мына қытайлық шәкіртіңіз болса да, өзіңіздің ескі моңғол шәкіртіңізді ұмытуға болмайды. Мен кеше қасқырлардың сол тауда саятқа шығатынын қалайша ойламадым, ә?
Ақсақал оған алайып бір қарады да:
- Бұдан соң аң ауласаң, тобыңдағы қарттар мен зиялы жастарды көбірек ойла. Жұртқа еттің иісін ғана иіскелетпе. Сенің ет әкелгеніңді де көрмедім. Чен Чжен үйіңе барғанда ғана оған қойдың бір санын беруді ойлапсың. Моңғолдар қонақты осылай күтетін бе еді? Жас кезімізде әр жылы алғашқы атқан қарақұйрық пен суырды алдымен қарттар мен қонақтарға сыйлайтынбыз. Жастар, сендер Ұлы қағаннан қалған ескі салтты ұмыттыңдар. Сенен сұрайыншы, сен атқан бірнеше көкжал Баингап коммунасының мергені Божының атқан бөрілеріне жете алады ма? Сен шынымен газетке шығып, радиода мадақталып, сыйлық алайын деп жүрсің бе? Егер қасқырларды қырып тауыссаңдар өлгеннен кейін аруақ-жаның қайда барады? Сен де өлгеннен кейін қытайлар секілді шөптің қыртысын сыдырып, шұңқырланған тоқымдай жердің астына көміліп, құрт-құмырсқаға жем болмақсың ба? Сенің жаның Тәңірге көтерілмейді, - деп қария бір күрсінді де, сөзін жалғастырды, - Өткен жолы сомонға (Ішкі Моңғолияда ауданға сәйкес келетін әкімшілік бірлік) жиынға барғанда, оңтүстіктегі бірқатар коммуналардың қариялары жарты жылдан бері көкжалдардың көрінбегеніне қайғырып, Олұн жаққа қоныстанғысы келгенін айтқан....
- Бату – Сіздің балаңыз, - деді Ламжаб желкесіндегі түлкі тұмағын түртіп, - Маған сенбесеңіз де Батуға сенбейсіз бе? Менің бөрісоғар қаһарман болғым келген-келмегенін одан сұрап көріңіз. Әнеу күні аймақтың тілшілері жылқы қосына барып, маған жолықты. Бату да сонда болған. Сенбесеңіз содан сұраңыз. Мен атқан қасқырлар санының тең жартысын кем айттым.
- Солай ма? - деп сұрады ақсақал басын Батуға бұрып.
- Солай, - деді Бату, - Алайда, олар сенбей қойды. Олар қабылдау бекетінен Ламжабтың қанша көкжалдың терісін сатқанын сұрастырды. Атылған бір бөрінің терісінің сапасына қарай баға белгіленгеннен кейін, қабылдау бекеті тағы 20 дана оқ сыйлайтынын Сіз де білесіз. Жұрт есеп-қисап дәптерін тексеріп-ақ тауып алды. Тілшілер аймаққа бара салысымен Ламжабтың Божыны тез арада қуып жететінін жариялапты. Кейін Ламжаб қорыққанынан қасқырлардың терісін басқа адамдар арқылы сататын болды.
- Сен екеуің көкжал атуда да тым қатыгезсіңдер. Бүкіл фермада екеуіңнен көп атқан ешкім жоқ - деді қабағын түйген қария.
- Біздің жылқылар жайылатын өріс Сыртқы Моңғолияның (Моңғол Халық Республикасы) шекарасына таяу орналасқан. Бөрілер тым көп. Қатыгездікпен атпасақ, шекараның ар жағынан бұдан да көп қасқырлар тобы ауып келеді. Құлындарды қоймайтын болды, - деді Бату ақталып.
- Екеуің мұнда келіп, жалғыз Чжаң Цзиюәнді жылқы қарауға қалдырдыңдар ма? - деп тағы сұрады ақсақал олардан.
- Түнде көкжалдар көп. Біз екеуіміз оны ауыстырамыз. Күндіз қарақұйрық алуда ол біз екеуімізге жетпейді, өйткені ешқашан аулап көрмеген, - деді Бату.
Үстіртте қыс мезгілінде күн жоғары көтерілмейтін сияқты, керісінше барған сайын жердің бетін бауырлады. Мөлдір аспан бозарып, сарғыш шөптер ағарды. Қарлы жердің беті әлсін-әлсін еріп, шағылыстырған әйнектей жалтырайды. Адамдар, иттер және арбалар қатты жылтыраған сәуледе бұлдыр сағымдай тербеледі. Барлық еркектер қара көзілдіріктерін тағып, әйелдер мен балалар тондарының жеңімен өз көздерін қалқалапты. Қардан көздері қарыққан бірнеше бақташы көздерін қатты жұмды, бірақ аққан көз жастары тоқтамады. Ал үлкен иттер алыста зымыраған түз қоянға көз тігіп бақылауда немесе басын иген халде жол шетінде түлкінің жаңа қалдырған ізін иіскелеп келеді.
Аң ауланған жерге жақындаған иттер қарлы беткейдегі қараң-құраң өліктерді лезде байқап, арсылдап жүгіре жөнелді. Кейбір аш иттер бөрілерден қалған қарақұйрықтың жемтігін таласа-тармаса жұлмалады. Білге-атаның үйіндегі Барс пен малшылар тобының бірнеше атақты аңшы иттері жүнін тікірейтіп, көрінген жерде қасқырлардың қар үстіндегі сідік-құмалағының иісін иіскелеп, көздерін алақ-жұлақ еткізе көкжалдар тобының саны мен нақты күш-қуатын, сондай-ақ қайсы басшының осында келгенін зейін сала айқындап, аңыстап келеді.
- Барс Олұн даласындағы бөрілердің басым бөлігін біледі. Олардың да көбісі Барсты таниды. Барстың желке жүнінің тікірейгені бұл қасқырлардың арт жағы мықты болғанынан дерек береді, - деді ақсақал.
Салт атты адамдар саят болған жерге бір-бірлеп еніп, еңкейген күйде жан-жақты мұқият үңіліп қарай бастады. Беткейдегі өлген қарақұйрықтардың басым бөлігін көкжалдар тобы жеп, бастары мен сүйек қаңқаларын ғана қалдырыпты. Білге-ата қардың үстіндегі бөрі тырнақтарының ізін нұсқап, кеше түнде тағы бірнеше қасқыр топтарының келгенін айтты. Ол бірнеше сұрғылт-сарғыш көкжал жүніне тағы да нұсқап:
- Екі топ айқасыпты. Шекара белгісінің ар жағындағы бөрілер тобы да қарақұйрықтардың иісіне еріп келген сияқты. Ол жақта азық аз болғандықтан, қасқырлар тіпті адуынды да ашкөз екен, - деді.
Салт аттылар ақыры жотаға көтерілді. Адамдар алтын толған сандық тапқандай, шаттанғаннан алақайлап айғайласып, арттағы арттағы арбаларға бұрылып, бас киімдерін бұлғады. Касымай алдымен арбадан қарғып түсіп, кішкене қадамдап өгізді жетелей жүгіре басты. Әйелдердің бәрі арбалардан секіріп түсе сала өз өгіздерін күштеп шықпырта бастады. Босаған арбалардың өгіздері жедел жүріске өтті.
Тау астындағы жануарлар ауланған алаңды көріп, көздері шарасынан шыға жаздаған Ламжап:
- Ой-хой! Осынша көп қарақұйрықты қоршауға тоғытқан мына көкжалдар шынымен пәле екен! Алдыңғы жылы біз 20 астам жылқышы мен бақташы аттарды болдыртып қуалап, әрең дегенде 30 шақтысын ғана қоршағанбыз.
Білге-ата аттың тізгінін тартып, дүрбісін көтеріп, қарлы ор мен төңіректегі төбе-шоқыларды қыдырта көз жүгіртті. Жұрттың бәрі тізгіндерін іркіп, айналаны шолып, ақсақалдың лебізін күтті.
Чен Чжен де дүрбісін салып қарады. Қыраттың етегінде сансыз қарақұйрық үйіле қарға көмілген, бәлкім ежелгі заманның талай сарбаздары жерленген үлкен қарлы ор тұр. Оның ортасы биік таудың ортасында мұз құрсанған көлге ұқсаған біршама тақтайдай тегіс алқап екен. Көлдің шетіндегі беткейде он шақты қарақұйрықтың қаңқасы мен жемтігі жатыр. Ең үрейлісі, ордың ортасында жатқан жеті-сегіз қарақұйрықтың кейбірі әлі тыпырлап жатыр. Чен Чжен олардың қарлы орға мәжбүрлеп айдалса да, қалың қарға әлі толығымен шөге қоймаған қарақұйрықтарды анық байқады. Қарлы көл жиегінің бетінде ондаған үлкен-кіші шұңқырлар көрінуде. Ал әріректегі шұңқырлар бұдан да көп. Бұның бәрі қырғынға ұшыраған қарақұйрықтардың іздері. Қарлы ор сулы көлге ұқсамайды. Бұл «көлге» шөккен барлық нәрселер «көлдің» бетінде өздерінің айқын белгісін қалдырады екен.
- Сендер осында қар күреп, жол ашып, арбаларды алдыға өткізіңдер, - деді Білге-ата Батуға. Соcын қария Чен Чжен мен Ламжабты ертіп, «көлдің» ортасына қарай ақырындап қадамдады.
- Не де болса, қарақұйрықтардың тұяқтары мен бөрілердің іздері анық көрінген жермен жүріңдер. Шөпсіз жерге, ең жақсысы, аяқ баспаңдар, - деді ақсақал Чен Чженге.
Салт атты үшеуі аса сақтықпен қарды басып, төмен құлдилады. Қар барған сайын қалыңдап, шөп барған сайын азая берді. Тағы он шақты қадам жүрген соң қардың бетінде үлкендігі шөкенің ұшындай құжынаған ұсақ тесікшелер көрінді. Әрбір тесікшеден құрғап сарғайған шөп сабақтарының ұштары қылтиып тұр. Бұл тесікшелердің бәрі шөптің басын жел ырғағаннан қардың бетінде пайда болған-ды.
- Бұл тесікшелерді Тәңір қасқырларға иіс алсын деп жаратқан. Әйтпесе осыншама қалың қардың астында көмілген өлі жануарларды олар қалайша иіскеп табады? - деді ақсақал. Чен Чжен оның сөзіне күле бас изеді.
Кішкене тесікшелер мен шөптің қылтиған басы қауіпсіздіктің белгісі еді. Тағы ондаған қадамнан кейін қардың бетінде шөптің басы да, тесікшелер де көрінбеді. Алайда, қарақұйрық пен көкжалдың іздері әлі де ап-айқын білініп тұрды. Ауыр тыныстаған моңғолдың мықты жылқылары тұяқтарымен қалыңдығы үш елідей қатқан қардың қабыршағын ойып, терең қасат қарға малтып, қарлы көлдің жиегіне бірте-бірте жақындады. Ең жақын жерді шолған олар бір қарақұйрықтың сүйек қаңқасынан басып өтті. Ақырында аттар жылжи алмай қалды. Үшеуі аттарынан түскен сәтте қарлы қабыршақты бұзып, қалың қарға малтықты. Олар қайраттана өздеріне алды-арттарына бұрылатындай орынды тегістеп алды. Чен Чженнің аяғының жанында желінген бір қарақұйрық жатыр, сондай-ақ қар үстінде қиғашынан үсіп қатқан жануардың асқазанында қорытылған шөптер шашылған. Бөрілер тобы шамамен 30-40 ірі қарақұйрықты осы арада ұстап жепті де, одан әрі аяқ баса алмапты.
Басын көтеріп қараған Чен Чжен бұрын ешқашан көрмеген жан түршігерлік те аянышты көрініс шықты: 100 метр қашықтықтағы қарлы беткейде және бұдан да алыстағы «көл» бетінде 80-90 ірі-ұсақ қарақұйрық дірдектеп-қалшылдап үйіліп тұр. Олардың айналасындағы қарлы шұңқыр өзге қарақұйрықтар шөгіп қырылған жер екен. Тірі қалған бұл қарақұйрықтар қорыққаннан тырп етпей, қозғалмай тұр. Ал бұл жалғыз қалған қарлы қабыршақ кез келген сәтте опырылуы мүмкін еді. Тағы бірнеше қарақұйрықтың жіңішке сирақтары толығымен қарға кіріп, қарлы қабатына тірелген денелері қардың үстінде қалуда. Олар әлі тірі, бірақ қимылдауға мұршасы қалмаған. Байтақ даланың ең жүйрік те еркін жануарлары бүгін міне аяз бен аштықтан тұралап, бір қадам жасауға да қауқарсыз болып, ажалдың ең соңғы рақымсыз азабын тартуда. Жанды ең түршіктіретіні: қар үстінде бірнеше қарақұйрықтың бастары ғана қылтиып, денелері мен шүйделері қарға шөгіпті. Бәлкім, олар аяқтарымен бір төмпешікті немесе үйілген өз бауырларының өлігін басудың арқасында ғана бастарын шығарып тұрған болар. Дүрбімен қараған Чен Чженге қарақұйрықтар ауыздарын ашып, көмекке шақырғандай, бірақ үндерін шығара алмағандай болып көрінді. Бәлкім, әлдеқашан үсіп немесе тұншығып өлген сол қарақұйрықтар өмірінің ең соңғы қас қағым сәтіндегі мүсіндей қатып қалған болар.
Бет-жүзі аппақ мұздай әдемі жалтырағанмен қарлы беткей мен «көл» сұсты да қатыгез еді. Бұл сондай-ақ Тәңірдің дала қасқырлары мен далалықтарға сыйлаған сахараны қорғайтын ең жойымпаз астыртын да суық қаруы шығар. Қыс мезгілі Олұн даласындағы таулы жердің қарлы қыртысы – сахараның ақ түтек бораны және күн нұрының көрнекті туындысы. Толассыз соғатын ақ боран құдды қырмандағыдай ұлпа қарды ұшырып әкетіп, темір үгінділері секілді өзара тығыз қабысқан қар түйіршіктерін қалдырады. Қарлы түйіршіктер жұмсақ қардың бетіне қонып, үстінен бір қабат қатты қабыршақ болып қымтайды. Желсіз күндері түске дейінгі немесе түстегі күшті аптапта қардың беті сәл-пәл еріп, түстен кейін суық жел соққанда қайтадан қататын. Бірнеше ақ түтек бораннан кейін жердің беті қалыңдығы үш елі қарлы қатқаққа айналады. Мұз бен қар араласқан бұл қатқақ қардан қатты, мұздан морт, тегіс те жылтыр, қалыңдығы әркелкі болып қалыптасады. Қатқақтың ең қалың жері адамның салмағын көтере алады, бірақ көп жерлері қарақұйрықтардың үшкір тұяғының басуына төзбейді.
Жақын жердегі көрініс адамды тіпті де түршіктіреді: көкжалдар азуы жеткен барлық қарақұйрықтарды қарлы ордан қазып алып, сүйреп шығарыпты. Терең ордың шетін бойлаған қарлы шұңқырда бөрілер тобы өз тұтқындарын сүйреп қалдырған іздер жатыр. Шұңқырдың түбі – жануарларды бір-бірлеп қасап қылған қасапхана және түз тамақтанған орын. Қарақұйрықтар ысыраппен шығындалыпты. Қасқырлар ішек-қарын мен жылы-жұмсақ етін ғана ақтарып жеп, қалғанын қардың бетіне ыбырсытып шашыпты. Көкжалдар тобы адамдар мен иттердің дыбысынан секемденіп, жаңа ғана кеткен тәрізді. Олардың аяқтары көтерген қар түйіршіктері қардың бетінде әлі домалануда. Бөрілердің мәйегімен еріген дымқыл қар да әлі толығымен мұз болып қата қоймады.
Моңғол даласының қасқырлары – қарлы жерде соғысудың шебері. Айқасудың сырын жетік білетін олар бұдан терең жердің қар бетіндегі немесе қарға көмілген қарақұйрықтарға мүлде тимепті, тіпті бұларға жету үшін жасалған табан-тырнақтың іздері де көрінбейді. Көкжалдар сүйреп шығарған қарақұйрықтар бірнеше ірі бөрілер тобының әбден тойып жеуіне жететін-ді. Ал қар астында қатып қалған жануарларды қасқырлар салқын да күйлі етіп сақтап, келесі көктемде қар ерігеннен кейінгі дәмді азыққа қалдырмақ. Осынау байтақ қарлы ор көкжалдардың қыста азық-түлік қорын сақтайтын табиғи тоңазытқышы болып табылады. Білге-атаның айтуынша, Олұн даласында кез келген жерінде бөрілердің мұзды қоймалары бар. Бұл ең үлкені біреуі ғана. Бұндай мұзды қоймалар болғаны себепті, олар ішіне біраз еттер сақтайды, осы арқылы келесі көктемдегі қара өзекке (азық тапшылығына) дайындалады. Семіз күйінде қатып қалған қарақұйрықтар көктемге зорға жеткен арық қасқырлардың ажалдан арашалаған азығы болып табылады. Көктемдегі арықтаған тірі қарақұйрықтан әлдеқайда артық.
- Дала көкжалдары адамдардан бетер жанын баға алады. Малшылар әр жылы қыстың басында сиырлар мен қойлардың күздегі семіздігі кетпей тұрған уақытты пайдаланып, оларды сойып, тоңазытады. Қысқы соғым етті әзірлеуді де бөрілерден үйренген, - деді қария қарлы орды нұсқаған күйі күле сөйлеп.
Тірі қарақұйрықтарды көрген Барс пен бірнеше дәу иттің саятшылық қасиеті қозып, қанқұмарлығы тасып, құлшына ұмтыла жөнелді. Алайда, қасқырлар тобы жеткен жерден одан әрі алға басуға батылы жетпей, қарақұйрыққа қарай мойындарын созып, арсылдап үріп, ақыра ырылдады. Бірнеше қорқақ қарақұйрық үркігеннен ешнәрсеге қарамай, «көлдің» ішіне жұлқынды, бірақ бірнеше қадам жасап та үлгірмеді. Қатқыл қардың қабығы опырылып, олар «гүп» етіп, құрғақ құмға ұқсаған сіре қардың ішіне құлады. Қарақұйрықтар барынша жанталасты, бірақ іле-шала қарға біржолата көмілді. Қарлы үңгір әлі де қозғалуда, құм сағаттай төменге түсуде. Түскен сайын тереңдеп, ең соңында шұңғыма тәрізді қарлы шұңқыр қалыптасты. Қатқыл қар опырылған сәтте бір қарақұйрық алдыңғы екі тұяғымен біршама қатты қатқаққа асылып, денесінің артқы бөлігі қарлы шұңқырға түсіп, бір сәт жансауғалады.
Қарлы жол күреліп, жол ашылып, арбалар шатқалдан түсті. Арбалар жүре алмайтын жерге дейін жетіп, бір қатарға тізіле қойды. Сол арадағы жер күрекпен ашылып, арбалардан жүкті түсіруге болатын бос жер қардан тазартылды. Ерлердің бәрі Білге-атаның жанына жиылды.
- Қараңдаршы, батыс жақтағы анау қар қаттырақ қатқан екен. Ол жақта ешбір иірім шұңқыр білінбейді. Қарақұйрықтардың құмалағы мен тұяқ іздері көп емес. Олардың бірталайы сол арадан қашып құтылыпты, - деді ақсақал.
- Байқаймын, көкжалдар да жіберіп қоятын кезі болады екен. Егер басшы бөрі осы жолды бөгеу үшін төрт-бес қасқырды жіберген болса, онда бұл үйір түгелдей қашып құтылмас еді, - деді қойшы Санжы.
- Сен егер басшы бөрі болсаң, сөзсіз аштан өледі екенсің! Бір жолы қарақұйрықтардың бәрі қырып тасталса, келесі жылы не жейді? Көкжалдар адамдар сияқты ашкөз емес. Олар адамнан да есепшіл. Есептің үлкенін жасайды, - деді қария.
- Биыл қарақұйрықтар тым көп. Тағы бірнеше мыңы өлтірілсе де, таусылмас. Мен тезірек мол ақша тауып, жаңа киіз үй тұрғызып, келіншек алғым келеді, - деді Санжы күліп.
- Сендердің ұлдарың, немерелерің келіншек алатын кезде байтақ сахарада қарақұйрықтар таусылса не істейсіңдер? Сендер, жастар, барған сайын сырттан келген келімсектерге ұқсап барасыңдар, - деді ақсақал оларға алая қарап.
Әйелдердің арбалардан жүктерді түсіргенін, сондай-ақ бөрілер тобының қарақұйрықтарды сүйрелегенде қарлы шұңқырды бойлата түскен терең қардағы шұбырма жолды көрген қария омбы қардың үстіне шығып, көк аспанға қарап, әлденені күбірледі. Чен Чжен «Ақсақал Тәңірден адамдардың қар астындағы қарақұйрықтарды алуына рұқсат етуін жалбарынған болар» деп тұспалдады. Қария көздерін жұмған халде бір сәт тұрды да, көпшілікке айтты:
- Қар астындағы қарақұйрықтар баршылық. Тым ашкөздік қылмаңдар. Алдымен тірі қарақұйрықтардың бәрін босатып, еркіне жіберіңдер. Сосын тағы оралып, қатқан қарақұйрықтарды қазыңдар. Тәңір бұларды өлтірмеді. Біз де оларды тірі қалдыруымыз керек.
- Шыңғысхан әрбір аң аулағанның соңында қоршауға түскен аңдардың жартысына жуығын жібере салатын. Моңғолдар жүздеген жылдар бойы саятшылық жасап келеді. Неліктен жыл сайын аң аулай алады? Жаппай қырып жібермеуді қасқырлардан үйренген де, - деді Чен Чжен мен Яң Кэге ақсақал басын тағы төмен түсіріп.
Білге-ата әрбір отбасыға қарақұйрықты қазып алатын орынды мөлшерлеп бөліп берді, әр отбасыға жеке-жеке қимылдауға бұйырды. Даланың аңшылық салт-дәстүріне сәйкес, адамдардың бәрі қарлы ордың біршама жақын да жануарларды оңай алатын телімді Білге-ата мен зиялы жастарға қалдырды.
Чен Чжен мен Яң Кэні өгіз арбасының жанына ерткен қария екі үлкен де қалың киізді түсірді. Киіздің әрқайсысы ені екі метр, ұзындығы төрт метрдей. Үлкен киіздерге алдын-ала су бүркелгендей, тастай қатты қатыпты. Чен Чжен мен Яң Кэ бір-бірден үлкен киізді сүйреп, шұбырма жолмен алға жылжыды. Білге-ата ұшына бұраң темір ілгек байлаған ұзын қайың сырықты асыныпты. Ерлі-зайыпты Бату мен Касымай екеуі үлкен киізді сүйреген күйі қалың қасатқа жақындай түсті. Кішкене Баяр ұзын ілмекті көтеріп, әке-шешесінің соңынан келеді.
Қары терең жерге жеткенде, ақсақал екі студентке алдымен бір үлкен киізді қатқыл қардың үстіне тегістеп жайғызып, қапсағай денелі Яң Кэні алдымен үстіне шығарып, киіздің көтерімділігін сынап байқады. Кең тақтайдай жазылған қалың да қатқыл киіз ірі шаңғыға ұқсайды. Яң Кэ басқанда, киіздің астындағы қасат қар болымсыз сықыр ғана шығарғаны болмаса, ойылып түсер бейне танытпады. Яң Кэ тағы өзінше секіріп-секіріп көрді. Киіздің беті азырақ шұңқырайды, бірақ опырылып түспеді. Қария жалма-жан тыйым салып айтты:
- Ортасына барғанда, бұлай беталды істеуге болмайды. Егер киіз ойылып түссе, адам қатқан қарақұйрықтың тағдырын құшады. Бұнымен ойнауға болмайды. Жақсы, Чен Чженнің денесі сенен жеңіл. Мен алдымен оны ілестіріп, екі қарақұйрықты шығарайын. Келесі жолы сен екеуің өздерің алып шығарасыңдар.
Яң Кэ ықтиярсыз жерге секіріп түсіп, ақсақалды киіздің үстіне қолтықтап шығарды. Чен Чжен де киізге шықты. Үлкен киіз екі адамның салмағын көтергені былай тұрсын, тағы екі қарақұйрықты қосса да былқ етпес.
Екеуі орнығып алғаннан кейін, екінші киізді екеулеп тағы тартып, алдыңғы үлкен киіздің шетімен алдыға өткізді. Екі үлкен киізді тегістеп жалғаған соң, екеуі алдыңғы киізге адымдай басып, ұзын ілгіштерін қойды. Сосын алдыңғы қимылын қайталап, арттағы үлкен киізді тағы алдыға шығарды. Екі үлкен киізді кезек-кезек ауыстырған екеуі қар бетінде киізден жасалған қос қайықты жүргізіп жатқандай, алыстағы бір тірі қарақұйрыққа қарай сырғыды.
Чен Чжен ақыры моңғол даласының ғажайып та сиқырлы «қайығына» отырды. Бұл нағыз далалық ұлттар ойлап тауып ашқан қар апатына қарсы қолданатын сырғымалы қатынас құралы еді. Моңғол даласында мыңдаған жылдардан бері қаншама малшы осындай сиқырлы «қайыққа» отырып, сұрапыл апат шыңырауындағы ажалдан аман қалған, терең қардың ішінен қаншама қойлар мен иттерді құтқарған. Осы сиқырлы «қайыққа» отырған малшылар қарлы қасаттан кезінде қаншама көкжалдар, аңшылар және атты әскерлер қоршай батырған аңдар мен соғыс олжасын алып шығарғаны белгісіз. Білге-ата ешқашан мына бөтен ұлттың оқушысынан моңғолдардың құпия сырын жасырмады, қайта өзі қолма-қол осы қаруды пайдалануды үйретті. Бағына жарай, Чен Чжен моңғолдың «киіз қайығын» жүргізген тұңғыш қытайлық шәкіртке айналды.
«Киіз қайықтың» сырғуы барған сайын тездеді. Оқта-текте киіздің астындағы қатқыл қардың сықырлаған дыбысы естіліп жатты. Чен Чжен өзін ертегілердегі сиқырлы кілем және ұшатын кілемде отырғандай сезініп, ақ қардың үстінде абайлап сырғанап шарықтап, үрейлі де әсерлі түрде жеті қат қабатқа көтерілгендей болды. Байтақ сахараның бөрілері мен далалықтары сыйға тартқан байырғы аңыздардағыдай тұрмысқа кенелткеніне шексіз риза болды. Қарлы айдында 8 «катер», 16 «ұшаатын кілем» бір-бірімен жарысып, қатарласа алға зымырап, қарлы тозаңды көтерді, қабыршақ мұзды желпілдетті. Иттер үріп, адамдар дауыстауда, Тәңір бұларға күлімсіреуде. Кенет аспанда қалың бұлт түйдектеліп шығып, ызғарлы аяз күшейді. Сәл-сәл еріген қардың беті тосыннан тітіркендіретін қатты мұзға қайта айналды. Қатқыл қардың қаттылық дәрежесі артып, қарақұйрықтарды тіптен алаңсыз қазып шығаруға мүмкіндік жаратылды. Адамдардың бәрі кенет қара көзілдіріктерін алып, көздерін ашып, бастарын көтере: «Тәңірім! Тәңірім!» деп алғыстады. Мұнан соң «киіз катерлерінің» қимылдары барған сайын жылдамдады һәм батылданды. Осы сәтте Чен Чжен Көк Тәңірдің бар екендігін сезгендей болды. Оның жаны тағы бір рет Тәңірдің мәпелеуіне бөленді.
Кенет жағалаудағы беткейден Яң Кэ мен Баярдың алақайлаған дауыстары естілді. Чен Чжен бұрылып қараса, олар «Біреуін шығардық! Біреуін шығардық!» деп дауыстады. Чен Чжен дүрбімен қайта қарап еді: Яң Кэ Баярдың көрсетуімен қандай амал қолданғаны белгісіз, әйтеуір бір үлкен қарақұйрықты қазып алған тәрізді. Екеуі соны сирағынан тартып, өгіз арбаға қарай сүйреп барады екен. Жағада қалған адамдар да ағаш күректерін алып, жапа-тармағай қары терең жерге ұмтыла жөнелді.
Қауіпсіз аумағынан алыстаған «киіз қайық» әлгі қарақұйрыққа жақындай түсті. Бұл - қарақұйрықтың ұрғашысы екен. Көзінен күдерсіз үрей және әлсін үміттің нұры білінеді. Айналасы түгел ойылып түскен оппа қар, тұяқтарының астында кез келген сәтте опырылып түскелі тұрған тоқымдай ғана қатқыл қар бар-тын.
- Киізді ақырын сырғытыңдар, бірақ тым баяу да болмасын. Оны қайтсе де үркітіп алмаңдар. Қазір іс жүзінде ол екі қарақұйрық болуы мүмкін. Иен далада кімнің болса да тіршілік етуі оңайға соқпайды. Мейлі кімге болса да тіршіліктің жолын берген жөн, - деді ақсақал.
Чен Чжен басын изеді де, етпетінен жатқан күйі алдыңғы киізді қарлы ойысқа ақырын жылжытты. Нәтижеде, оны ұрғашы жануардың аяғының астына жеткізді. Қарлы ойыстың үсті опырылмады. Бұл ұрғашыға бұрын адамдар жәрдемдескен бе, әлде құрсағындағы лағына ең соңғы жылт еткен тіршілік жолын әпергісі келді ме, ол кенеттен үлкен киізге өзі секіріп, киізге дүрс етіп тізерлеп жата қалды. Бүкіл денесі қалтырап, тоңғанынан ба, үркігеннен бе, қорыққанынан есі шығыпты. Чен Чжен көкірегін кеңіте бір тыныстады. Екеуі ақырын алдыңғы киізге өтіп, артқы киізді еппен қарлы ойысты айнала батыс жағындағы қары қатты жерге жайды. Осылайша киіздерді он неше рет кезектестіріп, ақырында ойысы жоқ, бірақ қыруар қарақұйрықтың іздері мен құмалақтары қалған қарлы беткейге жетті.
- Болды, оны жібере салыңдар. Егер қарға қайта батса, ол Тәңірдің жазғаны болар, - деді ақсақал.
Чен Чжен ептеп басып, қарақұйрықтың жанына келді. Чен Чженнің көзіне ол қарақұйрық емес, қайта бір жуас маралдай көрінді. Шынымен де оның ұзарған үлкен қос көздері маралдың жанарындай әдемі де сүйкімді екен. Чен Чжен оның басын сипады. Жануар үрей билеген көздерін бадырайта ашып, жан сауға тілеген жанарымен мөлиіп қарайды. Жас жігіт аяғына жығылған бұл байғұс та дәрменсіз нәзік жануарды сипалап, көңілі сәл-пәл елжіреді: осы момақан да әдемі, бейбітшілікті сүйетін шөпқоректі жануарларды қорғамаудың орнына қанішер қасқырлардың жағына бірте-бірте шыққаны қалай? «Көкжал - нағашы ене», «Дуңго мырза (дұшпанға мейірлі болған адам) мен бөрі» және қасқырларды жек көретін басқа да әртүрлі аңыз-ертегілерді үздіксіз тыңдап есейген Чен Чжен еріксіз айтып салды:
- Мына қарақұйрықтар расында да тым байғұс екен. Қасқырлар жазықсыздарды өлтіруші нағыз жексұрын екен. Өзгенің өмірін өмір құрлы көрмейтін мұндай жыртқыштарды шынымен кескілеп өлтіру керек ғой....
Білге-атаның шырайы кенет өңе қалды. Сасқанынан соңғы сөзін жұтып қойған Чен Чжен өзінің қарияның жүрегіндегі рухты шамдандырғанын, байтақ дала ұлттарының тотемін қатты ренжіткенін түсінді. Алайда, ол өз сөздерін қайтара алмайтын-ды. Айтылған сөз - атылған оқ. Ақсақал оған тігіле қарап, жалма-жан сөйледі:
- Шөптің жаны жоқ па? Дала жансыз ба екен? Моңғол сахарасының өсімдік-шөптері мен жайылымдары тіршіліктің негізі болып табылады. Қалғандардың бәрі кіші жандылар. Кіші жандылар тіршілік негізіне сүйеніп ғана күнелтеді. Көкжалдар мен адамдар да кіші жандыларға жатады. Шөппен қоректенетін жануарлар ет жейтін жануарлардан да қатыгез келеді. Сен қарақұйрықтарға аяушылық білдіресің, ал шөпті неге аямайсың? Қарақұйрықтың желдей ескен төрт аяғы бар. Жайшылықта қаша жөнелсе, оны қуған бөрілер шаршағаннан қан құсады. Қарақұйрықтар шөлдесе, өзенге барып су ішеді. Тоңса, күнгей беткейге барып күнге жылына алады. Ал өсімдік-шөптер ше? Өсімдік тірліктің негізі болса да, ең бейнеті көп, қадірі жоқ. Тамырлары қанша таяз болса, тамыр тартқан топырағы сонша жұқа болады. Шөп жердің бетінде көктейді. Өссе, ұзындығы жарты адымға да жетпейді. Қозғалып жылжыса, жарты қарысқа да жылжи алмайды. Әркім оны таптап өтеді, жейді, кеміреді, бүлдіреді. Жылқының бір сіген сідігі бірталай жердің шөбін күйдіреді.
Егер шөп құм және тастың қуысына өсетін болса, гүл ашып, шөптің ұрығы өнбейді екен. Сахарада не сорлы десең, бәрінен шөп-өсімдіктер сорлы. Моңғолдар бәрінен де ең аяйтыны және жаны ашитыны - шөп пен жайылымдар. Өмірді жоюды айтатын болсақ, қарақұйрықтар шөпті көгалды оратын машинадан бетер қырады. Қарақұйрық үйірлері жайылымның шөбін барша пәрменімен жеуі тіршілікті қырғындау емес пе? Иен даланың жанын өлтіру емей немене? Ұлы даланың жанын өлтірсе, сахарадағы ұсақ жандылар түгел қырылмай ма!? Қарақұйрықтар жеткізетін апат қасқырлардың сойқанынан да үрейлі. Сахарада ақ апат, қара апат ғана емес, сондай-ақ «сары апат» та бар. «Сары апат» бір келсе, қарақұйрықтар адам жегенмен бірдей болады....
Қарияның селдір сақалы үздіксіз селкілдеп, әлгі қарақұйрықтан бетер дірілдеп кетті.
Кенет Чен Чженнің жүрегі дүр ете түсті. Ақсақалдың әрбір сөзі құдды соғыс дабылдарының ырғағындай оның жүрегіне іркіліссіз дүрс-дүрс тиді. Ол дала халықтарының тек ғана әскери ақыл-парасат жақтан, қайсар да тегеурінді мінез жағынан да егінші халықтардан әлдеқайда басым түсетінін, оның үстіне көптеген ой-пікірлер жағынан да анағұрлым асып түскенін ұғынды. Осынау ежелгі далалық логика ет жейтін және шөп жейтін ұлттарды сан мыңдаған жылдардан бері өліспей-беріспейтін қырқысуының мәнін дөп басты. Қарияның осы айтқандары Моңғолия үстіртінен Солтүстік Қытайдың жазығына, яғни биік шыңнан төмен шыңырауға көз салғандай, бөрінің тісіндей өткір, дәлелді де иланымды, өткір де қисынды, бөгеуге келмес тасқындай білінді. Сөзге жеңістік бермейтін Чен Чжен лезде жұмған аузын аша алмады. Оның қытайлық егіншілік мәдениетіне тән көзқарасы, тіршілік көзқарасы, тұрмыс көзқарасы жаңа ғана Ұлы дала логикасы мен мәдениетіне соғылып, әп-сәтте жартылай қирап қалды. Чен Чжен табиғаттың ақиқаты көшпелі халықтардың жағында болуға тиісті екендігін еріксіз мойындады. Дала халықтарының қорғайтыны «тіршіліктің негізі» - иен дала мен табиғаттың жаны адам жанынан әлдеқайда құнды. Ал егінші ұлттардың қорғаштайтыны әлемдегі ең бағалы «кіші жандылар» - адамның жаны мен ғұмыр. Алайда, «тіршіліктің негізі жойылса, кіші жандылар тегіс құрып-жойылады». Чен Чжен осы сөзді ішінен қайталағанда, жүрегі біраз сыздап кетті. Кенеттен тарихта далалық халықтардың егінші ұлттарды көптеп қырып-жойып, сондай-ақ егістіктерді қайтадан жайлауларға айналдыруға талпынған осынау әрекеттерін ойлағанда, ол онан сайын еріксіз дағдарды. Бұрын мұны мешеу, кері кеткен жабайылардың әрекеттері деп санайтын Чен Чжен ақсақалдың осы жол көрсетуінен «тіршіліктің негізі» мен «кіші жандылардың» арасындағы қатынас өлшемін қайта өлшеп және бағалап, шынымен де бұндай әрекеттерді «жабайылық» деп сипаттауға болмайтынын аңғарды. Себебі, мұндай «жабайылық» адамзаттың тіршілік негізін құрайтын айрықша өркениетті қамтиды. Егер «тіршіліктің негізі» ұстанымы тұрғысынан қарасақ, егінші халықтардың тақыр жерлерді барынша өртеуі, тың жер игеруі, әскери елдімекендердегі қоныстанушылардың күшімен шекаралық жерлерді игеруі, иен сахара мен табиғаттың тіршілік негізін ойрандауы, одан соң адамзаттың кіші жанына қауіп төндіруі жабайылықтан асқан тағылық емес пе? Шығыс пен Батыстың өкілдері «Жер-жаһан - адамзаттың анасы» дейді. Сонда анасына зиянкестік жасау өркениетке жатады ма?
- Онда Сіз неге қазір ғана тірі қарақұйрықты жібере салдыңыз? - деп сұрады Чен Чжен бәсең үнмен.
- Қарақұйрықтар көкжалдарды өзіне ертіп әкетеді. Бөрілер оларды ауласа, төрт түлік үй жануарларының шығыны азаяды. Қарақұйрықтар малшылардың ірі қосымша кірісі болып табылады. Моңғолдардың бірталайы оларды аулаудан түскен кіріске киіз үй тұрғызып, келіншек алып, бала-шағалы болды. Моңғолдардың тең жартысы аңшылар-дұр. Аң ауламаса, тағамының тұзы татымағандай, ғұмырының мағынасы қалмағандай сезінеді. Аң ауламаса, моңғолдардың басы даңғырап қалады. Моңғолдар иен дала тіршілігінің негізі үшін аң аулайды. Олар аулаған шөпқоректі жануарлар ет жегіш жануарлардан әлдеқайда көп, - деді ақсақал.
Қария күрсініп:
- Сендер қытайлар түсінбейтін істер айрықша көп. Сенің көп кітапты оқыдың, бірақ сол кітаптарда қаншама жалған пайымдаулар мен теріс пікірлер бар ғой. Қытайлар жазған кітаптар түгелдей қытайлардың сөзін сөйлейді. Моңғолдар кітап жазуды білмегендіктен өз есесін жіберіп, зиян шегіп жүр. Егер сен моңғол болып өскеніңде, моңғолдар үшін кітап жазсаң жақсы болар еді.
Чен Чжен басын изеді. Кенет бала кезінде оқыған көптеген ертегілер есіне түсті. Кітаптардағы «үлкен көк бөрілер» түгелдей дерлік топас та дөрекі, дүлей де ашкөз, қаныпезер болатын. Ал түлкілер керісінше ақылды, айлакер де сүйкімді келетін. Батақ далаға келгеннен кейін Чен Чжен дархан табиғатта шынымен де «үлкен көк бөрілерден» озып жетілген, ең озық та кемелді жабайы хайуанның жоқ екендігін байқады. Шамасы, кітаптар да адамдарды жиі адастырады, соның ішінде балалардың ертегілері тіптен зиян келтіреді.
Ақсақал қарақұйрықты сүйемелдей тұрғызып, оны қарлы жерге ақырын итермеледі. Осы жердегі қардың бетінде бірнеше тал қамыстың бастары қылтиып тұрған. Ашыққан ұрғашы жануар шапшаң жетіп барып, екі тістеп аузына салды. Чен Чжен үлкен киізді жылдам тартып ала қойды. Тәлтіректеп бірнеше адым басқан қарақұйрық өз бауырларының қаз-қатар жатқан іздерін көрді. Ол артына бұрылып қарамастан таудың жотасына қарай жөнелді де, аспан мен таудың арасындағы көкжиекте ғайып болды.
Бату мен Касымай да бір кішірек қарақұйрықты киізге салған күйі қатқыл қарға жақындады. Касымай бір жағынан: «Обал-ай, обал» деп міңгірледі. Бір жағынан қарақұйрықты құшақтап қарлы жерге түсірді, арқасынан қағып-қағып, таулы жотаға қарай жөнелтті. Чен Чжен Касымайға басбармағын көрсетті. Касымай күліп, Чен Чженге деді:
- Оның анасы қарлы ойыстың ішіне құлаған-ды. Сол ойысты айналып жүгіріп, кете алмапты. Біз екеуіміз бағанадан бері сырықпен оны әрең ұстадық.
Өзге «қарлы салдар» да бір-бірлеп жақындап келді. Қарлы ойыс ішіндегі тірі қарақұйрықтар ақырында бір шағын топ болып жиналды һәм таудан асып кетті. «Бұл қарақұйрықтар осы жолы ой өрісін кеңейтіп алды. Бұдан соң қасқырлар оларды қайта ұстай алмайды» деді қария.
4
Түрктер ғұндардың бір тармағы-дұр. Ныспысы Ашина. Өз алдына бір тайпа. Кейін көршілес ел оларды талқандап, түгел қырып-жойды. Жасақтар 10 жасар бір баланы баласынып, өлтіруге қимай, оның аяғын шауып, сазды жерде қалдырып кетті. Ұрғашы қасқыр етпен асырады. Бала ержетіп, өлекшінмен қосылып, жүкті қылды. Көрші елдің билеушісі бұл баланың тірі екенін естіп, өлтіру үшін тағы адам жіберді. Жіберген адам баланың жанындағы қасқырды көріп, оны да өлтірмекші болды. Қасқыр қашып шығып, Идиқұт елінің солтүстігіндегі тауға келді. Тауда бір үңгір бар-тын.... Қасқыр соны паналап, 10 ұл тапты. 10 бала өсіп-өніп, сырттың әйелін алып, бала сүйді. Сосын әрқасысының өз ныспысы болды. Ашина солардың бірінің ныспысы....
«Чжоушу» жылнамасының «Түрктер» бөлімі
Ақырында адамдар өздеріне тиесілі жаңа жылдық несібелеріне кенелді. Қарлы ойыстағы ызғар барған сайын күшейіп, қардың беті де қатайды.
- Тәңірім бізді асықтырып жатыр. Жылдам қимылдаңдар, - деді ақсақал аңшыларға.
Қарлы ойыстың үстіндегі кісілер өз орындарына ұшып барды. Саятшылық жасалған жерде қайнаған қуаныш пен шаттық тағы туылды.
Чен Чженді ерткен қария үлкен де, кіші де емес бір қарлы ойыстың шетіне келіп тоқтады.
- Аса ірі қарлы ойысты іздеме. Егер қарлы ойыс үлкен болса, ішіндегі қарақұйрықтар да айрықша көп болады. Жеті-сегіз, тіпті он шақты тұншыққан қарақұйрық бір төбе болып үйілсе, жылы бу шығып, ойыстың қары оларды біразға дейін қатқызбайды. Осыншама көп жылы бу жарты күн бір түн жылытса, қарақұйрықтардың іші кеуіп-ісіп, аяқтары тікірейіп, қарны қарайып, жартысына таяу еті иістеніп бұзылады. Осы шақта жануарлар қатып қалғанмен, жартылай иістеніп кетеді. Бұндай жануарды сатып алу бекетіне апарсаң, жарты бағасына алады. Олар қарақұйрықтың құрсағына қарап-ақ бағасын екі есе төмендетіп, саған терінің ақшасын ғана береді. Еттің ақшасының бір тиыны да болмайды. Алайда, бұл жартылай иістенген қарақұйрықтарды көкжалдар құмартып жейді. Мұнда көмілген қарақұйрықтар Олұн даласындағы бөрілер тобының бір қыс бойы жеуіне жетеді. Біз қасқырлардың ең сүйікті тағамын көкжалдарға қалдырайық, - деді ақсақал.
Қария киіздің үстіне етпетінен жатып, сабы қайың ағашынан жасалған ұзын ілмегін шұңқырға шаншып еді, оның тереңдігі екі метрден астам екен. Ақсақал ілмекті аз-аздан шаншып көрді. Көп кешікпей ол кенеттен барша күшін сала шаншыды. Сосын Чен Чженге: «Біреуін іліп алдым. Екеулеп жоғарыға тартып шығарайық» деді.
Екеуі бір жағынан тартып, бір жағынан тағы кілт тоқтап, қатқан қарақұйрықтың астындағы бостықты қармен толтыруға мүмкіндік беріп, жануарды аз-аздан жоғарыға шығаруды жалғастырды. Екі адам тік тұрып, қиғашынан бұрай ақырын тартып еді, қар басқан қарақұйрықтың басы қарлы шұңқырдан шыға келді. Темір ілгек қарақұйрықтың дәл кеңірдегінен ілініп, терісі титтей де зақымдалмапты. Чен Чжен еңкейіп, қос қолмен жануардың басын ұстап, барша пәрменімен салмағы 50-60 цзин (25-30 кг) қарақұйрықты киіздің үстіне тастады. Үсіген қарақұйрықтың қарны кеппеді де, көгермеді де. Бұл қарақұйрық жалма-жан тұншығып өлген және қатып қалған-ды.
- Мынау бірінші сортты қарақұйрық екен. Ең жоғары бағамен сатуға болады, - деді ақсақал.
- Астында тағы бар, - деді қария бір күрсініп қойып, - Ендігісін сен ілгін. Құдықтың түбіне түсіп кеткен шелекті ілгендей дәл жерін тауып іл де, күшпен тарт. Терісін зақымдап алма, әйтпесе ақшаға жарамай қалады.
Ақсақалдың сөзіне мақұлдық білдіргеннен кейін, Чен Чжен сырықты алып, оппаға шаншып көрді де, оның түбінде шамамен бір-екі қарақұйрықтың бар екенін байқады. Ол талайға дейін түрткілеп жүріп, қарақұйрықтың мойнын тауып алды да, ақыры іліп алды. Чен Чжен сахарадағы қасат айдынынан тұңғыш рет үлкен «балықты», «балық» болғанда да 50-60 цзиң (25-30 кг) келетін балықты іліп алды. Онысы жайшылықта жүйрік атпен қуып жетуге болмайтын үлкен аң еді. Ол масайраған халде шет жағада жүрген Яң Кэге айғайлап:
- Міне, мен де біреуін іліп шығардым. Үлкен, керемет екен.
- Тез қайт! Қайта кел! Тез келіп мені ауыстыр! Атам демалсын! - деп асыға айғалады Яң Кэ.
Айдынның үстінен де, беткейдің әр жерінен де қуанышты дауыстар естілуде. Терісі бүтін, еті семіз ірі қарақұйрықтар бірінен соң бірі суырылып, «қарлы салмен» шет жағаға жеткізілуде. Сонау қайратты да қолдары епшілдер екінші «кемесін» шығара бастады. Бату, Касымай және Ламжаптың екі «киіз салы» ең епті екен - қарақұйрықтарды әрі тез, әрі дәл тауып, сондай-ақ арнайы үлкені мен жақсысын іліп шығады. Егер орташасы мен ұсағы, немесе іштері кеуіп көгергені ілінсе, әйтеуір жақсы бағаға сатуға келмейтін қарақұйрықтар ілінсе, оларды босаған қарлы шұңқырға қайта лақтырып жібереді. Құлазыған қарлы жазықта көктемгі мал төлдету кезінде ғана қызықтайтын мол өнімге кенелу көрінісі байқалады. Алыстағы тау шоқысынан қарап тұрған бөрілер әрине ызаға булыққан болу керек. Иен даланың шебер тонаушысы қасқырларды адамдар тонайтын кездер де болады екен ғой. Чен Чжен еріксіз қуанды.
Қария мен Чен Чжен екі қарақұйрықты тиеп, жағаға қарай жылжыды. Киіз «қайық» жағалауға жанаған сәтте Яң Кэ мен Баяр ақсақалды сүйеп, жерге түсірді. Чен Чжен киіз «қайықтан» түсірген екі қарақұйрықты төрт адам өз арбаларының жанына сүйреп апарды. Екі үйдің өгіз арбасына бірнеше ірі қарақұйрықтың әлдеқашан тиелгенін байқап қалған Чен Чжен істің мән-жайын сұрады.
- Баяр екеуіміз тек біреуін қазып алдық. Өзгелерін алдымен оралған бірнеше отбасының өкілдері біздің екі үйге сыйға берді. Олардың сөзінше, бұл Олұн сахарасының салт-дәстүрі екен. Атаның арқасында екеуіміз расында да үлкен олжаға кенелетін болдық, - деді Яң Кэ күліп.
- Сендер де сахараның адамдары болдыңдар. Бұдан былай иен даланың ереже-жоралғысын есте сақтаңдар, - деп күле жауап берді ақсақал.
Қария шаршапты. Ол арбаның жанында малдасын құрып, темекісін тартты.
- Екеулерің өз беттеріңмен іле беріңдер, - деді қарт жөн түсіндіріп, - Дегенмен қатты абайлаңдар. Егер шұңқырға түсіп кетсеңдер, дереу аяқтарыңды екі жаққа керіп, құлаштарыңды жайып, тыныштала қалыңдар. Сөйткенде ғана тым тереңге шөкпейсіңдер. Киіз үстіндегілер дереу ілмекті салсын. Бірақ байқаңдар, бетті іліп, жаралап алмаңдар. Әйтпесе, кейін келіншек ала алмайсыңдар, - деп жөтел аралас күлді де, Баярға отын әкелдіріп, от жағып, түскі асқа әзірлене бастады.
Чен Чжен мен Яң Кэ мәз-мейрам киіз «қайыққа» беттеді. Қарлы ойыстың шетіндегі қалың қарға жақындағанда, Чен Чжен кенет бір қар үңгірін байқады. Үңгір қардың астындағы жол сияқты одан да тереңге созылыпты.
- Жаңа атаның жанында саған айтуға батылым бармады, - деді Яң Кэ, - Бұл Баяр екеуіміз қазған үңгір. Әлгі дәу қарақұйрықты осы жерден қазып алғанбыз. Баяр кішкене болғанымен, айлалы екен. Сендер кете салысымен ол тонын жайып, қалтиған денесімен қар бетіне екпеттей кетіп сырғыды. Оны қар көтереді екен. Бес-алты метр жерге дейін сырғып барып, бір шұңқырды байқағаннан кейін, ол өрмелеп қайта келді. Сонымен екеулеп жүріп қарды үңгіп, әлгі қарақұйрықтың аяғына арқан байлап қайта шықты. Содан соң қарақұйрықты мен жалғыз тартып шығарып алдым. Баяр жүректі екен. Қардың беті ойылып түсіп, көміліп қала ма деп зәрем ұшты.
- Бұны бұрын-ақ байқағанмын. Ол құр қолмен көкжалдың сирағынан тартуға батылы жеткенде, мына қар үңгіріне ене алмайды дейсің бе? Моңғол балаларының бәрі осындай пәле, ал есейгенде тіпті де мықты болады! - деді Чен Чжен.
- Мен Баярға үңгірге кірмеуді айтқан кезде, бұл бала оқыстан «Бөрі апанына кіргенмін. Қар үңгірге кіре алмағаным ба?» деп айтпасы бар ма? Ол жеті жасында үлкен апанға кіріп, бір ұя бөлтірік алып шығыпты. Сен үнемі қасқырдың бөлтірігін алсам деп армандаушы едің ғой. Бөлтірік алатын кезде екеуіміз Баярды ілестірсек болады екен, - деді Яң Кэ.
- Олай жасай алмаймын. Моңғолдардың ержүректігін көріп жүрміз. Менде тек қызығу ғана қалды, - деді жалма-жан Чен Чжен.
Бейжіңдік екі студент Яң Кэ мен Чен Чжен моңғолдың қарлы «қайығына» шықты. Жадырай күлген Яң Кэнің жап-жас шырайынан әжімдер білінді. Ол:
- Кең далада аң аулау расында да ерекше қызық екен. Күні бойы қой бағып, сосын түнде күзетуге шыққан тым біркелкі де қызықсыз. Көкжалдармен араласқанда, бұл сахарадағы тұрмыстың сан қилы да мәнді, қызықты да әсерлі болатынын байқадым.
- Сахараның жері кең, адамы сирек. Төңіректегі ондаған шақырым аралықта бір киіз үй де кездеспейді. Бөрілермен айналыспасаң, аң ауламасаң, іш пысқаннан зерігіп тұншығуға болады. Ілгеріде кітаптарды аса құнығып оқи беріп, кітапқа құмар болыппын. Қарасам, дала халықтарының бөрі тотеміне сенуінің шынымен бірнеше мың жылдық тарихы бар екен, - деді Чен Чжен.
Таңертеңгі шай кезінде сиыр еті қуырдағын тойып жеген екеуі бұл сәтте бітпестей күш-қайраты тасыды. Ақ буды шапшаң будақтатып, айдаһар мүсінді жарыс қайығындағы қайықшыларша қол-аяғы тең қимылдап, бірде еңкейіп, бірде шайқалып бара жатқан екеуі киіз «қайықты» қар бетіндегі мотоциклдей құйғытты. Яң Кэ ақыры өз қолымен бір дәу қарақұйрықты тартып шығарды. Ол қуанғанынан киіз «қайықта» секеңдеп, қарға батыра жаздады. Қорыққанынан тұла-бойын суық тер басқан Чен Чжен дереу оны басып қойды. Яң Кэ қарақұйрықты ұрып жатып:
- Қазір ғана жұрттың қарақұйрықты іліп шығарғанын көргенде, көрген түске ұқсатқан едім. Енді міне, түсім шынға айналды. Шын! Шын! Нағыз жақсылық деп осыны айт. Сендерге рақмет, қасқырлар! - деп дауыстады.
Яң Кэ ілмектің сабын мықтап ұстап, оған Чен Чженді жолатпады. Чен Чжен де қатерлі «қайық» үстінде онымен таласпай-ақ, тек жүк тасушы «кули» (қара жұмысшы, құл) болды. Қатарынан үш ірі қарақұйрықты тартып шығарған Яң Кэ оларды іліп алуға құнығып, жағалауға шыққысы келмеді.
- Екеуіміз алдымен қарақұйрықтарды іліп шығарып, содан соң тасымалдайық. Сонда өнімділік бұдан да жоғары болады, - деп жаман күлген ол іліп алған қарақұйрықтарды қатқыл қардың үстіне тізіп жатқызды.
Жағалауда темекісін тартып болған Білге-ата орнынан тұрып, «көлдің» шетінде тұрған адамдарды шақырып, арбалардың жанында кең бос орынды тазартып дайындатты. Әр үйдің әйелдері үйлерінен ала келген ескі тақтай, көне арба дөңгелектерінің шабағы және басқа отын болатын нәрселерді бос орынға әкеліп, екі төбешік етіп үйіп тастады. Әрі сол жерге ескі киіздер төселіп, үстіне сүтті шай толтырылған термостар, арақ құтылары, ағаш тостақандар, тұз сауыттары қойылды. Санжы мен бір бала әлі үсіп өле қоймаған, бірақ қатқыл қардан сирақтары зақымдалған екі жаралы қарақұйрықты сойды. Олұн даласының малшылары ешқашан өзі өлген қарақұйрықтардың етін жемейтін. Осы екі тірі қарақұйрық аңшылардың түскі тамағы болды. Үлкен иттер әлдеқашан көкжалдардан қалған жемтікке тойғандықтан, осы сәтте терілері сыпырылып, ішек-қарны тазаланып, жылы буы бұрқыраған екі жануардың етіне көз қырын да салмады. От жағылып, Білге-ата, әйелдер, балалар әлсін-әлсін соғылып тұрған жас етті темір мен ағаш таяқшаларға шаншып, тұз сеуіп, оттың жанына отырып, кауап қақтап, денелерін жылытты. Шай іше отырып, ет жеді. Адамды еліктіретін шайдың жұпар иісі, сүтті шай, арақ пен еттің хош иісі лаулаған оттың түтінімен қосылып, жан-жаққа таралып, аңшыларды демалып тамақтануға шақырды.
Уақыт тал түске жақындағанда, әрбір отбасының киіз «қайықтары» жағаға екі-үш рет оралып, олжаларын түсірді. Әр үйдің өгіз арбасына алты-жеті ірі қарақұйрық тиелді. Осы тұста барша ерлер ауыстырылып, бой жазып, ішіп-жеп тойған әйелдер мен балалар түгелдей киіз «қайықтарға» отырып, шұғыл қарақұйрық ілудің қамына түсті.
Қарақұйрықтың қуырылған жас еті моңғол сахарасындағы әйгілі тағамы саналады. Соның ішінде, аң ауланғаннан кейін сол жерде от жағу, жас етті қуырып жеу - ежелгі моңғол қағандары, ұлық-төрелері, ақсүйектері қызыққан ләззат, сондай-ақ сахараның қарапайым аңшыларының қолдан бермейтін қуанышты бас қосу. Чен Чжен мен Яң Кэ ақыры ресми аңшылар қатарында осы жолғы салтанатты қонақасына қатысты. Бұл екеуі Бейжіңнің «Бянифаң» (арзан асханалар жүйесі) мен кауапхана дәмханаларын әлдеқашан ұмытқан еді. Аң аулаудың арыны мен шаршауы барлық адамның тәбетін әбден ашыпты. Чен Чжен өзін моңғол қағанынан да көңілді сезінді. Өйткені мынау жабайы бөрілер жаңа ғана тағылықпен тамақтанған жергілікті дала тағамы еді. Айналасы әлі сол қасқырлар тобы жеп қалдырған қарақұйрықтардың қаңқаларына толған. Бұндай орта оларды дастархан басында жолбарыс пен көкжалдарға ұқсас аң аулағаннан кейінгі ішек қарын-жүнімен қоса қомағайлана жегендей жоғары дәрежедегі шаттық сезімге кенелтті. Кеуделерінде кенеттен моңғолдардың ақ пейілділігі пайда болған Чен Чжен мен Яң Кэ екеуі уәделесіп алғандай, өз сезімдерін тежей алмай құмары қанғанша ішіп-жеп, барынша ән айтып думандаған моңғол аңшыларының қолынан арақ торсығын тартып алып, бастарын шалқайтып құшырлана ішті.
- Екеуіңді моңғолдың жабайылығына үйреткенім үшін енді бір жылдан соң Бейжіңге барып, сендердің әкелеріңмен жүздесе алмайтын шығармын, - деді Білге-ата қарқылдап күліп.
- Қытайлар моңғолдардың қайрат-жігеріне мұқтаж. Айдаған әскери арбалары Цзюйюңгуән шекаралық бекінісін (Бейжіңнің солтүстік-батысындағы Ұлы Қытай қорғанының таулы тік баурайында орналасқан бекініс) ойрандап, бүкіл жаһанға атылған, - деді Яң Кэ аузынан арақ иісін бұрқырата.
Кеңірдегін барынша керген Чен Чжен үш рет «Ата! Ата! Ата!» деп дауыстап, арақ торсығын төбесіне көтере «тайпа көсемі» Білгеге арақты ұсынды. Аузын толтыра үш рет ұрттап, риза болған ақсақал: «Балам, балам! Азамат ұлым!» деп үш рет дауыстады.
Әбден мас болған Бату үлкен алақанымен Чен Чженнің арқасынан бір қатты қағып:
- Сен....сен, сен жартылай моңғолсың. Қашан....қашан....сен моңғол әйел, әйел....әйелін алып, киіз үйде моңғол баласын.... тапсаң, сонда ғана толығымен моңғол саналасың. Сенің....сенің қайратың кем, бұл бо-бо-болмайды. Моңғол қыздары былғары көрпенің астында өте мықты. Бөрі, бөрі....бөрілерден де мықты. Моңғол еркек....еркектері өте қорқады. Қойлар сияқты, қорқады.
- Түнде еркектер қойлардай, ал әйелдер қасқырлар сияқты болады. Ең бірінші Касымай мықты, - деген Санжының сөзіне аңшылардың бәрі ду күлді.
Ламжап серпіліп Яң Кэні қалың қарлы үңгірге қайта-қайта жығып құлатты да, кекештене: «Се-сен қай....қай уақытта мені жықсаң, сонда ғана моңғол боласың» деді. Яң Кэ тойтару үшін бойына күшін жинап ұстаса кетті, бірақ Ламжап тарапынан арт-артынан үш рет тоңқалаң асып, жығылды.
- Се-сен.... сендер қытайлар шөп жеген қойлар секілді. Бі-біз моңғолдар ет жейтін көкжалдарға ұқсаймыз, - деді Ламжап қарқылдап күліп.
- Қарап тұр! Келесі жылы бір үлкен өгіз сатып алып жалғыз жеймін. Сондай-ақ, бойым өсіп, сенен биік болған кезде, сен «қой сияқты» болып қаларсың, - деді Яң Кэ үстіндегі қарды қағып.
- Жарайды! Жақсы! Жақсы! - деп дүркіресті аңшылар.
Сахара моңғолдары арақты қатты көтереді. Жеті-сегіз үлкен арақ торсығын бірнеше рет айналдырып ішіп-ақ түгін қалдырмайды. Арақтың таусылғанын байқаған Яң Кэ батырсынып, Ламжапқа шыңғыра дауыстады:
- Күресуде саған жетпеймін. Екеуіміз арақ ішіп сайысайық!
- Сен түлкілерден үйреніпсің. Алайда иен даладағы түлкілер бөрілердің қулығына жетпейді. Асықпа, менде арақ әлі бар, - деді де Ламжап өз тұлпарының жанына лезде жетіп барып, ер-тоқымның үстіндегі киіз дорбадан бір шөлмек сахара арағын, сондай-ақ екі рөмкені суырып шығарды. «Бұл менің қонаққа сақтаған арағым еді.... Осы жолы сені жазалау үшін пайдаланайын» деді ол шөлмектегі арақты шайқап-шайқап.
- Жазасын бер! Жазасын бер! Жазалау керек! - деп шулады көпшілік.
- Түлкі расында да қасқырға тең келе алмайды екен. Ұтылыс арағын ішсем ішейін, - деді Яң Кэ зорлана күліп.
- Сен сөзімді.....жақсылап тыңдап ал! Сахараның ұтылыс арағын ішу қағидасы бойынша мен қанша рөмке іш десем.... сен сонша рөмке ішесің. Баяғыда бір ауыз сөзді қате айтқаным үшін моңғол мен қытай тілдеріне бірдей жүйрік тілші мені мас қылған. Бұл жолы сені бір ішкізіп азаптайын, - деді де Ламжап арақ құйылған бір рөмкені тартып жіберді. Содан соң жартылай жүйрік қытай тілінде: «Бозторғайлар қос-қостап ұшар, бір қанатына асып-ап екі бокал» - деді.
- Төрт қанаттың әрқайсысында екі рөмкеден ғой! Барлығы сегіз рөмке ғой! Әлде бір қанатына бір рөмкеден асқан болар, - деді үрейленгеннен өңі сұп-сұр болған Яң Кэ.
- Егер сөзіңде тұрмасаң, мен бозторғайдың бір қанатына үш-үш....үш рөмкеден асамын, - деді Ламжап.
Көпшілік, ішінде Чен Чжен де бар, бір ауыздан дауыстады: «Іш! Міндетті түрде іш!». Яң Кэ рухтанып арт-артынан сегіз рөмкені ішуге мәжбүр болды.
- Сахарада досына қулық қылғандар оңбай зиян тартады, - деді ақсақал күліп.
Чен Чжен мен Яң Кэ қария қуырған екі істік кауапты алып, езулерінен жас еттің сөлін ағыза жеді. Екеуі де қақтап піскен өте жұмсақ етке әлдеқашан дәнігіп алған-ды.
- Ата, бұл менің көкжалдардың азығын алғашқы рет жеуім, - деді Чен Чжен, - Сондай-ақ осы жасқа келгенімше жеген ең дәмді, ең тамаша ет болды. Патшалар мен олардың ханзадалары аң аулауға неге сонша құштар болғанын қазір ғана білдім. Таң патшалығының билеушісі Тайцзуң ежелгі Қытайдың ең мықты патшасы болған. Ол аң аулауды өте жақсы көретін. Оның тақ мұрагері, яғни оның ізбасары үнемі өзінің түрк жасауылдарымен бірге қырға шығып, салт атты түрде саят құрған. Тақ мирасқоры сондай-ақ өз сарайының ауласында орнатқан шатырдың ішінде сендер секілді қой сойып, ер пісіртіп, етті пышақпен тіліп жейтін. Далалық тұрмысты жақсы көргені соншалық, ол тіпті патша болғысы келмепті. Ол түрктердің бөрі басты әскери байрағын көтеріп, түрк атты әскерлерін ілестіріп, кең далада аң аулап, түрктердің сахаралық тұрмысын кешкен. Кейін ол өзінің тақ мұрагері орнынан шынымен де айрылған екен. Таң патшасы Тайцзуң оны өз мұрагері етпепті. Дала тұрмысының расында да еліктіргені соншалық, құмартқан адамдар тіпті патша болудан да бас тартқан екен.
Мұны естіген ақсақал көзін адырайта ашып:
- Бұл әңгімені бұрын маған айтпағансың. Қызық екен, қызық екен. Егер сендер қытайлар бәрің осы патша мұрагеріндей байтақ даланы ұнатсаңдар, көрім болар еді. Ол қағанның орын-мәртебесін тастамаса да тәуір болар еді. Қытайдағы Ұлы Циң патшалығының (1644-1911 жж. билік еткен манчжур әулеті) билеушілері Моңғолия даласын жақсы көретін, моңғол сахарасында саятшылық қылуды, моңғол қыздарына үйленуді ұнататын. Сондай-ақ қытайлардың иен далада тың игеруіне рұқсат етілмейтін. Ол кезде моңғолдар мен қытайлар онша соғыспайтын, сахарада қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған аса тыныш заман болатын.
Білге-ата Чен Чжен айтқан тарихи әңгімелерді аса құмартып тыңдайтын. Тыңдап болған соң ол еруге қару ретінде оған да кейбір моңғол аңыз-риуаяттарын әңгімелеп беретін.
- Иен далада қасқырлардың азығын жемеген адам нағыз моңғол саналмайды. Аңның еті болмаса, бәлкім моңғолдар да болмас еді. Бұрын моңғолдар тұйыққа тіреліп, зауалға бет алғанда, көкжалдардан қалған аңның етін жеп, тірі қалған екен. Шыңғысханның бір арғы атасы қалың таудың ішінде қамалып, ешнәрсе де таба алмай, жабайы адамдардай күн кешіп, аштықтан өлуге аз қалған. Оның тек бөрілердің соңынан білдірмей ілесуден еш шарасы қалмаған екен. Олар аң ұстағанда ол жым-жырт сабырлылықпен күтетін. Көкжалдар әбден тойып кеткеннен соң, олардан артылған жемтікті жеген. Осылайша жалғыз өзі тау ішінде бірталай жыл өмір сүрген. Ақыры ағасы оны іздеп тауып, үйіне алып қайтқан. Бөрі - моңғолдардың құтқарушысы һәм жарылқаушысы. Ол болмаса Шыңғысхан да, моңғолдар да болмас еді. Қасқырлардың тағамы өте дәмді. Осы жолы олардың бізге сыйлаған осыншама жаңа жылдық бұйымтайдың көптігін қарашы.... Алайда, көкжалдардың тағамы ауызға осыншама оңай түсе бермейді. Мұны кейін білетін боласың, - деді қария.
Екі қарақұйрық тып-типыл желінді. Маздаған от та біртіндеп сөнді. Алайда, Білге-ата әлі де қар күретіп әкеліп, күлдің үйіндісін ұқыптылықпен бастырып тастады.
Бұлттар барған сайын қоюлана түсті. Таудың төбесінде ұйтқыған желмен тозаңдана ұшқан қарлы тозаң құдды жұқа орамалдай желбірей бастады. Әр отбасының аңшы ерлері киіз «қайықтарын» қарлы шұңқырға тағы айдады. Адамдар өгіз арбаларын қарлы боранның шұңқырларды көмуден бұрын толтыруға асықты. Көп ілгішпен қар астынан бір қарақұйрықты іліп шығару алты-жеті қорап Сычуән өлкесінің шайын немесе Тянцзин қаласының «Хайхэ» маркалы темекісінің ондаған қорабын, не болмаса Ішкі Моңғолияның «Цао’юән» маркалы арағының 15-16 бөтелкесін алғанмен тең. Білге-атаның басқаруымен әрбір отбасының саятшысы барлық киіз «қайықтарын» айдынның терең жерінен таяз жеріне шоғырландырып, ондағы біршама оңай іліп алуға болатын қарақұйрықтарды жан-тәнімен шығаруға кірісті. Ақсақал адамдарды тағы бірнеше топқа бөліп, іліп шығаруға ептілерді қарақұйрықтарды іліп шығаруға, сырғанауға ептілерді оларды тасуға қойды. Киіз «салдар» жағаға жақындағанда, ұзын арқандар да өз тиімділігін көрсете бастады. Бірнеше еңгезердей жігіт жағалауда тұрып, кемежайда арқан тастағандай ұзын арқандарды қарақұйрықтар тиелген киіз «қайықтарға» лақтырды. «Қайықтағы» адамдар арқанның басын киіз «қайықтың» шетіне байлап, арқанды қайтадан жағадағыларға лақтырады. Жағада тұрғандар арқанды бірлесіп тартып, киіз «қайықтарды» жағалауға жақындатты. Содан соң ұзын арқан қарлы айдынның ортасында тұрған адамдарға қайта лақтырылып, олардың киіз «қайықтарды» кері тартуына жол берілді. Осындай селбестік жұмыстың қарқынын айрықша жеделдетті.
Қарлы айдындағы адамдардың көлеңкесі зәулім таудың көлеңкесі тарапынан жұтылды. Барша отбасының өгіз арбалары жүкке әлдеқашан артығымен тиелді. Дегенмен, аңшылардың бір бөлігі от жағып, түнде шамның жарығында «соғысуды», яғни тасып әкете алмаған қарақұйрықтарды жағалауға үйіп қою, мылтықты күзет қалдыру, ертесіне тағы тасымалдау үшін арбалар жіберуді ойлады. Алайда, Білге-ата дауыстап бұл әрекеттерді тоқтатты:
- Тәңір бізге бұл жақсы күнді сыйлап, осы қарақұйрықтарды алуға нәсіп қылған. Тәңір өте әділ. Бөрілер адамның қойы мен жылқысын жеген-ді, сол қарызды бізге қайтарды. Енді міне, Тәңір боранды көтеріп, артылып қалған қарақұйрықтарды қасқырларға қалдырғысы келді. Тәңірдің сөзіне құлақ аспауға кімнің дәті шыдайды? Кім осы қарлы айдында қалғысы бар? Түнде ақ түтек боран мен көкжалдар тобы бірге келсе, көрейін қайсысың төтеп береді екенсіңдер, - деп зекіді қария.
Ешкім де ауыз ашпады.
Ақсақал бәріне де қайтуды бұйырды. Шаршап-шалдықса да көңілдері көтеріңкі жұрт зілдей ауыр арбаларын итеріп, олардың тау жотасынан асуына жәрдемдесті. Сосын аттарына мініп, арбаларына отырып, өз топтары тұрған тұраққа қарай жол тартты.
Чен Чженнің тұла-бойындағы ыстық тер суық терге айналды. Ол дамылсыз қалтырады. Қарлы айдынның іші-сыртында, тау жотасындағы қарлы жолының әр жерінде адамдардың іздері, отынның күлі, темекі тұқылы, арақ бөтелкелері, сондай-ақ арбалардың айғыз-айғыз іздері қалды. Бәрінен жаманы арба дөңгелектерінің іздері тікелей топтардың тұрағына дейін шұбатылып барды. Чен Чжен аяғымен тақымын теуіп-теуіп, Білге-атаның жанына шауып барып, сұрады:
- Ата, бөрілер бұл жолы қатты зиян шекті. Олар өш алуы мүмкін бе? Сіз әрдайым қасқырлардың есте сақтау қабілеті ең күшті дейсіз ғой. Жегенін де, соққыға ұшырағанын да, кегін де есінде сақтайды ма?
- Біз қарақұйрықты шамалап ғана қазып алдық, - деді ақсақал, - Жартысынан көбісін көкжалдарға қалдырдық. Егер мен үлкен ашкөздік танытып, қарлы шұңқырлардың үстінен түгел сырықтар қадасам, ақ боран шұңқырды тегістегенмен, сырықтарды көме алмас еді. Менің қалған қарақұйрықтардың бәрін қазып алуыма болады. Алайда, мен бұлай істесем, Тәңір кейін менің жан-рухымды қабылдамайды. Мен олай істемеймін, әрі жайылымның қамын да жемесем болмайды. Келесі жылғы көктемнің басында бөрілер тобы үсіп-қатқан қарақұйрықтарды жесе, адам мен малға әурешілік түсірмейді. Оның үстіне, қасқырлар адамдарға жақсы шаруа істеді. Біз де өз жағымыздан шектен асырсақ жөн болмас. Алаңсыз бол, көкжалдар патшасының көңілінде өз есебі бар.
Түн. Қарлы боран байтақ далада алай-дүлей соғып тұр. Екінші топтың зиялы жастарының киіз үйіндегі ошақта от лапылдап маздауда. Чен Чжен «Моңғолдың құпия тарихын» жаба қойып, Яң Кэге деді:
- Білге-ата айтқан бөріден қалған жемтікпен қоректеніп, тірі қалған әлгі адам Шыңғысханның сегізінші атасы Боданчар екен. Шыңғысханның руы - боржигин. Бұл ру сол Боданчардан бастап тарихтың сахнасына шығыпты. Әрине, кейінгі бірнеше әулет бірталай сәтсіздіктер мен апаттарды бастан өткерген.
- Олай болса, қасқыр секілді қолбасшы мен әскери жаттықтырушы болмағанда, шынымен де Шыңғысхан және оның алтын әулеті һәм айлалы да қайсар моңғол атты әскерлері де болмас еді. Дала көкжалдарының моңғол ұлтына тигізген ықпалы айрықша зор екен, - деді Яң Кэ.
- Қытайға, бүкіл әлемге көрсеткен ықпалы тіпті де күшті болғанын айту қажет. Шыңғысхан және ол бастаған атты әскерлер шыққаннан кейін Қытайдағы Цзин патшалығы мен Оңтүстік Суң патшалығынан кейінгі тарих толығымен басқаша болды. Орталық Азия, Парсы, Ресей, Үндістан секілді елдердің тарихы да бүкілдей басқаша жазылды. Моңғол атты қосындары Азия мен Еуропаны ендей кесіп өтіп, салған даңғыл жолмен Қытайдың оқ-дәрісі батыс мемлекеттеріне таралды. Кейін сол оқ-дәрілер батыс елдердің феодалдық қамал-бекіністерін жарып, капитализмның бой көтеруіне бөгет жасаған кедергілердің бәрін алып тастады. Сосын отты зеңбіректер Шығысқа қайта айналып келіп, Қытайдың қақпасын қиратып, ең ақырында моңғол атты әскерлерін талқандап, дүние жүзін астаң-кестең қылды.... Алайда, бөрінің тарихта ойнаған ролі адамдар жазған жылнама тарихтарда түгел өшіріліп, ескерусіз қалды. Егер тарихты Тәңір жазған болса, моңғол сахарасындағы қасқырларының есім міндетті түрде тарихта қалдыратын еді, - деді Чен Чжен.
Жаңа ғана әкелген бір арба көлденең табысқа бола қуанышы қойнына сыймаған бақташы Гао Цзянчжуң асығыс сөйледі:
- Сен екеуің қайдағы-жайдағыға бола несіне айтысып жыртыласыңдар? Бізге шұғыл міндетіміз - жылдам амалын тауып, қарлы шұңқырда қалған қарақұйрықтардың бәрін қазып алу. Сонда байлыққа белшеден батамыз.
- Жаратқан ием көкжалдарды жақтауда. Оның бізге осы бір арба қарақұйрықты бергені де жетер. Мына алапат қарлы боран аз дегенде үш күн, үш түн соғады. Қарлы айдын ішіндегі қардың қалыңдығы тағы жарты метр қалыңдаса, шұңқырдың біреуі де көрінбей қалады. Қарақұйрықты қазып алуды ойласаң, бұл ісің инемен құдық қазғанмен бірдей болады, - деді Чен Чжен.
Киіз үйден шыққан Гао Цзянчжуң аспанға қарады да, қайта кіріп айтты:
- Шынымен-ақ үш күн, үш түн соғатын түрі бар. Бүгін барғаным жақсы болар еді. Ең үлкен бірнеше қарлы шұңқырға сырықтарды қадайтын едім.
- Онда сен Касымайдың ірімшігін жеймін деп дәмеленбе, - деді Яң Кэ.
- Қап.... Келесі көктемнің басталуын күтетін болдық ғой. Уақыты келгенде мен тағы бір арба қарақұйрық тиеп әкеліп, тікесінен Байынғап коммунасының сатып алу пунктіне апарамын. Сен екеуің үндемесеңдер, ешкім де білмейді, - деді Гао Цзянчжуң күрсініп.
Қыс мезгілінің қалған жартысында ферманың төрт түлік малына расында да оқиға туылмады. Олұн даласының бөрілері қарақұйрықтар үйірінің соңына түсіп, алысқа кетіпті. Ірі қар апаты да болмады.
Зеріктіретін қыс мезгілінде Чен Чжен әр күні қой бағу немесе түнгі қой күзетумен болды. Алайда, қолы босаған кезде құдды аңшылардай жер-жерді түртпектеп, сахарадағы қасқырлар туралы аңыз-хикаяларды жиып-терді. Ол ең көп уақытын «ұшатын көкжалдар» жөніндегі аңызға сарп етті. Олұн даласында кеңінен таралған бұл аңыздың орын алған уақыты да онша әрі емес-тін. Оқиға туылған жер дәл осы өзі тұратын үлкен отрядта болған екен. Чен Чжен бұл аңыздың анығына жетуді ұйғарды, ақшулан бөрінің Олұн сахарасында қалай «ұшқанын» білуді ойлады.
Зиялы жастар иен далаға келе салысымен малшылардан Тәңірдің сахарадағы қасқырларды аспаннан жібергенін, сондықтан олардың ұша алатынын естіген. Мыңдаған жылдардан бері далалық малшылар өлгеннен кейін мәйіттерді жапан түздегі ашық аспан астындағы жерлейтін жерге апарып, көкжалдарға жегізетін. Олар адамның өлігін түгелдей кеміріп жесе, «жерлеу» аяқталды деп есептелетін. Бұндай «жерлеу» түрінің негізі бөрілердің ұша алу себебінен келіп шығады. Олар Тибеттегі құзғын құстардай Тәңірдің дәргейіне өлген адамның жанын ұшып жеткізеді-міш. Алайда, зиялы жастар бұны «төрт ескі» («ескі мәдениет», «ескі ойлау», «ескі әдет-ғұрып», «ескі дағды»), соқыр нанымға балаған кезде, малшылар қасқырлардың ұшатынын өжеттене айтып тұрып алатын:
- Бұрынғыны айтпай-ақ, таяудағыны сөз етсек, «Мәдениет төңкерісінен» үш жыл бұрын көкжалдардың кішкене тобы 2-отрядтағы Церен Доржынның тас қорасына «ұшып» кіріп, ондаған қойын жеген, сондай-ақ 200 астам қойын жарып кеткен. Бөрілер әбден тойып, тас қорадан тағы асып, «ұшып» кеткен. Дуалының биіктігі алты-жеті кездей келетін сол тас қашардан адам да өрмелеп шыға алмайды. Ал қасқырлар ұша алмаса қалай кіре алады? Сол тас қора әлі бар. Сенбесеңдер, барып көруге болады. Сол күні ферма меңгерушісі Үлжі ферманың басшыларын түгел бастап барып көрді. Тіпті милиция бөлімшесінің бастығы Қарабала да барып, фотосуретке түсіріп, метрлеп өлшепті. Қашардың дуалы өте биік, көкжалдардың одан секіріп түсуі мүмкін емес. Қабырғаның төңірегінде олар қазып кірді дейтіндей үңгір де жоқ. Бірнеше күн тексерсе де бөрілердің қалай кіріп, қалай шыққанын ешкім ұға алмады. Малшылар ғана ішінен істің мән-жайын білген екен.
Бұл әңгіме ұзаққа дейін Чен Чженнің ойынан кетпей жүрді. Қасқырларға қатты құмартқан ол бұл әңгімені тағы есіне алған кезде, ондаған шақырым салт атты жол жүріп, әлгі тас қораны тауып, егжей-тегжейлі бір рет зерттеген-ді. Ол сонда да олардың қораға қалай енгенін анықтай алмады. Чен Чжен Церен Доржы қарияны тағы тауып алады.
- Білмеймін, менің тентек ұлдарымның қайсысы Тәңірді ренжіткенін. Әйтеуір, үй-ішім сол жолы елдің қарғап-сілеуіне қалды, - деді қария.
Алайда, оның орта мектепте оқитын бір баласы бұл оқиғаны толығымен ферманың қате белгілемесінен көретінін әңгімеледі:
- Ол кезде Олұн даласында тас қора болмаған екен. Ферма кеңсесі түнгі күзетке тұратын малшылардың еңбегіне берілетін номерді азайту, сондай-ақ қойлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мал төлдейтін жайылымда ең алдымен бірнеше тас қора салыпты. Ферма басшылығы: «Тас қора болғандықтан, көкжал кіре алмайды. Малшылар түнде күзетке шықпай-ақ, алаңсыз ұйықтаса болады» депті. Сол күндері біздің үй кеш түскенде қораның есігін бекітіп, түнде күзетпейтін болды. Сол түнде көптеген бөрілер келгендей иттердің әдеттегіден тыс үргенін естідім. Алайда, «Түнгі күзетке шықпай-ақ қойыңдар» деген ферма басшылығының сөзіне аңғалдықпен құлақ асып, шығып қарамаған едім. Таңертең қораның есігін ашқанда, қойлардың көбісінің қырылғанын көретінімді қайдан білейін. Қорыққаннан бүкіл жанұяның есі шықты. Қораның іші түгел қалыңдығы екі елідей қан-жоса. Тіпті қора қабырғаларына да қан шашырапты. Әрбір өлген қойдың мойнында төрт ырсиған тесік қалған. Қан қораның сыртына дейін ағыпты. Сондай-ақ бірнеше жерде қасқырлардың мәйегі жатыр.... Кейін ферма басшылығы қайтадан белгілеме шығарып, тас қораның жанында орналасқан киіз үйдегілер түнде күзетке адам шығарса, түнгі кезек үшін жұмыс нөмірін беретін болды. Осы жылдары төл алынатын көктеуліктердің тас қоралары мен там қоралары барған сайын көп салынған. Адамдар түнгі күзетке тұратын болды. Содан бері қораға көкжалдар ұшып кіріп, қойларды қырғындау жәйттері де байқалмайды.
Чен Чжен үмітін үзбей, көптеген малшылардан мән-жайды тағы сұрастырды. Ер-әйел, кәрі-жастың бәрі де бөрілердің ұшатынын айтты. Олардың айтуынша, өлген қасқырлардың жандары да Тәңірдің дәргейіне ұшып кетеді екен.
Кейін милиция бөлімшесінің бастығы Қарабала «босатылып», аудандық кадрларды тексеру кеңсесі оны қайтарып жіберіпті. Бұрынғы міндеті де қалпына келтірілді. Чен Чжен дереу Бейжіңнің жақсы темекісін алып, оның үйіне амандасуға барғанда ғана «ұшатын көкжалдардың» тас қораға қалай «ұшып» енгенін анық білді. Ішкі Моңғолия автономиялы районының Қоғамдық қауіпсіздік училищесінен арнайы білім алған Қарабала қытай тілінде кідіріссіз сөйлейтін. Оның сөзінше, бұл іс баяғыда-ақ ашылған екен. Өкінішке орай, кең сахарада оның ғылыми дәйектемесі сын көтере алмады. Малшылардың басым бөлігі оған мүлдем сенбеді. Олар әлі де бөрілердің ұшатынын мойындайтын. Тек кейбір оқымысты да тәжірибелі аңшылар ғана оның тексеруі мен тұжырымдауына сенді.
- Бұл ұлттың сенім-нанымы мен әдет-ғұрпын құрметтеу тұрғысынан айтқанда, қасқырлардың тас қораға ұшып кіруін толығымен теріске шығаруға болмайды. Олар ең кемінде белгілі бір аралықты кеңістікте ұша алады, - деп милиция бөлімшесінің бастығы Қарабала күлді де, әңгімесін жалғастырды, - Сол күні бүкіл ферманың малшылары шошып, Тәңір ашуланып, Олұн даласына үлкен бақытсыздық түсіретін болды деп қараған еді. Жылқышылар жылқыларын тауда қалдырып, әлгі тас қораны көру үшін шауып келді. Қарттар мен әйелдер жерде тізерлеген күйде Тәңірге бас ұрды. Балалар шошығаннан ересек адамдар ұруға құлшынса да жылай алмады. Өндіріске тиетін теріс әсерден алаңдаған ферма бастығы Үлжі күйгелектеп, маған екі күннің ішінде осы істі анықтап ашу жөнінде бұйрық берді. Мен бүкіл жайылымның басшы кадрларын нақ оқиға болған жерді күзетуге ұйыстырдым. Алайда, оқиға орны әлдеқашан бұзылып болған еді. Тас қораның сыртындағы белгі-деректердің бәрі қойлар мен адамдардың аяғымен тапталып жойылыпты. Мен үлкейткіш әйнекті ұстаған бойда қабырғаларды бір-бірлеп қарап, белгі-деректерді іздеуге мәжбүр болдым. Ақырында, әйтеуір қашардың солтүстік-шығыс бұрышындағы қабырғаның сыртында көкжалдың күңгірттеу екі қанды табан ізін таптым. Сонымен бұл іс ашылды. Бөрілердің қалай кіргенін өзің тауып көрші?
Чен Чжен басын баяу шайқады. Милиция бөлімшесінің бастығы Қарабала деді:
- Менің тұспалдауымша, ең үлкен арлан қасқыр қабырғаның сыртында сүйеніп тік тұрып, артқы екі аяғын жерге тіреп, алдыңғы екі аяғын қабырғаға артып, өз денесін көкжалдар үйірі үшін трамплин тақтайы ретінде қолданды. Сосын өзге бөрілер он шақты адымдай жерден атылып келіп, арлан қасқырдың жотасынан секіріп, қой қораның ішіне қарғып түскен. Егер қораның ішінен қарайтын болсақ, онда көкжалдар ұшып келген сияқты көрінеді ғой?
Біразға дейін аңтарылып қалған Чен Чжен:
- Олұнның бөрілері шынымен де айрықша ақылды екен. Байтақ далада енді ғана тас қора салынған кезде, қасқырлар одан қалай секірудің амалын тапқан. Даланың көкжалдары нағыз елеске айналыпты.... Малшылардың олардың ұша алатынын айтуының расында да жөні бар. Бөрілер секірсе болды, сосын жерге түскенге дейінгі аралықты ұшу қашықтығы деп есептеуге болады. Олар «аспаннан түсіп», қой отарының арасына еніп, шынымен де қойларды есінен тандырып үркітеді. Қасқырлар тобы сол жолы мол олжаға кенеліп, қой қораның ішінде тойғанша жеп, құмарынан шыққанша қырғындапты. Дегенмен, қораның сыртында қалған әлгі арлан көкжал бейбақ екен, бәрінен құр қалып, ешнәрсе де жей алмапты. Ол - аса жоғары қасиетке ие, отбасысының қамын жейтін белгілі бір қамқоршы арлан.
Милиция бөлімшесінің бастығы Қарабала қарқылдап күліп:
- Олай емес, олай емес. Менің пайымдауымша, сырттағы бұл арлан да қораға еніп, тойғанша жеген. Сен білмейсің, сахарадағы бөрілердің ұжымдық рухы ерекше күшті, ұйымшыл, топтары ынтымақшыл. Олар өз бауырлары мен жанұясын тастамайды. Іштегі қасқырлар жеп тойғаннан кейін, біреуі трамплинның орнында тұра қалып, тойған көкжалдың біреуін сыртқа секіртіп шығарады. Сосын ол әлгі аш бөріге секірмелі тақтай секілді тұрып, оны ішке кіргізіп, тойдырыпты. Қабырғаның сырт жағындағы әлгі екі қанды табанның ізі дәл іштегі қасқырдың сыртқа шығып, трамплинның рөлін атқарғандағы ізі. Әйтпесе, бұл қанды із қайдан келді дейсің? Арлан көкжал алғашқыда трамплинның рөлін атқарған уақытта, қойлар әлі қырыла қоймаған, оның аяғының табандары тап-таза, қан жұқпаған болатын. Солай емес пе? Сен сол кездегі ахуалға тағы зер салсаң, бөрілер адамдарды шындап отырғызып кеткен. Қасқырлар тобы толығымен тас қораға кіріп, қойларды қынадай қырған. Адамдар тас қораны оларға тосқауыл ету үшін жасады, бірақ бұнысы керісінше қой қораны бағатын иттердің қашар сыртында бөгелуіне әкелді. Церен Доржының үйіндегі иттер сөзсіз зығырданы қайнап, мұрындары қисайған болар. Иттер көкжалдарға еліктей алмайды да, олардан үйрене алмайды. Тіпті бөрілер секілді қой қашарына секіріп түсіп, олармен жұлқыласа да алмаған. Иттер қасқырларға қарағанда көп есе есалаңдау келеді.
- Мен де көкжалдан көп есе аңқау екенмін. Дегенмен, тағы бір мәселе бар. Бөрілер тобы қалайша түгел аман-сау кетіп қалды? Демекші болғаным, ең соңғы қасқыр қалай кеткен? Кім оған «саты» болды? - деп сұрады Чен Чжен.
Милиция бөлімшесінің бастығы Қарабала күлімсірей сөйледі:
- Көкжалдармен салыстырғанда, адамдар шынымен ақымақ екен. Сол кезде жұрт та бұл мәселені түсіне алмай, дал болған. Кейін ферма басшысы Үлжі қойдың қалың қанын кешкен халде қораға кіріп, егжей-тегжейлі қараған соң ғана істің анығына жеткен. Әсілі, тамның солтүстік-шығыс бұрышына кем дегенде алты-жеті қойдың өлігі үйілген екен. Ең соңында қалған бөрі сөзсіз ең қабілетті, ең қуатты арлан екен деп пайымдады көпшілік. Ол жалғыз өзі өлген қойларды тістелеп сүйреп, қабырғаға сүйеп жиып, солардың үстімен қарғып шықса керек. Сондай-ақ кейбір адамдар бір қасқырдың бұнша қиын жұмысты тындыра алмайтынын, міндетті түрде ең соңында бірнеше көкжалдың топталып істегенін, сосын бір-бірлеп сыртқа секіріп шыққанын айтты. Кейін ферма бастығы Үлжі барша отрядтар мен топтардың басшыларын шақырып, оқиға орын алған жерде көпшілікке бөрілер тобының қалай қарғып кіріп-шыққанын сараптап талдады және нұсқа түрінде түсіндірді. Содан кейін ғана ферма біртіндеп тынышталып қалды. Ферма басшылығы Церен Доржыны сындаған да, жазаға тартқан да жоқ. Қайта ферма бастығы Үлжі өзін-өзі сынап, өзінің қасқырларға аса ағаттықпен қарап, жауды жете бағаламағанын айтты.
Бұны естіген Чен Чженнің төбе шашы тік тұрды. Ол милиция бөлімшесінің бастығы Қарабаланың ғылыми негіздемесіне сенгенмен, осыдан кейін дала көкжалдары оның түсіне көбінесе самғаған жын-елестің бейнесінде енетін болды. Ол үнемі суық тер басып, ұйқыдан оянуды шығарды. Содан бастап Чен Чжен сахараның аңыз-риуаяттарына құрдан-құр әуестену көзқарасымен қарай алмайтын болды. Ол көптеген батыс ғалымдарының неліктен діни ыждахатпен шіркеуде тізерлеп шоқынатынын енді түсіне бастады.
Бірталай күн өткеннен соң Чен Чжен тағы ыңғайын келтіріп, үлкен отрядтың екі жердегі далаға тастап жерлейтін орындарын нақпа-нақ тексеріп зерттеді. Біреуі Чағантолғай тауының солтүстігінде, тағы біреуі Қаратас тауының солтүстік-шығыс тарапында орналасқан. Сырттай қарағанда, бұл екі қорым ферманың басқа жайылымдарындағы беткей-текшейлермен аса үлкен айырмашылығы жоқ. Алайда, тәптіштеп зерттегенде айырмашылығы аз емес екен. Екеуі де көшпенділердің ежелгі көш жолынан шалғайда жайғасыпты. Құлазыған жапан түздің қалтарысы және сахарадағы киелі таудың солтүстігі бөрілердің мекені мен Тәңірге жақын, аруақтардың аспанға көтерілуіне қолайлы. Оның үстіне, ондағы жердің бедері кедір-бұдыр да ойлы-қырлы, өгіз арбаның шайқалып-теңселуіне оңтайлы.
Олұн даласында мыңдаған жылдан бері малшылар қайтыс болғанда, кейбір отбасылар өліктің ішкі-сыртқы киімін түгел шешіп, мәйітті киізге орап, қысып буып қояды. Сондай-ақ кейбіреулер өлген адамның киіміне тиіспейді. Содан мәйіт өгіз арбаға салынады. Арба дәртесінің басына көлденеңнен ұзын тақтайды байланады. Таң сәріде осы рудың екі аға буын ерлері көлденең ағаштың екі басынан ұстаған күйі атқа мініп, арбаны мәйіт тастайтын жерге айдайды. Және де жылқыны қамшылап, жылдам шабуға мәжбүрлейді. Қай уақытта мәйіт шайқалып өгіз арбадан түссе, сол жер оның жанының Тәңірдің дәргейіне қайтатын орын болады екен. Онысы өмірі сәйгүліктің үстінде өткен ұлт өкілдерінің ойлы-шұңқыр соқпағы мол тіршілігінің аяқталғанын бейнелейді. Егер өлік киізге оралған болса, әлгі екі жасамыс кісі аттан түсіп, киізді ашады, денені жалаңаштап, шөпті жерге шалқасынан жатқызады. Дүниеге жаңа келгендей жалаң да қам-қайғысыз күйде жатады. Осы мезетте мәйіт қасқырларға, Жаратушыға тапсырылған болады. Өлген адамның жаны Тәңірдің дәргейіне көтерілуі оның тірі кезінде істеген жақсылығы мен жамандығына байланысты. Әдетте үш күннен кейін анық-қанығы білінеді. Егер үш күннен соң өлген кісінің денесі көрінбесе, кемірілген сүйектері ғана қалса, онда марқұмның жаны Тәңірдің дәргейіне кеткен болады. Егер өлі дене әлі сол жерде жатса, оның отбасы мүшелері берекелері қашып, қатты үрейленеді. Алайда, Олұн сахарасында көкжалдар көп болғандықтан, Чен Чжен өлгендердің ішінде ешкімнің жанының Тәңірге көтерілмегенін естімеген еді.
Чен Чжен Тибетте өлікті далада қалдыру салтын білетін, бірақ моңғол сахарасына келуден бұрын мұндағы моңғолдардың да өлікті далаға тастайтынын, оны алып құс-құмайларға емес, қайта бөрілерге жегізетінін білмеуші еді. Чен Чженге бұл барған сайын әрі қорқынышты, әрі қызықты білінді. Ол төменгі отрядтарға қажетті бұйымдарды жеткізетін арбаның иесінен өліктерді тастайтын орынның жалпы орнын біліп алып, дереу орайын тауып сол жерге екі рет ешкімге білдірмей барып келді. Алайда, қалың қар басқандықтан, ол көрмекші болғанын көре алмады. Қақаған қыс өтуге таяғанда, ақырында ол қарлы жердің үстінде мәйіт апаратын жерге қарай кеткен ат пен арбаның іздерін байқаған. Арбаның ізімен жүре келе аурудан қайтыс болған кәрі кісінің өлігін көрді. Жаңа ғана әкелінген секілді. Айналасында аттар мен адамдардың іздері, арбаның жолы әлі жаңа бойда екен. Тіпті жел қар қиыршықтарын әлі ұшырып үлгермепті. Шал нәресте сәби тәрізді жайбарақат қардың үстінде шалқайып жатыр. Бүкіл денесін бір қабат жұқа қар қабаты басыпты. Беті құдды ақ дәкімен жабылғандай көрінеді. Бет-әлпеті рақаттанып жаны жай тапқандай жатыр.
Чен Чжен абдырап қалды. Жол бойы көңілін билеген үрей бірте-бірте ыждағаттылық пен қасиеттілікке ауысты. Өлген кісі қияметке қайдан кетсін, қайта ол Тәңірдің дәргейіне қонақасыға бару, өзінің тағы бір жаңа өмірін қарсы алу үшін қасиетті сумен жуынып тазаланады екен. Чен Чжен моңғол ұлтының бөрі тотеміне табынуының рас екендігіне бірінші рет шынайы сенді: адам өмірінің соңында денесін жалаңаштап, ақ ниетпен шалынатын құрбандық сый-тарту етіп бағыштауы, сол арқылы өзін біржолата кінадан түбегейлі арылтып тазалануы моңғолдардың Тәңірді, дала қасқырларын шын пейілмен қастерлейтіні ешкімнің де күмәнін туғызбайды.
Бұндай қасиетті жерде артықша қалуға Чен Чженнің дәті шыдамады. Өлген адамның аруағын мазалап, далалық халықтардың қасиетті сеніміне құрметсіздік етпейін деп әдептілікпен шалға бір тағзым етіп, атын жетелеген халде мәйіт тасталатын жерден шығып кетті. Ол ең соңғы қыңыр да қисық арба ізіне зер салды - көз алдында әлі шайқалып бара жатқандай көрінді. Чен Чжен өлген адамның ең соңғы сапарын өз адымдарымен шамалап көрді. Шамамен 40-50 метрдей бар екен. Бұл далалықтардың аласапыран, аумалы-төкпелі, кедір-бұдыр өмір сапарының қысқартылған мазмұны тәріздес. Адамның өмірі соншама қысқа, Тәңір соншама мәңгілік екен. Шыңғысханнан бастап әрбір малшыға дейін өмір бойы аспанға қарап: «Жасаған ием! Жасаған ием! Мәңгі Тәңірім!» деп дауыстап ұлықтап келді. Ал көкжалдар далалықтардың жанын Тәңірдің дәргейіне, аспанға жеткізетін саты екен.
Үш күннен кейін өлген адамның отбасысында үрейлену болмады. Чен Чженнің көңілі сонда ғана орнықты. Жергілікті салт-сана бойынша, кейінірек өлік тасталған жерді байқап қайтуға барған малшылар бәлкім ол жерден бөтен біреудің аяқ ізі мен аттың ізінен бөгде адамның осы тыйым салынған жерге келгенін білген болар. Алайда, ешбір малшы Чен Чженді кінәламады. Дегенмен, егер өлген адамның жаны Тәңірдің дәргейіне көтерілмесе, онда оның жай-күйі басқаша болар еді. Чен Чженнің әуестігі мен қызығуы далалықтардың тотемі және тыйымдарымен өзара қайшы түсе бастады. Ол сақтықпен қойларын бағып, еңбек етіп, тіпті де қызық, тылсым және қастерлі сезінген далалықтарға жақындай берді.
Биылғы көктем бұрынғыдан бір ай ерте келді. Жылымық жел бірнеше рет есіп еді, Олұн сахарасы түгел алтындана жайнап шыға келді. Қыстай қардың астында басылған күзгі шөптер толығымен көрінді. Кейбір күнгей беттерде ақыры селдір жасыл балауса қылтиып шықты. Үсті-үстіне ұзаққа созылған құрғақ желді ыссы күндер келді. Әрбір мал шаруашылық отряд төл алу үшін өз көктеуліктеріне көшкен мезгілде, жұрт жайылымдарды өрттен сақтандыру және жас төлді қуаңшылықтан қорғау жұмыстарымен қарбалас болып кетті.
Гао Цзянчжуң тағы кешігіп қалды. Әлгі ферма басшылығының арбакештер отряды мен негізгі құрылыс отрядындағы сырттан ауып келген келімсек мигрант-жұмысшылар Чаған мейрамының алдында Касымайдың өндіріс тобының сатып алу бекетіне қарақұйрық сатқан думанды көрінісін көріп, бәрінің көздері қызарды. Олар аңшыларды айналдырып жүріп, аң ауланған жерді білмекші болды. Аңшылар үсіген қарақұйрықтардың бәрін түгел қазып алғанын айтты. Олар Солтүстік-Шығыс Қытайдың өнімі есептелетін «гуәндуңтаң» кәмпитін (кесек қанттың уыты мен жабысқақ күріштен жасалған) Баярға беріп, оны баласынып сөзге тартты. Бала керісінше оларға бос сайды көрсетіпті. Кейін, көпшілігі Қытайдың солтүстік-шығысындағы егіншілік өңірінің моңғолдары арасынан шыққан бұл келімсек кірмелер ақырында далалық моңғолдардың жетесіне тиетін әлсіз жерін тапты. Арақ. Сонымен олар Солтүстік-Шығыс Қытайдың «гаоляң» күшті арағымен қойшы Санжыны мас қылып, үсіген қарақұйрықтардың көмілген нақты орнын біліп алды. Олар жедел қимылдап, бөрілер мен Гао Цзянчжуңнан бұрын қарақұйрықтар қар астынан енді ғана көріне бастаған кезде жанына шатырларын орнатып, бір күннің ішінде үлкен-кіші, жақсы-жаманына қарамай түгел қазып алыпты. Сондай-ақ түнделетіп төрт үлкен арбамен барлығын Баингап коммунасының сатып алу бекетіне жөткепті.
2-отрядтың жылқышылары қатарынан бірнеше түн бойы үлкен таудың ішінде аш қасқырлардың ұзаққа дейін басылмаған аянышты да ызалы ұлыған дауыстарының кең аңғарларды жаңғыртқанын естіген. Жылқышылардың бәрі абыржып, таудағы жылқы үйірлерінің айналасын күндіз-түні күзетті, жарты қадам кетуге де батылы бармады. Бөлек-бөлек шашырай қоныстанған киіз үйлердегі олардың көңіл қосқан сүйгендері көпке дейін ойын-күлкіден қалып, ұзақ кештер бойы өлеңдерін ыңылдап, іштерінен ыза болған.
Көп өтпей, ферма басшылығы сахарада жылда бір рет өткізілетін бөлтіріктерді іннен алу дәстүрлі әрекетінің қалпына келтірілгені жөніндегі ресми хабарландыруды түсірді. Биыл берілетін сыйлық бұрнағы жылдардан әлдеқайда көбейтілді. Бұны әскери уәкіл Бао Шигуй әдейі қостырыпты. Жұрттың айтуынша, осы жылы бөлтірік терісін сатып алу бағасы да айрықша өрлепті. Бөлтіріктің жұмсақ та әдемі, жұқа да асыл терісі - әйелдер киетін былғары кеудешенің таңдаулы шикізаты. Бұндай тері сол кезде солтүстіктегі бірнеше өлкелердегі мансаптылардың ханымдары айрықша ұнататын затқа, сондай-ақ төмен дәрежелі мансаптылардың тамыр-таныстық жолын жасайтын тұрақты валютасына айналыпты.
Білге-ата күн ұзаққа сөйлемей, сары темекіні бірінен соң бірін тартатын болыпты. Чен Чжен кенеттен ақсақалдың өз-өзіне «Көкжалдар тобы ашуланатын болды» деп ішінен күбірлеген сөзін естіп қалды.
5
Жұрттың айтуынша, түрктердің арғы аталары ғұндардың солтүстігінде тұрған сақ елінен шыққан. Олардың тайпа басшысын Абаңбұ деп атаған. 17 ағайындының ішінде Іжі Нишыду деген біреуі бөріден туылған екен. Баңбұдың мінезі есуастау болғандықтан, елі күйрепті. Нишыду жел-жаңбыр шақыра алатын өзгеше қасиеті болған-ды. Екі әйел алған. Әйелдері жаз илаһы мен қыс илаһының қыздары екен. Бір бала көтергеннен төрт ұл туыпты.... Бұл хикметті әңгімелер қасқыр тұқымдастарға қаратылған.
«Чжоунама» жылнамасының «Түрктер» бөлімі.
Қалың қою қара бұлттар солтүстік шекарадағы көкжиекті бұзып өтіп, құдды жойқын қара түтіндей түйдектеле айналып көк аспанға тік өрледі. Бұлттар әп-сәтте алыстағы тауларды бүркеп, зор қара алақан секілді жайылымның үстінен төнді. Батыс тарапта қоңыр күрең күн әлі бата қоймаған. Ұсақ қар ұшқындарын түтеткен солтүстік жел кең көсілген Олұн даласын лезде алай-дүлей қылды. Жан-жаққа ұшқан қардың қылауы қиғаш түскен күн сәулесінде жылтылдап, сары қанаттарын қаға жапырлаған сансыздаған аш шегірткедей таласа-тармаса шұрайлы да ырысты фермаға түйіліп келді.
Моңғолдарда «Көкжал боранмен бірге келеді» деген мақал бар. Ондаған жылдан бері мемлекеттің іші-сыртында дамылсыз әрекеттеніп жортуылдаған Олұн бөрілері мына көктемгі суықта шекаралық бағандардан өтіп, өрттен сақтану орларынан секіріп, шекаралық шарлау тас жолынан асып, Олұн даласына қайта келді. Шекараның ар жағындағы биік үстірттің температурасы төмен қара суық, шөбі сұйық, малы сирек болғандықтан, қасқырлары ашыққан. Биыл шекараның бер жағында көкжалдардың қар астына жасырған қысқы азығы ұрланып, арғы бетте көктемгі ашаршылық күшейді. Қарға тұяқтары тимейтін жүйрік қарақұйрықтарды тағы қолға түсіру бөрілер тобына қиынға түсті. Қалың аш қасқыр әлдеқашан шекаралық сызықтың бойында шоғырланыпты. Бұл жолы шекарадан бері өткен көкжалдардың көздері айрықша қызарып, араны ашылып, тәбеті ерекше үлкейген, айла-тәсілдері айрықша рақымсыз, қимылдары төтенше жанкешті. Олардың әрбіреуі қызыл кеңірдектен өтер талшық үшін өз жанынан безіп өш алғалы шабуылға шыққан-ды. Әйтсе де, Олұн сахарасындағылар бөрі апандарын қазып, бөлтірік алумен әбігерленіп, сыртқы апаттан сақтанудың қажеттігін елемеді.
1960-жылдардың ортасы мен соңында иен даланың ауа-райын болжау деңгейі кемшін еді. «Жаңбыр жауады» деп хабарлағанда бір тамшы су көрінбейтін, «ашық күн» деп мәлімдегенде күн шықпайтын. Ферма басшысы Үлжі «Ауа-райы ақпараты ойына келгенін оттайды» дейтін. Білге-ата қатарлы бірнеше қариядан басқа, ферма басшылықтың қасқырлардың апандарын қазуға соншама көп еңбек күшін бөлгеніне алаңдаушылық білдіріп, бірнеше рет олай жасамау жөнінде кеңес бергені болмаса, өзге жұрттың ешбірі осы жолғы суық аяз бен көкжалдардың апаты туралы алдын-ала дабыл қақпады. Бұрыннан бері малшыларға және мал шаруашылық өндірісіне көңіл бөлетін шекаралық заставаның офицерлері мен жауынгерлер де бұл жолы болжай да, дер кезінде ескерте алмады. Ілгеріде олар шекараны шарлау тас жолында бөрілердің іздерін көре қалса, дереу ферма басшылығы мен малшыларға хабарлайтын. Жоталары аласа, адыры мен ықтасыны жоқ ашық Олұн даласының шекаралық жайылымында суық аяз бен ақ түтек боран үнемі аяқ астынан найзағайдай сап ете түсетін. Ал метеорологиялық соғыстарды айрықша шебер пайдаланатын дала қасқырлары да борандарды жиі пайдаланып, жылдам шабуылдарды бірінен соң бірін сәтті ұйымдастыратын.
Олұнның солтүстік-батыс бөлігіндегі шұрайлы де күнгей беткейлі жайылымда осы бірнеше күнде жылқылардың жаңа үйірі енді ғана топтастырылды. Бұл - Ішкі Моңғолия автономиялы районы халық жасақтарының белгілі бір атты әскерлер полкінің Олұн даласындағы ондаған жылқы үйірлерінің ішіндегі таңдаулы 70-80 жоғары нәсілді сәйгүліктер болатын. Сол күндері олар тексеру анықтамасының келуіне ғана қарап қалған-ды. Тек маңқа індеті болмаса дереу жолға шықпақшы. Соғыс дайындығы қауырт жүргізілгендіктен, әскери аттарды бағудың жауапкершілігі аса зор болатын. Ферманың әскери уәкілі мен революциялық комитет жауапкершілігі жоғары, қырағы, ержүрек және жылқыға епті төрт жылқышыны арнайы таңдап, екі-екіден кезектесіп күндіз-түні жылқы күзетуге қойды. 2-отрядтың халық жасағы ротасының командирі Бату топтың басшысы етіп тағайындалды. Әскери аттардың үйреніп қалған бұрынғы өз үйіріне қайта қосылып кетуінен сақтану үшін Бату барлық жылқы қостарын бұл арадан ондаған шақырым алыстағы жерге қондырды. Алдыңғы бірнеше күнде ұдайы жылы жел есіп, ауа-райы жылынып, суы тұнық болып, шөбі қалыңдады, сондай-ақ жеуге жарамды алғашқы селдір көк майсалар пайда болды. Әскери аттар осында тойына жайылып, өз үйірін ұмытып, топтан еш жазбайтын болды. Төрт жылқышы да күш-жігерін сарқа жұмсап, жылқыны бірнеше күн тыныш бақты.
Алдыңғы үскірік жел азырақ толастаған соң, күші 10 баллдан жоғары қарлы боран иен даланы алай-дүлей ете бастады. Көлдің суы шелектеп төккендей шөпті қайраңға қарай ағылды. Төрт түлік мал тұрған қора-қашаларды бұзып, сыртқа қотарыла шықты. Жел өтіндегі киіз үйлер үлкен тостақандардай аунап-аударылып, бірнеше рет айналып барып, уық-керегелерін қиратты. Желге қарсы жүрген киізбен жабылған арбалардың төбесі ашылып, киіздері аспанға ұшты. Қар қылауының тығыздығынан салт атты адамдар сәйгүліктерінің құлағы мен құйрығын көре алмады. Қар қиыршықтары мылтықтан атылған бытыра оқтардай зуылдап, сансыздаған ақ жолақтар аспанды толтыра айналшақтап қылаулады.
- Ежелгі заманда моңғолдардың бір бақсысы «Ақ боран-ау ақ боран, ақ шашы сабалақтанған жезтырнақтай құтырып соққан боран» деген екен. «Ақ боран» деген сөздің осылай атағы шығыпты. Аспанның асты, жердің үстіндегі байтақ далада адам мен мал ақ боранды естісе зәресі ұшады, - деді Білге-ата.
Адамдардың айғайы, жылқылардың кісінеуі, иттердің үруі және қойлардың маңырағаны әпсәтте бір-бірімен тоғысып, бір шуылға бірікті - ақ шашты дәу дию-құбыжықтың гуілдеуіне айналды.
Көкжалдың апанын қазуды жалғастыру үшін түнгі айқасқа әзірленген адамдар шалғайдағы тауда қамалып, титығы шығып дағдарды. Ауылға қайтқан аңшылардың жартысынан көбі жол ортада адасты. Мал түлігін қарауға қалдырылған еңбек күштері және кәрі-құртаңдар мен қатын-қалаштар барлығы дерлік аттанысқа келіп, мал қайырып жанталасты. Сахарада өзінің көп жылдық еңбек жемісін сақтап қалу көбінесе бір күнде немесе түнде шешіледі.
Жонынан жарылған семіз әскери жылқылар үйірі шекарадан өткен бөрілер тобының ұйымдасқан шабуылының алғашқы нысанасы болды. Анау күні Білге-ата сол аттар белгіленген уақытта жолға салынған соң ғана ақ боранның соғатынын болжап, ішінен қуанған еді. Жылқылардың тексеру анықтамасы үлгермей, тағы бір күнге кешіккенін кейін ғана білді. Ал осы анықтаманы жеткізетін хабаршы сол күні әскери уәкіл Бао Шигуйге ілесіп, бөлтірік қазу үшін тауға кетіпті. Биыл көктемде ерекше көп бөлтірік қазып алынды. Ондаған апаннан 100 астам бөлтірік алыныпты. Бөлтірігінен айрылып зар илеп ұлыған өлекшіндер қасқырлар тобына қосылып, осы жылы көкжалдарды төтенше жауыздандырып желіктірген-ді.
- Малға шабатын осы орайды бөрілер патшасына Тәңір сыйлап отыр. Бұл, сөзсіз, Олұн сахарасының сырына қанық әлгі ақ қасқыр нақты барлау жасағаннан кейін ғана өш алу нысанын таңдаған екен, - деді Білге-ата.
Боранның дауысы естілгенде, Бату жылқышылар шалғай жайылымда орнататын жеңіл күркеден дереу атыла жүгіріп шықты. Бұл күні күндіз оның демалатын кезегі еді. Бату үздіксіз бірнеше рет түнгі күзетте жүріп, өзі де, тұлпары да қатты шаршаған болатын. Алайда, оның ұйқысы келмей, күні бойы көз ілмеді. Жылқы ішінде есейіп-ержеткен Бату қаншама рет ақ боран мен көкжалдардан зиян шекпеді дейсіз. Бірнеше күндік үздіксіз күдікті тыныштық оның жұлын-жүйкесін моринхурдың (моңғол қобызы) ішегіндей керіп жіберген-ді. Сәл ғана жел шығып, шөптің басы қимылдай қалса, оның басы ызыңдайтын. Сақа жылқышылардың бәрі қанмен жазылған Ұлы даланың ақиқатты ескертуін білетін: Моңғолия сахарасында тыныштықтың артынан тыныштық бола бермейді, қатердің артында қауіп бұғып жатады.
Бату күркеден шыға сала лезде ақ боранның белгісін сезе қойды. Солтүстік жақтағы аспан мен желдің бағытын тағы көрген оның қызыл күрең жалпақ шырайы күлгін күрең тартып, ашық сары жанары шошығаннан ағарды. Ол жалма-жан артына бұрылып, күркеге кірді де, тәтті ұйқыда жатқан серігі Сарылыңды аяғымен түртіп оятты. Одан соң шапшаң қолшырағы мен шідерін алып, мылтығын оқтап, тонын киіп, ошақтағы отты өшірді, сондай-ақ жылқы үйірін бағып жүрген жылқышыларға екі үлбір тонды алуды ұмытпады. Екеуі мылтықтарын асынып, ұзындығы бір кез электр шамдарын ердің қасына іліп, атқа мініп, солтүстік жақ еңістегі жылқыларға қарай шапты.
Батыстағы таудың үстінде күн батып, Олұн даласында қараңғылық орнады. Екі салт атты беткейден құлдилап түсе бере теңіз тасқынындай гүрілдеген көшкін ақ боранмен бетпе-бет кездесті. Адам мен аттар лезде боранға шымқалды. Ақ түтек боран адамды бет қаратып, көз аштырмады, аттар да үркектеп әзер жүрді. Аттар бірдемеден секем алғандай бастарын кекжите боранның ығына тартпақ болды. Екі адам таяқ тастамдай аралықта келе жатса да, Бату аттам жерді көре алмай, сасқанынан айғай салса да, Сарылыңның жауабын ести алмады. Азынаған ақ боран барша дүниені жалмап барады. Бату тізгінін тартып, маңдайындағы терін сүртті де, құрығын ердің қасына қысып тұрып, үлкен қолшырақты алып, тетігін басып жақты. Жайшылықта шағын барлағыш шырақтай жүз метрден астам жердегі жылқыны көрсететін қолшырақ жарығы енді 10 метрден арыға барар емес. Шырақ жарығында бұрқап тұрған қар түйіршіктері ғана көрінді. Көп өтпей, үсті-басын қар жапқан салт атты адам көрінді де, Батуға қарай қолшырағынан күңгірттеу сәуле түсірді. Екеуі қолшырақтарының жарығын бір-бір айландырғаннан кейін, үріккен аттарын әзерге тізгіндеп, бірте-бірте қатарын қосты.
Бату Сарылыңды ұстай алып, тұмағының құлағын ашып айғайлады:
- Қозғалмай тұра тұр. Жылқы үйірін осы арада бөгейміз. Жылқыны шығысқа айдап, міндетті түрде Жацзы тауындағы үлкен көлшіктен айналдыра өткізу керек. Әйтпесе, түгел құримыз.
Сарылың да Батудың бетіне қарап дауыстап:
- Атымның үркуіне қарағанда, бөрі бар сияқты. Төртеуіміз оларға қалай төтеп береміз?
- Жанымызды кессек те, төтеп береміз...., - деді Бату дауыстап.
Сөйлесуді аяқтап, екеуі электр шырақтарын жоғары көтере солтүстікке қарай үздіксіз бұлғақтата жарық түсіріп, қалған екі серігі мен жылқыларға белгі берді.
Кенет екі шырақтың жарығына жалыны сұр қаракер тұлпар шауып келді. Ол құдды құтқарушысына кез болғандай шабысын баяулатып, Батудың жанында кілт тоқтады.
Қатты шошығаннан әлі есін жимай, ішін тарта ентіккен қаракер аттың мойны жырымдалып жараланыпты. Кеудесінен қан төгіле ағып, жарақаттың аузынан жылы бу шығып тұр. Жараның астында тамған қан тамшылары мұздақ болып қатыпты. Сарылың мінген ат қанды көре сала шошығаннан кенет тік қарғыды. Сосын басын тұқыртып, мойнын созып, ешнәрсеге қарамастан боранның ығына қарай шаба жөнелді. Бату дереу тұлпарын қысып, қуалауға мәжбүр болды. Әлгі қаракер ат та кенет шаба жөнеліп, ғайып болды.
Артынан зорға қуып жеткен Бату Сарылыңның сәйгүлігінің тізгінін ұстаған кезде, жылқы үйірі олардың жанынан жосыла өтті. Қол шырақтың солғын жарығында көзге көрінген аттардың бәрі әлгі қаракер ат сияқты зәрелері ұшып, естерінен айрыла қатты үркіген. Осқырып кісінеген жылқылар бір жағынан шауып, бір жағынан тебісіп, желдің ығымен жөңкілуде. Жерді дүркіретіп желіккен жүздеген тұяқтар қарды бұрқырата көтеріп, жонның төменгі жағын құйындаған дүлей ағынға батырды. Бату мен Сарылың екеуі елегізген күйде шамның жарығын жылқылардың төменгі жағына кезеген шақта, Сарылың шошығаннан алдыға лоқып барып, аттың мойнын құшақтай қалды. Ол аттан тоңқалаң асып құлай жаздады. Қол шырақтың жарығы қапалақтаған қарда көмескі көрінсе де, екі жылқышының өткір көзі жылқы арасындағы қасқырларды байқады. Үйірдің шетіндегі әр жылқының артында бір-екіден дәу көкжал ауыз салғалы қуып жүр. Ақ боран бөрілердің басынан аяғына дейінгі жүн-түктерін, тұла-бойын аппақ қармен көмкеріпті. Олардың денесі әдеттегіден ұзарып, адам шошырлықтай дәу ақ кебін оранғандай жанды түршіктіреді. Ақ қасқырлар, қанқұйлы көкжалдар қорқынышты елестер тәрізді жылқышылардың зәресін ұшырды. Жайшылықта қолшырақтың жарығын көрген сәтте артына қайырылып қашатын бөрілер бұл жолы көңілдері түгел өшпендікке толып, әлгі қасқыр патшасы мен ұрғашы қасқырдай ештеңеден қорықпайтын болып, қандары қарайыпты.
Жүрексінген Бату қара терге малынды: өзін көкжалдың киесіне жолығып, Тәңірдің жазасына тартылғанын сезінді. Олұн сахарасындағы әр малшы ең ақырында ашық далаға тасталып, бөріге жем болуды, өлер алдында өзі, өлген соң үй-іші, дос-жарандары мәйітінің қасқырлар тарапынан қалдырмай желініп, жанның Тәңірдің дәргейіне оралуын армандайды. Бұл наным мыңдаған жыл бойы осылай жайбарақат жалғасып келеді. Алайда, әрбір сау денелі немесе жартылай сау денелі ғұмыр кешкен адамның бәрі көкжалдардан қорқады, өз ажалының уақытынан бұрын оларға талануды, жем болуды қаламайды.
Бату мен Сарылың басқа екі жылқышыны қанша зарықса да, көре алмады. Бәлкім, олар ақ боранда үсіп, үріккен сәйгүліктері оларды бір жаққа әкеткен болар деп топшылады. Ол екеуі күндізгі күзетте жүргендіктен, мылтық пен қол шамды алмаған, қалың тон да кимеген еді. «Оларға қарама. Жылқы үйірін құтқару маңызды!» деді Бату қатыгездікпен.
Жылқылар Батудың қол шырағының жарығында әлі жан ұшыра жосылуда. 70-80 әскери жылқы – бүкіл фермадағы он шақты жылқы үйірінің және ондаған жылқышылардың ең қымбаттысы. Олар қаны асыл, нәсілі таза, тарихтағы моңғол соғыс сәйгүліктерінің ішіндегі әлемге танымал «үжімчин» (үрімчін) жылқысы, яғни тарихта «түрк жылқысы» деп аталған. Олардың бәрі тұрқы көрікті, жапаға төзімді, аштық пен шөлге шыдамды, ыстық пен суыққа да үйренген, әрі жылдам, әрі ұзаққа шабатын жылқылар болатын. Әдетте осы тұлпарлардың басым бөлігін әлгі жылқышылар мен ферма басшылары мінетін. Осы жолы соғыс дайындығы үшін халық жасақтарының атты әскерлер дивизиясына бөліп беру ферманы ауыз аша алмастай тұралатып қойды. Бұл аттар бөрілерге жем болса немесе батпаққа батып қырылса, сол жылқышылар қасқырлардай секілді өздерін жыртпайды ма? Бату жайшылықта айтқанына көнбейтін әлгі үлкен-кіші жылқышыларды есіне алғанда қаны бірден басына шықты.
Бату Сарылыңның азырақ екі ойлы болғанын көріп, атын тебініп, шауып барып, басынан қойып жіберді. Сондай-ақ өзінің атымен оның тұлпарын кеуделеп, оны жылқы үйірі жаққа ығыстырды. Содан соң қолшырағын алып, Сарылыңның бетіне қаһарлана жарық түсіріп:
- Қашсаң - атып тастаймын! - деп ақырды.
- Мен қорықпаймын, бірақ мінген атым үркіп жатыр, - деп бақырды Сарылың.
Ол аттың басын шылбырмен бір-екі рет салып жібергенде ғана сәйгүлігін тізгіндеп алды. Сосын қолшырағын жағып, құрығын үйірген халде жылқы үйіріне қарай құйғыта жөнелді. Екеуі электр шамдарын жағып, жылқыларды қайырды және жетекке көнбеген, боранның ығына қарай қашқан кейбіреуін құрықпен құлшына сабалап, жылқы үйірін қиғаш шығыс тарапқа ығыстырды. Бату бұл арадан батпақты сазға барған сайын жақындағанын, ең көп дегенде 20 шақты шақырым қалғанын мөлшерледі. Кілең мойны биік, көкірегі кең, піштірілген әскери аттар құлынын ерткен қарапайым биелер мен тай-байталдар емес, жас немесе кәрі жылқыдай шалығын тигізбей, құйындатып тез шабатын жылқылар болатын. Бұндай жылдамдықпен жарты сағат ішінде бүкіл үйір саз-батпаққа шауып құлайтын еді. Ең сұмдығы, алдағы батпақтың солтүстік пен оңтүстік бүйірлері тар, ал шығыстан батысқа дейін көлденеңдей көсіліп жатыр. Егер желдің бағыты өзгермесе, оны айналып өту қиынға түседі. Бұл батпақты жер Батуға желдің киесі мен көкжалдың рухы қонақасы сыйлағалы айдап келе жатқан семіз аттарды аранын ашып күткен алпауыт құбыжықтай көрінді.
Ақ боранның бағыты титтей де өзгермей, солтүстіктен оңтүстікке қарай сұрапыл соғуын жалғастыруда. Бату қараңғыда жылқылардың жайылымда жүрісінің өзгеруінен жер бедерінің аласа-биіктігін, жер желісінің созылуын және топырақтың жұмсақтық дәрежесін біліп, өзінің орны мен желдің бағытын анықтап алды. Бату мазасызданды. Ол апандары қазылып, бөлтірігін жоғалтқан әлгі өлекшіндердің басшы арланнан бетер ызаланғанын сезді. Ол бөрілердің өзін қоршағанын, олардың кез келген мезетте оның сәйгүлігін жарып тастау мүмкіндігін, аттың сүрініп қалып, осы аш қасқырларға жем боларын қаперіне де алмады. Ол ешнәрсеге қарамастан, дауыстап аттан салып, құрығын үйіре берді. Бату жауынгерлік рухын тұрақтандырып, жан-жаққа бытыраған жылқы үйірін жинап, тікесінен оңтүстікке айдауды һәм батпақты көлшікті айналып өтуді ғана ойлады. Сонан соң, жылқыларды киіз үйлер шоғырланған жерге айдап, иттер және адамдармен бірге бөрілер тобына төтеп беруді тіледі.
Электр шырағының жарығында, үйірден ажырамаған екі жылқышының қамшылап және дауыстап қайырумен жылқылар біртіндеп естерін жинай бастады. Ішінде серкесі де көрінген сияқты - бір үлкен ақбоз ат өздігінен басын көтере ұзақ кісінеп, кеудесін керіп ұмтылып, осы үйірдің жаңа серкесі болып шыға келді. Бату мен Сарылың лезде шамның жарығын осы айғырға түсірді. Серкесі шыққан соң, жылқылар серпіліп, моңғолдың әскери аттарының табиғи командалық рухын шапшаң қалпына келтірді һәм мыңдаған жылдардан бері қалыптасқан қасқырларға төтеп берудің дәстүрлі шебін ұйымдастыра қойды. Кенет ақбоз айғыр ұзақтау бір кісінеп, бұйрық түсіргендей болды. Әуелгіде көкжалдар тобы тарапынан үркіп, ыдыраған шепті тастап, бет-бетімен кеткен жылқылар аяқ астынан серкесінің жанына шоғырланды. Бүйірлері мен иіндері бір-біріне мықтап тірескеннен арасында жел есетін саңылау да қалмады. Жүздеген жылқы тұяғы, өзара келісіп қойғандай, жүрген жерін нығыздап басып, ызалана теуіп, таптап, тебініп келеді. Қапелімде абдыраған жыртқыш бөрілер заматта алғашқы басымдықтан айрылып қалды. Жылқы құрсағының астында жүрген, олардың арасына кіріп кеткен бірнеше қасқыр аттардың шарбақтың торларындай жыпырлаған қалың сирақтарының ішінде құдды қораға қамалғандай секіре де алмай, қаша да алмай қалды. Топырлаған қалың тұяқтардың астында жаншылып ақсаңдаған, белі сынып, жотасы үзілген, басы жарылған кейбір көкжалдар бораннан бетер боздап, ұлып жатыр. Батудың көңілі сәл орныққандай болды. Ол аз дегенде екі-үш бөріні жылқылар теуіп өлтіргенін немесе зақымдағанын шамалады. Жел басылып, күн ашылғаннан кейін қасқырлардың терісін сыдыру үшін оралу үшін жердің жиегін жадында сақтамақшы болды ол. Үлкен қырғыннан кейін жылқылар шапшаң сап түзеп, әлсіздер үйірдің ішіне кірді, ал мықтылары үйірдің сыртына шықты. Көкжалдардың зәресін ұшыратындай атылуға пәрменді де тегеурінді темір тұяқтар тізбектелген шойын жұдырыққа ұқсаған артқы қорғаныс шебін құрады.
Батпақты сазға барған сайын жақын қалды. Жаңа ғана құралған жылқылар үйірінің жүйелі шебі Батуды қанағаттандырды. Бұндай шепті қайыруға қолайлы еді. Серкесін басқарса болғаны, қалған аз уақыттың ішінде бүкіл үйірді батпақты жердің шығыс тарапына айдап өткізудің мүмкіндігі бар-тын. Дегенмен, Батудың көңілі әлі де қорқынышта еді. Бөрілердің мына тобы әдеттегідей емес. Көтерілген қасқырларға соққы жасауға болмайды - соққан сайын олар жауыздана түседі, өлтірген сайын өршеленеді. Өштескен көкжалдардың кекшілдігінен байтақ далада қорқпайтын адам жоқ. Олардың әлгінде зарлана шақыруын бөрілер тобы міндетті түрде естіді. Бұдан кейінгі жол аса қатерлі. Бату жылқыларға көз салды. Көбісі жарақаттаныпты. Бұл жылқының бәрі таңдаулы әскери аттар, қасқырлар тобымен арпалысып жатқан тұлпарлар. Тіпті жаралы аттар да үйірмен бірге жанын сала шауып, қорғаныс шебінің реттілігін барынша сақтап, көкжалдарға шабуылдау орайын мүмкіндігінше бермей келеді.
Алайда, осы жылқылардың түбіне жететін әлсіз жері бар: бұлардың баршасы піштірілген ахта аттар болғандықтан, жойқын өжеттілік жетіспейді, ірі бөрілерге қарсы шабуылға бастайтын айбынды да өжет айғыр жоқ еді. Моңғол сахарасында әрбір ондаған үлкенді-кішілі жылқыдан құралатын ірі үйірлерде бір айғыр жүреді. Жалы тізесіне, тіпті жерге дейін төгілген, өзге жылқыдан бір бас биік келетін бұл айбарлы айғырлар ғана үйірдің нағыз серкесі мен жан алғышы болып табылады. Қасқырларға тап болғанда, жылқы үйірі айғырдың қайыруымен биелер мен құлындары ішінде, үлкендері сыртта тұратын қорғаныс шеңберін құрайды. Барша айғырлар осы шеңбердің сыртында көкжалдармен бетпе-бет айқасады. Олар ұзын жалдарын тікірейтіп, буырқана осқырынып, артқы екі аяғымен жерді тірей шапшып, кіші тау тәрізді бөрінің төбесінен төнеді. Сосын төсін төменге тастап, алдыңғы екі дәу тұяғымен оның басы мен денесін жаныштайды. Қасқыр қашатын болса, айғыр басын төмен сала өкшелей қуады, тіпті тістейді. Соның ішінде ең зор, жойқын, жауыз айғырлар көкжалды тістеп тастайды. Оны аспанға лақтырып, жерге соғады, тістелеп жарақаттайды, өлтіреді. Иен сахараның ең жауыз да жыртқышы бөрінің өзі айғырға тең келе алмайды. Мейлі күндіз немесе қараңғы түн болсын, айғырлар өз үйірін қырағылықпен күзетеді. Жылқылар қасқырлар тобына, найзағайға, өртке тап болған кездері айғырлар да өз үйірін жан-жағынан айнала қорғап, бала-шағасы мен кәрі-жасының қырылуын барынша азайтуды ойлап, үйірді қауіпсіз жерге бастап алып шығады.
Осы сәтте Бату айғырдың болғанын қатты аңсады. Алайда, көз алдындағы мына қарлы боранда уақытша айғыр болып жүрген ақбоз ат үйірдегі барша жылқылардай піштірілген ат еді. Дене бітімі қуатты, бірақ еркектігінен ада болған, күресу қасиеті әлсіз. Бату іштей қынжылды. Тұрақты армия бірталай жылдан бері фермадан әскери ат жинамағандықтан, олардың үйірінде айғырдың болмауының салдарын адамдар әлдеқашан есінен шығарыпты. Біреулер ойлаған күннің өзінде, әскери аттар бірер күнде жөнелтілген соң, ферманың жұмысы аяқталады деп санаған ғой. Бұл пәле шашау шықпауы тиіс еді. Ақырында, көкжалдар бұның қапысын тауып кетті. Бату осы жылқы үйірінде айғырдың жоқтығын әлдеқашан байқаған басшы бөрінің қырағылығына амалсыздан тамсанды.
Бату үйірдің шетімен алдына таман жетіп, үйірдің серкесін аямай сауырынан бір салып, оны шығыс тарапқа шабуға мәжбүрледі. Сонымен бір уақытта, бір қолымен жартылай автоматты мылтығын кеудесіне келтіріп, тежегішін ашты. Алайда, ол амалы таусылғанға дейін оқ атқысы келмеді. Себебі, бұл әскери аттар әлі де қатарға жаңадан қосылған «жаңа әскерлер» болғандықтан, мылтық атылса қасқырларды қорқытып қуып жіберу тұрмақ, керісінше жылқы үйірін үркітуі мүмкін еді. Сарылың да Батуға ілескен халде толығымен әзірленіп, сақадай сайланулы келеді. Қарлы боран соққан сайын дүлейленіп барады. Екеуінің білектері талып, ұзын-ұзын құрықтарын үйіруге шамалары жетпей қалды. Саз-батпақ та барған сайын жақындай түсуде. Жайшылықта бұл жерден оның ащы иісін білуге болады. Көзі тұнған Бату уды умен қайтармақ болып, тұла-бойының бүкіл күшін жиып, серке аттың басынан аямай бір ұрды. Сосын су ішудің белгісі болған ысқырықтан жанын сала бір ысқырды. Адамның мінезін түсіне қалған серке мен жылқы үйірі кенеттен иесінің ескертуін түсіне қойғандай болды. Жылқылар екі күнде бір рет барып су ішетін батпақ нақ оңтүстікте тұрған-ды. Көктеммен қатар келген қуаңшылықтан, көлдің суы саздың ортасына шегініп, саздың айналасы түгел батпаққа айналыпты. Бір-екі жерде ғана су ішуге келген малдар таптап өткен жолды қауіпсіз деп санауға болады. Қалған жердің бәрі - жанды алатын қатерлі тұзақ. Көктемнің алғашқы кезінен бері талай ірі мал осы батпаққа батқан немесе шыға алмай аштан өлген. Бұрын жылқылар су ішетін уақытта, түгел жылқышылардың ысқырып жетелеуімен абайлап ғана олардың басып өткен жіңішке жолымен сазға бойлап кіретін және су ішетін. Тіпті күндіздің өзінде кез келген жылқы мына жылдамдықпен сазды жерге шабуға батылы жетпейді.
Батудың ысқырғаны шынымен нәтижелі болды. Жайылымды жетік білетін жылқылар дереу оңтүстік жақтағы орасан зор қатерді сезе қойды. Үйірдегі жылқылар кісінеп, дірілдеп зар иледі. Бүкіл үйір кілт тоқтап, ұжымдасқан халде бағытын бұра бастады. Олар елеуреген қапталдағы боранға қарсы бұрылып, оңтүстік-шығысқа қарай барынша лап қойды. Оңтүстікте қауіпті батпақты, солтүстікте азынаған боран мен анталаған көкжалдар. Тек оңтүстік-шығыста жан сауғалауға болатын жалғыз жол бар еді. Әр жылқы үрейлі көздері бадырая басын төмен салып, алқынып тыныстап, құйғытып шабуда. Бір аттың да кісінегені естілмейді. Олардың арасында тұмшалаған ажалмен жарысқандай үрей мен қорқыныш бар еді.
Жылқы үйірі бағытын енді бұрған кезде, жағдай кенеттен өзгеріп сала берді. Сәйгүліктердің қорғаныс шебі оңтүстік-шығысқа бет алғанда, үйірдің серпитін тұяқтар ең аз, қорғанысы ең әлсіз бір бүйірі боранның ығында шабуылдаған бөрілер тобына лезде ашылып қалды. Ал жылқылардың ең күшті қаруы болған қалың артқы тұяқтары керекке жарағысыз орында қалып, жауларына қарсы жұмсалатын мүмкіндіктен айрылды. Қырынан елеуреп соққан жел де дереу жылқылардың қарқынын баяулатып, қасқырларға қарсылық көрсететін қаруын әлсіретті. Алайда, бүйірден соққан жел көкжалдарға қанат бітіргендей болды. Әдеттегі жағдайда, олардың жылдамдығы мейлі боран ығында немесе желге қарсы болсын жылқылардан жоғары келеді. Жел ығынан ескен кезде, бөрілер жылдам болғанмен, жылқылар да олардан қала қоймайды. Қасқырлар биікке атылып, жылқының жотасына қадалуға, жыртуға ұмтылады. Аттардың құйрық жағына тікелей секіруге батпайды. Себебі, ақылды жылқыға кезіксе, ол кенеттен шабысын тездетіп, көкжалды өзіне атылуға мұрша береді. Сосын оны артқы сирағымен теуіп, өлтірмесе де оңдырмай зақымдайды. Бөрілер тек жылқыға қиғашынан атылып, оның бүйірінен, қапталынан ауыз салғанда ғана дегеніне жетеді. Алайда, қасқырлар жанаса келе бір бүйірден ауыз салуы жүгіру жылдамдығына кері әсер етеді. Егер жылқының жылдамдығы өте қарқынды болса, көкжалдар қуып жетіп атылғанның өзінде де оған жармаса алмауы мүмкін. Ең ұзаса, аттың денесінде тырналған жара қалдырады. Ондайда бөрілердің аулау және өлтіру қабілеті де төмендейді, үнемі сәтті шыға бермейді. Осы сәтте жылқы үйірі бағытын өзгертуге мәжбүр болған кезде, қасқырларға ерекше қолайлы аулау мен қырып-жоюдың орайын әпереді. Олар желдің ығымен шабандау жылқыны қуғанда, бір бүйірден жанасып төну қажетсіз. Көкжалдар жел жағынан келіп, жылқыға тіке атылса, қатты боран оны аттың денесіне, жонына немесе мойнына қондыра салады. Бөрілер өткір тырнағымен жылқының жонына жабысып, қанжардай өткір тістерімен шапшаң да жойқын халде оның талмау жерін орып жіберіп, ойындағысын іске асырғаннан кейін дереу жылқының денесінен қарғып түседі. Егер жылқы жерге аунап, қасқырдан құтылмақшы болғанда, біреуін жеңсе де бір жөн, бірақ көкжалдардың бір тобына олай істесе тіпті де тезірек жем болады. Жануардың жамбасы жерге тисе, бөрілер тобы жан-жаөтан жабылып, жыртып тастайды.
Жылқылар аянышты дауыспен ұзақ шұрқырасты. Бірінен соң бірі кеудесі, бүйірі жарылған аттардың ыстық қаны жан-жаққа шашырап, терісі мен еті жалбырады. Жаппай қасап-қырғынның қанды күлімсі иісі қасқырлар тобының айрықша қатыгездігін қоздырды. Олар аузындағы жас етті жұтуға үлгерместен, ешнәрсеге қарамай, жылқылардың парша-паршасын шығарды және қырғындады. Жараланған аттар барған сайын көбейді. Ал өршелене түскен көкжалдар арт-артынан жағалауға соққан толқындарға ұқсап, жылқы үйірін желігіп шабуылдауды жалғастырды. Әрдайым алдыңғы сапта жүретін басшы бөрі мен бірнеше жауыз арлан одан әрі өршелене қанқұйлы болып алды. Олар бойшаң аттардың үстіне секіріп шығып, терісі мен етінен мықтап тістейді. Сосын иіндей бүгіліп, табандарымен жылқының жонына мығымдап тіреп, барша күштерін сала құдды керілген қатты болат серіппедей ауада қиғашынан секіріп, жылқының қылдарымен қоса терісі мен етін тірідей жұлып түседі. Қасқырлар аузындағы етті түкіре сала сол жерде бір аунап тұрып, бірнеше қадам іркілмей жүгіреді һәм өзге бір жылқының жотасына атылады. Арлан көкжалға ілескен бір топ бөрі бір-бірінен қалыспай өзара еліктейді. Әрқайсысы ата-бабасынан қанына сіңген жыртқыштық қасиетін бүге-шігесіне дейін толық көрсетіп, құмарлары қанғанша жұлқылап-жұлмалады.
Жылқылардың жарақаттары аңтарылып, қызыл қан судай сорғалап ағуда. Бүркіліп шапшыған қан жердегі қарды шашырата жапты, ал мұздай суық қарлы боран жылқының қанын үстінен тағы бүркеді. Рақымсыз сахара ғасырлар бойы жалғасқан мейірімсіздігін қайталауда. Құнарсыз моңғол үстіртінің қыртысында қасқырлар тобы сансыз тірі жанды аяусыз жалмап, ұрпақтан-ұрпаққа өшпестей қатыгез қанды ізін тағы қалдырды.
Электр шырағының көмескі де күңгірт жарығында екі жылқышы жыл сайын дерлік болып тұратын дала қырғыншылығын өз көздерімен қайта көрді. Алайда, осы реткі қасап-қырғынды қабылдау мүлдем қиынға түсті. Өйткені, бүгін-ертең әскери сапқа жіберілу алдындағы бұл үйір Олұн сахарасының мақтанышы және даңқы әйгілі аттар еді. Дала қырғынында көкжалдардың аранынан сан рет аман қалған салымы бар бұл жақсы жануарлар жылқышылардың көп жылдан бері жандарын аямай, барша назарын сала өсірген аяулы жылқысы болатын. Осылай көпе-көрнеу бөрілер тобының әрі өлтіріп, әрі бүлдіріп жатқанын көрген Бату мен Сарылың жылағысы келсе де, жылай алмады. Екеуінің өне-бойы булыққан ашу-ыза мен мазасыздыққа толды. Алайда, олар сабыр сақтау, өзін басу, байсалдылық таныту арқылы қалған аттарды мүмкіндігінше аман алып қалуға тиіс еді.
Бату барған сайын мазасызданды. Өзінің көп жылдық тәжірибесіне негізделген ол мына қасқырлар тобының әдеттегі көкжалдар емес, Олұн жайылымымен ерекше таныс және көреген бір басшы арланның басшылығындағы бөрілер тобы болғанын сезді. Жасырған азығы ұрланғаны үшін кек кернеген қасқырлар желігіп, бөлтірігінен айрылған өлекшіндер тіпті де жанкештілікке салынды. Алайда, басшы арлан желікпеді. Көкжалдардың жылқы үйірін қайта-қайта оңтүстікке қарай шабуға қыстағанына қарап, басшы арланның не ойлағанын мөлшерлеуге болады. Ол барша жігерін шоғырландырып, ешқандай бодау мен құнға қарамай, аттарды оңтүстік жақтағы батпаққа қуып айдамақшы. Бұл - далалық басшы арланның дағдылы құлығы. Бату барған сайын үрейленді. Ол бұрын бөрілер тобының қарақұйрықтарды шыр айналдыра қоршай қуып, батпаққа батырғанын көрген еді. Қасқырлардың сиырлар мен жылқыларды да сазға қуып тыққанын көрген, бірақ мұндай ірі қара санаулы болған. Көкжалдардың жылқыны үйірімен батпаққа қоршай айдағанын тек кәриялардан ғана естіген. Ол бүгін кешке шынымен де осындай жыртқыштар тобына кездесіп қалғаны ма? Олар шынымен-ақ бүкіл үйірді жұтып жояды ма? Батудың одан әрі ойлауға батылы бармады.
Бату қолшырақтың жарығында Сарылыңды дауыстап шақырды. Өмірлерін бәске тіккен екі жылқышы үйірдің батыс жағынан орағыта шығыс жағына өтті. Бөрілерді тікелей бөгемекші болған олар құрықтарын құлшына үйіріп, қолшырақтың жарығын жарқылдатып, жыртқыштар тобына қарсы шапты. Қасқырлар жарықтан, әсіресе көзді қатты шағыстыратын жарықтан қорқатын. Екі адам мен екі тұлпар қол шырақтың әлсіз жарығында әрі-бері жүйткіп жүріп, әйтеуір жылқылардың шығыс жақтағы қорғаныс шебінің жартысын ұстап тұрды. Орасан зор үрейден сәл арылған жылқылар алқынын басып, опыр-топыр жүрісін жылдам реттеп, аяқ алысын оңады. Олар ең соңғы орайды қолдан жібермей батпақты жердің шығыс шетіне қарай беттеді. Батпақты айналып өтсе болғаны, оңынан соққан желдің ығымен жылдам заулап, иелерінің төл алатын жеріне жететінін жылқы үйірі түсіне қойды. Ол жерде көптеген киіз үйлер, өздеріне таныс кісілер, адамдардың дабырлаған дауыстары, көзді шағылыстыратын көптеген жарық, сондай-ақ жылқылардың жан достары - қабаған иттердің бар. Олар көкжалдарды көрген жерде қарсы ұмтылып, қожайындары мен достарының бәрі өздерін құтқаратынын жылқылар әбден білетін.
Алайда, байтақ далада бөрілер өз құрбанын ең сабырлылықпен іздейтін және қолайлы орайды күте білетін соғысқұмар жануар болып табылады. Әрбір орайын қалт жібермей, аяусыз құрбанының қанын ағызбай, жанын алмай қоймайды. Әбден долданған олар мына орайды толығымен пайдаланып, ешнәрседен тайынбай жылқының біреуінің де аман құтылуына жол бермей, үйірдің бәрін талғаусыз қылғытып, түгел қырып-жоймақшы болды. Жылқылар батпақтың жиегіндегі сортаңға таяп қалды. Заулаған жылқылардың тұяқтары жердегі қарды, сондай-ақ қар астындағы құрғақ топырақты, мұрын мен көзді парлатып тұншықтыратын сортаң тозаңды көкке ұшырды. Бұдан көздері жасаураған адамдар, аттар сол мезетте өздерінің өмір мен өлімнің арпалысқан қатерлі шегінде жүргенін әлдеқашан білді. Айналадағы дала тастай қараңғы. Батпақ көрінбейді, бірақ оны сезуге болатын еді. Адам да, жылқылар да ауадағы тұз тозаңының мұрынды ашытып, көзді жасауратуына қарамастан, бұрынғысынша алдыға шаба берді. Жылқының тұяғынан көтерілген шаң-тозаңның көзді құмықтырмағаны бүкіл үйірдің батпақтың шығыс жағындағы жайпақ беткейге шыққанын түсіндірді. Сол уақытта бүкіл үйір өздігінен бағдарын кілт бұрып, оңнан соққан желдің ығымен саздың шығыс жиегімен жанаса оңтүстікке еліріп шаба жөнелді.
Адамдар, жылқылар, қасқырлар қатарласа заулап барады. Көкжалдар тобы шабуылын уақытша тоқтатты. Сасқалақтаған Батудың мылтықтың сабын ұстаған қолы терлеп кетті. Ондаған жылдық жылқыны бағу тәжірибесі оған бөрілердің ең ақырғы жаппай шабуылға әзірленіп жатқанынан хабар берді. Егер қазір шабуылдамаса, орайын жіберіп алады. Ал мына бір топ қасқырлар кек алудың бұл орайын қолдан жібермес. Алайда, сортаң топырақ пен тозаң олардың да көзін ашытыпты. Олар жылқыларға ілескен халде бір мезет босқа жүгіруді жөн көрді. Жылқы үйірі қайқаңға шықса болғаны, Бату оқ ата алады. Бір жағынан аттарды үркітіп, жедел бұрылып шабуға бағыттаса, тағы бір жағынан көкжалдарды өлтіреді немесе қорқытады. Сондай-ақ бұл басқалардың жәрдемге келуіне белгі болады. Бату сәл ғана дірілдеген қолын күшпен тізгіндеп, бөрілер тобының шоғырланған жеріне оқ атуға оңтайланды. Сарылың да оған ілесе оқ шығармақшы болды.
Бату өз қолының дірілін тежеп үлгіргенше, жылқы үйірі қатты үрейленіп кісінеді. Өзінің тұлпары да сүріне жаздады. Бату жасаураған көзін уқалап, электр шырағының жарығын алдыңғы жаққа түсірді. Жарықтың сағымында бірнеше дәу қасқырдың бірге жортақтай жүгіріп, тұлпарының алдынан бөгеп алғанын көрді. Олар аттың басып-мыжуына қарайтын емес, оның жылдамдығын да бөгемекші. Бату артына бұрылып қараса, көкжалдар Сарылыңның да артына түсіпті. Ол шошыған сәйгүлігін жанын сала ырқына көндірді. Бөрілер жылқышылар мінген аттарға қауырт ауыз сала бастады. Бату қолындағы шырағын асығыс дөңгелете бұлғақтатып, Сарылыңға алға өтіп, өзіне жақындау жөнінде бірнеше рет белгі берді. Алайда, оның тұлпары үріккенінен әрі теуіп, бері тарпып, мүлде тақай алмады. Бірнеше ірі қасқыр Сарылыңның тұлпарын кезектесе шабуылдап, денесінің біраз жеріне сойдақталған тырнақтарын батырды. Сарылың киген тонның етегі де жұлыныпты. Қорыққанынан ешнәрсеге қарамаған ол өзіне қару бола алмаған құрығын лақтырып, жұмырлау да ұзыншақ қолшырақтың сабын қысқа қару ретінде пайдаланып, оңды-солды сілтеп, атылған көкжалдарды бейберекет төпештеді. Қолшырақтың әйнегі сынды, түтігі майысты, бір бөрінің басы жарылды. Әйтсе де, олардың кезек-кезек шабуылын тоқтата алмады. Ақырында бір үлкен қасқыр аттың бөксесінен бір кесек етті жұлып жіберді. Жанының ауырғанынан бей-берекет кісінеген сәйгүлік иесімен бірге тәуекелге басудан жалтарып, ауыздығын езулей мойнын түсірген бойда төрт тұяғын тежеусіз сермеп, оңтүстік-батыс жаққа жанталаса қаша жөнелді. Сарылың қалай қылса да шешуші мезетте шептен қашқан сәйгүліктің басына ие бола алмады. Өздерінің алдын бөгеп, жылқыға жолатпай келе жатқан адамның қуылғанын көрген ірі көкжалдар бірнеше қадам артынан қуалады да, артына кілт бұрылып, үйірге тап берді.
Осы кезде жылқының ішінде тек Бату жалғыз қалған-ды. Ірі бөрілердің шағын тобы дереу оның атына жабыла кетті. Батудың қара тұлпары танауын пырылдата, көздерін шекшитіп, бөрілердің тістеп-тырнауына қарамай, оларды таптап, теуіп, тарпып, тістеп, жанқиярлықпен қарсылық көрсетті. Қасқырлар қоршаған сайын көбейе түсті. Олар алдынан шабуылдап, артынан жармасып, азу тістерін үлкен қара атқа батыру үшін шоғырландырды. Осылайша Бату қатерлі жағдайда қалды. Осындай мезетте қашып құтылмайтынын, тек сайысудан бөлек амалдың жоқтығын Бату әбден білді. Өзінің аяулы құрығын лақтырып жіберген ол қатты ойқастаған тұлпардың жонында бір қолымен ердің алдыңғы қасын нығыздап ұстап, тағы бір қолымен ердің қанжығасына байланған шынтемір басты сойылын ақырын шешіп, сойылдың басындағы қалың қайыс бүлдіргесін білегіне орап, қаруын сілтеуге әзірленді. Ол дереу жылқышыдан жанкешті моңғол жауынгеріне айналып, көкжалдармен барынша айқасуға, жанын аямай шайқасуға бекінді. Бату бөрі соғудың ұзақтан бері қолданбаған, ата-бабасынан мұра болған өрелі өнерін қолдануға әзірленді. Атты әскерлердің қылышындай ұзын оның бұл сойылы бабалардан қалған арнайы қасқырды соғып өлтіруге арналған қару еді. Бұны оған Білге-ата берген-ді. Майысқақ ағаштан жасалған, әдеттегі күректің сабындай жуан сойылдың ұшына тығыз етіп шыңдалған темір шығырық бекітілген. Темір шығырықтың арасында қап-қара кірдің қалдықтары қалған. Ол - бірнеше атадан бері көкжалды соққанда қалған қанның дақтары. Бірнеше ірі бөрі екі жақтан кезекпен қара атқа атылып тиісуде. Аттың үсті қасқырларға сойыл сілтеу ең оңтайлы жер. Сондай-ақ Батудың осы түнде көкжалдарды өлтірудің таптырмас орайы еді. Ең бастысы, батылдық көрсету һәм қолдың дәлдеп ұруы болатын.
Бату көңілін орнықтырып, сезіміне ырық бермей, шамның жарығын оң жаққа ақырын жылжытты. Сосын сойылын басынан асыра көтеріп, ұрудың орайын күткен халде қолын оңтайлады, білегін үйірді. Содан соң ол бөрінің ең қатты, бірақ ең осал да ең жанды жері - тұмсығынан аямай соқты. Жоғарыдан төменге екпінмен соққан сойылдан азу тістерін ақсита ұмтылған бір дәу қасқырдың төрт тісі опырылып түсті. Батудың сойылы көкжалды жанын шығара қан қақсатты және ауыр зиянға ұшыратты. Азуы тоқтамай атқылаған қанға толып, қардың үстіне омақасынан жығылған дәу бөрі басын көтере аспанға қарап жанын сала қыңсылады. Жалынышты ұлыған дауысы жанын алғаннан бетер аянышты болды. Ежелгі Моңғолия сахарасындағы қасқырлар үшін азу тістері олардың өмірімен бірдей. Олардың ең жыртқыш та өткір қаруы - езуінің асты-үстіндегі төрт азу тісі. Егер сол тістері болмаса, оның бойындағы барлық батылдық, қайсарлық, ақылдылық, айлакерлік, жыртқыштық, ашкөздік, өрескелдік, жауыздық, қаһармандық, төзімділік, сезімталдық, қырағылық, қуаттылық, сабырлылық және басқа да қасиеттері, дара мінезі мен өзгешелігі сағымға айналып, жоққа шығады. Көкжалдар әлемінде бір көзі соқыр, бір аяғы ақсақ, екі құлағы шұнақ бөрілер қатарынан қалмай өмір сүре алады. Алайда, азу тістері болмаса, олар сахарадағы өмір мен ажалға билік жүргізу құқығынан біржолата жұрдай болады. Ондайда қасқырлар бұл дүниеге жыртқыштық істеу үшін емес, азықтану үшін жаралғандай болады. Азу тістері болмаған көкжалдың күні қараң болады. Ол бұдан былай өзі ең ұнататын ірі аңдарды аулап өлтіре алмайды, бұдан соң аңшы иттердің шабуылы және өзі тектестің бәсекесінен қорғана алмайды, жұлып алқымдап һәм етті кесек-кесегімен шайнап, аузын толтыра қан іше алмайды, қатал сахарада дер кезінде бойына қуат толықтыра алмайды. Оның байтақ даладағы барша салтанаты және айбары, бөрілер тобындағы орын-мәртебесі мен өзіндік қадірі бәрі-бәрі жойылады. Ол тек қашан демі үзілгенше өлмешінің күнін көреді, аузы бар, бірақ тістері жоқ күй кешеді. Өзі тектестердің қырғындау жүргізіп, мәре-сәре халде қонағасыға тойғанына мөлиіп қарап, көргісі келмейтін нәрселерді көз алдынан өткізеді. Оған ең соңғы қалған жол – өлім ғана. Ол бірте-бірте арықтап өледі, үсіп өледі, аштан өледі, намыстан күйіктеніп өледі, құсаланып өледі.
Жылқылар бірінен соң бірі жәркемделіп жатқан қоңсық құйында Бату бұндай сұрапыл әдіспен қасқырлардың жартысын жайратып, оларға далалықтардың рақымсыз қатыгездігінің танытқысы келді. Кейбір көкжалдардың не болғанын әлі аңдамаған сәтін пайдаланған ол тағы бір соққы берудің орайын нақ көріп, сойылын оңдырмай сілтеді. Алайда, бұл жолы тұмсыққа емес, танауының ұшына ғана тиді. Бүкіл кеңсірігі бір демде сүйегінен жұлынған үлкен бөрі қардың үстіне омақасынан жығылып, бүкіл денесі домаланған жүн сияқты бүрісіп қалды. Батудың қасқырды өлтіру өрелі өнері және айбары, екі үлкен көкжалдың аянышты қаңқылы дереу оны қоршаған бөрілердің айбатын бұқтырып жіберді. Олар кілт есін жиып, аттың үстіне атылуға бата алмады. Әйтсе де, бұрынғыдай Батудың алдын бөгеп, оны жылқы үйіріне жақындатпады.
Бату қасындағы қасқырлардың шабуылын тойтарып, алдыңғы жақтағы жылқыларға тағы көз тастады. Әуелгіде жылқы үйіріне шүйілген үлкен көкжалдардың бәрі табынның шығыс жақ алдына жиналыпты. Олар уақыттың шұғылдығын, сондай-ақ арт жақтағы бөрілердің сәтсіздікке ұшырағанын сезген болуы керек. Қасқырлар құдды электр сымдары желілерінің боранда уілдегеніндей діріл аралас дауыспен ұлып, айналаны жанынан түңілген үрей және ашумен толтырды. Басшы арланның бастауымен ызалана кектенген көкжалдар тобы тәуекелге бел буып, иен дала тағыларының ең қатыгез, ең қанқұйлы, ең ақылға сыймайтын және ой жеткісіз жанкештілікпен шабуылдау тәсілін қолданып, жылқы үйіріне ең соңғы ұжымдық жалпы шабуылға өтті. Үлкен-үлкен бөрілер, әсіресе бөлтірігінен айрылған өлекшіндер өршелене атылып, секіріп, аттардың арт жағындағы ең жұқа шабынан жабыса тістеледі. Сосын бүкіл денесінің салмағымен асылып, құрбан болудан ешбір тайынбастан өз денесін бәске тігіп, шауып бара жатқан жылқының шабына жармасқан күйі ілінді. Бұл - қасқыр үшін де, жылқы үшін де аса қатерлі қимыл. Көкжалдар тұрғысынан айтқанда, аттың бауырына асылу крестке шегеленіп өлгенмен бірдей. Жылқы шаба жөнелгенде бөрі денесінің астыңғы жағы аттың артқы аяқтарының астына түседі. Шошыған жылқы өз денесінің бір бүйірінде сүйретілген қасқырдан құтылу үшін оны артқы аяғының тұяқтарымен серпініп тебеді. Тепкен сәтте сөзсіз көкжалдың сүйегі үзіліп, терісі тілінеді, қарны ашылып ішектері төгіледі. Тістері өткір, азулы үлкен бөрілер ғана өзінің ауыр салмағы және азу тістерін қолданып, жылқының қарнын айырып, сосын жерге түсіп тірі қалатын. Жылқы тұрғысынан алғанда, осы жымысқы әрекет анағұрлым қатерлі һәм қабағат еді. Өзіне жармасқан қасқырды теуіп түсіре алмаса, артқан салмақтан қатарынан қалып, ең ақырында бір топ көкжалдың жабылып талауына түседі. Егер ол бөрінің денесін теуіп таптаған болса, оның азу тістері мен дене салмағына айыру күшін үлкейтіп, қарнын өршелене жыртып, өз ажалын келтіруі мүмкін.
Қырғынға тап болған жылқылар мен өлімге басын тіккен қасқырлар аянышты үмітсіздік ішінде қалтырауда.
Денесіне тиген тұяқтан мерттіккен, аттың астында тапталғанның көбісі өлекшіндер еді. Олар арлан көкжалдардан жеңіл болғандықтан, толығымен өзінің барша салмағымен асылса да, жылқының қарнын оңайлықпен жырта алмай, өлермендікпен аттың күш-қуатын ғана пайдаланатын. Өлекшіндер расында да жанын аямады. Кек алуды тілеген олардың әрқайсысы өлімнен жасқанбай, бойындағы жігер-қайратын көрсетіп, бәрін сала айқасты. Олар тұяқ тигеннен қарны жарылу, кеудесі мылжалану, ішек-бауыры мен омырауының ақтарылу қаупіне қарамастан жылқылармен бірге опат болуға бекінді.
Қатты тиген тұяқтан қарны жарылып, тістерін ақсита қар үстінде бүрісіп ұлыған бір аш бөрі алдыңғы екі аяғымен әлі де жанқиярлықпен арпалысуда. Жерге жығылса да, әлі жаны шыға қоймаған атқа атылған ол оның етін жұлып, бүтіндей қылғып, ең соңғы бір орайын жіберіп алғысы жоқ. Аузы мен тістері ғана болса болғаны, өз қарнының бар-жоғына қарамаған қасқыр етті қылғып жатты. Жылқының жап-жас еті оның үлкен аранында жұтылып, тікелей қардың үстіне түсуде. Құрсақ сиымдылығы шектелмеген көкжалдар сөзсіз әлемдегі ең ашкөз, ындыны ең үлкен, сондай-ақ жылқы етін бір мезгілде ең көп қылғыған бөрілер болып табылады. Бұл - қасқырлардың өлім алдындағы ең көңілді һәм ең аянышты болған ең ақырғы бір кешкі асы.
Қарны жарылып, ішектері ақтарылған әлгі аттар тегінде құрсақтары қампиған тоқ жылқылар болатын. Иен даладағы көктемнің алғашқы қылтиған көк майсасына және былтырғы сары шөпке лық толған, сөл суымен сіресе шылқыған құрсақтар дененің салмағын өте ауырлатқан-ды. Тығыздап толтырылған жұқа қарынды көкжалдардың тістері жарған мезетте, үлкейген асқазан мен семіз де жұмсақ ішектері қардың үстіне лық-лық етіп ақтарылып түсетін. Әуелгі екпінмен құйғытқан жылқының артқы екі аяғы алға сермеген кезде, өз ішек-қарнын өзі таптап, ішек-асқазанды сирақтарына мықтап шырмалап алатын. Қас қағым сәтте асқазаны ағытылып, ішек-қарны шашылып, жұмсақ ішектердің түте-түтесі шығатын. Әбден шошыған аттар әлі де барша пәрменмен шауып, артқы тұяқтарымен құрсақ қуысындағы ішек-қарны мен асқазан түтікшелерін, өңеш-өтін шырмап таптағандықтан, ең ақырында кеуде тұсындағы кеңірдегі, қолқа-жүрегі, өкпе-бауыры да бірге тартып шығаратын. Ірі аттар өзінің бауыр-бүйрегін басып таптап, зәресі ұшып жан үзетін. Не болмаса, өз жүрегін таптап, жүрегі мүжілгеннен ажал құшатын немесе өз өкпесін езгеннен тұншығып өлетін. Бөрілердің өз-өзін өлімге байлауы аса рақымсыз да қасіретті болғандықтан, олар өзімен бірге ажал құштырған қарсыласының да жан үзуін жеңіл қылмайды. Қасқырлар осындай тәсілмен жылқыларға өзін-өзі өлтірудің дәмін бірге татқызады. Көкжалдар олардың денесін орғылады, бірақ жылқылар да жартылай өзін-өзі өлтірді. Олардың өлімі тіпті де азапты да обалды, бұдан да қайғылы болды.
Бөрілер тобының осы ең ақырғы өршеленген жанкешті шабуылы жылқы үйірінің ұйымдасқан қарсылығын біржолата ойрандады. Байтақ дала қырғын қасапханаға айналды. Бір-бірлеп тұяққа жаншылып ішек-қарны ақтарылған ірі жылқылар қардың үстінде қалтырап дөңбекшіп жатыр. Әдетте ыстық қан және ыстық буға толы кеуделер бір демде қар мен мұзға лық толып сіреді. Үсті-үстіне жерге құлаған аттар үздіксіз жанталаса бұлқынып, жөңкіліп атылған қандары жан-жаққа жапалақтап түскен қарды қызыл бояуге бояды. Сансыз қан тамшылары жан-жаққа үрейлене қашқан жылқылардың түгін қоймай соққылап, үстіне түсуде. Қан мен қар араласқан күлімсі иісті боран барған сайын үдеп, жылқыларды ең ақырғы ажалға қарай итермелеуде.
Қасқырлардың өлімге басын тіге кек алу шабуылынан зәресі ұшқан Батудың қол-аяғы икемге келмеді, суық тері де мұз болып қатты. Ол жағдайдың оңауға келмейтін жеңіліске айналғанын білді. Алайда, бұрынғыша бірнеше арғымақты аман сақтап қалуды ойлаған ол тізгінді барша пәрменімен тартып, аттың басын іркіп сәл тұрды. Сосын кенеттен аттың бүйірін теуіп, ауыздықты босата алдынан шыққан көкжалдың үстінен зу етіп секіріп өтіп, арғымақтарға ұмтылды. Бірақ бөрілер тобы әлдеқашан бытыратқан жылқы үйірі құдды ойсырата жеңілген әскерлердей барлығы боранның ығымен зымырай жөңкілді. Тоз-тозы шығып, есі кеткен жылқылар оңтүстікте батпақты жердің тұрғанын ұмытып, баршасы сол сазға қарай ағыла жөңкіді.
Батпаққа жақындаған сайын еңіс жер жылқы үйірінің шабысын үдете түсті. Соққан сайын еліре түскен ақ боран тау қопарып, теңізді қотаратын жойқын екпінмен арғымақтарды алға қарай ұшыртты. Бүкіл үйір таудан гүрсілдеп домалаған бөренелер мен құлаған кесек тастар секілді ми батпаққа түсті. Жылқы үйірі әп-сәтте жұқа мұзды шатырлата жарып, батпақты шашыратып, мұз қабыршақтарын сазға таптады. Күдерін үзген олар шұрқырай кісінеп, опыр-топыр болды. Қасқырлардан қатты үрейленуі және оларға әбден өштесуі шегіне жеткен сәйгүліктер батпаққа түскен жерлерінде азырақ аялдап тұра қалды. Бәрі тұла-бойындағы ең соңғы күшін жинап, қою да жабысқақ батпақта төрт тағандап одан әрі терең құйға бойлады. Барған сайын тереңдегеніне қарамаған олар түгелдей өздерін батырып өлуді жөн көріп, көкжалдарға жем болуды қаламады һәм қас дұшпандарын ең ақырғы мақсаттарына жеткізбеуге әрекеттенді. Адамдар піштіріп айбатынан айырған, еркектігін ойып алған бұл жылқылар өмірінің соңғы сағатына жетсе де, әлі де жанталаса қарсыласып, ұжымдық өлу арқылы бөрілердің шабуылын тойтаруға ұмтылды. Бүкіл үйір ажалға басын байлап, басын өлімге тігіп, қайтарма соққы берді. Бұлардың бәрі ежелгі Моңғолия даласындағы ең қайсар тіршіліктің кейіпкерлері еді.
Дегенмен, рақымсыз дала әлсіздерді ұнатпайды, күні бүгінге дейін қауқарсыздарға титтей де мүсіркеушілік танытпайды. Қараңғы түскеннен кейін күрт төмендеген температурада батпақтың бетінде шапшаң бір қабат жұқа мұз қатыпты. Саздың жиегі мұз құрсанғанмен, оның ортасындағы батпақтың бетінде қатқан мұз жылқыны көтеретін қалыңдықта емес еді. Жылқылар саздың мұзын сындыра батпаққа баса-көктеп түскен кезде, әдеттегіден тыс жабысқақ қою балшыққа тап болған-ды. Қарлы боран мен қаһарлы ызғар батпақты одан бетер қатырып, жабысқақ етіп, аттардың қимылдауына ырық бермеді. Арғымақтар саздың терең жеріне қарай жанталаса ұмтылды, балшықты қазды, сығылысты. Әрбір жылжыған адым сайын жылқылар мен батпақтың арасындағы бостыққа қиыршық қар мен суық ызғар кіріп, бүкіл үйір тіпті де суық, тіпті де қою батпаққа малтықты. Жылқылар ең ақырында әбден титықтап, қыбырлауға дәрмені қалмады. Алдыңғы кеткен аттардың жоталары, мойындары, бастары ғана қылтиып көрініп, бұдан әрі батпай тұр. Арттан келген жылқылардың төрт аяғы құйға толық батып, құрсағы батпаққа тіреліп, бүкіл денесі сыртта қалып, онан әрі батпай тұр. Осы мезетте бүкіл үйір жазалау алаңында өлім жазасына бұйырылған қылмыскерлерге ұқсап, шыңылтыр аязда жабысқақ батпақ пен біртіндеп қатып жатқан мұзда тастай байланып, тырп ете алмай қалды. Ажал қармағына ілінген жылқылар қасіреттен күңірене кісінейді. Мұз сіреген батпақтың үстінде аппақ болып будақтап көтерілген аттардың демі мұздап тарамдалған жалдарды қырауға шымқады. Олар осы сәтте өздерін ешкім де құтқара алмайтынын, қасқырлардың бұларды ең ақырғы ұжымдық қырғындауын ешкім де тоқтата алмайтынын түсінді.
Бату арғымақтың басын мықтап тартып, батпақты жердің шетіне абайлап шауып келді. Мұзды батпаққа аяғы тиген бойда үрейлене пысқырып, басын төмен түсірген қаракер ат сазға есі шыға қарап, алға бір адым да басуға батылы бармады. Бату қолшырақпен батпақтың ішіне жарық түсірді. Қарлы боран сәл бәсеңдеген кезде ғана жылқылардың қарасы бұлыңғырлау көрінді. Бірнеше ат бастарын әлсін-әлсін қозғап, өлер алдында иесінен көмек тілегендей болды. Тықыршыған Бату етігінің өкшесімен сәйгүліктің бүйірін қатты теуіп, қаракерді алға жүруге күштеді. Қаракер ат сақтықпен бес-алты адым алға жүріп, алдыңғы аяғымен мұз астындағы батпаққа тығып алғаннан кейін жалма-жан артқа шегініп, саздың жиегіндегі қатты жерге жетіп тоқтады. Бату аттың сауырын қамшымен қайта-қайта қамшыласа да, қаракер алға мүлде жүрмей қойды. Бату аттан түскісі келді. Ол үйірдің жанына еңбектеп барып, жылқыны мылтықпен қорғауды ойлады. Алайда, егер аттан түссе, арғымақ пен адам бөлінсе, дереу көкжалдар тобының арасында қалып, биіктен сойылын үйіре соғатын және қаракер аттың тақасының екпіні секілді артықшылықтан айрылатын еді. Бөрілер де одан қаймықпастан, адам мен тұлпардың пәре-пәресін шығарар еді. Оның үстіне, оның 10 дана оғы ғана бар. Қанша мықты да қабілетті болып, бір оқпен бір қасқырды жайратса да, олардың барлығын да атып тауыса алмайды. Көкжалдарды қуып жіберген күнде де, түннің ортасына қарай барған сайын суытатын қарлы боран да бүкіл жылқы үйірі мен батпақ жерді бірге қатырып тастайды. Дереу үлкен отрядқа хабарлап, көмек сұрауға барса ше? Мына ғаламат қарлы боранда жұрттың бәрі қойларын барынша күзетумен әбігер болғанда, үлкен отряд құйға батқан жылқыларды шығаруға жетерлік еңбек күштері мен өгіз арбаларды әсте бере алмайды. Батудың бетін мұздай суық жас тұмшалады. Ол бет-жүзін шығысқа қаратқан күйде аспанға қарап: «Тәңір, Тәңірім. Мәңгілік Тәңірім, маған ақыл-парасат бергей, күш-қуат бере көр. Осы жылқыларды құтқаруыма демеу көрсет!» деп жалбарынды. Алайда, екі ұртын толтыра үрлеп, бұрынғыдай тоқтамай сұрапыл аңыратқан Тәңір бұдан да дүлей борандатып, Батудың дауысын сейілтті.
Бату елтіріден жасалған қайырма жеңімен көз жасын сүртіп, сойылдың бауын білегіне орады. Сосын мылтықтың бауын босатыңқырап, сол қолына мылтық пен қолшырақты бірге ұстап, бөрілердің келуін күтті. Сол сәтте оның жалғыз ойлағаны: қасқырларды көбірек жою еді.
Бірталай уақыт өтті. Бату тоңғанынан ер-тоқымда орнығып отыра алмады. Кенет көкжалдар тобы оның ту сыртынан жым-жырт жер бауырлай өтіп, батпақты жердің шығыс бөлігіндегі жиекке барып тоқтаған соң, көтерілген ақ түтек қарлы тұманға ғайып болды. Сәлден соң кенеттен суырылып шыққан бір жіңішкелеу бөрі абайлап жылқыларға ілгерілеп, табанның астындағы мұздың қаттылығын байқап көрді. Бату оны кішісініп, оқ атпады. Қасқыр ондаған адым басқаннан кейін тосыннан басын көтеріп, жүрісін тездетіп, жылқы үйіріне қарай желе жортты. Оның аттарға жетуін күтпестен, тұтқиылдан саздың жиегінен соққан аппақ құйын жылқыларға қарай төнді һәм оларды қоршай гуілдеп шыр айналды. Саздың үстін ұшы-қиырсыз ақ түтек қаптап, аспан мен жер айырғысыз болып кетті. Маздаған от пен тірідей байланған адамдар мен аңдарды қоршай айланып, есіре ән айтып, құмарта би билеп, тәбетін ашып, мәре-сәре тойлаған бір топ ұзын ақ шаштары жалбыраған байырғы жабайы адам жегіштерге ұқсады құйын.
Бату қарлы бораннан көзін аша алмады. Ол тоңғанын, бүкіл денесінің суықтан дірілдегенін ғана сезді. Қарлы боранда тұла-бойы қалтыраған иісшіл қаракер ат басын салбыратып, қалтыраған дауыспен ара-тұра жалынышты кісінеп қояды. Қап-қараңғы түнде ұшы-қиырсыз ақ түтек ағылған қанды мұзға айналдырған байтақ даладағы қасап-қырғынды тағы бір рет жасырды.
Тоңып қатып қалуға таяған Бату ұйыған халде шамшырақтың жарығын өшіріп, қараңғы түнекке көмілді. Сосын еңкейіп, мылтықтың аузын сазға қаратты. Алайда, ол кенеттен мылтықтың аузын жоғары көтеріп, асықпай арт-артынан үш рет оқ атты....
6
Түрктердің....қару-жарақтары: садақ пен оқтар, сықырма жебе, сауыт, қылыш, семсер бар. Олар сән ретінде көбіне қанжарды асынады. Ту-байрақтарына көкжалдың алтын бас мүсінін тағады. Қағанның жасауылдары «фули» («фули» көне түрк тілінде «бөрі» деген мағынаны береді) деп аталады. Ся тілінде де бөрі деп аталады. Қасқырдан туылғанын ұмытпау үшін осылай істейді.
«Чжоунама» жылнамасының «Түрктер» бөлімі.
Күннің солғын сәулесі сұрғылт жұқа бұлттар мен аспанда қалықтаған қар ұшқындарынан өтіп, көсіліп жатқан Олұн сахарасына төгілді. Ақ түтек боран екі күн, екі түн азынап соққаннан кейін, қар қиыршықтарын көтеруге дәрмені жетпей, арынынан қайтты. Аспанда қалқыған қар қылауы мен қиыршықтары да көрінбейді. Бірнеше бүркіт ғана бұлттың астында баяу қалқып, айналуда. Ерте көктемнің жылы лебі қарлы даланың бетінен асықпай қалқыған түтін сияқты тұманға айналып, желдің ығымен ақырын көшіп барады. Бір топ қоңыр күрең қырғауыл ақ маржандай шоғырланған қалың жыңғылдың астынан пырылдап ұшқанда, жыңғылдың бұтақтары тербетіліп, жұмсақ та мамық қар бақбақ өсімдігінің гүлдеріндей төгіліп, дала жыңғылының қою қызыл табиғи түсі ашыла түсті. Мөлдіреген ақ маржанның арасынан кенеттен айрықша жарқын түсімен көзді жайнатқан бірнеше қызыл маржан көрінгендей болды. Шекараның солтүстігіндегі тау сілемдері ашық аспанның астында көсіліп жатыр. Бірлі-екілі көкшіл түсті бұлттар көзді қарықтырған аппақ қарлы таудың үстімен баяу сырғиды. Күн ашылып, ежелгі Олұн даласы бұрынғы жым-жырт күйге көшті.
Сарылың мен Чен Чжен Батудың үсіген жерлерін емдеп, күні бойына оның жанында отырды. Алайда, Бату әңгімелеген қорқынышты да рақымсыз түнек сахараны адамдардың үнемі көз алдындағы көркем де жарқын даламен бірге ұштастыру әсте мүмкін емес-тін. Фермадағы адамдар түгелдей үрейлі ақ боранмен екі күн, екі түн алпарысқанмен, Чен Чжен Батудың айтқан бастан кешіргеніне сенгісі келмеді немесе сенуге батылы бармады.
Байтақ сахараның көктем лебі ескен ызғарлы да таза ауасын жұтқан Чен Чженнің көңіл-күйі біршама көтерілді. Мынадай қалың қар жауғандықтан биылғы көктемде құрғақшылықтан біржолата арылуға болады. Күні бойы аңызақ жел құрғақ топырақты шаңдатып, құрғаған шөп пен тезекті ұшырып, екі көзді аштырмай қымтаған күндер ақыры өтіп кетті. Қалың қар ерісімен өзен-көлдердің сулары тазарып, арнасына толып, көк майса қаулай өсіп, гүлдер түгел ашылып, төрт түлік малдың көктемгі күйленуіне де үміт пайда болды. «Малдың үш рет семіруі көктемгі сөлденуіне байланысты болады» дейтін әрқашан Білге-ата. Көктемде сөлденбесе, жазда ет алмайды, күзде май дарымайтын болады. Егер күзде шөп сарғаюдан бұрын қойлардың жоны мен құйрығының қалыңдығы үш елі май ұстамаса, олардың жеті айға созылған ұзақ қыс мезгілінен өтуі қиынға түседі. Ферма қыстың келуінен бұрын семіздігі айтарлықтай болмаған қойларды арзан бағамен Қытайдың ішкі өлкелеріне сатуға мәжбүр болатын. Апаттар ауыр болған жылдары үнемі қыс мезгілі кіруден бұрын қойлар отары жартысына, тіпті жартысынан көбісіне дерлік азайтылады. Иен даланың мал шаруашылығы өрістерінде жыл тетігі көктеммен есептеледі. Қуаңшылықты басқан осы көктемгі қар ферма тартқан біраз шығынның орнын толтырса игі болар еді.
Чен Чжен және осы отряд пен басқа отрядтағы бірнеше зиялы жастары ферма басшылығы, бас отряд пен өндірістік топ жіберген апаттар мен шырғалаңдарды тексеру тобымен бірге батпақты жердегі оқиғаны тексеруге барды. Жол бойы ревкомның басшысы, әскери уәкіл Бао Шигуй, ферма бастығы Үлжі, жылқышылар Бату, Сарылың және басқа да бұқараның өкілдері, сондай-ақ оқиға туылған жерді тазалайтын атпал малшылар түгел ыңғайсызданумен болды. Батпаққа жақындаған сайын адамдардың көңілдері жабырқап, ешкім де ауыз ашпады. Әскери аттардың шепке жөнелтудің қарсаңында біржолата қырып-жойылуы әскери және жергілікті басқару органдары басшыларын төтенше ызаға булықтырды. Чен Чженнің де көңіл-күйі қынжыла түсті. Бату тұлпарын ауыстырған-ды. Оның қаракер аты бірнеше жарадан кемтар болып, ферманың ветеринарлық емдеу бекетіне жараларын емдеу үшін жіберілді. Батудың бетіне баттастыра жағылған май дәрісі үсіген жан түршігерлік жаралы бет-жүзін әлі де жасыра алмапты. Мұрны мен бетінің терісі үсігеннен қарайып, қатпарланыпты. Қобыраған тыртық жерлерден сары су шығып тұр. Терісі түлегеннен кейін жаңадан жетілген қызғылт еті оның күлгін қошқыл шырайында ерекше көзге түседі. Беліне үлкен ағаш күректі қиғашынан қыстырып, әбден титықтаған күйде аттың үстінде отырған ол дыбыс шығармастан Бао Шигуйдың жанында жүріп, салт аттыларға жол көрсетіп келеді.
Ақ боран бір түн, жарты күн соққаннан кейін Сарылың саздың оңтүстігіндегі ескі қораның артында жатқан Батуды тауып алған. Сол кезде әбден жараланған сәйгүлігі жүруден қалып, өзі үсіп өлуге таяпты. Сарылың Батуды жаралы тұлпарына көлденеңінен салып, үйге жетектеп әкелген. Бату тексеру тобына оқиғаның барысын түсіндіру мақсатында, зорға денесін көтеріп, оларды шырғалаң туылған жерге ертіп келеді. Бұдан басқа екі жылқышы тұла-бойы үсіп жараланса да, бөлек-бөлек тексерілуде еді.
Білге-атаға ілескен Чен Чжен топтың қапталында келеді.
- Ата, басшылық Батуға қандай шара қолданады екен? - деп сұрады ол бәсең үнмен.
Қария тағаша жеңімен селдір теке сақалының үстіндегі қырауды сүртіп, сарғыш көз жанарынан әлдеқандай тілеулестік білінгендей болды. Ол басын бұрмастан алыстағы тауларға көз салып:
- Сендер зиялы жастар оларды қалай жазалайды деп ойлайсыңдар? - деп ақырын сұрады да, артына бұрылып сөзін одан әрі жалғады, - Ферма басшылығы мен әскери уәкілдер сендердің пікірлеріңе өте мән береді. Бұл жолы ой-пікірлеріңді тыңдап білу үшін сендерді шақырды.
- Бату - ер азамат. Осы әскери жылқылар үшін ол өмірмен қоштаса жаздады. Өкінішке орай, жолы болмады. Меніңше, осы аттарды құтқарсын-құтқара алмасын, ол бәрібір сахараның керемет қаһарманы. Мен үйіңізде бір жыл тұрдым, Бату менің ағамдай екенін елдің бәрі біледі. Бао Шигуйдың пиғылы маған мәлім. Ол менің пікіріме құлақ аспайды. Оның үстіне, зиялы жастардың пікір-көзқарастары да бірыңғай емес. Сіз - кедей малшылардың өкілі, сондай-ақ ревкомның мүшесі. Көпшілік сізге құлақ асады деп ойлаймын. Сіз не айтсаңыз, мен де солай айтамын, - деді Чен Чжен.
- Басқа зиялы жастар не дейді? - деп зейін қойып сұрады ақсақал.
- Біздің отрядтағы жастардың көбі Батуды мықты азамат деп санайды. Бұл жолы боран апаты мен қар апатына көкжалдар апатының қосылғаны өте ауыр түсті. Бұған кім болса да төтеп бере алмас еді. Батуды жазалауға болмайды. Алайда, «Бұл бәлкім біреулердің табиғи апатты пайдаланып бүлдірушілік жүргізуі, армия мен революцияға қарсы тұрғаны болар. Міндетті түрде ең алдымен төрт жылқышының шығу тегін тексеру керек» деген адамдар да бар.
Шырайы түнере түскен Білге-ата одан әрі сауал қоймады.
Салт аттылар батпақты жерді шығыс жақтан айналып өтіп, Бату ең соңғы рет оқ атқан жерге келді. Чен Чжен демін ішке тартып, қанды қырғын болған жерді өз көзімен көру үшін психологиялық жағынан әзірленді.
Алайда, бір тамшы қан да көрінбейді. Қалыңдығы бір елі ақ қар қараңғы түн жасырған қанды жерді қайтадан көміп тастапты. Ең болмағанда батпақтың бетінде аттардың бастары қылтиып шығуы тиіс еді, бірақ олар да көрінбейді. Батпақтың үстін өңкей төмпешік-төмпешік болған омбы қар ғана басыпты. Төмпешіктердің арасындағы қар айрықша қалың. Қарлы жел олардың ту сыртына жолақ-жолақ еңістерді үйіпті. Әсілі, көзге бірден көрінуі тиіс жылқылардың өлекселерін қарлы төмпешіктер тегістеп жіберген екен. Адамдар үндемей қарап тұр, ешкім де аттан түспеді. Қар жамылғысын ашқысы келмеген олар іштерінен ғана сол кездегі ахуалды мөлшерледі.
Амал нешік. Білге-ата бірінші болып сөйледі. Ол қамшымен батпақты көлдің шығыс жағалауын нұсқап:
- Қараңдаршы, егер тағы азырақ шапқанда, үлкен оқиға болмас еді. Солтүстік тараптағы жайылымнан жылқы үйірін осы араға дейін айдау Батуға оңайға түспеді. Боранның соншама күштілігін, бөрілердің соншама көптігінен адам қорықпағанмен, мінген сәйгүлігі үрікпей қоюы мүмкін бе? Бату бастан-аяғына дейін үйір ішінде жүріп, қасқырлармен барынша күресті ғой. Ол міндетін толық атқарды.
Моңғол қариясы абайсыздықта өз баласының орнына сөз сөйлеп ақталды.
- Бату ұжымның мал-мүлкін қорғау үшін жалғыз өзі көкжалдар тобымен бір түн айқасып, өз өмірін құрбандыққа шалуға аз қалды. Бұл расында да газетке жариялауға тұрарлық ерлік іс.... - деді Бао Шигуйға жақындап барған Чен Чжен.
- Қандай ерлік іс?! - деп бақырды Бао Шигуй Чен Чженге алая қарап, - Егер ол осы әскери аттарды аман сақтап қалса ғана батыр болар еді.
Бао Шигуй тағы да бұрылып, Батуға зілдене сөйледі:
- Неге сол күні сен жылқыларды батпақты көлдің солтүстік жағына жайдың? Осынша көп жыл жылқы бақтың ғой. Боран соққанда жылқыларды батпаққа ықтататынын білмейсің бе? Сенің ең үлкен ағаттығың осы!
Бату Бао Шигуйге қарауға батылы жетпеді.
- Менің ағаттығым, мен жауаптымын. Егер әр күні кешке таман жылқы үйірін шығыстағы жайылымға шығарғанда, мұндай үлкен апат шықпас еді, - деді ол қайта-қайта басын изеп.
Сарылың атының бүйірін тепкен халде жақындап келіп, келіспеген лебізбен айтты:
- Ферма басшылығы бізге жылқыларды сол жайылымда бағуды айтқан. «Бүкіл фермада сол жайылымда ғана күзгі шөп көптеу қалады, көктемгі майса да ерте көктейді. Әскери аттар алыс жолға аттанады, міндетті түрде олардың тойып жайылуына, әлі де біраз семіруіне кепілдік ету керек. Жылқы үйірін алуға келген халық жасағының атты әскерлері көре сала қуанып қалсын» деген тағы. Ферма басшылығының революцияны ұстану, өндірісті тездету жиналысында Бату жылқыларды үлкен батпақ көлінің солтүстігінде бағудың қауіпті екенін айтқаны менің есімде. Алайда, ферма басшылығы: «Көктемде солтүстік-батыс жел көбірек соғады. Осы бірнеше күнде солтүстіктің бораны қайдан дайын тұрады дейсің» деген. Бұл істі өзің де құптадың ғой. Енді оқиға туылғанда қалайша жауапкершіліктің бәрі Батудың үстіне артылып қалды?
Ферма басшыларының бәрі үнсіз қалды. Ферма бастығы Үлжі жөтеліңкіреп айтты:
- Сарылыңның айтқаны рас, солай болған. Көпшілік жақсы ниетпен әскери аттар мықтырақ болса, жолда жақсы жүреді, соғыс дайындығына көбірек үлес қосу үшін күш шығарайық деп ойлаған-ды. Солтүстіктен мұндай қарлы боран соғып, оған осынша үлкен бөрілер тобы ілесіп келетінін кім ойлаған? Осы қасқырлар болмағанда, Бату да жылқыларды сөзсіз қауіпсіз жерге айдап келетін еді. Дауыл апаты мен қар апатына көкжал апаты қосылып, 100 жылда кездеспейтін шырғалаң шықты ғой. Өндіріске мен жауаптымын. Осы оқиға үшін жауапкершілікті үстіме аламын.
- Сенің жауапкершілігің де кішкентай емес, - деді Бао Шигуй қамшысын Сарылыңның мұрнына шұқып, - Білгенің айтқаны дұрыс. Бұл жылқылар тағы кішкене шапса, үлкен мәселе шықпас еді. Егер сен үшеуің шешуші мезетте шептен қашпай, Батумен бірге осы жылқыларды қайырсаңдар, осы жолғы ірі шырғалаң болмас еді. Батуды құтқармағаныңда, сені баяғыда-ақ оңашалап тексеруге қояр едім.
Білге-ата өз шыбыртқымен Бао Шигуйдың қамшысын төмен басып, қатулы шыраймен дауыстады:
- Бао уәкіл, сен егіншілік өңірде өскен моңғол болсаң да, мал шаруашылық аймағындағы моңғолдардың салт-жоралғысын білуің керек. Сахарада қамшыны адамның бетіне кезеп сөйлеуге болмайды. Тек бұрынғы бектер, тайжылар, мал иесі нояндар ғана осылай сөйлейтін. Сенбесең, әскери районның басшысынан сұрап көр. Келесі жолы ол жұмысты тексеруге келгенде, екеуіміз бірге барып сұрайық.
Бао Шигуй қамшысын түсіріп, сол қолына ұстады. Сосын дереу оң қолының сұқ саусағымен Сарылың мен Батуды бетіне кезеп айғайлады:
- Сен! Және сен! Неге аттан түсіп, қарды күреп ашпайсыңдар?! Мен өлген жылқыларды өз көзіммен тексеруім керек. Бөрілердің қаншалық адуынды, қасқырлар тобының қаншалық көп екенін көрейін. Барша жауапкершілікті соларға артып, құтыламын деп ойламаңдар. Төраға Мао Цзэдун: «Адамның факторы бірінші» деп бізге тәлім берген!
Жұрттың бәрі аттан түсіп, әкелген ағаш пен темір күректер, бамбук сыпырғыштарын алып, жылқы қырылған аумақты тазалауға кірісті. Аттың үстінде отырған Бао Шигуй «Хай’оу» («Шағала») маркалы фотоаппаратпен дәлелдер жинау үшін сурет тартумен әбіргерленіп, жұртқа дамылсыз дауыстап шыңғырды:
- Жақсылап тазалаңдар. Міндетті түрде тап-таза болсын. Бірнеше күннен соң аймақтың, ауданның, сондай-ақ әскери бөлімнің тексеру топтары осында келіп, оқиға болған жерді тексереді.
Чен Чжен қалың қарды кешкен халде Үлжі, Білге, Бату және Сарылыңға еріп, батпақты көлдің ең орта тұсындағы бірнеше қарлы төбешікке қарай жүрді. Батпақтың бетіндегі мұз өте мықты қатқан екен. Аяқтың астындағы омбы қар «қырт-қырт» дыбыстайды.
- Көкжалдардың батпақ ортасындағы бірнеше жылқыны жарып өлтіргенін көрсек ғана олардың әл-қуатын білер едік, - деді ақсақал.
- Қалайша? – деп іле-шала сұрады Чен Чжен.
- Өзің ойлашы, - деді Үлжі, - Сол жолы ішке тереңдеген сайын қатерлі болды. Ондағы батпақ су бәрінен кейін мұз болып қатады, сондықтан бөрілер бұнда өлуден қорқады және бұндай қатерге бармайды. Егер олар сол жердегі біраз жылқыны қырғындаса, онда бұл қасқырлар бәрінен күшті деп есептеледі.
- Оқ атқаныңның да пайдасы болмады ма? - деп сұрады ақсақал Батуға бұрылып.
- Пайдасы болмады, - деді Бату жабырқаңқы қабақпен, - Тек он-ақ дана оқ алып шыққанмын. Бір демде бәрін атып тауыстым. Қарлы боран мылтықтың дауысын толығымен естіртпей қойды. Көкжалдар басында қорқып қашқан, бірақ оқтардың бәрі таусылып, мылтықтың дауысы толастаған соң, қайта келді. Түн тым қараңғы, шамның батареясының да қуаты азайып, ешнәрсені де көре алмадым.
Бату бетіндегі үсіген теріні саусақпен ақырын басып:
- Ол кезде көп нәрсені ойлауға мүмкіндік болмады. Қараңғы түнде қар жапалақтап борағандықтан, аттарға оқ тиіп кетуден алаңдадым. Мен тек боранның тоқтауын, батпақтың мұз болып қатпауын, осылайша бөрілердің ол жаққа кіре алмай, бірталай жылқының тірі қалуын тіледім. Мылтықтың аузын бір кездей жоғары көтеріп, оқ атқаным есімде.
Білге мен Үлжі екеуінің көңілдері орнына түсіп, кең тыныстады.
Ең ішіндегі қарлы төмпешіктің алдына келгенде, Бату сәл кідіріп қалды. Сосын ол ағаш күректі шығарып, шапшаң аттың басын бүркеген қарды аршыды. Көпшілік кенет демін ішке тартты: ақбоз аттың мойны ортасынан үзіліп, басы теріс бұралып, арқасының үстіне түсіпті. Жануардың шарасынан шыққан көздері мөп-мөлдір қара мұз болып қатқан-ды. Ақбоз аттың сол кездегі түңілуі мен үрейі түгелімен осы мұздың ішінде қалғандай, айрықша жантүршігерлік көрінуде. Жылқының басы астындағы қар қанмен бірге араласып, күреуге келмейтін үлкен қызыл мұз болып қатыпты. Жұрт үн шығармастан асыға қар күреп, тазалап жатыр. Батпақтың бетіндегі жылқының жарты денесі түгел ашылды. Чен Чженге аттардың денелері тістелеп опырылғандай емес, керісінше олардың ішінде бомба жарылғандай көрінді: екі жағындағы қабырғасы түгел ағытылып, ішкі мүшелері мен ішек-қарны төңірегіндегі бірнеше метр алыс жерлерде шашыраған, құйымшақтың жартысы да көрінбейді, сүйек қаңқасы қалған. Мұздың үсті мүжілген жілік, сынған қабырғалар, жұлмаланған тері, жұлынған жал-құйрықтар. Қасқырлар тек жылқылардың жылы-жұмсақ жүрек-бауыры мен семіз де қалың етін жеп, қалған дене қаңқаларын масқара еткендей тастап кетіпті. «Адамдар адамның денесін ұсақ тілімдерге бөліп, сіңірін суырып, терісін сыпыратын жауыздықты да көкжалдардан үйренгені ме? Әлде адамзаттың ішіндегі жауыздық пен жыртқыштықтың ішіндегі бөрі қасиетінің шыққан қайнар көзі бір болғаны ма?» деп ойлады Чен Чжен.
Адамзаттың күресу тарихында шынымен адам адамға қарсы бірде ашық, бірде жасырын түрде қасқырдың ұстанымдарын жүзеге асырып келді. Көкжалдардың осынша кең көлемді қанқұйлы қасиетін тұңғыш рет өз көзімен көрген Чен Чженнің көңілінде де дереу жыртқыштық пайда болды. Ол жалма-жан бір бөріні ұстап, терісін сыпырып, сіңірін суыруға асықты. Сірә, қасқырмен көп айналысқан адамдар да кейін көкжалға айналады ма екен? Немесе бөрілігі мен жыртқыштығы басымырақ адамға айналады ма, қалай?
Адамдардың бәрі аңтарыла қарап тұр. Чен Чжен қол-аяғын мұздатқан суықтың сүйегіне дейін өткенін сезінді.
- Мына өмірде некен-саяқ көрген қасқырлардың үлкен тобының бірі екен. Үйірдің ең басындағы бұл жылқыны осыншама жәркемдепті, басқа аттарды көрмесем де болады. Біреуі де сау қалмапты, - деді Білге-ата қос қолмен ағаш күректің сабына сүйеніп, бірдеңені ойлағандай халде.
Өңі сұрланған Үлжі бір күрсініп:
- Мына атты мен екі жыл мінгенмін. Осы атпен үш көкжалды алғанмын. Ферма бойынша маңдай алды жүйріктің бірі болатын. Кезінде мен атты әскерлер эскадронының командирі ретінде жауынгерлерді бастап, бандыларды жойғанда да мұндай жүйрікті мінген емеспін. Мына бір топ бөрілер осы жолы қолданған әдіс-айласы сол кездегі салт атты бандылардың тактикасынан да айлалы екен. Олар ақ боран мен батпақты жерді барынша пайдаланыпты. Олардың бұл қимылдары үш ұйықтасаң да, түсіңе кірмейді. Егер мен қасқырлардан ақылдырақ болсам, мына жылқы да өлмейтін еді. Бұл оқиғаға мен жауаптымын. Сол кезде Бао Шигуйге кеңес беруім керек еді.
Чен Чжен бір жағынан бұл екеуінің сыбырласа сөйлескенін тыңдап, бір жағынан өз ой-қиялын ойлады. Қытайда адамдар жиі айтатын жыртқыш аңдар - жолбарыс, қаблан, шие бөрі және көкжал. Алайда, жолбарыстар мен қабландар сирек кездесетін жыртқыштарға жатады, топтасып жүрмейді. Олар көп әңгіме тудырмайды. Ал бөрілер көп кездесетін, топтасып жүретін жануарлар. Олар туралы әңгіме-хикаялар да көп. Қатерлі де жаман әрекеттері де көп. Қасқырлар - тарихта адамға ең үлкен, ең көп, ең жиі қауіп-қатер төндірген жыртқыш. Олар тіпті байтақ далада адамдар мен төрт түлік малдың ең зор қас дұшпаны болып табылады. Дегенмен, неге дала халықтары бәрібір көкжалды өзінің ұлттық тотемі етіп таңдайды? Чен Чжен өзінің әлгіндегі жаңа пайым-ұстанымынан артқа шегінді.
Қырғын майданның жартысынан көбі тазаланды. Аттардың өліктері үйілген, жерді қатқан қан түгел төсеген, жырымдалған сүйектер әр жерде шашылған мұздың беті тығыз атылған снарядтардан дүркін-дүркін жарылып, тас-талқаны шыққан соғыс майданына ұқсап тұр. Ойнақтап жүйткіген бір топ тіршілік иелері, ұзан сапарға аттану бұйрығын күткен жан иелері осылайша кенеттен тынысы аяқталып, иен даланың шайқас алаңындағы соғыс құрбанына айналды. Әр жылқының аянышты халі әлгі ақбоз атпен ұп-ұқсас. Олардың өліктері шоғырланған жерде жәркемделген дене мүшелері мен сынған сүйектер айқұш-ұйқыш шырмасып жатыр. Аттардың санын олардың бастары мен әр алуан аттың қылына қарай анықтауға болады. Екі жылқышы мұздың үстінде жүресінен отырып, қалың жүнді тондарының жеңімен және былғары ішіктердің етегімен өздері жақсы көрген сәйгүліктердің басын сүртті. Бір жағынан тазалап, бір жағынан көз жастарын төкті. Барлық адам көз алдындағы қайғылы да аянышты көрініске аңырап қарап тұр. Бұндай мейірімсіз соғыс көрінісін де, бөрілердің жылқы үйірін түгел қырған күйінішті күйін де өз көзімен ешқашан көрмеген Чен Чжен және бірнеше бейжіңдік зиялы жастар зор дәрежеде шошығаннан шырай-өңдері ағарып, жалтақтап тұр. Шамамен олардың алған ең бірінші әсері: біздің арамыздағы әрбіреуіміз егер қарлы боранда осы қасқырлар тобына жолықса, ақыры немен тынады екен? Өліктері бұл көкжалдар тарапынан мүшеленген әскери аттардың тағдырын құшатын ба едік?
Чен Чженнің көз алдында кенет Нәнцзиң қаласындағы үлкен қанды қырғын көрінісі елестеді. Ол бөрілік қасиеттен фашистерді, жапондық басқыншыларды көрді. Чен Чженнің тұла-бойынан күшті физиологиялық реакция буырқанып шықты: қасқырдан жиіркенді, ызаланды, жүрегі айныды, балағаттағысы һәм өлтіргісі келді. Ол Білге-атаның алдында тағы бір рет аңғармай айтып қалды:
- Мына аттар шынымен де аса аянышты өліпті. Көкжалдар айрықша сұмпайы, айрықша жексұрын екен! Фашистерден де, жапондық отарлаушылардан да оңбаған, жексұрын екен. Расында да кескілеп өлтіруге тұрарлық екен!
Өңі сұрланған ақсақал Чен Чженге алайып қарап, бәсең үнмен нығыздап сөйледі:
- Жапондық басқыншылардың фашистігі бөрілерден үйренбеген, жапондардың өз ішінен келіп шыққан. Жапондармен соғысқан мен білемін. Жапонияда кең-байтақ дала, ірі қасқыр топтары жоқ. Олар көкжалды көрген бе еді? Алайда, олар адам өлтіргенде шіміріккен бе еді? Мен Совет Одағының Қызыл армиясына жол бастаған кезде, жапондардың қылған істерін көргенмін. Біздің фермадан солтүстік-шығыстағы Цзилин өлкесіне баратын далалық шағыл жолда тек оны төсеуден қаншама адам қырылды? Жолдың екі жағындағы әр жерде адамдардың сүйектері шашылған-ды. Бір үлкен орға ондаған адамдар тасталған, оның жартысы моңғолдар, жартысы қытайлар еді.
- Бұл реткі ірі шырғалаңды да түгелдей бөріден көруге болмайды. Адамдар қасқырлардың аштықтан құтқаратын азығын тонап әкетіп, соншама көп бөлтірігін қазып алғанда олар кек алмайды ма екен? Өзіміз жылқы үйірін жақсылап баға алмағанымыздан ғана көрсек болады. Көкжалдар өз жанын аялайды. Өзіміз егестірмесек, олар тәуекелге басып, адаммен айқасқа түспейді. Адамдардың иті, мылтығы, құрықтары бар. Бөрілер сахарада адамнан қорқады. Олардың жартысынан көбі адамдардың қолынан мерт болады. Ал жапондық басқыншылар ше?! Біздің Қытай ешқашан оларды жауламаған, қайта оларға соншама үлкен көмек көрсеттік. Алайда, Жапония қытайлықтарды қыруда еш қымсынбады, - деді Үлжі.
Анық жабырқаған қария Чен Чженге көзін жалт қаратып сөйледі:
- Сендер, қытайлар, атқа мінгенде денені ұстай алмай, босаң отырып, селкілдеп жүресіңдер. Кедір-бұдыр жолға тап болғанда, бір шетке қисайып кетіп, жерге тік шаншылып құлайсыңдар.
Чен Чжен ақсақалдан сөгісті өте аз еститін. Қарияның сөзі оның есін жиғызып, ақылын сабырлыққа түсірді. Оның сөзінің астарын Чен Чжен түсінді. Ол бөрі тотемінің ақсақалдың өміріндегі орны моңғол жылқысының үстіндегі шабандоздардан әлдеқайда берік екендігін байқады. Дала халықтарының жануарлар тотемі мыңдаған жылдарды өткеріп, қаншама ұлыстардың жойылуы мен ауысуына әкелген сұрапыл сапырылыстардан өтіп, бұрынғысынша тапжылмай бүгінгі күнге дейін жалғасқан сәтте, көз алдындағы мына 70-80 сәйгүліктің қырылғанына бола шайқала қоймас әрине. «Сары өзеннің (Хуаңхэ) жүз апаты байлық әкеледі», «Хуаңхэ өзенінің ернеуі жырылса, адамдардың бәрі балыққа айналады», «Хуаңхэ – ана өзен», «Хуаңхэ дариясы – чжуңхуа ұлтының төл бесігі».... деген сөйлемдер Чен Чженнің ойына кенет түсе кетті. Хуаңхэ өзені толассыз апат әкеліп, сансыз егістік жерлер мен миллиондаған жанды жұтып, зиян тигізсе де, чжуңхуа (қытай) ұлты оның ана өзені екенінен жалтармады. Сірә, «апат» пен «ана» қатар өмір сүреді екен. Ең маңыздысы, «жүз апатты ана» осы ұлтты тәрбиелеп, бұл ұлттың өмір сүруін және дамуын қамдайды. Дала халқының бөрі тотемі де қытай ұлтының ана өзені сияқты құрметке бөленуі қажет.
Бао Шигуйдың да айғайы басылды. Аттың үстінде тапжылмай отырған ол шырғалаң туылған жерді егжей-тегжейлі қарап шықты. Олұн сахарасының қасқырлары осынша адуынды да қанқұйлы екенін, жылқылардың осынша үлкен үйірін тамтығын қалдырмай түтіп жеп, сүйек-саяғын ғана қалдыратынын ол мүлде ойламаған еді. Оның шырайынан қорыққаннан мелшиіп қалу әлпеті түспеді. Чен Чжен оның суретке түсірген уақытта қолдары тоқтаусыз дірілдегенін, қайта-қайта дене қалпын ауыстыра фотоаппаратын сурет түсіру үшін әрең икемдегенін байқады.
Білге-ата мен Үлжі екеуі қырғын болған жердің ортасындағы жылқы өлекселерінің айналасындағы қарды күреді. Мына жерді қазып, ана жерді шұқылап, әлдеқандай маңызды дәлел іздегендей болды. Чен Чжен дереу оларға барып жәрдемдесті.
- Ата, не іздеп жүрсіз? - деп асығыс сұрады Чен Чжен Білгеден.
- Көкжалдың іздерін іздеп жатырмыз. Абайлап қазу керек, - деп жауап берді қария.
Чен Чжен абайлап аяғын қоятын жерді тауып, еңкейген халде іздерді іздеуге кірісті. Біраздан соң адамдар бөрілер тобы таптаған қарлы жолды тапты. Қалыңдығы төрт елі, едәуір қатқыл батпақтың бетінде қатқан іздер екен. Үстін жапқан жаңа қарды сыпырып алғаннан кейін, қасқырлардың табан іздері көріне бастады. Үлкендері сиырдың табанындай, кішілері үлкен төбеттің табанынан да үлкен. Әрбір табанның ізінде біршама үлкен алақандай ойық бар. Кейбір ойыққа жылқы қанының қалдық жұғыны түсіпті.
Үлжі мен Білге жұртты осы іздерді топтасып тазалауға шақырды. Білге тазаланған бұл іздерден көкжалдар тобының үлкен-кішілігін шамалап білуге болатынын айтты. Адамдар қарды тазарта келе осы із жолының түзу емес, иректелгенін біртіндеп байқады. Тағы тазартқан соң, бөрілер жолының иіріліп жарты шеңберге айналғаны анық болды. Бір сағаттан астам әрекеттенген жұрт бұл қасқыр жолын түгел қазып ашқанда ғана оның шеңбер екенін байқады. Тұп-тура дөңгелек болған ақ жолға қып-қызыл қанның ізі түсіп, ақ пен қызыл өзара араласып, мұздың бетінде қалыңдығы жұдырықтай болып қатып, қара қошқыл батпақты мұздың үстінде айрықша үрейлі көрінуде. Құдды тозақтағы жын-шайтандар ойнақтайтын жарыс жолына ұқсайды, шайтандар сызған кесірлі дөңгелекке ұқсайды. Айналма жолдың ені бір метрден астам, шеңбердің периметрі 50-60 метрдей келеді. Шеңбердің ішінде жылқылардың өліктері ең көп шоғырланған алаң орналасқан екен. Қарлы жолдың үстіне түгелдей көкжалдардың қанды іздері мен дақтары қабат-қабат жыпырлап түсіпті. Адамдарды тағы қорқыныш биледі. Қалтырап-дірілдеген жұрт қызу талқыға түсті:
- Осы жасқа жеткенше ешқашан бөрілердің бұндай қалың ізін көрмеппін.
- Бұны қасқырлар дегенше, бір топ пері-жезтырнақтар деші!
- Бұл көкжалдар тобының үлкендігі кісі шошырлық екен.
- Аз дегенде 40-50-дей бар сияқты.
- Бату, сен шынымен ессіз екенсің. Жалғыз өзің осынша бөрілердің арасында ажалмен ойнасыпсың. Мен болсам әлдеқашан қорыққаннан аттан құлап, оларға жем болатын едім.
- Сол түні қап-қараңғы, қар жапалақтап жауды. Мен ешнәрсені көре алмасам, бұл қасқырлардың көптігін қайдан білейін.
- Бұдан былай біздің жайылымның күн көрісі қиындайтын болды.
- Біздің оқушы қыздарымыз енді түнде жол жүре алмас!
- Ферма басшылығы анау кезде жәрдемдескен келімсектер расында да адам емес екен! Көкжалдар көктемгі ашаршылықтан өтіп, күн көру үшін дайындаған азығын түгелдей тонап әкетіп, бөрілерді әбігерлікке салды олар. Егер басшы қасқыр болсам, мен де өш алатын едім. Олар баққан шошқа мен тауықтарды толығымен қырып тауысар едім.
- Соншама көп адамды тауға жіберіп, бөлтіріктерді қазуға аттандырған қайсысы екен? Өлекшіндер құтырмай қайтсін? Алдыңғы жылдары бөлтіріктерді аз қазып ұстағандықтан, жылқылар бұндай үлкен шырғалаңға түспеген еді.
- Ферма басшылығы да дұрыс шаруаларды атқаруы тиіс. Көкжалдарды өлтіру әрекетін бірнеше рет ұйымдастырған жөн. Әйтпесе, олар адамды жейтін болады.
- Жиналыстарды аз ашып, бөрілерді көбірек соғайық.
- Қасқырлар осылай жейтін болса, бұдан да көп төрт түлік мал оларға жеткіліксіз болады.
- Біздің ферманың басшылығы егіншілік аймағынан келген адамдар. Олар үнемі қайырымсыз істерді істейді. Тәңір осы көкжалдарды жіберіп, бізді жазалап жатыр.
- Беталды сөйлеме. Ашық жиналысқа салынып, сынға тартылғың келе ме?!
Бао Шигуй Үлжі мен Білгеге ілесіп, бөрілердің шеңбер жолын мұқият тексеріп, суретке түсірді, сондай-ақ әр кезде олармен әңгімелесті. Оның бағанадан бергі тысырайған шырайы ашыла бастады. Білге-ата бәлкім Бао Шигуйдың «Адам факторы бірінші» деген көзқарасын шайқалтқан болуы керек деп тұспалдады Чен Чжен. Осындай жойқын қасқыр апаты мен табиғи апатқа адамның факторы төтеп бере алатын ба еді? Мейлі қандай тексеру тобы келіп тексерсе де, мына қасап қырғынды көргенде, бұндай зор апатты адамның күшімен тежеуге болмайтынын, әсіресе мынадай ірі көлемді айлалы да залым көкжалдар тобы және қарлы боранның бірлескен тұтқиыл шабуылын бөгеудің тіпті де мүмкін еместігін мойындамайды ғой. Чен Чженнің Үлжі мен Бату жөніндегі алаңдауы да бара-бара бәсеңдеді.
Чен Чжен бөрілердің шеңбер жолы жөнінде тағы ой жүгірте бастады. Мына кесірлі шеңбердің хикметі тамырдағы қанды мұздатады. Оның көкейін шеңберлегеннің үстіне дөңгелектетіп айналған бұл тылсым шеңбер тағы бір жағынан оның жүрегінде өз-өзін аямай айналып жортқан қасқырлар тобына ұқсап, жүрегі қысылып, тынысы тарылғандай болды. Олар неге осылай шыр айнала жүгіреді? Не себепті жүгіреді? Мақсаты не? Дала көкжалдарының әрекеттерін адамдар біліп болмайды. Бөрілер қалдырған әрбір із-таңба жауабы жоқ шытырман сауалға ұқсайды.
Суықтан жылыну үшін айналып жүгірді ме? Мүмкін. Сол түнгі қарлы боран шынымен де тым суық болды. Ұзақ жолдан жортып келген қасқырлар тобы кілт тоқтай қалғанда, бәлкім суыққа шыдамады. Сондықтан олар тойғаннан соң бірлесіп шыр айнала жүгіріп, тұла-бойын жылытқан болар.
Ас қорыту үшін бе? Біраз энергия шығару арқылы көбірек ас қорытып, тағы да ет қылғыту үшін бе? Бұл да мүмкін. Себебі, көкжалдар қырдағы саршұнаққа, шұбар тышқанға, бадыраңкөз тышқанға ұқсамайды. Оларда кеміргіш тышқандардың азықтарды сақтайтын қамба-қоймасы жоқ. Бөрілер аулап өлтірген аңдар етінің артып-асқанын сақтауға дәрменсіз. Тапқан азық-жемін барынша пайдалану мақсатында, олар тек өздері тойғанның үстіне тойып жейді, толтырғанның үстіне толтырады. Сосын жүгіру арқылы астың қорытылуын тездетіп, қоректерді денеде сақтауды жылдамдатып, асқазанда орын босатып, бұдан да көп етті тағы да жейді. Дегенмен, ол қандай асқазан десеңші-ей: нағыз құрыш, темір, серіппелі, резеңке асқазан, әлде соқыр ішегі жоқ, соқыр ішектің қабынуынан қорықпайтын асқазан ба? Мұнысы тіпті де қорқынышты.
Тағы соғысуға дайындалу үшін жасалған әскери шеру немесе жауынгерлерін түгендеу ме еді? Осылай болуы да мүмкін. Қасқырлардың дөңгелек жолындағы табан іздеріне қарап, олардың жоғары дәрежелі ұйымшылдығын, тәртіпшеңдігін байқауға болады. Ені бір метрден асатын бұл жолдың кеңдігі басынан аяғына дейін түгел бір метрден асады. Шеңбердің сыртына жүгіріп шыққан табан іздері өте аз. Бұл әскери шерудегі саптық жүрістің іздері емей не болғаны? Көкжалдардың жеке-дара шабуы, шағын топпен қимылдауы көп кездеседі. Әдетте олар топтасып, сегіз-тоғыз ұяластар жиналып бір топ бірлігін құрап, аң аулауға, азық табуға шығады, шапқыншылық жасайды. Алайда, мынадай көлемі үлкен топпен жортуылға шығуы сирек кезігеді. Чен Чженнің түсіне алмағаны - бөрілер сырттай қарағанда бытыраңқы әрекеттеніп, әркім өз алдына жүргізілетін «партизандық әрекетті» кенеттен қалай жүйелі далалық армия сипатындағы соғыс қимылдары дәрежесіне көтере алды? Кезінде 8-армия мен жаңа 4-армия бұндай ірі дәрежені аттайтын шайқасу қабілетін өзгертуді аяқтау үшін өліп-талып жүріп, барша күшін жұмсады ғой. Әлде қасқырлар туа сала бұндай қабілетке ие болады ма? Олар ата-бабасының байтақ даладағы қанды қырғын-қырқысуда жинақтаған тәжірибесін ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырады ма? Алайда, сөйлей алмайтын көкжалдар ата-бабасының тәжірибесіне қалай мұрагерлік етеді? Адамдар расында да оларды түсінуі қиын-ақ.
Мүмкін ұрыстағы жеңісін тойлағаны ма? Немесе үлкен қонақасы алдындағы қуанышқа бөлену рәсімиетінен қалған белгі ме? Бұның мүмкіндігі де аса зор. Бөрілер тобы осы реткі өкшелей соққы беру, қоршауға алып қырып-жою айқасында жылқы үйірін бірін де қалдырмай тып-типыл жойып, өшін алды, шерін шығарды, толық жеңіске жетті, құмардан бір шықты десе болады. Осынша көп семіз аттарды аулаған бір топ аш қасқырлар шаттанбай қалатын ба еді? Әрине, сол кезде олар қуанғаннан еліріп, белгілі бір серпілген күйде жылқы өлекселері ең тығыз үйілген жерді айналып ойнақтап жортқан болар. Олардың қуанышы да өте ұзаққа созылғандықтан, мұзды көлдің бетінде бұл сырлы шеңбер түріндегі көкжалдардың іздері қалса керек.
Чен Чжен адамның табиғаты тұрғысынан бөрілердің сыр-сипатын өлшегенде олардың көптеген қимыл-әрекетінің күмәнді тұстарын негізінен қисынды түсіндіруге болатынын байқады. Иттер адамның мінезін біледі, ал адам қасқырлардың мінезін біледі, немесе көкжалдар да инсанның мінез-құлқын біледі екен. Аспан, жер, адамдар өзара тұтасып жатса, адамдар, иттер және бөрілер де бір-бірінен мүлде бөлінбесе керек. Әйтпесе, мына жан шошырлық қанды қырғын қасапханада жапондарды, қытайларды, моңғолдарды, сондай-ақ «Адам адамға қасқыр» деп білетін Батыс адамдарының көлеңкелерін қамтыған соншама көп инсанның көмескі елестері байқалды. Бәлкім, адамды зерттеу көкжалды зерттеуден басталатын немесе оны зерттеу адамнан басталатын шығар. Бөрітану ғылымы адамтану іліміне қатысты үлкен ілім болар.
Батуға ілескен салт аттылар шырғалаң туылған жолмен кері қарай солтүстікке беттеді.
- Ата, қасқырлар неге осындай шеңбер жолмен жүгіре берген? - деп сұрады Чен Чжен Білге-атаға жақындап келіп.
Төңірегіне көз жіберген ақсақал тізгінін әдейі тартып, тұлпардың жүрісін баяулатты. Екеуі біртіндеп топтың артында қалғаннан кейін қария бәсең дауыспен:
- Олұн жайылымында өмір сүрген 60 астам жылда көкжалдардың мынадай шеңбер-шиырын да бірнеше рет көргенмін. Бала кезімде де сен секілді әкемнен сұраған едім. Әкем айтты: «Иен даланың бөрілерін Тәңір осында қасиетті Байынула тауы мен Олұн жайылымын қорғау үшін жіберген. Кімде-кім тау-су мен иен даланы бүлдірсе, Тәңір мен Байынула тауының киесі бұлқан-талқан болып, оларға қарсы қасқырлар тобын жібереді, сондай-ақ талау және жем қылу үшін көкжалдарға сыйға тартады. Олар Тәңір мен таудың киесінің әрбір сый-тартуын қабылдағаннан кейін, қуанған халде сыйға берілген олжаны қоршап жүгіреді. Айналып жүгіріп бір үлкен шеңбер жасайды. Онысы Тәңірге, айға және күнге ұқсас дөңгелек болады. Бұл дөңгелек – қазіргі алғыс хатпен шамалас бөрілердің Тәңірге қайтарған жауап хаты. Тәңір жауап үнін алғаннан кейін, қасқырлар аста-төк жеп-ішетін болады. Олар басын көтеріп, аспандағы толған айға қарап, тұмсығын көкке тіреп, Тәңірге ұзағынан ұлуды жақсы көреді. Егер толған айдың айналасында жарық шеңбер пайда болса, сол түні боран соғады, көкжалдар да әрекетке келеді. Олар ауа-райын байқауда адамнан мықты. Бөрілердің шеңберді көре алуы, дөңгелекті сала білуі олардың аспандағы Тәңірмен тілдескенінен айғақ береді».
Чен Чжен қуанды. Ол бұрыннан халық ертегілері мен аңыздарын жақсы көретін. Қасқырлардың дөңгелек жолы туралы Білге-атаның бұл түсініктемесі әдеби сипаты жағынан қисынына түскендей, сонымен бірге онда титтей де ғылымилық жоқ деуге болмайды. Көкжалдар расында да ұзақ мерзімді аң аулау іс-тәжірибесінде тастың беті дымқылданудан жаңбыр жауатынын, ай қораланғанда боран соғатынын және басқа да табиғи заңдылықтарды игеруі мүмкін.
- Бұл аса қызық екен. Байтақ далада күннің де, айдың да айналасында шеңбер дөңгеленіп шығады. Малшылар өзгелерге жол берген кезде алыстан қолымен дөңгелек сызып белгі береді, ишарат етеді. Осы дөңгелек шынымен де бір сиқырлы белгіге ұқсайды. Сіз осыны айтқанда менің басым тағы қатты. Бөрілер осыншама қасиетті: Тәңірге шеңбер сызып, белгі береді. Шынымен үрейлендіреді екен, - деді Чен Чжен еріксіз сүйсініп.
- Дала қасқырлары расында да жадыгөйдің өзі. Мен өмір бойы олармен алысып келдім, әлі де оларды жеңе алмадым. Осы жолы мынадай үлкен шырғалаңның туылатынын мен де ойламаппын. Көкжалдар әрқашан да ойламаған уақытта, күтпеген жерден тап береді. Шыққанда да үлкен топпен келеді. Айтшы, Тәңір қолдамаса, олар осыншама айбарлы бола ма? - деді ақсақал.
Алдыдағы салт аттылар тоқтай қалды. Кейбіреуі аттан түсіп, қар күреді. Чен Чжен Білге-атаға ілесе сәйгүлігін осып, желдіртіп барды. Адамдардың көз алдында тағы да жылқылардың өліктері көрінді, бірақ онша көп емес екен. Ал төрт-бесеуі ұзыннан шұбатылып жатыр. Бұдан да алыстау жерден біреулер: «Өлген бөрі бар! Өлген бөрі бар екен!» деп айғайлады. «Бұл - Бату айтқан қасқырлар тобының жанқиярлықпен аттардың ішін жарған, әрі жылқы үйірінің ең ақырында толығымен қырылуға бет алған жері ғой» деп ойлады Чен Чжен. Оның жүрегі әпсәтте кеудесіне сыймастан, тоқтамай дүрсілдеді.
Аттың үстінде отырған Бао Шигуй қамшысын басынан айналдыра үйіре азан-қазан болып айғайлады:
- Бей-берекет жүрмеңдер! Албаты жүрмеңдер! Бәрің мұнда келіңдер. Мына жақтағы екі жылқыны қазып алсаңдар болды. Алдымен жылқыларды, сосын көкжалды қазып шығарыңдар. Көпшілік «Тәртіптің үш ұстанымы» (Қытайдың Қызыл армиясының үш ережесі) және «Сегіз сақтық» (Қытайдың Халық-азаттық армиясының ережелері) естен шығармаңдар. Барлық олжаны мемлекетке тапсырыңдар! Кімде-кім қалай болса солай жасаса, соны үйрену тобына (саяси тәрбие науқаны) жібереміз! - деп айғайлады.
Адамдар өлген екі аттың жанына жылдам барып, қарды күреп, оларды қазуға кірісті. Екі аттың өлекселері біртіндеп қазып алынды. Әрқайсының ішек-қарны, асқазаны, жүрек-өкпесі, бауыр-бүйректері өз артқы аяғының тұяғына басылып, үзіліп, жаншылып, тапталып, ондаған метр жерге дейін шылқылдап сүйреліпті. Бөрілер осы екі аттың өлігіне тиіспеген екен. Бәлкім, олар батпақ ішінде құмарлары қанғанша асыр салып, қырып-жойып, кек алғаны себепті, ақырында мына бірнеше жылқыға тиіспей өткен болар. Алайда, Чен Чжен бір жағынан қазып, бір жағынан қасқырлар қарнын жарып, аяусыз өлтірген мына аттардың батпақты жерде қырылған жылқыдан бетер аянышты, адам шошырлық болып өлгенін сезді. Олардың көзінде қатып қалған азап пен үрей де батпақты жердегі аттармен салыстырғанда анағұрлым көзге түсерлік еді.
- Мына көкжалдар тобы нағыз жапондық басқыншыларға ұқсаған рақымсыз екен. Бұлардың аттардың қарнын ғана жарып, өз ішек-қарны мен өкпе-бауырын өзіне қопартып, өз-өзін бастыртып өлтірген әдісті ойлап табуын қарай көріңдер. Шынымен де аса жауыз екен. Мына бөрілерде жапондардың бусидо рухы (өз жанын қиятын самурайлық рухы) бар екен. Моңғол даласының қасқырлар тобы тым қорқынышты екен. Мен бұларды тып-типыл өлтіріп тауыспай қоймаймын! - деп шыңғырды ашуланған Бао Шигуй.
- Өзін өлімге байлағанның бәрін де жапондардың самурайлық рухына жатқызуға болмас, - деді Чен Чжен сабырсыздықпен сөз қыстырып, - Дуң Цунжуй, Хуаң Цзигуаң, Яң Генсы (қытай халқының батырлары) өздерін құрбан етіп жаулармен бірге мерт болды. Бұны самурайлық рух деп атауға бола ма? Бір адамда, бір ұлтта өлсе де тізе бүкпейтін, дұшпанмен жағаласып бірге мерт болатын рухы болмаса, басқалардың билеп-төстеуі мен құлдығына түседі. Көкжалдың өз-өзін өлімге байлау рухын кімдер үйренгенін көрейік. Оны жақсы үйренгендер жан тебірентерлік батырлық, ал теріс үйренгендер фашистік самурайлық болады. Алайда, егер өлсе де бас имейтін рух болмаса, фашистік самурайлықты жеңуге болмайтыны анық.
Бір сәт іркілген Бао Шигуй: «Ол солай ғой» деп күңк етті.
- Бату мен жылқы үйірі бұндай қанқұйлы да жанкешті шабуылға қайдан төтеп берсін? Бату солтүстіктегі жайылымнан осы жерге дейін бөрілер тобымен дамылсыз айқасуының өзі расында да оңай-оспақ жұмыс емес. Қайта осы жолы Тәңір жарылқап, адамдар аман қалды. Жоғарыдан келетін тексеру тобына көрсетейік. Мен олардың дұрыс қорытынды шығаратынына сенемін, - деді Үлжі сабырлы да қатаң лебізбен Бао Шигуйге қарап.
Бао Шигуй басын изеді. Ол бірінші рет Батуға сыпайы лебізбен айтты:
- Сол кезде сенің тұлпарыңды қасқырлар мерт қылады деп қорықпадың ба?
- Мен қатты абыржыдым. Сасқаннан ештемені ойлауға мұршам болмады. Батпақты жерге түскелі аз қалды. Сәл ғана қалды, - деп аңғал жауап берді Бату.
- Көкжалдар саған атылды ма? - деп тағы сұрады Бао Шигуй.
Бату әлгі темір құрсаулы сойылын суырып алып, Бао Шигуйге көрсетіп:
- Мен мына сойылмен бір бөрінің төрт тісін қағып, тағы біреуінің кеңсірігін опырдым. Өйтпесем, олар менің де парша-паршамды шығаратын еді. Сарылыңда бұндай қару болмағандықтан, өзін қорғауға амалсыз болды. Оларды қашқын деп санауға болмайды.
Бао Шигуй сойылды қолына алып, салмақтап көріп:
- Келіскен сойыл екен! Келіскен сойыл екен! Осы сойылмен қасқырдың тістерін ұрған сен де қаныпезер екенсің. Жараған! Бұларға қанша жауыздық істесең, сонша жақсы. Бату, сенің батылдығың, айла-тәсілің мықты екен. Жоғары басшылықтың тексеру тобы келген кезде, сен оларға көкжалды қалай соққаныңды жақсылап айтып бер.
Бао Шигуй сөзін аяқтап, сойылды Батуға қайтарды. Содан соң Үлжіге қарап:
- Байқасам, сендердің мұндағы бөрілерің де тым ғажайып екен. Адамнан да ақылды. Қасқырлар тобының бұл шабуылдау амалын мен де біліп алдым. Олардың нысанасы өте айқын: ешбір құрбандыққа қарамай, жылқылар үйірін батпақты жерге қуып тығу екен. Қарашы...., - сосын ол бармақтарын бір-бірлеп бүгіп санап, - Қарашы. Көкжалдар ауа-райын түсінеді, жердің бедерін біледі, орайын табуды біледі, өзін де, өзгені де біледі, стратегия мен тактиканы түсінеді, жақыннан соғысу, түнде шайқасу, партизандық соғыс, жылжымалы шайқас, тұтқиылдан шабуыл жасау, жылдам соғыс өнеріне әбден қанық. Басым әскери күштерді шоғырландырып, жойымпаз да қырғын шайқас жүргізуді де біледі. Сондай-ақ жоспарлы, мақсатты, сатылы түрде жылқы үйірін толығымен қырғындауға бағытталған шайқасты жоспарлауға шебер. Осындай ұрыс үлгілерін тіпті соғыс өнері оқулықтарына енгізуге болады. Екеуіміз де әскер болғанбыз. Қарашы, бөрілер шептік соғыс пен окоптық соғыстан басқа, біздің 8-армияның партизан отрядтарының стратегиясы мен тактикасын, соғысу өнерін түгел біледі екен. Дала қасқырларының мұндай жоғары дәрежедегі шебер екенін ойламаппын. Бұрын мен оларды тек ойланбай қара күшке салады немесе көрінгеннің бәрін талап-жейді деп санағанмын.
- Жаңа мамандықты меңгеріп, осы фермада жұмыс істегеннен бері өзімді соғыс майданынан кетпегендей сезіндім. Бір жылдың төрт маусымында көкжалдармен айқасып келемін. Күнде-күнде иығымнан мылтық түспейді. Қазірге дейін менің атқыштық әдісім армияда қызмет еткен кезден де асып түсті. Дұрыс айтасың, бөрілер шынымен де соғысу тәсілдерін жетік біледі. Ең кемінде соғысу өнерінің ішіндегі маңызды бөлігін бабына келтіріп қолданады. Олармен он шақты жыл бойы арпалысқан менің де көрген-білгенім артты. Егер қазір мені қайтадан бандылармен соғысуға жіберсе, міндетті түрде хас шебердің өзі болар едім, - деді Үлжі.
Тыңдаған сайын қызыға түскен Чен Чжен жалма-жан сұрақ қойды:
- Сонда адамдар соғысу өнерін қасқырлардан үйренген бе?
Үлжінің көздері жайнап, Чен Чженге қарап жауап берді:
- Дұрыс. Адамдар бірталай соғыс тәсілдерін олардан үйренген. Ежелгі заманда дала халықтары көкжалдардан үйренген соғыс өнерін Ұлы қорғанның (Қытайдың) ішіндегі егінші халықпен соғысқан кезде қолданған екен. Қытайлар көшпенді ұлттардан қысқа шапан мен шалбар киюді, аттың үстінде садақ атуды ғана емес, сендер оқымыстылар айтқандай, «хулардың» (түрктер, солтүстік халықтар) киімдерін киіп, салт атты садақ тартып, далалықтардан бөрілерше шайқасудың көптеген тәсілдерін де үйренген. Мен Көкқұт (Хухэ-хото) қаласында мал шаруашылық кәсібінен білім арттырған жылдары бірталай соғыс кітаптарын оқығанмын. Байқауымша, Сунцзының «Сунцзы биңфа» (Соғыс өнері) тәсілдерінің қасқырлардың соғысу өнерінен аса үлкен айырмашылығы жоқ. Мысалы, «Жауынгер зерек те тапқыр болуы керек». «Өзінің де, өзгенің де сырларын білу», «соғыстың түйіні жылдамдықта», «күтпеген жерден шабуылдау», «қапелімде шабуыл жасап, қапыда соққы беру» және т.б. Бұның бәрі - көкжалдардың жетілген өнері. Оны барлық бөрілер біледі.
- Алайда, Қытайдың әскери кітаптарында дала халықтары және қасқырлар жөнінде бір сөз де айтылмаған. Бұл нағыз әділетсіздік, - деді Чен Чжен.
- Моңғолдар мәдениетте кенже қалғандықтан, зиян тартуда. «Моңғолдың құпия тарихы» шежіресінен бөлек ешқандай елеулі кітап қалмаған, - деді Үлжі.
- Шамасы, кең сахарада мал шаруашылығымен шұғылдануда көкжалдарды және олардың соғысу өнерін расында да жақсылап зерттеу қажет екен. Әйтпесе, шынымен де үлкен зиян тартамыз. Күн кеш болды. Екеуіміз анау жақтағы өлген бөріні көрейік. Мен көбірек суретке түсіруім керек, - деді Бао Шигуй Үлжіге.
Екі бастық кеткеннен кейін, Чен Чжен ағаш күрекке таянған халде сілейіп қалды. Осы жолғы «соғыс алаңын» анықтау, нақтылы орында көзбе-көз тексеру оны дала халықтары мен Шыңғысханның әскери хикметтеріне тіпті де құштар етті. Неліктен Шыңғысхан және оның ұрпақтары небәрі ондаған мың атты әскермен ғана Азия мен Еуропаны жайпап өтті? Қалайша Батыс Таңғұт (Си Ся) патшалығының жүздеген мың адамдық темір сауытты атты әскерлерін, Алтын (Цзин) патшалығының миллион адамдық зор қосындарын, Оңтүстік Суң патшалығының 1 млн. астам теңіз флотын, атты және жаяу әскерлерін, орыстар мен қыпшақтардың бірлескен қосындарын, Тевтон орденінің жасақтарын қырып-жойып, Орта Азия, Мажарстан, Польша, бүкіл Ресейді басып алды, сондай-ақ Иран, Қытай, Үндістан қатарлы өркениетті ірі мемлекеттерді талқандады? Сонымен бірге, Шығыс Рим императорын Қытайдағы әулетпен құдаласу саясатын қолдануға, ханша Марияны Шыңғысханның шөбересіне ұзатуға мәжбүр етті. Моңғолдар адамзаттың тарихында әлемде жер аумағы жағынан ең ірі империяны құрған-ды. Алғашында өз жазуы мен темір жебесінің ұшы да болмаған, жебенің ұшын жасау үшін малдың сүйегін пайдаланған байырғы да артта қалған көшпенді ұсақ халық қалайша соншама орасан зор әскери қуат пен әскери парасатқа ие болды? Бұл жаһан тарихында ең таң қалдыратын мәңгілік жұмбаққа айналды. Оның үстіне, Шыңғысхан және оның ұрпақтарының әскери жеңістері мен таңғажайып істері көп санның күшімен азды жеңу, бәрін күшпен жеңіп алу емес, тап керісінше аз күшпен көпті жеңу, айламен жеңіске жету болды. Сонда олар қасқырдың парасаты мен тұлпардың жүйріктігіне сүйенген бе? Көкжалдың қасиеті мен мінезіне ме? Сондай-ақ бөрі тотемі әлдендірген және жетілдірген қайсар ұлттық рух па?
Чен Чжен осы екі жылдан бері бөрілермен шұғылдануы және басынан кешкендері, олар жөнінде жинаған сан-санақсыз аңыз-хикаялары, сондай-ақ қасқырлар тобының қарақұйрықтар үйірін қоршап жою және жылқыларды түгел қыру секілді классикалық соғыс үлгілерін нақты жерде өз көзімен көруі, тексеру жүргізуі оған Шыңғысханның әскери жетістіктерінің сыры көкжалдардың бойында жатқанын барған сайын сездіре түсті. Соғыс – екі қауымның бір-біріне қарсы қарулы әрекеттері. Соғыстың аң аулаудан сүбелі айырмашылығы бар. Соғыста шабуылдау да, қорғану да болады. Соғыс жүргізген екі тарап бірдей тіс-тырнағына дейін қаруланады. Ал аң аулауда адамдар толығымен ырықты орынды алып, жануарлардың басым бөлігі ауланатын, өлтірілетін орында тұрады. Жабайы қоян, суыр, қарақұйрықты аулау да аңшылыққа жатады. Алайда, бұл түгелдей күштілердің әлсіздерді жәбірлеуі ғана, «сен өліп, мен тірі қалайын» деген қиян-кескі жауласуға ешбір қатысы жоқ. Тек ғана аң аулау болып табылады, соғысу деп есептелмейді. Аң аулауда расында да кейбір соғысу амалдарын үйренуге болады. Дегенмен, нағыз соғыста ғана әскери қимылдарды жүргізу қабілетін жан-жақты игеруге болады.
Чен Чжен қайта-қайта толғанды: Моңғолия даласында жолбарыстар, қабыландар, қорқау қасқырлар, аюлар, арыстандар мен пілдер жоқ. Бұлардың бәріне моңғол сахарасының қатал табиғи шарт-жағдайында өмір сүру қиынға түседі. Табиғаттың шарт-жағдайына бейімделген күнде де, олар байтақ даланың тіпті де рақымсыз тіршілік үшін айқас-арпалысына бейімделе алмайды, жауыз да айлалы бөрілер мен далалықтардың қоршап жоюына қарсы тұра алмайды. Дала халықтары мен қасқырлар – Моңғолия сахарасындағы тіршілік иелерінің қиянкескі бәсекесінде шешуші жарысқа түскен бір жұп ең мықты сайыскерлер. Олай болса, иен далада өмір сүру үшін адамдармен арпалыса алатын жыртқыш жануарлардан тек көкжалдар ғана болып табылады. Бұрынғы оқулықтар «көшпенді халықтардың үздік соғысу шеберлігі аңшылықтан бастау алады» деп есептеп келген. Чен Чжен ішінен бұндай пікірді әлдеқашан жоққа шығарған еді. Оның ойынша ең дұрыс қорытынды мынадай болуы тиіс: көшпенді халықтардың үздік соғысу қабілеті далалықтар мен бөрілердің өзара ұзақ мерзімді, қатыгез және тоқтаусыз тіршілік бәсекесінен келіп шыққан. Көшпелі халықтардың қасқырлармен арпалысы – күштері тең түсетін екі тараптың ұзаққа созылған, он мыңдаған жылдар бойы жалғасқан соғыс. Ұзаққа созылған осы айқаста адамдар мен көкжалдар кейін келе қалыптасқан әскери ғылымның ішіндегі барлық негізгі қағидалар мен ұстанымдарды практикадан өткізді. Мысалы, «Өзін де, дұшпанын да жақсы білген ешқашан жеңілмейді», «Соғыста шапшаңдық маңызды», «Соғыста қулық пен айлакерлікке тыйым салынбайды», «Астрономия мен жағрафияда кемеңгер болу» (соғыс қимылдарын жүргізуде ауа-райы мен жердің бедерін ескеру), «Әрқашан сақадай сақ жүру», «Шығыстан дыбыс шығарып, батыстан соққы беру» (жалған маневрлар жасау), «Әскери күштерді шоғырландырып, бір-бірлеп жою», «Шағын топтарға бөлініп, қабілетті күштер мен тебінді сақтап қалу», «Жаудың дайындықсыз тұрған жеріне тұтқиылдан соққы беру», «Жеңе алса шабуыл жасау, жеңе алмаса шегіну», «10 саусағын жаралағанша, бір саусағын үзу ұтымды», «Дұшпан келгенде шегіну, жау аялдағанда оны мазалау, қарсы тарап шаршағанда соққы беру, жау шегінгенде қуалау» және басқалар. Бөрілер Жер шарының барлық жеріне таралған. Алайда, егін шаруашылығы өркениетінің терең ор және биік дуалмен қорғалған ежелгі мықты бекіністері болмаған моңғол даласы қасқырлардың басты мекендеген өңірі, сондай-ақ адамзат пен көкжалдардың ұзақ мерзімді айла мен батырлықта күш сынасатын соғыс майданы болып келді.
Чен Чжен осы ой желісімен алға ілгерілеуді жалғастырды. Ол өзін Хуасяның (Қытайдың) 5 мың жылдық өркениет тарихының туннелі есігінің алдында тұрғандай сезінді. Моңғолия үстіртінде адам мен бөрі күн сайын, түн сайын шайқасады. Әр кезде шағын айқастар, ауық-ауық ірі шайқастар жүргізеді. Мұнда адамдар және қасқырлар арасындағы айқастардың жиілігі әлемдегі барлық егіншілік (аграрлық) өркениетті елдердегі инсан мен көкжал, адам мен адам арасындағы арпалыстан әлдеқайда асып түседі. Тіпті адамдар мен бөрілердің басты шайқас майданынан тыс жердегі өзге батыстағы көшпелі халықтардың соғысу жиілігінен де асады. Бұған қоса, көшпенділердің ұзақ мерзімді аяусыз ру-тайпалық соғыстары, ұлтаралық соғыстары және басқыншылық соғыстары олардың соғысу дарын-қабілетін үздіксіз күшейткен және көтерген. Осы себепті, дүние жүзіндегі кез келген егінші ұлт пен басқа да көшпелі ұлттармен салыстырғанда, Моңғолия жайылымдарындағы дала халықтары соғысуға анағұрлым шебер, анағұрлым жетік, жаратылысынан әскери басымдыққа ие. «Чунчю» («Көктем мен күз», б.з.д. 770-476 жж.), «Чжәнго» («Жауласушы патшалықтар», б.з.д. 475-221 жж.) дәуірлері, Чжоу, Цин, Хән, Таң, Суң патшалықтарының тарихына үңілсек, Моңғол үстіртіндегі ұсақ көшпенді ұлыстар адам саны және мемлекеттік қуаты жағынан шексіз артықшылықты иеленген егіншілік өркениетіндегі әлгі ірі елдерді тас-талқан етіп, ұлттық масқарасын шығарып, егемендік құқықтарынан толығымен айырған. Суң патшалығы дәуірінің аяғында Шыңғысханның моңғолдары Орталық жазыққа басып кіріп, бір ғасырға жуық үстемдік етті. Қытайдың ең соңғы феодалдық патшалығы болған Циң әулетін де көшпенді халық құрған. Егін шаруашылығымен шұғылданатын қытайларда қасқырлардай ерен әскери ұстаздары болмады, көкжалдармен тоқтаусыз айқасатын қатаң жаттығулар да болған жоқ. Ежелгі замандағы қытайлардың «Сунцзының соғыс өнері» де ауызбен орақ орғандық, құр босқа теориялық көпірме ғана. Тіпті онысын қойғанда, бөрілердің соғысу өнері Сунцзының осы кітабының қайнарларының бірі екен.
Чен Чжен мыңдаған жылдан бері Хуася (қытай) ұлтының солтүстіктен шыққан шапқыншылықтардың салдарынан ондаған миллион жазықсыз адамдардың қаза табуының себебін тапқандай болды. Сондай-ақ, неше мың жылдан бері Ұлы қорғанды салып, Қытайдың тарихындағы әулеттердің мемлекеттік қаражатын сарқытқан себепкерді де тапқандай болды. Ол кенеттен ой өрісінің ашылғанын сезінді. Сонымен қатар, оның көңілі жабырқап, жұтаң тартқандай болды. Әлемдегі барлық тіршіліктің себеп-салдарлық байланыстары адамзаттың тарихы мен тағдырын белгілейді екен. Бір ұлттың өз отаны мен мемлекетін қорғаудағы әскери қабілеті сол ұлттың тәуелсіздігінің тамыры, өміршеңдігінің негізі болып табылады. Егер Моңғолия сахарасында қасқырлар болмағанда, әлемнің және Қытайдың түрі мен тұрпаты басқаша болар ма еді, қалай?
Адамдар кенеттен шуылдасып, алыстағы жерге тез жүгірді. Мұнартқан қалың ойдан кілт оянған Чен Чжен де атына мініп, шаба жөнелді. Екі өлі көкжал қазып алынған екен. Бұл – бөрілер тобының жылқы үйірін батпаққа тықсыруда берген құрбандығының жартысы еді. Чен Чжен қасқырдың біреуіне жақындап барды. Бату мен Сарылың бір көкжалды қардан тазартуда және бір жағынан оның өз-өзін өлімге байлап, аттардың қарнын жарғанын адамдарға баяндауда. Қарда жатқан мына бөрі жіптіктей сымбаттылау екен. Өлекшін екені анық. Денесінің төменгі жағын жылқы тұяқтары теуіп мыжғылапты. Алайда, томпиған бірнеше желіннен ағылған сүттің тамшылары қанмен араласып, қызғылт моншақ болып қатқаны әлі көрініп тұр.
- Байғұс-ай, мына ұрғашы қасқырдың бір ұя бөлтіріктерін адамдар сөзсіз қазып әкеткен ғой. Мына өлекшіндер көкжалдардың үлкен тобын өздерінің орнына кек алу үшін шақырған. Өзі де тірі қалудан безініпті. Байтақ далада ешбір істі шектен асыра істеуге болмайды. Қоянның жаны қысылғанда бөріні тістейді ғой. Өлекшін қысылғанда өз жанын аямай тұра ала ма? - деді Білге-ата.
Чен Чжен бірнеше зиялы жастарға айтты:
- Тарихи кітаптарда жазылғандай, сахарадағы өлекшіндердің аналық сезімі өте күшті. Олар сондай-ақ айтарлықтай көп адамның балаларын бауырына салып асыраған. Ғұндар, қаңлылар, түрктердің ата-бабалары дәл сол өлекшіндер асырап өсірген қасқыр балалар....
Бао Шигуй оның сөзін бөліп жіберді:
- Қасқыр балалар деген не тантығандық! Адамды жейтін көкжалдар кішкене баланы қалай бағады? Тұтастай сандырақ сөз. Адам мен бөрі өліспей беріспейді. Оларды аяусыз өлтіру, түгел қынадай қыру керек. Бөлтіріктерді апаннан қазып шығаруды мен бұйырғанмын. Бұрыннан бері жылына бір рет апандарын қазып, бөлтіріктерді ұстау науқаны расында да қасқырлардың залалын азайтатын жақсы дәстүр екен. Алайда, олар тигізетін зияндықты азайтумен шектеліп қалмай, көкжалдар апатын біржолата құрту қажет! Бүкіл жайылымдағы апандарды түгел қазып тауысу керек! Бөрілер кек ала берсін. Олардың тұқымын түк қалдырмай жойсақ, өшін қалай алатынын көрейін. Қазір менің бұйрығым әлі күшінен қалдырылмады. Оқиғаны тексерудің қорытындысы шыққаннан кейін тағы да қазуды жалғастырамыз. Әрбір екі үй бір ұя бөлтіріктердің терісін тапсыруы тиіс. Міндетті орындай алмағандар үлкен қасқырдың терісін тапсырса да болады. Әйтпесе, еңбек карточкасы шегеріледі (коммуналарда әдетте 1/10 еңбек/күнді құрайтын жұмыс бірлігі)!
Бао Шигуй өлі көкжалдарды жатқан жерінде бірнеше рет суретке түсіріп, оларды арбаға тиеткізді.
Адамдар тағы бір өлі бөрі жатқан жерге аяңдады. Чен Чжен мұнда келген екі жылдан бері қасқырлардың тірісін де, өлісін де, олардың терісін де талай рет көрді. Алайда, қазір аяғының астында жатқан мынадай көкжалды ешқашан көрмеген-ді. Оның үлкендігі барыстай, кеудесінің кеңдігі тіпті барыстың кеудесінен де жуан және үлкен. Үстіндегі қар жамылғысы алынып тасталғанда, қалың да қою бозарған сұр жүні көрінді. Оның мойны мен жотасында қылшығы жуан, қайратты қара жолақ жалы жұмсақ сарғыш жүннің арасынан құдды темір инелердей тікірейіп шығып тұр. Бөрінің бөксе жағы жылқының тұяғынан мылжа-мылжа болып, шыққан қаны жерде қанды мұз болып қатқан-ды.
Бату жерге жабыса қатқан қасқырды түртті, бірақ қозғалта алмады. Ол терін сүртіп:
- Мына көкжал ебедейсіздеу екен. Ол дәлдеп тістей алмады. Егер дәл жерден қапсырғанда, мына бойымен жылқының қарнын бірден есіп жіберіп, өзі де жерге секіріп түсіп аман қалатын еді. Бұның тістері аттың қайсы бір сүйегіне қысылып кеткен бе, қалай. Өзіне де сауап болған екен.
Бөріге үңіле қараған Білге-ата жүресінен отырды да, оның мойнындағы қанға малынған бір тұтам жүнді қолымен ашты. Тосыннан жуандығы екі елідей қанды тесік қарайып көрінді. Зиялы жастардың бірнешеуі шошып кетті. Мұндай қанды тесік аса таныс-тын. Кең далада қасқырлар алқымнан алып өлтірген барлық қойлардың мойындарының екі жағында осындай жалпы саны төрт қанды тесіктер қалатын. Бұл – көкжалдардың төрт тісінің қойдың күретамырын қыршып үзгенде қалатын белгі.
- Жылқы мына бөріні теуіп өлтірмеген, тек теуіп ауыр жаралапты. Бұны жылқы етіне тойған басқа қасқыр тістеп өлтірді, - деді Білге-ата.
- Көкжалдар дегенің қарақшы бандылар сияқты қаныпезер екен! Жаралы жауынгерін өлтіруін қарашы! - деп керілдеді Бао Шигуй.
Оған алайып қараған Білге-ата:
- Бандылар өлсе, аспанға көтеріліп кетпейді. Бөрілер өлсе – аспанға шыға алады. Мына қасқырды жылқы теуіп, ішек-қарнын жарған. Өлгенде, бірден өліп кетпей, тірі қалса да орнынан тұра алмайды. Бұлай тірі қалудың өлгеннен несі артық? Тірі көкжалдар оны көріп, тіптен қиналған. Сол себепті, оны қинамай, денесін ауыртпай, алқымнан тамақтап, ләззатпен өлуіне және рухының Тәңірге қайтуына жағдай жасалған. Басшы арланның бұлай істеуі қаныпезерлік емес – мейірімдік көрсету. Жаралы бөрі адамдардың қолына түсіп, қорлауына ұшырайды деп қорыққаннан осылай жасалған! Қасқырлар – өлуді қаласа да, қорлануды қаламайтын қайыспас жануарлар. Басшы арлан да өз бауырлары мен үрім-бұтағының қорлық көруін қаламайды. Сен егіншілікпен шұғылданатын ортадан шықтың ғой. Сендердің араларыңда өлсе де тізе бүкпейтін адамдардың нешеуі бар? Көкжалдардың бұл туа біткен қасиеті әрбір далалық қарияны толғатады, көздерінен жас ағызады.
Үлжі Бао Шигуйдың біршама көңілсізденгенін көріп, жалма-жан айтты:
- Өзің ойлашы, бөрілердің жауынгерлігі неге осынша күшті? Өте маңызды бір себебі: басшы арлан ауыр жараланған жауынгерлерін лезде өлтіріп тастайды. Осылайша қасқырлар тобының ауыртпалығы жеңілдеп, бүкіл қосындардың таңдаулы, шапшаң, екпінді болуына кепілдік беріледі. Көкжалдардың бұл өзгешелігін біліп алсаң, олармен айқасқан уақытта жағдайды біршама тереңірек шамалайтын боласың.
Бао Шигуй әлденені ұққандай басын изеп:
- Солай екен. Әскери бөлімдер соғысқан кезде жаралы және науқас әскерлерді орналастыру зембіл көтеруші, санитар, күзетші, медбике, дәрігер, сондай-ақ автокөлік отряды, емхана қатарлы қыруар құрылымдарды қажет етеді. Мен бірнеше жыл артқы шепте (әскери тыл) қызмет еткенмін. Біздің санағанымыз бойынша, бір жаралыға кем дегенде ондаған адам қызмет көрсетуі керек екен. Ауыртпалығы өте үлкен. Соғыс кезеңінде осынша бірсыпыра қызметкерлер мен құрылымдар шынымен де қосындардың жауынгерлік күшіне әсер етеді. Әлгі мына бөрілер тобы расында әскери қосындардың жылдам әрекетінен де тез, шапшаң болатынын айту қажет. Дегенмен, жаралы әскерлердің басым бөлігі ержүрек қолбасшылар болып табылады. Жаралары жазылғаннан кейін олар әскери бөлімдердің ұйытқы күші бола алады. Жаралы жауынгерлерді жайрату қосындардың жауынгерлік қуатына кесірін тигізбейді ме?
Бір күрсініп алған Үлжі:
- Қасқырлардың бұлай жасауының, әрине, өзіндік жөні бар. Біріншіден, олар ерекше өсімтал келеді. Бір туғанда жеті-сегіз, тіпті ондаған бөлтірік туылады. Олардың өміршеңдігі де жоғары. Бір жылы күзде мен бір өлекшіннің 11 бөлтірігін ертіп жүргенін көргенмін. Бойлары өлекшіннің денесінің жарымына дейін кішілеу болғанмен, жортқан кезде одан қалыспайды. Екі жылдан кейін жас өлекшіндер де бөлтірік туады. Сиырдан сиыр туылса, үш жылда бесеу болады. Өлекшіннен өлекшін туылса, үш жылда қаншаға жетеді? Меніңше, ең кемінде бір взвод болады. Көкжалдар тобының «әскер толықтыруы» адамдардан әлдеқайда тез жүреді. Екіншіден, бөрілер бір жылда кәдеге жарайтындай өсіп-жетіледі. Көктемде туылған бөлтірік келесі жылы көктемде бәрін істей алатын үлкен қасқыр болып шыға келеді. Бір жасар ит қоянды ұстай алады, ал бір жасар көкжал қойдың тамтығын қалдырмайды. Бір жасар кішкене бала әлі ауы ашық шалбар киеді. Адам бөрінің шалымына да келмейді. Әскери күштердің қайнаркөзі мол болғандықтан, қасқырлар әрине жаралысын мерт қылады. Қарасам, көкжалдардың бір-бірін өлтіруі олардың сан жағынан аса көптігінен. Олар өздерін көпсінеді. Бөрі бөріні өлтіруі олардың өздері жоспарлы көбею саясатын жүргізгенін көрсетеді. Осалдары жылдам жойылып, таңдаулы күштері ғана сұрыпталып қалуда. Дала қасқырларының арыны өмір-бақи сарқылмауының сыры міне осында.
- Бүгінгі мына тексеруден мен де көкжалдардың пәле екендігін түсінгендей болдым. Табиғи апатқа қарсы тұруда ауа-райы болжамы көмектеседі. Ал бөрі апатына төтеп беруде кім болжам жасайды? Біз сияқты егіншілік аумақтан келгендердің сахарадағы қасқырлар апатын жөнсіз мөлшерлеппіз. Осы реткі шырғалаңға адам ресурстарымен төтеп беру расында да мүмкін емес екен. Басшылықтың тексеру тобы оқиға болған жерге келсе, бір көргеннен-ақ білетін болады, - деді Бао Шигуй қабағын жазып.
- Аңғаратын адамдар ғана анығын көре алады, - деді Үлжі.
- Олар келсін-келмесін, біз де бірнеше рет кең көлемді көкжалдарды жою шайқасын ұйымдастыруымыз керек. Әйтпесе, біздің жайылым бөрілердің асханасына айналып қалады. Мен жоғары басшылықтан тағы да көбірек оқ-дәрі алайын, - деді Бао Шигуй.
Адамдар тобының бір шетінде бірнеше зиялы жас бажылдасып дауласты. 3-отрядтағы орта мектеп оқушысы, Бейжің қаласындағы бұрынғы «Дуңцзю» хуңвейбиңдерінің («қызыл қорғаушылар») басшысы Ли Хуңвей қыза сөйледі:
- Қасқырлар нағыз таптық дұшпандар екен. Әлемдегі барлық кертартпашылар түгелдей қара ниетті көкжалдар болып табылады. Бөрілер тым қаныпезер екен. Халықтың мүлкі саналған сансыздаған жылқы, сиыр, қойларды қырғындағаны аздай, тағы өз туыстарын қырады. Біз бұқара халықты қасқырды соғуға ұйымдастыруымыз керек. Барша көкжал атаулыға пролетариат диктатурасын жүргізуіміз тиіс. Оларды біржолата, түбегейлі тып-типыл жою қажет. Сонымен қатар, сонау бөрілерге тілектестік білдіретін, оларды ырқына жіберетін, өлген адамның өлігін оларға жегізетін далалық көне көзқарас, ескі дәстүр, ескі салт-сана мен әдеттерді тайсалмай сынға алу керек....
Бір көргеннен-ақ сөздің ұшы Білге-атаны нұсқалғанын түсінген Чен Чжен дереу оның сөзін бөліп жіберді:
- Мына сөзің тым шектен шықты ғой. Тек екі аяқты жануарлар ғана тапқа бөлінеді. Егер қасқырларды тапқа жіктейтін болсақ, онда өзің көкжал болғаның ба, әлде адам болғаның ба? Сен пролетариаттың ұлы көсемін бөрілер қатарына жатқызудан да қорықпайсың ба? Оның үстіне, адамның адамды қырғындауы өзін-өзі қырып-жою емес пе? Адамдардың адамдарды өлтіруі қасқырдың қасқырды өлтіруінен әлдеқайда көп. Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстарда миллиондаған, он миллиондаған адам қырылды ғой. Бейжіңнің түбіндегі Чжоукоудян елді мекеніндегі «синантроп» адамынан (маймыл тәріздес адамнан) бастап өзіне нәсілдестерді қырып-жою қасиеті болған. Осы қасиет-қылығынан алып айтқанда, адамдар көкжалдардан да рақымсыз болды. Сен кітаптарды көбірек оқысаңшы.
Ашуға басқан Ли Хуңвей қамшысын көтеріп, Чен Чженнің мұрнына кезеп айтты:
- Сен толық орта мектепте оқығанмын деп тұрсың ғой. Нендей кереметің бар еді, шешеңнің....! Сенің оқыған кітаптарың түгелдей капиталистік, феодалдық, ревизионистік! Жаман кітаптар! Улы шөптер (залалды туындылар)! Сенің ит әкеңнің әсері айрықша терең. Мектепте үніңді шығармайтынсың. Революциялық күрестен бөлініп жүретінсің. Мына ең жабайы да ең мешеу жерге келгеннен кейін өз-өзіңді емін-еркін сезініп кеттің. Сен мұндағы «төрт көнемен» (көне мәдениет, көне ойлау жүйесі, көне әдет-ғұрыптар, көне салт-дәстүрлер) ауыз жаласып, бір-біріңе сай болып кеттіңдер!
Қаны қайнаған Чен Чжен жек көргеннен жауыз бөрідей атылып, оның тамағынан қырқып, аттан жұлып түсіргісі келді. Алайда, ол қасқырдың қайтпас сабырлылығын еске түсіріп, оған алайып қарап, аяғындағы киіз пимамен аяусыз екі тартып жіберіп, бұрылып жүріп кетті.
Ымырт түсе бастады. Қырдағы мал шаруашылық өңірде қалыптасқан таңертең ет жеп, шай ішу және кешке тамақ ішу әдетіне бейімделген зиялы жастардың қарны ашып, тұла-бойлары суықтан дір-дір етті. Ферма басшылығының тексеру тобындағы бастықтар және малшылар, зиялы жастардың басым бөлігі өлі көкжалдар тиелген жеңіл ат арбаға ілескен халде артқа қайтты. Чен Чжен Бату мен Сарылыңға ілесіп, олардың қымбатты құрықтарын іздесті. Сонымен бірге ол жылқы теуіп өлтірген және жаралаған бөрілерді іздемекші болды. Чен Чжен екі ержүрек жылқышының оған қасқырлар және оларды соғу өнері жөнінде көбірек әңгімелеуін қалады.
7
«Көк бөрі – біздің шартты сөзіміз!»
Таңсәріде күн нұрына ұқсаған бір сәуле Оғыз-қағанның шатырына түсті. Бұл жарықтан жалы көкбурыл бір қасқыр шықты. «....Сені бастап барамын» деді көкжал Оғыз-қағанға.
Кейін Оғыз-қаған жорыққа аттанды. Жалы мен түктері көкбурыл ірі бөрі қосындардың алдында жүргенін көрді. Қалың қосындар оған ілесіп отырды.
Бұдан соң Оғыз-қаған жалы мен түктері көкбурыл ірі қасқырды тағы көрді. Көкжал Оғыз-қағанға айтты: «Енді сарбаздарды атқа қондыр». Оғыз-қаған дереу атқа мінді. «Барлық бектерді және бұқара халықты басқарғын. Мен алға түсіп, саған жол бастап көрсетемін» деді бөрі.
Сосын ол тағы атқа қонып, жалы мен түктері көкбурыл ірі қасқырмен бірге жорыққа аттанғаны шүбәсіз....
«Оғызнама» дастаны
Моңғол даласында көкжалдарды кең көлемді аулау және жою үнемі қыстың басында жүргізіледі. Ол кезде төбе-қыраттарды қаптаған суырлар ініне кіріп, қыстық ұйқыда болады. Денесі қояннан үлкендеу, еті семіз, майы қалың суырлар бөрілердің сүйсініп жейтін азығы, сондай-ақ далалық қасқырлардың азық-түлігінің қайнар көздерінің бірі болып табылады. Суырлар індеріне кіргеннен кейін, көкжалдар тобы төрт түлік малға түлігіне еселеп шабуыл жасай бастайды. Ферма аңшылары бөрілерге қайтарма соққы беруді ұйымдастырады. Қыстың басында қасқырлардың суыққа төзетін терісі ұзарып жетіледі. Бұл кезде олардың терісі созылғыш, жүні жаңа, түсі жылтыр, түктері қалың болады. Жоғары сортты да сапалы көкжалдың терісінің үлкен бөлігі дәл осы мезгілде алынады. Қабылдау бекеттерінің сатып алу бағасы да ең жоғары етіп белгіленеді. Қыстың басында бөрілерді аулау малшылардың жұмыстан сыртқы басты қосымша кіріс көзі болып табылады. Қаумалап аң аулау – жас малшылардың шабандоздық пен құрық салу өнерлерін, батырлықты шынықтыратын һәм жетілдіретін жақсы орайы. Сондай-ақ әртүрлі мал шаруашылығы отрядтарын ұйымдастырушылардың барлау жүргізу, түйін белгілеу, орын мен уақыт таңдау, ұйымдастыру, жөткеп орналастыру, бұйрық беру секілді бірқатар әскери қабілетті көрсетудің сәті болып табылады. Қыстың басында қоршап аң аулау, қасқырларды соғу – иен даладағы рубасылар, тәңірқұттар, қағандар, хандардың өз тайпаларында әскери жаттықтырулар мен соғыс маневрлерін жүргізудің ежелгі дәстүрі. Мыңдаған жылдардан бері жалғасып келген дәстүр бүгінгі күнге дейін өмір сүруде. Енді ғана түскен қансонарда жұрттың бәрі саятқа шығуға негізінен сақадай сай әзір тұрады. Бұл кезде қарлы жерде көкжалдың іздері ең анық көрінеді, олардың жасырыну қасиеті ерекше төмендейді, қиынға соғады. Бөрілердің сирақтары ұзын болғанмен, алғашқы қарға малшынып, әлек болып, тез жүгіре алмайды. Жылқының сирақтары бұдан ұзын болғандықтан, оларға жетіп алады. Қыстың басындағы қансонар – қасқырлардың қаралы мезгілі. Осы қолайлы сәтті пайдаланған малшылар әрқашан олардың айбатын басып, бір жылдан бері адамдар мен төрт түлік мал тартқан азаптарды қайтарады.
Дегенмен, байтақ даланың заңдарын адамдар да біледі, көкжалдар да ұғады. Соңғы жылдары бөрілер әбден зерек болып алды. Жыл сайын аулайтындықтан, олар да бұның мән-жайын біліп алды. Қасқырлар алғашқы қардың түскенін, жердің беті ағарғанын көріп, шекараның ар жағына құйындай құйғытып қашуды шығарды немесе қалың таудың ішінде қарақұйрықтар мен қояндарды аулайтын болды. Немесе қар сіреген таулы аңғарлар мен жапан далада аштыққа шыдап, жануарлардың қу сүйегі мен күнге күйіп, желге қақталған өлекселерін мүжіп күнелтеді. Қардың беті қатып, қардың үстінде де жортуды үйреніп алған олар адамдардың рухын түсіріп, малды шабатын болды. Ферма басшылығының жиналысында Үлжі айтты:
- Соңғы бірнеше жылдан бері қыстың басындағы аң аулауда көкжалдардың үлкенін соға алмай, кілең орташа, кішілерін өлтірдік. Бұдан былай біз де олар сияқты дағдылы соққы беру тәсілдерін мүмкіндігінше өзгертіп, ретсіз аулау, тұтқиылдан соққы беру, үздік-создық соғу, тоқтап-тоқтап соққы беру, аң аулауды кілт тоқтау, бей-берекетсіздікте жеңіске ұмтылу, алжастырып соғу керек. Мұнымыз беталды болғанмен, соғысу айласына сәйкес келмесе де, бөрілер бұның байыбына жете алмай, сақтанамын десе де сақтана алмайды. Көктем мезгілінде қасқырларды ауламайды. Біз көне дәстүрді бұзып, көктемде бір рет саятқа шығып, оларға тұтқиылдан бір соққы берейік. Сол кездегі бөрілердің терісі қыстың басындағыдай жақсы болмайды. Алайда, олардың түлеуіне әлі бір айдан астам уақыт бар. Теріні жақсы бағамен сата алмағанмен, қамдай-өткізу кооперативінен сыйлық ретінде оқ-дәрілерді алуға болады.
Ферма басшылығының жиналысында осы реткі қасқырлардың жылқы үйірін қынадай қыру оқиғасының кері әсерін аластау, басшылықтың Олұн сахарасындағы көкжалдар апатын жою жөніндегі нұсқауын жүзеге асыру мақсатында, бүкіл ферманы аттанысқа келтіріп, бөрілерді кең көлемді жою әрекетін өрістету туралы шешім қабылданды.
- Нақ қазіргі кезде көктемгі төл алу секілді қарбалас мезгілде адам күштерін шығару оңай емес, бірақ қасқырларды қоршап жоятын мына шайқасты жүргізбей болмайды. Әйтпесе, міндетті жан-жақты орындауда шарасыз қаламыз, - деді Бао Шигуй.
- Бұрынғы тәжірибеге сәйкес, көкжалдар тобы ірі айқасты аяқтағаннан кейін, міндетті түрде негізгі күштерін артқа шегіндіреді. Олар бұл уақытта адамдардың қалай да өш алуға ұмтылатынын біледі. Шамалауымша, осы кезде бөрілер шекараға жақын жерде жүр. Ферма түгел әрекетке келсе, олар дереу шекарадан асып, ғайып болады. Сондықтан осы бірнеше күнде тиіспей тұрайық. Оларды біраз күн еркіне қойып, қарнындағы жылқы етінің әбден қорытылуын күтейік. Олар әлі де батпақты жерде қырылған жылқының қатқан етін еске түсіріп, қайта оралады. Суырлар мен тышқандар індерінен әлі шыға қоймады. Жейтін азығы қалмаған қасқырлар тәуекелге басып, жылқы етін жеуге сөзсіз келеді, - деді Үлжі тағы.
Білге-ата құптап басын изеді:
- Мен біраз адамды ертіп, алдымен аттардың өлігінің айналасына көп қақпан құрып, көкжалдар тобын алжастырайын. Жаңа қақпандарды көрген олардың басшысы сөзсіз «адамдар шабуылға өтпейді, тек қорғануды ойлайды» деп есептейді. Бұрын ферма басшылығы бөрі соғуды ұйымдастырғанда бір топ иттерді ілестіретін. Алдымен түздегі қақпандардан бастайтын. Әйтпесе, қақпандар иттердің аяқтарын үзсе, кімнің болса да жүрегі ауырады емес пе? Осы жолы шабуылдан бұрын қақпандарды құрайық. Қаншалық айлакер болған басшы арлан да абдырап қалады. Егер қақпанға бірнешеуі түсетін болса, қалғандарының есі шығып, алыстан жылқының етіне телміре қарап, жейін десе батылы бармайды, кетейін десе қия алмай тұра береді. Сол кезде біз білдірмей барып, тұтқиылдан қоршауға алсақ, көптеген қасқырды қолға түсіруге болады. Сонымен қатар, бірнеше басшы арланды өлтірудің мүмкіндігі туылады.
- Естуімше, мұндағы көкжалдар нағыз қарақшылар екен: у себілген, қақпандар қойылған жерге жақындамайды, аяқ баспайды. Кәрі бөрілер мен басшы арландар уланған етті тістеп, дөңгелек белгі қойып, ұрғашы қасқырлар мен бөлтіріктерге еттің шетіндегі усыз жерін жегізеді. Кейбір басшы арландар сондай-ақ қақпандарды минаны залалсыздандырғандай төңкеріп тастап, аңшыларды қасақана ашуландырады екен. Бұл шын ба? - деп сұрады Бао Шигуй Білге-атадан.
- Түгелдей рас деуге де болмайды. Қамдау-саты кооперативтері сататын қасқырларға арналған у-дәрінің иісі күшті. Оны иттер де иіскеп білгенде, көкжалдар иіскеп сезбейді дейсің бе? Мен өзім ешқашан уды қолданбаймын. Дұрыс қолданбасаң, иттерді уландырып өлтіріп алуың мүмкін. Мен қақпан құруды ұнатамын. Менің ерекше амалым бар: табиғаттан тыс бөрілерден басқалары қанша иіскесе де қақпанның қайда қойылғанын біле алмайды, - деп жауап берді Білге-ата.
Бао Шигуйге ферма басшылығы бас штабқа, ал өндіріс жиналысы әскери мәжіліске айналғандай сезілді. Кезінде жоғарғы басшылықтың атты әскерлер эскадронының командирі Үлжіні кәсіп ауыстырып, ферма бастығы етіп тағайындауы әбден дұрыс болған екен. Өзінің осында әскери өкіл ретінде келуі де қисынды болыпты. Бао Шигуй қаламымен шай стаканын тықылдатып, жиналысқа қатысқан барша мүшелерге: «Онда осылай болсын!» деді.
«Барлық отрядтарға және жеке адамдарға ферма басшылығының рұқсатынсыз жайылымның солтүстік жағына барып, қасқырларды аулауға, әсіресе мылтық атып, оларды шошытуға болмайды. Ферма басшылығы көкжалдарды кең көлемді қоршап жою әрекетін ұйымдастырады. Тиісті хабарландыруды алғаннан кейін барша отрядтар дереу іс-қимылдарға кірісуі керек» деген қатал бұйрық түсірді ферма басшылығы.
Барша отрядтың малшылары түгел ың-жыңсыз да тәртіпті түрде арғымақтарды іріктеу, иттерге азық беру, сойылдарын жөндеу, қанжарларды қайрау, мылтық тазалау, оқтарды дайындау жұмыстарына кірісті. Құдды көктемде малды төлдету, шіліңгір жазда қойларды қырқу, күздің ортасында шөп шабу, қыстың басында соғым сою секілді өз ретімен апыр-топырсыз істерді жүргізді.
Таңертең аспанды қалқалаған бұлттар тізбегі алыстағы тауларды белуарға дейін бүркеп, барлық тау шоқылары мен шыңдарын тегістеп тастады. Олұн даласы тіпті де тегіс, тіпті де жабырқаңқы көрінді. Аспандағы қар ұшқындары әлсіз желмен баяу қалықтауда. Киіз үйлердің шаңырағынан шығарылған қаңылтыр мұржалар құдды өкпе демігіне душар болған науқастай қинала тыныстайды. Кейде бірнеше рет бұрқ-бұрқ етіп жөтеліп, қойлардың мәйегі және сиырлардың тезегі, қалған-құтқан шөп-шалаң, қыл-қыбырға толған қоныстың айналасындағы қарлы жерге көк түтінін қайта лоқсытып тастайды. Бұл арадағы көктемгі суық ағыс ұзаққа созылатындай, күннің жылынуынан белгі білінбейді. Бір тәуірі, төрт түлік мал ішінара күйлі, қалыңдығы жарты елідей майымен қардың еріп, күн жылынып, шөп шыққанға дейін әбден шыдайды. Қардың астынан қылтиып шыққан тұңғыш көк майса шөпті қойлар да қазып жеп, шалақұрсақ тойып алады.
Қабырғалары саз балшықтан салынған қотандарда тып-тыныш қысылыса жатқан қойлар шөпті баяу күйсеп, қораларынан шыққысы келмейді. Түнімен үріп, үй мен қотанды күзеткен үш үлкен төбет осы мезетте әрі суықтан тоңып, әрі қарны ашқандықтан, бүкіл денелері қалтырап, киіз үйдің есігі алдында жиылып отыр. Чен Чжен есікті ашысымен Сарытөс ит жетіп келді де, тамақ сұрағандай алдыңғы екі аяғын оның иығына асып, иегін жалап, құйрығын бұлғақтатты. Чен Чжен үйден көтеріп шыққан жарты тегене асқан ет пен сүйекті иттерге төгіп берді. Сүйектерді таласа-тармаса алдына тартып алған үш ит оларды алдыңғы екі аяғымен басып қойып, бастарын қисайта, азу тісін айқастыра қасыр-құсыр шайнай бастады.
Чен Чжен үйдегі ет салған тегенеден бірнеше жапырақ қойдың семіз етін алып, ұрғашы Ілбісге бөлек жегізді. Жылтыр қара жүнді бұл ит те Сарытөс секілді басы да, тұрқы да сирағы да ұзын, белі жіңішке, жүні тақырлау тазы тұқымынан еді. Аңқұмар, тез жүгіретін, зымырап барып оқыс жалт етіп қуалаған аңын тамағынан алатын, осы екі тазы аңды көрген жерден елегізіп кететін, екі тазының екеуі де түлкі ұстауға мықты. Әсіресе Сарытөс өз ата-анасынан өрелі аң аулау әдісін мұрагерлік етіп, үйреніп алған. Ол түлкі құйрығын қанша бұлғақтатып, күзін көлегейлесе де алжаспай дәл құйрықтан тістеп тоқтататын. Сонан соң түлкі жанталаса алдына қарай тырмысқанда, кенет қоя салып, екпінмен омақасынан жығып, тамағы мен қарны аспанға қарап аунағанда атылып келіп, оның кеңірдегін қиятын. Аңшы жараланбаған сау теріні алатын. Ал әлгі жалқау иттер не түлкінің бұлаң құйрығына алданып, аяқтарын сындыратын, не оның терісін ойып бүлдіріп, көбінесе аңшыларды ызаландырып, таяқ жейтін. Сарытөс пен Ілбіс бөрілерді көрсе тайсалмайтын. Епті де қағылез денелеріне сүйеніп, қасқырларды бір жағынан қапсырып, бір жағынан атылып, тоқтаусыз жармасатын, сондай-ақ өздерін оларға тістеттірмейтін. Артында келе жатқан аңшылар мен қабаған иттер үшін көкжалды жан-жақтан тістелеумен уақытты созып, оны ұстауға қолайлы орай жарататын.
Білге-ата мен Касымай Сарытөсті Чен Чженге берген. Ілбісті Яң Ке бұрын өзі тұрған үйден ертіп келген болатын. Олұн даласының малшылары өздерінің ең жақсы нәрселерін бейжіңдік оқушыларға беретін. Сондықтан осы екі күшік есейгеннен кейін өз бауырластарының бәрінен артылды, кейінше Батудың түлкі аулауға шығарда Чен Чженді немесе Яң Кені жанына ілестіретіні осы екі итті ұнататынынан еді. Былтыр қыста Сарытөс пен Ілбіс бес үлкен түлкіні ұстады. Чен Чжен мен Яң Кенің қыста киген түлкі тұмағы осы екі тазының екеуіне берген сыйлығы еді. Шаған мейрамынан кейін Ілбіс алты күшік туды. Оның үшеуін Білге-ата, Ламжап пен тағы бір зиялы жас әкетті. Қалған үшеуінің екеуі төбет, біреуі ұрғашы, екеуі сары, біреуі қара болды. Өздері домалаңдаған өте сүйкімді еді.
Жаратылысынан ұқыпты Яң Ке Ілбіс пен оның күшіктерін ерекше жақсы көретін. Әр күні дерлік Ілбіске бір қазан ет сорпасын, туралған ет пен тарыдан көже қайнатып беретін. Бұған астық пункті зиялы жастарға беретін тары нормасының жартысынан көбі жаратылатын. Ол кезде Олұндағы зиялы жастардың астық нормасы Бейжің қаласының өлшемімен адам басына бір айда 15 кг болатын. Алайда, астықтың түрі Бейжіңнен мүлде басқаша еді: 1,5 кг қуырылған күріш (қуырылған тары), 5 кг ұн, қалған 8,5 кг бәрі тары құрайтын. Тарының көп бөлігі Ілбіске берілетін. Осы бірнеше бейжіңдік те малшыларға ұқсас негізінен етпен азықтанды. Малшылардың айлық астық нормасы 9,5 кг, оның өзі тары ғана болатын. Ет аралас тары көже – ұрғашы иттердің ең таптырмас азығы. Касымай бірде бұны өз қолымен жасап, екеуіне үйреткен. Ілбістің сүті ерекше көп болғандықтан, Чен Чженнің күшіктері малшылардың үйіндегі күшіктерден әлдеқайда мықты еді.
Тағы бір мықты да дәу қара төбет жергілікті моңғол иттерінің тұқымынан болатын. Төбеттің жасы 5-6 жас, басы төртбұрышты, аузы үлкен, кеудесі кең, сирақтары ұзын, денесі созылыңқы. Дауысы жолбарыстай гүжілдеп шығатын бұл ит өте сұсты да жанкешті еді. Оның бүкіл денесі тыртық пен жараға толған, басында, кеудесінде және жотасында жүні сыдырылған жолақ-жолақ қара терісі көріксіз де айбарлы көрінетін. Оның қабағында алғашында көздің үлкендігіндей дөңгелек сарғыш қастары бар еді. Алайда, бір қасын бөрі тістеп жұлғандықтан, қазір қалған бір қасы екі көзімен қосылып, үш көздей болып көрінетін. Үшінші көз екі қастың аралығында тұрмаса да, ол бәрі бір үш көзді көрінетін. Осы себепті, бастапқы уақытта Чен Чжен мен Яң Ке оны «Эрлаңшен» (қытайлық даостық-буддалық құдайлар жиынтығындағы өзендердің тасуын бақылайтын, айдаһарлармен айқасатын аспандағы ең зор үш көзді жауынгер) деп атады.
Осы әзезіл де сұсты көрінетін төбетті Чен Чжен іргелес коммунаның қамдау-сату кооперативіне қажетті заттар сатып алғалы барғанда жолда тауып алған. Сол күні ол үйге қайтқан жолда ту сыртынан бір ызғарлы самалдың ескенін сезді. Өгізі де үркіп, жұлқына берді. Басын артқа бұрған Чен Чжен ірі арлан қасқырдай үлкен сыйықсыз төбеттің тілін салақтатып, артынан үнсіз еріп келе жатқанын байқады. Ол шошығанынан өгіз арбадан құлай жаздады. Чен Чжен сиырларды қуатын таяқпен оны қорқытып та, қуып та көрді. Төбет те кетпеді, арбаның соңынан ілескен бойда үйге келді. Біраз жылқышы оны таниды екен. Олардың сөзінше, бұл қабаған төбеттің қойларды жейтін жаман әдеті бар екен. Иесі сол үшін үйден қуыпты. Байтақ далада қаңғығанына екі жыл болған екен. Қалың қар жауғанда, ескі қотандар қабырғаларының түбінде бүрісіп жатады екен. Күндіз өзі аң аулап, жабайы қоян, құндыз ұстайды, өлген жануарлардың етін және көкжалдан қалған жемтікті жейтін. Немесе жалғыз жүретін бөрімен азыққа таласып, жабайы итке айналуға аз қалыпты. Кейін ол өзі бірнеше үйді паналаса да, қойларға тиіскендіктен тағы қуылыпты. Егер ол бірнеше қасқырды қауып өлтірмегенде, малшылар оны баяғыда-ақ атып тастаушы еді. Даланың салты бойынша, үйге қарайтын ит үйдің ұрысына, жабайы көкжалға айналуынан, сойқан шығарған иттердің бөрілерге айналуынан сақтану, басқа да жабайы мінезі өзгермеген иттерге ғибрат болу үшін қойларға шабатын иттер өлтірілуі тиіс. Малшылардың бәрі Чен Чженге оны ұрып қуып жіберу жөнінде кеңес берді. Алайда, Чен Чженнің керісінше оған жаны ашыды, оған аса құмартты да. Оның жабайы қасқырлармен үйірлесіп, мұз құрсанып, қар жамылған мейірімсіз сахарада жан сақтай алғанына қарағанда, бәлкім қабілеті кішкене болмаған-ау. Оның үстіне, Білге-атаның отауынан көшіп шыққаннан бері әлгі айбар шашқан бөрібасар Барстан айрылған ол өзінің оң қолынан, яғни өте қабілетті көмекшісінен кемшін қалғандай болды. Чен Чжен малшыларға: «Зиялы жастардың отауындағы иттердің бәрі жүйрік тазылар болғанмен, жастары әлі кіші. Үйге қарап, қотанды күзететін бұндай зор денелі қабаған төбет жетіспейді. Алдымен оны уақытша қалдырып, жүріс-тұрысын байқайын. Егер ол тағы қойларды өлтірсе, өлген қойдың құнын өзім төлеймін» деген.
Бірнеше ай өтті. «Эрлаңшен» төбет қойға ауыз салмады. Дегенмен, Чен Чжен оның әрең шыдап, қойлар отарынан әдейі алыстау жүруге ұмтылғанын байқады. Чен Чжен Білге-атадан төмендегідей бір әңгіме естіген: осы бірнеше жылда иен далаға уақытша жұмыстарға жалданып келген келімсек мигранттар сахарадағы сан жағынан көп болмаған қаңғыбас иттерді атып тауысатын болды. Олар үйсіз-күйсіз иттерді жеркепе үйлердің ішіне алдап кіргізіп, алдымен асып қойып, аузына су құйып тұншықтырып, терісін сыдырып, етін жейді екен. Мына ит те адамдар тарапынан сойылуға аз қалған сияқты. Ең соңғы сәтте қашып құтылған болуы керек. Оның енді тентіреуге батылы бармайды, жабайы ит болғысы келмейді. Қаңғыған иттер қойларды жейтін көкжалдан қорықпайды, бірақ иттерді жейтін адамнан қорқады. Бұндай ірі қабаған иттің түнде қойларды күзетіп, қотанды қорғағанда үргендегі даусы ең үрейлі, алысуға бел буғыш, аузында үнемі бөрінің қаны жұғып жүреді. Бір қыс бойы Чен Чжен мен Яң Кэнің қойлар отары қасқырлар тарапынан ең аз әкетіліпті, бауыздалыпты. Қырда иттердің басты міндеті – түнде күзету, үйге қарау және аң аулау. Күндіз иттер қойлармен бірге өріске бармайды. Оның үстіне, көктемде төл алу мезгілінде саулық қойлар тас қораға қамалады, иттер мен қойлар бөліп тасталады. Бұл шарт-жағдайлар мына қабаған төбеттің біртіндеп жамандықтан тыйылуына көмектесуі мүмкін.
Чен Чженнің отауындағы басқа зиялы жастар да Эрлаң төбетпен өте тату, әрқашан оған тамақ беріп тойғызатын. Алайда ол ешқашан адамға үйірлеспейтін. Жаңа қожайынның өзін асырап алған ізгі ниетіне де қандай да бір білдірген алғысы байқалмады. Ол Сарытөс және Ілбіспен ойнамайды. Иесін көргенде құйрығын бұлғақтағаны соншалық, онысы тіпті көрінбейді. Күндіз бос кезінде үнемі жалғыз өзі даланы кезеді. Немесе киіз үйден алыстау жердегі қалың шөптің ішінде жатып, көкжиекке көз тіге терең ойға батады. Аздап қысық көздерінен еркін сахараны көксеу һәм қимастықтың нышаны білінетін.
Кей кезде Чен Чжен кенеттен әлденеден оянғандай, оны үлкен төбетке емес, көкжалға ұқсатады. Иттердің ата-тегі – бөрі. Қытайдың солтүстік-батысындағы иен далада ең ертеде өмір сүрген халықтардың бірі – цюәнжуңдар өз ата-бабаларын екі ақ иттен шыққан деп санаған. Цюәнжуң халқының тотемі ит еді. «Ержүрек те қайсар далалық халық қалайша адамзат қолға үйреткен жануар – итке табынады? Бірнеше мың жылдың алдында дала иттері аса жыртқыш, тағылығы ерекше күшті немесе бүкпесіз қасқырлық қасиеті жойыла қоймаған, ит мінезді көкжалдар болды ма? Ежелгі цюәнжуңдар сыйынған ақ төбет, бәлкім ақ бөрі болған шығар?» деп әрдайым күмәнданатын Чен Чжен. Ол ойлайтын: өзі ертіп әкелген мына қабаған дәу төбет түптің-түбінде қасқыр мінезді нағыз ит болғаны ма? Әлде ит мінезді көкжал болған ба еді? Бәлкім, оның бойына атавизм пайда болды ма екен?
Чен Чжен әдейі оған жақындап, оның жанына жүрелеп отыра қалып, жүні жығылған жағына сипап еркелетеді, жүнін қасиды. Алайда, төбет өте сирек ілтипат білдіретін. Көз жанарынан сөзбен білдіре алмайтын ұстамдылық немесе жабырқаулықты, құйрығын болар-болмас қозғағанын тек Чен Чжен ғана байқай алатын. Ол адамдардың аялауын, иттердің тілеулестігін қажет етпейтін тәрізді. Чен Чжен оның не ойлайтынын білмейді, Сарытөс пен Ілбіс секілді істейтін жұмысы, жейтін тамағы бар, адамдар аялайтын, өз еңбегімен күн көретін бірқалыпты өмір мен бейқам тұрмысқа қалайша қосуға болатынын білмейді. Чен Чженді басқа да ойлар жиі жегідей жейтін: «Ол иттер қимайтын бірқалыпты тұрмысқа мүлде көңілі тартпай, бөрілер әлеміне қайтпақшы ма? Алайда, неге ол қасқырды көрсе, сыйыса алмайтын қастығы бардай алқымдауға ұмтылады? Сыртқы әлпетінен қарағанда, ол толығымен иттің нақ өзі. Оның қап-қара жүні көкжалдың сұрғылт түсті жүнінен парықтанып тұрады. Дегенмен, Үндістанда, Совет Одағында, Америкада, ежелгі Рим империясында, сондай-ақ Моңғолия сахарасындағы бұрынғы заманда бөрілер адамның баласын бағып өсіріпті. Сонда олар иттің баласын бағып өсіре алмайды ма? Алайда, ол егер қасқырлар тобына қосылса, онда жылқы, сиыр, қойлар зобалаңға ұшырайды. Бәлкім, ол жөнінде айтатын болсақ, ең қасіреттісі: иттер де, көкжалдар да оны өз орталарына қабылдамайды немесе өзінің осы екі тараптың екеуіне де барғысы келмейді. «Ол мүлде овчарка ит емес. Овчарка ит жыртқыш болғанмен, онда иттің сипаттары басым. Ол бәлкім әлемде сирек кездесетін ит-бөрі болуы мүмкін немесе жартылай ит, жартылай қасқыр, яки көкжалдығы иттік қасиетінен басым болған жануар шығар» деп кейде ойлайтын Чен Чжен. Ол төбетті түсіне алмады, бірақ оған жақсылап қарауды, біртіндеп сырын білу қажеттігін сезінді. Чен Чжен өзін оның жақсы досына айналуды қалады. Ол кейін оны «Эрлаңшен» емес, «Эрлаң» деп атауға бекінді. Себебі, «Эрлаң» сөзінің дыбысталуы «арлан» сөзіне келетін-ді. «Шен» сөзі керек емес.
Яң Кэ мен Гао Цзянчжуңның төсектен тұруын күткен Чен Чжен киіз үйдің сыртында иттерге тамақ беріп, күшіктерді ойнатып, сыртқы әлпетінен сыр білінбейтін Эрлаңды сипалады.
Бір сыныпта оқыған төрт сабақтастың өз киіз үйінде бірге жатқанына бір жылдан асты. Төртеуінің бірі жылқышы, бірі бақташы, екеуі қойшы.
Өзін көрсете алатын пысық Чжаң Цзиюән Бату мен Ламжапқа ілесе жылқышы болып, 500 шақты жылқыны бағады. Жылқының тәбеті ерекше зор. Жайылымдарды түгел жайпап жібереді. Қойлар және сиырлармен азыққа таласпауы үшін жылқыны жиірек алыста ауашалап жайғызу керек. Тау қойнауындағы өрістерде бөрілер тобы бірде пайда болып, бірде ғайып болып, кезіп жүреді һәм адамның қонысын алыстан айналып өтеді. Жылқышылар ауылдан алыс жерде екі адам әрең сиятын қарапайым лашықта тұрады, аттың тезегі жағылатын кішкене дөңгелек темір пеште тамағын әзірлейді. Жыл бойы ауылдағы отаудан да қарапайым, байырғы тұрмыс кешуде. Жылқышылардың жұмысы қатерлі де жапалы, жауапкершілігі ауыр жұмыс. Алайда, малшылардың арасында жылқышылардың орны бәрінен биік. Бұл - жылқы үстіндегі халықтардың ең мақтаныш тұтатын кәсібі.
Жылқышылардың сәйгүліктерге шалма салу көрінісі әдемі, асқан шеберлікті қажет ететін қиын өнер. Сондай-ақ қасқырды құрықтап өлтіруде пайдаланатын ерен сайыскерлік өнері болып табылады. Жылқышылар өзіне, басқаларға мініс ат ауыстыру, арғымақ беру, жал-құйрығын реттеу, дәрі алу, сондай-ақ піштіру, тексеру, асау үйрету үшін күнде дерлік жылқыны құрықтап ұстайды. Көне заманнан қазірге дейін дала халықтарының жылқышылары атты құрықтау өрелі өнерін тұла-бойымен үйреніп алған. Олар заулап бара жатқан ат үстінен денесін сәл алдына еңкейте ұп-ұзын құрықты серпе созып немесе шалмасын дөңгелете тастап, орайын дәлдеп, жылқының мойнына дәл түсіреді. Тәжірибелі жылқышы шалмасын мүлт кеткізбейді, өте аз қателеседі. Көкжалмен арадағы қашықтықты азайтуға арғымақтың жылдамдығы жетсе немесе тазы иттердің жәрдемімен оны қуғанда осы тәсілмен бөріні ұстауға да болады. Сосын шалманы мығым буып, атпен тезден кері шаба жөнелгенде, қасқырды буындырып өлтіруге немесе тазыларға талатып өлтіруге болады. Дала көкжалдары күндіз құрықтан айрықша қорқады. Олар құрық ұстаған жылқышыны көргенде, артқа бұрылып қаша жөнеледі немесе ну шөптің арасына жасырынып жатады. Чен Чжен бөрілердің күндізгі ұрыстан сескенуі, түнгі айқасқа шеберлігі осы құрықпен байланысты болуы мүмкін деп жиі ойлайды. Моңғолия даласының құрықтары шамамен бірнеше мың жылдық тарихқа ие. Осынша ұзақ уақыт осы сахарадағы қасқырлардың мінезін өзгертуге жеткілікті ғой.
Олұн даласының құрықтары Чен Чжен көрген құрықтардың ішіндегі ең әдемісі де мәнерлісі еді. Олар баспасөз басылымдарындағы суреттерде көрген басқа аймақ пен аудандардағы малшылардың құрықтарынан әлдеқайда ұзын, көрікті һәм қолдануға қолайлы болатын. Олұндық жылқышылар: «Олұнның құрықтары бүкіл моңғолдардың ең жоғары дәрежелі, ең керемет, ең көркем құрықтар-дұр» деп мақтанышпен айтады. Ішкі Моңғолияның әйгілі Құлын өзенінің солтүстігінде орналасқан Олұн даласы тарихта моңғолдардың атақты әскери арғымағы – Үрімчин жылқысы (ежелгі атауы – түрк жылқысы) өсірілетін негізгі орындардың бірі. Жылқы – моңғолдардың маңызды өмірлік серігі және саптасы. Әрине, жылқышылардың құрығы да кездейсоқ нәрсе емес. Олұн жылқышыларының құрықтары айрықша ұзын да түзу, жылтыр да тегіс болады. Сабының жалпы ұзындығы шамамен 5-6 метрден 6-7 метрге дейін келеді. Кейбір ерекше ұзын құрықтардың саптары қайыңнан жасалған екі ұзын сырықтан кертіліп, ұштары желімделіп жапсырылатын. Чен Чжен тоғыз метр құраған құрықты да көрген. Сабы неғұрлым ұзын болса, соғұрлым жылқыны да, көкжалды да ұстауға оңай болады. Түзулігі құдды буынсыз ұзын бамбуктей. Құрықтың сабын түзу шығару үшін жылқышылар қайың сырғауылдың қисық, кедір-бұдыр жерлерін жіңішкелеп жонып түзетеді. Сырықтың жонып түзетуге келмейтін жерін сиырдың жас тезегіне малып және жылытып, қайың сырықтың қисық жерін қозға көміп жұмсартып, онан қайта тезге басып, ақырындап түзетеді. Құрықтың ұшына ұзындығы бір жарым метр бармақтың жуандығындай кішкене сырық жалғанады. Сырықтың ұшына жылқы қылынан өрілген шашақ сыдырылмайтындай етіп нығыздап тағылады. Құрықтың ұшына байланатын шалма арқан байтақ даладағы ең шыдамды да созылмайтын болады. Ол сиырдың жұқа терісінен жасалмайды, қойлардың ішектерінен айналдырылады. Жасалу техникасы күрделі. Бұл – бүкіл құрықтың жалғыз ғана өздігінен жасалмайтын нәрсе. Оны қамдау-сату кооперативінің арнайы сөресінен сатып алу керек. Ең ақырында бірге қысылған қойдың жүні және жас тезегімен құрықтың сабы қатты ысқыланады. Аппақ сырық қойдың тезегіндей сарғыш түске кіреді. Қойдың тезегі құрғағаннан кейін жұмсақ шүберекпен жылтырата сүртіледі. Құрық сабының сыртында бір қабат жалтыраған қоңырқай сарғыш түс қалады. Ұзын құрықтың сабы ежелгі үшкір металл қару-жараққа ұқсап қалады.
Атқа мінген жылқышылар бір қолына құрықты алған кезде, оның сабы шалма арқанның салмағымен табиғи түрде төмен иіледі. Шалма арқан да желпілдеген дар тұзаққа айналады. Бүкіл құрық аттың жүрісіне қарай, тірі жыландай баяу иреңделеді. Иен дала бөрілерінің бәрі құрыққа түсіп, қылқынып өлген бауырларының аянышты халін көрген. Олардың көзіне құрық ұп-ұзын аждаһа жыландай қорқынышты көрінсе керек. Сахарада күндіз егер құлазыған жапан далада немесе таудың ішінде салт атпен жалғыз жүргенде, қолыңызда құрық ғана болса, мейлі ер, әйел, кәрі немесе жас болсын, құдды Тәңірдің тұмарын ұстағандай, қасқырлардың арасынан кедергісіз өтетін.
Чжаң Цзиюән бір жыл жылқышы болса да, құрық салуды онша үйрене алмады. Қуған жылқысының мойнына бірнеше рет салған құрығы дәл түспегендіктен, астындағы сәйгүлігін көбінесе өзі ауыстыра алмай, Батудан өзінің орнына атты ұстап беруді өтінетін. Әйтпесе, асау жылқыны әрең-әрең құрықтайтын. Алайда, құрықтай алмаған мезетте, дереу ер-тұрманның артындағы арғымақтың сауырына ығысып, ет-тоқымды өз денесіне тіреу ретінде қолданатын. Сонымен оның қолы арғымақ тарапынан тартылып, құрықтың сабын қолынан шығарып алатын. Сөйтіп, жылқы құрықты сүйретіп қаша жөнелетін. Көп кешікпей, бірнеше күндік уақыт сарп етіліп жасалған құрық тұяқтың астында қалып, бір басқаннан үшке бөлініп сынатын. Құрықтау өнерін жетілдіру үшін ол үнемі отардың ішіндегі қойларды құрықтап машықтанатын. Қойларды көкжал тиіскендей қуалағаннан, буаз қойлар қозыларын түсік тастауға аз қалатын. Бұл қылығы Білге-атадан сөгіс естігеннен кейін ғана тоқтаған. Кейін ақсақал оған алдымен өгіз арбаның артқы дәртесіне құрық тастатқызып машықтандыра бастаған соң, оның құрықтау тәжірибесі сәл ілгеріледі. Жақыннан бері ол Чен Чжен қатарлы үш жігітке құрықпен жылқы ұстайтын дәрежеге жетті. Бұнымен бір қиын мәселе шешілді. Чжаң Цзиюән үйге өте сирек қайтады. Бір айда үйде ауық-ауық бір апта тұрса, соның өзі жақсы. Үйге қайтқан әрбір кезде, жер жастанып, қалың ұйқыға кетеді. Ұйқыдан оянғаннан кейін жолдастарына көптеген адамдар, жылқылар, бөрілер туралы хикая-әңгімелер айтып береді.
Жылқышының аттары көп, мінісі көп, «аяғы ұзын» болғандықтан, көпті көріп, көпті біледі. Мал шаруашылығы отряды жылқышыларға бөліп берген сегіз-тоғыз арнайы мініс сәйгүлігі бар. Оған қоса, жылқы үйіріндегі мінілмеген асау аттар мен иесіз аттарды да емін-еркін мінуге болады. Жылқышылар күніне бір рет, тіпті кейде күніне екі рет дерлік тұлпар ауыстырып мінеді. Ешқашан аттың күшін аямайды. Кез келген жерде жол бойы еліре жөңкіліп, кердиіп кердеңдейді. Жылқышылар қайсы киіз үйге барса да жұрттың бәрі жылқы ұстау, хабар жеткізіп беру, заттарды ала келу, дәрігер шақыру, дақпырт-қауесет айту секілді тілектерін білдіреді. Сондай-ақ жылқышылар бойжеткендердің жайдары да жылы қабағына ең көп кенелетін адамдар болып табылады. Сол төрт-бес ғана арнайы мініс жылқыға ие болған ешнәрседен бейхабар қойшылар мен бақташылар оларға өлгенше қызғанады. Дегенмен, жылқы бағу иен даладағы ең машақатты да қауіпті жұмыс саналады. Қайрат, жүректілік, елгезек, ақыл, қырағылық, аштық пен шөлдеуге, ыстық-суыққа төзімділік секілді жігіт қасқырлардың немесе әскери адамдардың қасиеті болмаса, өндіріс отряды оңайлықпен жылқышыны таңдамайды. Төрт адамның ішінде бірі таңдалса, бағы жанғаны болып есептеледі. Қалған үшеуі жылқышы болудан үмітін үзеді. Чен Чжен жинақтаған көкжалдар туралы көптеген хикаяларды Чжаң Цзиюән толассыз айтып берген-ді. Ауылға біраз демалуға қайтқан кезде, Чен Чжен оны жақсылап тойдырып күтетін. Бөрілер жөнінде әңгімелескенде екеуінің пікірлері бір жерден шығатын. Жылқышылар қасқырлармен арадағы өмір мен өлім үшін күресінің алдыңғы шебінде жүретіндіктен, көкжалдар туралы көзқарасы өте қарама-қайшы болатын. Чен Чжен мен Чжаң Цзиюән, сондай-ақ Яң Кэні қосқанда, үшеуі ұзаққа дейін әңгіме шертіседі, кейде тоқтаусыз таласып-тартысады. Чжаң Цзиюән жылқыға кететін кезде, жайлауда уақыт өткізу үшін Чен Чжен мен Яң Кэден бір-екі кітап алатын.
Гао Цзянчжуң 140 сиыр бағады. Сиыр бағу жанға тыныш жұмыс. Далалықтар бақташының өз жұмысын аудан әкімдігіне де ауыстырмайтынын айтады. Сиырлар қорадан ерте шығып, кеш қайтады. Олар баратын жайылымды да, қайтатын үйді де біледі. Бұзауларын есіктің алдындағы желіге байласа болғаны, сауын сиырлар дәл уағында келіп емізеді. Тек өгіздер мезі қылады: қай жердің шөбі шүйгін болса, сол жерге қашып, үйге уағында қайтпайды. Бақташылардың машақатты жұмысы көбінесе өгіз іздеп, өгіз айдау болады. Бірақ өгіздің қырсығы ұстаса, мейлі қалай төпештесең де мойнын қыңырайтып, көзін жыпылықтатып, орнында тапжылмай тұрып, адамды қатты ызаландырады. Бақташының өзіне тиесілі бос уақыты көп болатындықтан, қойшылардың жұмысы қауырт кездері бақташыны көмекке шақырады. Үйдің алдында сиыр тұрмаса, күн көру қиынға соғады. Арбаға жегу, үй көшіру, сүт сауу, айран-қатық әзірлеу, тезек құрғату, терісін алу, ет жеу, қайыс таспа жасау дегендердің барлығы сиырсыз бітпейді. Ат үстінде ғұмыр кешкен халықтардың өгізге артып жүретін үйі болуы шарт. Бақташылар, қойшылар, жылқышылар әрқайсысы өз жұмысын атқарады, бәрінің де өзіне лайық міндеттері бар. Бұлар құдды сақиналары өзара жалғасқан, аралықта біреуі кем болмауы тиіс шынжыр секілді.
Чен Чжен мен Яң Кэ 1700 тұяқтан көбірек бір қора қойды бірге бағады. Бұлардың басым бөлігі бүкіл елге әйгілі Олұнның құйрықты қойлары болып табылады. Құйрықтың үлкендігі бет жуатын орташа легенге ұқсайды. Құйрық майы жартылай жалтырап, майы жүрекке тимейді, еті дәмді де жұпар иісті, күлімсі иісі жоқ. Үлжінің айтуынша, бүкіл аймақтың өрістері арасында Олұнның жайылымы мен шөбінің сапасы ең жақсы. Сондықтан Олұнның қойлары да ең жақсы екен. Көне заманда патша отбасысына тарту етілетін қой болған. Құбылай-хан Бейжіңге кіргеннен кейін, патша сарайы үшін өзі таңдаған қойдың еті болған-ды. Тіпті қазірдің өзінде мемлекет басшылары Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы сарайында араб пен мұсылман елдерінің басшыларына қонақасы бергенде де Олұнның құйрықты қойының етін пайдаланады. Естуімше, сол елдердің басшылары маңызды мемлекеттік істерді үнемі қайырып тастап, осы еттің өндірілетін жерін сұрастырады екен. Олұн даласындағы көкжалдардың бойы ерекше үлкен болуы, миының адамның миынан жылдам істеуі олардың осы аумақтың тегене құйрықты қойларын жеуімен байланысты болуы мүмкін деп межелейді Чен Чжен. Қорадағы қойлардың тағы бір түрі – Шынжаңның нәсілді қойы. Олар жергілікті қойлар мен Шынжаңның биязы жүнді қойларын будандастырудан алынған дүрегей қойлар. Жүні сапалы, өнімі жоғары. Сату бағасы жергілікті қойлардың терісінен үш-төрт есе жоғары болады. Алайда, еті бос және дәмсіздеу, малшылардың ешқайсысы да оны жақтырмайды.
Сондай-ақ тағы ешкілер бар. Саны өте аз, қой отарының жалпы санының 20-30-дың бірін ғана құрайды. Ешкілер шөпті тамырына дейін кеміріп жеп, жайылымды бүлдірсе де, бірақ олардың кашемир түбітінің бағасы өте жоғары. Оның үстіне, олардың ішіндегі серкелердің көп бөлігі мүйіздері мен өжеттігіне сүйеніп, бөрілермен күресе алады. Қойлардың арасына азырақ ешкі қосылса, жалғыз-жарым жүрген қасқырдың тұтқиыл шабуылына үнемі төтеп беруге болады. Сондықтан моңғол қойларының отарындағы серкенің міндетін әшейінде ондаған ірі мүйізді ешкілер атқарады. Серкелер шөп таниды, үйін таниды, сондай-ақ өзіндік жөн білетіні де бар. Шөбі жақсы жерге барса, жылжымай тұрып алады, ал шөбі нашар жерді тоқтамай жүріп өтеді. Ешкінің қойдан тағы бір артықшылығы бар: көкжалдардың шабуылына тап болғанда, ол азан-қазан бақырып, дабыл қағу ролін ойнайды. Ешкі бөрілер қарнын жарып жатқанда қорыққанынан дыбыс шығармай, өз тағдырын жыртқыштың қолына бере салатын қорқақ та топас қойлар сияқты емес. Чен Чжен моңғол малшыларының тепе-теңдік пен біркелкілікті ұстануға шеберлігін, иен дала тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерін пайдалануға ептілігін, қарама-қайшылықтың салыстырмасын зияны ең аз, пайдасы барынша көп түсетін күйге ауыстыра алатынын аңғарды.
Екі қойшының біреуі қой бағады, біреуі түнгі күзетке шығады. Қой баққанға 10 ұпай, түнгі күзетуге 8 ұпай беріледі. Екеуіне жұмыстарын өзара кезектесуіне, өзара ауыстыруына болады. Біреуінің шаруасы шыға қалса, екіншісі көбінесе күнді түнге жалғап немесе қатарынан екі күн, екі түн еңбек етеді. Егер иттер жақсы, қора берік болса, көктем мезгілінде түнгі күзет барысында бұрынғыдай қанғанша ұйықтауға болады. Алайда, жаз, күз, қыс осы үш маусымда көктемгі төл алу кезіндегідей там қашар немесе тас қора болмайды. Тек өгіз арба, шарбақ және киізден жарты шеңбер етіп тұрғызылған бөгет қасқырларды мүлде тоқтата алмайды. Егер көкжалдар ауыр залал тигізетін болса, түнде қой күзету түгелімен машақатты жұмысқа айналады, түні бойы ұйықтағанды қойып, қолшырақты жағып, қой отарын дамылсыз айналып, иттермен бірге тамақ қарлыққанша түнімен айғайлауға тура келеді. Үлжі деді:
- Түнгі күзет негізінен бөрілерден қорғану үшін қойылады. Ферманың әр жылы түнгі қой күзетуге төлейтін ұпайлық қаражаты жалпы жұмыстың ұпайы шығынының шамамен 3/1 құрайды. Бұл – ферманың қасқырларға бола төлейтін тағы шығыны. Түнгі күзет мал шаруашылығы аймағындағы моңғол әйелдерінің басты кәсібі болып табылады. Әйелдер түнде күзетке шығып, күндіз үй жұмысының михнатын тартады. Бүкіл жылдың төрт маусымында қанғанша ұйықтайтын кездері өте аз болады. Адамдар түні бойы тыным таппайды, көкжалдар түнімен тыныш жатпайды, әрекеттенеді. Адамдар қатты қалжырайды, ал бөрілер ширайды. Олардың ылаңынан далалықтар күн мен түнді еріксіз ауыстырып, беймаза тіршілік кешіп, тамағын алаңсыз іше алмайды, дұрыстап ұйықтай алмайды. Бір отбасыдан соң басқа отбасының әйелдері ұрпақтан-ұрпаққа әбден титықтаумен келеді. Осы себепті, моңғол отауының бәйбішелерінің жартысынан көбі аурушаң болып, ұзақ өмір сүре алмайды. Дегенмен, біршама қайсар да қайратты, мойымайтын және төзімді әйелдер де жетіліп шығады. Дала қасқырлары тым өсімтал болады. Ал даланың халқы жан санының жылдан-жылға көбеюі керісінше едәуір қиын. Дегенмен, ежелгі Моңғолия сахарасында да адамдар санының орасан зор көбею себебінен кең көлемді тың жерді игеру, астық егу істері ешқашан болмаған. Осылайша даланың көкжалдары далалықтардың жан санын бірқалыпты дамуын және көбеюін бақылау астында ұстаған.
Қойлар – байтақ даладағы мал шаруашылығының негізі. Қойлар отарын баға отырып, жеуге ет, тон-шалбарға тері, от жағып жылынуға қи, екі адамдық еңбек ұпайын табуға болады. Сахараның байырғы көшпелі мал шаруашылығының негізгі тұрмысын қойлар қамтамасыз еткен. Алайда, қойшылардың жұмысы ерекше қызықсыз да бір сарынды, адамды қажытады, жұқартады және жіпсіз байлайды. Таңертеңнен кешке дейін шексіз де шетсіз жасыл алқапта немесе қарлы далада жалғыз адам қойлармен серік болады. Егер биікке шығып, алысқа көз салса, төңіректегі ондаған шақырым аралықта бір адамның қарасы көрінбейді. Әңгімелесуге адам табылмайды, кітапты да көңіл қойып оқи алмайды. Үнемі бөрілердің тұтқиыл шабуылынан алаңдап жүресің. Қой баққан Су Ву (б.з.д. 140-60 жж., ғұндарға елші ретінде жіберілген Хән патшалығының көрнекті дипломаты және мемлекеттік қайраткері, ғұн тәңріқұты тарапынан тұтқындалып, Солтүстік теңіз жақтағы елсіз жерде 19 жыл қой баққан) сияқты күнде-күнде құлазыған қурай шөбіндей жападан жалғыз, басқа амалы қалмаған күйде жүреді. Чен Чжен үнемі өзін қартайып жатқандай, тым қартайғанын, тіпті Су Вудан да кәрі болғанын сезінді. Иен дала мыңдаған жылдан бері титтей де өзгермеген: адамдар әлі де байырғы көшпенді малшылықпен шұғылданып, азық үшін қасқырлармен таласады. Сол талас-тартыс анағұрлым қиын-кескі, анағұрлым тең түседі екен. Чен Чжен өзін тентіреп жүріп, байтақ сахараға келіп, дұшпанына немесе көкжалдарға тап болған Бейжіңнің аумағындағы Шәндиң үңгірінің байырғы адамындай сезінеді. Егер сол күні таңертеңгі тұман арасынан қолында аса таяқ ұстаған Су Ву немесе жабайы аңдардың терісіне оранған питекантроп адамдар алдынан шыға келсе, ол ешбір шошымайтын еді. Бәлкім, олармен кездескен кезде өзара ым-ишарат арқылы тағы сол бөрілер туралы сөйлесер еді. Олұн даласында уақыт тасқа айналған сағатпен өлшенеді, минут пен секунд деген өлшемдер болмайды. Байтақ сахараның кескін-келбетін ұйытып қатырған, ұлы даланың ежелгі қалпын мәңгі сақтап тұрған не нәрсе? Шынымен тағы қасқырлар ма екен?
Қой бағудың Чен Чжен үшін бір пайдасы да бар. Кең далада жалғыз өзі жым-жырт ойға бататын уақыт тауып, қиялдар дүлділін көк аспанда емін-еркін самғатады. Ол Бейжіңнен әкелген екі үлкен сандық әйгілі туындылар, сондай-ақ Яң Кэнің бір сандық тарихи кітаптары мен тыйым салынған кітаптары оның қойдың күйсегені секілді сол кітаптарды шетінен оқып бойына асықпай сіңіруіне жетерлік еді. Кешке май шамның жарығында қойлармен бірге ерте заманнан қазіргі уақытқа дейінгі классикалық кітаптарға үңілді. Күндіз қойлар отарының шет жағында жайғасып, Қытай мен шет елдердің мәдениет жауһарларынан нәр алды. Кітаптардың ескі қағаздарын шүйгін де нәрлі көк майса шөпті күйсегендей қомағайлана ақырын қорытты, қайта-қайта толғанды. Күндіз қой баққан кезде, Чен Чжен уақытын көбінесе ойланып-толғанумен өткізеді. Кей кезде кітаптың бірнеше бетін шапшаң зуылдатып оқуға болады, бірақ төңіректе көкжалдың жоқтығына көз жеткенде ғана оқу керек. Сірә, шынымен Білге-ата айтқандай, кең даланы, моңғолдарды түсіну үшін бөрілерді түсіну қажет пе? Ғасырлар бойы байтақ даланың алғашқы қалпы сақталып, алға баспай тоқырауы, дала ұлттарының үлкен халыққа айнала алмауы да қасқырлармен тығыз байланысты болғаны ма? «Бәлкім, солай шығар» деп ойлады ол. Ең кемінде, көкжалдардың шабуылдары жайылымдарға жыл сайын есептеуге болатын және есептеуге келмейтін зияндар тигізіп, мал шаруашылығы мен адам ресурстарының бастапқы қорын өсіртпей, адамдар мен үй жануарларын бастан аяғына дейін қарапайым ұдайы өндірістің деңгейінде қалдырып келді. Олар алғашқы да бастапқы күйін сақтап, сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, әсіресе өнеркәсіпті дамыту үшін еңбек күштер және қазына күштерін бөлуге мүмкіндік бермеді. Бөрілерге қатысты мәселелер расында да аса кең және терең екен.... Алайда, қасқырды шынында түсіну аса қиын. Адам жарық жерде, көкжал тасада, қалтарыста тұрады. Олардың ұлығаны алыстан естіледі, жақыннан естілмейді. Бұл күндері Чен Чженнің көңілінде бұрыннан айналсоқтап жүрген сол ой-ниеті барған сайын күшейді: ол шынымен де бір бөлтірікті ұстап, киіз отаудың жанында оны күндіз-түні бағуды, кішкентайынан есейгенге дейінгі өмірін құмардан шыққанша көруді ойлады.
Ол бірнеше күн бұрын бір қозыны тістеп әкеткен өлекшінді және қай үңгірде жасырғаны белгісіз сол бөлтіріктерін тағы есіне алды.
Сол күні отардың маңайын шолған ол тыныштықты сезген соң, көгалды жерде шалқалап жатып, көк аспанда қалықтаған дала бүркітіне қадала қараған-ды. Кенет ол қойлардың білінер-білінбес дүр етіп үріккенін естіді. Ол апыл-ғұпыл басын отыра сала, бір үлкен бөрінің отардың ішіне басып кіргенін, бір қозыны желкесінен тістеп, сосын жотасына салғанын, басын қыңырайтып, қозыны арқалаған бойы сайдың ішімен қара тасты тауға қарай зытып, ғайып болды. Қозылар жайшылықта көп маңырайды. Дауыстары әрі ашық, әрі ащы. Бір қозының үркіп маңырауы әрдайым жүздеген қошақандар мен саулық қойлардың іле-шала тізбектеп маңырауын тудырып, бүкіл жайылымды дүрліктіреді. Дегенмен, қасқыр қозының желкесін мықтап тістеп, қылқындырып, дыбысын шығаруға мұрша бермейді. Қозыны ың-жыңсыз алқымдаған өлекшін көзден ғайып болды, ал қойлар бұрынғыша жым-жырт тұр. Олардың басым бөлігі не болғанын да білмейді. Тіпті сол қозының анасы да өз баласының жоғалғанын сезбеген болуы керек. Егер Чен Чженнің есту қабілеті мен сергек-сақтығы жоғары болмаса, ол да сол ақымақ саулық сияқты түстен кейін қозыларды аналарына қосып түгендеген сәтте ғана бір қозының жоғалғанын білер еді. Зәресі ұшқан Чен Чжен көпе-көрнеу бақырайтып қойып, көз алдындағы ақша әмиянын ұрлап кеткен баукеспе қарақшыға тап болғандай күй кешті.
Демін басып тынышталғаннан кейін ғана Чен Чжен атқа мініп, қозы әкетілген жерге барды және зерттеді. Сол қалың шөптің арасында бір шұңқырды байқады. Шұңқыр ішіндегі шөп түгел тегістеліп жапырылған екен. Әлбетте, әлгі өлекшін қойларға алыстан жер бауырлап жақындамаған. Олай болғанда, Чен Чжен де байқайтын еді. Шындығында, ертерек келген өлекшін білдірмей осы шұңқырды қазып, ішінде бұққан халде күтіп жатқан және қойлар шұңқырға жақындаған мезетте тұтқиылдан атылып шыққан. Чен Чжен күнге қарап, есептеп көрсе, бұл жыртқыш тұп-тура үш сағаттан астам уақыт жасырынып жатыпты. Осы мезгілде тек ұрғашы қасқырлар ғана қозыны тірідей ұстап әкетеді. Бұл – олардың бөлтіріктерге тірі жануарды қалай қолға түсіруді үйрететін тірі оқулығы, тірі реквизиті. Сондай-ақ, бұл – әлі көзін ашпаған һәм емшектен жаңа ғана шыққан бөлтіріктерге берілетін жұп-жұмсақ та қорытуға оңай ең мінсіз ет.
Чен Чжен тұла-бойындағы ашу-ызаны жасырды, бірақ ішінен тағы қуанды. Соңғы күндері Яң Кэ екеуі жиі-жиі қозы-қошақандарды жоғалтып жүрді. Екеуі де оларды лашын немесе бүркіт әкетті деп күманданатын. Бұл қанатты қарақшылардың іс-әрекеттері айрықша шапшаң. Олар адамды қапыда қалдырып, қырғидай бір құлдилаған халде қозыны бүріп іліп алып, көк аспанға әкетеді. Алайда, қозыны іліп әкететін бүркіттің биіктен құлап, жер бауырлай самғауы өте сұсты болғандықтан, шошыған қойлар отарының түгел дүрлігіп қашуын, азан-қазан маңырауын тудырады. Ал қойлардың жанында жүрген шопанның бұны байқамауы мүмкін емес. Яң Кэ екеуі бұл тылсым сырдың байыбына жете алмады. Тек Чен Чжен өлекшіннің қозыны ұстап қашу шеберлігін және шөппен көмкерілген осы шұңқырды өз көзімен көргенде ғана бұл сырды шешкендей болды. Әйтпесе, әлгі өлекшін олардың тағы талай қозысын әкетуді жалғастыратын еді.
Малшылар қаншалық есіне салып, ескертсе де, Чен Чжен бәрібір ағаттықтан аулақ бола алмады. Әскерлер тұрақты заң-қағидалардан маһрұм қалғанда, иен даланың көкжалдары жергілікті шарт-жағдайларға қарай әрекеттеніп, барша соғыс өнерін түгелдей қолданады. Бөрілерде бүркіттің қанаттары жоқ, бірақ сахараның нағыз қанатты қарақшылары нақ сол қасқырлар болып табылады. Олар бір-бірлеп ауызды ашқызып таңдандырады да, ой салып, ақыл үстейді де.
Чен Чжен ақырын ғана Эрлаң төбеттің мойнынан сипады. Ит азғантай да алғыс білдіретін рай танытпады, міз бақпай тұра берді.
Аспанда қар қалықтауда. Чен Чжен киіз үйге кіріп, Яң Кэ, Гао Цзянчжуң үшеуі қойлардың қатқан қиы жағылған темір пешті қоршай отырып, таңертеңгі шайды ішіп, етке қоса Касымай берген ірімшікті жеді. Осы орайды пайдаланған Чен Чжен анау екеуін өзімен бірге апан қазып, бөлтірік алуға үгіттей бастады. Ол өз дәлелін мейлінше еселі деп есептеді:
- Біз бұдан былай көкжалдармен айқасудан тысқары қала алмаймыз. Кішкене бөлтірікті бақсақ ғана бөрінің шын мінезін жете түсінуге, өзімізді де, өзгені де білуге болады, - деді ол.
Пештің үстінде ет қақтап жатқан Гао Цзянчжуң қысыла сөйледі:
- Бөлтірікті ұстау – ойнайтын ойыншық емес. Бірнеше күн бұрын Ламжаптар қасқырдың апанына түтін жібергенде, бір өлекшін атылып шығып, адамдармен айқасып, біреуінің қолын жұлып үзе жаздапты. Олар барлығы үш жылқышы мен бақташы, жеті-сегіз үлкен ит болып жабылып жүріп, орасан зор күш жұмсап, бір ұрғашы қасқырды әрең өлтірген. Көкжал апаны аса терең екен. Олар қатарынан екі күн кезектесіп қазып ғана бөлтіріктерді әрең шығарыпты. Қошақанын қорғаған қойлар адамды сүзеді, ал бөлтірігін қорғаған өлекшіндер адаммен алысып, жанын қиюға дейін барады. Бізде мылтық та жоқ. Темір күрек және қамшымен не бітіреміз? Апан қазу да жеңіл жұмыс емес. Алдыңғы жолы Санжыға апан қазуға көмектестім. Екі күн қазсақ та түбіне жете алмадық. Ең ақырында, от жағып, түтін жіберіп, апанның аузын бекітіп тындық. Кішкене бөлтіріктердің түтіннен тұншықтырып өлетінін кім білген? Санжы өлекшіннің түтінді бөгейтінін, сондай-ақ апанның ішінде желдететін жасырын қуыстың да болатынын айтты.... Бөлтіріктер жайғасқан апанды іздеп табу тіпті де қиын екен. Сен бөрілердің айласын әлі білмейсің бе? Малшылардың айтуынша, қасқырдың он апанының тоғызы бос тұрады, соның өзінде жиі орын ауыстырып жүреді. Малшылар апанды қазып, бөлтіріктерді сонша қиындықпен ұстағанда, біз қаза аламыз ба?
- Мен сенімен бірге барамын. Менің темір сойылым қолға епті. Ұшы да үшкір, қысқа найзаға ұқсайды. Өлекшінге кезіксек, екеуіміздің оған шамамыз жетпейді дегенге сенбеймін. Сондай-ақ бір қанжарды алып шығамыз, сонымен бірнеше рет ұрамыз. Біз солармен ұрғылап, түтін жақсақ та көкжалды қуып жібереміз. Егер бірер үлкен бөріні соғып өлтірсек, онда тіпті де абыройлы боламыз, - деді ақыры Яң Кэ Чен Чженге қуанған халде.
- Бөсіп кеттің ғой. Қасқырдың саған тиісуінен сыңар көзді мүгедек, тістеуінен иттің құтырғы ауруын, анығын айтсақ көкжалдың құтырғысын жұқтырып жүрмесін. Онда шыбын жаныңнан айрылғаның, - деп кекетіп сөйледі Гао Цзянчжуң.
- Шатақ жоқ, - деді Яң Кэ басын шайқап, - Менің жолым болғыш. Оқу орнындағы сонау төбелесте біздің топтағы бес адамның төртеуі жараланып, жалғыз мен сау қалғанмын. Кез келген істі істеуде «алдына қарап бөріден, артына қарап жолбарыстан қорқудың» (яғни, қай-қайдағының бәрін уайымдай берудің) қажеті жоқ. Қытайлардың бәрі сендей болғандықтан, көшпелі халықтардың Орталық жазықтыққа (Қытайға) баса-көктеп кіруіне, билеушіге айналуына жол беріп келген. Ламжап бізді шөп жейтін қойлар, ал өзін ет жейтін қасқыр деп айтады әрдайым. Егер біз өзіміз апаннан бөлтіріктерді қазып алсақ, оның бұдан кейін бізді қойларға теңегенін көрер едім. Бір көзімді бәстесіп берсем де, осы айтқаныма жетемін.
- Жарайды! Келістік пе? Алайда, сөзіңнен тағы айнып кетпе! - деді Чен Чжен.
Шай кесесін үстелдің үстінде төңкеріп қойған Яң Кэ дауыстап сөйледі:
- Ей, сен қашан барасың? Тез әрекеттену керек! Кешіксек, ферма басшылығы бізді көкжалдарды қоршауға жібереді. Мен де оларды бірлесіп қоршау айқасына қатысуды айрықша қалаймын.
- Онда тамақты ішіп болған соң барайық. Алдымен барлап қайтайық, - деді Чен Чжен орнынан тұрып.
- Қойыңдар. Ел сендердің орындарыңа қой бағып, қосымыз бір күндік еңбек ұпайынан құр қалады, - деді Гао Цзянчжуң ауызын сүрте.
- Алдыңғы жолы Чен Чжен екеуіміз айдап келген бір арба қарақұйрық ең әрі кеткенде бірнеше айдың жұмыс ұпайына есептеліп еді ғой. Тек ұсақ есептеседі екенсің! - деп арпылдады Яң Кэ.
Чен Чжен мен Яң Кэ тұлпарды ерттеп жатқанда, құла атпен шауып келген Баяр:
- Атам Чен Чженді үйге келсін дейді.
- Атамның келсін дегеніне қарағанда, сөзсіз шұғыл жұмыс бар сияқты, - деді Чен Чжен.
- Бөрілерді қоршаумен байланысты болуы мүмкін. Сен дереу барғын. Жол-жөнекей атадан бөлтірікті ұстап алудың өнері мен амалдарын сұрай кел, - деді Яң Кэ.
Чен Чжен лезде атқа мінді. Бойы аласа Баяр тегіс жерде атқа міне алмады. Яң Кэ оны ер-тоқымға көтеріп мінгестіруді ойлады. Балақай бой бермей, құла атты өгіз арбаның жанына өзі жетелеп, арбаның дәртесіне аяғын тіреген күйде үзеңгіні реттеп, атқа қарғып мінді. Екі тұлпар барынша ұша жөнелді.
8
Шығыс Хән патшасы Миңдидің заманында Вэншән аймағының батысындағы ақбөрі, бәнму.... секілді тайпалар шамамен 1,3 млн. астам түтін, 6 млн. астам адам өз еркімен ішкеріге (Шығыс Хән патшалығына) қараған. Олар үш шумақ өлең жазып, Шығыс Хән патшасына тарту еткен.... Жалпы аталуы «Ақ бөрінің жыры». Ақ бөрі билеушісінің.... басқа да игілікті ықпалдың арқасында жақсылыққа бет бұрып, адалдық жағына шығуы егжей-тегжейлі баяндалған.
Чжаң Чюәнси. «Қытайдың ежелгі заман тарихының тезистері», 1-бөлім.
Чен Чжен аттан түспей жатып, ақсақалдың отауынан аңқыған еттің қоп-қою иісі мұрнын жарды. Қой етінің иісіне ұқсамайды. Бұған таңданған Чен Чжен жалма-жан аттан түсіп, киіз үйге кірді. Білге-ата: «Ақырын. Ақырын жүр» деп асығыс дауыстады. Жалма-жан тұра қалған Чен Чжен шығыс, солтүстік, батыс жақтағы кілемдердің бәрі жиырыла жиналғанын байқады. Кең де үлкен текеметтің үстінен жылқының терісі төселген. Терінің үстінде кем дегенде қасқырға қойылатын жеті-сегіз болат қақпан үйіліп қойылыпты. Киіз үйдің ортасындағы пештің үстіндегі үлкен қазаннан ыстық бу мен күлімсі иіс бұрқырауда. Қазанның ішіндегі кілкіген сорпаның қап-қара майы сорғалап тұр. Бет-жүзіне күйе, шаң, тер жағылған Касымай пештегі отқа тезек салып жатыр. Оның бес жастағы кішкене қызы Чичиг (Шешек) бір төбе болған 60-70 шақты асықпен ойнап отыр. Бір шетте Бату қақпандарды сүртуде. Ол әлі үйде жарасын емдеп жүр. Бет-жүзінің терісі жаңадан жетілгені білінуде. Білгенің кемпірі Эчжі шешей де қақпандарды сүртіп жатыр. Чен Чжен ақсақалдың не қайнатып жатқанын білмей дал болды. Қасындағы нәрселерді сырғытқан қария жанынан орын босатып, Чен Чженді өзінің қасына отырғызды.
Чен Чжен қалжыңдап сұрады:
- Сіз не қайнатып жатырсыз? Қақпандарды пісіріп жейін деп жатырсыз ба? Тісіңіз мықты екен ғой.
- Жартысын таптың. Мен қақпандарды қайнатып жатырмын. Алайда, тістерім жарамайды. Қақпанның тістері мықты. Мына қақпанның болат тістерінің молдығын қарашы, - деп көздерін сықсита күлді Білге-ата.
- Қақпанды қайнатып қайтпексіз? - деп таңданып сұрады Чен Чжен.
- Көкжал ұстаймын. Сені сынап көрейін. Иіскеші, мынау қандай еттің иісі? - деді Білге-ата қазанды нұсқап тұрып.
Чен Чжен басын шайқады. Ақсақал пештің жанындағы бір тегене етті нұсқап айтты:
- Мынау жылқының еті. Батпақ жақтан әкелгенмін. Бір үлкен қазанда жылқы етін пісіріп, оның сорпасына қақпандарды қайнатамын. Бұны не үшін жасап жатқанымды білесің бе? Қақпандардың темір тоттың иісін жою үшін.
Түсіне қойған Чен Чженнің лезде қызығушылығы қозды:
- Жарайды. Осы жолы бөрі қақпанның ішіне түседі делік. Онда ол адамдарды жеңе алмайды.
Қария бурыл сақалын сипап қойып:
- Егер осылай ойласаң, қасқырға төтеп бере алмайсың. Оның мұрны иттің мұрнынан сезімтал. Титтей таттың және адамның иістері білінсе, бекер әуреленіп, еңбегің еш болады. Бір жолы мен қақпанды титтей де таттың да, адамның иісін де қалдырмай тап-таза етіп сүрткенмін. Сонда да оған көкжал түспей қойды. Мен бірталай уақыт ойланып-толғанғанда ғана сол күні қақпанды құрып болған соң, абайсызда жерге бір түкіргенім еске түсті. Түкірікті қармен қоса уысыма алып, әкетсем болған екен, бірақ «Ешнәрсе болмас» деп ойлаған мен оны аяғыммен басып, үстін қармен көміп тастап едім. Алайда, бөрі соны иіскеп біліп қойыпты.
- Қасқырдың мұрны да аса иісшіл екен, - деді таңырқаған Чен Чжен.
- Көкжалдарда ақыл бар. Оларды Тәңір жарылқайды. Тылсым күштер де қолдайды. Оларға тең келу қиын...., - деді ақсақал.
Чен Чжен тылсым күштер туралы тағы сұрамақшы болды. Қария еңкейіп қазаннан бір қақпанды алды. Өте үлкен, өте ауыр қақпанды үлкен қазанда бір-бірлеп ғана қыздыра алады екен. Чен Чжен ақсақалға таяқпен қақпанды сүзіп шығаруға, әбден майлы кенеп қаптың үстіне қоюға, сонан соң тағы бір қақпанды қазанға салуға жәрдемдесті.
- Кеше бір күн бойы үй-ішімізбен қақпандарды тазалап сүрттік. Мен алдымен оларды бір рет қайнатқанмын. Мынау екінші рет қайнатуым. Бұнымен жұмыс бітпейді. Сәлден соң қазының майына жақсылап малынған жылқының жалымен тағы екі рет сүрткеннен кейін ғана пайдалануға болады. Қақпанды құратын кезде қолғап кию керек. Үстіне жылқының құрғақ тезегі салынады. Бөрілерді соғу соғыс жүргізумен бірдей, ұқыпты да байсалды болмасаң іс өнбейді. Әйелдермен салыстырғанда да, Касымайдан да ұқыпты болған жөн, - деп күлді қария.
- Мен қайнатқан сүтті шайды тағы ішкің келгенін білемін. Менің қолым былғаныш, өзің қайната бер, - деді Касымай Чен Чженге қарап, ыдыс аяқ сөресін нұсқады.
Чен Чжен қуырылған күрішті жақтырмайтын. Касымай жасаған ірімшікті ең ұнататын. Ол төрт-бес ірімшікті кесеге салып, термосты тағы алып, сүтті шайды кесеге толтыра құйды.
- Әсілі атам Батуды ертіп, қақпан құрмақшы болған, бірақ оның бетімен далаға шығуға болмайды. Сондықтан, сендей қытайлық жігітті ертпекші, - деді Касымай.
- Қасқырға байланысты жұмыс болса, атам мені ұмытпайды. Солай ғой, ата? - деп күлді Чен Чжен.
- Балам, - деді ақсақал Чен Чженге қарап, - Байқасам, сен көкжалдарға қатты қызығыпсың. Мен қартайдым. Осы өнерімді саған үйретейін. Көбірек көңіл бөлсең ғана оларды ұстай аласың. Алайда, атаңның сөзін жадыңда сақтауың керек: Тәңір бөрілерді иен даланы қорғау үшін жіберген. Олар болмаса, даланың да қорғануы мүмкін емес. Қасқырларсыз моңғолдардың жандары аспанға да ұша алмайды.
Чен Чжен сұрады:
- Ата, көкжалдар байтақ даланың қорғаушысы екен, онда Сіз неге оларды өлтірмекшісіз? Естуімше, ферма басшылығының жиналысында Сіз де оларды жаппай соғуға келісіпсіз ғой.
- Бөрілер тым көбейсе киесінен айрылып, жын-періге айналады. Адамдар жын-періні өлтірсе, күнә болмайды. Егер жын-перілер төрт түлік малды қырғындап тауысса, адамдар да тіршілік ете алмайды. Онда иен даланы да аман сақтап қала алмаймыз. Тәңір біз моңғолдарды да сахараны қорғау үшін жіберген. Кең дала болмаса, моңғолдар да болмас. Моңғолдар болмаса, дала да болмас, - деді қария.
Жүрегі шымыр ете қалған Чен Чжен қазбалай сұрады:
- Қасқырлар мен моңғолдардың бәрі даланың күзетшілері дедіңіз бе?
Кенеттен ақсақалдың жанарынан сақтану мен бөтендік білінді. Ол Чен Чженнің көздеріне тігіле қарап сөйледі:
- Дұрыс.... Алайда, сендер.... Сендер, қытайлар бұл ақиқатты түсінбейсіңдер.
- Ата, менің ұлы қытайлық шовинизмге ең қарсы екенімді білесіз ғой. Сондай-ақ, Гуәннейдің (Ішкі Қытайдың) егінші диқандарының кең далаға келіп, тың игеріп, егін егуін де құптамаймын, - деді сәл абыржыған Чен Чжен.
Қарияның бетіндегі әжімдер біртіндеп тарады. Ол бір жағынан жылқының жалымен қақпанды сүртуде, бір жағынан сөйлеуде:
- Осынша аз моңғолдардың мынадай кең сахараны сақтап қалуы қиын-ақ. Көкжалдарды соқпаса, моңғолдар азайып кетеді. Бөрілерді тым көп соқса – моңғолдар тіпті де азаяды....
Ақсақалдың сөзінде бірден түсінуге келмейтін сырлы ақиқат жасырынғандай көрінді. Чен Чжен біршама күдіктенген халде одан әрі сұрақ қоюдан кідіріп қалды.
Барша қақпандар жөнделді.
- Менімен бірге қақпандарды қоюға шық. Оларды қалай құратынымды жақсылап көріп ал, - деді қария Чен Чженге.
Ақсақал брезент қолғап киіп, тағы бір жұп қолғапты Чен Чженге берді. Содан кейін орнынан тұрған ол бір қақпанды алды және отаудың сыртындағы дөңгелектері темір жеңіл ат арбаға апарды. Арбаның үстіне жылқы қазысының майына малынған ескі кілем төселді. Чен Чжен мен Баяр да қақпандарды тасымалдай бастады. Болат қақпандар отаудан шығарылған сәтте үстіндегі жылқының майы дереу жалтыраған бір қабат жұп-жұқа қатпар болып қатып, темірі көрінбей қалды. Қақпандардың бәрі арбаға тиелгеннен кейін, қария киіз үйдің жанынан алған жылқының бір қап құрғақ тезегін салды. Барлық әзірлік біткенде, үшеуі атқа қонды. Касымай бірнеше қадам ілесе шығып, Чен Чженге дауыстап ескертті:
- Чен Чжен, қақпан құрғанда міндетті түрде абай бол. Байқамасаң, қақпан білегіңді үзіп жібереді.
Оның бұл айғайы баласы Баярға ескерту ретінде айтылған секілді.
Қақпандарды көргеннен саятшылық қасиеті қозған Барс пен бірнеше төбет те бірге ілеспекші болды. Бату жалма-жан Барстың желке жүнінен ұстай қалды. Касымай да иіліп, бір төбетті ұстай кетті. Білге-ата иттерге зекіп, оларды артқа қайтарды және арбаға жегілген тұлпарды жетеледі. Үш адам төрт атпен батпақты жерге қарай желе жортты.
Бұлттар әлі де шөгіп, таудың басын шымқап алды. Әуеде жұқа да жеңіл қардың ұшқындары қалықтауда. Қар қылауы құрғақ та шашыраңқы. Қария жауған қарға қарсы біраз жүрген соң, бет-жүзі сулана бастады. Ол қолғабын шешіп, қолына алған бір уыс қармен бетін сүртіп айтты:
- Бұл күндері қарбаластықтан бет жууды да ұмыттық. Бетті қармен жуған сергітеді екен. Пештің жанында ұзақ отырғаннан бетіме темекі мен түтіннің иісі сіңіпті. Қармен жуғанда түтіннің иісін кетіруге, жұмыс істеуге де қолайлы.
Чен Чжен де ақсақалға еліктеп, бет-жүзін қармен жуды. Тонының жеңін тағы иіскеп еді, азырақ қойдың құмалағы мен түтіннің иісі бар екен. Алайда, осының өзі бірнеше адамның жапалы еңбегін еш кетіруі мүмкін еді.
- Үстіміздегі түтіннің иісі кесірін тигізуі мүмкін бе? - деп сұрады Чен Чжен қариядан.
- Ештеңе етпейді. Жол жүрсек, түтіннің иісі тарап кетеді. Есіңде сақта, онда барғанда шапан-шалбарың қатқан жылқы етіне тиіп кетуден абай бол, - деді ақсақал.
- Қасқырмен күресу расында қиын екен. Кеше көкжалдар мен иттер түнімен айтысты. Төтенше сұрапыл керілдескені соншалық, түнде жөнді ұйықтай алмадым, - деді Чен Чжен.
- Кең дала сендердің Қытайдың ішкі өлкелеріне ұқсамайды. Ішкі өлкелердің қытайлары түні бойы тыныш ұйықтайды. Иен дала – шайқас майданы, ал моңғолдар – туылғаннан шайқасқа жаралған жауынгерлер. Тыныш ұйықтауды ойлаған кісілер жақсы жауынгер болмайды. Саған жамбасың жерге тиісімен ұйықтауды, иттер үргенде бірден оянуды үйрену керек. Бөрілер ұйықтағанда екі құлағы тік тұрады, қыбыр-сыбыр естілген сәтте тұра жөнеледі. Қасқырларды жеңу үшін олардың осы сергектігін игермей болмайды. Атаң дәл осы кәрі көкжалдың өзі. Жеуді, аң аулауды, ұйықтауды білемін, бір орам темекіні тартатын мезетте бір мызғып аламын. Олұн даласының бөрілері мені өлердей жек көреді. Мен өлсем, олар даусыз менің сүйек-саяғымды қалдырмай кеміріп, ешнәрсені қалдырмастан жейтін шығар. Мен Тәңірдің дәргейіне бәрінен де жылдам жететін шығармын. Хэ-хэ..., - деп кеңкілдеп күлді қария.
- Біз, зиялы жастардың арасында нерв жүйкесінің жұқару ауруына шалдыққандар барған сайын көбеюде. Бір оқушы қыз әлдеқашан науқастанып, Бейжіңге қайтты. Осылай кете берсе, бірнеше жылдан соң мына біз зиялы жастардың жартысын қасқырлар ішкі өлкелерге қуып жіберетін сияқты. Мен өлсем, денемді оларға жегіздірмей, отта өртегенге қуанармын, - деді Чен Чжен бір жағынан есінеп, бір жағынан сөйлеп.
Ақсақал күлкісін тия алмай:
- Ха-ха.... Сендер қытайлар аса ысырапшыл, әуре-әбігерліктерің тым көп халықсыңдар. Адам өлгенде өте көп ағаштан жасалатын табыт аласыңдар. Сол ағаштан қаншама өгіз арба жасауға болар еді.
- Мен өлгенде табыт алмай, денемді өртесеңдер болды, - деді Чен Чжен.
- Оған да қыруар отынды жағу қажет ғой, - деді қария күліп, - Ысырап. Төгіп-шашу. Біз моңғолдар үнемшілдікпен іс жасаймыз. Өлген адамды өгіз арбаға жатқызып, шығысқа қарай жүреміз. Өлік қай жерде арбадан құлап түссе, сол жерде көкжалдардың жегенін күтеді.
- Алайда, ата, бөрілерге адамның жанын Тәңірге әкеткізуден бөлек, бұл іс-шара ағаштарды үнемдеу үшін жасалады емес пе? Өйткені сахарада жуан ағаштар жоқ, - деді Чен Чжен де күліп.
- Ағаш үнемдеуден басқа, бәрінен маңыздысы «жеген етін қайтарып беру» үшін, - деп жауап берді ақсақал.
Жеген етін қайтару?! Чен Чжен бұны тұңғыш рет естігендіктен, әп-сәтте аңтарылып қалды. «Жеген етті қайтару дегеніңіз не?» деп жалма-жан сұрады.
- Даланың адамдары өмір бойы ет жеп, қыруар жануарларды өлтіріп, күнәға батады. Адам қайтыс болғаннан кейін өзінің етін Ұлы далаға қайтарады. Сонда ғана әділеттік орнап, рухы мен жаны азаптанбайды. Сондай-ақ Тәңірдің дәргейіне көтеріледі, - деді қария.
- Рас, мынау әділдік екен. Егер қасқырлар мені Бейжіңге қайта қуып жібермесе, онда кейін өз мәйітімді оларға жегізетін шығармын. Бір топ көкжал бір адамды тамақ қайнатым уақытқа жеткізбей жеп тауысады. Бөрілердің жегені, бәлкім, отқа өртегеннен де тез болады, - деді Чен Чжен күліп.
Қария жайраңдады. Соның ізінше шырайынан тағы алаңдаушылық байқалды:
- Бұрын Олұн даласында қытайлар болмайтын. Бүкіл жайылымдағы 130-140 түтін, 700-800 адамның бәрі моңғолдар еді. «Мәдениет төңкерісі» шығып, сендер бейжіңдік зиялы жастардан 100 астам адам келдіңдер. Осы жолы тағы қыруар әскери қызметкерлер, машина жүргізушілер, арбакештер, құрылысшылар келді. Олардың бәрі қасқырға өш. Бәріне оның терісі ғана қажет. Бұдан кейін оларды атып, қырып-жойып тауысса, өлігіңді жейтін көкжал да қалмайды.
Чен Чжен де жадыраған халде:
- Ата, алаңдамай-ақ қойыңыз. Бұдан кейін болатын соғыста атом бомбасы тасталып, адамдар мен бөрілер бірге қырылады, ешкім ешкімді жемейді.
- Атом.... Атом бомбасы деген қандай бомба? - деп сұрады қолымен ауада шеңбер сызған ақсақал.
Чен Чжен қанша сөйлеп, ишаратпен көрсетсе де, қарияға түсіндіре алмады....
Батпақты жердің ең солтүстік жиегіндегі бірнеше жылқының өлігі жатқан жерге жақындағанда Білге-ата аттың тізгінін тартты. Баярға дәртедегі аттарға қарау, арбаны тоқтатып, күте тұру бұйырылды. Сосын қария екі қақпан, кішкене қайла, жылқының құрғақ тезегі салынған дағар және басқа да құралдарды алып, Чен Чженді ілестіріп өлген аттарға қарай аяңдады. Ақсақал мінген атын бірде тоқтатып, бірде жүргізіп, жан-жағына қадала қарады. Өлген бірнеше жылқы міз бақпай жатыр. Жұп-жұқа жаңа қардың астынан олардың денесіндегі ойылған жерлер күңгірттеніп көрінуде. Сондай-ақ, өліктердің жанында жыртқыштардың табан іздері жатыр. «Қасқырлар тобы тағы келген бе?» деп тақатсыздана сұрады Чен Чжен.
Қария жауап бермеді, үздіксіз айналасына үңіле қарады. Ол бірнеше жылқының өлігін қарап шыққаннан кейін ғана тіл қатты:
- Көкжалдардың үлкен тобы әлі келмепті. Үлжінің болжамы расында дәл екен. Олар әлі де шекаралық тас жолдың солтүстік жағында жүр. Бөрілердің бұл тобы шынымен сабырлы екен.
- Ата, мына іздер қалай болған? - деп қардағы іздерді нұсқады Чен Чжен.
- Мұның жартысынан көбі түлкінің іздері, сондай-ақ бір өлекшін қасқырдың ізі де бар екен. Мына аумақта бөлтіріктерін ерткен кейбір өлекшіндер балаларын қорғап, жеке-дара аңға шығады, - деді ақсақал.
Біраз ойланғаннан кейін ол:
- Әуелде мен көкжалдар тобының ішіндегі бас арлан мен ірі бөрілерді ұстауды ойлағанмын, бірақ бұл жолы мына түлкілердің кесірінен оларды ұстау оңайға түспейтін көрінеді.
- Сонда біздікі бекер әурешілік болды ма?
- Зая кетті деп есептеуге болмайды. Біздің басты міндетіміз – қасқырлар тобын адастыру. Адамдар қақпандарды құрды, яғни қоршап жоюға уақыттары жоқ деп санайтын болады олар. Сол себепті, айласын өзгертіп, қырылған жылқылардың етін жеуге келеді. Көкжалдар тобы келсе болғаны, біз оларды қоршауға аламыз.
- Ата, қақпанмен үлкен бөріні ұстаудың тәсілі бар ма? - деп сұрады Чен Чжен.
- Неге болмасын. Біз әкелген қақпандардың бәрін нығыздап құрып қояйық. Арнайы қасқырлар басса шабатын, түлкілер басса шаппайтындай етсек болғаны, - деді қария.
Ақсақал салт атты тағы екі рет айналып шығып, бір жылқы өлігінің қасында бірінші қақпанды құратын орынды таңдады. Чен Чжен аттан асығыс-үсігіс түсіп, сол жердің қарын күреп тазартты. Қария жүресінен отырып, кішкене қайламен аса қалың болап қатпаған жерде диаметрі шамамен 40 см, тереңдігі 15 см жерді дөңгелектеп қазып, оның ішінен тағы бір кішкене шұңқыр қазды. Сонан соң жылқы қазысымен молынан майланған қолғабын киіп, болат қақпанды шұңқырға қойып, екі аяғымен қақпанның екі жағындағы зор қысқыштардың серіппесін нығыздап басып, оның аспанға қарай нығыз жабылатын қандауырын бүкіл пәрменімен айыра ашты. Араны болат тістерге толған қандауыр жерге ақыры жабыстыра орнатылды, аяусыз қапсыратын дөңгелек аран әзірленді. Онан кестенің кергішіндей дөңгеленген тоқымшаны ортадағы кішкене шұңқыр мен қақпанның аралығына абайлап қойып, қақпанның шетіндегі кішкене темір тиекті қақпанның қанатын бастыра тоқымшаның тесігінен өткізіп тиектеп бекітті.
Ақсақалдың осы бір қатерлі, әуресі көп әрекетіне елегізе қарап тұрған Чен Чжен егер оқыстан кездейсоқ ағаттық жасалса, қақпанның қолды қиып жібереді ме екен деп тықыршыды. Қария аяғын көтеріп, маңдайын қара тер басқан күйде қардың үстіне жүресінен отырып, ентігін басты. Сосын тонның жеңімен маңдайындағы терін абайлап сүртті. Онысы - тердің өлген аттың денесіне тамуынан сақтанғаны еді. Ақсақал Чен Чженді алғаш рет қақпан құруға ертіп шыққан-ды. Чен Чжен көкжалдың қақпанға қалай түсетінін әйтеуір жалпы түсініп алды. Бөрінің аяғы аспақтап қойылған тоқыма матаны басқан мезетте, әлгі мата шөгіп, ілмектеп байланған кішкене темір тиек ағытылады. Сол кезде тоқымшаның тесігінен сырғып шыққан қақпанның серпері тосаттан ондаған килограмдық күшпен серпілген халде қасқырдың аяғын аямай қапсырып, сүйегін сындырады, тарамысына шаншылады. Көкжалдардың қақпаннан осыншама қорқатыны тегін емес! Бұл қару шынымен-ақ керемет болатын. Егер бөрілер қақпанның темір дыбысынан қорықпаса, онда Чен Чжен олардың шебіне алғашқы рет ағат кіргенде-ақ мерт болуы мүмкін еді.
Енді қақпанды жасыру және бүркеп қою қалған еді. Осы жұмыстың ретін де титтей ағаттық жіберуге болмайтын.
- Мына қақпанды қарға көмуге болмайды. Қар тым ауыр болса, тоқымшаны төмен басады. Сондай-ақ, күн шығып, қар ерігенде, қақпанның іші қатып қалып, ешнәрсені қапсырмайтын болады. Қақпан ашылмай қалады. Маған жылқының құрғақ тезегін берші, - деді Білге-ата тыныққаннан кейін.
Ақсақал дорбаны алған бір уыс құрғақ тезекті бір жағынан уқалап, екінші жағынан қақпан мен тоқымшаның үстіне біркелкі септі. Әрі құрғақ, әрі жеңіл тезек ақырындап қақпанның үлкен араны мен тістерін бүркеп қалды. Сол сәтте, тоқымша бұрынғыдай керіліп, қақпанның іші тоң болып қату қорқынышы болмады. Одан соң қария қақпанның үстіндегі шынжырды өлген жылқының сүйек қаңқасына жасырып қойғаннан кейін ғана қақпанды қармен жабуға болатынын айтты. Ол Чен Чженге қақпанның серпері мен шынжырын қармен жақсылап көму жөнінде нұсқау берді. Жылқының тезегі тағы да қармен абайлап көмкерілді. Ең соңында сол қар қойдың жыртық терісімен ептеп тегістеліп, төңірегіндегі қармен бірдей мүлтіксіз тегістелді.
Ұсақ қар әлі ұшқындап жауып жатыр. Біраздан соң қарлы жердегі барлық іздер көрінбей қалды.
- Мына қақпандар неге қасқырларды ғана шауып, түлкілерді алмайды? - деп сұрады Чен Чжен.
- Мен темір тиекті тереңірек жерге қададым. Түлкі жеңіл, басқанда ағытылмайды. Көкжалдың денесі ауыр болғандықтан, бір басқанда-ақ қапсыра қояды, - деді ақсақал.
Төңірекке көз тастаған қария аралықты тағы адымдам өлшеді.
- Мына қақпанды сен құра ғой. Мен қарап тұрамын, сен орнатқын, - деді ол шамамен екі адым басқаннан кейінгі жерде қақпан қоятын тұсты тағы таңдап.
- Екі қақпанның аралығы неге мұнша жақын? - деп сұрады Чен Чжен.
- Сен білмейсің. Кейбір бөрілер өзін де аямайды. Егер қақпан олардың аяғын қапсырып алса, сүйегі мен сіңірін қосқандағы бүкіл аяғын тістеп үзіп, үш аяғымен ақсаңдап қашып кетеді. Мен ондайларға екі қақпанды құрған жағдайда, бір аяғы қақпанға түскенде, ауырғанға шыдамай, барша күшімен шынжырды өзіне тартып сүйрейді. Содан айналшақтап жүріп, абайсызда артқы сирағымен екінші қақпанды басады. Мына жерге дейін шынжырдың ұзындығы дәл жетеді екен. Егер қасқырдың алдыңғы және артқы екі аяғы қақпанға бірдей түссе, ол қапсырылған екі аяғын үзіп жіберген күнде де қалған екі аяғымен қайда қашады? - деп түсіндірді ақсақал.
Жүрегі кенеттен түршіккен Чен Чженнің басы шымырлап, шаштары тік тұрды. Сахарадағы адам мен көкжалдың арасындағы соғыс расында да айрықша рақымсыз екен. Адам мен бөрі жауыздыққа жауыздықпен, қатыгездікке қатыгездікпен, айлакерлікке айлакерлікпен қарсылық көрсетеді екен. Егер осылайша өзара жек көріп, өш алатын болса, «жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» дегендей бөрілерге жақындағандар да табиғи түрде қатыгезденгеннен бастап мейірімсіз де қайырымсыз тас жүрекке айналады ма, қалай? Чен Чжен қасқырлардың жауыздығын жек көрсе де, оған өз қолымен айлакерлік һәм қаскүнемдікпен қақпан құрғалы жатқан кезде, қолдары сәл-пәл еріксіз дірілдеді. Бұл тұзақ аса жасырылып құрылды. Ол төтенше баурау сипатына ие семіз жылқы өлігінің алдында құрылды. Тек аттың еті, майы, тезектің иісінен басқа ешбір адамның және тоттың иістері жоқ-тын. Чен Чжен айлалы көкжалдың да алданатынына, басқан қақпаны аяғын шауып, сүйегін үзетініне, кейін адамдар оның терісін сыдыратынына, өлігі жапан далада тасталатынына кәміл сенді. Оның үстіне, бұл тек үлкен тұзақтың ішіндегі бір кішкене тұзақ болатын. Аталмыш ірі тұзақ аулайтын олжа бірнеше бөрімен шектелмейтін-ді. Ол Чжоу, Цин, Хән, Таң, Суң, Миң патшалықтарының сансыз қытайлық қосындары шырғаланып, байтақ даланың алыс түкпіріне жетектеліп, әбден мұқият жоспарланған, ешбір мінсіз де кінәратсыз алдын-ала жайғастырылған тұзаққа түсіп, бүкіл армиясы толығымен қырып-жойылған шайқас мысалдарды еске алды. Ежелгі заманда даланың атты әскерлері шынымен де озық мемлекеттерді қара күшке ғана сүйеніп жеңбеді. Дала халықтары даланың нағыз қорғаушылары болды. Олар қасқырлардан үйренген әскери қабілет пен парасат арқылы иен даланы мығым қорғап, қытайлық қосындардың соңынан ілесіп жүрген темір саймандар мен от құралдарының, кетпен мен соқаның сахараға жасаған шабуылына төтеп берген. Ақсақалдың айтқан сөзінде титтей де қате жоқ. Чен Чженнің қолы әлі де дірілдей түсті.
- Көңілің босады ма? Ұлы дала әрқашан да соғыс майданы болғанын ұмытпа. Қанды көрмеген адам – жауынгер емес. Көкжалдар айла-шарғысын қолданып, жылқылардың үлкен үйірін қынадай қырғанына жүрегің ауырмайды ма? Адамдар залымдығын қолданбаса, бөрілермен күресе алады ма? - деді қария кеңкілдеп күліп.
Чен Чжен жүрегін орнықтырып, дем-тынысын сабырға келтіріп, жүрегі қылпылдаса да, қолдары батылдана қар тазалап, шұңқыр қазды. Қақпан құратын мезет жеткенде, оның қолдары тағы азырақ дірілдеді. Бұл жолы абайсызда саусақтарын қыршып алудан қорықты. Қанша айтқанмен, бұл оның тұңғыш рет қақпанды құруы ғой. Ақсақал бір жағынан қақпан құруды үйретті, бір жағынан жуан қамшысын қақпанның аранына тықты. Қақпан жабылып қалса да, алдымен қамшыны қапсырады, ал Чен Чженнің қолын қыспайды. Чен Чжен тұла-бойының қызғанын, қарияның қамқорына ие болғанын сезді. Қолдарының дірілі доғарылып, ғұмырындағы бірінші қақпанды сәтті орнатып қойды. Чен Чжен терін сүрткен кезде, ақсақалдың өзінен бетер терлегенін байқады.
- Балам, - деді қария рақаттана тыныс алып, - Сенің тағы бір қақпанды құрғаныңды көрейін. Үшіншісін сен өзің құр. Қарасам, істей алады екенсің.
Чен Чжен басын изеді. Ол ақсақалмен бірге арбаға оралып, екі қақпан әкелді және төрт жылқы өлігінің жанына мұқият һәм зейін сала құрды. Қалған төрт қақпанды әрқайсысы екеуден бөлек-бөлек құрып шықты. Қария Баярды Чен Чженге көмекке жіберді.
Ымырт түсейін деді. Күн әлі ашылған жоқ. Білге-ата Чен Чженнің құрған қақпандарын егжей-тегжейлі тексеріп, күлімсіреп айтты:
- Шынымен көрінбейді екен. Егер мен кәрі қасқыр болсам, сенің қақпаныңа түседі екенмін.
Ақсақал Чен Чженге тағы тесіле қарап, сауал қойды: «Уақыт кеш болды. Енді біз не істеуіміз керек?».
- Ізімізді сыпыру қажет шығар. Сондай-ақ, әкелген құрал-саймандарды түгендеу керек. Біреуін де қалдырмаған жөн, - деді Чен Чжен сәл ойланғаннан кейін.
- Сен де бәрін үйреніпсің, - деді риза болған қария.
Үшеуі қақпан құрған жердің ең солтүстік шетінен ақырындап сыпыра жүріп, қақпандарды абайлап тексеріп, арбаның тұсына келгенде ғана тоқтады. Чен Чжен бір жағынан саймандарды жинады, бір жағынан сұрады:
- Ата, бұнша көп қақпанмен қанша көкжалды ұстауға болады?
- Аң аулағанда қанша аң аласың деп сұрауға болмайды. Белгілі бір санын айтсаң – біреуін де ұстай алмайсың. Адам көз алдындағы жұмысын тындырып істесе, кейінгі істер Тәңірдің бұйрығымен болады, - деді ақсақал.
Үшеуі атқа мініп, арбаны жетелеп кері қайтты.
- Ертең таңертең келіп, бөрілерді жинаймыз ба? - деп сұрады Чен Чжен.
- Түссін-түспесін, оларды жинауға келуге болмайды. Алдымен оларды қасқырлар тобы көруі керек. Олар адамдардың көкжалды жинамағанын көрсе, күдіктері күшейіп, өлген аттарды қоршайды, айналып шолады. Ферма басшылығының тапсырған міндеті бірнеше бөріні ұстау емес, қайта оларды тобымен шырғалап әкелу. Егер қасқырлар қақпанға түспесе, бізге күтуге тура келеді. Ертең келмей-ақ ғой, мен алыстан келіп барлайын, - деді қария.
Үшеуі бейқам үйлеріне қайтты. Әлгі апаннан бөлтірікті алу жоспары есіне түскен Чен Чжен ақсақалдан апанды қазу техникасы бойынша ақыл сұрамақшы болды. Дегенмен, бөлтірікті қазып алу – сахарадағы қатерлі де қиын, айрықша күшті ептілікті қажет ететін аң аулаудың түрі, сондай-ақ дала халықтарының көкжалдардың тым көбеюін тежейтін ең басты әдісі. Бір апанда 7-8, тіпті ондаған бөлтірік өсіп-өнеді. Олұн сахарасында бөрілер жейтін азық мол, бөлтіріктердің қатарға қосылу дәрежесі де айрықша жоғары болады. Көктемде бір апанның бөлтіріктерін алу бір топ қасқырды жоюға тең келеді. Көкжалдар бөлтіріктерін қорғау үшін ең жоғарғы ақыл-парасаты мен өздеріне тән барша жыртқыш та жанкешті ерекше қабілеттерін қолданады. Чен Чжен бөлтірік алудың бірталай үрейлі де салымды (табысты) хикаяларын естіген. Ол да бұған әлдеқашан іштей дайындалған-ды. Екі көктем өтті, бүкіл фермадағы 100 астам зиялы жастың арасынан бірде-біреуі жеке өзі апаннан бөлтірік алып көрмеген. Чен Чжен өзі апандағы бірер бөлтірікті алуды қиялдамады. Тек орайы түскенде алдымен Білге-атамен бірге бірнеше рет апан қазу өнерін үйренбекші болды. Алайда, аттардың қырылу оқиғасынан кейін қарияның бөлтірік ұстауға қолы тимеді. Чен Чжен ақсақалдың өз тәжірибесімен ғана бөлісуін, үйретуін өтінді.
- Ата, бірнеше күн бұрын қой бағып жүргенде, бір құртқа менің көз алдымда қозыны тірідей солтүстік-шығыс жақтағы Қаражартас тауына әкетті. Сол жерде сөзсіз бөрінің апаны, ал оның ішінде бөлтіріктер бар деп ойлаймын. Мен ертең таң сәріде сол жерге барып, апан іздемекшімін. Әсілі, Сіз бізді бастап барсаңыз деп ойлап едім...., - деді Чен Чжен.
- Ертең мен бара алмаймын. Бұл жақтағы жұмыс маңыздылау. Сондай-ақ ферма басшылығы менен хабар күтуде, - деп ақсақал оның өзіне сұрақ қойды: «Құртқа расында да Қаражартас тауына қарай кетті ме?
- Иә, - деді Чен Чжен.
- Сол жолы сен салт атты қуып барып па едің? - деп сұрады қария сақалын сипап.
- Жоқ. Ол тым жылдам қашты. Қуалауға үлгермедім, - деді Чен Чжен.
- Оның жақсы болған екен. Әйтпесе, сол құртқа сені алдап кететін еді. Соңынан біреу түскен қасқыр тікесінен өз апанына бармайды, - деді ақсақал. Қария азғана ойланды да, сөзін жалғастырды:
- Бұл құртқа нағыз айлакер екен. Былтыр көктемнің басында отрядтың өкілдері сол жердегі үш апаннан бөлтіріктерді қазып алған. Биыл ешкім де онда бөлтірік қазуға барған емес. Құртқаның сол жерге барып, бөлтірік туатыны ешкімнің ойына келмепті. Онда сен ертең тезірек барып, іздеп көр. Бірнеше адам болып барыңдар, көп иттерді де ертіңдер. Міндетті түрде бірнеше батыл да тәжірибелі малшымен бірге барыңдар. Сендер екеуің өздерің мүлде барушы болмаңдар. Аса қатерлі.
- Апанды қазуда ең қиыны не? - деп сұрады Чен Чжен.
- Апан қазудың машақаты өте көп, - деді ақсақал, - Ал сол апанды табу тіпті де қиын жұмыс. Мен саған бір амалын айтайын. Апанды бірден таба алатын боласың. Ертең таң атпастан тұрып, Қаражартас тауының астындағы биігірек төбеге шығып, етпеттеп жатып ал. Таң атуға жақындаған уақытта дүрбімен абайлап жан-жағыңа қарағын. Бұл кезде түнімен сыртта жортқан құртқалар бөлтіріктерін емізу үшін апандарына қайтады. Егер олардың қай жерге беттегенін көрсең, сол жақта апанның болатыны сөзсіз. Зейін сала іздеуің керек. Жақсы иттермен айналдыра іздесең, апандардың жартысынан көбісін табасың. Дегенмен, тапқан күнде де ішіндегі бөлтіріктерді шығару қиынның қиыны. Ең қорқыныштысы, апанның ішінде құртқа отыруы мүмкін. Сендер міндетті түрде абайлаңдар.
Қарияның жанарына бірден мұң кіріп:
- Көкжалдар тобы мына бір үлкен жылқы үйірін жайратпаған болса, сендерді бөлтірік алуға жібермейтін едім. Бөлтіріктерді қазып шығару – Олұн даласындағы қарттардың жүзеге асыруды ең қаламайтын ісі...., - деді.
Чен Чжен де онан әрі сұрақ қоюға батылы жетпеді. Ақсақал әсілі осы реткі кең көлемді бөлтіріктерді қазып алу әрекетіне наразы болғандықтан, Чен Чжен тағы сұрай берсе, қария оған баруға тыйым салады ма екен деп қорықты. Дегенмен, бөлтірік қазып алу ғылымы аса сырлы еді. Оның бөлтірік алудағы мақсаты: бір бөлтірікті бағу болатын. Егер уақыттың әрбір минутын пайдаланбаса, бөлтіріктер сүт емуден шығып, көздерін ашса, онда бағу қиын болады. Бөлтірік жарық дүниені әлі көре қоймаған, дұшпан мен досты ажырата қоймаған кезде қазып алу, оны бөрілердің әлемінен адамдардың ортасына ауыстыру қажет. Чен Чжен тағылығы ең күшті бөлтірікті бағу торғайды асыраудан қиын болар ма екен деп қорықты. Кішкене кезінен жануарларды ұнататын Чен Чжен бала кезінде талай рет торғайларды ұстаған және баққан-ды. Алайда, торғайдың ызақор да күйгелек мінезі бар: тордың ішінде көзін жұмып алып, ешнәрсе жемей-ішпей, аштан өлуге дейін барады. Ал бөлтірікті ұстау торғайды ұстағандай оңай емес. Егер тәуекел етіп, талай күш шығарып қолға түсірген бөлтірік бағуға келмей, бірнеше күннен кейін өліп қалса, онда еңбектің еш кеткені. Чен Чжен бөлтірік ұстаудың мән-жайын Батудан жақсылап сұрамақшы болды. Ол – бүкіл фермаға танымал қасқыр соғудың майталманы. Бірнеше күннің алдында көкжалдар тобынан зор зияндық татып, ыза болып жүргенде, бөлтірік ұстау тәлімін содан алу әбден қисынды.
Ақсақалдың отауына қайтқанда әбден қараңғы түсті. Отауға кіргенде әдемі кілемдер әуелгі жағдайды қалпына келтіріп, қойдың майымен жанатын үш білтелі шам кең киіз үйдің ішін жап-жарық қылып тұр. Аласа төртбұрышты үстелде қазаннан жаңа ғана шығарылған үлкен екі табақ қойдың қанды қарны мен майлы ішегі тұр. Қойдың қарны, майлы ішек пен қазанда піскен ет бұрқыраған ыстық бу мен жұпар иісті таратуда. Бір күн қарбалас жүрген үшеуінің қарны шұрқырай бастады. Чен Чжен үлбір тонын жалма-жан шешіп, дастарханның жанына отыра қалды. Касымай ет салынған табақты ортаға қойып, Чен Чжен ең жақсы көретін қойдың тоқ ішегін оның алдына бұрды. Тағы бір етті табақты ұсынып, қария ең ұнатып жейтін қойдың арқа омыртқасын оның алдына қойды. Содан соң Бейжіңнің қою «цзяң’ю» (ас дәмдегіш соус) және даланың саңырауқұлағынан пісірілген саңырауқұлақ майы толтырылған кішкене пиаланы Чен Чженге әперді. Бұл - Чен Чженнің ет жеген кезде қосатын ең сүйікті дәмдеуіші. Бейжіңдік пен байтақ даланың дәмдеуіштері араластырылған бұндай соус өнімі әлдеқашан екі отаудың тұрақты азық қорына айналған-ды. Чен Чжен моңғол пышағымен қойдың майлы ішегінен бір тіліп, дәмдендіргішке малып, аузына салды. Тағамның жұпар иісінен ол бөлтірік жөніндегі істерді ұмытқандай болды. Сахараның майлы ішегі етті тағамның ішіндегі ең таңдаулысы. Майлы ішек деп аталғанмен, ешқандай майлы емес. Оның ішіне ең майсыз қарын, аш ішек пен төстің көк еті туралып салынады. Майлы ішекке қойдың денесіндегі құнсыз заттардың бәрі енгізілетіндей көрінеді, бірақ моңғол тағамдарының арасында әдемі дәмі ауыздан кетпейтін майысқақ та нәзік, семіз бірақ майсыз, татымды тамақ саналады.
- Моңғолдар қойдың етін расында да ұқыпты жейді екен. Тіпті төстің көк етін де тастауға қимай, осыншама дәмді етіп жасайды екен, - деді Чен Чжен.
- Аш бөрілер қойды жегенде жүні мен тұяқтарын да қоса жейді. Сахарада ірі апат туылса, адамдар мен қасқырлардың азық тауып жеуі оңайға түспейді. Қойды жегенде, оны тап-таза жеу керек, - деді ақсақал басын изеп.
- Былайша айтқанда, моңғолдар қойдың етін осынша тап-таза етіп жеп, ақылды болуды да көкжалдардан үйренді ме? - деп сұрады Чен Чжен күліп.
- Иә, солай, солай! - деп үйдегі адамдардың бәрі қарқылдап күлді.
Чен Чжен арт-артынан үш майлы ішекті жеп алды.
Касымайдың күлкіден көңілі ашылды. Касымайдың етті бөріге ұқсап жейтін қонақты жақсы көретінін айтқаны Чен Чженнің есіне түсті. Ол осы мезетте өзінің нақ аш қасқырға ұқсағанына сәл ыңғайсызданды. Ол тағы жеуге батылы бармады. Білге-атаның бүкіл отбасысы майлы ішекті ұнатып жейтінін ол білетін. Алайда, көзді ашып жұмғанша өзі майлы ішектің жартысынан көбісін әлдеқашан қылғытып үлгірген-ді. Касымай орыннан көтеріліп, пышақпен қанды ішекті бөлді. Сосын пышақтың ұшымен тағы бір ішекті ылғап жатып, күле сөйледі:
- Сенің келсең кетпейтініңді білгенмін, сондықтан екі ішекті пісірдім. Анау толығымен сенікі. Көкжал секілді ешнәрсені қалдырмай, ұқыпты жеуің керек.
Үй-іші тағы ду күлді.
Баяр жалма-жан Касымай аударған майлы ішекті өз табағына қарай тартты. Екі жыл өтсе де, Чен Чжен жалпы Касымаймен арадағы рулық ағайындық қарым-қатынасты анықтай алмай-ақ қойды. Әдеттегі ағайындық жолы бойынша, ол жеңгесі болуы тиіс. Алайда, кей кезде Касымай Чен Чженге өз әпкесіндей көрінетін. Кейбір уақытта кіші шешесіндей, яғни әкесінің інісінің әйеліндей, кейде қайын бике, балдызындай, ал кейде нағашы апайындай көрінетін. Оның жайдары да ақ көңіл мінезі құдды байтақ даладай көл-көсір, кең де пәк болатын.
Чен Чжен майлы ішекті түгел жеп болып, бір пиала сүтті шайдың жартысын мүдірмей бір сіміріп, Касымайдан сұрады:
- Баяр бөрінің құйрығынан ұстай алады, апанға түсіп, бөлтіріктерді алып шығарады, асау атқа міне алады. Батылдығы аса зор екен. Оның оқыстан жазым болуынан қорықпайсың ба?
- Моңғолдардың бәрі қаршадайынан осындай, - деді Касымай күліп, - Бату бала кезінде Баярдан да ержүрек болатын. Баяр кірген апанда үлкен қасқыр жоқ еді. Бөлтіріктер адамды тістемейді, сондықтан бір ұя бөлтірікті ұстау түк те емес. Ал Бату кірген апанның ішінде ірі көкжал болған-ды. Ол апанның ішінде өлекшінге тап болып, оны апаннан сүйреп шығарған.
Зәресі қашқан Чен Чжен жалма-жан Батудан сұрады:
- Сен қалайша бұл оқиғаны бұрын маған айтпадың? Тезірек маған жақсылап әңгімелеп берші.
Батудың көңілі ду күлкіден кейін желпіне түсті. Арақты бір жұтып алған ол былай деді:
- Сол жылы мен 13 жаста ғой деймін. Бір жолы әкемдер біраз адаммен бірге бірталай күн іздеп жүріп, бөлтіріктер тұрған апанды тапқан-ды. Апан өте үлкен, өте терең еді. Түбіне қазып жету мүмкін емес. Апанның ішінде құртқаның жасырынуынан алаңдаған әкем алдымен от түтетіп, түтін жіберіп, оны қумақшы болды. Кейін түтін сейілді, құртқа да шықпады. Біз іште ірі бөрі жоқ екен деп ойладық. Мен сіріңке және дағар қапты алып, бөлтіріктерді алу үшін апанға ендім. Екі адамның бойының жартысындай тереңдікке түскен кезде, менен екі кез аралықта қасқырдың жылтыраған көздерін көретінімді қайдан білейін. Қорыққанымнан шалбарыма сиіп жібере жаздадым. Мен дереу бір сіріңкені жағып, оттың жарығын түсірсем, өлекшін де иттен қорыққандай қалт-қалт етіп, құйрығын екі бұттың арасына қысып алыпты. Мен үңгір ішінде қыбыр етпей жаттым. Сіріңке өшкен бойда ол маған қарай атылды. Мен шегінейін десем де шегіне алмадым. «Осы жолы құрыдым» деп ішімнен ойладым. Оның маған бас салу үшін емес, басымнан секіріп апаннан қашпақшы болғанын қайдан ойлайын. Сол сәтте мен апанның сыртындағы адамдардың бейқам тұрғанын, қасқыр әкеме бас салуынан алаңдадым. Қайрат-жігердің қайдан пайда болғанын білмеймін, әйтеуір шапшаң денемді жоғары қарай тіредім, жыртқыштың жолын бөгеуді ойладым. Өз басым оның алқымына тірелгенін білмеппін. Мен тағы бір күш жұмсап, оның басын үңгірдің төбесіне тіредім. Сол мезетте шыға алмаған һәм қаша алмаған өлекшін сасқанынан абыр-сабыр тырналап, менің киімімді дал-дұл етті. Мен де тәуекел етіп, жалма-жан отыра сала оның алқымы мен астыңғы иегін аямай тіреп, өзіме жармасуына жол бермедім және алдыңғы сирағын ұстап алдым. Ұзақ уақыт күшімді сарп еткенде ғана оның алдыңғы екі сирағын ұстап алдым. Содан өлекшін мені тістеуге де, тырнауға да мұршасы болмады. Алайда, мен де сол жерде қимылдауға мүмкіндік болмай, тіреліп қалдым. Бойымда титтей де әл-дәрмен қалмады.
Бату құдды басқа біреудің ісін айтқандай жайбарақат әңгімеледі:
- Сырттағы адамдар біразға дейін күтіп, менің шықпағанымды көріп, не болғанын біле алмады. Дегбірсізденген әкем апанға кіреді. Ол сіріңкені жағып қараса, менің басымның үстінде бір көкжалдың басы тіреулі тұрғанын көреді. Бұл көрініс оны да қатты шошытады. Ол дереу маған өлекшіннің басын қозғалмастан тіреп тұруды тапсырды. Содан соң белімнен құшақтаған халде аз-аздан сыртқа қарай жылжытты. Мен бір жағынан жыртқыштың басын тіреп, бір жағынан оның алдыңғы екі сирағын мықтап ұстаған күйі оны өзіммен бірге сыртқа қарай ақырын жылжыдым. Әкем сырттағы адамдарды дауыстап шақырып, оның аяғынан аз-аздап сыртқа тартуды бұйырды. Әкемді үңгірдің аузына сүйреп шығарған уақытта ғана сырттағылар не іс болғанын білді. Бәрі де қанжар, сойылдарын алған күйі үңгірдің алдында күтіп тұрды. Әкем екеуіміз өлекшінді сүйрелеп, үңгірдің ауыз жағына жеткенде, олар қанжарды оның алқымына сұғып, басын үңгірдің төбе қабырғасына жапсырып тастайды. Бірнеше адам өлекшінді апаннан бірлесе шығарып, жабылып өлтіреді. Кейін мен солығымды басқаннан соң, апанға қайта түстім. Ішіне енген сайын үңгір тарайып, кішкене бала өтетіндей ғана жол қалды. Ал ең түбіне барғанда, жол кеңейіп кетеді. Жерде төселген қойдың терісі және жүннің үстінде бір ұя бөлтірік бүрісіп жатыр. Жалпы саны тоғыз, бәрі әлі тірі екен. Әлгі өлекшін бөлтіріктерін қорғау үшін олар ұйықтайтын жердің сыртынан бірталай топырақ қазып, ең түпкі апанның аузын жартысына дейін бөгепті. Өлекшіннің өзі оның сыртында жатады екен. Өлекшін түтінге тұншығып өлмепті, өйткені үңгірдің үстінде тағы бір кішкене тесік болған екен. Түтіннің бәрі жоғары көтеріліп, сол тесіктен сыртқа қарай сейіліп кетіпті. Кейін, мен топырақты аршып, қолдарымды жайып, бөлтіріктердің бәрін ұстап, дағарға салып, қайта өрмелеп шықтым....
Чен Чжен әңгімені зейін қоя тыңдады. Үйдегі адамдар да көптен бері бұл хикаяны еске түсірмеген секілді, бәрі сұпқандары ұша тыңдады. Осы әңгіменің бөлтірік қазу жөнінде естіген басқа әңгімелерге ұқсамайтынын аңғарған Чен Чжен сұрақ қойды:
- Бөгде кісілерден өлекшін бөлтірігін қатты қорғайтынын естігенмін. Тіпті апан қазған адаммен жанын сала арпалысады екен. Алайда, мына өлекшін қалайша адамдармен жанталаса айқаспаған?
- Іс жүзінде бөрінің бәрі адамнан қорқады. Сахарада адамдар ғана оларды өлтіре алады. Олар түтінге тұншығып, басы айналып жүргенде, қолдарына от ұстаған адамдардың апанға кіргенін тағы көрсе, қорықпай тұра алады ма? Сол қасқырдың бойы кішкене емес. Байқауымша, екі жастағы өлекшін сияқты. Тұңғыш рет күшіктеніпті. Байғұс-ай. Бүгін сен бұл істі сұрамағанда, ешкім де оны айтпайтын еді, - деді ақсақал.
Касымайдың шырайында бірер күлкінің ізі қалмаған, көзінде жас іркіле қалды.
- Чен Чжен ертең таңертең тауға бөлтірікті алуға барады. Мен оларға қазуға көмектесемін. Олардың денесі үлкен, тар үңгірдің ішіне кіре алмайды. Бүгін түнде солардың отауында қонып, ертең таңертең олармен бірге тауға шығамын, - деді кенеттен Баяр Касымайға.
- Жарайды. Барсаң бар, абай бол, - деді Касымай.
- Болмайды, болмайды. Оқыс оқиғаның туылуынан қорқамын. Сен бір үйдің маңдайға басқан жалғыз ұлысың, - деді Чен Чжен дереу қолын сілкіп.
- Биыл көктемнен бері біздің топ әрең бір апан бөлтірікті қазды. Тағы үш апан жетпейді. Тағы бір апанды қазбасақ, Бао Шигуй тағы маған күңкүлдейді, - деді Касымай.
- Сонда да болмайды. Бөлтірікті ұстамасам ұстамайын, бірақ Баярдың баруына болмайды, - деді Чен Чжен.
- Баяр бармай-ақ қойсын. Бұл рет мен қақпанмен бір-екі ірі көкжалды ұстаймын. Бөлтіріктің терісін тапсырмай, ірі бөрінің терісін тапсырсақ та норма орындалады, - деді қария немересін құшағына қысып.
9
Моңғолдардың арғы атасы көкбөрі болған. Бір қуқыл ақ бұғымен қосылыпты. Бірге Таңжыс атты өзеннен өтіп, Онон өзенінің басындағы Бұрхан деген тауға келіп тұрақтап, бір балалы болады. Баташхан деп есім қояды.
«Моңғолдың құпия шежіресі»
Боданшар (Шыңғысханның сегізінші атасы - авт.).... Онон өзенін жағалай шауып өтті. Балжын аралына келіп, Бицзе шөп күркеде тұрады.... Жейтін ешнәрсе табылмаған кезде, қасқырлар жартасқа қамалаған жабайы аңдарды аңдыған екен. Садақпен атып алған әрбір аңын көкжалдармен бірге жейді немесе олардан асқан жемтіктерді жеп күнелткен, әрі сонымен өз қаршығасын баққан. Өз өмірін осылай өткізеді.
Доултойбу. «Моңғолдың құпия шежіресі»
жаңа аудармасының түсініктемесі
Таңертеңгі 03:30 сағатта Чен Чжен мен Яң Кэ екі төбетті ертіп, Қаражартас тауының қасындағы бір төбенің басына ақырындап шығып, орналасты. Шідерленген екі ат төбенің артындағы қалтарыста қалдырылды. Эрлаң мен Сарытөстің аң аулау қасиеті өте күшті болатын. Бұнша ерте тұру қалайда аңмен байланысты болғанын білген екі төбет қар үстінде бір дыбыс шығармастан еңбектеп, айналасына сақтықпен көз салуда. Бұлттар ай мен жұлдыздардың жарығын тұмшалады. Қап-қараңғы дала төтенше суық және үрейлі. Төңіректегі ондаған шақырымдық жерде екеуі ғана жүр. Ал нақ осы кез бөрілер тобының жортуылға шығатын, соққы беру сипатына ие уақыт болып табылады. Жақын жерде тұрған Қаражартас тауы дәу жануардың мүсініне ұқсап, екі жігіттің артында төніп тұр. Арт жақтан суық лептің ескенін сезген Чен Чжен арттағы екі сәйгүлік үшін алаңдай бастады және өзінің тәуекелшіл әрекетінен қорқа бастады.
Кенет солтүстік-шығыс тараптан қасқырдың ұлығаны естілді. Ұлыған дауыс қараңғы даланың сай-салаларына таралып, көпке дейін естіліп тұрды. Сыбызғыдай ұзақ та зарлы шықты. Бірнеше минуттан кейін көкжалдың ұлығаны біртіндеп басылғанда, жым-жырт даланы алыстағы иттердің үрген дауыстары бұзды. Чен Чженнің жанындағы екі ит әлі де дыбыс шығарған жоқ. Олар аңшылықтың ережесін түсінетін: түнде қашар-қораны күзеткенде толассыз арсылдап үру керек, ал таулы жерде аңға шыққанда іштей тынып, дыбыс шығармау қажет. Чен Чжен бір қолын Эрлаңның алдыңғы сирағы қолтығының терісіне тығып жылытты, екінші қолымен оның мойнын қыса құшақтады. Жолға шығардың алдында Яң Кэ оларды шала құрсақ етіп тамақтандырған-ды. Аңға шығатын иттерді аса тойғызуға да, тым ашықтыруға да болмайды. Әбден тойғанның жігері мен жауынгерлік рухы болмайды, ал ашыққанның күш-қуаты қалмайды. Азық иттің тұла-бойына әлдеқашан сіңген болатын. Чен Чженнің қолы әп-сәтте жылынды. Ол тіпті жып-жылы қолымен иттің сұп-суық тұмсығын сипап жылытты. Эрлаң құйрығын ақырын ғана бұлғақтатты. Қасында бұндай бөрібасар ит жатқандықтан, Чен Чженнің көңілі орныққандай болды.
Қатарынан бірнеше күн мен түннің әбігерлік Чен Чженді әбден титықтатқан еді. Алдыңғы күні кеште Яң Кэ бірнеше талапты жас малшы әріптестерін іздеп, оларды апан қазуға бірге баруға шақырды. Алайда, олар Қаражартас тауы жақта бөлтіріктің болғанына сенбеді. Ешкім де ерте тұрып, бірге бару былай тұрсын, қайта өршелене екеуіне бармау жөнінде кеңес берді. Екі жігіт ашудың буымен өздері тауға шықпақшы болды. Осы сәтте жанында тек өздерінің жалғыз екі итінен басқа, айбар көрсететін ешнәрсе жоқ еді.
Сарытөсті мығым құшақтаған Яң Кэ Чен Чженге бәсең үнмен сөйледі:
- Ей, Сарытөс те аздап қорыққан екен, дамылсыз дірілдеп тұр. Білмеймін, бөрінің иісін сезді ме екен....
- Қорықпа, қорықпа. Таң атайын деді. Күндіз қасқыр адамнан қорқады. Біз құрық ала шықтық ғой, - деп сыбырлады Чен Чжен Сарытөстің басын ұрып қойып.
Чен Чженнің қолы да Сарытөстің денесімен бірге ақырын дірілдей түсті.
- Меніңше, екеуіміз дұшпанның артқы шебіне тереңдеген, көкжалдың азуындағы тісін жұлатын арнайы қызметтің барлаушыларына ұқсап қалдық. Қазір шаршауым басылды, - деді ол сабырлылық танытып.
- Көкжалды өлтіру соғысумен бірдей екен. Күш-қауқар, ой-зейін, ақыл мен батырлық түгел жұмсалады. «36 айланың» ішіндегі «Сұлу әйелді қармақ жем ретінде пайдалану айласынан» басқаның бәрі қолданылады екен, - деп жігерлене сөйледі Яң Кэ.
- Аңғалдық қылма. Қарасам, «36 айла» да бөрілерге төтеп беруге жеткіліксіз болып тұр, - деді Чен Чжен.
- Ол ғой солай. Сонда қазір біз қандай айланы қолданып жатырмыз? Өлекшіннің бөлтіріктерін емізу үшін апанына қайтатын іздерін пайдалану арқылы апанды іздестіру «36 айланың» ішінде жоқ. Атамыз сансыз қулыққа ие нағыз айлалы екен. Осы айласының өзі де жетіп жатыр, - деді Яң Кэ.
- Қасқырларға осынша көп жылқыны жойсын деп кім айтқан! Ата да көкжалдардың мәжбүрлеуімен осылай істеп отыр. Бұл жолы онымен қақпан құруға барғанда, оның бірнеше жылдан бері бөрілерге қақпан құрмағанын білдім. Шалдың оларды түгелдей жойып жібергісі жоқ, - деді Чен Чжен.
Таң біртіндеп ағара бастады. Қаражартас тауы дәу жануар мүсінінен бірте-бірте өз әуелгі бейнесіне, яғни ірі жартас кейпіне келді. Шығыстан көтерілген таңғы арай бұлттың жұқалау жерінен өтіп, ақырындап далаға таралды. Көру аясы да барған сайын ашыла түсті. Екеуі де, иттер те қарлы жерге нығыз жабыса түскен. Чен Чжен жалғыз көзді дүрбімен төңіректі шолды. Мұнарлаған қою тұман түсіп, дүрбіден ештеңе көрінбеді. Ол өте мазасынданды. Егер өлекшін тұманның тасасында көрінбей өз апанына енсе, онда екеуінің және иттердің жарым түн бойы тоңғаны бекер болатын еді. Бақытқа орай, мұнар тез тарап, даланың бетінде сейіле ырғалған жеңіл де жұқалау мұнарға айналды. Егер жануарлар өтетін болса, керісінше мұнарды сейілтіп, өздерін байқатып қоюы анық еді.
Кенеттен Сарытөс батысқа қарай мойнын бұрып, желке жүнін тікірейтіп, бүкіл денесін ширатқан халде батысқа қарай бауырымен жорғалай бастады. Эрлаң да басын батысқа бұрды. Чен Чжен лезде бір жағдай болғанын түсініп, дереу дүрбісін батыс жақтағы шалғын шөпке кезеді. Таудың етегі, тау беткейі және шөптесін тұтасқан жердегі ойпаңда өскен құрғақ та сары қамыс таудың етегін бойлап, сонау солтүстік-шығысқа қарай созылуда. Бұл – қасқырлар өте жақсы көретін жер. Жасырынуға ыңғайлы, жел тимейтін ықтасын бұл жер олардың байтақ далада адамдарға қарсы жүргізген партизандық соғыста паналайтын «жасыл шатыр» болып табылады. Қыс пен көктемде құрғақ қамыс алабы көкжалдардың шеп ауыстыратын, жасырынатын және ұйықтайтын жері, сондай-ақ аңшылар мен иттердің бөріні соғатын аңшылық алаңы екендігін жиі айтатын Білге-ата. Сарытөс пен Эрлаң қасқырдың қураған қамысты басқан сыбысын естіген секілді. Уақыт та, бағыт та дұрыс, өлекшін апанына қайтқаны даусыз деп ойлады Чен Чжен. Ол қамыстың жиегіне қадала қарап, өлекшіннің шығуын күтті. Қамысты жердің ойпаңдау келетінін, көктемде қар ерігенде су жиылатынын, сондықтан онда көкжалдар үңгір қазбайтынын қария айтқан еді. Олардың апаны әдетте су жетпейтін биіктеу жерде болады. Чен Чжен «Бөрі қай жерден шықса, оның апаны міндетті түрде маңайдағы беткейде болғаны» деп ойлады.
Кенет екі ит бір жердегі қуарған қамысқа қозғалмай қадала қалды. Чен Чжен дереу иттер қараған жаққа көз жіберді. Оның жүрегі бірден еліре тулады. Бір ірі қасқыр қамыстың арасынан жарым кеудесін шығарып, жан-жағын көзбен шолуда. Екі ит лезде бастарын төмен түсіріп, иектерін жерге тигізді. Екі жігіт те барынша екпеттей түсті. Көкжал таудың беткейіне мұқият қарағаннан кейін ғана қамыстың арасынан шығып, солтүстік-шығыстағы жыраға қарай жөнелді. Чен Чжен дүрбісін оған кезеді. Мына бөрі алдыңғы рет көрген әлгі өлекшінге сәл ұқсайды екен. Ол өте тез жүгіруде, бірақ аяғын ауыр алатындай. Сірә, түнде біреудің қорасындағы қойды жайратып, мейлінше тойып жеген секілді. «Бүгін осында бір ғана қасқыр болса, алаңдаудың қажеті жоқ. Екі адамға екі ит қосылса, әсіресе Эрлаң тұрғанда, бұл өлекшінді икемдеу әбден мүмкін» деп ойлады Чен Чжен.
Өлекшін бір төбешікке шықты. Чен Чжен жануардың қай бағытта жүгіргеніне қарап ғана апанның жалпы орнын анықтауға болатынын ойлады. Алайда, дәл осы сәтте өлекшін кенеттен төбешіктің үстінде тұра қалып, айналасына бұрыла үңіліп қарады. Содан соң адамдар мен иттер жасырынған тарапқа үңілген күйі қыбырламай тұрді. Абдыраған екеуі демдерін шығара алмай қалды. Ол тұрған орын қамысты жерден біраз биіктеу еді. Ол қамыстың ішінен адамды көруге мұршасы болмады, бірақ мына тұрған төбешіктен өздерін байқауы тиіс-тін. Чен Чжен өз тәжірибесінің жетіспегенін терең сезді. Жаңа өлекшін беткейге қарай заулаған уақытта, бұлар иттермен бірге бірнеше метр артқа шегінсе жақсы болар еді. Көкжалдың осынша күдікшіл болатынын кім ойлаған. Жарты кеудесін алға созып өзін бұдан да биіктеткен ол күдік туғызған жерді тағы бір рет аңыстап көрді. Ол тұрған жерін дегбірсіздене екі айналып, бір сәл кідірді. Сосын зу етіп бұрылып, тау беткейінің шығыс тарапындағы үлкен өрге секіріп, көзді ашып-жұмғанша бір үңгірге қадала кіріп кетті.
- Жақсы! Амал бар! Қазір біз ересек бөріні бір ұя бөлтірігімен қоса ұстайтын болдық, - деп дауыстады Яң Кэ қолдарын шапалақтап.
- Тез, тезірек атқа мінейік, - деді Чен Чжен де желпініп орнынан тұрып.
Екі ит Чен Чженді қоршай ойнақтауда, алқынуда. Құдды қожайынынан бұйрық күткендей тұр. Чен Чжен асығып-үсігіп, иттерге бұйрық беруді ұмытып, сасқанынан саусағымен апанды нұсқап «Бас!» деп дауыстады. Екі ит лезде таудан төмен түсіп, шығыс беткейдегі үңгірге тіке ұмтылды. Екі жігіт те төбешіктен жүгіріп түсіп, аттардың тұсауын ашып, сырықтарын қолға алып, шапшаң аттарына мініп, үсті-үстіне қамшы басып, апанға қарай құйғытты. Үңгірге әлдеқашан жетіп келген екі ит арсылдап үріп жатыр. Екеуі жақын жерге шауып келіп, тек Эрлаңның құтырған ит сияқты тістерін ақсита ырылдап, үңгірге кіріп, одан қайта сыртқа шығып, тым тереңге кіре алмағанын көрді. Сарытөс үңгірдің алдында болысып арсылдап үріп, өз орнындағы жерді дамылсыз тарпып, қар мен шаң-топырақты шашыратуда. Екеуі сәйгүліктерінен қарғып түсіп, апанның аузына жүгіріп келіп көргенде, зәресі ұшты. Диаметрі 70-80 см келетін сопақшалау үңгірдің аузын әлгі өлекшін елірген күйде мықтап бөгеп, кірген жуан Эрлаңды ырылдап айбар көрсетіп, үңгірден қайта қуып шығады. Жарты денесін сыртқа шығарған өлекшін екі итпен жанталаса қырқысуда.
Чен Чжен құрығын тастай салды, қос қолмен темір күректі көтеріп, ешнәрсеге қарамай өлекшіннің басынан перді. Оның әрекеті айрықша шапшаң екен - күрек басына тигенше үңгірге енді. Тістерін ақситқан ол өте тез қайта атылып шықты. Яң Кэ де темір сойылмен сермеді, бірақ бос ауаны қапсырды. Біресе шығып, біресе еніп жүрген тұста, ақыры Чен Чженнің аяусыз сілтеген күрегі өлекшіннің басына тиді. Яң Кэ де бір ұрды. Алайда, өлекшін әлі де айбарынан қайтпады. Апанның ішіне шамамен бір метр жерге шегінген ол Эрлаңның кіргенін күтті және оның кеудесін оңдырмай орып жіберді. Кеудесі қанаған Эрлаң үңгірдің аузынан шегініп шықты. Ызадан екі көзі қызарған ол долдана арсылдап, үңгірге тағы енді. Үңгірдің сыртында бұлғақтаған құйрығы ғана көрінді.
Кенеттен есіне құрық түсе қалған Чен Чжен жалма-жан артқа бұрылып, оны жатқан жерінен алды. Яң Кэ бір көргеннен оның ойын түсіне қойып: «Дұрыс, оны құрықтайық» деді.
Чен Чжен құрықтың арқанын ашып, жарты шеңбер түрінде әзірлеген тұзақты үңгірдің аузына қойды. Тек өлекшін үңгірден шықса құрықты қиғашынан тартып, оны буындырған халде үңгірден сүйреп шығаруға болады. Сол уақытта Яң Кэнің темір сойылы да іске қосылатын болады. Бұған екі ит қосылса, өлекшінді өлтіруге болатыны сөзсіз. Чен Чжен абыржығаннан демі қысылып қалды. Алайда, ол құрықтың тұзағын түсірмей жатып, өлекшін Эрлаңды қауып, тағы шегіндірді. Оның екі артқы аяғы тұзақты шатыстырып жіберді. Іле-шала басы қанға малынған өлекшін үңгірден атылып шықты, бірақ бір аяғымен құрықтың тұзағын басып қалды. Ол құрық пен тұзақты көре сала құдды жалаңаш электр тогының сымын басқандай шошына үңгірге кіріп, басын да шығармады. Чен Чжен дереу мойнын соза үңгірдің ішіне үңіліп қарады. Үңгір төменге 35 градус шамасында қиғашынан кеткен, тым тіктеу көрінді. Ішіндегі жол екі метр тереңдікте бұрылып кетеді екен. Арғы жағы қаншалық терең екендігі белгісіз. Яң Кэ ашумен үңгірге қарай үш рет айғайлады. Терең де қап-қараңғы үңгір оның дауысын бірден жұтып кетті. Үңгірдің алдындағы алаңқайға отыра қалған Чен Чжен айрықша сүлкіні түсіп:
- Мен нағыз ақымақпын. Егер құрық есіме ертерек түскенде, бұл қасқыр баяғыда ажал құшатын еді. Көкжалдармен айқасқанда іс-қимылдар расында да ширақ болу керек. Азғантай да ағаттық жібермеу қажет, - деді.
Чен Чженнен бетер жабырқаған Яң Кэ темір сойылын жерге қадады да, ашуға булыға сөйледі:
- Шешеңнің.... Мылтық болмаған соң, мына өлекшін бізді басынып тұр. Мылтығым болса ғой, оның бас сүйегін мылжалайтын едім.
- Ферма басшылығының бұйрығы: қазір бірінші дәрежелі соғысқа әзірлік кезеңі. Ешкім оқ атпайды. Мылтығың болса да бәрібір ата алмайсың, - деді Чен Чжен.
- Бұлай соза берсе, қашан аяқталады? Меніңше, біз «эртицзяо» шартылдағын (екі зарядты қопарғыш оқ-дәрінің халық арасындағы атауы) жарайық! - деді Яң Кэ.
Бұл мылтық атқанмен бірдей ғой. Кенеттен Чен Чжен байсалды лебізбен:
- Егер солтүстік жақтағы бөрілерді үркітіп жіберсек, қоршауға алу жоспары быт-шыт болады. Бүкіл ферманың адамдары екеуімізді боқтайды, кінәлайді. Оның үстіне, «эртицзяомен» де қасқырды өлтіре алмайсың.
- Көкжалды өлтірмегенмен, оның зәресін алуға болады. Оны өлгенше қорқытып, шала жансар етіп түтінмен ыстауға болады. Бұл жер шекаралық тас жолдан 60-70 шақырым шалғайда. Бөрілер тобы жарылыстың дауысын қайдан естісін? Егер де алаңдайтын болсаң, мен шартылдақты үңгірдің ішіне лақтырып, тонымды шешіп, үңгірдің аузын жапсам, сыртта мүлде естілмейді, - деді қайтпай Яң Кэ.
- Егер өлекшін шықпаса қайтеміз? - деп сұрады Чен Чжен.
Яң Кэ бір жағынан белбеуін шешті, бір жағынан айтты:
- Сөзсіз шығады. Қасқырлар мылтықтың даусы және оқ-дәрінің иісінен ерекше қорқатынын жылқышылардан естігенмін. Үш «эртицзяо» шартылдағын тастасақ, алты ғана жарылыстың үні шығады. Үңгір ішіндегі жарылыстың жаңғырығы сырттағы дыбыстан бірнеше есе күшті болады, өлекшінді мүлдем меңіреу етеді. Апан ішіндегі тар кеңістікте оқ-дәрінің иісі тіпті де ерекше қою да күшті болады. Кел бәстесейік, үшеуін тастағанда өлекшін сөзсіз түтінге тұншығып, сыртқа шығады. Сен тұзақты дайындап тұр. Меніңше, ірі көкжалдан кейін бір топ бөлтіріктер де ілесе шығады. Сонда екеуіміз пайдаға кенелерміз.
- Жақсы онда. Солай істейік. Бұл жолы екеуіміз жақсылап дайындалайық. Мен алдымен осы апанның жанында басқа шығатын жердің бар-жоғын қарап көрейін. Айлалы қоянның үш ұясы болғанда, айлакер бөрілердің апаны жалғыз мына біреу емес шығар. Олар аса әккі-дүр, адамның айласы оларға жетпейді, - деді Чен Чжен.
Чен Чжен атқа мініп, екі итті ертіп, апанды ортаға алған халде төңірегін айналып, егжей-тегжейлі іздей бастады. Аппақ қарда үңірейген қара үңгір оңай ізделеді. Алайда, диаметрі 100 метр шеңбердің ішінде Чен Чжен де, иттер де бірде-бір үңгірді байқамады. Чен Чжен аттан түсіп, екі сәйгүлікті алыстау жерге жетектеп әкетіп, шідерледі. Сосын апанның қасына келіп, құрықтың тұзағын керіп, темір күрек пен темір сойылды дайындап қойды. Ол Эрлаңның басын төмен түсіре өз жарасын барынша жалағанын байқады. Оның кеудесіндегі жуандығы екі елідей терісі мен етін қасқыр жұлып алыпты. Жараланған жерінің терісі діріл қағуда. Эрлаңның жаны қатты ауырғаны көрініп тұр, бірақ ол бұрынғыдай үнін шығармай шыдауда. Екеуінде ешқандай дәрі де, орауыш дәкі де жоқ-тын. Оның тек иттердің дәстүрлі емдеу әдісімен, яғни өз тілі және сілекейімен жарасын залалсыздандыру, қанның ағылуын тоқтату, ауырғанын жеңілдету үшін жалағанын ғана көруге мәжбүр болды. Енді тек үйге қайтқаннан кейін оған дәрі жағып, жарасын таңуға болатын еді. Денедегі жарасының көп бөлігі көкжалдардың қармануынан шыққан, сондықтан оларды көре қалса төтенше қаны қарайғаны көрінеді. Чен Чжен бәлкім оны жете бағаламағанын сезінді: Эрлаң жай ғана ит емес, бөріден де дүлей моңғол иті еді.
Барлық әзірлікті бітірген Яң Кэ тонын жамылып, жуандығы жарылғыш гранатаның сабындай үлкен «эртицзяоны» қолына алды. Аузында тұтанған «Хайхэ» маркалы шылым қыстырулы тұр.
- Аңшыға қай жерің ұқсайды? «Жер асты соғысы» киносындағы жапондық басқыншының өзі болдың, - деді Чен Чжен күліп.
- Мен барған жердегі салт-дәстүрді құрметтейтін, балдай батып, судай сіңетін адаммын. «Солтүстік (түрк) халықтарының киімін киіп, аттың үстінде садақ атуды үйренген» жанмын. Байқауымша, қасқырдың жер асты жолында улы газ бомбасынан қорғайтын сайманы жоқ шығар, - деп сықылықтап күлді Яң Кэ.
- Бопты. Улы газ бомбаңды лақтыр! Іске жарағанын көрейік, - деді Чен Чжен.
Яң Кэ шылымның отымен «эртицзяо» шартылдауықтың біреуін тұтандырып, бұрқыраған түтініне қарамай, үңгірдің ішіне барша күшпен лақтырды. Іле-шала тағы екеуі тұтандырылып, үңгірге тасталды. Үш «граната» төмен құлдилаған тік жолмен үңгірдің терең жеріне домалады. Бұдан соң дереу үңгірдің аузына тон жабылды. Көп кешікпей, үңгірдің ішінен алты тұмшаланған жарылыстың үні естілді. Жарылыстан аяқтың астындағы жер сәл ғана дүр сілкінді. Үңгірдің ішінде сөзсіз күн күркірегендей дауыс шығып, ауа толқыны өркештеп, түтін қаптаған болу керек. Моңғолия даласының апаны ешқашан бұндай жойқын жарылысқа тап болмағаны анық. Өкінішке орай, екеуі апанның түбіндегі астаң-кестеңді естіген жоқ. Екі адамға тереңнен жағымсыз иіс шыққандай көрінді.
- Әй, қашан ашамыз? - деп сұрады тоңған қос қолын қолтығына қысқан Яң Кэ.
- Тағы біраз тұншықсын. Алдымен кішкене тесікті ашып, түтіннің шыққанын көрейік. Үңгірдің аузын сосын толық ашамыз, - деді Чен Чжен.
Чен Чжен тонның бір шетін ашыңқырап, түтіннің жөнді шықпағанын көрген соң қайта жауып қойды. Ол Яң Кэнің тоңғаннан біршама дірдектегенін көріп, бір тонды екеуі жамылу үшін белдігін шешуге бекінді.
- Абайла, көкжал шығайын деп қалды! Тон мен белбеуді шешсең, қимылдауға қолайсыз болады. Ештеңе етпейді, шыдай аламын, - деді дереу қолын бұлғаған Яң Кэ.
Екеуі сөйлесіп тұрғанда, кенеттен Сарытөс пен Эрлаң орындарынан тұрып, мойындарын соза солтүстік-батыс жаққа қарады. Ауыздарынан қыңсылаған дауыстар шықты. Түрлері де өте алаңдаулы көрінді. Екеуі жалма-жан бастарын бұрып, иттер үңілген тарапқа көз жіберді. Солтүстік-батыс жақта шамамен 20 метр қашықтықтағы жерден көкшіл түтін будақтап шықты.
- Болмады. Анау жақта тағы бір кіретін жер бар екен. Сен мына жерді күзете бер, мен алдымен барып көрейін...., - деп қатты дауыстады орнынан ұшып тұрған Чен Чжен.
Ол бір жағынан сөйлеп, бір жағынан темір күректі алып, түтін шыққан жерге жүгірді. Екі ит онымен жарыса лап қойды. Осы сәтте түтін шыққан жерден кенеттен бір үлкен бөрі құдды жердің астында жасырулы ракета шахтасынан ұшырылған «жер-жер» дәрежелі зымырандай атылып шығып, барша пәрменімен батыстағы таудың етегіндегі қамыстыққа секірмелі жылдамдықпен жөңкіле жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша, ол қамысты жерге жетіп, қураған ну қамыстың арасында ғайып болды. Оны өкшелей қуа жөнелген Эрлаң да қамыстыққа кіріп кетті. Тербеліп-теңселген қамыс ұштарының жолағы сонау солтүстікке қарай ұласты. Алданудан қорыққан Чен Чжен «Қайт, қайт!» деп тақатсыздана айғайлады. Эрлаң бұл айғайды естігені сөзсіз, бірақ ол әлі де өршелене қуа берді. Сарытөс қамысты жердің шетіне дейін қуып, одан әрі кіруге батылы жетпеді. Көрініс үшін бірнеше рет үріп, артқа қайтты.
Яң Кэ бір жағынан тонын киіп, бір жағынан жаңағы түтін шыққан жерге барды. Чен Чжен де бірге жүрді. Сол үңгірге келгенде олар тағы қайран қалды: қардың астындағы бұл үңгір жаңа қазылған апан болып шықты. Ұсақ шағыл тастар мен топырақтың үйіндісі жап-жаңа. Қасқыр жаңа ғана қазған, жартылай ашылған, қажет болған жағдайда сыртқа шұғыл сытылатын үңгір екені айқын болды. Мұнда, жайшылықта тегістеу тұрған бұл үңгірше «соғыс» кезінде жан сауғалайтын жолға айналады екен.
- Мына жер жастанғыр көкжал біз екеуімізді отырғызып кетті! - деп бақырды ызаланғанынан желке тамыры адырайған Яң Кэ.
Чен Чжен ауыр күрсіне сөйледі:
- Айлалы алдырмас, қайлалы қарасын шалдырмас. Қу қояндардың үш іні жасырын болғанмен, ашық жерде тұрады. Ал айлакер бөрілердің қанша апаны бар екендігін біле алмайсың. Мына үңгірдің орнын таңдауға жақсылап мән беріліпті. Қарашы, үңгірдің сырты тік беткей, ал оның төменгі жағы қамысты жер екен. Қасқыр үңгірден шыға сала екі-үш қадам аттап, қауіпсіз жерге сүңгіп кетеді. Бұл үңгір үлкен парасатпен қазылғаны білініп тұр. Айлалы қоянның 8-10 ұясынан да жарамды екен. Өткен жолы Бао Шигуй көкжалдардың қоян-қолтық ұрыс, түнгі шайқас, тұтқиылдан соққы беру айқасы, партизандық соғыс, жөткемелі шайқас, маневрлі жылжымалы ұрыс қатарлы бірталай соғысу әдістерін қолданатынын айтып еді. Сосын оның басқаларға жыртқыштардың жер асты шайқасы мен «жасыл желеулі» шайқасты да білетінін, сондай-ақ шайқастың осы екі тәсілін бірге ұштастыра пайдаланатынын айтқанын естігенмін. «Жауынгер зерек те тапқыр болуы керек» деген сөз бар. Бөрілер аспан астындағы ең айлакер соғыс мамандары екен.
- Киноларда Солтүстік Қытайдың жер асты соғысы мен «жасыл шымылдық» соғысын әлемде тұңғыш тауып шыққандай, ақсақты тыңдай, өтірікті шындай етіп дабырайтып көрсетеді. Іс жүзінде, бұны ондаған мың жыл бұрын қасқырлар ойлап тапқан екен ғой, - деді әлі де күйіп-піскен Яң Кэ.
- Ұтылғаныңды мойындадың ба? - деп сұрады Чен Чжен. Ол осы ескі досының кетіп қалуынан сәл алаңдағандай болды. Көкжалды аулау бір адамның оңайлықпен қолынан келетін жұмыс емес-тін.
- Қайдағы. Иен далада қой бағу – ең зеріктіретін жұмыс. Бөрілермен парасат пен батырлықта сынасу әрі өмірлік тәжірибе беретін, әрі делебені қоздыратын жақсы ермек. Мен бір қойшымын. Қойларды қорғап, қасқырды соғу да менің борышым болып табылады.
Екеуі үлкен апанның жанына қайта келді. Оның ішінен әлі түтін сыртқа шығып жатты. Түтін әлдеқашан бәсеңдеген, бірақ оқ-дәрінің ащы иісі бұрынғыдай мұрынға ұрып тұр.
- Бөлтіріктердің шығатын уақыты болды-ей. Осынша үлкен жарылыстың дауысы және оқ-дәрінің ащы иісіне олар шыдай алады ма? Ішінде тұншығып өлді ме екен? - деді Яң Кэ үңіліп.
- Мен де солай ойладым. Тағы күтейік. Тағы жарты сағат күтейік. Егер де шықпаса, онда қиын болғаны. Мұнша терең апанды қалай қазамыз? Қараймын, терең құдық қазу жұмысының көлемінен де үлкен екен. Екеуіміз үш күн, үш түн қазсақ та түбіне жете алмаспыз. Көкжалдардың тырнағы да аса мықты екен. Осынша қатты шағыл тасты таулы жерде бұндай ірі жер асты жұмысын жүргізіпті. Оның үстіне, егер де бөлтіріктер өлген болса, қазудың не керегі бар? - деді Чен Чжен.
- Егер де Баяр келгенде, бәрі сәтті болар еді. Ол сөзсіз де енетін-ді, - деді Яң Кэ күрсініп.
Чен Чжен де бір күрсініп айтты:
- Мен шынымен Баярды шақырғым келмеді. Апанның ішінде тағы бір үлкен бөрінің болмауына кепілдік бере аласың ба? Расында да, моңғолдардың күні тым қиын екен. Касымай маңдайға басқан бұндай жалғыз баласы Баярға қасқырдың құйрығын тартқызады, апанға кіргізеді екен. Қазір қарасақ, бүкіл Қытайға жайылған «Баланы қимаған көкжалды өлтіре алмайды» деген көне мәтел сөз шамасы Моңғолия даласынан шыққан-ды. Қанша айтқанмен, моңғолдар Қытайды бір ғасырға жуық билеп-төстеді ғой. Бұрын мен осы сөздің мағынасын айтарлықтай түсінбей жүріппін. «Баланы қимаған, бөріні өлтіре алмайды» мәтелі баланы жем-шырға ретінде пайдалану арқылы қасқырды алу болғаны ма? Бұлай істеу тым қисынсыз емес пе? Бұлай айту – баланы апанға кіріп, бөлтірік ұстау үшін тәуекел ету екенін кейін ғана түсіндім. Мұндай әрі терең, әрі тар апанға тек баланың кішкене денесі ғана сыйып кетеді. Моңғол әйелдері қытайлық қатындар сияқты балаларын тым еркелететін болса, бұл ұлт әлдеқашан жойылып бітетін еді. Осы себепті, моңғол балалары есейгеннен кейін шетінен батыр да қайсар келеді.
- Иен даланың көкжалдары шынымен пәлекет екен, әкеңнің аузын.... Өсіп-өрбу қабілеті қытайлардан да күшті. Оның үстіне, жер астында бөлтірігін туу үшін осынша терең, бұнша бекем де күрделі «босандыру бөлмесін» салыпты. Біз жарты күн босқа әбігерлендік-ау деп қорқамын.... Алдымен азын-аулақ тамақ жейікші, шынымен қарным ашты, - деді ашулана Яң Кэ.
Чен Чжен тұлпарының жанына барып, ер-тоқымның үстіндегі брезент дорбаны алып, үңгірдің аузына қайта оралды. Сарытөс әбден майланған бұл сарғыш дорбаны көре сала дереу құйрығын бұлғаңдатып, езу тартқан халде ырсылдап жүгіріп келді. Бұл дорба Чен Чженнің аңға шыққан кезде иттерге әзірленген азықты салатын сумкасы еді. Ол дорбаны ашып, шығарған еттің жартысын Сарытөске берді, қалғанын Эрлаңға сақтап қойды. Чен Чжен оның әлі қайтпағанына біршама алаңдады. Қыс пен көктемде қамысты жер бөрілердің өз иелігі болып табылады. Егер әлгі қасқыр Эрлаңды өз тобына алдап бастап барса, тірі қайтуы екіталай. Эрлаң – қорадағы қойларды қарауылдаудың негізгі күші. Осы жолы істің басынан тиімсіз болғаны бір ірі қолбасшыдан айрылғандай ауыр түсті.
Сарытөс бір жағынан ет жеп, бір жағынан құйрығын тоқтаусыз бұлғақтатты. Ол өте зерек ит еді. Қоян, түлкі, қарақұйрықты кездестіргенде теңдессіз батыл да айбарлы болатын. Ол көкжалға тап болған кезде, жағдайға қарай қимылдайтын. Егер иттер көп, бөрі жалғыз болса, ол аяусыз шабуылды байтайды. Егер қуатты қолдау болмаса, ол ешбір мықтысынбайды, жалғыз өзі ірі қасқырмен жекпе-жекке шықпайды, айқаспайды. Ол жаңа ғана шептен шегінді, Эрлаңмен бірге көкжалды қумады, өйткені қамысты жерде бөрілер тобының тығылуынан алаңдады. Сарытөс өзін қорғауға өте шебер. Бұл да оның тумысынан өміршеңдік қабілеті еді. Чен Чжен адамгершілікті түсінетін Сарытөсті қатты ұнататын, серігіне жәрдемдеспегені үшін айыптамады. Дегенмен, көктемнің басынан бері ол Эрлаңды барған сайын ұнатқан-ды. Оның жыртқыштығы бұдан да күштірек болған сияқты, адамшылықты білмейтін секілді. Рақымсыз бәсекелі дүниеде әрбір халыққа ең алдымен қажеттісі – жыртқыш аңдарға тән батырлық мінез. Осы алғышарт болмаса, парасат пен мәдениетке ешнәрсе сүйеніш болмайды. Ұлттық мінез әлсіреген жағдайда тек құдаласу, бекініс-қорған мен дуалдар салу, бас иіп берілу, бағынышты елге айналу және қоян мен тышқаннан бетер өсімталдық арқылы ғана өз жанын күйттей береді. Ол орнынан тұрып, дүрбімен солтүстік-батыс жақтағы қамысты жерді шарлап, Эрлаңның қайда кеткенін көргісі келді.
Алайда, Эрлаңның қарасы көрінбеді. Чен Чжен қойнынан қой терісінен жасалған бір дорбаны шығарды. Касымай оған сыйлаған бұл азық-түлік салатын дорба су мен майды өткізбейтін, қойынға салғанда жылытатын, әрі киімді былғамайтын. Ол дорбадан шелпек, ет және бірнеше түйір ірімшікті шығарып, Яң Кэмен бөлісіп жеді. Екеуі енді не істеу керектігін білмеді. Бір жағынан тамақ жеп, бір жағынан осы жөнінде бас қатырды.
Яң Кэ шелпектің үлкен бөлігін бір үзіп, аузына салып сөйледі:
- Бұл апанның шыны да, өтірігі де бар. Бөлтіріктер орналасқан апандар адамның ойына келмейтін жасырын жерде болады екен. Осы жолы екеуіміз оп-оңай біреуін таптық. Мұны қолдан шығармайық. Түтінге тұншықпаса, үңгірге су құяйық. 8-10 ағаш кеспек суды әкеліп құйсақ – бөлтіріктер тұншығып өледі!
- Байтақ даланың таулы жерлері шағыл тасты келеді. Су қоймасын көшіріп әкеліп құйсаң да, судың бәрі біраздан соң шағылға сіңіп кетеді, - деді Чен Чжен мысқылмен.
- Дұрыс. Үңгірде бәрібір ірі қасқыр жоқ. Біз Сарытөсті үңгірге кіргізіп, бөлтіріктерді бір-бірлеп алып шықпаймыз ба? - деді кенеттен Яң Кэ әрі-бері ойланғаннан кейін.
Чен Чжен өзін тоқтата алмай күліп жіберді:
- Иттер ертеден-ақ адамға жақындасып, көкжалдық қасиеттен айрылған. Оның мұрнының иісшілдігі соншалық, бір иіскегеннен-ақ бөрінің иісін біле қояды. Егер де иттер апанға кіріп, бөлтірікті алып шығатын болса, онда ұрғашы қасқырдың апанда болмаған сәтін пайдаланып, шығарып алар еді. Онда адамдар мен иттер сахарадағы көкжалдардың тұқымын баяғыда-ақ тып-типыл құртқан болар еді ғой. Малшылардың бәрін ақымақ санайсың ба?
- Сынап көрсек болады ғой. Бұған көп күш шығарудың керегі жоқ, - деді бой бермеген Яң Кэ. Сөзін аяқтаған ол Сарытөсті үңгірдің аузына шақырып алды. Үңгірдегі оқ-дәрі иісінің дені әлдеқашан сейілген-ді. Яң Кэ қолымен үңгірді нұсқап тұрып, «Бас!» деп айғайлады. Яң Кэнің ойын түсіне қойған Сарытөс дереу шошығаннан артқа шегінді. Яң Кэ оның денесін екі аяғымен қысып, екі қолымен оның алдыңғы екі сирағын мығым ұстап, үңгірдің ішіне қарай итермеледі. Қорыққанынан құйрығын бұтының арасына қысып, қыңсылай кеткен ит жанын сала бұлқынып, Чен Чженге көз қиығымен мүсіркене қарап, өзін осы міндеттен құтылдыруды қалады.
- Көрдің бе. Қоя ғой. Эволюциялау қиын, ал регрессияға беріліп, кері шегіну бұдан да қиын. Иттер регрессияға түсіп, қайтадан бөрілерге айналмайды. Ит азғындаса тек әлжуаз, жалқау, епсіз ит болады. Адамдар да сол сияқты, - деді Чен Чжен.
- Әттең, Эрлаң жоқ. Оның қасқырлық қасиеті айрықша басым. Үңгірге кірсе, сол кірер еді, - деді Яң Кэ Сарытөсті босатып.
- Егер де ол апанға кірсе, бөлтіріктердің бәрін бір-бірден қауып өлтіреді. Ал мен тірідей алғым келеді, - деді Чен Чжен.
- Шынында солай. Ол бәтшағар көкжалды көрсе кеңірдегінен алады, - деді Яң Кэ басын изеп.
Сарытөс етті жеп болып, жалғыз өзі маңайда серуендей бастады. Ол ана жер, мына жерді иіскелеп тіміскіледі. Ауық-ауық артқы аяғын көтеріп, жердің үстіндегі төмпешіктерге аз-аздан сиіп, белгі салды. Ол барған сайын ұзай берді. Эрлаң әлі қайтпады. Чен Чжен мен Яң Кэ апанның жанында мелшиіп, шарасы таусылып күтіп отыра берді. Апанның ішінде ешбір қыбыр да білінбейді. Бір апанда жеті-сегіз немесе он шақты бөлтірік болады. Жарылыс жасап, түтінмен тұншықтырғанның өзінде олардың түгел қырылуы екіталай. Қайткенде де бір-екі бөлтірік сыртқа шығуы керек ғой? Тума қасиетінен алғанда да олар апанның сыртына қарай қашуы қажет еді. Тағы жарты сағат өтті. Сыртқа шыққан бөлтірік көрінбеді. Екеуі сыбырласа тұспалдады: «Не бөлтіріктің бәрі апанның ішінде әлдеқашан түтінге тұншығып өлді. Не бұл апанда мүлде бөлтірік болмаған».
Екеуі нәрселерді жинастырып, енді қайтуға дайындалған уақытта, кенеттен солтүстіктегі қыраттың артынан Сарытөстің тоқтаусыз үрген үні білінер-білінбес естілді. Әлдеқандай аң көріп қалған тәрізді. Чен Чжен мен Яң Кэ жалма-жан атқа мініп, Сарытөс жаққа жөнелді. Төбенің үстіне шыққан олар Сарытөстің үргенін ғана анық естіп, оның өзін көрмеді. Екеуі аттарды шықпыртып шауып барды, бірақ ұзаққа бармай-ақ сәйгүліктердің аяқтары қардың астындағы кесекті тастарға сүріне бергендіктен, амалсыз тізгінді тартты. Алдыңғы жағы қурай аралас қалың шөп-шалаң көп өскен жыра-жықпылдағы қардың бетінде қоян, түлкі, қарсақ, ақ тышқан және бөрінің кезінде осы жерден өтіп қалдырған әртүрлі пішіндегі айқыш-ұйқыш үлкенді-кішілі іздері жатыр. Қардың асты түгелдей кесекті де қырлы тастар екен. Олардың арасынан ұзындығы адамның белінен асатын қамыс құрағы, бүрген және қаңбақ шөп, сарғыш тартқан шөптер Ішкі Қытайдың тақыр тауларындағы молалардай бірыңғай құлазып тұр. Екі жігіт асқан сақтықпен тізгінді ұстаса да, тұлпарлары бұрынғыдай оқтын-оқтын сүріне берді. Бұл – жейтін шөбі болмаған, төрт түлік мал келмейтін жер. Мұнда Чен Чжен мен Яң Кэ де ешқашан келіп көрмеген.
Сарытөстің үні барған сайын жақын естілді, бірақ екі адам оны әлі де көре алмады.
- Мұнда жабайы аңдардың іздері көп екен. Сарытөс бір түлкіні ұстап жүрмесін. Тезірек барайық, - деді Чен Чжен.
- Ондай болса, еңбегіміз тегін кетпеген болар еді, - деді Яң Кэ.
Ақырында, екеуі қалың бүргенді айналып өтіп, жыраның түбіне түсіп, иіріліске бұрылғанда Сарытөсті көрді. Бұл жолы Чен Чжен мен Яң Кэ тіпті де қатты таңданды: құйрығын шошайтқан Сарытөс бұдан да үлкен, тіпті де қап-қараңғы апанға қарап абалап үруде. Қасқырлардың иісі мығым жыраның іші сұсты да үрейлі көрініп, суық жел аңырауда. Чен Чженнің төбе құйқасы бір ауық шымырлай кетті. Ол көкжалдар тобы торуылдаған жерге аңдамай кіргендей, сан-санақсыз бөрілердің көздері көрінбейтін жерден өзіне қадалып тұрғандай сезінді. Қорқыныштан оның тұла-бойының түктері дәу кірпінің қылтандары секілді тікірейіп кетті.
Екеуі жерге түсіп, аттарын шідерледі. Сосын саймандарын ұстаған күйі үңгірдің алдына жылдам барды. Бұл апанның ту сырты солтүстікте, кіретін ауызы оңтүстікке қараған. Шамамен бір метр биіктікте орналасқан үңгір аузының ені 60 см құрайды. Чен Чжен мұндай үлкен апанды бұрын көрмеген-ді. Бұнысы оның орта мектепте оқыған кезде Хэбэй өлкесінің Пиңшән ауданына ауыл шаруашылығын үйренуге барғанда көрген жапондарға қарсы соғыс кезеңіндегі жер асты жолының аузынан да үлкен. Бұл апан үлкен жылғаның ішіндегі жырашықтың қатпарында тасаланып орналасыпты. Жыраның ішінде тікенді қурай самсып тұр, ал астында үшкір тастар тікірейіп жатыр. Жақындап бармаса, оны байқау қиын. Екі иесін көрген Сарытөс демде серпіліп, Чен Чженнің айналасында ырғып-секіріп, үлкен істі тындырғандай арсалаңдады.
- Мына апанда, сөзсіз, бірдеме бар. Сарытөс жаңа бөлтірікті көрген болуы керек. Қарашы, ол маған еңбегін мақтан етіп жатыр, - деді Чен Чжен Яң Кэге.
- Қарасам, солай сияқты. Мынау нағыз қасқыр ұясына ұқсайды – қараңғы да үрейлі екен, - деді Яң Кэ.
- Көкжалдың күлімсі иісі мұрынды жарады. Сөзсіз, бөрі бар, - деді Чен Чжен.
Чен Чжен дереу еңкейіп, апанның сыртындағы текшедегі іздерге көз жіберді. Сырттағы текше қасқыр апан қазғанда шығарған тас-топырақ үйіндісі болып табылады. Апан үлкен болған сайын текше де соншалық үлкен болады. Мына текшенің үлкендігі екі партаның үлкендігіндей еді. Оның үстінде қар жоқ, көптеген табан іздері, сондай-ақ біраз ұсақ сүйектер жатыр. Чен Чженнің жүрегі дүрсілдеп кетті – мынау нағыз өзі көруге ынтыққан нәрсе еді. Ол Сарытөсті текшенің үстіне шығарып, өздерін күзету үшін жанына тұрғызды. Сосын Яң Кэ екеуі текшенің жанында тізерлеп отырып, еңкейген күйі іздерді байыптап тексерді. Сарытөс текшедегі бұрынғы іздерді басып, шатыстырып жіберіпті, бірақ екі жігіт бірталай бұлтартқысыз дәлелдерді – ірі көкжалдың екі-үш және кішкене бөлтіріктің бес-алты табан іздерін тапты. Бөлтіріктің іздері шытыргүлге ұқсап, үлкендігі никель ақшаның екі тиынындай дөңгеленіп түсіпті. Әдемі де әсем, өте сүйкімді көрінеді. Кішкентай іздер өте анық түскен. Бұл апандағы бөлтіріктер текшенің үстінде жаңа ғана асыр салып ойнап, бейтаныс иттің үргенін есіте сала үңгірге қайта кіріп кеткен сияқты. Ал тақтайдай тегіс және қарсыз мына текше өлекшін әдейі кішкене бөлтіріктер үшін тазалаған үйдің сыртындағы ойын алаңы тәрізді. Оның үстінде сондай-ақ бірталай қозылардың ұсақ сүйектерінің қалдықтары және бұйра тері шашылған. Қозылардың жұмсақ сүйегінде кішкене бөлтіріктердің қажалаған іздері мен майда тістерінің жіңішке іздері көрінуде. Сондай-ақ текшенің жанында олар жаңа ғана тышып үлгерген бірнеше құмалақтар байқалды. Жуандығы шөке таяқшаларының жуандығындай, ұзындығы шамамен екі елі құраған қап-қара жалтыр құмалақтар қытайлық медицинада қолданылатын майда бал домалақ дәрі-дәрмекке ұқсайды.
- Мен іздеген кішкене бөлтіріктер дәл осы апанның ішінде. Біз екі үлкен пенде әлгі құртқаға алданыппыз, - деді Чен Чжен алақанмен өз тізесін қатты соғып.
Кенет кілт есін жиған Яң Кэ де текшені барша пәрменімен бір ұрған соң айтты:
- Рас, әлгі өлекшін алғашында дәл осы үңгір жаққа жүгірген-ді. Ол төбешіктің үстінен адамдардың қарасын байқап, тұтқиылдан уақытша бағдарын өзгертіп, екеуімізді әлгі бос үңгірге алдап апарған ғой. Ол тіпті бөлтірігін қорғап жатқандай сыңай көрсетіп, иттермен өлердей арпалысты. Құдды балаларын қорғауға бола өз өмірін ойыншық көретіндей ұқсайды. Шешеңді сенің.... бөрі. Сенің айлакерлігіңе шынымен де қол қойдым!
- Ол бағытын өзгерткен кезде, мен де сәл күдіктеніп едім. Алайда, кейін ол шындай етіп ұқсатқандықтан, күдіктен арылып қалдым. Ол расында да ахуалға қарай құбыла да, бейімделе де біледі екен. Егер сен жарылғыш оқ-дәріні қолданбағанда, ол бізді қара кешке дейін айналдырып, тірідей көмуі даусыз, - деді Чен Чжен еске алып.
- Сәті түскенде, бізде мына екі жақсы ит болды. Олар болмағанда, екеуіміз әлдеқашан қасқырмен арадағы шайқаста жеңіліп, сүмірейіп қайтады екенбіз, - деді Яң Кэ.
- Қазір тіпті де қиын болды. Мына өлекшін екеуімізге қиын мәселені тағы артты. Ол бізді жарты күндік уақыт пен үш дана «химиялық бомбаны» бекерге жұмсатты. Таудың «қарнында» орналасқан мына үңгір жаңағы апаннан да терең әрі күрделі, - деді қамыққан Чен Чжен.
Еңкейіп үңгірдің ішіне ұзақ қараған Яң Кэ айтты:
- Уақыт кеш болып барады. «Химиялық бомба» да қалмады. Шынымен де басқа амал да қалмаған сияқты. Меніңше, алдымен осы апаннан шығатын басқа тесіктерінің бар-жоғын іздестіріп көрейік. Содан соң үңгірдің барлық ауыздарын түгел бітеп тастайық. Ертең көбірек малшыларды ертіп келіп, бір амалын қарастырайық. Сен де атадан сұрап көр. Оның ақыл-кеңесі ең көп, ең іске жарамды.
Сәл қанағаттанбаған Чен Чжен өжеттене сөйледі:
- Менің бір амалым бар. Соны бір сынап көруге болады. Қарашы, мына апанның үлкендігі Пиңшән ауданындағы жер асты жолымен шамалас. Пиңшәннің жер асты жолына біз кіре алғанда, мына апанға қалайша түсе алмаймыз? Әйтеуір Эрлаң әлгі өлекшінмен өлердей алысып жүрген шығар. Мына үңгірде үлкен көкжалдың жоқ болуы ықтимал. Сен белбеумен аяғымнан байлап, мені ақырын төменге түсір. Бәлкім, бөлтіріктерге қолым жетпеуі де мүмкін. Жете алмаған күнде де, апанның ішкі құрылысын өз көзіммен бір көрейін.
Яң Кэ ақырын басын шайқап айтты:
- Өлейін деп пе едің?! Егер ішінде тағы бір үлкен бөрі болса ше? Менің қасқырға алданғаным аз ба? Мына үңгірді әлгі өлекшіннің апаны деп айта аласың ба? Егер басқа көкжалдың апаны болып шықса ше?
Чен Чженнің көңілінде екі жылдан көбірек сақтап жүрген арман-тілегі кенеттен ұлғайып, бойындағы батылсыздық пен жасқаншақтықты басып тастады. Ол тістеніп деді:
- Моңғолдар балаларына дейін бәрі апанға кіреді. Біздерде кіруге батылдық жетпейді. Бұл масқара емес пе? Мен апанға түспей қоймаймын. Сен маған бір көмектес, мен қолшырақ пен темір шыбықты алып кіремін. Егер де шынында ішінде ірі бөрі болса, бір мезет оған төтеп бере аламын.
- Шынымен түсетін болсаң, онда алдымен мені түсіргін. Сен менен арықсың, мен сенен күштірекпін ғой! - деді Яң Кэ.
- Бұл дәл менің артықшылығым. Апанның іші тар. Сен түссең, кептеліп қаласың. Қазір таласпайық. Кім семіз болса, сол сыртта қалсын, - деді Чен Чжен.
Ол тонын шешті. Яң Кэ амалсыздан қолшырақ, темір таяқ және дорбаны оған берді, сондай-ақ Чен Чженнің әлгі ұзындығы екі метрдей моңғол белбеуімен оның аяқтарын байлады. Сосын өзінің ұзын белбеуін шешіп, Чен Чженнің белбеуіне жалғады.
- Қасқырдың ұясына кірмей, бөлтіріктерін ала алмайсың! - деді Чен Чжен үңгірге кірудің алдында.
- Егер шынымен де көкжалға тап болсаң, қатты дауыстап айғайла, белбеуді баршы күшпен сілкіп тартып, белгі бер, - деп қайта-қайта ескертті Яң Кэ.
Чен Чжен қолшырақты жағып, жерде еңбектеп, 40 градус көлбеудегі үңгірге төмен қарай сырғанады. Апан ішіндегі бөрінің қою күлімсі иісі оны тұншықтырып, кең тыныс алуға мұрша бермеді. Ол ақырындап төменге сырғи берді. Үңгірдің қабырғасы әлі біршама тегіс екен, кейбір жердегі топырақ пен тастарға бөрінің бірнеше көкшіл қылшығы ілініпті. Үңгірдің едені бөлтіріктердің табан іздеріне толып тұр. Өте қуанған Чен Чжен тағы бірнеше метр жылжыған соң бөлтіріктерді ұстау мүмкін болады деп ойлады. Оның денесі үңгірге толық кіріп кетті. Яң Кэ белбеуді аз-аздан саумалап: «Шығарайын ба? Шығару қажет пе?» деп дамылсыз дауыстап сұрай берді. «Белбеуді босат, белбеуді босатшы» деп дауыстады Чен Чжен. Онан соң екі шынтағын алды-артына жылжытып, аз-аздан төмендей берді.
Шамамен апан аузынан екі метрдей жерде үңгір біртіндеп бір жаққа бұрыла бастады. Тағы біраз ілгерілеген соң үңгірдің сыртындағы жарық апанның ішіне түспей қалды. Чен Чжен қолшырақтың тиегін алдына итерді. Үңгірдің ішіндегі көру дәрежесі тек қолшырақтың жарығымен ғана сақталды. Бұрылыстан өткенде үңгірдің көлбеулігі кенеттен тегістеле бастады. Алайда, үңгір ішіндегі жол кенеттен барған сайын аласарды һәм тарылды. Басты еңкейтіп, иықты қусырғанда ғана шама жеткенше ішке қарай қозғалу мүмкін болды. Чен Чжен бір жағынан жылжып, бір жағынан үңгірдің жолы мен қабырғаларын бажайлап шолды. Мұндағы қабырға үңгірдің аузындағы қабырғадан тіпті де жылтыр және мығым - қасқыр тырнағымен емес, қайта темір ломмен қазғандай. Иыққа тірелген қабырғадан сүйкенгенде топырақ пен шағыл өте аз уатылады. Үңгірдің төбесін ломмен ұрғанда да азғантай топырақ құлаған-ды. Бұл оның үңгір ішінің опырылуы жөніндегі алаңдаушылығының сейілуіне септігін тигізді. Көкжалдардың тырнақтармен осыншама тастай қатты таулы жерде мынадай терең апан қаза алатынына ол мүлде сенгісі келмеді. Үңгірдің қабырғасындағы тастардың қырлары егіліп, малта тастай тегістелген екен. Бұндай мүжілу дәрежесіне қарағанда, мына апан жүз жылдық көне апан болғаны сөзсіз. Кезінде қаншама үлкен-кіші бөрі, еркек қасқырлар мен өлекшіндер осы үңгірдің ішіне кіріп-шығып жүрді десеңші. Чен Чжен өзін көкжалдар әлеміне әлдеқашан толығымен кіргенін сезінді. Бөрілердің рухы оны жаулап алды.
Жер бауырлап, еңбектеген Чен Чженді барған сайын үрей биледі. Оның мұрнының астында бөлтіріктердің іздері үстінен басқан үлкен қасқырдың іздері жатыр. Егер де бұл үңгірдің ішінде ірі көкжал болса, мына темір таяқпен ұрып тоқтата алады ма? Үңгір тар. Бөрінің тістері адамға жетуі оңайға соқпауы мүмкін, бірақ оның екі ұзын алдыңғы аяқтары мен өткір тырнақтары мына тар үңгірде өз құдіретін көрсетеді ғой. Онда қасқыр оның дал-дұлын шығармай ма? Көкжалдың тырнағы қалайша есіме келмеген, ә? Оның тұла-бойындағы түктері тағы тікірейді. Екі ойлы болған Чен Чжен кілт тоқтай қалды. Аяғымен белбеуді тартса болды, Яң Кэ оны дереу сүйретіп шығарады. Дегенмен, ол қол созым жердегі сегіз-тоғыз, 10 шақты кішкене бөлтірікті ойлағанда, мүлде артқа шегінгісі келмеді. Сондықтан еріксіз тістерін қапсырып, белбеуге тиіспей, рухын жиып, ішке қарай жылжуды жалғастырды. Үңгірдің қабырғасы оның денесін орап-буып қойған сияқты. Ол өзін аңшыға емес, керісінше көр қазатын тонаушыға ұқсатты. Таза ауа шалаң тартқан сайын, бөрінің күлімсі иісі барған сайын аңқып, күшейе түсті. Ол шынымен де үңгірдің ішінде тұншығып өлуден қорықты. Археологиялық қазбалар көр тонаушылардың осындай тар үңгірдің ішінде өлгенін жиі кезіктіреді ғой.
Тіпті де тар үңгір ақыры оның алдын бөгеді. Бұл тар қысаңнан тек өлекшін ғана жер бауырлап әзер өте алады, ал ересек адамдар дәл кептеліп қалады. Бұны қасқырлар байтақ даладағы өздерінің жалғыз-ақ қас жауы үшін арнайы салғаны анық. «Көкжалдар да осы тар қысаңда түтін мен суды бөгейтін топырақты үйіп, белгілі бір дәрежедегі қорғаныс шебін салған екен ғой» деп ойлады Чен Чжен. Іс жүзінде, қорғаныс құрылғысы есептелетін осы тар қысаң шынымен Чен Чженнің жолын бөгеп тастады. Ол әлі де мойынсал болғысы келмей, темір таяқпен қысаңның бүйірін ұрғылап, өзіне жол салып, кеңейтпекші болды. Алайда, бөрінің дәл осы жерде тосқауыл жасау үшін таңдағанының бүкілдей өзіндік себебі бар еді. Чен Чжен бірнеше рет ұрған соң тоқтап қалды. Бұл қысаңның асты-үсті және оң мен сол жақтарында орналасқан түгелдей үлкен жықпыл тастар, үлкен жарықшақтар берік те қатерлі көрінеді. Чен Чженнің тынысы тарылды, қазып кеңейтуге күш-қайраты жетпеді. Қауқар жеткен күннің өзінде де одан әрі қазуға батылы бармады. Егер үсті опырылып құласа, онда ол керісінше қасқырдың тұзағына түскен аңға айналатын еді.
Чен Чжен көкжалдың күлімсі иісін көкірегін толтыра тыныс алды. Қайткенмен де үңгірдің ішінде аз да болса оттегі бар-тын. Бөлтіріктерді енді ұстай алмайтынына көзі жеткен оның сүлкіні түсіп, арыны қайтты. Дегенмен, ол дереу шегіне қоймады. Бірер кішкене бөлтірікті бір көзбен көруге үміттенген ол қысаңның ар жағындағы құрылмаға қарауды әлі де армандады. Чен Чжен ең соңғы қайратын ең ақырғы бір үмітіне толығымен жұмсады. Ол басы мен оң қолын тар қысаңға сұқты, сосын білегін созып, қолшырақты жақты. Көзінің алдындағы көрініс оның үмітін біржолата үзді: қысаңның ар жағы біртіндеп жоғарылаған қуыс жол екен. Онан ар жағында ешнәрсе де көрінбейді. Үстіңгі жағы сөзсіз бұдан да құрғақ та жайлы, өлекшіннің бөлтіріктерді бағуына тіпті де қолайлы, Тәңірдің немесе қас жаулардың су жіберуінен қорғануға болатын орын-жай шығар. Апанның күрделі ішкі құрылысы жөнінде алдын-ала идеялық дайындығына қарамастан, көз алдындағы мына өнімді қолданылған «қорғаныс объектісі» оны таң қалдырды.
Чен Чжен құлағын түре тыңдады. Үңгірдің ішінде ешбір дыбыс естілмеді. Бөлтіріктер түгел ұйықтап жатқан болуы мүмкін немесе өздерінің жаратылысынан жасырыну қабілетіне қарай үңгірге кірген бөтен дыбысты естіп, үн шығармай жатса керек. Егер де тынысы тарылмағанда, Чен Чжен үңгірден шығудан бұрын оларға «Монтиған сүйікті бөлтіріктер, есікті ашыңдар....» деген бір шумақ әнді айтуды ойлаған-ды. Өкінішке орай, қытайлық «нағашы атасы» моңғолдың «нағашы апасының» бөлтірігін құшағына салып әкете алмады. Ақырында тынысы тарылған Чен Чженнің басы айналып, көзі қарауытты. Ол ең соңғы барлық күш-қуатын жинап, аяғын тартқылады. Яң Кэ әрі сабырсыздана, әрі желпіне белбеуді төтенше күшін сала арқанды тартқандай оны шапшаң үңгірдің аузына сүйреп шығарды.
Үсті-басын шаң басқан Чен Чжен үңгірдің сыртында сілейіп отырған халде кеудесін кере тыныстады және бір жағынан Яң Кэге: «Бекер болды. Тажалдың үңгірі сияқты. Түбіне ешбір жете алмадым» деді. Яң Кэ үміті үзілген халде тері тонын Чен Чженнің үстіне жапты.
Екеуі демін алғаннан кейін, жарты сағат бойы төңіректегі 100-200 астам метрдей аумақтың ішін аралап, апанның тағы бір аузын ғана байқады. Сол арада бөрілер қозғалта алмайтын бірнеше ірі тас қопарып шығарылып, үңгірдің басты аузы және кейін табылған аузы жауып бекітілді, сондай-ақ саңылаулар топырақпен мықтап қымталды. Кететін кезде әлі де тынышталмаған Чен Чжен сес көрсету ретінде темір күректі басты апанның аузына шаншып қойды. Онысы өлекшінге ертең олардың бұдан да көп адаммен келіп, тіпті де сұрапыл әдістерді қолданатынын айқын білдіргені еді.
Ымырт түсе бастады. Эрлаң әлі қайтпады. Анау өлекшін зымиян да айлакер болып шықты. Эрлаңның айбаты мен батырлығына ғана сүйеніп, оны жеңу қиынға түсті. Чен Чжен мен Яң Кэ Эрлаң үшін алаңдай берді. Екеуі Сарытөсті ғана ертіп, үйге қайтты. Қонысқа келгенде, аспан қап-қараңғы болды. Гао Цзянчжуңға аман-есен қайтқандарын білдіру үшін Чен Чжен Яң Кэге саймандарды артып, Сарытөсті қосып, алдымен үйге жіберді. Ал өзі дереу аттың басын Білге-атаның отауына қарай бұрып, шаба жөнелді.
10
Моңғолдардың кейбір жылнамаларының көшірме нұсқаларында төмендегідей баяндалған: ....Тайшығұттар Қайду-ханның (Шыңғысханның алтыншы атасы) баласы Саурақ Ланқиядан тараған.... Қайду-ханның үш баласы болған. Үлкен баласының есімі Бошыңгыр (Шыңғысханның бесінші атасы). Шыңғысханның ата-бабаларының бір тармағы өздерін.... Екінші баласының есімі - Саурақ Ланқия.... Өз ағасы Бошыңгыр өлгеннен кейін, Саурақ Ланқия жеңгесін әмеңгерлікке алады. Ол – Тунбиней-ханның (Шыңғысханның төртінші атасы) шешесі.... Ол осы әйелден екі ұл бала сүйеді: бірінің есімі Тендо-чына, тағы бірінің есімі Орукшын-чына еді.... Жоғарыда баяндалған екі есімнің мағынасы «Арлан бөрі» және «Құртқа (ұрғашы қасқыр)».... Осы екі баладан тараған ұрпақтардың бұл тармағы «чынас» деп аталыпты («Чына» сөзі моңғол тілінде көкжал деген мағына береді. «Чынас» сөзі «чына» сөзінің көптік мағынасы, «бөрілер» деген мәнді білдіреді).
«Тарихи Рашиди» кітабының 1-тарауы (парсы тіліндегі нұсқасы)
Ақсақал сары темекісін тарта отырып, бүйірі бүлк етпей Чен Чженнің баяндағанының үн-түнсіз тыңдап болған соң, оған жақсылап бір ұрысты. Оның ең ашуы келгені – екі қытайлық студенттің жарылғыш оқ-дәрімен апанын жарғаны. Жарылғыш оқ-дәрінің апанда жарылғанда мұншама үлкен дүмпу мен нәтиже тудыратынын ол бұрын білмеуші еді. Қария қапсырып ұстаған муштіктің күміс дөңгелек оттығының қақпағы арт-артынан сыңғырлаған металлдың дауысын шығарды. Ол сақалын дірілдете Чен Чженге:
- Күнә жасапсыңдар, күнә жасадыңдар.... Сендер жарылғыш торсылдақпен құртқаны апаннан қудыңдар. Сендер қытайлар от жағып, түтін салатын моңғолдардан да көп есе асып кеттіңдер. Ұрғашы қасқыр топырақ қазуға, үңгірді бекітуге уақыты да болмаған. Қасқырлар оқ-дәрінің иісінен қатты қорқады. Егер де сендер бөлтіріктер тығылған апанды жарсаңдар, онда үңгірден қашып шыққан бір ұя бөлтірікті қолды қылады екенсіңдер. Бөлтіріктерді осылайша қырсаңдар, көп уақыт өтпей-ақ сахарадағы көкжалдар түгел жойылып таусылады. Оларды соғу керек, бірақ бұлай қырып-жоюға болмайды. Осылай қынадай қырсаңдар, Тәңірдің ашуын шақырасыңдар. Кең дала да быт-шыт болады. Бұдан былай апанды жарушы болмаңдар. Жас жылқышыларға және басқа кісілерге үңгірді жарғандарыңды ешқашан айтуға болмайды. Жас жылқышылар сендерді жаман жолға бастауы мүмкін....
Ақсақалдың осынша қатты ашуланатынын Чен Чжен ойламаған еді – қарияның сөзінен апанда жарылыс жасау арқылы бөлтіріктерді ұстаудың ауыр зардап туылатынын білді. Осы әдіс жаппай қолданылса, апанның ішіндегі қорғану құрылысы қанша мықты болғанмен, жарылғыш заттың орасан зор гүрсілі мен оқ-дәрінің ащы иісіне тосқауыл бола алмайды. Сахарада мейрамдарда тарсылдақтарды жарып, от-шашу жағатын әдет-дәстүр ешқашан болған емес. От-шашулар мен тарсылдақтар байтақ далаға ауып келген келімсектер және жер аударылған зиялы жастар тарапынан әкелінген. Кең далада оқ-дәрі қатаң бақылауға алынатын, бірақ жарылғыш тарсылдақтар әлі есепке алынбаған-ды. Қытайдың ішкі өлкелерінен сахараға дейінгі жолдың бойында қатаң тексеру-тектеу болмағаны себепті, жарылғыш заттар өте емін-еркін әкелінеді. Егер жарылғыш заттар, қызыл бұрыш, көздің жасын ақтыратын оқ-дәрілер иен далаға көптеп жөткеліп, бөрілерді қазып шығару һәм қырып-жою үшін қолданылса, онда ондаған мың жылдар бойы иен даланы билеген қасқырлар қатыгез тағдырдан қашып құтылмауы, бұдан соң біржолата жойылуы мүмкін. Жарылғыш оқ-дәрілер байырғы көшпенді мал шаруашылық сатысында тұрған байтақ сахара үшін бүкілдей дәуірлік (заманалық) жойымпаз күшке ие еді. Бір халықтың тотемі жойылса, сол халықтың рухы да қылқындырып тұншықтырылуы ықтимал ғой. Бұған қоса, моңғол халқының тіршілігіне арқа сүйеу болған иен дала да ізінше жоғалатыны хақ....
- Ата, ашуланбаңызшы. Мен Тәңірге уәде беремін. Бұдан кейін апанды жарылғыш оқ-дәрімен жармаймын. Бұл әдіс-амалды басқа адамдарға үйретпеуге кепілдік береміз, - деді біршама шошыған Чен Чжен маңдайының терін сүртіп жатып.
Чен Чжен екі рет ерекше уәде етті. Ұлан далада бедел мен сенім моңғол малшыларының табан тірейтін тиянағы, ұлы хан-қағандар қалдырған жарлықтардың бірі болып табылады. Осы уәде сөзге кепілдік етудің салмағы айрықша ауыр. Далалық ру-тайпалардың ішінде ежелден сертке берік сенген. Моңғолдар кейбір уақытта арақтан мас болғанда бірер уәделер береді. Сол себепті, жақсы ит, жылқы, пышақ, құрықтан айрылады. Тіпті өз жарынан да айрылған істер болған.
Қарияның өң-шырайы жадырай бастады. Ол Чен Чженге қарап:
- Қойлар мен жылқыларды қорғау үшін көкжалдарды өлтіруге дайын екеніңді білемін. Алайда, иен сахараны қорғау төрт түлік малды қорғаудан әлдеқайда маңызды. Қазіргі жас балалар мен жас жылқышылар кешке дейін бөріні соғуда жарысып жүр, жөн-жосықты білмейді.... Радиода қасқырларды өлтіретін осынау қаһармандар барынша көкке көтерілуде. Егіншілік аумақтың адамдары далалы мал шаруашылығы өңірін келіп басқаруы расында да қатерлі - ойына келгенін істейді. Осылай кете берсе, иен даланың халқы бұның зардабын әлі тартатын болады...., - деді.
Касымай Чен Чженге бір кесе қой етінен жасалған кеспені берді, сондай-ақ кішкене күбіге шыланған жабайы джусайды оның алдына әдейілеп қойды. Келіншек ошақтың жанында тізерлеп отырып, ақсақалға тағы бір кесе кеспе құйып беріп, Чен Чженге сөйледі:
- Атаңның сөзіне қазір құлақ асатындар азайып барады. Басқаларды көкжалдарды өлтірмеуге шақырған кісінің өзі де көптеген бөріні соғып жүрсе, атаңның сөзіне кім сенеді?
Қария амалсыздан зорлана жымиып, келіннің сөзін жалғастыра Чен Чженнен сұрады:
- Ал сен атаңның сөзіне сенесің бе?
- Мен сенемін. Мен шын сенемін. Қасқырлар болмаса, байтақ дала оңай тозады. Оңтүстік-шығыс жақтағы өте алыс жерде Австралия деген мемлекет бар. Оның ұлан-байтақ кең даласы бар. Ол жерде бұрын көкжалдар да, қояндар да болмаған екен. Кейін біреулер сол елге қояндарды әкеліпті. Қояндардың кейбірі иен далаға қашып кеткен. Кең сахарада бөрілер болмағандықтан, барған сайын өрбіп-көбейген қояндар жайылымдардың бәрін кедір-бұдыр ойлы-шұңқырлы етіп, індерді қазады, шөптің көбін жеп тауысады. Осылайша Австралияның мал шаруашылығына орасан зор зиян келтіріледі. Қопақтаған Австралия үкіметі әртүрлі шаралардың бәрін қолданыпты, бірақ баршасы да өнімсіз болыпты. Кейін қыруар темір сымнан керегелі торларды көптеп жасап, жайылымдарда төсеген екен. Шөптер өсіп шыға алатын, бірақ қояндарды жердің үстіне шығартпайтын әрекет қолданылған. Австралиялықтар осы арқылы қояндарды толығымен жердің астында аштан өлтірмекші болады. Алайда, бұл шара да сәтсіздікке ұшырайды. Дала аса кең-байтақ, үкімет осынша көп сым темірді қайдан шығарсын. Алғашында мен Ішкі Моңғолияның сахарасы қандай тамаша, қояндар міндетті түрде өте көп болуы керек деп есептейтінмін. Алайда, Олұн даласына келгеннен кейін ғана мұндағы қоянның көп еместігін байқадым. Бұл, күмәнсіз, қасқырлардың еңбегі деп ойлаймын. Мен қой бағып жүрген кезде, көкжалдардың қоян ұстағанын талай рет көрдім. Екі бөрі қоянды аулағанда, тіпті де бір қуғаннан-ақ дәл ұстайды, - деді Чен Чжен.
Өте құштарлана тыңдаған ақсақалдың жанары біртіндеп жұмсарып: «Австралия, Австралия, Австралия» деп аузынан тастамай тоқтаусыз күбірледі. Сосын ол айтты:
- Ертең сен маған картаны ала кел. Мен Австралияны көрейін. Бұдан соң егер де кімде-кім қасқырларды қырып тауысу керектігін тағы айтса, мен оған Австралияны айтып беремін. Қояндар жайылымды құртатын болса, сұмдық орнайды дей бер. Олар бір жылда бірнеше рет көжектейді. Бір індегі көжектердің саны бір апандағы бөлтіріктен әлдеқайда көп болады. Қыс келгенде суырлар мен тышқандар індерін бекіп, шықпай жатып алады. Ал қояндар тағы шығып алып, жейтін азық іздейді. Олар – көкжалдардың қысқы азығы. Бөрілер қояндарды жесе, қойларды азырақ жейтін болады. Дегенмен, осыншама қырғындаса да, қояндар бәрібір таусылған емес. Егер де қасқырлар болмаса, адамдар қырда үш қадам басқан сайын бір тесікке түсіп, қояндардың індерінен аяғын алып жүре алмайтын еді.
- Ертең Сізге картаны әкелейін. Менде дүние жүзінің үлкен картасы бар, әбден қанғанша көріп алыңыз, - деді шапшаң Чен Чжен.
- Жақсы. Неше күннен бері шаршап-шалдықтың. Ертерек қайтып демал, - деді қария. Чен Чженнің әлі де кеткісі келмегенін байқаған ол сауал қойды:
- Сен кәрі атаңнан әлгі апандағы бөлтіріктерді қалай шығаруды сұрамақсың ғой?
Чен Чжен сәл іркіліп, басын изеп жауап берді:
- Бұл менің бөлтірік ұстауға тұңғыш рет барғаным. Ата, тым болмаса мені бір рет бөлтірік ұстайтын етіңіз.
- Сені үйретуге болады, бірақ бұдан соң оларды көптеп ұстаудың қажеті жоқ, - деді ақсақал.
- Сөзсіз солай болады, - деп Чен Чжен тағы бір рет уәде берді.
Сүтті шайды бір ұрттаған қария сырлана күліп қойып:
- Сен егер де атаңнан сұрамасаң, сол апандағы бөлтіріктерді тағы ұстаймын деп ойлама. Меніңше, ең жақсысы – сол өлекшінді тыныш қойсаңшы. Қылған ісіңді шектен асырмағын.
- Мен қалайша бөлтірікті ұстай алмадым? - деп дегбірсізденіп сұрады Чен Чжен.
- Әлгі апанды жарып жіберіпсіңдер. Тағы мына бір апанның ішіне еніп кірдіңдер, - деді шырайынан күлкі ғайып болған ақсақал, - Үңгірдің ішінде адамның иісі қалды. Үңгірдің аузын да бітеп тастадыңдар. Бүгін түнде ұрғашы қасқыр міндетті түрде көшіп, орнын ауыстырады. Ол басқа жерден тесіп кіріп, бөлтіріктерді үңгірден алып шығады, сосын басқа жерде уақытша үңгір қазып, бөлтіріктерін сонда жасырады. Бірнеше күннен соң, ол тағы көшеді. Адамдар таба алмайтын жерге жеткенше көше береді.
- Бұл уақытша үңгірді оңай табуға бола ма? - деп жалма-жан сұрады жүрегі дүрсілдеп кеткен Чен Чжен.
- Адам ешбір таба алмайды. Иттер табуы мүмкін. Сенің Сарытөсің, сондай-ақ екі қара итің де жарайды. Байқасам, сен шынымен де осы өлекшінді таппай қоймауға бел байладың ба? - деді ақсақал.
- Ата, болмаса ертең бізді өзіңіз ертіп барыңызшы. Яң Кэ де көкжалға алданудан қорқатынын айтты, - деді Чен Чжен.
- Мен ертең солтүстік жаққа қақпандар құруға барамын, - деді қария күліп, - Кеше кешке екеуіміз құрған қақпанға бір үлкен бөрі түсіпті. Мен оған тиіспедім. Солтүстіктегі қасқырлар тобы ашықты. Қайта оралыпты. Ертең қақпандардың бәрін түгендеуім мүмкін. Бұл екі күнде сен ұйқыңды әбден қандырып алғын, саятқа әзірлен. Ең жақсысы, мына жұмысыңды аң аулағаннан кейін бірдеме қылармыз.
Бір мезет сасқалақтап қалған Чен Чженнің өңі қуарды. Ақсақал оған қарап, лебізін жұмсартты:
- Болмаса, ертең алдымен екеуің барып көріңдер. Апанда көкжалдардың иісі күшті болады. Иттерді ертіп, көбірек айналып іздесеңдер, табасыңдар. Жаңа үңгірлер онша терең болмайды. Егер де өлекшін бөлтіріктерді басқа үлкен апанға жөткесе, онда қазу оңайға түспейді. Бөлтіріктерді қазып алу салым-тәлейге байланысты болады. Егер де қазып ала алмасаңдар, мен барайын. Мен барсам, Баярды ғана апанға кіргіземін.
- Сен жаңа айтқан әлгі апандағы қысаңнан мен өтуім мүмкін. Апанға кіргенде шапшаң әрекет етсең ғана табысқа жетесің. Әйтпесе, тұншығып өлесің. Бүгін мені ерткеніңде, бөлтіріктерді түгел алып шығатын едім, - деді кішкене Баяр асқан білгірлікпен.
Чен Чжен отауына қайтса, Яң Кэ әлі оны күтіп отырған екен. Чен Чжен Білге-атаның ұйғарымы мен ой-пікірін оған екі рет жеткізіп берді. Яң Кэ сонда да көңілі орнықпағандай сыңай танытты.
Түннің ортасында Чен Чжен иттердің жойқын абалаған үндерінен оянды. Эрлаң қайтып келген екен. Ол бөрілер тобының қоршауына түспеген секілді. Оның отаудың сыртында ширақ басып, жүгіргенін, үйді айнала қорғап-күзеткенін естіген Чен Чжен оған тамақ беріп, жарасын таңып қойғысы келді. Алайда ол қатты қалжырағандықтан, аунауға да шамасы келмеді. Төбеттің үргені тоқтай сала, ол да қалың ұйқыға шомды.
Таңертең Чен Чжен оянған кезде, Яң Кэ мен Гао Цзянжуңның Доржымен ошақ қасында ет жеп, шай ішіп, бөлтіріктерді қазып алу ісін ақылдасып жатқанын байқады. 3-топтың бақташысы Доржы 24-25 жасты алқымдаған, зейінді де көпті көрген жігіт еді. Орта мектепті бітірген соң, аулына оралып малшы болған, сондай-ақ отрядтың бухгалтері қызметін қосымша өтейтін. Мал шаруашылығы отрядының әйгілі аңшысы есептелетін. Оның әкесі Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігіне (Дуңбэй) жақын жартылай егіншілік, жартылай мал шаруашылығы аумағынан келген. Ферманың құрылғанына көп өтпей ол бүкіл отбасымен ауып келіп қоныстанған, үлкен отрядтағы азын-аулақ «дуңбэйлік» моңғол жанұяларының бірі болатын. Олұн сахарасында мемлекеттің солтүстік-шығыс бөлігінің моңғолдары және жергілікті моңғолдардың әдет-ғұрпы мен салт-санасында өте үлкен айырмашылық бар. Соған бола өзара үйлену-некелесу аз. Жартылай егіншілікпен шұғылданатын «дуңбэйлік» моңғолдар қытай тілінің дуңбэйлік акцентінде жатық сөйлейді. Олар жер аударылған бейжіңдік оқушылардың ең алғашқы аудармашысы және мұғалімі болып алған. Алайда, Білге-ата қатарлы кәрі малшылар олармен араласпайды. Зиялы жастар да олардың арасындағы қарама-қайшылықтарға араласқысы келмейді. Яң Кэ таңертең ерте Доржыны шақырып, тағы да алданбау немесе қатерге жолықпау үшін одан ақыл-кеңес сұрамақшы, өздеріне кеңесші де серік етіп ертпекші болды. Доржы – «қоянды көрмей қаршығасын ұшырмайтын», яғни істің байыбына жетпегенше іске кіріспейтін аңшы. Оның келуімен бөлтіріктерді қазып шығарудағы сенім көптеп артты.
Орнынан асыға тұрып, киімін киген Чен Чжен Доржымен амандасты. Ол Чен Чженге күле тіл қатты:
- Сен сүмелек апанға кіріп, қасқыр алмақсың ба? Бұдан былай абайлап жүр. Өлекшін сенің иісіңді біліп қойса, қайда барсаң, артыңнан қалмайды.
Шошығаннан фуфайкасын теріс киген Чен Чжен асыға сөйледі:
- Онда біз шынымен сол ұрғашы қасқырды өлтіруге тиістіміз. Әйтпесе мен қалай тірі қаламын?
- Сені қорқытайын дегенім ғой! - деді Доржы қарқылдап күліп, - Көкжал адамнан қорқады. Ол сенің иісіңді білген күнде де саған жақын жоламайды. Егер де бөрілерде бұндай үлкен қабілет болса, мен әлдеқашан оларға жем болатын едім. Мен 13-14 жаста апанға кіріп, бөлтіріктерді алып шығарғанмын. Мына қазірге дейін аман-сау жүрмін ғой.
- Сен біздің отрядтың қасқыр соғудың озатысың ғой. Жақын жылдардан бері қанша көкжалды өлтірдің? - деп сұрады көңілі орныққан Чен Чжен.
- Бөлтіріктерді есептемегенде, барлығы 60-70-тей ғой деймін. Бөлтіріктерді есепке алсақ, жеті-сегіз апанды тағы қосу керек.
- Жеті-сегіз апан деген ең кемінде 50-60 шығар? Онда сен өлтірген бөрілердің саны 120-130 данаға жақындапты ғой. Қасқырлар сенен өш алмады ма?
- Қалайша өшін алмайды? 10 жылдан бері үйімдегі жеті-сегіз итті талап өлтірді. Олар жеген қойдың саны бұдан да көп, санап тауысуға келмейді.
- Сен соншама көкжалды жойыпсың. Егер де оларды қырып тауыссаң, онда өлген адамды қайтпексіңдер?
- Біз, егіншілік аймағынан шыққан моңғолдар, сендер қытайлармен бірдей деп айтуға болады. Өлген адамды бөрілерге жегізбейміз, табытқа салып жерлейміз. Мұндағы моңғолдар тым мешеу, артта қалған.
- Өлген адамды қасқырларға тастау – осы жердің салт-дәстүрі. Тибетте адам өлсе, мәйітін құмайларға (бүркіттің түрі) тастайды ғой. Егер де сен мұндағы көкжалдарды қырып-жойсаң, жергілікті ел саған өшікпейді ме?
- Олұнның бөрілері аса көп. Оларды қалайша өлтіріп тауысуға болады? Үкімет малшыларға қасқырларды жоюға үндеуде. Біреуін өлтірген 100 қойды аман сақтайды, ал 10 ұя бөлтірікті ұстаса, 10 қора қойды құтқарады дейді. Мен өлтірген көкжалдарды көп деуге келмейді. Баингап коммунасында бөрі аулайтын бір қаһарман алдыңғы жылы көктемде бес апанның бөлтірігін қазып шығарған. Онысы менің 10 жылда қолға түсірген бөлтіріктермен қарайлас. Баингап коммунасында сырттан келген кірмелер мен «дуңбэйлік» моңғолдар көп, яғни қасқырларды аулайтын адам да көп. Сондықтан ол жерде көкжалдар аз.
- Олардың мал шаруашылық өндірісі қандай? - деп сұрады Чен Чжен.
- Оңып тұрған жоқ. Біздің фермамен салыстырғанда едәуір нашар. Олардың жайылымдары жақсы емес, қояндар мен тышқандар аса көп, - деп жауап берді Доржы.
Чен Чжен тонын киіп, Эрлаңды көру үшін үйден асыға шықты. Ол қораның есігінің сыртында терісі сыдырылған бір өлі қозыны жеп жатыр екен. Көктемде ауық-ауық аурудан, суықтан және аштықтан мерт болатын азын-аулақ қозылар иттердің ұнатып жейтін азығы саналады. Байтақ даланың иттері терісі сыпырылған өлі қозыларды ғана жейді, тірі қозыларға мүлде тиіспейді. Дегенмен, Чен Чжен Эрлаңның бір жағынан өлген қозыны кеміріп жатқанын, бір жағынан қораның ішінде асыр салып ойнақтаған қозыларға тақатсыздана сұқтанғанын байқап қалды. Чен Чжен оны дауыстап шақырды. Төбет басын көтерместен жерде жатқан күйде қозының етін жеп, құйрығын ғана ақырын бір бұлғады. Ал Сарытөс пен Ілбіс әлдеқашан жүгіріп келіп, аяқтарын Чен Чженнің иығына артты. Яң Кэ Эрлаңның жарасын бинтпен таңып қойыпты. Алайда, төбеттің бинттен ығыры шыққан тәрізді: қайта-қайта тістелеп жұлғысы келеді, сондай-ақ жараның бетін өз тілімен жалай береді. Оның мына рухына қарағанда, тауға тағы ертуге болатындай.
Таңертеңгі шайды ішіп, етті жеген соң, Чен Чжен көршісі Ғұмбаға жолығып, өзінің орнына қойларды тағы бағуды өтінді. Гао Цзянчжуң Чен Чжен мен Яң Кэнің бөлтіріктерді қазып алатынын көрді. Оның да бөлтірік ұстағысы келіп, Ғұмбаның баласына өзінің орнына сиырларды бір күн бағуды жалынды. Олұн сахарасында бір ұя бөлтірікті қазып шығару өте абыройлы іс болып табылады.
Төрт адам құрал-сайман, қару-жарақ пен бір күнге жететін азық-түлікті алып, сондай-ақ екі итті ілестіріп, Қаражартас тауына қарай жөнелді. Биылғы көктемнің суық та аязды екпінінің келуі қар көшкініндей тез, ал қайтуы жібекті суырғандай баяу болды. Төрт-бес күннен бері күннің сәулесі қалың бұлттарды бұзып жара алмады. Түнерген дала да малшылардың шырайын біртіндеп қара күрең түстен қызыл түске ауыстырды. Ал қардың астындағы майса шөптер ақырындап сарғайып кетті. Азғантай жасылдандырғышы да жоқ бұндай шөпті қойлардың да жегісі келмейді.
Доржы жыртық мақтаға ұқсаған бұлттар қатпарына қарады, бет-жүзінен шаттық лебі есе:
- Күннің суығанына бірталай күн болды. Бөрілердің қарнында ештеңе қалмады. Кеше түнде ауылдың барлық иттері қатты үріп шықты. Шамасы, қасқырлардың үлкен тобы әлдеқашан келген сияқты.
Төртеуі алдыңғы күні екі адам мінген аттардың ізін қуалаған халде екі сағаттан көбірек шапшаң жүріп, тікенді де қалың өсімдіктер өскен жыраға келді. Апан аузының қақ ортасына қадалған темір күрек әлі шаншулы тұр. Үңгір аузындағы текшенің үстінде үлкен көкжалдың бірнеше жаңа іздері жатыр, бірақ апанның аузын жапқан топырақ пен тасқа титтей де тиіспепті. Шамасы, өлекшін шаншылған күректі көріп, именген болуы керек. Екі ит апанның жанына келе сала лезде ширығып желпініп, бастарын төмен түсіріп, айналаны иіскелей бастады. Эрлаң бұдан да қатты өшігіп, көздерінен кек алудың жалыны ұшқындады. Чен Чжен қолын созып, жанындағы беткейді нұсқап, «Бас, бас!» деп екі рет дауыстады. Екі ит лезде екі бағытқа бөлініп, өз алдына бөрінің іздерін иіскелеп қуа жөнелді. Төрт адам апанның басқа бір тесігіне аяңдады. Мұндағы үңгір аузының жанында да қасқырдың жаңа іздері бар екен. Апанның аузын қалқалаған тас пен топырақ та сол күйінше жатыр. Доржы үш жігітке тағы жеке-жеке бөлініп, басқа індерді іздеуді бұйырды. Төртеуі екі рет айналуға шақ қалғанда, солтүстік жақтағы беткейдің ар жағынан Эрлаң мен Сарытөстің ырылдап үрген дауыстарын естіді. Төртеуі де жаңа індерді іздеуді тоқтатты. Чен Чжен дереу темір күректі жұлып алып, солтүстік беткейге бірге жүгірді.
Төрт жігіт беткейдің төбесінен асқан кезде, екі иттің беткейдің етегіндегі жазық жерде арсылдап үргенін көрді. Эрлаң бір жағынан үріп, екінші жағынан жерді қазып жатыр. Сарытөс те құйрық жағын шоқшита Эрлаңға жерді тарпуға жәрдемдесуде, тарпыған топырақты жан-жаққа шашуда. Доржы «Бөлтіріктерді тапты!» деп айғайлады. Желпінген төртеуі сәйгүліктердің тасқа сүрінгеніне мән берместен, жалма-жан беткейдің төбесінен екі иттің қасына желдірте шауып келді. Төртеуі аттарынан секіріп-секіріп түсті. Иттер иесінің келгенін көрсе де, жол бермей барша пәрменмен топырақты қаза берді. Эрлаң әлсін-әлі тұмсығын үңгірдің ішіне сұғып, әлденені тістеп шығаруға ұмтылды. Төбеттің жанына барған Чен Чжен оны бөксесінен мығымдап құшақтап, үңгірдің аузынан бері тартып шығарды. Алайда, көз алдындағы көрініс оның күдерін үзе жаздады: теп-тегіс жерде диаметрі шамамен 30 см кішкене ін ғана тұр. Бұрын көрген үлкен апандарға тіптен ұқсамайды. Іннің алдында ешбір текше жоқ. Тек қалдық қардың үстінде уатылған топырақ ғана үйілген екен. Екі ит осы топырақ үйіндісін қазбалап, тас-талқанын шығарыпты.
Гао Цзянчжуң бір көргеннен ернін шығара сөйледі:
- Мынау қайдағы апан? Ең әрісі, қоянның, болмаса суырдың іні шығар.
- Қараңдар, бұл жаңа үңгір екен. Топырақтың бәрі жаңа қазып шығарылған. Ұрғашы қасқыр бөлтіріктерді осы үңгірге көшірген болуы керек, - деді Доржы аспай-саспай.
- Көкжалдың жаңа апаны да мұнша кішкене бола ма? Үлкен бөрі бұған қалай сыяды? - деп сұрады Чен Чжен күмәнін білдіріп.
- Бұл – уақытша пайдаланатын үңгір. Өлекшіннің денесі жіңішке. Кіріп кете алады. Ол алдымен бөлтіріктерін салады, бірнеше күн өткеннен кейін басқа жерде оларға үлкен апанды қазып береді, - деді Доржы.
- Қасқыр ма, әлде қоян ба, бүгін бір тірі жануарды ұстасақ, аңға шығуымыз бекерге кетпеген болар еді. Былай тұрыңдар. Мен қазамын, - деді темір күректі сілтеген Яң Кэ.
Доржы лезде оны тоқтатып:
- Мен алдымен бұл үңгірдің тереңдігін, ішінде бірдеменің бар-жоғын қарап көрейін, - деді және құрығын алып, оның сабының жуан жағын үңгірдің ішіне ақырындап енгізді. Бір метрден астам аралыққа тыққаннан кейін Доржы қуана басын көтеріп, Чен Чженге қарап айтты:
- Ой, бір нәрсе бар екен. Жұп-жұмсақ. Өзің байқап көрші.
Чен Чжен құрықты алып, ақырын-ақырын жүгіртті. Шынымен де, қолындағы құрық жұп-жұмсақ та былқылдаған бір нәрсеге тигендей болды.
- Бір нәрсе бар екен, бар екен. Егер де бөлтірік шықса, жақсы болар еді, - деді қуанғанынан езуін жия алмаған Чен Чжен.
Яң Кэ мен Гао Цзянчжуң да құрықтың сабымен түртіп, ішінде, сөзсіз, тірі жануардың болғанын бір ауыздан айтты. Алайда, оның бөлтірік екенін ешкім де кесіп айта алмады.
Доржы құрықты тірелген жеріне дейін ақырын жүгіртіп, үңгірдің аузында құрықтың сабын нығыздап қысты. Сосын оны ақырын ғана суырып, жерге қойды. Үңгір жолының бағытын мөлшерлеп көріп, нақты орнын дәл тауыпты. Содан соң орнынан тұрған ол аяғының ұшымен өлшенген жерді нұсқап, сеніммен айтты:
- Мына жерді қазыңдар. Абайлаңдар, бөлтірікті жаралап қоймаңдар.
- Тереңдігі қандай? - деп сұрады Яң Кэнің қолындағы темір күректі жұлып алған Чен Чжен.
- Бір-екі кездей ғой деймін. Бір ұя бөлтіріктің жылуы тоң топырақты ерітіп жұмсартады. Аса қатты күштемесеңдер де болады, - деді Доржы екі қолымен өлшеген соң.
Чен Чжен темір күрекпен қардың қалдығын тазалап, күректі жерге бір қадап, аяғымен ақырын басты. Біртіндеп күшпен басқан жер бетінің қыртыс топырағы кенеттен «гүрс» етіп опырылып түсті. Екі ит опырылған тесікке жапа-тармағай жетіп келіп, өшіге арсылдап үрді. Басына ыстық қанның соққанын сезген Чен Чжен бір сәт меңірейіп қалды. Бір қазғаннан табылған мына нәрсе Батыс Хән әулеті патшасының моласын тапқаннан да қуанышты, нәтижелі іс болып сезілді оған. Шағыл аралас топырақтың астынан кенеттен сұр түбіт, қара қылшықты бір топ бөлтірік көріне кетті. Бірнеше секунд кідіріп қалған бейжіңдік үш зиялы жас: «Бөлтірік! Бөлтірік!» деп бар күшімен айғай салды. Чен Чжен мен Яң Кэ сол жерде есін жия алмай мелшиіп қалды. Күндерді түндерге жалғаған үрейлі де қарбалас, қатерлі де қалжыратқан бекініс, әуелде ең соңғы деп саналған бір соғыстағы қажырлы күрес, қанды қырғын немесе ұзақ мерзімді қалжыратып-шалдықтырған шығындату айқасы ойламаған жерден ең ақырында бір соққымен, бір күрек қазумен шешімін тапқандай болды. Екеуі көз алдындағы бұл кішкене жануарлардың бөлтіріктер екендігіне мүлде сенгісі келмеді. Рухқа ұқсап пайда болып, елеске ұқсап ғайып болатын, жүріс-тұрысы сырлы, соғысу айла-шарғыларды қанық білетін, Ұлы даланың қожайыны есептелетін көкжалдардың мына бірнеше бейжіңдік оқушыларға ұясын ең ақырында бұздырғаны оларды масайратып, төбелерін көкке жеткізгендей шаттандырды.
- Мен түс көргендей болып тұрмын. Мына бір топ бөлтірік бізді мең-зең етті ғой, - деді Яң Кэ.
- Сендердей екі бейжіңдік соқыр мысықтың Моңғолияның тірі бөлтіріктеріне кезігеді деп ойламаған едім. Менің бірнеше күн бойы жаттыққан сайыскерлік өнерім мен жұдырықтасу қабілетім бекерге жұмсалыпты. Бүгін қара күшімді жақсылап жұмсаймын деп едім, - деді Гао Цзянчжуң күліп.
Жүресінен отыра қалған Чен Чжен бөлтіріктердің үстіне жабысқан топырақ пен шағыл тастарды абайлап қағып, оларды зер сала санап шықты. Барлығы жеті екен. Кішкентай бөлтіріктер адамның алақанынан азырақ үлкен екен. Қап-қара кішкене бастарын бір-біріне түйістіріп жатқан жетеуі бір жерге ұйлығып, тырп етпей жатыр. Алайда, олардың көздері ашық. Көздерінде жұп-жұқа бозғыл перде әлі шағылыса көкшілденіп, сулана мөлдірейіп тұр. Көз қарашықтары қап-қара рең алыпты. Чен Чжен ішінен үн-түнсіз бөлтіріктерге: «Сендерді өте ұзақ іздедім ғой. Ақыры табылдыңдар» деді.
- Мына бөлтіріктердің туылғанына 20 күндей болыпты. Көздерін ашайын деп қалыпты, - деді Доржы.
- Олар ұйықтап қалған ба? Неге қозғалмайды? - деп сұрады Чен Чжен.
- Бөрі деген неме қаршадайынан айлакер болады. Жаңа ғана иттер үріп, адамдар дабырлағанда, бөлтіріктер шошып оянған. Олар қыбыр етпестен, өлген сияқты жатуда. Сенбесең, біреуін ұстап қарашы, - деді Доржы.
Чен Чжен өмірінде тұңғыш рет тірі қасқырды өз қолымен ұстады. Бөлтіріктің денесін төте ұстауға батылы жетпей, біраз батылсыздау бас бармағы және сұқ саусақпен ғана бір бөлтіріктің тікірейген дөңгелек құлағынан абайлап қысып, оны шұңқырдан суырып шығарды. Бөлтірік сонда да төрт аяғын салбыратқан күйде былқ етпеді. Аузын ақситып, айбар көрсету, барынша қарсыласу іс-әрекетін қолданбаған ол бөлтірікке емес, керісінше мысықтың өлі марғауына ұқсады. Кішкене бөлтірік үш адамның алдына әкелінді. Иттің күшіктеріне көзі әбден үйренген Чен Чжен мынадай жақыннан бөлтірікті көргенінде жабайы көкжал мен иттің арасындағы айырмашылықты лезде айқын сезінді. Жаңа туылған күшіктің жүндері біркелкі теп-тегіс те жылтыр болады, адамдарға ең алғашында ерекше сүйкімді әсер қалдырады. Ал бөлтіріктер толығымен басқаша – олар жабайы жануар. Денесіндегі жұқа да жұмсақ, құрғақ та сирек күл реңді жүннің арасынан әрі ұзын, әрі қатты, әрі қап-қара сирек қылдар қылтиып тұр. Үрпиген түктері қысқа, қылшығы ұзын, ретсіз де ала-құла. Тұла-бойынан тағылық еседі. Үлкен түкті талшын жемісіне ұқсаған денесін ұстағанда, тікенек қылдары қолға шаншылады. Бөлтіріктің басы әрі қап-қара, әрі суланған асфальттай қара жылтыр. Оның көздері әлі толық ашылмаған, бірақ түгелдей шыққан және езуінен ырсиып көрінген ұсақ тістерінен жыртқыштық пен жауыздықтың кескіні көрінуде. Жердің астынан қазып алынған бөлтіріктердің өне-бойынан топырақтың иісі және бөрілердің қоңырсы иісі аңқиды. Бұнысы тап-таза да сүйкімді иттің күшіктерімен салыстыруға мүлдем келмейді. Алайда, бөлтірік Чен Чженге керісінше Моңғолия даласындағы ең асыл, ең қастерлі, ең әдемі кішкентай тіршілік иесі болып көрінді.
Чен Чжен бөлтірікті қоя бермей әлі салақтатып ұстап тұр. Бөлтірік әлі де өлгендей сыңай танытып, титтей қарсылық көрсетпейді, дыбысын да шығармайды. Алайда, ол бөлтіріктің кеудесін сипалады. Ішіндегі жүрегінің дүрсілдеп соққан жылдамдығы адамды шошытарлық. Доржы: «Сен оны жерге қойып көрші» деді. Чен Чжен бөлтірікті жерге қойып еді: кенеттен оған жан бітіп, адамдар мен иттер жоқ жаққа барша күшпен жорғалады. Жылдамдығы құдды серіппесі қатты бұралған ойыншық машинаның жүрісіне ұқсайды. Екі-үш аттап, оған жетіп барған Сарытөс енді ауыз сала бергенде, үш адам дауыстап зекіп, оны тоқтатты. Чен Чжен дереу жүгіріп барып, кішкене бөлтірікті ұстап алып, брезент сөмкесіне салды. Сарытөс Чен Чженге аса ренжіген әлпетпен қарады. Ит бірнеше бөлтірікті өз аузымен шайнап өлтіріп, ішіндегі өшін шығарғысы келген секілді. Чен Чжен әлсін-әлсін құйрығын бұлғақтатқан Эрлаңның керісінше бөлтіріктерге қарап аңырап тұрғанын байқады.
Чен Чжен сөмкесін ашты. Үш оқушы лезде Бейжіңнің маңындағы жерде құстың ұясынан жұмыртқаларды тапқанына мәз болған үш тентек бозбалаға ұқсап кетті. Әрқайсысы таласа-тармаса бір-бірден бөлтіріктерді алып, құлақтарынан көтеріп, көзді ашып-жұмғанша апандағы бөлтіріктердің бәрін брезент сөмкеге салды. Чен Чжен сөмкенің ілмешегін жауып, ер-тоқымға байлап, қайтуға әзірленді. Доржы төңірекке көз жүгірте сөйледі:
- Өлекшін жақын жерде жүргені анық. Қайтқан кезде айналып жол жүрейік. Әйтпесе, ол ауылға дейін ілесіп барады.
Үш адам кенеттен қауіп-қатерді сезінгендей, сөмкеге салынған құстың жұмыртқалары емес, қытайлар естісе өң-түсі қашатын қасқырлар екені есіне түсті.
11
Саурақ Ланқия ағасы өлгеннен кейін жеңгесін әйелдікке алады. Екі бала туылады. Біреуі Ганду-чына, тағы біреуі Йулужін-чына деп аталады. Моңғол тілінде «чына» сөзі бөріні білдіреді.... «Шицзи» тарихнамасында екі баланың есімдері «Арлан қасқыр» және «Құртқа» деп айрықша түсіндірілген. Чынас руы осы екі баланың ұрпақтары екен.
«Юанши» жылнамасының «Патша әулетінің шежіресі» бөлімінде «чынас» сөзіндегі «с» есімдіктің көпше түрін білдіреді, көкжалдар деген мағына береді.
Хән Жулин. «Шыңғысхан жөніндегі 13 зерттеу»
Асығып-үсігіп атқа қонған үш адам Доржыға ілесіп, батыс тараптағы қамысты жерден өтті, сосын оңтүстікке бұрылып, сортаңды айналды. Аттың іздері оңай қалмайтын жерлермен арнайы жүріп, үйге жеделдете құйғытты. Жол бойы үш бейжіңдік оқушы біраз әбіржумен болды. Оларда жеңіске жету сезімі былай тұрсын, керісінше дәулетті байдың үйіне ұрлыққа түскендей қуыстанып келді. Ашу кернеген жоғалтушы қосындарын бастап, олардың іздеріне түсіп, өмірін бәйгеге тігіп айқасады ма екен деп қорықты.
Дегенмен, Чен Чжен өлекшін алып қашқан қозыларды есіне түсіргенде, көңілі азырақ орныққандай болды. Ол қойшы ретінде өлтірілген қозы-қошақандар үшін әйтеуір кек алғанын сезінді. Бір апанның бөлтірігін ұстау бір қора қойды аман сақтап қалғанмен бірдей. Егер олар бұл жеті бөлтірікті байқамағанда, сондай-ақ ұстап алмағанда, онда бұлар және бұлардың ұрпақтары күндердің бірінде қаншама малға қастық қылар еді. Бөрінің апанын қазып, бөлтірік алу – Моңғолиядағы далалықтардың қасқырлармен жүргізген тіршілік үшін соғысының өнімді айласы. Бөлтіріктердің ұясын қазып шығару көкжалдардың кішкене тобын жоюға тең келеді. Мына жеті бөлтірікті қолға түсіру қиынға түскенмен, жеті үлкен бөріні өлтіруден әлдеқайда оңай еді. Дегенмен, неге моңғолдар қасқырларды қырып-жоятын мұндай епті де өнімді соғыс айласын сонау ертеде-ақ ойлап тапса да, көкжалдардың апаты әлі бәсеңдемеген? Чен Чжен осы сауалды Доржыға қойды.
- Бөрілер аса зерек те алғыр саналады, - деді Доржы, - Олар бөлтірікті туатын уақытты таңдай біледі. Мыңдаған жылдар бұрын қасқырлар мен иттер бір жанұя болғанын бәрі айтады. Іс жүзінде, көкжалдардың айлакерлігін иттермен салыстыруға келмейді. Иттер әр жылы Чаған мерекесінен (Көктем мекересі, қытайлардың Жаңа жылы, қаңтардың аяғы және ақпанның басы) жарты ай өткенде күшіктейді. Ал бөрілер бөлтіріктеу үшін дәл көктемнің басталуын таңдайды. Бұл кезде қар жаңа ғана еріп, қойлар енді ғана төлдей бастайды. Көктемде малдың төлдеу мезгілі – көшпенділердің бір жыл ішіндегі ең қарбалас, ең маңызды, ең шаршап-шалдығатын һәм қолы тие алмайтын уақыт. Бір қора қой екі отарға бөлініп, барлық еңбек күштері қойлар отарына қосылатын кез. Адамдар шаршап-шалдыққаннан тамақ жеуге де мұршасы келмейді. Қасқырларды қазуға қауқар қайдан жетсін? Адамдар төл алып, қолдары босаған кезде, бөлтіріктер де есейіп, апанның ішінде тұрмайтын болады. Әдетте көкжалдар апанда жатпайды, тек өлекшіндер бөлтірік туатын кезде ғана апанды пайдаланады. Кішкене бөлтіріктер бір ай толғанда көзін ашып, тағы бір айдан астам уақыт өткенде шешесіне еріп, асыр салып жүре береді. Сол уақытта апанды қазуға шыққандар олардың әлдеқашан бос тұрғанын көреді. Егер де бөрілер жазда, күзде, қыста бөлтіріктесе, ол уақытта адамдардың бос уақыты көптеу болғандықтан, елдің бәрі апан қазып, бөлтірік ұстап, қасқырлардың тұқымын баяғыда-ақ жойған болар еді. Олардың көктемнің басында бөлтіріктеуінің тағы бір пайдасы: бұл мезгілде өлекшіндер қозы-қошақандарды ұрлап, бөлтіріктерді бағады һәм аң аулауға жаттықтырады. Жас қозының жұмсақ еті расында да бөлтіріктің ең жақсы азығы болып табылады. Қозы еті табылғанда, құртқа сүттің жетіспеушілігінен алаңдамайды. Он шақты бөлтірік болса да, бағып кете алады....
Яң Кэ ер-тоқымның бір соғып, айтты:
- Көкжал-ай, көкжал. Мен саған шынымен басымды идім. Бөлтіріктеу үшін де уақытты таңдайды екен. Солай емес ме? Көктемгі төлдеу адамдарды қатты шаршатады. Мен төлдейтін қойлардың отарына ілесіп жүріп, әр ретте төрт-бес қозы салынған киіз қапты арқалап, күніне екі аралықта он неше рет әрі-бері жүгіремін. Жұрттың бәрі шаршағаннан құлап жығылады. Біздің тұңғыш рет апаннан бөлтірік алғанымыз таңсық білінгені болмаса, кім бұған бұнша үлкен күш жұмсайды! Бұдан кейін бөлтірік аулауға бармасам да болады екен. Бүгін қайтқан соң қанғанша ұйықтаймын.
Яң Кэ қайта-қайта есінеді. Чен Чжен де кенеттен қатты шаршағанын ұйқысы келгенін сезді. Ол да отауына оралған соң, қалың ұйқыға шомуды ойлады. Алайда, ол бөрінің әңгімесін қия алмады, сондықтан өзін сергуге мәжбүрлеген халде сұрақ қойды:
- Онда, осындағы байырғы малшылар неге бөлтіріктерді ұстауды аса қаламайды?
- Жергілікті малшылардың бәрі лама дініне сенеді. Бұрын әрбір отбасыдан дерлік бір адам ламаға айналатын. Ламалар ізгілікті дәріптеп, қайырымдылыққа үндеп, тірі жануарларды бей-берекет өлтіруге рұқсат етпейтін. Бөлтіріктерді көп өлтіру де өз өміріңе қастандық жасау, ғұмырдың қысқаруына әкеледі. Мен ламаларға сенбеймін, тірі жандарға қастандық қылудан да қорықпаймын. Біз, «дуңбэйлік» моңғолдар, адамдардың мәйітін қасқырларға жем қылмаймыз. Көкжалдар толығымен қырылып таусылса да, мен қорықпаймын. Біз, «дуңбэйлік» моңғолдар, егін егуді үйреніп, сендер қытайлармен ұқсас болдық. Өлген адамдарды жерлесе жаны мәңгі-бақи жай табатынына да сенеміз, - деді Доржы.
Бөлтірік қазып алынған апаннан алыстаған сайын Чен Чжен артынан бір елестің бой тасалап өзіне ілескендей сезінді. Жол бойы көңілі жай таппай, жан дүниесіне күңгірт үрей мен алаңдаушылық тарағанын сезді. Үлкен қалада есейіп, бұрын бөрілермен мүлде араласпаған ол жеті қасқырдың тағдырын шешетін болды. Бұл бөлтіріктердің анасы асқан жыртқыш та айлакер еді. Мына бөлтіріктер бәлкім әлгі патша арланның ұрпағы немесе Моңғолия даласындағы көкжалдардың таңдаулы да таза нәсілінен шығар. Егер өзі табандылық танытып, есіл-дертіне салынбай, өмешегін соза құлшынбаса, бұл жеті бөлтірік осы жолғы пәледен аман-сау өтіп, аман-есен есейіп, кейін байтақ даланың ақырған қаһармандарына айналатын еді. Әйтсе де, өзінің кең сахараға келуімен бөлтіріктердің тағдыры түбегейлі өзгерді. Осыдан бастап ол бүкіл дала бөрілерімен мықты қатынастар орнатты, сондай-ақ осы себептен шешілмес өштікті қалыптастырды. Күллі Олұн даласының қасқырлары әлгі ақылды да қайсар құртқаның бастауымен қалың түннің қараңғысында өзінен қанды қарызын алатын, сондай-ақ ұдайы жанын ұшыратын әзірейіл аруаққа айналғандай болып көрінді. Ол өзінің үлкен ағаттық жібергенін аңғара бастады.
Отауына қайтқанда түс ауған болатын. Чен Чжен бөлтіріктер салынған сөмкені киіз үйдің керегесіне ілді. Төртеуі пештің жанына айнала отырып, от жағып, ыстық шай қайнатып, қақталған ет жеп, бір жағынан мына жеті бөлтірікті қалай ыңғайластыруды ақылдасты.
- Олардың мәселесін шешуді талқылаудың не қажеті бар? Шай ішкеннен кейін, менің әрекетімді көріңдер. Екі минутта тағдырларын шешемін, - деді Доржы.
Чен Чжен енді өзінің бөлтірік бағу деген осы ең қиын да күрделі мәселенің алдына тақағанын білді. Бөлтірікті бағу ой-ниеті пайда болған кезде-ақ ол осы іс-әрекетінің барлық малшылар, басшы кадрлар және зиялы жастардың қарсылығына тап болатынын алдын-ала мөлшерлеген-ді. Мейлі саясат, сенім-наным, дін, ұлттық қатынастар немесе көңіл-күй, өндіріс пен қауіпсіздік жағынан қарағанда, көкжалды бағу мүлде ниеті бөтен, ойы арам бұзақылық есептелетін. «Мәдениет төңкерісінің» бастапқы кезінде Бейжің хайуанаттар бағының қызметкерлері еметін сүтсіз қалған мәуленді (жолбарыстың баласы) емізіп есейткен ұрғашы итпен бірге бір торға салып баққаны ауыр саяси мәселеге айналған болатын. Бұл кертартпа таптық ымырашылдықты насихаттау деп көрсетіліп, әлгі қызметкерлер тексеріліп, сынауға алынған. Ендеше, бөріні қойлар, сиырлар және иттердің жанында бағып өсіру ашықтан-ашық дос-дұшпанды айырмай, жауларды дос деп білу болмайды ма? Байтақ далада қасқырлар малшылардың қас жауы, сондай-ақ малшылардың, әсіресе қарттардың ішінен құрметтейтін пірі және тотемі, олардың жандарын аспанға жеткізетін тасымалдаушысы болып саналады. Әулиедей сыйынатын пірді немесе тотемді қалайша иттер мен малайлардай бағып-асырауға болады? Діни сенім, өндірістік қауіпсіздік жағынан айтқанда, «жауды аяған жаралы, қашан тиер залалы» дегендей, бөлтірікті бағу апатқа әкеледі. Расында да бөлтірікті бағып алса, Білге-ата бұдан кейін осы қытайлық баланы таниды ма?
Алайда, Чен Чженде Тәңірді құрметтемеу, көшпенділердің діни сана-сезімін қадірлемеу ниеті болған емес. Керісінше, моңғол ұлтының бөрі тотемін құрметтеуі, терең мағыналы да тылсым көкжалдар тақырыбына құмартуы себепті, оның бір бөлтірікті бағу аңсары күннен-күнге шұғыл үлкейді. Бөрінің жүріс-тұрысы осыншама көзге көрінбейтін, қолға ұстатпайтын болғандықтан, егер ол өз қолымен нақ тірі қасқырды бағып, көзбен көріп, өз қолымен ұстап бақпаса, оның көкжалдар туралы білімі бұлдыр да жұмбақ күйдегі ел аузындағы ертегілер немесе әдеттегі адамдардың қарапайым да жалпы танымы деңгейінде ғана тоқтап қалуы, тіпті бөрілерді жек көрген, өш болған қытайлардың ұлттық сыңаржақ көзқарасымен шектелетін еді. 1967 ж. Бейжіңнен бәрінен ең бұрын кеткен зиялы жастардың осы тобынан бастап, Ішкі Қытайдан қыруар келімсектер, ұшан-теңіз мылтық, қару-жарақ, оқ-дәрілер Моңғолия сахарасына толассыз ағылып кірді. Иен даладағы қасқырлар азаюда, бәлкім тағы бірталай жылдар өткеннен кейін адамдар жеті бөлтірік жатқан апанды таба алмауы да мүмкін. Малшылар жақтың бірер бөлтірікті асырауы мүмкін емес. Бөлтірікті бағу үшін оны өзің ғана ұстап алуың керек. Ол енді күте алмас. Осы жолы өз қолымен бөлтіріктерді ұстағандықтан, міндетті түрде біреуін бағуы керек. Алайда, малшылардың, әсіресе қариялардың көңіліне қаяу түсірмеу үшін Чен Чжен малшылар ептеп-септеп болса да қабылдай алатын бірер себеп-сылтау табуы тиіс.
Бөлтірік ұстаудан бұрын ол біраз күн ойланып-толғанып, ақыры қисынды көрінген бір сылтауды тапты: көкжалды бағу – овчарканы (бөрі тектес итті) жетілдіруге бағытталған ғылыми тәжірибе. Иттің бұл түрі Олұн даласында айрықша қастерленеді. Өйткені, шекаралық бекеттегі шекараны күзету бөлімшесінде кеуделі де айбынды, айрықша жылдам бес-алты овчарка бар. Қасқыр мен түлкіні аулауда жылдамдық, дәлдік, шыдамдылық, кәміл сенім әрқашан керек. Бірде шекаралық бақылау-өткізу бекетінің басшысы Чжао атқа мініп, екі жауынгер, екі овчарканы ілестірген халде мал шаруашылығы отрядының халық жасағының қызметін тексеруге келеді. Жол бойы екі овчарка кідірместен төрт үлкен түлкіні ұстапты. Көзі шалған түлкіні мүлде мүлт жібермеген екен. Олардың бір жағынан жұмысты тексеріп, жол-жөнекей түлкінің терісін сыдырғанын көрген аңшылар аң-таң қалған. Кейін малшылардың бәрі овчарканы асырауды ойлады. Алайда, ол уақытта иттердің бұл түрі өте тапшы әскери мүлік болғандықтан, армия пен халықтың арасындағы байланыстар тату болғанмен, малшылар бірде-бір овчарканың күшігін де ала алмайтын. Арлан көкжал мен ұрғашы иттің будандасуынан овчаркалар пайда болған деп ойлады Чен Чжен. Егер бір арланды асырап өсіріп, ұрғашы итпен жұптастырса, овчарка ит шықпайды ма? Содан кейін овчаркаларды малшыларға сыйға беретін болсақ, бөріні бағу мүмкіндігіне қол жеткізуге болады ғой. Оның үстіне, Моңғолия даласының қасқырлары әлемдегі нәсілі ең асыл көкжалдар болып табылады. Егер тәжірибе табысты болса, Германия мен Совет Одағының әскери овчаркаларынан да нәсілді һәм бағалы овчарка иттерді өсіріп-өрбіту мүмкін болады. Бәлкім, осылай кең сахарада мал шаруашылығын жаңа дамудың сатысына шығару мүмкін болады. Чен Чжен кесені дастарханға қойып, Доржыға деді:
- Алты бөлтіріктің тағдырын шешсең болады. Маған ең мықты бір арлан бөлтірікті қалдырғын. Бөрі асырағым келеді.
Доржы бір сәт мелшиіп қалды. Сосын қасқырды көргендей Чен Чженге 10 секунд қадала қараған соң сұрады:
- Көкжал асырағың келді ме?
- Менің шынымен де бөлтірік баққым бар. Бөрі үлкейгенде оны ұрғашы итпен жұптастырса, шекаралық бақылау-өткізу бекетінің овчаркаларынан да жақсы иттер сұрыпталып шығуы мүмкін. Уақыты келгенде, олардан туылған күшіктер әрбір малшының үйіне керек болатыны даусыз, - деді Чен Чжен.
Доржы көздерін ақшитып қарады. Кенеттен оның жанарынан аңды байқаған тазының көзіндегідей нұр көрінді. Ол алқына сөйледі:
- Бұл пікірің тәуір екен! Іске асуы мүмкін! Егер де бізде овчаркалар болса, онда түлкі мен қасқырларды аулау аса оңай болар еді. Кім біледі, мүмкін келешекте біз овчарканың күшіктерін сатып, байып кетерміз.
- Отрядтағылар бөлтірік бағуға рұқсат етпейді деп қорқамын, - деді Чен Чжен.
- Көкжалдарды өлтіру, ұжымдық мал-мүлікті қорғау үшін бөлтірікті бағасың ғой. Кімде-кім егер де біздің бөлтірік бағуымызға қарсы шықса, бұдан кейін овчаркалар күшіктегенде, күшігін аламын деп ойламасын, - деді Доржы.
- Әй, сен де бөрі баққың келеді ме? - деді Яң Кэ күліп.
- Сендер бақсаңдар, мен де біреуін бағамын, - деді тайсалмаған Доржы.
- Өте жақсы болды. Екі үй бірге бақса, табысқа жету мүмкіндігі тіпті зор болады! - деді Чен Чжен қол шапалақтап.
- Алайда, бөлтірік арлан болып есейген соң, ұрғашы итпен жұптасады ма? Мен осыған сәл сенімді емеспін, - деді Чен Чжен ойланып тұрып.
- Бұл онша қиын емес, - деді Доржы, - Менде бір жақсы амал бар. Осыдан үш жыл бұрын мен ерекше жақсы бір ұрғашы итті үйімдегі ең жүйрік те қабаған төбетпен жұптастырдым. Алайда, біздің үйдегі 10 ит бар. Солардың сегізі төбет. Жақсылары да, жамандары да бар. Егер де бұл ұрғашы ит алдымен жаман төбетпен үйігіп қалса, істің бәрі бекер болады ғой. Кейінірек бір тәуір амалын таптым. Жұптасатын кезі келгенде, мен тереңдігі екі кісінің бойындай, үлкендігі киіз үйдей, жартылай шахтаға ұқсаған ор қаздым. Әлгі жақсы төбет пен ұрғашы итті ішіне салдым, сосын бір өлген қойды тастадым. Екі-үш күн сайын оларға азық пен су беріп тұрдым. 20 күн өткеннен кейін екі итті шығарып алдым. Ұрғашы ит шынымен ішті болыпты. Көктем шыққанға дейін күшіктенген ол сегіз күшікті дүниеге әкелді. Мен төрт ұрғашы күшікті лақтырып өлтіріп, төрт еркек күшікті қалдырдым және түгел бағып жатырмын. Қазір үйдегі он шақты иттің ішіндегі ең ірі, ең жүйрік, ең күштісі осы төртеуі. Әр жылы мен аулаған қасқырлар мен түлкілердің жартысынан көбі осы төрт иттің еңбегі. Егер де біз бұл әдісті қолдансақ, міндетті түрде овчарканың күшіктеріне ие боламыз. Есіңде болсын, бөлтірік пен ұрғашы күшікті кішкентайынан бірге бағу керек.
Чен Чжен мен Яң Кэ қайта-қайта оның айтқанын құптады.
Кенеп сөмке қимылдауда. Бөлтіріктер қысылысып, ұйып қалған немесе қарны ашқан болуы керек. Олар ақыры өтірік өлулерін қойып, жанталаса тыпырлай бастады және сөмкенің саңылауынан шықпақшы болды. Дегенмен, бұлар Чен Чжен құрметтеп қастерлеген жеті ардақты кішкене жануарлар ғой. Олардың ішіндегі бесеуі сәлден соң өлімге кесіледі. Оның жүрегі бірден жабырқады. Оның көз алдына дереу Бейжің хайуанаттар бағының бас қақпасындағы бұдыр нақышталған қабырға елестеді. Егер осы бес бөлтірікті сол жерге сыйға берсе ғой, өте жақсы болатын еді. Өйткені, бұлар кең дала кеудесіндегі ең таза нәсілді көкжалдар ғой. Дәл осы мезетте Чен Чжен адамдардың нысапсыздығы мен атаққұмарлығының қорқыныштылығын терең түсінді. Ал бөрі бағуға тек бір ғана арлан бөлтірікті алып қайтса жеткілікті еді. Тіпті осы жеті бөлтіріктің ішінен ең денелі, ең қуатты біреуін таңдаса да, шектен шығу болмас еді. Алайда, ол не үшін бір топ бөлтірікті бір-ақ әкелді? Расында да Доржы мен Гао Цзянчжуң екеуін өзімен бірге ілестірмеуі керек еді. Дегенмен, егер осы екеуі бармағанда, ол тек бір бөлтірікті әкелетін бе еді? Әкеле алмайтын еді. Бір топ бөлтірікті қазып шығару сондай-ақ жеңіс, батырлық, пайда, атақ-даңқ пен адамдардың басқаша һәм жаңаша көзбен қарауын білдіреді. Бұнымен салыстырғанда, осы жеті кішкене ғұмыр құмның қиыршығы, таразының жеңіл тасы сияқты елеусіз нәрсе ғой.
Дәл осы сәтте Чен Чженнің жүрегі бір сыздады. Ол іс жүзінде мына бөлтіріктерді баяғыда-ақ ұнатып қалғанын аңғарды. Екі жылдан астам уақыт бойы бөлтірікті ойлап, ой соқты бола жаздаған ол расында да оларды түгел алып қалғысы келді. Алайда, бұл түбірімен мүмкін емес еді. Жеті кішкене қасқырды қанша азық-түлікпен асырап өсіруге болады, ә?
Кенет оған бір ой жалт ете түсе қалды: атқа мініп, қалған бес бөлтірікті өз апанына қайта апарып қойса ше? Алайда, Яң Кэден басқа ешкім де онымен бірге бармайды. Ал ол жалғыз өзі баруға тіпті де батылы жетпейді. Барып келуге төрт сағат керек. Адам да, жылқы да шыдамайды. Әлгі ұрғашы қасқыр осы сәтте сөзсіз қопарылған апанның жанында зар еңіреп, өкіріп, есі ауыса ұлып жатқан шығар. Оларды қазір қайтаруы өз-өзіне ажал іздеумен бірдей ғой.
Чен Чжен сөмкесін көтеріп, баяу қозғала үйден шықты.
- Бірнеше күннен соң ыңғайластырсаңшы. Мен оларды тағы да жақсылап көріп алғым келеді, - деді ол.
- Оларды немен емізіп бағасың? Күннің суығы мынау. Бөлтіріктер бір күн сүт ембесе, түгелдей аштан қырылады, - деді Доржы.
- Мен сүт сауып, оларды асыраймын, - деді Чен Чжен.
- Өйтуге болмайды! Сиырларды ғой бағатын мен. Олардың сүтін адамдар ішеді. Көкжалдар сиырды жейді. Бөріні сиырдың сүтімен асырағанды бұл әлемде қайдан көрдің? Кейін үлкен отряд маған сиырды бақтырмай қояды, - деді өңі өзгерген Гао Цзянчжуң.
- Дегенмен, Доржы біржайлы ете берсін. Касымай міндетті орындай алмай, ызасы келіп жүрмесін. Біз егер де бес бөлтіріктің терісін тапсырсақ, көзді де бояймыз, бөлтірікті де білдірмей асырай аламыз. Әйтпесе, отрядтың барлық адамы мына тірі бөлтіріктерді көрсе, сен біреуін де баға алмай қаласың. Доржы тезірек іске кіріссін. Мен бәрібір жайрата алмаймын, сен тіпті де бұны істей алмайсың. Доржыны шақырғанда, оның мұнда келуі де оңай емес, - деді татуластыруға ұмтылған Яң Кэ.
Чен Чженнің көздері қайғы-мұңға толды.
- Солай жасау ғана қалды...., - деді ол ауыр күрсініп.
Чен Чжен артқа бұрылып, отауға кіріп, сиырдың құрғақ тезектері салынған ағаш кебежені шығарды және ондағы тезекті төгіп тастады. Сосын сөмкедегі бөлтіріктерді кебежеге салды. Бөлтіріктер жан-жаққа өрмеледі, бірақ кебеженің бұрыштарына жеткенде тоқтап қалып, тағы да өтірік өліп, тырп етпеді. Кіп-кішкене жануарлар қатыгез тағдырдан құтылу үшін әлі де барынша арпалысып, ең соңғы амалын істеуді ойлады. Қалтыраған әрбір бөлтіріктің қатты, жіңішке де ұзын жүні электр ток өткізгендей дірілдейді. Доржы қоянның көжегін түрткендей бөлтіріктерді саусағымен түртті. Сосын басын көтеріп, Чен Чженге деді:
- Төртеуі еркек, үшеуі ұрғашы екен. Мына ең үлкен, ең қуаттысын өзіңе қайтардым. Мынаны мен алайын!
Осыны айтып бола, қалған бес бөлтірікті бір-бірлеп сөмкеге салды.
Доржы сөмкені көтеріп, киіз үйдің алдындағы бос жерге барды. Сөмкеден бір бөлтірікті шығарған ол кішкене құрсағына қарап-қарап айтты:
- Мынау ұрғашы екен. Алдымен оны Тәңірдің дәргейіне жіберейік! - деп қолын артқа қарай көтеріп, оң аяғын бүгіп, сонан соң қолын алдына қарай айналдыра сермеп, томпиған бөлтірікті барша күшін сала аспанға лақтырды. Қырдағы малшылар жыл сайын Көктем мерекесінен кейін артық қалған күшіктерді біржайлы еткенге ұқсас – олардың жандары аспанға ұшып, жерге денелері ғана түсетін. Чен Чжен мен Яң Кэ бұндай ежелгі салт-дәстүрді көп рет көрген. Иен даланың малшылары да бұндай әдіспен бөлтіріктерді жайрататынын бұрын да талай естіген. Алайда, ол екеуі өздері ұстап әкелген бөлтіріктерді малшының бұл тәсілмен өлтіргенін өз көзімен тұңғыш рет көрді. Чен Чжен мен Яң Кэнің өң-шырайы отаудың жанындағы бозамық қарға ұқсап бозарды.
Аспанға лақтырылған бөлтіріктің Тәңірдің дәргейіне мұнша ерте барғысы келмеген тәрізді. Жан сақтау үшін өлген кейіпке еніп, қыбырламай жатқан ұрғашы бөлтірік аспанға лақтырылған сәтте өзінің қайда баратынын табиғи түрде білді. Ол лезде құдды анасының денесін немесе әкесінің мойнын, тіпті өзін құтқаратын бірер дана қылшықты қармағысы келгендей бойындағы барша күш-қайратын жұмсап, жұп-жұмсақ төрт аяғын жайып, әуеде айнала тырбаңдады. Чен Чжен ұрғашы бөлтіріктің көк-сұр көз қабыршағы қатты үрейдің қысымынан жарылған, қанға толған қарашығын көргендей болды. Бейшара бөлтірік әуе кеңістігінде мезгілінен бұрын көзін ашты, бірақ ол бұрынғыдай нұрлы да көк Тәңірді көре алмады. Көк аспанды қара бұлт, ал бөлтіріктің көзін сұйық қан тұмшалады. Бөлтірік аузын ашып еді, әуедегі траекториясының доғалығы жеткен жерінен қайта төмендеп, отау алдындағы қарсыз қатқыл жерге дүп етіп түсті.
Бір асқабаққа ұқсап жерге гүмп етіп түскен бөлтірік балғын денесін қыбырлатуға дәрмені жетпей, қозғалмай қалды. Аузы, тұмсығы, көздерінен сирек алқызыл қан шыққан. Сондай-ақ сүтпен араласқан тәрізді. Чен Чженнің жүрегі кеңірдектен қайтадан кеудесіне түскендей болды. Жан қиналысынан ешбір сезім қалмаған сияқты. Үш ит өлі бөлтіріктің жанына жүгіре жөнелді. Доржы бір айғайлады және бірнеше үлкен қадам жүріп, иттердің жолын бөгеді. Ол бөлтіріктің қымбат бағалы терісін иттер тесіп жыртады деп алаңдаған-ды. Сол сәтте Чен Чжен жүгіріп барған Эрлаңның екі серігіне ырылдағанын кездейсоқ байқады. Онысы Сарытөс пен Ілбістің бөлтірікті жұлмалауына бөгет жасағаны анық еді. Айрықша қолбасшы мінезді Эрлаңда өлікті жұлмалайтын жаман әдеті жоқ-тын. Тіпті, бөлтіріктерді ұнататын да сыңайлы.
Доржы сөмкеден тағы бір бөлтірікті шығарды. Бұл бөлтірік өз әпкесінің қанын әлдеқашан иіскеп білгендей, Доржы қолына енді ала бергенде-ақ өтірік өлуден тайынып, жанын сала бұлқынып, жұмсақ тырнақтарымен малшының қолының сыртын айғыз-айғыз ақ жолақ етіп тырналады. Доржы бөлтірікті лақтыруға оқталуын кенет тоқтатып, Чен Чженге сөйледі:
- Кел, сен де өлтірмеу жөніндегі уағызды бұзып, қасқырды өз қолыңмен өлтіріп, өжеттікті шынықтырмайсың ба? Сахарадағы қай қойшының көкжалдарды өлтірмегенін көрдің?
- Өзің өлтіре бер, - деді Чен Чжен артқа бір қадам шегініп.
- Сендер қытайлар – батылдық жетіспеген жүрексізсіңдер. Бөрілерді сонша жек көресіңдер, бірақ бірер бөлтірікті өлтіруге де батылдарың бармайды. Сонда қалай соғыспақшысыңдар? Сендер қытайлардың орасан зор күш шығарып, 5 мың шақырымға созылған Ұлы қорғанды салғандарың бекер емес. Қара маған...., - деп күле сөйледі Доржы.
Осыны айтқан ол бөлтірікті аспанға лақтырды. Бір бөлтірік жерге түспей жатып, басқа біреуі аспанға ұшырылды. Өлтірген сайын желпінген Доржы бір жағынан ақырын ғана «Тәңірге барыңдар. Сол жерге көтеріліп, бақытқа бөленіңдер!» деп міңгірлей берді.
Чен Чжен өзінің батылдығы артқанын былай тұрсын, керісінше қорыққанынан тіпті де қайта үзілгенін сезді. Ол егінші халықтар және көшпенді халықтардың көңіліндегі орасан зор айырмашылығы – орақ ұстаған елмен салыстырғанда, малды соятын пышақты қолданатын елдің табиғи түрде темір мен қанға үйір болатынын түйсінді. Ежелгі қытай ұлты неге өзінің ішкі ұлттық болмысында қытайлық мәдениетке ие көшпенді этносты қалыптастырмаған? Мемлекеттің дәстүрлі жерінде, көшпенді мал шаруашылығына лайықты далада олардың хуася (қытай) ұлтының «казактарын» жетілдіріп шығаруға толық мүмкіндігі болған еді. Ашығын айтқанда, бекініс салу, шекараны күзету, шекаралық тың жерлерді игеріп қорғау көшпенді дәстүр бойынша шекараны қорғағанға жетпейді. Дала халықтарының батырлығы мен тегеурінділігі дәл осындай қатал ортада ұзақ жылдар бойы жетіліп шыққан.
Байғұс бес бөлтірік әуеде қалықтады, қанға боялған бес дененің бәрі жерге құлады. Бес бөлтіріктің өліктерін қалақтың ішіне салған соң Чен Чжен бұлтты аспанға ұзақ уақыт телміріп қарап, Тәңірден олардың жандарын қабылдауды тіледі.
Құмарын қандырғандай болған Доржы еңкейіп, өзінің моңғолша басы қайқы етігін қолмен сүртіп айтты:
- Бір күнде бес қасқырды өлтірудің орайы сирек кездеседі. Адам көкжалмен теңесе алмайды. Орайын тапқан бір залым бөрі бір реттің өзінде 100-200 қойды қырып-жояды. Мен өлтірген бес бөлтірік не болады дейсің? Күн кеш болды. Сиырларды қораға кіргізу үшін қайтуым керек, - деп өз бөлтірігін алуға ыңғайланды.
- Кетпе. Мына бөлтіріктердің терісін сыдыруға көмектесші, - деді Чен Чжен.
- Бұл оңай шаруа. Адамға жәрдемдессең, аяғына дейін жәрдемдесу қажет. Бір сәтте бітіремін, - деді Доржы.
Қалақтың жанында өлі бөлтіріктерді мығым қорғаштаған Эрлаң тосаттан Доржыға екі рет ырылдады, сондай-ақ келелі шабуылға дайын тұрды. Чен Чжен дереу төбетті мойнынан қатты құшақтап алды. Доржы қозының терісін сыдырғандай, бөлтіріктердің терісін сыпыруда, бір жағынан әңгімелеуде:
- Бөлтіріктердің терісі тым кішкене. Қасқырдың терісіндей тұлыпша етіп сыпыруға келмейді.
Көп ұзамай, ол бес бөлтіріктің терісін киіз үйдің үстіне жайып, керіп-созып тегістеді.
- Бұл терілердің бәрі жоғары сапалы тауар болып табылады. 40 данасынан бір кішкене тері ішік тігуге болады. Әрі жеңіл, әрі жылы, әрі әдемі. Қанша ақша жұмсасаң да, сатып ала алмайсың.
Қардың қалдығын қармап, қолын жуған Доржы өгіз арбаның қасына қайта барып, темір күректі алып, тағы сөйледі:
- Сендер шынымен де ешнәрсе істеуді білмейді екенсіңдер. Мен сендерге жәрдемдесіп, бәрін өзім істейін. Иттер бөлтіріктің етін жемейді. Қазір мына өліктерді тез көму керек. Және де тереңірек көмген жөн. Әйтпесе өлекшін иіскеп білсе, сендердің қойларың мен сиырларың зобалаңға ұшырайды, - деді.
Олар киіз үйден батыстағы ондаған метрдей жерге барып, тереңдігі бір метрге жуық шұңқыр қазып, бес бөлтіріктің өлексесін көміп тегістеді. Сондай-ақ өліктердің иісі білінбеуі үшін біраз «DDV» дихлорфос дәрісі себілді.
- Бөлтірікке ұя қазу керек пе? - деп сұрады Яң Кэ.
- Жерде үңгір қазыңдар. Оны сол үңгірге салыңдар, - деді Доржы.
Чен Чжен мен Яң Кэ отаудың оңтүстік-батыс жағындағы он шақты қадамдық жерде тереңдігі 60 см, кеңдігі жарты метрдей төртбұрышты шұңқыр қазып, ішіне бірнеше ескі қойдың терісін төсеп, азырақ топырақ жерді ашық қалдырып, ең соңынан еркек бөлтірікті шұңқырға салды.
Кішкене бөлтірік топыраққа аяғы тиісімен дереу қыбырлап кетті. Ол жан-жағын иіскелеп қарап, шұңқырды бірнеше рет айналды. Өзінің бұрынғы апанына оралғандай көрінді. Ол біртіндеп тынышталып, төселген қой терісінің бұрышында бүрісіп жата қалды. Дегенмен, өз бауырларын іздегендей төңірегіне иіскелеп қарай берді. Чен Чжен кенет тағы бір бөлтірікті де қалдырып, оған серік етуді ойлады. Алайда, Доржы жалма-жан өзіне тиесілі әлгі бөлтірікті қойнына тығып, тұлпарына қарғып мініп, құйындата жөнелген еді. Бөлтірікке салқын көз жіберген Гао Цзянчжуң да атқа мініп, сиырларды қораға кіргізуге кетті.
Чен Чжен мен Яң Кэ шұңқырдың жанында жүрелеп отырып, ауыр оймен бөлтірікке қарауда.
- Расында да, біз бұны асырап, өсіре аламыз ба? Бұдан кейінгі әурешілік айрықша зор болады, - деді Чен Чжен.
- Бөлтірікті бағуымыз «Игі іс қақпадан шықпайды, жаман іс алысқа тарайды» деген мақалға сай болады. Әлі көресің. Қазір бүкіл ел «Жауыз да жыртқыш қорқау қасқырлар мен көкжалдарды жоғалтпайынша, соғыс шебінен шегінбейміз» деп даурығып әндетуде. Біз керісінше жұрттың күлкісіне қалып, дұшпанды дос етіп, бөріні баға бастадық, - деді Яң Кэ.
- Бұл жер – «аспан тым жоғарыда, патша тым алыста» дегендей, патшаның жарлығы жетпейтін шалғай да шеткері аумақ. Біздің қасқыр өсіретінімізді кім білсін. Ең қорқатыным, Білге-ата маған көкжалды бақтырмайды-ау...., - деді Чен Чжен.
- Сауын сиырлар әлдеқашан келіп болды. Мен азырақ сүт сауып келейін. Бөлтірік аштықтан әбден әлсіреген шығар, - деді Яң Кэ.
- Сонда да иттің сүтін берейік, - деді Чен Чжен қолын сілтеп, - Ілбіс емізсін. Ұрғашы иттер жолбарыстың мәуленін емізгенде бөрінің бөлтірігін сөзсіз емізе алады.
Чен Чжен шұңқырдан бөлтірікті шығарып, қос қолмен өз кеудесіне сүйеп ұстады. Бөлтірік бір күн бойы ешнәрсе жемегендіктен, қарны қабысып, төрт аяғы да тоңғанынан қардың астындағы суық тастай болып қалды. Осы сәтте әрі тоңып, әрі қорқып, әрі қарны ашқан оның бүкіл денесі дірілдеді, қазылған апаннан алғашқы рет алынған уақыттан да көп есе әлсіреген еді. Чен Чжен дереу бөлтірікті құшағына алып, алдымен оны жылытпақшы болды.
Ымырт түсетін кез жақындады. Ілбістің күшіктеріне сүт емізетін уақыт келді. Екі жігіт иттің үйшігіне қарай аяңдады. Әуелде екеуі төбедей етіп үйілген қарда қазылған иттің үйшігі суық ағыстың алдындағы жылымықта қар ергендіктен құлап түскен болатын. Жаңадан жауған қардың жұқалығы үлкен үйінді үйіп қоюға мүмкіндік бермеді. Осы кездегі иттің үйшігі киіз үйдің алдындағы оң жақтағы құрғақ тезек үйіндісіне көшірілген-ді. Бұл үйіндінің ішінен қолмен кішкене жер-төле ойылған. Оның тағанына ескі тулақ төселген, сондай-ақ қатқыл да қалың жылқы терісінен қозғалмалы есік орнатылған екен. Бұл - Ілбіс пен оның үш күшігінің жылы үйшігі. Яң Кэ етті сорпаға қайнатылған тары көжемен Ілбісті тамақтандырды. Ит өз үйшігінің алдына жүгіріп келіп, жылқы тері есігін тұмсығымен ашты. Ішке кірген ит үйшіктің қабырғасына сүйеніп, абайлап дөңгеленіп жатты. Үш күшік лезде емшектің ұшын тауып алып, құныға еме бастады.
Чен Чжен Ілбіске білдірмей жақындап, жүрелеп отырды. Алақанмен оның басын сипалап, мүмкіндігінше оның көру аясын тасалады. Ілбіс иесінің аялауын жақтырды. Ол Чен Чженнің алақанын қуана жалай бастады. Яң Кэ бір күшікті ығыстырып, бір қолымен Ілбістің емшегін ұстап, оның сүтін сауды. Тағы бір қолымен кесені сауған сүтке икемдеді. Жарты алақандай сүт сауылған кезде, Чен Чжен ақырын ғана қойнынан бөлтірікті шығарды. Яң Кэ жалма-жан иттің сүтін бөлтіріктің басына, жотасына, аяқтарына жақты. Яң Кэнің қолданғаны дала малшыларының саулық қойға жетім қозыны телудің ежелгі һәм өнімді әдісі болатын. Яң Кэ мен Чен Чжен де осы әдісті қолданып, Ілбіске бөлтірікті телуді ойлады. Алайда, иттер қойлардан әлдеқайда ақылды, иіске де сезімтал екен. Егер де Ілбістің күшіктері түгел өлсе немесе біреулер әкетсе, ол бұл бөлтірікті өте тез бауырына салуы мүмкін. Алайда, қазір оның үш күшігі бар, сондықтан ол әрине бөлтірікті қабылдауды қаламайды. Бөлтірік үйшікке кірген бойда Ілбіс сезіктеніп қалды. Ол күшінің барынша басын көтеріп, өз балаларын көргісі келді. Чен Чжен мен Яң Кэ алдап-арбау және қорқыту әдістерін кезектестіре қолданып, Ілбістің басын көтертпеді, өзін тұрғызбады.
Әрі тоңған, әрі қарны ашқан бөлтірік Ілбістің емшегінің жанына қойылды. Сүттің иісі мұрнына келген кезде, манадан бері өтірік өлген халде қимылсыз жатқан ол кенеттен ірі қасқырдың қан иісін сезгенінде тістерін ақсита айбат шегіп, қаныпезерлігі өршігені секілді сүтті сезгендегі толық принципсіз бейнесін, тағылық кейпін көрсетті. Бөлтірік күшіктерден жарты ай кеш туылған-ды. Оның бойы күшіктерден кішкене, ал денесінің ұзындығы біршама қысқа еді. Алайда, бөлтіріктің күш-қайраты да, емшекке таласу қабілеті мен икемділігі де күшіктерден әлдеқайда асып түседі. Ұрғашы иттің құрсағындағы екі қатар емшектерінің үлкені де, кішісі де бар, сүттің шығу мөлшері де әртүрлі. Сүт емуге асықпаған бөлтірік желіккен күйде алдымен емшектердегі сүттің дәмін жағалай татып шығып, еміп жатқан күшіктерді бір-бірлеп ығыстырып итеруі Чен Чжен мен Яң Кэні ерекше қайран қалдырды. Әрқашан тып-тыныш тұратын ит үйшігі бір содыр қарақшы басып кіргендей әп-сәтте топалаң болып, астаң-кестеңі шықты. Тағылығы күшейген бөлтірік күшіктерді бірінен соң бірін аударып итермеледі. Сосын екі қатар емшекті жоғарыдан төменге, солдан оңға қарай түгел сорып шықты. Ол бір дәмін татып, бір түкіріп, қайта дәм татып, тағы түкіріп, ең ақырында Ілбістің құрсағының ортасындағы ең үлкен, ең қампиған, сүттілігі ең жеткілікті емшектің ұшын тауып, тістеген күйде аузынан шығармай еме бастады. Ол бір емшекті тістелей сорып, тағы бір үлкен емшекті аяғымен басып тұрды. «Кеседегі тамақты жеп жатып, қазанға көз тігу» секілді өз дүние-мүлкін елге бергісі келмеген алпауыт әлпет көрсетілді. Момақан үш күшік лезде екі шетке қуылды, ығыстырылды.
Бұны көрген екі жігіттің ауыздары аңқиып қалды. Шошығаннан көздері бақырайған Яң Кэ:
- Көкжалдың қасиеті расында да қорқынышты екен. Көжектей кіп-кішкентай мына түрімен әлі көзін ашпай жатып, бұндай озбыр өктемдік жүргізгенін қарашы. Бәсе, жеті бөлтіріктің ішінде мұның бәрінен үлкен болуы сол екен ғой. Бәлкім, апанындағы өз бауырластарына да мейірімсіз тасбауыр болған шығар.
Чен Чжен керісінше бұны көріп, қатты қызықты және терең ойға батты. Біраз уақыт өткен соң, қалың ойдан өз-өзіне келген ол тағы да ойлана сөйледі:
- Біз шынында да мұқият көруіміз керек екен. Мұнда адамға ой салатын нәрселер аса көп. Өзің қарашы, мына үйшік тұп-тура әлем тарихының ықшамдалған көрінісі һәм жинақталған бейнесіне ұқсайды. Жаңа аяқ астынан Лу Сюн мырзаның (1881-1936 жж., қазіргі замандағы қытайлық әдебиеттің негізін салған жазушы) бір сөзі есіме түсті. Оның есептеуінше, батыс елдерінің адамдарында жыртқыштық қасиет анағұрлым көбірек, ал қытайларда үй жануарларының сипаты көптеу екен....
- Мынау дәл жыртқыш тағылықтың өзі...., - деді Чен Чжен бөлтірікті нұсқап. Сосын ол күшіктерді нұсқап айтты:
- Мынау - асыранды мал. Қазіргі батыстықтардың көпшілігі тевтон, герман, ағылшын-саксон қатарлы аң аулап тіршілік ететін жабайы тайпалардың ұрпақтары болып табылады. Ежелгі Грекия мен Римнің асқақ өркениеті 1-2 мың жыл дамығаннан кейін ғана олар құдды жыртқыш аңдардай ну ормандардан атылып шығып, көне Римді ойрандаған. Олар тамақты пышақ және шанышқымен жейді. Олардың азығы – қақтап қуырылған сиыр еті (стейк), ірімшік пен сары май. Осы себепті, ежелгі егінші халықтардың қасиетімен салыстырғанда, қазіргі Батыс адамдарының тұла-бойындағы алғашқы заманның тағылығы мен жыртқыштығы әлдеқайда көп һәм басым. Әрине, 100 жылдан астам уақыт бойы Батыстың жыртқыштығы Қытайдың үй жануарындай қасиетін қорлап келді. Мыңдаған жылдан бері қолапайсыз хуася (қытай) ұлтының далалық ұсақ көшпенді ұлыстардан таяқ жеп, масқара болғанына да таңданудың қажеті жоқ.
Чен Чжен бөлтіріктің басын сипап қойып, сөзін жалғастырды:
- Мінез-құлық инсандардың тағдырын ғана емес, сондай-ақ бүкіл ұлттың тағдырын да белгілейді. Егінші халықтардың үй жануарындай малдық сипаты шектен асқан. Бұндай қорқақ та ынжық мінез егінші ұлттардың тағдырын белгілеген. Жаһандағы төрт ежелгі ұлы өркениеттің бәрі егінші мемлекеттер болған. Сол үш көне өркениет ертеде-ақ жойылып кеткен. Қытай өркениетінің жойылмауының себебі: ол егін шаруашылығымен шұғылдануға қолайлы әлемдегі ең үлкен екі өзен – Хуаңхэ мен Яңцзы өзендерінің алаптарына ие болумен қатар, жаһандағы ең көп адам санын асырап-сақтады, өзге өркениеттердің оны кеміріп жеуге және сіңіріп-қорытуға мүмкіндік бермей келді. Сондай-ақ, далалық көшпенді халықтардың Қытай өркениетіне орасан зор үлес қосуынан болуы ықтимал.... Дегенмен, осы қарым-қатынастарды мен әлі толық ой елегінен өткізіп, түсініп болмадым. Сахарада тұрған екі жылдан бері мен мұнда үлкен мағынаның және талай сырлардың жатқанын барған сайын сезінемін....
- Байқаймын, бөріні бағу арқылы оларды зерттеуден бөлек, сондай-ақ адамгершілік, қасқырлардың қасиеттері, жыртқыштық пен үй жануарларының сипаттарын да зерттеуге болады екен. Қалалар мен егін шаруашылығы аумақтарында бұндай шарт-жағдай жоқ. Әрі кетсе, адамдар мен үй жануарларын ғана көруге болады...., - деді Яң Кэ құптағандай басын изеп.
- Алайда, адамдар мен үй жануарларының қасиеттерін көкжалдардың қасиеттері және жыртқыштықпен қатар қойып салыстыра зерттелмесе, зерттеу жұмыстарының ешбір нәтижесі шықпайтын шығар, - деді Чен Чжен.
- Дұрыс. Бөрі бағудың алғашқы күні-ақ табысымыз көп болған секілді. Бұл бөлтірікті екеуіміз бағайық, - деді Яң Кэ күліп.
Үйшік ішіндегі дүрбелең, бөлтіріктің жәбірінен қыңсылаған күшіктердің жалынышты дауыстары Ілбістің күдігін және қырағылығын күшейте түсті. Ол шамасы келгенше алдыңғы екі аяғын жерге тіреп, Чен Чженнің қолынан босануға және үйшіктің ішінде ақыры нендей іс болғанын көруге ұмтылды. Ілбістің бөлтірікті тануынан және тістеп өлтіруінен алаңдаған Чен Чжен оның басын мығым басты. Бір жағынан ақырын ғана оның есімін айтып алдады, сипалады. Тура бөлтіріктің қарны домалақтанып тойғанда ғана қолын босатты. Басын бұрған Ілбіс үйшікте бір күшіктің артық екенін лезде байқады. Ол қобалжыған халде әрі-бері иіскелеп, бөлтіріктің иісін өте тез біліп қалды. Бәлкім, бөлтіріктің үсті-басында өз сүтінің иісі болуы итті сәл әрі-сәрі қылды. Алайда, ол бәрібір бөлтірікті тұмсығымен итеріп жіберді, сондай-ақ үйшіктің сыртындағы ашық жерге шығып, жалпы не болып жатқанын білу үшін мүмкіндігінше орнынан тұрмақшы болды.
Чен Чжен дереу Ілбісті баса қойды. Ол итке иесінің ой-ниетін білдіруді қажетсінді, Ілбістің осы шындықты қабылдауын, қарсыласпай бағынуын ғана тіледі. Ит қасарыса ырылдады. Ол үйшікке қосылған артық бір күшіктің жаңа ғана қожайыны таудың ішінен ұстап әкелген бөлтірік екенін, оның үстіне қаны қас бұл дұшпанды оған тәрбиелеуге мәжбүрлегенін әлдеқашан білген-ді. Даланың иттері ішкі өлкелердің иттеріне ұқсамайды. Ішкі Қытайдағы иттердің көз аясы және ой-өрісі тар, өйткені қасқырлар мен жолбарыстарды көрмеген. Оларға жолбарыстың мәуленін қойнына жіберсең де меңірейіп емізе береді. Алайда, мына иен дала – иттер мен көкжалдардың өлгенше арпалысатын соғыс алаңы. Ұрғашы ит ежелгі дұшпанын қайдан дос деп танысын? Ілбіс бөлтірікті емізбеу үшін бірнеше рет орнынан тұрғысы келіп еді, бірақ Чен Чжен оны басып тұрды. Ит ызаланды, мазасызданды, қиналды және түршікті, бірақ иесін ренжіткісі келмеген ол ең ақырында күйіп-пысып, қозғалмай жата берді.
Байтақ далада иттердің тағдыры түгелдей адамдардың қолында шоғырланған. Адамдар өктем де автократиялық зорлық-зомбылық күшпен және тамаққа баурау арқылы жабайы иттерді үй жануары етіп үйретіп асырап алған-ды. Қожайынға қарсыласуға батылы барған иттер үйден қуылып, иен далада аштықтан, тоңғаннан өледі немесе бөрілерге жем болады, не болмаса тікелей иелері өлтіреді. Иттер әлдеқашан дербес өмір сүруге негіз болатын жыртқыштықтан айрылып, нағыз асыранды үй жануарына айналып, адамнан айрылса, өз жанын баға алмайтын мақлұқ болып қалған. Чен Чжен Ілбіс сияқты иттерге төтенше қатты ашынады. Осыған ұқсас, адамзат қоғамында егер дара биліктің басып-жаншу әлеуеті аса күшті, ал билеп-төстеу уақыты тым ұзақ болса, адамдар да бірте-бірте адамгершілігін және оның ішіндегі пассионарлық жыртқыш сипатын жоғалтып, біртіндеп асыранды малға ұқсаған нағыз көнбіс те момын тобырға айналады. Көнбіс бұқара халық көбейсе, ұлтты ішінен билеп-төстеу де оңай һәм тиімді болады. Алайда, сыртқы күштердің мықты шапқыншылығына тап болғанда, мұндай халық қарсылық көрсету қабілетінен жұрдай болады. Немесе бөтен елге бас иіп бағынатын көнбіс жұртқа немесе біржолата жойылып, кейінгі археологтар тауып қазып алатын археологиялық үйінділерге айналады. Қаншама шұғылалы егінші (отырықшы) өркениетті қазір тарихи мұражайларда ғана көре аласыз.
Иттің үйшігі біртіндеп тынышталды. Ілбіс – Яң Кэ мен Чен Чжен бірінші рет бағып-асыраған ұрғашы ит. Ол жүкті болған, күшіктеген және емізген кездерде екеуі оған бастан аяғына дейін жан-жақты қамқорлық жасап, жақсылап тойғыза тамақтандырып баққан. Сондықтан Ілбістің сүті ерекше жеткілікті болды. Басқа адамдар бірнеше күшігін әкеткеннен кейін қалған балаларына оның сүті жетіп артылатын. Қазіргі кезде бір бөлтірік қосылса да, Ілбістің сүтпен қамдауы мәселе туғызбауы керек, емін-еркін жетеді. Үш күшік бөлтіріктің сығымдап шығуымен сүті аз емшектерді соруға мәжбүр болды, бірақ олар да ақырындап тойды. Кішкене күшіктер анасының жотасына, мойнына өрмелеп шығып, өзара құйрықтары мен құлақтарын тістелеп ойнақтай бастады. Алайда, бөлтірік әлі де жанталаса сүт соруда. «Апандағы жеті бөлтірік шетінен бәрі кішкене қарақшы болған, сүтті таласып іше алмағаны аштан өлуі мүмкін» деп ойлады Чен Чжен. Дегенмен, бойы ең үлкен мына бөлтіріктің де қарны тойғанша емшек емуі екіталай еді. Бұл жолы иттің үйшігіне келген ол өз мықтылығын барынша көрсетіп бақты. Ол бір жағынан сүт емуде, бір жағынан шаттана ыңылдауда. Қарны ашқаннан желіккен үлкен қасқырдың ірі қара малды қомағайлықпен асап, қалағанынша қылғытқаны сияқты, бөлтірік өз құрсағының сыйымдылығымен мүлде санаспайды.
Бағанадан бері қарап тұрған Чен Чжен бір үйлесімсіздіктің қалыптасқанын сезінді: бөлтіріктің қарны бір демнің арасында-ақ семіз күшіктердің құрсағынан да әлдеқайда асып түскен. Ол дереу бөлтіріктің қарнын сипап, шошығаннан селк етті: оның қарнының қалыңдығы қағаздың қырындай ғана екен. Бөлтіріктің қарны шынымен де жарылуына алаңдаған Чен Чжен дереу оның желкесінен ұстап, ақырын ғана кері тартты. Алайда, бөлтірік емшекті аузынан босатуды тіптен ойламады. Ол емшектің ұшын екі елідей өзіне қарай соза түсті, бірақ аузынан жібермеді. Емшектің ауырғанына шыдамаған Ілбіс қыңсылап кетті. Яң Кэ шапшаң екі саусағымен бөлтіріктің езуін керіп, аранын әрең ашты.
- Малшылардың бәрі көкжалдың қарны резеңкедей созылады дейтін еді. Осы жолы шынымен сендім, - деді Яң Кэ демін ішіне тартып.
- Қарашы, оның тәбеті сондай жақсы, өміршеңдігі сонша тасқындап тұрғанын. Оны асырау қиынға түспейтін секілді. Бұдан кейін ол мейлінше еме берсін! - деді шырайынан ескен қуанышты жасыра алмаған Чен Чжен.
Апаннан енді ғана айрылған бұл бөлтіріктің тұла-бойынан зәрені ұшыратын бәсекелесу қабілетін және қатыгез де қайсар мінезді өз көзімен көріп, ой-өрісін кеңейткен Чен Чжен оның өне-бойындағы сондай тамыры тереңде жатқан бөрінің қасиетін іштей сезінді.
Қараңғы түсті. Чен Чжен бөлтірікті шұңқырына әкелді, сондай-ақ ұстап алған бір ұрғашы күшікті де жанына бірге салды. Осы арқылы бөлтірікті көзі ашылғанға дейін ұрғашы күшікпен үйір етіп, екеуінің ортасында жастайынан сүйіспеншілікті жетілдірмекші болды. Сүттің иісі екеуінің арасындағы айырмашылықты теңестірсе керек – екі күшік өзара иіскелесіп, бір-біріне етене жанасып жатып, бірге ұйықтап қалды. Чен Чжен басын бұрып қараса, Эрлаң өзінің жанында тұрып, бөлтірік пен иесінің әрбір әрекеті мен жүрісін бақылап тұр екен. Ол Чен Чженге қарай ақырын бұлғақтаған құйрығын бұрынғыдан да қаттырақ желпілдете түсті. Иесінің бөлтірікті асырауға алғанына қуаныш білдірген тәрізді. Сақтық үшін Чен Чжен ескі ас тақтаймен шұңқырды жауып, үстін үлкен таспен бастырып қойды.
Ақ көңіл де жайдары Ғұмба қойларды қораға қамапты. Чен Чжендердің бөлтірік ұстағанын естіген ол барша ахуалды қалайда көргісі келіп, дереу қол шырағын ала жетіп барды. Отаудың үстіндегі бөлтіріктердің терілерін көрген ол таңдана сөйледі:
- Олұн даласында қытайлардың бөлтірік ұстауы бұрын болмаған еді. Мен енді сендім.
Үш адам темір пешті айнала қойдың етінен пісірілген кеспе ішіп отыр. Сыртта иттің үргені және жедел шапқан тұлпардың дүбірі естілді. Чжаң Цзиюән киіз туырлықты қайырып, ағаш есікті ашты. Бір қолына екі жүген мен шылбырды асыпты. Екі тұлпар киіз үйдің сыртында тықыршып тұр. Ол босағада жүрелеп жайғасып:
- Ферма басшылығы бұйрық шығарыпты. Шекаралық сызықтың маңайындағы қасқырлардың үлкен тобы бөлек-бөлек бері өтіпті. Ертең бүкіл ферманың үш үлкен отряды үш жерде жеке-жеке шоғырланып, оларды қоршап аулауға шығады. Біздің отряд солтүстік-батыс алқапқа жауапты екен. Ферма басшылығы басқа үлкен отрядтардың біраз аңшыларын біздің отрядқа көмекке жібермекші. Бұған Білге-ата толық құқықпен қолбасшылық етеді. Отрядтан сендерге берілген хабарландыру: ертең түнгі сағат бірде Білге-атаның үйіне жиналыңдар. Ферма басшылығы әрбір отаудың қарттарын, балаларын малға қарау үшін қалуын, ал қалған барша адамдардың түгел аң аулауға шығуының қажеттігін айтты. Бүкіл отрядтың жылқышылары дереу әр үйдің жылқысы жоқ адамдарына аттар жеткізіп береді. Жылқышылар алдын-ала белгіленген торуыл орнына ертерек айналып жетуі керек. Сендер жылдам жатыңдар, мен кеттім. Ешбір жағдайда ұйықтап қалмаңдар!
Чжаң Цзиюән есікті жауып, атқа қарғып, асығыс шаба жөнелді.
Гао Цзянчжуң қолындағы кесені жерге қойып, күйініп сөйледі:
- Кішкене бөлтірік жаңа ғана келіп еді, енді міне үлкен көкжалдар да жетіп келіпті. Біз тезірек оларды титықтатып құртуымыз керек.
- Сахарада тағы бірнеше жыл тұрсақ, бәріміз де бөріге айналармыз! - деді Яң Кэ.
Үшеуі орнынан атып тұрып, бет-бетіне шайқас әзірлігіне кірісті. Гао Цзянчжуң жайылымға жүгіріп барып, үшеуінің аттарын жетектеп, шөп-қораның қабырғасына байлады, сосын қораға кіріп, ағаш айырмен үш шөмеле шөп шығарды. Яң Кэ тоқыма себеттен біраз қой сүйектері мен етін шығарып, иттерді тамақтандырды. Одан соң ол ер-тоқым, ер-тұрман мен құрықтарды егжей-тегжейлі тексерді. Сондай-ақ Чен Чженмен бірге аң аулауда қолданылатын итке салатын екі тері қарғыбауды әзірледі. Екеуі де кезінде шағын көлемді аң аулауға қатысқан, сондықтан саятшылық кезінде иттердің қарғыбауы мен жетелейтін жібі болу қажеттігін білетін. Чен Чжен Эрлаңға бір тері қарғыбауды тағып, сосын ұзын шылбырды иненің көзінен жіп өткізгендей қарғыбаудың жез алқасынан өткізіп, шылбырдың екі ұшын қолында қысып ұстады. Ол Эрлаңды бірнеше қадам жетелеп, қой қораның солтүстік жағын нұсқап: «Бас!» деп дауыстады. Сонымен бір уақытта шылбырдың бір ұшы босатып қойылды. Эрлаң зу етіп ұмтылып еді, екі қанат шылбыр тартылып, жалаң қабат болып, жез алқадан шығып кетті. Эрлаң тері қарғыбаумен қараңғылыққа сүңгіді, ал ұзын шылбыр Чен Чженнің уысында қалды. Мұндай ұжымдық саятшылық кезіндегі иттерді жетелеу әдісі аңшылардың иттерді толығымен басқаруға мүмкіндік береді, иттердің өз бетімен жүгіруін, қаумалап аулаудың біртұтас басқаруын бұзудан тежейді. Көп адамның бір уақытта иттерді ағытып, ұзын шылбырдың иттің аяғына оралып, жүгіру жылдамдығына кері әсер етуінен сақтануға болады.
Яң Кэ де Сарытөске қарғыбауды кигізіп, шылбырды өткізіп, бір рет жаттықтырып көрді. Екі ит бұйрықты бұлжытпай орындады. Екі адамның қол қимылында да кінарат болмады, яғни иттерге ұзын шылбырды сүйреткізбеді.
12
Шыңғысхан өз жарлықтарында ханзадаларға қаумалап саятшылық етуді жаттығуды тапсырған, себебі аң аулауды соғысқа машықтану үшін жетерлік деп есептеген. Моңғолдар соғыспаған кездерде жабайы жануарлармен айқасуға тиісті болатын. Сондықтан қыстың басындағы көлемді аң аулау мезгілінде моңғолдар қоршап саят етуге арнайы жасақ шығаратын.... Хан алдымен өзімен ілескен ханымдары мен нөкерлерін қоршау ішіне кіргізіп, көңіл көтеру үшін сан-санақсыз аң-құстарды атқызатын.... Аң аулау бірнеше күнге созылса, аң-құстар азайып кететін. Сонда қариялар ханның алдына келіп, қалған аң-құстарға рақым етуін, келесі аң аулауға дейін олардың өсіп-өрбіп көбеюіне мүмкіндік беруді өтінетін.
Фэң Чеңцзюн аударған «Моңғол тарихы».
Ханзадалар ақылдасып, әрбірі өз қосындарын алып, шеп құрап, саятқа шыққандай алға жылжып, жол бойы алдарынан кездескен елдерді басып алуды ұйғарады. Мөңке-қаған (Юән патшасы Сянцзуң, Моңғол империясының төртінші ханы, Шыңғысханның немересі, 1251-1259 жж. билік құрған) осы аң аулау шебін құра отырып, Еділ (Волга) өзенінің сол жағалауына дейін жетеді.
Рашиддин. «Тарихнама» жылнамасы, 2-орам, Чжоу Ляңсяоның аудармасы
Отрядтың салт атты адамдары мен иттері Білге-атаға ілесіп, қап-қараңғы түнде даланың солтүстік-батыс жағына қарай жеделдете тартты. Әр адам дерлік бір-бір итті жетелеген, кейбіреулер тіпті екі итті жетелепті. Солтүстік-батыстан баяу жел есіп тұр. Қап-қалың бұлттар әлі де кең даланы шымқауда. Аспанда ай мен жұлдыздардың жарығы көрінбейді. Төңірек тастай қараңғы, тіпті аттардың аяқ астындағы қардың қалдығы да қарайыпты. Чен Чжен шамасы келгенше көзін аша үңілді, бірақ кенеттен қос көзі бірдей көрмей қалғандай ешнәрсе көре алмады. Екі жылдан бері ол мұндай түнгі жолдармен талай рет жүрген. Алайда, ол бүгінгідей қап-қараңғы жолмен ешқашан жүрмеген екен. Ол шынымен де сіріңке жағып, өз көзінен шатақ шыққан-шықпағанын тексеруді ойлады. Есіту қабілетіне сүйенген Чен Чжен Білге-атаға жанаса барып, бәсең дауыспен сыбырлады:
- Ата, тонның жеңінің ішінде қолшырақты жағуға болады ма? Көзім көрмей қалғандай сезінемін.
- Болмайды! - деп бәсең дауыспен зекіді қария. Оның үнінен қырғын шайқастың алдындағы абыржу мен алаңдау білініп тұр. Лезде аузын жұмған Чен Чжен тағы сұрауға батылы бармай, сытырлаған ат тұяғының дүбіріне ілесіп отырды.
Салт аттылар тобы және иттер түнде абайлап жүріп келеді. Дала бөрілері түнгі шайқасқа шебер. Далалықтар да қараңғы түндегі тұтқиыл шабуылдарды аса жетік игерген. Чен Чженге талайдан аштыққа шыдап, дәл бүгінгі қап-қараңғы түнде ошарыла аттанған мына қасқырлар тобы әдеттегі жыртқыштардай емес болып сезілді. Ал Білге-атаның шайқас жағдайын тұжырымдауы да ерекше еді. Соғыс жағдайы ақсақал болжамдаған және жобалаған бағыт бойынша өрбуде. Чен Чжен байырғы сахарада екі көкжалдың арасындағы қарулы сайысқа тікелей қатысқанына іштей әсерленуде. Шынында да аса қызық екен!
Салт аттылар бір мезет еңіспен жүргеннен кейін, беткейге өрлей бастады. Білге-ата сонда ғана Чен Чженнің қасына келіп, жеңімен аузын қалқалаған халде бәсең үнмен сыбырлады:
- Жақсы аңшы боламын десең саққұлақ болуды көп үйрен. Бөрілердің құлақтары көздерінен де сезгір.
- Қазір сөзіңізді қасқырлар естіп қоюынан қорықпайсыз ба? - деп бәсең үнмен сұрады Чен Чжен жеңімен аузын қалқалап.
- Біз қазір беткейге өрлеп барамыз. Тау бөгеп тұр. Оның үстіне, желге қарсы келе жатырмыз. Ақырын сөйлесе ешнәрсе етпейді, - деді сыбырлап ақсақал.
- Ата, расында да құлағыңызға сүйеніп жұртты белгіленген жерге бастап бара аласыз ба? - деп сұрады Чен Чжен.
- Жалғыз құлаққа сүйенгенмен іс бітпейді. Сонымен бірге, есте сақтау қабілетің болу керек. Аттың аяғы қандай жерді басып келе жатқанын, қардың астында шөп, құм әлде шағылды ажыратып, оның қай жерде жүргенін біле аламын. Жолда адаспау үшін бет-жүзіңді желге төсеп, желдің ыңғайына қарап жүру, сонымен бірге иіске ілесіп жүру керек. Соққан желде қар, шөп, құм, селитра, сор, көкжалдар, түлкі иісі, жылқының қиы және ауылдың иістері болады. Кей кезде ешқандай иіс те болмайды. Мұндайда құлақ пен істе сақтау қабілетіне сүйену қажет. Атаң бұдан да қараңғы түнде жолдан адаспайды, - деді қария.
- Ата, мен қашан Сіз сияқты бәрін үйрене аламын? - деп сұрады сүйсінген Чен Чжен.
Салт аттылардың беткейге әлі де көтеріліп жатқанын сезген Чен Чжен уақытты пайдаланып сұрады:
- Біздің фермада сізден басқа тағы кімде бұндай қабілет бар?
- Бірнеше қарт жылқышыдан басқа, бірнеше кәрі бөрі бар, - деді ақсақал.
- Сонда адамдар күшті ме, әлде қасқырлар күшті ме? - деп өкшелей сұрады Чен Чжен.
- Адамдар көкжалдарға қайдан тең келсін. Баяғыда әйгілі бір басшы арлан малдарды аяусыз қырғындаған, патшаның бағалы арғымағын да алқымдап өлтіріпті. Кейін патша ең таңдаулы аңшыларды, зеңбірекшілерді жіберіп, жарты жылдай әлекке түсіп, ақырында сол бөріні зорға ұстаған. Сөйтсе, ол арланның бір көзі солған соқыр, бір көзі қабысып қалған екен...., - деді ақсақал.
Астындағы атының жотасы түзеле қалған сәтте қария дереу әңгімесін тоқтатты. Салт аттылар беткейден асып, одан төмен құлдилап, теп-тегіс үлкен жайылымға түсті. Білге-ата атының жүрісін тездете түсті. Салт аттылар тобы және иттер оның соңынан үн-түнсіз жылдам жүре бастады. Әйелдер мен балалар әзіл-күлкісі естілмейді. Бүкіл топ құдды ұзақ жаттығуларда шыныққан жүйелі де тұрақты атты әскерлердің қатаң әскери міндетті орындап жатқанына ұқсауда. Ал іс жүзінде, бұл топ кәрі-құртаң, әйелдер мен балаларды қамтыған уақытша топталған құрама қосын ғана еді. Егер сахараның атпал жауынгерлері және мықты әскери жылқылардан құралған далалық жүйелі атты әскерлері болғанда ше? Чен Чжен дала халықтарында үздік те ерен әскери қабілеті мен әскери дарынның кеңінен жайылғанын шынайы сезінді. Хуасяның (Қытайдың) Орталық жазықтығының басым бөлігінде «Барлық халық – армия» ұғымы тек ұран немесе арман-мақсат болып келді, ал Моңғолия даласында сонау мыңдаған жылдың алдында әлдеқашан реалдыққа айналған.
Белгіленген орынға жақындаған сайын қосындағы қауырттылық қоюлана түсті. Осының алдында ғана қасқырлар тобы әскери аттардың үйірін түгелдей қырып-жойып, үлкен жеңіспен бір қарманған еді. Ал Олұн даласының тұрғындары бүкіл күш-қуатын сала аттанған мына айқаста жеңіске жетуі немесе жеңіліске ұшырауы әлі беймәлім. Чен Чжен де алаңдай бастады. Көкжалдар шебер жүргізетін түнгі ұрыс, тұтқиыл шабуыл және қоршап жою шайқасын есту және иіскеу түйсіктері адамдардан әлдеқайда жоғары бөрілердің өздеріне қолдану – білімдіге білімдісіну, өнерліге өрсіну (шәкірттің ұстазға өнер үйреткендік) болмайды ма? Бірнеше жыл бұрын ферма әр жылы зор көлемді аң аулау ұйымдастыратын, бірақ оның нәтижелері әрқашан әдеттегідей шығатын, 10 қоршаудың бесеуі бос қалатын. Ферма басшылығындағы арбакештердің басшысы «аң аулап, аң аулап, бір жұмалақты есекті ғана ұстап тынамыз» деп кекететін.
Өткен жолы қасқырлар әскери жылқыларды түгел қынадай қыруы айрықша жаман әсер еткені себепті, егер осы реткі көкжалдарды қоршап аулау айқасы басшылықты қанағаттандыра алмаса, ферманың басшылары толығымен ауыстырылуы мүмкін. Ферма басшылығы өкілдерінің айтуынша, жоғары басшылық бөрілерді жоюда өнімді нәтижелерге жеткен бірнеше коммуна мен фермалардың жарамды қызметші кадрларын жөткеп, Олұндағы Баурығ фермасының басшылар алқасын толықтыруға ниет етуде. Сол себепті, Үлжі, Білге және фермадағы жылқышылар өздерінің нағыз шеберлігін іске салып, Олұн сахарасында қасқырлар тобының айбарын жақсылап басып-жаншымақшы. Аң аулау алдындағы ақылдасу жиналысында Білге-ата: «Бұл жолғы қоршау айқасында аз дегенде он шақты ірі көкжалдың терісін сыдырып алу керек. Егер де оларды өлтіре алмасақ, басқа коммуна-фермалардағы бөрілерді аулайтын қаһармандар Олұнды басқаратын болады» деген-ді.
Түн әрі қараңғы, әрі суық. Иен даланың таң сәрідегі қабағат ызғары мен тастай қараңғылығы еңсені зілдей басып тұр. Чен Чженге ақырын жақындап келген Яң Кэ оның құлағына сыбырлады:
- Қосын бытырап кетсе, қоршау шеңберіндегі бостық пен саңылаулар айрықша үлкейеді. Аттардың аяқтары астынан тасаланып өткен қасқырларды сен де байқамай қаласың. Білмеймін, Білге-ата қандай шебер әрекет қолданатынын.
Яң Кэ бетін жеңінің ішіне тығып, білегіндегі фосфорлы сағатқа қарап айтты:
- Біз екі сағаттан артық уақыт жол жүріппіз. Қосын жайылып жүруі керек емес пе еді?
Чен Чжен Яң Кэнің жеңін ұстап, басын еңкейте ескі швейцариялық қол сағаттың жылтыраған нүктелеріне қарады. Ол көздерін уқалады. Көңіліндегі қорқынышы бұдан да көбейе берді.
Кенет әуеде хош иіс біліне бастады. Чен Чженнің мұрнына сортаң көлшіктерде өсетін сарбас жусанның жұпар да дәрі иісі келді. Ызғарлы ауадағы бұл қою иіс рахатқа бөлендіреді. Аттардың тұяғы осы қап-қалың жусанды жерді басқан кезде, Білге-ата кенеттен аттың басын іркіді. Бүкіл салт аттылар тобы да тізгіндерін тартты. Қария және оның артында келе жатқан Өндірістік топтың басшылары мен аңшылар ақырын сөйлесіп алды. Олар өздеріне ілескен әрбір топтың салт аттыларын ертіп, екі жаққа қарай бөліне сап түзеді. 100 адамнан астам атты жасақ колоннадан көлденең сапқа шапшаң өзгеріп, әп-сәтте ұп-ұзын тізбектелген сап құрады. Жылқы тұяғының дүбірі жақын жерден шалғайға дейін ұзарып, ақырында толығымен естілмей қалды. Чен Чжен бұрынғыдай ақсақалға етене ілесіп отырды.
Кенет Чен Чженнің көздері тосаттан шағылысты – Білге-атаның қолындағы үлкен қолшырақтан ағарған күшті нұр шашылды. Бұған ілесе шығыс пен батыс тараптағы шалғай тұстардан да бірнеше рет жарық шығып, жауап белгі берілді. Қария қолшырағын тағы үш рет бұлғақтатты. Екі жақтағы шамдардың жарығы бұдан да алыстағы жерлерге жылдам орағыта кетті.
Сол мезетте ақсақал қарлыққан дауыспен тұтқиылдан: «О-о-о.... Хо-о....» деп айғай салды. Оның дауысы суық ауада дірілдеп, алысқа таралды. Жым-жырт дала қас қағымда азан-қазан шуға толды. Дауыстаған ерлер, әйелдер, қарттар мен бозбалалардың үндері бір-біріне ұласып жатты. Ең жақын жерде Касымайдың тобындағы бірнеше әйелдің сыңғырлаған жоғары дауыстары кейде көтеріліп, кейде бәсеңдеп, ұзаққа дейін үзілмеді. Касымайдың сүрен салған дауысы бәрінен де биіктеу шықты. Түнде улап-шулаған бүкіл отрядтың әйелдері мен ерлері көкжалдарды үркітуге әрекеттенді. Өркештене буырқанған дауыстар толқыны бір мезгіл солтүстік-батыс тарапқа шарықтады.
Осымен бір уақытта, 100 астам үлкен ит қарғыбауларын барша пәрменмен жұлқына тартып, абалап үріп, дүркіндете атылған зеңбіректердей аспан мен жерді дүр сілкіндіріп, солтүстік-батыс бағытқа ұмтылуға әзір тұрды.
Дауыстар айқасының басталуы жарқылдар шайқасына ұласты. Кенет бір сәттің ішінде күшті-әлсіз, үлкен-кіші, ақшыл-сарғыш әртүрлі қолшырақтардың жарқылы түгел солтүстік-батысқа түсірілді. Алғашында қап-қара болған қарлы дала әп-сәтте сансыз жолақ болып шағылысқан суық жарық шығарды. Бұл ақ жолақтар ызғарда тұтқиыл төнген қанжарлардан бетер айбарлы да қорқынышты көрінеді.
Айғай-дыбыс толқыны және жарықтың нұры лезде адамдар мен адамдардың, иттер мен иттердің арасындағы үлкен бостықты толтырды. Тез арада өзара тоғысқан адамдар, аттар, иттерден құрылған тор, шуылдаған дауыстар мен жарқылдаған жарық мығым да салтанатты аңшылық торын қалыптастырып, бөрілер тобына қарай жайылып тасталды.
Чен Чжен, Яң Кэ және басқа да зиялы жастар иен даладағы мына кереметке әсерленгеннен айғайға басып, ойнақтап асыр салды. Адамдардың жауынгерлік арыны оянып, дауыстары аспанды сілкіндірді. Өзі тұрған жерді Чен Чжен негізінен анық көріп алды. Бұл орын - аттар үйірі түгелдей қырғынға ұшыраған аумақтың шығыс жағы. Білге-ата салт аттыларды батпақты жердің солтүстік-шығыс шетіне дәл ертіп келген соң ғана аң аулау торын жайған-ды. Осы сәтте салт аттылар мен иттер саз-батпақты айналып, қысаң да тар батпақты көлдің солтүстік бөлігін шапшаң қоршап алды.
Тұлпарын осқан Білге-ата қоршау шебін жағалап жөңкілуде. Ол басын еңкейтіп, қолшырақтың жарығын шұғыл жерге түсіріп, қарлы жердің үстіндегі қасқырлардың іздерін іздей бастады. Ол бір жағынан адамдар қатарының тығыз-шалаңдығын тағы тексерді, жалма-жан олардың орнын ыңғайлап шықты. Ақсақалға ілескен Чен Чжен жол бойы жан-жағын байқап жатты. Қария сәйгүліктің басын іркіп, асықпай терең тыныстап барып айтты:
- Көкжалдар тобының өткеніне онша көп болмапты. Сансыз көп екен. Мына өте көп іздерге қарашы, бәрі де жаңа ғана түскен екен. Осы жолы әйтеуір оларды қоршауға алыппыз. Бүкіл отрядтың адамдарын бекерге мұздатып, бір түн бойы босқа әурелемедік.
- Неге Сіз бөрілерді осы саз-батпақта қоршамадыңыз? - деп сұрады Чен Чжен.
- Онда қайдан болсын. Олар түннің екінші жартысындағы ең қараңғы уақытта келіп, қатқан жылқы етін жеп, таң сәресіне жақындаған кезде сытылып кетеді. Егер де оларды қараңғы уақытта қоршасақ, көзге түртсе көргісіз қап-қараңғыда қалай ұстамақпыз? Иттер де оларды анық көре алмайды. Қасқырлар жан-жаққа зытса, барлық қоршау әрекеті бекер болады ғой. Қоршауға алу үшін түн жарымнан кейін аттану, таң алдында қоршау жөн болады. Таң атқан соң көкжалдар қоршау ішінде қалады...., - деді Білге-ата.
Оң мен сол екі жақтан қолшырақтармен үздіксіз белгі берілуде. Ер-тоқымның алдыңғы қасына сүйенген Білге-ата үзеңгіден тұрған күйде екі жағындағы топ басшыларына үздіксіз бұйрық беруде. Оның бұйрық белгілері бірде ұзын, бірде қысқа, кейде көлденеңінен, кейде тігінен, бірде крест тәрізді, бірде дөңгелек пішіндес. Жарық белгісі арқылы берілген бұйрық-нұсқаулардың мазмұны өте күрделі. Жарты ай сипатындағы аң аулау қоршауы шұғыл да тәртіпті, байыптылықпен жүргізілуде. Адамдардың дауыстаған, аттардың кісінеген, иттердің арсылдап үрген дауыстардың толқындары бір-біріне ұласып, бірінен бірі күшейді. Қолшырақтардың жарығы қарлы дала мен ауа кеңістігінде айқыш-ұйқыш қайшалысып, бір-бірлеп жаңа аумақты қамтуда. Бөрінің іздерін көрген салт аттылар мен иттердің дауыстары күшейіп, шайқас алдындағы өрекпу мен желпінуді байқатады.
- Сіз қазір қандай бұйрық бердіңіз? - деп сұрады Чен Чжен қызығып.
- Батыс жақтағы кісілерге сәл баяу жүру, ал шығыс тараптағы адамдарға тезірек жүру, тау ішіндегі аңшылармен жылдам қосылу туралы белгілерін бердім. Қосынның ортасындағы адамдар салмақты қадаммен алға жылжуы тиіс. Асығуға болмайды, ерте бару, кеш қалудың бәрі де өнім бермейді, - деп жауап берді қария бір жағынан белгі беріп жатып.
Чен Чжен басын көтеріп, аспанға зер салды. Қараңғылық пердесі сейілген аспанда бұлттардың оңтүстік-шығысқа қарай жылжығанын, олардың арасынан бозарған сәуленің шыққанын еміс-еміс көруге болады.
Қасқырлардың иісін сезген ірі иттердің бәрі бұрынғыдан да өршелене арсылдады. Эрлаң төбет мойнындағы қарғыбауды тістелей бастады. Ол арқанды барша күшімен созып, шабуылдауға асықты. Чен Чжен қарғыбауды мықтап ұстап тұрды, сондай-ақ құрықпен оның басын ақырын ғана түртіп, тәртіпке сәйкес бұйрықты тыңдауға шақырды.
Қатар-қатар үлкен қадамдап жортқан көкжал іздерінің басым бөлігі солтүстік-батыс бағытқа қарай кетіпті. Басқа бағытқа созылған біраз іздер де жатыр. Білге-ата тоқтамастан бөрілердің іздерін көріп, бұйрық беруді жалғастыруда.
- Бұрын иен далада қолшырақ болмаған уақытта қалай қоршауға алатын еді? - деп сұрады Чен Чжен.
- Алау жағатынбыз. Алау ағаш таяққа киізді орап жасалады. Оралған киіздің ішіне сиырдың майы құйылады. От тұтатқанда, айналаны жап-жарық қылады. Қасқырлар алаудан қатты қорқады. Оларға кездестіре қалсаң, алауды қару ретінде қолданып, жүніне от лапылдатсаң болады, - деді қария.
Таң ағарды. Чен Чжен көз алдындағы жайылымды бірден таныды. Кезінде ол мұнда бірнеше ай бойы қой баққан еді. Оның есіне түскені: солтүстік-батыс жақта үш жағы таумен қоршалған, бір жағы өр келген байтақ жартылай ойпат орналасқан. Білге-ата айтқан қоршау алаңы сол жер болуы мүмкін. Жылқышылар таудың арғы жағында жасырынып жатыр. Көкжалдар тобы қоршау майданына кіргізілсе болды – арттағы салт аттылар мен иттер кіретін аузын жауып, қоршап-қамап жоюды бастайды. Дегенмен, Чен Чжен қоршауға қанша бөрінің енгенін әлі де білмейді. Егер қасқырлар тобы аса үлкен болса, олар өле-өлгенше қарсыласады. Онда әрбір адам жауыз көкжалмен жақыннан қоян-қолтық айқасуы мүмкін. Ол қанжығасынан ұзын сойылын шешіп алып, бүлдіргесін білегіне ілді. Ол да Батудың бөріні соғудай өрелі өнерін үйренбекші болды, алайда қолдары сәл-сәл қалтырап кетті.
Солтүстік-батыстан соққан жел біртіндеп күшейіп, бұлттардың көшуі барған сайын тездей бастады. Бұлттың арасынан себелеген сәуле байтақ даланың төсін жарыққа бөледі. Тау асуына жақындағанда адамдар кенеттен шошығаннан айғайлап жіберді. Олар таңертеңгі бозамық жарықта біресе жүріп, біресе тоқтап, жан-жағын шолып, ойпатқа кіруге батпай тұрған 20 астам ірі қасқырды байқады. Тау аңғарына таяу жерде тағы бір топ көкжалдардың дәл бір орында айналсоқтағаны бұлыңғыр көрінді. Алдындағы жердің бедерінен алаңдап тұрғандай. Бәлкім, олар бәлкім солтүстік-батыс бағыттан ескен қатерлі иістен сезіктенсе керек.
Чен Чжен Білге-атаның уақытты дәл есептегеніне және де аңшылар тобын шашау шығармай дұрыс қолбасшылық еткеніне қатты сүйсінді. Бөрілер жер бедері мен аң аулау қоршауын анық байқай алған сәтте, қоршау шеңберінің бастапқы орасан зор бос аралығы әлдеқашан тарылып кеткен еді. Қолшырақтың жарығы өшіп, аңшылар құрықтардың тұзағын анық кере бастады. Қасқырлар тобы іс жүзінде қоршаудың ішіне әлдеқашан түскен-ді. Айшық пішіндес қоршаудың екі ұшы ойпаттың екі шетімен қосылып болды. Орта жазықтағы (ежелгі заманда Хуаңхэ өзенінің орта, төменгі ағысындағы жерлер осылай аталған) ұлан-байтақ дала диқандардың егістіктеріне әлі де айнала қоймаған көне заманда сахарадағы аңшылар әскери өнерге әбден қанық болған-ды. Далалық соғыс қимылдарына шебер көкжалдар тәрбиелеп жетілдірген дала халықтары өз ұстаздарынан баяғыда-ақ асып түскен.
Топ бастаған бірнеше арлан соғыс қимылдарының жалпы жағдайын анық көргеннен кейін, ешбір күдіктенбей бөрілер тобын дереу артқа бұрып шегінді. Жаңа ғана аттың етіне тойған бұл қасқырлардың күш-арыны тасып, алдына кездескеннің бәрін жайпап-жайратып, қаһарын шашатындай көрінді. Қардың бетінде үрейлі ақ тозаң көтеріліп, соғыс сигналы шарықтады. Көкжалдар тобы тебінді арынмен ырылдауда. Адамдар түгел қорқыныш пен таңырқаудың салдарынан сүрен салды. Қойшылар мен бақташылар құрықтарын үйіре бөрілердің қарсы алдынан бас салды. Екі тараптағы адамдар қоршаудың ашылып қалған бостықтарын жалма-жан толтыра қойды.
Қасқырлар тобының шабуылы еш саябырламады. Дегенмен, шабуылдың негізгі бағыты азырақ өзгеріп, өң-түсі ең көз тарта көрікті киінген, құрықтар ең аз шоғырланған әйелдер орналасқан жерге қарай бағытталды. Касымай және ескі атлас матамен тысталған ішік киген бірқатар моңғол қыз-келіншектер ешбір қорықпастан дереу үзеңгілерінен, ер-тоқымнан көтеріліп, қос қолдарын сермеп, көкжалдарға атой салып бөгемекші болып ұмтылды. Алайда, олардың қолында құрықтар болмағандықтан, бөрілер тобы қоршаудың осы бір ең осал буынын нысана етіп, негізгі күштерін шоғырландыра шабуылдауға бел буды. Қоршаудың бұзылып, еңбектің бәрі еш кетуінен алаңдаған Чен Чженнің жүрегі сасқанынан тоқтауға шақ қалды.
Дәл осы мезетте орнынан тұрған Білге-ата қолын басынан жоғары көтеріп, төменге бір сілтеді де: «Иттерді жіберіңдер!» деп дауыстады. Ұзаққа созылған қоршау шебінен кенет «Бас! Бас! Бас! Бас!» деген бұйрықтар естілді. Иттерді жетектеген барлық адамдар бір уақытта дерлік қарғыбауларды босатты. Күші тасыған, көздері қанталаған 100 астам қабаған ит шығыс, батыс, оңтүстік үш жақтан ұзын жіптерден босатылған күйде қасқырларға қарсы ұмтылды. Барс, Эрлаң және отрядтың ең ірі де айбарлы қанішер төбеттер төтесінен көкжалдар тобындағы басшы арландарға қарай атылды. Артынан тақымдай жүгірген иттер адамдарға қорғаштауына арқаланып, таласа-тармаса арсылдап қуа жөнелді.
Қоршау шебін қайтадан түзеп алған адамдар құрықтарын үйіре, жүйрік аттарға қамшы басып, иттерге ілесе ұмтылды. Қарлы далада құйғыта шапқан аттардың тұяғынан қар аралас топырақ борады. Батыл да ширақы моңғол шабандоздары кезінде бүкіл дүниені үрейге салған «Хы! Хы! Хы! Хы!» деген қысқа ұранды ұрандатып, әскери дабылдай естілетін аттар тұяғының дүбіріне сәйкесе бөрілер тобына қарай атылды.
Бұл қуатты шабуыл лезде қасқырлардың айбынын басып жіберді. Басшы арлан қалт тоқтай қалды, сосын артына бұрылып, көкжалдар тобын таулы асуға бастап құйғытты. Таулы асудағы бөрілермен жедел қосылған олар бірталай жерге дейін бірге жортып, бірнеше бағытқа тағы бөліне қашты. Олар үш жақтағы беткейден қоршауды бұзу үшін биік жерді басып алуға, содан соң жота-шоқыға тағы шығып, қоршауды айналып өтуге немесе төмендегі еңіске лап қойып, таулы жерде айқасу айласын қолдануға талпынды.
Жарты ай түріндегі қоршау ең ақырында түзу шепке айналып, тартылып, таулы асудың аузын мықтап жапты. Қасқырлардың екі тобы Білге-ата шеберлікпен құрған тамаша қамауға тоғытылды.
Қоршаудағы тау шоқысының артында ферма басшысы Үлжі және әскери уәкіл Бао Шигуй қалың шөптің арасында жасырынған халде айқастың барысына барша ынтамен бақылап жатты. Бүкіл қоршау аумағы алақандағыдай айқын көрінуде, бір көргеннен-ақ бәрі қағыс қалмай қамтылуда. Қарлы жерді жұдырықпен желпіне бір ұрған Бао Шигуй деді:
- Білгені көкжалдардың қамын жейді деп кім айтады? Белгіленген уақытта бөрілердің осынша үлкен тобын келісілген жерге қамағанын қарашы. Уақытты да бабымен дәл есептепті. Шынымен керемет. Мен ешқашан осынша үлкен қасқырлар тобын көрмеппін. Мен бұл шалды мойындадым. Расында да, оны марапаттау үшін жоғары басшылыққа мәлімдесек болады екен.
- Қоршауға кемінде 40-50 көкжал түскен екен, - деді көңіл-күйі жайлана еркін тыныстаған Үлжі, - Бұрынғы жылдары 10-20 бөріні қоршауға алғанға мәз болушы едік. Білге расында да Олұн даласының тұрғындарының ішіндегі арланның өзі ғой. Ферма әр жылы ұйымдастыратын аң аулауда Білге бастамашылық қылмаса, аңшылардың барғысы келмейді. Бұл жолы қасқырлар тобы әскери аттарды жайратқаны Білгені шынымен ашуландырыпты.
Үлжі Батуға бұрылып сөйледі:
- Жұртқа айт, ешкім де оқ атпасын. Аспанға да мылтық атуға болмайды. Бүгін адам көп. Егер де біреулер абайсызда оқ шығарып, адам зақымдалса – құримыз.
- Көпшілікке бірнеше рет тәптіштеп айтқанмын, - деді Бату.
Таулы беткейдің артында сәйгүліктеріне мінген қыруар жылқышы мен аңшы сақадай сайланған және бәріне әзір болған халде бұйрықты ғана күтіп тұрды. Жылқышылар мен аңшылардың осы тобы бүкіл фермадан іріктелген көкжалды аулаудың шеберлерінен құралған болатын. Олардың ат шабу, құрықтау, сойыл сілтеу қабілеті қарапайым жай аңшылардан анағұрлым жоғары еді. Әрқайсысы бөрілерді аулау және өлтіруде көрнекті нәтижелер көрсеткен. Бұл жолы олар жайшылықта мінуге қимайтын ең жүйрік, ең жылдам, аңшылыққа ең бейім тұлпарларына мініп шықты. Олар қырылған бір үйір аттар үшін іш-құса болып, бір күн бойы кек алып, шерлерін шығаруға дайындалуда. Шабандоздар мінген сәйгүліктер қоршау шебінен шыққан иттердің арсылдаған дауыстарын естіп, жақындаған айқастың қауырт бейнесін сезініп болды. Бастарын түсіріп, тізгінді тартқан олар тұяқтармен қарды тарпып, көкірегі мен сирақтарының бұлшық еттері тарам-тарам білеуленіп тұр. Әр тұлпардың артқы аяқтары ең шегіне дейін керілген қақпанның серіппесіне ұқсауда. Иелері тізгінді босата қалса, аттар садақтың жебесіндей атылмақшы. Аңшылар жетелеген иттердің бәрі де әрбір үйдің иттер үйірінен іріктелген ең таңдаулы қанды ауыз төбеттер еді. Шетінен дүлей де қағілез, әбден ысылған иттер. Олар қоршау шебіндегі ұран-айғайды естіді, бірақ қыңқ етіп үн шығармай, қырынан иесінің қабағына қарап тұрды. Бәрі де сабыр сақтай білетін салқын қанды және тәжірибелі, әбден шыңдалған иттер.
Үлжі мен Бату бұйрық беруге ыңғайланып, иілген денелерін түзей бастады.
Қасқырлар тобының негізгі күштері солтүстік-батыстағы биік жерде қоршауды бұзып-жару үшін шоғырланды. Байтақ сахарада биік жотаның басына өрмелеуде адам, жылқы және иттер көкжалдарға мүлдем тең келе алмайды. Дененің әл-қуаты, төзімділігі, өкпе сыйымдылығы жағынан ерекше күшті болған бөрілер таулы шыңға жылдам шығатын дағдылы әдісімен соңынан қуған дұшпанын артта қалдырады. Қасқырлармен салыстырғанда, жазық жерде жылдам жүгіретін азын-аулақ тазылар мен жылқылар өрге жүгіруде көкжалдарға жете алмай қалады. Бөрілер таудың шың-құзына бір шығып алса, алдымен сәл кідіріп, ентігін басқан соң, артынан қуған жаудың көру аясынан тасаланған қысқа мезетті пайдаланып, ең тік, ең қалтарыс қатпар-қатпар жырамен шапшаң кетеді. Салт аттылар мен иттер жотаның үстіне шыққан уақытта, көбінесе қасқырлардың көлеңкесін де көрмей қалады. Көргеннің өзінде де, олар мылтықтың оғы жететін аралықтан әлдеқашан алыстап кетеді.
Көкжалдар тобы жылдамдықты азайтпай жотаның үстіне өрлеп, орасан зор иттер үйірі мен салт аттылардан біртіндеп алыстады. Бөрілердің алдыңғы шебіндегі бірнеше жүйрік қасқыр жол бастап барады. Ал басшы арлан және бірнеше ірі көкжал алдыңғы шептің бір бүйірінде орналасқан. Үлжі мойны мен кеудесінің жүні бозғылт үлкен бөріні қолмен нұсқап, Батуға сөйледі:
- Басшы арланның дәл өзі! Қасқырлар тобын бастап жылқыларды қырғындаған осы. Оны саған тапсырдым. Бастаңдар!
Көкжалдар 200 метр аралыққа келіп қалды. Бату бірнеше адым артқа шегініп, құрығын ала атқа мінді. Үлжі де атқа қонып: «Аттан!» деп барша дауыспен айғайлады. Бату жалма-жан белгі беретін биік байраққа ұқсаған құрығын тік көтерді. Барлық жылқышылар «Бас! Бас!» деп бұйырған дауыстарға ілескен ондаған үлкен иттер мен жүйрік аттар беткейдің ұшына қарай лап қойды. Иттер құдды сүңгуір қайықтың торпедасындай бөрілерге атылды. Жылқышылардың 3/2 бөлігі алға өтіп, бөктердегі кейбір ұтымды жерлерді иелеп, Білге-атаның жетекшілігіндегі аң аулау шебімен тұтасқан жарты ай түріндегі қоршау шеңберін қалыптастырды. Жылқышылардың 3/1 бөлігі құрықтарын көтерген халде қасқырлар тобына төтесінен шаба жөнелді.
Тегінде беткейдің арғы жағынан сезіктеніп сақтанған, алаңдап келген көкжалдар тосқауылда жасырынған аңшыларды көре сала берекесі кетіп, аласапыран болды. Бөрілер тобы ақыры өздеріне әбден таныс, өздері ең шебер қолданатын аң аулау қоршауының тұзағына түсті. Сол сәтте олар өздері қамауға алатын қарақұйрықтардан бетер шошыды, анағұрлым ызаға булықты. Намысқа шыдай алмағандай кәрін төккен олар қайта бұрылып, бағыттарын кілт өзгертті һәм шыңнан шыңырауға құлдилаған тау бедеріне сүйеніп, беткейдің төменгі жеріндегі адамдар мен иттерге нар тәуекелге бел байлап шешуші соққы беру үшін аттанысқа келді. Түгелдей қаны қарайып, жанынан түңілген қасқырлар барша күш-қуатын сала иттердің шебіне лап қойып, бірталай төбетті қағып жерге жықты. Қарлы беткейде тұтасымен қанды қырғын, қоян-қолтық шайқас басталды: көкжалдар мен иттердің азу тістері өзара соқтығысты, аяусыз шырмалып айқасты. Қар жан-жаққа шашырады. Ауада жануарлардың жүндері ұшқындады. Иттердің қыңсылағаны және бөрілердің ырылдағаны әуені толтырды. Төбеттер мен қасқырлардың қандары фонтандай шапшып, судай ағылды. Иттер мен көкжалдардың бұндай қанды қырғын айқасын бұрын ешқашан көрмеген зиялы жастар шошығанынан үндерін шығара алмады.
Бату жотаның төбесіне шыққан сәтте-ақ әлгі ақшулан арланға тесіле қарады. Ол құрығын үйіре ойнатқан халде еңіске құлдилап, басшы арланды қуа жөнелді. Алайда, бұл арлан басқа бөрілермен бірге таудан түспеді, керісінше ешнәрседен тайсалмай көлденеңінен батысқа беттеді. Басшысын қорғайтын төрт-бес дәу қасқыр оны ортаға ала қоршауды бірге бұзуға әрекеттенді. Бату үш аңшы мен төрт-бес үлкен төбетті ертіп, тоқтамай қуып келеді. Алайда, жер бедерін жетік білетін, әуел бастан қоршауды екінші рет бұзып-жару амалын қолданған басшы арлан айрықша қатерлі жолды таңдапты. Жартылай еріген көктемгі қардың астындағы жылтыр да тайғақ ұсақ тастар көкжалдардың аяғы тиісімен тарс-тұрс сарылдап, төмен сырғыды. Алайда, олар қалың да иілгіш табандарымен сырғыған тайғақ тастардың үстімен жылдам алға қарай секіріп жүгіре алады. Ал олардың денелері тастармен бірге төменге тайғанайтын емес. Тастақ беткейден әп-сәтте адамды сескендіретін сарт-сұрт тарсылдаған дыбыстар естілді. Иттердің табаны бөрілердің табанынан әлдеқайда кіші, бірақ иттер шама-шарқына қарай тәлтіректеп, жығыла-сүріне қуып келеді. Ал аттардың теп-тегіс те қап-қатты тұяқтары ұсақ тастардың үстінде нығыз тұра алмауынан бірнеше шабандоз қатерлі жолмен жүргеніне көп өтпей, бір жылқышы қырынан сырғып, сәйгүлігі екеуі тау беткейінен тайып жығылып, төмен құлады. Құрығы екі-үш бөлікке бөлініп сынды. Екі жылқышы қорыққаннан лезде тізгіндерін тартып, асығыс-үсігіс аттарынан түсіп, құтқаруға жүгірді.
Жан-тәнімен кек алуға талпынған Бату аттан лезде секіріп түсіп, жылдам тік көтерген құрықты таяқтың орнына пайдаланды. Құрықтың сопақтау сабын тас жықпылына қадаған ол денесін тіреу етіп, сәйгүлігін жетелей тез қуа жөнелді. Бір жағынан «Қалып қоймаңдар! Болыңдар!» деп дауыстады. Таудың жотасынан аса бергенде, Бату иттердің аянышты қыңсылаған дауысын естіді. Ол дереу атқа мініп, қуа жөнелді. Көп кешікпей, ол қасқыр жерге жығып талаған бір үлкен төбеттің өлім алдында жанталасып жатқанын көрді. Тағы басқа бір иттің бір құлағы жұлынып, басы түгелдей қанға боялыпты. Қорыққанынан жалдары тікірейген қалған үш ит артқа шегінді. Көкжал құрықтарды көре сала дереу батыс тарапта шалғайдағы үлкен қамысты жерде тығылу үшін жөңкіді. Бату бір аңшы мен үш итті соңынан ілестіріп, оны қуа жөнелді.
Батудың тау жотасынан асқанын көрген Үлжі Бао Шигуйді ертіп, қоршау шебінің ішіндегі көру аясы ең қолайлы жерге жүгірді. Осы арқылы жалпы жағдайды басқару, «әскери күштерді» орналастыру, аң аулау шеңберін біртіндеп тарылту, қоршау ішіндегі бөрілер тобын түгелдей тұзаққа түсіру көзделді. Талай айқаста шынығып-төселген әрбір моңғол аңшысы жаратылысынан аң аулаудың жалпы ахуалын сезу-меңгеру санасына ие, өз борышы мен жауапкершілігін біледі, үлес-пайдаға және олжаға таласпайды. Қоршаудың сыртында қорғаныста тұрған аңшылар қоршау ішіндегі аңшылар мен иттердің белсенділік пен шеберлігін көрсетіп, олжалы болғанын көрсе де, ешбір адам өз орнын бейберекет тастап кетпеді. Тек бірер қасқыр қоршауды бұзып шығатын болса, қоршау сыртындағы бір-екі аңшы алдынан шығып, оларды құрықтайды немесе қоршаудың ішіне қайта қуып кіргізеді. Ал олардың артында қалған бостықты өзге аңшылар дер кезінде шауып келіп толықтап, біртұтас аң аулау қоршауының шашаусыз болуын қамтамасыз етеді.
Ойпаттың ортасында адамдар, жылқылар, иттер, көкжалдар әлдеқашан қоян-қолтық араласып кеткен. Жерге жығылған бірнеше ит пен бөрі тыпырлап жанталасуын қойған. Ажал құштырған жараларынан әлі де ыстық бу мен қанның буы будақтайды. 160-170 ит 40 астам қасқырды жан-жақтан қоршауға алды. Иыққа иық, жотаға жота, құйрыққа құйрық тірескен көкжалдардың ақсиған азу тістері сыртқа біркелкі оқталды. Ақтық соғысқа топтасып шыққан оларды қанды қырғында аңшы иттерден бөліп ажырату мүмкін болмай қалды. Дәу бөрілер және үлкен төбеттердің жотасы мен кеуде терілері дал-дұл болып жыртылып, ұйпаланған еттері қанға боялды, қаны судай ақты. Иттер шебінің сырт жағында тұрған ондаған ержүрек құрықшылар ұзын құрықтармен қоршаудың ішіндегі қасқырларды төмпештеп сабауда. Көкжалдар мен иттер дөңбекшіп домалап, тарпа бас салып, жұлысып жатыр. Жанын аямай тырнақтарын сұғып, аямастан тістескені соншалық, бөрісі қайсы, төбеті қайсы – анық айыру мүлдем мүмкін емес. Аңшылардың көп болғанына қарамастан, олар ешбіреуі де қасқырларға құрық сала алмады. Құрықтау барысында көкжал мен иттің қайсысы түсетіні белгісіз. Байқамаған жағдайда, олар бірге қосақталып құрыққа түседі екен. Биік те мықты сәйгүліктерге мінген аңшылар да шепті соқыр бұзып-жаруға бата алмай тұр. Қоршауда қамалған бөрілер аса көп, олардың қуат-қауқары әлі де сарқыла қоймады. Қасқырлар тобының шығыны да көп емес, қатарлары азаймады. Егер де шабуылдың нәтижесінде шеп бей-берекет халге түссе, көкжалдар тобы жан-жағына соққы жасап, төбеттер мен адамдардың екі қабат қоршауын бұзып, бытырап қашады. Ал ең сырттағы шашыраңқы қоршау шебі біреуіне жүгіріп, біреуін елеусіз қалдырып, оларға бөгет бола алмайды.
Ең тәжірибелі, құрықтау шеберлігі жетілген бірнеше аңшы ұзын құрықтарын бір топ бөрінің үстіне төндіріп қойды. Бірер қасқыр жоғары секіріп, салт аттыларды шабуылдамақшы болған жағдайда, шапшаң да ширақы құрықтар төмен түсіп, көкжалдардың басына, жотасына немесе жамбасына тиісімен ілінген жерінде дереу тартылып, сыртқа сүйреп шығарылады. Сол мезетте жанды алғыш төбеттер оларға атылып, кеңірдектерін алқымдап үзіп жібереді.
Зиялы жастар, әйелдер мен балалар оңтүстік жақтағы сыртқы алқа шебіне орналастырылған болатын. Білге-ата Чен Чжен мен Яң Кэні оңтүстік-батыс шеттегі беткейге жіберді. Біршама биік бұл жерден аң аулау аумағын толық көруге болады. Екеуі Римнің Колизейіндегі көрермендерден бетер жүректері дүпілдеп, құты қалмады. Олар бірер бөрінің қоршауды бұзып, өздеріне қарай келуін, өздері де құрықтарды шығарып алып, оны құрықтау орайының туылуына үміттенді. Дегенмен, ентелеп келген ірі қасқырға екеуі құрық салу-салмауы да әзірше беймәлім. Дала көкжалдарының жылдамдығы және қимылдары екінші рет құрықтау орайын бермейді. Бақытқа орай, қоршау ішіндегі бірнеше қабат шеп құрған аңшы төбеттер мен адамдар сан жағынан абсолюттік артықшылық құрағандықтан, жан-жағынан қоршалған бөрілердің қалың қоршауды бұзып шығуы тым қиын еді.
Ақырында құрықшылар үлкен қасқырларды топ арасынан бір-бірлеп сүйреп шығарды. Қабаған иттер де оларды бір-бірден алқымдап жыға бастады. Қарлыққан дауыспен елеуреп ырылдаған көкжалдар тобы дереу тактикасын өзгертіп, жоғары секіріп алқымдау тәсілінен басын жерге салып, төбеттермен жанкештілікпен айқасты. Осы әдіс құрықшыларды құрық салу амалынан айырды.
Чен Чжен дүрбімен айқастың беталысын мұқият шолып қарады. Ол бөрілердің ажал қыспағына түскеніне қарамастан, әлі де сергектік пен ақыл-парасаттан айрылмағанын байқады. Олар біреуін кездестірсе біржолата жайратып, екеуін кездестірсе біреуін олжалайтын дүлейлерге ұқсамайды, қайта мүмкіндігінше қоршау ішіндегі негізгі қарсы күш саналған аңшы иттерді көптеп жоюға кірісіпті. Қасқырлар төрттен-бестен топтасып, өзара әрекеттесіп, айрықша жылдамдықпен һәм рақымсыздықпен бас салды, тістеген жерін біржолата орып, қадалған жерін қанға бөктірді. Бірнеше ірі көкжал өздерінің айрықша аяусыз да жыртқыш айласын қолданды: олар өздерінің жеңіл зақымдалғанын пайдаланып, иттерді ауыр жарақаттады, өздерінің ауыр зақымдалуын дұшпанының өлімі үшін құрбандық етті. Өздерінің қатер төнбейтін жанды жерін иттерге әдейі тістетіп, содан соң өз жарасын елемеген халде жалма-жан төбеттердің алқымын жұлып, қарнын жарып опырды. Үлкен бөрілердің бәрі тұла-бойы түгел қан-жоса болды, бірақ жерге құлағандары ерекше аз еді. Ал дәу төбеттер денесіне түскен жарақаттан бірінен соң бірі жығылып, шайқас алаңын тастап шегінді. Бірінен кейін бірі ауыр жараланған иттер аянышты шыңғырып, шептегі қалған иттердің рухын қобалжытты. Он шақты сұрапыл айқастан кейін, бір топ қасқырлар кенеттен бірте-бірте табысқа жете бастады. Иттердің шайқасудан зәресі ұшқанын пайдаланған олар ұжымдасып күш жинап, қоршауды жан-жақтан бұзып-жарып шықпақ болды.
Дәл осы сәтте, ішкі қоршау шеңберінің шетіне жақындап, қолбасшылық еткен Білге-ата кенеттен «Барс! Барс! Бас! Бас!» деп айғайлады. Сонымен бірге артқа шегінуді қолымен ишара етіп көрсетті. Чен Чжен мен Яң Кэ лезде ақсақалдың ойын түсіне қойып: «Эрлаң! Эрлаң! Бас! Бас! Бас!» деп барынша дауыстай бастады. Өлтіруден көздері тұнған екі төбет иесінің дауысы мен қол ишарасын түсіне қойды. Барс пен Эрлаң кенет артына бірнеше ондаған қадам шегініп, соғысу тактикасын шұғыл өзгертіп, арсылдаған халде көкжалдар тобының ішіндегі ең үлкен арланға желіге атылды. Жылдам жүгіретін Эрлаң алдымен бөріні бір соқты. Ірі қасқыр үш-төрт метр артқа ығыстырылды, бірақ жығылмады, дереу тұра қалды. Осы сәтте долы да зілдей Барс құдды қаланың дуалын бұзатын жуан таран сияқты «гүрс» етіп, арланның өкпе тұсынан соқты. Басшы арлан бұл соққыдан екі-үш рет омақаса аунап түсті. Эрлаң оның орнынан тұрғанын күтпей, жәрдемдесуші өзге иттерден бұрын көкжалдардың ортасына тікесінен жалғыз өзі басып кіріп, алға ұмтылған күйде оның алқымына жармасты. Езуі сарт етіп жабылғанда, бөрінің қаны аспан мен қарлы жерге атқылап шашырап, Эрлаңның үсті-басын қанға бөктірді һәм қасқырларды да қатты шошытты. Өлім алдында арпалысқан басшы арлан аузын ақситып, ең ақырғы жабайы қара күшін қолдана Эрлаңның кеудесін барынша бей-берекет тырнап, біраз жүнін жұлды һәм денесіне айғыз-айғыз тырнақтың қанды іздерін түсірді. Алайда, Эрлаңның тағылығы һәм жабайылығы бұдан да басым түсті. Кеудесі мен құрсағын тырналанса да, арланның демі үзілгенше оның алқымынан аузын босатпады. Көкжалдардың бәрі бұл қабаған төбетті танитын секілді. Бәрі осы дәу жабайы итпен талай күш сынасқан олар именгеннен бірнеше қадам шегіншектеп, оған жолай алмады. Барс өзі соғып жыққан олжаны Эрлаңның осылай оп-оңай да батыл тартып алып жайратқанына айрықша ызаланды. Дегенмен, ол ашуын басып, бойындағы күшін жинап, басқа бір ірі бөріге атылды.
Иттер тобы амалын енді тапқандай болды. Үлкен төбеттер арт-артынан мына екі иттен ұжымдаса соққы беру әдісін өнеге етіп, бір-бірден қасқырлар тобын шабуылдады. Эрлаң, Барс секілді азулы иттер осылайша жаппай қырып-жою майданын ашқандықтан, көкжалдардың шебі ақырында ашылып қалды. Осы қолайлы орайды пайдаланып, басып кірген аңшылар құрықтарын бөрілерге салып, оларды өзара бөліп, бытыратты. Қасқырлардың желкесі, жотасы, бүйірі әп-сәтте құрықтар және төбеттердің азулары арасынан көріне берді.
Көкжалдар күй-жағдайдың қолайсыз болғанын көріп, барша күшін сала өздерінің ержүректігі мен батырлығына сүйеніп, жападан-жалғыз көпшілікке қарсы тұрып, қоршауды жеке-жеке бұзуға әрекеттенді. Қас қағым уақыттың ішінде олардың ортасы қым-қуыт болып, жан-жаққа ұмтылды. Қоршау ішкі шебі тұтастай аласапыранға толды. Бір топ бөрі осы бей-берекетсіздік ішінде құтылудың жолын табуға талпынды. Алайда, көп кешікпей әрбір қасқырға бірнеше төбет, бір-екі аңшы жабылып, жібермей қойды. Қоршау сыртындағы ерлер мен әйелдер, кәрілер мен жастар сүрен салып, азан-қазан болды. Құрықтарын аямай сермеген аңшылар қоршау ішіне басып кірді.
Бұрыннан өзін көкжал деп есептейтін Ламжаб ішкі шепте бірнеше иттің бір үлкен бөріні ортаға алып ұстасқанын байқады. Денесін алға еңкейте сол жерге шауып барған ол құрықтың тұзағын жер беттете отырып, қасқырдың қысқа мойны мен алдыңғы аяқтарын әдейі тұзақтан өткізіп жіберді. Көкжал денесінің алдыңғы жағы тұзақтан өткен сәтте аңшы дереу құрығын іліп тартып, гүлді іліп алғандай бөрінің бөксесінен буып алды. Ол үлкен қасқырдың тұзақтан бұлқынып шығуын күтпестен аттың басын шұғыл бұрып, оны сүйрей жөнелді. Ауыр кенеп қапқа ұқсап, жерге құлатылған үлкен көкжал орнынан тұра алмай, сүйретіліп барады. Бөрі сасқанынан тырнағымен жер тырналап, қардың бетінде екі қатар айғыздала қатқан із қалдырды. Ламжаб бір жағынан қасқырды сүйретіп, бір жағынан бөрібасар иттерді дауыстап шақырды.
Кең-байтақ далада көкжалды құрықтау оңай емес, ал оны өлтіру тіпті де қиын. Сахарадағы бөрілердің мойны қысқа болады. Мойнына құрық түскен мезетте ол лезде басын сілкіп, тұзақтан сытылады. Қасқыр сытылып шыға алмағанның өзінде де құрықтың тұзағын ширату да оңайға түспейді. Егер мойны ерекше жуан көкжал тап болса, оның мойнына құрық салу жуан жұмыр бөренеге шалма салғанмен тең болады. Құрықты күшпен тартқанда ғана шалма сырғанап түсуі мүмкін. Сондықтан тәжірибелі аңшылар бөріні құрықтағанда, аш беліне тұзақ салуды ұнатады. Сол жері қасқырлардың ең нәзік те жіңішке тұсы болып табылады. Тұзақты ширатып тартқанда мүлде құрықтан босанып кете алмайды. Алайда, көкжалды өлтіру қиын шаруа. Егер мойнынан қылғындыра сүйрей тартса, оны буындырып өлтіруге болады. Алайда, аш белінен құрықтағанда, оны қанша сүйреткенмен де өлтіруге келмейді. Егер де бір адам бір бөрімен осылай айқасса, табысқа жету тіпті де қиынға түседі. Адам аттан түсетін болса, қасқыр лезде орнынан атып тұрып, құрыққа жармасып, оның жіңішке ұшын қайырып сындырады. Сосын ол қашып құтылады немесе адамды жаралаған соң қашып кетеді. Тек батылдығы пен шеберлігі шыңдалған аңшылар ғана аттан түсе сала көкжалдың орнынан тұруын күтпей-ақ құрықты шапшаң өзіне тартып, оны сүйреп жақындатқан соң сойылмен немесе қанжармен өлтіреді. Көптеген аңшы бөріні жалғыз өзі өлтіруге батылы жетпейді. Терісінің зақымдалуына қарамастан, көбінесе оны тікесінен адамдар немесе бөрібасар иттер жиналған жерге сүйретіп, адамдар мен төбеттер болып жабылып өлтіреді.
Қасқырды қары қалың жермен арнайы сүйреген Ламжаб бір жағынан бөрібасар төбеттерді шақырды. Көкжалды айналып бейпіл арсылдап жүрген бірнеше ит оны текке әр жерінен тістеп, бір шоқып бір қашып, мықтап ауыз салуға бата алмады. Ламжаб кенет Эрлаңның бір үлкен бөрінің көмейін қиып жібергенін байқады. Бұл дарақы төбетті таныған ол Эрлаңға қарай жүгірді және бір жағынан «Өлтір! Өлтір!» деп барынша дауыстады. Эрлаң біреудің қасқырды өлтіру үшін оны шақырғанын естіп, демі әлі де үзіле қоймаған көкжалды тастай сала тұра жөнелді. Эрлаң құрыққа түскен бөріні аса шеберлікпен мерт қылды. Ол қасқырды айналып өтіп, бүйірі мен жотасының арт жағына бас салды. Сосын алдыңғы аяғымен оның басы мен кеудесін басып тұрып, ешбір кідірместен дәл ұйқы күретамырын «қарс!» етіп үзіп жіберді. Көкжал аяқтарымен барынша жанталасып қарсылық көрсетті, бірақ Эрлаңды тырнай алмады. Ламжаб аттан қарғып түсіп, төңірегіне қарап: «Бөріні тезірек мұнда сүйреңдер. Мына төбет қасқырдан да қиын екен» деп айғайлады. Жақындау жердегі тағы бір майдан алаңында Барс та құрықталған бір үлкен көкжалды буындырып өлтіріп жатыр. Бір демде бірнеше аңшы құрыққа түскен бөрілерді сүйретіп әкеліп, осы екі зілді итке қарай жақындатты.
Қоршау ішіндегі қырқыс-шабыста Барс пен Эрлаң осы екі қанішер де жауыз төбеттен күш көрсеткеннен басқа, эскимостардың жүндес итіне ұқсас тағы бір топ жыртқыш үлкен иттер де ерекше көзге түсті. Бұлар Доржының үйіндегі бүкіл фермаға әйгілі бөрібасар төбеттер еді. Барлығы да кәсіби баскесерлер болған бұл сегіз төбет бір-бірімен жұптасқан халде ерекше тамаша шабуылдайды, бірлесіп әрекет етеді. Олардың жұмыс бөлісі ап-анық: Жүйрігі бөгеп шырмайды, дәулері кеуделеп соғады, қалғандары жабылып тістейді, ал қабаған төбет алқымдайды. Олар қасқырмен айқасқан кезде, ешқашан бөлінбейді, жеке әрекет етпейді, қайта күштерін шоғырландырып, дұшпандарын бір-бірлеп жайратады. Осы жолы да сегізі біреуге қарсы шабуыл жасап, бірін өлтіре сала екіншісіне жабылып, бір демде арт-артынан үш үлкен көкжалды оп-оңай жайратты.
Қоршау ішіндегі аңшылар да үш-төрттен бірігіп, өзара ынтымақтаса шайқас жүргізуде. Біреуі бөріні құрықтаған сәтте, қалған адамдар дереу аттан түсіп, оның құйрығынан немесе сирағынан тартып, зілдей сойылмен басын жарып өлтіреді. Қоршау майданының солтүстік-батысы жағында сүрендеген дауыс естілді. Бес-алты аңшы тұлпарларын сабалап, екі үлкен қасқырды жөңкіле қуып келеді. Жүйрік атқа мінген бір жылқышы бала сүрен салып дауыстап, денесін алға еңкейте құрықпен дәу көкжалды ұрғылайды. Әбден соққыға ұшырап, діңкесі кете қашқан бөрінің аузынан ақ көбік шығыпты. Ол барша қарқынмен жүгіріп, қуғыншыдан алыстағаннан кейін сәйгүлігі жүйрік тағы біреуі іліп әкетіп, еліре қуады һәм тағы ұрады. Қасқыр ең қарқынды жылдамдықпен жүгіргенін алдыңғы жақ шетте күтіп тұрған Сарылың кенеттен көлбеулеп шыға келіп, оны құрықтайды. Алайда, ол құрығын ширата тартпай, көлденеңнен қатты бір тартып, дереу бір босатып, көкжалды жерге оңдырмай құлатып, жеті-сегіз рет омақасынан домалатады. Бөрі орнынан әрең тұрған мезетте, бірнеше жылқышы оны құрықтармен сабалап, тағы жанталасып қашуға мәжбүрледі. Дегенмен, қасқыр жылдам қашқан сәтте, бір шеттен тағы бір салт атты бүйірден тиісіп, оған түскен құрықты қиғашынан тартып, тағы бес-алты рет омақасынан домалатады. Көкжал әрбір жығылған сәтте аңшылар бір ауыздан көтеріңкі дауыспен алақайлап, бір жылдан бері бөрілерден көрген жәбірі үшін ызасын қайтарғандай болады.
Аңшылар құрықпен сүріндірген екі қасқыр ес-ақылы шыққаннан жүгірген бағыттарынан адасып, қайда қашарын білмей қалды. Бір көкжал үш-төрт рет жығылғаннан кейін, жүгіруге шамасы келмей тұралады. Құрығын лақтыра салған Сарылың жалма-жан аяғын үзеңгіден шығарып, аяқтарын жиып, ертоқымның үстіне шығып, аттың жотасынан бөрінің үстіне жолбарысша атыла секіріп түсті. Қасқыр артына қайырылып болғанша, Сарылың оның үстіне мініп, қос қолымен оның екі құлағынан мықтап ұстап, оның басын аямай жерге ұрғылай берді. Қатты ұрғаннан көкжалдың аузы-мұрны қанға толды. Бірнеше аңшы аттарынан жарыса қарғып түсіп, бөрінің үстіне мініп алды. Басып қалған ауыр салмақтан қасқыр демі қысылып, тыныстай алмай қалды. Ең ақырында, Сарылың асықпай қанжарын суырып, оны бауыздап тастады. Тағы бір көкжалға үш жас жылқышы қойдың үстіне ойнап мінгендей, жотасына кезек-кезек мініп сәл жүрді. Содан соң ғана оны бауыздады.
Чен Чжен, Яң Кэ және барлық зиялы жастар құрықтарын салбыратып тұрды да қалды. Көп жылдан бері болмаған осы сәтті бөрілерді қоршап аулау айқасында зиялы жастар басынан аяғына дейін тек көрермен қатарында қатысты. Олардың ең өкінгені: араларынан қоршау шебіне кірген жалғыз зиялы жас жылқышы Чжаң Цзиюән қасқырға құрық сала алмады. Әлгі жанамалай жүгірген үлкен көкжалға құрық сала бергенінде, ол кенет жалт бұрылып, тұлпардың аяғын сырып өтті. Чжаң Цзиюән құрықтың тұзағын өзіне тартуға шамасы келмеді, құрығын сындырып ала жаздады. Ал қалған екі зиялы жас жылқышы да солар сияқты қоршау сыртындағы көрермен болды. Оның үстіне, бір үлкен бөрі аңдаусызда екеуінің арасынан өтіп, қоршау ішінен қашып сытылды.
Білге-ата аң аулаудың жалпы жағдайының нәтижелі болғанын көріп, Чен Чжен мен Яң Кэнің жанына барды.
- Сендер зиялы жастар да еңбек сіңірдіңдер. Сендер бірталай орынды иелеп тұрдыңдар. Әйтпесе, мен сонша көп құрықшыларды қасқырларды ұстауға жібере алмас едім, - деді ақсақал.
Қария Чен Чжен мен Яң Кэнің өкінішін аңғарып, күле сөйледі:
- Бүгін сендердің анау азулы да қабаған төбеттерің ерекше еңбек көрсетті. Мен бәрін санап тұрдым. Ол жалғыз өзі екі үлкен көкжалды жайратты, сондай-ақ аңшылар құрықтаған екі бөріні өлтірді. Екеуің екі үлкен қасқырдың терісін бөліп алыңдар. Аң аулаудың ережесі бойынша, қалған екі теріні көкжалдарды құрықтаған аңшыларға беру керек.
Ақсақал осыны айтып, екеуін ілестіріп, беткейден түсті.
Осы реткі саятшылықта тез жүгіретін, айқасуға шебер және салымы жақсы алты-жеті үлкен бөрі қарсы шабуылға жылдам өту, босаң жерде амалын тауып сытылу немесе құрықты майыстырып сындыру қатарлы тәсілдерді қолдану арқылы қоршауды бұзып-жарып аман кетті. Қоршалған өзге қасқырлардың бәрі түгел соғысып өлді.
Сыртқы қоршау және ішкі аң аулау қоршауындағы салт аттылар айғайлап-шулап үш жақтағы биік беткейден таудың астына ағылып түсіп, қоршау ортасындағы соғыс олжасын қарап шықты. Білге-ата әлдекімді шақырып, Чен Чжен мен Яң Кэнің үлесіне тиесілі екі өлі көкжалды бірге сүйретіп әкелдірді. Сондай-ақ жеңін сыбанып, Чен Чжен және Яң Кэмен бірге олардың терілерін сыдырды. Касымай да адам шақырып, үйіндегі иті Барс өлтірген екі үлкен бөріні және Санжының төбеті өлтірген қасқырды түгел бір жерге сүйретіп әкелді. Санжы мен Ғұмба өздігінен келіп, Касымайға көкжалдың терісін алуға жәрдемдесті.
Чен Чжен теріні тұлыпшалап, бітеу ажыратуды ақсақалдан әлдеқашан үйреніп алған-ды. Бұл жолы ол осы өнерді Яң Кэге үйрете бастады. Әуелі өткір пышақпен бөрінің езуінен бастап, ерні мен тұмсықтың сүйегін сыдырылды. Сосын күшпен басының терісі алынды. Одан соң Яң Кэге былғары таспаға қасқырдың тісінен ілгізіп, өзі бастың терісінен тартып, мойны мен денесінен аудара сыдырды. Бұдан кейін пышақпен теріні еттен ажыратып, құдды денеге қабысқан тар жүн шалбарды шешкендей, басынан құйрығына дейін бүкіл теріні толығымен сыдырып тастады. Сосын төрт сирағы мен құйымшағы бөлек-бөлек кесіп тасталды. Бұл кезде терінің тіні сыртта, ал жүн жағы ішінде қалыпты. Екі жігіт ішекті айналдырғандай көкжалдың терісін қайтадан аударды. Тұтастай сойылған келіскен тері дайын бола қалды. Қария теріні көріп:
- Таза сыдырылды деуге болады. Майы терімен бірге кетпепті. Екеуің үйге қайтқаннан кейін, терінің ішіне құрғақ шөпты нығап толтырып, биік бағананың басына іліңдер. Бұдан былай Олұн даласының адамдары екеуіңді аңшы деп танитын болады.
Эрлаң мен Сарытөс екеуінің жанында қарап отырды. Эрлаң кеудесі мен алдыңғы аяғындағы бөрінің және өзінің қанын тоқтаусыз жалай берді. Пейілдене һәм құшырлана жалады. Сарытөс оның басына тамған қасқырдың қанын жалауға көмектесті. Сарытөстің үстінде бірде-бір жарақат, көкжалдың бір тамшы қаны да жоқ. Үсті-басы тап-таза. Иттердің ішіндегі ақ саусақ асылзадасы секілді. Дегенмен, көптеген аңшы оны мақтап, оның екі бөрімен жағаласқанын, біреуінің артқы аяғын қауып жібергенін айтты. Сарытөс болмаса, Ламжаб қасқырға құрық сала алмас еді. Мұны естіп қатты қуанған Яң Кэ кідірместен қайырып айтты:
- Осы жолы мен де Ламжабты келеке етсем болады екен. Ол да мен сияқты төбетінің күшімен табысқа жетті ғой.
Чен Чжен қойнынан бір уыс «Ақ қоян» сүт кәмпитін шығарып, екі батырын марапаттады. Эрлаңға үш дана, Сарытөске екі данасы берілді. Ол осы жолғы аң аулауда Эрлаң мен Сарытөстің қармана қимылдайтынын алдын-ала мөлшерлеген болатын. Екі төбет кәмпитті жерге басып тұрып, қағазын аузымен жыртты, сосын тілдерімен кәмпитті іліп алып, аузына салды. Масайраған олар бастарын көтеріп, қыртылдатып шайнағанда, басқа иттер сілекейін шұбырта жердегі кәмпиттің қағазын ғана жалады. Зиялы жастар Бейжіңнен сахараға келгеннен кейін, байтақ даланың иттері әлемде мұндай ғажайып тәтті нәрсенің болатынын білді. Осынша көп иттің көзінше Бейжіңнің кәмпитін жеу сахараның төбеттері үшін зор абырой мен мақтаныш еді. Касымай күлімсіреген кейіппен Чен Чженнің қасына келіп сөйледі:
- Сен көшіп кеткеннен кейін, қара шаңырақтың итін ұмытқансың ба?
Содан соң Чен Чженнің қойнына қолын салып, екі кәмпитті алып, Барсқа берді. Чен Чжен қалған бірнеше кәмпитті жалма-жан түгел Касымайға берді. Ол күліп, біреуін аршып, өз аузына салды.
Аңшылық алабы қайнаған думанға толды. Көкжалдардың өліктері, тұлпарлардың денелері, иттердің ауыздары және адамдардың маңдайынан ақ бу бұрқырауда. Адамдар отбасылар бойынша кіші топтарға бөлініп, өз алдына бөрілердің терісін алып жатыр. Аң аулаудан түскен олжа даланың дәстүр-ережелері бойынша толығымен бөліске салынды. Ешқандай қайшылық туылмады. Малшылардың кәсіби есте ұстау қабілеті айрықша жақсы: қай қасқырды қайсы ит қауып өлтіргенін, қай аңшы құрықтағанын қателеспей айтып, жаңсақтыққа жол жермейді. Тек екі адам бірге құрық салған бір көкжал жөнінде азырақ талас шықты. Білге-ата бір ауыз сөзбен шешті: теріні сатудан түскен ақшаға сатып алынатын арақты екі адам тең бөліп ішетін болды. Бөрі терісіне қол жеткізе алмаған аңшылар мен малшылар басқалардың теріні сыдырғанына қызыға қарайды, сондай-ақ әр үйдің қасқыр терісі мен иттерін бағалап, әңгіме-дүкен құрды. Иті жақсының алған көкжал терісі бүтін болады, ал иті жаманның алған терісі нашар, яғни тұтастай тесік пен саңылау қаптайды. Теріні ең көп алғандар адамдарды өз үйіне арақ ішуге дауыстап шақырады. Сахарада қоршап аң аулаудың нәтижелері барлық адамды олжалы қылады.
Аңшылық алаңы біртіндеп тынышталып, адамдар сол арада тынықты.
Қоршап аң аулауда бәрінен көп қиналатындар – әйелдер. Олардың көбі жараланған өз иттерінің жарасын таңуда. Еркектер аң аулаған кезде ғана иттерді пайдаланады. Алайда, әйелдер күн сайын түнгі күзету барысында иттерге арқа сүйейді. Әр отбасының әйелдері балаларын өсіргендей иттерді кішкентайынан бастап бағып асырайды. Олар жараланса немесе өліп қалса, әйелдердің жаны ауырады. Айқасып өлген бірнеше төбет жығылған орындарында жатыр. Байтақ далада аңшы иттің шайқасып өлген жері дәл оның рухының Тәңірге қайтатын жері болып табылады. Ал оларды осылай далаға тастау арқылы соңғы сапарға шығарып салу міндетін атқаратындар, яғни басқа иттер үшін бөрілер өзінің отаспас та бітіспес қас жауы саналады.
- Бұнысы әділ. Иттер қасқырларға рахмет айтуы керек. Егер де сахарада көкжалдар болмағанда, малшылар да әр шаңырақта соншалық мол етті қажет етпей, соншама көп итті асырамаған болар еді. Туылған күшіктердің көбі Тәңірге лақтырылар еді, - деді Білге-ата.
Айқасып өлген иттер сахарадағы ұрыс алаңында жым-жырт жатыр. Бірде-бір моңғол төбеттердің жүні әдемі де қалың терісіне көзінің қырын салмады. Иен далада иттер адамның жауынгер саптасы, жақын досы және әділ жолдасы болып табылады. Далалықтардың тіршілігі екі негізгі кәсіпке сүйенеді: аң аулау және мал шаруашылығы. Дала халқы аң аулауда да, қойларды күзетуде де иттерге сүйенеді. Ит - Орталық жазықтағы егіншілердің өгіздерінен де әлдеқайда маңызды өндіріс құралы һәм төрт түлік малдың күзетшісі. Ит адамшылықты өгізден жақсы біледі. Ол – далалықтардың жапан далада зеріккенде қажетсінетін рухани сүйеніші және адал серігі.
Моңғолия даласының жері кең, адамы сирек, жаратылыстық ортасы жайсыз. Сондықтан дала иттері дабыл қағу, хабар жеткізу, адамның өмірін құтқару қатарлы төтенше қызметтерге ие. Касымай Барстың өзін құтқарғанын аузынан тастамай айтады. Бір жылдың қоңыр күзінде ол пештің күлін төккенде, су құйылып өшірілген күлдің арасында әлі сөнбеген қойдың маяғы қалғанын ойламаған екен. Сол күні солтүстік-батыстан азынап соққан жел сөнбеген шоқты бір демде-ақ шөпке қарай ұшырады. Есік алдындағы қураған шөп әп-сәтте өртене бастайды. Бұл кезде үйде Касымай, қайын енесі және баласы ғана болған екен. Отаудың ішінде тігіншілікпен айналысқан ол сырттағы істен мүлде бейхабар еді. Кенет ол Барстың бір жағынан арсылдап үргенін, бір жағынан есікті тырналағанын есітті. Касымай есіктен шығып қараса, күл төгетін шұңқырдың алдындағы өрт 200 қадамдай алысқа ұзап, он шақты метр кеңдікте лапылдап жанып тұр екен. Енді өрт алға қарай жылжыса, ферманың басқа отрядтарының күзгі және қыстағы ірі жайылымдарына ұласады екен. Майлылығы өте үлкен осы биік те бітік шөп өртенсе, ешкім де өшіре алмас. Сол жылы бүкіл фермадағы малдың көбі өртеніп зақымдалмағанмен, қыстық жем-шөпсіз қысқы мезгілден өте алмаған болар еді. Ал ол міндетті түрде сотталып, түрмеге түсуі мүмкін еді. Барс дер кезінде хабарлағандықтан, Касымай өмірден де қымбат болған азғантай уақытты ұтты. Ол суға малынған үлкен киізді шығарып, қаулаған оттың ішіне аяңдады. Сосын ылғалды киізді үстіне ораған халде жанын сала оттың үстінде дөңбекшіп аунады. Одан соң киізді сүйреп, өртті бәсеңдетті. Әйтеуір, биік шөптің өртенуінен бұрын үлгеріп, өртті сөндіріпті. Касымай сол жолы Барс болмағанда, өзінің құритынын айтты.
Касымай Чэн Чжен мен Яң Кэге тағы қырдағы ер кісілердің араққа құмар болатынын, салт аттылардың арақ ішіп, мас болып, жолда аттан құлап, қақаған аязда қардың ішінде үсіп өлген жайттардың жиі кездесетінін әңгімеледі. Соның ішінде кейбір адамдардың өлімнен аман қалуының себебі иттерін ілестіруімен түсіндіріледі. Ит үйге жөңкіле оралып, бәйбішенің тонын тістелеп, жол көрсетіп, үй иесін терең қардан отауына аман оралуын қамтамасыз етеді. Олұн даласындағы әрбір үй-отауда бұндай ажалдан құтқарушы иттер бар. Кез келген шаңырақта өмірлерін иттер құтқарып қалған ерлер мен әйелдер бар.
Сондықтан сахарада итті өлтіру, иттің етін жеу, оның терісін алу, терісінен төсеніш көрпе тігу және оны тұтыну әрекеттерін далалықтар жақсылыққа жамандық істеу (жақсылықты білмеу), кешірілмес күнә деп қарайды. Иен даланың малшылары осы себепті бөтен жерден ауып келген көптеген егінші-жұмысшылар және қытайларды жек көреді, өзара араздасады.
Кезінде Білге-ата айтып еді: «Ежелгі заманда байтақ далаға басып кірген қытайлық қосындар иттерді тоқтаусыз желіге өлтіріп, етін жеген. Сол себепті, малшылар ашуланып, арт-артынан өздігінен қарсылық көрсеткен. Қазіргі кезде Ішкі Қытайдан келген сауатсыз да надан келімсектер де малшылардың төбеттерін ұрлап жеп жүр. Олар иттердің терісін Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігіне және ішкі өлкелерге жасырын жөткеуде. Терісі үлкен, жүні қалың, түбіті тығыз моңғол иттерінің терісі солтүстіктегі қытайлар ұнататын құлақшын мен көрпенің ең жақсы шикізаты болып табылады». Қария ашуға булығып айтты: «Алайда, қытайлар жазған тарихи кітаптарда бұндай істер ешқашан көрсетілмейді».
- Неге қытайлар иттерді жек көреді, балағаттайды, өлтіреді, бірақ олардың етін жейді? - деп Білге-атаның жанұясы ылғи Чен Чженді ыңғайсыз халге түсіретін сұрақты қоятын.
Бұны өте ұзақ уақыт ойланып-толғанған Чен Чжен ақсақалдың үйіндегі адамдарға түсіндіргендей болды. Бір күні кешке ол пешті айнала отырған бір үйдің мүшелеріне деді:
- Қытайлар көшпенді мал шаруашылығымен айналыспайды. Жөнді аңшылар да жоқ. Қытайлар жеуге болатын нәрсенің бәрін атып тауысады, жеп тауысады. Олар иттердің пайдасын білмейді. Қытайлардың жан саны көп. Айналасы да елсіз дала емес. Олар иттермен бой жазып, көңілді сергітуді қажет етпейді. Қытайларда итпен боқтайтын ондаған сөздер бар: «иттен де қаныпезер», «ит пен шошқадан да қадірсіз», «иттен өткен түк білмес», «қаншықтың асырандысы», «ит иесімен күшті», «көзі қарайған ит тамды сүзеді», «сасқан ит тамнан секіреді», «адамдарға иттің көзімен қарау», «жағымпаз итаршы болу», «суға түскен итті өлтіре ұру», «күймеге отырған ит көтерушісін танымас», «ит сыйлағанды білмейді», «іріген иттің аузынан шіріген сөз шығады», «иттің тышқан ұстағанындай бөтен істермен көп шұғылдану», «итке лақтырған мантының қайтарымы жоқ».... Қазіргі кезде саяси ұрандарға айналған сөздер де кездеседі: «Лю Шаоци деген иттің басын мыжып-жаншу», «ит Лю Шаоциді талқандау» (Лю Шаоци - 1898-1969 жж., мемлекеттік қайраткер, ҚХР Төрағасы болған). Батыс елдері де қытайлардың кейбір істерді неге итке келтіріп балағаттайтынын түсіне алмайды.
Қытайлар неге иттерді жек көреді, оларды боқтайды? Негізгі себеп – иттер қытайлардың салт-ережелеріне сәйкес келмейді. Ежелгі заманда Қытайда Куңцзы (Конфуций) деген данышпанның болғанын білесіздер ме? Қытайдың барлық әулеттерінің патшалары оның мүсініне басын иіп, тағзым ететін. Ол қытайларға адамдар жасауы қажет көптеген ережелерді белгілеп берген. Мыңдаған жылдар бойы қытайлардың бәрі сол ережелерге сәйкес өмір сүріп келген. Дәл қазіргі «Қызыл үзінді» (Мао Цзэдуңның сөздерінің жинағы) сияқты әрбір оқымысты адамның үйінде Куңцзының «Юйлу» (дәйексөздер жинағы) атты кітабы болған. Кімде-кім соған сәйкес жүрмейді екен – соны мәдениетсіз қараңғы надан деп есептелетін. Ең ауыр жаза ретінде бас шабылатын. Алайда, иттің кінәраті - Куңцзы белгілеген ережелерге сәйкес келмеуінде: біріншіден, Куңцзы адамдарды әдепті, сыпайы, меймандос болуға үйретті. Ал иттер бейтаныс кісіні көрсе, оның бай немесе кедей, кәрі немесе бала, жақын туыс, жолдас немесе алыстан келген құрметті қонақ екеніне қарамастан, тұра жүгіріп үреді, қабады. Салт-дәстүрді қатты ұстанатын қытайлар бұны өте көргенсіздік, әдепсіздік, абырой-беделді түсіру деп біледі һәм төтенше ренжиді. Екіншіден, Куңцзы адамдарға еркек пен әйелдің ойына келгенін істеуге, моральдық-этикалық қағидаларды бұзуға, бей-берекет жыныстық қатынастар жасауға болмайтынын үйреткен. Егер де ретсіз жыныстық қатынастар жасалса, қатаң жазалауға кесіледі. Ал иттер ше? Өзінің аға-іні, әпке-қарындасына, әкесі мен қызы, шешесі мен баласы өзара талғаусыз шағылыса береді. Адамдар иттен өнеге алып, бұзылып кете ме деп алаңдаған қытайлар иттің бұндай қылықтарынан қорқады және өлердей жек көреді. Үшіншіден, Куңцзы адамдарға таза киім киінуді, тамақты таза жеуді үйреткен. Ал иттер адамның боғын жеуді жақсы көреді. Бұл шынымен қытайлардың иттерді жек көруіне, жиренуіне негіз болды. Тағы бір дәлел: қытайлардың арасында кедейлер иттерді асырауы аз кездеседі. Кедей-кембағалдар өздері тоймай жүрген кезде, иттерге беретін тамақты қайдан тапсын. Алайда, байлар үй-жайларын күзететін иттерді баға алады, сондай-ақ оларды кедей-кепшіктерге қарсы айтақтап салады. Бұл да орасан көп кедейлердің иттерді жек көруге итермелейді. Сондықтан қытайлардың иттерді боқтауына, оларды өлтіріп, етін жеуіне таңданудың қажеті жоқ. Оның үстіне, иттің етін жеген адамдар оның өте дәмділігін айтады. Қытайлар: «Шошқа мен қойды өлтіріп, етін жеуге болады, итті неге жеуге болмайды? Бұлардың бәрі адамдар бағатын үй жануарлары ғой....» дейді. Қытайлардың иттерді жек көруі, өлтіруі, етін жеуінің ең түбірлі себебі – олар көшпенді малшы халық емес, отырықшы егінші халық болуынан. Сондай-ақ олар өз әдет-ғұрыптары арқылы айналадағы елдердің салт-дәстүрлерін жаппай өзгерткісі келеді.
Бұны тыңдаған Білге-ата мен Бату көпке дейін үнсіз отырып, ешнәрсе айтпады, бірақ Чен Чженнің түсіндіруіне де қарсы шықпады.
- Балам-ау, қытайлар мен моңғолдардың арасында сен сияқты істің жөнін түсінетін адамдар көбірек болса жақсы ғой, - деді ақсақал біраз ойланып.
Касымай бір күрсініп, ашулы лебізбен сөйледі:
- Иттер қытайлар мекендеген жерге барса, расында да толығымен соры қайнайды. Олар иттің пайдасын мүлде білмейді. Иттердің кемшілігі - қытайларға әлсіз жерін көрсетіп, өздерін ұстатып қояды. Егер де мен төбет болсам, олар тұрған жерге жоламас едім. Бөрілерге жем болсам да, иен далада қалатын едім.
- Мен де барлық үй жануарларының арасында иттің адамға ең жақын, шынайы досы екендігін сахараға келген соң ғана білдім. Мешеу, кедей егінші халық ғана жемейтіннің бәрін жеп тауысады, иттің етін де қалдырмайды. Болашақта қытайлардың бәрі байып, артылған астығы мол болған кезде олар иттермен достасып, иттерді жек көрмейтін һәм етін жемеуі мүмкін. Мен сахараға келгеннен кейін иттерді ерекше жақсы көре бастадым. Итімді бір күн көрмесем, кеуілім құлазиды. Қазір кімде-кім біздің отаудың иттерін ұрлап өлтіретін болса, Яң Кэ екеуіміз оны барша пәрменмен ұрып-соғып, жеген нәрсесін желкесінен шығарамыз...., - деді Чен Чжен.
Бұл сөзді тоқтамастан біржола айтып тастағанына өзі де біршама таңданды. «Бекзат адам сөзін жұмсайды, қол жұмсамайды» деген ұғымды бұрыннан ұстанатын ол кенеттен қасқырлық сипатындағы сөздерді ойланбай-ақ айтып тастаған-ды.
- Сонда егер келешекте Бейжіңге қайтсаң, ит асырайсың ба? - деп сұрап тергеді Касымай.
- Мен өмір бойы иттерді жақсы көріп өтемін. Сендердің бүкіл отбасың сияқты итті жақсы көремін. Ашығын айтсам, үйдегілер Бейжіңнен поштамен жіберген жоғары сортты кәмпиттің біразын сақтап қойғанмын. Өзім де жеуге қимай, сондай-ақ саған және Баярға да беруге қимай, бәрін итіме бердім, - деп күле сөйледі Чен Чжен. Білгенің үй-іші көздерінен жас аққанша күлді.
- Сен жартылай моңғол болыпсың...., - деді Бату Чен Чженнің арқасынан бір рет қағып.
Сол жолы иттер жөнінде әңгіменің айтылғанына жарты жылдан асты, бірақ Чен Чжен өз уәдесін ешбір ұмытпады. Аң аулау алабы тынышталды. Әбден титықтап шаршаған иттер мен жаралы төбеттер өте қасіретті күйге түсті. Бірнеше төбет құдды қоштасу рәсімиетін жүргізгендей саптастарының өліктерін қоршап, оларды үрейлене иіскелеп, әрі-бері сенделіп жүр. Бір бала етпетінен жерге жатып, өз үйінің өлген итін құшақтап, одан айрылғысы келмейді. Ересек кісілер қасына барып, олай жасамауын айтып еді, ол бірден қатты өкіріп жылап жіберді. Көз жасының тамшылары қатып қалған иттің үстіне төгіліп, одан топыраққа сырғып түсіп, сіңіп кетті. Жылаған баланың дауысы далада біразға дейін жаңғырды. Чен Чженнің көз алды да қарауытқандай болды.
13
Лулуң аймағының билеушісі Лю Женгуң қидандардың жасанды да арам ойын білетін, сондықтан қолбасшылары мен сарбаздарын іріктеп, қоңыр күзде жаудың жеріне терең еніп, соққы беретін. Қидандар одан қатты қорқатын. Әр жылы қырау түскен мезгілде Лю Женгуң қосындарын жіберіп, шекара маңындағы шөпті өртейтін. Қидандардың жылқылары аштықтан көптеп қырылатын.
Сыма Гуаң (1019-1086 жж.) жазған «Басқаруға жәрдемдесетін жалпылама айна» шығармасының (б.з.д. 403 ж. - 959 ж. кезеңіндегі тарихты қамтиды) «Таң патшасы Чжаоцзуңға жолдамалар» бөлімі.
Моңғолдардың әдеттегі құқығы: «Даланы ойрандап, тың жерді игергендер, даланың шөбін әдейі өртегендер отбасымен түгел жойылады».
Пэң Да’я. «Қара татарлардың қысқаша баяны» (Суң патшалығы).
Бао Шигуй мен Үлжі ферманың бірнеше басшы кадрларын ертіп, аң ауланған бүкіл алаптағы олжаларды аралап тексергеннен кейін, Білге-атаның қасына барды. Бао Шигуй аттан түсіп, қуанышы қойнына сыймаған халде қарияға сөйледі:
- Ірі жеңісті шайқас! Ірі жеңісті шайқас ғой! Осы жеңісті шайқасқа ең үлкен үлесті сіз қостыңыз. Жоғарғы марапатқа тиесілі. Мен жоғары басшылықтан Сізді марапаттау қажеттігін сұраймын.
Сөзін аяқтаған ол қос қолымен ақсақалмен қол алыспақшы болды. Қария көкжалдың қанына молынан малынған алақанын жайып:
- Қолым лас. Қол алыспасақ та болады.
Бао Шигуй бой бермей ақсақалдың қолын қыса ұстап сөйледі:
- Бөрінің қаны жұқсын. Сіздің салымыңыз да жұғысты болсын. Көрсеткен зор еңбегіңіздің шарапаты жұғысты болсын.
- Еңбек-сеңбек дегенді айтпашы, - деді қарт кенет қабағы түнеріп, - Еңбегім зор болған сайын күнәм да соншалық үлкеюде. Бұдан былай қасқырларды осылай аулаудың жөні жоқ. Тағы осылай ауласақ, олар қалмайды. Ал қарақұйрық, тышқан, жабайы қоян, суыр қатарлы кеміргіштер бас көтеріп, дала ойрандалады. Тәңірдің қаһарын келтірсек, төрт түлік малымыз да, мына біз де сазайымызды тартамыз.
Қанды қолдарын жайған ақсақал аспанға телміре қарады. Көңілі қатты беймазаланды.
Бао Шигуй ыңғайсыздана күліп қойды, сосын басы қанды дақтарға толған Эрлаңға бұрылып, төтенше әсерлене сөйледі:
- Мынау әлгі жабайы дәу төбет пе? Бойы шынымен де адам шошырлық екен. Мен беткейде тұрып, оның қылқындыра алатынын байқадым. Нағыз ержүрек қолбасшы екен. Ол бірінші болып көкжалдар тобына атылып, бір басшы арланды алқымдап өлтірді. Бөрілер қорыққаннан артқа ығысты. Ол жалпы қанша қасқырды алқымды?
- Төртеуін, - деп жауап берді Чен Чжен.
Бао Шигуй сөзін жалғастырды:
- Жарайды, жарайды екен! Сендердің қойларды жиі жейтін жабайы дәу төбетті асырап алғанын ертеде-ақ естігенмін. Біреулер сендерді сахараның салт-ережесін бұзды деп маған мәлімдеп, бұл төбетті атып тастауды ұсынған. Осы жолы мен өз шешімімді айтайын: сендер бұл итті бағуды жалғастырыңдар, сондай-ақ жақсылап тамақтандырып, күшті етіп өсіріңдер. Болашақта ол қойларды тағы алқымдаса, өлім жазасын кешіруге болады. Алайда, қойдың терісін мемлекетке тапсырасыңдар, еті үшін ақша төлейсіңдер.
Чен Чжен мен Яң Кэ қуана бірінен соң бірі келіскенін білдірді.
- Осы жолғы саятшылықта біз зиялы жастар бір көкжалды да өлтірмеппіз. Ит құрлы да бола алмадық. Расында да мына жабайы үлкен итке де жетпедік, - деді Чен Чжен.
Көпшілік ду күлді. Зиялы жастар да күліп жіберді.
- Сенің мына сөзің қытайлардың сөзіне ұқсамайды, - деп күле сөйледі Үлжі.
- Осы бала сахараның істеріне ерекше көңіл бөледі. Келешекте сөзсіз өз ісінің шебері болады, - деді Білге-ата қабағы жадырап.
- Естісем сен екеуің бір ұя бөлтірікті қазып алыпсыңдар ғой? - деп сұрады Үлжі.
Яң Кэ ешбір бүкпесіз айтты:
- Кеше ұстадық. Барлығы жеті бөлтірік. Білге-ата жол көрсетпегенде, екеуіміз қайдан ұстайтын едік?
- Жеті бөлтірік күзге қарай бір топ бөрі болады ғой. Расында да оңай емес. Бірнеше күннен кейін бөлтіріктердің терісін маған беріңдер. Мен ең жоғары бағамен аламын. Оның үстіне, сендерге оқ-дәріні көбірек беремін, - деді Бао Шигуй.
Сөзін аяқтаған ол жердегі екі үлкен қасқырдың терісін алып айтты:
- Айланып қарап шықтым, осы екі тері жақсы екен. Мен де алдымен екеуіңмен келісімге келейін: мұны ең жоғары бағамен аламын. Менің бір көнекөз басшым бар. Бұрын соғыс кезінде мұзды һәм қарлы жерде көп жүргендіктен, аяқтары сырқырайтын ауруға тап болған. Көкжалдың терісінен саптама шалбар тігуді армандағанына бірталай заман болды. Сол кісіге бір қызметімді жасап, сый-сәлемдеме ретінде берейін.
- Мен әлі бұларды отауымның есігі алдында бірнеше күн ілмекші едім. Үйдегі жабайы дәу төбеттің атақ-абыройын ақтауым керек, - деді Чен Чжен.
- Онда, бес-алты күннен кейін қайта келіп, терілерді әкетейін, - деп мысқылдады Бао Шигуй.
Аңшылық алабының барлық жері қып-қызыл қанның іздері және терісі сыдырылған бөрілердің ағараңдаған өліктеріне толған. Олардың сирағында ғана сүйемдей тері қалыпты. Бао Шигуй аңшыларды шақырып, қасқырлардың өлігін түгел бір жерге жинатты, сондай-ақ оларды екеуін көлденеңінен, екеуін тігінен қойып, бірінің үстіне бірін қабаттап үйгізді. Көп кешікпей, үйілген 30 астам өліктен биіктігі адам бойына таяу мұнара пайда болды. Бао Шигуй фотоаппаратын алып, өліктер мұнарасына кезеді, ол жағынан, бұл жағынан төрт-бес рет суретке түсірді. Сосын көкжалдарды ұстаған барлық аңшыларды қолдарына терілерін биік көтерген халде өліктер мұнарасының екі жағына екі қатарға тұрғызды. 30 шақты адам терілерді биік көтергенде, бөрілердің құйрықтары түгел дерлік жерде сүйретіліп тұрды. Ең алдыңғы қатарда үсті-басы жараланған, қасқырдың қанына малынған бөрібасар төбеттердің аузынан ыстық демі бұрқырай жер бауырлап жатыр. Бао Шигуй Чен Чженге суретке түсіруді тапсырып, өзі ең үлкен, ең ұзын теріні жоғары көтеріп, топтың дәл ортасына келіп тұра қалды. Ол көкжалдың терісін бәрінен де биік етіп көтерді. Ал Білге-ата теріні оң қолына орап, басын жартылай еңкейтіп, қинала күлімсіреп тұр. Чен Чжен қатарынан екі рет суретке тартты. Бао Шигуй алты-жеті қадам алға шығып, артқа қайырыла бұрылып, аңшыларға дауыстады:
- Мен аудандық революциялық комитеттің атынан, әскери район басшыларының атынан бәріңе алғыс айтамын! Сендер бәрің де бөрі соғудың қаһарманы. Бірнеше күннен соң суреттерің газетке басылады. Мен Олұн даласындағы қасқыр апатының қаншалық сұрапыл екенін, бір реткі саятқа шығуда осынша көп көкжалды өлтіргенімізді ел-жұртқа көрсетуім керек. Бұл бөрілердің басым бөлігі Сыртқы Моңғолиядан (Моңғол Халық Республикасы) қашып келген. Әскери аттарды негізінен осы қасқырлар тобы жайратқан. Мен де жұртшылыққа Олұн сахарасының басшы кадрлары, малшылары және зиялы жастарының осы апатқа көнбегенін, еңсесін түсірмегенін, қайта берік байлам және шын ықыласпен ұйымдасып, көкжалдарға аяусыз қайтарма соққы бергенін жеткізуім қажет. Осы реткі бөрілерді жою әрекеті енді ғана басталды. Біз Олұн даласының қасқырларын ешқайсысын қалдырмай, түгелдей тып-типыл етіп жоятынымызға толық сенімдіміз.
Ең соңында Бао Шигуй қолын көтеріп ұрандады:
- Жыртқыштарды толығымен жоймай, майданды тоқтатпаймыз!
Доржының жанұясы мен бірнеше зиялы жастардан басқа үн қосқандардың саны некен-саяқ болды. Бао Шигуй көпшіліктің тарап, өз орнында демалуына бұйрық беріп, Батуды күтті.
Бао Шигуй жерде малдас құрып отырып, Үлжіге сөйледі:
- Қазір шекара қорғанысы осынша шиеленіскен. Жоғарғы басшылық үнемі мені әрбір минутты үнемдеп, халық жасағының әскери жаттығуларын ұйымдастыруды тапсыруда. Осы жолы саятшылықта теріс ісіміз оңынан басып, сәті түсетінін һәм найзамыз қанға малынған үлкен айқасқа айналатынын ойламаппын.
- Далалық моңғолдар жаратылысынан жауынгер болады. Шындап соғысатын болса, бір мылтық қолға тиісімен бәрі де жорыққа аттана алады. Бүгін сен расында да екі істі бірдей жүзеге асырдың: көкжалдарды да аулаудың, жасақты да жаттықтырдың. Енді сен қорытынды есептің екі нұсқасын жазып жібер. Жоғарғы басшылық міндетті түрде қанағаттанады, - деді Үлжі.
Зиялы жастардың бәрі Чен Чжен мен Яң Кэнің жанына жиналып, бөрілердің терісін тамашалады. Олар теріні сипалап, жөнімен құмардан шыққанша сүйсінді.
- Егер де сендердің отаудағы мына жабайы төбет болмағанда, біз зиялы жастар абырой-беделден әбден айрылатын едік. Әшейін ғана моңғолдардың атты жасағының атқосшы малайлары болады екенбіз, - деді Ваң Цзюнли.
- Ежелден бері біз қытайлардың соғысу өнері және батырлығы көшпенді халықтардан соғысу қабілетіне жетпеген. Басқаларға жете алмаған соң, олардан үйрену керек. Малшылардың атқосшы малайы болып жүріп, олардан аң аулау, соғысу тәсілдерін қолма-қол үйренетін мұндай орай қайдан табылады, - деді Чен Чжен.
- Көшпенділер Орталық жазыққа жиі баса-көктеп кіріп, билеуші топқа айналған, сондай-ақ екі рет бүкіл Қытайға үстемдік жүргізген, бірақ ең ақырында озық қытайлық мәдениет оларды бағындырмады ма? Дала халықтары Тәңірдің еркесі болған шығар, бірақ ақыр аяғында садақ тартып, бүркіт салуды ғана білетін, құр жұдырықтасуға ғана құмар тобыр болып қалды ғой, - деді Ваң Цзюнли менменсініп.
Чен Чжен тойтарыс бере сөйледі:
- Онысы екіталай. Сен қару-жараққа немқұрайды қарап, қалам мен қағазға баса мән беруден аулақ бол. Тарихта өткен патшалықтардың қайсысы қай дәуірде қаруға сүйенбей жатып, қалам арқылы ел басқарыпты һәм азаматтық әкімшілікті орнатыпты? Соғысу қабілеті болмаса, шұғылалы мәдениет те қираған үйіндіге айналып қалады. Хән және Таң патшалықтарының мәдениеті мен азаматтық әкімшілігі де қару күшінің негізінде орнатылды ғой. Әлем тарихында соғысу өнеріне жетік, қару күшіне ие болған мешеу халықтар көптеген ежелгі өркениетті елдерді түп-тамырымен жоймады ма? Тіпті олардың жазуы, тілі, нәсілі түгелдей жойылып, құрдымға кетті ғой. Сен қытай ұлтының мәдениеті мешеу далалық халықтарды бағындырды дейсің. Бұны да толығымен дұрыс деуге келмейді. Моңғол ұлты өзінің тілі мен жазуын, тотемдік сенімін, ұлттық әдет-ғұрпын ұзаққа дейін сақтады, қазірге дейін сахараны тапжылмай қорғап отыр. Егер де моңғолдар қытай ұлтының егіншілік мәдениетін қабылдағанда, Моңғолияның байтақ даласы тың игеру арқылы орасан зор егістікке айналған болса, онда Орталық жазықтағы хуася (қытайлық) өркениеті баяғыда-ақ құмның астында көмілетін еді. Н.Хрущев орыстардың егін шаруашылығы өркениеті мен өнеркәсіп өркениетін орнату арқылы Қазақстанның көшпенді мал шаруашылығы өркениетін бағындыруды ойлады. Нәтижесі не болды? Дүние жүзінде сирек кездесетін жоғары сапалы шұрайлы жайылымдарды құрайтын байтақ дала шөлейтке айналды....
Зиялы жастардың ішіндегі Сун Вэнцзюән есімді қыз бірнеше жанжалшыл жігіттің тағы да дау-таласқа түскенін көріп, дереу олардың пікір таласуын бөліп жіберді:
- Болды, болды. Жайшылықта бір-бірімізден ондаған, жүздеген шақырым қашықтықта мал бағып жүріп, әрең-әрең бірге бас қосқанда, көрісе сала ерегісесіңдер. Сендер сахараға бір келіп, қасқырға тез айналады екенсіңдер. Кездесе сала алысуды қоясыңдар ма, қоймайсыңдар ма?!
Соншама көп адамның өзі алған аңның терісін сипалағанын көріп, жайсызданған Эрлаң оларға ақырын жақындай түсті. Зиялы жастар баққан төбет ешқашан өздерін қаппайды деп санайтын Сун Вэнцзюан қойнынан екі ірімшік шығарып, оны марапаттамақшы болды. «Эрлаң, Эрлаң, жарайсың....» деді ол.
Дыбыс шығармаған, құйрығын да бұлғақтамаған Эрлаң сұсты көздерін алайтып, көпшілікке қарай аяңдады. Сун Вэнцзюән азырақ қорқыңқырап бірнеше адым шегінді. Чен Чжен итке «Қайт!» деп ақырды. Алайда, бәрі кеш болды. Арсылдаған Эрлаң зиялы жастарға қарай бір қадам ұмтылды. Зәресі ұшқан Сун Вэнцзюән жерге отыра қалды. Яң Кэ ашуланып: «Жексұрын!» деп қатты балағаттады. Ол қамшысын көтеріп, ұруға әрекеттенді. Алайда, Эрлаң мойнын созып, таяқ жегеннің өзінде де орнынан тапжылмайтындай сыңай танытты. Алайда, бұл бір мезетте жалғыз өзі төрт көкжалды мерт қылған жабайы төбет болғандықтан, оның жыртқыш сипатынан қаймыққан Яң Кэ оны ұруға батылы жетпей, қамшысын жерге тастады.
- Бұдан соң сендердің отауыңа кім келсін? Мынаның бөрілерді өлтіргені болмаса, терісін алып, етін жемей тоқтамас едім, - деді ашудан күйіп-піскен Ваң Цзюнли.
- Бұл төбеттің мінезі оғаш. Жыртқыш сипаты көбірек, адамдарға онша үйір емес. Сендер жиі келсеңдер, сендерге үйреніп, танитын болады, - деді Чен Чжен асыға кешірім сұрап.
Зиялы жастардың көбі тарап кетті. Чен Чжен Эрлаңның басын қағып қойып: «Қарашы, сабақтастарым бәрі саған түгел реңжіп кетті» деді.
- Жабайы итті бағып, жұртты бұндай қорқытамыз. Егер де.... Егер де бөлтірік өсіп-үлкейсе, біздің отауға келуге кімнің батылы барады? - деді дауысын бәсеңдеткен Яң Кэ.
- Келмесе келмесін. Кейбір адамдардан жан-жануарлар жақсырақ. Біз иттер және қасқырлармен жолдас болып жүре береміз, - деді Чен Чжен.
Чжаң Цзиюән Эрлаңның жанына келіп, оның басын сипап айтты:
- Мен Эрлаңды барған сайын ұнатып келемін. Адамдарда кішкене жыртқыш мінез болуы керек екен. Мен әлгі көкжалды құрықтай алмағаным техникалық мәселе емес – батылдықтың жетпеуінен қолым жұмсарып, жалтақтауымнан болды.
Эрлаң өліктердің мұнарасына қарай бірнеше қадам жақындап, бөрілердің бозарған өлігін көріп, сілейіп қалды. Алыста тұрған ондаған үлкен төбеттер құрметпен һәм қорқынышпен оған қарап құйрықтарын бұлғақтатуда. Тек Барс ғана көкірек кере адымдап оның жанына келді. Эрлаң такаппарланбай һәм жағымпазданбай онымен тұмсық түйістірді. Эрлаң ферма басшылығы мен малшылардың құптауына жеткеннен кейін, ақырында 2-отрядтың үлкен төбеттерімен жақындасты. Дегенмен, Чен Чжен керісінше Эрлаңның көзінен қасірет пен қынжылуды байқады. Ол төбеттің мойнын құшақтады, бірақ оны қалай жұбатуды білмеді.
Бао Шигуй Білге-атаны аңшылар ең көп жиналған жерге шақырды. Топтың қақ ортасында қария шалғын жерден теріп алған қойдың құмалағы мен жылқының қи-тезегін тізіп, осы реткі саятқа шығу тактикасын түсіндірді. Көпшілік ерекше көңіл қойып тыңдады. Бао Шигуй бір жағынан ақсақалды тыңдап, бір жағынан сұрақ қойды, ауық-ауық алақайлап мақтау айтты.
- Бұл реткі шайқасты расында да әскери оқулықтарға енгізуге болады. Қасқырлар тобы жылқы үйірін қоршап жойған әлгі айқастан да тамаша ұйымдастырылыпты. Сіз нағыз әскери маман екенсіз. Осы шайқасқа бір полктың командирін басқаруға жіберсе де, мұндай жеңіске жетуі екіталай, - деді ол.
- Егер де Шыңғысханның заманы болғанда, Білге-атам ірі әскери қолбасшыға айналып, Мұқали, Жебе, Сүбітай секілді сардарлармен деңгейлес болатын еді, - деді Чен Чжен сөз қыстырып.
Ақсақал жалма-жан қолын бұлғақтата сөйледі:
- Олай салыстыруға болмайды. Мені бұлай салыстырсаңдар, Тәңірдің ашуын келтіресіңдер. Сол бірнеше қолбасшы моңғолдың әулиелері болып саналады. Бір соғыса қалса, жеті-сегіз мемлекетті, ондаған шаһарды басып алып, жүздеген мың әскерді қынадай қыратын. Олар болмағанда Моңғолияның ұлан-байтақ даласын баяғыда-ақ жат жұрттар тың игеріп талқандайтын еді. Мен сияқты кәрі құлды олармен салыстыруға бола ма?
Күн тал түске таяды. Бату әлі оралмады. Үлкен отрядтың салт аттылары өз қонысына қайтуға әзірленді. Осы кезде солтүстік-батыс жақтан бір салт атты төтенше шұғыл ұшыртып келді. Салт атты жақындай түсті. Жылқышы Божы Үлжі мен Бао Шигуйге аптығып тіл қатты:
- Бату сіздерді тез келсін дейді. Сіздер таңертең көкжалдардың жартысын қоршапсыңдар. Олардың жартысы таң атудан бұрын қоршаудан сытылып, солтүстік-батыстағы таудың етегіндегі қамыстың ішіне кіріп кеткен екен.
- Бұнша көп емес шығар? - деді алайып қараған Білге-ата.
- Мен Батумен бірге қамысты жердің ішін біраз араладым. Қар үстінде әр жерде бөрілердің іздері жатыр. Бәрі де жаңа іздер. Бату аз дегенде 20 шақты қасқырдың жасырынғанын айтты. Әлгі ақшолақ кәрі арлан да солардың арасында жүрген секілді. Анау жылқы үйірін қырғындаған басшы арланның дәл өзі. Бату оны қайткенде де ұстамай болмайды дейді, - деді Божы.
- Адамдар мен аттар бір жарым тәуліктен бері аш жүр. Иттердің де көбісі жараланды. Сол қамыстықты мен білемін. Ол тым үлкен, бірнеше жүз гектар келеді. Біз осынша адамдармен оны қалайша қоршаймыз? Меніңше, доғарсақ қайтеді, - деді Үлжі Бао Шигуйге.
Көздері күмәнге толған Бао Шигуй Білге-атаға қадала қарап айтты:
- Сырттан келгендер және кейбір зиялы жастар Сіздің көкжалдарға жаны ашатынын маған мәлімдеген еді. Сіз бұл жолы олардың бір бөлігін әдейі жібермеген шығарсыз? Сіз ерткен адамдар мен иттер сол 20 шақты бөріні қоршауға алуға жеткілікті. Егер де қамайтын болсақ, біз оларды да жоя аламыз!
- Сенің мына сөзің орынды болмады. Бүгін таңертең қоршауға алынған қасқырлар көп те емес, кем де емес. Тұшпара жасауға керек етті қажетінше салған сияқты, қоршауға алынған жыртқыштарды қажетінше ауладық. Көкжалдар бұдан көбірек болса, қоршап аң аулау толығымен қырып-жою соғысына айналып, тұшпараның жіңішке қамыры жарылғандай, олар қоршау шебін оңай бұзып-жарып кетер еді, - деп асыға сөйледі Үлжі.
- Менің ойымша, Сіз қалай да сол бөрілерді әдейі жіберіп қойған көрінесіз.
Білге-ата да ашулы жанармен қарап сөйледі:
- Қасқырларды қоршау сендердің кеспе сүзгендеріңе ұқсамайды! Қап-қараңғы түнде салт аттылардың арасындағы бостық үлкен болса, кейбір көкжалдар сытылып шыға алмайды дейсің бе? Егер де сен топты басқарып, бөрілерді қоршасаң, олардың біреуін де қамай алмассың.
Өңі бір қуарып, бір қызарған Бао Шигуй ең ақырында өзін әрең ұстады. Ол қолындағы қамшымен өз алақанын ұрып, өкіре айғайлады:
- Адамдар, аттар, төбеттер жеткіліксіз болғанмен, біз мылтықтарды әлі іске қоспадық ғой. Мейлі қалай болмасын, осы рет қамысты жерде байқалған қасқырларды мен жібермеймін. Жаудың жағдайы – шайқас жағдайы. Бұл айқасқа мен өзім қолбасшылық істеймін!
Бао Шигуй биік төбешікке шауып шығып, бүкіл отрядтың адамдарына дауыстады:
- Жолдастар, солтүстік-батыстағы қамыстықтан тағы бір топ көкжал байқалыпты. Біздің көптеген адамымыз әлі бөрі терілеріне ие бола алмады емес пе? Әсіресе зиялы жастар, басшылық сендерді алдыңғы шепке жібермегеніне өкпелемеп пе едіңдер? Бұл жолы сендерді түгел алғы шепке аттандырамын. Жолдастар, біз шаршап-шалдығудан қорықпай, үздіксіз айқасу рухын өрістетіп, осы қасқырлар тобын біржолата жайратайық!
Топ ішінен бірнеше зиялы жас пен аңшы оңтайланды.
- Қазір өзімнің жоспарымды жариялаймын. Бұл жоспар көпшіліктің көп күш жұмсауын талап етпейді. Бүкіл отряд қамыстықты қоршайды, сосын өрт қойып шабуылдайды. Қамыс арасындағы өрттен қашып шыққан көкжалдарды мылтықпен атамыз. Оқтарды ысырап етуден қорықпаңдар, - деп дауыстап түсіндірді Бао Шигуй.
Малшылар мен аңшылар өрт салып шабуылдауды ести сала бәрі шошыды. Сахарада өрт қою – ұлттық үлкен көргенсіздік, тыйым салынатын әрекет. Аңшылар аң аулағанда шағын көлемдегі түтіндетуді есептемегенде, аумағы үлкен жерді кең көлемді өртеуге батылы бармайды. Жұрт әп-сәтте дабыр-дүбір қызу талқыға түсті.
- Даланы өртеу Тәңірдің әмірін бұзу деген сөз. Тәңірдің бетін түтінмен қарайтсақ, Жаратушы адамдарға оң қарайды ма? Өзеннің суы былғанып қарайып кетсе, судың киесі келесі жылы адамдар мен үй жануарларына таза суынан ішкізеді ме? Шамандар мен ламалардың бәрі иен далада өрт қоюға тыйым салады. Ертеде моңғол хандары сахарада өрт қойған адамдарды бүкіл отбасымен қоса мерт қылатын. Қазіргі кезде мемлекеттің саясаты да өртеуге рұқсат бермейді, - деді Білге-ата.
Ашудан беті қып-қызыл болған Касымай:
- От, өрт.... Сахарада ауыр апат. Жайшылықта балалар отпен ойнаса, көтені қызарып ісіп кеткенше ұрамыз. Ересек кісінің осынша көлемді өрт қоямыз дегені несі. Егер де бұдан кейін сәби балалар отпен ойнап, жайылымды өртесе, Бао Шигуйден үйренген дейміз бе? Бұндай жауапкершілікті мойныңызға аласыз ба?
Өгіздей жуан мойнына дейін қызарып кеткен Ламжаб гүжілдеп ақырды:
- Ежелгі заманда қытайлық әскерлер ғана Моңғолияның даласын өртеген. Бұл қытайлардың ең қатыгез шарасы болатын. Бүгінгі күні қытайлар өртеуге батылдығы бара алмағанда, керісінше моңғолдар өз даласын өздері өртейтін болғаны ма? Бао мырза, сен моңғол шығарсың?
- Қазір жерде қар бар ғой. Өрттен сақтанатын маусым әлі келген жоқ. Дегенмен, жайылымды өртеу бастамашылығы іске аса қалса, бұдан кейін өрттің алдын алу қиынға соғатын болады. Оның үстіне, өрт шығатын болса, бөрілердің жүні жанып, терісі ақшаға татымай қалады, - деді Санжы.
- Қасқырларды отпен өртеу нағыз надандық болып табылады. Егер де оларды түгелдей өртеп жіберсек, алдағы жылдары апатқа ұшыраған жағдайда, барлық жерді қаптайтын ірі қара малдың өліктерін кім шешеді? Байтақ даланы жиіркенішті мүңкіген сасық түтін қаптап, оба індеті тарқалса, адамдар да тірі қалмайды. Көкжалдарды өлтіріп тауыссақ, саршұнақтар, тышқандар және жабайы қояндар шөптің астындағы құмды жердің бетіне қазып шығарып, кең даланы шөлге айналдырмай ма? - деп сұрады Сарылың.
- Біз үш жылқышы бөрілерді аулауға түгел шықтық. Жылқыларды таудың ішінде қалдырғанымызға бір күн, бір түн болды. Енді қайтпасақ, қасқырлар тобы біздің ту сыртымыздан айналып өтіп шығады. Мен дереу жылқы үйіріне қайтуым керек. Оқиға шықса, мен жауапкершілікті өз мойныма алмаймын, - деді Чжаң Цзиюән.
Бао Шигуй дауыстап шыңғырды:
- Тыныш! Тыныш! Ешкімге қайтуға рұқсат жоқ! Халықтың мүддесін, мемлекеттің меншігін қорғау үшін көкжалдарды аулаймыз. Шабуыл – қорғанудың ең жақсы амалы. Оларды тып-типыл жойғанда ғана біздің ту сыртымыздан бөгей алмайтын болады. Оларды терісін алу үшін ғана өлтірмейміз. Жүні өртенген өлі бөрілер де біздің шайқастың нәтижесі болып табылады. Мен олардың өліктерінен тағы бір мұнара үйіп, тағы бірнеше рет суретке түсіріп, басшыларға шайқастағы біздің нәтижемізді көрсетпекпін.... Кім бұйрыққа бағынбаса, соны үйрену науқанына (саяси науқанға) саламын! Түгел аттаныңдар!
Ламжаб қасқырша көзін алайтып, ырылдағандай айғайлады:
- Үйрену науқанына салсаң да, салмасаң да өзің білесің! Мен бармаймын! Мен жылқы үйіріне қайтуым керек!
Бірнеше жылқышы бірінен соң бірі тұлпарлардың басын бұрып, «Қайтайық! Қайтайық!» деп дабырласты. Бао Шигуй жоғары көтерген қамшысын қатты бір сермеді:
- Кімде-кім шепті тастап қашса, мен оны жылқышы қызметінен алып тастаймын! Сондай-ақ сендер арқа сүйейтін адамдарды қызметтен түсіремін! - деп айғайлады.
Білге-ата Үлжіге қарап қойды, сосын амалсыздан қолын сілтеп сөйледі:
- Ешкім де орынсыз шуылдамасын! Мен осы реткі аң аулаудың басшысымын. Бұл істе менің сөзім шешуші болсын. Бір жылқылар үйіріне бір жылқышы шапшаң барсын. Қалған адамдар түгел Бао-уәкілмен бірге жүрсін. Бекім осы болсын!
- Онда мен жылқыға қайтайын. Сен жұмысты бітірген соң үйге оралып, екі күн тынығып аларсың, - деді Ламжаб Чжаң Цзиюәнға. Сөзін аяқтаған ол өз отрядынан және басқа отрядтардың сегіз-тоғыз жылқышыны ілестіріп, құйғыта шауып кетті.
Бао Шигуйге ілескен салт аттылар мен иттер тобы үш жота асып өтті. Таудың етегінде ұшы-қиырсыз солған қамыстық күмістей жалтырауда. Қамысты жердің айналасы әлі еріп үлгірмеген аппақ қар екен. Ваң Цзюнли қатарлы бес-алты зиялы жас Бао Шигуйды ортаға алып, бұның, яғни өртеу арқылы аң аулаудың бір айрықша кемелді шешім екенін айтып жамырады. Ақындық шабыты келген Ваң Цзюнли жоғары дауыспен өлеңдете жөнелді: «Құртпақ болсаң арланды, өрт қой қопа қамысқа. Барша әзірлікті дайындап ал, желің соқсын алысқа».
Қамысты жердің арасынан Бао Шигуй мен Үлжінің алдына салт атты шауып келген Бату:
- Мен көкжалдарды үркітпедім. Үлкен бір топ осы қамыстықтың ішінде жүр.
Бао Шигуй қамшымен қамысты жерді нұсқап сөйледі:
- Әр топтың басшылары жақсылап тыңдасын: 1-топ шығыстан, 2-топ батыстан, 3-топ солтүстіктен үш жақтан қамыстықты қоршаңдар. 4-топ оңтүстікке айналып өтіп, алдымен оңтүстік-шығыс жақтан от жағыңдар, сонда бөрілердің шегінетін жолы үзіледі. Отты тұтатып, желдің бағытымен алыс жерге шегініңдер. 1, 2, 3-топтың адамдары оңтүстік жақта от жағылып, түтін шыққанын көрген сәтте, үш жақтан бірдей от жағыңдар. Бүкіл отрядтың салт аттылары мен төбеттері өрттің шетінде күтіп тұрсын. Қасқырлар жүгіріп шыққанда, иттерді қуғынға салыңдар, оқ атыңдар. Орындаңдар!
4-топтағы зиялы жастар атойлап алға шығып, шабуылдай жөнелді. Осы топтың малшылары олардың соңынан ілесті. Басқа топтар да белгіленген жерге айналған халде беттеді.
Білге-атаға ілесе қамысты жерге енген Чен Чжен айналасына егжей-тегжейлі көз жіберді. Бұл көп жылдан бері өртелмеген үлкен қамыстық еді. Екі адамның бойынан асатын құрғақ қамыстың астында қалыңдығы жарты метр бұрынғы жылдардан қалып қалған ескі қамыс қопаланып жатыр. Мейлі жаңа қамыс немесе ескі қамыс болсын, ылғалсызданып, әбден қуарып майласып тұр.
- Қазір қамыстықтың ішіндегі көкжалдар сырттағы адамдар мен иттердің қимыл-қыбырын естіп қалды. Алайда, олар қорықпайды. Осынша қалың да бітік қамыс арасында төбеттер тез жүгіре алмайды, адамдар да құрықтарын қолдана алмайды. Қамыстықтың іші әрі қараңғы, әрі күңгірт. Жылқы басқан қамыстан шыққан тарс-тұрс дауыстан бөрілер адамдардың қайда бара жатқанын толық біліп отыр. Қамысты жерде олардың көптеген ұсақ соқпақ жолдары бар. Салт атты адамдар мен иттер қамыстыққа енген сәтте олар соқпақ жолдармен жүріп, қуғыншылардың арқасына өтіп алады. Қыс пен көктем мезгілдерінде қамыстық олардың мекеніне айналады. Қамысты жерге кіріп, қасқырды ұстау қиынның-қиыны. Олұн даласының көкжалдары өздігінен жанған өртті көрген, бірақ адамдардың қамысты өртейтінін қайдан ойласын. Сахарада бұндай іс ешқашан болмаған. Сол сырттан келген келімсектердің амалдары көп, әрбір амалдары қатыгез. Мына бөрілер тобы бітті дей бер, - деді ақсақал.
Кенеттен біреулер «От жағыңдар! От тұтандырыңдар!» деп дауыстап айғайлады. Чен Чжен лезде қария мінген сәйгүліктің шылбырын тартып, қамыстықтан шыға жөнелді. Оңтүстік-шығыс бағыттан қара қошқыл түтін будақтады. Қас қағымда шығыс, батыс, солтүстік тараптардағы он шақты жерде от бір уақытта тұтанды. Бао Шигуй біреулерге қамысты сығымдап, от тұтандырғаннан кейін желдің ығымен қамыстыққа ішкерілей енуді бұйырды. Самсыған қалың майлы қамыс от тиісімен әп-сәтте құдды мұнай қоймасы жарылғандай лапылдап жана бастады. Бірнеше аршын биіктіктегі жалын әуеде түйдектеліп бұйраланды. Ондаған гектарлық қамысты жер дереу отты теңізге айналды. Осы лаулаған өрттің үстіндегі әуе кеңістігінде ыстық жел шыр айналдыра ұшырған қара жапырақтар күннің көзін көлегейлеген қара жарқанаттар сияқты оңтүстік-шығыс бағытқа қарай шұғыл ұшты. Биік беткейде тұрған Бао Шигуй қатты алақайлауда. Құдды 700 шақырым аралықтағы өртеуді басқарған Шығыс У патшалығының (221-280 жж. дәурен сүрген «Үш патшалық» кезеңіндегі мемлекеттердің бірі) қолбасшысы секілді қарап тұр.
Қамыстықтың батыс жағын қаптаған қара түтіннің арасында Білге-ата кенет тізерлеп отырып, көз жасы тарамдала шығыс тараптағы аспанға қарап бірдемелерді күбірледі. Чен Чжен анық ести алмады, бірақ ол ақсақалдың не айтып жатқанын білді.
Кенет жел бағыты өзгеріп, қара қошқыл да ащы түтінді қарияға қарай ойыстырды. Чен Чжен мен Яң Кэ жалма-жан қарияны қолтықтап, қою түтіннен алып шығып, қарлы беткейге жүгірді. Шалдың беті қара түтіннен қарайып, көзі қара түсті жасқа толған екен. Чен Чжен қарияға қарап, көңілінде онымен үнсіз үндестік тапқандай болды. Оның көз алдына үрейлі де мәртебелі бөрі тотемі көтеріліп бара жатқандай көрінді. Лапылдаған жалын мен қою түтін ішінде аспанға өрлеген ол түтінмен жарыса сонау биіктегі Тәңірге самғап ұшты, сондай-ақ моңғолдардың қайсар да қажырлы рухын бірге әкетті. Ал олардың бағы жанып, тірі қалған аға-інілері, әпке-қарындастары, үрім-бұтағы Моңғолия даласында бақ пен сор кешіп, дала халықтарына мақтаныш пен атақ-абырой беруді жалғастыра бермек.
Қатты желде үдей жанған өрт ескі қамыстарды тамырымен қоса тып-типыл жағып, оның қап-қалың күлін аспанға ұшырып, оңтүстік-шығыс бағыттағы қар жамылған жайылымның үстіне шашуда. Жарты күндей жанған үлкен өрт бір қарыс қамысты да қалдырмады. Ақыры өрт өшті. Ондаған гектарлық алтын-сары қамыс өрт шалған қап-қара жерге айналды. Жел соққан ықтасын жақта 10 мың му (1 му – 0,015 га) қара қарлы жер пайда болды. Алайда, шығыс, оңтүстік, батыс, солтүстік жақтың ешқайсысынан иттердің үргені және мылтықтың дауысы естілмеді.
Дауыл жел түтіннің қалдықтарын түк қалдырмай айдап әкетті.... Өртелген жер ақырындап суыды. Бао Шигуй бүкіл отрядтың салт аттылары мен төбеттерін бір қатар етіп тұрғызып, сүзгіш тарақпен тарағандай шайқас алабын тазартуға, қасқырлардың өліктерін іздеп, айқастың олжасын есептеу туралы бұйрық түсірді. Біреулер аз дегенде 20 астам көкжал жанып өлгенін мөлшерледі, кейбіреулер түстен бұрынғы олжадан асады деп пайымдады.
- Мейлі қаншасы болсын, жанып күйгеннің бәрін іздеп тауып, егжейлі-тегжейлі санап маған жинап беріңдер. Мен суретке түсіруім керек. Нақты ахуал жөнінде жалған мәлімдеуге болмайды. Бүкіл аудан мен аймақтың тұрғындарына бұның тек аң аулап, терісін жинау үшін ғана емес, нағыз бөрі соғып, жамандықты жою екендігін көрсетемін, - деді Бао Шигуй.
Салт аттылар тобының ең шетінде Білге-атаға жақын ілесіп келе жатқан Чен Чжен бәсең үнмен сұрады:
- Ата, Сіз қанша қасқыр тірідей жанып өлді деп мөлшерлейсіз?
- Жерді өртеу – сендер қытайлардың өнері. Моңғолдар өрттен қатты қорқады. Бұндай әдіспен қанша көкжалды өлтіруге болатынын қайдан білейін? Мен Бао Шигуйдың қамыстарды өртеп болған соң, тың жерді игеруді ойлауынан қорқамын...., - деді қария.
Салт аттылардың жылдам да емес, баяу да емес жылдамдығына ілескен екеуі күлдің үйінділерін бір-бірлеп тексеріп келеді. Біршама қалыңдау күл үйіндісі кезіксе, екеуі құрықтың түп сабымен қысыла түрткілейді, сондай-ақ бірнеше рет қазбалап көреді. Әрбір күл үйіндісін түрткілегеннен ештеңе байқамаған сайын ақсақал рахаттана ұзақ тыныстайды.
Жел бәсеңдеді. Сөйтсе де, сәйгүлік тұяқтары көтерген күл бәрібір адамдар, аттар, иттердің көзінен жас ағызды. Салт аттылардың ішінде оқтын-оқтын жөтелген дауыстар естіледі. Аздан соң иттер де жөтеле бастады. Әлі сөне қоймаған күлді басып, табанын күйдірген кейбір иттер уілдеп қыңсылдайды. Салт аттылар өрт өткен жердің жартысын сүзе тексерсе де, ешнәрсе таба алмады. Біршама сабырсызданған Бао Шигуй: «Асықпаңдар! Асықпай қараңдар! Бір күл үйіндісін де қалт жібермеңдер» деп тоқтамай айғайлауда.
Білге-атаның жабырқаңқы қабағы бірте-бірте жадырады.
- Бөрілер әлдеқашан қашып кеткен бе? Әйтпесе, неге бір-екеуін кездестірмедік? - деп тағатсыздана сұрады Чен Чжен.
- Бәлкім, Тәңірім оларды тағы қолдаған болар, - деді көздері үмітке толған ақсақал.
Кенет алыстан біреу: «Мұнда бір өлі қасқыр бар екен» деп айғайлады. Қария қабағы түнерді. Екеуі лезде аттарын тебіне айғай шыққан жерге қарай ұмтылды. Бүкіл отрядтың салт аттылары да шаба жөнелді. Бао Шигуй топтың ішінде жүр екен. Қуанышы қойнына сыймаған ол Білге-атаға ортаға шығып, анықтауды сұрады.
Ортадағы қап-қара күлдің ішінде тұла-бойын күл басқан бір дене бүктеліп жатыр. Одан күйенің иісі мен борсыған еттің күйген иісі мұрынды жарып бұрқырап тұр. Көпшілік дабырласа талқылай бастады.
- Өрт шайқасы табысты болды! Біреуі табылған екен, міндетті түрде үлкен тобын да табамыз, - деді Ваң Цзюнли масайраған лебізбен.
- Мынау көкжалға ұқсамайды ғой. Бөрі бұндай кішкентай болмайды, - деді Сарылың.
- Ол жанса, денесі жиырылып, өздігінен кішірейеді, - деді Бао Шигуй. Ваң Цзюнли басын изеп сөйледі:
- Мүмкін бір ұсақ қасқыр шығар.
Білге-ата аттан түсіп, өртенген өлікті қамшымен аударып көрді. Алайда, өліктің астыңғы жағы да біржолата жанғаннан бір тал жүні қалмапты. Бұл өлік қалың ескі қамыстың маясында жатқан жерінде толық өртенген екен.
- Мынау қайдағы көкжал. Кішкене бөрі де емес. Бір кәрі ит екен, - деді қария.
- Оны қайдан білдің? - деп сұрады Бао Шигуй ақсақалға тағы күмәндана қадалып қарап.
- Бұл рас. Мына тістеріне қарашы. Қасқырдың тістері иттің тістерінен ұзын, әрі үшкір болады. Сенбесең, мынаны суретке тартып, басшылыққа табыс ретінде мәлімдеп көр. Абайла, жоғары жақта мұның сырын білетін адамдар көкжалдың орнына өлген итті беріп, жалған мәлімет бергенің үшін өзіңді айыптап жүрмесін, - деді қария.
- Белгі ретінде осында бірдеме шаншып қояйық. Егер де тағы бірнешеуін тапсақ, бөрі немесе төбет екендігін біле аламыз, - деді Бао Шигуй сасқалақтап.
Ақсақал кәрі иттің өлігіне қарап, мұңға батқан халде сөйледі:
- Кәрі ит өзінің ешнәрсеге жарамайтынын білген соң, осында келіп өзін-өзі жерлеген ғой. Мына жер ықтасын. Қасқырлар көп. Байғұс-ай, көкжалдар оны қалайша көрмеді екен?
Азан-қазан болған Бао Шигуй: «Кең жайылып іздеуді жалғастырыңдар!» деп шыңғыра айғайлады. Салт аттылар тағы да қаз-қатар шепке тұрып, іздеуге кірісті. Олар күл үйінділерін бір-бірлеп тырмалап тегістесе де, бәрібір ешнәрсе таппады. Бірнеше зиялы жас істің басқаша екендігін сезе бастады. Талай шайқаста шыныққан, бірақ өртпен аң аулауға ешқашан қатысып көрмеген аңшылар да аң-таң қалды. Сонда Бату жағдайды жалған мәлімдегені ме?
Айнала қоршаған адамдардың тұс-тұстан қойылған сұрақтарына Бату:
- Төраға Мао Цзэдуңға кепілдік беремін. Тәңірге ант беремін. Божы екеуіміз өз көзімізбен көрдік. Сендер де олардың іздерін көрдіңдер емес пе? - деп түсіндірді.
- Онда қызық болды ғой. Бөрілерге қанат бітіп, ұшып кетті ме? - деді Бао Шигуй.
- Қасқырлардың ұшатынын білесің енді. Олар шынымен де сиқырлы жануарлар – қанаты болмаса да ұшады» - деді күлімсіреген Білге-ата.
- Ал түстен бұрын біз қалайша сонша көп көкжалды өлтірдік? - деп сұрады бұлқан-талқан болған Бао Шигуй.
- Оларды өлтіріп, аттар үйірінің кегін алдық. Енді тағы көп өлтіруді Тәңір құптамайды. Тәңір ең әділ-дүр, - деді қария.
Бао Шигуй оның сөзін бөліп зіркілдеді:
- Тәңір-пәңір деген не ол? Бұл – «төрт ескінің» («Мәдениет төңкерісі» кезеңінде қарсы күресу жүргізілген «ескі мәдениет», «ескі ой-пікір», «ескі дағды», «ескі әдет-ғұрып») нышаны! Қалған ең соңғы жерді мұқият тінтіп шығыңдар.
Кенет ең алдында жүрген екі жылқышы: «Шатақ болды! Екі бұқа өртеніп өліпті!» деп айғайлады. Салт аттылар түгел сол екі жылқышыға қарай жөңкіле шапты. Малшылар мен аңшылардың өңдерінен абыржу байқалды.
Бұқа – Моңғолия даласындағы ең еркін, ең қамсыз, жұрт ең құрметтейтін жануар. Сахараның ең тәжірибелі бақташылары оларды сиыр үйірінде бұзау кезінен іріктеп сұрыптайды. Өскеннен кейін бұқалар жазғы жұптасу кезеңінде барлық сиырлар үйірлерін аралап, құмары қанғанша әбден ләззаттанады. Қалған уақытта олар сиыр үйірлерінен бөлініп, жабайы өгіздер сияқты емін-еркін де жайбарақат байтақ даланың кез келген жерінде сандалып жүреді. Адамдардың күтіп-бағуын және тамақтандыруын керек етпейді. Бұқалардың денесі мықты, терісі қалың, мойны қысқа да жуан келеді. Дүлей қара күшке ие. Маңдайын үлкендігі ұлудай ирелектенген әдемі бұйра жүн басып тұрады. Сондай-ақ, олардың әрі үшкір, әрі жуан, әрі тіке де қысқа мүйіздері бар. Олардың мүйіздері ерекше жойымпаз күшке ие жақыннан соғысу қару болып табылады. Сол мүйіздер Ежелгі Рим легиондарының жауынгерлері қолданған қысқа қанжардан да әлдеқайда мықты. Иен даланы еркін билеп-төстеген ірі бөрілер бұқаларға тиісуге батылы бармайды. Тіпті бір топ аш қасқырлар жабылса да, олардың сауыт секілді қап-қалың терісіне тістерін батыра алмайды, жабайы күшін еңсере алмайды.
Осы себепті, бұқалар сахарада тең келетін қас жауы жоқ ірі қара мал саналады. Әдетте олар екі-екіден бірігіп жүреді. Күндіз құнарлы жайылымның ең жақсы шөбін таңдап жейді. Түнде екеуі бірінің басына құйрығын қарама-қарсы теңестірген халде қатарласа ұйықтайды. Бұқалар - қасиетті мал, иен далада мықты күш, еркектік, өсіп-көбею, батырлық, еркіндік пен бақыттың символы. Моңғол балуандарын бұқалармен аттас «Бухэ» деп атайды. Моңғол еркектері бұқаға ерекше қызығады. Өйткені, бұқалар шоғыр-шоғыр ұрғашы сиырларды шетінен жағаласа да, отбасы жауапкершілігін арқаламайтын, онымен жұмысы болмайтын өз-өзіне қожайын және көңілді сүр бойдақтың өзі. Жұптасу кезеңінен кейін олардың ұрғашылары, бала-шағасы далалықтардың бағуына тапсырылады. Сондықтан көптеген моңғол еркектері «Бұқа» есімін қоюды ұнатады. Малшылар бұқаларды әрқашан да қастерлеп, пір тұтатын. Оның семіз, әлеуетті болуы малдың толықсып көбейетінін аңғартады. Бұқаның арық, аурушаң болуы пәле-апаттың жақындағанын білдіреді. Бұқалардың саны айрықша аз, орта есеппен бірнеше үйір сиырға әрең бір бұқа тура келеді. Топталған малшылар үлкен өртте бұқалардың күйіп өлгенін естіп, құдды орасан зор қайғылы хабар естігендей қатты шошыды. Жұрт өлімге барғандай жылдамдықпен түгел дүркірей жөнелді.
Малшылар аттарынан түсіп, екі дәу жануардың айналасында үндемей тұра қалды. Бұқалар өліпті. Тарбиған төрт сирақтары өртенген жердің үстінде көсіліп жатыр. Қалың жүні күйіп, үлкен бөлігі қара көпіршіктермен күлбіреп, қалыңдығы бір еліге жақын терісі күйіп, жарылып кетіпті. Жарылған жерінен ақ сарғыш майы шығып тұр. Бұқаның көздері құдды екі қара лампочкадай тасырайып, тілі ұзындығы жарты кездей салақтап шығыпты. Аузы мен мұрнынан қара су әлі ағылуда. Бақташылар мен әйелдер мүйізінің кескініне қарап, бұл екі бұқаны таныды. Көпшілік лезде ызаланып кетті.
- Күнә жасаппыз. Бұлар шынымен де біздің отрядтың ең жақсы бұқалары еді. Біздің топтағы сиырлардың жартысы осы екі бұқаның үрім-бұтағы болып табылады. Жайылым өртенуі мүмкін ғой! Сахара ертелі-кеш сенің қолыңда құриды екен! - деді Касымай.
- Мына екі бұқа моңғол өгіздерінің ішіндегі ең жақсы нәсілден – сахараның қызыл өгіздері. Бұл екеуі туғызған сиырлар ең сүтті, ал өгіздер етті келетін, еттерінің сапасы да ең жақсы еді. Мен бұл істі ауданның басшыларына мәлімдемесем болмайды. Егер де тексеру комиссиясы келсе, мен оларды осында бастап әкеліп, тексертемін. Адамдар қылған зияндық көкжалдардың зиянынан асып түсті ғой! - деді Білге-ата.
- Алдыңғы жылдары аймақтық мал шаруашылығы басқармасы бұл екі бұқаны әкетпекші болғанда, көпшілік беруге қимаған. Кейін осы екеуінен туылған жас өгіздерді ғана беріп құтылдық. Мына шығын кішкентай емес, - деді Үлжі.
- Қамысты жерде жел жоқ. Бұқалар қамыстықта рахаттанып жатады. Қамысты өртеудің қажеті жоқ еді. Бұқалар баяу жүгіреді. Олар оттан қалайша қашып құтылсын. Осынша қоп-қою түтін бір қаптағаннан-ақ бұқаларды бірден тұншықтырды ғой. Кең далада адам өгіздерді өртеп өлтірген іс ешқашан болмаған еді. Тәңірге сенбеген жазасын әлі-ақ тартады, - деді Сарылың.
Әбден күйген бұқаның терісі әлі де тілімденіп тұр. Алып денелерінде ойылған үрейлі де түсініксіз шимайлар жын-перілердің қарғыс сөздеріндей сызылыпты. Әйелдер шошығаннан елтірі жеңдерімен бетін қалқалап, топтың сыртына қарай қашты. Адамдар обадан қашқандай Бао Шигуйден аулақ кетті. Бао Шигуй бұқалар өлігінің жанында жападан-жалғыз өзі тұр. Үсті-басы күйе-күйе, шырайы қарайған. Кенеттен ол тістеніп тұрып шыңғырды:
- Өртенген бұқаларды бөрілерге жазып жібереміз! Мейлі сендер не айтсаңдар да, мен Олұн сахарасының қасқырлар тобын жоймайынша тынбаймын!
Кеш батып, қараңғы түсті. Ерте көктемнің ызғарлы ауасы тор сияқты қымтап әкетті. Қарны ашқан, шаршап-шалдыққан, тоңған адамдар, аттар мен иттер жеңіліске ұшырап, масқара болған әскерлер секілді еңселері түскен күйі қоныстарына тартты. Ақшулан арлан бастаған көкжалдар тобы аңшылардың қоршауынан және қалың өрттен қалай құтылып кеткенін ешкім де біле алмады. Осыны қызу талқылаған халайық асқан сақтықпен оларды «ұшып кеткен» деген бекімге келді.
- Осы жолғы саятшылықта бір ғана ағаттық болды: қоршауға алудың алдында адамдар мен төбеттердің дабыр-дүбірі тым қатты болды. Ақшолан арлан өрт тұтандырудың алдында-ақ топты бастап, жалт берген, - деді Үлжі.
Жылқышылар өз табындарына қарай асығыс шаба жөнелді. Чен Чжен мен Яң Кэ үйдегі бөлтірікті ойлаумен болды. Ол екеуі Чжаң Цзиюән мен Гао Цзянчжуңды шақырып алды. Төртеуі үлкен отрядты тастап, жақын жолмен суыт жүрген халде тікесінен өз қонысына жөнелді. Яң Кэ бір жағынан шауып, бір жағынан күбірлеп сөйледі:
- Жарым түнде жолға шығар алдында бөлтірікке езіліп піскен екі жапырақ қойдың етін ғана берген едім. Оның ет жейтін-жемейтінін білмеймін. Доржы оның бір айдан кейін ғана емшектен шығатынын айтып еді.
- Ештеңе етпейді, кеше емгеннен бөлтіріктің құрсағы жарылуға аз қалды. Ол піскен етті жей алмайды, аштан да өлмейді. Менің ең алаңдайтыным: біз күні бойы үйде болмадық. Артқы шеп бос қалды. Егер де өлекшін келіп үйімізді тінтсе, онда бәле болады, - деді Чен Чжен.
Чжаң Цзиюәннің тұлпарынан өзге аттардың бәрі шабудан қалды. Түн жарымда ғана төртеуі әрең үйге қайтты. Эрлаң мен Сарытөс бос ыдысының алдында тамақ дәметіп күтіп тұр. Чен Чжен аттан қарғып түсіп, алдымен екі төбетке бірнеше түйір ет пен сүйек тастады. Чжаң Цзиюән мен Гао Цзянчжуң отауға кіріп, беттерін жуып, шай қойды. Ет жеп, шай ішіп болып, ұйықтауға дайындалды. Чен Чжен мен Яң Кэ бөлтірікті қалдырған шұңқырға асыға жүгірді. Екеуі ас тақтайшаны алып тастап, қолшырақтың жарығында шұңқырдың бұрышындағы қойдың терісі үстінде бөлтіріктің рахаттана ұйықтағанын көрді. Кішкене ұрғашы күшік қарны ашқаннан қыңсылап, шұңқырдың қабырғасына жармасып, сүт емгісі келіп барынша жанталасуда. Ілбіс те дегбірсізденгеннен орын таба алмай, шұңқырдың сыртынан айналшақтап жүр. Чен Чжен дереу күшікті шығарып алып, Ілбіске табыстады. Ол күшігін тістеген бойда үйшігіне әкетті.
Чен Чжен мен Яң Кэ шұңқырдың түбіне мұқият көз жіберді. Екі түйір піскен ет көрінбейді. Бөлтіріктің құрсағы екі жағына тырсиыпты. Аузының шеті мен тұмсығының ұшы май жалтырайды. Ол көзін жұмған халде аузын сәл ашып қояды. Жайраңдағаннан көздері сығырайып, шаттана тәтті түс көріп жатқан сияқты.
- Мына бауырымыз етті жеке өзі жалмапты, - деді қуанған Яң Кэ.
Көкірегін кеңейте бір тыныстаған Чен Чжен:
- Өлекшін қазір өз шаруасына да мұршасы жетпеген сияқты, - деді.
14
Мәңқұл деген моңғолдың бір қора қойы болған екен. Бір түні бөрілер отардың ішіне еніп, оның жартысынан көбін қырғындапты. Келесі күні әлгі моңғол ханның ордасына барып, болған істі мәлімдеді. Қаған (Юән патшасы Тайцзуң - Үгедей) одан қасқырлардың қалай енгенін сұрады. Дәл осы кезде бір топ мұсылман балуандары бір көкжалды тірідей ұстап, байлап-матап әкелген екен. Қаған 100 теңгеге әлгі бөріні сатып алды. Ал моңғолдарға айтты: «Мына жануарды өлтіру сендерге ешнәрсе әкелмейді». Оған 1 мың қой беруді бұйырып жатып айтты: «Мен осы қасқырды еркіне қою арқылы болған оқиғаны дос-жарандарыма түсіндіремін. Сен енді бұл арадан кете бер». Көкжал жіберілгеннен кейін, иттер оны талап өлтіріпті. Қаған иттердің бөріні өлтіргеніне қатты ашуланып, оларды түгел қырып салуды бұйырады. Ол ордаға кіріп, қайғылана ойланып қалды. Балаларына, сарай нөкерлеріне қарап сөйлепті: «Денсаулығым әлсіз болғандықтан, қасқырды жіберсем, бұл жануар менің өмірімді ажалдан құтқарады, Тәңір маған бақ-дәулет сыйлап, мені кешіреді деп ойлап едім. Алайда, көкжал иттерден құтылмапты. Менің де залал-қазадан аман қалмайтын секілдімін!».
Рашиддиннің парсы тілінде жазған «Тарихнама» жылнамасындағы «Үгедей-қағанның естелігі», 3-бөлім (Чжоу Ляңсяо аударған).
Жатырқаған күннің нұры киіз үй шаңырағының күлдіреуіштері арасынан төгіліп тұр. Чен Чжен көзін ашып, ақыры сахара көктемінің сұп-суық көк аспанын тағы көрді. Орнынан тездетіп тұрған ол шапанын кие сала отаудан шығып, тікелей бөлтірік салынған шұңқырға аяңдады. Чен Чжен киіз үйден шыққанда, үстіртте шағылысқан күн нұрынан көзін аша алмады.
Ғұмба қозылы қойларды қорадан шығарды. Қойлар қойшының айдауынсыз ақырын басып, қашардың қарсы жағындағы үлкен беткейге қарай өздігінен шұбады. Қозылы саулықтардың тағы бір отары батыс жақтағы жақын шалғын жерде жайылып жүр. Әлі қозылай қоймаған саулықтар көп қалмаған-ды. Қой отарының жүрісі тым баяу. Чен Чжен Яң Кэнің әлі жолға шықпағанын, Ғұмба Яң Кэ мен Чжаң Цзиюәнге бөрінің терісіне шөп тығуды үйретіп жатқанын, екі терінің бос арбаның үстінде жайылғанын көрді. Чен Чжен жалма-жан бұрылып, олардың жанына барды. Ғұмба қария шөп қорадан бір құшақ құрғақ шөп-шалам әкеліп, оны шүйкелеп орап, қасқыр терісінің ішіне ақырындап нығап салды. Тері біртіндеп үлкейіп, көкжалдың бұрынғы бейнесіне келді.
- Осылай терінің жиырылып-жабысуынан, оның сапасын бүлдіруден сақтануға болады, - деді қарт.
Екі теріге шөп-шалам нығалып салынғаннан кейін, Ғұмба бөрі тұмсығының танауын абайлап тесіп, оған жіңішке қайыс таспаны өткізіп қойды.
Ғұмба Чжаң Цзиюәннен құрық жасау үшін әзірлеген қайың сырықтың бар-жоғын сұрады. Чжаң Цзиюән лезде бар екенін айтты, сондай-ақ қарияны өгіз арбаның жанына ертіп барды. Қария төрт-бес қайың сырықтың арасынан ұзындығы жеті метр келетін ең ұзын, ең түзу сырықты таңдады. Сосын ол тұмсықтан өткізілген қайыс таспаны ұзын қайың сырықтың ұшына байлады. Киіз үйдің босағасынан үш-төрт метр қашықтау жерде шұңқыр қазылды. Ұзын сырық сол шұңқырға тігінен қойылып, түбі нығыздап шыңдалды. Екі қасқырдың терісі қайың сырықтың ұшына ілінді. Біп-биікке көтерілген терілер желмен желбіреген белгі жалауларға ұқсайды.
- Теріні осылай желде кептіруге болады. Сонымен бір уақытта сахарада өткен-кеткен адамдарға бұл үйдегі аңшының саятшылық табыстары ретінде көрсетіледі. Бұрынғы кезде, егер де осындай екі үлкен көкжалдың терісі асып қойылса, барымташылар мен қарақшылар да келуге батылы бармайды екен, - деді қарт Ғұмба.
Чен Чжен, Яң Кэ және Чжаң Цзиюән сырықтың ұшында биікте желбіреген бөрі байрақтарға қызыға қарап, орындарында тапжылмай тұрды. Екі қасқырдың терісі гуілдеген көктемгі самалмен әуеде біресе солға, біресе оңға тербеліп желбіреуде. Дудыраған жүндері лезде басылып, төгіле түсті. Екі тері кең далада шапшаң лап қойған екі тірі һәм сап-сау көкжалдарға ұқсады.
- Бөрілер өлді, бірақ олардың кескіні мен рухы өлмейді. Олар әлі де арынға толы айбармен жауларға атылғандай көрінгені зәремді ұшыруда, - деді таңданған Яң Кэ.
Чен Чжен де еріксіз Яң Кэ мен Чжаң Цзиюәнге ерекше әсерленіп сөйледі:
- Мына екі дәу қасқыр байрағына қарап, ежелгі түрк атты қосындарының бөрінің басы алтынмен кестеленген байрақтары ойыма түсті. Бөрілі байрақ көтеріп, жаулардың шебін бұзып-жарған далалық атты әскерлердің тұла-бойында буырқанған көкжалдың қаны, бөрілерден үйренген батырлық, тегеурінділік пен парасат бүкіл әлемді бағындырған. Әлем тарихында түрк сарбаздары әрі қаһарлы, әрі парасатты болған. Батыс Түрк қағанатының түрктері Таң патшалығының қалың жасақтары тарапынан Қытайдан ығыстырылғаннан кейін тез арада жаңа иеліктерді иемденіп, асықпай аяқтарына нық тұрып алды. Бірнеше жүз жылдан соң, олар кенеттен қайта көтеріліп, бөгетсіз алға жылжып, жолындағы кедергінің бәрін жапырып, кезінде моңғолдар да шабуылдап ала алмаған Византияның астанасы Константинопольді және ежелгі Мысырды бағындырды, Орталық Азия мен Батыс Азияны біріктірді, Еуропа-Азия-Африка үш құрлыққа көсілген Осман империясын құрды, Батыс пен Шығыстың арасындағы сауда жолдарын үзіп тастады, екі арадағы тауарлар алмасуын жеке иемденді, күшті мемлекет пен әскери қуаттың арқасында жүздеген жылдар бойы Батыс елдерін бас көтертпеді. Барлық озық өркениеттің бәрі ығыстырып шығарудың нәтижесінде пайда болған. Батыстағы орманның қасқырлары Шығыстың далалық көкжалдарының қысымымен ішкі көлдерден терең теңіздер мен мұхиттарға итеріп шығарылды. Сонымен олар бұдан да айбынды теңіз бөрілеріне айналды. Олар Батыстың ескі сауда кемелерін және теңіз қарақшыларының кемелерін айдап, сыртқы теңіз-мұхиттарға шығып, Шығысқа шығатын жаңа сауда жолдарын іздеуге ұмтылған. Нәтижеде ойламаған жерден соры баққа айналып, жаңа құрлық Американы ашып, Батыс Еуропадан әлденеше есе үлкен ырысты мекенді иеленіп, инктер мен басқа үнділердің алтын-күміс кендерінен Батыстың капитализмін дамытуға қажетті бастапқы қорды бірінші рет кемеге тиеп қайтады. Ақырында, Батыстың теңіз қасқырлары күшейіп, әлемнің ірі көкжалдарына, капитал, өнеркәсіп, ғылым-техника, мәдениет салаларындағы бөрілерге айналып, қайтадан Шығысқа қайтарма шабуыл жасап, Осман империясын талқандады, ең соңында Шығыстың дала қасқырларын жеңді. Ал сол Шығыстың егін шаруашылығымен шұғылданған отырықшы «қойларды» тіпті де бұйым құрлы көрмеді....
- Мен қазір бөрітану ғылымының үлкен бір ғылым екенін, аса көп мәселелердің онымен жіті байланысқанын сездім. Көкжалдарға бұнша құштар болуың тегін емес екен, - деді Чжаң Цзиюән.
- Меніңше, біз үшеуіміз жоғары оқу орындарының сабақтарын өздігінен оқымай-ақ, осы ғылымды үйренсек мағыналы болатын сияқты, - деді Яң Кэ.
Сырықтың түбінде бөрілердің терісіне құрметпен қарап, ұзаққа дейін кетпей тұрған Ғұмба сөйледі:
- Қатты жел қасқырлардың жүнін тарайды, жүннің арасындағы шөп қоқымдарын және шаң-топырақты тазартады, сондай-ақ жүнін түсірмейді. Қатты жел бірнеше күн соқса, олардың жүні оңына қарай жығылып әдеміленеді. Енді кетейін.... Қараңдар, екі көкжал тірілді. Екеуі де кетті. Тәңірдің дәргейіне кетті.... О дүниеге аттанды.
Қарт кісі тағы да ыждахатпен теріге бір сәт қарап, қой қораны тазалауға кетті. Чен Чжен, Яң Кэ және Чжаң Цзиюән үшеуі арт-артынан оған рахмет айтты.
Даланың үдей түскен көктемгі желдің әуені Чен Чженнің екі құлағына біресе шалғайда ұлыған бөрілердің зарлы үніне, біресе «Мәдениет төңкерісінен» бұрынғы Бейжіңдегі Сишикоу шіркеуіндегі органның мұңды дауысына ұқсады. Соққан жел оның жүрегін қайғы мен қасіретке толтырды.
Екі қасқырдың терісі желдің соғуына қарай аспанға көлденең желбіреуде. Басты шалқайта көтеріп, жоғары қарағанда, көктем самалының олардың жүнін жылтыр етіп тарағаны көрінеді. Судыраған әр қылшықтары күн нұрында майлап қойғандай жарқырап тұр. Бір жұп сәнді киім киіп, қонақасыға баратын сияқты. Екі үлкен көкжал көк Тәңірдің алдында бір-бірімен иық тіресе қуалап, ойнақтап, тоқтаусыз алысып, құдды күнәдан арылып, жеңілденгендей көрінеді. Чен Чженге бөрілердің ішіне құрғақ шөп-шаламның толтыра тығып қойылғаны титтей де білінбеді. Керісінше, олардың өне-бойы еміренген өмірге және көңілді де шат-шадыман жауынгерлік күшке толғандай болып сезілді. Киіз үйдің мұржасынан шыққан ақ түтін олардың жанынан қалықтап өтуде. Екі қасқыр желге қарсы қалықтап, аспандағы бұлттарды жарып ұшқандай көрінеді. Тәңірге, Сүмбіле жұлдызына, өздері өмір бойы көксеген еркін жұмаққа ұшқан секілді, сондай-ақ далалықтардың жанын және рухын әкетіп бара жатқан тәрізді.
Әуедегі көкжалдарға телміре қараған Чен Чженге төңірегіндегі таулы беткейлер, киіз үйлер, арбалар мен қой қоралары ешбір көрінбеді. Оның көзіне готикалық шіркеудің үшкір төбесіндегі жалаудың сабындай биік сырық пен қалықтаған бөрілер ғана түсуде. Оның қиялы биік сырықтың ұшымен бірге аспанға самғап, ұлан-байтақ сахарадан бөлініп кетті. «Дала халықтары мыңдаған жылдардан бері қасқырдың терісін желге құрғату және өз олжасын мақтан ету үшін ғана есік алдындағы ұзын сырыққа асқаны ма? Шынымен де ең көне, ең дәстүрлі шамандар әдісімен көкжалдардың аруағына дұға оқығаны ма? Далалықтар өз ұлтының көңіліндегі тотемге істеген қасиетті рәсімиет болғаны ма?» деп ойлады Чен Чжен. Ол өзінің бір орында қозғалмай тұрып, сырыққа ілінген арланға телміріп қарауының өзі бір рәсімиет екенін байқап қалды. Өзінің тотемнің дәл астында қалғанын, қастерлі орында тұрғанын аңдамай қалды. Иен даланың рухы және оған сену өзіңді ауа секілді орап-баурағанын тек жан қобалжығанда һәм ынтызар болғанда ғана аңғарасың, сезіне аласың....
Ұзақ уақыт бастарын көтеріп, сырықтың ұшындағы терілерді қызықтағаннан ақырында Яң Кэ мен Чжаң Цзиюәннің де мойындары талды.
- Біздің киіну салтымыз, тұрмыс пен өндіріс құралдарының бәрі малшылардың бұйымдарынан ешбір айырмашылығы жоқ. Тіпті бет-әлпетіміз де моңғолдарға ұқсап қалды. Алайда, менің сезінгенім – біз нағыз далалықтарға ұқсамаймыз. Біздің отауда байырғы моңғолдардың иісі де жоқ. Дегенмен, қазір мына екі бөрі байрақтың ілінгенін алыстан көргендердің бәрі бұл киіз үйді нағыз моңғолдардың отауы деп санайды...., - деді Чжаң Цзиюән.
Чен Чжен мойнын бұрып, ұйып қалған желкесін уқалап айтты:
- Бейжіңнен кетерден бұрын мен де Моңғолия сахарасын ежелгі түрктердің «Теле өлеңінде» айтылғандай, «Көк аспан төбесінде шексіз кеткен, сары дала қиыры жоқ кең көсілген, жел тұрып, шөп желпініп арасынан, жайылған мал көрінген» деп санағанмын. Шынымен байтақ даланы бейбіт те қаннен-қаперсіз деп есептегенмін..... «Теле өлеңі» сянби халқының бір шумақ өлеңі ғана екенін, ал нағыз сахара расында тым жан түршігерлік қатал болатынын кейін ғана білдім. Иен даланың рухы шынында да қасқырлардың өне-бойына дарыған екен.
- Дала халықтарының нағыз таңдаулы да тартымды өлең-жырлары бізге толығымен жеткеніне күдіктенемін. Қытайлар тек өз ыңылына жағатын нәрселерді көшіріп алып, таратқан сияқты. Қытайлар өздеріне сәйкес келетін нәрселерді ғана жазып алып, қазіргі күнге дейін ауыздан-ауызға тарқатып жүр. Мен бірталай малшыдан сұрастырдым: олардың ешқайсысы бұл өлеңді естімеген, - деді Яң Кэ басын изеп.
Әлі де басын көтеріп, көкжалдардың терісіне қарап, сырықты айналып жүрген Чжаң Цзиюән қамыға сөйледі:
- Елдің бәрі мына екі бөріні төбеттер алқымдап өлтіргенін біледі. Мен, мен Олұн даласының жылқышысы ретінде қайтсем де өз қолыммен бір қасқырды өлтіруім керек. Әйтпесе кім мені жылқышы деп айтады?
Өзі алқымдаған көкжалдардың аспанда қайта тірілгенін көрген Эрлаң төбет қатты ызаланды. Ол басын көтере тоқтаусыз ырылдады, сондай-ақ артқы екі аяғымен тік тұрып үрді. Алайда, бөрілер оны ешбір елеместен, желбіреуін жалғастырды. Оларға амалсыздан телміре қараған төбеттің біраздан соң жанары жұмсара бастады. Ол үлкен қасқырлардың әдемі «киіміне» біршама қызыққандай болды.
Қозылаған қойлар біртіндеп алыстады. Қошақан салынған киіз дорбаны арқалаған Яң Кэ сәйгүлікке мініп, қойлардың артынан кетті. Қозы-қошақандарын ілестірген қойлар майсалы беткейге біртіндеп бытырап жайылса да, адамдар мен иттердің көру аясынан тыс қалмай, көрініп тұрды.
- Сен көкжалды соғуды ғана ойлайсың. Жүр, менімен бірге бөлтірікті барып көр, - деді Чен Чжен Чжаң Цзиюәнға.
Екеуі бөлтіріктің апанына аяңдады. Чен Чжен тасты алып тастап, ағаш қақпақты ашты. Шұңқырдағы ұрғашы күшік әлі де қой терісінің үстінде дөңгеленіп ұйықтап жатыр. Ол орнынан тұрып, таңертеңгі сүтті емуді титтей де ойланып тұрған жоқ. Алайда, бөлтірік керісінше шұңқырдың түбінде әлдеқашан басын көтеріп, аспанға қарауда, дегбірсізденген халде тамақтануды күтуде. Күннің қуатты сәулесі шұңқырды жарыққа бөлеп еді, бөлтірік көңілі серпіле артқы екі аяғымен тік тұрып, алдыңғы аяқтарының жұмсақ та нәзік тырнақтарын тарбитып, шұңқырдың қабырғасына жармасып, жоғарыға өрмеледі. Бірнеше тұтам өрмелеп барып, шұңқырдың түбіне қайта домалап түсті. Ол қайта тұра сала өрмелеуін тағы жалғастырды. Сүт ему үшін күш шығарып, жұмсақ табанымен қабырғаға өлермендей жармасып, үлкен кесірткідей жоғарыға тырбаңдады. Қабырғадағы топырақ босап, бөлтірік жүн түйіршегі сияқты шұңқырдың түбіне домалап құлады. Ол шұңқыр үстіндегі үлкен қара көлеңкелерге қарап, ашулана ырылдаған дауыс шығарды. Қара көлеңкелердің оны неге шығармағанына айыптап жатқан сияқты.
Чжаң Цзиюән де тірі бөлтірікті алғышқы рет көрді. Бұны өте қызық деп сезген ол бөлтірікті егжей-тегжейлі көру үшін қолдарын созды.
- Асықпа. Оның шұңқырдан өрмелеп шығуын көрейік. Егер де өрмелеп шыға алатын болса, мен шұңқырды тағы да тереңдеу қазамын, - деді Чен Чжен.
Арт-артынан екі рет құлаған бөлтірік бастапқы орыннан қайта өрмелеуге батылы бармады. Ол шұңқырдың түбін айнала бастады. Бір жағынан айналып жүрді, бір жағынан жер иіскелеп, амал іздегендей болды. Бірнеше рет айналған ол кенеттен ұрғашы күшікті көріп қалып, дереу оның арқасына шықты. Сосын ол ардан безіп, күшіктің басына шығып, шұңқырдың қабырғасына жармасып, жоғары өрмеледі. Бөлтірік жармасқан жердің опырылған топырағы күшіктің үстіне төгілді. Жотасын басқан салмақтан оянып тұрған күшік қыңсылап қойып, үстіндегі топырақтан сілкініп алды. Бөлтірік тағы төмен құлап түсті. Ызаланған ол күшікке денесін бұрып, тұмсығын тыржитып, тістерін ақситып ырылдады, айбар көрсетті.
- Мынаның қаршадайынан бөрі мінезін көрсетуін қарашы. Өте ақылды көрінеді, - деді Чжаң Цзиюән күліп.
Чен Чжен екі күннің ішінде бөлтіріктің көз пердесі біраз жұқарғанын байқады. Кішкене бөлтіріктің көздерінің пердесі біраз жұқарыпты. Көз алмасы әлі де сұйықтыққа толып, қап-қара болып, көз ауруына шалдыққан сияқты көрінгенмен, ол көз алдындағы нәрселерді күңгірттеу болса да, айыра алатын секілді. Өзіне жасалған қол ишарасына да қимылдап, жауап беретіндей. Чен Чжен алақанын ашып, шығысқа сілтеп еді - бөлтіріктің басы мен көздері шығысқа бұрылды. Алақанын батысқа қозғаса - оның басы мен көздері де батысқа ойысты. Бөлтіріктің шартты рефлексін қоздыру үшін Чен Чжен әрбір сөзін анық етіп: «Кішкене.... бөлтірік, бөлтірік. Тамақ.... дайын. Тамақ.... дайын» деп оны шақырды. Бөлтірік басын қисайтып, мысықтың құлағына ұқсаған қысқа құлақтарын тікірейтіп, біршама қорыққан, әрі қызыққан күйде күшін сала тыңдауда.
- Оның бұрынғы апан жөніндегі әсер-түсінігін көруім керек, - деді Чжаң Цзиюән. Сосын қос қолымен маржан құртының қабыршағы түрінде қуыстап аузы-мұрнын жауып, ересек қасқырға еліктеген ырылдаумен: «Оу....ууу....у....уу» деп ұлыды. Кенет бөлтірік мазалана бір сілкініп алды да, құтырғандай күшіктің үстіне баса-көктеп шығып, қабырғаға жармасты. Қайта-қайта жығылғаннан кейін, өкпелегендей денесін бүрістіріп, шұңқырдың бұрышына тығылды. Құдды анасының құшағын іздегендей көрінді. Рақымсыз қылық істегендерін сезген екі жігіт бұдан былай бөлтірікке көкжалдар әлемінің дауысын естіртпеуге бекінді.
- Қараймын, сен мына бөлтірікті жаман бағып жатырсың. Бұл жер оны жабайы қасқырлардан айырып, оның тағылығын біртіндеп азайтуға болатын Бейжің хайуанаттар бақшасы емес. Байырғы көшпенді мал шаруашылығы шарт-жағдайында, түн болғанда айналаның бәрі бөрілердің ұлыған дауысына толған бұл жерде оның жыртқыш сипатын өзгеретін бе еді? Бөлтірік үлкейгенде адамды зақымдамай қоймайды. Шынымен де абай болғаның жөн, - деді Чжаң Цзиюән.
- Мен ешқашан қасқырды оның тағылығын жою үшін бағуды ойлаған емеспін. Жыртқыштығы жойылса, не қызығы қалады? Мен тірі көкжалмен тікелей араласып, оны сипап, құшақтап, күнде-күнде оны жақын арадан көріп, оны және жыртқыш қасиетін жете түсінуді ғана ойлаймын. Бөрінің апанына кірмейінше оның бөлтірігін ұстау мүмкін емес ғой? Оған ие болған соң, тістеп алуынан қорқудың қажеті жоқ. Менің ең алаңдайтыным – малшылар маған қасқырды бағуға жол бермеуі мүмкін, - деді Чен Чжен.
Бөлтірік барша күшін салып қабырғаға тырмысуда. Қолдарын созған Чен Чжен оны желкесінен ұстап, шұңқырдан шығарып алды. Чжаң Цзиюән оны қос қолмен көтеріп, көз алдына апарып, егжей-тегжейлі қарап алды. Сосын бір қолын босатып, бөлтірікті ақырын сипады. Сирек қылшықтары қалай сипаса да жығылмайды. Сипап түзеп қойылған жерден қолды тартса болды, қылшықтар қайта тікірейеді.
- Ұят болды. Мына мен жылқышы қойшының қолынан тірі көкжалды сипау орайына ие болып тұрмын. Мен Ламжабпен бірге екі рет бөрі апанын қазуға барғанмын, бірақ біреуін де ұстай алмадық. Қытайда иен даланың тірі қасқырын сипаған қытайлар 100 мыңнан біреуі де жоқ шығар. Қытайлар оларды жек көреді, нәтижеде олардың мықты сипатын да жақтырмаған, үйренбеген. Көкжалдардың нағыз мықтылығын көбінесе көшпенді халықтар үйреніп алған...., - деді Чжаң Цзиюән.
Оның сөзін іліп әкеткен Чен Чжен айтты:
- Әлем тарихында Еуропаға баса-көктеп кіре алған Шығыс елдерінің бәрі де көшпенді халықтар болған. Ал Батысты дүр сілкіндірген ең қуатты, бөрі тотеміне сенген үш далалық көшпелі халық – ғұндар, түрктер және моңғолдар. Ал Шығысқа шабуыл жасап, баса-көктеп кірген Батыс елдері де сол көшпенділердің ұрпақтары болып табылады. Ежелгі Рим қаласының негізін салған нақ көкжал емізген екі ағайынды баланы өлекшін асырап-баққан. Сол өлекшін мен екі бөрі бала қазірге дейін Рим қаласының таңбасында ойылған. Кейін келе тевтондар, германдықтар және ағылшын-саксондар да одан әрі күшейе түсті. Мықты ұлттардың қан тамырында жыртқыштың қаны ағады. Ал мінезі әлсіз хуася (қытай) ұлтына бұндай айбынды асаулықтың қанын құю аса қажет. Қасқырлар болмаса, дүниежүзінің тарихы қазіргідей болып жазылмас еді. Көкжалдарды түсінбеген, көшпенділердің рухы мен мінез-құлқын, тіпті көшпелі халықтар мен отырықшы елдердің арасындағы айырмашылықты һәм әрқайсысының өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктерін түсінбейді.
- Сенің расында да не үшін бөріні өсіргің келетінін мен әбден түсінемін. Саған малшының жұмысын атқаруға көмектесейін, - деді Чжаң Цзиюән.
Чен Чжен бөлтірікті бауырына басып, иттің үйшігіне аяңдады. Ілбіс өз емшегін бөлтірік еміп жатқанын байқаған сәтте Чен Чженнің дайын еместігін пайдаланып, дереу орнынан тұрып, артына бұрылып, бөлтірікті алқымдамақшы болды. Алайда, бөлтірік оның емшегінің ұшын жібере қоймады. Сүліктей жабысқан ол үлкен еміздік бөтелкесі сияқты Ілбістің құрсағының астында салақтады. Ілбіс бірнеше рет айналып бұраңдады, бөлтірік те емшекті жібермей салақтап итпен бірге айналды. Ит біраз күш жұмсаса да, бөлтірікті тістей алмады. Бұны көрген екеуі әрі күлді, әрі таңданды. Чен Чжен шапшаң бөлтіріктің аузын ашып, оны емшіктен жұлып алды.
- Не деген қан сорғыш өзі, - деп күле сөйледі Чжаң Цзиюән.
Ілбісті басып тұрып, бөлтірікті тойғыза еміздіргеннен кейін орнынан тұрған Чен Чжен: «Бөлтірікті күшіктермен бірге ойнатайық» деді.
Екеуі томпиған төрт күшікті құшақтап, кепкен шөпті жерге әкетті. Чен Чжен бөлтірікті күшіктердің арасына қосты. Ол табаны жерге тиісімен дереу ең тез жылдамдықпен адам мен иттер жоқ жаққа қарай жүгіре жөнелді. Оның төрт сирағы әлі түзулене қоймаған-ды. Електің доғасындай маймақ кішкене сирақтары денесін әлі тік ұстап тұра алмайтын ол жүгіргенде қарны жер сызып, төрт аяғымен суға малтып бара жатқан тасбақаға ұқсады. Бір күшік оған ілесе жүгіріп еді, бөлтірік мойнын бұрып, тістерін ақситып, сес көрсете ырылдады.
- Ол қарны ашқан кезде сүт бергеннің бәрін өз шешесіндей көреді, бірақ қарны бір тойғаннан кейін оны танымай кетеді екен. Көздерін әлі ашпаса да, мұрнының иіскеу сезімі бәрін ажырата біледі екен. Қасқырдың мұрнының сезгірлігін енді білдім, - деді мұны көріп ішінен тіксінген Чен Чжен.
- Байқаймын, бөлтірік бұл жердің оның нағыз өз үйі еместігін, емізген иттің оның туған анасы еместігін, күшіктердің де өз бауырлары еместігін әлдеқашан анықтаған тәрізді, - деді Чжаң Цзиюән.
- Ең алғашында оны қазып алған уақытта ол өтіріктен өліп жататын, - деді Чен Чжен.
Екеуі бөлтіріктің артынан төрт-бес метр жерге дейін жүріп, оның іс-әрекеттерін байқауды жалғастырды.
Бөлтірік қардың қалдығы мен қураған шөптің үстімен ондаған метр жылдам жүгіргеннен кейін, төңірегіндегі нәрселерді иіскей бастады. Ол жылқы мен сиырдың тезектерін, сиырлар мен қойлардың көмілмеген сүйектерін, шөпті жердегі көзге көрінген барлық заттарды иіскеледі. Бәлкім, ол иттер қалдырған сідік белгілерін иіскеген болуы керек. Ондайда ол бір иіскеп, кете беретін және тағы бірдемені иіскеуді жалғастыратын. Бөлтірікке ілесіп 100 метрден астам жүрген екі жігіт оның бағдарсыз, мақсатсыз және ретсіз жүрмегенін аңғарды. Оның мақсаты өте айқын: киіз үйден, қоныстан, қой қорадан, адамдар мен төбеттердің, түтіннің, төрт түлік малдың иістерінен алыс тарапқа қарай қашты.
Чен Чжен көзі әлі ашылмаған мына бөлтірікте туғаннан сүтпен біткен қайсар қасиеттің болғанын сезді. Басқа жануарлармен салыстырғанда, оның тіптен қорқыныш пен құрмет тудыратын мінезі бар. Жануарлардың арасында Чен Чжен торғайларды өте қастерлейтін еді. Торғай үйде бағуға келмейтін құс екені әлемге әйгілі. Чен Чжен бала кезінде көп торғайларды ұстаған-ды. Әртүрлі уақытта ондаған үлкен және ұсақ торғайды қолда өсіруге ұмтылған. Торғайлар ұсталғаннан кейін көздерін тарс жұмып алып, тамақ жемей, су ішпей қояды, ешбір бағынбайды. Еркіндіктен айрылса өлуге, тіпті тыныстауын тоқтатуға разы. Чен Чжен бір торғайды да ешқашан баққан емес. Алайда, көкжалдар ондай емес. Олар еркіндікті бағалайды, өмірді де аялайды. Бөрілер қолға түскеннен кейін, тамақ жеп, ұйықтай береді. Тамақтанудан бас тарту түгіл, керісінше өлгенше жейді, қарны қампиғанша асайды. Қарнын тойғызып, ұйықтап алғаннан кейін, орайын тауып қашып құтылады, жаңа ғұмыр мен еркіндікке жетуге ұмтылады. Чен Чжен Чжацзыдуң түрмесінде қамалған әлгі жауынгерлерде болған мінез бен қасиетті көргендей болды. Алайда, олар бір ұлттың құм ішіндегі алтындары ғана. Ал мұндай қасиет қасқырларда жаппай, бойына туа біткен, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дара мінез болатын. Ал бұндай мінезге ие көкжалдарды өзінің ұлттық тотемі етіп, ата-бабасына теңеп, соғыс піріне балап, ұстаз санап, бас иеді. Олар сол ұлтқа мөлшерсіз дәрежеде әсер еткенін аңғаруға болады. «Өнеге-үлгінің күші шексіз» екенін жұрттың бәрі айтады. Ал тотемнің рухани күші үлгі-өнегеден әлдеқайда асып кетеді һәм Жаратушының орнында тұрады.
Чен Чжен бұл бөлтірікке риза болды. Балғын да нәзік денесі оны мыңдаған жылдық сырлы да тылсым тұманнан алып өтіп, жұмбақ дүниенің ортасына әкелгендей сезілді.
Салт атты келген Ғұмба Чен Чженді қозылы саулықтарды қошақандармен қосуға шақырды. Отардың ортасындағы қозылардың басым бөлігі ұйқыда болатын. Ал саулықтар жайыла шөп жеп жатқан еді. Чен Чжен бөлтірікті шұңқырдағы ұясына апарып, тұлпарына мініп қойларға кетті. Екі қойшы отарды жинастырды. 2 мыңға жуық қойлар мен қозылар өзара маңырап, бір-бірін іздеп шақырды. Маңыраған дауыстар бөрілер қойлар отарына шабуыл жасағандай жер-жаһанды дүр сілкіндірді. Екеуі құрықтармен қой беттегісі келген жерді қаумалай жауып, шығатын жолдарын тосып, саулықтарға 1 мыңға жуық қозы-қошақанның ішінен өз баласын танып алуына мүмкіндік жаратты. Қозыларымен табысқан қойлар өткізіп жіберілді. Өз қозысын кездестірмеген немесе қате ерткен қойлар өз қозыларын іздестіруді жалғастыру үшін отардың ішіне қайта айдалды. Чен Чжен қозысын қате ілестірген саулықтарды дәл танып алатын болды. Жанындағы қозыға басын бұрып қарамай, маңырап зарлаған саулықтарды өткізуге болмайды. Қозылы қойлар жұп-жұбымен тоспадан өтіп жатыр. Тоспадан өткен қозылар анасының құрсағы жағында алдыңғы екі тізесін бүгіп, басын көтере сүт емуде. Қойлар басын бұрып, өз бөпелеріне мейіріммен қарауда. Екеуі бір сағаттан аз уақыттың ішінде қойларға қозыларды қосуды аяқтады. Бір табысқан кезде қозылар сүтті бір еміп алады. Күніне екі рет емеді: түстен бұрын және түстен кейін бір рет. Егер қозылар саулықтармен табыспаса, аналарын таба алмаған қошақандар қойдың арасында қаңғып, аштан өледі. Қойлармен табыстыру арқылы қозыларды санауға, түгендеп алуға болады. Қозылар күнге қақталуды қаламайды, суырдың індеріне кіріп ұйықтауды ұнатады. Саулықтармен беттестіріп тұрмасаң, оларды оңай жоғалтасың. Бір жолы Чен Чжен қозылардың жоғалғанын байқап, отардың төңірегіндегі барлық суыр індерін түгел іздеген және бірнеше іннің ішінен үш қозыны тапқан еді.
Бұл қойлар отарына өте қанағаттанған Ғұмба айтты:
- Олұн сахарасының шөбі шүйгін, суы мол, қойлардың сүті жеткілікті-ақ. Олардың бәрі өз қозыларын таниды, тастамайды. Қозыларды табыстырып қосу оңай. Егер де жайылым нашарласа, саулықтардың сүті жеткіліксіз болса, қозыларын түгел танымаса, онда бүкіл ферманың еңбек күштері толығымен қойлар отарын қозылармен табыстыруға кететін еді. Соның өзінде оларды айтақтап, сүт емуге шақырсаң да, бір күнде бір рет те табыстырып үлгермейсің. Қарлы боран соға қалса, мыңдаған қозы бірнеше күнде-ақ аштан өледі, үсіп қырылады. Және де қасқырлар тудырған үлкен апат адамдар ұйымдастырған апатқа жетпейді. Олұнның көне басшылары жақсы еді – даланы, көкжалдарды түсінетін. Күштерін қора-қора қойларға емес, өсімдік-шөптер мен жайлауға жұмсайтын. Үлкен жұмыстар жақсы істелсе, қозылардың ісі өздігінен-ақ жөнге түседі. Олұн даласының қойшылары алаңсыз ғой. Бірнеше күннен соң, жалғыз өзім-ақ қозыларды табыстыра аламын....
Чен Чжен өмірі қыдырмайтын Ғұмбаның жайылымды бес саусағындай жақсы білетінін ұқты.
15
Шыңғысхан аң аулауға ерекше мән беретін. Ол: «Аң аулау қосындар қолбасшыларының әдеттегі қызметтік міндеті-дүр. Бұдан тәлім-тәрбие алу және жаттығу – жауынгерлердің өтеуге тиісті борышы. Олар аңның артынан қалай түсуді, оны қалай ұстауды, қалай шеп құруды, адамдар санының көптігіне қарап, қалай қоршауға алуды және ұстауды үйренеді» деп жиі айтатын.... Олар соғыспаған кездерде үнемі аң аулауға үйір болды, сондай-ақ олардың қосындары осы әрекетпен шұғылдану үшін шабыттандырылды. Бұл тек жабайы жануарларды аулау үшін ғана емес, аңшылықта жаттығу арқылы аттың үстінде садақ тарту және шыдамды да төзімді болуға үйрену үшін керек болды».
Джувейни. «Тарихи Жаһангушаи», 1-кітап
Жылы да дымқыл көктемгі самал Олұн даласын аймалап, көзді ұялатқан үлкен түйдек-түйдек ақ бұлттар жерді бауырлап жөңкілуде. Жадағай сахара кенеттен жылт-жылт етіп, жадырап сала берді. Бірде сары, бірде ақ рең беріп сырғыған сиқырлы шамға ұқсап сурет салды. Жалпиған ақ бұлттар күннің көзін көлегейлеген кезде, Чжаң Цзиюән мақталы шапаннан өткен ызғарлы жел денесін айрықша тоңдырғанын сезді. Алайда, ақ бұлттар өтіп кеткен соң, қуатты күн шұғыласы оны жаздың басында күн қыздырғандай, беті мен қолдары бірден тершіп, шапанның матасын күннің күйдірген иісі аңқығандай болды. Ол шапанның жез түймелерін ағытып, таза ауамен тыныстағысы келген кезде тағы бір ақша бұлттың түсірген көлеңкесі төңіректің бәрін жауып, оны қайтадан түнерген және суық көктемге қайтарды.
Мұз жұқарып, қар еріді. Сарғыш көгалды жерлер қайта ашыла түсті. Қар түсердің алдында ерте көктеген майса шөп қардың астында сарғыш тартып, жасыл түс тек шөптің басында ғана қалды. Ауада шіріген шөптің қою иісі білінеді. Шағын жылғалардың бәрінде қардың суы ағуда. Жотаның төбесінен шалғын жерге көз жібергенде, сансыз ойпаң жердің бәріне су жиналыпты. Сан-санақсыз үлкенді-кішілі уақытша көлшіктердің айдынында қалқыған есепсіз түйдек-түйдек ақ бұлттар көрінуде. Бүкіл Олұн сахарасы қалықтап бара жатқандай көрінеді. Чжаң Цзиюән өзін көгалдың үстінде емес, орасан зор сиқырлы моңғол кілемінің үстінде отырып, судың үстінде әуедегі ақ бұлттарды артта қалдыра зымырап жатқандай сезінеді.
Чжаң Цзиюән мен Батудың беткейдегі биік қопалы шөптің арасында жасырынып жатқанына бір сағаттан асты. Екеуі де бөрілерді күтуде. Алдындағы жылқы табынының қырғынына қамысты жердің жағдайы жөніндегі «жалған мәлімет» қосылып, Батуды бүкіл ферма көлемінде бас көтере алмайтын ахуалға түсірді. Ол ішіндегі барлық ашу-ызасын қасқырларға төкті. Қоршап аң аулаған кезде ұтымды орайын жіберіп қойған Чжаң Цзиюән да бір көкжалды болса да өлтіру арқылы өз абыройын қайтаруды ойлап жүрген-ді. Екеуі бірнеше күн тынығып алғаннан кейін екі автоматты асынып, батпақты жердің жанындағы беткейге қайта оралған. Батудың пайымдауынша, өзге бөрілер тобы өлген жылқылардың батпақтың түбіне түгел батуын қаламайды. Қар еріп, су көтерілгенмен, батпақтың шет жағындағы таяз жерде жатқан өлген аттарға қасқырлар әлі де баруы мүмкін. Егер көкжалдар тағы әрекеттенбесе, шынымен де орайын біржолата жіберіп алады.
Таулы беткейде жылтылдаған көлшік екеуінің көздерін шағылыстыра берді. Олар бір жағынан жасаураған көздерін сүрткіледі, бір жағынан дүрбімен қарсы алдындағы беткейдің әрбір қарайған, сарғайған және сұрғылт тартқан күдікті бедерлерін зейін сала бақылады. Кенет Бату басын еңкейтіп: «Сол жақтағы беткейге қарашы» деп сыбырлады. Чжаң Цзиюән дүрбісін ақырын қозғап, демін ішке тартты, бірақ бұлқына соққан жүрегінің дүпілін баса алмады. Қарсы беткейдің ар жағынан екі үлкен бөрі баяу келе жатты. Алдымен олардың бастары, сосын мойындары мен кеуделері көрінді.
Екі аңшы жабайы аңдарға қадала қарады. Қасқырлар беткейден жарты денелерін шығарып, жүрісін кілт тоқтатты. Содан соң олар алдындағы жаңа ауқымның ішіндегі барлық күдікті нәрселерге мұқият көз жүгіртті. Көкжалдар алға жүрмей, биік шөптің арасына жата қалды. Мінсіз жасырынғанына қарағанда, олар да аң аулауға шыққандай. Екі адам және екі бөрі биік шөптің ішіне жасырынып, орайын күтуде. Чжаң Цзиюән сахарадағы аңшылардың саятшылықта жасырынатын жерді таңдауды да қасқырлардан үйренгенін байқады. Бәрін де солардан үйренген екен. Көкжалдар асықпайтын сияқты. Тек адамдарда қандай қулық-залымдықтың болғанына қарайды. Бөрілерде қараңғы түскенге дейін күтетін төзімділік бар.
«Қопалы шөп» деген бұндай атауды зиялы жастар қойған еді. Ол Моңғолия даласында жиі кездесетін, әдемі де ғажап дәнді дақыл шөп. Қырдағы теп-тегіс шабындықтар немесе шалғын беткейлерде, барлық жерлерде кенеттен биік шөп өсіп-өнеді. Жапырақтары тегіс биік, асты мен үсті теп-тегіс болып, бітік өскен күрішке де, тып-тығыз да аласа өскен қамысқа да ұқсап кетеді. Күз мезгілі келгенде, қопалы шөп те қамыстың үлпілдегіндей ұйпа-тұйпа масағын шығарып, аққудың мамық қауырсынындай жалтырайды. Кешкі арайда шоқ-шоқ жанған жалын секілді аласа шөпті беткейде арпа ішінде бір бидайдай көзге бірден түседі, күзде жердің бетін қаптаған жабайы гүлдерден бетер көз тартады. Қыс түскенде, осы шөптің ұзын солған жапырақтары мен масақтарын жел әкетеді, бірақ оның майысқақ және айрықша күшті сабақтары керісінше өз орнында тапжылмай тұрады. Қасқырдың түктері сияқты көне қоймайды, тегістенбейді және бас имейді. Қарлы дауыл оны майыстыра бас игізгенмен, жел соғуын тоқтатқанда, ол қайтадан тік тұрып, көк аспанға ұмтылады. Түрі Еуропа патшаларының тәждері сияқты дөңгеленген екен. Қырдағы әрбір малшы отбасылар тұтынатын сыпырғыштар мен қазан жуғыштар нақ осы шөптен өріліп жасалады. Олар біркелкі де берік болады екен.
Қопалы шөп әдемі де ғажап ғана емес, бұл өсімдік дөңгеленіп жеке дара өседі. Әй қопалы шөп, қопалы шөп.... Ұзын шөп ғана. Сырттан тікірейген қамыстан жасалған перде сияқты қап-қалың көрінеді. Ал ішінен керісінше боп-бос, тап-тақыр болады. Қопалы шөптің дөңгелектенуі циркульмен сызықтар, сосын тағы сызықтар сызғанға, зейін сала тұқым сеуіп-өсіргенге ұқсайды. Бұл шөптің көлемі әртүрлі: үлкенінің диаметрі бір метрден асады, кішкенесінің диаметрі – екі елі. Малшылар қой-жылқы бағып, демалған кезде ұсақ шөпті жиі іздеп тауып, үстіне жастанып отырады. Отырған бөлігі жұп-жұмсақ та майысқақ көпшікке айналады. Адам отырмаған бөлігі табиғи тұтқа мен орындықтың арқасына айналады. Иен даладағы моңғол киіз үйінде диван жоқ, бірақ далалықтар сахарада диванда отырғандай еркін отырады. Зиялы жастар сахараға келген бойда дереу қопалы шөпті жақсы көріп кетті. Кейбір зиялы жастар оны бүкпесіз «диван шөп», «кресло шөп» деп атайды.
Пішіні мен құрылымы айрықша болған бұл өсімдік шексіз далада көкжалдар мен аңшылардың демалатын немесе жасырынатын табиғи баспанасына айналды. Даланың қаһармандары ортақ көзқарас пен пікірде болады. Алайда, бөрілер кең даланы адамдардан ертерек басқарғаны сөзсіз. Яғни, қопалы шөпті ертерек байқады һәм пайдаланды. Батудың айтуынша, қасқырлар бұндай қалың шөптің артында жасырынып, осы жерде өтіп жатқан қарақұйрықтарға немесе қойлар отарына тұтқиылдан шабуыл жасайды екен. Чжаң Цзиюән ірі қопалы шөптің арасынан көкжалдардың мәйектерін байқаған еді. Шамасы, бөрілер расында да қопалы шөпті ұнатады екен. Білге-ата мұны Тәңірдің дала қасқырларына арнайы жаратқан панасы дейді.
Осы кезде адамдар мен көкжалдар аса шеберлікпен жасырынды. Бөрілер адамдарды көрмеді, адамдар да оларды нысанаға ала алмады, көздей алмады. Дегенмен, адамдар қасқырларды бірінші болып байқап қалды. Бату әлі де екі ойлы болуда. Чжаң Цзиюән да алаңдай бастады. Ол екеуі осы қопалы шөптің арт жағына енді ғана жасырынуға келген кезде, қарсы беткейге бұлардан ертерек келіп, қопалы шөпке жасырынған көкжалдар бұларды көріп қалды ма екен? Сахарада бөрілермен алысқанда «не нәрсенің бәрі де болуы мүмкіндігін» түсіну керек. Бұл – қасқырлардың моңғол жауынгерлеріне үйреткен ең негізгі әскери қағидасы.
Әрі-бері ойланған, бірақ орнынан қозғалмаған Бату қарсы жақтағы таулы беткейдің жер бедеріне бақылауды жалғастырды, сондай-ақ Чжаң Цзиюәнге қапталдағы беткей бедерінің ерекшелігін есіне сақтауды тапсырды. Екеуі беткейдің артында тұрған аттардың жанына ақырын шегінді, тұсауын шешті һәм білдірмей оларды жетелеп беткейден түсті. Сосын аттарын солтүстік-батысқа жеңіл жылжыды. Көкжалдардың өте алысқа ұзағанда ғана аттарына мініп, желдің ықтасын жағымен бөрілер жасырынған жерді айналып өтті. Сыздауыт жерде жылқы жүрісінің дыбысы шықпайды. Азынаған желдің дауысы адамдар мен сәйгүліктердің қыбыр-жыбырын естіртпеді, бүркемеледі. Чжаң Цзиюән өздерінің қойларға тұтқиылдан тиісетін қасқырларға ұқсағанын сезінді.
Бату жол бойы таулы беткейдің бүйіріндегі бедерін мұқият зерделеді. Жарты сағаттан соң екеуі көкжалдарға ең жақын беткейдің артына өтті. Беткейдің төбесіндегі бірнеше тас пен қалың шөптесінді тағы да анықтағаннан кейін ғана аттан түскен Бату сәйгүлігін асықпай жетелеген халде беткейге көтерілді. Жотаның төбесіне жақындаған кезде ол жүрісін тоқтатты, бірақ сәйгүлігін тұсамады, қайта шылбырды аттың алдыңғы аяғына бостау етіп ілмектеп байлап қойды. Оның ойын біле қойған Чжаң Цзиюән де шылбырды сәйгүліктің аяғына ілмектеп байлады.
Екеуі мылтықтардың сақтандырғышын ашып, еңкейген бойда беткейдің төбесіне ақырын жақындады. Жотаның басына шыққан екі аңшы бөрілер көрінетін жерге дейін жер бауырлап еңбектеді. Осы кезде екеуі қасқырларға 100 метрдей жақын жерден қопалы шөптің сыртына шыққан олардың құйрықтары мен бөкселерін бұлыңғыр көрді. Дегенмен, олардың бастары, кеуделері, құрсақтары секілді жанды жерлерін түгел қопалы шөп қалқалап тұрған-ды. Дәл сол сәтте көкжалдар орасан зор тор-қапаста қамалған жуас иттерге ұқсап қалған еді.
Шамасы, екі үлкен бөрі әлі де Бату мен Чжаң Цзиюән жасырынған жаңағы жерден алаңдап тұрған секілді. Олар бастарын көтеріп, шөптің саңылауынан сол жердегі қимыл-қыбырды қадала қарауда. Биік түрген қос құлақтары сол бағытқа қарай оқталыпты. Дегенмен, олар басқа жерлерден де сақтанғандай, ешбір жалықпай ауық-ауық тұмсықтарын жоғары көтеріп, ауадағы қатерлі иістерді иіскелейді.
Бату Чжаң Цзиюәнға сол жағындағы өздеріне жақын орналасқанын атуды тапсырды, ал өзі ар жағындағы біреуін нысанаға алды. Жел әлі гуілдеп соғып тұр. Жуан сабақтары садақтың сабындай иілген қопалы шөп қасқырлардың денелерін көрсетпей қалқалауда. Чжаң Цзиюән бір көзін жұмып еді, көкжалдар көрінбей қалды.
Екеуі де желдің кідіруін күтіп тұр. Бату Чжаң Цзиюәнға өзімен бір уақытта шүріппені басуды қайта-қайта ескерткен болатын. Чжаң Цзиюән бұл жолы онша абыржымады. Өзі дәлдеп тигізе алмаса да, Бату аңды екінші оқпен жайрата салады. Бату бүкіл ферма бойынша атақты мерген болып саналады: 200 м. ішіндегі аңдар одан қашып құтыла алмайды. Көптеген аңшылардың айтуынша, Олұн сахарасының бөрілері мылтық асынған адамды көрсе, 400-500 м. аралықта қашпай, 300 м. аралыққа келгенде қашады екен. Олардың осы әдеті Батудың атқан мылтығына байланысты қалыптасқан. Мына қасқырлар 200 м. де жетпейді. Чжаң Цзиюән осы қимылсыз тұрған нысанаға байыппен кезеді.
Кенет жел бәсеңдеп, қопалы шөп түзуленіп, көкжалдар шөптің арасынан көрінген кезде, нысананың оң жағындағы қопалы шөптің ішінен бір жіңішке бөрі ытқып шығып, әлгі екі қасқырдың алдынан көлденең жүгіріп, беткейдің төменгі жағына заулады. Екі үлкен көкжал құдды жылан шағып алғандай секіріп, зу етіп мойындарын ішке тартып, бастарын еңкейте әлгінің артынан солтүстік-батыс беткейге төмен қаша жөнелді. Әлгі жіңішке бөрі екі үлкен қасқырдың артқы жақтағы сақтық шараларына арнайы жауап беретін қарауылы һәм күзетшісі болғаны айқын. Адамдар екі көкжалды көрген мезеттен бұрын ол адамдардың өзін байқап қойыпты. Күзетшісі бар үлкен бөрілер босқа жатпаған екен. Ең үлкені басшы арлан болса керек. Үш қасқыр ең тік таулы беткеймен шегіну жолын таңдаған екен.
Қарғып тұрған Бату: «Атқа мін!» деп айғайлады. Екеуі беткейдің артына тұра жүгірді. Шылбырды тартып, аттарына қарғып мінді және оларды тепкілете көкжалдарды қуа жөнелді. Жотаның төбесін өте бере бір тік беткейге кезікті. Тік беткейден жүрексінген Чжаң Цзиюән шыңыраудың шетінде қалғанын сезіп, аттың басын іркіп, жерге түспекші болды. Алайда, Бату: «Ер-тоқымның қасын ұстап, төмен тарт!» деп айғай салды. Мүлде жасымаған, керісінше жігері тасыған Бату моңғол жауынгерлеріндей өрт пен судан тайынбаған, әскери шепті атойлап шабуылдаған арынмен аттың басын көлбеу ұстап, денесін еңкейте төменге ағытты. «Қажырлық, батырлық пен қорқақтық дәл қазір сыналады!» деген ой жарқ етті Чжаң Цзиюәннің көңілінде. Ол тістеніп, тәуекелге бел буып, тізгінді босатып, төменге құйғытты. Тік беткейден төмен шабу – тұлпар міну өнерінде тыйым салынған нәрсе. Әсіресе белгісіз беткейлердегі суырлар, қояндар немесе тышқандардың індері қайда орналасқанын білу қиын. Жылқы аяғын інге тығып алса, сәйгүлік аударылып, адам құлайды, өлмегеннің өзінде ауыр жараланады. 3-топтың зиялы жас жылқышысы Чжең Лин дәл осылай тұлпарын тежеместен еңістен төмен шапқан кезде, жылқы сүрінген. Өзі ұшып аттан ұшып түсіп, иығымен жер қауышып, бұғанасын сындырған. Оның үстіне, құлаған тұлпары үстінен оңдырмай басыпты. Қазірге дейін Бейжіңде емделіп жатыр екен. Егер жерге басымен түскенде, ол Бейжіңге мәңгі-бақи қайтпайтын еді.
Чжаң Цзиюән жылқышы кәсібін өте ұнататын. Ол моңғол жылқышыларын әлемдегі ең еркектік пен ең батырлыққа тән кәсіп, моңғолдың көшпенді жылқышыларын бейбіт кезеңдегі жауынгерлер, соғыс кезеңінің батырлары деп санайтын. Моңғол әйелдерінің батылдығы мен өжеттігі қытайлардың еркектерінен жаппай асқанымен, Олұн даласында бірде-бір әйел жылқышы жоқ еді. Мыңдаған жылдардан бері сахарадағы көшпенді тұрмыста моңғолдың ресми бір үйір жылқысына екі жылқышы ғана қойылып келген. Зиялы жастар келгеннен кейін, әрбір табынға олардың біреуі бөлініп берілді. Зиялы жастарды жылқышы етіп қою ферманың тәжірибелік сынағы ғана болатын. Дегенмен, екі жылдан астам уақыттың ішінде 2-отрядтағы төрт жылқышы зиялы жастың біреуі жараланып, қызметтен кетті, тағы біреуі жапа-машақатқа шыдамай, әрі батылдығын шынықтыра алмай, өз еркімен кәсібін өзгертті. Қазірге дейін бірде-бір зиялы жас нағыз жылқышы болып жетіліп шықпады. Тек екі моңғол жылқышыға көмекші болуға ғана жарап жүр. Екі қытайлық зиялы жастың бір үйір жылқыны жеке өз алдына бағу секілді ерен әрекетті зиялы жастар ойлауға да батылдығы жетпейді. Чжаң Цзиюән да батылы бармайды. Алайда, ол нағыз жылқышы болуды аңсайды, келешекте Бату немесе Ламжабпен бірге жылқының бір үйірін бағуды армандайды. Оның қазіргі әлеуеті тек атқосшы шәкірт есебінде ғана.
Екі жылдан астам уақыттан бері қарлы боран, ызғарлы суықтарды басынан өткерген Чжаң Цзиюән бұл қиындыққа өзінің тістенсе де төзіп жүре беретінін, сондай-ақ жылқы бағудың ауыр өнерін үйрене алатынын әбден біледі. Жетіспей тұрғаны – моңғол жылқышыларының асау жылқыны үйрету және бөріні жуасыту үшін қажетті батырлық пен жойқын ержүректік. Қоршап аң аулауда жіберілген ағаттық техника жағынан емес, дәл сол батылдықтың жетпегенінен болды. Қасқырға құрық салатын сәтте оның жүрегі алдымен дірілдеп кеткені оның есінде айқын қалды.
Чжаң Цзиюән белдесті, алысты! Ол нағыз жылқышы болу үшін аянбай құлшынды. Осы сәтте ол өзін бір сынап көрмекші болды. Қытай ұлтының Хән, Таң патшалықтары заманында ғұндарды талқандаған, түрктерді қуып шыққан қайрат-жігерді қалпына келтіре алатынына көз жеткізбекші болды.
Тік беткейден түскен тұлпардың жылдамдығы құдды жалама жартастан құлағандай, үстіндегі адам еркін құлап түсуіне екпін қосқандай құйғыды. Аттың жотасы адам тіптен отыра алмастай қиғашынан тік шаншылды. Бір қолмен ердің алдыңғы қасын тіреген ол бүкіл денесін шалқайтып, арқасын аттың сауырына жабыстырды, екі аяғы салынған үзеңгіні сәйгүліктің құлақ тұсына дейін созды, денесімен аттың арқасына дерлік жатты. Ол ердің алдыңғы қасын екі аяғымен мықтап қысты. Бұл – салт аттының жанын сақтай алатын жалғыз күрделі әрекет. Егер осы сәтте жүрегі сәл қобалжыған болса, оның барлық үміті Тәңірге бағышталатын еді. Бірнеше күннен кейін ол осы жерге қайта келген кезде, өзі түскен қия беттегі жолдың бойында алты-жеті суыр мен тышқанның індерін байқап, шошығаннан суық тер басты.
- Тәңір ержүрек инсандарды жақсы көреді, қолдайды. Олардан суыр мен тышқан індерін сырғытады, - деп түйіндеді Бату.
Чжаң Цзиюән беткейдің етегіне түскен кезде Батудың сәйгүлігіне құйрық тістесе ілесіп алды. Қырынан бұрылған Бату шаттана күлімсіреді. Ондай күлімсіреу Чжаң Цзиюәнға алтын медальдан да нұрлы көрінді.
Олұн сахарасындағы мықты аттардың бәрінде жеңсе арындайтын, жеңілсе сүлкіні түсетін ерекшелігі бар. Екі тұлпар бір тік беткейден құйылтып түскеннен кейін көкжалдарға дейінгі қашықтықтың 3/1 қысқарғанын көре сала тіпті де желпінді. Қос сәйгүлік қарақұйрықтардың жылдамдығымен шаба жөнелді. Бөрілер беткейге өрмелеп, жотаның басына шыққанға дейінгі уақытта арадағы қашықтық, жалпы алғанда, біршама қысқарды. Бату қасқырларға және жер бедеріне қарап-қарап сөйледі:
- Көкжалдар дереу екіге бөлініп қашпақшы. Анау ұсақ біреуіне қарамай-ақ, екі үлкеннің соңына түсейік. Бірдемнен кейін мен қай бөріні атсам, сен соның алдындағы жарма тасқа оқ атқын. Алдымен оң жақтағыны атасың.
Екеуі мылтықтарын кезеп, атуға дайындалды. Тұлпарлар жылдам жүгіргенде олардың денелері керісінше сілкінбейді, аңшылардың көздеп атуына әбден қолайлы болады. Қуғыншылардың жақындағанын байқаған үш қасқыр алдындағы беткейге жанталаса ұмтылды. Аттар мен көкжалдардың жүгіру қарқынының сақталуы ұзақ уақытқа созыла алмайды. Бату олардың ішіндегі бір бөрінің қырынан жүгіруін күтті. Бойлап жүгірген нысана тым кішкене еді. Қасқырлар үшке бөлініп, олардың біреуі көлденеңінен тұрғанда ғана атудың орайы туылатын еді.
Қуғыншылардан құтыла алмайтынын көрген үш көкжал азырақ абыржыған-ды. Олар бөлініп қашуға оңтайланды. Ондай жағдайда, ең кемінде бір бөрі қуғыншысыз қалады. 300 метрден астам аралыққа қуып барған кезде, басшы арланның оң және сол жақтарындағы екі қасқыр кенеттен қиғашынан екі тарапқа бөліне жөнелді. Бату лезде оң жақтағы үлкен көкжалға оқ атты, бірақ тигізе алмады. Чжаң Цзиюән сәл-пәл нысанаға алып, оң жақтағы бөрінің алдына қарай екі рет оқ атты. Бірінші оғы балшыққа дарыды, екінші оғы тасқа тиіп, ұшқын мен тастың үгінділері болып шашырады, түтіндеді. Қасқыр шошығаннан бір сенделектеп, өзін қайта оңаған кезде Батудың мылтығы атылды. Көкжалдың жота жүні бұрқ етіп, жерге тұмсығынан шаншыла құлады. Чжаң Цзиюән қуанғанынан айғайлап жіберді.
- Болмады, болмады. Мынаның терісі сатуға жарамай қалды-ау, - деді Бату керісінше жабырқаңғы дауыспен.
Екеуі аттың басын түзеген халде басшы арланды қуа берді.
- Сен оқ атпай-ақ қой. Оны жайрататын бір амалым бар, - деп ескертті Бату Чжаң Цзиюәнға.
Қожайындары бір бөріні жамсатқанын көріп ерекше желпінген екі сәйгүлік өршеленген шапшаңдықпен беткейге қарай шапты. Нәтижеде ондаған метр шапқаннан кейін демдері жетпей алқынып, жылдамдықтары біртіндеп баяулады. Ал басшы арлан керісінше өрге жүгіру өнерін көрсетіп, адымдарын барынша үлкейтіп, екпіндей жүгірді. Ол жүгірген сайын жылдамдығы артты, сондай-ақ бара-бара өз-өзіне сенімі де күшейді. Бату мен Чжаң Цзиюән қамшымен аттардың сауырын борбайлатып, сондай-ақ етіктің өкшесімен олардың бүйірін тепкіледі. Жайшылықта қамшы салдырмайтын тұлпарлар аузынан ақ көбік ағып, қалшылдап шаба жөнелді. Басшы арланның жылдамдығы төмендемеді, барған сайын орнықты да еркін жүгірді. Чжаң Цзиюән еңкейіп, беткейдегі шөптің үстіндегі қасқырдың іздеріне көз жіберді. Оның алдыңғы және артқы аяқтарының аралығы жылқының адымдарынан асқан екен. Арлан биік жотаның төбесіндегі аспан мен жер тұтасқан жиекке барған сайын жақындады. Ол осы жиектен асып кетсе, аңшылар оның қарасын да көрмей қалады.
Дәл осы сәтте Бату кенеттен аттан түсуді дауыстап бұйырды. Сосын тұлпардың ауыздығын қатты тежеп тартты. Кез келген таңдаулы жылқы тез қарқынмен шауып бара жатып, жедел тоқтау шеберлігін меңгеріп алған. Бұл олардың жылқы үйіріндегі аттарды қуғанда әбден жаттығып үйренген өнері болып табылады. Осы мезетте бұл әдеті дәл бабында қолданылды. Екі тұлпар бірнеше қадам жүріп, қалт тоқтай қалды. Орасан зор екпін екі салт аттыны аттардың үстінен ұшыра жаздады. Бату осы екпінмен аттан секіріп түсіп, шапшаң жерге жата қалып, мылтығын кезеп, ентіккен демін барынша басып, жотаның төбесін нысанаға алды. Чжаң Цзиюән да етпетінен құлап, мылтығын туралады.
Еліре зымыраған ірі көкжал арттағы қуғыншылардың аттарының шапқан дыбысын естімеген соң, сақтықпен кенет тоқтай қалды. Дала бөрілерінің мойны қысқа болады. Басын қайырып артқа қарау үшін бүкіл денесін бұруы қажет. Оның үстіне, әдетте үлкен қасқырлар жотаның төбесіне шыққан кезде де ентіккен демін басып бір мезет тынығады және қуалаған жаулардың бағыты мен орнын көріп амалдайды. Осы сәтте жота үстіндегі аспан мен жер тоғысқан жиекте бір көкжалдың қарасы айқын көрінді. Оның денесі қашқан кездегіден үш есе үлкейіп, нысана ату алаңындағы бөрі пішінді нысанаға ұқсады. Бұл – аңшылардың қашқан қасқырды атудың бірден-бір жалғыз орайы. Алайда, көп жағдайда басшы арлан аңшыларға бұндай орайды бермейді. Дегенмен, Бату тұлпарларды жедел тоқтату қулығы арқылы арланның көңіліне күдік түсіріп, аңшылардың қандай жаңа амал қолданатынын көру үшін оны бұрылып қарауға мәжбүр етті.
Сол мезетте бұл көкжал алданып қалды. Батудың мылтығы атылған кезде, бөрінің алдына қарай бір сүрініп, жотаның жиегінде ғайып болғанын ғана көріп қалды.
- Әттең-ай, тым алыс кетті. Оқ онша дарымады. Дегенмен, ол қаша алмайды. Тез қуып жетейік! - деді Бату.
Екеуі аттарына қарғып мініп, соңынан қуа жөнелді. Жотаның төбесінен асқан олар сары шөп пен шағыл тас арасынан тамған қанды байқайды. Үлкен қасқыр із-түзсіз ғайып болды. Төңіректі дүрбімен тінтіп қараса да, ешбір қыбыр-жыбырды байқамады. Екеуі қанды іздерді бойлай шағын қадам басып, жедел іздестірді.
- Егер де иттерді ілестірсек, жақсы болар еді, - деді Чжаң Цзиюән күрсініп.
Дегенмен, екеуі жылқы үйірінен жолға шыққан-ды. Қырдың иттері әрқашан киіз үйдің жанынан шықпайды, жылқы үйіріне ілеспейді. Қойшылар мен бақташыларға ғана ілеседі, иттерді басынан ілестіріп шыққанда болмаса жылқышыларға бармайды.
Екі салт атты баяу жылдамдықпен еңкейе қарап келеді. Біраз жүргеннен кейін Бату айтты:
- Мен көкжалдың алдыңғы бір аяғын үзіп жіберген ұқсаймын. Қарашы, оның әр қадамында үш аяқтың іздері ғана бар. Әлгі жаралы аяғын жерге тигізе алмайды.
- Онда оның қашып құтыла алмайтыны анық. Үш аяқты бөрі төрт аяқты тұлпардан қайдан қаша алсын? - деді Чжаң Цзиюән.
- Бірдеңе деу қиын. Бұл бір басшы арлан ғой. Ол егер де бір терең апан тауып, ішіне кіріп алса, оны қалай ұстауымыз мүмкін? Шапшаң соңына түсу керек, - деді Бату сағатына қарап.
Екеуі бірде көрініп, бірде үзілген қанның ізімен бір сағаттан астам жүрді. Бір шөптесін жерге келгенде, екеуі аңырап сілейіп тұра қалды: жілік майы шыққан қасқырдың бозарған алдыңғы сирағы тосыннан жерде жатыр. Сирақтың сүйегінде, терісінде және тарамыс-сіңірінде көкжалдың тістерінің іздері тұр.
- Қарашы, ол жүгірген кезде шөпке ілініп, кедергі қылады деп күдіктеніп, жаралы аяғын өзі кеміріп үзіпті, - деді Бату.
Чжаң Цзиюәннің көкірегі бөрінің тырнақтары орып түскендей қысылып ауырды.
- Елдің бәрі ер азамат қолын шабады, қайсар еркек улы жебе тиген білегін өзі шауып тастайды деп айтады, бірақ бұны ешқашан көрмегенмін. Алайда, қасқырдың өз аяғын өзі тістелеп үзгенін екі рет көрдім. Мынау үшінші рет көруім, - деді ол.
- Адам мен адам ұқсамайды, көкжал көкжалға ұқсайды...., - деді Бату.
Екі адам ізге түсуді жалғастырды. Бөрі аяғын шайнап үзгеннен кейін қанды іздердің азайғаны, ал адымның ұзындығы керісінше ашыла түскені бара-бара байқалды. Ең алаңдатқаны, басшы арлан шекаралық тас жолына қарай жақын жолмен төте тартқан екен. Ал шекаралық тас жолдың солтүстік жағы дәл шектеулі әскери аймақ болатын.
- Мына арлан расында да сұмдық екен. Біз оның соңынан салпақтап қуа алмаймыз, - деді Бату.
Екеуі жүйрік аттарға жайдақ отырып, шекаралық тас жолды тікесінен кесіп өтті.
Солтүстікке жүрген сайын шөп биіктей берді. Сарғылт та сарғыш шалғын шөп құдды орасан зор қасқырдың терісіне ұқсайды. Чжаң Цзиюән мына сарғыш «терінің» ішінен сарғылт реңді көкжалды іздеп табу қой жүні шөмелесі арасынан қошақанды тапқаннан да қиын екенін сезінді. Табиғат пен адамның тоғысуы қиын. Алайда, бөрілер мен өсімдік-шөптің тоғысуы сүт пен судың қосылғанындай болады екен. Бір ақсақ қасқыр бұл екеуінің мұрнының астынан жүріп өтуі мүмкін. Ал биік сәйгүліктердің үстінде керіліп жүрген бұларға ешнәрсе де көрінбеді. Чжаң Цзиюән көкжалдар мен сахараның, бөрілер мен Тәңірдің арасындағы терең қарым-қатынастарды тағы бір рет аңғарды. Әр жолы өлім мен өмір арпалысындай қысылтаяң кезеңге түскен кезде, көкжалдар байтақ даланың көмегімен қашып құтылады. Әр жолы апат-ауыртпалықтарға тап болған уақытта, кең дала құдды мекиен тауықтай қанаттарын ашып, оларды қанатының астына алады. Кеңінен көсілген ұлан-байтақ Моңғолия даласы бөрілерді жақсы көреді және қорғайды. Олар бір-бірін қорғайтын, өзара серік болған ерлі-зайыптыларға ұқсас, мыңдаған жыл бойы бір-біріне адал, мәңгі-бақи бірге болады. Ал қасқырларға қарағанда, шексіз далаға адал болуды барынша аңсайтын моңғолдар көкжалдардың орнын әлі де баса алмай келеді. Ал қытайлар мекендейтін аумақтармен шектесетін оңтүстіктегі жайылымдарда тың жерлерді игерген, егістіктерді көбейткен, мал шаруашылығынан егін шаруашылығына көшкен моңғолдар барған сайын көбеюде. Чжаң Цзиюән бір аяғы үзілген бөрінің осыншама ұзақ уақыт пен алыс қашықтыққа қашып, бүкіл отряд бойынша ең жүйрік тұлпарларды мінгендерге қарасын көрсетпей артта қалдыратынын ойламаған еді. Чжаң Цзиюән шынымен де оны қуғысы келмеді. Ол жанындағы Батудан бөлек өзінің нағыз мұғалімінің ұстазы бар екенін сезінді.
Екі тұлпар бір жүріп, бір тоқтай бергендіктен, біртіндеп тынығып, күш-қуатын қалпына келтіріп, жүрісін қайтадан жеделдете түсті. Солтүстік жақтағы асқақ тау сілемі де барған сайын жақындай түсті. Ал мына даланың шекара сызығы осы тау тізбегінің етегін бойлай тартылған екен. Малшылардың айтуынша, биік шоқылары мен терең сайлары суық та жұтаң болған сол тау Олұн сахарасындағы қасқырлардың қас дұшпандар кездеспейтін ең соңғы табан тірейтін панасы екен. Алайда, әлгі ақсақ көкжал сонда барса, бұдан кейінгі күнін қалай өткізбек?
Чжаң Цзиюән лезде өзін бөрідей сезінді. Адамдар ең түптің-түбінде қасқырларды жоя алады. Алайда, бұл әлемде Моңғолия даласындағы көкжалдардың қайсар да тізе бүкпес жігері мен мінезін жоятын ешбір күш жоқ.
Екі сәйгүлік ақырында шекаралық тас жолға шықты. Тас жол деп аталғанмен, ол іс жүзінде шекаралық әскерлер шарлайтын қара жол ғана. Нақтырақ айтсақ, бір құмдауыт жол еді. Әскери джиптер және жүк тасыған көліктердің дөңгелектері даланың бетінде тереңдігі бір метрдей кең жыра қалдырыпты. Бүкіл жол ирек-ирек үлкен де ұзын құм науаға, сондай-ақ ирелеңдеп қозғалған, ұшқысы келіп қыбырлаған қорқынышты сары құмды айдаһарға ұқсап қалыпты. Осы құмды жол Моңғолия сахарасының әлсіз сыртқы шөп жамылғысын оп-оңай қопарып жіберіп, жұп-жұқа шөпті шымның астындағы үрейлі де шынайы келбетін көрсетіп тастады. Шөпті жер әлі де дымқыл болғанмен, құмды жол желдің үрлеуімен әлдеқашан құрғапты. Батыстан жел соқса, жүздеген шақырымға созылған құмды айдаһар жер бауырлап, аспанға көтерілгісі келгендей ирелеңдей бастайды. Аттардың тұяғынан көтерілген құрғақ ұнтаққа ұқсаған шаң-тозаң адам мен жылқының көздерін көлегейлеп, мұрнын ашытып, құмды шөлге қамағандай болады.
Екі салт атты құмды жолмен шығысқа қарай жылдам шауып келеді. Жолдың бойында бөрі іздері көрінбейді. Бір кішкене төбеден асқанда, екеуі алдыңғы жақтағы 30 метрдей жерде кенеттен бір қасқырдың пайда болғанын көреді. Құмды жолдың солтүстік жағын бойлай қашқан ол биік те тік жолдың жиегінен әзер асып өтті. Әдетте көкжал бір аттап өтетін жолдың жиегі осы мезетте оның өміріндегі ең соңғы аса алмайтын жыраға айналған-ды. Ақсақ арлан тырмысып шыға алмай, жолдың ортасына қайта құлап түсті. Жарасы тікелей құмды жерге тигеннен жаны қатты ауырған ол домалана бүрісіп қалды.
Аттан түсті. Бату бір жағынан сөйлеуде, бір жағынан жолға қарғып түсті. Чжаң Цзиюән да аттан түсті. Ол Батудың қимылдарына, сондай-ақ ер-тоқымның қанжығасында ілінген ауыр сойылға қадала қарады. Алайда, Бату сойылын да шешпеді, алға қадам да баспады. Ол шылбырды босатып, тұлпардың өзін шөпті жерге жайылуға жіберді де, өзі жол жағасындағы биік жиекке отырды. Сосын қойнынан шығарған қораптан бір темекіні алып, үнсіз тарта бастады. Чжаң Цзиюән темекіден шыққан түтіннің арасынан күрделі сезімге толы қос жанарды байқады. Ол да сәйгүлігін жібере салып, Батудың жанына отырды, бір тал темекі сұрады һәм ақырын тарта бастады.
Бөрі жолдағы жырадан қайраттана әрең тырмысып шығып, қырындап отырды. Қанға боялған кеудесіне бір қабат құм жабысыпты. Бас имеген және тәкаппар арлан өзінің соңына түскен екі қуғыншы дұшпанына тікесінен қарап тұр. Өз салауаты мен әдетін есінен шығармаған қасқыр тұла-бойына жабысқан құм мен шөптің қоқымын қатты сілкіп түсіріп, шайқас барысында үсті-басының тазалығы мен айбынын сақтауға тырысты. Сөйтсе де, сүйегі көрінген шолақ аяғы ырқына көнбей, кеуде жағында тоқтаусыз дірілдейді. Алайда, көкжалдың көз жанарында керісінше жауыздық пен табандылық есіледі. Ол терең ентігіп, ең соңғы айқасқа бойындағы барша күшін жинады. Чжаң Цзиюән бөрінің көзіне тіке қараудан именді. Мына ежелгі сахарада тұрып, дала тұрғысынан алғанда, ақиқат пен әділдік толығымен қасқырдың жағында болғаны сезілді....
Бату қолында темекісін ұстаған күйі, жартылай ойға шомған халде көкжалға қарады. Көздерінен шәкірті өзі атып жаралаған ұстазына бетпе-бет келгендегі қымсынған және алаңдаған бейне білініп тұр. Шолақ бөрі өзінің қыр соңына түскен жауларының әлге дейін қол салмағанын көріп, теріс бұрылып бір аяғымен жер қаза бастады. Жол шетінің үстіңгі қабатында қалыңдығы 30 см жетпейтін қара қошқыл топырақ, ал оның астының бәрі сары құм мен шағыл тас еді. Арлан ақыры шымдауытты үңгіп, құмдауыт жиекті құлатып түсірді. Ол құлап түскен топарықтың үстіне өрмелеп, шөпті жерге шықты. Сосын үлкен кенгуру сияқты үш аяғымен шоқырақтап, алыстағы өрттен сақтану белдеуіне және шекара бағанына қарай жөнелді.
Өрттен сақтану белдеуі шекара белгісінің бер жағында орналасқан. Шекаралық өрттен сақтану бекетіндегі осы белдеу трактордың жерді жыртуынан пайда болған-ды. Ені 100 м. шамасындағы осы белдеу шекарамен қатарласа созылып жатыр. Бұл белдеу жыл сайын белгілі бір мерзімде айдалатындықтан, әлдеқашан құмға айналып, қылт етер қылтанақ та өспейтін болған. Ол тек шекараның сыртындағы өрттің бері өтуіне тосқауыл қою немесе шекаралық сызықтың ішіндегі кіші көлемді өрттің сыртқа жайылуын болдырмау үшін жасалған. Өрт апатына қарсы тұру үшін осы жердің жыртылуына Олұн сахарасының малшылары әрең көніп, жол берген. Қырдағы қариялардың сөзінше, бұл тың игерудің иен далаға тигізген жалғыз ғана бір пайдасы екен.
Батыстан жел соққанда өрттен сақтану белдеуінен көтерілген сары топырақты шаң сахарадағы өрттен де қорқынышты келеді. Бақытқа орай, ол тап-тар бір белдеу ғана.
Шолақ қасқыр бір жүріп, бір тоқтап тыныстап, ақырын-ақырын биік шөптің арасына еніп, ғайып болды. Тағы алға жылжыса, аттап өте алмайтын ор кезікпейді.
Бату орнынан тұрып, бір сәт үндемей қарады. Содан кейін еңкейіп Чжаң Цзиюән құмды жолға тастаған темекі тұқылын алып, түкірігімен сулап өшіріп, саусақтарымен дымқыл шөпті жерде кішкене шұңқырды қазды, екі тұқылды ішіне салды һәм қайтадан топырақпен көміп тегістеді.
- Мұны әдетке айналдыру керек! Байтақ далада титтей де аңғырттық пен салақтыққа жол беруге болмайды, - деп ескертті Бату. Содан соң орнынан тұрып сөйледі: - Жүр кеттік. Бағана атып өлтірген көкжалды тауып алып, қайтайық!
Екеуі аттарына мініп, қопалы шөп өскен таулы беткейге асыға жүрді. Сәйгүліктер таза қарда аяғын жеңіл басып келеді. Екі адам жол бойы үнсіз жүрді.
16
Тақ мұрагері Чэң Цзян (Таң патшасы Тайцзуңның баласы) музыкаға, сұлу әйелдерге, сондай-ақ аңшылыққа әуес болды.... Оның үстіне, түрк тіліне һәм түрктерше киінуге құштар еді. Шамамен пішіні түрктерге ұқсайтын бес адамды іріктеп, бір қос етіп жанында ұстады. Шашын өріп, қойдың терісінен тігілген киім-кешек киді, қой бақты. Бес бөрінің бастары салынған байрақ жасатып, киіз үй тұрғызды. Сол киіз үйде ханзада өзі тұрды. Қой сойып, етін пісірді. Асынған қанжарымен қойдың етін турап жеді. Қасындағы адамдарға депті: «Мен қаған ретінде өлгендей болайын. Сіздер түрктердің жерлеу салтын жүргізіңдер». Ешбір қыбырсыз жерге жатқандықтан, халайық дауыстап жылап, атқа мініп оның денесін айналып шапқан екен.... «Бір күні Аспан астында ондаған мың салт атты аңшымен Цзинчэңнің батыс жағында аң аулаймын. Сосын өрген шашымды таратып, түрк болып кетер едім» деді тақ мұрагері.
Сыма Гуаң. «Цзычжи туңцзян» жылнамасы, 196-бума
(Сыма Гуаң 1084 ж. жазған «Басқаруға жәрдемдесетін жалпы айна» тарихи-энциклопедиялық шығарма, б.з.д. 403 ж. бастап 959 ж. дейінгі оқиғаларды қамтиды)
Көктемгі жаңбырдан кейін төл алынатын қора-қоныстың жанындағы беткейлер мен шалғындардан маужыраған күн нұрында қоп-қою сасық иіс мүңкіп жатыр. Ұзақ қыста үсіп өлген арық малдар, бөрілер тобы жарып бөлшектеген малдың қалдықтары іріп-шіріп, қарайған өліктердің шірінділері мен қаны шөпті жерге ағуда. Өткен күздің жапырылған шөптерінен, солған жапырақтардан сарғыш қара шірік су шығып жатыр. Барлық жерде қойдың қиы, сиырдың тезегі, ит пен қасқырдың мәйегі, қоян мен тышқанның боғы күрең қоңыр көң болып езіліп, даланың жеріне бірте-бірте сіңуде.
Көктемде күн жылынғанда далада мүңкіген сасық иіс Чен Чженнің әуестігін ешбір бұза алмады. Байырғы сахара сондай сасық суды қажет етеді. Адамдар мен төрт түлік малдың қыс бойы нәжіс-дәреті, адамдар мен көкжалдардың рақымсыз соғысынан қалған шіріген жемтіктер, сасыған қан және уатылған сүйектер жұп-жұқа жер қыртысына бір қабат құнарлы шірінділер, органикалық заттар және фосфорлы кальций қосындыларын үстейді.
- Қаладан келген тексеруші кадрлар және ақындардың бәрі сахарадағы көктемде ашылған гүлдердің хош иісін ұнатады, бірақ мен даланың көктемгі сасық иісіне құмармын. Бір қой бір жылда 750 кг жуық боқ-сідік шығарады. Бұл қаншама шөпті жерді тыңайтуы мүмкін. «Сиырдың тезегі суықтық, жылқы тезегі ыстықтық, қойдың мәйегі екі жылға күш береді» деген сөз бар. Егер де жайылымдағы малдың сиымдылығы дұрыс бақылауға алынатын болса, сиырлар мен қойлар өрісті ойрандамайды, қайта оны құнарландыруы мүмкін. Бұрынғы кезде тайпалардың жөн білген басшылары құмайт жайылымды құнарлы жайылым етіп өзгерте алатын, - деді Үлжі.
Көктемде Олұн даласының суларында көң тыңайтқыштар мол болуы, жануарлардың қаны жайылымдарды тыңайтуы шүйгін шөптің қаулап өсуіне себепші болады. Жарты айдағы іркіліссіз жылы күнде қаулай көтерілген жасыл балауса былтыр күзде шіріген ескі шөпті жауып үлгерді. Шалғын-жайылымдар, шөпті беткейлер тегіс жап-жасыл түске енді. Көктемде көктеген майса шөптің тамырлары да құнарлы топыраққа терең жайыла өрістейді, байтақ дала топырағының жұқа қабатын шыңайтып бекемдейді, шөптің астындағы құмды ешқашан еңсе көтермейтіндей етіп, үстінен басып тұрады. Білге-атаның үлкен құла атын мініп, жеңіл желдіретіп шапқан Чен Чжен жол бойы айналадағы жасыл желекке сүйсініп келеді. Ол кеңінен көсілген сахара сахнасындағы адамдар мен бөрілердің өзара рақымсыз бәсекесі ең ақырында Ұлы дала ананың жылы мейірімі мен қайырымдылығына айналғанын сезінді.
Саулықтардың желіні томпиып, қозылардың жүні бозара түсті, сиырлардың мөңірегені күшейді, жылқылардың қалың жүні түлей бастады. Қырдың малдары жемшөптің дер кезінде көктеуінен еңсесін көтеріп, ел қатарына қосылды. Олұн сахарасына сирек кездесетін ырысты жыл тағы келді. Осы жылдың ерте көктемгі суық аязында бірталай қозы-қошақан үсіп өлсе де, үлкен отрядтағы төлдердің қатарға қосылу көрсеткіші 101% асуы ықтимал. Биыл егіз қозылаған саулықтардың мұншалық төтенше көп боларын ешкім ойламаған еді. Әрбір отардан аз дегенде 1 мыңға жуық қозы шықты. Бұрын артып қалатын жайылымдар кенеттен енді тарлық қылды.
Қозылардың қауырт та қарқынды көбеюінен Олұн даласындағы Баориғ фермасының бұрынғы төрт маусымдық жайылымдардың сыйымдылығы дем арасында шамадан тыс тарылды. Егер жайылым мен малдар өнімділігінің тепе-теңдігін сақтау үшін олар көптеп сатылса немесе үкіметке тапсырылса, ферма жоғарғы басшылық түсірген мал санын қамтамасыз ету міндетін орындай алмай қалады. Отрядта өткізілген талай жиналыстарда кеңесу барысында Үлжі ферма аумағында жаңа жайылымдарды ашуды бірден-бір шығар жол деп санайтынын айтты.
Чен Чжен Үлжі мен Білге-атаға ілесіп, жаңа жайылымды көзбе-көз зерттеуге шықты. Ақсақал оған арнайы өзінің әрі жүрдек, әрі күш жинаған сәйгүлігін мінгізді. Үлжі жартылай автомат-мылтығын асынды. Білге-ата Барсты, ал Чен Чжен Эрлаң төбетті ертіп алды. Сарытөс үй бағуға қалдырылды. Аң аулаумен шұғылданған көшпенділер алыс сапарға шыққанда, қару-жарағын және иттерін алып жүруді есінен шығармайды. Аңшылыққа құмар екі қаһарлы төбет жол бойы жан-жақты иіскелеп, сергек те жеңіл жортып келеді. Олар Чен Чженмен бірдей шаттанып жатқандай.
- Қойшылар және қойларды бағатын иттер бір айдан бері қойлар отарына байланып қалып, әбден іштері пысыпты, - деді ақсақал күліп.
- Атамның мені ертіп, көңілімді көтергеніне рақмет, - деді Чен Чжен.
- Мен де сені кешке дейін кітап оқып, көзін құртады деп алаңдаймын, - деді қария.
Ферма орталығының солтүстік-шығыс бөлігінің шетінде айналасы 70-80 шақырымдай тақыр тау бар. Үлжінің айтуынша, сол иен тауға адам баласы аяқ баспаған. Ол жердің шөбі қалың, шағын өзеншелер мен үлкен көл бар. Тауда қаулаған шалғын шөптің биіктігі 1 метрден асады. Жыл сайын жапырылып қалған ескі шөптің қалыңдығы 1 кезден асады. Суы мол, шөбі қалың бұл аймақтың масасының да көптігі адамды шошытады. Жаз бен күзде масалар сиырды да жеп қоятындай көп болады екен. Тауға шыққандар қадам басқан сайын жапырылған қалың шөптің арасынан сан мыңдаған масалар гуілдеп ұшады. Минаны басқандай қорқынышты болады екен. Сол таудан адам да, мал да қорқады. Оған ешкімнің де баруға батылы жетпейді. Жапырылған ескі шөп тым қалың болғандықтан, әр жылы көктейтін жаңа шөп барынша тырмысып бой тартқанда ғана күннің нұрын көреді. Сондықтан жаңа шөп жіңішке де ұзын болып өседі. Малдар оны жеуді қаламайды. Жесе де семірмейді.
Ферманың бұрынғы басшысы Үлжі осы жайылымды игеруді ойында әрқашан бүгіп жүретін. Санына мән беріп, саясына мән бермейтін саясат астында Олұн жайылымының ерте ме, кеш пе сыйымдылығы артатынын ол ертеде-ақ мөлшерлеген-ді. Көп жылдардан бері осы иен тауды жадында тұтқан ол күзде өрт қою арқылы ондағы шіріген ескі шөпті біржолата өртеуді, сосын келесі көктемде үлкен отрядтың төрт түлік малын қаптатуды, мыңдаған жылқы, сиыр, қойдың тұяқтарымен борпылдаған топырағын таптатуды, жаңа шөбін жегізуді және шөптің шалғындап өсуін бақылауға алуды ойлауда. Осылайша жер шыңалып, топырақ құнарланады, шөп аласарады, масалар да азаятын болады. Тағы бірнеше жылдан кейін сол тақыр тау жазғы тамаша жайылым болып өзгеруі, бүкіл ферманың малдарына толық жетерлік бір маусымдық жайылымға айналуы мүмкін. Содан соң бұрынғы жазғы жайлау көктеулік пен күзеулік жайылым болып өзгертіледі. Сайып келгенде, ферманың малы тағы бір есе көбейсе де, жайылымның сыйымдылығынан асып кетпейді.
Алдыңғы жылдары Олұн сахарасы көп рет өртке шалдыққан. Ең өкініштісі, сол өрттердің ешбірі де әлгі жерге жетпеді. Былтыр күздің аяғында ғана сол иен тауға бір үлкен өрт кеткен. Соңынан жаңбыр жауып, тау қап-қара түске боялған. Үлжі ақыры өз жоспарын іске асыруға бел байлады. Ол Бао Шигуйдың барынша қолдап-қуаттауына ие болды, бірақ көп сандағы малшылардың қарсылығына тап болды. Елдің бәрі сол жердің масасынан қорықты. Үлжі тек ескі досы Білгені жәрдемдесуге, яғни оны иен тауды бірге көзбе-көз тексеруге шақырды. Білге-атаны көндіргенде ғана оның жетекшілігінде екі үлкен отрядты жаңа жайылымға әкелуге болады.
Үш адам көрші отрядтың қыстауынан кесіп өтті. Чен Чжен аттар жүрісінің баяулағанын сезді. Басын еңкейте қараған ол мұндағы күзгі шөптің бұрынғыдай бітік, бір қарыс биік болғанын байқады. Чен Чжен Үлжіден сұрады:
- Сіз үнемі жайылымның жетпейтінін айтасыз. Қараңызшы, қой отарлары және жылқы үйірлері бір қыс бойы қазып қоректенсе де, жайылымда әлі де осыншама көп шөп қалды емес пе?
Басын еңкейте қарағаннан кейін Үлжі сөйледі:
- Мынаның бәрі шөптің сабақтары. Шөптің сабағы аса қатты болады. Мал тістеп үзе алмайды, ал шайнаса күшеніп-тышанып күш жұмсауға мәжбүр болады. Барша күшпен тартса, тамырын қоса жұлады. Сабақтардың нәрі жоқ, малдар оны жесе де семірмейді. Мына сабақты жегенде тағы кеміруге күші жетпейді. Ал кеміріп отайтын болса, жайылым бұзылып тозады.... Ішкі өлкелердің қытайлары аса көбейіп туылғаны себепті, мемлекет бойынша ет пен май тапшы болды. Бүкіл мемлекет Ішкі Моңғолиядан сиыр мен қойдың етін талап етіп отыр. Алайда, сиыр-қойлардан бір тонна ет алу үшін 70-80 тонна шөптің жұмсалады. Ішкі өлкелер осылайша ет өнімдерін дамылсыз талап етуі іс жүзінде иен даладан шөпті талап еткенмен тең келеді. Келешекте осылай тағы талап ететін болса, Ұлы даланың жанын алып, түбіне жетеді ғой. Жоғарғы басшылық біздің фермаға тағы көрсеткіш түсіріпті: оңтүстік-шығыс жақтағы бірнеше сомон (аудан) тез арада құмайт жерге айналып қалатын болыпты....
- Меніңше, мал шаруашылығымен шұғылдану егіншілікпен айналысудан көп ауыр екен, - деді Чен Чжен.
- Мен де шынымен осы ұлан-байтақ даланың құмайт жерге айналуынан алаңдаймын. Сахараның жер қыртысы аса жұқа, тым әлсіз. Қорқытатын нәрселер мен істер тым көп: тапталудан, кеміруден, құрғақшылықтан алаңдаймын. Ешкілер, жылқылар, шегірткелер, егеуқұйрық тышқандар, жабайы қояндар, суырлар, қарақұйрықтардан қорқамын. Диқандардан, тың игеруден, адамдардың көбеюінен, олардың ашкөздігінен, жайылымдардың толып кетуінен қорқамын. Сахараны түсінбейтін адамдардың келіп, даланы басқаруынан ең қорқамын...., - деді Үлжі.
- Сахара деген ұлы тіршілік. Алайда, оның тағдыры адамның көз қабағынан да жұқа. Шөп қыртысы бір бұзылса, иен дала соқыр болады. Құмды боран соға бастайды. Ал ол қарлы бораннан да сұрапыл болады. Кең дала жойылса, сиырлар, қойлар, жылқылар, қасқырлар және инсандардың ұсақ тағдырлары да жоғалады. Тіпті Ұлы Қытай қорғаны мен Бейжің қаласын да сақтап қалу неғайбіл, - деп мақұлдады Білге-ата басын изеп.
Үлжі мұңға батқан лебізбен айтты:
- Бұрын мен бірнеше жылда бір рет Көкқұт қаласына (Ішкі Моңғолия автономиялы районының орталығы Хухэ-Хото шаһары) жиналысқа баратынмын. Ол жақтағы өрістердің тозуы тіпті де ауыр. Батыс тараптағы жүздеген шақырымға созылған Ұлы Қытай қорғаны әлдеқашан құмға көмілді. Жоғарғы басшылық шығыс жақтағы далалы өңірге міндеттерді шамадан тыс артатын болса, Ұлы Қытай қорғанының шығыс бөлігі де нағыз қауіптің астында қалады. Естуімше, шет елдердің үкіметтері кең даланы басқару барысында қатаң заңдарды қолданады екен. Яғни, қандай жайылымда қай малды бағу, тіпті 1 гектар жайылымға қанша бас малды бағу қатты бекітілген. Кімде-кім шамадан тыс асырып жіберсе, ауыр айып пұл салынып, қатаң жазаға тартылады екен. Дегенмен, сол арқылы қалған жайылымдарды тозудан сақтауға болады, ал бұрын тозған өрістерді қайта қалпына келтіру өте қиын. Жайлаулар шөлге айналғаннан кейін ғана адамдар иен даланы түсіне бастайды екен. Ол кезде өте кеш болады.
- Адамдардың жүрегі аса қанағатсыз ашкөз ғой. Істің жөнін білмейтін бейхабар адамдар тым көбейіп барады. Қойдай топас бұл ақымақтармен 100 рет тәртіп туралы сөйлесең де, құлағына кірмейді. Сонда да Тәңірім бәрін түсінеді. Сол топастар мен қомағай ашқарақтарға қарсы көкжалдарды қолданады. Шамадан тыс көбейген малдың санын бөрілер арқылы реттеп ғана сахараны сақтап қалуға болады, - деді Білге-ата.
- Тәңірдің көне амалдары іске жарамай қалды. Қазір Қытайдың атом бомбасы жарылды. Жоғарғы басшылық қасқырларды расында да көп күш шығармай-ақ жоя салады, - деді басын шайқаған Үлжі.
- Көкжалдардың ұлығанын, иттердің үргенін естімегеніме бірнеше түн болды. Ата, Сіз бөрілерді өлтіре беріп, қорқыттыңыз. Оларды келместей еттіңіз. Кең далада олар болмай қалса, бір нәрсе жетпей жатқандай тұрады екен, - деді көкірегі сары құмға толғандай болған Чен Чжен.
- 30 астам қасқырды өлтірдік. Небәрі төрт-бес апанның бөлтіріктерінің санына тең келеді. Олұнның көкжалдары әлі көп ғой. Олар атылған мылтықтан үркігеннен келмей қалған жоқ. Осы айда олар басқа істермен қарбалас болып жүр, - деді қария.
- Бөрілер тағы қандай қулық істемекші? - деп сұрады дереу рухы көтерілген Чен Чжен.
- Менімен бірге сол жерге барып қарасаң болады, - деді ақсақал алыстағы бір шоқыны нұсқап. Сосын Чен Чженнің тұлпарын қамшымен тартып жіберіп тағы айтты:
- Тездетіп шаба бер. Көктемде аттың көп терлегені жақсы. Тер көбірек шықса, жүні тез түсіп, жақсы түлейді. Семіруі де тез болады.
Үш тұлпар бәйге жарысына түскендей шоқыға қарай еліре шаба жөнелді. Аттардың тұяғынан шөптің тамырларымен бірге сансыз топырақтың түйіршіктері қопарылып шашырауда. Есеп-қисапсыз жас шөп тапталды, үзілді. Тұяқтар жасыл түске боялды. Бір тәуірі, осы жолға енді бірнеше айға дейін аттың тұяғы тимейді. Чен Чжен ең артта шауып келе жатты. Ол «Иен дала жылқыдан шошиды» сөзінің салмағын енді түсіне қойды. Моңғолдар нағыз қайшылықтар иірімінде өмір сүреді екен.
Үш салт атты беткейдің төбесіне шыққанда, жан-жақтан суырлардың шәңкілдеген дауысы естілді. Суыр – байырғы сахарада жиі кезігетін әдеттегі жануар. Олұн даласындағы таулы беткейлердің жартысына жуығы суыр індері және суырларға толы. Әр жылы күзде Чен Чжен ақсақалдың суырларды аулағанын көреді, олардың семіз де хош иісті етін жейді. Суырлар орман аюлары сияқты денесінің майын қорек етіп қыстайтын жануарлардың бірі. Суырдың еті кең даладағы барша жануарлардың етінен өзгеше. Оның шошқаның етіне ұқсаған бір қабат семіз де майлы аппақ еті болады. Арық еттен қызыл мен ақ түстей болып анық бөлінген бұл еттің тәтті дәмі байтақ сахараға әйгілі. Семіз және жұмсақ бұл етте күлімсі иіс болмайды. Сиыр мен қойдың етінен әлдеқайда дәмді келеді. Үлкен суыр үлкен өлшемдегі ауыр термостан жуан болады. Одан бір үлкен леген ет шығады. Бұл бір отбасының бір реткі азығы болуға жетерлік.
Чен Чжен сонда да көз алдындағы суырлардың шебінен шошып кетті: Он шақты төбешіктен құралған адырдың төбесі және беткейлердің үстінде кем дегенде 60-70 үлкенді-кішілі суыр қаздиып тұр. Алыстан қарағанда, кесілген тоғайдағы ағаштың томарларына ұқсайды екен. Суырлардың індері тіпті де көп. Індердің алдында сарғыш құмды топырақтан үйілген текшелердің көбісі Қытайдың ішкі өлкелерінің таулы беткейлеріндегі тізбе террасаларға ұқсап тұр. Текшелердің үш тарапы шағыл тастардан жасалған кертпеш. Олар кенді таудың кен шахталарының алдына төгілген шағыл тастардай, шөпті беткейдің үлкен аумағын басып жатыр. Чен Чжен Солтүстік Шәнсидің таулы беткейлеріндегі үңгір үйлеріне келгендей болды. Тау сілемінің бәрі мыңдаған тесік пен үңгіршелерге толған, түгелдей қазып ойрандалыпты. Әрбір құмды топырақтан жасалған текшенің үлкендігі каңчжуо (жоза) кіші үстеліндей. Бәрінің үстінде бір немесе бірнеше суыр тұр немесе жатыр. Көлемі біршама үлкенірек дара індердің текшесі үстінде қоңыр жүнді үлкен еркек суырлар қаздиып тұр. Әлгі топты індер және бытыранды індердің текшелерінде тұрғанның баршасы ұрғашы суырлар. Олардың сұр жүні сәл-сәл қасқырлардың терісіне ұқсайды. Ұрғашы суырлардың жанында көптеген балалары жатыр. Олардың бойлары қояндай. Кейбір текшелерде жеті-сегіз ұсақ суыр жатыр. Барлық суырлар адамды көргенде інге кіруге асықпайды. Көбісі тек артқы аяқтарына тік тұрып, қолдарын кеудесіне басқан халде шиқылдап шулауда. Әрбір шиқылдаған дауысы, сүт бөтелкесін жуып тазалайтын щеткаға ұқсайтын шолақ құйрығы, кез келген жерде дауыстата қоқшаңдап шығуы қыр көрсетуге, наразылық білдіруге, сондай-ақ соқтығып пәле шығаруға ұқсайтын күйде тұрады.
Екі ит іннен алысырақ жүрген бір үлкен суырға тұра ұмтылды. Жақын жердегі бір суыр іннің аузына қашып барып, текше үстіне шығып тұрды да, қоян сияқты бадырайған көзімен иттерге қарады. Иттер іннің аузына бес-алты метр қалғанда, ол аспай-саспай тік інге сүңгіп кетті. Иттер ондаған метр алысқа ұзағаннан кейін, ол қайта іннен шығып, иттерге қарап шиқылдады.
- Бұл Олұн даласына әйгілі болған суырлар тауы. Олардың көптігіне сан жетпейді. Солтүстік шекаралық тас жолдың оңтүстік жағындағы тағы бір жерде суырлар бұдан да көп. Осы тау бұрын сахарадағы кедей-кепшіктердің жан сақтайтын тауы болған еді. Күз келгенде суырлар әбден семіреді. Кедейлер тауға шығып, оларды аулап, етін жеп, терісі мен майын сатудан түскен күмісті қойдың етіне айырбастайды. Сендер қытайлар суырдың терісінен тігілген былғары тонды ерекше жақсы көресіңдер. Әр жылы күзде Чжаңцзякоу қаласының тері саудагерлерінің бәрі иен далаға келіп, саңырауқұлақ пен суыр терісін алады. Суырдың терісі қозы елтірісінен үш есе қымбат. Суырлар қаншама кембағал кедейді құтқарды ғой. Тіпті Шыңғысханның жанұясы да ең кедей кезінде суыр аулап жан баққан еді, - деді Білге-ата.
- Суыр етінің дәмділігі оның майында. Сахарада қазған індерінде қыстап шығатын саршұнақтар, сұртышқандар, сартышқандар түгелдей індеріне шөп тасып, қысқы азық қорын жинап дайындайды. Алайда, суырлар азық жинамайды. Олар мына тұла-бойындағы семіз майына сүйеніп қыстайды, - деді Үлжі.
- Суырлар іннің түбінде бір қысты шыдап өткізеді. Қазір оларда онша көп май қалмады, бірақ еттері әлі мол. Қарашы, олардың бойының үлкендігін. Биыл көктемгі шөп шүйгін. Суырлар оны бір мезгіл жесе, тағы семіріп алады, - деді ақсақал.
Чен Чжен кенет бірдеме ойына кілт түскендей сөйледі:
- Бәсе, бұл күндері көкжалдар лаң салмағаны сол екен ғой. Олар да дәмді тағамды ауыстырады екен-ау. Алайда, суырдың індері тым терең болады және олар іннің төңірегінде қимылдайды. Бөрілер оларды қандай әдіспен ұстайды?
Қария күле сөйледі:
- Қасқырдың суыр ұстау қабілеті басым. Үлкен көкжалдар суырдың інін кеңейтіп қаза алады. Тағы бірнеше бөрі ін-үңгірдің басқа ауыздарын күзетуге қойылады. Інге енген қасқыр суырлардың бір ұясын толығымен қуып шығады һәм бірін тірі қалдырмай жейді. Немесе кішілеу көкжалдар інге кіріп, кішкене суырларды тістеген халде сүйреп шығып жейді. Қарсақтар да суырдың індерін қазып, оларды аулап жейді. Мен жыл сайын суыр аулағанда алты-жеті қарсақты қоса қолға түсіремін. Бір жолы бір жас бөріні ұстап алған едім. Моңғолдар балаларын қасқырдың апанына кіргізіп, бөлтіріктерді қазып шығаруды да көкжалдар мен қарсақтардан үйренген-ді. Егер де індер терең болмаса – суырлар қыста суықтан жаурайды. Сондықтан олар інді терең қазады. Бірнеше чжаң (1 чжаң - 3,33 м.) тереңдікте қазады екен. Айтшы, бөрілер апанда қыстамайды, неліктен олардың апандары терең болады? - деп сұрады Білге-ата кенеттен.
Чен Чжен басын шайқады.
- Көптеген апан өзгертіп қазылған суырлардың індері болып табылады. Өлекшіндер суырдың індерін кеңейтіп қазып, бөлтірік туатын апанға айналдырады, - деді ақсақал.
- Қасқырлар шынында жауыз екен. Суырларды ұясымен біржола жеумен шектелмейді, сондай-ақ олардың үйлерін де тартып алады екен, - деді Чен Чжен таңданған лебізбен.
Үлжі көкжалдардың қаныпезерлігіне өте сүйсінген күйі шын жүректен күлді. Ол басын Чен Чженге бұрып сөйледі:
- Бөрілер жауыз болмаса суырларды тежей алмайды. Қасқырлар оларды жеп, байтақ дала үшін ерен еңбек сіңіреді. Суырлар – сахараның үлкен жауы. Таулы беткейлердің әр жерінде олардың індері бар. Суырлар мына кең көсілген тауды қазып, қандай жырымдап тастағанын қарашы. Олар өсімтал келеді. Бір жылда бір ұяда алты-жеті суыр туылады. Індері тар болса сыймай қалады, сондықтан үлкейтіп қазады. Үңгірді үлкейту қаншама шағыл тастар жердің бетіне шығарылады, қаншама жайылым ойрандалады? Жабайы аңдардың арасында жайылымның төрт үлкен дұшпаны: тараққұйрық, қоян, суыр және қарақұйрық. Суырлар үшінші орында тұр. Олар баяу жүгіреді, адамдар да қуып жете алады. Алайда, неге оларды қазып ұстайды? Суырлар індердің көп болуына сүйенеді. Індер мен үңгірлер бір-біріне жер асты жолдармен тұтасуда. Адам жақындай қалса, олар індеріне кіріп тығылады. Суырлар шөпті өте көп жейді. Әсіресе күз түскенде кілең шөптің ұрығын жейді. Сол бір денесінің семіздігі бірнеше гектар жердің шөбі мен өсімдіктердің ұрықтарын жеудің нәтижесінде болған. Ал суыр індерінің зияндығы тіпті де үлкен. Жылқышылар осылардың індерін қатты қорқады. Жыл сайын қыруар жылқы сирақтарын сол індерге түсіріп мертігеді, қыруар жылқышы аттан жығылып зақымдалады.
- Онда көкжалдар суырларды қырғындап, кең дала үшін нағыз қызмет көрсетеді екен ғой, - деді Чен Чжен.
Үлжі әңгімесін ілестіре кетті:
- Далада суыр індері ең сұмдық. Олар сондай-ақ масалардың қыстан өтуін қамтамасыз етеді. Моңғолия даласының шығыс бөлігінде масалар әлемге ең әйгілі. Солтүстік-шығыс жақтағы ормандардың масалары адамды да «жейді», ал Шығыс Моңғолияның масалары сиырдың ығырын шығарып, жеп бітеді. Иен далада ақ боран апаты мен қара апат (қарсыз қыстағы құрғақшылық) жыл сайын бола бермейді, бірақ масалар әр жылы пайда болады. Малшылар және үй жануарлары масадан бөрілерден де бетер қатты қорқады. Бір жылдың ішінде масалар сиыр, қой, жылқыларды едәуір ет алудан айырады. Шынын айтқанда, Моңғолия сахарасында қыс мезгіліндегі 30-40 градустан төмен аязда ауру-сырқау сиырдың бәрі мұз болып қатады. Осындай қақаған аязда масалардың үсіп өлмеуі қалай? Олар киіз үйдің ішінде сақтана алмайды. Дегенмен, неге даланың масалары қыстан аман шығады? Бұның себебі – суырдың індері. Күн суыта бере суырлар інге тығылады. Масалар да оларға ілесе інге кіріп алады. Суырдың індері бірнеше метр тереңдікте болады. Олар індердің аузын бекіткен бойда сырттың бәрі қар жамылып, мұз құрсанады, бірақ іннің іші жып-жылы жертөле сияқты болады. Суырлар іннің ішінде тығылып, ішпей-жемей жатып алады. Ал масалар олардың денесін шағу арқылы азықтанады һәм рахаттанып қыстап шығады. Келесі жылдың көктемінде суырлар іннен шыққанда, масалар да олармен бірге шығады. Олұн сахарасында су көп, батпақ та көп. Масалар сулы жерде жылдан-жылға өсіп-өрбіп, жаз келгенде иен дала масалардың әлеміне айналады.... Айтшы, суырлар қырдағы мал шаруашылығының үлкен жауы емес пе? Кең далада қасқырлар суырдың етін жеуді жақсы көреді. Олар – суырларды қырып-жоятын негізгі күш. Сахарада «Суырлар іннен шықса, көкжалдар тобы тауға шығады» деген мақал бар. Суырлар шыққаннан соң, үй жануарлары бір мезет тыныш күндер өткізіп, тыным табады.
Екі жаз масаға таланған Чен Чжен оларды есіткен сәтте зәресі ұшып, өне-бойы шіміркенеді, қышына бастайды. Денесі тілім-тілімі шыққандай сезінеді. Зиялы жастар масадан тіпті бөрілерден бетер қорқады. Кейіннен жедел Бейжіңдегі үйінен масалық шатыр (масахана) алғызғаннан соң ғана рахаттанып ұйықтайтын болған. Малшылар масахананы көріп, әбден жақтырған. Бір жаз өткеннен кейін, Бейжіңнің масаханалары лезде қырдағы малшылардың киіз үйлеріне таралып кетті. Малшылар осы жаңа бұйымға «ираглы» (масалы бөлме) деген атау қойып алды. Чен Чжен сахарада үрейлі масалардың суыр індерінен шығатынын расында да еш ойламапты.
- Сіз екеуіңіз шынымен де даланың нағыз мамандары екенсіз. Сахарадағы масалар апаты суырлармен бұншама үлкен байланысы болғанын, олардың індерін қарақшы масалар жан сауғалайтын ұясына айналғанын білмеппін. Ал қасқырлар суырдың қас дұшпаны екен. Мен кітаптан осынша көп білімді оқып ала алмаймын...., - деді ол Үлжіге.
- Дала дегенің аса күрделі дүние ғой. Барлық істер бір-біріне тұтасқан алқаларға ұқсайды. Көкжал – үлкен алқа. Ол сахарадағы өзге алқалардың бәрімен ілінісіп тұрады. Осы үлкен алқа бүлінсе, даланың мал шаруашылығын сақтап қалу екіталай. Бөрілердің кең далаға, мал шаруашылығына тигізетін пайдасын санап шығу мүмкін емес. Жалпы айтқанда, олардың кемшілігінен көрсеткен үлесі басым, - деді Үлжі.
- Дегенмен, суырларды да толығымен жаман деуге болмайды, - деді Білге-ата күліп, - Олардың терісі, еті және майы қымбат нәрселер. Суыр терісі малшылардың маңызды қосымша кіріс болып табылады. Мемлекет оны шет елдерге автокөліктер мен зеңбіректерге айырбастайды. Қасқырлар ең ақылды: суырларды біржолата қырып тауыспай, жыл сайын жейтіндей етіп қалдырады. Малшылар да суырларды аулап құртпай, тек үлкенін қолға түсіріп, ұсағын қалдырады.
Үш салт атты тау ішінде жедел жүріп келеді. «Тірегі күшті тіксінбес» дегендей індеріне арқаланған суырлар шиқылдауын жалғастыруда. Дала бүркіті жиі-жиі төмен шүйіліп ұшады, бірақ бұл әрекеттің тоғызы текке кетеді. Солтүстік-шығысқа қарай жүрген сайын адамның іздері азайып, құдықтың баулығы қатарлы тас-топырақ үйінділері көзден ғайып болды. Ең ақырында жылқының тезегі де көзге шалынбады.
Үш адам биік беткейге шықты. Кенет алыстан жасыл желек бүркенген қатар-қатар асқар таулар көрінді. Үшеуі басып өткен тау көктемде жас шөппен көркемделіпті. Әйткенмен, жасылға сарғыш түс қосылып, күздің көне сары шөбімен араласыпты. Алайда, алыстағы жасыл таулар керісінше құдды театр сахнасындағы таза жасыл түске боялған декорация сияқты жап-жасыл болып, мультфильмдегі балалар ертегісінің тамаша көрінісіне ұқсап тұр. Үлжі қамшысын бұлғап, жасыл тауды нұсқап сөйледі:
- Егер де былтыр күзде мұнда келсек, қап-қара тауды көретін едік. Қазіргі кезде қап-қара күл рең кетіп, толығымен бірыңғай жас шөп өсіпті. Бүкіл тау жасыл атластан тігілген астарлы шапан кигенге ұқсайды ма?
Жап-жасыл тауды көрген үш сәйгүлік тез қарқынмен шаба жөнелді. Үлжі біршама күнгейлеу шөпті беткейді таңдап, екі серігін ертіп сол жаққа тіке тартты.
Үш салт атты екі қырқадан асып, түгелдей жап-жасыл таулы беткейге көтерілді. Беткейде қаптап өскен жас шөп кең көсілген жап-жасыл бидай егістігіне ұқсап тұр. Арасында бір тал сары шөбі жоқ кілең тұп-тұнық жасыл желең. Титтей де бөгде иісі жоқ шөптің жағымды иісі барған сайын қоюлануда. Шөптің иісін біраз иіскеп, сәл қалыпсыздықты сезген Білге-ата басын еңкейте егжей-тегжейлі тексере қарады. Екі төбет те аңның шымасын байқағандай тұмсықтарымен жер иіскелеп, желе жортып, әр жерде айналшақтап жүр. Ақсақал белін иіп төменге еңкейіп, ат тұяғының жанындағы биіктігі жарты кез балауса шөптің арасын мұқият қарады.
- Жақсылап тағы иіскеңдерші, - деді қария басын көтеріп.
Чен Чжен терең бір тыныстады. Бар болғаны жұмыран жас шөптің жасыл ніл иісі аңқып тұр. Күзде жылқы жегілетін шөп орғыш машинаның үстінде отырып, машина орағы кескен майса шөптен шыққан жұпар нілдің иісін иіскегендей болды.
- Біреулер осында жаңа ғана шөп шапқан ба, қалай? Алайда, кім мұнда келіп шөп шапқан? - деп сұрады Чен Чжен.
Ақсақал аттан түсіп, сойылмен шөптердің арасын ашып, әлденені іздегендей болды. Бір сәттен соң, шөптің арасынан бір топ жасыл сарғыш түсті нәрсені тауып алды. Қария оны қолымен езіп, мұрнына апарып иіскеді де:
- Мынау – қарақұйрықтың тезегі. Олар жаңа ғана осында келіп кетіпті.
Үлжі мен Чен Чжен де аттан түсіп, ақсақалдың қолындағы қарақұйрықтың тезегін қарап көрді. Көктемде қарақұйрықтың тезегі аса дымқыл болғандықтан, құмалақ болып бөлінбей бірігіп қалады. Екеуі шошығандай селт ете түсті. Тағы бірнеше адым басып еді, көз алдында жұмыран шөп құдды орақпен орғандай ана жақта бір ойдым, мына жақта бір ойдым болып, аласа-биіктігі әркелкі көрінді.
- Биыл көктемде мал төлдеген кезде қарақұйрықтар қалайша көрінбеді десем, бәрі осындағы шөпті келіп жеген екен ғой. Қарақұйрықтың шөп жеуі сұмдық, көгал оратын машинаның орғанынан да асып түседі, - деді Чен Чжен.
Үлжі мылтыққа оқ басып, сақтық кілтін бекітті де, бәсең дауыспен:
- Жыл сайын көктемде қарақұйрықтар төлдейтін қойлармен жайылым таласады. Биыл келмей қалғаны мына өңірдің жаңа шөбі көктеуліктің шөбінен жақсы болғандықтан, қарақұйрықтар да мен ойлағанды ойлапты.
- Қарақұйрықтар шөпті таңдап жейді. Ол ұнатқан жайылымға адам мен мал келмесе, тым өкінішті болады. Бұл жолы тағы сенің айтқаның дұрыс шықты, - деді Білге-ата көзін сықсита күліп Үлжіге.
- Қазірше асықпа. Ана жақты көрген соң, бірдеме дерсің, - деді Үлжі.
- Қазір қозылар тым кішкентай. Мұншалық алыс жолға шыға алмайды. Қозылар көші-қонға жарағанға дейін әлі бір ай уақыт қажет. Оған дейін қарақұйрықтар мына жайылымды құртып жіберетін болды ғой, - деді алаңдап Чен Чжен.
- Дүрлікпеңдер. Көкжалдар адамнан да тәжірибелі. Қарақұйрықтар үйірі келгенде, бөрілер тобы келе алмайды ма? Осы мезгілде қарақұйрықтардың төлдеуі әлі аяқталмады. Үлкендері де, лақтары да тез жүгіре алмайды. Жыл ішінде қасқырлар оларды аулайтын ең жақсы кезең осы. Көкжалдар тобы қарақұйрықтарды бірнеше күнге жеткізбей-ақ түгел қуып жібереді, - деді ақсақал.
- Бәсе, биыл фермада төл алу, қозы-қошақандардың қатарға қосылу салыстырмасы бұрынғы жылдардан жоғары болуы тегінде жас жөп шыға сала қарақұйрықтар мен бөрілер түгел мұнда келген екен ғой. Қарақұйрықтар жайылымдар мен шөпке таласпаса, қасқырлар қозыны тартып әкетпесе, төл малдың қатарға қосылуы табиғи түрде жоғары болады, - деді Үлжі.
Чен Чжен көкжалдардың жүргенін ести сала екі адамды дереу атқа мінуге асықтырды. Үш салт атты тағы бір кішкене қырқадан асқан кезде Үлжі оған абай болуды ескертті. Алдыңғы жақтағы анау үлкен жотадан асқаннан кейін үлкен жайылымға жетеді. Оның мөлшерлеуінше, қазіргі кезде бөрілер мен қарақұйрықтардың бәрі сол жерде жүр.
Таулы жотаның төбесіне жете берген кезде, үшеуі де аттан түсіп, сәйгүліктерін жетелеп, иттерді мойнынан ұстап еңкейе жүріп, жота үстіндегі бірнеше үлкен тасқа қарай барды. Аңның бар екенін сезген екі ірі төбет өз иелеріне жақын ілесіп жүрді. Жартасқа жақындағанда үшеуі де аттарының алдыңғы аяқтарын шылбырмен тұсап, еңкейген халде жартастың артына барып, шөптің арасына жатып, дүрбімен жаңа жайылымның жалпы көрінісін шолып қарады.
Чен Чжен ақыры шекаралық өңірдегі қаймағы бұзылмаған осы көркем де тың жайылымды айқын көрді. Бәлкім, бұл жайылым Қытайдың ең соңғы тың тұрған жайлауы болуы мүмкін. Оның әдемілігінен тынысы буылып, көркемдігінен алдына қарай аттап басуға шамасы келмеген Чен Чжен жатса-тұрса да үнемі ойынан шықпайтын казактардың Дон даласын да ұмытты. Алдындағы көрініске ұзақ уақыт сүйсіне қараған ол тіпті қасқырларды да естен шығарды.
Көз алдында адамның аяғы баспаған, неше ондаған шақырым төңірегіне құлаш жайған көк-жасыл үлкен ойпат орналасқан. Ойпаттың шығыс тарапы – Үлкен Хинган сілемдеріне дейін созылған толқын сияқты қатпарланған таулы жоталар. Жап-жасыл, көк, қоңыр, қара, көгілдір және күлгін күрең таулар араласып, жасыл, көк, қоңыр, қара, күрең түсті беткейлер алыстағы тауларға дейін көсіле созылып, қызғылт көкжиекпен тұтасып жатыр. Ойпаттың солтүстік, батыс, оңтүстік жақтары жалпақ табақшадай кең де еңістеу беткей болып, үш тараптағы таулы жоталар бірте-бірте төмендеуде. Шөпті беткей Тәңір өзі қырқып тастаған шөп кілемге ұқсайды. Оның біркелкі бетінде көк, ақ, сары, қызғылт тау гүлдері жолақ тартқан. Әртүрлі түстің арасында бірен-саран өзгеше түсті жабайы гүлдер айқыш-ұйқыш араласып, ерекше табиғи жарасымдылық тауып тұр.
Моңғолия даласының нағыз бір бұлағы ойпаттың оңтүстік-шығыс аңғарынан ағып шығуда. Ойпаттың түбіндегі жазыққа ағылып келген бұл шағын өзен дереу үлкен мөлшерде сызыла бастайды. Өзен әрбір иректеліп бұрылғанда пайда болған иін жылқы тұяғы түріндегі үлкенді-кішілі жарты шеңберлерді қалыптастыруда. Осы жарты шеңберлер аузы ашылған күміс доғасы тәрізді. Тұтастай күміс шұғыладай жарқылдаған шағын өзеннің иіндері бір-біріне тізбектелген күміс сырға, күміс білезік пен күміс моншақ секілді қыздың жасау-жабдығына ұқсайды. Алыстағы дала моңғолына ұзатылған орман моңғолының қызына ұқсайды. Сахараның әдемілігіне аңсары ауған бұл қыз өзінің жаңа түскен келін екенін (тұрмысқа жаңа шыққанын) ұмытып, ойнауды жақсы көретін жасөспірім қызға айналып, ең қысқа қашықтықпен орағытып, ең шалғайдағы гүлді жұлып жатқан тәрізді. Өзен иректелген сайын иін жасап, дөңгеленіп, айналған сайын ұзарып, ең ақырында ойпаттың ортасындағы көгілдір көлге құйылуда. Мөп-мөлдір бұлақ пен өзен суының бетінде ақ бұлттардың қалқығаны көрініп тұр.
Ойпаттың ортасында Чен Чжен түсінде де көрмеген аққу көлі орналасқан. Дүрбіден айдын көлдің бетінде ақ түсі көзді қарықтырған он шақты аққу көрінді. Қалың өскен жасыл құраққа оралған көлдің ортасында тыныш сырғыған олар адамзат әлемінен тыс жердегі жұмақтың тыныштығынан және шаттықтан ләззәт алуда. Аққулардың айналасы сан-санақсыз қоңырала қаздар, жабайы үйректер және басқа да белгісіз сан алуан суда жүзетін құстарға толған. Бес-алты ірі сұңқылдақ аққу кенет ұша жөнелді һәм суда жүзген құстардың үлкен тобын өздерімен ілестіріп әкетті. Көл мен өзеннің үстіндегі әуе кеңістігінде төмен биіктікте айналып ұшқан олар азан-қазан шуылдады. Олар құдды жаңадан келген отрядты қарсы алған оркестрге ұқсады. Тып-тыныш көлдің үстінде топ-топ ақша бұлттар қалқып жүр.
Аққу көлінің солтүстік-батыс жағында табиғи шығар жер бар екен. Көлдің ернеуінен асқан бұлақ суы осында ағып, шалғайдағы 10 мың му (1 му – 0,15 га) қамысы қалың өскен шалшық жерде ғайып болады.
Бұл, бәлкім, Қытайдағы адам аяғы баспаған ең соңғы байырғы аққу көлі шығар. Сонымен қатар, Қытайдың солтүстік бөлігіндегі даланың шетіндегі ең ақырғы бір табиғаты көркем көрініс шығар. Қараған сайын құмарта түскен Чен Чжен ішінен еріксіз бір сәт тамсанды, сондай-ақ әлдеқандай бір уайым да жылт етті. Күндердің бірінде адамдар мен малдар кірсе, оның бастапқы әдемілігі өте жылдам жойылады. Кейінгі қытайлықтардың бұдан былай мұндай табиғи да байырғы орынның көркемдігін қызықтаудың орайы болмас. «Егер шекаралық тас жол өзі етпетінен жатқан осы жер арқылы өтсе, қандай жақсы болар еді. Мына жер нағыз шектелген аумақ етіп белгілеуге тиісті жер екен» деп ойлады Чен Чжен.
Үлжі мен Білге-ата әлі де дүрбімен нысананы мұқият іздестіріп жатыр. Қария саптама етігінің ұшымен Чен Чженнің балтырын ақырын түртіп, оған шағын өзеннің оң жағындағы үшінші иіріміне қарауды ишара етті. Қиял дүниесінен бірталай уақыт серги алмаған Чен Чжен ақсақалдан нысананың орнын тағы бір рет сұрады және дүрбіні шағын өзенге қарай кезеді. Шағын өзеннің үлкен жартылай дөңгелек түріндегі бір иірімінің жағалауында суға түскен екі қарақұйрық барша күшпен жағаға шығу үшін тырмысуда. Бөксесі судың ішінде, артқы аяқтары су астындағы батпаққа батқан сияқты. Алдыңғы аяқтарымен жағаға жармасқан, бірақ шығуға дәрмені жоқ. Осы өзен қойнауындағы шалғын жерде он шақты үлкен қарақұйрық жатыр. Қарындары, кеуделері жарылып, ақтарылыпты.... Өзеннің жағалауындағы биік шөпке зер сала қараған Чен Чженнің жүрегі кенеттен қатты дүрсілдеп кетті: өзі көптен бері көрмеген бірнеше ірі көкжал өлі қарақұйрықтардан алыс емес жерде қалғып жатыр. Өзеннің иіліміндегі шөп біршама биік болғандықтан, Чен Чжен қалың шөптің арасында қанша бөрі жатқанын санай алмады.
Үлжі мен Білге-ата әлі ойпаттың әрбір түкпіріне тінтіп көз жүгіртіп, дүрбілерін оңтүстік-шығыс жақтағы беткейге туралады. Сол жердегі қарақұйрықтар үйірі бытырап жүр екен. Екі-үштен бөлініп жайылған олар асығыс шөп жеуде. Ұрғашы қарақұйрықтардың жанында қаптаған лақтары еріп жүр. Чен Чжен бір ұрғашы қарақұйрықтың жаңа туылған лағын жалап жатқанын байқады. Ол лағын бір жалап, басын бір көтеріп, абыржыған күйде шыр айналуда. Лақ орнынан тұрмақшы болып бұлқынады. Ол орнынан тұрса лезде жүгіріп кете алады. Оның жүйріктігіне иттер де ілесе алмай қалады. Алайда, орнынан жаңа тұрғандағы бірнеше минут дәл өмір мен өлімді белгілейтін шешуші кезең болып табылады. Чен Чжен бір сәт не істерін білмей тұрды. Осындай кең де алыс қашықтықтан қалай әрекеттену керек? Алдымен қасқырларды ату керек пе, әлде қарақұйрықты ату керек пе?
- Өзің қарашы, көкжалдар сол жерде маужырап ұйықтуы – адамдардың оларға ешнәрсе қыла алмайтынын біледі. Мынадай өте алыс тұстан бөрілерді ату мүмкін емес. Біз көрініп қалсақ, қасқырлар да, қарақұйрықтар да жан-жаққа қашып кетеді, - деді ақсақал.
- Дегенмен, қаша алмайтын анау бірнеше қарақұйрық бізге қалады екен. Біздің нақ түскі тамағымыз болады, - деді Үлжі.
Үшеуі аттарына мініп, өзеннің жағасына шаба жөнелді. Үш салт атты және иттер шыға келіп еді – садақтан атылған жебедей зуылдаған көкжалдар көптеген бағыттарға бөлініп, шығыс тараптағы үлкен тауға қарай ойысқан бойда қамыс-құрақтың тасасында бір демде ғайып болды. Қарақұйрықтар да қас қаққанша таудан шапшаң асып кетті. Тек батпаққа батқан бірнеше қарақұйрық және лағын жалап тұрған ұрғашы қарақұйрық ғана қалды.
Үшеуі өзеннің бір иреңіне жақындап, тек бес-алты метр кеңдіктегі жерден кірді. Өзен иреңінің үлкендігі бір му (1 му жер - 667 шаршы метр) екен. Үш жағын су қоршап жатыр. Шағын өзеннің ені шамамен төрт-бес метр, тереңдігі бір метрдей екен. Судың мөп-мөлдір болғаны соншалық, өзеннің түбі көрініп тұр. Өзен түбінің кей жері құмды, кей жері лай-батпақ. Өзен жағасының биіктігі шамамен бір метрден асатын тік жағалау екен. Кей жердегі шығанақ таяз құмды қайраң, ал өзеннің жағасы біршама жатық. Сол өзен иреңіндегі шөпті жерде үлкенді-кішілі он шақты қарақұйрық сұлап жатыр. Көбісінің ішек-қарны және сан еті ойылып желінген. Батпаққа шөккен бір қарақұйрық қозғала алмай тұр. Тағы бірнеше қарақұйрық аяқтарын ақырын қозғайды, мойнындағы жарасынан қан сорғалауда.
- Таңертең қарақұйрықтар мұнда су ішуге келген. Бөрілер тобы оларды қоршауға алып, аулаған екен, - деді Білге-ата.
Чен Чжен қасқырлардың аң аулау айла-тактикасынан көп рет тәлім алған-ды. Алайда, олардың үш жағы сумен қоршалған өзен иінін пайдаланып саятшылық еткенін бірінші рет көруі еді. Аттың үстінде отырған ол көкжалдардың айқасу шеберлігі туралы зейін сала ой жүгіртті.
- Бөрілердің мына тобының шеберлігін қарашы. Олар кеше түнде өзеннің жағасындағы ну шөптің арасында жасырынған. Қарақұйрықтар үйірі жағалауға келіп, су ішкен кезде олар шабуылға шығып, иреңге кіретін жерді бөгеген. Қоршаудың ішінде қамалған қарақұйрықтар түгелдей кептеліп, көп істер жеңілденді. Өзеннің бір иреңі бір дорба секілді. Қасқырлар оның аузын буып қойса, етті тағамдар салынған бір қаптың аузы жабылады деген сөз, - деді Үлжі.
- Тәңірдің оларға жәрдемдескенін бұл жолы сен тағы көресің. Мына өзеннің иреңіне қарашы, айналшақтап жүріп, қаншама аң аулау алабын жасаған. «Көкжалдар – Тәңірдің асыл еркесі» деуім дұрыс емес пе? - деп күле сөйледі Білге-ата.
- Мынадай жақсы аңшылық алабын шынымен іздесең де таппайсың. Бұнда бірден ондаған қарақұйрық құрбан етіліпті. Тәңір бөрілердің қамын аса жан-жақты ойластырған екен. Қасқырлар да расында ақылды екен – Тәңір өздеріне берген мына жануарларды лезде іс жүзінде пайдалана білді. Және де осынша шебер пайдаланыпты, - деді Чен Чжен.
- Көкжалдардың соғыс барысында ауа райын және жер бедерін пайдаланану қабілеті адамдардан әлдеқайда күшті болады, - деді Үлжі.
Екі үлкен төбет жан-жақта жусаған жабайы етті көрсе де, оны жеуге мүлде асықпады. Екі өркөкірек ит бөрілер жеген қарақұйрыққа қарап та қоймады. Барс әлі жаны шықпаған қарақұйрыққа шімірікпестен атылып, оның мойнын басып тұрып Білге-атаға қарады.
- Жей ғой, жей ғой, - деді ақсақал басын изеп.
Барс еңкейіп қарақұйрықты алқымдады, тынысын үзді. Сосын оның артқы санынан бір кесек жас етті аямай жұлып, жей бастады. Мына қанды қасапты көріп, тұла-бойының жүні қасқырдың жалы сияқты тікірейіп, жыртқыштығы ұстаған Эрлаң өзен жағасындағы батпаққа батқан екі қарақұйрыққа қарай ұмтылды. Чен Чжен мен қария бір уақытта дауыстап оны тоқтатып алды. Бой бермеген Эрлаң алдыңғы екі аяғын өлген қарақұйрықтың үстіне қойып, өз денесін биіктетіп, жан-жағына қарады. Ақырында жақын жердегі өзен иреңінде тағы бір тірі қарақұйрықты көріп қалған ол суға ырғып түсіп, жүзе жөнелді. Ақсақал Чен Чженнің тосқауыл қоюына жол бермеді.
- Бұл иттің тағылығы күшті. Ол жабайы жануарды қырғындаса, өз үйінің қорасындағы қойларға ауыз салмайтын болады, - деді ол.
Үш адам өзеннің жағасына аяңдады. Білге-ата қанжығасынан қайыс арқанды шешіп, тұзақ жасады. Чен Чжен етігін шешіп, шалбарының балағын түріп, суға түсті һәм тұзақты қарақұйрықтың мойнына салды. Білге-ата мен Үлжі екеулеп оны жағалауға тартып шығарып, жерге басқан күйде төрт аяғын қысып байлады. Үшеуі тағы бір қарақұйрықты көкжалдар қанмен ластаған өзеннің иреңінен сүйретіп шығарып алды. Содан кейін шөбі таза шалғын жердің үстінде түзде тамақтанатын орын таңдалды.
- Біз біреуін жеп, біреуін өзімізбен бірге әкетейік, - деді қария.
Үлжі пышағын шығарып, қарақұйрықты сойды. Ақсақал төңіректегі беткейлерге қарап-қарап, Чен Чженді ілестірген халде отын теру үшін тауға шықты.
Екеуі салт атты солтүстік-батыстағы таудың терең сайына келді. Сайдың екі беті толған жабайы өрік ағаштары екен. Ағаштардың басым бөлігі әлі көктеп тұр. Бір метрден асатын өрік ағаштарында өрттен күйіп қураған бұтақтар байқалады. Өріктің гүлдері жақында ғана түсіпті: гүл жапырақтары әуеде айналып қалықтауда. Жылғаның ішінде өрік гүлінің жұпар иісі аңқып тұр. Жердің бетінде қалыңдығы бір қабат езіліп-шіріген өрік дәнектері жатыр. Екеуі екі құшақ құрғақ отын сындырып, қайыс арқанмен нығыздап буып, аттарға артып, тамақ пісіретін жерге қайтты. Үлжі жануардың терісін әлдеқашан сыпырып, еттің жартысынан көбісін турап тастапты. Сондай-ақ өзеннің жағасынан бірнеше түйір жабайы сарымсақ пен жалпақ жуаны да теріп әкелген екен. Чен Чжен жаңа жайылымның жабайы жуасы тамақ ішу үшін пайдаланылатын шөкенің жуандығындай болатынын байқады.
Үшеуі аттардың жүгенін босатып, ертоқымдарды жерге түсірді. Сәйгүліктер бір сілкініп алып, тақатсыздана еңістеу беткейді іздеп тауып, өзен суын құмары қанғанша іше бастады.
- Жақсы су! Керемет су! Жазғы жайлау таңдағанда алдымен суды таңдау керек, - деп қуана сөйледі Білге-ата. Сәйгүліктер қарны дөңгеленіп шыққанша суды қанып ішкен соң ғана бастарын көтерді. Сосын майсалы беткейге асықпай аяңдап, жұмыран шөпке пысқырып жайыла бастады.
Шөпті жерде от жағылды. Аққулар көлінің жағасында таза ауада тұңғыш рет қарақұйрықтың қуырылған етінің хош иісі таралды. Оған сарымсақ, тұз, жуа және қызыл бұрыш ұнтағы араласқан майлы түтіннің иісі қосылды. Көлге тым жақын болғандықтан, жағалаудағы бұрынғы өртте өртелмей қалған ескі қамыстың қалдықтары және адамның бойынан биік жаңа қамыстар қосылып, қамыстан тұрғызылған дуал сияқты судың бетін қалқалап тұр. Осы себепті, Чен Чжен бір жағынан ет жеп, арақ ішіп, бір жағынан жақын жердегі аққуларды және аққулар көлін тамашалау мүмкіндігінен маһрұм қалды. Ол бұтаққа түйрелген қарақұйрықтың етін дамылсыз аударып отырды. Жас ет әлі де дірілдеп тартылғандай көрінеді. Таң атпай жолға шыққан үшеуі осында келгенде қарындары ашып, іштері шұрылдаған еді. Чен Чжен жұмсақ ащы бұрыш пен тұз қосылған тау сарымсағы және пиязбен бірге тізбек-тізбек қарақұйрықтың етін жеп, сондай-ақ қарияның жалпақ торсығынан арақты қылқылдата жұтып, түз тағамының тіл үйірген дәмін татып, көрікті дүниенің құшағына толығымен шомды.
- Бұл менің екінші рет бөрілердің тамағын жеуім. Түздің тамағы расында да әлемдегі ең дәмді тамақ екен. Қасқырлар аң аулаған аумақта жеген көкжалдың тағамы тіпті де тәтті. Бәсе, ежелгі замандарда соншама көп патшалардың Моңғолия даласында аң аулауды жақсы көргені бекер емес, - деді ол.
Білге-ата мен Үлжі қарақұйрықтың бір санын ұстап, отқа айналдыра қуыруда. Олар піскен жерін пышақпен тіліп жеп, пышақпен еттің келесі қабатын кесіп, оған тұз, сарымсақ және азырақ қызыл бұрыш сеуіп, айналдыра қуыруды жалғастырды. Тәбеті ашылған қария қуырылған еттің түйірлерін бірінен соң бірін жеп, басын шалқайта арақты бір жұтты да, сөйледі:
- Мына бөрілер тобы біз үшін осы жаңа жайлауды қорғап жатыпты. Менің көңілім жайланды. Тағы 20 астам күн өткеннен кейін қозылар алыс жолға жүре алатындай болғанда, бүкіл отрядпен көшіп келеміз. Осылай ұйғарайық.
Жалпақ кесілген етке сарымсақ пен жуаны орап асаған Үлжі сұрады:
- Бүкіл отряд саған ілесіп келе алады ма?
- Қарақұйрықтар мен қасқырлар келгенде, адамдар келе алмайды ма? Шөбі нашар болса, қарақұйрықтар келетін бе еді? Қарақұйрықтар аз болса, көкжалдар келер ме еді? Анау қарақұйрықты өзіммен әкетемін. Ертең үйімде үлкен отрядтың басшы кадрларының жиналысын өткізіп, қарақұйрық етінен түйілген мантыны қонақасы етіп беремін. Олар егер де мұндағы жақсы суды, оның үстіне ағын су екенін білсе, барлық топтар таласа-тармаса келеді. Жазғы жайлаудың шөбі шүйгін болумен бірге суы да жақсы болуы керек. Жазда ағынсыз өлі су ең қорқынышты болады. Ондай су аз немесе былғанған болса, оны ішкен мал ауырады. Жаз – мал семіретін кез. Су нашар болса, төрт түлік мал қалай семірмек? - деді ақсақал.
- Егер де келіспейтін пікірлер тағы шықса, тағы бір рет келіп, оларды осында ертіп көрсетермін, - деді Үлжі.
Қария қарқылдап күліп алып, үн қатты:
- Қажеті жоқ. Мен – басшы арланмын. Мен келсем, бүкіл отрядтың үлкен-кіші бөрілерінің бәрі ілесіп келеді. Басшы арланға ілескендер еш уақытта зиян тартпайды, - деді. Содан соң ол тағы Чен Чженге қарап сұрады:
- Сен атаңа ілесіп талай жерге бардың ғой. Зиян тартқан кезің болды ма?
- Атамдай қасқырлар ұлы патшасына ілескенде барынша молшылыққа кенеліп, өмірге рахаттанып жүремін (тәттіні жеп, ащыны ішіп). Яң Кэ сияқтылардың бәрі Сізбен бірге сапарға шығуды армандайды, - деп қарқылдап күлді Чен Чжен.
- Олай болса, келістік. Мен ферма басшылығында жиын ашып, жайлауға көшуге әзірленемін. Соңғы жылдары басшылық бұйырған міндеттер еңсемді көтертпей тынысымды тарылтты. Біз егер де мына жаңа жайылымды игерсек, төрт-бес жыл тыныстауға болар еді, - деді Үлжі.
- Төрт-бес жыл өткеннен кейін біздің фермада игеруге болатын тың жайылым тағы шығады ма? - деп сұрады Чен Чжен.
- Жоқ. Солтүстік жақта шекара сызығы, ал батыста және оңтүстікте басқа коммуналар орналасқан. Солтүстік-шығысқа қарай барсаң, аса тік тауларға тірелеміз. Оның үстіне, олардың көп бөлігі тасты қорым. Мен екі рет барғанмын. Енді пайдалануға жарамды жайылым қалмады, - деді Үлжі қамығып.
- Бұдан кейін қайтпексіз? - деп тағы сұрады Чен Чжен.
- Малдың санын тежеп ғана сапасын көтереміз. Мысалы, Шынжаңның нәсілді қойларын өсіреміз. Нәсілді қойдың жүні жергілікті қойдың жүнінен екі есе мол болады. Жүннің сапасы да жақсы. Жергілікті қойлардың жүнімен салыстырғанда, бағасы үш есе жоғары. Жергілікті қойдың 500 гр. жүні 1 юән, нәсілді қойлардың жүні 4 юәннан асады. Айырмашылығы қанша болатынын өзің есептеп көр. Қой жүні іс жүзінде біздің ферманың ең негізгі табыстың қайнаркөзі ғой, - деді Үлжі.
- Бұл жақсы әдіс екен, - деп құптады Чен Чжен.
Алайда, Үлжі бір күрсініп, сөзін жалғастырды:
- Қытайда халықтың жан саны көп. Менің шамалауымша, тағы бірнеше жыл өткеннен кейін біздің ферманың жайылымдары жеткіліксіз болады. Біз сияқты қарттар зейнетке шыққаннан кейін, сендердің болашақта не қылатыныңдарды білмеймін.
- Сен жоғары басшылыққа әлде де көбірек мәлімде. Мал шаруашылығы отрядтарына бұдан былай қысым көрсетпесін. Тағы міндет қосатын болса, аспан сарғайып, жер құнарсызданады, адамдарды құм көметін болады, - деді алайып қараған Білге-ата.
- Кім сені тыңдайды? Қазір егіншілік аумақтан шыққан басшы кадрлар билікте отыр. Егін шаруашылығы аумағынан келген басшы кадрлардың білім деңгейі мал шаруашылығы аумағындағы басшы кадрлардан жоғары. Қытай тілін де жатық сөйлейді. Оның үстіне, қазіргі кезде мал шаруашылығы аумағындағы басшы кадрлардың бәрі бірінен соң бірі көкжалдарды жапа-тармағай қырумен болып кетті. Малдың санын және дала өмірін түсінбейтін жергілікті басшылар керісінше тез көтеріледі, - деді Үлжі басын шайқап.
Үш сәйгүлік әбден тойғанша жегеннен соң, мойындарын салбыратып, көздерін жұмып, мүлгіп тұр. Эрлаң да қайтып келді. Үсті-басы суға малшынған, басы-көзі қанға боялған, тойғанша жегендіктен, қарны сүт сауатын шелекке ұқсап қалды. Ол адамдарға ондаған адым қашықтыққа жақындап, қозғалмай тұрды. Оның не істеп келгенін Барс білетін секілді. Оның қадала қараған жанарынан күдіктену мен үлкен қызғаныш білінеді. Көп кешікпей, екі ірі төбет таласа кетті. Чен Чжен мен ақсақал лезде тұра жүгіріп, оларды әрең ажыратты.
Үлжі екеуін тағы ілестіріп, жарты ойпаттың жайылымын аралады һәм бір жағынан Білге-атамен бүкіл отрядтың төрт тобы қоныстарының орнын орналастыру мәселесін кеңесті. Чен Чжен жол бойы көз алдындағы көркем көрініске құмарта сүйсінумен болды. Өзінің иен даланың ортасындағы Эдем бағына немесе Эдем бағының ішіндегі сахараға түскенін тұспалдады. Ол шынымен де осы жерде қалғысы келді.
Әуелгі орнына оралған үшеуі қарақұйрықты сойып, терісін сыдырып, етін боршалады. Өзеннің иреңінде қабат-қабат жатқан қарақұйрықтардың қан-жоса болған өліктеріне қарап, көңілі кенет құлазып кеткен Чен Чжен осы жайылымға алғаш қадам қойған кезде сезінген жым-жырт тыныштық пен романтикалық ортаны осы сәтте қанның күлімсі иісі толған қолдармен бөгегендей көрінді. Қайғыланған халде тұңғиық ойға бір мезет батқан Чен Чжен ақсақалдан тақатсыздана сұрады:
- Бөрілер көктем басталғанда жеу үшін қыста қарақұйрықтарды қырғындап, қар мен мұздың арасында сақтап қалдырады. Алайда, жазда олар осынша көп қарақұйрықты қырып не істемекші? Өзеннің сол бірнеше иіндерінде біраз өлі қарақұйрықтар қалған сияқты. Бірнеше күннен кейін бәрі сасып иістенеді. Жеуге жарамай қалады емес пе? Қасқырлар беталды да орынсыз қырғанды аса ұнатады екен.
- Олар соншама көп қарақұйрықтарды қызықтау үшін және де сес көрсету үшін емес, қайта топтың ішіндегі кәрі, әлжуаз, ауру-сырқау, мүгедек көкжалдарға азық табу үшін қырып-жояды. Неліктен жолбарыстар мен қабыландар Моңғолия даласында тұрақтай алмады? Неге бөрілер сахараны иемденіп алды? Себебі, жолбарыстар мен қабыландармен салыстырғанда, қасқырлар тобы ұйымшыл да ынтымақты болады. Жолбарыс азық тапса, өзі жалғыз жейді, ұрғашысына және кәрі де, жас та отбасы мүшелерінің ахуалына назар аудармайды. Көкжалдар ондай емес. Олар азық тапса, өзін де, өз тобының қамын да ойлайды. Сондай-ақ топқа ілесе алмаған кәрі-құртаң, ақсақ, жартылай соқыр, кішкене, ауру-науқас бөрілерді және бөлтіріктерін емізетін өлекшіндерді ойлайды. Қарақұйрықтар түгелдей бекерге сұлап жатыр деп қарамай-ақ ғой. Бүгін кешке басшы арлан бір ұлығанда, Олұн даласындағы қасқырлардың тең жартысы, сондай-ақ осы топпен жақын туыстық немесе жолдастық байланыста болған көкжалдардың бәрі мұнда келіп, бір түнде-ақ мына қарақұйрықтарды түгел жеп бітіреді. Бұлар басқа бөрілердің қамын ойласа, өзге қасқырлар да бұлардың қамын ойлайды. Көкжалдардың топтары осы арқылы ғана бірлік-ынтымағын сақтайды. Ал топтасқан бөрілер айқасқа шыққанда тіпті де күшті болады. Кей уақытта басшы арлан бір рет ұлып, жүзден астам қасқырды жинап, ұжымдық шайқас жүргізе алады. Аға буын қариялардың айтуынша, бұрын кең далада жолбарыстар да болған екен. Кейін оларды көкжалдар қуып жіберіпті. Адамдарға қарағанда, бөрілер өз жанұясына ерекше мән беріп, қамын жейді. Олар инсаннан да береке-бірлікшіл келеді, - деді ақсақал.
Ол тағы бір күрсініп, сөзін жалғастырды:
- Моңғолдар тек Шыңғысханның кезінде ғана қасқырлардан әбден тыңғылықты да мұқият үйренген. Барша моңғол ру-тайпалары бір темір дөңгелек құрап, бір қорамсақтың оқ-жебесіндей жиналған-ды. Адамның саны аз болғанмен, күш-қуаты мол болған екен. Бәрі де Моңғолия даласын өз анасы ретінде көріп, ол үшін өз өмірін беруді қалайтын. Әйтпесе, әлем жартысының көбісін қалай бағындыра алды? Кейін келе моңғолдар жеңіліске ұшырады. Олардың жеңілуі ынтымақсыздықтан болды. Бауырлас тайпалар, Шыңғысханның асыл текті ұрпақтары, ақсүйек төрелер өзара аяусыз қырып-жою соғыстарын жүргізді. Әрбір ру-тайпа өз алдына жеке-дара жебедей бытырап кетті һәм бөтендер тарапынан бір-бірлеп сындырып тасталды. Адамдардың ниеті көкжалдардың ниетіндей біркелкі емес. Бөрілердің соғысу шеберлігін үйрену оңай, бірақ олардың ауызбіршілігі мен ниеттес болуын үйрену қиын. Моңғолдар бұны бірнеше жүз жыл үйренсе де, әлі шебер болып жетіле алмады ғой. Айтпай-ақ қойдым, айтсам болды жүрегім ауырады....
Әдемілігімен адамның көңілін тебірентетін аққулар жайлауының көркем көрінісіне көз жіберген Чен Чжен терең ойға шомды.
Қария кесілген етті қарақұйрықтың терісіне жақсылап орап, екі кенеп қапқа салды. Чен Чжен ақсақалдың тұлпарын ерттеп берді. Қария мен Үлжі бір-бір кенеп қапты ертоқымның артына байлап, ертұрманның қайыс бауларын мықтап тартты.
Үш салт атты отрядтың қонысына қарай құйғыта жөнелді.
17
Олар бөріге – ғұндардың жануар бабасына ұқсайды («тотем» - жеке сілтеме)....
Түрк-моңғол халықтарының ежелгі замандағы ата-бабасы қасқыр екенін білеміз. «Моңғолдың құпия шежіресі» деректеріне негізделсек, көкбөрі моңғолдардың киелі бабасы екен. «Оғызнама» дастанына негізделсек, түрктердің киелі бабасы бозғыл көкжал (бозқурт) екен: «Жарқыраған нұр ішінен жүні мен жалы бозғыл бір үлкен арлан шыға келді».
Rene Gsousset (Франция). «Дала империясы» кітабы.
Басшы мекеме Балығ фермасындағы әскери аттар оқиғасын шешу қарары фермаға түсірілген болатын. Ферманың бүкіл өндірісіне жауапты Үлжі ауыр әкімшілік жазаға тартылды, сондай-ақ ферманың «үшжақты бірлескен басшылық алқасының» («Мәдениет төңкерісі» кезіндегі Халық Азаттық армия, революциялық кадрлар, хуңвэйбиндер; партия басшылығы, оқытушылар, оқушылар; басшы кадрлар, мамандар, бұқара халық қатарлы үш тараптың өкілдерінен құралған басқару алқасы) мүшесі қызметінен алып тасталды, «еңбекпен шынығу» үшін бастауыш сатыға түсірілді. Бату, Сарылың қатарлы төрт жылқышыға қатаң сөгіс жарияланды. Бату халық жасағының рота командирі қызметінен алып тасталды. Фермаған тағы бір тағайындау бұйрығы да түсіріліпті: кәсіп ауыстыру рәсімиетін аяқтаған Бао Шигуй ферма басшылығы алқасының бірінші басшысы етіп тағайындалып, бүкіл ферманың Революциялық комитеті және жалпы өндірістік жұмыстарға жауапты болыпты.
Үлжі ферма басшылығынан кетіпті. Бао Шигуй мен Чжаң Цзиюән оны мал шаруашылығы отрядына шығарып салмақшы болды. Үлжінің жүгі бар-жоғы мойынға асатын кішкене сөмке ғана еді. Яғни, аңшылардың саятқа шыққан кезде асынатын қоржынынан да кішірек екен. «Мәдениет төңкерісінен» бұрын Үлжі ферма басшысының кеңсесін мал шаруашылығы отрядында немесе мал шаруашылығы тобында орналастыруды жөн көретін. Мал шаруашылығы отрядында өзінің жылдың төрт маусымында киетін моңғолша шапаны мен етігі болатын. Оны бірнеше киіз үйдің бәйбішелері сақтап, жамап-жамастыратын еді. Көп жылдан бері ол төменгі бастауыш сатыға түссін-түспесін, ылғи бұқара халықтың арасында жүрді. Оның лауазымы болсын-болмасын, өз қызметін адал ниетпен атқаратын. Үлжінің бедел-абыройы мен ықпалы бұрынғыдай еді. Дегенмен, дәл осы кезде сапар шеккен көлігінің жылдамдығы тең жартысына баяулап қалған-ды. Үлжінің мінгені кәрі ақбозат болатын. Әр жылы көктемнің аяғындағы осы мезгілде жүндері шала түлеп, суықтан қорқатын бұл кәрі сәйгүлік жаздың басында тоңғанынан мақталы мешпет жамылып жылынатын шалға ұқсайтын.
Чжаң Цзиюән өзінің жүйрік атын Үлжіге бергісі келді. Үлжі келіспеді, сондай-ақ оған жүйрік сәйгүлігімен тез жүруді талап етті. Өзіне ілесіп, жұмысын ақсаңдатпауын өтінді.
Чжаң Цзиюән ферма басшылығына барып, отрядтың жылқышыларына қолшырақтың батареяларын алған. Отрядқа қайту үшін ферма орталығынан шыға берген кезде ол ескі және жаңа екі басшыға кездесіп қалды. Бір жағынан ол Үлжіге ілесе жолға шыққандай болды. Үлжі Білге-атаның үйінде тұрмақшы болғанын білгенде, өз көңілінің біртіндеп орныққанын сезінді.
Бао Шигуйдың мінгені бұрын Үлжінің арнайы тұлпары кесек денелі құлагер еді. Оның жаңа түлеген жүннің жұп-жұқа қабаты сарғыш атлас матасындай тегіс те жылтыр болып тұр. Бао Шигуй тізгінді жиі тартқанда ғана Үлжімен қатарласа жүре алды. Құла ат тізгінді толассыз жұлқыды. Ол мына жаңа иесінің бөксесінен қайта-қайта теуіп шабу мәнеріне көндіге алмай келеді. Кейде жүрісін әдейі баяулатқан ол жанындағы ескі қожайынының тізесіне басын ақырын сүйкейді, сондай-ақ қайғылы да қасіретті жеңіл пысқырады.
- Үлеке, Сізді басшылық алқасында қалдыру үшін барынша күш салдым. Мен мал шаруашылығын жақсы білмеймін. Кішкене кезімнен қыстауда өсіп ержеттім. Жоғары басшылық қоярға қоймай мені осынша үлкен фермаға жауапты етіп қойды. Мен расында да өзіме сенімді емеспін, - деді Бао Шигуй.
Үлжі етіктің өкшесімен жылқыны тоқтамастан ұрғылағаннан шекесінен тер бұршақтап тепшіп шыққан еді. Кәрі ат өзін де, үстіндегі адамды да шаршатады. Чжаң Цзиюән қамшымен оның атын дамылсыз қамшылап келеді. Үлжі қолын созып, құла аттың басын сипап, оны тыныштандырды және бір жағынан Бао Шигуйге сөйледі:
- Осылай орналастыру маған көңіл бөлгенің болып есептеледі. Өндірістік шырғалаң деп ғана белгілепті, саяси мәселе деп санамағанына шүкір. Бұл оқиға үлкен зардап әкелді. Мені қызметтен түсірмегенде барлық тараптарға түсіндіру қиынға соғар еді.
- Үлеке, менің келгеніме бір жыл толады. Мына мал шаруашылығы дегенің егін шаруашылығынан түгелдей қиын екен. Егер де тағы бір-екі үлкен шырғалаң туылса, менің мына меңгеруші мансабым да ұзаққа бармайды.... Кейбір адамдар Сізді негізгі құрылыс отрядына жібермесе болмайды деп тұрып алды. Мен Сізді 2-отрядқа жіберу жөнінде қайтпай тұрып алдым. Мал шаруашылығынан хабарыңыз барын сеземін. Білгенің ауылында тұрсаңыз, менің көңілім тыныш болады. Қай жерде ағаттық шығып қалса, мен кез келген уақытта Сізден ақыл-кеңес сұраймын, - деді Бао Шигуй шын пейілмен.
- Ферманың Революциялық комитеті 2-отрядтың жаңа жайылымға көшу ісін бекітті ме, жоқ? - деп сұрады шырайы әжептәуір жадыраған Үлжі.
- Ферма басшылығы бұл іске мені жалпы жауапты, ал Білге-атаны нақты істерге жауапты болсын деген шешім қабылдапты. Қашан көшу, қонысты қалай орналастыру, жайылымды бөлу істерін толығымен Білге белгілейді. Ферма басшылығында қарсы пікір аз емес: жол тым алыс, тауда бөрілер көп, қалың маса, ешбір инфрақұрылым да жоқ. Мәселе туылса, мен басты жауапкершілікті өзіме алуға тура келеді. Сондықтан мен сендермен бірге баруды ұйғардым. Мен сондай-ақ негізгі құрылыс отрядын ілестіріп, дәрілі ваннаны, қой жүні қоймасын, отрядтың уақытша кеңсесін және мал дәрігерлік бекетін салдырамын. Сондай-ақ бірнеше жердегі таулы жолдарды жөндеу керек, - деді Бао Шигуй.
Мақұлдаған сыңай танытқан Үлжі бірдеме ойлағандай бір мезет қалың ойға шомды.
- Бұл іс бәрібір Сіздің еңбегіңіз ғой. Сіз алысты көздейсіз. Бүкіл мемлекет бойынша жейтін сиыр мен қой еті жетіспейді. Биыл жоғары басшылық біздің фермаға тағы міндеттер артты. Төрт отрядтың бәрі жайылымның жетіспейтіні жөнінде қақсап жатыр. Жаңа жайылым ашпасақ, биылғы міндеттерді орындай алмаспыз, - деді Бао Шигуй.
- Қозылар әлі жас. Көшуге әлі біраз уақыт бар. Осы күндері Сіз не істеуді ойлайсыз? - деп сұрады Үлжі.
- Мерген аңшыларды шығарып, қасқырларды ататын отрядты ұйымдастырамын. Шоғырлы оқ ату жағынан жаттықтырамын. Мен жоғарыдан қыруар оқ алдым. Олұн даласындағы көкжалдар апатын жоймай тынбаймын. Жақында мен фермада 10 жылдан бері орын алған шығындардың мәлімет кестесін көріп шықтым. Бүкіл ферманың әр жылғы шығынның жартысынан көбін бөрілер апаты құраған екен. Ол қар апатынан да, құрғақшылықтан да, дерт-ауру апатынан да асып түсіпті. Фермамыздың мал санын көбейтуді қаласаңыз, екі істі берік ұстану керек. Біріншісі, қасқырларды жою. Екіншісі, жаңа жайылымдарды ашып игеру. Жаңа жайылымда көкжалдар көп. Егер де оларды тыя алмасақ, жаңа жайлауды да игере алмағанымыз, - деді көңіліндегі ойын айқын ашқан Бао Шигуй.
- Әлбетте бұлай істеуге болмайды, - деді Үлжі оның сөзін бөліп, - Бөрілер тигізген зиян – шығын ғана. Алайда, оларды жойып тындырсақ, фермамыз зиян ғана емес, үлкен апатқа ұшырайды. Кейін оның орнын толтырудың мүмкіндігі болмайды.
Бао Шигуй басын көтеріп, аспанға қарады да, сөйлей бастады:
- Мен Білге екеуің және тағы кейбір қарт малшылардың қасқырлардың қамын мүмкіндігінше ойлайтынын баяғыда-ақ есіткенмін. Бүгін ешнәрседен уайымдамай ашығын айтыңызшы....
Тамағын қырнап жөтеліп алған Үлжі айтты:
- Менде не уайым бар дейсің. Мен жайылымдар үшін алаңдамын. Ата-бабамыз қалдырған осы тамаша жайылымдарды өз қолымызбен бұзбайық. Көкжалдар туралы он шақты жылдан бері айтып келемін. Әлі де тағы айтамын.... Мен ферманы қолыма алған он неше жылда малдың саны тек бір есе артты, бірақ жоғары органдарға тапсырған сиырлар, қойлар басқа фермалармен салыстырғанда екі есе артты. Ең маңызды тәжірибе - жайылымдарды қорғау. Жайылымдар - мал шаруашылығының арқауы. Оларды сақтау, қорғау қиын-ақ. Ең маңыздысы - жайылымда бағылатын малдың санын, әсіресе жылқы үйірлерінің санын қатаң тізгіндеу. Сиырлар, қойлар күйіс қайтаратын мал. Түнде шөп жемейді. Ал жылқы тік ішекті болғандықтан күйсемейді, шөпті шақ келтірмейді. Жылқы түнде шөп жемесе, семіре алмайды. Олар күндіз де, түнде де шөп жейді. Таң сәріден қара кешке дейін тоқтаусыз жеп, кешке дейін үздіксіз тезектейді. Бір қойға бір жылда 1,4 гектар жер қажет. Бір жылқыға жылына аз дегенде 14 гектар жер керек. Жылқының тұяғы жайылым-жайлауды ең ауыр зақымдайды. Бір үйір жылқы бір орында 10-15 күн аялдаған жағдайда, ол орын құмайт жерге айналып, жарамсыз жер болып қалады. Жазда жауын-шашын мол, шөп жылдам өседі. Жаздан басқа мезгілдерде малшылар бір жарым айда бір рет қонысын жөткеп отырады. Жиі көшіп, жайылымның орнын ауыстыру бір жерде отыра беріп, маңайын түгел тақырлап жіберуден аман қалдырады. Сиырлар да жайылымды тоздырады. Сиырлардың үлкен бір кемістігі - күн сайын үйге қайтқанда алды-алдына бытырап қайтпай, бірінің артынан бірі шұбырылып оралады. Олардың дене салмағы ауыр, тұяқтары қатты. Бірнеше күн шұбап жүргеннен жайылымда айғыз-айғыз құмды жол пайда болады. Егер де жиі-жиі қоныс ауыстырмағанда, киіз үйдің төңірегіндегі бір-екі шақырым жердің бәрі жыпырлаған құмды жолға, құмды жыраға айналады. Оның үстіне, күн сайын шұбырған қойлар да екі ай өтпестен қоныстың айналасындағы бір-екі шақырым жерді шөп өспейтін тақырға айналдырады. Көшпелі мал шаруашылығы көнерген жайылымдарға ес жинатып, тыныс алдыру болып табылады. Жайлау-жайылымдар тапталудан, өрістейтін мал санының шамадан тыс артуынан ең қатты қорқады. Саны шамадан тыс көбейген малдар шөпті барынша жеп, жерді барынша таптайды.
Бао Шигуйдың мұқият құлақ қойғанын көрген Үлжі кідірместен сөзін жалғастырды:
- Сонымен қатар, жайылымдарды қорғаудағы шешуші тәжірибе – бөрілерді шектен тыс көп өлтіруге болмайды. Кең далада жайлауларды, шөпті құртатын жабайы жануарлар аса көп. Олардың ішіндегі ең жамандары тараққұйрық, қоян, суыр және қарақұйрық болып табылады. Осы жануарлардың бәрі жайылымды ойрандайтын үлкен апат саналады. Егер қасқырлар болмаса, тараққұйрықтар мен қояндар бірнеше жыл ішінде иен даланы тілгілеп, аударып тастайды. Ал көкжалдар оларды тежейтін табиғи дұшпаны болып табылады. Бөрілер болғандықтан, олар әлемнің астан-кестеңін шығара алмайды. Жайлау-жайылымдар жақсы қорғалған жағдайда, фермамыздың апатқа қарсы тұру қабілеті де артады. Мысалы, қар апатын алайық. Фермамыз қар апатына біршама көп ұшырайды. Басқа коммуналардың фермалары кейде бір рет қар апатына тап болып, малдың жартысынан көбі зиянға ұшырайды. Алайда, біздің ферма аса үлкен зиян тартпайды. Себебі, не? Біздің ферманың шөбі молынан шалқып тұр ғой. Әр жылы күзде жеткілікті түрде пішен қамдай аламыз. Соңғы жылдары көлік күшімен жүретін шөп шабу машиналары келіп қосылғалы жұттан сақтану үшін жиналатын запас пішенді бір айға жеткізбей-ақ орып жүрміз. Шөптің дені қалың һәм биік. Жайшылықтағы қалың қар шөпті жаба қоймас. Жайылым жақсы болса, топырағы судан шайылмайды, бұлақтар мен шағын өзендері суалмайды. Ауыр қуаңшылыққа тап болған күнде де адамдар мен төрт түлік мал ауыз судан тарықпайды. Шөп шүйгін болса, мал семіз болады. Жақын жылдардан бері фермамызда ешбір мал індеті туылмады. Ферманың өндірісі өрге басқанда, механикалық саймандарды сатып алып толықтауға, құдықтар қазуға, қора салуға, табиғи апаттарға қарсы тұру қабілетін көтеруге күшіміз жететін болады.
Бао Шигуй басын изеп сөйледі:
- Дұрыс екен. Рас айтасыз. Жайылымдарды қорғау мал шаруашылығын өнімді жүргізудің негізі екенін жадымда сақтаймын. Мен басшы кадрларды үлкен отрядқа жиі ілестіріп барып, малшылардың дер кезінде көшуіне, қоныс аударуына өзім атсалысамын. Жылқышыларды бір күн 24 сағат бойы жылқы үйірінің жанында жүруін қамтамасыз етемін. Жылқыларды тау ішінде жылжыта баққызамын, бір жерді шиырлатып, бей-берекет тұяқ кесті етпеймін, кеміріп-қажауына жол бермеймін. Мен сондай-ақ ай сайын барша отрядтар мен топтардың жайылымдарын тексеріп тұрамын. Қай топтың жайылымы қалыптан тыс желінсе, солардың еңбек ұпайларын тартып аламын. Қай топтың жайылымы жақсы қорғалса, оларды жақсылап марапаттаймын. Оларды үздік озат етіп бағалаймын. Қатаң әскери басқару тәртібін қолданамын. Олұн сахарасының ойдағыдай басқаруға көнбейтініне сенбеймін.... Дегенмен, қасқырлар тобы арқылы жайылымды қорғаудың байыбына бара алмадым, анық түсіне алмаймын. Олардың соншалық зор ықпалы бар ма?
Бао Шигуйдың шынымен әңгімені түсінгенін байқап, бетінен күлкі лебі білінген Үлжі өз сөзін жалғастырды:
- Бір ұя егеуқұйрық тышқандар бір жылда бір ірі қойдың жегенінен көбірек шөпті жейтінін шынында да білмейсіз. Олар күзде індеріне шөп тасып жинап, жарты жылға жететіндей қыстық азық дайындап алады. Мен күзде бірнеше тараққұйрық тышқанның індерін қазып, ішінен бірнеше құшақ шөп алғанмын. Өңкей құнарлы шөп пен сапалы шөп ұрығы жиналған. Саршұнақтардың көбею қабілеті ең күшті. Бір жылда төрт-бес рет балалайды. Бір туғанда он шақты тышқанды туады. Олардың бір ұясы бір жылда 10 ұя болып көбейеді. Есептеп көріңізші, саршұнақтардың бір ұясының балалары үлкейе келе бір жылда қанша қойдың жейтін шөбін жеп тауысады? Жабайы қояндар да сондай: жылда бірнеше рет көжектейді, әрбір көжектегенде топ-тобымен көжек туады. Суырлардың індерін де көрдіңіз ғой. Олар бір тауды тұтасымен шұрық тесік етіп ойрандайды. Мен шамалап есептеп көрдім, осы жабайы жануарлардың бір жылда қоректенетін шөбі бүкіл фермадағы жүздеген мың бас малдың жейтін шөбінен бірнеше есе көп екен. Осынша үлкен фермамыздың жер көлемі ішкі өлкелердегі бір ауданның жер көлеміне тең келеді. Алайда, жан саны 1 мың адамға да жетпейді. Егер де зиялы жастар келмегенде, бүкіл ферманың жан саны 1 мың адамға да жетпес еді. Осынша азғантай адам неше миллиондаған егеуқұйрық, қоян, суыр, қарақұйрықты жоя алады деп ойлайсың ба?
- Алайда, осы бір жылдан астам уақыттан бері мен бірер түйір қоянды көрмедім ғой. Ферма орталығының жанында егеуқұйрықтар біршама көбірек. Басқа жерлерде саршұнақтарды да көп кездестірмедім ғой. Суырлар мен олардың індерін көп көрдім. Қарақұйрықтар да айрықша көбейіп кетіпті. 10 мыңнан асатын қарақұйрық үйірлерін талай рет көрдім. Мен мылтықпен үш-төртеуін атып та алғанмын. Рас, қарақұйрықтар бір ғаламат апат болып табылады. Майса шөпті қырқып жегенін көрген адамның жаны ашиды, - деді Бао Шигуй.
- Олұнның шұрайлы жайылымдары, биік те бітік шөбі саршұнақ тышқандар мен қояндарды қалқалап жауып тұрады. Егжей-тегжейлі қарамасаң, көзге бірден көрінбейді. Күз болғанда кең даланың барлық жерінде төбе-төбе болып үйіліп шөп маяларын көре аласың. Оның бәрі – саршұнақ тышқандар күнге жайған шөптер. Олар күнге жайылған бұл шөптерді індеріне әкетеді. Бұл жағынан қарақұйрықтар ең қауіпті деп есептелмейді. Олар тек шөпті жапырып жейді, ін қазып, құм шығармайды. Алайда, саршұнақтар, жабайы қояндар және суырлар әрі шөпті жейді, әрі індер қазады, әрі айрықша өсімтал келеді. Егер де көкжалдар болмағанда, осы жабайы жануарлар бірнеше жылға жеткізбей-ақ Олұн даласын түк қалдырмай опырып жеп, бәрін де құмды шөлге айналдыратын еді. Егер де барша күшіңді бөрілерді соғуға жұмсайтын болсаң, тағы төрт-бес жылдан кейін сен мына меңгеруші мансабында отыра алмай қаласың, - деді Үлжі.
Бао Шигуй сықылықтап бір күлді де үн қатты:
- Мысық, бүркіт және жыланның тышқандарды аулайтынын ғана білемін, қасқырлардың тышқандарды аулайтынын ешқашан естімеген екенмін. Тышқандарды аулаған төбетті «бөтен іске тұмсығын сұқты» дейміз. Сонда қасқырлар да осындай ұсақ іске барғаны ма? Олар қойлар мен жылқыларды жейді ғой. Егеуқұйрықтың мардымсыз титтей еті олардың жұмырына жұға ма? Көкжалдар қалайша егеуқұйрықтарды ұстап жейді? Мен бұған расында да сенбеймін.
- Егін шарушалығы аумағынан келген сендер бұндай істерді түсінбейсіңдер. Егер де сендер зерттеу жүргізбесеңдер шынымен де үлкен қате істердің туылуына жол беріп, бүлдіріп аласыңдар. Мен сахарада туылып есейгенмін, бөрілердің мән-жайын әбден білемін. Олар сиыр, қой, жылқы, қарақұйрық қатарлы бұлардың бәрін жеуге құмар, бірақ сол сиыр, қой, жылқыны адамдар бағады. Қойлар мен сиырларды жеу оңайға түспейді. Оларды қолға түсіре алмай ағаттық жіберсе, өздерінің жанынан айрылады. Ал қарақұйрықтар жылдам жүгіреді, оларды ұстау оңай емес. Бұларға қарағанда, саршұнақ тышқандарды аулау оңайырақ болады. Баяғыда сахараның кедейлері ашаршылық кезінде егеуқұйрықтардың етін жеп, жан сақтаған екен. Мен бала кезімде малай болғанмын. Қарным тоймаған кездерде үнемі саршұнақтарды аулап жегенмін. Қырдағы саршұнақтардың денесі үлкен, еті семіз. Ұсақ саршұнақтардың ұзындығы бір қарыс, салмағы 100-150 грамм болады. Ал үлкендерінің ұзындығы бір кез, салмағы жарты килограммнан көбірек келеді. Үш-төртеуін жесең әбден тоясың. Көптеу аулап, жеп тауыса алмаған жағдайда, терісін сыдырып, етін сүрлесе де аса дәмді болады, сондай-ақ ұзақ сақтауға да болады. Егер де сенбесең, қолың бос уақытта мен бірнешеуін ұстап, қуырып пісіріп, саған дәмін татқызайын. Оның еті жіңішке де жұмсақ. Кезінде Сүбе мен Шыңғысхан да иен далада тышқанның етін жеген, - деді Үлжі күрсініп.
Бао Шигуйдың шырайынан ыңғайсызданғаны білінді. Үлжі оған назар аудармай сөйлей берді:
- Бір жылы бір басшы шекаралық бақылау-өткізу бекетін тексеруге келген еді. Өзі гуаңдуңдық (Гуаңдуң өлкесінде туылған) екен. Сол күні мен армия мен халықтың бірлесіп қорғану қызметін талқылау үшін әлгі шекаралық бекетке келгенмін. Ол менен сахарадағы үлкен егеуқұйрықтың дәмділігін сұрады. Мен өте тәтті болатынын айттым. Ол ести сала сол күні түсте басқа тамақ жемейтінін айтып: «Сендер мені егеуқұйрықтың етімен қонақ қылыңдар» деді. Мен бір малшы халық жасақшысын ертіп, шалғын жерде егеуқұйрықтардың бірнеше індерін тауып, ішіне шелекпен су құйдым. Бір сағат өтпей, он шақты егеуқұйрықты ұстап әкелдік. Олардың терісін сыдырғанда аппақ семіз еті шыға келді. Әлгі басшы мұны бір көргеннен алғысын жаудырды. Тал түсте үшеуіміз егеуқұйрықтың қуырылған дәмді етін әдемілеп жедік. Бекеттегі офицерлер мен жауынгерлердің бәрі таңданып қалды – хош иісін иіскесе де, етті жеуге батылы бармады. Әлгі басшы сахараның саф тазалығын, шөптің тіпті де таза екендігін, байтақ даланың майса шөбі мен дәнді-дақылдарын жеп семірген тышқандардың да ең таза болатынын айтты. Ол сондай-ақ өзі жеген ең жұпар һәм ең дәмді егеуқұйрықтың еті осы екенін, Гуаңдуңның тышқан етінен әлдеқайда дәмді екенін айтты. Егер де осыны Гуаңдуң өлкесіне апарып сататын болса, ел жарыса талап әкететінін білдірді. Әттең, Гуаңдуң тым алыс, поезда тірі тышқандарды жөткеуге рұқсат етілмейді. Әйтпесе, Ішкі Моңғолиядан жыл сайын Гуаңдуңға қаншама тірі егеуқұйрықтарды жөнелтуге болар еді. Иен далада тышқандарды жоюға, сондай-ақ үлкен кірісті молайтуға және де Гуаңдуңды жоғары дәрежелі етпен қамдауға болатын еді....
- Қызық екен, - деді Бао Шигуй күліп, - Біздің ферма егер де сахараның егеуқұйрықтарын Гуаңдуң өлкесіне сататын болса, қойдың жүні және етін сатудан алынған кірістен де көп болатын көрінеді. Ал саршұнақтарды аулау оңай ма?
- Оңай аулауға болады! Су құюға, арқаннан тұзақ құруға, темір күрекпен қазуға да болады. Ең оңай әдісі – егеуқұйрықтарды аулайтын бірнеше итті жаттықтыру. Қырдағы иттердің бәрі тышқандарды ұстап ойнауға әуес. Ұрғашы иттер күшіктерін аң аулауға жаттықтырғанда алдымен тышқандарды ұстауды үйретеді екен. Сахарадағы иттер сиыр мен қойдың етін жейді. Олар ешқашан да тышқандарды жемеген. Алайда, қасқырлар азықтану жағынан иттер сияқты қамтамасыз етілмеген. Иен баланың тышқандары әрі семіз, әрі ірі, әрі ұстауға оңай. Сондықтан көктем, күз, жаз маусымдарында саршұнақтар көкжалдардың негізгі азығына айналады. Бір жылы біз өндірісті мықты ұстадық. Малшылардың жауапкершілік сезімі де күшті болғандықтан, бөрілер тобы жалпы қойлар мен жылқыны әкетудің орайынан маһрұм қалып еді. Кейін мен малшылармен бірге бірнеше қасқырды атып өлтірдік. Олардың аса жуан болғанын аңғарып, ішімнен аңтарылып қалдым. Олардың қарындарын жарып қарасақ, іші егеуқұйрықтарға толған екен. Тышқандардың еті қорытылғанмен, бастары және құйрықтары әлі қорытылмапты. Мен бір көкжалдың ішіндегі саршұнақтарды санап көрсем, 20 астам тышқанның басы мен құйрығы, сондай-ақ бір суырдың мыжылған басы шықты. Сен айтшы, бір бөрі бір жылда қанша саршұнақты жейді? Ауданның, аймақтың және автономиялы районның басшылары әрбір келген уақытта, мен олармен осы мәселені әңгімелеймін. Олармен сөйлескенде, қасқырлардың сахарадағы тышқандарды жоюдағы еңбегі ерен екенін айтамын. Алайда, олар бұған аса сене қоймайды. Егін шаруашылығы аумағындағы адамдардың көкжал жөніндегі ескі көзқарасын өзгерту шынымен қиын екен, - деді Үлжі.
Естіген сайын құлшына түскен Чжаң Цзиюән тақатсыздана әңгімеге араласты:
- Мен жылқышы болған екі жылдан бері бөрілердің топырақты шаңдата қуалап, тышқандарды аулағанын жиі көремін. Олар саршұнақтарды ұстауда иттерден де қабілетті екен. Қасқырлар саршұнақтарды ұстаған кезде біріншіден мынаған сүйенеді: олар саршұнақтар ең көп шоғырланған шөпті жерге барып, айналасының бәрін бей-берекетсіздікке айналдырады. Саршұнақ тышқанды көрген жерде атылып барып, аяғымен оны салып жіберіп, інін таба алмайтындай есеңгіретеді. Сосын бір-ақ жалмап жейді. Көкжал он неше тышқанды жегені – жартылай тойғаны. Екіншіден, індерді қазу. Бөрілер сахарада ін қазудың шебері-дүр. Олар ірі саршұнақтың інге кіргенін көріп қалса, бірнеше қасқыр болып бірлескен халде інді қазады һәм ториды. Көп кешікпей, олар бір ұя саршұнақтарды түгелдей қазып шығарып, тояттанады.
- Құртқалар мен бөлтіріктер тышқандарды аулап жегенді ең ұнатады. Анасы бөлтірікті емшектен шығарудың алдында оған тірі жануарларды аулауды үйретеді, алдымен тышқандарды ұстауды үйретеді. Оның бөлтіріктерді ілестіріп жүретін кезі әдетте көкжалдар тобының аң аулауға шығу уақытынан тыс болады. Бөлтірік бір чи (1/3 метр) өсіп-өніп, жүгіре алатын уақытқа жеткенде, адамнан қатты қорқады. Аңшылар бөлтіріктерін ерткен құртқаның жапанда аң аулап жүргенін көрсе, алдымен оны атып өлтіреді. Сонда әлгі бір топ бөлтіріктің біреуі де ешқайда қаша алмайды. Аңшылар оларды құдды қозыларды ұстағандай, бәрін түгел қолға түсіреді. Сондықтан құртқалар әлі үлкеймеген бөлтіріктерін адамдар мен малдан шалғай жерге алып кетеді. Адам және малдан шалғай жер қауіпсіз болғанмен, онда қой мен сиырды жей алмайды. Сонда құртқа және бөлтіріктер қалай жанын сақтайды дейсіз ғой? Бөрілер және басшы арлан оларға әкелетін кейбір ірі аңдардың еті мен сүйектерден бөлек, құртқа мен бөлтіріктер негізінен саршұнақтар мен суырларды жеп күн көреді, - деді Үлжі.
Қырынан Бао Шигуйге қарап, оның зерікпей тыңдағанын көрген Үлжі сөзін жалғастырды:
- Осы мезгілде құртқа бөлтіріктерін адамдар жүрмейтін қауіпсіз жерге әкеліп, тышқандарды аулап жейді. Біріншіден, бөлтіріктерге тірі жануарларды аулау өнерін үйретеді. Екіншіден, оларға құрсағы тойғанша жегізеді. Бөлтіріктер екі чи (2/3 метр) артық үлкейген кезде де бәрібір үлкен қасқырлар тобының ондаған шақырым қашықтықтағы көк балақ жортуылына ілесе алмайды. Олар өздерінің тышқан ұстап жеумен күн көреді. Мен бір топ бөлтіріктің саршұнақтарды аулағанын көрдім. Олар бір жағынан ойнап, бір жағынан қуалайды. Қуалағанда шөпті жерде құмды боран көтерілгендей көрінеді. Бұл көрініс мысықтың тышқан ұстағанынан да қызықты болады. Барлық жерден саршұнақтардың шиқылдаған үндері естіледі. Жаз келгенде, қоянның көжектері енді-енді жүгіре алатын дәрежеге жетеді. Бұлардың осы кезеңдегі жүгірісі бөлтіріктердің жүгіргенінен қайдан жылдам болсын? Сол себепті, бөлтіріктер көжектерді ұстап жеудің майталманына айналады. Бір отбасыда жеті-сегіз, тіпті ондаған бөлтірік болады. Олар қанша саршұнақ пен көжекті жегенде үлкен көкжал болып есейеді екен? Оның үстіне, - деді Үлжі сөзін нығыздап, - Олар болмаса, сахарадағы адамдар мен үй жануарлары егер де үлкен апатқа ұшырағанда әурешіліктері көбейеді. Байтақ далада 100 жылда бір рет, тіпті жүздеген жылдарда бір кездесетін ірі қар апаты туылған кезде, үй жануарлары қабат-қабат қырылады. Қар ерігеннен кейін сахараның барлық жері малдың өлігіне толады, айналаны күлімсі де сасық иіс қаптайды. Егер өлген малдар дер кезінде көмілмесе, оба қатарлы жұқпалы аурулар таралуы әбден мүмкін. Иен далада кең көлемді жұқпалы ауру таралған жағдайда, ауданның тұрғындары мен малының тең жартысы мерт болуы ықтимал. Алайда, егер бөрілер тобы көп болса, өлген малдарды тез арада жеп тазартады. Сахарада қасқырлар көп таралған жерлерде үлкен жұқпалы індеттер таралмайды. Олұн даласында ешқашан жұқпалы аурулар болмаған. Ежелгі заманда сахарада соғыстар толассыз болып тұратын. Бір жойқын шайқастың өзінде мыңдаған, тіпті ондаған мың адам мен жылқы бір-ақ қырылатын. Осынша көп өлікті кім жинастыратын еді? Тағы да осы көкжалдар шешетін. Қариялардың сөзінше, егер де иен далада бөрілер болмағанда, моңғолдар баяғыда-ақ жұқпалы аурулардан қынадай қырылып таусылатын еді. Қасқырлардың арқасында Олұн сахарасының суы мол, шөбі шүйгін болып отыр. Олар болмаған жағдайда, Олұн даласында мынадай өркендеген мал шаруашылығының болуы екіталай. Оңтүстіктегі анау коммуналар көкжалдарды тып-типыл жойғандықтан, жайылымдары ойрандалып бүліну алдында тұр, мал шаруашылығы да енді қайта көтерілер емес....
Бао Шигуй жұмған аузын ашпады. Үш салт атты бір жотаның үстіне шықты. Беткейдің етегіндегі шалғын жерден жап-жасыл шөп пен гүлдің хош иісі аңқиды. Сондай-ақ ескі шөптердің ашыған иісі де мүңкіп тұр. Әуеде әндеткен бозторғай кенет тігінен қалың шөптің қонғанда, бұдан да көп бозторғайлар шөп арасынан көк аспанға самғай өрледі. Қанаттарын жылдам қағып, әуеде қалықтап, жыр айтыса бастады.
- Мына жайылымның әдемілігіне қараңдаршы. Бірнеше мың жылдың алдындағы көрініспен ұп-ұқсас. Бұл – Қытайдағы ең көрікті табиғи жайылым. Кең даланың адамдары мен бөрілері осы сахараны қорғау үшін мыңдаған жыл шайқасудың арқасында ғана осы жерді қаз-қалпында сақтап келген. Енді ол біздің қолымызда әсте құрдымға кетіп жүрмесін, - деді Үлжі терең бір тыныстап.
- Сіз барша мал шаруашылығы отрядтарының зиялы жастарына үйрету курстарын ашып, далатану және қасқыртану (дала мен қасқырлардың тағлыматын) білімдерін айтып беруіңіз қажет, - деді Чжаң Цзиюән.
Шырайын мұң басқан Үлжі айтты:
- Мен қызметтен босатылған бір басшы кадрмын. Үйрену курсын ашатын салауат қайдан болсын? Сендер одан да қарт малшылардан көбірек үйреніңдер. Олардың маған қарағанда көп біледі.
Тағы бір беткейден асқанда, Бао Шигуй ақыры сөйлей бастады:
- Үлеке, сіздің сахараға сүйіспеншілігіңді ешкім де теріске шығара алмайды. Сіздің ондаған жыл бойы жинақтаған мына табыстарды тіпті де жоққа шығаруға болмайды. Алайда, идеяңыз қатарға ілесе алмауда. Сіз сөйлеген істердің бәрі бұрынғы істер, қазіргі дәуірге ұқсамайды. Қытай атом бомбасын жарған дәуірде алғашқы заманның өресінде қалып, мәселені ойластыру орасан зор мәселенің туылуына әкеледі. Мен осы фермаға келгеннен бері ұзақ ойланып-толғандым. Біздің фермамыз ішкі өлкелердегі бір ауданның көлемінен де үлкен екен, бірақ әрең дегенде бір мың адамды асырауда. Ішкі өлкелердегі бір қыстақ тұрғындарының жан санына жетпейді. Бұл нағыз ысырапшылдық ғой. Партия мен мемлекетке көбірек байлық жаратуды ойласақ, бұндай мешеу байырғы көшпенді мал шаруашылығы тұрмысын міндетті түрде аяқтау керек. Алдыңғы бірнеше күні мен де біраз тексеріп-зерттеу жұмысын жүргіздім. Біздің ферманың оңтүстік бөлігінде игерілмеген бірталай қара құмайт жер бар екен. Бірнеше үлкен бөліктен құралған осы құмайттың әрбір телімі мыңдаған гектар құрайды. Тағы бір бөлігі 600 гектардан асады. Темір күрекпен қазып едім, ондағы топырақтың қыртысы өте қалың екен. Осындай жақсы жерге қой бағу тым обал ғой. Мен аймақтағы жиналысқа барған кезде, автономиялы районның ауыл шарушалығы басқармасы мамандарының пікірін сұрағанмын. Олар бұндай жерге бидай егуге әбден болатынын айтты. Кең көлемде тұтасатын тың игеруді жүргізбей-ақ, жүздеген гектар жерде кіші көлемді тың игеру құм басуды келтіре қоймас.
Бао Шигуй Үлжінің үндемегенін көріп, сөзін одан әрі жалғастырды:
- Мен сол жердің суын да зерттедім. Оның суы да қолайлы екен. Шағын тоған қазып, өзеннің суымен егістік жерді суаруға болады. Біздің фермада сиыр мен қойдың қиы жетерлік. Оның бәрі сапалы тыңайтқыш болып табылады. Егер де сол жерге бидай егілетін болса, алғашқы жылда-ақ 1 му жерден (0,06 га) алынатын өнім Хуаңхэ өзенінің алабындағы жерден асатынын айтуға тәуекел еттім. Бірнеше жыл өтпей-ақ фермамыздың егін шаруашылығы өнімінің құны өрлеп, кейін мал шаруашылығынан асып түсуы ықтимал ғой. Сол кезге барғанда бүкіл фермадағы адамдар мен үй жануарларының азығы мен жемін өзіміз қамдап ғана қоймай, мемлекетке де көмектесе аламыз. Қазір бүкіл мемлекетте астық осынша тапшы. Менің туған жерімде әрбір отбасыда жейтін астық жетіспейді. Барлық үйлерде әр жылы кем дегенде үш айлық азық-түлік жетпейді. Фермаға келсек, осынша керемет қара топырақты жердің бос тұрғанын, бір жылда сиырлар мен қойлар небәрі бір жарым ай жайылатынын көріп, ішім расында да қатты ашиды. Мен алдымен сол бірнеше жер телімдерінде тың ашып сынап көрейін. Табысқа жеткеннен кейін тың игеруді жаппай өрістетемін. Оңтүстік жақтағы бірнеше коммуна мен ферманың жайылымдары жетіспей, мал шаруашылығын сақтап қалу қиынға соғыпты. Олар топырағы қалың жерлердің бір бөлігін егін шаруашылығына бөліп беруді ұйғарыпты. Меніңше, бұл - Ішкі Моңғолия даласының мәселесін шешудің жолы осы ғана.
Өңі күрт бұзылған Үлжі ауыр күрсініп сөйледі:
- Осындай бір күннің келерін мен баяғыда-ақ білгенмін. Сендердің туған жерлеріңдегі адамдар алдымен жайылымның сиымдылығымен есептеспей, малдың санын барынша көбейтті, сондай-ақ барша күшін қасқырларды жоюға жұмсады. Жайылымдар тышқандар тарапынан тесіліп, шөп шықпағаннан кейін тың жер игерілді, егін егілді. Ондаған жылдың алдында сендердің ата қоныстарың да мал шаруашылығы аумағы еді. Оның егіншілік аумағы етіп өзгертілгеніне 10 шақты жыл ғана болды. Әрбір отбасының еккен астығы жеуге жетіспейді. Мына жер шекаралық өңір. Сен қашан бұл құнарлы жайылымды да өзіңнің ата қонысың сияқты игеріп, егіншілік аумаққа айналдырсаң, одан кейін қай бағыттағы тың жерді игереді екенсің? Шынжаңдағы үлкен шөлдің көлемі Ішкі Қытайдағы бір өлкенің көлемінен де асып түседі. Түгелдей елсіз, адамдар аяқ баспаған шексіз шөл. Айтшы, бұл да жерді ысырап ету ме екен?
- Бұған алаңдамаңыз, - деді Бао Шигуй, - Мен туған жердің сабағынан ғибрат алып, тың игеруге болатын жерлерді және игеруге келмейтін жерлерді міндетті түрде қатаң бөлетін боламын. Түгелдей мал шаруашылығы да, кілең егін шаруашылығы да іске аспайды. Жартылай егіншілік, жартылай мал шаруашылығы болғаны ең жақсы. Мен амалдың барынша жайылымды қорғап, мал шаруашылығын жөнге саламын. Мал шаруашылығы болмаса, егін шаруашылығы тыңайтқышсыз қалады. Егін бір гүлдесе, малдың қи-тезегіне сүйенеді ғой. Сиыр мен қойдың қи-тезегінсіз, астықтың өнімі қайдан болсын?
- Егіншілер бір келсе, топырақты көріп қалса, оларды ешкім де тоқтата алмайды. Сен осы дәуірде оларға тосқауыл қоя аласың делік, болашақ ұрпақ келгенде, тосқауыл жасай аласың ба? - деп сұрады Үлжі ашуланып.
- Бір дәуірдің адамдары сол дәуірдің жұмысын тындырады. Кейінгі дәуірдің істерінде шатағым жоқ, - деді Бао Шигуй.
- Сонда сен бәрібір көкжалдарды өлтіресің бе? - деп сұрады Үлжі.
- Сіз оларды жоюда батылдық көрсетпегендіктен, өрескел қателікке жол бердіңіз. Мен сіздің ескі де сүрлеу жолыңызбен жүргім келмейді. Егер де бөрілер тағы бір үйір жылқыны жайратса, мен де сіз сияқты қызметтен айрыламын, - деді Бао Шигуй.
Алыста түтіндеткен қоныстың қарасы көрінді. Бао Шигуй сөйледі:
- Ферма басшылығындағы көмекшілер аса жағымпаз екен. Олар сізге осынша кәрі жылқыны беріп, уақытты зая кеткізді, жұмыстардың жүргізілуіне көп кедергі жасады.
Сосын ол Чжаң Цзиюәнға айтты:
- Чжаң інішек, жылқыларыңа қайтқаннан кейін міндетті түрде Үлекеге бір жақсы сәйгүлік беріңдер. Батуға мен айтты деп жеткізіңдер.
- Үлкен отрядқа барғаннан кейін ешкім де ферма басшысына жаман сәйгүлік мінгізбейді, - деп жауап берді Чжаң Цзиюән.
- Менің істерім аса көп. Алдымен қадам басайын. Сізді Білге қарияның үйінде күтемін. Асықпай барыңыз, - деп Бао Шигуй тізгінді босатып, шаба жөнелді.
Чжаң Цзиюән арғымақтың тізгінін іркіп, әлгі шабан атпен қатарласып, Үлжіге сөйледі:
- Бао Шигуй сізге оң көзбен қарайды. Ферма басшылығындағы адамдардың айтуынша, сізді басшылар алқасында қалдыруды өтініп, жоғары басшылыққа талай рет телефон соғыпты. Алайда, ол әскерде қызмет етіп келген адам ғой: көптеген милитаристік мінез-қылықтары бар. Сіз ренжімеңіз.
- Бао Шигуй жұмыс атқаруда қайраттылық, шапшаңдық пен қауырттылық танытады, үнемі маңызды істерді шешу үшін алғы шепке терең ұмтылады. Егер де егін шаруашылығы аймағында қызмет атқарса, сөзсіз өз ісінің майталман шебері болары анық. Алайда, мал шаруашылығы аумағына келген оның барған сайын артқан арыны сахараға барған сайын қауіп-қатер төндіруде, - деді Үлжі.
- Сахараға енді ғана келген кезім болса, мен міндетті түрде Бао Шигуйдың көзқарасын қолдайтын едім. Ішкі өлкелердегі ауыл-қыстақтарда көптеген адам аштан өлді, ал ұлан-байтақ далада осынша көп жер керісінше бос жатыр. Зиялы жастардың арасында оны жақтайтын адамдар аз емес. Алайда, қазір мен олай деп қарамаймын. Мен де сіздің сөзіңізде ақиқат пен көрегендік бар деп есептеймін. Егін егетін халықтар сахарадағы мал санының сыйымдылығы, жердегі адамдардың сиымдылығы ұғымдарын түсінбейді. Үлкен тіршілік пен кіші тіршіліктің өзара қатынастарын тіпті де білмейді. Чен Чжен сахарада мыңдаған жылдардан бері келе жатқан қарапайым далалық логиканың объективті даму заңдылығына үйлесетінін айтқан еді. Оның пікірінше, Циң манчжур патшалығы алғашқы және орта кезеңдерде жүргізген 200 жылдық дала саясаты данышпан да кемеңгер саясат болған. Циң әулеті егін шаруашылығы аумағының адамдарына сахараға топырлап енуіне рұқсат етпеген. Қазіргі кезде еселеген аса ауыр бодау беруге мәжбүрміз, - деді Чжаң Цзиюән.
«Дала логикасы» деген сөзге өте қызыққан Үлжі бұл сөзді бірнеше рет күбірлеп қайталап айтып, есте сақтап қалды.
Чжаң Цзиюән сөзін жалғастырды:
- Циң патшалығының соңғы кезеңінде далалық саясат Ішкі Қытайдағы халықтың жан санының қысымына төтеп бере алмай, ақырында жүргізілмей қалды. Иен дала бірте-бірте солтүстікке, одан соң солтүстік-батысқа қарай жиырылып, үлкен шөлге тұтасты. Егер де Ұлы Қытай қорғанының солтүстігі түгел үлкен шөлге айналса, Бейжіңге не болмақ? Сондай-ақ моңғолдар да қатты абыржуда. Баяғыда Бейжің моңғолдардың Ханбалық деген астанасы, яғни сол кездегі әлемнің астанасы болған-ды....
Чжаң Цзиюән жылқы үйірінің жақын жердегі құдықтың басында су ішкенін көріп, асығыс сол жаққа шапты. Ол ферманың ескі басшысы Үлжіге бір жақсы сәйгүлікті ауыстырып бермекші болды.
18
Хән патшалығы және Таң патшалығының күллі Азияға үстемдік жүргізу арманын ХІІІ-ХIV ғғ. Юән патшалығының қағаны Құбылай мен Темір Олжайту ежелгі Қытайдың мүддесі үшін жүзеге асырып, Бейжіңді Ресей, Түркістан, Парсы, Кіші Азия, Корея, Тибет, Үндістан секілді метрополиялық мемлекеттердің астанасына айналдырды............
Өзгелерге үстемдік еткен ұлыстар, империя құрған ұлттардың саны тіпті де некен-саяқ. Римдіктермен қатар ауызға алынып, тең қойыла алатын - түрктер мен моңғолдар ғана.
Rene Gsousset (Франция). «Дала империясы» кітабы.
Чен Чжен сүт, ет, тары қосып пісірілген қоймалжың ботқаны дамылсыз араластырып отыр. Ботқа табағынан аңқыған сүттің, еттің және тарының қоп-қою хош иісі мұрнына келген барлық аш төбеттер мен күшіктердің сілекейі шұбырып, есіктің сыртында қаумалап қыңсылауда. Чен Чжен осы ботқаны арнайы бөлтірік үшін дайындаған-ды. Бұл да оның Касымайдан үйренген күшіктерді асыраудың арнаулы білімі еді. Сахарада күшіктер емшектен шығудан бұрын және шыққаннан кейін сүт пен еттен әзірленген ботқаны дереу жеп үйренуі тиіс.
- Бұл күшіктердің бойын өсіруге жәрдемдесетін амал болып табылады. Күшіктердің бойының өсуі мен шымыр болу-болмауы олардың емшектен шыққаннан кейінгі үш-төрт айда қандай азық жеуіне байланысты. Осы уақыт – олардың қаңқа сүйектері жетілетін кезең. Сол үш-төрт айды жіберіп қойып, ағаттыққа жол берілсе, күшіктер кейін бұдан да нәрлі азықтанса да, айтарлықтай жетілмей қалады. Айрықша баптап асыраған күшіктердің дене бітімі қалай болса солай бағылған күшіктерден екі есе ірі болады. Нашар азықтанып бағылған күшіктер кейін үлкейген соң қасқырға шаба алмайды, - деді Касымай.
Бір жолы бригадалар ұжымдасқан халде тастарды үйіп, қора салған уақытта, Касымай басқа үйден безген, арық та қортық, терісі арбиған бір төбетті нұсқап, Чен Чженге ақырын сыбырлады:
- Мына төбет Барстың бір туған ұяласы. Бір ұрғашы иттен туылған-ды. Екі иттің бойларының айырмашылығын қарашы.
Чен Чжен расында да ұялас иттердің арасында дене бітімі жағынан осынша айырмашылығы тым алшақ болатынына сенуге батылы бармады. Көкжалдар топтасып өрген сахарада нәсілді иттердің тұқымының болуы жеткіліксіз. Сонымен бірге, оларды бағып асырауға да мықты күш шығару қажет. Сол себепті, Чен Чжен бөлтірікті басынан бастап асырағаннан-ақ аңғарттыққа салынбай, Касымайдың күшіктерді асыраудағы сол жүйелі тәжірибесін кешенді түрде бөлтірікті өсіруде қолданды.
Ол сондай-ақ күшіктер емшектен шыққаннан кейінгі сол мезгілде иен даладағы әйелдер және құртқалар жарысқа түсетіні туралы Касымайдың айтқанын есте сақтады. Құртқалар саршұнақ, суыр және қозыларды аянбай аулау арқылы бөлтіріктерді асырайды, сондай-ақ оларға тышқан ұстауды дамылсыз үйретеді. Өлекшін құртқалар жақсы аналар саналады. Оларда пеш жоқ, от жоқ, қазан да жоқ. Олар бөлтіріктерге етті ботқа пісіре алмайды. Алайда, құртқалардың аузы адамдардың шойын қазандарынан да әбден жетілген «қазан» болып табылады. Өз азу тістерін, асқазанын және сілекейімен саршұнақтар мен суырлардың етін былқылдап пісірілген ботқадай етіп қорытқан олар бөлтіріктеріне жылы-жұмсақ тамақ дайындап береді. Бөлтіріктер мұндай тамақты жеуді ең жақсы көреді. Бұндай қуатты ботқа жеген олар көктемгі майса шөп сияқты шапшаң жетіледі.
Қырдағы әйелдер иттерге сүйеніп, түнгі күзетте жүріп, еңбек нөмірін алады. Әйелдер құртқалардан бетер қам жегенде, пысық болғанда ғана табысқа жетеді. Иен далада жалқау әйел жалқау итті бағып шығады, ал еңбекқор әйел мықты төбетті жетілдіреді. Жайлауға келгенде, итіне қарап сол үйдегі әйелдің еңбекқор немесе жалқау екенін көруге болады. Кейін Чен Чжен Барсты жер-көкке сыйғызбай жиі мақтап, Касымайды ішек-сілесін қатыра күлдірді. Барс сияқты үлкен төбет асырауды көп армандаушы еді Чен Чжен. Ал қазіргі кезде ол құртқа бағып асыраған бөріден әлдеқайда асып түсетін ірі де мықты бір қасқырды өсіруді армандады.
Бөлтірік асырағаннан бері Чен Чжен әпсәтте өзінің көптеген тұрмыс әдеттерін өзгертті. Чжаң Цзиюән оның қалайша кенеттен еңбекқор болғанын, көңілі әйелдердей босайтынын, жүрегі иненің ұшынан да нәзік болып өзгергенін кекетіп айтатын. Чен Чжен өзінің құрметті де қадірменді құртқалар және Касымайдан да құнтты болғанын әлдеқашан сезіп үлгерді. Ол әр күні үй жұмыстарын көптеп істеу шарт-жағдайында, Гао Цзянчжуңның сиырларын сауып пайдалану жөніндегі рұқсатына қол жеткізді. Чен Чжен күнде-күнде бөлтірік үшін етті ұсақтап турайтын. Жіліктерін жетілдіру үшін ылғи сиыр сүтін емуді аз ойлаған соң, кальций толықтыруды да ойластырды. Бала кезінде шешесі оған бірнеше жыл бойы кальций дәрісін бергендіктен, бұл жөнінде сәл білімі бар еді. Бөлтірікке тамақ дайындау барысында біраз етті ұсақтап кескен уақытта қойлар мен сиырлардың шеміршегін де қосып турайтын. Бір күні ол ферманың емханасына барған кезде жартысынан кем бір құты кальций дәрісін әкелген-ді. Күніне сол бір дана кальций дәрісін оқтаумен ұнтақтап, ет ботқасына салып араластыратын болды. Дегенмен, бұл әрекет құртқалар мен Касымайдың ойына ешбір кірмеген еді. Ет ботқасының нәріне тағы күмәнданған Чен Чжен оған азғантай сары май және тұз қосты. Ботқаның жұпар иісінен өзі де бір кесені ішкісі келді, бірақ бұдан басқа үш күшіктің тамақ күтіп тұрғанын көріп, өзін әзер тежеді һәм өз сілекейін жұтуға мәжбүр болды.
Бөлтіріктің дене бітімі жетіле бастады. Ол үнемі тойып жегеннен қарны доп-домалақ болып қампиып, шырайы жайраңдаған кішкене Майтрея буддасындай қамсыз жатады. Күзде тез бой тартатын қозықұйрық саңырауқұлағынан да жылдам өскен оның денесі күшіктердің денесінен жарты тұмсық асып кетті.
Чен Чжен бөлтірікке алғашқы рет сүт қосылған ботқаны берген кезде, етпен ғана қоректенетін жыртқыш аңның бидайдан істелген тағамды жемейтініне алаңдаған еді. Ет ботқасы деп аталғанмен бәрібір оның негізін тары құрайды. Нәтижеде жағдай мүлде басқаша болды. Ол ет ботқасы салынған табақты бөлтіріктің алдына қойған мезетте, бөлтірік тамаққа бас салып, апыл-ғұпыл қылғыта жөнелді. Делебесі қозғаннан желпініп, бір жағынан қомағайлана асаса, бір жағынан пысылдап тыныс алуда. Ботқа толы табақты түгел жеп, жалтыратып жалап болған соң ғана бөлтірік басын көтерді. Чен Чжен көкжалдың да астықтан пісілген тағамды жей алатынын әсте ойламаған-ды. Әйтсе де, ол тартылған ет пен сүт қосылмаған, тек тарыдан істелген ботқаны бөлтірік ешбір жемейтінін де өте тез байқап қалды.
Бөлтіріктің ет пен сүт араласқан ботқасы суыды. Чен Чжен ботқа құйылған табақты іргенің жанындағы қазан-аяқ сөресінің үстіне қойды. Сосын есікті өзі өте алатындай ақырын ашып, ептеп шықты да, есікті жылдам қайта жапты. Эрлаңнан басқа бір топ төбеттер мен күшіктердің бәрі құйрықтарын бұлғақтатып жетіп келді. Сарытөс пен Ілбіс алдыңғы сирақтарын Чен Чженнің кеудесіне қойды. Сарытөс тілімен оның иегін жалап, аузын айқара ашып ыстық ықыласын білдірді. Үш семіз күшік алдыңғы аяқтарымен оның балтырына жармасып, шалбарына жұлмалап жатыр. Ал бөлтірік керісінше тікелей есіктің саңылауына аяңдап, тұмсығын саңылауға сұғып, отаудың ішінен аңқыған ботқаның хош иісін құшырлана иіскеледі, сондай-ақ кішкене аяғымен есікті тырмалап, жедел ішке кіруге ұмтылды.
Чен Чжен өзін көп балалы жалғыз басты әкедей сезінді. Өзі жанындай жақсы көрген және тамақ тілеп қыңсылаған бір топ перзенттерін көріп, қайткенде олардың көңілін тауып, бәріне бірдей мәміле жасауды білмеді. Ол бөлтірікті өте жақсы көреді, бірақ өзі мәпелеп өсірген осы қымбатты иттердің біреуіне де жәбір-жапа түсіргісі келмеді, ренжіткені үшін жүрегі ауырды. Ол дереу бөлтірікке тамақ бере алмады – алдымен иттердің көңілін әбден ауламақшы болды.
Чен Чжен Сарытөс пен Ілбісті алма-кезек бел ортасынан құшақтап, сол жерде көтеріп, бірнеше рет айналдырды. Бұнысы оның екі үлкен итке білдірген ең ізгі пейілі, сый көрсетуі еді. Жайраңдаған олар Чен Чженнің иегін жалап, сулап жіберді. Одан кейін ол бір-бірлеп күшіктерді қолтығынан алып, әуеге көтерді. Оларды жерге қойғаннан кейін ешқайсысын қалдырмастан бастарынан сипап, арқаларынан қағып, жүнін сипалады. Иттердің көңілін осылай аулау бөлтірікті асырап алғаннан кейін тіптен көбейген. Бөлтіріктің келуінен бұрын иттерді бұндай қалыптан тыс аялаудың қажеті болмайтын. Бұрын Чен Чжен өзі айрықша жақсы көрген иттерді еркелеткісі келген кезде ғана осылай істейтін. Ал бөлтірік пайда болғаннан кейін, иттерге үнемі еселеп жақсы көретінін білдіру қажет болды. Әйтпесе, олар иесінің мейір-махаббаты әлдеқашан бөлтірікке ауғанын байқап қалса, олардың қызғанышы қозып, бөлтірікті талап өлтіруі мүмкін еді. Чен Чжен көшпелі мал шаруашылығы шарт-жағдайда ойнақтаған бөлтірікті асырау құдды жарылғыш оқ-дәрі салынған қойманың жанында жүргенге ұқсайтынын расында да ойламаған еді. Әр күні қалтырап-дірілдеп, алаңдаумен өмір сүреді екенсің. Осы күндері әлі де төл алу, қозыларды қатарға қосу қарбалас мезгіл болғандықтан, малшылар өте сирек қыдыратын. Малшылардың басым бөлігі оның бөлтірік асырағанын әлі білмейді. Естігені болмаса, ешкім келіп көрген емес. Ал кейін не қайтпек? «Жолбарысқа мініп алып, жерге түсе алмады» деген мақал бар еді. Ал көк бөріге мінгеннің жерге түсуі тіпті де қиын ғой.
Ауа райы барған сайын жылынуда. Қысқы соғым жібігеннен соң, сүйектердің етін сылып алынып, желге кептірілді. Желінбеген сүйектердің еті де сыдырылып желге қақталды. Артылып қалған сүйектердің үстіндегі еттер те қатып, иістенген жер жаңғағындай сасық иісі шықса да, көктемнің соңғы кезеңінде иттерге табылмайтын азық болып саналады. Чен Чжен арбаның үстіндегі ет себетіне беттеді, артынан бір топ ит ілесе кетті. Осы жолы ең алдында Эрлаң төбет жүрді. Чен Чжен оның басын тақымымен қысып алды. Бұл төбет адамдардың мінезін түсінетін. Өзіне тамақ берілетінін білген ол басын Чен Чженнің санына үйкелеп, алғысын білдіргендей болды. Чен Чжен арбадан сүйекті еттер салынған бір тоқыма себетті алып, әрбір иттің тәбетіне қарай үлестіріп берді және жалма-жан отауға қарай тез аяңдады.
Бөлтірік әлі де есікті тырнап, тістелеп тұр екен. Асыраған бір айдың ішінде ол әжептәуір үлкейіп, төрт аяғы ұзарып, тың тұратын болып, нағыз қасқырға біраз ұқсапты. Ең анығы, оның көзіндегі көгілдір пердесі толығымен түсіп, сұрғыш көзі мен инедей өткір қарашығы айқын көрінді. Аузы мен тұмсығы да ұзарыпты. Екі құлағы да мысықтың құлағына ұқсамай, ұзара бастады, төбесіне үшбұрышты екі қалақ тікесінен орнатылғандай көрінеді. Маңдайы әлі де құдды жарты резеңкі доптай доп-домалақ. Бөлтіріктің күшіктер тобының ішінде еркін жүргеніне он шақты күн болды. Ол күшіктермен әбден үйірлесіп, бірге ойнауды шығарды. Алайда, қарайтын адам болмаған кезде және кешке Чен Чжен оның қашып кетуінен сақтану үшін апанына апарып қамайды. Сарытөс пен Ілбіс нәсілі бөтен бұл жабайы жануарды зорға қабылдағанмен, одан қашқалақтап жалтарады. Бөлтірік Ілбіске жақындап, артқы аяқтарына тұра сала оның емшегін тістей қалса, ұрғашы ит тұмсығымен оны түртіп, бір жаққа домалатып жібереді, тіпті бірнеше рет жығып тастайды. Тек Эрлаң ғана достық-жақындығын көрсетіп, бөлтірікті өз кеудесіне шығарып алып ойнайды. Бөлтірік оның бауырында және басының үстінде асыр салса да, жүнін тістеп, құлағынан тартса да, тіпті үстіне сиіп-тышса да назарға алмады. Эрлаң сондай-ақ бөлтірікті жиі жалайтын. Кей кезде өзінің үлкен тұмсығымен бөлтірікті жерге құлатып, жүні аз құрсағын дамылсыз жалап-жалап қояды. Оның бұл әрекеттері бөлтірікке мейірлі әкенің қимылдарына ұқсайтын. Бөлтірікке өзінің бұрынғы апанында өмір сүргендей сезілетін. Алайда, Чен Чжен іс жүзінде бұл нағыз өз үйі еместігін бөлтірік көзін ашудан бұрын-ақ иіскелеп білгенін байқаған. Көкжалдардың иіскеу сезім-түйсігі олардың көру қабілетінен әлдеқайда ерте жетіледі.
Чен Чжен бөлтірікті лып етіп құшақтап, көтеріп алды. Алайда, ол бөлтіріктің тамақтануға асыққан уақытта, оған мүлдем жақындамайтын. Есікті айқара ашып, киіз үйге кірген Чен Чжен бөлтірікті темір пештің алдына қойды. Бөлтірік киіз үйдің шаңырағынан түскен күн нұрына өте тез бейімделді. Оның жанары дереу ыдыс аяқ сөресінде тұрған алюмин табаққа қадалды. Чен Чжен саусағымен ботқаның ыстық-суығын байқап, өз дене температурасынан төмендегенін көрді. Бұл дәл бөлтірік ең ұнатып жейтін қалыптағы температура еді. Бөрі – қайнаған ыстықтан қатты қорқатын жабайы жануар. Бір жолы ыстық ботқаға күйіп қалған бөлтірік қорыққанынан құйрығын бұтына қысып, тұла-бойы дірілдеді. Сыртқа қашқан ол аузын айқара ашып, қардың қалдығын дамылсыз жалаған-ды. Ол қатарынан бірнеше күн бойы сол табақтан үркіп жүрді. Кейін Чен Чжен оны жаңа алюмин табаққа ауыстырған соң ғана бөлтірік қайтадан тамақтанатын болды.
Бөлтіріктің шартты рефлексін күшейту үшін Чен Чжен «Бөлтірік, бөлтірігім. Тамақ.... іше.... ғой» деп әрбір сөзін нақты дауыстап айтады. Осы сөйлем аяқталмай жатып, бөлтірік лып етіп жоғары секіре бастады. Оның «Тамақ іше ғой» сөйлеміне аңғарысы тазылардың бұйрықты тыңдау реакциясынан да шапшаң болды. Чен Чжен табақты жалма-жан жерге қойып, екі қадам артқа ойысып, жүресінен отырды һәм бөлтіріктің тамақты төңкеруінен сақтану үшін пештің қалақшасымен табақтың бір жағын баса қойды. Бөлтірік кенеттен тамаққа бас салып, қомағайлана жалмай бастады.
Жер-жаһанда қасқырлар ғана нағыз тойымсыз жануарлар болып табылады. Олармен салыстырғанда, адамдарды тойымсыз ашқарақ деп атау расында да тым асырып айтқандық. Адамдар ірі ашаршылық кезінде ғана көкжалдар сияқты жыртқыштық пен ашқарақтық көрсетеді. Алайда, күнде-күнде дүркін-дүркін жеткілікті тағамдардан қарны қампиып тамақтанатын мына бөлтірік алдына ас әкелінгенде, аспан айналып жерге құлайтын секілді аш бөрідей жанталаса тамақты жалмап жейді. Қасқырлар тамақтанған уақытта, мүлдем тас бауыр болады, туыстықты танымайды, көзіне ешнәрсе көрінбей кетеді. Бөлтірік өзіне күн сайын шыдамдылықпен бағып, тамақ пісіріп беретін Чен Чженге де жақсы пейіл танытпайды. Керісінше оны құдды тамағын тартып жейтін, жанын алатын ата дұшпан ретінде көреді.
Чен Чженнің бір айдан бері бөлтірікке әртүрлі жақтан жақындасуы қарқынды болды. Оны сипайтын, құшақтайтын, сүйетін, мыжғылайтын, көтеретін және денесін қаситын болды. Бөлтірікті басының үстіне отырғызып, иығына мінгізді. Тіпті мұрнын оның тұмсығына тигізетін, сондай-ақ саусағын бөлтіріктің аузына салатын болды. Дегенмен, ол тамақтанған кезде, Чен Чжен оған мүлдем тиісе алмайды, тек алыстан қыбырламай бір шетте жүрелеп отырады. Ол сәл қозғала қалса, бөлтірік жыртқыштығын көрсетіп, жотаның тіп-тік қара жүндерін тікірейтіп, қарлыққан жуан дауыспен ырылдап айбар көрсетеді. Сондай-ақ артқы аяқтарын жерге нығыздап тіреген халде атылатын қимылдар жасайды. Барша күшпен адамдармен алыса кететін әлпет танытады. Чен Чжен оның осы бір әдетін біртіндеп өзгерту үшін гаоляң (кәулен) сыпырғышымен оның арқасының жүнін ептеп сипамақшы болды. Алайда, бөлтірік сәл созылған сыпырғышқа елеурей атылып, қарс етіп тістеп, барша күшпен артқа қарай жұлқылады һәм Чен Чженнің қолынан тартып алды. Шошып кеткен Чен Чжен артқа бірнеше қадам шегінді. Бөлтірік бір қозыны кенеттен алқымдаған іспетті, сыпырғыштың ұшын тістеген халде ызалана бұлғақтатып, іркілместен оның бір түп шыбықтарын жұлып алды. Бұған көне қоймаған Чен Чжен осымен тоқтамай, бөлтірікке бірнеше рет тиісіп көрді. Әр жолы бөлтірік турадан-тура сыпырғышты бірге сыйыса алмайтын қас дұшпанындай көріп, бірнеше рет жұлқып, оның күл-талқанын шығарды. Гао Цзянчжуң жақында сатып алған осы жаңа сыпырғыштың ең ақырында сойдиып сабы ғана қалған. Бұған ашуланған Гао Цзянчжуң соның сабымен бөлтірікті бір-екі рет сабалап та жіберді. Бұдан кейін Чен Чжен бөлтірік тамақ жеген кезде оның басын сипалау сияқты арманын уақытша қоя тұрған.
Осы жолы пісірілген сүтті ботқа жайшылықтағы ботқалардан екі есе көптеу болды. Чен Чжен бөлтіріктен асып қалған азыққа аздап сүт және уатылған ет қосып, сұйық ботқа жасап, күшіктерге бермекші болған. Алайда, ол бөлтіріктің тамақты қомағайлана жеген қарқынын көріп, оның жарытып ешнәрсе қалдырмайтынын мөлшерледі. Чен Чжен осы тамақ жеу әдетінен-ақ оған дала көкжалдарының ғасырлар бойы жинақтаған қасиетінің түгелдей мұра болып қалғанын байқады. Бөрілер соғыс кезеңіндегі әскери адамдардың қасиетіне ие. Тамақ ішуі де соғысқанына ұқсайды. Немесе нағыз әскерилерде қасқырлардың сипаты бар. Егер тамақ ішкен кезде елеуреп асамаса, шапшаң жұтпаса, соғыс жағдайында келесі асын бәлкім ол дүниеде жейтін болады. Бөлтірікке қадала қарап отырған Чен Чженнің бір сәт көңілі құлазыды: ол шашы ұйпа-тұйпа, бет-ауызы кір-қожалақ, тамақты апыл-құпыл жалмайтын үйсіз-күйсіз қаңғыбас баланы көргендей болды. Оның тамақ жеуі өз уақытында бастан кешірген аянышты тағдыры мен тақсыретінен дерек береді. Егер осылай тамақ үшін жанталаса күреспесе, жолбарыстар мен аюлар өмір сүре алмайтын таулы үстірттегі суығы қатты бұл Моңғолия даласында көкжалдар қалай мойымас қайсарлықпен өмір сүре алды десеңші.
Чен Чжен бұдан дала бөрілерінің ауыр да машақатты тіршілігінің бір шетін көргендей болды. Көбею қабілеті өте жоғары болған қасқырлардың арасында іс жүзінде өмірін сақтап, аман қалатындары 10/1-не жетпейді. Білге-атаның айтуынша, Тәңір кей кезде көкжалдарды да рақымсыз жазалайды: кең далада тізеден асатын қалың қар қауырт жауғанда олардың басым бөлігі аяздан үсіп өледі немесе аштан қырылады. Аспан мен жерді қымтаған сұрапыл дауыл және үлкен өрт те оларды топ-тобымен өртеп, ащы түтінге тұншықтырады. Апат жайлаған аймақтағы ашаршылықтан ауып келген аш бөрілердің ірі тобы да жергілікті қасқырлардың жартысынан көбісін қырып тастайды. Бұған малшылардың ерте көктемде індерді қазып, бөлтірік алу, күзде қақпан құру, қыстың басында қоршап аулау, қақаған аязда мылтықпен атып өлтіру және басқа да амалдарын қосыңыз. Бұл нәубеттен аз санды көкжалдар сәті түсіп, аман қалады екен. Ақсақалдың сөзінше, дала бөрілерінің бәрі сол аш қасқырлардың ұрпағы екен. Әдетте, молшылықта өмір сүрген, азық-түліктен тарықпаған жергілікті көкжалдар аштыққа душар болып, сырттан ауған аш бөрілерден жеңіледі. Моңғолия даласы ежелден қанды соғыс алаңы болып келген. Ең мықты, ең ақылды, ең азықты тауып жей алатын, қарны әбден тойған кезде де аштықтың дәмін есінен шығармайтын қасқырлар ғана қайсарлықпен аман қалып, өмір сүруді жалғастырады.
Бөлтірік тамақ салынған табақты адуынды шабуылдауда. Чен Чжен оған қараған сайын көкжалдың тағдырындағы азықтың мән-мағынасын аңғарды. Қатаң да аяусыз табиғи сұрыпталу бәсекесінде асыл тұқымды ұрпақтың өзі де егер өз азығы үшін күресе алмаса, жұлқысып таба алмаса, аузына азық тигенде қорқынышты ашаршылықты ойламаса, қазіргі әрбір сүйек пен еттің қалай алынатынын білмесе, онда олар бөрілер әлеміндегі тапал да жатаған келбетсіз жануарға айналып, ең ақырында рақымсыздықпен ығыстырылып тасталады.
Дала қасқырлары тіршілік етудің көптеген қасиетті ұстанымдарын ұстанатынын, атап айтқанда азық үшін жанын сала күресу, ар-намысын қорғау, дербестігін сақтау солардың ішіндегі түбірлі ұстанымдар екенін Чен Чжен бірте-бірте байқады. Ол бөлтірікке тамақ берген кезде, иттерді тамақтандыру барысындағы өзін жоғары қоюдан, жарылқаушы да құтқарушы ретінде сезінуден толығымен жұрдай болады. Бөлтірік жақсылықты мүлде білмейді. Оның санасында өзінің адам тарапынан бағып-асыралып жатқаны деген ұғым мүлде жоқ. Ол төбеттер секілді иесінің тамақ әкелгенін көре сала құйрығын бұлғақтата масайрамайды, басын шұлғып алғыс білдірмейді. Бөлтірік өзін бағып-өсіріп жатқан Чен Чженге титтей де ризалығын көрсетпейді, бұл табақтағы тамақты оған адам беріп отыр деп те санамайды. Қайта бұны өзі таласып, өзі тартып алған деп есептейді. Ол өзі таласып алған тамағын жанталаса қорғайды, тіпті жанын пида етуден де тайынбайды. Чен Чжен мен бөлтіріктің арасындағы қарым-қатынастарда асырау, бағып-қағу деген сөздер жоқ: бөлтірік бағып алынған емес, тек уақытша қамалған. Оның жан сала азық үшін күрескен мінезінен елден ерек һәм жұрттан бөлек бас имейтін рухтың оны тіреп тұрғаны байқалады. Осы ойдан Чен Чжен бір сәт тұла-бойының мұздағанын, арқасының тітіркегенін сезінді. Ол мына бөлтіріктің өз қолында тұра алатынын, оны бағып өсіре алатынын білмей, дал болды.
Чен Чжен ең ақырында бөлтірік тамақ жеп жатқан кезде оның арқасын сипау ниетінен айнып, оның сүтпен біткен осы асыл қасиетін құрметтеуді ұйғарды. Кейін бөлтірікті әрбір тамақтандырған уақытта ол үш қадам алыста тырп етпей отырып, оның қомағайлана тамақ асауына ешбір кедергі келтірмейтін болды. Өзі де бөлтіріктің тамақтанғанын бір шетте үнсіз қарап, көкжалдардың тәлімін ыждағатпен қабылдады.
Көзді ашып-жұмғанша бөлтіріктің қарны жарылатындай қампиып кетті. Оның тамақты жалмау қарқыны айрықша баяулады, бірақ әлі де басын көтермей құлшына асап жатыр. Чен Чжен оның қарны әбден тойғаннан кейін тамақты талдай бастағанын байқады. Бөлтірік алдымен ботқадағы ұсақ-түйек еттерді, әсіресе шашыраған ет түйіршіктерін жейді екен. Кішкене қысқашқа ұқсаған оның өткір тілінің ұшы әрбір ұсақ ет түйіршігін іліп алып, ауызға салды. Алуан түсті ет сорпасы бір демде сарғыш тары көжеге айналды. Чен Чжен адырайып қарады: бөлтірік әлі де тілінің ұшымен әлдебір нәрселерді алып жеуде. Тағы мұқият қараған Чен Чжен қуанып қалды: бөлтірік сарғыш көженің ішіндегі ақ түсті майлы ет пен шеміршекті талдап жеп жатыр екен. Бөлтірік бір жағынан талдап жеуде, бір жағынан шошқа сияқты тұмсығымен табақты түрткілеп, ішіндегі барша етті тағамдағы майсыз ет, майлы ет пен шеміршектерді жерге түсірмей ауызға салуда. Қанағаттанбаған бөлтірік тағы бірнеше рет табақтағы тамақты ақтарып, бір ұсақ еттің жұрнағын да таба алмаған сәтте, бұрынғыдай басын көтермеді. Чен Чжен мойнын созып, оның тағы не істегісі келгенін егжей-тегжейлі көріп, күлкісі келді. Бөлтірік тілімен ботқаның қалдығын сығып, ішіндегі сүтті сіміріп жатыр. Сүт те бөрілердің дәмді азықтарының бірі екен. Бөлтірік ақырында басын көтерген кезде, табақ толы хош иісті сүт пен еттен дайындалған ботқаның титтей де майлы сорпасы қалмаған еді. Иісі кеткен дәмсіз тарының қалдығы ғана қалыпты. Чен Чжен қарқылдап күлді: бұл бөлтіріктің осынша қомағай да зерек болатынын ойламаған-ды.
Чен Чжен амалсыздан табаққа ұсақ уатылған ет пен қалған-құтқан сүт қосты, аздап жылы су құйып, жарты табақтан асатын сұйық ет ботқаны теңшегендей болды. Алайда, ол қаншама араластырса да, сұйық су ботқа болды. Чен Чжен тамақты киіз үйдің сыртына алып шығып, иттердің табағына құйды. Күшіктер қаптап жүгіріп келді, бірақ дереу қанағаттанбағанын білдіріп, қыңсылады. Чен Чжен мал шаруашылығының жапа-машақатын сезінді. Итті асырау да мал шаруашылығына тиесілі бір ауыр жұмыс ғой. Бұған бір бөлтірікті бағуды қоссаңыз оның жапасы бұдан да ауыр болады екен. Ал бұл жапа-машақатты ол өз ризалығымен, өз пейілімен тілеп алған-ды.
Құрсағы қампиғаннан қозғала алмай жерде жатқан бөлтірік сорпаның қалдығын ішкен күшіктерге алыстан қараумен болды. Ол әбден тойса барлық шартқа оңай келісетін. Чен Чжен оның қасына жақындап, жылы лебізбен «Бөлтірік, бөлтірігім» деп шақырды. Бөлтірік шалқасына аунап, төрт аяғын ербеңдетіп, құрсағын аспанға қаратып, басын жерге жабыстырып, сотқарлық та тентектікпен Чен Чженге көз тікті. Алға шығып бөлтірікті құшақтаған Чен Чжен оны қолтығынан көтерген бойы бес-алты рет жоғары лақтырды. Бөлтірік әрі шошыды, мәз болды. Қуанғанынан езуі қисайып, құйрығын бұтына нығыздап қысты, аяқтары ақырын дірілдеді. Дегенмен, бөлтірік Чен Чженнің бұл қылығына біршама үйреніп алды. Ол бұны достық әрекеті деп білетін сияқты. Чен Чжен бөлтірікті төбесіне тағы шығарып, иығына мінгізді. Алайда, бөлтірік қорыққанынан тырнағымен жігіттің жағасына қатты жабысып алды.
Чен Чжен оны жерге түсіріп, өзі малдас құрып отырды және бөлтірікті тізесіне шалқасынан жатқызып, үйреншікті әдетімен қарнына массаж жасады. Ұрғашы иттер мен құртқалардың күшіктерге тамақтан кейін оңай қорыту үшін істейтін осы жұмыс қазір Чен Чженге ауысқан-ды. Бұл әрекетті қызық көретін Чен Чжен алақанымен бөлтіріктің қарнын баяу сипап, бір жағынан оның рақаттана қыңсылауын тыңдады, екінші жағынан оның кекірген, осырған дыбыстарын естіп мәз болды. Тамақ жеген уақытта тағылығын көрсететін бөлтірік осы сәттерде сөзді тыңдайтын күшікке айналып қалады. Алдыңғы екі аяғымен Чен Чженнің саусағын құшақтап, дамылсыз жалап-жалап қояды, сондай-ақ үшкір азу тістермен ақырын ғана тістейді. Бөлтіріктің жанарынан да мейірімділік еседі. Әсіресе, сипалағаннан жаны айрықша рақаттанған кезде оның күлімсіреген көздері нұрға толады. Ол Чен Чженді өгей шеше міндетіне сәйкес келетін адам ретінде көретін секілді.
Бөлтірік Чен Чженге машақат тартқызумен бірге, оны қуанышқа да еселеп бөлеген екен. Осы сәтте Чен Чжен кенеттен сонау ежелгі заманда немесе нақты қай жер екені белгісіз қазіргі кезде бір мейірбан құртқа сүтке тойған «асыранды адам баласының» қарнын тілімен жалағаны, тыр жалаңаш сәбидің мәз-мейрам болып, өз аяғының бармағын тістелеп, уілдеп күлгенін есіне алды. Бір топ үлкенді-кішілі қасқырлар осы балпанақтай балаларын жан-жақтан қаумалап, берекелі өмір сүргені, тіпті езуінде ет әкеліп жегізетін-ді. Ежелгі заманнан қазіргі уақытқа дейін жер бетінде құртқалар қаншама адам баласын бауырына басып асыраған-ды. Ал адамдар қаншама бөлтірікті асырады екен? Көп жылдардан бері Чен Чжен көкжалдар туралы ғажайып риуаят-аңыздарды көп естісе де, дәл бүгін олардың жанында тұрып, мейірлі де адал ниетін өзі сезініп, өз алақанымен ұстай алады. Оның көңілі алып ұшып тебіренді. Әлемдегі барша асыранды балалардың атынан, ежелгі ғұндар, қаңлылар, түрктер немесе ертедегі римдіктер, Үндістан мен Совет Одағының балаларын асыраған құртқаларға адамзаттың құрметі мен жақсылығын қайтаруды қалады. Чен Чжен еңкейді және өз мұрнын бөлтіріктің сулы тұмсығына түйістірді. Бөлтірік күшіктер секілді оның иегін бір жалады. Осы қылық Чен Чженді желпіндірді және әсерлендірді. Бұл – бөлтіріктің оған тұңғыш рет сенім білдіруі еді. Жігіт пен бөлтіріктің арасындағы сүйіспеншілік тағы бір қадам тереңдеді. Чен Чжен мұндай кіршіксіз пәк достықтың ептеп дәмін татып, ләззәттанып, өз өмірінің сонау ежелгі қиыр-шалғайға тұтасқанын сезді. Кенеттен ол бір сәтке өзін тым қартайғандай сезініп, адамзаттың балалық дәуіріндегі жыртқыш та сәби жүрегі әлі де сақталғанын білді. Оны жалғыз ғана алаңдатқаны – мына бөлтірік түз-даладан табылмады, сондай-ақ кеселден немесе шайқаста өлген құртқаның тастандысы немесе жетімегі де емес. Ондай түпкі де табиғи махаббатқа бөлеп асырап алу және тәрбиелеу бір бөлек. Ал оның қарақшыдай барымталап әкеліп бұндай бағып-өсіруі керісінше жасанды ниетке лық толы. Ол өзінің құмарлығы мен зерттеулерін қанағаттандыру үшін ел ішінде күні бүгінге дейін таралған адамдар мен бөрілер жөніндегі тамаша аңыздарға мәжбүрлі сипатта керісінше жасауға ұмтылды. Ол бөлтіріктері әкетілген өлекшіннің өш алуынан үнемі алаңдай берді. Бәлкім, бұл ғылым және өркениеттің даму барысының рақымсыздығы мен шарасыздығы болар? Чен Чжен тек бұндай рақымсыздық пен жаңа жабайылықты Тәңірдің түсінуін ғана тілейді. Оның түпкі ойы – осы арқылы дала халықтарының бөрі тотемінің рухани аясын тереңдеп зерттеу.
Эрлаң төбет өзінің тамағын жеп болған соң, Чен Чженге қарай ақырын жүрді. Ол Чен Чженнің бөлтірікті құшақтап, қарнын сипағанын әрбір көрген кезде, оларға жақындап баратын және екеуіне қызыға қарайтын. Кейде бөлтіріктің жанына барып, оның қарнын жалайтын. Жігіт қолдарын созып, Эрлаңның басын сипағанда, төбет оған қараған халде ептеп езу тартатын. Чен Чжен бөлтірікті бағып алғаннан кейін, Эрлаң екеуінің арасы ойламаған жерден жақындай түсті. Оның өз бойында да тағылық пен қасқырдың қасиеті болғаны ма? Оның үстіне, бұл қасиетті Эрлаң иіскелеп білді ме екен? Егер нақ осылай болса, қызық болар еді: тағылыққа және көкжалдың сипатына ие болған адам, жыртқыштық пен бөрінің қасиетіне ие болған төбет және нақ қасқырдың өзін қосқандағы үшеуі жабайылық пен көкжалдың қасиет-сипаты толған осы байтақ сахарада бірге тіршілік етуде. Ондайда жігіттің эмоциялық жасы кенеттен ұлғайғандай болды. Ол ақыр аяғында ежелгі заманнан тікелей қазіргі дәуірге дейін жалғасқан барлық ақиқат сезіміне ие болғанын сезді. Оған көне заманның сезімі шындыққа айналған сайын, өз өмірі соғұрлым ұзаратын сезінді. Сонда қазіргі заманның адамдары жалпы алғашқы қоғамдық ортаны шарлағысы келгені ме? Соқыр сезім ішінде кері бағытпен жүру арқылы өз өмірін «ұзартқаны» ма? Чен Чженнің өмірі күтпеген жерден құртқалар асыраған балалардың аңыздарынан да айрықша болып кетті.
Чен Чженнің аңсары дала бөрілеріне ауғаннан бері тұла-бойында жабырқаған және мезі болған әлсіз қаны азайып жатқанын, ал оның орнына тамырларында қасқырдың жат қаны ағыла бастағанын сезді. Өмірі де жайқала түсті. Бұрынғы мәнсіз де дәмсіз тұрмысы кемелденді, толықсыды, тасқындады. Ол өзінің өмірі мен тұрмысын қайта танығанын сезді, өз ғұмыры мен тұрмысын қастерлейтін және сүйетін болды. Ол «Өмірді сүю» романының неліктен өліп бара жатқан көкжалмен бірге байланысты болғанын түсіне бастады. В.Ленин хал үстінде жатқан кезде әйеліне неліктен Джек Лондонның «Өмірді сүю» романын қайта дауыстап оқытуының себебін білді. В.Ленин адам және бөрі арасындағы өмір мен өлім үшін арпалысы туралы әңгімені тыңдап жатып, қаннен-қаперсіз көз жұмған екен. Оның жаны бөтен ұлттың бөрі тотемімен бірге К.Маркс кеткен жерге аттанған болса керек. Жаһанда өміршеңдігі ең тасқындаған ұлы тұлғалардың бәрі шөлейт далаға және қасқырлар мекеніне барып, өмір мен тіршіліктің энергиясын іздеген ғой. Олардың қасында Чен Чжен қарапайым да жай адам ғана ғой.
Чен Чженнің ой-қиялы біртіндеп алысқа шарықтады. Кенет ол тіршілік ақиқаты мен сыры қозғалыста емес, күресте екенін сезінді. Сүт қоректі жануарларда әуелден-ақ сан миллиондаған сперматозоид ұрықтар бір ғана шайқасқа түсу үшін өліспей беріспейтін жауынгерлік рухпен бір аналық ұрықты қабат-қабат ұршықтай үйіріліп қоршап шабуылдайды. Бірінің соңынан бірі аттанған олар үздіксіз бір-бірін қырып-жояды. Содан жатырдың іші көлденеңінен өлген ұрықтарға толады. Әрекеттенсе де күреспейтін, ағылса да шабуыл жасамайтын сперматозоидтардың бәрі аяусыз ығыстырылып, сідікпен бірге сыртқа шығарылады. Тек жауынгерлік қуаты ең күшті де қайсар ұрық ғана сан миллиондаған туысқан аға-інілерінің өліктерін аттап өтіп, батырларша қаһармандықпен шайқасудың арқасында ғана аналық ұрыққа баса-көктеп кіре алады және онымен қосылу арқылы жаңа бір тіршіліктің эмбрионын құрайды. Осы кезде аналық ұрық сперматозоидтарды қырғындайтын сұйықтықты үздіксіз шығарып, қауқарсыз да жауынгерлік қабілеті болмаған барлық аталық ұрықтарды жояды. Өмір күрестен туылады екен, ал күрес тіршіліктің негізгі мәні болып табылады. Егін шаруашылығы негізінен бейбіт еңбекке негізделгендіктен, әлемде көптеген егінші халықтардың ұлы өркениеттері құлатылып жойылды. Ал аңшылық пен көшпенді мал шаруашылығы, теңізшілік пен сауда-өнеркәсіп әрдайым рақымсыз сұрапыл аңшылық күрес, әскери шайқас, теңіз соғысы және сауда соғысы секілді бәсекелі күреске негізделеді. Қазір дүние жүзіндегі озық дамыған елдердің бәрі көшпенді, теңізде кезу және сауда-өнеркәсіппен шұғылданған халықтардың ұрпағы-дұр. Екі ірі мемлекет тығыз бітеп тастаған Солтүстік Азияның суық та құнарсыз үстірт аймағында, яғни құрлықтың ішінде орналасқан, жан саны аз моңғол ұлтының жойылмауының себебі: тарихта өткен ежелгі Мысыр, Вавилон, Үндістанның егінші халықтарымен салыстырғанда анағұрлым жауынгерлік қуат пен өміршеңдікке ие болуы.
Бөлтірік Чен Чженнің аяғының үстінде тынымсыздана айналшақтай бастады. Жігіт оның сиіп-тышқысы келгенін біле қойды. Эрлаңды көріп қалған бөлтірік онымен де бірге ойнағысы келді. Чен Чжен қолын босатты. Бөлтірік жерге секіріп түсіп, сиіп алды. Сосын Эрлаңмен алыса кетті. Жерге қуана жата қалған төбет күшіктердің алысып ойнайтын «жасанды таулы жотасына» айналды. Бөлтірік Эрлаңның арқасына өрмелеп шығып, асыр салып ойнады. Күшіктер де оның арқасына шығып ойнағысы келген еді, бірақ бөлтірік бәрін де итеріп түсірді. Тау төбесін басып алған патшаға ұқсаған ол қарлыққан үнмен ырылдап, айбар шекті. Кенеттен екі еркек күшік бірге шабуыл жүргізіп, бөлтіріктің құлағы мен құйрығынан жармаса тістеді және оны өздерімен бірге төбеттің арқасынан домалатып түсірді. Үш күшік бөлтірікке тап беріп, оны таптады, бей-берекет тырнады, тістеп жұлқылады. Бөлтірік күйіп-пісіп бұлқынған халде аяқтарымен жанталаса қарсыласты. Тоқтаусыз ұрғылаған ол жердің шаң-тозаңын аспанға көтерді. Алайда, көп өтпей Чен Чжен бір күшіктің зарлап шәңкілдеген үнін естіді. Бір күшіктің аяғынан қан ағып тұр екен. Бөлтірік ойламаған жерден ойыннан от шығарыпты.
Әділдікті қалпына келтіруді ұйғарған Чен Чжен бөлтіріктің желкесінен көтеріп, күшіктің алдына әкелді һәм оның басын күшіктің жараланған аяғының алдына қойып, тұмсығын күшіктің аяғына түйістірді. Алайда, бөлтірікте қателікті мойындайтын ниет те көрінбейді. Ол тұмсығын тыржитып, тістерін ақситып, көкжалдық айбатын көрсетіп еді, зәресі ұшқан күшіктер Ілбістің артына барып тығылды. Ашуы кернеген Ілбіс алдымен күшіктің жарасын бірнеше рет жалады, сосын бөлтірік жаққа аузын арандай ашып елеурей ырылдады, қауып алу үшін езуін кең ашты. Чен Чжен жалма-жан бөлтірікті құшақтап, жалт бұрылып кетті. Қорыққанынан оның жүрегі қатты дүрсілдеп кетті. Қай күні екі үлкен иттің бөлтірікті қауып өлтіруі оған беймәлім ғой. Қапас тор және қора болмаған шарт-жағдайда, осынша өктем де ерке бөлтірікті асырау оны әбден алаңдатты. Чен Чжен дереу Ілбістің басын сипалап, арқасынан қағып, көңілін аулаған соң, әйтеуір иттің ашуы қайтты. Чен Чжен бөлтірікті қайта жерге қойды. Ілбіс оны елемеді. Үш күшікті ертіп, ойнау үшін шеттеу жерге кетті. Бөлтірік Эрлаңның арқасына қайта өрмелеп шықты. Ең ғажабы: жыртқыш та жауыз Эрлаң бөлтірікке әрқашан кеңпейіл де мейірімді болды.
Тамақтандыруды аяқтаған Чен Чжен өгіз арбаны реттеуді бастады, жаңа жайлауға көшудің дайындығын істеді. Кенеттен ол өгіз арбаға біраз ағаштарды тиеген Білге-атаның оның киіз үйіне келе жатқанын көрді. Чен Чжен асып-сасып арбадан қарғып түсті де, бөлтірігін ұстап, шұңқырға салып, үстін ағаш тақтаймен жауып, үлкен таспен басып қойды. Жүрегі дүрсілдеген ол бір үлкен тастың басып тұра алатынына үміттенді.
Күшіктерін ілестірген Сарытөс пен Ілбіс құйрықтарын бұлғаңдатып, қарияның алдынан жүгіріп шықты. Чен Чжен шапшаң алға шығып, ақсақалдың өгізін байлап, арбадағы нәрселерін түсіруге жәрдемдесті. Сонымен бірге қарияның қолындағы ағаш құрал-саймандары салынған зілдей ауыр дорбаны алды. Әрбір ұзаққа көшіп-қону сапарының алдында ақсақал зиялы жастардың өгіз арбаларын жөндеп беретін.
- Аа.... Ата, өзім де ептеп-септеп арбаны жөндеп алатын едім ғой. Сіз бұдан кейін біздің арбаны жөндеймін деп әуре болмаңыз, - деді көңілі қобалжыған Чен Чжен.
- Ептеп-септеп болмайды. Бұл жолы тым алысқа көшеміз. Оның үстіне, дайын жол жоқ. Бұрын арбаның ізі түспеген. Екі-үш күн жол жүру керек. Бір үйдің арбасы жарты жолда қалса, бүкіл отряд пен топтардың арбаларына кесірін тигізеді, - деді қарт.
- Ата, алдымен үйге кіріп, шай ішіңіз. Мен жөнделетін арбаның жүктерін түсіріп, босатып қояйын, - деді Чен Чжен.
- Сендердің қайнатқан шайларың қап-қара болып шығады. Ішкім келмейді, - деп ақсақал тосыннан таспен басылған ағаш тақтайға қарай жүрді, -Алдымен сен асырап жатқан бөлтірікті көрейін, - деді өңі бұзылған ол.
Үрейленіп абыржыған Чен Чжен жалма-жан қарияның жолын кес-кестеп айтты:
- Алдымен шай ішіңіз. Көрмей-ақ қойыңыз.
Сарғыш тартқан көз қарашықтарын алайтқан ақсақал ақырып жіберді:
- Бір айдан асты. Маған көрсетпейсің бе?!.
- Ата, мен бөлтірікті бағып-өсіргеннен кейін итке жұптастырып, овчарка итінің күшіктерін алмақшы едім...., - деді тәуекелге басу жөнінде берік шешім қабылдаған Чен Чжен.
Бүкіл өңі сұрланып, ашуға булыққан қария ақырып дауыстады:
- Оттапсың! Беталды оттама! Шет елдердегі бөрілерді жұптастырып, овчарка шығаруға болады. Моңғолиядағы қасқырлар өлсе де жұптаспайды. Олар иттерге қайдан қарайды? Құйрығына сүртеді ме? Бос қиялға салынба! Көкжалдың итті жегенін көресің! Сендер барған сайын асып-тасып барасыңдар. Мен сахарада өмір сүргеніме 60 неше жыл болды. Адамның бөрі баққанын естімеппін. Қасқыр адамдар тарапынан бағуға келетін жануар ма? Иттермен бірге қосып асырауға көнеді ме? Оның қасында ит деген не? Иттер адамның нәжіс-дәретін жейді, ал көкжалдар адамның мәйітін жейді. Адамның боғын жегені - адамның құлы болғанының белгісі. Адамның өлігін жегені – моңғолдардың рухын Тәңірге жеткізетін киелі жануар болғаны. Бөрі мен иттің бірі аспанда, бірі жерде. Екеуін қалай бірге асырауға болады? Әлі де қасқырды итпен жұптастырғың келеді ме? Егер де біз моңғолдар сендер қытайлардың айдаһарын бір шошқамен жұптастырсақ қытайлар не істейтін еді? Бұл – аруақтарды қорлау! Моңғолдардың ата-бабасын қорлау! Тәңірді ренжіту! Сендер жазасын әлі тартасыңдар. Мен шал да сазайымды тартамын....
Қария сөйлеген сайын ашу-ызасы тасыды. Шоқша сақалының әр талы дір-дір етті. Чен Чжен ақсақалдың осынша ашуланғанын бұрын көрмеген. Бөлтірік деген бұл жарылғыш оқ-дәрі бөшкесі ақыры жарылды. Чен Чженнің жүрегі жарылып, пәре-пәресі шықты. Осы жолы қария кәрі көкжал сияқты шындап қатуланды. Чен Чжен ашуланған ақсақалдың жатқан тасты теуіп, аяғын жарақаттауынан, тағы ызаланғаннан бөлтірікті сол таспен мыжып өлтіреді екен деп қатты қорықты. Қарияның сөйлеген сайын өшіккен бұлтартпайтын дәйектемелері Чен Чженнің өң-меңінен өтті, аузын ашқызбады:
- Сендердің бір бөлтірікті асырағандарыңды алғашқы рет естігенде, ішкі өлкелердің қытайлық оқушылары иен даланың заң-ережелерін түсінбей, сахарада тыйым салынған әдеттерді білмейді, бірнеше күн мауқын басқан соң оны жібере салады деп санағанмын. Кейін Доржы да бөлтіріктің біреуін асырап алғанын, овчаркалар шығармақшы болғандарыңды естіп, сендердің шынайы ниеттеріңді білдім. Бұл мүлде болмайды! Бүгін менің көзімше сол бөлтірікті біржақты қыласың....
Чен Чжен өзінің үлкен пәлеге ұшырағанын енді білді. Сахарада бөрі асырау – сан ғасырдан бері болмаған іс. Жауынгерді өлтіруге болады, бірақ қорлауға болмайды. Ал қасқырды өлтіруге де, табынуға болады, бірақ өсіріп-асырауға болмайды. Байтақ даланың түкпіріндегі моңғолдардың ата-мекенінде олардың Тәңірге, моңғол ұлтының ата-тегіне, арғы бабасына, соғыс рухына тағзым ететін және сахараның қорғаушы пірі болған көкжал тотемінің қасиетті жеріне келген бір қытайлық жігіттің ит асырағандай бір бөлтірікті бағуы расында да салт-дәстүрді бұзғанына, жолдан тайып азғанына жатқызамын. Егер бұл іс ежелгі замандағы сахарада туылса, онда Чен Чжен қылмысқа белшесінен батқан жат діндегі күпір ретінде қаралып, бес тұлпардың құйрықтарына байлап, сүйретіліп өлтіріліп, өлігі иттерге тасталатын еді. Мұнысы қазіргі күннің өзінде мемлекеттің аз санды ұлттар саясатына қайшы келетін, дала ұлттарының сана-сезімін ренжітетін әрекет есептеледі. Дегенмен, Чен Чженнің ең қорққаны – ол Білге-атаның көңілін шынымен де терең ауыртып ашуландырды, зиян тигізді. Өзін ежелгі даланың бөрі тотемінің сырлы рухани дүниесіне кіргізген бір моңғол қарияның көңілін әбден ауыртты. Оның үстіне, оның қолына түскен бір ұя бөлтіріктер де осы ақсақалдың біртіндеп нұсқауымен қазып алынған еді ғой. Оның мызғымастан тұра беруіне мүмкіндік қалмады, ешбір дауласа да алмады.
- Ата, - деді дірілдеген дауыспен ол.
- Мені ата деуші болма! - деп ақырды қария қолын бір сілтеп.
- Ата, ата. Мен қателестім. Даланың салтын білмедім, Сізді ренжіттім.... Ата, мына байғұс бөлтірікті қалай жайратуымды өзіңіз айтыңыз, - деп өлердей жалынды Чен Чжен. Оның көз жасы кенеттен тарамдалып ақты. Тоқтатам десе де, тоқтата алмады. Көз жасы жаңа ғана бөлтірік екеуі қуаныштан асыр салған шөпті жердің үстіне тамшылады.
Ақсақал Чен Чженге қадала қарап, сілейіп қалды. Әлбетте, ол бір мезет бұл бөлтірікті қалай жайратуды өзі де білмей тұрды. Әрине, қария оның бөлтірікті асырауы әсте овчарканың тұқымын жетілдіру үшін емес, қайта даланың бөрілеріне қатты әуестенуден туылғанын білетін-ді. Чен Чжен – өзі шын ықыласпен баулып тәрбиелеген жартылай «моңғол» баласы. Бұл жігіттің қасқырларға құмартуы моңғол жастарының басым бөлігінен де әлдеқашан асып түскен. Алайда, дәл осы жігіт ақсақалдың өмір-бақи кешіре алмайтын қылық жасады. Қария өз өмірінде ешқашан тап болмаған, ешқашан шешпеген бір іс екен бұл.
Аспанға көзін тіккен ақсақал бір ауыр күрсінді де сөйледі:
- Білемін, сендер қытайлық оқушылар құдайға сенбейсіңдер, аруақпен жұмыстарың жоқ. Осы екі жылдан бері сен барған сайын сахараны және көкжалдарды жақсы көрсең де, бірақ әлі де атаның көңілін түсінбепсің. Атаң қартайды, денсаулық жылдан жылға нашарлауда. Ұлы дала әрі жапалы, әрі суық. Моңғолдар жабайы адамдар сияқты бүкіл ғұмырын сахарада арпалысумен өткізеді. Моңғол қарттарының бәрі аурушаң, ұзақ өмір сүрмейді. Тағы бірнеше жыл өткеннен кейін атаң Тәңірдің дәргейіне кетеді. Атаңның жанын Тәңірге тікелей жеткізетін бөріні қалайша иттің үйшігінде асырайсың? Сенің бұлай жасауыңа атаң кінәлі. Сірә, Тәңір атаңның аруағын қабылдамай, Гоби шөлінің астындағы қара түнек тозаққа тастайтын көрінеді. Сахарада жұрттың бәрі сен сияқты қасқырларға құл-малайдай қараса, онда моңғолдардың жандары панасыз қалады....
Чен Чжен бәсең үнмен ақталып сөйледі:
- Ата, мен қайдан бөлтірікке құлдай қарайын. Қайта мен өзім оның малайы болдым ғой. Мен күнде-күнде моңғол ханының ханзадасына қызмет еткендей бөлтірікті күтемін: сүт сауамын, еміземін, ботқа пісіремін, ет қуырып беремін. Оның тоңып қалуынан, ауырып қалуынан, иттердің талауынан, адамдардың ұруынан, бүркіттердің бүріп әкетуінен, құртқаның тістелеп әкетуінен қорқамын. Тіпті ұйықтаған кезде де ұйқым тынымсыз болады. Гао Цзянчжуң да мені бөлтіріктің құлына айналғанымды айтты. Менің көкжалдарды ең қастерлейтін қытайлық екенімді Сіз білесіз. Тәңір бәрін көріп тұр ғой. Тәңір ең әділетті ғой. Ол Сізді кінәламайды.
Қария тағы сәл аңырап қалды. Ол Чен Чженнің айтқанының барлығы шын екеніне сенді. Егер Чен Чжен бөлтірікті әулиедей көріп, ханзадаға жасағандай қызмет көрсетсе, онда бұл аруақты ренжіту ме әлде құрметтеу ме? Ақсақал үшін бірер үкім шығару қиынға түскендей. Қандай тәсіл жағынан болмасын, Чен Чженнің әрекеті Моңғолия даласының салт-дәстүрі және заң-ережелеріне үйлеспейді, бірақ оның жүрегі ақ және адал. Далалықтар адамның ниеті мен ар-намысына қатты мән беріп, қадір тұтады. Қарияның бөрідей өткір де отты жанары біртіндеп бәсеңдей бастады. Чен Чжен кемеңгер атасынан бөрі тотемін қадірлейтін қытай ұлтының жігіті үшін дәстүрден бір рет аттап, туылғанына екі-ақ ай ғана болған сәби жануардың өмірға кешіруін үміт етті.
Чен Чжен жылт еткен үміттің қылпын байқап қалды. Ол көз жасын сүртіп, ауыр тыныстап, зәресі ұшқан һәм мазасы қашқан көңіл-күйін әрең басқан күйде сөйледі:
- Ата, сахара қасқырларының мінез-құлқын және жүріс-тұрысын шындап білу, іздену үшін ғана бөлтірік асырап жатырмын. Көкжалдар неге соншама жыртқыш, ақылды да зерек болатынын, далалық халықтардың не себептен оларды қадірлеп сиынатынын білгім келеді. Біз қытайлар бөрілерді қаншалық жек көретінін Сіз білмейсіз. Ең жауыз, ең қаныпезер адамдарды қасқырға теңеп, оларды «қанішер, қара ниет» деп атайды, әйелдерді жәбірлеген адамдарды «көкжал құрлы нәпсіқұмар», ең нысапсыз да ашкөз адамдарды «бөрідей арам ниет», американдық империализмді «жыртқыш қасқыр» деп атайды. Ересек кісілер балаларды қорқытқанда «көкжал келеді» дейді....
Ақсақалдың кескіні әлгіндей қорқынышты болмағанын көрген жігіт жігерленіп сөзін жалғастырды:
- Қытайлардың ойынша, бөрілер әлемдегі ең бұзақы, ең жауыз, ең қатыгез мақлұқ саналады. Ал моңғолдар керісінше оларды киелі деп санайды, құрметтейді. Тірі тұрған уақытта қасқырлардан өмір сүруді үйренеді, өлгенде өздерін көкжалдарға арнайды. Бастапқыда бұның байыбына бара алмадым. Сахараға келгеніме екі жылдан астам уақыт ішінде егер Сіз маған жиі ақыл-кеңес бермегенде, маған бөрілер мен дала туралы риуаяттарын және жөн-жосығын айтпағанда, қасқырларды көруге және аулауға жиі ілестірмегенде мен оларға осынша құштарлана алмас едім, осынша көп істің қисынын түсінбес едім. Алайда, мен әлі де оларды алыстан көретінімді һәм ойлап-толғанатынымды сезінемін, оларды әлі де жете танымадым және зерттемедім. Ең жақсы амал – бөлтірікті асырап, жақыннан бақылау, күнде-күнде онымен айналысу. Оны асыраған бір айдан астам уақыт ішінде бұрын шынымен де білмеген талай нәрселерді көрдім. Көкжалдар расында керемет жануарлар екенін барған сайын мойындап келемін. Олар адамдардың қадірлеуіне татиды екен. Дегенмен, қазірге дейін біздің фермада зиялы жастардың жартысының көбісі бөрілерге деген көзқарасын әлі өзгерте қоймады. Сахараға келген олар қасқырларды түсінбейді. Ұлан-байтақ далаға келіп көрмеген жүздеген миллион қытайлар бұл жануарларды қайдан түсіне қойсын. Бұдан кейін сахараға келетін қытайлар барған сайын көбейіп, көкжалдарды қырып-жойып тауысса, байтақ далаға не болмақ? Моңғолдар апатқа тап болса, қытайлар бұдан да зор күйзеліске түседі. Мен қазір расында да өте қатты алаңдаймын: осынша көркі көз сүріндіретін көркем даланың көз алдымда ойрандалуын қаламаймын....
Қария қалтасынан темекі мүштігін алып, тастың алдында малдас құрып отыра қалды. Чен Чжен жалма-жан сіріңкені шығарып, қарт кісінің темекісін тұтатты. Ақсақал темекісін бірнеше рет сорғаннан кейін үн қатты:
- Сені жаман үйретіп бұзған атаң ғой.... Ал енді не істейміз? Балам, бөріні өсіруде сен атаңды ойламасаң да, Үлжі мен үлкен отрядты неге ойламайсың? Ферма басшысы Үлжі жақында ғана мансабынан түсірілді, төрт жылқышыға жаза берілді. Бұл не себептен? Жоғары басшылық Үлжіні «қасқырларды барынша қорғаштап, оларды аулау жұмысын ешқашан ойдағыдай ұйымдастырмады», сондай-ақ атаңды «кәрі көкжал», үлкен отрядтың «басшы арланы», біздің 2-отрядты «бөрінің апаны» деп жазғыруда. Бұл аз болғандай, осы өзекті кезеңде біздің отрядтың зиялы жастарының бір өкілі шынымен де бөлтірікті асырауда. Басқа үш отрядтың оқушылары неге бөлтірік асырамайды? Бұл сенің 2-отрядтағы бұзық кісілердің ықпалына ұшырағаныңды көрсетпейді ме? Бұның тізгін-шылбырды басқалардың қолына ұстатқандық емес пе?
Қарияның жабырқаған жанары будақтаған түтіннің арасынан көріне қалды. Оның дауысы бұдан да бәсең шықты:
- Оның үстіне, сенің бөлтірік асырауың құртқаның әйтеуір осында келуіне әкеледі. Ол сондай-ақ бір топ қасқырларды бастап келуі де мүмкін. Олұн даласының өлекшіндері өз бөлтіріктерін жанындай қорғайды. Олардың мұрындары да ең иісшіл болады. Менің шамалауымша, құртқа бөлтірігін нақ іздеп таба алады. Сенің мынау қонысыңа келіп кек қайтарады. Олұнның көкжалдары қандай да бір жаман істердің бәрін істей алады. Біздің отрядта орын алған оқиғалар аз болып тұр ма? Егер де үлкен оқиғалар тағы туылса, Үлжі және отрядтың басшы кадрлары еңселерін көтере алмай қалады. Егер де бөрілер тобы сен баққан қойлар отарына сұқтанып, қалайда орайын тауып, қойлардың жартысынан астамын жайратып кетсе, сенің бөлтірік асырауың қасқырларды шақыру, ұжымдық мал-мүлікті ойрандау деп айыптауға негіз болады. Сені айыптап, түрмеге қамалып, сорың қайнайды....
Енді ғана көңілі жылыған Чен Чжен бұл сөздерді естігенде денесінің жартысынан көп жері қайта мұздап сала берді. Аз санды ұлттар мекендейтін өңірде бөлтірікті асыраудың өзі ұлттық саясатты бұзу болып саналады. Ал қойлар отарының жанында бөлтірік асырау көкжалдарды әдейі шақыру, өндірісті қасақана бүлдіру емес пе? Егер бұл оның «капитализмнің жолымен жүрген» әкесінің мәселесімен байланыстырылса, онда бұл мәселе таптық күрес тұрғысынан қарастырылуы және толығымен принципке салып, түймедей істі түйедей етіп көрсетілуі мүмкін. Оның үстіне, бұл өз кезегінде көптеген адамдарды шарпып, қосақтатуға әкелуі сөзсіз. Чен Чженнің қолдары еріксіз ақырындап дірілдеп кетті. Бүгін Тәңірге бөлтірікті амалсыздан өз қолымен лақтыратын секілді.
Әлпеті біраз жұмсарған ақсақал сабасына түсе сөйледі:
- Бао Шигуй бастық болды. Оның ұлты моңғол, бірақ өз ата-бабаларын баяғыда-ақ ұмытқан. Ол бөрілерге қытайлардан бетер өш. Қасқырларды өлтірмесе өз мансабын сақтай алмайды. Ойлашы, ол саған бөлтірік асырауға мүмкіндік береді ме?
- Сіз Бао Шигуймен сөйлесіп, бөлтірікті асырау көкжалдарға бұдан да күшті төтеп беруге бағышталған ғылыми тәжірибе екенін айтсаңыз екен, - деді Чен Чжен ең соңғы үмітін қолдан жібермей.
- Бұл істі оған өзің барып айт. Бүгін ол үйіме келіп қонады. Ертең оны іздеп бар, - деді ақсақал. Ол орнынан тұрып, әлгі үлкен тасқа бұрылып қарап сөзін жалғастырды, - Бөлтірікті асырап жатырсың, үлкейген соң ол қойларды шабуылдайды деп алаңдамайсың ба? Өзіңе, тағы басқа адамдарға бас салса ше? Бөрінің тістері улы болады. Бір тістесе болғаны, адамның жаны қиылуы мүмкін. Бүгін бөлтірікті көрмей-ақ қояйын. Көрсем жанға батып, көңілім қиналады. Жүр, арбаны жөндейік.
Қария арбаны жөндеген кезде бір сөз де үн шығармады. Чен Чженнің бөлтірікті өлтіру үшін әлі психологиялық дайындығы әлі жоқ. Алайда, ол ауыр жағдайдың қиын-қыспағында қалған кәрі атасы мен Үлжіге тағы пәле тауып бергісі келмеді....
Ақсақал мен Чен Чжен екі өгіз арбаны жөндеп, үшінші арбаны жөндеуге кіріскен шақта, үш үлкен төбет арсылдап үре жөнелді. Бао Шигуй мен Үлжі бірінің артынан бірі салт атты желіп келе қалды. Чен Чжен дереу иттерін жекіп тоқтатты. Бао Шигуй аттан түсе сала Білге-атаға сөйледі:
- Бәйбішеңіз осында кеткеніңізді айтты. Өзім де Чен інішек асырап алған бөлтірікті көргелі жүрген едім. Ферманың революциялық комитеті Үлжіні Сіздің үйде тұрғызуды ұйғарды. Ферма басшылығының кейбір өкілдері Үлекеңді негізгі құрылыс отрядына жіберіп, ауыр еңбекке салуға аз қалды.
Чен Чженнің жүрегі толассыз дүрсілдеп, атша тулады. Шексіз даладағы хабар тұлпардың тұяғынан да тез екен.
- Ия, бұл істі жақсы істепсің, - деп жауап қайтарды қария.
- Мынау жаңа жайылымды игеру ісіміз аймақ пен аудан басшыларын дүр сілкіндіріпті. Олар бұл іске аса көңіл бөлуде. Бізге осы жылы табысқа жетуге күш салу жөнінде нұсқау берілді. Осынша үлкен жаңа жайылымды игера алсақ, малдың сиымдылығын екі есе көбейтуге болады. Шынымен де үлкен игі іс ғой. Бұл істі сіз екеуіңіз бастадыңыз. Осы жолы Үлекені Сіздің үйге жайғастыруды ерекше белгіледім. Осылайша сіздердің зерттеу жұмысыңызға, ақылдасып кеңесуге тіпті де қолайлы болады, - деді Бао Шигуй.
- Бұл істі Үлеке жалғыз өзі бастап істеді. Қандай уақыт болмасын, ол иен даланы әрдайым ойлап жүреді, - деді ақсақал.
- Әрине. Мен бұны басшыларға баяндадым. Олар да Үлжі жолдас қызмет көрсету арқылы өз күнәсін өтеп, өзін ақтайды деп үміттенуде, - деді Бао Шигуй.
- Қызмет көрсету-көрсетпеуді айтпай-ақ қояйық. Кейбір нақты істерді ақылдассақ та жеткілікті. Жаулауға көшетін жол аса шалғай, көші-қонда көп қиыншылық кездеседі. Ферманың жүк машинасы және екі трактор 2-отрядқа көмекке жөткелуі керек. Сондай-ақ, бірталай еңбек күштерін бөліп шығарып, жолды жасауымыз жөн болар еді...., - деді қысылып-қымтырылған Үлжі езу тартып.
- Мен бүгін кешке отрядтың басшы кадрларының жиналысы өткізілетінін хабарлау үшін адамдарды жібердім. Сол кезде тағы қарастырайық, - деді Бао Шигуй. Ол Чен Чженге бұрылып айтты, - Сен тапсырған екі үлкен қасқырдың терілерін көншіге жақсылап илетіп, сақа басшыларға біреуден беріп жібердім. Олар қатты қуаныпты. Бейжіңдік зиялы жастың да осынша үлкен көкжалдарды аулай алатынын ойламағанын, расында да керемет мықты жігіт екеніңді айтты. Өзінің атынан саған рақмет айтуды сұрады.
- Неге мені аулады дедіңіз? Оны ит алғаны белгілі ғой. Иттің табысын иемденгім келмейді, - деді Чен Чжен.
Бао Шигуй оның иығынан қағып айтты:
- Сенің итің алғаны өзің аулағаның болып есептеледі. Бағынышты адамыңның еңбегі ежелден бері жоғарғы басшының еңбек дәптеріне жазылады. Бұл – біздің армияның даңқты дәстүрі. Ал жақсы, енді маған асыраған бөлтірігіңді көрсет.
Чен Чжен жалтақтап Білге-атаға қарады. Қария бұрынғыдай үндемей отыр. Чен Чжен шапшаң сөйледі:
- Асырағым келмей қалды. Бөлтірікті бағу малшылардың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне қарама-қайшы келеді, сондай-ақ аса қатерлі іс екен. Егер де оның соңынан бөрілер тобы тартылып келсе, мүндай жауапкершілікті мойныма алғым келмейді.
Ол бір жағынан сөйлеп жүріп, бір жағынан тасты алып, тақтайды ашты.
Шұңқырдың ішінде доп-домалақ болып семірген бөлтірік өрмелеп шығуға әрекеттенуде. Үстінен өзіне қарап тұрған адамдардың көлеңкесін көре салған ол дереу шұңқырдың бір бұрышына тығылып, тұмсығын тыржита азу тістерін ақситты. Әйтсе де, тұла-бойының үрпиген жүндері дір-дір етеді. Бао Шигуй жанары нұрлана, дауыстап мақтай сөйледі:
- Паһ! Не деген үлкен бөлтірік. Бір айдан астам асырапсың. Өзің табыстаған бөлтіріктердің терісінен екі есе үлкен екен. Мұндайды ертерек білсем, ең жақсысы бәрін саған асыратып, біраз үлкейткен соң ғана өлтіріп, ондаған теріні бір-ақ алатын едік ғой. Ондаған бөлтірік терісінен бір тон тігуге болады. Қараңдар, мына бөлтірік терісінің жүні шынымен де әдемі екен. Емшектен шықпаған бөлтіріктің терісінен де қалың екен....
- Онда мен асырай алмаймын. Бөлтіріктер айрықша қомағай. Күніне үлкен бір табақ ет ботқасын соғып алады, сондай-ақ бір кесе сүт беремін, - деді Чен Чжен томсырайған кескінмен.
- Сен қалайша есептеуді білмейсің? Сөкке теріні алмастыру қандай пайдалы. Келесі жылы барлық отрядтар қазып алынатын бөлтіріктерді бірден өлтірмей, екі-үш есе үлкейткен соң өлтіруі керек, - деді Бао Шигуй.
- Шаруа қайдан осынша оңай болсын. Емшектен шығарудың алдында ол бөлтірікті ұрғашы итке еміздірді. Бұнша көп бөлтірік асырау үшін осынша көп ұрғашы иттерді қайдан табасың? - деп кекесінмен күлді қария.
- Еее, сол жағы да бар екен ғой, - деді біраз ойланған Бао Шигуй.
Чен Чжен қолын созып, бөлтірікті желкесінен тұтқан халде шұңқырдан шығарды. Барынша жанталасып тырбыңдаған бөлтірік әуеде әр нәрсені тырнап, бей-берекет қимылдауда. Тұла-бойы тоқтамай дірілдейді. Іс жүзінде қасқырлар туылғаннан бастап адамдардан қорқатын жануар болып табылады. Тек тұйыққа тірелгенде ғана адамға тап беріп, жарақаттайды.
Чен Чжен бөлтірікті жерге қойды. Бао Шигуй кесек алақанымен оның жотасын әрі-бері сипалап, күле сөйледі:
- Тірі көкжалды тұңғыш рет сипауым. Ерекше семіз екен, ә. Қызық, қызық екен.
- Чен інішек, осы бір айдан бері біраз әуреленгенің көрініп тұр. Түздегі бөлтіріктердің бәрі әлі мұндай ірі болып өсе қоймады. Құртқамен салыстырғанда, сен бөлтірікті жақсы асырайды екенсің. Сенің бөрілермен әуестенгеніңді, кездескен адамнан қасқырлар туралы әңгіме-хикаяларды айтқызатыныңды бұрыннан естіп жүрмін. Бөлтірікті асырап алғаныңды ешбір ойламаппын. Тым беріліп кеткен жоқсың ба өзі? - деді Үлжі.
Білге-ата бөлтірікке ден қойып қарады. Ол темекі түтігін бүктеп, шұңқырдың үстіндегі түтінді алақанымен желпіген соң айтты:
- Сонша үлкен жасқа келсем де, адам асыраған бөлтірікті тұңғыш рет көруім. Өте тәуір асырапсың. Чен Чжен балам расында да бұны баптауға әбден көңіл бөлген екен. Жаңа маған көп жалынды. Алайда, қойлардың қасында көкжалды асыраса, бәрін бүлдірмей ме? Егер де бүкіл отрядтың малшыларынан сұрастырсаңыз, біреуі де оның бөлтірік асырауына қосылмайды. Бүгін екеуің де келіпсіңдер. Меніңше, бұл бала талапты көрінеді. Бір ғылыми тәжірибе жасағысы келеді екен. Сендер не айтасыңдар?
Бао Шигуй бөлтірік асырауға өте қызыққан секілді. Ол ойланып тұрып деді:
- Бұл бөлтірікті қазір өлтіре салу аянышты екен. Қазір оның бір терісі бірдеме жасауға да жетпейді. Емшек сүтінен шықпаған бөлтірікті осынша үлкен етіп өсіру оңай емес. Меніңше, былай болсын: оны асыраған екен, алдымен сынақ ретінде асырай берсін. Бөлтірік асырауды ғылыми тәжірибе етті деп айтсақ та жарайды. Төраға Мао Цзэдуң дұшпандарды ойдағыдай жою үшін оларды зерттеу керектігін айтқан. Мен де бөрілерді көбірек зерттегім келеді. Бұдан кейін шынымен де осында жиі келіп, бөлтірікті көріп тұрамын. Естуімше, сен оны өсіргеннен кейін овчарка иттерді сұрыптап шығармақшы екенсің ғой?
- Солай ойлағанмын, бірақ атам бұны мүлдем мүмкін емес дейді, - деді Чен Чжен басын изеп.
- Сахарада бұрын бұл іспен шұғылданған адамдар болған ба? - деп сұрады Бао Шигуй Үлжіден.
- Дала халықтары қасқырды құрметтейді, оған сиынады. Қайдағы овчарканы сұрыптағаны? - деп Үлжі.
- Мұны да сынап көрейік. Бұл үлкен дәрежедегі ғылыми тәжірибе болып табылады. Егер де көкжал тектес иттерді сұрыптай алсақ, Совет Одағының овчаркасынан да зор болуы мүмкін. Моңғолияның бөрілері әлемдегі ең үлкен, ең жауыз қасқырлар есептеледі. Одан сұрыптап алынған овчаркалар қалайда мықты болады. Бұл бастамаға әскери бөлімдер міндетті түрде қызығушылық білдіруі мүмкін. Егер де табысқа қол жеткізсек, біздің мемлекет қаражат жұмсап, шетелден овчарка иттерді сатып алмайды. Малшылар егер де бұндай иттермен қойларды бағатын болса, көкжалдар расында да жақындауға да батылы жетпес. Меніңше, былай болсын: бұдан кейін малшылар қарсы шықса, сендер ғылыми тәжірибе жасалып жатқанын айтыңдар. Дегенмен, Чен інішек, есіңде болсын: қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлу керек, - деді Бао Шигуй.
- Баокең асырауға болады десе, қазірше асырай бер. Әйтсе де, алдын-ала ескертіп қояйын. Оқиға туылса, өз мойныңмен жауап бересің. Бао Шигуй ағаңды әурешілікке салмауың қажет. Байқаймын, бұндай асырасаң аса қатерлі. Міндетті түрде темір шынжырмен шынжырлап бақ. Адамды қауып, қойларды қыруына жол берме, - деді Үлжі.
- Дұрыс. Адамды зақымдауына әсте жол беруге болмайды. Егер де адамдарды зақымдайтын болса, оны лезде атып тастаймын, - деді Бао Шигуй.
Сасқалақтағаннан жүрегі тез соғып, аузына тығылған Чен Чжен аузын жаппай тез сөйледі:
- Міндетті түрде! Сөзсіз сөйтемін! Алайда, сіздерден тағы бір нәрсені өтінемін. Бөлтірікті асырағаныма малшылардың бәрі қарсы екенін білемін. Сіздер маған бір жұмысты жүргізуге жәрдемдесе аласыз ба екен?
- Менен гөрі сенің атаңның сөзі өтімді. Ол айтқан бір сөз менің жүз сөзіме татиды, - деді Үлжі.
- Эх, мен бұл баланы үйретемін деп тым асырған секілдімін. Бұл менің қателігім. Мен де жауапкершілікті өзіме аламын, - деді қария басын шайқап.
Ақсақал балташының құрал-жабдықтар дорбасын Чен Чженге қалдырып, өгіз арбасын жегіп, үйіне қайтты. Бао Шигуй мен Үлжі де аттарына мініп, өгіз арбаның соңынан жүріп кетті.
Ауыр сырқаттан айыққан науқастай қуанышы қойнына сыймағанынан титтей де әл-дәрмені қалмаған Чен Чжен бөлтірік шұңқырының жанында сылқ етіп отыра қалды. Ол бөлтірікті бауырына қатты басқаны соншалық, оның құшағынан кішкентай жануар тұмсығын тыржитып, тістерін ақсита бастады. Чен Чжен дереу оның құлағының түбін қасыды. Қышыған жерін дөп басып қасығандықтан, бөлтірік жалма-жан бойын жазып, бір көзін жұмып, аузын бір жағына қисайтып, басы мен құлақтарын Чен Чженнің білегіне төседі. Жаны жай тауып рақаттанғаннан бөлтіріктің бүкіл тұла-бойы дір-дір етуде. Гемиплегия ауруына (жартылай сал болу) шалдыққан тәрізді өз-өзін ұстай алмай тоқтаусыз қалшылдауда.
19
Патша ағзам (Хән патшасы Уди) жарлық түсірді: «.... Ғұндар «Хән патшалығы айрықша үлкен, бірақ оның адамдары аштық пен қуаңшылыққа төзімсіз. Бір бөріден айрылсақ, олардың мың қойы кетеді» дейді екен. Бұрын екі дүркін сайыста жеңіліп, жауынгерлерім қырылып, жан-жаққа бытырап қашып, мәйіттері иен далада қалуынан жүрегім шексіз қайғы-қасіретке батты....».
Сыма Гуаң. «Цзычжи туңцзян» жылнамасының «Хән патшасы Шицзуң, яғни Сяо У патшаның қарамағындағылар» бөлімі
(Сыма Гуаң 1084 ж. жазған «Басқаруға жәрдемдесетін жалпы айна» тарихи-энциклопедиялық шығарма, б.з.д. 403 ж. бастап 959 ж. дейінгі оқиғаларды қамтиды)
Бао Шигуй жанына Бату, Сарылың қатарлы бес аңшыны және Яң Кэні ертіп, сондай-ақ жеті-сегіз үлкен төбетті ілестіріп, жаңа жайылымға алдымен кірді. Шатыр, оқ-дәрі және ыдыс-аяқ тиелген темір дөңгелекті екі жеңіл ат арба олардың соңынан еріп барады.
Жаңа жайылымның батыс жағындағы төбенің басына шыққан Бао Шигуй мен аңшылар дүрбімен кеңінен көсілген ойпаттың әрбір жыра-сайларын, таулы қыртыстарын, өзен шығанақтары мен тарамдарын, шөпті беткейлерін және шалғын алқаптарын мұқият тінтіп қараса да, бірде-бір қасқырды, қарақұйрықты кездестірмеді. Тек ойпаттың ортасындағы көлде топ-топ жабайы үйректер, қаздар және ондаған аққу ғана еркін жүзіп жүр.
Жаздың басында көкжалды аулауға зауқы онша соқпаған аңшылардың бәрі майса шөптің хош иісі аңқыған мына жап-жасыл жайылымды көрген кезде, өз көздеріне сенбей аңырап қалды. Айналасына қызыға қарағаннан өз көзінің ылғи жасыл түстен тұнғанын сезген Яң Кэ өзгелердің қарашығына қайта-қайта қарады. Олардың көздері де қысқы түнде көрінетін бөрінің көздері секілді әдемі де үрейлі жап-жасыл рең беріп тұр. Төбеден түскен жол бойы көкпеңбек орта үлкейіп, шөптің жұпар иісі мұрынды жарады. Ауа тұп-тұнық. Мұндай жерде шаң-тозаң табудың өзі құмның ішінен алтын іздеуден де қиын болар. Аттардың тұяқтары мен арбалардың дөңгелегі шөптің сөлінен түгелдей жасыл түске боялыпты. Тіпті жерде сүйретілген құрықтың сабының басы да жасыл нілге боялды. Сәйгүліктер ауыздығын жанталаса тартып, бастарын еңкейтіп, шүйгін шөпті жұлып жейді. Яң Кэнің жалғыз өкінетіні: Чен Чжен суреттеген кең алаптағы жабайы гүлдер әлдеқашан солған екен. Тұтастай жасыл шөптің біркелкі түсі оны сәл опық жегізуде.
- Расында да қолайлы және сәтті орналасыпты. Нағыз жақұттай ырысты мекен екен. Алдымен әскери округтың басшыларын осында шақырып, машинамен әкеліп, бірнеше күн сейілдетіп, аққу, үйрек пен қаздарды атып, сосын шалғын жерде от жағып, етін қуырып жегізу керек екен, - деп қатты шыңғыра дауыстады Бао Шигуй алтын кен тапқандай.
Бұл сөз Яң Кэнің құлағына түрпідей тиді. Кенеттен оның көз алдында П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балет спектакліндегі қара қанатты жын жалт етіп өткендей болды.
Салт аттылар тобы төбеден жеңіл түсіп келеді. Бір еңістеу беткейден өткеннен кейін Бао Шигуй дауысын бәсеңдетіп, шақыра кетті:
- Тезірек сол жаққа қараңдар. Анау сайдың ішінде бір топ аққу жайылып жүр екен. Біз жылдам түсіп, біреуін атып алайық!
Осыны айтқан ол екі аңшыны ертіп, құйындата шаба жөнелді. Яң Кэ де оларды тоқтатуға үлгере алмай, соңынан ілесіп шауып кетті. Ол бір жағынан көздерін уқалап, алға қарады. Айтқандай-ақ, алдында сол тараптағы бір жылғаның ішінде жайғасқан үлкен аппақ нүктелер жаз мезгілінде жайылып жүрген аппақ қардай ақ қозыларға ұқсап тұр. Олардың ақ реңі көздің жауын алады. Жаңа дүрбімен көрген аққулар сияқты көзді шағылыстырады. Ызадан тұншыққан Яң Кэ ауыр тыныстауда. Оның қолында мылтық жоқ еді. Әйтпесе әдейі оқ атып үркітіп, аққуларды аспанға ұшыруды ойлады. Салт аттылар біраз еліре шапқанмен де, ақ нүктелер ешбір қозғалмады. Яң Кэ дауыстап айғайлағысы келді. Дәл осы сәтте бірнеше аңшы кенеттен тұлпарлардың тізгінін тартып, мылтықтарын тақымына қысып, аттардың жүрісін баяулатты, сондай-ақ дауыстап бірдеме айтты. Бао Шигуй де сәйгүлігін тоқтатып, дүрбісін шығарып көре бастады. Яң Кэ де дүрбісін шапшаң шығарып алды. Ол Ол дүрбінің обьективінен ғажайып көріністі анық көрген кезде лезде меңірейіп қалды. Өз көзіне өзі сене алмады: бір топ ақ қошақандарға ұқсаған әдемі жарқыраған нәрселер жабайы өсетін ақ шұғынық гүлдері болып шықты. Алдыңғы жылы жаздың басында Яң Кэ ескі жайлаудың жанындағы таудың қойнауында жабайы шұғынық гүлін көрген еді. Сол жолы оның бәрі бөлек-бөлек бірнеше шоқ гүлдер ғана еді. Алайда, ол бұндай көп шұғынық гүлдердің шоғырын ешқашан көрмепті. Оған әпсәтте мына ақ гүлдер бір топ аққуларға ұқсап құбылғандай сезілді.
Бао Шигуйдың көңілінде тіпті де ренжу сезілмеді. Ол керісінше қуана дауыстады:
- Құдай-ау! Мұндай әдемі шұғынық гүлдерін ешқашан көрмеппін. Қаладағы саябақтарда қолдан өсірілген шұғынықтардан үлкен де әдемі екен. Тезірек барып көрейік!
Бірнеше салт атты тағы құйындата шаба жөнелді.
Гүлдердің жанына жетіп барғанда Яң Кэ қайран қалғанынан басы айналып, есінен танып жығыла жаздады. Бір жылғаның түбіне үйілген құнарлы топырақта 30-40 шоқ шұғынық гүлі жайқала ашылыпты. Әр гүл шоғының биіктігі бір метрге жетеді, сабақтары өте жуан екен. Сабақтары шынашақ саусақтай жуан ондаған гүлдер топырақтан жыпырлап таласа-тармаса бой тартыпты. Жарты қарыс өскеннен соң қалың жапырақтары қаулап шығады екен. Ал олардың үстінен он шақты үлкен ақ гүл ашылып, жапырақтарды түгелдей дерлік шымқап тұрады. Бір шоғыр гүлдің өзі қолмен көмкерілген бір себет ақ гүлге ұқсайды. Жайқала ашылған қалың гүлдер ғана көрінеді, жапырақтары көрінбейді. Алыстан аққулар сияқты көрінуі сол екен ғой. Яң Кэ жақындап келіп қараса, әрбір гүлдің кіндігі шымыр, жапырақшалары дудыраған, ылғалданған һәм үлбіреген екен. Бұл гүлдер сәулегүлден де еркін және тартымды, раушан гүлінен де әсем және сымбатты екен. Ол таза табиғаттың аясындағы құла түзде бұндай әсем, қолдан өсірілген гүлдерден де көркем және ақаусыз жайнаған үлкен гүлдерді бұрын көрмеген-ді. П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінің қиял дүниесіндегі бір топ Һор қыздарына ұқсайды.
Бао Шигуй де гүлдерді көре сала есеңгіреп қалды. Кенеттен саңқ еткен дауыспен шыңғыра сөйледі ол:
- Бұл расында да сирек кездесетін ғажайып нәрсе екен. Егер де қалаға жөткеп сатсақ бағасы қандай болады екен? Мен алдымен бірнеше гүлді әскери округтың қолбасшыларына көшіріп әперейін, оларды да қуанышқа бөлейін. Зейнеттегі басшы кадрлар ақшаға қызықпайды, бірақ бәрі де әйгілі гүлдерді ұнатады. Мына гүлдерді беріп, олардың көңілін аулаймын. Яң інішек, сендердің Бейжіңдегі мемлекеттік резиденцияда мынадай ажарлы шұғынық гүлдер бар ма?
- Мемлекеттік резиденцияны айтпай-ақ қояйын. Меніңше шет елдердегі патшалардың гүл бақшасында да болуы екіталай, - деді Яң Кэ.
Қуанышы қойнына сыймаған Бао Шигуй аңшыларға бұрылып жар салды:
- Мына гүлдердің шынында да құнды да бағалы екенін бәрің де естідіңдер. Жақсылап қараңдар, ауылға қайтқан кезде жабайы өрік ағашының біраз бұтақтарын шауып әкеліп, бұл гүлдерді қоршап тастайық.
- Егер де кейін көшкенімізде оларды қайтеміз? Біреулердің осы гүлдерді жасырын ұрлап кетуінен қорқамын, - деді Яң Кэ.
Бао Шигуй ойланып барып сөйледі:
- Менде бір амал бар. Сенің жұмысың болмасын.
- Сіз мына гүлдерді әсте әкетпеңіз. Бір қозғалса, өлуі мүмкін, - деді шырайынан алаңдаушылығы көрінген Яң Кэ.
Салт аттылар мен арбалар шағын өзеннің бір иініне жетті. Қасқырлар тобы қарақұйрықтарды қоршай аулаған бірнеше алқапты аңшылар өте тез тауып алды. Қарақұйрықтардың сүйектері де дерлік қалмаған екен. Тіпті бас сүйектері де көрінбейді. Мүйіздері, тұяқтары және жәркемделген терісі ғана қалыпты.
- Көкжалдар тобы қарақұйрықтарды бірнеше рет қамап қырғындапты. Едәуір көп бөрілер келген көрінеді. Мына боқтарға қараңдаршы. Менің шамалауымша, кәрі-құртаң, ақсақ-тоқсақ қасқырлар да тегіс келген сияқты, - деді Бату.
- Қазір көкжалдар тобы қайда кетті? - деп сұрады Бао Шигуй.
- Қарақұйрықтардың соңынан таудың қойнауына кетуі мүмкін, сондай-ақ тауда суырларды аулауға кетуі ықтимал. Не болмаса, қарақұйрықтарды қуып, шекараның ар жағына өтіп кетті. Қазіргі кезде қарақұйрықтың лақтары үлкейіп, үлкен қарақұйрықтар сияқты жылдам жүгіреді. Бөрілерге қарақұйрықтарды аулап жеу де қиынға түскен секілді. Әйтпесе мына олжалаған жануарлардың сүйектерін осынша тап-таза етіп тақырлап жемеген болар еді, - деді Бату.
- Үлжі мен Білге жүздеген қарақұйрық пен ондаған қасқырды ап-анық көрді ғой. Қалайша олар 20 астам күннің ішінде қашып, із-түзсіз ғайып болды? - деп сұрады Бао Шигуй.
- Сонша қыруар көкжал келгенде қарақұйрықтар тұра алатын ба еді? - деп сұрады Бату.
- Бөрілер тобы, сөзсіз, сенен қорқады. Сен келіп, оларды үркітіп жібергенсің ғой. Қасқырларға аса қатыгез болған адам керісінше оларды ұстай алмайды. Білге-атаға қарашы, оларға тиіспейді, мүмкіндігінше өз еркіне жібереді. Алайда, ол көкжалдарды ауласа, топ-тобымен олжалайды, - деді Сарылың күліп.
- Бөрілер тобының пайдасын көрдіңіз ғой. Егер де олар болмаса, осынша шұрайлы да кең жаңа жайылымды қарақұйрықтар баяғыда-ақ түгелдей кеміріп, айналаның бәрін сиіп-тышып тоздыратын еді. Біздің қойлар осында келіп, қарақұйрықтар сиіп-таптап кеткен шөпті бір иіскегеннен-ақ бір жапырағын да жемес еді. Мынау жайылым шынымен айрықша жақсы екен. Аттардың да бұл жерден кеткісі жоқ. Меніңше, әлде де шатыр тігетін орынды таңдайық. Түстен кейін аттар мен иттер тынығып алсын. Тауды ертең аралайық, - деді Бату Бао Шигуйге.
Бао Шигуй еріксіз өзеннен өту туралы бұйрық берді. Бату арнаның суы біршама таяздау құмдауыт жерін іздеп тапты. Содан кейін ол бірнеше аңшылармен бірге өзеннің екі жағасынан қия беткейді күрекпен қазып шығарды. Бату арбаға жеккен түпкі жылқыға мініп жетектеп, өзеннен өтті. Аңшылар таудың шығыс беткейіндегі біршама жазық шалғын жерге ақ кенеп шатырларды тікті. Бату екі аңшыға шатырдың сыртында жер ошақ қазып, шай қайнатуды тапсырды. Сосын ол Бао Шигуйге деді:
- Мен оңтүстік жақтағы сайды көріп келейін. Мүмкін жараланған қарақұйрықтарды тауып аламын. Аңшылар мұнда келіп, әкелген сүрленген ет жегені жараспас.
Бао Шигуй оның сөзіне қуана қайта-қайта басын изеді. Екі аңшыны және барлық төбеттерді ілестірген Бату оңтүстіктегі тауға қарай беттеді. Қарақұйрықтарды аулаған мына алқапты бірден таныған Барс пен Эрлаңның делебесі қозып, алдыңғы шепте жүрді.
Көлдің ортасындағы аққулар үшін алаңдаған Яң Кэ амалсыздан Батумен бірге аң аулау орайын әрең қиып, қоныстаған жердің биіктеу беткейіне шығып, алыстағы аққулар көліне қадала көз жіберді. «Бұрын келген төрге шығар» дегендей, көлдегі аққуларды көру үшін ол Бао Шигуй мен Білге-атаның соңынан екі күн қалмай жүріп, отрядтың адамдары мен төрт түлік малы жаңа жайылымға көшіп келуден бұрынырақ келіп, шекаралық өңірдегі адам баласының ізі түспеген, бұзылмаған кіршіксіз мына көлдің көрікті көрінісін армансыз тамашалау орайына әрең ие болды. Осы кезде көл Чен Чженнің оған суреттегеннен де көркем болып сезілді. Чен Чжен кішкене өзеннің шығыс жағалауына келмеген-ді. Жер бедері биік болған мына тұстан бітік өскен жасыл қамыстардың ар жағындағы көлді алақанның ішінде тұрғандай анық көруге болады. Шөпті беткейде жайғасып, дүрбісін шығарып, көлді шолған Яң Кэ әсем көріністі көргеннен тыныстай алмай қалды. Жалғыз өзі мынадай тұнық жым-жырттықта терең ойға шомған оған кенеттен ту сыртынан сәйгүліктердің дүбірі естілді.
Қуанышы қойнына сыймаған Бао Шигуй Яң Кэге дауыстады:
- О, сен де мына аққуларды зерттеп отырсың ба? Жүр, екеуіміз батпақтың жиегіне барып, бір аққуды атып, дәмді тамақ жейік. Бұл жердің малшылары құс атаулыны жемейді. Тіпті тауық жеуді де білмейді. Оларды шақырсам, біреуі де бармады. Олар жемесе жемей-ақ қойсын, екеуіміз жейік.
Яң Кэ басын бұрып қараса, Бао Шигуй қолындағы автоматты ербеңдетіп тұр екен.
Шошығаннан кеудесінен жүрегі шыға жаздаған Яң Кэ қайта-қайта қолын бұлғақтатып, тұтығып сөйледі:
- Аққулар алайда.... алайда сирек кездесетін құнды жануарлар ғой. Оларды әсте өлтіруге болмайды! Сізден өтінемін. Мен кішкене кезімнен «Аққу көлі» балетін ұнатып көремін. «Үш жылғы қиыншылық» кезеңінде (1959-1961 жж. Қытайдағы ашаршылық) Совет Одағының еңбек сіңірген бір жұп жас әртістердің қытайлық әртістермен бірге қойған «Аққу көлін» көру үшін бір күнгі сабақтарға бармай, қыстың қақаған аязында қарным ашқанына, жарты түн кезекке тұрғанына қарамай билетті әрең сатып алғанмын. «Аққу көлі» расында да аса әдемі еді. Бүкіл әлемнің ұлы тұлғалары мен мәдениетті адамдары аққуды өте ұнатады. Нағыз аққу көліне келіп, аққуды атып жеу деген несі? Ататын болсаңыз, алдымен мені өлтіріңіз....
Бао Шигуй осынша жақсылық істегенді білмейтін қайырымсыз адамға тап болатынын ешбір ойламаған еді. Шаттана тасыған көңіліне әлдекім бір леген мұздай су құйғандай болды. Ол дереу бадырақ көздерін алайтып, Яң Кэге ұрыса жөнелді:
- Аққу-маққу көлің не? Сенің миыңды буржуазиялық идеология әбден шырмап алған екен. Орта мектеп оқығаныңа шалқаясың ба? Менің білімім сенен кем емес. «Аққу көлі» балетін сахнадан айдап шығармай, «Қызыл әйелдер жасағы» қойылымын сахнаға шығару мүмкін бе?
Сарылың Бао Шигуйдың мылтық алып, көлге беттегенін көріп, жалма-жан жүгіріп келіп, оның жолын бөгеп сөйледі:
- Аққулар біздің моңғол бақсы-шамандарға арналатын киелі құстардың бірі болып табылады. Оларды атуға болмайды. Мүлде атуға болмайды. Айтпақшы, Бао ағай, Сіз қасқырларды атпақшы едіңіз ғой? Сіздің мылтықтың бір атылған дауысын таудағы көкжалдар естісе, түгелдей қашып кетеді. Онда біз бұл жерге бекер келген болмаймыз ба?
Мелшиіп қалған Бао Шигуй дереу тізгінді тартып, тұлпарын тоқтатып, артына бұрылды және Сарылыңға сөйледі:
- Есіме салғаныңа рахмет, әйтпесе негізгі ісімізге шынымен де кесір тигізеді екенмін.
Бао Шигуй мылтықты Сарылыңға берді, сосын Яң Кэге айтты:
- Онда менімен бірге жүр. Алдымен көлдің жағасына барып, барлап көрейік.
Үнжірғасы түскен Яң Кэ сәйгүлігін қайта ерттеп мінді һәм Бао Шигуйге ілесіп көлдің жағалауына тартты. Жағаға жақындағанда көлдегі бір топ жабайы үйрек, жабайы қаз және алуан түрлі суда жүзетін құстар дүрліге көкке көтерілді. Екі адамның үстінен пыр етіп ұшып өткен олар көлдің суын тамшылатып кетті. Бао Шигуй ердің алдыңғы қасынан ұстап, аяқтарын үзеңгіде созып, қамыстың ар жағындағы көлді көрмекші болды. Дәл сол мезетте тосыннан екі үлкен аққу қамыстардың басын сипалай ұшып өтті. Мойындарын созған, үлкен қанаттарын кең жайған олар Бао Шигуйдың басынан үш метр биіктікте жер бауырлап ұшты. Жүрегі зу етіп шошыған Бао Шигуй барша салмағымен ер-тоқымға сылқ етіп отырды және көтенімен ер-тоқымды бұғып жаныштады. Оның құлагер аты бір үркіп, алға қарай шаба жөнелді. Бао Шигуй ер-тоқымның үстінен құлай жаздады. Ірі аққулар адамнан қорықпайтын секілді. Олар ойпаттың үстіндегі әуе кеңістігінде емін-еркін самғап, көлді асықпай бір айналып ұшты. Сосын көлге қайта қонып, қалың қамыстардың ар жағында ғайып болды.
Бао Шигуй тізгінді тартып, өзін тез оңап, аттың жотасынан ауып бара жатқан ер-тоқымды дұрыстап алды.
- Осында аққу ату айрықша оңай екен. Оны сақпымен атуға болады екен. Аққу іс жүзінде құстардың патшасы ғой. Оның етінен дәм татсам, бұл өмірді бекер сүрмеген болар едім. Дегенмен, бөрілерді атып болған соң аққуларды жиыстырамын, - деді ол күліп.
- Әлгінде шұғынық гүлдерін көргеніңізде оны асыл қазына деп атап, толассыз қорғаудың қажеттігін айттыңыз. Мына аққулар іс жүзінде мемлекеттің асыл байлығы, дүние жүзінің қазынасы ғой. Бұны неге қорғамайсыз? - деп аса сақтықпен сұрады Яң Кэ.
- Мен диқандардың арасынан шыққанмын. Нақты жағдайды ғана айтамын. Адам уысына түсіре алатын байлық ғана қымбат байлық болады. Қол жеткізе алмағаны байлық емес. Шұғынық гүлдің аяғы жоқ, қашпайды. Ал аққудың қанаты бар. Ертеңгі күні адамдар мен төрт түлік мал осында келе қалса, қанатын кең жайып солтүстікке ұшып кетеді. Яғни, Совет Одағы мен Моңғолия ревизионистерінің қазанындағы байлыққа айналады...., - деді Бао Шигуй.
- Жұрт расында да аққуларды асыл байлыққа балағанда ғана оларға оқ атпайды, жемейді, - деді Яң Кэ.
- Істің жөнін түсінбейтініңді ертерек білгенімде сені ертіп келмейтін едім! Осыдан қарап тұр, сенің аққу көліңді жылқы мен сиырлар суаттанатын көлшікке әлі-ақ айналдырамын, - деді азырақ ашуланған Бао Шигуй.
Яң Кэ бұл сөзді амалсыз жұтуға мәжбүр болды. Ол шынымен мылтықты ала сала көлдің үстіндегі кеңістікке өз бетімен тарсылдатып атуды, аққулардың бәрін шошытып ұшыруды, кең сахарадан кетіруді, мемлекеттік шекарадан өтіп, «Аққу көлі» балетін шығарған елге ұшыруды ойлады. Сол жердің халқы ғана аққуларды аялайды, қастерлейді. Тіпті торғайлардың бәрі желініп, түк қалмай таусылып жатқан («Мәдениет төңкерісі» кезеңінде астықты қорғау үшін торғайларды миллиондап қыруға бұйрық түсірілген), тек құрбақалар ғана қалған бұл жерді аққулар қайдан паналасын?
Сарылың қолын бұлғап, екеуін дауыстап шақырды. Екі адам жалма-жан қоныстанған жерге шауып келді. Оңтүстік-шығыс жақтағы таудан оралған Санжы өгіз арбаны жегіп жатыр екен.
- Батулар оңтүстік-шығыстағы таудың сайында бірнеше қабанды атып алды. Аңдарды әкелу үшін өгіз арбаны алдыпуға мені жіберді. Сондай-ақ Бао Шигуйды келіп көрсін дейді, - деді ол.
- Сахарада сондай-ақ қабан жейтін болдым ба? Шынымен де ойыма кірмепті. Қабанның еті қолда баққан шошқаның етінен дәмді шығар. Яң інішек, тез барайық, - деді қуанғанынан езуі жиылмаған Бао Шигуй санын бір соғып.
Кезінде Яң Кэ аңшылардың қабан атқанын естіген, бірақ иен далаға келгеннен бері бұны өз көзімен көрмеген еді. Ол Бао Шигуйге ілесе Санжы көрсеткен бағытқа қарай құйындатып шаба жөнелді.
Бату жүрген жерге жетпей жатып-ақ екеуі қабандар тобы түртіп тастаған шалғын жерді көрді. Шағын өзеннің жағасы, таудың беткейі және жылғаның ішінде шамамен ондаған гектар жердің құнарлы қара топырағы ақтарылып жатыр. Бақылаудан шыққан жабайы өгіздің соқамен жерді бей-берекет жыртқанға ұқсайды. Қабандар оңғы бір, солға бір, біресе ұзын жолақ, біресе қысқа жолақ етіп түрткілеп тастапты. Кейбір жер өзекше тәрізді болса, кей жер соқамен жыртылған атызға ұқсайды. Жапырақтары жалпақ, сабақтары ұзын да жуан шөптердің тамырлары желініпті. Солып үлгерген шөптің жапырақтары мен сабақтары ұйпа-тұйпа болып бей-берекет шашылған. Кейбіреулері топырақтың астында көміліпті. Үй шошқаларының картоп егістігін жасырын қазғаны сияқты, шұрайлы жайылымның үлкен бөлігі ақтарылыпты. Мұны көрген Бао Шигуй қатты балағаттады:
- Мына қабандар тым оңбаған екен. Егер де болашақта астық егілетін болса, қабандар тарапынан ойрандалады екен ғой!
Екеуінің сәйгүліктері жөңкіліп шабуға батылы жетпеді, тек Батуға баяу аяңдап жақындады. Бату таудың етегінде темекі тартып отыр. Үлкен төбеттер өлген қабанның қасында жатып, бірдемені кеміріп жатыр. Екеуі аттан түскенде ғана Батудың жанында екі қабанның қатарласа жатқанын байқады. Тағы екі қабанды иттер апыр-топырын шығарып, бірнеше үлкен бөлікке бөліп талап тастапты. Төбеттер бөлек-бөлек жатып, бастарын көтермей олардың етін жеуде. Эрлаң мен Барс ең үлкен екі санды жұлмалап жатыр. Жайратылған екі қабан үй жағдайында бағылатын шошқалардан әлдеқайда кішкентай екен – ұзындығы небәрі 1 метр, бүкіл денесін селдір сарғыш түктер басқан. Олардың тұмсығы шошқаның тұмсығынан бір есе ұзын болады. Алайда, шымыр етінің қалыңдығынан сүйектің қаңқасы еш білінбейді. Езуіндегі орсақ тістері де аса ұзын емес, бұрын топшылағандай қорқынышты көрінбейді. Екі қабанның желкесінде иттердің тістерінен қалған қанды тесіктер бар. Бату алыстағы бір жыраны көрсетіп сөйледі:
- Екі үлкен төбет алдымен қасқырдың иісін сезіп, соңынан қуалап, тікесінен анау жыраға дейін қуып барды. Артынан келген біз қара топырағы шығып жатқан ойлы-қырлы жерді, сосын көкжалдарға жем болған үш-төрт қабанның сүйектерін көрдік. Екі төбет бөріні қуалауды қойып, қабанның иісін алған күйде тікелей мына жыраға келіпті және бір топ қабанның үстіне бір-ақ шығыпты. Қабандардың ұзын азу тістері бар, жүгіргенде құйындай желеді. Сондықтан иттер оларды қуалауға батылы бармады. Мен қасқырларды үркітіп алудан алаңдап, оқ атпадым. Төбеттер осы бірнеше орташа қабанды талап тастады. Тас-талқаны шығып таланған екеуін иттерге бердім, ал сау қалған екеуін осында сүйреп әкелдім.
Бао Шигуй аяғымен тығыршықтай қабанды аяғымен басып-басып қойып, күлмің қағып айтты:
- Жарайсыңдар, жақсы істепсіңдер. Жас қабанның еті жұмсақ та дәмді болады. Бүгін кешке бәріңді арақ ішуге шақырамын. Шамасы, мұнда көкжалдар расында да көп көрінеді. Ертең бірнешеуін атып алсаңдар, тіптен жақсы болар еді.
- Мына қабандардың бәрі бірнеше жүз шақырым алыстағы орманнан келген. Ол жақта қабандар көп. Дарияны бойлап осында келген ғой. Олұн даласының бөрілері көп болмағанда, қабандар бұл жайылымды баяғыда-ақ күл-талқанын шығаратын еді, - деді Бату.
- Қабанның еті керемет нәрсе ғой. Бұдан кейін адамдар көбейгенде қабандарды көбірек атып жейік. Сонда сиыр мен қойдың етін үнемдеп, азырақ жеуге болады. Егін шаруашылығы аймағынан келген біздер бәрібір шошқаның етін жеуді ұнатамыз, сиыр мен қойдың етін онша жақсы көрмейміз, - деді Бао Шигуй.
Санжының өгіз арбасы келісімен бірнеше адам олжаны арбаның үстіне артты. Бату иттерге отырған жерінде тамақтануын жалғастыру жөнінде ишарат қылды. Аңшылар мен өгіз арба алдымен қайтты. Қоныстың отыны әлдеқашан әзірленген екен. Арба келе сала жұрттың бәрі алдымен ең үлкен қабанның қарнын жарып, терісін сыдырып, етін шығарды. Қырдағы малшылар қабанды қой сойғандай алдымен терісін сыпырып, лақтырып тастайды. Қабанның терісін мүлде жемейді. Көп ұзамай айналаға отқа қуырылған қабан етінің хош иісі жайылды. Қабандарда үй шошқасындай қалың майы болмайды, бірақ құрсағындағы семіз іш майының өзі аз емес. Яң Кэ Бао Шигуйден майсыз етті қарынның майына орап қуыруды үйренді. Майы шылқылдап қуырылған қабанның мұндай еті отқа қақталған шошқаның етінен мың есе хош иісті болады. Аңшылар ет тіліп жатқан кезде, Яң Кэ біраз жабайы пияз, сарымсақ пен жабайы жуыны қазып әкелген-ді. Осы жолы ол да жабайы пиязбен қоса қуырылған ет қуырдағы секілді түз дәмін татып, көңілі ерекше масайрады, төбесі көкке жеткендей мәз-мейрам болды. Ол Чен Чжен әлі көрмеген аққулар мен шұғынық гүлдерін көрді, сондай-ақ сахарада сирек кездесетін қуырылған қабан етін тойғанша жеді. Ауылға қайтқаннан кейін Чен Чженге өзінің көз қандырған ғажайып көріністермен және аузының салымы болған түздің дәмімен мақтануына болады.
Бао Шигуй маздаған оттың айналасында отырған аңшыларға бір жағынан арақ құйып, бір жағынан патша-ұлықтардың дәмді тағамы болған аққу етінен қонақасы берілетінін әңгімеледі. Алайда, аңшылардың бәрі басын шайқап, бұл әңгімеге ықылассыздық танытты. Ол ыңғайсыздықта қалды. Олұн даласының малшылары төрт аяқты аңдарды ғана аулайды, құстарға тиіспейді. Олар Тәңірдің дәргейіне ұша алатын жануарларды қадірлейді.
Серік болған аңшы иттер қонысқа оралып, оны қырағылықпен күзете бастады. Арақ пен етке сылқиып тойған жеті кісі орындарынан тұрып, қалған еттерді жинастырып, бір үлкен қаңылтыр астауға салды. Қабанның жүрегі және бауырынан басқа ішек-қарны мен бас сүйегі шалғын жерге тасталды, иттердің келесі тамағына айналды.
Кешке жақын Яң Кэ жанындағы адамдарға білдірмей сытылып шығып, жалғыз өзі алыстағы аққулар көлінің жалпы көрінісін көруге болатын жерге келіп отырды. Қос шынтағын екі тізесіне тіреген күйі қос қолмен дүрбіні кезеніп, бәлкім алдағы уақытта мәңгіге ғайып болатын көлді үнсіз тамашалады.
Көлдің толқындары баяу толқиды. Көлдің батыс жағының майда толқындарында шығыстағы қара-көк аспанның салқын реңі көрінуде, ал шығыс тарапындағы майда толқындарда батыстағы кешкі арайдың жылы райы байқалуда. Толқындар жан-жаққа ақырын таралып жатыр. Баяу сырғыған су біресе қызыл ақық, жасыл жақұт, сары нефрит, біресе мөлдір кристалл, көк жақұт, ақ маржан болып жарқырайды. Салқын леп пен жылы самал өзара тоғысып, алуан түстер бой беруде. Яң Кэнің көз алдына құдды орындалып жатқан сымбатты аққудың салқын да көз тартымды, ызғарлы да көрікті келбеті сөніп, өңі суып өлгені, Тәңірдің алуан түсті асыл тастардың нұрын төгіп, өзі аялайтын аққулармен және мөп-мөлдір көлмен қоштасып, аттандырып жатқандай елестеді.
Бірінен соң бірі баяу сырғыған майда толқындар музыкалық кіріспенің увертюрасына ұқсайды, кейінгі қайғылы да аянышты басты кейіпкерді адамдарға көрсетуге қимайды. Яң Кэ бұл «балет қойылымының» артқы көрінісіндегі көк шымылдықтың көтерілмеуін, басты кейіпкерлердің сахнаға ешқашан шықпауын ғана тіледі. Алайда, қара-көк қамыстардың арасынан шығанаққа үлкен аққулар үнсіз жылжып шыға келді. Біріншісі, екіншісі, үшіншісі.... Жиыны 12 аққу жүзіп шықты. Әсем көл айдыны және ту сыртындағы көк аспан олар үшін орасан зор сахна болып құралды. Аққулар суық көк түсті кешкі ресми киімдерін ауыстырғандықтан, олардың төбесіндегі сары тәжісі де күлгін түс болып өзгерді. Мұнарлаған аққулардың иілген мойындары айқын сұрақ белгісіне ұқсап, аспан, жер, су, адамдар және жаһанның барша жан-жануарларынан әлденені үнсіз сұрап тұрғандай көрініс береді. Сұрақ белгілері көлдің бетінде үнсіз қалқып, тыныш жауап күтуде. Алайда, аспан мен жердің арасы тырс еткен дыбыс та естілмейтін жым-жырт. Тек су бетіндегі теріс көрінген көлеңке майда толқында діріл қағып, он шақты теріс сұрақ белгісіне айналды. Самал жел ескен кезде ондаған теріс сұрақ белгісі майда толқындар және суда көрінген жарықта ғайып болды....
Яң Кэ қасқырларды еске түсірді. Осы сәтте даланың сол жыртқыш көкжалдары айрықша сүйкімді де құрметті болып көрінді. Олар ең көне заманнан бері азу тістерін қару етіп қолданып, атом дәуіріне дейін иен далада толассыз қайсарлықпен қарсылық көрсетіп келуде. Соның нәтижесінде сахарада адамзат баласының ізі түспеген аққу көлінің әсем көрінісін ең соңғы рет көруіне мүмкіндік жаратты. Ол және Чен Чжен – қазіргі қытайлардың арасындағы нағыз бақытты адамдар. Егер бөрілер тобының жыртқыштығы мен парасаты бұдан да күштірек болғанда, адамдар мен үй жануарларының ұлы далаға қарай кеңеюін және баса-көктеп кіруін бәлкім кешеуілдеткен болар ма еді? Ал дала халықтарының кеңеюін мәжбүрлеген керісінше қытайлардың жан санын тізгіндей алмаған егінші ұлттар еді. Яң Кэнің жүрегі тебірену мен мұңға толды. Оның үстіне, ол қасқырларға әсерленіп, алғыс жаудырды. Олардың күйреуі ұлы даланың ойрандалуының белгісі һәм нышаны, сондай-ақ адамзат көңіліндегі әсемдіктің күйреуі болып табылады. Оның көз жасы дүрбінің әйнегін бұлыңғыратып жіберді. Бұзылмаған кіршіксіз аққулар көлі біртіндеп алыстай берді....
Келесі күні аңшылар шығыс жақтағы таудың жыраларын бір-бірлеп тінтіп шықты. Толық бір күн шарласа да, ешнәрсе іліктіре алмай, құр қол қайтты. Үшінші күні аңшылар тобы таудың қойнауына тереңдеді. Түстен кейін адамдар қажып, аттар шаршап қалды. Кенет Бао Шигуй, Бату және Яң Кэ жақын жерде атылған мылтықтың даусын естіп қалды. Үшеуі мылтықтың дауысы шыққан тарапқа көз жібергенде шығыстағы таудың жотасында екі көкжалды байқады. Жотаға енді ғана жығылып-сүрініп шыққан олар бұл жақта адамдар, аттар және иттердің жүргенін байқады да, биік жартасты таудың шыңына қарай жанталаса өрмеледі.
- Бөрілердің үлкен тобы әлдеқашан қашып кеткен екен. Мына екеуі топқа ілесе алмаған кәрі қасқырлар ғой, - деді Бату дүрбімен қарап.
- Мейлі, кәрі болсын немесе мықты болсын, бұл екеуінің терісін сыпырып алсақ біз үшін жеңіс, - деді желпінген Бао Шигуй.
- Қалайша байқамайсыз? Қараңызшы, екі көкжалдың бөксе жүндері әлі түлемепті. Аянышты-ақ, - деп күңкілдеді Бату олардың соңынан қуып жатып.
Тау жотасының екі жағындағы аңшылар мен тазылар түгелдей таудың басына өкшелей жүгірді. Екі кәрі бөрінің біреуі ірі, біреуі ұсақ денелі екен. Үлкен қасқырдың алдыңғы сол аяғы иілмейді. Бұрынғы ұрыстарда төбеттер аяғының сіңірін тістеп зақымдаған көрінеді. Екінші ұсағы кәрі құртқаға ұқсайды. Сүйегі шодырайған арық, кәріліктен жүндері бурыл тартыпты. Барс, Эрлаң және басқа иттер екі көкжалдың әрі кәрі, әрі ақсақ екенін көрген соң, жүгірісін тездетудің орнына керісінше біраз баяулатты. Енді ғана жетілген бір ит олжаға бірінші кенелуді ойлап, қауіп-қатерді білмей алға ұмтыла жөнелді.
Екі бөрі тастары желден үгітілген жартасты алапқа жүгіріп шықты. Таулы бедері күрделі бұл жердің ірі тастары тік көтеріліп, қиыршық шағыл тастары үйіліп тұратын. Қасқырлар жүрген әрбір қадамнан ұсақ тастардың салдыр-гүлдір етіп құлаған дыбыстар шығуда. Аттардың жүруі қиындаған соң, аңшылар бірінен соң бірі сәйгүліктерінен түсіп, мылтықтары мен сойылдарын ұстаған халде үш жақтан қоршады. Әбден шыныққан Барс пен Эрлаң еппен адымдап, қадамдарын кішірейтті, ырылдаған дауыстарын күшейтті. Қызмет көрсетуге асыққан әлгі жас төбет ғана дүлейленіп, шақырғанға қарамастан барша жылдамдықпен өкшелей қуып барады. Әлгі кәрі арлан төрт бұрышты ірі тасқа қарғып шығып, артқы екі аяғын тасқа тіреп, күтпеген жерден бүкіл денесімен 180 градусқа жалт бұрылып, тасқа іліне берген итті итеріп жіберді. Иттің бажылдаған дауысы естілді. Ол тастан құлап, шалқасынан екі тас діңгектің арасында қысылып қалды. Жарақаты ауыр болмаса да, адамдардың бірден оны тартып шығаруға мүмкіндігі болмады. Тек оны сол жерде қыңсылаған күйінде қалдыруға мәжбүр болды. Иттердің бәрі сасқанынан жота жүндері үрпиіп кетті. Кәрі құртқа осы орайды пайдаланып, сып етіп тас үңгірге кіріп кетті.
Кәрі арлан көлемі екі үстелдің бетіндей ғана жартастың үстіне шығып алды. Бұл жартастың шығыс, оңтүстік, солтүстік үш жағы тік құз еді. Тек бір жағы таудың тік беткейімен тұтасып жатыр. Кәрі арлан арқасымен құзға тірелді. Оның бұлдыраған кекті кәрі жанарынан рақымсыз жыртқыштық білінеді. Ол демін ішіне тартып, өліспей беріспеуге әзірленді. Тазы төбеттер оны жарты шеңбер етіп қоршауға алып, арсылдап үріп жатыр. Алайда, биік құздан сүрініп құлаудан қорыққан олардың ешбірі де жарға шығуға батылы бармады. Аңшылар да толық қоршауға алу үшін жетіп келді. Бұл жағдайды көрген Бао Шигуй қуана айғалады:
- Ешкім де тиіспесін! Маған қараңдар!
Ол мылтықтың қанжарын ағытып, оқ салды және жақындап барып атпақшы болды.
Бао Шигуй иттер тобының артына жете бергенде, кәрі арлан қиғашынан бір секіріп, жартас пен таудың тұтасқан шағыл тасты тік беткейіне атылды. Көкжал басын жоғары көтерген халде шағыл тастарға жабысып, төрт аяғымен тік беткейдің ұсақ тастарына жармасты. Басы, кеудесі және бауыры тік беткейге жанасқандықтан, тастар сарт-сұрт етіп опырылып құлады. Кәрі арлан биік те тік сатыға жабысқан тәрізді сансыз тастармен бірге төменге сырғанап кете барды. Құлаған тастар өзімен бірге жетектеп әкеткен сан-санақсыз ірі-ұсақ тастар арт-артынан бөрінің үстіне үйіліп, бір демде будақтатып шаң көтерген тасқындай оны көміп тастады.
Адамдар құздың шетіне абайлап жақындады, еңкейіп жардың астына үңілді. Шаң мен құм сейілгенше көз алмай қарағанның өзінде кәрі арланның қарасын көре алмады.
- Не болып кетті? Қасқыр құлап өлді ме? Тастардың астында жаншылып өлді ме? Әлде қашып кетті ме? - деп сұрады Бао Шигуй.
- Мейлі өлсін немесе тірі кетсін, көкжалдың терісін ала алмайтын болдыңыз, - деп көңілсіз жауап берді Бату.
Сілейіп тұрып қалған Бао Шигуйдың аузына ұзаққа дейін сөз түспеді. Яң Кэ басын салбыратып үнсіз тұрды. Оның есіне орта мектепте оқып жүргенде көрген «Лаң’яшән тауының бес батыры» деген кинофильм оралды.
Тас үңгірді аңдыған екі ит қайта үрді.
- Тағы біреуі бар ғой. Тез барыңдар! Бүгін тым болмаса бір бөріні жайратайық» - деді Бао Шигуй жалма-жан есін жиып.
Сарылың мен Санжы тастардың арасында тіреліп қалған итке бірінші болып барды. Екеуі иттің екі аяғынан ұстап, кептелген жерден тартып шығарды. Оның екі бүйіріндегі алақандай-алақандай жүндері жұлынып, терісі көрініп, қаны ағылыпты. Бір үйдің иттері алға шығып, оның қанын жалап, көмегін жасап жатыр.
Аңшылар тобы тас үңгірдің аузына келді. Бұл үңгір тау жынысы үгітіліп құлап түскеннен кейін қалыптасқан бір табиғи үңгір болатын. Даланың жабайы жануарларының уақытша тығылатын баспанаға айналыпты. Тас үйіндісінің үстінде әкті суға ұқсаған бүркіттердің бірнеше үлкен саңғырығы жатыр. Бао Шигуй тас үңгірге абайлап қарап, басын қасыды.
- Шешеңді.... Қазуға де келмейді екен. Бір қазсаң – құлап түседі. Ал түтін салуға да мүмкіндік жоқ. Түтін жел өтетін саңлаулардан шығып кетеді. Бату, енді не істеуге болады? - деп сұрады.
Бату құрықтың сабын үңгірге тығып, түртіп көрді. Ішінен ұсақ тастардың құлап түскен дыбысы шықты.
- Босқа әуре болмайық. Қазудан құлап түскен тастар үйіндісі адамдар мен иттерді зақымдайды. Еңбегіміз еш кетеді, - деді Бату басын шайқап.
- Бұл үңгір терең бе? - деп сұрады Бао Шигуй.
- Онша терең емес, - деді Бату.
- Меніңше, түтін салайық. Сендер отын теріп әкеліңдер. От жаққаннан кейін қайдан түтін шықса, сол жерді қымтайық. Мен қызыл бұрыштың ұнтағын ала шыққанмын. Қасқырдың ащы түтіннен қорықпайтынына сенбеймін. Жылдам! Тез барыңдар! Бәрің барыңдар! Яң Кэ екеуіміз үңгірді бақылау үшін қаламыз. Көкжалдарды аулайтын бірнеше шеберіміз деп сендерді ертіп жүрміз. Үш күннен бері біреуін де ұстай алмадық. Бүкіл ферманың адамдары бізді көрсе күлетін болды, - деді Бао Шигуй.
Аңшылар алды-алдына тарап, жағылатын отын мен шөп-шалам іздеп кетті. Бао Шигуй мен Яң Кэ үңгірдің аузын қадағалап отыр.
- Мына құртқа әрі кәрі, әрі ауру екен. Қу шыбықтай жүдеу. Өмірі де ұзаққа бармайды. Оның үстіне, жазда бөрінің жүні түлеп, түктері қалмайды. Қабылдау бекеттері де алмайды. Оны өз еркіне жіберейік, - деді Яң Кэ.
Шырайы бозарған Бао Шигуй темекінің көк түтінін будақтата тіл қатты:
- Шынын айтсам, адамдар расында да қасқырларға жетпейді. Мен әскерлерге қолбасшылық еттім ғой. Соғыс барысында әскери бөлімнің ішінде бірер қашқын немесе сатқынның шықпауына ешкім де кепілдік бере алмайды. Ал мына көкжалдың осылай өлсе де тізе бүкпегені қалай? Жүректегі сөзімді айтсам, Олұн даласының барша бөрілері шетінен ержүрек жауынгер екен. Тіпті ақсақ-тоқсағы, кәрі-құртаңы, ұрғашысы да адамның зәре-құтын ұшырады.... Алайда, жазда қасқырдың терісін ешкім керек қылмайды дедің ғой. Онда сен ешнәрсе түсінбейді екенсің. Біздің ауылда олардың жүндері аса қалың терісінен былғары матрас тігуге ешкімнің батылы жетпейді. Мұндай матраста ұйықтаған адам денесі лапылдап күйіп, мұрнынан қан ағады. Түктері жұқа көкжалдың терісі керісінше асыл саналады. Оларға жаның ашитын көңілі бос көңілшек болма. Шайқасу деп өліспей беріспеуді айтады. Тозып қашқан жаулардың біреуін де қалдырмай түгел бауыздау керек.
Бату және басқа адамдар арқанмен байланған құрғақ отын-шөпшекті сүйреп әкелді. Сарылың бастаған кісілер ұзын қаптал шапанның етегіне салынған топырағы аралас шымдарды көтеріп әкелді. Бао Шигуй суға малынған отын-бұтақтарды үңгірдің алдына үйіп, от жағып түтіндетті. Бірнеше аңшы оттың жанына тізерлей отырып, қаптама моңғол шапанының етегімен түтінді үңгірге қарай желпіді. Қою түтін үңгірге ене бастады. Аздан соң тастар үйіндісінің жан-жағынан будақтаған түтін саулады. Аңшылар ыс шыққан жерлерді жалма-жан шыммен бекітіп әбігерленді. Үңгірдің сырты қарбаластық лебіне толды. Тастар үйіндісінен ыс-түтін шыққан жерлер барған сайын азайды.
Бао Шигуй үлкен бір уыс шала дымқыл қызыл бұрыш ұнтағын отқа салды. Жөтелдіретін ащы да қалың ыс-түтін үңгірге кіре бастады. Адамдар мен иттердің бәрі жел жаққа барып тұрды. Тастар үйіндісінің төменгі жағында орналасқан үңгір отын үйілген үлкен бір тас ошақтың аузына ұқсайды. Өркештеп енген ащы түтін әп-сәтте тас үңгірдің ішін түгелдей толтырып жіберді. Аңшылар түтін шығатын бір-екі кішкене саңлауды әдейі қалдырған еді. Кенеттен үңгір ішінен кәрі құртқаның қатты жөтелген дыбысы естілді. Барша адамдар сойылдарын мықтап ұстап, төбеттердің бәрі бүгіліп тап беруге дайындалды. Үңгірдегі жөтел барған сайын күшейе түсті. Бронхит ауруына (кеңірдек қабыну) шалдыққан қарттар секілді жөтелгеннен өкпесі аузынан шығатындай көрінеді. Әйтсе де, құртқа сыртқа шықпады. Болмашы түтінге тұншыққан Яң Кэнің көзінен жас сорғалады. Ол бөрінің бұндай қайран қалдыратын төзімділігіне сенгісі келмеді. Егер де адамдарды айтсақ, өлсе де сыртқа шығып өлетін еді.
Кенет тастар үйіндісі жарты метрге гүрс етіп құлап түсті. Бірнеше тастардың саңылауынан қою түтін бұрқ етіп шықты. Әп-сәтте балшықпен бекітілген барша тесіктерден қайтадан түтін шыға келді. Бірнеше үлкен қойтастар таудан гүрсілдеп домалап түсіп, түтінді желпіп отырған аңшыларды жаншып кете жаздады. Шошыған адамдардың өне-бойын суық тер басты.
- Үңгірдің іші құлапты. Тез қашыңдар! - деп айғайлады Бао Шигуй.
Үңгірдегі жөтел күрт тоқтап, ешқандай дыбыс естілмеді. Ащы түтін аспанға көтеріліп, тас үңгірге ыс кірмейтін болды.
- Жолыңыз болмады деп санаймын. Өз-өзін мерт қылуға батылдығы жеткен бір қасқырға тағы жолықтық. Ол үңгірді ішінен қазбалап құлатып, өзін тірідей көмді. Тіпті терісін де Сізге бермеді, - деді Бату Бао Шигуйге.
- Тастарды қозғаңдар! Қайтсем де оны қазып аламын, - деп бұлқан-талқан болып ақырды Бао Шигуй.
Неше күннен бері сабылып, арып-шаршаған аңшылар тастың үстіне отыра кетті. Ешкім де қозғалмады. Бату жақсы темекісін шығарып, аңшыларға таратты.
- Сіздің көкжалдарды аулаудағы мақсатыңыз терісін алу емес, оларды қырып-жою екенін жұрттың бәрі біледі. Қазір ол өліп тынды. Мақсатқа жетпедіңіз бе? Мына біз аз ғана адам ертең таң шыққанға дейін қазсақ та оны шығара алмаймыз. Сіздің осы рет бөрілерді ату отрядын бастап келіп, қасқырлар тобын қуып жібергенге, сондай-ақ екі үлкен көкжалды өлтіргеніңізге, біреуі амалсыз құзға секіргеніне, біреуі үңгірде түтінге тұншығып өлгеніне мына көпшіліктің бәрі куә болып отыр. Оның үстіне, жаздағы бөрінің терісін қыруар ақшаға сатып, қарқ болмайсыз...., - деді ол Бао Шигуйге бір темекіні ұсынып.
- Уа, көпшілік, куәлік бере аласыңдар ма? - деп сұрады Бату басын бұрып.
- Куәлік бере аламыз! - деді бір ауыздан аңшылар.
Бао Шигуй де әбден шаршаған еді.
- Жақсы. Кішкене демалайық, сосын қайтайық! - деді ол темекіні құшырлана сорып.
Яң Кэ тастар үйіндісінің алдында мелшиіп тұрды. Оның жаны зілдей құлаған дәу тастардың астында басылып, бүкіл денесінің қаны мен қайрат-қуаты сыртқа шыққандай хал кешті. Бір тізесіне тізерлеп отырған ол тастар үйіндісіне моңғол батырлары сияқты құрмет білдірді, сосын орнынан қайта тұрды. Яң Кэ Батудың алдына барып, бір тал темекі сұрады. Тұтатылған темекені бірнеше рет сорғаннан кейін оны қос қолымен басынан асыра көтеріп, тастар үйіндісіне үш рет ғибадат етіп иілді. Содан соң темекіні үйіндінің алдындағы тастың саңылауына құрметпен қадап қойды. Тастар үйіндісі бейне орасан зор тас зиратқа ұқсайды. Темекінің шұбатылған түтіні жоғарыға ақырын көтеріліп, кәрі құртқаның тізе бүкпеген, берілмеген рухын көк аспандағы Тәңірге әкете барды.
Аңшылардың бәрі орнынан тұра кетті. Олар Яң Кэге ілесіп, тастың тесігіне темекі қыстырмады. Адамдар шеккен темекіні былғаныш зат деп санайтын моңғол малшылары оны Тәңірге сиынуда қолдана алмайды. Дегенмен, олар Яң Кэнің тазалыққа қайшы бұндай амалын көңілдеріне алмады. Аңшылар қолындағы темекілерін өшіріп, аспанға қараған халде үндемей тік тұра қалды. Темекі түтініне қарағанда, олардың мөп-мөлдір де тұнық көз жанарлары Тәңірге әлдеқайда жылдам жетіп, кәрі құртқаның жанын жұмаққа жеткізді. Тіпті Бао Шигуй де темекісін шегуге батылы бармай, темекі саусағын күйдіргенше абдырап қалды.
- Бүгін көрдіңіз ғой. Бұрын Шыңғысханның атты әскерлерінің әрбіреуі осы екі қасқырға ұқсайтын – өлсе де дұшпанның зәресін ұшырып өлетін. Сіз де моңғолдардың ұрпағысыз, түп-тегіңіз осы иен далада жатыр. Сіз де Тәңірге сиынуыңыз керек...., - деді Бату Бао Шигуйге.
Яң Кэ ішінен сүйінді: өлуге де орасан жігер мен жауынгерлік күш керек. Бөрі тотемі өз жанын аямай, ерлікпен құрбан болған қаншама моңғол-түрк баһадурларын тәрбиеледі десеңші. Ежелгі заманда қытайлар моңғолдардан бірнеше жүз есе көп болғанмен, бірақ патша сарайынан бастап қарапайым бұқара халыққа дейін бәрі ішінен іс жүзінде «Ерлікпен өлгеннен қорлықпен күн кешкен жақсы» (жақсы өлгеннен жаман өмір сүрген артық) деген сенім мен ұғым кең таралған-ды. Бұл - егінші қытай ұлтының бүгінге дейін жалғасып келген, айрықша қолданылып жүрген бір өмірлік тәжірибесі мен пәлсапасы. «Ерлікпен өлгеннен қорлықпен өмір сүрген жақсы» ұғымындағы «қорлыққа төзу» ұстанымы да ұлттық рух болып табылады. Ал бұндай рух отанын сатқан қаншама опасыз сатқындар мен қуыршақ әскерлердің келіп шығуына негіз болды десеңші. Көшпенді халықтар оларды көзге ілмеді һәм жиіркенді. Таң патшалығының орта (766-836 жж.) және соңғы (836-907 жж.) кезеңдерінен кейін қытайлар бір сүрінгеннен оңала алмай, елдігінен айрылып, мемлекеті дамылсыз ойрандалған құлдарға айналды. Цин патшасы Шихуаң, Хән патшасы Уди, Таң патшасы Цзуңди заманындағы алпауыт батылдық пен қуатты тебін қайда кеткен? Таң патшалығының орта және соңғы кезеңдерінде Орта жазықтың кең көсілген даласының көкжалдары шынымен қытайлар тарапынан теп-тегіс қырып-жойылғаны ма? Жыртқыш та ерен бөрі ұстаздардың түгел жойылуы ұлттық рух пен жігер-мінездің әлсіреуіне, еңсенің түсуіне әкелді ме? Яң Кэ Чен Чженмен бір түн бойы талқылайтын тағы бір тың мәселені тапты.
Аңшылар тобы шатырларға жақындаған кезде, Бао Шигуй Батуға:
- Сендер алдымен оралып, бір қазан су қайната беріңдер. Мен бір аққуды атып әкелейін. Кешке мен барлығын арақ ішуге, ет жеуге шақырамын.
- Бао-меңгеруші, Сізден өтінемін. Аққуды өлтіруге болмайды, - деді Яң Кэ сасқалақтағаннан даусы қатты шығып.
- Қайтсем де бір аққуды атып алуым керек. Осы бірнеше күннен бері жабырқаған көңілімді көтеремін, - деді ешбір қынжылмаған Бао Шигуй.
Яң Кэ жол бойы соңына ілесе жүріп, оны тоқтатпақшы болды. Алайда, Бао Шигуйдың жүйрік арғымағы оған жеткізбестен, көлдің жағасына одан бұрын шаба жөнелді. Көлдің бетінде әртүрлі су құстары, жабайы қаздар мен үйректер емін-еркін жүзіп, сондай-ақ төмен биіктікте ұшып, мылтық асынған салт атты адамнан мүлде сақтанбады. Қамыстардың арасынан жеті-сегіз үлкен аққу әуежайдың сырғыма жолынан жаңа ғана ұшып шыққан ұшақтар эскадрильясы секілді көтерілді. Қанаттарын кең жайып ұшқан олар Бао Шигуйдың төбесінен үлкен көлеңкелерін төндіре ұшып өтті. Яң Кэ оны қуып жеткенше, «тарс-тарс-тарс» етіп үш рет атылған мылтықтың дауысы шықты. Бір үлкен ақ құс Яң Кэнің тұлпарының алдына топ етіп құлап түсті. Шошыған сәйгүлік кенеттен жалт беріп, Яң Кэні көлдің жағасындағы ылғалды шалғын жерге лақтырды.
Аққу оқ тиген жерінен қаны атқылаған халде шалғында жанталасып жатыр. Яң Кэ балетте аққудың қасіретті өлімін талай рет көрген, әйтседе көз алдындағы аққу балеттегі аққу сияқты байыпты да әдемі болып көрінбей, қайта басын шауып тастаған қаз сияқты жанталаса тыпырлайды, қанатын қағады, қанатымен жерді тіреп тұруға ұмтылып, арпалысады. Өмір сүрудің тума қасиеті оны өз өмірінің ең соңғы сәтіне дейін жанталастыруда. Қан аққудың оқ дарыған аппақ төсінің бір жақ қапталынан атқылап тұр. Яң Кэ бірнеше рет құшақтамақ болса да, аққу ұстатпады, жіп-жіңішке болып атқалақтаған қан шалғынды бояп, біртіндеп сарқылды....
Яң Кэ аққуды құшақтап алғанда жұп-жұмсақ денесі әлі жылы екен, бірақ әдемі мойыны салақтап, бұдан былай сұрау белгісін салмайтын күйге түсіпті. Құдды омыртқасын жұлып тастаған ақ жыланға ұқсас Яң Кэнің білегіне асылып тұр. Қанға малынған ақ қауырсындары адам ізі жаңадан түскен аққу көлінің жағалауында ұшып-қонады. Яң Кэ аққудың басын абайлап көтерді. Үлкейген көз қарашығында қара түнек аспан білінеді. Түнерген дөңгелек жанары Тәңірге қадала қарағандай көрінеді. Яң Кэнің көзіне жас толды – асыл да кіршіксіз, шарықтап самғайтын өмір, адамзатқа шексіз сұлулық бағыштаған аққу құдды тауық секілді өлтірілді.
Жүрегіндегі қайғы-қасіретін тежей алмай тұрған Яң Кэ сол сәтте көлге секіріп, қамыстықтың арғы қойнауына жүзіп барып, аққуларға дауыстап, сақтандыру жасамақшы болды. Соңғы шапақ жойылған сәтте бір көре аққу еті жалғыз Бао Шигуйдың алдына қойылды. Онымен ешкім сөйлеспеді. Аңшылар кешкі асқа қабанның етін қуырып жеді. Яң Кэнің бәкі ұстаған қолы дір-дір етеді.
Түн бойы көлдің үстінде аққулар тобының «гагалаған» қайғылы үні өшпеді.
Түннің ортасында Яң Кэ шатыр сыртындағы бірнеше иттің қасқырша ұлыған дауысынан шошып оянды. Иттердің ұлыған дауысы тоқтаған сәтте Яң Кэ шығыс тараптағы алыс таудан көкжалдың қайғы-қасіретке толы, булыққаннан ауық-ауық ұлыған дауысын естіді. Яң Кэнің жүрегі бөрінің қайғылы үнінен мұздай болды – әлгі кәрі арлан құзға секіргенде өлмей, жарты түн бойы дейін өрмелеп, жараланған ауыр денесін сүйреп, таудан асқан болды. Әрине, осы сәтте ол өмірлік серігінің тас моласының алдында қайғыға батып, азалы ұлуда. Оның тіпті тастар үйіндісін қазуға, жан жарының дидарын тағы бір көріп, қоштасуға да күш-қуаты қалмаған болар. Қосағынан айрылған аққудың зары және зайыбынан айрылған кәрі арланның қайғылы ұлыған дірілінің жаңғырықтары өзара тоғысып, «ұлы даланың қайғы-қасіретін» құрады. Бұл «симфония» П.Чайковскийдің «Қасірет» шығармасынан да қайғылы, тіпті де айқын һәм қасіретті болды.
Яң Кэнің көз жасы мен тынысының алқынуы таң атқанша тоқтамады.
Бірнеше күннен кейін фермадан оралған Сарылың Бао Шигуйдың жүк машинаның жартысын жабайы шұғынық гүлдерінің тамырына толтырып, қалаға кеткенін айтты.
20
Қаған әкемнің атты әскерлері бөрілердей батыр, ал жаулары қойлар сияқты қорқақ.
«Күлтегіннің көк тасының жазуынан»
Rene Gsousset (Франция). «Дала империясы» кітабы.
Үстірттегі жаздың басындағы күннің нұрында ойпаттың үстінен қалқып өткен ақша бұлттар аппақ та жап-жарық болып тұрады. Олардың шағылысып жарқырауынан адамдар көзін аша алмайды. Ауада қойлар мен қозылар күйсеген тау жуасы және жабайы сарымсақтың қою да ащы иісі аңқып тұр. Адамдар амалсыздан көздерін жиі жыпылықтатып, талған көздерін дем алдырды. Чен Чжен көздерін бадырайта ашып, жаңа жайылымды және жаңа қоныстың төңірегін бажайлап қарауда. Ол өлекшіннің бөрілер тобын бастап келіп, бөлтірікті күшпен тартып әкетуінен және өшін алу үшін қойларды шабуылдауынан аса қорқады.
2-отрядтың 30 астам киіз үйі ойпаттың солтүстік-батыс жағындағы таудың бөктеріне орналасқан. Екі киіз үй бір хот (қос) құрайды. Хот пен хоттың аралығы бір шақырымға жетпейді. Өндіріс топтардың арасы да өте жақын. Қоныстың бұндай орналасуы бұрынғы ондаған шақырым аралығында жайғасқан ауыл-топтардың арасындағы қашықтықтан он неше есе қысқарған. Білге-ата мен Үлжі жаңа жайылым және ескі өрістегі қасқыр топтарының кезектескен немесе бірлескен шабуылдарынан қорғану үшін осылай шоғырландыра жайғастырған-ды. Чен Чжен Олұн даласының көкжалдары мұндай тығыз орналасқан адамдар мен иттердің қорғанысын қайткенде де бұза алмайтынын сезді. Бір қонысқа шабуыл жасаған бөрілер маңындағы сансыз дүлей иттердің бірлескен соққысына және қоршауына ұшырайды. Көңілі сәл орныққан Чен Чжен көзін сығырайтып, жаңа жайылымды тамашалай бастады.
Үлкен отрядтың ондаған сиырлар табыны, қойлар отары және жылқылар үйірі жаңа жайылымға еніп, тың жайылым бір күннің ішінде табиғи ірі мал фермасына айналды. Жан-жақтан шырқалған әндер, жылқылардың кісінегені, қойлардың маңырағаны және сиырлардың мөңірегені естілуде. Кеңінен көсілген үлкен ойпат шаттанған жұрт пен дүбірлеген төрт түлік малға, думанды тіршілікке толып кетті.
Ұзақ та ауыр сапардан кейін шаршаған Чен Чжен мен Яң Кэнің қойлары киіз үйдің артындағы беткейде жайылып жүр.
- Мына жазғы жайлау мен былтырғы анау жайлаудың шынымен де аспан мен жердей айырмашылығы бар екен. Жүрегімде өрісімді кеңейтетін мақтаныш сезімі кернеп тұр. Көңілімде өкініштен көрі қуаныш әлдеқайда басым. Кей кезде өзімді айкезбе сияқты түсімде жүріп, қойларды Эдем бағында жайып жүргендей сезінемін, - деді тебіренген Чен Чжен Яң Кэге.
- Мен де осылай сезінемін. Бұл нағыз бір пейіштей жайылым екен. Аққулардың жайлауы ғой. Егер де Бао Шигуй, зиялы жастар және сырттан ауып келгендер болмағанда, тіпті жақсы болып, Олұн даласының малшылары күмәнсіз анау аққулармен бейбіт қатар өмір сүре беретін еді. Аққулар қалқып ұшқан көгілдір аспанның астында қойларды бағу не еткен романтика десеңізші. Тіпті Эдем бағында да аққулар болмауы мүмкін. Тағы бірнеше жылдан кейін тірі қасқырдың құйрығынан ұстай алатын жүректі моңғол қызымен бас құрап, көкжалдардың ініне кіруге батылы жететін моңғол мен қытай ұлттарының қандары араласқан бірнеше баланы сүйсем басқа арманым жоқ, - деді Яң Кэ. Ол майса шөптің хош иісін құшырлана бір иіскеп сөзін жалғастырды:
- Мен түгіл, Таң патшалығының қаншама тақ мұрагерлері мен ханзадалары далалық түрк болғысы келген ғой. Ұлы дала - иттерді қадірлейтін және оларды қажет ететін жер. Бұл өңір «Иттердің басын басып-жаныштаймыз!» деп түкпір-түкпірде ұрандайтын Бейжіңге ұқсамайды. «Кертартпа ғылым беделдісінің күшігі» атанған мына маған сахара тамыр жайып қоныстану һәм отау көтеру үшін ең жақсы тұрақ саналады.
- Зиялы жастар болмаса жақсы болар дейсің. Өзің зиялы жас емессің бе? - деп қайыра сұрады Чен Чжен.
- Жан-тәніммен бөрі тотеміне мінәжат еткеннен кейін мен өзімді моңғолмын деп санаймын. Моңғол сахарасының адамдары шынымен де байтақ даланы өз жанынан артық көреді, тіршіліктің маңызды негізі деп есептейді. Мал шаруашылығы өңіріне келгеннен кейін егін шаруашылығы аймақтарынан келгендердің нағыз жексұрын екенін білдім. Көшпенді халықтардың егінші ұлттармен мыңдаған жылдар бойы соғысуы да содан ғой. Егер де мен ежелгі заманда өмір сүрсем, Ваң Чжаоцзюн сияқты Ұлы Қытай қорғанынан шығып, сырттағы өңірлерге баруды өтінген болар едім. Тіпті Ваң Чжаоцзюннің оққағар жауынгері болып, ілесіп жүре беретін едім. Соғыс бола қалса, байтақ даланың жағында тұрып, тіршіліктің негізін таңдап, әділеттік орнату мақсатында Тәңір мен кең сахара үшін барша күшімді сарп етемін, - деді Яң Кэ.
- Соғыспай-ақ қояйық, - деді Чен Чжен күліп, - Тарихта егінші халықтар және дала халықтары өзара соғысып-шабысқан, содан соң достық байланыстар құрып, қыз алысып құдаласқан. Шынын айтсам, біз – ертеден-ақ Орталық жазық пен Ұлы дала халықтарының қандары араласқан ұрпағымыз. Үлжі мына жаңа жайылым Олұнның адамдары мен үй жануарларына төрт-бес жылға тынысын кеңейте алады деп айтқан-ды. Егер ол ерен еңбек көрсетіп, қайтадан мансапқа қол жеткіза алса, жақсы болар еді. Сахараны жанындай қорғайтын Үлжі мен Білге-атаның күш-қуаты байтақ даланы тонап-талаған күштерге төтеп бере алатынына қатты алаңдаймын.
- Сен тым қиялшыл болып барасың! Бір жолы әкемнің Қытайдың болашағы егіншілердің жан саны 500 млн. адамнан азайтылуымен байланысты деп айтқанын естігенмін. Алайда, егіншілердің жан санының шамадан тыс қауырт артуын кім тежей алады? Тіпті моңғолдардың Тәңірі және қытайлардың құдайлары да бірдеме қолдануға шарасыз болып тұр. Осы 20 жылдан бері диқандарды жұмысшыларға, қала тұрғындарына және қаладағы зиялыларға біртіндеп өзгерткенді айтпағанда, қаладағы зиялылардың бәрін ауыл-қыстақтарға апарып, екінші сортты диқандарға айналдыруға ұмтылуда. Біздер, миллиондаған зиялы жастар, бір демнің ішінде қалалардан айдалып шықты емес пе? Үлжі мен Білге-атаның күштері.... Әлін білмеген әлектің тағдырын құшады, - деді Яң Кэ.
- Бөрі тотемі әлі де жүрегіңнің нағыз тотеміне айналмаған көрінеді! - деді тесірейіп қараған Чен Чжен, - Бөрі тотемі деген не? Бөрі тотемі - біреу онға, жүзге, мыңға, бір түменге төтеп беретін құдіретті де қуатты рухани күш. Бұл тотем – Ұлы даланы, яғни тіршіліктің негізін қорғайтын тотем. Бұл жаһанда ежелден бері үлкен тіршілік кіші тірлікті, Тәңір жазмышы адамдардың өмірін басқарып келеді. Жер-жаһан ойрандалса, адамның ұсақ тағдыры мен тіршілігі қалайша аман-сау қалады! Егер де бөрі тотемін шынымен құрметтесең – аспан мен жер, табиғат, Ұлы дала секілді тіршіліктің негізін таңдауың керек. Яғни, бір бөрі секілді жалғыз қалсаң да аянбай күресу керек. «Шегіне жеткенде шеруін атады» деген жаратылыс заңдылығына сенгейсің. Тәңір әрқашан Ұлы дала үшін кек алады. Тіршіліктің негізі жағында тұрсаң, ең болмағанда оны бүлдірген күштермен бірге өлесің, сосын жаның Тәңірге көтеріледі. Адамның өмірінде бұндай нәтижелер болып тұрады. Бұндай ахуалға түсудің өзі қадірлі де орынды қазамен тең келеді. Сахарадағы қасқырлардың көп бөлігі соғыс барысында күресіп жүріп қаза табады!
Сөз таба алмаған Яң Кэ бір мезет үнсіз отырды.
Бөлтірік кеңінен көсілген жаңа ортаға төтенше қызыға және елегізе қарады. Ол кейде шағын өзеннің суын ішуге тізіліп бара жатқан сиырлардан көз алмайды, кейде көзді шағылыстыратын бірнеше отардың аппақ қойларына басын қисайта қайта-қайта телміре қарайды, бірнәрсені толғанып ойланады. Біраздан соң көлді айналып қалықтап ұшқан үлкен құстар мен суда жүзетін құстарға алыстан көз тігеді. Бұрын ешқашан бұндай көп жануарларды көрмеген бөлтіріктің көзі қарауытты. Осында көшіп келудің алдындағы төл алған жайылымда Чен Чженнің киіз үйіне ең жақын отырған Білге-атаның отауы төрт-бес шақырым қашықтықта орналасқан-ды. Ол кезде бөлтірік сиырлардың бір тобын, қойлардың бір отарын, бір тас қораны, екі киіз үйді және алты-жеті өгіз арбаны ғана көретін. Көшкен кезде бөлтірік тезек сандықта екі күн, бір түн қамалып, жол бойы ешнәрсені көре алмады. Күннің жарығын қайта көрген кезде ол айналасының бәрі осындай көрініске айналғанын байқады. Бөлтірік шаттанғанынан өрекпіп секіреді. Шынжырмен байланбаған болса, міндетті түрде иттермен бірге жаңа жайылымдағы асыр салып ойнайтын немесе жолдан өтіп жатқан күшіктермен таласып, жұлқыласатын.
Чен Чжен амалсыздан Үлжінің пікірін қабылдап, бөлтірікті кісендеп асырайтын болды. Оның мойнындағы сиырдың терісінен жасалған қарғыбау темір шынжырға бекітілді. Шынжырдың екінші бір басы үлкен темір алқаға тағылды. Бұл темір шығырық жуандығы білектей тау шегіршін ағашынан жасалған қазыққа қағылды. Ағаш қазық жердің бетіндегі екі кез тереңдікке қағылды. Қазықтың жер бетіндегі бөлігінің биіктігі шамамен бір метрге жетеді. Темір шығырықтың қазықтан шықпауы үшін қазыққа темір ілгек орнатылды. Бұл қазықтың мықтылығы өгіз байласа да қозғалмайды. Оның құрылымы бөлтіріктің шыр айналып жүгірген кезде, шынжыр қазыққа оралып, айналған сайын қысқаруына, оның буынып өлмеуіне мүмкіндік береді.
Көшуден бір апта бұрын бөлтірік еркіндіктен айрылып, ұзындығы бір жарым метр кісенмен байланып, бір кішкене тұтқынға айналды. Ызаға булыққан бөлтіріктің кісенмен бір апта алысқанын, шынжырдың жартысын тістелеп сулағанын көрген Чен Чженнің жаны шырқырады. Алайда, бөлтірік темір кісенді тістелеп, ағаш қазықты қозғалта алмады, диаметрі үш метр шеңбер ішінде ғана шыр айналып, үсті ашық түрмеде күн өткізді. Чен Чжен оны сыртта сейілдететін уақытты ұзартып, өзінің бөлтірікті жәбірлеген күнәсін жуып-шайғысы келді. Бөлтіріктің ең көңілді шағы – анда-санда күшіктердің біреуі шеңбердің ішіне кіріп, онымен алысып-жұлысып ойнайтын кез. Алайда, ол әр жолы күшіктерді тістелеп қыңсылатады һәм қашуға мәжбүрлейді, ең соңында қайтадан жападан-жалғыз қалады. Тек Эрлаң төбет әрдайым шеңбер ішіне кіреді, кей-кезде сол жерде әдейі демалады. Бөлтірік әдетсіздікпен оның құрсағына, жотасына және басына шығып, құлақтарын, аяқтарын, құйрығын тістесе де былқ етпей жатады.
Бөлтірік үшін күні бойы күткен ең маңызды ақпараты – киіз үйдің босағасының жанындағы табағына телміре қарап, оның тамаққа толтырылып, алдына әкелінуін зарыға күтеді. Бөлтірік өзінің тұтқынға айналуының негізгі себебін түйсінген-түйсінбегенін Чен Чжен білмейді. Әйтседе бөлтіріктің жанарынан ызаға толған кейіп білінуде: неге күшіктерге емін-еркін де жайбарақат жүруге болады, ал оған еркін жүруге болмайды? Осы себептен жиі-жиі күшіктерден өшін алып, оларды тістеп-жұлып қанын ағызады. Байырғы көшпелі шарт-жағдайда иттер, қойлар және адамдардың жанында бөлтірікті асырауда мұндай «жан төзгісіз шара» қолданбасқа амал жоқ. Азырақ немқұрайды қарасаң, бөлтірік қойларды мерт қылып, адамдарды жарақаттуы мүмкін. Ең ақырында өзі де ажалдан құтыла алмайды. Чен Чжен оған талай рет бәсең үнмен сыбырлап, мұны түсіндірген еді. Сонда да бөлтірік бұрынғыдай тоңмойындығынан қайтпады. Чен Чжен мен Яң Кэ бұндай ерекше әділетсіздік оның көңілін жабырқатып, ауыр ықпал тигізеді деп алаңдай бастады. Темір шынжырмен байлап асырау бөлтірікті сөзсіз дара еркіндігін дамытатын алғышарттар мен орайынан айырады ғой. Мұндай жағдайда өскен көкжалды нағыз бөрі деп санауға болады ма? Оның Чен Чжен мен Яң Кэ білгісі келген даланың жабайы қасқырларынан орасан зор айырмашылығы болатыны даусыз. Екеуінің ғылыми зерттеуі сонау басталғаннан-ақ зерттеу жүргізу шарт-жағдайының ғылыми емес қатерлі мәселеге тап болды. Егер белгілі бір елді мекенде бөлтірікті үлкен темір тордың немесе үлкен тас қораның ішінде асыраса, ол біршама еркін жүретін еді, адамдар мен үй жануарларына да қауіп тигізудің де алдын алуға болатын еді. «Көкжалға мінудің (бөріні асыраудың) қиындығын» Чен Чжен мен Яң Кэ екеуі біршама күңгірт сезіне бастады. Мүмкін бұл ғылыми тәжірибелерінде сәтсіздіктің ұрығы баяғыда-ақ көмілген болар. Бір жолы Яң Кэ бөлтірікті еркіне жіберу пікірін білдірген-ді, бірақ Чен Чжен бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. Яң Кэ де ішінен бөлтірікті шынымен еркіндікке жіберуге қимайды. Ол да бөлтірікті онан сайын жақсы көріп кеткен-ді.
Жайылымда сиырлар еркін күйлейтін мезгіл тағы келді. Иен даланың еркін рухын елестететін бірнеше айбынды бұқалар да сол түні сиырлардың иісін иіскеген халде жаңа жайылымға гүрілдеп жетіп келді һәм өз ұрғашыларын тауып алды. Көзінің алдында тұрған үлкен бұқадан қатты шошыған бөлтірік дереу биік шөптің ішіне жасырынды. Бұқа бір сиырдың артқы сауырына күштеп жармасқан уақытта, бөлтірік қорыққанынан артына қарай тұра қашты. Темір шынжыр оны лезде тежеп тартып, жалпасынан түсірді. Қылқынғаннан тілі салақтап, көздері алайып кетті. Бөлтірік өзінің мойнында шынжырдың тағылғанын жиі ұмытып қалатын. Бұқа өзіне басын бұрып қарау арқылы белгі берген басқа бір сиырды қуалай жөнелген кезде ғана бөлтірік тынышталды.
Бөлтірік осы жаңа тұрағына қанағаттанған секілді. Ол шеңбердің ішінде аунақшып ойнақтай бастады. Жаңа қоныстағы майса шөптің биіктігі 30 см болып өскен. Бұл құрғақ құм төселген бұрынғы жатағынан әлдеқайда жайлы еді. Бөлтірік шөптің үстінде шалқасынан жатып, басын қисайта жанындағы көк майсаны бір-бірлеп өзіне тартады, тістеп жұлады. Ол өзі шөппен жарты сағат ойнап алады. Бойындағы өміршеңдігі тасыған бөлтірік мына шағын әлемде өмірін жандыра түсетін әрекеттерді тауып алды. Ол шаршап-шалдығуды мүлде ұмытқан халде әр күні шеңберді сан рет айналып жүгіруді тағы бастады. Ол шеңбердің сыртқы жиегімен барша жылдамдықпен біраз айналып, ешбір шаршамастан жүгіреді.
Бөлтірік бір мезет барынша жүгіргеннен кейін, кенеттен кілт тоқтап, бұрыла сала кері бағытта жүгіреді. Әбден шаршаған ол шалғын шөпке жата кетеді. Ит сияқты езуін арандай ашып, тілін салақтатып, сілекейін тамызып, демігіп тыныстауда. Бөлтіріктің бұл күндері жүгіру уақытын және шеңберді айналудың санын әдеттегі кезден бірнеше есе асқанын Чен Чжен де байқады. Ол кенеттен бөлтіріктің түлеу және жүнін ауыстыру үшін қимыл-әрекетін әдейі арттырғанын түсінді. Білге-ата бөлтіріктердің тұңғыш рет түлеуі үлкен қасқырларға қарағанда кешірек болатынын айтқан еді.
Шалғын шөп тез тапталатын еді. Бөлтіріктің шеңбер ішіндегі айналып жүгірген жолындағы майса шөп толығымен жапырылыпты. Кенеттен шығыс жақтан шапшаң шапқан ат тұяғының дүбірі естілді. Чжаң Цзиюән тұлпарын ойнақтата шауып келеді екен. Шекесін таңған ақ бинт көзге ерекше түседі. Зәресі ұшқан Чен Чжен мен Яң Кэ оның алдынан асығыс жүгіре шықты.
- Әрі тұрыңдар! Жақындамаңдар! - деп айғай салды Чжаң Цзиюән.
Оның астындағы дөнен ат әрнәрседен үркіп, адамды мүлдем жақындатпайды. Екеуі сонда ғана оның жаңадан үйретілген дөненге мінгенін байқады. Екі жігіт жалма-жан шетке шығып, оның орайын тауып аттан түсуін күтті.
Моңғолия даласында моңғол жылқыларының мінезі арынды келеді. Әсіресе Үрімчин жылқыларының мінез-құлқы тіпті де асау болады. Асау жылқыны үйреткенде, құлыннан құнанға дейінгі кезеңде, яғни үш жасқа толмаған уақытта үйретіледі. Атап айтқанда, құнаншығар көктемде үйретіледі. Осы кезді өткізіп алса, дөнен болғанда үстіне ертоқым, басына ауыздық салғызбайды, мүлде үйретуге келтірмейді. Құлағынан басып мықтап ұстап ерттеп, ауыздық салған күннің өзінде мінген адамға ырық бермей, мөңкіп жығып, тастамай тынбайды. Тіпті У Цзетяннің (624-705 жж. Чжоу әулетінің әйел патшасы) жылқыны үйрету қанды әдісі де түкке керек болмай қалады. Бұндай аттар адам отырмайтын жабайы жылқыға мәңгі айналуы мүмкін.
Әр жылғы көктемде жылқышылар жылқылар үйірінен жуастау құнанды сиыршылар мен қойшылардың үйретуіне береді. Асауды кім үйретсе, сол адам бір жыл мініп пайдаланады. Бір жыл мінген соң, бұл ат өзінің бұрынғы мінісіне жетпейтін болса, үйіріне қайта қосып жібереді. Әрине, үйретілген асауға содан бастап есім қойылады. Олұн сахарасында аттарға есім қоюда мынадай дәстүр сақталған: жылқыны үйреткен адамның есімінің соңына сол асаудың түсі қосылады. Айталық: Білге тор, Бату боз, Ламжаб қара, Сарылың бурыл, Санжы көк, Доржы кер, Чжаң Цзиюән күрең, Яң Кэ жирен, Чен Чжен құла және т.б. Сәйгүлік үйретілген соң, ол сол аттың өмірімен біржолата кетеді. Олұн даласында сәйгүліктердің есімі көп қайталанбайды. Асау үйреткендердің аты-жөнімен жылқыға есім қою – ержүрек батырларға көрсеткен құрмет. Өз есімімен аталған тұлпар қанша көп болса, сол кісі сонша зор құрметке бөленеді. Егер асау атты үйретуші адам өзі үйреткен жылқыны жақсы деп сезінсе, оны өзінің мінісіне қалдыра алады, бірақ өзінің бұрынғы қорасының бір сәйгүлігімен ауыстыруы тиіс. Әдетте қойшылар мен сиыршылар өзіне тиесілі төрт-бес сәйгүліктің ішінен кәрі-құртаң, шабан аттарын жақсы тұлпарға ауыстырып мінеді.
Сахарада жылқы далалықтардың тағдыры һәм өмірі болып табылады. Жақсы да жетерлік арғымақ пен оның күші болмаса, кісілер қалың омбы қардан, жалындаған өрттен және дұшпанның қуғынынан құтыла алмайды, ажалдан құтқаратын дәрігер мен дәрі-дәрмекті жеткізе алмайды, тұтқиыл шабуылдаған жаудың жағдайын һәм апаттың ахуалын уағында хабарлай алмайды, көкжалды қуып жетіп құрықтай алмайды, ақ боранның ішінде желдің ығымен кеткен жылқыларға, сиырларға және қойларға жете алмайды. Білге-атаның айтуынша, тұлпарсыз қалған далалық құдды екі аяғынан айрылған бөріге ұқсайды.
Қойшылар, бақташылар жақсы арғымақ мінбекші болса, асауды өздері ғана үйретіп мінеді. Далалықтар басқа кісі үйреткен жылқыны мінуге намыстанады. Олұн сахарасында қарапайым қойшылар мен бақташылардың бәрі де өздері үйреткен аттарды мінеді. Мықты қойшылар мен бақташылар бір түстес жақсы тұлпарларды мінеді, жас жылқышылардың көзін қызартып, қызғанышын тудырады.
Құнандар жылқы үйірінде қалған ең асау аттар болып табылады. Олардың көбісін жылқышылар өздері үйретеді. Жылқышылар ат үйретуге ең шебер, үйреткен асаулары да ең көп болады. Озық жылқышылардың мініс тұлпарлары тіпті таусылмайды. Алайда, асаулығы айрықша күшті жылқыны кездестіргенде жылқышы жығылып, мұрны мен бет-жүзін көгерткен, денесін зақымдаған, сүйегін сындырған жәйттер де туылып тұрады. Дегенмен, Олұн даласында асаулығы тасыған жылқылардан әрқашан жүйрік тұлпар, ерен де таңдаулы сәйгүліктер шығатындықтан, бәрінен де асып түсуге ұмтылған жылқышылардың бәсекелесу обьектісіне айналды. Олұн даласында қай жылқышының жақсы сәйгүлігі ең көп болса, соның мәртебесі ең биік, абыройы мен көңілдестері де ең көп болады. Моңғолия даласы ер-азаматтарды қасқырдың ініне кіруге, асау аттарды ырыққа көндіруге, жыртқыш көкжалдармен алысуға, қуатты балуандарды жығуға, соғыс майданына шығуға, батыр болуға жігерлендіреді. Моңғолия сахарасы – соғыс пен күрестің даласы, ержүрек батырлардың әлемі. Моңғол қағандарын барша ру-тайпалардың одақтары сайлаған, патшалар ұнатып бекітетін мұрагерлік жолмен белгіленбеген. Тарихта моңғолдар қабілетсіз тақ мұрагерлері мен ханзадалардың таққа отыруын іштей қабылдаудан бас тартқан. Моңғолдың Юән патшалығы тұсында қарапайым да дарынсыз тақ мұрагерлері әрқашан да ержүрек бауырлары, батыр қолбасшылар, қымсынбаған уәзірлер тарапынан ығыстырылып, биліктен шеттетілген.
Чжаң Цзиюән бір жағынан аттың мойнын сипап, бір жағынан аяғын үзеңгіден ақырын шығарып, сәйгүліктің қамсыз болғанын пайдаланып, аяқтарын көтеріп, шапшаң жерге түсті. Үркіген асау жылқы тебініп кетіп, ер-тоқымды арқасынан түсіре жаздады. Чжаң Цзиюән лезде қысқа шылбырды тартып, аттың басын өзіне қарай тартты, артқы сирақтың серпінінен жалтарды. Ұзаққа дейін әуреленіп, күш салғаннан кейін ғана ол тұлпарын өгіз арбаның дөңгелегіне мықтап байлады. Асау ат тізгінді жұлқына тартқанда, өгіз арба тарс-тұрс теңселіп кетті. Чен Чжен мен Яң Кэнің жүректері орнына түсіп, көңілдері тынышталды.
- Сен сұмпайы шынымен де тағдырыңмен ойнап жатырсың. Осынша асау жылқыны үйретуге батылың жетеді ме? - деп сұрады Яң Кэ.
Маңдайын сипалаған Чжаң Цзиюән:
- Таңертең бұл асау мені жығып жіберді. Тұяғы шекемнің дәл ортасына тиіп, талып қалыппын. Бақытыма орай, жанымда Бату болды. Көк майса әлі шықпаған кезде мен оны екі-ақ рет мінгенмін. Мүлде үйреткізбеді. Кейін тағы екі рет астыма басқан соң ғана әйтеуір жуасыған еді. Оның көктемде майса шөпке тойғаннан әбден семіріп, қайта құтыратынын қайдан білейін. Бақытыма орай, құнан болғандықтан тұяқтары әлі сопақ бола қоймаған екен. Сол себепті, кеңсірігім, бет-аузым сау қалды. Егер де үлкен тұлпар болғанда, мені әлдеқашан мерт қылатын еді. Дегенмен, бұл асыл жылқының тұқымы ғой. Екі-үш жылдан соң әйтеуір атақты тұлпар болуы керек. Олұн даласында жақсы сәйгүлікті мінуді армандағанның бәрі де өз өмірін тәлкекке салмаса сол арманына жетпейді!
- Сен жүгермек барған сайын бізді шошындырып жатырсың ғой. Қай уақытта жақсы жылқыны үйретіп мінсең, әрі маңдайыңа дәкі таңбасаң, сонда ғана мықты жылқышы боласың, - деді Чен Чжен.
- Шамамен тағы екі жыл қалды. Биыл көктемде қатарынан алты асауды үйреттім. Бәрі де бірінен бірі өткен асыл сәйгүліктер. Бұдан былай сен екеуің аң аулауға алыс жолға шықпақшы болып, мінерге жылқы таба алмасаңдар, мені іздеңдер. Мен сендердің аттарыңды толығымен жақсы сәйгүліктерге ауыстыруды ойлап жүрмін, - деді Чжаң Цзиюән.
- Сен бала батырлығың үлкейіпті. Сөзіңді де ерекше емеурене сөйлейтін болыпсың. Өзгенің шайнап берген наны ас болмайды. Жақсы жылқы мінгім келсе, өзім-ақ үйретіп мінемін. Биыл мүмкіндігінше бөлтірікке көңіл бөлдім. Асау үйретуге уақытымыз шықпады. Келесі жылы көремін, - деп күлді Яң Кэ.
- Екеуіңнің бөрілік қасиеттерің әжептәуір жетіліпті. «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» демекші, қасқырларға жақын болған жаужүрек батырға айналады деген осы, - деді Чен Чжен де күліп.
Су ішуді аяқтаған жылқы үйірі Чен Чженнің киіз үйінің дәл алдындағы беткейде орналасқан шабындыққа ақырын аяңдады.
- Бұл жер айқас алаңын тамашалауға арналған айрықша керемет орын екен. Асқақ шыңға жайғасқандар айналаны бір көз тастағаннан-ақ бәрін көреді. Сендерге 10 рет айтқаннан бір рет көрсеткенім артық. Бұрын отрядтағы жылқылардың қоныс орнына тым жақын келуіне жол берілмейтін, сондықтан сен екеуіңнің бірдеме көрудің ешбір орайы болмайтын еді. Осы жолы сендердің көздеріңді ашайын. Сәлден соң екеуің де моңғол жылқыларының қандай екенін білетін боласыңдар, - деді Чжаң Цзиюән.
Жаңа жайлаудың алабы кең, шөбі шүйгін, суы мол еді. Бұл жерге бір отрядтың малдары ғана келді. Отряд салт-дәстүр мен дағдылы ережені бұзып, жылқылардың су ішіп болғаннан кейін сиырлар мен қойлардың өрісінде аз уақыт жайылуына уақытша рұқсат етіпті. Қуып жіберетін ешкім болмағандықтан, жылқы үйірі бір орында тоқтап, бастарын еңкейте шөпті жалмауға кірісті.
Зор денелі, айбынды да өжет айғырлар дереу Чен Чжен мен Яң Кэнің назарын өздеріне тартты. Айғырлар түгелдей жүндерін ауыстырыпты. Жылт-жылт еткен жаңа жүндері моңғолдың қаптамалы ұзын шапанының торғын матасынан да бетер жалтырайды. Олардың денелері бір қозғала қалса, шымыр бұлшық еттері торғын-торқаның астынан анық білініп, қолға ұстатпаған үлкен сазан балықтар секілді қозғалады. Айғырлардың өзге жылқылардан ең айырмашылығы: арыстанның жалынан ұзын жал-құйрықтары көзін тұмшалап, бүкіл мойнын жауып, төсі мен алдыңғы аяқтарын көрсетпейді. Ең ұзын жал мойын мен жауырынның қосылатын жерінде орналасып, ұзындығы аттың тізесінен төмен түседі, тіпті жерде сүйретіледі. Олар еңкейіп шөп жеген кезде ұзын жалдары төгіліп, денесінің жартысын бүркемелегенде шаштары ұйпа-тұйпа, басы мен беті жоқ жезтырнаққа ұқсап кетеді. Олар бастарын көтере шапқан уақытта бүкіл ұзын желкесіндегі жалдары желмен желбіреп, иен даланың таңдаулы атты әскер қосындарының қомақты әскери байрақтары тәрізді көрген жаулардың үрейін аларлықтай айбар көрсетеді. Айғырдың мінезі жойқын да ашушаң болады. Сахарада оны үйретуге, құрықтауға, мінуге ешкімнің батылы бармайтын нағыз асау жылқы солар. Айғырлар өтейтін екі міндет – ұрпақты көбейту және жылқылар үйірін қорғау. Оның өз үйіріне жауапкершілігі айрықша күшті. Ол кез келген қауіп-қатерден тайсалмайды, сондықтан аса қайсарлы да қатыгез келеді. Егер бұқаларды шағылысқаннан кейін тайып тұратын арамтамақ жалқау десек, онда айғырларды Моңғолия даласындағы нағыз ерлерге теңеуге болады.
Көп өтпей, айғырлардың қиянкескі айқасы да басталды. Жылқы үйіріндегі барлық айғырлар бір-бірімен аяусыз тістесе кетті. Жылына бір рет үйірдің ішінен байталдарды қуып жіберу, биелерге таласу айқасы айқас алаңын тамашалауға арналған жердің дәл алдында бұрқ етті.
Үш жігіт бөлтірік байланған жердің жанындағы шалғын шөптің үстіне жайғасып, жылқы айқасын үнсіз тамашалады. Бөлтірік те шеңбердің шетіне шоқшиып отырып, тырп етпестен жылқы үйіріндегі сұрапыл күреске қадала қарауда. Оның жотасының үрпиген түктері қарлы далада қарны ашыған көкжалдай қалшылдайды. Ол дүлей де қайсар ірі айғырларға біртүрлі табиғи қорқынышпен көз жіберді. Дегенмен, ол барша зейін-зердесін сала қарауда еді.
500 астам жылқы топталған осы үйір он шақты отбасыдан құралған еді. Әрбір айғыр бір отбасы үйірін басқарады. Ең үлкен отбасыда 70-80 жылқы болады, ал ең шағын отбасы 10 жылқыға да жетпейді. Отбасының мүшелері сол айғырдың биелері мен құлындарынан құралады. Ежелден жылқылар үйірі өрбіп-өсуі және біртіндеп жетілу жағынан кейбір адамдардан да өркениетті келеді. Мейірімсіз сахарада бөрілер тобының үнемі қоршап шабуылдау жағдайында жанын сақтап, өмірін жалғастыру үшін жылқыларға өзінің ең жақын туыстарымен жұптасуды, қан араластыруды рақымсыз жоюға, өз тұқымының сапасын және жауынгерлігін көтеруге тура келді.
Әрбір жаз мезгілінде байталдар жұптасуға жақындаған уақытта, айғырлар әкелік мейірімін күрт өзгертіп, ешбір рақымшылдық қылмай өз қыздарын үйірден қуып шығады, өз аналарының жанында жүруіне мүлдем тыйым салады. Айбар көрсетіп құтырған ұзын жалды айғырлар қасқырларды қуып және тістелеп, үйіріне жолатпаған секілді өздерінен туылған байталдарды да тістеп, үйірінен қуып жібереді. Қуылған, тістелген байталдар еңіреп жылайды, өксіп кісінейді. Жылқылар үйірі азан-қазан аласапыранға түседі. Әрең-әрең орайын тауып, анасының жанына келіп тығылған, ентігуін баса қоймаған байталды қатаң мінезді айғыр тағы да тістелеп-тепкілеп, шапшаң үйірден қуа жөнеледі. Олардың өз әкесіне қарсыласуға қайдан шамалары жетсін. Тепкінің астына түскен байталдар жерге құлайды, амалсыз үйірінен ажырайды, ұзақ аянышты кісінеп, айғырдан өлердей жалынып, әкесінің рақым етуін сұрайды. Алайда, кәрленген айғырлар көздерін шақырайтып, тұяқтарымен осқырына жер тарпып, меірімсіздік пен қаталдық танытып, байталдардың өз үйіріне қайта оралуына жол бермеді. Ал байталдарды қорғамақшы болған биелер де лезде айғырлардың тепкісіне ұшырады. Ең ақырында биелер амалсыздан бейтараптық сақтады. Олар да айғырлардың әрекетін түсінгендей болды.
Әрбір отбасыда байталдарды қуып шығу науқаны аяқтала салысымен үйірдің ішінде жаңа биелерге таласу секілді бұдан да қатал және қиянкескі айқастар үсті-үстіне орын алады. Бұл Моңғолия даласындағы нағыз еркектік пен жыртқыштық жанартауының атқылауы болып табылады. Өз үйірінен қуылған панасыз байталдар дереу қандық жақындығы жоқ өзге айғырлардың таласу нысанасына айналады. Барлық айғырлар артқы екі аяғына тік тұрып, қарсыласымен өле-өлгенше айқасады. Тік тұрған аттардан бүкіл үйір әп-сәтте екі есе биіктеніп кетті. Олар зіл-батпандай ауыр да үлкен тұяқтарын қару ретінде қолданып сермейді. Әуеде тек жылқының тұяқтары ғана көрінеді. Олар сілтеген балғаларға, сермелген жұдырықтарға, лақтырылған айбалталарға ұқсайды. Айғырлардың тұяқтары салдыр-гүлдір соқтығысуда, күректей тістері түйісуде. Бұндай айқасқа төтеп бере алмаған әлсіз айғырлар тым-тырақай қашады. Ал мықты айғырлар бірін-біріне бой бермей, ұзақ айқасады. Алдыңғы аяқтардың тұяқтарымен айқасу нәтиже бермесе, тістерімен тістеседі. Күректей тістерді қолдану нәтижесіз болса, бұрыла келіп артқы тұяқтарымен тебіседі. Бұл іс жүзінде көкжалдардың басын жаратын айрықша ауыр қару саналады. Бұлай тебіскеннен кейбір аттың басы жарылып, төсі ісіп, аяқтары ақсаңдап қалады. Алайда, айғырлар айқасуды аяқтайтын емес.
Осы опыр-топыр айқасты пайдаланған байталдар өз отбасысына қайтқан кезде қаһарлы әкелері мен нәпсіқұмар бие таласқыш айғырлардың ортақ қудалауына ұшырайды. Айғырлар кенеттен қайта жауынгер жолдастарға айналып, байталдарды баруға тиісті жерлеріне қуалады.
Бір әдемі де сүйкімді ақбоз байтал ең мықты екі айғырдың таласу нысанасына айналған екен. Байталдың бүкіл тұла-бойындағы аппақ жаңа жүні жалтырап, қос үлкен көзі маралдың көздеріндей адамды сүйсіндіреді. Биік те сымбатты бұл жануар ақ маралдай әсем де жүйрік көрінетін.
- Шынымен аса әдемі екен! Егер де мен айғыр болғанымда, жанымды тіксем де оған таласатын едім. Алып қашып үйлену құдаласып үйленуден анағұрлым қызықты ғой. Енеңді...., сахарада тіпті жылқылардың некелесу жүйесін де бөрілер белгілейді екен. Қасқырлар – жылқылардың ең зор ата жауы және қас дұшпаны. Егер олар болмағанда, айғырлар бұнша жойқын да рақымсыз болмас еді. Байталдар да жабайы күшпен тартып алу тәртібін қабылдамас еді, - деп аузынан түсірмей мақтады Яң Кэ.
Екі айғыр құдды ежелгі Римдегі Колизейде айқасқан екі арыстандай өліспей беріспейтін, ашудан жарылып кететіндей барша күштерін сала қиянкескі арпалысты. Жерді аңдаусыз тепкілеген Чжаң Цзиюән тықырши сөйледі:
- Мына байтал үшін бұл екі үлкен айғырдың қырқысқанына бірталай күн болды. Бұл ақбоз байталды барлық адам бір көргеннен-ақ жақсы көреді. Мен оны ақ ханша деп атаймын. Бұл ханшаның жағдайы расында да аянышты. Бүгін мына айғырдың үйірінде бір күн жүреді, ертең анау айғыр оны тартып әкетеді. Содан соң екі айғыр қайта айқасады. Кейіннен «кішкене ханшаны» тағы біреу тартып әкетуі мүмкін. Мына екі айғыр әбден айқасып титықтаған кезде бұдан да мықты һәм айлалы үшінші айғыр кенеттен бәсекеге шығып, байталды тағы иемденеді. «Ақ ханша» қайдан ханша болсын. Толығымен айғырлардың күңі болып табылады. Олар оны өз үйіріне әкету үшін таласады, күні бойы көк балақ болып шабысады. Тіпті осынша нәрлі шөпті де дұрыстап жей алмай, әбден қарны ашығаннан арықтағанына қараңызшы. Бірнеше күннің алдында әп-әдемі еді. Айғырлардың әр жылы көктемде осылай айқасуынан көптеген байталдар да тәжірибе жинақтап, ақылды болды. Өз отбасысына оралмайтынын сезген олар ең мықты айғырдың үйірін таңдап, арқа сүйеуге болатын арыстарды паналайды. Сол арқылы айғырлардың үздіксіз таласуынан құтылады, есепсіз азап тартудан сақтанады. Байталдар өте зерек: көкжалдар құлындар мен тайларды жеген қанды көріністерді талай көрген. Бәріне мәлім, кең далада өз отбасың болмаса, мықты әкенің немесе жардың қорғауы болмаса бөрілер талап жеп қоюы ықтимал. Мәнін ашып, анығын айтқанда, моңғол жылқыларының жабайы мінезі, айғырлардың айбынды жауынгерлік рухының бәрі де қасқырлардың жыртқыштығымен тығыз байланыста қалыптасқан.
Чжаң Цзиюән сөзін одан әрі сабақтады:
- Айғырлар – сахараның алпауыттары. Көкжалдар тобы оның үйіріне жабылып шабуыл жасауынан алаңдайтынын айтпағанда, негізінен ешкімнен қорықпайды, ешнәрседен тайсалмайды. Бөріден де жасқанбайды, адамнан тіпті де қаймықпайды. Бұрын «өгіздей немесе айғырдай жұмыс істеу деген не, тәйірі» деп жиі айтатынбыз. Іс жүзінде, бұның айғырлармен мүлдем қатысы жоқ. Моңғол жылқылары шынымен де жабайы құландарға ұқсайды. Үйірдегі біраз піштірілген аттардан басқалардың бәрі дерлік құландардан аса үлкен айырмашылығы жоқ. Менің де жылқы үйірінің арасында жүргеніме едәуір ұзақ уақыт болды ғой. Дегенмен, алғашқы қауым адамдарының жабайы жылқыны бастапқыда қалай қолға үйреткенін әлі де көз алдыма елестете алмай отырмын. Олар жылқыны пішіп тастаған соң, мінуге қолайлы болатынын қалай байқаған? Жылқыны пішу өнерін игеру де оңай емес. Құнандар екі жасқа жеткенде ерте көктемде піштіру керек. Құнандар ертерек піштірілсе - ауырғанға төзе алмайды. Ал кеш пішілсе - жұмалақтары таза алынбайды. Жылқының жұмалақтарын кесу де өте қиын. Ұманың терісін кесіп, жұмалақтарын сығып шығарғаннан кейін олармен жалғасқан көптеген жіңішке тамырларды кесуге болмайды. Пышақпен кесуге келмейді: инфекция түсіп, бәрі асқынуы мүмкін. Жұлып тастауға да болмайды: бір тартқаннан аттың құрсағындағы өзге мүше-органдары да жұлынуы мүмкін. Жылқышылардың бастапқы әдісі – жұмалаққа жалғасқан жіңішке тамырларды бұрап үзіп, пайда болған түйіншіктердің ұшын түйіп қою. Сонда ғана жарақатқа инфекция жұқпайды. Құнандар кішкене ғана асқынып кеткен жарадан өлуі мүмкін. Жылқылар құнан кезінде пішіліп, дөнен жасына жеткенде мінуге үйретіледі. Піштіру мен қолға үйрету бір уақытта ұйымдастырылған жағдайда, құнандар қиналғаннан өліп кетеді. Бұл әдістің қиындық дәрежесі аса жоғары. Айтыңдаршы, байырғы далалықтар бұндай әдісті қалай іздеп тапқан және игерген?
Чен Чжен мен Яң Кэ бір-біріне бір қарап, білместіктен бастарын шайқады. Біршама масайраған Чжаң Цзиюән сөзін әрі қарай жалғастырды:
- Бұны өте ұзақ уақыт ойланып-толғандым. Менің тұспалдауымша, байырғы далалықтар амалдап жүріп, алдымен қасқыр жаралаған жабайы тайды ұстап, жарасын емдеген, сосын оны баптап өсірген болуы мүмкін. Алайда, өсіргеннен кейін де үстіне адам мінгізбеген. Жылқының жас кезінде шама-шарқынша мінген шығар. Алайда, құлын айғырға айналғаннан кейін оған кім міне қойсын. Одан кейін олар тағы көкжалдар жаралаған бір құлынды амалдап ұстап, қайтадан қолда бағып сынап көреді. Қанша ұрпақ ауысқаны белгісіз, жұмалақтарын бөрі қыршып жұлған құнанды сәті түсіп қолға түсірген шығар. Бағына қарай тірі қалған құлын кейіннен үлкейіп, қолға үйретіліп, мінуге жараған көрінеді.... Осы жайт ғана атқа мінуге ой түрткі болған шығар. Әйтеуір, ежелгі далалықтар жабайы жылқыны үйретудің осы әдісі аса күрделі, тым ұзақ болған. Жабайы жылқыны үйрету барысында қаншама далалықтың жығылып зақымдалғаны, мерт болғаны беймәлім. Бұл расында да адамзат тарихының дамуындағы ұлы қадам есептеледі. Бұл – қытайлықтардың төрт ұлы тапқырлығынан (компас, қағаз, оқ-дәрі, кітап басып шығару) анағұрлым ерте ойлап табылған, сондықтан маңызы бұлардан әлдеқайда зор. Жылқы жоқ болса, адамзаттың ежелгі тіршілігін елестету шынымен мүмкін емес. Қазіргі заманда машина, пойыз, танк болмауынан да ауыр һәм аянышты. Сол себептен көшпенді халықтардың адамзатқа қосқан үлесі расында да мөлшерсіз.
Қозып кеткен Чен Чжен оның сөзін бөліп жіберді:
- Сенің пікіріңе келісемін. Далалықтардың жабайы жылқыны үйретуі ежелгі егіншілердің жабайы өсетін күрішті қолдан егілетін күріш етіп жетілдіруінен анағұрлым қиын. Ең кемінде жабайы күріш жүгіре алмайды, адамды теппейді, басын жарып, сүйреп мерт қылмайды. Жабайы өсімдіктерді жетілдіру негізінен бейбіт еңбек болып табылады. Ал жабайы жылқылар мен бұқаларды қолға үйрету – қан мен тер төгуді қажет ететін күрес. Егін егетін ұлттар күні бүгінге дейін көшпелі халықтардың осы бір ұлы күрестің нәтижесі мен жетістігін игіліктеніп келеді.
- Көшпенді халықтар шынымен де керемет екен. Олар әскери қимылдарды жүргізуге шебер, еңбек етуге және білім игеруге де құштар. Көшпелі халықтар өркениетінің даму деңгейі отырықшы ұлттардай жоғары дәрежеге жетпегенмен, дамудың белгілі бір шарт-жағдайына ие болса, онда егінші ұлттардың даму жылдамдығынан жабайы жылқылардың шапшаңдығынан да тез шаң қаптырып озады. Қытайдың мәдениетін үйренген және игерген Құбылай, Каңси, Цянлуң секілді патшалар қытайлардың патшаларының басым бөлігінен де мың есе мықты болған. Олардың қосқан үлестері мен әрекеттері де анағұрлым зор болған. Өкінішке орай, олар ежелгі қытайлардың мәдениетін ғана үйренді. Егер олар ежелгі Грекияның, Римнің немесе таяу замандағы батыс елдердің мәдениетін үйренгенде, онда тіпті де айрықша болар еді, - деді Яң Кэ.
- Шынын айтсақ, қазір әлемдегі ең озық ұлттар басым бөлігі көшпенділердің ұрпақтары болып табылады. Олар қазіргі күнге дейін сүт ішеді, ірімшік пен сиыр етінің стейктерін жейді, жүннен жылы тондар тігеді, көк майсалы көгал өсіреді, иттерді асырайды, бұқаларды сүзістіреді, бәйге салып, арғымақтардың жарысын өткізеді, өнер жарысы мен спорттық ойындар сайыстарын ұйымдастырады, сондай-ақ еркіндікті сүйеді, демократиялық жолмен сайлау жүргізеді, әйелдердің құқықтарын құрметтейді. Осылардың бәрі байырғы көшпелі халықтардың ежелгі салт-санасы мен әдет-ғұрыптары екен. Олардың ержүрек жауынгерлігі, қайсар ұмтылғыштығы ұрпақтан-ұрпаққа мирас ретінде ғана қалып қоймастан, тіпті де шектен тасып кемелденіп дамуда. «Үш жасында ересектерге, жеті жасында кәрілерге қарайды» (баланың болашағы үш жас пен жеті жас аралығында қалыптасады) дейді жұрт. Ұлттарда да осындай заңдылық бар. Бастапқы көшпелі тұрмыс - батыс елдердің балалық шағы. Қазір байырғы көшпенді халықтарға көз жіберсек, батыс ұлттардың «үш жасы» мен «жеті жасындағы» балалық шағын көргендей боламыз. Бұдан толықтап сабақ алсақ, олардың кейін келіп, төрге қалай шыққанын, бұрын шыққан құлақтан, кейін шыққан мүйіздің қалай озғанын бұдан да терең түсіне аламыз. Батыс елдердің озық технологияларын жақсылап игеру онша қиын емес. Қытайдың спутниктері де ғарышта ұшып жүр ғой. Алайда, біз үшін ең қиыны - батыс халықтарының қанындағы жауынгерлігі мен алға ұмтылғыштығын, ержүрек һәм тәуекелшіл рухы мен мінезін үйрену. Лу Сюн (1881-1936 жж., қазіргі қытай әдебиетінің негізін қалаған жазушы) қытай халқының ұлттық мінезінде сақталған үлкен мәселені баяғыда байқаған ғой...., - деді Чен Чжен күрсініп.
- Мен жылқышы болғаннан кейін моңғол мен қытай ұлттарының мінезіндегі айырмашылықтарды ең терең сезіндім. Бұрын мектепте мен де өзімді жан-жағымнан елден ерекше санаған едім, бірақ иен далаға келе сала өзімнің мысықтай әлсіз екенімді байқадым. Барша пәрменмен өзімді күшті адамға айналдырғым келсе де, біздің қанымыз бен сүйегімізде тумысынан табиғи кемістіктің жатқанын кейін ғана байқадым, - деді Чжаң Цзиюән.
- Табиғи кемістіктің нақ өзі! - деді күрсінген Чен Чжен, - Қытайдың ұсақ ауыл шаруашылық экономикасы бәсекеден қорқатын бейбіт еңбекке негізделген. Ал Конфуций тағылымы уәзірлердің патшаға, баланың әкеге табынуын дәріптейді. Баса айтуды қажет ететін нәрсе: жоғарыдағылар қадірлі, төмендегілер пасық, мол тәжірибе мен жасына қарай басымдық беру, шартсыз бағыну, диктаторлық зорлық-зомбылық арқылы бәсекені жойып, патшаның билігін және ауыл шаруашылығының бейбіт дамуын қорғау уағыздалады. Қытайдың ұсақ ауыл шаруашылығы экономикасы және Конфуцийдің тағылымдарына негізделген мәдениет болмыс пен сана жағынан хуася (қытай) ұлтының мінезін әбден жұмсартты. Кезінде қытай ұлты шұғылалы ежелгі өркениет жаратты, бірақ оның есесіне ұлттық мінезін құрбандыққа шалды, сол арқылы ұлттың даму қарқынын бәсеңдетіп жіберді. Жаһанның тарихы ауыл шаруашылығы өркениетінің бастапқы сатысынан өткен кезде, Қытай мешеулеп артта қалды және шет елдердің соққысына душар болды. Әйтсе де, бізді бақытты деп санауға болады: Моңғолия сахарасындағы байырғы көшпенді тұрмыстың ең соңғы кезеңін көруге үлгердік. Кім біледі, мүмкін батыс елдердің өркендеуінің сырын да табармыз?
Көк шалғында айғырлардың байырғы айқасы әлі де қыза түсті. Айқаса келе жеңіске жеткен мықты айғыр әлгі «ақ ханша» байталды өз үйіріне кіргізіп жіберді. Жеңілген айғыр бұған көнбей, еліре ұмтылып барып, байталды бірнеше рет теуіп, омақасынан жерге құлатты. Кімнен жәрдем сұрауды білмеген байтал көк шалғында қиналып жатты және ұзақ кісінеді. Жаны жай таппаған «ақ ханшаның» анасы құтқармақ болып, алға шықты, бірақ қатал күйеуі оны тепкілеп үйірге қайтарды.
Яң Кэ айғырдың бұл қылығын көргісі келмеді.
- Сендер жылқышылар неге тыймайсыңдар? - деп сұрады ол Чжаң Цзиюәнді нұқып-нұқып жіберіп.
- Қалай тыямыз? Жанына барсақ, айқас тоқталады, ал кетіп қалсақ – қырқыс қайта басталады. Жергілікті малшылар да бұған араласпайды. Бұл жылқылардың өміршеңдігін және тіршілікке қабілеттігін шыңдайтын өмір айқасы сан ғасырлардан бері осылай жалғасып келеді. Бүкіл жаз бойы айғырлар өз үйіріндегі байталдарды қуып жіберіп, өзге үйірдің байталдарын таласып-бөліп алмайынша, осы қырқысу тоқтамайды. Айғырлардың айқасуы жаздың соңында, күздің басында ғана аяқталады. Сол кезге жеткенде, ең адуынды да айбарлы айғырлар ең көп байталды иемденеді, ал ең әлсіз һәм ең қорқақ айғырлар жұрт керек қылмаған, басқалардан қалған байталдарға қол жеткізеді. Ең қатал айғырлар бір байталды да иемдене алмайды. Жаз мезгіліндегі осы қиян-кескі айқастарда ең тегеурінді айғырлар көптеп шығады. Олардан шыққан ұрпақтар да ең мықты, жүйрік, икемді де ширақы, қатаң мінезді болады. Толассыз күрес пен бәсекеден жақсы сәйгүліктер сұрыпталып шығады. Жылына бір рет өткізілетін айқастарда айғырлардың батылдығы мен соғысу шеберлігі барған сайын күшейеді және шыңдалады. Олардың үйірі де барған сайын шалқып өркендейді. Бұл да айғырлардың қасқырлармен айқасу, үйірін қорғау қабілетін жаттықтыру полигоны болып табылады. Әр жылы бір рет өткізілетін айғырлардың айқасу жаттығуы болмағанда, жылқы үйірлері сахарада мүлдем тіршілік ете алмас еді, - деді Чжаң Цзиюән.
- Меніңше, соғысқа жарамды, дүние жүзін тітіркендірген жүйрік моңғол жылқылары байтақ даладағы көкжалдардың қысымымен жетілген ғой, - деді Чен Чжен.
- Әрине солай, - деді Чжаң Цзиюән, - Ұлы даланың бөрілері жалғыз моңғол жауынгерлерін тәрбиелеумен ғана емес, соғыс аттарын да жетілдіріп шығарды. Ежелгі заманда Қытайды билеген қытайлардың да орасан зор атты әскерлері болған-ды. Алайда, қытайлардың сәйгүліктерінің көбі фермада және ат қорада бағылады. Біз ауылға барып, еңбек еттік. Ауыл-қыстақта аттарды бағудың барысын білеміз емес пе? Жылқы қораның ішінде бағылады. Адамдар суы мен жем-шөбін, ал кешке қосымша шөп-шалам салып береді. Қытайдың ішкі өлкелеріндегі жылқылар қасқырларды қайдан көрді дейсің? Сондай-ақ айқасуды да басынан өткізбеген. Тіпті ұрықтану да табиғи сұрыпталуға негізделген өліспей беріспейтін күрес арқылы емес, адамдар жаратқан түгелдей жасанды жолмен жүргізіледі. Яғни, бағанға байланған биеге кісілер айғырды жетектеп әкеліп, ұрықтандырады. Ұрықталып болғанша, бие айғырдың түр-түсін, қандай екенін де біле алмайды. Мұндай жылқының ұрпағында қайдан даралық пен жауынгерлік күш-қуат болсын?
- Еріксіз некеден туылған ұрпақ есуас келеді. Бақытымызға қарай, біз үшеуіміз ондай ұрпақтан емеспіз. Әлі де үміт бар. Дегенмен, қазіргі кезде ауыл-қыстақтарда еріксіз некелер жаппай өріс алған. Әйтсе де, егін егуге жегілетін жылқылармен салыстырғанда, жас келіншектер өз еркектерінің сыртқы пішінін біледі, - деді Яң Кэ күліп.
- Қытай үшін бұның өзі де үлкен ілгерілеу деуге болады, - деді Чен Чжен.
- Орталық жазықта мекендейтін қытайлардың аттары еңбекқор құлдар іспетті. Күндіз жұмыс істеп, кешке ұйықтайды. Диқандардың еңбектенуі және демалуынан ешбір айырмашылығы жоқ. Сол себептен қытайлар мекендеген өңірлердегі еңбекші диқандары және қара еңбекке жегілген аттары әрине Моңғолия сахарасының жауынгерлері мен соғыс тұлпарларын жеңе алмады, - деді тағы Чжаң Цзиюән.
- Момын аттар соғыста қалай жеңсін? Дегенмен, жылқының момын да қорқақ болуының негізгі себебі адамдардың момын да қауқарсыздығынан болып отыр. Момын сәйгүліктерді мінген су жүрек әскерлер түн ортасында терең тоғанға түсіпті дейді ғой, - деп күрсінді Яң Кэ.
Үшеуі зорлана жымиып күлді.
Чжаң Цзиюән сөзін жалғастырды:
- Жауынгерлік мінез бейбіт еңбекшінің мінезінен әлдеқайда маңызды. Әлемдегі еңбек күші ең көп жұмсалған құрылыс Ұлы Қытай қорғаны да дүние жүзіндегі ең ұсақ ұлттардың атты әскерлеріне қарсы тұра алмады. Қара еңбек етуді ғана біліп, шайқасуды білмеу деген не? Дәл әлгі піштірілген жылқының өздері. Бейнетке көнгіш жылқы кім көрінгеннің тақымында жүреді. Бұндай аттар көкжалға тап болған жағдайда, кері бұрылып қашып кетеді. Айғырлар сияқты тістеуге һәм тебуге батылы қайдан жетсін. Жылқылардың арасында көп тұрсаң, үйірдегі пішілген аттардың басым бөлігінің денесі, салмағы, тістері және тұяқтары айғырлардан ешбір айырмашылығы жоқтығын байқауға болады. Егер олар бөрілермен жанталаса айқасса, көкжалдар оларды жеңе алмайды. Алайда, неге піштірілген жылқының басым бөлігі қасқырларды көрсе қашып кетеді? Себебі, олардың қайсар еркектігі және батырлығы піштіріліп кеткен.
- Ей, Ұлы Қытай қорғаны бекер еңбек ғой. Ал Ұлы даланың атты әскерлері жалындаған тірі қосындар ғой. Жүздеген-мыңдаған шақырым жерді ойнап жүріп айналып өтеді. Бір жолы моңғол атты әскерлері Цзин патшалығына (1115-1264 жж. чжурчжен елі) қарсы жорық жасаған кезде, Цзюй’юңгуән бекінісін шабуылдап ала алмаған соң, оңтүстікке қарай жүздеген шақырым құлдилап, ешбір қорғанысы болмаған бейқам Цзыцзиңгуән бекінісін басып алған. Сосын Бейжің шаһарына оңтүстіктен соққы беріп, бір рет шабуыл жасаудың арқасында иемденген, - деді Яң Кэ құптап.
- Бұрын алған оқу-тәрбиемізде жапа шегіп еңбектену тым ерекше асырылып мақталған тәрізді, - деді Чен Чжен, - «Еңбек – адамды жаратты», «еңбек барлық нәрсені жаратты» деген бұл сөздерді еңбекқор қытай халқы ең сүйіп тыңдайды. Іс жүзінде, адам тек еңбек арқылы жаратылмаған. Егер маймылдар жалаң еңбектеніп, шайқасуды білмесе, баяғыда-ақ жыртқыштарға түгелдей жем болып кетер еді. Сонда еңбек кейінгінің бәрін қалай жаратыпты? Питекантроп маймылдар ойлап тапқан тас балта, сеніңше еңбек құралы ма, әлде қару ма? Әлде бұл екеуінің қызметін істей бере ме?
- Әрине, тас балта ең алдымен қару болып табылады. Дегенмен, онымен жаңғақ шағып жеуге де болады ғой, - деді Яң Кэ.
- Еңбек – атақ-абырой, еңбек – қасиетті. Еңбекқорлық қытай ұлтының үлкен артықшылығы, сондай-ақ болашақта ұлттың қайта дәурендеуінің мығым арқауы ғой. Алайда, еңбек бәрінен құдыретті және залалсыз бола бермейді. Еңбектің ішінде сондай-ақ құлдық еңбек, мәжбүрлі еріксіз еңбек, диктатура астындағы еңбек, еңбекпен өзгерту түріндегі еңбек, малша істейтін еңбек болады. Бұндай еңбек түрлері даңқты да қасиетті ме? Мадақтап жырлауға келеді ме? Ал құл иеленушілер мен феодалдар бұндай еңбек түрлерін жақсы көреді және мақтап-мадақтайды. Өздері жұмыс істемейтін, тіпті басқалардың еңбегін қанайтын адамдар да еңбектің мұндай түрлерін мадақтап, жыр етіп жырлайды ғой, - деп күлді Чен Чжен.
- Бұндай кісілерді айрықша жек көремін. Оларды тас балтамен жақсылап жазалап отыру керек, - деді Яң Кэ қатты ашуланып.
- Еңбектің арасында сондай-ақ өнімсіз еңбек, ойрандату және күйрету сипатындағы еңбектер бар. Екі мыңнан астам жыл бұрын Эпаңгуң сарайын (Цин Шихуаң патшаның Сиән қаласындағы атақты сарайы) салу үшін бүкіл Сычуән өлкесінің орман-тоғайлары шауып тасталған еді. «Шушән тауы таз болды, Эпаң сарайы тұрғызылды» мәтелі содан қалған. Бұндай еңбек өте сүйкімсіз. Жаһандағы көптеген отырықшы халықтардың тың игеру еңбегінің нәтижесінде ірі аумақтар шөлейтке айналып, ең ақырында өз ұлты және өркениеті жермен жексен болған ғой. Оның үстіне, әлемдегі ең маңызды кейбір нәрселерді еңбек жарата алмайды. Мысалы, еңбек бейбітшілік, қауіпсіздік және мықты мемлекеттік қорғанысты жарата алмайды. Еңбек бостандықты, демократияны, теңдікті және олардың жүйесін жарата алмайды. Еңбек еркіндікті, демократияны, теңдікті жүзеге асыруды күштеп талап ететін ұлттық мінезді жарата алмайды. Өз құқықтары үшін күресе білмейтін еңбекшілер тек қара күш, мақұлбай көнбіс, үй жануары және жүк жегетін мал саналады. Еркіндік, демократия, теңдік олардың күрес ұранына айнала алмайды. Жер жүзінде жан саны ең көп, ең еңбекқор, еңбек тарихы ең ұзақ, сондай-ақ жұмысын ешқашан тоқтатпастан тынбай еңбектеніп келген қытай халқы өзінен еңбектену тарихы қысқа көптеген батыс елдердің жаратқан озық та дамыған өркениетін жарата алмады...., - деді ойлана Чен Чжен.
Айғырлар ақырында айқасуын уақытша тоқтатып, құрсақтарын шөп толтыру үшін жайыла кетті. Орайын пайдаланған байталдар шешелерінің жанына қайта қашып барды. Жаны ашып шырқыраған аналары қап-қалың ерінмен олардың жүнін тарап, жаралы жерлерін сипады. Дегенмен, байталдар әкелерінің өздеріне бақырайып қарап, танауынан пысқырып, ақырғанын көргенде, зәресі қалмай өзінің жаңа үйіріне қайта қашып, төрт көздері қайғы-қасіретке толып, шешелерімен өзара алыстан қарап жүреді.
- Кейін жылқылар үйіріне жиі барып, алатын сабағым әлі көп екен. Кезінде әлемді дүр сілкіндірген моңғол атты әскерлерінің бәрі «жылқылар университетін» бітірген үздік оқушылар болған ғой, - деді шын пейілмен Яң Кэ.
Гао Цзянчжуң өгіз арбасын айдап, мәз-мейрам қайтып келді.
- Біз олжалы болдық! Жарты шелек жабайы үйректердің жұмыртқасын әкелдім! - деді ол дауыстап айғайлап.
Үшеуі жүгіріп барып, арбадан салмағы зілдей үлкен шелекті түсірді. Ішінде жабайы үйректердің шамамен 70-80 сопақ жұмыртқасы бар екен. Олардың кейбіреуі жарылып, жұмыртқаның қабығындағы тесіктен сары сұйықтығы ағылыпты.
- Сен расында да жабайы үйректердің үлкен тобын бір-ақ жойдың ғой, - деді Яң Кэ.
- Ваң Цзюнли бастаған кісілер сол жерде теріп жүр. Оңтүстік-батыстағы көлдің, шағын өзеннің жағалауындағы шөп арасынан 10 қадам баспай-ақ жабайы үйректердің ұяларын іздеп табуға болады. Бір ұяда ондаған жұмыртқа жатыр екен. Алдымен барған адамдардың бәрі бірнеше шелек жинапты. Немен терген дейсіңдер ме? Олар жұмыртқаны жылқылармен таласып жинапты. Су ішуге барған жылқылар өзен мен көлдің жағасындағы кең шалғынға жайылған кезде тұяқтары жұмыртқаның сары уызына және жарылған жұмыртқаның қабығына боялғанын көріп, жүрегім удай ашыды, - деді Гао Цзянчжуң.
- Тағы бар ма? Тағы барып жинайық. Жеп тауыса алмасақ, тұзға малып алармыз, - деді Чен Чжен.
- Мұнда қалмады. Жылқылардың төрт үйірі бір өткеннен қаншасын таптады, қаншасын қалдырмады. Көлдің шығыс тарапында әлі болуы мүмкін, - деді Гао Цзянчжуң.
- Жылқылар нағыз ақымақ екен. Сендер жылқышылар көз ашпағансыңдар ғой, - деп айғайлады Яң Кэ Чжаң Цзиюәнға қарап.
- Өзен жағасындағы қалың шөптің арасында жабайы үйректің жұмыртқалары болатынын кім білген, - деді Чжаң Цзиюән.
Отау босағасының жанында жайылып жүрген жылқыларды көрген Гао Цзянчжуң дереу Чжаң Цзиюәнға сөйледі:
- Жылқы үйірін өз киіз үйінің есігінің алдында жайғанды кімнен көрдің? Шөпті жеп тауысса, менің сиырларым не жейді? Жылқыларыңды тез айдап жібергін. Сосын қайтып келіп, қуырылған жұмыртқа жейсің.
- Оның мінгені жаңадан үйретілген асау ат екен. Мініп-түсуі қиын. Алдымен дәм татсын, содан соң кете берсін. Ол жаңа ғана бізге бір дәріс берді. Оны келістіріп сыйлап жібергеніміз жөн, - деді Чен Чжен. Ол Чжаң Цзиюәнға бұрылып:
- Кетпе, кетпе. Осынша көп жарылған жұмыртқаны үшеуіміз жеп тауыса алмаймыз.
- Бәрің бері келіңдер. Жарылған жұмыртқалар мен бүтін жұмыртқаларды бөліп, іріктеп алайық. Қуырылған жұмыртқа жемегеніме екі жыл болыпты. Бұл жолы мейлінше тойып жейікші. Айтпақшы, киіз үйде біраз тау пиязы бар. Жабайы жұмыртқаны жабайы пиязбен бірге қуыру шынымен де дәмді, айрықша хош иісті болмақ. Яң Кэ, сен пиязды аршы. Чен Чжен, сен жұмыртқаларды жарып дайында. Чжаң Цзиюән, сен үлкен бір қоржын тезек жинап әкелгін. Мен қазанды әзірлеп, жұмыртқаны қуырайын, - деп бұйыра сөйледі Гао Цзянчжуң.
Іріктеудің нәтижесінде жұмыртқалардың тең жартысы бүтін-сау, жартысы жарылған болып шықты. Әрбірі алдымен жарылған сегіз-тоғыз жұмыртқаны жейтін болды. Төртеуі құдды мейрам мерекелендей қуанды. Көп ұзамай, қойдың майы, таудың пиязы және үйректің жұмыртқалары араласқан май шелпектердің иісі киіз үйден көтеріліп, самал желдің ыңғайымен кең далаға тарады. Иттердің бәрі сілекейі шұбырып, құйрықтарын бұлғақтып, киіз үй есігінің жанында жиналып тұрды. Мойнындағы темір шынжырын салдыр-сұлдыр етіп сүйреткен бөлтірік те қомағайлана секіріп қойып, жауыздығын біржолата көрсетті. Чен Чжен бөлтіріктің қой майына қуырылған жабайы үйректің жұмыртқасын жейтін-жемейтінін көру үшін оған да бермекші болды.
Киіз үйдің ішінде төртеуі бір табақ жұмыртқадан кейін бір табақты қомағайлана асап жатты. Тамақтану әбден қызған шақта кенеттен отаудың сыртында Касымайдың дауыстап шақырғаны естілді:
- Иә, бұндай дәмді нәрсені жеп, мені неге шақырмайсыңдар?
Баярды ерткен ол есік алдындағы иттердің арасынан өтіп, отауға кірді. Чен Чжен мен Яң Кэ дереу тұрып, оларға орын берді. Екеуін төрдегі кілемнің құрметті орынға шығарды.
Чен Чжен бір жағынан оларға қуырылған жұмыртқаларды салды, бір жағынан сөйлеп жатты:
- Малшылар бұндай нәрсені жемейді деп ойладық. Келіңіз, алдымен дәмін татып көріңіз.
- Дәмді тамақтың хош иісін үйде отырып-ақ иіскеп білдім. Аса хош иісті екен. Арада бір шақырым жер болса да, дәмді тағамның иісі мұрынға жетеді. Иттер сияқты менің де сілекейім ақты. Тіпті біздің үйдің төбеттерінің бәрі соңымнан қалмай еріп келді. Жұмыртқаны неге жемейді екенмін? Әрине жеймін! Мен жеймін! - деді Касымай.
Сөзін аяқтай сала шөкені алған ол үлкен бір жұмыртқаны қыстырып, аузына салды. Бірнеше рет шайнағаннан соң, тағамның дәмділігін айтты. Баяр тіпті де бөлтірік секілді құныға жеді: кеседегі жұмыртқаны жеп жатып, қазандағы тамақтан көзін айырмады. Тамақтың таусылуынан алаңдаған тәрізді. Қырдағы малшылар әдетте әр күні таңертең сүтті тағам, ет пен шай ішеді. Ал кешке бидайдан әзірленген негізгі тамақты жейді, түсте тамақ ішпейді. Осы кезде аналы-балалы екеуінің қарны әбден ашқан екен.
- Мына нәрсе аса дәмді екен. Мен «ашпұзылдың (асхананың) тағамдарын» жақсы көремін. Қалаға барудың қажеті жоқ. Бүгін міндетті түрде бір тойып жейін, - деді Касымай.
Олұн даласының малшылары қытайлардың тағамдарын «ашпұзыл тамақтары» деп атайды және ұнатып жейді. Соңғы жылдардан бері малшылардың дастарханында да қытайлардың тамаққа қосатын дәмдеуіштері пайда бола бастады. Малшылар сары бұрыш, тұздық соустар және сарымсақты ұнатады. Кейбір малшылар ащы қызыл бұрышты да жақсы көреді. Дегенмен, барша малшылар сірке су, усарымсақ пен бадиян (дәмдендіргіш дәрі шөп) ұнатпайды, оларды «сасықтың сасығы» деп атайды.
Чен Чжен жалма-жан Касымайдың сөзін іліп әкетті:
- Бұдан кейін біз «базар тағамдарын» әзірлегенде сендерді міндетті түрде шақырамыз.
Гао Цзянчжуң Касымай әкелген сарымай, ірімшік және қаймақ-кілегейді жиі жейтін, сондай-ақ оның үйіне үнемі барып, сүтті шай ішіп, ет жеп тұратын еді. Ол Касымайдың дайындаған моңғолдың сүт тамақтары мен ет тағамдарын аса ұнататын. Бұл жолы ақырында оның жақсылығын қайтарудың орайы шыққан еді.
- Мұнда бір үлкен шелек жұмыртқаларым бар. Шағылғаны жетпесе, бүтін жұмыртқаны қуырып беремін. Сізді бір тойдырайын, - деді Гао Цзянчжуң қуанып. Ол дереу шағылған жұмыртқаларды бір шетке сырып қойып, қатарынан бес-алты бүтін жұмыртқаны шағып, Касымай мен баласы екеуіне арнап бір табақ жұмыртқаны қуырды.
- Атам бұл нәрсені жемейді. Оның айтуынша, бұл Тәңірдің нәрсесі, оған тиісуге болмайды. Сондықтан тек сендерге осында келіп жеуге тура келеді, - деді Касымай.
- Былтыр атам фермадағы басшы кадрлардың үйінен он шақты жұмыртқа сұрағанын көргенмін. Бұл қалай болғаны? - деп сұрады Чен Чжен.
- Өйткені тұлпары дертке ұшырап, қызба ауруына шалдыққан. Атам аттың танауын қысып, басын көтертіп, аузын ашты һәм екі жұмыртқаны тісіне жарып, көмейіне құйды. Жұмыртқанының уызын бірнеше рет көмейіне құйған соң, сәйгүлігі дерттен айыққан болатын, - деді Касымай.
- Іс насырға шабатын болды. Біз келіп едік, малшылар да бізбен бірге бұрын жемейтін нәрселерді жейтін болды. Тағы бірнеше жыл өткен соң, мұнда аққу емес, жабайы үйректерді де көрмейтін боламыз, - деп Яң Кэ бәсең үнмен сыбырлады Чжаң Цзиюәнға.
Баяр қуырылған жұмыртқаны жеген сайын құлшына түсті. Ол аузынан майын ағызған халде Гао Цзянчжуңға сөйледі:
- Бұл нәрселердің қайда жатқанын мен білемін. Бізге тағы бір табақ пісірсең, мен ертең сені сонда ертіп барамын. Бөктердегі бос қалған суырдың інінде бар. Таңертең қозыны іздеген кезде шағын өзеннің жанынан көргенмін.
- Өте жақсы. Өзеннің жанында бір төбешік бар, сондай-ақ көптеген құмды індер де бар. Жылқылар ол жерге аттап баспайды, - деді Гао Цзянчжуң қуанып.
Ол бір жағынан жұмыртқа қуырып, бір жағынан Чен Чженге тағы біраз жұмыртқаны жаруды сұрады. Оның үстіне, майы шылқылдаған жұмсақ та дәмді қуырылған жұмыртқа шелпектері қазаннан алынды. Осы жолы Гао Цзянчжуң оларды қалақшамен қақ ортасынан екіге бөліп, Касымай мен оның баласының табақтарына салды. Анасы баласымен екеуі маңдайлары терлеп-тепшіген халде тамақты жей бастады. Майлы қазандағы майдың күйесі шығып, жұмыртқалардың сұйығы шықылдап, қазанға тағы түсті.
Жұмыртқа шелпектері қазаннан алынған соң, қалақшаны қолына алған Чен Чжен сөзін өрбітті:
- Екеуіңізге тағы жаңадан қуырып берейін.
Ол қазанға азырақ қойдың майын салып, құймақ жасай бастады. Сәлден соң, қазаннан ортасы сарғыш, шеті аппақ қапшыққа ұқсаған нағыз екі құймақ дайын болды. Касымай баласымен бірге орнынан тұрып, қазанның ішіне қарады, оның қалай пісірілгенінен көз алмады. Чен Чжен ол екеуіне бір-бірден құймақ салып берді, сондай-ақ үстінен азырақ дәмдеуіш соусты сеуіп қойды.
- Мына жаңа нәрсең тіпті де дәмді екен. Сен бізге тағы екеуін пісірші, - деді Касымай бір жағынан құймақты жеп, бір жағынан сөйлеп.
- Біраздан соң сіздерге бір табақ чжусай араласқан жұмыртқа қуырып берейін. Сіздер әбден тойғаннан кейін, Чжаң Цзиюән майда туралған сарымсақ араласқан жұмыртқа сорпасын пісіретін болады. Төртеуіміздің аспаздық өнеріміз бір-бірімізден кем түспейді, - деді Яң Кэ күлімсіреп.
Киіз үйдің ішін қуырылған майдың иісі және дәмді тағамның хош иісі қаптады. Алты адам тыңқиып тойғаннан жүректері сәл айнығанда ғана тамақтануын тоқтатты. Бұл жолғы жұмыртқа қонақасында жарты шелектен көбірек жабайы үйректің жұмыртқалары желінді.
Жаңа ғана көшіп келгендіктен әртүрлі үй шаруасындағы көптеген жұмыстардың әлі бітпегенін ескерген Касымай қайтуға ыңғайланды. Ол кекіріп қойып, басын бұрған күйде күле сөйледі:
- Мұны атама айта көрмеңдер. Бірнеше күннен кейін сендер біздің үйге қаймақ араластырылып, майға қуырылған тары көжені жеуге келіңдер.
- Ертең міндетті түрде үйректің жұмыртқаларын жинауға ертіп барасың ғой - деді Гао Цзянчжуң Баярға.
Чен Чжен Барсты қуып жетіп, ақырын ғана аузына бір түйір жұмыртқа құймағын салды. Төбет жұмыртқаны шөпті жердің үстіне түкіріп тастады. Сосын оған мұқият қарап, иіскеді, тілімен жалап көрді. Иесі бағанадан бері жеген дәмді тағам екеніне көзі жеткен кезде ғана жайраң қағып аузына алды, дәмін жақсылап тату үшін баяу жұтты. Сондай-ақ Чен Чженге құйрығын бұлғақтата алғыс білдіруді де ұмытпады.
Адамдардың бәрі өз шаруасымен тарап кетті. Ішінен өз бөлтірігін ойлаған Чен Чжен оны көру үшін асыға жүрді.
Бір қараса, бөлтірік көрінбейді. Тұла-бойын суық тер басқан Чен Чжен асып-сасып жүгіріп, маңайын бір қарап өтті. Бөлтірік ұзыннан жатып, иегін жерге қойып, биік шөптің арасында жасырынып жатыр екен. Әрине, жаңағы бейтаныс екі адам және бір топ бейтаныс иттер оны осылайша қорқытып жіберген көрінеді. Бөлтіріктер туа сала жасырыну қабілетіне ие болатын сияқты. Чен Чженнің көңілі енді ғана орнына түсті. Бөлтірік мойнын соза бейтаныс адамдар мен иттердің көрінбегенін байқап, орнынан ұшып тұрды. Үсті-басынан қуырылған жұмыртқаның иісі мөңкіген Чен Чженді иіскеледі, сондай-ақ оның май-май болған қолын тынбай жалады.
Кері бұрылған Чен Чжен киіз үйге кіріп, Гао Цзянчжуңнан алты-жеті жарылған жұмыртқаны сұрады. Сосын ол қазанға тағы қойдың майын көбірек салып, бөлтірік пен иттерге ең соңғы рет шелпек қуырды. Оларды тойғыза алмайтынын білсе де, олар да тағамның дәмін татуы қажет деп шешті. Сахара иттері кейбір кезде ұсақ-түйек жеңіл тамақтарды ұнатып жеуі негізгі тамақтан да асып түседі. Жеңіл тамақтарды беру де адамның иттерді өзіне жақындатуының жақсы тәсілі-дүр. Чен Чжен жұмыртқаны қуырып болып, оларды төрт үлкен бөлікке және үш ұсақ бөлікке бөлді. Төрт үлкен кесекті үш ірі төбет пен бөлтірікке, ал қалған үш бөлікті үш күшікке үлестірді. Иттер есікті қаумалап, кетпей тұрды. Чен Чжен алдымен бөлтірікке арналған шелпекті жақсылап жасырды, сосын босағаның алдында жүресінен отырып, көмірді күрейтін қалақшамен әрбір иттің маңдайын бір-бірлеп ептеп ұрып, бірінің үлесін бірі тартып алуына жол бермеді, кезекке тұрып үлестерін берді. Сосын ең үлкен шелпек Эрлаңға берілді. Жұмыртқа шелпегін тістелеген Эрлаң құйрығын сәл бұлғақтатты.
Чен Чжен иттердің қанағаттана шалғын шөптің үстінде асыр сала ойнағанын күтті. Ол бөлтірікке арналған шелпектің толық суығанын күтіп, оны табаққа салды. Яң Кэ, Чжаң Цзиюән және Гао Цзянчжуң бірге ілесіп барып, бөлтіріктің үйректің жұмыртқасынан қуырылған шелпекті жейтін-жемейтінін көргісі келді. Өйткені, бұл нәрсені иен даланың көкжалы ешқашан татып көрмеген еді.
- Бөлтірік! Бөлтірік, тамаққа кел, - деп дауыстап шақырды Чен Чжен.
Тамақ салынған табақ бөлтіріктің алдына қойылды. Бөлтірік қошақанға тап берген аш бөрідей қойдың майы мүңкіген шелпекті бір асағаннан-ақ бүтіндей қылғыта салды. Бір секундтың ішінде-ақ жоқ қылды. Төртеуі ерекше түңілді.
- Қасқырларға расында да обал екен. Олар қарнын тойдыруды бақыт санайды. Көкжалдардың сөздігінде «дәм татып көру» деген бұл сөз жоқ, - деді Чжаң Цзиюән.
- Расында да бұнша дәмді үйрек жұмыртқалары бостан-босқа ысырап болды, - деді жаны ашыған Гао Цзянчжуң.
- Бәлкім, бөрілерде тамақтардың дәмін сезу рецепторлары асқазанында болар, - деп ақталуға мәжбүр болды Чен Чжен.
Үшеуі қарқылдап күлді. Чен Чжен отаудың ішінде қалып, жаңа ғана көшіріліп әкелінген, бірақ шашылып жатқан үйін жинастырды. Қалған үшеуі өздері баққан жылқыларға, сиырларға және қойларға баруға ыңғайланды.
- Әй, мен тұлпардың құлағынан ұстап, сені мінгізейін бе? - деп сұрады Чен Чжен Чжаң Цзиюәннен.
- Қажеті жоқ. Асау жылқым өте ақылды. Ол менің жылқы үйіріне қайтатынымды бір көрсе, онша әуреге салмайды, - деді Чжаң Цзиюән.
- Сен мына жас жылқыны мініп жүрсің ғой. Жылқыны қалай ауыстырдың? Мынауың сенің үлкен сәйгүлігіңе жете алады ма екен? - деп қайталап сұрады Чен Чжен.
- Жылқышыларда бір-екі жуас жылқы болады. Оған айғайлап-ысқырсаң немесе құрықпен сауырына ұрсаң, ол бірден тоқтай қалады. Оны қуып та, құрық салып та әуре болмайсың. Жылқышыда егер де мұндай сәйгүліктер болмаса, жылқылардың ішінде жалғыз жүргенде кейде асаудан жығылады. Мінерге жылқы қалмайды. Жылқы үйірі қашып кетсе, нәтижесі өте ауыр болады. Қыста тауда үсіп өлесің, - деді Чжаң Цзиюән.
Чжаң Цзиюән кейбір жуылған киімдерін алып, сондай-ақ Чен Чженнен Дж.Лондонның «Теңіз қасқыры» кітабын оқуға сұрап алып, киіз үйден шықты.
Айтқандай-ақ, Чжаң Цзиюән асауына оңай мінді. Үйірге жеткеннен соң, ол жылқыны тағы ауыстырып мінді. Содан соң ол жылқыларды оңтүстік-батыстағы үлкен тауға қарай айдай жөнелді.
21
Тоба Тай (Вэй патшасы Тайву) 429 ж. Гоби шөлінің шығыс бөлігіндегі жоужан тайпаларына қарсы шабуыл жасау туралы шешім қабылдаған кезде, кейбір кеңесшілері оған оңтүстіктегі (Нәнжің) патшалықтардың қытайлары осы орайды пайдаланып, оның әскери күштерін жылжытқызбай бөгеуі мүмкін екендігін ескертеді. «Қытайлардың дені жыбырлаған жаяу әскерлер, ал біз салт атты сарбаздармыз. Ешектер мен бұзаулар бөрілерге қайдан қарсылық көрсетсін» деп қысқаша ғана жауап берген екен ол.
Rene Gsousset (Франция). «Дала империялары» кітабы.
Чен Чжен алдындағы бірнеше топ қойлардың арт-артынан көлдің жағасынан кеткенін көріп, оларды жағалауға қарай біртіндеп қайта жақындатты. Қойлардың әлдеқашан қозғалғанын көрген ол алдымен атқа мініп, көлдің жағалауына шауып барды. Көлдің солтүстік-батыс жағындағы қамыстық бір түп қалдырмастан шабылған екен. Оның орнына төрт түлік малдың көл суын ішуіне ыңғайлы етіп құм төселген жасанды құмды жағажай пайда болыпты. Сусынын әбден қандырған бір топ жылқы судың ішінде көзін жұмған халде мүлгіп, жағалауға шыққысы келмей, демалып әлі тұр. Жабайы үйректер және суда жүзетін әртүрлі құстар бұрынғыдай көлдің айдынында жүзіп жүр. Тіпті бірнеше әдемі ұсақ құс аттардың сирақтарының жанына дейін жүзіп барып, олардың құрсақтарының астынан қаннен-қаперсіз кердеңдеп жүзіп өтті. Аттар татулықпен құстарға қарауда, тіпті құйрықтарын да қимылдатпайды. Тек аққулар ғана жылқылармен жолдас болуды қаламағандай, көл суының аттардан шалғай жерінде қалқып жүр. Аққулар көлдің ортасында, қарсы жағалаудағы ну қамыстардың арасында ақырын жүзуде.
Кенеттен көлдің шетіндегі беткейде құлақты тұндырған қойлардың маңырағаны естілді – Чен Чженнің қойлар отары көл суының иісін сезген еді. Жаз мезгілінде қойлар екі күнде бір рет су ішеді. Екі күннің суын ішкен қойлар барша күшін сала жамырап, барша қарқынмен дүрліге жүгіріп, үлкен мөлшердегі шаң-тозаңды көлдің суына қарай құйындатты. Адамдар мен төрт түлік малдың жаңа жайылымға келгеніне 10 бола қоймады, көлдің жанындағы кең шалғын жерді қойлар, сиырлар және жылқы табындары әлдеқашан құмайт жерге айналдырып қойған. Қойлар судың ішіне баса-көктеп кірді. Аттардың сирақтарының жанында, құрсақтарының астында бастарын созған қойлар қауырт су ішіп жатыр. Қойлар суға әбден тойып, көлдің жағасындағы беткейге көтерілгенде, жағалауда өзге бір отар қойлардың жамыраған ащы дауыстары тағы естілді. Олар бұдан да қалың сары шаңды көтерді.
Көлден екі шақырым қашықтықтағы өрдің үстінде мингуңдардың (маусымдық жұмыстарға келген мигрант-жұмысшылар) үш-төрт шатырлары жайғасыпты. Ондаған мингуң арық қазып жатыр. Бао Шигуй олардың дәрі резервуарын, қойлар терісінің қоймасын және отрядтың уақытша штабын салуына жетекшілік етуде. Чен Чжен бірнеше мингуңның және олардың отбасы мүшелерінің ор қазып, топырақты қопсытып, бақша еккенін көріп қалды. Алыстағы таудың беткейінде бірнеше мингуң бір орасан зор тастар карьерін қазып тастап, үлкен тастарды шығарып, ақ-сары түсті тастар мен тас сынықтарын бірнеше жүк машинасына тиеп, құрылыс алаңына жөнелтіп жатыр. Әлі бұзыла қоймаған кіршіксіз байтақ даланың бетінде мыңдаған тесік пен жаралардың қаулап шығуын көруді шынымен қаламаған Чен Чжен қойларды солтүстік-батыс тарапқа қарай асығыс айдады.
Қойлар отары таудың бір жотасынан асып өтіп, ойпаттағы жайылымға түсті. Білге-ата әрбір мал үйірінің осы жайылымды қашап-оюын тоқтатуды талап етті. Жазғы ұзақ күндері малдарды барынша алыс жерлерде жаю қажет. Сонда ғана жаздың аяғында және күздің басында орын ауыстырып көшудің қажеттігі болмайды. Ол малдарды осы ойпаттың іші-сыртындағы кең жайылымдарда бірнеше рет айдап қайтуды, шөптердің өсуін бақылауға алып, масалар төндіретін қауіп-қатердің алдын алу үшін жаңа топырақты нығыздап басуды жоспарлауда. Чен Чженнің қойлары жарты айшық түріндегі топ болып таралып, батыс жақтағы таудың беткейіне қарай біртіндеп қозғалды.
Күн нұрының астында бір мыңға жуық қозы кең алапта ашылған ақ бақытгүлдерге ұқсап, жасыл шөпті беткейдің үстінде айрықша көзді тарта жайылып жүр. Олардың бұйра жүндері әлдеқашан қобырая бастады. Әрі сүт еміп, әрі балауса шөпті жеген қозылардың семіз құйрықтары ең тез өседі. Кейбіреуінің құйрықтары шапшаң өсетіні соншалық, оларға қарағанда саулық қойлардың құйрықтары ап-арық көрінеді. Беткейдің бетін қаптаған жабайы сары гүлдер енді ғана шешек атты. Чен Чжен шалғын жерге отырды. Айналасының бәрі тұтастай алтын-сары түс қаптаған. Сан мыңдаған биіктігі жарты метрден асқан сары гүлдердің төбесі үлкен қызғалдақтың түйнегіне ұқсайды. Бұтақтарында қиғашынан зілдей гүл қауыздары бітеуленіп, әлі ашыла қоймаған-ды. Чен Чжен жайғасқан жабайы сары жоңышқа Яңцзы өзенінің оңтүстік жағалауындағы рапс өсімдігі егілетін егістіктерге ұқсайды. Ол әлі бұзыла қоймаған жайылымның жабайы сары гүлдердің қолдан өсірілген сары гүлдерден де үлкен болатынын ойламаған еді. Ең ірі гүл түйнектері қаламмен шамалас екен.
Орнынан тұрып, тұлпарына мінген Чен Чжен қойлар отарының алдында гүлдер тіпті де бітік өскен жерге шауып келіп, гүл түйнектерін үзе бастады. Бұл күндері балауса да хош иісті сары жоңышқа бейжіңдік студенттердің ұнатып жейтін маусымдық көкөнісіне айналған: сары гүл қосылған қойдың қуырдағы, қой етінен әзірленген манты, тұшпара, тау сарымсағы мен сары гүл араласқан салқын тағам, сары гүл мен майда тілінген еттің сорпасы және басқа тағамдар. Қыс бойы көкөніс көрмеген зиялы жастардың бәрі сиырлар мен қойлар сияқты даланың жабайы көкөністері мен жеміс-жидектерін ашыға жеп, малшылардың да ой өрісін кеңейтті. Алайда, малшылардың барлығы сары гүлдің дәмін ұнатпайды. Гао Цзянчжуң таңертең үйден шығардан бұрын Чен Чженге екі бос сөмке әзірлеп берген-ді. Бұл күндері Гао Цзянчжуң оған қой баққан кезде кітап оқуына тыйым салып, Яң Кэ екеуіне сары гүлдер көктеген мезгілде барынша үзіп жинауға көндірген. Үйге қайтқаннан кейін сары гүлдер қайнаған суға салынып, қайтадан күнге кептірілетін. Бұдан шыққан сары жүгері қыс мезгілінде тамаққа салынатын. Осы бірнеше күнде олар кепкен өсімдіктерді дорбаға салып жүрген еді. Қойлар арт жақтағы шалғында бастарын еңкейткен күйде шөп жеп жайылып жүр. Чен Чжен гүлдердің түйнектерін құлаштап жұлып, бір демнің арасында бір сөмкені толтырып тастады. Жабайы көкөністі теріп жүріп, аяқ астынан қасқырдың бірнеше мәйегін байқаған ол дереу отыра қалып, жерден алып, байыппен мұқият қарай бастады. Сұрғылт түсті мәйектер жуандығы банандай үлкен да ұзын болады екен. Олар әлдеқашан құрғап кетсе де, көкжалдың бірнеше күннің алдында ғана қалдырғанын байқау қиынға түспеді. Чен Чжен малдас құрып отырып, егжей-тегжейлі зерттей бастады. Сондай-ақ ол бұлардың мәйектері жөнінде біраз білімді көбірек жинақтауды ойлады. Кенет оның есіне бірнеше күннің алдында қазір өзі отырған жерде бір дәу бөрінің бой жазғаны түсе қалды. Ол мұнда не істеп жүр? Чжен Чжен айналасындағы шалғын жерге көз тастады: сүйектің қалдықтары да, жүн-жұрқа да байқалмайды. Қасқыр жемтік жеген жерге ұқсамайды. Мұндағы шөп биік те қалың өскен. Кіші отрядтың қойлары бұл жерден жиі өтетін еді. Көкжалдың жасырынатын жері болуы ықтимал. Тосқауылдан соққы беретін орын ба екен? Біршама абыржыған Чен Чжен шапшаң орнынан ұшып тұрып, жан-жағына қарады. Әлі де болады екен: айналадағы жақын шоқылардың басында қойшылар малға қарап, демалып отыр екен. Ал өзінің қойлары арт жақтағы жарты шақырым жерге дейін жайылып жүр екен. Ол орнына қайта отырды.
Чен Чжен бөрінің мәйегін таниды, бірақ мұқият зерттеудің орайы болмаған. Ол бір мәйекті үгітіп бөліп, ішінде түгелдей дерлік қарақұйрықтар мен қойлардың жүндерін ғана көрді. Бұдан басқа ешқандай сүйектің сынығы да байқалмады. Басқа мәйектерді уатып еді – тышқанның бірнеше ұсақ тістерін, сондай-ақ қойдың жүні жабысқан әктің ұнтағына ұқсаған сүйектерді байқалды. Чен Чжен тағы бір мәйекті майдалап, егжей-тегжейлі қарап шықты. Ол бұдан қатқыл затты ешбір кездестірмеген еді. Қасқырлар жұтқан қой мен тышқанның еттері, жүн-терілері, сүйектері, сіңірлері толығымен қорытылады. Тіпті қорытылғаннан ешбір тамтығы да қалмайды екен. Тек қойдың қылшық жүні және тышқанның тістері ғана қорытыла алмай қалады екен. Тағы зер сала қараса, қойдың жүні де тек ірі қылшықтары ғана қалған. Ал жұқа қой жүндері және жұмсақ жүндер де әбден қорытылып жойылады. Бұнымен салыстырғанда, иттердің ас қорыту қабілеті әлдеқайда әлсіз екен. Иттің боғының ішінде жақсылап қорытылмаған сүйек қалдықтары және жүгері жиі қалып жүреді.
Чен Чжен қараған сайын таң қалды. Дала көкжалдары расында да сахараны тазалайтын тазартқыштар екен. Олар байтақ даладағы қой, сиыр, жылқы, суыр, қарақұйрық, қоян, тышқан, тіпті адамның мәйітін де түгелдей жоқ қылып, тазалайды. Бөрінің араны, асқазаны және ішегінен өткен барлық қоректі де нәрлі заттар ең ақырында қорытылып, тек жүндер мен тістер ғана қалып қалады. Сараңдықтан тіпті микробтарға титтей де жейтін нәрсе қалдырмайды екен. Ғасырлар бойы байтақ сахараның осынша тап-таза болуына дала қасқырларының қосқан үлесі айрықша үлкен.
Қоңыр самал ақырын есіп, сары гүлдер тербелуде. Чен Чжен көкжалдың мәйегін саусақтарымен үгітіп тұр. Мәйектің ішіндегі қойдың жүні бөрінің асқазан қышқылында еріп, аш ішегінің ішінде сүліктей қатты сорылып, құдды топырақтан жаңа ғана қазып шығарылған мумиядай болып өзгереді екен. Жүн талшықтары әлдеқашан барша майысқақтығын жойыпты. Біртіндеп уқаласа жүн талшықтары дереу күл-талқаны шығып, мап-майда тозаңға айналады. Өртелген өліктің күлінен де жеңіл бұл тозаң шаңға ұқсайтын. Саусақтардың арасынан төгіліп, самал желмен ұшып, шалғын жердің үстіне қонып, топырақпен араласатын және шалғын жердің бір бөлігіне айналатын. Ең ақырында бір түйір қалдығы да ысырап болмайтын. Қасқырдың боғы кең сахарадағы тірі жандылардың ең соңғы қалдығын Ұлы даланың өзіне қайтарады екен.
Чен Чжен бір сәт терең ойға шомды. Ғасырлар бойы көшпелі мал шаруашылығы және аң аулаумен күн көрген далалықтар мен сахараның көкжалдарының жандары Тәңірдің дәргейіне қайтқан кезде ешбір мазар, құлпытас, «жер асты сарай» мен зират қалдырмаған. Адамдар мен бөрілер иен далада туылған, өмір кешкен, соғысып-шайқасқан және қаза тапқан. Өмірге келген кезде Ұлы дала қандай болса, өмірден озған уақытта дала сондай өзгеріссіз қалды. Ондаған елдердің зәулім қалалары мен бекіністерінің қорғандарын опыры құлатқан далалық жауынгерлердің өмірі байтақ сахарада аққудың қауырсынынан да жеңіл болды. Бұл расында да сахарада археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кейінгі ұрпақтар үшін бас қатыруға тұратын нәрсе. Ал бұндай аққудың қауырсынынан да жеңіл далалық өмір шын мәнінде табиғат пен Тәңірді қастерлеген өмір болып табылады. Олар әлгі Тайшән тауынан да ауыр пирамидалар, патшалық мазарлар, Тадж-Махал және басқа да үлкен ғимараттардың иелерімен салыстырғанда, кейінгі ұрпақтар үшін тіпті де үлгі-өнеге бола алады. Далалықтар шынымен дала қасқырлары арқылы қауырсындай ең жеңіл күйге түсіп, ең ақырында табиғаттың қойнына қайта оралады. Олар бір-бірінен бөлінбейді: фәнидегі ғұмыры аяқталғаннан кейін түптің-түбінде кең даламен толығымен өзара қосылып кетеді.
Ұнтақталған мәйек Чен Чженнің саусақтарының арасынан ақырындап қалықтап төгілді. Бәлкім, осы ұнтақтың ішінде белгілі бір далалық адамның шашының қалдығы бар шығар. Байтақ далада әр айда немесе әр тоқсанда біреулердің мәйіті ашық жерде қойылып жатады. Чен Чжен қос қолдарын жоғары көтеріп, көк аспанға қарады және Тәңірдің олардың аруақтарына тыныштық пен бақыт әперуін тіледі.
Қойлар біртіндеп бұталар өскен жазықтан асып өтіп, таудың беткейіне ақырын көтеріле бастады. Көкжалдың қалған бірнеше мәйегін тастағысы келмеген Чен Чжен бос болған тағы бір сөмкеге салды. Сосын сәйгүлігіне қарғып мініп, қойлардың алдына қарай шаба жөнелді.
Таяу жердегі таудың басындағы бірнеше солғын қара түсті ірі тастар алыстан көрінеді және ежелгі Ұлы Қытай қорғанының үстіндегі белгі от беретін әскери күзет мұнараларына ұқсайды. Бұдан да алыстағы таудың басында да бірнеше үлкен қойтастар бар. Чен Чжен көзін сығырайта қарап еді, таулы жер ежелгі Ұлы Қытай қорғанының қалдықтары сақталғандай көрінді. Кенеттен ол «патшаларды белгі отпен алдау», «жан-жақтан белгі оттар шығады» деген нақыл һәм қанатты сөздерді есіне түсірді. Кезінде Чен Чжен әйгілі сөздіктерді ақтарған кезде «белгі оттары бөрілердің мәйегін жағудан шыққан түтіннен құралатынын» білген-ді. Алайда, ол жаңа ғана қасқырдың мәйегін ұсақтаған болатын. Негізінен жануарлардың жүнінен құралған бұндай мәйектер аспанға будақтаған алапат қалың түтінді қалай шығарған екен? Шынымен де көкжалдар мәйегінің құрамы айрықша болған ба? Оның жүрегі дүрс-дүрс етіп соға бастады. Көз алдындағы бұл мәйекті, дайын «белгі от беретін мұнараны», дайын бөрілердің мәйегін неге өз қолымен өртемеске? Екі мың жылдан бері Қытайдағы халықтың түтін көрсе, зәресін ұшырған соғыс белгісі есептелген алауды өз көзімен неге көріп-білмеске? «Соғыс белгісінің» тегі қаншалықты қаһарлы да үрейлі болатынын бір көрейін. Чен Чженнің қызығушылығы барған сайын күшейді. Ол қасқырдың мәйектерін тағы көбірек жинауды және бүгін «әскери күзет мұнарасынан» түтін тұтатуды ұйғарды.
Қойлар отары ақырын жылжуда. Чен Чжен қойлардың алдынан орап өтіп, мәйектерді зер сала іздей бастады. Бір сағаттан астам уақыт іздеп жүріп, төрт-ақ мәйекті тауып, әрең сөмкенің жартысын ғана жинады.
Чен Чженнің күдігі барған сайын арта түсті. Көкжалдың мәйегін өртегеннен қалың түтін көтеріледі делік. Алайда, бөрілер қой емес, алға ұмтылатын жыртқыш ғой. Оның мәйектері қойлардың қиы сияқты бір жерде шоғырланып жатуы мүмкін емес. Қасқырлар тобы рух секілді пайда болып, елес тәрізді жоғалып кетеді, бірде онан бірде мұнан белең береді. Олардың мәйектері айрықша шашыраңқы болады. Түтінді жеткілікті тұтату үшін олардың мәйектерін жинаудың өзі оңай жұмыс емес. Мына көкжалдар тобы жуырда қарақұйрықтарды қоршап аулап, кең көлемді әрекет еткен жер болса да, олардың мәйектерін іздеп табу өте қиын. Оның үстіне, қойлар мен сиырлар өте сирек жайылатын Ұлы Қытай қорғанының жанында қайдан болсын. Бұдан басқа, шөл даланың қорған-бекіністеріндегі күзет мұнараларының әскерлері бұндай мәйектерді қайдан барып іздеп табады? 10 мың шақырымға созылған Ұлы Қытай қорғанының сансыз әскери күзет пен белгі беру мұнаралары бөрінің мәйектерін қайдан жинасын? Қасқырлар – қорыту қуаты күшті, нәжіс-дәретті аз бөліп шығаратын ет қоректі жыртқыш жануарлар. Ұлы Қытай қорғанының жеткілікті белгі беру түтіндерін жағуға пайдаланылатын мәйектерді жинау үшін қаншама қыруар көкжал топтары қажет емес пе? Чен Чжен бірнеше рет әрі-бері жүгіріп, бір шөкім мәйекті таба алмады. Ол қойларды бір шеттегі үлкен беткейге иіріп қойып, тікесінен таудың басындағы қойтастарға жөнелді.
Чен Чжен үлкен тастардың астына қарай жүгіріп, жоғарыға бір қарады. Тастардың биіктігі екі адамның бойынан да асып түседі. Олардың қасында жатқан бірнеше кішкене тастарды тас баспалдақ етіп пайдалануға болады. Ол таулы жыраның ішінде бір құшақ құрғақ бұтақтарды теріп, аттың жүгенімен мығымдап байлады және тастардың астына сүйреп әкелді. Сөмкені қиғашынан асқан Чен Чжен «тас баспалдақпен» шығып, үлкен қойтастарға өрмеледі, сондай-ақ құрғақ бұтақтарды тастың төбесіне шығарды. Тастың үсті тақтайдай теп-тегіс еді. Үлкендігі екі кеңселік столдай тас мұнараның үстінде бүркіттердің ақ түсті қиы молынан шашырап жатыр.
Уақыт тапа-талтүске жақындады. Қойлар шөпті жерге әлдеқашан жайғасып, дем алып жатыр. «Белгі от жағатын мұнараның» үстінде тұрған Чен Чжен айналадағы ахуалды дүрбімен егжей-тегжейлі қарауда. Әзірше бір бөріні де көрмеді. Оның қойларының басқа қойлар отарларымен арадағы қашықтығы 5-6 шақырым болатын. Ең жақын тұрған бір топ қойлардың өзі 3 шақырымнан астам жерде жайылып жүр. Қой отарларының бір-бірімен араласып кету қаупі жоқ еді. Чен Чжен алаңсыз отынды орналастырып, қасқырдың барлық мәйектерін отынның үстіне салды. Бұл кез жаздың басы, яғни өрттен сақтанатын маусым емес еді. Байтақ даланың кез келген жерінде шүйгін шөп өскен. Оның үстіне, биік қойтастардың үстінде тұтатылған түтін үшін ешкім де жазғырмас. Шалғайдағы адамдар тек белгілі бір қойшының жейтін нәрсені қуырып жатыр деп санауы мүмкін.
Көңілі орныққан Чен Чжен тонның қалтасынан үлкендігі Мао Цзэдуңның сөздерінің үзінділері келтірілген кітапшадай шағын былғары қалташықты шығарды. Оның ішінде екі сіріңке қорабы және ұштары қызыл ондаған шырпы бар еді. Бұл – Олұн сахарасының темекі шекпейтін малшылары да міндетті түрде өзімен алып жүруге тиісті бұйым. Ол қорғану, от жағу, тамақ пісіру, белгі беру үшін қолданылады. Чен Чжен от жағып, отынды тұтатты. Құрғақ бұтақтар өте тез сырылдап жана бастады. Оның жүрегі дүрс-дүрс қақты: егер көкжалдың мәйегінен қою түтін будақтап шықса, онда қытайлардың арасынан Моңғолия сахарасында бөрінің мәйектерін тұтатқан тарихтағы тұңғыш адам болмақ. Бәлкім, бүкіл отрядтың барлық адамдары, әсіресе зиялы жастардың басым бөлігі «әскери күзет мұнарасынан» көтерілген осы қою түтінді көргенде, міндетті түрде «қасқырлар отына» ұқсатуы мүмкін. Өйткені, бұндай белгі оты қытайлардың жадында төбе шашын тік тұрғызып, жүректерін айрықша түршіктіретін сезім қалдырған ғой. Бұндай алау-түтін Қытайдың тарихы мен мәдениетінде ерекше қанатты сөзге айналып, дабыл қағу, үрей-қорқыныш, соғыстың бұрқ еткенін және бөтен елдердің шапқыншылығын білдіреді. «Көкжалдар келді» сөзі қытайлардың ересектерін де, майда балаларын да қорқытып тастаған. Ал «бөрілер алауы» бүкіл қытай ұлтын түршіктірген ғой. Қытайдың Орталық жазығында қаншама қытайлық билеуші әулеттер мен патшалықтар осы от-түтіндерге оранып құлап жойылған. Чен Чжен аздап жүрексінді. Егер ол шынымен де отты түтінді жақса, бүкіл отрядтың зиялы жастары оған таптық күрес тұрғысынан қарап, жер-жебіріне жете ауыздан нәлет, қаламнан қарғыс жаудыруы мүмкін еді. Бір бөлтірікті асырағаны аз болғандай, енді тағы «қасқыр алауын» тұтатуы қалып еді. «Бұл адам болжап болмайтын біреу екені айқын» деп ойлауы мүмкін олар. Ол бір аяғын көтеріп, етіктің табанымен кез келген уақытта алау отты сөндіріп, түтінді өшірмекші болды. Соғысқа әзірлік қауырт жүргізіліп жатқан бұл шекаралық аумақта оның бұндай алау отты жаққаны жаулармен тіл біріктіріп, оларға белгі беруі емес пе? Чен Чженнің маңдайынан суық тер шықты. Алайда, отын-шөптің жануы ұлғайғанмен, көкжалдың мәйектерінде аса үлкен өзгеріс бола қоймады. Бозғылт мәйектер қара түске айналса да, қандай да бір түтін де, жалын да шықпады. От барған сайын үлкейді, мәйектер ең ақырында өртеніп бітті. Бөрінің күлімсі иісі және қой жүнінің күйген қоңырсық иісі мұрынды жарды. Алайда, мәйектердің үйіндісінен әлі де қошқыл қара түтін түтемеді. Қасқырдың мәйегінің жануы киіздің жанғанына ұқсады. Құрғақ отынның өртенуінен шыққан түтіннің түсінен де солғын қоңыр түтін шықты. Құрғақ отын үлкен отқа айналды. Түгелдей жана бастаған мәйектер ең ақырында отынмен бірге жалындады. Аспанға будақтаған қара түтін түгіл, тіпті солғын түтіннің өзі де көрінбеді. Тіпті ақ түсті түтін де жоқ. Адамдарды үрейге салатын әлгі алау, белгі от қайда? Жын-пері секілді қара құйын болып құбылған түтін қайды? Толығымен бір құшақ отынға біраз киіздің қалдықтарын қосып өртегендегі ең әдеттегі жеңіл түтін ғана лапылдап шықты.
Чен Чжен әлдеқашан аяғын түсіріп, қисынсыз абыржыған халде маңдайдағы суық терін сүртіп, жеңіл тыныстады. Мына жағылған от расында да таң қалдырмады, қыс кезінде қойшылар қарлы жерде жылыну үшін жағатын оттан ешбір айырмашылығы жоқ еді. Ол осы отын мен мәйектердің жанып біткенінше қарап тұрды, бірақ күткен белгі түтіні түтеніп шықпады. Ол биік қойтастардың үстінде тұрып, шығыстағы кең-байтақ жайылымдағы бейбіт көрініске көз тастады. Өгіз арбалар баяу жылжып келеді, жылқылар үйірі бұрынғыдай көлдің суында көздерін жапқан күйі мүлгіп тұр. Әйелдер еңкейген халде қой жүнін қырқуда, мингуң жұмысшылар тастарды қазып шығаруда. Осы жағылған отқа ешбір адам назар аудармады. Ең жақын жердегі бір қойшы тек бойын соза оған көз жіберді. Алыстағы киіз үйдің мұржасынан аспанға шұбатыла көтерілген ақ түтін мына әдемі жанған көкжалдың мәйектерінен де әлдеқайда көзге түсерліктей көрінді.
Чен Чжен қатты түңіліп, күдерін үзді. Ол ойлаған аталмыш «бөрі алауы» іс жүзінде негізсіз құр қауесет болып шықты. Шамасы, белгі ретінде қолданылған алаудың бұл түрі үстірт түсіндірілген, сөзбе-сөз аударылған, бұрмаланған қиял болғаны ғой. Жаңағы тәжірибесі оның жорамалын азын-аулақ дәлелдеді: ежелгі заманның әскери күзет мұнараларындағы аталмыш белгі алаулары ешқандай да қасқырлардың мәйектерін жағудан шығатын түтін болуы мүмкін емес. Аспанға көтерілген ондай қою түтін тұтастай құрғақ отын мен ылғалды отынға май араластырып жағудан пайда болатын. Жартылай ылғалды болған сиырлардың тезектерін және қойлардың қиларын өртеуден де қою түтін шығатын. Ал ылғалды отындар мен жанармай, жартылай ылғалды малдың тезектері көкжалдың мәйектерінен әлдеқайда оңай табылады ғой. Қазір ол «белгі түтін бөрілердің мәйектерін өртегеннен шыққан» деген әйгілі де кеңінен таралған тұжырымның бәрі мүлде сандырақ екенін батыл айта алады. Қытайдың су жүрек бейбіт халқы өз-өзін қорқытудан келіп шыққан жалған сөз.
Самал жел отынның және қасқырдың мәйектерінің күлін «әскери күзет мұнарасынан» ұшырып әкетті. Чен Чжен өзі жаққан оттан қорықпады, қайта Қытайдың беделді сөздіктеріндегі осындай белгі алаулары жөніндегі түсініктемелерге төтенше ызаланды. Қытайдың егін шаруашылығы өркениетінің солтүстіктегі Ұлы дала өркениеті жөніндегі білімі аса таяз һәм бейтаныс. Даланың көкжалдары туралы түсінігі мен танымы да айрықша мардымсыз, шектеулі. Бұндай алаудың бөрілердің мәйектерін өртеуден пайда болмайтынын бір сынау-тәжірибе істеу секілді қарапайым іс арқылы көз жеткізсе, олардың мәйектерін бір рет өртегеннен-ақ білмеді ме? Алайда, неге ежелгі заманнан қазірге дейінгі тарихтағы миллиондаған қытайлардың бірде-біреуі осы сынақты жүргізбеген, істеп көрмеген? Чен Чжен ойланып көрсе, оңай көрінген бұл шаруаның іс жүзінде тіпті де оңай еместігін сезді. Бірнеше мың жылдан бері қытай ұлтының диқаншылық өркениетінің кең құлаш жайып кеңеюінен Қытайда қасқыр атаулының бәрін қынадай қырып-жойғаны себепті, ежелгі қытайлар оның мәйектерін қайда барып тапсын? Тезек жинайтын шалдардың өзі сиыр, қой, шошқа, жылқы, ит секілді үй жануарларының тезегін немесе адамның боғын ғана тереді. Олар көкжалдың мәйектеріне кездейсоқ тап болғанның өзінде де оны танымайды.
Биік «әскери күзет мұнарасының» үстінде отырған Чен Чжен барша зейінін сала ойланып-толғанды. Ой желісі тереңге кетіп, тұңғиыққа бойлады. Бөрі алауы олардың мәйектерін өртеуден пайда болмаған екен. Олай болса, ежелгі әскери бекіністерінен және күзет мұнараларынан аспанға будақтап көтерілген қою түтіндер неге «қасқыр алауы» деп аталған? Бұл екі сөз расында да көкжалдар тобынан әлдеқайда қорқынышты һәм үрейлі күш, дабыл қағу мәндеріне ие болатын-ды. Ал «бөрі алауы», сөзсіз, қасқырлармен тығыз байланысты ғой. Бұндай алау мен қою түтін шынымен де «көкжалдардың келгенін» хабарлап сақтандырған ба екен? Ұлы Қытай қорғаны бөрілердің келуіне сөзсіз тосқауыл бола алады. Ал мұндағы «қасқырлар» сөзі іс жүзінде даланың көкжалдар топтарын емес, қайта бөрінің басын әскери байрақ етіп көтерген түрктердің атты әскерлерін білдіреді. Көк бөрі тотеміне табынған, қасқырларды үлгі тұтқан, олардың соғыс стратегиясы мен тактикасын игерген, олардың парасаты мен жыртқыш мінезін иемденген ғұндар, сянбилер, түрктер, моңғолдар қатарлы Ұлы даланың арландары тектес сарбаздары еді олар. Далалықтар әлмисақтан бөрі тотеміне сыйынады, әрқашан өздерін көкжалдарға теңеуді және ұқсатуды, ал қытайларды қойларға балауды ұнатады. Екпін-айбарымен жүз жауынгерді тоқтататын олар егінші де отырықшы халықтың қой мінезді табиғатын жаны жаратпайды. Ал ежелгі Қытайдың отырықшы халқы да бұрыннан даланың атты әскерлерін ең қорқынышты «бөрілер» деп санайтын. «Қасқыр алауы» сөзінің ең алғашқы түпкі мағынасы «әскери күзет мұнараларында жағылған, бөрі тотемін пір тұтқан далалық халықтардың атты әскерлерінің Ұлы Қытай қорғанының ішіндегі өлкелерге баса-көктеп кіргенін шұғыл хабарлайтын белгі от» болуы керек. Осы «алаудың» көкжал мәйектеріне титтей де қатысы жоқ.
Кенеттен оның ойына бәлкім әлемде тек қытай тілінде ғана «бөрі алауы» деген бұл сөз тіркесінің болғаны түсті. Бүкіл жаһанда тышқандардың ең қорқатыны мысық, қойлардың ең қорқатыны қасқыр болған ғой. Демек, бұндай «алау» ең үрейлі дала халықтарының шапқыншылықтарын бейнелеп, қытай ұлтының қой мінезін немесе үй жануарындай қасиетін көрсетеді. Манчжурлық Циң патшалығы Қытайға басып кіргеннен кейін көшпелі манчжурлар сахараны сүйгендіктен, оны түсінетіндіктен, Ұлы дала мен егіншіліктің арасындағы қарама-қайшылықтарды уақытша тегістеп қойды, содан «көкжал алауы» біртіндеп сейіліп кетті. Әйткенмен, иен даланың өркениеті және егіншілердің өркениеті арасындағы қайшылықтар әлі де шешімін таппай келеді. Байтақ даланы дым түсінбейтін қытайлар қайтадан өз мемлекетін құрғаннан кейін «бөрі алауы» түбегейлі жойылды. Алайда, егінші ұлттың тың жерлерді игеру үшін ескі құрғақ шөптерді өртеуден шыққан қошқыл түтін керісінше сахараның өзін жандырып, жайылып кетті. Бұл – қасқыр алауынан да әлдеқайда қорқынышты шайқастың түтіні, өзі отырған бұтақты өзі шапқаннан да анағұрлым сорақы, топас, өз-өзін жою соғысы-дұр. Чен Чжен «Егер Ұлы Қытай қорғанының солтүстігіндегі байтақ дала түгелдей құмайт жерге айналып, Моңғолияның Гоби шөлімен қосылып, тұтасып кетсе, Бейжіңге не болмақ?» деген Үлжінің сөзін есіне түсірді. Чен Чжен ішінен ауыр күрсінді. Мыңдаған жылдардан бері иен далаға дұшпандық өшпенділікпен қарап келген егінші халықтың сахараны сүйіп-қадірлеуі және аялауы шөлдің Ұлы Қытай қорғанын жұтқаннан кейін ғана туылуы ықтимал. Егінші халықтар жердің беті қурап, дүние күйіп, тулағы шықса да, айылын жимайтын, көзінен жас төгілмейтін халықтар болып табылады. Манчжурлар Орталық жазыққа қожайын болып енгеннен кейін біртіндеп отырықшы егіншілердің өркениетіне сіңіп, шекараны жауып, шет елдермен сауда-саттық байланыстарын үзіп, жабық дарбазаның ішінен жер-суға сыймай өзін-өзі мақтап, өзін ғана көтермеледі, Батыстың озық өркениетін шектеді, яғни реформалар мен жасампаздыққа ынталы болмады. Тек Батыстың қуатты елдері мықты соғыс кемелерінің зеңбіректерінен оқ жаудырып, мемлекеттің қақпасын талқандап (қалаларын ойрандап), жерін алып, контрибуция (соғыс шығынын) төлетіп, патшаның әулетін астанадан қуып шыққаннан кейін ғана он неше жылға зорға жалғасқан реформа жүргізді....
Чен Чжен аяқтың астында әлдеқашан күлге айналған мәйектерге қарап, еңсесі түсті һәм түңілді.
Үстіртте жаз мезгіліндегі күннің шуағы тал түсте кенеттен шыжып кетті. Тауда тола өскен майса шөп күнге күйгеннен ұзындығы үш цун (9,9 см) ғана өсіпті. Күннің көзінен үлкен тастардың да бірнеше жерінде жаңа сызаттар шығыпты. Чен Чжен шапшаң бұтақтардың қалдықтарын және оттың күлін тастардың жарықшасына сырып тастады, сосын жерге түсті. Күннің ыстық шуағынан мең-зең болған қойлар арқаларын күнге беріп, бастарын мойнына тығып, өз көлеңкелерін көлегейлеп, қалың шөптің ішіне жатып алды. Бүкіл отар жым-жырт түскі ұйқыға батты.
Жартастың тасасына тығылған Чен Чжен кішкене мызғып алуды да ойлады, бірақ бұған батылы бармады. Өйткені, бұл жаңа ғана көкжалдың мәйектерін теріп жинаған жер болатын. Бір үлкен бөрі жақын жерде жасырынып, тасадан қадала қарап тұруы да мүмкін ғой. Күннің астында маужырап жатқаныңды күтіп, мерт қылуы ықтимал. Чен Чжен торсықтағы шалапты бірнеше ұрттап ішкен соң ғана ұйқысын басқандай болды. Әр жолы қойларды бағудың кезегі келгенде, ол Касымай жаққа барып, айран әзірленетін ағаш келінің ішіндегі шалапты торсығына құйып алатын. Шалап – жаз мезгілінде қойшылардың шөлін қандыратын, шаршағанын басатын сусын, сондай-ақ үйдегі адамдар мен иттер жазғы ыстықта есін жию үшін ішетін сүйікті қышқыл ішімдігі.
Ат тұяғының тасырлаған дүбірі естілді. Доржы аттан секіріп түсті. Үстіне киген ақ маталы моңғол шапаны, беліне байлаған жасыл жібек белбеу оған ерекше сымбат пен келбеттілік берді. Ол қызыл күрең кең шырайын малмандай басқан терін бір сүртіп, тіл қатты:
- Е, сен екенсің ғой. Жаңа мынау тастың үстінде от жағылып, түтін шыққанын көріп қалдым. Қай қойшы борсықты аулап, етін қуырып жеп отыр деп ойлап едім. Менің де қарным ашты.
- Мен қайдан борсық ұстайын? Мен, мені сәл ұйқышылдық қыстаған соң, от жағып, ұйқымды ашайын дегенім ғой.... Қойларың қайда? - деді Чен Чжен.
- Қойлардың бәрі үйездеп жатыр, - деді Доржы солтүстіктегі беткейде енді ғана көрінген бір топ қойларды нұсқап, - Менің де ұйқым келді. Ұйықтауға бата алмай, сенімен әңгімелесейін деп келгенмін. Менің қойларыма ешнәрсе етпейді. Анау жақтағы төбенің басында екі қойшы шахмат ойнап отыр екен. Сол қойшыларға көз қырын салуды сұрап, қойларымды табыстап кеттім.
Доржы жартастың етегінде отырып, салқын самалдың рахатына бөленді.
Чен Чжен малшылардың арасында кеңінен таралған ойындардың түрлерін білетін: моңғол қасқырының қойларды аулайтын тас дойбы, сондай-ақ моңғол атты қосындары батыс елдерден әкелген шахмат та бар. Тек «сяңци» (қытайлық шахмат) шахматын ешкім ойнамайды. Кезінде Білге-ата қытайлардың шахматындағы жазудың бәрі қытайша болғандықтан, моңғолдар оны оқи алмайтынын, ал батыс елдердің шахматында ешбір жазу жазылмаса да, жұрттың бәрі оны түсінетінін және ойнай беретінін айтқан еді. Әсіресе шахматтағы ат фигурасы «моринхур» моңғол қобызының басында ойылған жылқының басына әбден ұқсайды. Моңғолдар тұлпардың басы ойылған шахматты жақсы көреді. Моңғолия сахарасында ежелгі заманның көшпенді атты әскерлерінің әлемді жайпап өткенінің белгілері, мысал-дәлелдері және әсері бүгінгі күнге дейін сақталғанын Чен Чжен жиі ойға алатын. Қытайлармен салыстырғанда, дала халықтары шахматпен және халықаралық ойындармен анағұрлым ерте танысқан. Себебі, олар Батыстың соғыс олжасын ең ертеде-ақ иемденген шығыс халықтары еді. Моңғолдар жаһанның кез келген түкпіріне соғыс жорықтарын жүргізген кезеңде Рим понтификтері (папалары) де моңғол қағанының ордасына елшілерін жіберіп, тағзым еткен. Моңғолдардың қайсарлығы мен батырлығы батыс елдерінің Шығысты мүлдем елемеуге бата алмауының себептерінің бірі болған-ды. Чен Чженнің өзі сахараға келгеннен кейін шахмат ойнауды малшылардан үйренген еді.
Ішкі Моңғолия сахарасының жазғы күндері ерекше ұзақ болады. Түнгі сағат үштен кейін таң ағарып, кешкі сағат сегіз-тоғызда ғана қараңғы түседі.
Қойлардың шөпті жердегі таңертеңгі шыққа тап болып, аяқ буындарының қабынуының алдын алу үшін оларды қорадан аса ерте өріске шығарудың қажеті жоқ. Түстен бұрын сағат сегіз-тоғызда күннің жылы шуағы шықтарды кептіргеннен кейін ғана қойларды тауға өріске шығару керек. Ал кешке қойлар отарын қараңғы түскеннен кейін ғана қоралау қажет. Өйткені ымырт уақытанан қараңғы түскенге дейінгі аралықта даланың шыжыған ыстығы қайтатын, қойлар барша пәрменмен шөп жеп семіретін, ет жинайтын негізгі бір кезең есептеледі. Қыс мезгілімен салыстырғанда, жазда қойларды бағу уақыты екі есе дерлік ұзарады. Жазғы мезгіл – қойшылардың ең мезі болатын уақыты. Олар таңертең сүтті шайдан ішкеннен кейін кешкі сағат сегіз-тоғызға дейін, яғни қара кешке дейін аш жүреді. Күнге күю, ұйқының келуі, шөлдеу, қарын ашу, көңілдің құлазуы, біркелкі тірліктен мезі болу оларды әбден титықтатады. Жаздың шіліңгір шілдесі кіргенде масалар шыққаннан кейін иен дала нағыз тозаққа айналады. Жазбен салыстырғанда, суық та ұзақ қыс мезгілінде малшылардың арқасы кеңейіп, жандары жай тауып семіретін бақытты мезгіл екенін бейжіңдік зиялылар сахараға келген соң ғана білді.
Масалар шығудан бұрын Чен Чженнің ең қиналатыны аштық пен шөліркеу болды. Малшылар аштыққа да, шөлдеуге де айрықша төзімді, бірақ басым көбісі аcқазан ауруымен ауырады. Зиялы жастар қой баққан бірінші жылдың жазында аздап құрғақ азық-түлік алып шығатын. Алайда, кейін біртіндеп жергілікті тұрғындардың дағдысына үйреніп кетті. Борсықтың етін қуыру жөнінде әңгіме айтылғанда, екеуінің де қарындары шұрқырай бастады.
- Жаңа жайылымда борсық көп екен. Батыстағы таулы беткейде борсықтардың індері қаптап тұр. Бүгін біз алдымен індерді көріп, аңысты аңдап көрейік. Ертең қойларды жайған кезде он шақты тұзақты құрайық. Түсте тұзаққа түскен бірнешеуінің етін қуырып жейік, - деді Доржы.
Чен Чжен баяу ғана оның сөзін қостады. Егер де шынымен борсықтарды ұстап алсақ, онда әрі қарынды толтырып, әрі қиын жағдайдан шығатын боламыз. Доржы екі отар қойдың шөпті жегісі келмей жайбарақат жатқанын көріп, Чен Чженді солтүстік-батыстағы көлбеу төбеге ертіп барып, бірнеше ақшыл кварц тастардың артында етпеттеп жатып алды. Бұл жерден арттағы қойларды да, көз алдындағы батыстағы таудың жотасындағы суырлардың індерін де көруге болады. Екеуі де дүрбілерін шығарып, мұқият шолуға кірісті. Таудың жотасы тып-тыныш. Ондаған борсық індерінің іргесіндегі алаңшалар құлазып бос тұр. Кварц минерал тастары мен кесектері жылт-жылт етіп жылтырауда. Олұн сахарасындағы борсық індері ерекше терең. Суырлар тіптен таудың ішіндегі кен руданы жердің бетіне шығарып тастайды екен. Кейбір малшылар кезінде борсық індерінің алдындағы алаңшалардан аметист тастарын және мыс рудасын теріп алған кездер де болған. Бұл іс мемлекеттің іздеу-тексеру отрядтарын таң қалдырған-ды. Олұн даласы егер де шекаралық аумақта орналаспаған болса, бұл жер кен қазылатын орынға айналуы мүмкін еді.
Көп кешікпей таудың жотасы тарапынан суырлардың шиқылдаған дауыстары естіле бастады. Дауыстары өте қатты шығуда. Бұнысы суырлардың іннен шығудың алдында дыбыс шығарып барлау жасағаны еді. Індердің сыртында ешбір қыбыр байқалмаған соң ғана суырлар топ-тобымен іннен шығады. Тағы біраз шиқылдап шақырғаннан кейін жотаның үстінде кенеттен ондаған ірі-ұсақ суыр індерінен өріп шықты. Шамамен әрбір алаңшаның үстінде тік тұрған үлкен ұрғашы суырлар жан-жағына көз жіберді, сондай-ақ баяу да ырғақты бейбіт шиқылдаған дауыстар шығарды. Содан кейін ғана ұсақ суырлар індерден сыртқа шапшаң атқып шығып, ондаған метр қашықтықтағы шалғын жерге жайыла кетті. Көк аспанда бүркіт қалықтап айналуда. Ұрғашы суыр әуеге сақтықпен қарап қояды. Егер әуедегі қас дұшпан жақындай қалса, ұрғашы суырлар шиқылдауын жылдамдатып, дабыл қағады. Содан індердің сыртындағы үлкен-кіші суырлар зу етіп індеріне тығылады және дұшпан кеткеннен кейін қайта шығады.
Чен Чжен денесін қозғап еді, қимылдары аздап оғаштау көрінді. Оның иығын дереу қатты қыса қойған Доржы:
- Қарашы, ең шеткі іннің төменгі жағында бір көкжал жатыр. Адамдар мен бөрінің ойы тағы да бір жерден шыққан екен. Бәрі де суыр жегісі келген екен, - деп сыбырлады.
Қасқырдың жасырынып жатқанын құлағы шалып, елең ете түскен Чен Чженнің қалғып-мүлгуі әпсәтте сейілді. Ол жалма-жан дүрбісін нысана тұрған жерге кезеді. Сол іннің іргесінде қос қолдарын кеуде тұсында бүккен бір ірі суыр жан-жағына қарап тұрғаны байқалды. Іннің іргесінен шалғын шөпке барып қоректенуге батылы бармай тұрған секілді. Сахараның еркек суырлары ұрғашы суырлардан бөлек тұрады. Ұрғашылар балалармен бірге бір інде мекендейді, ал еркектері өздері бөлек індерде өмір сүреді. Осы суыр тұрған іннің іргесіндегі алаңшадан төмендеу жерде қалың да биік шөптердің жапырақтары әлсін қоңыр желге тербелуде. Сол шөптердің арасынан бірнеше сұрғылт-сары тастар көзге шалынды. Шөптің көлеңкесі үздіксіз құбылып, қалың өсімдіктердің түбіндегі нәрсені ажыратып тану қиынға соғуда.
- Мен көкжалды әлі көріп тұрған жоқпын. Тек бірнеше тастар ғана көрінуде, - деді Чен Чжен.
- Сол тастың жанында бір бөрі жатыр. Меніңше ойлауымша, оның аңдығанына бірталай уақыт болған, - деді Доржы.
Чен Чжен тағы мұқият қарағаннан кейін ғана қасқырдың денесінің жартысын әлсін-әлсін көргендей болды:
- Сенің көзің өткір екен. Мен неге көре алмай отырмын? - деді ол еріксіз.
- Егер де сен көкжалдың суырларды қалай алатынын білмесең, көздің көру қуаты жақсы болса да бөріні көрудің мүмкіндігі болмас еді. Олар суырды аулаған кезде, іннің желге ық жағындағы қалың шөптің арасына жасырынады. Қасқырдың суырларды аулауы оңай емес, олардың үлкендерін арнайы ұстауға ұмтылады. Өзің қарашы, бұл суырдың ірілігі марқа қозының денесіне жетіп қалады. Біреуін ұстасаң да әбден тойып жеуге болады. Егер де көкжалды іздеуді ойласаң, әуелі еркек суырдың жеке інін тауып ал. Оларды ықтасын жердегі биік шөптің ішінен тауып аласың...., - деді Доржы.
- Бүгін тағы бір өнер үйрендім. Бұл суырлар қай уақытта шөп жейді? Бөрінің оларды қалай аулайтынын шынымен көргім келеді. Оның барлық жерінде індер орналасқан. Қасқыр басын бір қылтитса, суыр лезде жақын індердің біріне сүңгіп кетеді. Бұндайда көкжал ешнәрсе істей алмай қалады, - деді қуанышы қойнына сыймаған Чен Чжен.
- Әрине, епсіз бөрі суырды ұстай алмас. Тең ең шебер қасқыр ғана оны уысына түсіре алады. Арланның өз айла-шарғысы бар. Ол суырдың інге кіруге мүмкіндік бермейтін амалдары бар. Сен мына көкжалдың қабілетін көр, - деді Доржы.
Екеуі бастарын бұрып, қойларға қарады. Қойлардың әлі де ешбір қозғалмай тыныш жатқанын көрген олар төзімділікпен күтуге бекінді.
- Әттеген-ай, бүгін иттерді ілестірмегенді қарашы. Егер де олар болғанда, бөрі анау семіз суырды ұстап алғаннан кейін дереу иттерді қуғынға жіберіп, артынан атпен қуып жетіп, суырды тартып алуға болатын еді. Онда екеуіміз жақсылап бір тойып жейтін едік, - деді Доржы.
- Кішкенеден соң атқа қонып, қуып көрейік. Бәлкім, қуып жетіп алармыз, - деді Чен Чжен.
- Әрине, жете алмаспыз. Қарашы, қасқыр жотаның үстінде тұр. Біз жотаға шыққан кезде, ол таудан түсіп үлгереді. Қайдан жеткізсін? Ол жотадан асқаннан кейін оны табамын деп ойлаушы болма. Жотаның үстінде суыр індерінің көптігі соншалық, аттар да шапшаң шабуға батылы бармайды. Сондықтан жете алмаймыз, - деді Доржы.
Чен Чжен амалсыз бұл ойынан бас тартуға тура келді.
Доржы сөзін жалғастырды:
- Сонда да ертең тұзақ құрайық. Бүгін саған алдымен көрсетіп жіберейін. Көкжалдар суырларды осы жарты айдай мезгілде ғана аулайды. Жауын-шашын жауып, масалар бір шыққаннан кейін олар суырларды ұстай алмайды. Неліктен дейсің ғой? Бөрілер масадан қатты қорқады. Масалар олардың көзін, тұмсығын, құлағын айрықша шағады. Олардың шаққанына шыдамаған қасқыр ыршып тік секіреді. Баспалап шыдап жатуы мүмкін бе? Ол бір қыбырласа – суырлар сол заматта-ақ қаша жөнеледі. Масалар шыққан сол мезгілге жеткенде, көкжалдар қойлар мен жылқыларды торып, соларға түседі, яғни адамдар және төрт түлік малдың сорына айналады.
Өзге суырлардың майса шөпті опырып, қоректеніп жатқанын көрген ірі еркек суыр расында да шыдай алмаған болуы керек. Ақырында ол текшеден секіріп түсіп, ондаған адым қашықтықтағы қалың шөпке барып, жылдам шөп жей бастады. Шөпті бірнеше рет жеген ол текшеге қайта жүгіріп келіп, шаңқылдап дауыстады.
- Мынаны қарай көр. Мына суыр іннің іргесіндегі шөпті жемейді екен. Сол шөп-өсімдіктерді өзінің інін жасыру үшін пайдаланады. Даланың жабайы жануарларының күн көруі оңай емес. Сәл жаңылыс басса, аздап ағаттық қылса – жанынан айрылады, - деді Доржы.
Чен Чжен мазасыздана әлгі бөріден көз алмай, қадалып қарауда. Шамасы, ол жасырынған жерінен суырларды тікелей көре алмайтын сияқты. Тек есту қабілетіне ғана сүйеніп, суырдың тұрған орнын және қимылдарын қалт жібермей, тұспалдап отырса керек. Сондықтан ол құрсағымен жерді бауырлап, денесі жерге тіпті жабыса түсті. Ірі суыр бірнеше рет іннен суырылып шөпке барып, сосын үйіне қайта жылтыңдап қайтудың арқасында ешбір қауіп-қатердің болмағанына көз жеткізді. Қырағылығын босаңсытқан ол айрықша қою өткен көк шалғынға қарай жүгіріп кетті. Шамамен бес-алты минут өткен соң, әлгі қасқыр тұтқиылдан атылып тұрды. Чен Чженді таңдандырғаны, көкжал суырға бірден тап бермеді, қайта атылып тұрғанда шағыл тастарды қопарып жіберді, сондай-ақ біраз тастарды төменге қарай домалата түрегелді. Таудың беткейінен төменге домалап түскен тастардың дыбысы, әрине, дүркіреп шықты. Чен Чжен тек ірі суырдың тыныштықты бұзған дүркіреуден үрейленіп, 20 метр алыстағы өзінің жеке ініне қарай ұмтылғанын көрді. Осы уақытта көптен бері күткен үлкен бөрі найзағайдай атылып, іннің іргесіне жүгірді. Ол суырмен бір уақытта дерлік іннің аузына жетіп барды. Суыр басқа інге қашуды ойлағанмен, үлгере алмай қалды. Қасқыр оның інге кіруін күтпестен желкесінен бір тістеп, іннің іргесіндегі текшенің үстіне лақтырды, сосын желкесін біржола қиып тастады. Содан соң басын жоғары көтере, семіз суырды тістеген халде тез жылдамдықпен жотадан асып өтті. Көкжалдың шабуылды бастаудан аңды уысына түсіргенге дейін бас-аяғы жарты минут жетті.
Тау беткейіндегі барлық суырлар зым-зия ғайып болды. Екі жігіт отыра қалды. Бөрінің жалт етіп суырды ұстаған сол тамаша да өрелі өнері Чен Чженнің көз алдына қайта-қайта келе берді. Ол аузы ашылып, аңырайып қалды. Қасқырлардың ақыл-парасаты расында сыр шалдырмас түпсіз терең екен. Олар нағыз қасиетті жануарлар екен. Кезінде Чен Чжен «Зат түрлерінің шығу тегі» кітабын оқыған. Алайда, сол кітаптан күнделікті тұрмыста орын алған, өз көзімен көрген барша құбылыстар мен кереметтерді түсінудің әлі де мүмкіндігі болмады.
Реңі сарғайған күн еңкейді. Қойлардың екі тобы әлдеқашан орнынан тұрып, шөп отап жүр екен. Оның үстіне, солтүстік-батысқа қарай бір-екі шақырым жылжыпты. Екеуі біраз әңгімелесіп, қойларды қонысқа қайыруға бейімделді. Орнынан тұрған екеуі сәйгүліктерін жетектеген кезде, Чен Чжен өз қойларының азырақ дүрліккенін байқап, апыл-ғұпыл дүрбісін шығарып қарады. Алтын түсті сары гүлдер шоғырының ішінен кенеттен бір үлкен көкжал қойлардың сол жағынан атылып шығып, бір қойға бас салып, жұлқылап жатыр екен. Шошығаннан өңі бозарған Чен Чжен айғайламақшы болды, бірақ Доржы оны тежеп тастады. Чен Чжен кілт есін жиып, өзін тежеген халде дүрбімен тағы қараған кезде, әлгі бөрі қойдың артқы сирағына тістерін батырып, тірідей жеп жатқанын көрді. Қоңыр мінезді қойлар қанның шыққанын көргенде дауыс шығаруға да батылы жетпейтін момын жануарлар ғой. Оның мойнынан қан ытқып атқылауда, өзі алдыңғы сирағын сермеп, барынша жанталасуда. Әйтсе де, ешкілер сияқты дауыстап маңырамайды, дабыл қағып құтқаруға шақырмайды.
- Қой бізден қашық, шауып барғанмен де құтқара алмаймыз. Жей берсін. Әбден тойғанын күтейік. Қарнын толтырып, қозғала алмай қалғанда құрықтаймыз. Ал жақсы, қанқұйлы неме! Көз алдымда қойға бас салуға батылың жетіпті. Енді қарап тұр! - деді Доржы айрықша салқынқандылықпен.
Екеуі қасқырды мезгілінен бұрын үркітіп алмау үшін тастың жанына ақырын ғана отыра қалды. Әлбетте, ешнәрседен тайсалмайтын жанкешті аш көкжал екені даусыз. Ол қойшылардың ұзақ уақытқа алыстағанын көріп, сарана гүлдерінің шоғырын тасаланып, көрінбей еңбектеп жүріп, қойлар отарының жанына қатарласқан-ды. Сосын тұтқиылдан шабуылдап, тәуекелге басып, бір семіз қойға ауыз салды. Ол жотаның үстіндегі екі адам мен екі атты көріп қалды, бірақ қашпады. Көкжал көз қырымен адамдарға қарап қойып, өзінің олармен аралығын қатесіз мөлшерлеп тұр. Әрбір минутты қадірлеген ол бір уыстан соң екінші уыс етті жұлып, қанша үлгерсе сонша жеуге ұмтылуда. «Өз үйіндегі бөлтіріктің шабуылға шығатындай тамақты апыл-ғұпыл жейтіні сол екен ғой. Байтақ далада уақыт етке теңестіріледі. Асықпай жеген бөрілер аштан өлмей қоймайды» деп түйді Чен Чжен.
Чен Чжен малшылар мен қойшылардың қасқырды қойға айырбастаған хикаяларды көп естіген. Қазіргі ахуалға сәйкес, мына қарсы ұрыс та сондай айламен ғана шешілуі ықтимал. Бір қойға бір көкжалды айырбастау өте тиімді ғой. Бір арлан тай-құлындар мен жылқыны есептемегенде, бір бөрі жылына аз дегенде ондаған қойды жейді. Қойды қасқырға айырбастаған қойшылар отрядтың сынауына және жазалауына ұшырамайды, қайта мадақтауына ие болады. Алайда, Чен Чженнің алаңдап отырғаны: егер де көкжалды ала алмай, бір қойынан бекерге айрылса, онда зияны өте үлкен болмақ. Дүрбісін мықтап ұстаған ол бөріден көз алмай қарап тұр. Жарты минутқа жетпейтін уақытта қойдың бір саны жүн-жұрқасымен бірге жұтылып ғайып болды. Бұл малдың тірі қалмайтыны шүбәсіз. Чен Чжен бұл аш қасқырдың қойды түгелдей қылғытып жеуін тіледі. Екеуі үн-түнсіз аттардың алдына түсіп, тұсауларын ағытып, тізгінді қатты ұстап, елегізген халде күтіп тұр.
Қойлар – төменгі сатыдағы тексіз, қораш һәм көрсоқыр надан жануар. Көкжал әлгі семіз қойды жәркемдеп жатқан уақытта, он шақты қой дереу жан-жаққа дүрлігіп қашқан-ды. Алайда, көп өтпей, олардың бәрі тынышталып қалды. Тіпті бірнеше қой дір-дір еткен халде топастықпен тұяқтарын тоқылдатып, бөрінің анау қойды жегенін тамашалағандай жан-жағынан жиналып, қарап тұрды. Сыртқы көрінісі наразылық білдіргенге ұқсайды, сондай-ақ қызық қуып қарағанға да ұқсайды. Сол бірнеше қойлар үнін шығармастан қызықтап қарауда, ондаған қойлар дабырлап келіп, жан-жақтан қоршай тұра қалды. Ең ақырында 100 астам қой қасқыр мен жәркемделіп жатқан семіз қойды ортаға ала диаметрі үш метр тығыз қоршау құрады. Алдыңғылары топырлап, кейінгілері ентелеп, мойындарын созып, құмарын қандыра тамашалауда. Олардың сол бейнесі «Көкжал сені талады, менің ешбір қатысым жоқ!» немесе «Сен өлдің, ал мен тірі қалармын» деп сөйлеген іспетті. Қойлар үрейленіп тұр, сондай-ақ біреудің бақытсыздығына қуана табалап тұр. Ешбір қойдың ойында бөріні мүйізбен сүзу ойы да, батылдығы да жоқ.
Тұла-бойы тіксінген Чен Чжен ыңғайсыздықтан булығып ызаланды. Мына көрініс оған Лу Сюн (1881-1936 жж., осы заманғы қытайлық әдебиеттің негізін қалаған жазушы) суреттеген жағдайды елестетті: Қытайдың мәңгүрт бұқара халқының кейбір бөлігі мойындарын созып, жапондық содырлардың өзге қытайлардың басын шапқанын тамашалаған көрінісін еске келтірді. Шынымен де, мынау дәл соның өзі. Көшпелі халықтар қытайларды қойға ұқсатқаны содан екен ғой. Әрине, қасқырдың қойларды жәркемдеп жеуі сұмдық, бірақ қойлар мен өзге де үй жануарлары секілді өзін ғана ойлайтын өзімшіл, пайдакүнем, жігерсіз, қорқақ адамдар тобыры бұдан да қорқынышты, тіпті торықтырып, рухты түсіреді.
Доржының өңі біраз сұрланып кетіпті. Бүкіл отрядқа әйгілі аңшы қойларын тастап, бір зиялы жасты ертіп, көкжалдың суырларды аулағанын тамашалап жүріп, тапа-тал түсте бөріге бір үлкен қойды талатып отыр. Семіз қой жәркемделіп, қозысы сүтке зар болып, бойына ет дарымайтын, сол арқылы қыстан аман шықпайтын болды. Бұл – мал шаруашылығы отряды үшін бір реткі немқұрайдылық пен салақтықтан туылған шырғалаң деп есептеледі. Чен Чжен сынға алынып, сөгіс алады, Доржы да жауапкершіліктен тыс қалмайды. Қырсық болғаны сол, кейбіреулер түймедейді түйедей етіп, бөлтірік баққан осы екеуін таптық күрес тұрғысынан жауапқа тартуы мүмкін. Неге бұндай оқиға жалғыз бөлтірік асыраған екеуінен ғана шығып отыр? Зейін-зердесін қойларға бұрмаған адам қайдан жырғатып қой бақсын. Бөлтірік асыраған адамдар қасқырлардың өш алуына ұшырайды. Отрядтың ішіндегі бөлтірікті асырауға қарсы болған барлық адамдар осы істі қағып әкетіп, шу көтеріп, бірталай жерге әкетуі мүмкін. Чен Чжен осыны ойлаған сайын қорқа бастады. Доржы дүрбімен көкжалға әлі қарап тұр. Қарай-қарай оған өз-өзіне сенімділік келгендей болды.
- Бұл өлген қой менің есебіме жазылсын, бірақ көкжалдың терісін маған бересің. Мен теріні Бао Шигуйге тапсыруым керек. Ол әлі-ақ екеуімізді мадақтайды, - деді ол.
Дәу бөрі бір жағынан ол екеуіне әлсін-әлсін қарайды, бір жағынан өршелене қойдың етін жылдам қылғытуда.
- Қанша әккі болса да, ашыққан бөрі ағаттыққа жол береді. Ол біраздан соң қалай жүгіретінін ойлады ма екен? Меніңше, мынау қасқыр ақымақтау сияқты. Шамасы, суырларды аулай алмай біраз күн ешнәрсе жемеген сияқты, - деді Доржы.
Чен Чжен жарты қойдың етін қылғытқан көкжалдың қарны үлкейіп домаланғанын көрді.
- Енді аттансақ ше? - деп сұрады ол.
- Асықпа, тағы күтейік. Сәл кідіре тұр. Міндетті түрде оны тез аламыз! Бір оңтүстік жақтан қуып, бөріні солтүстікке қарай тықсырамыз. Ол жақта қойшылар бар. Олар бізге қасқырды тосқауылдауға жәрдемдеседі, - деді Доржы.
Доржы тағы бір сәт қарады да, ақырында сөз бастады:
- Атқа қонайық! Екеуі ер-тоқымның тірегішіне таянып, атқа қарғып мінді. Сосын беткейдің етегіндегі қойлардың оңтүстік жағын ала ұша жөнелді. Көкжал шегінудің әзірлігін әлдеқашан жасап қойған екен. Салт атты адамдардың шауып келгенін көрген ол тағы обырлана бір-екі жұлқып асағаннан кейін ғана өлген қойдың қалған жарты етін тастап, терістікке қарай жөнелді. Алайда, бөрі он шақты метр шапшаң жүгіргеннен кейін, кенеттен сенделектеп барып, өзінің үлкен қателік жасағанын байқаған секілді шұғыл кілт тоқтады, сосын басын төмен еңкейте отыра қалды.
- Болмады. Тезірек! Қасқыр жегенін құсайын деп жатыр, - деп айғайлады Доржы.
Айтқандай-ақ, Чен Чжен көкжалдың ішін тартып, денесін садақтың сабындай бүгіп, жаңа ғана жеген қойдың етін құсқанын көрді. Екеуі мына сирек кездесетін орайды жіберіп алмау үшін орасан жылдамдықпен шауып, бөрімен арадағы қашықтықты едәуір жақындатты.
Чен Чжен қасқырдың өз қарнындағы жемтік тамақты бөлтірікті тамақтандыру үшін құсып беретінін ғана білетін еді. Алайда, күтпеген жерден оның шұғыл сәтте тез шегіну үшін бұндай әдіспен құрсағын босататынын ойламаған-ды. Аштықтан есі кеткен көкжал ақымақ емес екен. Егер ол ішін жылдам босатып алса, онда бұл оқиға нағыз шырғалаңға айналғаны. Чен Чжен тұлпарын тынымсыз қамшылап, барша пәрменмен шауып келеді. Доржының сәйгүлігі тіпті де жүйрік екен. Ол бір жағынан дауыстап айғайлап, бөріні қорқытты, бір жағынан солтүстік тараптағы жотаның үстіндегі қойшыларға жәрдемдесуге шақырды. Доржы шапқан сайын көкжалға жақындады. Жыртқыш еріксіз құсуын тоқтатып, жанын сала қашты. Жылдамдығы бірден екі есе асты. Чен Чжен бірталай шауып, көк шөптің үстінде бөрі құсқан көлемі үлкен бір төбе қызыл-жоса жемтікті байқады. Бұдан бетер абдыраған ол тұлпарын қамшылап, өкшелей қуалады. Сірә, қасқырдың қарнында әлі де қойдың біраз еті қалған болуы керек. Жаңа ғана қылғытқан азық қуатқа айналуға үлгіре қоймады. Көкжалдың жүгіруі жылдам болғанмен, жайшылықтағы ең шапшаң жүгірісіне жете алмады.
Доржының арғымағы біртіндеп бөрімен бірдей жылдамдықта шаба бастады. Тағы азғантай жүгіргеннен кейін қасқыр дұшпаннан құтылмасына көзі жеткен соң, кенеттен тік беткейге құйғыта жөнелді. Сахара көкжалдары қауіптен құтылу үшін шегінген кезде тік беткейге ұмтылу секілді ең соңғы мүмкіншілікке (көзірге) жүгінеді. Яғни, ең сұрапыл да жанкешті шайқастан тартынбайды. Дәл осы уақытта қойшы Санжы тұтқиылдан беткейдің ар жағынан шыға келіп, құрығын бұлғақтатқан кейпі бөрінің шегінетін жолын кесуге әрекеттенді. Қобалжыған арлан кішкене кідіріп қалды, бірақ табанда-ақ басқа шешім қабылдады және өз бағытын өзгертті. Яғни, дереу ең жақын жердегі бір қора қойға ұмтылды. Қасқырдың күтпеген жерден қойлар отарында аласапыран тудыру әдісін қолдануға, қойларды шуылдату арқылы салт атты қуғыншылардың жолын бөгеуге, қуалаған жаулардың құрық салуын болдырмауға, бей-берекетсіздік пен аласапыранда қоршаудан шығудың мүмкіндігін іздестіруге ұмтылатынын Чен Чжен тағы тұспалдамаған еді.
Алайда, арлан бөгелген дәл сол сәтте Доржының жүйрік сәйгүлігі қолайлы орайды пайдаланып, атылып келіп, жыртқыш жануардың жанына ұшып барды. Санжы да қойлардың қарсы алдына шауып үлгерді. Көкжал тағы бір рет бағытын өзгерту үшін бұрылуға оңтайланған кезде, екпіндеп келіп алға еңкейген Доржы ұп-ұзын сапты құрығын созып, байрақ тәрізді құрықтың тұзағын алдыға сермеп, оның қысқа да шымыр мойнына дәлдеп салып үлгерді. Доржы арланның тұмсығы мен мойнын ішке тарта жиырып, тұзақты сырғытқанын күтпестен арқанды қатты сілке тартып, қыл тұзақты батыра шеңбектеп, оның кеңірдегінен қылқындырып үлгерді. Бөрінің тыныстауына титтей де мұрша бермеген ол аттың басын кілт бұрып, құрықты кері тартты, жыртқышты сүйреткен бойы шаба жөнелді.
Арланның қарсыласу қабілеті қалмады. Сүйретілген ауыр денесі тұзақтың барған сайын буып-қымтауына әкелгені соншалық, оның тілі салақтап, ашылған қанды аузынан қан аралас көбік қорқырап ақты, барынша тұншыға тыныстады. Доржы тұлпарын осып жіберіп, беткейге өрмелетті. Өрге бұндай сүйрегеннен олжаны қылқындыру күші тіпті де үлкейеді. Қасқырдың соңынан келе жатқан Чен Чжен оның бүкіл денесі тұтас селкілдеп, ажал алдында жанталаса бастағанын көрді. Ақырында Чен Чжен жеңілдене кеңінен тыныстады: бұл реткі ағаттықтың жауапкершілігі әйтеуір осымен өшіріліп тасталды. Алайда, ол бұдан титтей де серпіліп-сергімеді, қуаныш таба алмады. Ол арыстай арланның осы қысқа ғана бірнеше минуттың ішінде кең далада арпалысып ажал құшқанын байсалдылықпен қарап тұрды. Сахара – теңдесі жоқ қатыгез де мейірімсіз. Ол осындағы барлық тірі жандыларға аса қатаң талаптар қояды, сәл ғана сылбыр да зердесіз болғандар және ағаттыққа жол бергендер рақымсыз екшеліп тасталады. Чен Чженнің жүрегінде шексіз өкініш пен ашыну тасқындады. Мына арлан өте ақылды да қайсар болды десеңші. Егер де адамдардың арасында осындай ақылды және ержүрек болса, мынадай жігермен ысырылып тасталады ма еді? Ол жотаның жартысына шыққан кезде көкжалдың денесі әлдеқашан қозғалудан қалған, бірақ аузынан қан бүркіп, тыныстап тұрған еді. Алайда, ол әлі де қан құсып, әрең тыныстап жатқан еді.
Доржы аттан секіріп түсіп, қос қолымен құрықты өзіне тартып, бөріге денесін көтеруге мұрша бермеді. Ол арланды алға тартқан халде білегіне ілінген қамшыны қолымен ұстап, қасқырдың басынан шапшаң ұра бастады, сондай-ақ етігінің қонышынан қанжарын суырып, жыртқыштың көкірегіне терең сұқты. Чен Чжен аттан секіріп түскенше көкжалдың демі үзіліп болған-ды. Доржы оны екі рет теуіп еді, титтей де қыбыр болмағанын көрді. Маңдайының терін сүрткен ол шалғын шөпке отыра қалып, темекісін тұтатып, шеге бастады.
Санжы жүгіріп келіп, өлі бөріні көрген соң, Доржыны біраз мақтады, сондай-ақ оған қойларды қайыруға жәрдемдесті. Чен Чжен өз қойларына жүгіріп барып, оларды ауыл жаққа қайырды. Сосын таудың беткейіне қайта жүгіріп келіп, Доржының қасқыр терісін сойғанын тамашалады. Жаздың ыстық күндері терінің сасып кетуінен қорқып, әдетте оны тұлыпша соймай, қойлардың терісін сыдырғанға ұқсатып, жарып алады. Чен Чжен аттан түскен кезде, Доржы көкжалдың терісін шөпті жердің үстіне жайып, күнге кептіріп қойған еді.
- Мен бөріні құрықпен мойнынан ұстағанды, оны бауыздағанды өз көзіммен тұңғыш рет көріп тұрмын. Сенде қалайша осынша сенімділік бар? - деп сұрады Чен Чжен.
- Бұл қасқырдың сәл ақымақтау екенін бағана байқағанмын. Егер де алғыр да әккі көкжал болса, тұзақ оның мойнына жаңадан түскен мезетте-ақ басын бұрып, мойнын жиырып тұзақты сыпырып кетеді, - деді сықылықтап күлген Доржы.
- Сенің көзің өткір екен. Мен саған иландым. Мен үш жыл, бес жыл жаттықсам да, сенің мына жоғары шеберлігіңді игере алмаспын. Оның үстіне, менің сәйгүлігім де нашар. Келесі жылдың көктемінде міндетті түрде бірнеше жақсы айғырды үйретіп, мінуім керек. Сахарада жүйрік тұлпарың жоқ болса, шынымен де жарамайды екен, - деді Чен Чжен.
- Сен Батуға бір жақсы сәйгүлікті іріктетіп алсайшы. Ол сенің ағаң ғой. Саған міндетті түрде біреуін мінгізеді, - деді Доржы.
Чен Чжен кенеттен Доржының бір бөлтірікті асырағанын еске түсіріп, жолшыбай сұрау салды:
- Мына күндері аса қарбалас жүргендіктен, үйіңе баруға уақытым болмады. Бөлтірігің күйлі ме? Ешкім ешнәрсе демеді ме?
- Сұрамай-ақ қой. Үш күн бұрын өлтіріп тастағанмын, - деді Доржы басын шайқап.
- Не? Сен бөлтірікті мерт қылдың ба? Неге? Не болған еді? - деп шапшаң сұрады жүрегі шым ете түскен Чен Чжен.
- Мен де сен сияқты бөлтірікті шынжырға байлап бақсам болған екен, - деді Доржы күрсініп, - Біздің үйдегі бөлтіріктің бойы сенің бөлтірігіңнен анағұрлым кіші, жыртқыш сипаты да аса үлкен емес-тін. Мен оны кілең күшіктердің арасына қосып асырадым. Кейіннен бөлтірік үлкейген сайын семіз болды. Күшіктермен салыстырғанда, ол біршама тез өсті. Нағыз бір кішкене овчарканың күшігіне ұқсайтын. Бүкіл отбасым оны өте жақсы көретін. Бөлтірік менің кіші баламмен ойнауды ерекше ұнататын. Төрт жасқа енді ғана толған сол балам да бөлітірікті ең ұнататын. Алайда, үш күн бұрын баламмен ойнап жүрген бөлтірік оның қарнын аяусыз бір тістейтіні, қанатып жіберетіні және терісінің бір жерін жұлатыны ойыма ешбір кірмепті. Бала шошығаннан есі шығып, ауырғаннан қатты жылады. Бөрінің тістері иттің тісінен улы болады. Ашумен бөлтірікті сойылмен ұрып өлтірдім. Баланы дереу құшақтап, Пиң інішекке апарып, екі укол салғызып емдеттік. Бұл жолы бәле-қайғы туылмады, бірақ қазіргі кезде баланың қарнындағы ісік әлі қайтқан жоқ.
Чен Чжен ішінен бір сәт сасқалақтап қалды.
- Еш жағдайда салғырт қарауға болмайды. Осы бірнеше күнде үздіксіз дәрі егіңдер. Құтыру ауруынан сақтануға болады. Укол салған соң қорқудың керегі жоқ, - деді ол жалма-жан.
- Мұны малшылардың бәрі біледі. Ит қапса, дереу укол салу керек. Қасқыр таласа, тіпті де шапшаң дәрі егу қажет. Көкжалдар иттерге мүлдем ұқсамайды. Жергілікті адамдардың айтуынша, оларды асырауға болмайды. Шамасы, олар расында да бағуға келмейтін сияқты. Бөрілердің тағылық табиғаты өзгермейді екен. Ерте ме, кеш пе, бәле шығуы мүмкін. Cаған да бөлтірікті бақпау туралы кеңес беремін. Сенің анау бөлтірігіңнің денесі үлкен, жабайылығы зор, тістердің уыттылығы тіпті де зор. Егер де ол байқаусызда қауып алса, жаныңнан айрылып, мерт боласың. Байлап асырасаң да сақтана алмайсың, - деді Доржы.
Чен Чжен де сәл алаңдап қалды.
- Мен барынша абай боламын. Бөлтірікті осынша үлкен етіп әрең өсіргенде, қимайды екенсің. Бұрын оны ең жек көрген Гао Цзянчжуң да қазір тіпті ұнатып қалыпты. Онымен күнде-күнде ойнайды, - деді ол ойланып.
Қойлар ұзап кетті. Қасқырдың терісін орап, ер-тоқымға байлаған Доржы тұлпарына мініп, қойлардың соңына түскен халде үйге қайтты.
Чен Чжен бөлтірігін жадынан еш шығармады. Ол көкжал талаған қойдың қалдығының жанына барып, қалтасынан бүктемелі пышағын шығарып, арлан желімдеген еттің бөлігін тіліп тастап, ішек-қарнын тазалады, жүрегі мен өкпесін қалдырды. Еттің қалдығын әбден тазалап болған соң, қойдың басын қанжығасына байлап, күшіктер мен бөлтірікті тамақтандыру үшін үйге қайтуға әзірленді. Атқа отырған Чен Чжен уайымға салынып, ойға шомып келе жатты.
Келесі күні Доржының қойға бөріні айырбастағаны бүкіл отрядқа тарады. Бао Шигуй теріні иемденгеннен кейін, Доржыны жер-көкке сиғызбай тоқтаусыз мақтап, бүкіл ферма көлемінде мадақтауды ұйғарды, сондай-ақ оған 30 дана оқ сыйлады. Бірнеше күннен кейін, 3-топтың бір жас қойшысы да қойларды жем ретінде пайдаланып, қасқырды шырғалап аулаумақшы болып, қойларынан ұзап кеткен екен. Ол да қойды жегізу арқылы көкжалды қолға түсіруді ойлады. Нәтижеде ысылған айлакер арланға тап болып, бір қойдың жарым санын жеді. Көп жемей, жартылай тойған жыртқыш жүгіру жылдамдығына ешбір әсер етпейтін қарқынмен тұра жөнелді. Керісінше, айрықша шапшаңдықпен екпіндеткен оның біраздан соң қарасын көрсетпей, ғайып болды. Білге-ата әлгі қойшыны отрядтың жалпы жиналысында аяусыз сынауға алды, сондай-ақ бір айға дейін оның отбасысына қой сойып жеуіне тыйым салды.
22
....Манчжур, даур, орочон, эвенк шамандарының кейбірі қара бөріні қастерлейді. Теңдесі жоқ жаужүрек ол жаман адамдарды қас дұшпанындай жек көретін, жамандық пен зорлық-зомбылықтарды аластайтын шамандардың қорғаушысы және көмекшісі болып табылады. Қатерлі, залым, түн ішінде зорлық-зомбылық қылатын жын-шайтандар мен құбыжықтарға тап болғандардың бәрі оның ептілігі мен ерлігіне сыйынып, жәбірлеушілерін қараңғыда жұтуды тілейді. Ол – жын соққан қара қасқыр-дұр. Алайда, ол сондай-ақ жын-перілер мен елестердің жан алғышы да болып табылады.
Фу Юйгуаң. «Шамандар ілімі» кітабы.
Қойлар отарын түнде күзету кезегі тағы да Чен Чженге келді. Эрлаң төбет қойларды күзетуде. Чен Чженге бір жағынан қойларды тексеріп шолуына, бір жағынан отаудың ішіндегі май шамның жарығында кітап оқып, жазбалар жазуына болады. Ұйқыдағы екі жолдасын мазаламау үшін ол аласа үстелді киіз үйдің босағасына таман қойып, шамның жарығын екі қалың кітаппен қалқалады. Жайылым жым-жырт, тырс еткен дыбыс та жоқ. Көкжалдардың ұлығаны да естілмейді. Үш үлкен төбет түні бойы үрген жоқ, бірақ бәрі құлақтарын түріп, сергек күйде түнгі күзетті атқаруда. Ол киіз үйден бір рет шығып, қол шаммен қойларды айналып шықты. Эрлаң қойлар отарының солтүстік-батыс жағын күзетіп жатқаны Чен Чженнің көңілін алаңсыз етті. Ол Эрлаңның дәу басын сипалап, алғыс білдірді. Киіз үйге қайтқан ол әлі де аңғалдыққа салынбай, көзін ілуға батылы бармай, ұйқысы да келмей, ұзағынан кітап оқып, түннің ортасы ауғанда ғана ұйқыға кетті. Келесі күннің бірінші жартысында оянған Чен Чжен үйден шыққаннан кейін бірінші тындыратын жұмысы – бөлтірігін тамақтандырды.
Жазда жаңа жайылымға көшкелі бөлтірік әрқашан таң бозара торыған аңдарға тұтқиялдан шабуыл жасайтын секілді киіз үйдің ағаш есігіне, өзінің тамақ табағының шығарылуына қадалып қараумен болады. Бөлтіріктің назарында бұл табақ дәл тірі қозғалып жүрген «аң» іспетті. Ол арлан сияқты шабуылдаудың орайы мен ретін төзімділікпен күтіп, «олжаның» өзінің алдына келуін күтіп, сосын ғана тұтқиылдан соққы жасайды. Сол себепті, өз тамағын адамдар жасап берген құрлы көрмей, қайта аң аулап, тартып алып, ауызға салғанмен бірдей қарайды. Бөлтірік осылай өзінің тағылық табиғаты мен тәуелсіздігін бұрынғыдай сақтап отырады. Чен Чжен де әдейі оның айбатынан жасқанатынын көрсетіп, бірнеше қадам шегіншектейді, бірақ жиірек қуанышы қойнына сыймағандай күліп жібереді.
Жазда Ішкі Моңғолия үстіртінде жауын-шашын мезгілі басталудан бұрын көбінесе ерекше құрғақ һәм шыжыған ыстық ауа-райы болады. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, биыл жаз бұдан да ыстық болатын секілді. Чен Чжен Моңғолия даласында күн ерте шығып ғана қоймай, Қытайдың ішкі өлкелеріне қарағанда жердің бетіне жақын болатынын сезінді. Таңертеңгі 10:00 сағаттағы ауа температурасы ішкі өлкелердің шіліңгір шілдедегі шалқар түстің ауа райына дейін көтеріледі. Күннің күшті шуағынан киіз үйдің айналасындағы майса шөптер қуарып, қайырылып қалған. Өсімдіктердің әр жапырағы солған жасыл инелерге айналыпты. Масалар әлі шыға қоймаған. Алайда, иен далада етке түскен құрттардан өрбіген көк шыбындар ұялы аралар шоғырына ұқсас ызыңдап келіп, адамдар мен үй жануарларының қоныстарын қоршап, жан-жақтан маза берместен шабуылға өтуде. Шыбындар адам мен малдың басына, көздерге, мұрынның танауына, ауыздың миығына тиісіп, жарақаттанған жердің сөлін сіміреді немесе киіз үйдің ішіне ілінген, қаны тамған қойдың етіне жабысып қонады. Адамдар, иттер, бөрілер бір минут та дамылсыз бастарын шайқап, қолдарын сермеп, аяқтарын әрекетке келтіріп, мазасыз қорғанумен болады. Елгезек Сарытөс көз алдында ұшқан ірі шыбындарды найзағайдың жылдамдығындай жиі-жиі қимылдар арқылы тұмсығымен қағып алып, шайнағаннан соң қайта түкіріп тастайды. Көп кешікпей, оның жанындағы жердің беті қарбыз дәнектерінің шағылған қабыршақтарына ұқсаған көптеген өлген шыбындарға толып қалды.
Күннің нұры барған сайын ыси түсті. Жердің беті ыстықтан будақтап жатыр. Бүкіл жайылымның ойпаты шыжыған ыстықтан жасыл шәй қайнаған үлкен шойын қазанға ұқсап тұр. Төңіректегі жасыл шөп қуарған жаңа жасыл шәйға ұқсауда. Иттердің бәрі киіз үйдің солтүстік бүйіріндегі жіп-жіңішке айшықтай көлеңкеге тығылып, езулерін ашып, ұзын тілдерін салақтатып, кеңінен тыныстауда және құрсақтары жылдам көтеріліп, төмен түсуде. Көлеңкеде ішінде Эрлаңның көрінбегенін байқаған Чен Чжен бір-екі дауыстап шақырып көрді, бірақ төбет көзге шалықпады. Оның тағы қайда серуендеп кеткені беймәлім. Салқындап-самалдау үшін өзенге де кетуі мүмкін. Эрлаң өзінің түнгі күзет жұмысына барынша беріліп, міндетін толық атқарады. Бүкіл отрядтың адамдары оны бұралқы да жабайы төбет деп атауды әлдеқашан қойған. Дегенмен, таң атып, күзеттің уақыты өткеннен кейін, оны ешкім де басқара алмайды. Ол қайда барғысы келсе, сонда барады. Күндіз де адалдықпен үйді күзететін Сарытөс пен Ілбіске ұқсамайды.
Осы сәтте бөлтіріктің халі бәрінен де мүшкіл болады. Аяусыз күннің астында қызған темір шынжырға маталып, ешбір далдасыз қалған, ешбір жерге тығыла алмаған ол тірідей қуырылуға мәжбүр болуда. Шынжырланған бөлтіріктің айналасындағы майса шөп әлдеқашан қылтан қалмай тапталып, солып қалды. Ол отырған шеңбер сары құмды дөңгелекке айналып болған еді. Бір жағынан бұл шеңбер іші түгелдей күйіп-жанған құмға толып, отта қызған жалпақ табаға ұқсайтын. Ал бөлтірік қантпен араластырып қуырылған, қабыршағы жарылуға сәл қалған талшын жемісі сияқты әбден қуырылып бітті. Байғұс бөлтірік қамаудағы тұтқынға ғана емес, сондай-ақ үстінен жанып, астынан күйіп, күнде-күнде жантүршігерлік қинау жазасын өтеп жатқан ауыр қылмыстыға ұқсайды.
Есіктің ашылғанын көрген бөлтірік артқы екі аяғына тік тұрып, атылып тұрды. Темір шынжыр мен мойнындағы алқасы керілгені себепті, тамағын қылқындырып, тілі салақтады. Дәл осы кезде оған салқын көлеңке де, сондай-ақ су да емес, бұрынғыдай тамақ ең қажет болғаны білінді. Қасқырлар тамақ жеп, күнін көреді. Бірнеше күннен бері Чен Чжен бөлтіріктің күннің ыстығынан тамаққа тәбеті ешқашан әлсіремегенін байқап жүр. Ауа райы шыжыған ыстық болған сайын, оның тәбеті де артқандай көрінуде. Бөлтірік барынша екі аяғымен ауаны тарпып, Чен Чженнен өзінің табағын шеңбердің ішіне қоюын тілейді. Ал сосын алдына қойылған табақты «тартып алынған олжа» ретінде қолға түсіріп, тамақты әкелген адамға айбат шегіп, ашулана қуып жібереді.
Чен Чжен қамығып қалды. Байтақ далаға жаз енгеннен бері малшылардың дәстүрлі дағдысы бойынша етті тамақтар едәуір азайтылып, сүт тамақтары негізгі азыққа айналады. Әр күні бір рет шай, бір уақ ғана тамақ ішіледі, ет тағамдары көрінбейді. Негізгі азық-түлікті ұн, күріш және тарыдан жасалған тамақтар, сондай-ақ сүт пен айран-қатықтан әзірленген ірімшік, сары май, кілегей, қаймақ және басқа да әртүрлі сүт өнімдері мен сүттен істелген тамақтар құрайды. Малшылар жаз мезгілінде жаңа сауылған сүттен әзірленген тағамдарды ұнатады. Алайда, зиялы жастар сүт тағамдарын жасауды әлі үйренбеді. Бір жағынан олар ет тағамдарын дереу сүт тағамдарға ауыстыруға дағдыланбаған. Бұдан да бастысы – зиялы жастар сүт тағамдарын әзірлеудің жапасына төзе алмайды. Ешкім де түнгі сағат 03:00-те тұрып, төрт-бес сағат қадалып отырып сүт сауып, сосын күбідегі сүтті кідіріссіз түйгіштеу арқылы ашытып, бірнеше мың рет ұрғылағаннан соң ғана қажетті сүт өнімін әзірлеуді қаламайды. Кешкі сағат 18:00-де сиырлар өрістен қайтқаннан кейін үш-төрт сағат оларды сауып, сондай-ақ келесі күні бірталай уақыт қайнату, сүзіп алу, сары суын айыру, ашыту және басқа да жапалы қол еңбегін зиялы жастар тіпті де қаламайды. Олар пісірілген тары, етсіз кеспе, етсіз манты мен тұшпара, құр қаттаманы жеуге риза, бірақ сүт өнімдерін істегісі келмейді. Жазда малшылар сүт тағамдарын әзірлейді, ал зиялы жастар әртүрлі жабайы көкөністерді, яғни жабайы пияз, жабайы сарымсақ, сарыгүл (жыланқияқ), сарана, ақ алабұта, бақбақгүл және басқа да өсімдіктерді жинайды. Сонымен қатар, Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігінен ауып келген келімсектер «халағай» деп аталатын, «боцай» тәрізді үлкен жапырақты, дәмі ащы жабайы шөпті теріп жейді. Жаз маусымында етті тағамдар пісіруді тоқтатқан малшылар және жер аударылған зиялы жастар дәм-талғамдарын ауыстырып, жаңа дәмдерді татады. Осылайша Чен Чжен мен бөлтірік екеуі зардап шегетін болды.
Дала халықтары жаз айларында қойларды өте аз сояды. Өйткені, ірі қой сойылса, оның етінің үлкен бөлігін сақтау қиынға түседі. Күн тым ыстық, шыбын қаптаған шарт-жағдайда ет екі күннен аспай-ақ сасып кетеді, шіри бастайды. Малшылардың тәсілі: қойдың еті жуандығы бас бармақтай етіп туралып, үстіне ұн жағылады. Онысы шыбындардың құрты түсуінен сақтайды. Сосын бұл ет киіз үйдің салқын да қараңғы салқын жерінде керілген арқанға асып қойылады, құрғақ ет болып кебеді. Әр күні тамақ пісіретін уақытта, екі жапырақ сүр ет кесіліп, қамыр кеспенің ішіне салынады, еттің дәмін береді. Егер бұлтты күндер қатарынан келіп қалса, еттің тілімдері бұрынғыдай көгеріп, иістенеді һәм бұзылып құрттайды. Оның үстіне, жаз мезгілі қойлардың күйлеп-семіретін кез болғандықтан, күз келгенде оларға май байланады. Жаз уағында жетілмей қалған қой-қозылардың еті жасық, бұлшықтары жұқа, майы аз, жеуге дәмсіз болғандықтан, малшылар оны жеуді қаламайды. Бұдан басқа, жазда жаңа қырқылған қойдың терісі ақшаға жарамайды, одан тек көктемде, күзде киетін жұқа былғары киім тігуге болады. Білге-атаның сөзінше, жазда сойылған қойлар обал болады. Малшылардың жазда қойларды аз сойып жеуі егінші диқандардың көктемде жаңа ғана егілген бидайды көктей орып, аш қарнын тойдыруға жол бермегеніне ұқсайды.
Олұн сахарасының халқы сирек, ал төрт түлік малдың саны қыруар болса да, мемлекеттің саясаты қырдағы малшыларға екі күннің бірінде мал сойып, белді шеше ет жеуіне тыйым салады. Сол кездегі мұнайы мен жанармайы жетіспеген, малдың еті тапшы болған кедей Қытай үшін әрбір тұяқ қой сирек кездесетін жануарға тең келетін.
Күз, қыс және көктем бойы ет жеп шыққан зиялы жастар кенеттен етті көрмейтін болды. Олар тарыққанға шыдай алмай, қалыптасқан қағиданы бұзу жөнінде өтініш жасайды. Алайда, қойларды сойып жеу туралы олардың өтініштері көп жағдайда орындалмады. Касымай Чен Чженнің үйге кіргенін көре сала миығынан күліп, жұпар иісі аңқыған кілегейге құмшекер араластырып, қаймаққа араластырған талқанды оның аузына құйды. Сосын ол жаңа сүттен жасалған құрт пен ірімшікті олардың отауына беріп жіберу арқылы Чен Чженнің әрбір қой сою өтінішін еріксіз айтқызбай кері қайтаратын. Кей-кейде бір топтың зиялы жастары бір қойдың етін жеуді өтінгенде, дереу қойдың жарты еті шығарылып, басқа топтардағы сабақтастарға бөліп беріледі. Осы арқылы баршаның жаңа еттің дәмін татқан күндері ұзарады. Алайда, осылай әр үйдің ет запастары барған сайын азаяды екен.
Адамдардың жарасы жеңіл ғой, бірақ бөлтірік қайтпек?
Бұл күні Чен Чжен алдымен бөлтірікке беретін табаққа иістенген еттің тілімін салып, қарапайым тамақ етіп алдына қойды. Бұдан соң босап қалған табақты қолында ұстаған халде киіз үйге шапшаң кіріп, не шара қолданатынын ойластырды. Таңертеңгі тамағын ішуге отырған ол қазанның ішіндегі бірнеше ұсақ сүр етке көз жіберді. Сәл кідірген ол бәрібір сүр етті шығарып алып, бөлтіріктің табағына салды. Бөлтірік иттің күшігіне ұқсамайды. Ол еттің иісі де көрінбеген тары көжені және ботқаны жемейді. Ет пен сүйек болмаған кезде бөлтірік еш тыным таппайды, долданып темір шынжырды кеміреді.
Чен Чжен цзюцай (жабайы пияз) малынған екі кесе сүр ет кеспесін ішіп, қалған жарты қазан кеспені бөлтіріктің табағына құйып қояды. Сосын кеспені таяқшамен араластырып, табақтың түбіндегі бірнеше шөкім сүр етті кеспенің бетіне шығарып, бөлтірікке етті көрсеткендей болады. Чен Чжен табақты иіскеп-иіскеп, қой етінің иісі бәрібір жеткіліксіз екенін сезді. Ол шам жаққанда қолданылатын қойдың құйрық майын табаққа салмақшы болды. Жаздың ыстық күнінде құмырада қатып қалған құйрық майы әлдеқашан иістеніп ери бастапты. Бақытқа орай, көкжалдар борсыған етті ұнататын жануар болып табылады. Бөрілер үшін иістенген май да жақсы нәрсе саналады. Отаудың ішінде қыстан бері сақталған екі үлкен құмыра қойдың майы Яң Кэнің екеуінің әр күні кешке кітап оқу үшін қолданылатын май шамның азығы еді. Күн ысығалы қойдың майы иістеніп, ери бастаған, сондықтан күзге дейін жетуі екіталай. Алайда, бөлтірік дене бітімінің ұзарып-өсуінің дәл шешуші кезеңінде тұрғандықтан, Чен Чжен біраз кітап оқитын уақытын амалсыздан тастауға мәжбүр болды. Дегенмен, ол бұрынғыдай күнде-күнде кітаптар оқу әдетінен айнығысы келмеді. Шамасы, қалың бетпен Касымайға барып, тағы сұрайтын болды-ау. Егер олардың кітап оқитын керосин майының жеткіліксіз болғанын Білге-ата мен Касымай есітсе, міндетті түрде оған мейлінше үйіп-төгіп қамтамасыз етеді. Жаз маусымында айрықша қарбалас, аса шаршаған шақтарда ол ақсақалға тарихи хикаяларды айтып беретін, сондай-ақ атаның риуаяттарын тыңдайтын орайлар барған сайын азаяды екен.
Чен Чжен құмырадан бір ожау былқылдаған қой майын табақтағы жып-жылы тамаққа салып, араластырды. Майы шылқылдаған бір табақ тамақ шыға келді. Ол тағы иіскеп-иіскеп көрсе, қой майының иісі әжептәуір жетерлік болып шықты. Әйтеуір, бөлтірік ұнататын дәмді тамаққа айналыпты. Ол тағы бір алюминий табадағы қоп-қою тары көжені иттердің ыдысына құйды, бірақ қойдың майын салуға қимады. Жазда ет аз, қырдағы иттер негізінен шала құрсақ (бірде аш, бірде тоқ) күнелтеді.
Чен Чжен есікті итеріп ашты. Иттер есіктің сыртында жалақтап жиылып тұр екен. Жігіт әуелі иттерге тамақ берді. Ыдыстағы тамақты жалап-жұқтап жарқырата жеп болған оларды отаудың артындағы көлеңкеге жөнелткеннен соң ғана бөлтіріктің табағын ұстап, оған қарай аяңдады. Бір жағынан жүріп, бір жағынан әдеті бойынша: «Бөлтірігім, бөлтірік. Тамақ келді» деп дауыстады. Жанары тұнып, әбден тықыршыған бөлтірік айрықша қозып, қуанып ойнақтағаннан өз-өзін буындырып өлтіре жаздады. Чен Чжен табақты бөлтірік байланған шеңбердің ішіне қарай шапшаң итерді, сосын екі қадам артқа шегінді. Ол ешбір қыбырламай-қозғалмай, бөлтіріктің майы мен еті шылпыған кеспені жегенін бақылады. Сірә, ол осы тағамға дән риза тәрізді.
Чен Чжен бөлтірікке тамақ бергенде, күнде-күнде үйретуі, дүркін-дүркін дауыстап айғайлауы керек. Ол бөлтіріктің асырап-бағылғанын, ең кемінде оның шын пейілмен өзімен етене болып, нәсілі бөтен ең жақын достарға айналуын көксейді. Келешекте келіншек алып, үйленіп, перзент көргеннен кейін өз перзенттеріне де осынша қам жеп, құмартпайтын шығармын деп жиі қиялдайды. Ол қасқырдың сиқырлы да киелі күшіне кәміл сенеді. Жапан далада, қалың орманда ашаршылықта қалған тастанды баланы өлекшін емізіп асырады, ал көкжалдар тобы оны асырап-қорғап, оны бөрі етіп тәрбиеледі. Егер адамзаттан, бөрілер әлемінен асқан сиқырлы сезім болмағанда, бұндай «риуаяттар» да пайда болмайтын еді. Чен Чжен бөлтірікті асырағаннан бері ылғи ертегі-риуаят тектес армандар мен қиялдарға шырмалды. Ол бастауыш мектепте оқыған кезде Совет Одағының бір романын оқыған еді. Онда бір аңшы жаралы қасқырды құтқарып, оның жарасын емдеп жазғаннан кейін орманға жібергені сөз етілген. Кейіннен бір күні таңертең аңшы ағаш үйінің есігін ашып, далаға шықса, есік алдындағы қардың үстінде жеті ірі қоянның тізіліп жатқанын көреді. Қар үстінде сондай-ақ үлкен арланның қатар-қатар жатқан көптеген іздері көрінеді.... Бұл – Чен Чжен тұңғыш рет оқыған көкжал мен адамның арасындағы достығы туралы жазылған хикая. Осы хикая сол кездегі өзі көрген бөрілер туралы барлық кітаптар мен киноларға ұқсамайды, өзгеше еді. Кітаптарда көбінесе қасқырлар кемпірлерше жасанып, қозыларды жейтін, кішкене балалардың ішін жарып, ет-бауырын жейтін қорқынышты да рақымсыз жайттар жазылады. Тіпті атақты қытайлық жазушы Лу Сюннің шығармаларында да көкжалдардың бәрі сондай дәстүрлі жауыз бейнесінде суреттелген. Сондықтан ол әлгі советтік шығармаға төтенше құмартып, көп жылдар бойы ұмытпай келді. Чен Чжен сол аңшыға айналуды, қалың қар сіреген орманның ішіне баруды және бөрі достарымен бірге асыр салып ойнауды, ірі арланмен құшақтасқан халде қарлы жерде аунауды, арланға мініп қарлы сахарада заулауды жиі армандады....
Бүгінгі күнде Чен Чженнің өз иелігінде небәрі ұстауға, сипалауға болатын кішкентай бөлтірігі бар. Ол тек бөлтірігін тойғызып баға алады, онымен бірге көк майсаның үстінде еркін асыр салады. Оның арманының жартысы орындалды деп есептеуге болады. Алайда, сол арманның екінші жартысын ол қиялдауға да батылы бармайтын тәрізді: бөлтірік үлкейіп-өскеннен кейін, оған бір ұя овчарка бөлтіріктерді қалдырады, сосын өзі сахараға және қасқырлар тобына қайта оралады. Чен Чжен түс көргенде ұдайы өзінің арғымаққа мініп, артына бір топ овчарканы ілестіріп, байтақ даланың ортасына келіп, жапан түздегі асқар тауларға қарап: «Бөлтірік, бөлтірігім. Тамақ пісті. Мен келдім, мен келдім» деп айғай салатынын көреді. Сонда мұнарлаған ымыртта болат темірдей көкпеңбек, жолбарыстай мықты басшы арлан бір топ көкжалдарды бастап, ұзақ уақыт көз жазған қандасымен қайта көріскендей аса тебірене гуілдеп ұлып, оған қарай келе жатады.... Өкінішке орай, бұл жер қалың орман емес, кең даладағы мал шаруашылық аумағы-дұр. Қоныста аңшылар, аң аулайтын төбеттер, мылтықтар мен құрықтар бар. Бөлтірік үлкейгеннен кейін табиғатқа қайта оралғанның өзінде де аузында жеті қоянды сый-тарту ретінде оның отауы босағасының алдына әкеле алмайды....
Чен Чженге өз қан тамырында да көшпенділердің қаны буырқанып аққандай көрінді. Оның ата-бабалары нағыз диқан болса да, ол өзін бұрынғыдай егін егетін егіншілердің ұрпағы еместей сезінеді. Ол өзін іс жүзіндегі жағдаймен санасатын, құлшына жұмыс істейтін, нақты пайда жеткізетін шаруамен шұғылданатын, нақты мүдде үшін ұқыпты да тиянақты әрекет ететін, бірақ қол жетпейтін қиял мен тәтті арманға берілуді, ой-қиялға шомуды жек көретін Қытайдың конфуций іліміның ғалымдары мен ұсақ диқандарына ұқсатпайды. Чен Чжен тәуекелге бел буып, арманының жартысын жүзеге асырды. Ол сондай-ақ қызығушылық пен батырлықты қолданып, тіпті де қиын болған әлгі арман-тілегінің екінші бөлігін орындау керек. Чен Чжен күндердің күнінде иен далада өзі ұзақ уақыт басып-тежеген бұдан да терең ой-қиял және тәуекелшіл рух оянады деп үміт етеді.
Бөлтірік ақыры табақты тап-таза қылып жалады. Денесінің ұзындығы жарты метрден асып қалған. Қарны тойғаннан кейін оның бойы тіпті де үлкен һәм айбарлы көрінеді. Дене ұзындығы өзімен қарайлас күшіктердің денесінен жарты есе ұзарған. Чен Чжен табақты босағаның жанына қойып, бөлтірік байланған шеңбердің ішіне кірді. Қазір оның малдас құрып отыруға және бөлтірікпен емін-еркін ойнауға болатын уақыты еді. Ол бөлтірікті бір сәт құшақтап отырды, сосын оны аспанға қарата тізесіне қойып, кішкентай қарнын тағы да ақырын сипалады. Сахарада иттер бөрілермен қырқысқан кезде, олардың қарын-құрсақтары даусыз жау-дұшпандары шабуылдайтын жанды жері болады. Қарындары жарып жіберілсе, ажалдың құшағынан құтылмайды. Сол себепті, иттер мен қасқырлар ешбір жағдайда өзі сенбеген қандасына немесе атасы бөтен дұшпанына қарнын ашық қалдырып, шалқасынан жатпайды. Доржының бөлтірігі оның баласын тістегені үшін өлтірілсе де, Чен Чжен әлі де өз саусағын бөлтірікке жалауға, тістелеуге береді. Бөлтіріктің оны шынымен жараламай, ағайын-бауырдай еркелеп, оның саусағын тек кеміретініне кәміл сенімді. Бәрі де шамасына қарай теріні зақымдамай, қан шығармай ойнайды. Бөлтірік өзінің қарнын Чен Чженге емін-еркін ашып, алаңсыз ойнағанда, ол неге өз саусағын оның аузына сала алмайды? Ол бөлтіріктің көзінен түгелдей достық пен сенімді ғана көрді.
Түс болып қалды. Даланың шыжып қайнаған күні жасыл шөптің басым бөлігінің солуына, жапырылып қалуына әкелді. Бөлтірік тағы да азап шеге бастады. Ол үлкен езуін ашып, тоқтаусыз ауыр тыныстады. Оның тілінен үздіксіз сілекей тамшылауда. Чен Чжен киіз үйдің сыртқы киізін толығымен отаудың төбесіне қарай түріп қойды. Киіз үйдің сегіз жағынан самал есіп, салқын ауа өте бастады. Киіз үй құдды бір саялыққа, сондай-ақ орасан зор құс торына ұқсайды. Ол киіз үйдің ішінде бір жағынан кітап оқып, ауық-ауық сырттағы бөлтірікке көз салды. Оған жәрдемдесудің қажетті-қажетсіздігін білмей екі ойлы болды. Сахараның көкжалдары ешқашан нашар ауа райынан қорықпайды. Қақаған аяздар мен шыжыған ыстыққа төзе алмаған бөрілер ұлан-байтақ даладан рақымсыз шеттетіледі. Сахарада өмір сүре алатын жандылардың бәрі мұқалмас та қайсар болуы шарт. Дегенмен, ауа райы аса ыстық болса, сахараның қасқырлары да көлеңкелі жартастардың саясында жатып салқындайды. Чен Чжен Білге-атадан жазда қойларды бағып жүргенде көлеңкелі жер кездесе қалса, дереу қойларды саялатудың қажет еместігін, адамдар алдымен өздері барып, ну өсімдіктердің арасында көкжалдың жасырынғанын көру керектігін талай рет есіткен-ді. Чен Чжен бөлтірікке жазғы ыстықтан арылу, температураны төмендету жағынан қалай жәрдемдесудің керектігін білмеді. Ол алдымен бөлтіріктің ыстыққа төзімділігінің қаншалық күшті болатынын байқауды ойлады. Киіз үйдің ішіне соғып жатқан жел де біртіндеп ыстық желге айнала бастады. Ойпаттағы жайылымда жайылған сиырлар түгелдей шөп күйсеуді тоқтатып, өзеннің жағалауындағы батпақтың ішіне жатты. Шалғайдағы қойлар отарының басым бөлігі таулы асудың аузындағы желге қарсы жерде түскі ұйқысын көріп, маужырап жатыр. Таудың басында төбесі үшбұрышты ақ шатырлар пайда болды. Қойшылар ыстыққа төзбеген кезде, құрықтарын суырлар індерінің ішіне қадап, үстіндегі жарғақ тондарының жағасын құрықтың сабына байлайды, шапанның екі ұшын үлкен таспен бастырып, күннен қорғайтын уақытша күрке тігеді. Чен Чжен күркенің ішінде салқындап алды. Едәуір жанға жайлы болады екен. Әр күркеде көбінесе екі қойшы тұрады: біреуі түсте ұйықтайды, екіншісі екі отар қойларға қарайласады. Ұшбұрышты күрке-шатырлар сахарада ең төзгісіз ыстық мезгілде ғана орнатылады. Чен Чжен біртіндеп отыра алмай кетті.
Күннің ыстығынан тақатсызданған бөлтірік өзін қоярға жер таппады. Тұра алмады, жата да алмады. Құмайт жерден аптап ауа толқындатып есіп жатыр. Бөлтірік ыстық жерден кішкентай төрт аяғын дамылсыз кезек-кезек ауыстыруда. Ол жан-жаққа қарап, күшіктерді іздеді. Бір күшіктің өгіз арбаның саясында жатқанын көрген ол бұдан бетер күйіп-пысып, темір шынжырды тартты. Чен Чжен асығыс киіз үйден шықты. Ол тағы осылай күйетін болса, бөлтіріктің нағыз қант араластырып қуырылған талшынға айналуынан алаңдады. Егер күтпеген жерден ыстық өткен жағдайда, жайылымдағы мал дәрігері бөлтірікті мүлдем емдемейді. Не істеу керек? Сахараның желі қатты, сондықтан тек қолшатыр қолдануға қолайсыз, тек су өткізбейтін киім ғана жарамды саналады. Бөлтірікке күннен қорғайтын шатырша табудың өзі қиын. Әлде бір өгіз арбаны итеріп әкеліп, бөлтірікті соның саясына жатқызу керек пе? Алайда, арбаның құрылымы аса күрделі, ебедейсіз. Бөлтіріктің мойнындағы шынжыр дөңгелекке шырмалып, жануар буынып өлуі де мүмкін. Ең тәуірі, оған малшылардың үшбұрышты шатырындай күркені орнатуға болады. Алайда, Чен Чжен бұны жасауға тағы батылдық етпеді. Түздегі барша адамдар мен жан-жануарлар күнге күйіп тұрған сәтте бөріге күрке орнату қандай «таптық сезім» болмақ? Ондайда бүкіл отрядтың бөлтірікті асырауға қарсы болған малшылары мен зиялы жастар сөз сөйлеуі мүмкін ғой. Қазір жұрттың бәрі қарбалас болып жүр. Бәрі де бөлтірікті ұмытып кеткен сыңайлы. Оны жасырын бағу ісін жағалай жаюға болмайды. Чен Чжен бөлтірікті елдің есіне қайта салатындай іс істемеуі керек.
Ол су таситын арбадағы ағаш бөшкеден табаққа орталап құйып, бөлтіріктің алдына қойды. Кішкене жануар тұмсығын табаққа малып, бір демнің ішінде судың бәрін сіміріп ішті. Содан соң шапшаң Чен Чженнің көлеңкесіне тығылып, қайнаған күннен жасырынды. Бөлтіріктің бұл сиқы бейшара жетім баланы елестетеді: оның аяғына өлердей жармасады, оның кетуіне жол бермейді. Сәл аялдаған Чен Чжен дереу желкесінің күйіп ашығанын сезді. Кетпейтін болса, терінің күйіп кететінін білді. Ол еріксіз бөлтірік шынжырланған шеңберден шегініп шықты. Жарты шелек суды бөлтірік орналасқан шеңбердің ішіне сепкенде, құмды жерден дереу бу көтерілді. Бұл – манты пісіретін қасқаннан будақтаған буға ұқсайтын еді. Бөлтірік жер бетіндегі температураның едәуір салқындағанын бірден байқап, дереу жата кетіп демалуға ыңғайланды. Ол бірнеше сағат бойы тікесінен тік тұрып, аптап ыстықпен алысумен болды. Алайда, аздан кейін құм қайтадан қызғанда, бөлтірік тағы да ұршықтай шыр айналды. Чен Чженнің амалы таусылды. Оның қайта-қайта бөлтірікке су себуі мүмкін емес-тін. Мүмкін болғанымен де қой бағу кезегі келіп, өріске кеткен кезде бөлтіріктің ахуалы не болмақ?
Чен Чжен киіз үйге кіріп кетті, бірақ кітап оқуға зауқы соқпады. Ол бөлтіріктің ыстықтан ауырып қалуынан, етінен арылып арықтауынан, тіпті аптаптан мерт болуынан алаңдай бастады. Жігіт бөлтірікті шынжырлағанда адамдар мен үй жануарларының қауіпсіздігіне кепілдік етуге болатынын, бірақ бөлтіріктің өмірінің амандығына кепілдік етпейтінін ойламаған-ды. Егер де елді мекенде өмір сүріп, бөлтірікті қорада ұстаса, ең кемінде тамның көлеңкесіне тығылуға болатын еді. Сонда ежелгі көшпелі тұрмыстың шарт-жағдайында бөлтірік бағу мүмкіндігінің болмағаны ма? Тіпті Білге-атаның өзі қасқырды қалай асырауды білмейді. Бұл жағынан одан өнеге алуға болатын титтей де тәжірибесі жоқ.
Басы қатқан Чен Чжен ұдайы бөлтірікке қадала қарауда, бірақ бұрынғыдай шарасы таусылып, амалсыз қалуда.
Бөлтірік шеңбердің ішінде тынымсыз айналуын жалғастырды. Оның дамылсыз айналған басы тапталған тақыр құмайтқа қарағанда шеңбер сыртындағы шалғын шөптің арасы әлдеқайда салқын екендігін байқағандай болды. Шеңбердің сыртына артпен тұра қалған ол артқы аяқтарымен шөпті басып, шамамен онша ыстық болмағанын сезді. Ол дереу бүкіл денесімен шеңбердің сыртындағы шөпке ығысып жатты, тек басы мен мойны ғана шеңбердің ішіндегі ыстық құмда қалды. Темір шынжыр бөлтірік тарапынан түп-түзу тартыла түсті. Ақырында оған мойнын созып демалудың мүмкін болды. Бөлтірік әлі де күнге қуырылып жатқанмен, денесі мен табандарын қарыған ыстық едәуір бәсеңдеді. Оның тапқырлығына қуанған Чен Чжен оны бір сүйіп қойғысы келді. Бөлтіріктің осы аса ақылды әрекеті оның көңіліне үміт ұялатты. Ол да ақыры бір амал ойлап тапты: күн бұдан да қатты ысыған уақытта орнын ауыстырып, шалғын шөпке жайғастырды. Шеңбердің ішіндегі шөп әбден тапталып, тақыр жерге айналғанда дереу жаңа орынға жылжытпақшы болды. Чен Чжен ішінен таңқалды. Көкжалдардың өміршеңдігі және өмір сүру қабілеті адамдармен салыстырғанда жалпы жоғары екен. Ұжымдасып әрекеттенген бөрілер тобын айтпағанның өзінде, анасына ілесіп көрмеген бөлтірік кездесе қалған қиындықтарды тумысынан өзі шешеді екен. Чен Чжен көрпенің үстіне жамбастап жатып, кітап оқуға кірісті.
Киіз үйдің сыртынан жылдам шапқан аттардың дүбірі естілді. Екі салт атты шаң-тозаңды бұрқыратып, босағадан 20 астам метр шалғайдағы арба жолымен асығыс шауып келеді. Бұларды жол жүрген жылқышылар деп санаған Чен Чжен кімдер екеніне аса зейін қоймады. Ойламаған жерден, киіз үйдің тұсына жақындаған уақытта, кенеттен күрт бұрылып, арба жолынан бөлтірік жаққа тура тартты. Үріккен бөлтірік жалма-жан артқа шегінді, темір шынжыр тартылып қалды. Алдында шапқан адам құрықтың тұзағымен бөлтіріктің мойнын құрықтап, барша пәрменімен қатты бір тартты. Бөлтірік омақасынан құлады. Осы тартқанда орасан зор күштің жұмсалуы олардың рақымсыз пейілін танытты. Бәрі де бөлтіріктің жанын шығаруға бағытталғанын көрсетті. Темір шынжырдың тарту күші қолданылса, оның мойны лезде үзіліп түсер еді. Бөлтірік жерге сылқ етіп түскен сәтте артта шауып келе жатқан малшы құрықтың арқанымен оны аямай осып өтті. Тізгінді тартқан алдыңғы салт атты қамшысын екінші қолына алып, аттан түсіп, бөлтірікті тағы ұруға оңтайланды. Чен Чжен шошығанынан дауыстап айғай салды, сосын оқтаумен қаруланып, киіз үйден есі ауысқандай жүгіріп шықты. Әлгі екеуі Чен Чженнің жанкешті түрін көріп, шапшаң аттарына мініп, түк болмағандай шаңдатып жөнеле кетті. «Қасқыр құлынды жәркемдеуде. Ал мынау көкжал асырауда! Ертелі-кеш бұл бөлтірікті бәрібір өлтіремін!» деп біреуінің дауыстап ұрысқаны ғана естілді.
Сарытөс пен Ілбіс те арсылдап үріп, оларға қарай атылып еді, екеуі де қамшы жеп қайтты. Екі салт атты жылқы үйіріне қарай жөңкіле жөнелді.
Чен Чжен әлгі екеуінің өң-әлпетін анық көріп үлгермеді. Біреуі Білге-ата сынаған әлгі қойшы, ал тағы біреуі 4-топтың жылқышысы болуы мүмкін деп шамалады ол. Бұл екі адамның әлпеті жаман, екпіні дүлей. Бөлтірікті өлтіру үшін әдейі келген. Чен Чжен өзі моңғол атты әскерлерінің қас қағымдағы соққысы мен қаһарын басынан кешірді.
Чен Чжен құйындатып бөлтіріктің жанына барғанда, ол құйрығын қысқан халде қорыққаннан шалажансар жатқан еді. Төрт аяғы дірілдеп, жердің үстінде нық тұра алмады. Бөлтірік Чен Чженді көргенде, мысықтың тырнағынан әрең құтылған, өлімнен аман қалған балапанның тауыққа жығылып-сүрініп жүгіргендей сыңай танытты. Ол дірілдеп-қалшылдаған халде бөлтірікті құшақтай кетті. Адам мен бөрі дереу бірге дір-дір етті. Чен Чжен асығыс-үсігіс оның мойнын сипалады. Бақытқа орай, мойны үзілмепті, бірақ желкесінің түктерін арқан тұзақ сыдырып жіберіп, астында терең бір қанды жолақ із қалыпты. Бөлтіріктің лүпілдеген жүрегі бей-берекет ұруда. Чен Чжен оның кеудесін сипап, әрең дегенде оның және өзінің дірілдегенін тоқтатты. Ол киіз үйден тағы сүр ет шығарып, бөлтіріктің көңілін аулады. Ол ет жеп тауысқаннан кейін Чен Чжен оны қайтадан бауырына алды. Бөлтіріктің тұмсығын өз бет-жүзіне түйістіре бауырына басқан ол оның кеудесін сипалады. Бөлтіріктің жүрегі біртіндеп қалпына келіп, тынышталды. Дегенмен, оның абыржуы әлі сейілмепті. Чен Чженге қадал қараған ол кенеттен жігіттің иегін бір жалады. Ол осынша мәртебеге ие болғанына қымсынды. Бұл – оның екінші рет бөлтіріктің жалағанына тап болуы, сондай-ақ бірінші рет қасқырдың алғысын алғаны. Шамасы, құтқарушы адамға жеті қоянды сыйға әкелген көкжал туралы хикая бос сөз болмаса керек.
Дегенмен, Чен Чженнің көңілі құлазыды. Ол алаңдаумен күткен іс ақыры белең берді. Бөлтірік асырағаны малшылардың басым бөлігінің көңіліне қаяу салды. Малшылардың өзіне қырын қарағанын және суығанын сезінді ол. Тіпті Білге-ата олардың қонысына келуі де анағұрлым азайды. Малшылар оны Бао Шигуй және мингуң жалшылары секілді Ұлы даланың салт-дәстүрін ойрандайтын келімсектер ретінде қарайтын сыңайлы. Бөрілер – дала халықтарының рухани тотемі, тән жағынан жартылай жауыз дұшпаны. Мейлі тән жағынан немесе рухани жағынан болсын, сахараның малшылары түгел қасқырды асырап-бағуға рұқсат етпейді. Оның бөлтірікті асырауы рухани жағынан даланың заңдарын елемегені, тән жағынан жаулармен тіл біріктіргені болып саналады. Ол шынымен де Ұлы даланың, Тәңірдің бұйрығына қарсы келді. Чен Чжен дала халықтарының және далалық мәдениеттің тыйым салынған заңдарына соқтықты. Ол енді бөлтірікті қорғап алу-алмауын білмеді, сондай-ақ оны бағудың қажеттігін білмеді. Алайда, ол расында да «бөрі тотемін», яғни сахара рухының сыры мен құндылығын естелікке түсіріп, жазып алғысы және терең зерттегісі келеді. Кезінде әлемнің және Қытайдың тарихына орасан зор ықпал көрсеткен бұл тотемнің далалық көшпенді тұрмыстың біртіндеп жойылуына ілесіп жоғалуына, далалықтардың тәні секілді топыраққа айналуына тыныш қарап тұра алмайды. Ағаш кеміргіштердің көкжалдарды кеміруі арқасында із-түзсіз жойылуына, хабар-ошарсыз ғайып болуына төзе алмайды. Бұл ең соңғы бір орай болуы мүмкін. Чен Чжен амалсыз өз сөзінен қайтпай, бөрі тістерін тістеніп, соңына дейін шыдауы керек. Ол төңіректі айналып, Эрлаң төбетті іздеді. Алайда, ол әлі үйге қайтпаған еді. Егер ол үйді күзетіп, қарайласқан жағдайда, осы топтың малшылары ғана емес, өзге топтардың малшылары да үйге аттап баса алмайтын еді. Ол бөтен адамның тұлпарын қуалап қабады, үркітеді һәм қуып жібереді. Жаңағы екі шабандоздың көз жанарының өткірлігін кенет Чен Чжен де сезіп қалды. Олар сөзсіз Эрлаңның үйде жоғын көргеннен кейін ғана тұтқиылдан соққы беруді жүзеге асырған.
Күн бір тәулік ішіндегі ең жоғары да аптап ауаны әлі көрсетпеген тұста, ойпаттағы барлық ыстық леп түгелдей бөлтірік байланған шеңберге шоғырланған сияқты. Бөлтіріктің денесі астындағы ыстық азайғанмен, оның басы және мойны құмдауытта қалды. Бұған мойнының жарақаты қосылды. Жата алмаған ол шеңбердің ішінде тықыршып, бірнеше рет айналғаннан соң қайтадан шөптің үстіне құлады. Кітап оқуға зауқы болмаған Чен Чжен үй жұмысына кірісті. Ол цзюцай жұлып жинады, жабайы үйректің жұмыртқаларын аршыды, қаттама мен қамырды араластырды, бәліш пісірді. Жарты сағат бас көтерместен жұмыс жасады. Ол басын көтеріп, бөлтірікке тағы көз жіберген кезде, аң-таң болып қалды – бөлтірік құмды шеңбердің ішінде құйрығын шошайтып, барша пәрменмен жер қазып, ор жасап жатыр екен. Жан-жаққа шашыраған құмды топырақ ордан салют секілді атылып шығуда. Чен Чжен асығыс қолдарын сүртіп, киіз үйден жүгіріп шықты. Шеңбердің ішіне кірген ол денесін бүгіп, қызыға бақылай бастады. Бөлтірік шеңбердің оңтүстік шетінде барша күшін салып жер қазуда, денесінің жартысы ордың ішіне кіріп, құйрығы ретсіз бұлғақтауда. Қазылған құмды топырақ оның аяғының астынан тоқтаусыз сыртқа шашылуда. Біраздан соң ол ордың ішінен шығып, алдыңғы екі аяғымен үйілген топырақты сырғытып кейін тартты. Бөлтірік бүкіл денесімен топыраққа аунады. Ол Чен Чженге бір қарады. Оның жанарында тағылық пен құлшыныс алауы көрінуде. Алтын-күміс секілді есепсіз байлықты қазып шығу барысында айрықша елеуреп көрінетін ашкөздік пен құнығу, дегбірсіздену байқалады.
Бөлтірік тегі не істемекші? Қазықты құлатып, салқын да көлеңкелі жерге қашпақшы ма екен? Олай емес, орны дұрыс емес. Бөлтірік ағаш қазықты тіпті де кезеп қазып жатқан жоқ. Оның үстіне, қазық өте терең қағылған. Қандай тереңдікке дейін қаза алады екен? Ол шеңбердің оңтүстігінде қазыққа арқасын қаратқан күйде тұр. Яғни, солтүстіктен оңтүстікке қарай, күннің сәулесіне қарсы бағытта жер қазуда. Чен Чжен ішінен бір сәт қайран қалды. Ол бірден бөлтіріктің дәмесін түсіне қойды.
Ордың ішін тағы да біраз құм-топырақтан босатқан бөлтірік аузын жартылай ашқан күйде ырсылдап еңбектенуде. Біресе орға түсіп топырақ қазады, біресе топырақты сыртқа шығарады. Оның екі көзі жылтылдайды - Чен Чженге қарайтын мүлде уақыты жоқ. Бөлтірікке қараған Чен Чжен ақырында шыдай алмай, оған сыбырлай сөйледі:
- Бөлтірік-ау, бөлтірік. Жерді ақырындап қаз. Тырнақтарыңды сындырып алмағын.
Бөлтірік Чен Чженге көз қиығымен бір қарады. Көздерін сығырайтып, жымыңдағандай болды. Ол өзінің әрекетіне айрықша риза болған сияқты.
Ордың ішінен қазып шығарылған біршама ылғалды құмды топырақ сырттағы сары құмнан әлдеқайда салқын болды. Чен Чжен бір уыс құмды топырақты алақанына салып, ұстап көрді. Расында да әрі дымқыл, әрі салқын еді. Чен Чжен бөлтірік шынымен аса ақылды екен деп ойлады. Ол өзі үшін шыжыған күннің нұрынан, адамдардан, қауіп-қатерден құтқаратын салқын һәм қорғаныс үңгірін қазуда. Бөлтіріктің үңгірді жобалауы, бағытын белгілеуі әбден дұрыс екен. Оның іші салқын да қараңғы. Үңгірдің бет-бағыты да дұрыс: кіретін жері солтүстікке бағытталған, ұзындығы оңтүстікке созылған, аптап күн ішіне кіре алмайды. Бөлтірік жерді қазу үшін үңгір ішіне кірген уақытта оның денесінің басым бөлігі рақымсыз күннің сәулесінен аман қалды.
Бөлтірік тереңірек қазған сайын, күннің жарығы барған сайын әлсіреді. Ол қараңғылықтың рахатын айқын тата бастады, өзі көксеген нысанаға да жақындай түсті. Қараңғы да түнек жер – қасқырлардың махаббаты. Қараңғы уақыт пен жер олар үшін салқындық, қауіпсіздік және зор бақытты білдіреді. Ол бұдан кейін әлгі сұмдық ірі өгіздер, жылқылар, адамдардың қатер-құқайы мен шабуылдарына ешқашан да ұшырамайды. Бөлтірік қазған сайын өршеленіп, қуанғанынан езуі жиылмады. Тағы 20 астам минут өткеннен кейін үңгірдің сыртында шаттықтан тынымсыз бұлғақтаған мамық құйрығы ғана қалды, ал бөлтіріктің бүкіл денесі салқын жер үңгірдің ішіне кіріп тынды.
Чен Чжен бөлтіріктің керемет өміршеңдік қабілеті мен парасатына тағы бір рет қайран қалды. Ол «Айдаһардан айдаһар туылады, самұрықтан самұрық туылады, ал тышқаннан ін қазатын тышқан туылады» деген сөзді есіне алды. Тышқандар үңгір қазғанда, тышқанның баласы ең кемінде ата-анасының ін қазғанын көреді емес пе? Ал мынау бөлтірік көздері ашылмастан анасының құшағынан ажыратылды ғой. Ол көкжалдардың үңгір қазғанын қайдан көрсін? Оның үстіне, кейіннен бұның айналасындағы иттер де оған ін қазуды үйретуі мүмкін емес. Иттер – ін қазуды білмейтін үй жануарлары. Олай болса, бөлтірікке ін қазу қабілетін кім үйреткен екен? Бұған қоса, қазылған үңгірдің орны мен бағыты да әбден дұрыс, өлшемді. Үңгірге дейінгі аралық тіпті де дәл бабында өлшеніп қазылыпты. Егер қазыққа дейінгі қашықтық тым алыс болса, оның мойнындағы темір шынжырдың ұзындығы да бөлтіріктің тереңге қазуын шектейтін еді. Алайда, бөлтірік қазған үңгірдің орны дәл қазық пен шеңбердің жиегінің арасында орналасқан. Ол шынжырды алып кіруге болатын бір үңгірді қазуды тағы кім үйреткен екен? Мынадай орын іздеп табу қабілеті сахарадағы үлкен бөрілердің бәрінде де болмауы мүмкін, ал бірақ мына бөлтірік қалай дәл есептеген?
Чен Чженнің зәресі ұшып, біршама сасқалақтады. Жасы үш айдан ғана асқан мына бөлтірік ата-анасының өнеге-тәрбиесін көрмеген, мүлде маһрұм қалған шарт-жағдайда, өмірлік маңызды да қиын мәселені жападан-жалғыз өзі шешіп отыр. Бұл расында да иттерден, тіпті адамдардан әлдеқайда ақылды болуды талап етеді. Қасқырларда туа сала біткен қасиеттер осынша дәрежеде тұқым қуалағаны ма? Чен Чжен өзінің бақылауына негізделіп пайымдады: мирасқа өтіп, тұқым қуалау тек бір негіз ғана, ал бөлтіріктің ақыл-ойы дамуының көрсеткіші тіпті де орасан зор екен. Осы заманғы білімге ие зиялы адам болған оның өзі шыжыған күннің астында ұзақ уақыт айналшақтап жүріп, бөлтірікке қиғаштап күннен қорғайтын үңгір қазып беру ойына да кіріп шықпады. Бір бөлтірік қазіргі заманның ақыл иесі саналған адамға көзін бадырайтып отырып, тіршілік етіп тірі қалу қабілеті жөнінде келістіріп жоғары дәрежеде күрделі сабақ берді. Чен Чжен өзінің жеңілгенін мойындады. Бөлтіріктің ақыл-парасаты шынымен одан едәуір асып түсті. Ол бөлтіріктің келемеждегенін шын беріліп қабылдауы керек. Бөлтірік онымен ойнаған кезде ол түсіндіруге келмейтін «теңдікті» сезінгені сол екен ғой. Осы сәтте Чен Чжен бөлтіріктің оны мүлдем құрметтемеуі мүмкін екендігін бұдан әрі сезінгендей болды. Бөлтіріктің тағылық қайсар жанарында оны қорқынышқа салған бір мән білініп тұрды: «Сен қазір масайрамай-ақ ғой. Мен есейгеннен кейін сөйлесерміз». Өскеннен кейін бөлтіріктің оған қандай мәміледе болатыны Чен Чженді барған сайын күдіктендірді.
Дегенмен, Чен Чжен бәрібір іштей өте қуанышты. Жерге тізерлеп отырған ол үңгірге еңкейіп қараған сайын өзі бір кішкентай жануарды асырап-бағып отырғандай емес, қайта құрметті де қадірлі жас ұстазды күткендей сезінуде. Бөлтірік оған бұдан да көп нәрселерді үйрететініне ол кәміл сенеді. Ерлік, ақыл-парасат, қайсарлық, шыдамдылық, өмір мен тұрмысқа құштарлық, мәңгі қанағаттанбау, мәңгі бас имеу һәм бағынбау, сондай-ақ қатал да нашар ортаны елеп-ескермеу, өзін күшейту және басқа да нәрселерді үйренуді үміт етуде. «Қытай ұлтында айдаһар тотемінен бөлек, тағы да бөрі тотемі болса жақсы еді. Онда қытай халқы мемлекеттің күйреуіне әкелген соншама көп жәбір-қорлықтарға душар болар ма еді? Қытай ұлты демократия, азаттық, құдыреттену секілді қайта өркендеуді жүзеге асыру үшін қайғырар ма еді?» деп іштей ойлады Чен Чжен.
Тік тұрған құйрығы ыстықтан төтенше өрекпіген бөлтірік үңгірге тереңдеген сайын қоңыр салқын және шаттықты сезінгендей болды. Ол құдды жердің астынан өзі туылған кездегі қараңғы ортаны және балшықтың иісін сезген сияқты. Бөлтірік өзін қорғайтын салқын үңгірді қазуды ғана емес, сондай-ақ өзінің балғын балалығының көркем естеліктерін, өзінің туған анасын және бауырларын қазып алғысы келгенін сезді Чен Чжен. Ол бөлтіріктің үңгір қазып жатқан кездегі бейнесін елестетті. Бәлкім, оның көңілі айрықша күрделі де аралас сезімдерге толғанын, яғни абыржығанын, күткенін, бағын сынағанын және қайғырғанын сезді....
Чен Чженнің көздерінен жас ақты, ішінен қатты қынжылып, өзін кінәлі сезінді. Ол барған сайын бөлтірікті әлпештеді, жанындай жақсы көрді. Сөйтсе де, ол мына бір жанұя еркін де көңілді көкжалдар отбасын қанға бөктірген қанішер жендет-дүр. Егер ол болмағанда, сол бөлтіріктер әлдеқашан өз әке-шешесімен бірге сахарада асыр салып жүретін еді. Чен Чженнің тұспалдауы бойынша, мына сүйкімді бөлтірік Олұн даласындағы әлгі боз арланның баласы болуы мүмкін. Егер ол шыңдалған бөрілер тобының жаттығуларынан өткен болса, келешекте жаңа басшы арланға айналуы ықтимал еді. Өкінішке орай, бұл отбасының жарқын болашағы мыңдаған шақырым қиырдан келген қытайлар тарапынан біржолата быт-шыт болып ойрандалды.
Бөлтірік өзі жеткен шегіне дейін үңгірді қазды. Темір шынжырдың бекітілген ұзындығы оған бұдан да терең қазуға мұрша бермеді. Чен Чжен де шынжырды тағы ұзартқысы келмеді. Бұл жердің құмайт топырағы босаң болатын. Үңгірдің төбесі шөптердің тамырымен шырмалған бір қабат топырақ ғана еді. Тағы алға қарай қазғанда, абайсызда үстін жылқылар немесе сиырлар басып кетсе, үңгірдің төбесі опырылып құлап, бөлтірікті тірідей көму қаупі бар-тын. Бөлтіріктің үңгір қазудағы айрықша зауқы кенеттен іркілді. Ашуланған ол сыртқа ырылдап шықты һәм күшінің барынша темір шынжырды соққылады. Қарғыбау оның мойнындағы жарасын қажады. Жарасы ауырғаннан оның аузы ашылып, салқын ауаны сімірді. Ол күресін тоқтатуға келіспеді. Әлсіреп, әлінен айрылғанға дейін тыным табатын емес. Бөлтірік жаңа қазылған салқын топырақ үйіндінің үстінде жатып, алқынып дамылдады. Сәл тыныққаннан кейін ол мойнын созып, үңгірдің ішіне үңілді. Чен Чжен оның не істегісі келгенін біле алмады.
Әбден демалып, көңілі жайланған бөлтірік үңгірге қайта түсті. Көп өтпей, ордың ішінен құмайт топырақ сыртқа қарай тағы атқылай бастады. Чен Чжен тағы да аң-таң қалды. Дереу еңкейген ол үңгірдің аузына қарай жақындап, ішіне қарады. Бөлтірік үңгірдің екі бүйірін кеңейтіп жатыр екен. Ол ақыры тереңге қазуды тоқтатып, көлденеңнен үңгірдің кеңдігін кеңейтуге кірісіпті. Бөлтірік анасы мен бауырларын қазып ала алмады, бірақ ол өзіне пана болатын кең орынды, өзінің бүкіл денесі сыятындай жайлы жер қазып жатыр. Чен Чжен мелшиіп отыра қалды. Ол өз-өзіне сене алмауда: бөлтірік үңгірдің орнын таңдаудан бастап, оны қазу, көлемі мен тереңдігін анықтап белгілеу, жалпы жобалаудан бастап аяқталуына дейінгі жұмыстың барысы сәтті жүргізді. Қазу жұмысы қайталанбады, еңбек күші ысырап болмады. Чен Чжен бөлтіріктің бұндай дарын-қабілеті түптің-түбінде қайдан келгенін түсіне алмай дал болды. Адамзат тарапынан қойылған бұндай аса көп «түсініп болмайтын» жайттар дала халықтарының әлмисақтан бері қасқырларды «тотем» ретінде қоюға түрткі болуы мүмкін.
Бөлтіріктің салқын үңгірі және қорғаныс оры ақыры қазылып бітті. Ол үңгір ішінде рахаттана қырынан жатыр. Чен Чжен қалай шақырса да оны шығарта алмады. Чен Чжен үңгірдің ішіне көз салды. Бөлтіріктің домалақ көздері мұнарлаған жасыл реңге боялып, сұсты да қорқынышты көрінді, ал өзі толығымен жабайы көкжалға ұқсап кетті. Дәл сол кезде бөлтірік өзі ұнатқан қараңғы, дымқыл және топырақтың иісі аңқыған жаңа мекенінің рахатына арнайы кенелді. Ол құдды өзінің туған жеріне, анасының ыстық құшағына, қандас бауырларының жанына қайтқандай болды. Осы кезде бөлтіріктің көңілі сабырлы да байыпты халге түсті. Ол ақырында адамдар мен үй жануарларының қоршауындағы үрейлі де мазасыз жерден құтылып, бөрілердің баспанасына жасырынып, қасқырлар әлеміне қайтқандай болды. Бөлтірікке енді тыныш ұйықтауына, көкжалдар көретін тәтті түстерді көруге болады. Чен Чжен үңгірдің алдында үйілген топырақты шеңбердің ішіне шашып тегістеді. Бөлтірік әйтеуір қауіпсіз жаңа баспанаға ие болды. Осы кездейсоқ іс-әрекет Чен Чженге де қайтадан бөлтіріктің тіршілік етуі жөніндегі сенімінің қалпына келуіне мүмкіндік берді. Кешке таман Гао Цзянчжуң мен Яң Кэ үйге қайтты. Екеуі де босағаның алдындағы алыс емес жерде бөрі үңгірін көріп, қатты таң қалды.
- Тауда бір күн бойы қой жайған адамдардың өзі күнге күйіп, шөлдеп өледі. Мен бөлтірікті осы жаздан шыға алмайды-ау деп алаңдап жүрмін ғой. Оның мынадай зор қабілетке ие болғаны ойыма да кірмепті. Шынымен де кішкентай қасиетті қасқыр екен, - деді Яң Кэ.
- Бұдан кейін расында да сақтанып жүрейік. Оны қорғауымыз керек. Әр күні оның шынжырын, қазығын, қарғыбауын тексеріп тұрайық. Кім білсін, әлдебір шешуші кезеңде бізді бір үлкен пәлеге бөктіріп, малшылар мен сабақтастардың алдында күлкіге қалдырып жүрмесін, - деді Гао Цзянчжуң.
Үш жігіт өздеріне тиесілі цзюцай мен үйректің жұмыртқасы қосып пісірілген майлы құймақтың қалдығын алып шығып, бөлтірікті тамақтандырмақшы болды. Яң Кэ тамақтануға бір шақырғаннан-ақ бөлтірік үңгірден сыртқа атылып шығып, құймақты зу етіп қағып түсіріп, үңгірдің ішіне әкетті. Бөлтіріктің есептеуінше, өзінің тәуелді жері, қорғаныс бекінісі бар, сондықтан ешкім де оған тиісе алмайды.
Күні бойы сыртта қаңғыған Эрлаң төбет те үйге оралды. Оның қарны қампиып, езуі әбден майланыпты. Тауда нендей жабайы жануарды аулағаны белгісіз. Сарытөс, Ілбіс және үш күшік оны айналсоқтап, оның езуіндегі майды жалады. Көптеген күндер бойы майлы етті көрмеген иттердің етке ашкөздігі бірден білініп тұр.
Бөлтірік Эрлаңның даусын танып, үңгірден зу етіп атып шықты. Төбет шеңбердің ішіне кіргенде, бөлтірік жүгіріп келіп, оның аузын жалады. Эрлаң бөлтіріктің үңгірін байқап қалды. Қызығып таңданған ол үңгірді бірнеше рет айналды, сосын мырс етіп күлген сыңаймен үңгір аузының алдында еңкейіп, тұмсығын кіргізе иіскей бастады. Бөлтірік дереу «өкіл әкесі» Эрлаңның жотасына шығып, мойнына асылып, өрекпіп, асыр салып секірді. Ол көңілдің сергігенінен мойнындағы жарақатын да ұмытып, өзінің тағылық өміршеңдігін қызу жандырып, жырғап қалды.
Иен далада күн батқан бойда қапырық ыстық бірден басылып, салқын самал есіп тұрады. Яң Кэ лезде қалың шапанын киіп алып, қойлар жаққа аяңдады. Чен Чжен де оған қойларды қораласуға көмектесті. Тойып тұрған қойларды қуалауға болмайды. Екеуі құдды серуендеуге шыққандай, қойларды дуал-шарбағы жоқ қонысқа ақырын иіріп әкелді. Жазда малшылар ауылында кеш түскен кезде, қойлардың үлкен отарлары киіз үйдің айналасындағы бос жерде түнейді. Жаз мезгіліндегі түнгі күзет – ең михнатты, ең қатерлі жұмыс. Екі жігіт аңғалдық жібергісі келмейді. Екеуі де көкжалдар тобының бөлтірікті байқап, ретін тауып кек алуынан алаңдайды.
Бөрілердің әрекеті түнде басталады. Бөлтірік темір шынжырды сүйреткен халде шаттанып жүгіріп, ауық-ауық өз еңбегінің жемісін тамашалап жүр. Үңгірдің жанында отыра қалған екеуі қараңғыдағы бөлтірікті және жасыл жақұтқа ұқсаған оның көздерін жым-жырт тамашалауда. Қасқырлар тобы бөлтіріктің иісін байқағаны, баласын жоғалтқан өлекшіндер жақын жердегі таудың жылғасында торуылдап жасырынғаны екеуіне беймәлім.
Чен Чжен Яң Кэге бүгінгі уақиғаны айтып берді.
- Аздаған ет табудың амалын ойластыру керек. Әйтпесе, бөлтірік жетілмей өседі. Эрлаңның да үйді күзетпей, қаңғып жүргені алаңдатады. Онысы өте қауіпті, - деді ол.
- Бүгін тауда Доржы аулаған борсықтың қуырылған етін жедім. Егер де ол көп аулайтын болса, біреуін сұрап алайық та, күшіктерге де, бөлтірікке де тамақ етіп берейік. Алайда, қойшылар мен қойлар аса көп кедергі жасағаннан жайылым тұяқкесті болып, үркіген борсықтар тұзаққа жуымайтын болды, - деді Яң Кэ.
- Мен қазір уайымдайтын нәрсе көп. Бәрінен де көкжалдардың түнде қойларды тұтқиылдан шабуылдауы ең алаңдатады. Өлекшін – әлемде аналық қасиеті ең күшті жыртқыш аң. Баласын жоғалтқаннан кейінгі кекшілдігі де ең күшті һәм ең аласұрған. Егер де өлекшіндер бөрілердің үлкен тобын бастап келіп, түн ортасында найзағайдың жарқылдағанындай бізге бір соққы жасап, қойлардың жартысынан азын мерт қылса, біздің біткеніміз, - деді мұңға батқан Чен Чжен.
- Малшылардың бәрі өлекшін міндетті түрде бөлтірігін іздеп келетінін айтады. Биыл Олұн сахарасында ондаған қасқыр апаны ақтарылып, қыруар бөлтірік қырылды. Ондаған өлекшін өш алудың мүмкіндігін іздеп жүр. Малшылар мына бөлтірікті өлтіргісі келіп өршеленуде. Басқа топтағы сабақтастар да көкжал асырауға қарсы. Бүгін Сяо Пиң және басқалармен осы іс үшін аздап керісе жаздадым. Олардың сөзінше, егер де оқиға туылса, бүкіл отрядтың зиялы жастары сорлайтын болады. Қазір біз расында да жаулардың қоршауында қалғандай, бәрінен оқшау тұрмыз ғой. Меніңше, біз ақырын ғана бөлтірікті еркіндікке жіберсек болды ғой. Яғни, «Шынжырды бұлқынып үзіп, қашып кетті» десек болды, - деді Яң Кэ бір күрсініп. Ол бөлтірікті қолына алып, оның басын сипалап, сөзін жалғастырды:
- Дегенмен, мен де бөлтірікті қимаймын. Туған інімді де осынша жақын тартпаған едім.
- Қытайлар не істесе де қай-қайдағыны уайымдап, өз көлеңкесінен қорқып, жалтақтап өмір сүріп келеді. Біз бөрінің апанына кіріп, бөлтірікті алған екенбіз, жарты жолда тоқтап, бастаған шаруаны шала қалдыра алмаймыз. Ақыры бағуды бастадық па, соңына дейін асырайық, - деді Чен Чжен қатаң бекімін білдіріп.
- Мен жауапкершіліктен қорқып тұрған жоқпын. Бөлтіріктің тұтқын сияқты күні бойы темір шынжырға байланғанын көріп айрықша аяп отырмын. Қасқырлар – еркіндікті ең жақсы көретін жануарлар. Қазір оның кез келген уақытта бұғауда өлгеніне төзе аласың ба? Іс жүзінде мен жүрегімде бөрі тотеміне табынамын. Ата сенің бөлтірік асырағаныңа неге қарсы болғанын түсіндім. Бұл шын мәнінде Тәңірді құрметтемеу ғой, - деді асыға Яң Кэ.
Чен Чженнің жүрегі әлем-жәлем қайшылықтарға толы. Аузында әлі де қатаңдық бар. Ол кенеттен қырсықтана қасарысқан халде Яң Кэге ызалана сөйледі:
- Мен неге бөлтірікті тауға қайтаруды қаламайды екенмін? Дегенмен, қазір жібере алмаймын. Әлі көптеген мәселелерді анықтап білуім керек. Бөлтіріктің еркіндігі – көкжалдың еркіндігі. Алайда, егер де болашақта сахарада бірде-бір бөрінің тұқымы қалмаса, қандай еркіндік жөнінде айтуға болады? Уақыты келгенде өзің де өкінесің.
Яң Кэ әрі ойланып, бері толғанып, ақырында келісті.
- Онда.... біз асырай берейік. Амалын тауып, көптеу жарылғыш шартылдақ әзірлейік. Қасқырлар даланың атты әскерлері сияқты оқ-дәрінің жарылыснан, зеңбіректердің атқылауынан қатты қорқады. Тек Эрлаңның олармен ұстаса кеткенін естісек, алдымен мен «гранаттарды» бір буда етіп орайын, ал сен бірінен соң бірін көкжалдарға лақтырғын. Оларды жарып, шегіндіре алуымыз сөзсіз, - деді ол екі ойлы болып.
- Шынын айтсам, сенің тағылығың және нар тәуекелшілдігің менен де күшті екен. Әй, сен болашақта расында да моңғол қызына үйленетін шығарсың? Өлекшіннен де күшті ғой? - деді лебізі жұмсарған Чен Чжен.
- Сен жұртқа дабыра қылып, жайып жүрме. Әйтпесе, қай моңғол қызы кішкене өлекшін сияқты артымнан қалмауы мүмкін? Мен расында да шыдай алмаймын. Мен ең кемінде алдымен өзіме киіз үй жасап алайын, - деді Яң Кэ жалма-жан қолдарын бұлғақтатып.
23
Дуң Чжуңшу1: «.... Цин патшасы Шихуаң олай істемеді. Ол Шаң патшалығының заңдарын өнеге етіп, Хән Фэйдің айтқанын істеді. Бұрынғы патшалардың жол-жоралғыларын жек көріп, жауыз бөрінің мінезін әдеп-ғұрыпқа айналдырыпты....» деп айтқан екен.
Сыма Гуаң. «Басқаруға жәрдемдесетін жаппай айна» кітабының «Хән патшасы Шицзуң Сяо У туралы баяны» бөлімі.
1. Дуң Чжуңшу - б.з.д. 179-104 жж. өмір сүрген ортодокстық конфуцийшіл ілімнің негізін салушы.
2. Хән Фэй - б.з.д. 280-233 жж. өмір сүрген көнеқытайлық легистердің жетекші уағыздаушысы.
Яң Кэ астаң-кестең шулаған жұмыс орнына ту сыртын беріп, ойпаттың ортасындағы аққулар көліне үнсіз қарауда. Оның сол жұмыс жасалып жатқан алаңға бұрылып қарауға батылы жетпейді. Бао Шигуй үлкен аққуды атып әкеліп жегеннен кейін, ол түнде түсінде көлден тек қанның ағылып шыққанын көрді. Ыстық қанға боялған көлдің көк айдыны қып-қызыл түске айналды....
Ішкі Моңғолияның егін шаруашылығы аумағынан келген 30 астам мингуң-жұмыскерлер жаңа жайылымда тамыр жайыпты. Олар жылдам өздеріне саз балшықтан берік жер үйлер салуға кіріскен-ді. Ұзын жылдар бойы мал шаруашылығы өңірінде ұзақ мерзімді және маусымдық жұмыстарды істейтін бұл мингуң-жұмыскерлердің арғы бабалары малшылар болатын. Аталары егіншілікпен де, мал шаруашылығымен шұғылданған қытайлар мен моңғолдар аралас қоныстанған жартылай малшы, жартылай диқандар болатын. Ал мына ұрпақтары жайылымда көптеп құнарсыз құмайт егістіктерді тың игерген-ді. Тың игерген жердің топырағы оларды бұдан былай асырауға мұршасы жетпейді, сондықтан олар құдды жыл құстары секілді кең далаға ұшып жеткен. Олар моңғол тілінде де, қытай тілінде де жатық сөйлейді. Олар – мал бағу тұрмысымен өте таныс нағыз диқандар. Ішкі өлкелердің нағыз егін шаруашылығы аумақтарынан ауып келген қытайлармен салыстырғанда, сахараның өміріне әлдеқайда қанық. Қажетті материалдар мен бұйымдарды сол жердің өзінен іздестіруге, егін шаруашылығы аумағының тұрмыс шарт-жағдайындағы құрылыс жұмыстарын салуда ерекше шебер. Чен Чжен мен Яң Кэ әр рет көлдің жағалауында қойларға су ішкізіп болған соң, жолшыбай мингуңдарға арнайы соғып, олармен көрісіп, әңгімелесіп, жағдайға қанығады.
Яң Кэнің байқағаны: құрылыс жұмыстары тым қарбалас, жұмыстарды аяқтау мерзімі тығыз болғандықтан, Бао Шигуй қатаң бұйрық түсіріп, жауын-шашын маусымынан бұрын уақытша қойма мен дәрі резервуарын жедел салып бітіруді тапсырған. Осы себепті, мына жұмыскерлер қысқа уақытқа да көлдің аққуларына тиісуге үлгірмей жатқан сияқты.
Яң Кэ мен Чен Чжен осы күндері Қытайдың ежелгі замандағы қытайлық үкіметтер жүзеге асырған «әскерилердің күшімен тың жерлерді игеріп, шекараны қорғау», «халықты шекаралық өңірге көшіріп, шекараны нығайту», сондай-ақ Циң патшалығының соңғы кезеңінде қолданылған «қаңырап бос қалған жерлерде тың игеру үшін еріктілерді топтастыру» қатарлы саясаттарды жиі талқылаумен болды. Ұлан-байтақ даланы жалмап-кемірген, көшпелі тұрмыс пен мал шаруашылығын мыжып-жаншыған осы саясаттар қазіргі күнге дейін жалғасып келеді. Газеттер мен радиолар кілең Н.Хрущевтің кең даланы орынсыз бүлдіріп, кең көлемді шөлге айналдырып, құм апатын келтіріп, дала халқына шексіз ауыртпалық пен күйзеліс әкелгенін хабарлап, керісінше Қытайдың өзіндегі ұқсас әрекеттерді тежеп-тоқтатпағаны Яң Кэге түсініксіз болды. Ал «Әскерлердің тың игеру әні» жақын жылдардан бері барған сайын өршелене шырқалуда. Яң Кэ мемлекеттің солтүстік-шығыс өңіріне, Шынжаңға және басқа да әскери корпустар тың жерлерді игерген өңірлерге бармай, ең ақырында кең сахараға баруды таңдады. Өйткені, ол орыстың орманы мен даласы суреттелген хикаяларды оқып, киносын көріп, майлы бояумен орындалған суреттерді және билерді тамашалап, орманды даланы жырлаған орыс әндерін тыңдап өскен-ді. Ұлы орыс жазушылары, режиссерлері, суретшілері, музыканттары және бишілерінің Ресейдің орманды даласына ыстық махаббаты әлдеқашан Яң Кэні жайлау мен орманды қадірлеуші етіп тәрбиелеген. Ол Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігіндегі, Шынжаңдағы тың игеру биңтуән-корпустарынан қашып құтылғанмен, «тың жерлерді егін шаруашылығының мүдделері үшін игеруден» арыла алмайтынын ойламаған еді. Шамасы, егінші ұлттардың тың игеру қасиетін өзгерту қиынға түседі. Олар бүкіл мемлекеттің барлық даласын шөлге айналдырмай тынбай қоймайды.
Яң Кэ мингуң-жұмыскерлердің үй салу шеберлігіне еріксіз сүйсінді. Ол алғашқы рет барған уақытта әлі де теп-тегіс жер болатын. Алайда, екінші күні адам бойынан биік бір қатар жер үйлердің қабырғалары тұрғызылған еді. Яң Кэ атқа отырып, бірнеше рет айналып, егжей-тегжейлі қарап еді: мингуңдар екі үлкен арбамен көл жағасындағы сілтілі де шөпті жерден ойылған төртбұрышты шым кірпіштерді тасып жатыр екен. Қазып ойылған шым кірпіштер Ұлы Қытай қорғанының кірпіштерінен екі есе ірі және екі есе қалың екен. Шымдауыт жердің сортаң балшығы сұрғылт түсті, жабысқақтығы айрықша жоғары. Тығыз өскен шөптің тамырларымен тұтасқан шым кірпіштер бір кептіріліп құрғағаннан кейін бетоннан да берік болады екен. шымдайыт жерден ойылып қазылған шым кірпіштер игеріп таусылмайтын нағыз дайын құрылыс материалы болып табылады. Сондықтан мингуң жұмыскерлер жасаған үйдің қабырғалары әдеттегі қабырғалардан әлдеқайда қалың болып шығуда. Яң Кэ етікпен кірпіш қабырғаны теуіп еді - темірбетоннан қаланған қорған сияқты берік екенін сезді.
Жұмыскерлер бірнеше арба шым кірпіштерді тасып әкеліп, бір қабат қалап үлгерді. Кірпіштердің шөпті беті астына, ал балшық жағы үстіне қаратылып қаланады екен. Қатар қойылғаннан кейін күрекпен тегістеледі, сосын екінші қабаты қаланады. Үш кісі белін шешпей жұмыс істесе, екі күннің ішінде бірнеше үйдің қабырғасын қалап тастайды екен. Қабырғалар кепкеннен кейін, бел ағаштарын салып, үйдің шатырын жабуға болады. Жаңа жайылымда жасыл майсалы алқап көзден ғайып болып, тақыр жерге айналды. Лай суға толған шұңқырлар күріш көшеті әлі егіле қоймаған суармалы атыздарға ұқсап тұр. Шұңқырлар лай-балшықпен, шөптің қалдықтарымен толтырылған. Сиырлар, қойлар, жылқылар су ішуге барғанда бұл орларды айналып өтеді.
Жаңа жайлауда кенеттен пайда болған балшық үйлер Яң Кэнің көзіне тікендей қадалды, көздеріне кірген құмнан да бетер жаман көрінді. Егер табиғи көркем жаңа жайылымда аппақ киіз үйлер тұрғызылса, табиғи жайлау бұрынғыдай сәнді болып, әдемілігі азаймас еді. Ал бір қатар сұр балшықтан салынған жер үйлердің тұрғызылуы «Аққу көлі» балетінің көрінісіне шошқалар қорасының суретін салғандай көріксіз де сиықсыз болып, ұйқаспай тұр. Яң Кэнің шыдамы мүлде таусылды. Ол мингуңдардың бастығы Ваң ағайдан жер үйлерді ақ түске әктеуді өтінді. Сонда сыртқы пішінен қарағанда, ақ отаулардың түсімен бірдей болар еді.
- Сен әк сатып әкелсең, мен дереу әктетейін, - деп арсыздықпен күлді Ваң ағай.
Ашуға булыққан Яң Кэ ешнәрсе істей алмай, шарасыз қалды. Байтақ сахарада әк өндірілмейді, ол ақша жұмсағанмен әк табыла қоймайды.
Құрылыс тастар қазып шығарылатын беткейдегі шұңқырдың көлемі де барған сайын ұлғаюда. Моңғолия даласының әдеттегі төбешіктері мен адырларының үстіндегі қалыңдығы бір-екі кез шөп жамылғысы, құмайт топырақ, ұсақ шағыл тастар қатпарын сылып тастағанда, астынан үгілген қой тастар, жалпақ тастар және жұмыр тастар шыға келеді. Темір балғамен ұрудың және қопарғыш оқ-дәрімен жарудың еш қажеті жоқ, тастарды сүйменмен бір шұқып шығаруға болады. Жеті-сегіз жұмыскер шұңқырдан тас шығарумен әбігер. Жасыл беткейге үйілген үш-төрт орасан зор ақсары тастардың үйіндісі тас молаларға ұқсайды.
Бірнеше күн өтпей, құрылыс жұмыстары толыққанды басталады. Резеңке дөңгелекті арбаларға отырған 20 астам мингуң жаңа жайылымға кіріп келді. Дөрекі буып-оралған сүйкімсіз қызылды-жасылды орын-көрпелер және әлем-жәлем жүктер арбаларға толтырып тиеліпті. Кейбір жұмыскерлер әйелдерін, бала-шағасын бірге әкелген, тіпті дуңбейлік қаз-үйректерін де ала келген. Олардың сыңайы – осында ірге теуіп қоныстану, иен далада тамыр жаю.
- Осыншама әсем табиғи жайлау тез арада Солтүстік-батыс пен Солтүстік Қытайдың егін шаруашылығымен шұғылданатын қоқсық та лас қыстағына айналатын болды-ау. Сирек кездесетін аққулардың көлі де жуықта қолда баққан қаздар мен үйректің көлшігіне айналатын болды, - деді күйінген Яң Кэ Чен Чженге.
- Жан саны асып-тасыған ұлттың маңдай алды маңызды міндеті жанын бағу болып табылады. Оның көркемөнер мен рухани өмірді байытуға қайдан қуаты жетсін, - деп жауап берді Чен Чжен қабағы түнеріп. Кейін Яң Кэ осы келген мингуңдардың басым бөлігі Бао Шигуйдың жерлестері екенін сұрап біліп алды. Ол туған қыстақтың жартысын иен далаға көшіруге ұрынған секілді.
Тағы бірнеше күн өтті. Яң Кэ біраз жұмыскердің отбасысы жер үйдің алдында топырақты аударып, жер жыртып, терең арық қазып, көлемі ондаған му құрайтын бақшаны қоршағанын көрді. Бірнеше күн өтпей, байцай, қырыққабат, шалғам, көжекөк, қияр, пияз, сарымсақ және басқа да көкөністердің сабақтары қылтиып көктепті. Бүкіл отрядтың зиялы жастары бірінен артынан бірі ағылып келіп, иен далада аз кездесетін осы көкөністерді заказ етіп сатып алды.
Жайылымдағы табиғи ирелеңделген арба жолдарын заулап ағылып, қой жүнін тасыған тракторлар күшпен тіктеп кеңейтті. Бұл тракторлар тіпті де көп жиналған қой жүнін, өрік дәндерін, қазылған дәрі шөптерді, кесілген жабайы көкөніс жиятын ферма жұмысшыларының бала-шағасын тасып әкелді. Жақұттай жап-жаңа, молшылық самсаған жайылым жер енді ашылып еді, егіншілік аумақтан ауып келген келімсек мигранттар құрт-құмырсқадай қаптап кетті. Сахараның тұңғиық түкпірлерінен моңғолдардың дуңбэйлік (Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігі) акцентте бұрмаланған қытай тілін естуге болады.
- Қытайлардың егіншілік өркениеті Циң патшалығының манчжурларын 200-300 жыл ішінде ассимиляциялады. Өйткені манчжурлардың атамекені болған қазіргі Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігіндегі үш үлкен өлкенің ұлан-байтақ даласы қою қара топырақты жер еді. Олар егіншілер мәдениетін бауыр басып қабылдады, сондықтан бұндай ассимиляциялау мәселесі аса ауыр саналмады. Егер қытайлардың мәдениеті Моңғолияның үлбіреген кең сахарасын ассимиляцияласа, онда Тәңірдің атқаны сонда болады, - деді Чен Чжен Яң Кэге.
Бао Шигуй күні-түні жұмыс объектілерінен шықпады. Ол мына жаңа жайылымның даму әлеуеті мен болашағын әлдеқашан анықтап алған еді. Келесі жылы ол төрт отрядты толығымен осында көшіріп, жаңа жайлауды бүкіл ферманың жазғы жайылымына айналдырмақшы. Осы арқылы жайылымның ішіндегі ежелден сақтаулы тұрған қара топырақты жерді игеру үшін босатпақшы һәм егін шаруашылығын дамытпақшы. Уақыты келгенде, ол астық қажет болса - астықты, ет керек болса - етті де өндіріп, өз атамекеніндегі ауылдастарын көлденең пайдаға кенелту үшін осы жер-суы шұрайлы аймаққа бұдан да көптеп көшіріп әкеліп, Бао әулетінің егіншілік және мал шаруашылығы иелігін құрмақшы. Бао Шигуйдың құрылыс жұмыстарының кестесіне қойған талабы ерекше қатаң, бірақ мингуңдар реніш білдіріп, шағымданған емес.
Білге-ата және бірнеше қарт малшы күні бойы мингуң-жұмыскерлермен жанжалдасуда. Олар жұмыскерлерден бақшаларды төрт жағынан қоршай қазылған орларды көміп тегістеуді талап етті. Өйткені, жылқылар түнде жортқан кезде орға құлау жайттары орын алған екен. Орлар тегістелсе де, көп ұзамай жарты адамның биіктігіндей балшық дуалдар пайда болды. Үлжінің көңілі бұзылып кетті. Ол осы жаңа жайылымды ашқанға өкінетін сияқты.
Дабырлаған ретсіз құрылыс жұмыстарынан теріс қарап, әрең дегенде назарын алдындағы көрініске шоғырландырған Яң Кэ аққулар көліне ұзағынан сүйсіне тамашалауда. Ол көл жөніндегі әсерін көбірек қалдыруды ойлады. Жақыннан бері Яң Кэнің көлге құштарлығы Чен Чженнің қасқырларға құмартуынан да басым түсті. Яң Кэ бір жылдан қалмай көлдің қарсы жағалауындағы беткей мен шалғын жерлеріне өзге үш отрядтың қаптаған малдарының келуінен және де бұдан да орасан зор мингуңдардың объектілерді салу жұмыстарынан алаңдайды. Мысалы, көлдің айналасындағы қамыстар түгел тып-типыл орылған жағдайда, қалған аққулар үшін жасырынатын жасыл шымылдықтан айрылады.
Яң Кэ тұлпарына мініп, көлдің жағасына шауып келді. Ол аққу көгілдірлерінің (балапандарының) көл бетінде жүзгенін көрмек болды. Осы маусым – ұрғашы аққулардың балапан басу кезеңі. Бақытқа орай, осы жолы көлдің жағалауында бірнеше сиырлардан басқа малдар жоқ екен. Өзеннің тұнық су ағыны малдар тудырған лай мен былғанышты шайып әкетіп, алыстағы орманның бұлағының суларын әкелді. Көлдің суы қайтадан мөлдір де таза болып өзгерді. Яң Кэ расында да су құстарының уақытша болса да тыныштыққа жетуін аңсады.
Кенет қамыстардың арасынан түрлі дауыспен шырылдап, бір нәрседен шошыған бір топ құстар ұшып шықты. Жабайы үйректер мен қаздар судың бетімен аласа ұшып, оңтүстік-шығысқа қарай тез көтерілді. Аспанға шапшаң көтерілген аққулар солтүстік жақтағы батпақ жерге қарай ұшты. Яң Кэ жалма-жан дүрбісін алып, қамыстардың арасын шарлады. Біреулер шынымен көлге түсіп, аққуларды аулағаны ма?
Он шақты минуттан кейін алыстағы су бетінен біраз әрекеттер байқалды. Жапон басқыншыларына қарсы соғыс кезінде Байяңдян көлінде (Хэбэй өлкесі) жауларды адастыру үшін қолданылған «қаз қауырсынды шебіндегі» жалған сал оның дүрбісінде жүзіп шыға келді. Сал қамыстар арасынан ақырындап есіп келеді. Үстінде отырған екі адам бастарына жас қамыстан тоқылған үлкен бүркеніш қалпақтар киіп, үстілеріне жас құрақтан жасалған плащ жамылыпты. Салдың үстіне үйілген қамыстар желмен жайқалғандай көрініс беруде. Байыптап қарамаған адамға сал мен төңіректегі қамыстарды айыру өте қиын. Яң Кэ салдағы кісілердің олжалы екенін айқын көрді. Олардың біреуі қалпағын алып, бүркеленген киімін шешті. Тағы бірі қолындағы темір күректі ескек етіп, жағалауға баяу жүзіп келеді.
Сал біртіндеп жағаға жақындады. Бұл сал әсілі жүк машинаның алты дөңгелегінің камерасынан және бірнеше есік тақтайларынан құрастырылған екен. Яң Кэ олардың біреуі Ваң ағай, екіншісі оның жиені Эр Шун екенін таныды. Эр Шун салдың үстіндегі бір құшақ жасыл қамысты көтеріп еді, астында үлкенді-кішілі қаздың жұмыртқаларымен толған қаңылтыр астау көрінді. Ортасында ақ қауын іспетті жатқан екі үлкен жұмыртқа көзге ерекше көрінеді. Қабыртқасы жұқа да жылтыр болған осы екі жұмыртқа екі ақ яшмадан ойылған асыл тастарға ұқсайды. Яң Кэнің жүрегі әп-сәтте дір ете түсті.
- Аққудың жұмыртқасы! - деп іштей айқайлап жіберді Яң Кэ. Оның жанын тіпті де түршіктіргені: қамыс жамылғының астында сондай-ақ аққудың жарты денесі көрінді. Аққудың аппақ қауырсындарында қызыл қанның дақтары жағылыпты. Ыстық қаны маңдайына ұрған Яң Кэ атылып барып бұл салды аударып тастағысы келді, бірақ керісінше жүрегіндегі ашуын зорға тежеді. Өлтірілген аққу қайта тірілмейді, бірақ ол анау екі үлкен жұмыртқаны қайтсе де амалын тауып, құтқаруы керек. Сал жағалауға жақындады.
- Кім сендерге аққуларды атып, жұмыртқасын алуға рұқсат етті?! Жүріңдер! Менімен бірге отряд штабына барыңдар! - деп ақырды жетіп барған Яң Кэ.
Ваң ағайдың бойы орталау, бірақ шымыр денелі, өзі зерек. Жартылай моңғолша, жартылай қытайша реңді бетіне тікірейген қатты сақал қойған.
- Бао Шигуй бастық атуға рұқсат берген. Саған не жоқ? Негізгі құрылыс отряды жабайы құстарды ауласа, сендердің отрядтарыңа көптеген қой мен сиырдың етін үнемдейді ғой, - деді ол Яң Кэге шақшиып қарап.
- «Көлбақа аспандағы аққудың етінен дәмелі» деген сөзді қытайлардың бәрі біледі. Сендер өзі қытайларсыңдар ма?! - деп ақырды Яң Кэ.
- Қытайлар аққулардың орыстар жаққа ұшып кетуіне жол бермейді. Сен оларды орыстарға жегізгің келеді ме? - деп кекетті Ваң ағай.
Яң Кэ келімсектердің едәуір бәлеқор болатынын баяғыда байқаған. Сол себепті, бір мезет не айтарын білмей тұрды.
Аққу жағалауға шығарылды. Оның көкірегінде бір жебе әлі түйреулі тұрғаны Яң Кэні үрейлендірді. Салдың үстінде қалың бамбуктан жасалған садақ, сондай-ақ бір бума қолданылмаған жебелер жатыр екен. Яң Кэнің мылтықтың атқанын естімегені содан екен ғой. Жаңа ғана ол мына екі қарусыз адамның аққуды қалай аулағанның байыбына бара алмап еді. Сөйтсе олар ең байырғы қаруды пайдаланған екен ғой. Мылтық пен зеңбіректің заманында садақ пен жебелерді көрген ол қайран қалды. Бұл садақ аққуды ажалға жеткізей қоймайтын жойымпаздық күшке ие, тіпті мылтықтан да өнімді әрі жасырыну сипатқа ие. Басқа аққулар мен су құстарын аса үркітпейді, сондықтан оларды бұдан да көп рет өлтіруге болады. Яң Кэ бұл адамдарды елемеуге болмайтынын, бұларды күшпен емес, ақыл-айламен көндіру керектігін түйді.
Яң Кэ көңіліндегі ашу-ызасын уақытша тежеп, бет-әлпетін зорға дегенде өзгертіп, әлгі садақты қолына алды.
- О, жақсы садақ. Тамаша садақ! Өте серпімді садақ екен. Сендер осы садақпен аққуды аттыңдар ма? - деп сұрады ол.
Ваң ағай Яң Кэнің сөз сарынының өзгергенін көріп, өз-өзіне масаттана, мақтанып сөйледі:
- Ол қайдан жалған болсын? Бұл садақты мен ферма орталығында киіз үйдің киіздерін басатын, жүнін ұрып-түтетін бамбук шыбығынан жасағанмын. Бұл садақтың серпіні өте күшті. Адамды да атып жайратуға болады.
- Маған бір атып, сынап көруге болады ма? - деп сұрады Яң Кэ бір жебені суырып алып.
Ваң ағай жағадағы шөпті төмпешікке отырып, Эр Шунның ауланған олжаларды тасығанына қарады.
- Алайда, жебе жасау үшін бірталай уақыт пен күш кетеді екен. Мен бұларды тағы аң аулау үшін қалдырдым. Тек біреуін ғана сынап көр. Бұдан көп пайдалануға болмайды, - деді ол бір жағынан сары темекіні тартып, бір жағынан сөйлеп.
Яң Кэ бұл садақты зер сала зерттеді. Садақтың қалыңдығы бір елі, ал ені үш еліден асады. Садақтың адырнасы жуандығы қарындаштың ұшындай бірнеше жіңішке сиыр терісінің ішегінен жасалыпты. Жебенің сабы талдың шыбығынан жонылған, ал жебенің қауырсыны осы аумақта өмір сүретін қаздардың қауырсынынан әзірленген екен. Яң Кэні ең тіксіндіргені – сол жебенің ұшы консерві банканың қаңылтырынан жасалыпты. Қаңылтырдың бетінде «шыжғырып қуырылған....» деген екі сөз әлі көрінуде. Қаңылтыр алдымен үшбұрыш етіп қиылып, сосын жебе сабының ұшына мықтап оралған екен. Сондай-ақ шағын шегемен қағылған. Саптың ұшында құстың мамығын оңай тесетін бір үшкір түтік қалыптасқан, ал жебенің ұшы да қиғашынан жонылған һәм қаңылтырмен үшкір етіп нығыздап қыналған. Яң Кэ саусақпен садақтың ұшын ұстап көрді. Құдды кішкене найзадай әрі қатты, әрі өткір екен. Ол жебе сабының салмағын өлшеп еді, онша ауыр болмай шықты. Алайда, жебенің ұшы біршама ауыр екен. Атылған кезде ауада ауытқымайды.
Садақ өте қатты екен. Яң Кэ күш шығарып, әрең-әрең 5-6 см ғана тарта алды. Ол садақты тартып, жебені салып, ондаған метр алыстағы шөпті төмпешікті нысанаға алып, күшпен тартқан жебені атып жіберді. Атылған жебе төмпешіктің жанына барып тиді, жебенің ұшы жерге тереңдеп қадалды. Яң Кэ жүгіріп барып, жебені ақырын суырып алды. Топырақтан тазартып қараса, жебенің ұшы бұрынғыдай өткір екен. Сол мезетте ол кенеттен өзін Моңғолия даласында аттың үстінде садақ тартқан ежелгі заманға қайта оралғандай сезінді. Яң Кэ Ваң ағайдың алдына барып сұрады:
- Сен аққуды аулаған кезде, оны қандай қашықтықтан аттың?
- Жеті-сегіз адым ғой деймін.
- Сонда аққу сені сонша жақын арадан көрмеді ме?
- Алдыңғы күні мен қамысты көлге еніп, аққудың ұясын іздедім. Ұзақ уақыт іздеп, әрең таптым. Бүгін таңертең Эр Шун екеуіміз қамыстарды жамылып, қамыс қалпақтарды киіп, ақырын жүзіп бардық. Бағымызға қарай торлаған үлкен тұманнан аққу бізді көрмеді. Биіктігі адамның бойынан асатын аққудың ұясы қамыстан құрастырылыпты. Ұрғашы аққу ұяда жұмыртқа басып, аталық аққу жанындағы су жолдарымен әрі-бері жүзіп, күзетіп жүр екен, - деп Ваң ағай мүштегін қақты.
- Онда сен атып өлтірген мына аққу еркегі ме, әлде ұрғашысы ма? - деп сұрады Яң Кэ.
- Біз жерге өте төмен жатқандықтан, балапан басып отырғанын атудың мүмкіндігі болмады. Сонымен еркегін торуылдадық. Бірталай уақыт күткен соң, аққудың еркегі салдың жанына жүзіп келді. Бір атқаннан жүрегіне бір-ақ тигізіппін. Ол бірнеше рет тыпырлады да, демі үзілді. Қыбыр-жыбырды байқаған аналық аққу ұшып кетті. Біз сол кезде ғана ұядағы екі жұмыртқаны алып қайттық.
«Мына қаңғыбас келімсектердің тіршілігі және бүлдіру қуатына расында да немқұрайды қарауға болмайды. Мылтық пен оқтар болмаса, садақ пен жебер жасай салады. Қайық болмаған жерде, сал жасай салады. Ұзақ уақыт жасырынуды, жасануды біледі. Алғашқы атқаннан дәл тигізу шеберлігі тағы бар. Егер олар тракторға қару-жарақ пен жарылғыш оқ-дәріні тиеп жүретін болса, онда сахараның тас-талқанын шығарады екен-ау. Олардың ата-бабаларының бәрі бастапқыда малшы болған. Алайда, қытайлардың егіншілік мәдениеті жағынан бағындырылып, ассимиляцияланғаннан кейін бұлар иен даланың дұшпандарына айналды. Ғасырлар бойы қытайлар өзге халықтарды өзіне сіңіру күш-қуаты үшін астамсып масайрап келді. Алайда, қытайлар тек өзінен мәдениет деңгейі мен өресі төмен халықтарды ғана сіңіруі мүмкін. Ал ассимиляциялаудың тудырған зардап пен кесірі туралы әрқашан жұмған аузын ашпайды» деп ішінен ойлады Яң Кэ. Ол бұндай зардаптарды өз көзімен көріп жүр. Көрген сайын жүрегі қанталайды.
Эр Шун салдың үстін тазалап болған соң, отырып демалды. Бұл кезде Яң Кэнің есіл-дерті аққудың анау екі жұмыртқасын құтқаруда болды. Ұрғашы аққу тірі қалғандықтан, жұмыртқаларды міндетті түрде ұяға қайта апарып салу керек, мына екі балапанды дүниеге келтіру қажет. Содан соң олар анасымен бірге аман-сау сонау қиырдағы Сібірге ұшып, көзден таса болуы керек.
- Сіз расында да керемет екенсіз. Бұдан кейін мен сізден үйренетінім әлі көп екен, - деді Яң Кэ Ваң ағайға зорлана күліп.
- Басқа нәрсеге біз шорқақпыз, - деді мәз болған Ваң ағай, - Алайда, құстар мен борсықтарды аулау, көкжалдарға қақпан құру, дәрі шикізаттарын қазу, саңырауқұлақ теру секілді істерде біз әлбетте маманбыз. Бұл нәрселер біздің атамекенімізде бұрыннан бар. Кейін Манчжурияның байтақ даласына кірген қытайлар тым көбейіп, жайлаулар тарылып, жер тапшылығы пайда болды. Жабайы аңдарды да сендер қытайлар жеп тауыстыңдар. Бағымызға орай, аталардан қалған қабілет пен өнеріміз ұмытылмады, кең далада күнделікті тамақ табуға жарап жатыр. Біз де моңғол атанғанмен, туған жерден ұзаған соң жағдайымыз оңай емес. Сендер зиялылар Бейжіңнен келдіңдер, бірақ осында да пропискада тұрсыңдар. Бұдан былай сырттан келген біз жөнінде жақсы сөз айтып жүріңдер. Жергілікті де байырғы моңғолдарға біздерді қуғыза көрме. Олар сендердің сөздеріңді тыңдайды. Сен осыған келіссең, мен саған бірер тәсілдерді үйретемін. Тіпті сен бір жылда мыңға жуық әдістерді үйренетін боласың.
- Онда мен Сізді ұстаз тұтайын, - деді Яң Кэ.
- Естуімше, сендердің және малшылардың отауларында қыруар қойдың майы қалған екен ғой, - деді Ваң ағай Яң Кэнің жанына жақындап, - Соны маған азырақ әкеліп бересің бе? Біз 40-50 адамбыз. Күнде-күнде ауыр еңбек етеміз. Жеген астығымыз – қара базардан сатып әкелген қымбат бағадағы астық. Сондай-ақ күнде-күнде жабайы өсетін шөп-өсімдіктер мен етсіз тамақты жеп жүрміз. Қарында титтей де май жоқ. Ал сендер қойдың майын шам жағу үшін пайдаланып жүрсіңдер. Көп нәрсені ысырап етіп жатырсыңдар. Маған сол майды арзан бағамен азырақ сатсаңшы.
- Бұның орындалуы оңай, - деді Яң Кэ күліп, - Біздің киіз үйде әлі екі құмыра қойдың майы бар. Меніңше, аққудың мына екі жұмыртқасы өте әдемі екен. Былай болсын: мен жарты құмыра майды бұл екі жұмыртқаға айырбастаймын. Жарайды ма?
- Мақұл! Бұл екі жұмыртқаны мен қуырып жеу үшін әкетемін. Жабайы қаздың бес-алты жұмыртқасын жемесем, жемей-ақ қояйын. Сен әкете бер, - деді Ваң ағай.
Яң Кэ дереу шапанын шешіп, аққудың жұмыртқаларын абайлап орады.
- Мен ертең қойдың майын саған әкеліп беремін, - деді ол Ваң ағайға.
- Сендер бейжіңдіктер уәдеге беріксіңдер. Мен сенемін, - деді Ваң ағай.
- Қазір күн әлі ерте ғой, - деді демігін әрең басқан Яң Кэ, - Сіздің салыңызды алып, аққудың ұясын көргім келеді.... Жаңа аққудың ұясы адамның бойынан биік деп айттыңыз ғой. Мен сенбей тұрмын. Өз көзіммен бір көріп, ой-өрісімді кеңейтейін.
- Жарайды, - деді Ваң ағай Яң Кэнің тұлпарына бір тесіле қарап, - Былай істейік, мен саған салды уақытша берейін, ал сен сәйгүлігіңді маған бере тұр. Мен үлкен аққуды өңгеріп, асханаға апарайын. Бұл аққу не еткен ауыр еді. Салмағы бір қойдай бар-ау өзі.
- Осылай келістік.... Тоқтай тұрыңыз. Сіз маған әлгі аққудың ұясының қайда екенін айтыңыз, - деді Яң Кэ орнынан тұрып.
Ваң ағай да орнынан тұрып, қамысты аралды нұсқады:
- Шығыс басына барған соң, солтүстікке қарай бұрыл. Анау аралшада өскен бірсыпыра қамыстар салды жапырып жібереді. Су жолымен жүрсең, тауып аласың. Сен сал айдауды білесің бе?
Яң Кэ салға шығып, темір күрекпен бірнеше рет есіп көрді. Өте тұрақты жүзеді екен.
- Мен Бейжіңдегі Бэйхай саябағында үнемі қайықпен жүзетінмін. Және де жүзе аламын. Бірнеше шақырымға дейін жүзе аламын, суға батпаймын, - деді ол.
- Онда сен қайтқаннан кейін, салды әуелгідей жақсылап байлайсың ғой, - деп тапсырды тағы Ваң ағай. Осыны айтқаннан кейін ол өлі аққуды ер-тоқымға артып, өзі аттың сауырына отырып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жерге баяу беттеді. Эр Шун тегенені қинала көтеріп, артынан кетті. Екеуі алысқа кеткенін күткен Яң Кэ жағаға шығып, жұмыртқалар оралған киімді салға салды, сосын асығып-аптығып шығыс жақтағы қамыстарға қарай жүзе жөнелді.
Кең көсілген көлдің айдынында түйдектелген ақ бұлттар көрінуде, жарық болғаны соншалық көзді шағылыстыруда. Бір топ батыл жабайы қаздар және көк мойын үйректер солтүстіктегі батпақ жерден қайта ұшып келді. Құстар суда көрінген бұлттарды тесіп самғауы және көп өтпей көлдің айдынында ақ бұлттардың үстінде байыппен жүзуі әсем көрініс беруде. Яң Кэ салды бір есіп, көлдің ортасына беттеді. Ол ескекпен есудің жылдамдығын еріксізден баяулатып, қап-қалың қамыстардың ішіне бойлады. Қамыстар арасынан көлдің суы және қамыс жапырағының хош есіп тұр. Алға жылжыған сайын көлдің суы тұнық та таза болып барады. Ол шынымен де өзінің қиялындағы аққулар көліне енгендей болды. «Егер Чен Чжен мен Чжаң Цзиюәнді көлде бірге жүзуге шақырғанда тамаша болатын еді. Біз үшеуіміз сөзсіз көлді тамашалап, салдың үстінде жатқан халде судың ағысымен бір күн немесе бір түн бойы қамсыз жүзетін едік» деп ойлады Яң Кэ.
Сал бірте-бірте көлдің шығыс жағындағы қамыстарға жақындады. Мұндағы күшті су ағыны көлді көлденеңінен кесіп ағатын негізгі арна болып табылады. Өзеннің суы солтүстікке қарай ағады. Өзеннің арнасындағы су біршама терең, ұзын қамыстар өте аз кездеседі. Ал арнаның екі шетінде керісінше қамыстар және қоғаның гүлдері қалың болып өсіп кеткен. Сал өзеннің ағысымен терістікке қарай жүзіп барады. Судың бетінде қалқыған ақ, сұр, қалампыр рең, қоңыр күңгірт, алтын, жасыл, күрең реңді біраз құстардың қауырсындары көрінді. Кей кезде қамыстар арасынан кенеттен бірнеше жабайы үйрек жүзіп шығады да, адамды көре сала қамыстардың ішіне қайта кіріп кетеді. Ну қамыстың арасы – су құстарының тыныш перзентханасы, балапандардың қауіпсіз мекені. Түстен кейінгі күннің жарығы қамыстардың арасындағы судың айдынына түспейді екен. Салқын самал Яң Кэнің терін құрғатып, тұла-бойын тоңазытты.
Қамысты жердің тағы бір иінінен айналып өткенде жол тіпті тарылды. Яң Кэ бір мезет жүзіп еді – қамыстар арасындағы су жолы тарамдалып қалды. Салды тоқтатқан ол кенеттен тар өзектің тірелген тұсында судың бетіне көлденеңінен еңкейтілген бірнеше қамыстарды байқады. Жігіт осы жолмен бойлап, алға қарай жүзуін жалғастырды. Судың беті барған сайын кеңейе түсті. Яң Кэнің көз алдында көлдің ішінде жасырулы тұрған тағы бір көл көрінді. Солтүстік-шығысқа жақын көлдің айдынында адамдар қамыстарды өңшең майыстырып, жол салған жасанды су жолы пайда болды. Яң Кэ сол тармақты бойлап жүзе берді. Әбден солған бірнеше қалың қамыстардың артында кенеттен биіктігі екі метрден асатын, диаметрі бір метр құрайтын сары-жасыл аралас ірі қамыстар үйіндісі көрінді. Яң Кэнің жүрегі барабан сияқты соғып кетті. Дәл өзі! Ол ешқашан көрмеген, кинодан және фотосуреттерден ешқашан көрмеген аққудың ұясының дәл өзі. Ол көздерін уқалады – бұның шынымен аққудың ұясы екеніне сенуге батылы жетпеді.
Яң Кэнің тынысы жиілеп, қос қолы дірілдеді. Ол қисайып-теңселіп аққудың ұясына қарай есіп барды. Ол темір күрекпен судың бетіне қисайған қамыстарды ашып, ұяға ақырындап жақындады. Ақырында ол үлкен де жуан қамыс қопасының жанында салын мықтап бекітіп қойды. Ентіге тыныстаған Яң Кэ күрекке сүйеніп, аяғының ұшымен басып, мойнын созып, ұяның төбесіне үңіле қарады. Ол әлгі балапандары мен жарынан айрылған аққу ханымы әлі де ұяның ішінде отырған-отырмағанын көргісі келді. Алайда, үлкен ұя өте биік жерде тұрғандықтан, оның ішін көре алмады. Өз сезіміне негізделсе, ұя бос қалған сияқты.
Яң Кэ қатты таңданғаннан аққу ұясының алдында сілейіп тұрып қалды. Бұл – өзі көрген ең үлкен, ең биік, ең айрықша құс ұясы. Бұрын ол аққулар өз ұясын су бетінен биік емес қалың қамыстардың ішінде салады, қамыстың жуан бұтақтарын басып, қамыстардың жапырақтары мен ескі қамыстың сабақтарын төсеніш етіп, өзге құстардың ұясы сияқты дөңгелектеп тоқиды деп ойлайтын. Алайда, көз алдындағы аққу ұясы керісінше өз қиялының әлі де тым қарапайым да жадағай екенін көрсетті. Құстардың арасында патша саналған аққудың мына ұясы патшалық салауатқа ие болғанымен ғана емес, құрылымы және техникалық шеберлігі жағынан тіпті де өзгеше екен. Бұл – өзіндік ерекшелігі бар, шебер тоқылған, төтенше берік те жайлы тұрақ.
Яң Кэ ұрғашы аққудың ұяда жоқ екенін анықтағаннан кейін, бұл ұяны жақыннан зейін сала зерттей бастады.
Ұяның орны айрықша тамаша. Бұл – көлдің ортасындағы қамыстар ең бітік өскен жер, сондай-ақ су тарамдары ең терең. Ұяның жанын тіпті де шағын көлдің суы айналып ағады. Ғашық аққулар осында ұя салуы жасырынуға, жақын жерден азық-жем іздеуге, суға сүңгуге қолайлы, сондай-ақ аққудың еркегі үшін шарлауға, күзетуге шығуына ыңғайлы. Егер әлгі екі айлакер мингуң-жұмыскер қамыстармен бүркемеленген салға отырып баспалап келмегенде, жым-жырт жүзіп келіп тұтқиылдан шабуылдамағанда, әдетте жай адамның мынадай қауырсын-қанаттылар патшасының ордасын байқауы һәм жақындап баруы қиын еді.
Яң Кэ қос алақанымен жуан теректі шайқағандай, ұяны теңселтіп көрді. Титтей қозғалмады. Бұл ағаш суда өскенмен, тамыры алып қарағай сияқты жан-жағына жайылып шырмалып кеткен. Төтенше берік, ұяның құрылымы Яң Кэ көрген құс ұяларына ұқсамайды. Ол ақыры ұяның қалай салынғандығының байыбына барғандай болды. Қос аққу әуелі қамыстың ең жуан, шоғырлы өскен қопасын таңдаған, онан соң мұны ұяның діңгегі еткен де, түбінен бастап кәдімгі шарбақ тоқыған секілді қабат-қабат тоқыма тіреу қалыптастырған. Яң Кэнің мөлшерлеуінше қос аққу әуелі бірінші қабатты тоқып болған соң, үстіне шығып салмағын салып, оны су астына батырған. Одан кейінгілерін осы тәртіппен қайталап биіктете берген. Бұл мөлшері төрт метрге таяу биіктікте, құс әлеміндегі ерекше құрылыс болса керек.
Көктеген қамыс құдды бамбук сияқты майысқақ, оңайлықша шірімейді. Яң Кэ күзеуліктен бір ескі құдықты көрген, судың айналасына құмнан сақтану үшін қамыс қалаған. Қамыс сол күйі шірімеген. Ол темір күрекпен ұяның тағанын ұрып көрді, тағаны мызғитын емес. Алып та, берік те ұя су бетіне шыққаннан кейін, аққулар қабат-қабат су үсті құрылысын тоқыған. Яң Кэ бұл ұя діңінің қамыспен айқыш-ұйқыш тоқылғанын, тоқылуы нығыз әрі берік, тұтас діңгектің ортасы толтырылған шарбақ сияқты екенін байқады.
Ұя тағаны жанындағы қамыстарға ұласқан көлемі жайылып, ұяның беріктік ролін атқарып тұр. Яң Кэ ұяның қамысынан ұстап, етігімен теуіп еді, адамның аяғы тұратын жарықшақ ашылды. Ол абайлап, үстіне жармасып шығып еді, аққудың туатын үйін ақыры көрді. Ұяның түбі шұңғыл емес, жадағай таленкеге ұқсайды. Астына бір қабат қамыс уылдырығы төселген, құстың мамығы шашылып жатыр. Ұя мамық, жанға жайлы.
Салға отырған Яң Кэ басын шалқайта көз алдындағы аққу патшасының ұясын ұзақ уақыт тамашалады. Парасатты да еңбекқор аққу жұбайлар мынадай салу механикасын және әсемдік эстетикасын терең түсінеді. Сирек аңдардың жұмағы, сондай-ақ қуаттылар мен даналардың жаһаны болған Моңғолия сахарасы талай-талай отырықшы халықтар тамашалай қоймаған асыл да бағалы қазынаны терең сақтап келеді. Яң Кэ ұяның тағы басқа көптеген ерекшеліктерін бірден байқады. Ну қамыстардың төбесінде орналасқан ұя желдің самалымен салқындатуға және құрғатуға, айналаны жақсылап шолуға қолайлы. Төңіректегі қамыстардың балауса бұтақтарынан құралған жасыл шымылдықтың қорғауын тамашалауға болады. Солған қамыс жапырақтарының сасық иісі мұнда келмейді. Жаздың шіліңгір күндері қамыстың арасындағы масалардың талауынан және де су жыландарының тұтқиял шағуынан қорғануға болады. Жұмыртқаны жарып шыққан балапандар көзін ашқаннан бірден көк аспан мен ақ бұлттарды көре алады. Қоңыр күз келген соң, аққулар оңтүстікке ұшар алдында ұяларын қамыстардың аппақ қардай үрпиген мамық үлпілдегінің ішіне жасырып кетеді. Үлкенді-кішілі аққулар алысқа ұшса да, өздерінің осындай әдемі де романтикалы атамекенін ұмыта алады ма?
Қоңыр самал өбіп тұр. Желдің ығымен жеңіл шайқалған сан мыңдаған қамыстың бастары тағзым етіп, бас иіп тұрған секілді. Алайда, мызғымастан еңсесін биік ұстаған аққудың ірі ұясы тақта отырған патша сияқты сансыз мансаптылар мен қара халықтың бас иіп тағзым еткенін қабылдап жатқан тәрізді. Намысқор аққулар жаһанда ең биік ұшатын киелі құстар болуы мүмкін, бірақ Яң Кэ бір түп биік ағашы жоқ байтақ сахарада паң аққулардың бәрібір паң болып қалатынын, олардың таудың шыңындағы биіктікте өз ұяларын салатын сұңқарлардан да әлдеқайда паң болатынын әлі де ойламаған-ды. Яң Кэ дала бүркіттерінің таудың басындағы талай ұясын көрген. Ал мына аққудың ұясы оның бұрын ардақтап қастерлеген сұңқардың тылсым ұясы жөніндегі көңілін түгелдей бұзған. Бұлар қайдан ұя болсын – қураған бұтақтар мен жапырақтар, бірнеше жыртық қойдың терісі қосылған бүркіттің ұясы құдды көшеде астына төсеп жатқан қайыршының нашар да дөрекі лашығына ұқсайды.
Асыл аққулар жерде де, әуеде де әрқашан кіршіксіз пәк һәм әдемі. Егер әлемде олар болмағанда, адамдар сахнада «Аққу көлі» балетін қоятын ба еді? Г.Уланова шығатын ба еді? П.Чайковскийдің аққу ариясы (музыкасы) туылар ма еді? Адамдардың көркем тілектері аққу болып, аспанға самғайтын ба еді? Яң Кэ аққудың орын-тағына телміре қарап, патшалы ұяның әрбір ұсақ-түйегін барынша жадында сақтап қалмақшы. Ол шынымен де болашақта Мемлекеттік үлкен театрдың алдындағы алаңда зәулім құстар патшасының зор ұясының мүсінін салып, аққуларды және аққу көлін сүйетін адамдардың тотемдік бағанына айналдырғысы келді. Сол аққудың тотемі бағанының төбесінде қасиетті де кіршіксіз пәк, бұлтты тесіп қанат жайған ғашық аққуларды бейнелемекші болды. Олар да адамзаттың жүрегінде махаббат пен сұлулықтың тотеміне айналып, әлемде мәңгі-бақи қалады.
Көлдің ортасындағы жел біртіндеп салқын тартып, қамыстардың жасыл түсі де ақырындап қоюланды. Яң Кэ әлгі екі жұмыртқаны қос қолмен ұстаған күйі көкірегіне басты, оларға адам денесінің жылуын бергісі келді. Әлемде құрбақалар барған сайын көбеюде. «Қызыл қыздар армиясының» (1960 ж. түсірілген қытайша көркем фильм) қылышы аққу ханшаларын сахнадан қуып шықты. Дегенмен, бұл дүниеде сендер бұрынғыдай сүйетін, сендерді қадірлейтін адамдар баршылық.
Яң Кэ абайлап ұяның діңіне жармасып, бір қолындағы жұмыртқаны барша ынтамен жоғары созып, ұяға ақырын салды. Сосын қонышынан шығарылған тағы біреуі де ұяға қайта салынды. Ол салға отырған уақытта бір серпіле тыныстап, жеңілденгендей болды. Әлгі зәулім тотемдік бағанның үстіндегі екі аққу жұмыртқасы құдды екі үлкен гаухар сияқты қамыстар толқынының арасынан тікелей бұлтты аспанға көзді шағыстыратын нұр шашып, әуеде ұшқан аққу ханымын шақыратынына Яң Кэ кәміл сенді.
Ақыры аспанда бір аппақ жолақ пайда болып, биікте айлана бастады. Яң Кэ арқанды дереу шешіп, салды өзен арнасына қарай итерді. Ол жаңа ғана сал жаныштап майыстырған қамыстарды бір-бірлеп қайта тұрғызды, сондай-ақ темір күрекшемен судың бетіндегі қалқыған қамыстардың сабағы мен жапырақтарын алып тастап, жүзетін жолды ашты. Адамдар шапқан мына қамысты жерде қайтадан жаңа қамыс өсіп, ашылып қалған аққудың ірі ұясын қайта жасыратынына үміттенді ол.
Қамысты жерден жүзерден бұрын, Яң Кэ бір аққудың зар сала айналшақтап түсіп жатқанын көрді. Ол жағалауға жеткен кезде, әлгі аққу аспаннан әлдеқашан ғайып болған-ды.
Яң Кэ құрылыс жүргізіліп жатқан жердің асханасына қайта барды. Эр Шун өз тағасының №3 мал шаруашылығы отрядына ауру сиыр сатып алуға салт атты кеткенін айтты. Ас үйдің сыртындағы бостықта үлкен ошақ қазылыпты, үстіне жуан қазан орнатылыпты. Жерде аққу қанаттарының ылғалданған қауырсындары үлкен бір төбе болып үйіліп жатыр. Қайнатылып жатқан қазанда жұдырықтың үлкендігіндей етіп шабылған аққудың еті салыныпты. Яң Кэ әлгі аққудың басы қайнап жатқан суда тулағанын көріп, өксіп жылады. Ал қытайша киінген жас келіншек қазанға сары бұрыш (сычуән бұрышы) сияқты дәмдеуішті, туралған пияз бен зәмзәбіл (имбирь) тілімдерін уыстап салды, сондай-ақ асыл аққудың басына арзан бағалы соя соусының жарты бөтелкесін аямай құйды. Бір мезет көздері бұлдырап, басы айнала бастаған Яң Кэ бірден өгіз арбаға «топ» етіп отыра кетті.
- Бейжіңдік оқушыларды тез шақырып, үйге кіргіз. Аздан соң оған оларға аққу етінің сорпасын беріп, денсаулықтарын күшейтейік, - деді жас келіншек Эр Шунға.
Яң Кэ қолын сілтеп, Эр Шунды итеріп жіберді. Ашуланған ол темір қазанды теуіп, төңкере жаздады. Ол расында да қазаннан аңқыған иіске төзе алмады. Алайда, қазір оның ашулануына да, қазанды төңкеруіне де болмайды. Бұлар – кедей-кепшік диқандар, ал өзі керісінше «таулы өңірлерге және ауыл-қыстақтарға» жер аударылып, қайта тәрбиеленіп жатқан «иттің баласы». Ол іштей қалай да болса орайын тауып, әлгі салды қиратуға бекінді.
Өн-бойынан әктің ерітіндісі мен сасық тердің иісі мүңкіген мингуңдар арт-атынан жұмыстарын тоқтатты. Піскен еттің иісін иіскеп сезген олар ауыздарынан сілекейлері шұбырып жүгіріп келді. Қазанды қоршаған олар әрі әнге басып, әрі шуылдап бір-бірін шақырысуда:
- Құрбақа аққудың етін жейді, тасбақа аққудың етін жейді!
- Аққудың етін жеген құрбақа ма еді?
- Онда ол кім екен?
- Жергілікті патша ғой.
Екі көзі бақаның көзінен айнымаған, бойы тарбиған бір қортық от жағып жүрген келіншектің көтенін шымшыды да, тоқтамастан қарқылдап күле сөйледі:
- Құрбақа аққудың етін жей алмайды деп кіп айтты? Сәлден соң-ақ жеп тауысамыз.
Ошақтың басында жүрген әйел оның сөзін аяқтатпастан көсеумен періп жіберді.
Жұмыскерлер еттің әлі пісмегенін көріп, белшесінен шешініп, кір орамалдарын иығына салып, көлге қарай кетті. Бірнеше адам салға отырып, көлдің ортасына қарай жүзді. Жақсы малтитын бірнешеуі әлдеқашан тыр жалаңаш шешініп, суға сүңгіп, көлдің ортасына итше жүзе кетті. Тыныш көл әп-сәтте шолп-шолп етіп малтыған, суды шалпылдатқан, жан-жаққа шашыратқан адамдарға толып кетті. Осы ахуал өте ала-құла киім киген, ырғалып «эржен чжуаң» түрінде (кезектесіп орындалатын ән-би) өлең айтқан бір топ қызыл жүзді әртістердің «Аққу көлі» балеті қойылған сахнаға баса-көктеп кіргеніне ұқсады. Жаңа ғана тыныш тұрған көлдің айдынында құстардың үркіп ұшқаны байқалды, күллі атырап қиқулаған мұң-зарға толды.
Яң Кэнің түсінбейтіні бұлар моңғол бола тұра, егіншілік аймақтардан ауып келген мыналар неліктен моңғол ұлты табынған су киесін осынша тез ұмытқан? Бейжіңдік зиялы жастар коммунаның фермасына келе жатқанда, яғни аймақтың орталығы арқылы өткен кезде, моңғол мен қытайлық басшы кадрлар Яң Кэ және басқа да жігіттерге сахараға барған соң жергілікті ұлттың әдет-ғұрыптарын және діни сенімін құрметтеудің қажеттігін бейресми айтқан болатын. Соның ішінде Моңғолия даласында судың тапшылығы, моңғол ұлты судың киесін ерекше қадірлейтіні, сондықтан өзен-көлдерде киім жууға, тіпті жуынуға да болмайтыны ескертілген еді. Тарихта бұрынғы кезде мұсылман халықтары дариялар мен көлдерде дәрет алып жуынуды жақсы көргендіктен, моңғолдардың су киесін құрметтемегені үшін моңғол халқы олармен қырғын соғыс жүргізген, қан судай аққан. Басшы кадрлар зиялы жастардың иен далаға келгеннен кейін ешбір жағдайда өзендер мен көлдерде жүзбеуін үміт етті. Екі жылдан асты, жүзуді жақсы көретін зиялы жастар өздерінің осы құмарын барынша тежеп келеді. Алайда, егін шаруашылығы аймағынан келген мына моңғол мингуңдары керісінше жүгенсіздікпен даланың әдеп-салтын бұзатыны Яң Кэнің ойына да кірмеген еді.
Шыдамы таусылған Яң Кэ орнынан тұрып, киіз үйге оралып, Чен Чженмен қарсы шаралар қолдану жөнінде ақылдаспақшы еді. Бірнеше қадам жасаған ол кенеттен балшық тамның дуалының түбінде бес-алты аса зор дәрі өсімдіктерінің тамыр-сабақтарын көріп қалды. Ол ішінен тағы шошыды: көз алдына Һор сұлуындай әдемі аққулар мен шұғынық гүлдерді есіне алды. Яң Кэ лезде балшық тамның алдына жүгіріп барып, егжей-тегжейлі қарай бастады. Ол шұғынық гүлдерінің түйнек тамырын ешқашан көрмеген болатын. Мынау тамыр түйнектерінің үлкендігі қойдың басындай екен, сондай-ақ кедір-бұдыр үлкен бататқа (тәтті картоп) да ұқсайды. Гүлденген сабақтары түгелдей қырқылып, енді ғана қылтиып шыққан бірнеше қызғылт бүршіктері қалдырылған екен. Ең ірі бірнеше түйнек-тамыр үлкен қаңылтыр шелектерге салыныпты. Бір шелекке тек бір ғана тамырды салуға болады екен. Шелектердің ішіне жартысынан көп етіп ылғалды шағыл тастар салыныпты. Сірә, тамырлардың өмір сүруін жалғастыру үшін осылай жасаған болуы керек.
- Мынау шұғынық гүлдердің тамырлары ма еді? Қайдан қазып алдыңдар? - деп жалма-жан сұрады Яң Кэ Эр Шуннан.
- Ақ шұғынық гүлдері ғой. Әйтеуір тауда өсетін дәрі шөп. Қайдан қазылғанын саған айта алмаймын. Бірнеше күннің алдында жарты машина гүлдерді жөткеп, қаладағы қытайлық дәрілер дәріханасына түгел сатып келдік, - деді Эр Шун.
Бао Шигуй алдыңғы жолы қазып әкеткен әлгі жарты машина шұғынық гүлдердің тамырлары тек кішкене бір бөлігі екені, мингуңдар отряды келгеннен бері мына жайылымның аққулары, шұғынық гүлдері түгелдей қопарылып, тамырымен қазылып әкетілетіні Яң Кэнің ойына да кірмеген-ді. Өз атамекенін сүймеген бұлар жат жер, бөтен елге келгенде бұрынғыдан да шімірікпестен ойына келгенін істеп, талап-тонап, талан-тараж қылады екен.
Яң Кэ үйге қайтқан соң, Чен Чжен мен Гао Цзянчжуңға күні бойы өзі көрген-білгенін әңгімелеп берді.
Чен Чжен де ызадан булығып, ұзақ уақыт сөйлемей отырды.
- Сенің айтқандарың көптеген ғасырлардан бері Шығыс Азияның көшпенділері және отырықшы халықтардың арасындағы өзара қарым-қатынастарының кішірейтілген шағын көрінісі ғой, - деді ол біраздан соң баяу сөйлеп, - Көшпенділер егінші халыққа айналады, сонан соң бұрылып иен даланы жояды. Өзара қырқысудан екі тарап бірдей ойрандалады.
- Неге екі тарап бір-біріне нұқсан келтіреді? Біз бір тамырдан тараймыз ғой. Не үшін біздер бір-бірімізді өлтіруіміз керек? Көшпенділер өз салт-дәстүріне оралып, диқандар мен егіншілер өз әдет-ғұрыптарын ұстанып, өздерін басқарса, бәрі де берекелі тып-тыныш болады емес пе? - деп сұрады Яң Кэ түсінбей.
- Жер шары осыншама кең. Әркімнің де жақсы күн көргісі келеді. Адамзат тарихы шын мәнінде тіршілік кеңістігін кеңейту үшін күрес пен оны қорғаудың тарихы екен. Қытайдың ұсақ диқандары өмір бойы еңкейіп, көз алдындағы жапырақтай егістік жерін шұқып-қарайласуды ғана білген, көз аясы мен ой-өрісі тар, алыстағыны көрмейді. Егер де біз сахараға келмегенде, біздің ойымыз ошақтан озбай, шалғайды шала алмай, өзінікін ғана жөн санап жүретін едік, - деп суық жауап берді Чен Чжен.
Сыртта үш төбеттің жарыса үрген дауыстары естілді.
- Ваң ағай сәйгүлікті қайтарғалы келген болуы керек, - деді Яң Кэ.
Қаныпезер Эрлаң Ваң ағайды балағынан алып, аттан түсірмей тұр екен. Ол қорыққанынан Яң Кэні дауыстап шақырды. Асығыс жүгіріп шыққан Яң Кэ итке ақырып, Ваң ағайды киіз үйге кіргізді, сосын аттың ер-тоқымын түсіруге кетті. Күні бойы аяусыз мінген сәйгүліктің тұла-бойының қан сорпасы шыққан. Ер-тоқымның киізі толығымен су болғаны соншалық, тердің буы бұрқырап тұр. Ашу-ызаға булыққан Яң Кэ өршелене есікті тартып, киіз үйге кіріп кетті. Ваң ағайдың тұла-бойы арақ пен сарымсақтың сасық иісі бұрқырайды, ұрты майланып тұр.
- Аққудың еті дәмді екен. Дәмді екен, - деп ауыз жаппай тамсанады ол.
Яң Кэ оны үркітіп жібермеу үшін оның бұл сөзіне шыдауға мәжбүр болды және де қойдың майын берді. Жарты құмыра қойдың майын құшақтаған Ваң ағай шат-шадыман кете барды. Таңертең еркін шарықтаған сол еркек аққудың осы мезетте Ваң ағайдың қарнында сасық сарымсақпен бірге араласып жатқанын ойлаған Яң Кэнің іші удай ашыып, өкіріп жылағысы келді.
Үш жігіт ұзақ уақыт мелшиіп үнсіз отыр. Неге Ваң ағайды жерге басып тұрып, өлгенше сабамады, тепкілемеді? Оның көкесін неге көзіне көрсетпеді, жақсылап ащы сабақ бермеді? Алайда, олар бұндай көптің күшіне ғана сенетін көрсоқыр, жалаң аяқ қаңғыбас содырларды ұра алмайтынын біледі. Жөнін түсіндірсең де бәрі сиырдың алдында сырнай ойнаумен тең. Ұрса таяқ, айтса сөз өтпейтін көркеуде бұларды тәртіпке келтірудің жалғыз амал – уды умен қайтару, яғни өз тәсілдерін өздеріне істеу. Чен Чжен мен Гао Цзянчжуң Ваң ағайдың салын қиратуды құптады, оның үстіне бұдан кейін қайта жасай алмайтындай етіп бұзуға келісті. Міндетті түрде аққудың әлгі екі балапанының дүниеге келуіне, өсіп-өнуіне және аман-есен ұшып кетуіне кепілдік ету керек.
- Меніңше, аққулар келесі жылы көктемде қайта келмейді, - деді мұңайған Яң Кэ.
Үшеуі біраз уақыт қамығып, үнсіз отырды.
Әйтсе де, сол күні кешке бүкіл отрядта саяси тәрбие жиналысы ашылып, онда жұмыстан сұрануға тыйым салынатыны туралы ең жоғарғы да ең жаңа нұсқаудың жеткізілетіні олардың ойына кіріп те шықпады. Бұл олардың салды қирататын жалғыз қолайлы орайынан айырды.
Олұн даласында аққуларды өлтіріп жеуді Бао Шигуй бастаған болатын. Сол жолы аққудың еті бөрілерді өлтіретін отрядтың шатырында желінді. Сол шақта қазандағы аққудың етіне пияз, зәмзабіл, сарымсақ және сычуәндық қызыл бұрыштан жасалған соя соусы секілді ас дәмдегіштер салынбады. Тек бір қазан таза суға қайнатылып, тұз салынып, нарын етіп желінді. Сол жолы барлық аңшылар мен Яң Кэ аққудың бір түйір етін де аузына салмады. Жалғыз өзі зорланып арақ ішіп, мұңын басқан Бао Шигуй патшаның салтанатты қонақасын жегендей сезім мен көңіл-күйге ие бола алмады. Ол тіпті аққу етінің өз ауылында жүгерінің суымен асыраған қаздың дәмінен айырмашылығы болмағанын айтты.
Бао Шигуй бұл жолы құрылыс алаңының асханасына дер кезінде келді. Бұл бір қазан аққу еті қытайша үлгіде жасалған ошақта қытайлардың әртүрлі дәмдендіргіштері қосылып, отты бабымен жағып пісірілді. Оның үстіне, ондаған адам араққа қызынып, бәстесіп ішіп, жер-көкке сыйғызбай жарысып мақтаулар айтқанда ол өзін жергілікті озбыр патшадай, жергілікті ұлық-билеушідей шынайы сезінгендей болды.
Өкінішке орай, ет аз, ал оны жеуші «құрбақалар» көп болды. Бао Шигуй және Ваң ағай жеке-жеке бір табақ етті жеп тауысты. Ал қалған серіктері таласа-тармаса қазан жаласып, етке құмарлары қанбай қалды. Аққу етінің қонақасы аяқтала сала Бао Шигуй ауызы майланған халде саяси үйрену жиналысын өткізуге кетті. Көпшілікті құраған мингуң-жұмыскерлер керісінше шуласып-дауласып қайнап кетті. Олардың тойымсыз ашқарақтығы ашылды. Сонымен олар келесі күні таң сәріде қамыс жамылғыларын жамылып, садақ-жебелерін асынып, көлдің ортасындағы қамыстыққа баруға бекінді. Сақтық ретінде олар Бао Шигуйдың жартылай автоматты мылтығын уақытша пайдалану үшін сұрап алды. Ыңғайы келсе аққуларды атуға, егер де оларды ата алмаса, жабайы үйректер мен қаздарды атып, қалайда көпшіліктің құмарынан шыға, айызын қандыра бір тоюға ұмтылды.
Келесі күні таңертең Яң Кэ, Чен Чжен және Гао Цзянчжуң көл жақта атылған мылтық дауыстарынан шошып оянды. Үшеуі де қатты өкінгеннен жер тепкіледі. Яң Кэ жынданған кісіше атқа мініп, көлдің жағасына қарай шаба жөнелді. Ғұмбаға қойларды бір күн қарауды өтінген Чен Чжен де Гао Цзянчжуңмен бірге тікелей көлге тартты.
Үшеуі алаңдаған күйі әлгі салдың жағаға тақалуын күтті. Көз алдындағы жантүршігерлік көрініс Яң Кэ мен Чен Чженді жақын туыстарының кенеттен қайтыс болғандай күйге түсірді.
Салдың үстінде тағы да бір үлкен аққу және бірнеше жабайы қаз бен үйрек жатыр, сондай-ақ үстілері қан жағылған әлгі екі аққудың жұмыртқасы да тұр. Әлбетте, өлген аққу жақында ғана қосағынан айрылған әлгі ұрғашы аққу болғаны даусыз. Ол дүниеге әлі келмеген екі асыл балапанына бола осы қорқынышты көлден дер кезінде ұша алмай, ақыры марқұм қосағының артынан о дүниеге аттаныпты. Оның ажалы сүйікті қосағының өлімінен де аянышты: атылған оқ оның басын тас-талқан етіпті. Ол қауызын әлі жармаған қос балапанның жұмыртқасын бауырына басып жатып мерт болған екен. Өзінің ыстық қанын балаларына ең соңғы аналық жылу етіп берген ғой.
Яң Кэнің көз жасы көлдей төгілді. Егер ол әлгі екі жұмыртқаны ұяға қайта апарып салмағанда, мына ұрғашы аққу бұл зұлымдыққа душар болмас еді.
Ваң ағай жағаға шықты. Жағалауда бір топ жұмыскерлер, малшылар және зиялы жастар жиналыпты. Масайраған Ваң ағай Яң Кэге қаһарлана қадала сөйледі:
- Қойдың майын аққудың жұмыртқаларына тағы айырбастағың келіп тұр ма? Қиялдапсың! Бұл жолы мен мынау екі жұмыртқаны Пэң інішекке беремін. Кеше мен ауру сиырды сатып алуға барғанда Пэң інішекті кездестірдім. Оған екі аққу жұмыртқасын бір жарты құмыра қойдың майына айырбастағанымды айтып едім. Ол менің алданып, зиян тартқанымды айтты. Ол екеуіміз келіскеніміз бойынша, бір үлкен жұмыртқаны бір құмыра қойдың майына алмастыратын болды.
Сөз арасында көрінген Пэң інішек демігіп тыныстаған халде аттан әрең секіріп түсіп, қан жағылған екі жұмыртқаны жүнге толтырылған дорбасына асығыс сұңғытып, атқа міне сала құйындай ұшып, шауып кетті.
Жұмыскер мингуңдар мерекені мейрамдаған сыңайлы олжаларды көтеріп, асханаға аяңдады. Малшылар бұларға күдіктене және ашулана қарап тұр. Олар мына қытайша киім киген моңғолдардың да байтақ даланың қасиетті құстарына неге осынша рақымсыз болғанын, Тәңірдің дәргейіне ұшатын ірі құстарды өлтіріп жеуге батылы жеткенін түсінбейді. Білге-ата сөзсіз бұндай сұмдықты тұңғыш рет көріп тұр. Селдір сақал-мұрты ашу-ызадан дір-дір еткен ол Ваң ағайдың жауыздығын бетіне басып, аспан мен Тәңірдің заң-ережелерін аяққа басқаны үшін қатты ұрысуда:
- Шамандар мен бақсылар пір тұтқан киелі құстарға жауыздық қылып, құрмет көрсетпедіңдер. Моңғол ұлтының тегін ұмыттыңдар! Сендер моңғол емессіңдер, тегі!
- Қайдағы шаман-шаман, - деп айғайлады Ваң ағай ешбір беріспей, - Біздің атақонысымызда Будданың бұрхандары мен пірлердің бәрін мылжа-мылжасын шығарып, жойып тастады. Ал сен қайдағы шамандарды міңгірлеп, аузыңнан түсірмейсің! Бұның бәрі де «төрт ескі» («Мәдениет төңкерісі» кезеңінде «ескі мәдениет», «ескі ой-сана», «ескі әдет-дағдылар», «ескі әдет-ғұрыптарға» қарсы тұру саласындағы мемлекеттік саясаты)! Баршасының быт-шытын шығару керек!
Білге-ата сахараның қағидаларын және Тәңірдің заң-ережелерін келтіріп, Ваң ағайды тежей алмайтынына көзі жеткен соң, дереу Төраға Мао Цзэдуңның моңғол тіліндегі үзінділері жинақталған кішкене қызыл кітапшаны парақтап ақтарды һәм Чен Чженнен асыға сұрады:
- Мынау қарақшыларды тыю үшін қайсы тарауды оқу керек?
Чен Чжен мен Яң Кэ ұзақ ойланcа да, жоғарғы нұсқаулардың қай тарау-тармағын сирек те бағалы құстарды аулау әрекеттерін жазаға тартуға болатынын рас таба алмады.
Адамы көптігінен мол күшке ие болған, артқы тірегі бар, моңғол тілінде жатық сөйлесе алатын жұмыскерлер Білге-атамен керілдесіп тайталасуда.
Малшылар гуілдеп бастырмалап барады. Егескен екі тараптың бәрі де моңғол ұлтының өкілдері-дүр. Бәрі де кедейлер мен төмен орта диқандар мен малшылар. Бір ұлттан һәм бір таптан шыққан, бірақ елдесуге шарасыз малшылар мен егіншілер арасындағы әдеттегі қақтығыс. Яң Кэ, Чен Чжен және зиялы жастардың бір бөлігі моңғол шапандарын киген қосынға қосылып, қытайша киінген жұмыскерлермен салғыласып кетті. Екі тарап салғыласқан сайын өштесіп, бір-біріне мұрындарын түйістіріп барады. Қасқыр мінезді қатал Ламжаб секілді бірнеше жылқышы көпе-көрнеу қамшы қолдануға дейін барды. Бао Шигуй шапшаң атқа қонып, жетіп келді. Ол топтың алдына тебініп келіп, қамшысын өз басынан асыра бірнеше рет сілейте үйірген соң, қатты дауыстап ақырды:
- Бәрің де ауыздарыңды жабыңдар! Кімде-кім қол жұмсап төбелесетін болса, мен арнайы диктатуралық топты шақырып тұтқындаймын! Сендерді түгел саяси үйрену курстарына тоғытамын!
Жұрт толығымен тына қалды. Бао Шигуй аттан секіріп түсіп, Білге-атаның алдына ербеңдеп барды.
- Аққу деген бұл нәрсені советтік ревизионистер жақсы көреді, - деді Бао Шигуй, - Бейжіңде аққуларды ойнайтын орыстың театр қойылымдарының әлдеқашан талқандалған, қайта ойын қоюға тыйым салынған. Тіпті басты рольдерді ойнаған әртістердің бәрі сынауға түсіп, саяси күреске тартылды. Егер де біз мұнда аққуларды қорғаштасақ, бұл іс елге жайылып, саяси мәселеге айналады.... Одан да біз төңкерісті ұстанайық, өндірісті дамытуға жағдай жасайық. Құрылыс жұмыстарының қарқынын тездетуді ойласаңдар, еңбекшілерге ет жегізу керек. Алайда, отряд оларға қойларды сатуға қимайды. Оларды ет мәселесін өздігінен шешуге итермелеу өте жақсы іс пе?
Бао Шигуй көпшілікке бұрылып:
- Жұмыстың қарбалас кезеңінде неге бәрің мұнда жиылып тұрсыңдар? Барып жұмыс істеңдер!
Бұлқан-талқан болған жұрт арт-артынан тарай бастады.
Яң Кэ бұндай қорлыққа шыдай алмады. Ол атқа міне сала киіз үйіне шауып барып, үш үлкен почаңцзы (петарда) әкеліп, көлдің айдынына туралап атты. Қатарынан алты рет гүрсілдеп жарылған жарылыстың дауыстары шықты. Көлдегі жабайы қаздар, үйректер және басқа да әртүрлі суда жүзетін құстар шошығаннан жан-жаққа ұша жөнелді. Ашу-ызаға булыққан Бао Шигуй таулы беткейдің етегіне атылып түсіп, қамшының сабын Яң Кэнің мұрнына тақастыра нұсқаған халде ұрыса кетті:
- Сен мені тамағымнан айырғың келді ме? Сенің қанша басың бар-ей? Кертартпа әкеңнің әлі де басқа «қара қарақшылармен» бірге қара еңбекпен қайта тәрбиеленіп жатқанын ұмытпа! Сен кедей-кембағал диқандардың қайта тәрбиесін жақсылап қабылдауың керек. Бұл құрылыс алаңында істейтін адамдар, ішінде мен де бар, бәріміз кембағал кедей-кепшік диқанбыз!
- Қырдағы ауылға қоныстандырылған мен ең алдымен малшылардың, кембағал-кедей малшылардың тәрбиесін қабылдаймын! - деп тайталасты Яң Кэ көздерін алайтып.
Білге-ата және бірнеше малшы Яң Кэнің иығынан құшақтап, беткейдің үстіне бет алды.
- Осы жолы сенің петарда атқаныңа атаң қуанды, - деді ақсақал.
Яң Кэнің кейін естуінше, аққудың жұмыртқаларын қойдың майына айырбастаған Пэң інішек ерекше нәрселерді жинайтын коллекция әуесқойы екен. Ол аққудың жұмыртқасын ұзақ мерзім сақтау техникасын біледі екен. Пэң інішек отрядтың «жалаң аяқ дәрігері» (қысқа мерзімді медициналық дайындық курстарын өткен диқан) еді. Ол шприцтың ұшымен жұмыртқаның астынан иненің көзіндей саңылау тесіп, ішіндегі сары және ақ уыздарын тартып шығарды және тесікті желімдеп бекітіп тастады. Осылайша аққу жұмыртқасы қабыршағының жарылуынан, иістеніп сасуынан алаңдаудың еш қажеті болмайды. Екі әдемі, бірақ өмірден қапы кеткен жұмыртқа ұзақ уақытқа сақталып қалмақшы. Ол сондай-ақ ферманың ағаш ұстаханасына барып, әйнек қиғызып, екі әйнек қорап жасады. Қораптардың түбіне атлас торғын-торқа мен киіздің құрақтары төселіп, аққу жұмыртқалары сирек ұшырайтын бағалы да сәнді бұйым секілді жібек матаның үстіне қойылды. Пэң інішек бұл екі асыл бұйымды сандықтың түбінде сақтап, жұртқа көрсетпейді екен. Бірнеше жылдан кейін ол көздің қарашығындай сақтаған бұл екі бағалы затты жайылымдарды аралап жұмысшылар, диқандар және әскерлердің балаларын университетке қабылдайтын басшы кадрға сыйға тартқан еді. Осылайша Пэң інішек ақыры иен дала аққуының қанаттарын арқау етіп, қалаға қарай самғады, университетке ұшып кетті.
Төртінші күні кешке Гао Цзянчжуң сиырларды айдап үйге қайтты.
- Ваң ағай сатып алған әлгі аурушаң сиырды көкжалдар талап кетіпті. Дәл олардың босағасының алдында жеп кетіпті, - деп жасырын сыбырлады ол Чен Чжен мен Яң Кэге.
Бұны естіген екеуі таңырқап, мелшиіп тұрып қалды.
- Дұрыс, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жерде істейтін жұмыскерлердің иттері жоқ. Бұл жағынан олар үлкен зиян тартқан екен, - деді Яң Кэ.
- Мен олардың үйінің алдынан өтіп көрдім ғой. Әлгі сиыр үйдің алдындағы он шақты қадамдық жердегі бір бағанға байланатын. Бас сүйегі, тұяқтары және қаңқасы ғана қалыпты. Еті түгелдей желініпті. Ашуланған Ваң ағай бұл сиырды асхананың көкөнісін сатқан жарты айдың ақшасына сатып алғанын, бұдан кейін құрылыс алаңындағы жұмыскерлер қайтадан етсіз тамақ жейтінін айтып, қатты боқтапты. Шынын айтқанда, сол ауру сиырдың алып бара жатқан дерті жоқ еді. Тек құрсағы құрттап кеткен. Ваң ағай мал дәрігерлігін аздап біледі екен. Ол дәрі жасап, сиырдың қарнындағы құрттарды өлтіріп, мұндағы тұнық сумен, шүйгін шөппен семірткен соң соймақшы болған. Енді ғана бордақлаған сәтте ойламаған жерден бөрілерге жем болды, - деді Гао Цзянчжуң күліп.
- Егін шаруашылығы аумағынан қаңғырып келген осы келімсектерде малшылардың қырағылығы мен сергектігі қайдан болсын, - деді айрықша долыланған Яң Кэ, - Түнде ұйықтағанда өлген шошқадай ұйықтайды. Олұн даласының қасқырлары да зерек екен. Сырттан келгендерді бір көргеннен-ақ біліп ажыратқан олар мингуңдардың сиырларын үй қақпасының дәл алдында жетектеп әкетіп, жеп тауысады. Бұл дегенің кембағал диқандарды басыну емес пе? Біздің мына заманда ешкім де былай жасауға батылдығы жете бермейді. Көкжалдар ғана жасай алады!
- Бұны басыну деп атамайды. Мұны кек қайтару деп атайды, - деді Чен Чжен.
- Мылтық пен зеңбіректің заманында бөрілер тобының аса зор кек алу қуаты қалмады ғой. Ішкі Моңғолия даласының адам баспаған ең соңғы бір аққу көлінен айрылып қалдық. Егер кейін Бейжіңге қайтудың орайы туылса, менің енді «Аққу көлі» балетін көруге ешқашан батылым бармас. «Аққу көлін» бір көргеннен-ақ анау бір қазан аққу еті, сондай-ақ сорпаның ішінде соя тұздығына шыланған әлгі аққудың басы есіме түсетін болады. Ол тірі кезінде неткен асыл да паң еді.... Мен бұрын Қытайдың егін шаруашылығы өркениеті әрқашан қуатты батыс елдерінің шапқыншылығына және қорлауына ұшырап келген деп санайтынмын. Алайда, қытайлық отырықшы мәдениет көшпенділердің өркениетін сондай рақымсыздықпен һәм зұлымдықпен ойрандағаны ойыма да кірмеген, - деді Яң Кэ кенет күрсініп.
Гао Цзянчжуң оның сөзін бөлді:
- Сонша алысқа малдарды сүйреме. Қасқырлар үйдегі қақпаның алдындағы малды талап әкетіп жатыр ғой. Әсіресе біздің отауды абайлау керек. Егер де көкжалдар тобы бері мойын бұрып, біздің киіз үйдің босағасының алдындағы бөлтірікті иіскеп білсе, онда екі қора қойымыз бен сиырларымыз қатердің ішінде қалады.
Жалғасы бар....