Дархан Бейсенбекұлының әңгімелері

Бөлісу:

06.11.2015 4358

 


 


 

ҚАРАҚАТ ТЕРЕ БАРҒАНДА


 


 

 

 

1


 

 

Қарақат тере барғанда,

Қиылып маған қарадың.

Балалық таза арман ба,

Сәулетай қимай барамын.

Қара домбыраның қоңыр үнімен қабыса шыққан әншінің әсем дауысы төгіліп тұр. Үкілі сәукелесі, етек-жеңі бүрмеленіп, кеңінен пішілген көйлегі, белін қынай буынған көк түсті камзолы − бәрі өзіне құйып қойғандай, мінсіз бойына жараса кеткен. Қарақаттай мөлдір қара көздері де сол баяғыдай нұрланып, лағыл тастай от шашып, жалындап тұр. Тек қос ішекті қағып тұрған оң қолының шылдыр шүмек саусағына көзім түскен кезде ғана көңілім су сепкендей басылып, пәс тартып қалды. Әрине, үйленетін жастан баяғыда-ақ асты емес пе. Оның несіне ренжимін, қайта қуануым керек шығар. Жанарымның мәңгілік жадында сақталып қалған Жадыраның балаң бейнесін дәл алдымдағы сахнада тұрған әнші келіншекпен салыстырдым. Өзгере қоймапты. Күлген кезде екі езуінде пайда болатын әдемі қос шұңқыр, тамсана сөйлегенде жарасымды ырғақпен қастарын көтеріп қоятындығы, ренжіп қалса ұрты томпайтып, астыңғы ерінін салпайтып шығаратыны... ары қарай есіме түсіргім келмеді. Жанымда отырған ұлымды қолынан тартып, жүр шығамыз деп ымдадым. Ол қозғала қоймады. Концертті көргісі келіп, көңілі құлап тұр. Ұлымның қолынан тартып, сүйрей жөнелдім.


 


 

 

2


 


 

 

− Сені директор шақырып жатыр, − деген хабарды естігенде төбе шашым тік тұрды. Сыныптағы жиырма төрт баланың қырық сегіз көзі маған аяныш сезімімен қарағандығын сезінгенде тіптен үрейім ұша түссін. Көзім алақтап, әркімге бейне бір құтқарып қалатындай жалынышпен жалтақтап қараймын. Үйге қашып кетсем бе екен деген де ой келді басыма. Деректір үйге дейін іздеп барса ше? Онда анық масқара болам ғой! Одан бір, шапалағы қатты әкемнен бір таяқ жесем...


 

Қырық сайтаным сан-саққа жүгіріп қанша сабылғанымен мандырымды, көңілге қонымды сылтау таппағасын амалымның жоқтығына соңғы мәрте көз жеткіздім де директордың бөлмесіне бет алдым. Сыныптастарым есіктен мені сол аяныш сезімін ұялатқан жанарларымен ұзатып салды. Өзара күбірлесіп қояды. Мектеп басшысы – физика пәнінің мұғалімі, ауылдың үлкендері жақсы боксер болған деседі. Оның жақсы боксер екендігіне сабақ беріп келе жатқан соңғы бір жылдан бері біздің сыныптың ұлдары талай мәрте «көз жеткізгенбіз». Жұдырығынан «дәм татып, су ішкесін» қаймығып тұрасың. Ал, ол кісі өзінің жеке кабинетіне шақырса...


 

Есікті имене аштым. Хатшы қыз отыр екен.


 

− А-а-а, Думан сенсің бе? Қазір мен ағайдан сұрап шығайын, − деді де деректірдің кабинетіне кіріп кетті.


 

Асығыстау шықты.


 

− Кіре ғой.


 

Тозақтың есігінен енгендей үсті-басымды тер жуып кетті.


 

− Сә... әлеметсіз бе?


 

− Саламат па Думанжан! Келе ғой, мұнда отыршы.


 

Дәл өзінің алдындағы орындықты нұсқаған. «Үһ» дедім ақырын ғана тыныстап. Ұрыспайтындығы белгілі болды.


 

− Сабағың қалай?


 

− Жақсы, аға.


 

− І-і, сені шақырған себебім, − ол кісі көзінің қиығымен маған қарап қойды. Мен дереу жанарымды төменге салдым. Ұялғаннан, ия болмаса қорыққаннан емес.., түсіндіре алмаймын, әйтеуір, түсініксіз бір себеппен. − Мына бір хатты оқып шықтым.


 

Селк ете түстім. Отырған орындығыммен опырылып мұзды көлге түсіп кеткендей денем салқындап сала берді. Менің өткенде Жадыраға хат жазғанымды оның өзінен басқа ешкім білмейтін еді. Қалай ғана бұл кісінің қолына тиген?


 

− Өлеңің маған ұнады.


 

Рас, хатты өлеңмен жазғам.


 

− Сенің бойыңда ақындық талантың бар екен. Маған бір ой келіп отыр, егер де сен қарсы болмасаң осы өлеңді аудандық газетке берейік. Ол жердегілердің де ұнататынына күмәнім жоқ. Осыны өзіңмен ақылдасайын дегем, қалай қарайсың?


 

Қалай қарайтын несі бар? Тура солай қараймын. Әрине, қуанышпен. Бірақ айта алмадым. Жанарымда ойнап шыға келген ұшқынды аңғарған болуы керек, директор:


 

− Жақсы, онда, сабағыңа бара ғой. Хатты мен өзім салып жіберермін. Басқа да жазған өлеңдерің болса маған көрсет, тәуірлерін өзіміздің «Жетісуға» да салып жіберерміз. Келістік пе?


 

− Рахмет, рахмет, аға. Иә... сөйтем...


 

− Ал, бара ғой.


 

Директордың бөлмесінен қуанышым қойныма, қойным түгілі тұла-бойыма симай, біреуге тезірек айтқанша асық болып, сыныпқа қарай құстай ұштым.


 


 

 

3


 


 

Соңғы кездері өзімнен-өзім қуыстанып жүрмін. Сыныптастарымнан ұялып екі күн бойына сабаққа да келген жоқпын. Сыныпқа кіріп келгенде сайқымазақ Нұрбол мен Сармат мені мазақтай жөнелетін сияқты. Әйтеуір, біртүрлі. Біздің сыныптың ұлдары өздері жақсы көретін қыздарға деген сезімін баяғыда-ақ жариялап үлгерген. Барлығы дерлік өздерінен кішкене қыздарға. Ал, мен болсам әлі ұялам. Рас, Жадыраның менен төрт сынып жоғары оқитындығы − төрт жасқа үлкендігі бар. Мүмкін содан, әлде ұяң мінезімнен шығар. Білмейім. Көбіне үндемейтінмін. Жадыра хас сұлу болғандықтан біздің ауылдың жігіттерінің оны ұнатындығы анық. Әсіресе менің ағамның досы Еркебұланның Жадыраны құшақтап кетіп бара жатқанын жақтырмай қалам. Кәдімгідей қызғанам.


 

Өткен күні шыдамымның ішегі үзіліп, өз-өзімді шарыққа салғандай намысымды қайрап, түпкі бөлмеге кіріп алып Жадыраға хат жаздым. Бар болғаны алты-ақ ауыз сөз. «Жадыра, сен маған ұнайсың. МСС. Думан». Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатын» оқыған боларсыздар. Сонда «мен сені сүйемін» деген сөзді осылай қысқартып жазушы еді ғой. Мен де солай істегенді жөн көрдім. Ертесі хатымды он бес минуттық үзіліс кезінде ешкімнің жоқтығын пайдаланып Жадыраның бар болғаны төртінші сыныпта оқитын сіңілісіне тапсырып, өзіне беруін өтіндім. Кішкентай болса да қыздарың қу емес пе, маған қарап ыржиып қойды да хатымды қалтасына сүңгітіп жіберді. Сезіп тұр ғой. «Ашып оқушы болма» деп ескертуді де ұмытпадым. Келесі сабақ дене шынықтыру болатын, басымның ауырып тұрғандығын айтып Әнуар ағадан сұранып кеттім. Дене шынықтырудан результатым өте жақсы. Сөзге келмей жіберді.


 

Арада үш күн өткен, сабаққа бүгін ғана келіп отырмын. Сынып табалдырығынан аттай бере тосырқап қалдым, бір шетінен жатырқап тұрғандаймын. Біреулер менен сезіктенетін сықылды. Қазір келіп Жадыраға хат жазғанымды айтып, келеке ететіндей. Біздің сабақ оқитын бөлмеміз «11 б» сыныбынының жанында болғасын солардың есігінен күн сайын қарап өтетінбіз. Мен енді оң жақтағы баспалдақпен жүрмей, сол жақтағы басқышақпен көтеріліп жүрмін. Жадыраның көзіне түсуге ыңғайсызданам.


 

Бір шетінен көргім келеді, бірақ көзіне түспеуге тырысам. Сол күні мен Жадыраны мектептен кезіктіре алмадым. Түстен кейін Қарасудың диірменіне ұн тартуға кеткен әкеме жәрдемдесу үшін қара құнаныма жәй ғана тоқым салып, бір тартпамен бос қана тартып жайдақ мінген күйі тоғайға тарттым. «Жарқабақ» ауылының ішімен жүрсем бұзық балаларымен байланысарым анық. Сыртымен жүрейін деген тоқтамға келдім. Кенет, астыңда атың бар, несіне қорқасың, тиісе қалса қамшының астына алып сабап кетпейсің бе деген тосын ой келді. Рас-ау, ешкім тиіспесе де, ешкімді сабамасам да көшелерінің ортасымен құнанымның жол жорға жүрісіне салып қойып ағызып өте шыққанымның өзі неге тұрады? Мақтан тілеген мәртаза көңіл аттың басын ауылдың ортасына бұрғызған. Ағызып өте шықтым. Орталық көшелерімен. Балалары тыныш. Тек шәуілдек иттері ғана шаңқылдап жүгірген, бір-екі рет қамшымен жасқап тастағасын олар да аптығын басты.


 

Орыс шалдың диірменіне келсем әкем ұн тартып болып қалыпты. Екеулеп жүріп он бір мөшек ұн мен екі қап кебекті кезінде таудан қарағай тасып шыныққан, баратын жеріне тоқтамаған, ентікпеген күйі шауып барып, шауып қайтатын, бойы тайға тақаулас, күші мығым көк есек жегілген жеңіл арбаға арттық та, жолға шықтық. Көк шалғыны тізеден келетін тоғай ішіндегі қара жолмен ақырын ғана аяңдап келе жатқасын мен тізгінді бос жібере салғам. Жәй жүріс құнанның ішін пыстырған сыңайлы, жүріп келе жатып тұмсығын қалың шөптің арасына тығып жіберіп, бір уысын күрт етіп үзіп алады. Мен көп сөйлемеймін, әкем менен өткен үндемес.


 

Мен ендігі кезекте Жадыраны ойлай бастадым. Шіркін, қазір жанымда болса ғой. Оған сосын «Жарқабақтың» балалары тиіссе, мен оларды атпен қуып жүріп сабасам, сөйтіп Жадыраны бұзық балалардан қорғап қалсам, оның маған деген сенімі артып, мойыныма асылып, бетімнен «шөп» еткізіп сүйіп алса... «Балам-ау...» деген сөз құлағыма еміс естілді. Мен оны мойыныма асылып алған Жадыраның «Бағланым-ау...» деп айтып жатқаны деп түсіндім. «Әй, Думанжан...». Жадыра тағы да «Ой, Думан жаным...» дегендей болды. «Әй, балам, Құдайберді нағашыларыңа тартып керең болайын дегенсің бе? Тез жүрсеңші». Дереу бойымды жинап алдым. Бойымды емес, ойымды. Әкем арбасымен алдыға түсіп кетіпті де, менің құнаным жиде түбіндегі қалың өскен қызыл мияға бас қойыпты. Тебініп қалдым. Қарагер тұмсығын пыр еткізді де басын көтерген бойында жол жорғасына салып тарта жөнелді. Бір жамбасыма аунай отырдым. Айнала қалың жиде мен қарақат.


 

Сіз осы сәйкестік дегенге сенбейтін боларсыз. Мен де сенбейтінмін. Бірақ не тілесең сол тілегіңнің аяқ астынан қалауың бойынша орындала қалса алдымен есіңе ең бірінші Жаратқан оралады екен. Әкем екеуміз “Жарқабақ” ауылына кіре беріс бауыздау алқымына қалың өскен қарақат арасымен өтіп бара жатқамыз. Кенет сіңілісі мен Жадыраның шоқ қарақат ағашының басына қол созып тұрғанын көзім шалды. Қызық сезім. Қуанып тұрғанымды, ия болмаса абыржып тұрғанымды өзім айырып болмаймын. Сәл жүрістен соң әкеме қарақат арасында шөптің қалың өскендігін, құнанды осында біраз жайып алатындығымды айттым. Әкем артына бір бұрылып қарады да:


 

− Көп кешікпе, шешең алаңдап жүрер, − деді.


 

Қарагерді кері бұрғам. Жадыраның жанына таяғанда қарғып түстім де жүгендегі сағақбаудың орынында жүретін тұсауды шешіп алып, атты тұсап қоя бердім. Енді қалай барам? Әйтеуір сүйретіле жақындадым. Амандасқам. Ол мені көрді де:


 

− Ой, Думан, сәлем! Қайдан жүрсің?, − деді.


 

Оның жүзінен маған байланысты бір жылылықты, қуанышты сезгесін батылдана бастаған сыңайлымын.


 

− Сенің осы жаққа кеткеніңді естіп, іздеп келдім.


 

Мені шешем осы ұяттан ада қылып туған сияқты. Шімірікпедім.


 

− Қойшы, − деді ол, − расыменен бе?


 

− Әрине, рас. Әлде сенбейсің бе?


 

− Жоқ, сенем. − Ол қарақат салып жатқан себетіне қараған. − Рахмет, − деді сосын, − рахмет іздеп келгеніңе.


 

Сіңілісі екеумізге қулана қараған. Өткенде менің хатымды жеткізген “пәштәлөн” қыз осы. Өзі де сезді-ау:


 

− Жадыра әпке, мен көкемдермен тере берем. Сендер өздерің.., − деді де бұрылып жүгіре жөнелді.


 

− Нәзөк, − деді Жадыра сіңілісіне, − көкеме де, апама да айтпа, иә?


 

Басын изеді. Нәзира. Жадыра өзіне жарасымды сүйкімділікпен маған басын қисайта қарады да:


 

− Өткендегі хатыңды алдым, − деді. Тағы да күлген. Сосын келді де әбжілдікпен менің бетімнен “шөп” еткізді. Қыз еріні тиген бетімнің оймақтай аумағы дызылдай жөнелген. “Ех, бақыт деген қыздың ерінінде жатыр екен ғой...”


 

− Маған қарақат терісесің бе?


 

− Терісейін, егер де сен қаласаң, − дедім.


 

− Жақсы болды, мә, ұста. − Ол маған Нәзира қалдырып кеткен шиден тоқылған себетті ұсынды.


 

Екеуміз де ендігі кезекте үнсіз ғана қарақат тере бастағанбыз. “Жадырамен үнемі оңаша қала бермейсің ғой, осындай мүмкіндікті пайдаланып сөйлесіп қалсаңшы” деген ой бірнеше мәрте тілімнің ұшында тұрған сөзді сыртқа итерген. Өзімді тежей бердім. Неден бастаймын?


 

− Қарақатты қар бір жауып өткесін тереді деуші еді, сендер неге ерте бастап кеткенсіңдер? − Сөз саптаған сиқым.


 

− Апам қант бар кезде теріп, варенье қайнатып алайық деген соң келгенбіз, − деді Жадыра іле жауап қатып.

Тағыда не сұрауға болады? Ойланып тұрғанымда Жадыра өзі сөйледі.


 

− Думан, бері келші, мына жерде қарақат қалың екен.


 

Шаппасам да тұра жүгірдім. Расыменен қалың түсіпті. Жіңішке ағаштың басын жерге жеткізе идім де қарақатын уыстап жұлып себетке сала бердім. Мен алған кезде жартылай болып тұрған себет толыңқырап қалды. Жадыра менен әудем жерде жүр. Мен ыдысты жерге қойдым да қарақаттан моншақ тоқи бастадым. Сабақтарын ақырын тесіп, келесі қарақатты сабағымен қоса өткізіп. Қазір біткесін Жадыраның мойынына тақпақпын.


 

Күн біршама жантайып қалыпты. Күздің қоңыр салқын лебі бетке ұрады. Сырт-сырт еткен дыбыс ойымды бөліп жіберген, бұрылып қарадым. Жадыра екен. Себеті толы, маған күлімдей қарап тұр.


 

− Мені апамдар шақырып жатыр. Қайтамыз дейді.


 

− Сен.. мен... не... мен.. саған моншақ тоқыдым. − Орынымнан көтерілдім. − Мойыныңа тақсам бола ма?


 

− О, маған ба? − Дауысы көтеріңкі. − Әрине болады.


 

Оның иілген аппақ мойынына мен қарақаттан тоқылған моншақты кигізе қойдым. Қара жұмыстан жарылып кеткен саусағымды нәзік біткен мойынына “абайсыз” тигізіп алуды да ұмытпадым. Ол сезебеген сыңай танытты.


 

− Рахмет, моншағыңа.


 

− Оқасы жоқ. Сендер мәшинемен жүрсіңдер ме?


 

− Аха, көкемнің.


 

− Менімен бірге қайтшы. Атқа мінгізем.


 

Екі себетті көтерген ол апасынан сұрануға жүгіріп кеткен. Мен алғашқы кезіккен қарақат түбіне тастай салған жүген мен құрғақ тоқымды алып құнанымды ұстауға беттедім. Міне, қырсық. Әншейінде жанына барғанда үндемей ғана тұра беретін қарагерімнің айдарынан жел есіп, маңайындағыларға пысқырына қарап қалыпты. Көзі шатынап тұр. Мен жақындағанда үркіп қаша жөнелмесі бар ма. Ал қу! Шоқырақтаған ол да жақындатпайды. Көзіме жас келіп қалған. Әй, боқтадым. Атымды. Айналшықтап ұстатпайды. Өткенде жүгері жинауға барғанда да өстіп бір ұстатпай үркіп қашқаны бар. Сонда ғой, ауылға дейінгі он екі шақырым бойына құнанымды ұстай алмай жаяу келгенім. Есіме сол түскенде сұрануға кеткен Жадырадан ұялдым. Боқтау былай қалды, мен енді атыма жалына бастадым. Сонда да көнбейді, неме.


 

Есімімді атаған дауыс жаққа жалт қарасам Жадыра тұр. Безгелдек, енді қайттім! Қос аяқтай секіріп анау да жақындатпайды. Жадыра қасыма таяп келген.


 

− Ұстатпай жүр ме?


 

− Ұстатпағанда не ғой, бағана мына жерден өтіп бара жатқандар үркітіп жібергенге ұқсайды. Содан жолатпай жатыр.


 

− Қане, мен көрейін. − Жадыра алақанын жыбырлата “мох, мох” деп атқа жақындады. Құнан жиырыла қарап, Жадыраға қырындау келіп алақанын иіскеді. Ол аттың маңдайынан сипалап, мойынын құшақтап маған ымдады. Кигізіп үлгердім әйтеуір. Жүгенді. Жыным қайнағандықтан жазаңды жолда берермін деген ойға бекідім.


 

Жадыраны артыма міңгестіріп алдым да “Жарқабақтың” ішімен тура тарттым. Ол болса менің белімнен құшақтай қысып алған. Қандай жақсы!


 

− Думан сені өлең жазады дейді ғой. Рас па?


 

− Елдер айта береді ғой. − Сырғақтай жауап бердім.


 

− Мен сенің кітапты көп оқитыныңды білем ғой, жазса жазатын шығар деп ойлап едім.


 

− Енді анау айтқандай мықты жазбайтын шығармын. Шамамның жеткенінше шимайлайтыным бар.


 

− Бәсе. − Ол біраз тосылып қалған. − Маған арнап өлең жазасың ба? − Қулана күлді.


 

− Саған арнап па? Жазам. Бүгінгі қарақат терген күніміздің өзі қандай әдемі, осы туралы жазам.


 

− Ендеше ертең үлкен үзіліс кезінде үшінші қабаттағы шеткі терезе алдында күтем.


 

Жадыра екеуміз түрлі күлдірмелер айтып, қызықты уақиғаларды әңгімелеп ауылға жеттік. Ауыл шетіндегі бейітке жақындаған кезде Жадыра көрген елден ұят болар деп аттан түсіп қалды. Жылы қоштасқанбыз.


 

“Қарақат тере барғанда” деген алғашқы жолын тақырып орынына қойдым да ертесінде мен оған өлеңімді апарып бердім. Уәделі уақытта, айтылған жерде...


 


 

 

4


 


 

Сол жылғы қысты есіме алғым келмейді. Жүрегім жылап қоя береді. Ойда жоқта Жадыра мектептің соңғы жылын бітірмей жатып ағамның досы Еркебұланға үйленді де кетті. Қораға кіріп алып әй жыладым-ай келіп. Қимастық сезім, балаң махаббат. Көктемді де көз көрді. Қамкөңіл кейіпте. Жетінші сыныпта оқып жүргем. Көктемді көргесін жылда асыға күтетін жазға да іліндім. Асықпай-ақ, сағынбай-ақ. Бір қайғым екеу болды: жазға салым Жадыра мен Еркебұлан айырылысып кетті. Қарыны қампайып үйінде жүрген Жадыраны көргенде жанарыма жиналған жасты ешкімге көрсетпей теріс бұрылып сылып түсемін. Ақыры шыдамадым. Шөп шабуға барғанда әкеме:


 

− Маған Жадыраны алып беріңізші, − дедім. Әкем таңырқай қараған.


 

− Қай Жадыраны?


 

Біздің ауылда бір ғана Жадыра бар. Советқалидың қызы. Әкем түсінді. Шет жағасын естіген де тәрізді. Бірақ сенбеген. Енді өз ауызымнан естіді. Үндемеді. Тоғызыншы шалғыны толғай тартып, бедені жапыра шауып менен ұзап кетті.


 

Түскі шайды сораптап ішіп отырған кезде әкем менің көзіме тіктеп қарады да мырс етіп күлді.


 

− Сен өзі әйел алуға жарап қалдың ба? − Тікенектей қатты қолымен басымнан сипаған, − алдымен мектебіңді бітіріп ал, сосын қалаған қызыңды әперем.


 

Жүрегім қалаған қыздың менің мектеп бітіргенімді күтіп жүре алмайтынын әкем қайдан сезсін. Сол жылғы күз түпей-ақ Советқалидың үйі алыс аудан орталығына көшіп кеткен...


 


 

* * *


 


 

Концерттен көңілсіз шығып кеткем. Сол қолымның кішкентай бөбегінен қыса ұстаған ұлым ыңылдап ән айтып келеді екен...


 


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Р И Н Г


 

 

І-раунд.


 


 

Рингке көтеріліп келе жатып, көк бұрыштағы қарсыласыма ұрлана қарадым. Жоқ, бұрынғыдай емес. Денесінің шиыршық атып жинала түскендігі көзге бірден ұрып тұр. Буылтық-буылтық білегі, қоладан құйғандай тырсиып тұрған кеудесі залдың айқыш-ұйқыш жарығына еркін шомыла жалтылдап, адамның үрейін ұшыратын ерекше бір серпінмен жұлқынады. Резеңкелі арқаннан өте бере рингке шығар алдындағы жаттықтырушымның соңғы пысықтап айтқан сөзін есіме алдым. «Ал, арманың орындалды. Ең бастысы, жүрегіңе қорқыныш пен өзіңе деген сенімсіздік ұяламасын. Ол - ауру. Бойыңа бір кіріп алса құтылуың қиын болады. Мен сенің тактикаңа, техникаңа мін тақпаймын. Тек ашуға берілме!». Ақырын ғана секіріп, қол-аяғымды еркін сілкілеп алдым. Ол болса қолғабымен ауаны осқылап, ерсілі-қарсылы жүр. Жүрісі нық. Сенімді. Осы тұрысының өзі менің бойыма қорқыныш дертінің дәнін сеуіп кеткендей еді. Қаймығып тұрмын. Білемін бұл жігітті. Есімі – Махмуд. Тіпті жақсы танимын десем де болады. Менен бес-алты жасқа үлкендігі бар. Ұлты басқа. Әйтеуір, қазақ емес. Шамасы, тау ұлтының біріне жақын. Біз бірінші курсқа келіп түскен сарыауыз балапан кезімізде «спорт шебері» деген атаққа қол жеткізген. Қазіргі бағындырған биігі де бес батпан. «Екі дүркін әлем чемпионы». Тым мақтаншақ. Адамгершіліктен сәл адалау жігіт. Көзім көрген.


 

Қарсыласыңның өзіңнен үстем екенін жан-жүйкеңмен сезінуден асқан қорлық жоқ. Ол екеуміздің бір салмақта олимпиада жүлдесіне таласатынымызды естігенде, алғашында қатты қуанғам. Артынан сәл басылдым. Өйткені, басқа салмақтағылардай емес, біздің салмақта бір ғана жолдама. Кім ұтады, ертеңгі олимпиада алауы астында бағын сынау құқығына сол ие. Бұның алдында олимпиада жолдамасын сарапқа салған Ташкенттегі турнирге қолымдағы жарақатым жазылмай қатыса алмай қалған едім. Бұл жолғы майдан - соңғы мүмкіндік.


 

Менің салмағымда бақ сынасатын боксшілердің аты-жөні белгілі болғанда аса қобалжи қойған жоқпын. Көбі әлі тәжірибесі аздау, үлкен додаларға енді-енді қатысып жүрген, есімі көпке белгілі бола қоймаған жастар еді. Өзімнің де дауыл тұрғызар атағым шамалы. Бүгінгі сында төрешілердің бір ауыздан жүлдені қанжығасына еш күмәнсіз байлау бақытына ие болған тек Махмуд қана. Шаппай алады деген. Атағымен ат үркітіп жүрген оның әзірге мерейі үстем, салмақ өлшеуге, залға жаттығуға келгенде байқап қаламын, өзін тым жоғары бағалайтын ақсүйектік келбетпен паң басып жүр. Финалда басты қарсыласым болуы мүмкін деген оймен азулы боксшінің шаршы алаңда өткізген ойындары түсірілген таспаны қарап шықтым. Мұқият зерттедім. Біздің елден кеткеннен кейінгі оның ойын өрнектері тіпті де құлпыра түсіпті. Қимыл-қозғалысын, тактикасын толық ашып көрсетпейді. Біртүрлі, жұмбақ.


 

Бұрындары екеуміз бір жұдырықтасып алғанбыз. Рингте емес. Жатақханада. Жұдырықтасқанда... мен оған тіпті қолымды да тигізіп үлгермегем. Ол мені күрзі жұдырығымен бір періп, талдырып кеткен. Бірақ мен ол кезде бұл жігітпен байланысам деген ойда емес едім, айқаса кетуге де дайындығым жоқ-тын. Содан менің кеудемде оған деген кектің қара дағы қатып қалған. Таяқ жегенім үшін емес. Әңгіме басқада...


 


 

* * *


 


 

Төреші екеумізді ортаға шақырды. Жақындадық. Сүзеген бұқаға ұқсап маған қалың қабағының астынан жанарын қадап тұр. Суығын-ай, көзінің! Төреші бірнәрселерді былдырлады. Біздегідей «Бір-біріңді сыйлаңдар! Тыйым салынған әдістерді қолданбаңдар! Белден төмен ұруға болмайды! Тартымды ойын өткізіңдер!» деген болар. Екеуміз өз бұрышымызға қарай жылыстадық. Енді тағы да қарсыласыма дұрыстап қарадым. Жеп жіберетіндей. Гонг үні. «Бокс!». Алаңның ортасына қарай ұмтылдық. Тізгінге талас. Ол еркін жүр. Шамасы, өзін мен үшін алынбайтын қамалға балайды. Көрерміз, кімнің-кім екенін! Кіжініп қалдым. Аңдысу басталды. Оң қолым сәл төменге түсе беріп еді, көзді ашып-жұмғанша оның сол жақ жұдырығы ашық қалған жағыма сақ ете қалды. Теңселіп кеттім. Келесі жұдырығы екінші жағымды жанап өтті. 2:0. Арқанға тірелдім. Дереу қорғанысқа көштім.


 

Ол менің есеңгірегенімді пайдаланып, тұқыртып алмақшы болған ойын айқындап қайта-қайта шабуылға көшті. Тіпті, екі-үш соққысы діттеген жеріне тиіп, делебесі қоза түсіп еді. Екеуміз құшақтасып тұрып қалғандықтан, төреші бізді ажыратып, ортаға шақырып, ойынды қайта бастауға мүмкіндік берді.


 

Тынысым ауырлап бара жатыр, бірақ, бұл уақытта мен санамды серпілтіп үлгерген едім. Тіпті оған деген ашу-ызаны да бойымнан қуып шықтым да бұл айқасты жәй күндері өткізетін спарринг ретінде қабылдадым. Оның маған дүрсе қоя бермек ойының тас-талқанын шығарып, оң қолыммен алдай отырып, бүйрек тұсынан ауыр екі соққы бердім. Таблоға көзім түсті: 5:2. Залдағы көрермендердің де шуылы бір сәтке тынши қалған. Енді алыстан аңдыса бастадық.


 

Ресми рингтен тыс күндері мен өз залымда күмбірлі күйдің барынша дауысын шығарып қойып, билей жаттығатынмын. Би ырғағымен тербеле жүріп, шапшаң қимылдармен қарсыласыңның жүйкесін шаршатуға болады. Бірде оңға, бірде сол жақ тұсына шыға жүріп, алыстан орағыта соғып кетіп те ашуландырасың. Ал ашуланса, онда оның қорғанысы сыр бере бастайды. Көрермендердің айқай-шуын, қолпаштаған, кекеткен сөздерін санаңнан сылып тастауға музыканың әсері мол.


 

Бұл раундта екеуміз де толықтай қорғаныс шебінде болдық. Тек, соңғы ондаған секундтың ішінде бір-бірімізге екі-екіден «сыбаға» беріп үлгердік.


 

Өз бұрышыма келгенде жаттықтырушым:


 

− Тым жақын қашықтыққа тартылма. Оның фундаменті бізде қаланған. Сенің сырыңды толықтай біледі, − деді.


 

Ия, оның қолы қысқа. Ішіңе кіріп алса, тоқтаусыз соққының астына алады.


 

Бетіме суық су шашып, орамалмен тер болған денемді желпіді, артынан мойын тұсымды сүртті. Секундант.


 

− Алыстан ұста, − деді жаттықтырушым. − Күшіңді көп сарықпа! Кубалық әдісті пайдалан!


 

Гонг.


 


 

* * *


 


 

Жатақхананың тұрмыстық бөлмесінде тамақ ішкен ыдыстарымызды жуып жатқам. Кезек менікі болатын. Сағат шамасы түнгі 12-ден кеткен. Бұл - студенттер үшін жата қоятын уақыт емес. Біреулерінің кешкі ауқаттарын енді ішіп жатқан, енді бірінің тамақ жасаудың әуресіне түсіп жатқан мезгілі. Кенет дәлізден қыз баланың құлындаған дауысы естілді. Таныс сияқты. Қарсылықты, әрі шошына шыққан үн. Ұзына біткен зал ішін жаңғыртып әкетті. Санамның саққұлақ түйсігі әлгі үннің Жазираның дауысы екенін ұқтырып үлгерген еді. Бірақ та не үшін шыңғырғанын түсіне алмадым. Мүмкін бір нәрседен шошып кеткен болар деген ой келді басыма. Дереу тұрмыстық бөлмеден жүгіріп шыққам. Шықтым да, сілейіп қатып қалдым.


 

Біздің факультеттің соңғы курсында оқитын, осыдан бір апта бұрын ғана өткен халықаралық турнирде алтыннан алқа тағынып, ректордың қолынан марапаттау қағазын иемденген жігіт... Атын есіме түсіре алмадым. Оның қасында мен танымайтын, ұзын қара сүртігі тізесінен төмен түскен кең иықты қара-сұр жігіт. Мыжық құлақты. Шамасы күреспен айналысатын болуы керек. Екеуі Жазираны күштеп көтеріп алған. Ниеттерінің оң еместігін ұқтым. Жеңімпаз оның ауызын бір қолымен жауып алған. Ұзын сүртігі тізесін соққан жігіт тынымсыз ербеңдеген аяқтарын қыса ұстапты.


 

Жазираның сіңілісі педагогикалық институтта оқитын. Қалада туыс-туғаны болмағасын әпкесі екеуі біздің жатақханадағы бір бөлмені жалдап тұратын. Жазира болса осындағы балабақшада тәрбиеші. Ауылдың сүп-сүйкімді қара қызы. Ашып айтпағанмен оны ұнататынмын.


 

Осы күзде ғана жатақханаға орналасқан бірінші курстың студенттерін түнгі сағат төртте өзімізбен бірге оқитын Жасұландардың бөлмесіне жинап, «общягтың» жазылмаған заңдарын үйреткен, «старшактың» айтқаны әманда заңды әрі дұрыс екендігін бірнеше мәрте жуан жұдырығымен пысықтап «түсіндірген» боксшы Махмуд біз қатарлас «сарыауыздар» тұратын 13-бөлменің есігін асығыстау ашты. Демек, оларды да бөлмесінен қуып жіберген болды. Жазираны көтерген екеуі лып беріп ішке еніп кетті. Ол жанұшыра тағы да шыңғырып жіберген.


 

Тағылық көрініске таңдана қарап, состиып тұрып қалыппын. Ащы айқай дір еткізді. Шамам жетпесін ұғынғаныммен, қашан да еркектің көмегін қажет етіп тұратын қызды құтқару керек деген ой санамды осып өткесін тұра жүгірдім. Есікті жаба берген Махмуд мені көрген. Далбалақтап жетіп барғанымда оның оң қолы көтеріле берді де, көзімнің алды қарауытып, уақытша ұйқы құшағына тарта жөнелді. Дауыстар күңгірлеп естілді. Жағымсыз қарқыл ұзаққа созылып барып, біржолата сөнді.


 

...Есімді өзімнің төсегімде жидым. Маңдайымда суланған орамал.


 

− Мұрының сынып кеткен сияқты.


 

− Тыныстағанда ауырмай ма?


 

Екеуі төне қарап тұр. Сатай мен Нұрым.


 

Айналама мағынасыз ғана көз тастағам. Не болғаны енді есіме түсе бастады.


 

− Аналар қайда?


 

− Кетіп қалған, − деді Сатай.


 

− Жазира ше? Жазира... Ол қайда?


 

− Ол... ол бөлмесінде болуы керек.


 

Ақырын көтерілдім. Мұрынымнан басталған шаншу жоғары көтеріліп, маңдайыма жетіп, миыма біртіндеп жайылып бара жатқандай солқылдатып жіберді. Теңселе басып есікке жеттім. Жазира бізге қабырғалас көрші бөлмеде тұратын. Есіктері жабық. Соққылай бастап едім іштен: «Кім?» деген дірілге толы аянышты үн шықты.


 

− Жазира, Жәзөк, бұл мен ғой, есікті ашшы.


 

Өкініш пен өксік тамағыма кептеліп, көзім жасаурай бастағандай.


 

− Жоқ, өтінем сенен, кетші. Кірмеші.


 

− Аш дейім!


 

− Кетші... кет! − Ол жылап жатқан еді.


 

Вахтаға қатар орналасқан комендант Шухраттың бөлмесіне келдім. Қырыққа таяған, қатыны жоқ, сәнқойлау, майысып қалған еркек.


 

Вахтаның жарығы сөндірулі. Шухраттың есігін түн түгілі күндіздің өзінде бекітіп алатынын жақсы білемін. Жатақханаға кешке тақыр бастар келгенде жарығын сөндіріп, шықпай қоятын әдеті бар. Қорқатыны бар несіне басқарады екен?! Зығырданым қайнаған. Ішкі тәртіпке сол жауапты. Сәл шегіне беріп есігін аямай тептім. Залдың мол жарығы менен бұрын тоғанды бұзып өткен асау өзендей ішке қарай лап қойғанда күңгірт тартқан бөлменің терезе түбіндегі кең кереуетінен екі адамның басы көрінді. Комендент атып тұрған. Үстінде лыпасы да жоқ. Маған бір, төменгі жағына бір қарады. Сасқалаптап, кереует үстіндегі ақ жайманы жұлып алып әуретін жапқан. Ендігіде оның серігі – бұйра шашты, кеудесін жүн басқан грузин тектес еркек аймандай болып жатты.


 

− Не... не... не болды.., не керек? − Дірілге ұласқан толқымалы дауыс.


 

Серігі мен маған кезектесе қараған. Есіне түскен болуы керек, дереу жүгіріп келді де есікке беліндегі ақ жайманы тұтты.


 

Артына бір бұрылды да маған:


 

− Егер де айтып қойсаң жатақханадан қуыласың! − деді. − Бірақ... айтпайтыныңа сенем... − Жәудіреген жанары жалынышқа толып тұр.


 

− Әк-кеңді...! − Айналдым да кете бардым.


 

Ол маған дым да деген жоқ. Есігін көтеріп жатқанын сездім.


 

Сол түні таң атқанша көз іліндіре алмадым. Қаңғыбас Күн жер бетіне жарығын молынан төге бастағанша жылаған қос қыздың үні жүрегімді найзағайша тынымсыз осқылап шығып еді...


 


 

 

ІІ-раунд.


 


 

Ол ортаңғы шеңбердің ішіне екі-ақ аттап жетті. Екеуміз тағы да аңдыс айқасқа көштік. Бір мектептен тәлім алғасын, шаршы алаңда тыңнан түрен салу да қиынның қиыны. Ашылып көсіле алмайсың.


 

Оның осал тұсын тапқан сияқтымын. Әзірге тек долбар. Нақты қолданып көрмеген соң тікесінен кетуге де болмайды. Қырсық шалғанда өз қателігің өз басына пәле болып жабысуы да ғажап емес. Сондықтан оның маған мәлім болып тұрған бұл тұсын әбден тексеріп алған абзал. Жаттықтырушым мені осындай сабырлылыққа тәрбиелеуші еді. Ашық әрі әлсіз тұсты ұтымды пайдалану бар да, оның осы тұсқа қорғаныс әрекетін күшейту арқылы көп күшін жұмсай әлсірету әдісі де бар. Орнымен қолдана білген адам екеуінің де сәтті орайын таба алады.


 

Залдағы көрермендер шулай бастады. Біздің ашық айқасқа түскенімізді қалайтын қаншама көңілдің тілек-талабы зал ішін дүрілдетіп алып барады. Осыны құптағандай қарсыласым да құлшына бастады. Әуелі тік соққы жасады. Мен де өз тарапымнан жанама бір соққы беріп өттім. Бірақ, екеуміздің де соққыларымыз тым әлсіздеу болды. Мен оның жойқын соққының егесі екенін жақсы білетінмін.


 

Қарсыласымның ойын тактикасын өзгертуді қалап, бастапқы тіктұрысынан оң жақ аяғына ауыса бергенінде оң қолыммен алдай отырып оған сол қолыммен апперкот1 бердім. Діттеген жеріне барып тиген сол жұдырығым оны есеңгіретіп жіберген сияқты. Шайқалақтап барып қайта қалпына келді. Ауыр соққыдан қарсыласының көз алдының тұманданып кететінін бокстің әліппесін өткен кез-келген былғары қолғап киген адам жақсы біледі, − мен де оның жанына екі аттап жеттім де, тағы да сол қолмен жасқай беріп, оң жақ бүйректен соққы жасадым. Қорғаныстағы қолдарынан қауіп бола қоймағасын осы соққыны екі мәрте қайталадым да сол қолмен жақтың тұсынан жанамалай ұрдым. Бар денеммен салмақ сала ұрғандықтан бұл соққының оған жеңіл тимегенін ойлап үлгергенімше ол құлап түсті. Қызығы, құлап жатқан жерінен дереу атып тұрды да есеңгіреп барып қайта сылқ етіп отырып қалды. Нокдаун! Орнынан толық тұрғасын маған қайта шабуылдауыма зор мүмкіндік тиген. Тіпті, оның орынынан есеңгіреп атып тұрған кезінде апперкот немесе хок2 беріп оны біржолата нокаутқа жіберуіме де болатын еді. Оған толық сенімді болатынмын. Бірақ та бейшара боксшылардың әрекетін қолданғым келмеді. Төреші оның қасына жетіп барды: Wan.., too.., theree.., four.., fife.., six.., seven..! Ол ауыр дем ала орнынан көтерілді. Терең тыныстап алуына үш-төрт секундтық мұрсат бердім де қолымды қалыпты көтеріп, жақындай түскенімде гонг үні естілді.


 

Оның жаттықтырушылары дереу рингке атып шықты да үсті-басын сүрте бастады.


 


 

* * *


 


 

Сол оқиғадан кейін бір ай өткесін ғана Жазираның сіңілісі Нәзираны жатақханадан кезіктірдім. Емханадан шыққаныма екі аптадай уақыт болғанда бөлмедегі қалған заттарымды алып қайтуға келгем.


 

− Жатқан жері жанаттың төрі болсын!


 

Ол басын изеген. Үндемеді. Көзі жасаурады.


 

− Үй іші жақсы ма? − Сұрағымның орынсыз шыққанын кеш ұқтым. Өзім де ыңғайсызданып қалдым.


 

− Әйтеуір... жүр ғой.


 

Екеуміз де төменге қарадық. Аз-кем үнсіз, қимылсыз қалдық.


 

− Ештеңе жазып қалдырмапты ма?


 

− Иә. − Ол басын изеген. − Жүріңіз, − деді өзінің бөлмесіне қарай бастап.


 

Жұпыны ғана бөлме. Бетіне түрлі суреттегі сағыз орамасы жапсырылған айнасы бар сықырлауық есікті ескі шифонер. Бұрышта сұр компьютер. Жазираның төсегінің басында ілулі тұрған әнші Тоқтар Серіктің суреті көзіме оттай басылды. Марқұм жақсы көретін. Үнемі оның әндерін ыңылдап айтып жүретін. «Табам деп әділдікті. Соғылды тасқа маңдай. Арылтар ауыр жүкті, Қиналдым дос таба алмай...». Біздің бөлмеге келген сайын Нұрымға осы әнді домбырамен айтқызып қойып, мұңға батып тыңдайтын.


 

Нәзира төсектің астында жатқан ескі чемоданның ішкі қалтасынан төртке бүктелген қағазды алып маған ұсынған.


 

− Қайтыс боларының алдында бәрімізге жеке-жеке хат қалдырыпты. Мынаны, − ол хатты нұсқады, − әкем маған берген. Сізге жазыпты.


 

Қағазды аударыстырып қарадым. Қиық бұрышына «Аланым» деп оюлап жазыпты. Ақырын ғана аштым. Сүйріктей тізілген қиғаш қара әріптер.


 

«Алан...

Сіз менің көлеңкелі өміріме нұрлы күндей шуағыңызды жаңадан шаша бастаған едіңіз. Салқар сезімді лекіте жұтқан жүрегім бір жамандық боларын сезгендей үнемі қобалжу үстінде жүретін. Мен оны сіздің өміріме енгізген жаңалығыңыздың нәтижесі болар деп шатасыппын. Әттең, тағдырым маған ашық аспанды жазбапты. Қайғының бұлты қашан да сейілген емес. Тек, соңғы кездердегі сізбен кездесуім ғана жаныма жылулық силаған. Оның өзін көп көрген сияқты.

Мені нәпсіқұмар немелер күштеп көтеріп әкетіп бара жатқанда артымнан жүгіріп келе жатқан сізді көріп қалғам. Соны көңіліме медет тұттым. Міне, міне, келіп қалар деген үмітімнің ішегі үзіліп, дүн-дүние дөңгеленіп сала бергенде мені дүлей күштен сіздің де құтқара алмағандығыңызды сездім. Бірақ, сізді кінәлаудан аулақпын.

Бәрі өтті ғой... Болашақ жарыңның төсегіне таза бара алмағасын тұрмыс құрудың не керегі бар? Мені соңғы кездері осы ой көп мазалады. Қабығын жармаған палақ жұмыртқадай пәстеніп өмір сүргеннен, елдің азапты сөзінен құтылғанды жөн деп таптым. Өзекті жанға бір өлім ғой, Алан. Ата-анам, туғандарым қайғырып жылар. Бірақ та, уақыт өте келе менің бұл жалғанда өмір сүргенімді, бар болғанымды бәрі ұмытады. Түптің-түбі ұмыт болуға жаралғасын, бүгінің не, ертеңін не, бәрібір емес пе.

Тауыққа жұмыртқа туу үлкен дәретін саңғығандай жеңіл болса адамдарға да қылмыс жасау соншалықты оңай екен.

Алан, сізге көп нәрсе айтқым келеді, бірақ уақыт тапшы. Мен сізді жақсы көрем, көре де берем.! Осы сөзді жаныңызда жүргенде талай мәрте айтуға оқталғам. Бірақ, айта алмадым. Неге екенін өзім де білмеймін. Мүмкін... жаным...»


 

Алдымда тұрған үстелді жұдырығыммен салып қалғанда Нәзира селк ете түскен. Бос қалған кесе мен тәрелке, қасықтар сылдырлап сала берді. Құлағыма әлсіз ғана шуыл естілді. Құмның сусылы сияқты.


 

Бұқар жырау көшесіндегі қалың ағаш ішімен жүгіріп келем. Бейне алдымда Жазира күтіп тұрғандай. Оның үстіне жатақханадан бір сәтке безіп кеткім келген. Тауды аңсадым. Айқайлап жылағым келді. Екі өкпем қолымда.


 

Кенет жерге жалп ете түстім. Неден, неге шалынғанымды ұқпадым. Оңбай құлағаным соншалық, мұрынымнан жып-жылы қан сорғалады. Қасқа тісімнің түбі сыздап, мидағы қан тамырларымды біреу қолмен күштеп тартып, жұлып жатқандай. Шеткі орындықта отырған бір топ қыз-жігіттер әй, күлсін келіп. Қарық болды. Орысшалап мені мазақтаған. «Апаңнан адасып қалдың ба, балақай?» деп сыраны сыздықтата ішіп отырған жирен шаштысы кекетті. Жарық төбесіне молынан түсіп тұр екен. «Жоқ, әлде, шәкіртақы алып, «старшактарыңнан» қашып жүрген студентсің бе?». Темекісі толық тартылып бітпесе де жанында тұрған қоқыс жәшігіне салуға ерініп, аяғының астына тастай салған жалпақ бет, ұзын шашты семізі де селкілдей күлді.


 

Ызаға булығып орынымнан көтерілдім де жандарына жақындап бардым. Беймарал. Менен ешқандай қауіп күтіп тұрған жоқ. Өздерін Алматының қожасындай сезінеді. Бойымды билеген ашудан сөйлей алмаймын. Жазираның өліміне осылар кінәлі сияқты. Таяп келдім де жирен шаштының қолындағы сыра бөтелкесін жұлқи тарттым. Ол орындықтың арқалығына тізесін бүге қонақтап отырғандықтан өз денесін ұстай алмай, екпінімен шалқалай құлап түсті. Айнала беріп семіз сарыны құлақ шекеден сыра бөтелкесімен пердім. Шиша жерге шашылып түскен. Сыңғырлап сала берді. Семіз екі қадам аттады да тізесімен шөге құлады. Қыздары шыңғырып жіберген.


 

...Екі күн Бостандық ауданының ішкі істер бөліміндегі изоляторда «құдайы қонақ» болып жатып шыққан соң мен жатақханамен біржолата қоштасып кеттім. Алматының шетінде тұратын алыстау туыс болып келетін ағамның үйіне көштім де, жаттығуыма алаңсыз кірістім. Содан қайтып Нәзираны да көрмедім.


 


 

 

ІІІ раунд


 


 

− Алан, Алан, саған не болды. Есіңді жи!


 

Жаттықтырушымның қорғасындай ауыр алақаны ойымды бөліп жіберді.


 

− Алан, соңғы раунд. Кубалық әдісті пайдалан, өйткені ол әлі тың. Бізге ұпай керек. Қуалама, қашқақтай жүріп ұр!


 

Жаттықтырушым тынбай сөйлеп жатыр. Көзіне қарадым.


 

− Саған не болды? Терең тыныс алшы.


 

− Ринг деген өмір екен ғой, иә, аға?


 

Жаттықтырушым таңырқап қалды. Көзінен байқадым.


 

− Көздің болғаны қандай жақсы, аға, бәрін көруге, айтқысы келгенін бірден ұғуға болады.


 

− Алан, мен сені түсінбей тұрмын.


 

− Аға, мен оның көзінен мәңгілік қорқыныш пен сенімсіздікті көрдім. Оның спорттағы жолы осы раундпен тәмам. Және...


 

− Сен мені тыңдашы, Алан. Артық ештеңе жасама. Біздің мүмкіндігіміз 90 пайыз. Алда Олимпиада күтіп тұр. Өтінем, тек шеңберден шықпашы.


 

− Және... менікі де... Кешір Жәзөк...


 

Төреші рұқсатынан кейін қарсыласым бірден шабуылға көшті. Оңды-солды жұмсаған соққысынан қорғана шегіншектеп, арқанға тірелдім. Екпіндеп келіп, тосылып қалған сәтінде жойқын күшке ие сол жұдырығымды иегінің астына бағыттадым. Бағыттадым да Махмудтың осы соққыдан кейін тұра алмайтынын пайымдадым. Бұл кезде шықшыт тұсыма тиген қарсыласымның алапат күшті оң жұдырығы менің де сегіз секундтың ішінде есімді жинай алмайтыныма оның сенімін нықтай түскен еді.


 

«Ринг - өмір. Өмір ешкімді аяған емес».


 

Соңғы пайымым санама сіңді де қараңғылық қойнауына тарта жөнелді...


 


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ЖЕРСАҒЫЗ


 


 

Ол лифтіге кіріп келгенде мен оған арқамды беріп тұрғам. Бірақ қабырғадағы үлкен айнадан бәрін көріп тұрмын. Көріп қана тұрғам жоқ, ашқарақ көзімнің жанарымен ішіп-жеп барам. «Түу, көзде де ұят жоқ». Ішкі ойым болса да көзімнің онымен санасатын түрі көрінбейді. Қасын әдемілеп қана сүрмелеп қиыпты. Қап-қара қой көздерінің магниті бар сияқты, өзіне еріксіз тартып тұратын түпсіз тұңғиық. Кірпіктері ұзын екен. Оны жақсылап тұрып тәртіпке келтіре екі жаққа қайқайтып, қайырып қойыпты. Аяғындағы қызыл етікке сәйкестендіріп алған-ау деп ойладым, қолынағы сөмкесі етігімен түстес болып, өзінше бір жарасым тауып тұр. Тізесінен сәл төменге барып тұйықтала тоқтаған қара джинсы шалбар, үстінде шолақ жеңді кофта. Шамасы, бәрін түгендеп болдым ғой деймін. Бет-бейнесіне тағы да тоқтала қарадым. Әдемілеп боялған астыңғы ерінінің сол жақ езуінде қалы бар екен. Дөңгелек жүзді.


 

Өмірімде қал көрмегендей әлгі қыздың астыңғы ерініндегі қалға қайта қадала қарадым. Айнадан әрине. Үңіле қарағаным соншалық, тіпті көзілдірігім де айнамен екі-үш мәрте «сүйісіп» қалды.


 

Ұқсаттым. Ұқсатқам жоқ, таныдым. Сол астыңғы ерінінен орын тепкен қал арқылы. Егер де құдай тағала сол қыздың екінші көшірмесін ксерокс аппаратынан бастырып шығармаса (ондай құдірет Аллада ғана бар-ау шамасы) мынау сол қыз. Білдім. Білдім де дегбірсізденіп кеттім. «Сөйлеу керек. Сөйлеу емес, ақымақ, сұрау керек». Өзімді іштей қамшылап қойдым да тамағымды қырнап:


 

− Сіз, Шырын емессіз бе?, − дедім.


 

Жанымдағы лифтіге тоғызыншы қабаттан мінген қыз күліп жіберді. Ал бесінші қабаттан отырған талдырмаш қызым маған қарап, кешіріңіздер, маған емес, мен үңіліп тұрған айнаға қарап:


 

− Иә, мен Шырынмын, − деді.


 

Масқара! Ұяттан өртеніп кете жаздадым. Әлгі қыз әлі сықылықтап күліп тұр. Кенет лифт есігінің жоғарғы жағында орналасқан көп сандардың ішіндегі «3»-нөмірді иеленген түймешенің жарығы жанды да есік ашылды. Әлгі күлегеш қыз ішін басқан күйі сыртқа қарай атылды.


 

− Сіз менің атымды қайдан білесіз?


 

Мен әлі айнаға қарап тұрғам. Енді кері бұрылып қыздың жүзіне тіктеп қарадым. Өзгермепті. Сол баяғы қалпы. Көзінен іңкәрліктің самал лебі есіп тұратын баяғы Шырын. Оның адамды баурап әкететін дидарына қарап тұрып, сұрағына жауап беруді артық деп таптым. Осы шешімге келдім де дереу кастюмімнің төс қалтасынан «Орбит» сағызын алдым.


 

− Алақаныңызды ашыңыз.


 

Шырын оң қолын көтерді де алақанын жайды. Бірақ түсінбей тұрғандығын жүзінен аңғардым. «Мынауың жарым ба?» деп ойлағаны кәдік. Сүйрік саусақтарды біріктіріп тұрған аппақ алақанға жастық тәрізді сағыздың бір данасын салдым да, сыртынан өзімнің қолыммен бүктіре қыстым. Шырын маған әлі де үркектей қарап тұр.


 

− Қазір қалтамда жер сағызы жоқ. Әзірше осыны ала ғой, − дедім.


 

Ол күліп жіберді. Әлемдегі барлық мөлдір тамшылардың сылдырлы тұнық үнін өзінің сыңғырлы қауызына сыйғызған әдемі күлкісімен...


 


 

 

* * *


 


 

Сіздерді қайдам, өз басым ең алғаш зауыттың жасап шығарған емес, далада өсетін жер сағызын шайнап едім. Бейқам жатқан Бұрхан даласын кесіп өтіп, ауылымыздың дәл іргесінен ағатын Арданың жағасында, одан сәл әрірек көктем мезгілінде тентек баладай долданып, жаз бен күзді моп-момақан ғана кейіппен өткізетін суы мөлдір Өссек өзенінің маңайында да мен айтып отырған жер сағызы қаптап өсуші еді. Бұл өсімдіктің атауы қандай екенін мен білмеймін. Білетінім, біздің ауылдың барлық баласының оны «жер сағыз» деп атайтындығы. Үйіміздегі үш-төрт Зеңгі бабаның ұрпағы қосылған паданы ауылдың басынан ғана күтіп алмай, Арданы жағалап, әкемнің әскерде бірге болған досы − Баратбай нағашымның үйіне дейінгі аралықта жер сағыз теретінмін. Өзі шөптесін өсімдік болғанымен кейбірі жұлынбай, адамды кәдімгідей әуреге салатын. Егер де оның собығын немесе бұталарын сындырып тастасаң да ертесі сол жерге қоп-қоңыр болып оның сүті ұйып қалатын еді. Бірақ оның қайсыбірін сындырып, ертеңге дейін күтіп отырасың. Ал тамырынан алынатын сағыз топырақпен араласқан, қиқым тастармен көмкерілген кейіпте шығатын. Оны өзен суына жуған болып, аузымызға тықпыштайтынбыз. Топырақ пен тас қиқымын шайнай-шайнай сағыздың құрамынан «қуып» шыққасын ғана жер сағызымыз жөнге келетін. Кейде жер сағыздың қызығына түсіп алып жанымнан қаптап өткен сиырларды да байқамай қалушы едім. Негізі менікі сылтау. Біздің сиырлар алдынан күтіп алуды да қажет етпейтін. Өзінің күнде жүгері үгіндісінен жем жеп жүрген үйін сиырлардың ішіндегі ақымағының ақымағы да ұмытпайды. Падаға жаңадан қосылған тана-торпақтар ғана адасып кетеді демесең, мен ес білгелі падаға әкемнің айдауымен баратын үш сиырымыз кешке өздері-ақ өңкілдеп жетіп келетін.


 

Бірде, сиырдың өрістен қайтуына әлі де біраз уақыт бар болғандықтан аңсарым ауып, бір шетінен үйдегі әпкелерімді қуантайын деген оймен Баратбай нағашымның үйін жағалап жүргем. Оның үстіне өзімнің де шайнай қоятын жер сағызым жоқ болғандықтан, есік алдында өсіп тұрған ерте пісетін шиенің түбіндегі кім әкеліп тастағаны белгісіз қара смоланы шайнай-шайнай тістерім қарайып кеткен-тұғын. Соның ызасынан жалпия өскен жер сағызын бырт-бырт жұлып жатырмын. Өсімдіктің тамырына жабыса біткен сағыздарды тазаламай қалтама тоғыта саламын. Егер де шайнағылары келсе өздері тазалап алар деген ой. Әпкелерімнің. Үшеуміз қосылып алып қара смоланы шықырлата шайнағанда анам сыпыртқысын ала жүгіруші еді. Біз тым-тырақай қашатынбыз. Қара да тұр, осыдан екі қалта қылып жер сағыз апарып, анама да бермесем... деген ой кейін мен смоланы шайнап жүргенде ұрыспайтын шығар деген есек дәмемнің төбесін көтеріп қояды. Осы ойым шабытыма шабыт қосып, жер сағызын жапырып келем. Бырт-бырт үзіледі.


 

Шұқшия үңіліп, жер сағызын теріп жатқам. Бірінші қалтам толды. Енді екіншісінің қарының қампайтсам, үш сиырды алдыға салып алып, ән айтып қайтуға болады үйге. Кенет, дәл көзімнің алдына екі қызыл төпли келе қалды. Мен жерде отырған едім. Өзім солай ойлаймын, әсілінде, жерде етпетінен жатқанмен бірдей еді. Өйткені кейбір сағыздар тамырмен бірге алынбайды. Түбінде қалып қояды. Енді топырақтың астында қалып қойған сағызды түрегеп тұрып шұқыламайсыз ғой. Тек отырып алып, егер де мен сияқты жанарыңыз нашар болса, онда тіпті жата түсесіз. Сөйтіп шыққысы келмеген жер сағызының желкесінен суырып алып отырғам. Екі қызыл төпли көзіме оттай басылды. Ақырын басымды көтеріп қарадым. Мұнтаздай таза киініп алған сүйкімді қыз. Менің үстімдегі киімнің ұсқынын айтпай-ақ қояйын. Сізге де белгілі ғой, жерде аунап жатқан баланың киімінде қандай тазалықтың болатыны. Қарғып тұрдым да үсті-басымды қаққыштай бастадым. Дәп бір алдыма қалыңдығым келіп тұрғандай.


 

− Сен не істеп отырсың?, − деді қыз.


 

− Мен бе.., мен шұқылап.., ой, сағызды нетіп..., теріп. Жер сағыз. Ия, кәдімгі жер сағызын...


 

Мұғалімнің алдында бүйтіп қысылмайтын қасқаң, қыз алдында абдырап қалдым. Өзіміздің ауылдың қыздары болса ештеңе емес қой, бөтен қыз. Басқа ауылдікі болуы керек. Ұят-ай… Ұсқыныма қарап күлетін болды ғой.


 

− Маған да жер сағызын теріп берші, мен саған басқа сағыз беремін?, − деді осы кезде мені жаратқандай болып маңғаз тұрған қызыл төплилі қыз. Қызыл төплиін айта берді ғой демеңіз, мен байқұс сабаққа дайындалып келмеген баладай оның алдында белгісізден сүмірейіп қалғандықтан маған оның төплиі ғана көрініп тұр еді.


 

− Қандай сағыз?, − дедім мен оған. Басымды аздап көтере бастадым. Сірә, төмен қарап тұрғандығым киімімнің таза еместігіне ұялғандығым болса керек. Астыңғы ерінінің қалы көзіме оттай басылды.


 

− «Дональд».


 

− Ол қандай сағыз?


 

− Сен «Дональдті» білмейсің бе? − Ол маған қарсы сұрақ қойды.


 

− Білемін ғой, бірақ білгенде... не... сағыз.... − Өтірікті соғып жібергем. Басында айттым ғой, мен жер сағыздан басқаны көрмегем деп. А-а, тағы да қара смола бар екен ғой. Сағыз емес дейсіз бе? Сізге сағыз болмаса да маған сағыз болған бір кездері.


 

− Егер де сен маған жер сағызын теріп берсең, мен саған мына «Дональдті» берем. − Берем десе де ол маған сол сәтте «Дональдін» беріп тастаған еді. Әлде мен тағы да жабайылығыма басып, оның қолынан көз ілеспес жылдамдықпен жұлып алдым ба? Солай ғой деймін жобасы.


 

Сол күні мен үйге көңілді кірген едім. Бірақ екі әпкем мен анама сағыз таратып қуантамын деген ішкі уәдем ұмыт болған. Қалтамдағы бар жер сағызын беріп, оның маған берген «Дональдін» шайнап келгем.


 

− Балам-ау, күні бойы қайда қаңғырып жүрсің? − Анам менен тамақ үстінде сұрады.


 

− Түстен кейін балалармен Өстенге шомылуға барғам.


 

− Осы түннің қараңғысына дейін суға түсіп жүрсіңдер ме? Жаныңда кім болды? Асхат екеуің бе?


 

− Ия, Асхат екеуміз шомылдық. Сосын қайтарда паданың алдынан тостым.


 

− Соқ өтірікті, Асхат бағана түстен кейін шешесі екеуі Көкталдағы туысқандарына кеткен.


 

«Мә, расыменен, бағана Асхат Нұрлан ағамның үйіне кетем жатыр еді ғой. Неге өтірік айттым?»


 

Мен анам сөйлеп жатқан кезде Шырынды ойлап отыр едім, сосын анамның не сұрағанына мән бермеппін. Өтірік айтайын деген ойымда болмаған, тек Шырын туралы тәтті қиялыма кедергі болмасыншы деп жауап бере салғам ғой.


 

− Сиырлар сенің алдыңда бір сағат бұрын келіп алған, − деді анам табақтағы тамақты менің алдыма қарай қасығымен ысырып қойып.


 

− Бір сағат бұрын, қалай? Мен паданың алдынан шықтым ғой. Байтас ағаны да көрдім. Бүгін баласы Қуандық пада бағам деп сабаққа келмей қалып еді, өтірік екен, әкесі ғана бағып келіпті.


 

− Болды тамағыңды іше ғой. Тамақ ішіп жатқан кезде көп сөйлеме.


 

− Адамды көп сөйлетпес үшін көп сұрақты қоймау керек қой, − дедім ренжігендей болып.


 

− Сені бірдеңеге арандап қалды ма деп қауіптенгем ғой, жаным. Байқап жүрші әйтеуір.


 

− Өзіміздің мүйізі жоқ тоқал сиырды да, сары дөнежінді де, қара құнажынды да көрдім ғой...


 

Анам мырс етіп күлді.


 

− Көрсең бопты енді. Тамақ суып қалатын болды, тезірек ыстықтай жеп ал. Әкең де кешігіп кетті.


 

− Жоқ, енді неге сиыр менен бір сағат бұрын ерте келді деп айтасыз?


 

Тілімді тістей қойдым. Анам естімегендей болып орнынан тұрып кетті. Мен бағана Шырынның жүгері көрсе шыдап тұра алмайтын қашаған сиырын айдап апарысқан екем ғой. Түу, ақымақ басым-ай, анамды босқа ренжітіп алдым. «Өзіңнің сиырыңды апарсаңшы», − деген Шырынға, «менің сиырларым ақылды, үйге өздері-ақ барады», − деп мақтанғаным енді есіме түсті. Мен оның сиырын айдап апарысып, ауылдың аяғында тұратын, жолдасы соғыста қаза болған, қыздары мен ұлдары қарамай кеткен, кезінде Алматыдағы апарып тастаған қарттар үйінен қайтып келіп алған, содан бері жалғызбасты болып отырған Мүслімхан апаның үйіне келген қалалық қонақ қыз екенін біліп алғам. Айтпақшы қала болғанда, мынау іргедегі тиіп тұрған Жаркенттің емес, Алматының қызы.


 

Содан Шырын біздің ауылда бір жарым айдай болды. Осы уақыттың ішінде екеуміз бірге ойнайтынбыз. Мен оны ертіп алып Өстеннің суы таяздау жерлеріне апарып шомылдырам. Екеуміз бір-бірімізге су шашысамыз. Бұрынғы достарыммен көп араласа бермеймін. Шырынды да араластырмаймын. Мүмкін олардан қызғанатын шығармын. Ия, сөйтем. Кеш бата Баратбай нағашымның үйінің жанынан, Арданы жағалай жүріп жер сағызын тереміз. Мен жұлып алам, ол тамырдағы сағыздарды тереді. Қалтамызды сықтап алғасын сиырларды үйге айдап апарамыз. Мен көпше түрде айтып жіберіппін ғой, дұрысы оның апасының жалғыз сиырын. Бір жарым ай көзді ашып-жұмғанша өтті де кетті. Сабақтың басталуына бір апта қалғанда Шырын маған ертең мамасының келетінін, сосын өзінің қалаға қайтатының айтқан. Көңіл-күйім түсіп кетті. Тіпті сол сәт оны алып кетуге келетін анасын да жеккөріп кеттім. Бірақ амал жоқ. Сол күні мен үйге келіп, тамақ ішпеген бойда төсекке құлай кеткем.


 

Ертесі Мүслімхан апаның үйінің алдында шетелдің аппақ мәшинесі жарқырап тұрды. Мен сол үйді маңайлап жүргем. Шырын сыртқа шығып қалады ма деген дәме. Үстімдегі киімдерім тап-таза. Айтпақшы, Шырын келгелі бері мен таза киінетін болғам. Бір киген киімімді кешке әпкелеріме жуғызып алатынмын. Жоқ, болжамым алдамапты, бір уақытта Шырын әп-әдемі болып киініп, сыртқа шықты. Қуанып кеттім. Салып ұрып жанына жетіп бардым.


 

− Сен мені жақсы көресің бе?, − дедім салған жерден. Енді түні бойы дайындап, бірнеше мәрте қайталап, әбден пысықтап алғам ғой.


 

− Сен ше?, − деді ол. Менің құрған жоспарым бойынша ол маған сұрақ қоймауы керек еді.


 

− Мен... әрине.., мен... мен сені жақсы көрем.., − дедім.


 

− Мен де сені жақсы көрем.


 

− Мені ұмытып кетпейсің бе? − Түндегі дайындалған екінші сұрағым.


 

− Жоқ, ұмытпаймын. Келесі жазда тағы да келемін. Сен маған к-ө-ө-п жер сағыз теріп қоясың ба?


 

− Терем, − дедім мен, − екі дорба қылып теріп қоям.


 

Ол тотыққан жүзімен күлімсірей қарады. Қаладан келгенде аппақ еді. Менімен бір жарым ай бойына суға шомылып, жер сағыз теріп, кәдімгі ауылдың қара қызы болып шыға келген.


 

− Қазірге менде «Дональд» жоқ. Әзірше осыны ала ғой, − деп оған бір дорба жер сағызын бердім. − Алматыға барғасын тазалап аларсың.


 

− Менің енді «Дональдті» шайнағым келмейді.


 

Мен оған жалт қарадым. Мына сөз маған «мен сені сүйемін» дегендей әсер етіп еді. Оны бас салып құшақтай алдым. Осы кезде үйдегілер сыртқа шығып келеді екен. Мен Шырынды құшағымнан босатып қоя бердім де ұялғанымнан қаша жөнелдім.


 

Содан қайтып Шырын біздің ауылға келген жоқ. Апасы сол қыста қайтыс болып кеткен. Ол кезде үлкен кісілер ғана келді. Мен олардың ішінен қанша шарқ ұрып іздесем де Шырынды көре алған жоқ едім. Бірақ та сол алтыншы сыныпқа баратын кездегі алғашқы сезімге деген сағынышым әлі күнге дейін көңілімнің түпкірінде сақтаулы. Талай мәрте ең құрығанда бір рет ғана көрсем ғой деген тәтті қиялмен жастыққа бас қойғам.


 


 

 

* * *


 


 

Ол менің мойыныма асыла кетті. Мен де қуаныштан жарылып кетейін деп тұрғам. Қапсыра құшақтадым. Оның маған деген сағынышы мен сәруар сезімін көздерінен тамып жатқан жастары әйгілеп жатыр. Менің де көзіме жас келді. Сағыныштың, қуаныштың жасы.


 

− Сенсің бе?, − деді, − шыныменен сенсің бе? − Үнінде қуаныш пен шексіз бір бақыттың тынысы бар еді.


 

− Иә, менмін Шырын, менмін...


 

Екеуміз қайтадан құшақтаса кеттік. Кеудеміздегі қос жүрек бірге соғып, асыл сезімдер кеңістікте тоғысып жатқандай.


 

Лифт тоқтады. Есіктің жоғарғы жағындағы «1» санындағы түймеше жанып, есік ашылды. Адамдар біздің шығуымызды күтіп тұр. Ал, біздің құшағымыз жазылмайды...


 

...Мен расыменен-ақ жер сағызын сағындым. Сіз ше?..


 


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

АҚ ӨЛІМ


 


 

 

...Қара Ертіс қызыл қанға толы еді.


 

Тасмаңдай тағдырын арқалаған тасбауыр жандар тасқала ішіне жан бітірген шақ. Көлік қозғалысы мен адам қарасының қоюлана түсіп, еңсені езер көпқабатты ғимараттар енді-енді бауырын жерден ала берген сәтінде Шахан жеңіл киініп балконға шықты. Темекісін тұтатып, қала шетіндегі түтіні будақтаған ұзын мұржалы зауыттарға көз тастады. Сахар болмастан қаланың төбесін өндіріс ошақтарының газ бен түтіні жұқа ғана қаптап үлгеріпті.


 

«Түс түлкінің ...». Ауыр күрсінді. Түсінен шошып оянғалы ұйықтай алмап еді. Түнгі екіден бері көзі бақырайып жатты да қойды. Шылымның қою көк түтінін құшырлана жұтты. Қанша күннен бері түсіне кіріп, мазасын қашырған, абайсызда өлтіріп алған еліктің лағы жайлы ойланды. «Ия, сонау, бірінші курстың қысы еді ғой. Перизатты ауылына ертіп апарып, аң аулатқан. Көкесі қасқыр соққан. Ертесінде Шахан мен Перизат қоянға тазы қосты. Ақ көрпе жамылған дала төсін армансыз аралаған. Келесі күні...»


 

– Шах, ерте тұрыпсың ғой. Шай қоя салшы газға. – Нәзік үн жатын бөлмеден шықты. Темекесінің тұқылын балконда тұрып тастай салды. Еріне басып жуынатын бөлмеге беттеді.


 

– Бүгін түске таман баланы егуге апарам. Жұмыстарың қарбалас болмаса маған күн ауа хабарласшы, ия, жаным. – Үстіне жеңіл халатын іле салған әйелі дастархан басына отыра бере үн қатты. – Емханадан үйге әкеліп тастарсың. Қазір көшеде коляскамен жүру де қиын. Менің машинам кеше гаражда тұрып оталмай қалды. Базар күні уақытың болса жөндеуге берші.


 

– Жұмысқа бара көрермін. – Шахан күңк ете қалды. Жұмысына ерте баратын. Қызмет үстінде басқа шаруалармен айналысқанды жаны сүймеуші еді. Сонысын сездіргісі келмесе де жұбайына жарытымсыз жауап қайырған.


 

Тар көшелермен жұмысына тез жетті. Хатшы қыз ерте келген екен. Компьютер алдында монтиып қана отыр.


 

– Салеметсіз бе, Шахан аға!


 

– Амансың ба, Шынаржан. Неге ерте келіп алғансың?


 

– Үйімізде ремонт болып жатыр еді. Құрылысшылар түнімен ұйқы бермеді. Амалдың жоқтығынан ерте шығып кеттім.


 

– Шаршап қалма. Бүгін соншалықты тығыз шаруалар жоқ. Түстен кейін үйіңе барып демала ғой.


 

– Рахмет ағай. Жұмыс аяғына дейін отырармын.


 

Кабинетінде кірген бойда қабырғада ілулі тұрған кестеге көз жүгіртті. «11.00 – Қалалық құрылыс департаменті басшысының қабылдауына. 14.30 - №2 арнайы мамандандырылған мектеп-интернатында Халықаралық олимпиада жеңімпаздарын марапаттау» деп жазылған екен.


 

Үстел үстіндегі қара түймені басып қалып еді, қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз имене есікті ашты.


 

– Тыңдап тұрмын аға.


 

– Шынаржан, қоюлап кофе бере қойшы.


 

– Аха. Қазір бес минутта әкелем.


 

Креслосының арқалығын кере, шалқая жатты. «Қалалық құрылыс департаментінің басшысы не үшін кездесуге шақыртты екен? Жақсы таныс та емеспіз. Өзін жақында ғана келді деп еді осы қызметке. Менен ақыл сұрамақшы ма, әлде ортақ таныстарымыз бар ма екен...».


 

Есіктің қалай ашылып, хатшы қыздың жақындап келгенін де байқамай қалыпты. Байқар еді, алайда көзін жұмып, ойға шомып кетсе керек.


 

– Мінекейіңіз. Қоюлап дайындадым. Қант қоссаңыз жанында тұр.


 

«Әдепті бала. Еліктің лағындай сүп-сүйкімді. Дөп-дөңгелек көздері де ішкі жан-дүниесінің әдемі екендігін аңғартып, нұрын шашып тұрғандай».


 


 

***


 


 

 

Шахан қалалық құрылыс департаменті басшысымен кездесуден көңілді шықты. Өзі де бір елгезек жігіт екен. Бұның құрылыс компаниясы жайлы барлық ақпаратты біледі екен. Жасаған жұмыстарына дейін тізіп шықты.


 

«Қаламыз күннен күнге кеңейіп келеді. Шетелдік инвесторлар тартып жатырмыз. Бұл істен республика аумағында тәжірибе жинақтаған, Астанада бірнеше ғимарат салған сіздің компанияңыздың қалыс қалуына жол болсын, аға. – Жігіт ағасы Шаханға күлімсірей қараған. – Алдағы уақытта облыспен келісіп, бірнеше құрылыс нысандарын бастамақшымыз. Тендер ойнатылады. Қатысыңыздар. Сізбен бірлесіп жұмыс жасау маған да жақсы. Ең бастысы техникаларыңыз жеткілікті. Кейбір компаниялар тәрізді өтірік құжат жинап, техникамыз да, адамымыз да жеткілікті демейсіздер. Астанада қолға алған нысандарыңызды мерзімінен бұрын тапсырыпсыздар. Бұл сіздердің ұйысқан ұжым екендіктеріңізді көрсетеді. Және де ең маңыздысы сіз сияқты білікті басшының ел игілігі жолында аянбай тер төгіп жүргенінің өзі біз үшін мақтаныш».


 

«Қалай-қалай орағытады өзі. Өсейін деп тұрған жігіт екен, тілі жұмсақ». Шахан бұл жігітке бірден іш тартып кете алмады.


 

«Шәке, ашығын айтайын, менің бұл орынға жаңадан келгенімді жақсы білесіз. Тапсырылған істі артығымен орындағанды жақсы көрем. Өзімді көрсеткім келеді. Қаланың сәнін келтіреді деп жоспарлап отырған бұл нысандар менің алғашқы сынағым. Менің тағдырым да осы нысандарды қалай тапсыруыма байланысты. Сондықтан өзіме сенімді серіктес іздедім. Таныстарымның барлығы сіздің компанияны ұсынды. Барлық жұмыстарыңызды қарап шықтым. Ұнады. Тыңғылықты екенсіз. Ендеше бірлесіп жұмыс істейік. Мына тендердің кемінде екеуін сізге сеніп тапсырайық. Туған өлкеңіз үшін де бір керемет жобалар ұсыныңызшы».


 

«Бұрнағы кезде осы қалалық нысандар үшін ойнатылатын тендерлерге анау пісте мұрын, үйрекбас басшы болып тұрғанда жолатпаушы еді. Мына жігіт жөн білетіндей ме, өзі, қалай? Әлде шама жетпес шаруаларды итере салғысы келіп отыр ма?»


 

Бекер күмәнданыпты. Бұл жігіттің бір орында қалғысы келмейді екен. Өрден көрінгісі бар. Ол үшін алдымен өзінің пысықтығын дәлелдеу қажет. Қолынан іс келетіндігін көрсетуі тиіс. Оған көмек қолын бұның компаниясы соза алады екен. «Несі бар, бірлесіп жұмыс істеп көрейік. Өскемендегі спорт кешені бір аптаның ішінде қабылдаудан өтсе бұл шаруаларды да бастауға болады».


 

Негізгі шаруадан соң екеуі жайғаса отырып шай ішті. Департамент басшысы өзінің осы қызметке келгенге дейінгі жолдарын тьізбелеп айтып шықты. Арасында Шахан да өзі жайлы деректерден мағлұмат берді. Кездесу соңында алдағы шаруаларға бірлесе қимылдайтын болып, уәде байласумен аяқталды.


 

Қалалық әкімдіктен шығып келе жатып Шахан Шынар жайлы ойлады. «Сол қыздың айлығы жақсы ма еді осы? Барған соң бухгалтерден сұрайыншы. Қай жақтың қызы еді? А, ия, есіне түсті. Қаланың айналма жолында такси ұстап тұрған жерінен Шахан ала кеткен. Машинаға отыра бере еңіреп қоя берген бұл қыз.


 

Жөпелдемде аузына сөз түспей, бұл сасып қалды.


 

– Қарағым, бір жерің ауырып тұр ма? Емханаға апарайын ба?


 

Жылап отырған қыз басын шайқады. Солқылы басылмаған еді.


 

– Қаж-ж-жеті жоқ аға.


 

– Жаңа Семей жаққа бара жатырмын. Сол жақта тұрасыз ба?


 

– Мейлі, мына қаладан шығарып тастаңызшы мені. – Бота көздер жасқа шыланып, аяныш сезімін тудырған. – Көргім келмейді бұл қаланы.


 

Шахан жас қызға көз қиығын тастады. Мұнтаздай таза киінген. Ұқыптылығы да аңғарылып тұр. Шахан өзі кеш үйленсе де нәзікжандыларды бір көргеннен ажырата алатын тәжірибесі бар. Ал, мына, ойда-жоқта жолыққан қыз, «зәу де болса жас үйленген, ата-енесінің яки күйеуінің сөзін көтере алмай, үйінен ашуланып шығып кеткен тәрізді».


 

Күдігі алдамапты. Қыз сәлден соң сөзге келе бастады.


 

– Жаңадан тұрмыс құрып ем. Жолдасым Алматыға жұмыспен кеткен. Тойымыз да болған жоқ әлі. Үйдегі қайынсіңілім жеп болды. Отырсам опақ, тұрсам сопақ қылып, әбден қорлады. Шыдай алмадым.


 

– Қайынсіңілің де бір күні тұрмысқа кетеді. Саған көрсеткені өз басына келер. Ең бастысы күйеуіңді сүйсең болды емес пе. Махаббат деген ұлы сезім. Кім көрінгеннің басына қона бермейтін нәзік құс. Сол құсты үркітіп алмай ұстау керек. Басқасына көне бер. Уақыт өте келе реттеледі.


 

Білген ақылын айтқан. Үйіне қайтуға үгіттеді. Өз өмірінің мысалдарын тізді. Қыз жас болса да тәрбиелі отбасынан шыққандығын көрсетіп, әлден уақытта кері қайтуға көнді. Шахан оны үйіне жеткізіп салып тұрып, визиткасын ұсынған.


 

– Жұмыс керек болса хабарласа ғой. Саған лайықты қызмет тауып берем.


 

Рахметін жаудырып қала берген қыз араға төрт-бес ай салып барып хабарласқан. Дәл сол мезетте өзінің хатшысы басқа қызметке ауысып, орыны бос тұрған. Шахан бірден бос орынға Шынарды бекітіп жіберді.


 

Ия, сол Шынар міне, өзінің туған қарындасындай болып кетті. Бұның қайғысына да, қуанышына да қатар жүреді. Өз ісіне ұқыпты, тиянақты. Шаханға сонысы ұнайтын еді. «Осы мен Шынарды неге түскі ас ішуге шақырмаймын, а? Риясыз көңілмен отырып әңгімелесуге болады ғой. Баяғы оқиғадан кейін жағдайы қалай болды екен? Қиналып жүрген жоқ па?».


 

Дереу ұялы телефонынан Шынардың есімін тауып алды да, артынша жасыл пернені басты.


 

– Алөу, Шынаржан. Жұмыстамысың?... Мен қазір жиырма минутта жетемін... Төменге түсіп тұра ғой... Түскі асты бірге ішейік, ия... Жақсы...


 

Қолға алғалы бері құрылыс компаниясының жұмысы өрлеп тұрса да Шахан жеке шопыр ұстап дағдыланбапты. Бала кезінен әкесінің Москвичі мен су жаңа Жигулиінің о жер, бұ жерін шұқылап жүріп біршама меңгеріп алған. Мектепті бітірмей жатыр темір тұлпарды шыр айналдыратын болды.


 

Қалың ой үстінде Шахан жұмыс орнына қалай тез жетіп қойғанын сезбей де қалған. Күнделікті жаттанды көшелер келеңсіздіктерге ұшыратпай тез жеткізген. Офистің алдында Шынар тосып тұр екен.


 

Шахан көліктен түсе бойын жазды. Жауырын құрысып, беймаза күйге түскендей.


 

– Отыра ғой, Шынаржан. Жаңадан ашылған мейрамхана бар деп еді Жаңа Семей жақта. Барып қайталық, – деді көлігінің артқы есігін ашып, құрмет көрсете.


 

– Несіне әуре болдыңыз Шахан аға. Мен мына жақын жерден-ақ тамақтана салар едім ғой. – Шынар өзіне тән еркелікпен бұртия қалған.


 

– Жалғыз ас батпайды. Серік боп отырсаң дегем ғой.


 

Жеңіл машина орнынан жеңіл қозғалды.


 


 

***


 


 

 

Қарбалас тірлікте жан дүниесін қасаңдатып алған кез келген жанның бойынан өтіп, санасына тыныштық сыйлар нәзік әуен. Шығыс музыкасы. Мейрамхана іші қаракөлеңке. Әр үстелге бір бірден балауыз шамы қойылған. Романтикалық көңіл күй сыйлар ерекше аура.


 

Шахан мен Шынар шеткі үстелге жайғасты. Есіктен кіре бере бұларға қатарласқан даяшы ас мәзірін үстел үстіне ыждаһаттылықпен қойып, бұрылып кетті.


 

– Ал, Шынаржан, өзің тапсырыс бере ғой. Рөлде емессің, шарап ішсең де болады.


 

– Жо-жоқ, аға, шарап іше алмаймын.


 

– Онда мен аздап ішейін. Бүгін қалалық құрылыс департаментінің басшысымен кездестім. Олжалы шықтым.


 

– А, ия, кездесулеріңіз қалай өтті?


 

– Жалпы жаман емес. Жаңадан келген басшы екен. Біздің компанияны мақтады. Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істесек деген ниетін байқатты. Келер айда тендер ойнатылады екен, екі нысанды бізге бергісі келетінін де жасырмады.


 

– Охо, міне керемет. – Шынар қолдарын жеңіл ғана шапалақтады. –Құтты болсын Шахан аға!


 

– Ия, өзім де қуанып тұрмын. Туған қаламыздың тас қабырғаларында біздің де қолтаңбамыз қалатын болды.


 

– Аса қуаныштымын сіз үшін.


 

– Рахмет қалқам, бірлесіп жұмыс істейміз.


 

Даяшыға бірнеше салат, жеңіл-желпі тамақ, сусын, виски тапсырыс берген екеуі біраз үнсіз отырды. Үнсіздіктің өзі ән салып тұрғандай. Жиырма минутқа жетер-жетпес уақытта үстел үсті жайнап сала берді. Балауыз шамның жарығы да айналаға ерекше бір мейіріммен, махаббатпен жылуы мен нұрын қатар шашып тұрғандай.


 

– Шынаржан, сен осы қай жақтансың? Жұмыс істесіп келе жатқанымызға біраз болса да қай жердің тумасы екеніңді сұрамаппын да ғой.


 

Шынар ақырын күлді.


 

– Семейлік болып кеттім ғой аға.


 

– Жалпы туған жерің дегенім ғой...


 

– Алматының қызымын. Әке-шешем сол жақта. Осы өңірге келін боп түскем.


 

– Ия, ол жағын білем ғой. Астан ала отыр. – Шахан ортадағы салатты қызға қарай ысырып, хрусталь стаканға алма шырынын құйды. – Ал, мына тостты сен үшін алғым келеді қарындасым. Жас шаңырағыңа шаттық тілеймін!


 

Хрустальдың сыңғыр еткен дауысы тынық ауаны тіліп түсті.


 

– Осыдан кейін вискиді ішпей-ақ қойыңыз, аға. Көлік жүргізесіз ғой.


 

– Ә, ештеңе етпейді. Бүгін біздің жақсылығымыз. Сондықтан да, бәрі де кешірімді бізге.


 

Екеуі қосыла күлді. Әдемі саз бұлардың шаттығын іле көтеріп әкетті. Көңіл түпкіріндегі қайғы-мұңды қуып шығып, қуансаңшы, мейірленсеңші пенделер дейтіндей. Музыка ұзақ ойнап тұрды.


 

Тәтті әуенге елтіп отырған екеуін үстел үстіндегі ұялы телефонның қоңырауы селк еткізді. Шаханның әйелі.


 

– Анасы, шықтың ба емханадан? Ә, ия, ия, бір он бес-жиырма минут тоса тұршы ия. Міне, шықтым, жаным.


 

Екеуі даяшымен есеп айырысты. Шаханның күрең қызыл машинасының жанына келіп тоқтады.


 

– Сені үйіңе жеткізіп салайын. Бүгін жұмыс істемей-ақ қой. Көзің қызарып, дұрыс ұйықтамағаның көрініп тұр.


 

– Рахмет аға, мен біраз жаяу жүргім келіп тұр. Аспалы көпірден де жаяу өтіп көрмеппін. Ойланып, таза ауада біраз серуендеп жүрсем. Сіз жолыңыздан қалмаңыз. Жеңгеме сәлем айтарсыз. Байқап жүріңізші.


 

– Жарайды қалқам. Бірақ, аспалы көпірден жаяу өтем деп шаршап қалма.


 

Шынардың ұсынған қолын қаттырақ қысып, өзіне тартты. Бетінен сүймек болып әнтек қана ұмсына беріп еді, қыздың бал еріні оттай қарып өтті...


 


 

***


 


 

Вискидің буы бойына тарап, буындарына түсіп кеткендей. Көліктің терезесін ашты. Бәрібір кеуде тұсын күйдіріп бара жатқан ауырлықты сезінді. Шынармен болған арадағы ыңғайсыз жағдайдан бастапқыда ұялғандай да еді, артынша рахатқа бөлер айрықша әсер баурап алды. «Неткен керемет қыз. Жыламай жүрсе екен тек».


 

Шахан бір уақ өзінің некелі жары жайлы да ойланды. Институтта бірге оқыған, өз топтарының старостасы еді. Талдырмаш қана, тақылдап тұрған қыз топтағы он жеті баланы бірден өзіне қаратқан. Он жеті болашақ арихитектор мен құрылысшы жігіт бастапқыда біздің топқа қайдан адасып келіп қалды екен деп осы қызға таңырқай қарасатын. Артынша ай өтпей жүрек тұсын басып, түн баласы ұйықтай алмай, он алтысы дөңбекшіп шыққан. Ғашықтық сезімін білдірудің ретін таппай, бірі гүл ұсынды, енді бірі сымбатын сипаттап өлең жазды. Бірі орталық паркке барып суретші шалға портретін салдырып әкелді. Батылдауы киноға шақырды. Он алты жігіттен он алты түрлі сияпат көрген Перизат әуелгіде бұл топтағы жалғыз қыз болғандықтан жігіттердің көрсеткен құрметі болар деп ұғынған. Тек Шахан ғана маңғаз басып, он алтысы көрсеткен мезіреттің бірін де жасамады. Хат та жазбады, қалам да сыйламады. Есесіне қысқы демалыс кезінде ауылына қонаққа шақырды. Аң аулап, қансонарға шығаруға уәде берді. Қалалық қыздың аң аулау дегенде алабұртқан жүзіне қан жүгіріп, қуаныштың белгісі менмұндалап шыға келген.


 

...Сол жылы Алтайдың қысы ерекше қаһарлы еді. Күзде ғана архитектордың оқуын оқимын деп қалаға аттанған баласын әке-шешесі қатты сағыныпты. Сыртқы есіктен кіре бере бас салған. Әкесінен кейін құшағына алған апасы да ұлының артында табалдырықтан аттар-аттамасын білмей тұрған әдемі қызды аңғарды.


 

– Құдай-оу, Шаханжан, мына... – Апасы аңтарыла қараған. Таңырқағаны, яки қуанғаны белгісіз.


 

– Көкесі, келін бе...


 

Шахан қарқылдап күліп жіберді.


 

– Апа-оу, бұл қыз менің группаласым. Бірге оқимыз институтта. Қаланың қызы. Ауылға қонақ ретінде ертіп әкелдім. Аң аулағанды жақсы көреді екен. Қазір қансонар кезі емес пе. Біраз бой жазып қайтсын деп үйге шақырдым.


 

Әуелгіде абдырап қалған әке-шешесі сәлден соң естерін жиды.


 

– Төрлете ғой қызым, жоғары шық, – деді әкесі. – Жоғары, шыға ғой.


 

– Мұздап қалған шығарсың. Аяғыңа мына байпақты киіп ала ғой, – деді апасы бәйек боп.


 

– Балалардың қарны ашып келген шығар. Қазанға ет сал, кемпір.


 

– Қора жақтан қи әкеліп берші.


 

Бірі жертөледен ет алуға, бірі қорадан қи әкелуге сыртқа беттеді.


 

Перизат жаңа бір тылсым әлемге тап болғандай айналасына таңырқай қарайды. Төргі бөлменің қабырғасында ілулі тұрған қасқыр мен түлкі терілерін сипап өтті.


 

– Шах, – деді сосын, даусынан қуаныштың лебі есіп. – Қазір қасқыр бар ма, өзі?


 

– Танысайын деп пе едің, перизатым? – Шахан әбжіл басып Перизатты белінен орай құшақтап алды.


 

– Қой, жібер Шахан. Ұят болады.


 

– Ұялатын ешкім жоқ. – Жігітің үні ойнақы естілді.


 

– Сонда да.


 

– Орамал салып, келін қылып алып қалайық па, а, сені?


 

– Ия, саған, мана апаң «келін бе» деп сұрағанда «жоқ, бірге оқитын группаласым» деп ат-тоныңды ала қаштың ғой.


 

Қыз қалжыңға сүйеп айтқанмен, дауысында бір наз бар еді. Оны Шахан да бірден түсінген.


 

Жапалақтап жауған қарлы түнде Шахан Перихатқа ауылын таныстырып шыққан. Аула іргесіне ене бергенде Перизат жерден бір уыс қар алып, қақпаны жабуға артына бұрылған Шаханның қойнына салып жіберді де, үйге қарай қаша жөнелді.


 

Ертесі таң алакеугімнен көкесі үш атты қатар ерттеп қойыпты. Перизатты қасқыр ішікке орап, тапал торыға мінгізді. Шылбырын Шаханға ұстатып, құлап қалмауын қадап тапсырды. Ауыл іргесіндегі аласа шоқының өзі осы мекеннің аңшылары үшін таптырмас қансонар еді. Қақаған қыстың аязында жемтік іздеп ауылдың маңына дейін жақындайтын ит-құстың ізі таң біліне сайрап жатады.


 

Күн арқан бойы көтеріле шоқының шетіне іліккен. Жаңа қар түсіп, дала төсінде сайрап жатқан «ою-өрнектер» аңшылардың назарына бірден ілікті.


 

– Батыс бөктерде бір апан бар. Баяғыда су орып, терең жыра қылып тастаған. Зәу де болса мына ұлыма сонда жатыр. Өйткені жаралы сияқты. Бір аяғын қақпанға қалдырған. Алысқа ұзай алмайды, – деді көкесі атынан түсіп, қасқырдың ізіне барлай қарап. – Шахан, сен қызым екеуің төбеден түсіңдер, мен етекті құлдилай барайын. Тура келмей, қапталдай жүруге тырысыңдар. Қызға абай бол! – Әкесі нығырлай сөйледі. Қырып алар еті жоқ, жылмағай жүнді тазы тұқым «Ұлар» мен оңайлықпен орнынан көтеріле қоймайтын, маңғаз төбет, қазақы «Қонақ» бірге ілесті.


 

– Жарайды, көке. Алаңдамаңыз.


 

Кәнігі аңшының жорамалы дұрыс боп шықты. Көкесі етекті құлдилай су орған жыраға жақындады да мылтығын оқтады. Жыраны қуалай жүгірген Ұлар кенет қыңсылай қашып, екі ыршып жағаға шыққан. Жаралы қасқыр ақсиған азуын көрсетіп, айбат шегіп тұр. Осы сәтте Қонақ та жыра ішіндегі жауына төне түсті.


 

– Қап, ана төбетті қасқыр талап тастайтын болды-ау. – Перизаттың көзі жасаурап кетті.


 

– Қорықпа, ол қасқырға түсіп жүрген төбет.


 

– Сонда да, қасқырдың аты қасқыр емес пе.


 

– Қазір көресің, Қонақ оны тыпыр еткізбей тастайды.


 

Төбе басында тұрған екеуі төменнен көз алмайды. Қасқыр мен Қонақтың қалт еткен қимылдарын бағып, кірпік қақпай тұр.


 

Оқтаулы мылтығын кезене ұстаған көкесі де ат үстінде мығым отырған еді. Ұмар-жұмар арпалысқан қасқыр мен төбеттің шаршағанын күтіп, абайсызда оқ жұмсап төбетті жазым қылып алмайын деген сыңайда шүріппені басуға асықпайды. Кенет қасқыр Қонақтың құлақ шекесінен тістеп, бұрай тартып астына түсірмек ниетін байқатты. «Ия, сәт!» деді көкесі. Қонақтың қасқырға түскенде қолданатын ескі тәсілі еді бұл. Бұрай тартқан қасқырдың бауырына кіріп барып, азулы тістерін тамаққа салды. Тамақтан тарта тістеп, денесін серпе қозғалтып, шиыршық ата қасқырды көтеріп алды да, астына басты. Ұлпа қар қызыл қанға боялды.


 

Шахан мен Перизат төбені қиялай төменге түскенде оқ шығындамаған көкесі мылтығын иығына асынып, Қонақтың қарысып қалған жағын қасқырдың мойнынан ажыра алмай жатыр екен. Қонақтың езуіне қамшының сабын тығып жіберіп, ақырын күшке сала бастады. Көздері қанталап, ентіге демалып тұрған Қонақты желкесінен тартып, жыраққа әкетті.


 

Аңшылар үйге көңілді оралған. Қасқырдың сыпырылған терісін көкесі Перизатқа атады. Апасы ыстық қуырдақ жасап қойыпты.


 

– Апа, бүгін бір керемет күн болды. Қонақ қасқыр алды. Бірақ мен қатты қорықтым, – деді Перизат Шаханның апасына дастархан жасасып жүріп.


 

– Е, қарағым, қыс болса біздің ауылдың еркектерінің ермегі сол ғой. Бірақ та, аңға шығуға көп қызыға берме қалқам. Әр аңның өз киесі бар. Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар деген қазақ.


 

– Ия, басында Қонақты аяп тұрғам. Қасқырға таланып қалатын болды-ау деп. Сосын біздің Қонақ оны талап, тамағынан тістеп өлтіре бастағанда қасқырға да жаным ашыды. Еркіндікті сүйетін даланың еркесі ғой ол да бір. Қазақ ноқтаға, көкжал оққа да бағынбайды дейтін баяғыда ауылға барғанда нағашы атам.


 

Шаханның апасы қала қызының сұңғылалығына таң қалды. Анау газет-журналдарда қала қазақтары мәңгүрттеніп барады деуші еді ғой. Сыйластықты ұмытып, бауырмалдықтан айрыла бастады дейтін сыңайдағы мақалаларды оқыған сайын көңілі түсіп, баласының болашағы жайлы ойланатын. Қалаға барып оқимын, болашақта өз еліміздің қалаларын салуға еңбек етемін деп желпініп кетіп еді. Ол салған қалаларда өзінің қазақ екенін білмейтін, тамырынан ажыраған, шежірені ұқпас, жеті атасын танымайтын мәңгүрттер тұра ма сонда деп қиналушы еді. Бірақ, мына баланы қаланың қызы деуге келмейді.


 

– Дұрыс айтасың қызым, Шаханның әкесіне де көп айтам. Қасқыр соқпашы деп. Болмайды ғой, болмайды. Ұлымылар да қасиетті. Бөрі анадан тарағанымызды ұмытып кетеміз, әйтпесе ит-құсты ерекше қамқорлыққа алсақ керек-ті.


 

– Тамақтарыңызды тезірек бермесеңіздер асқазаным өңешімді жеп барады, – деді Шахан төрдегі құрақ көрпеге малдас құрып отыра бере.


 

Перизат сықылықтай күлді. Жатақхана студенттерінің сөзі ғой бұл.


 

Ертесінде Шахан мен Перизат аңға өздері шықты. Көкесі малға шөп әкелуге кеткен. Бұл ауылдың бір ерекшелігі жазда шапқан шөбін үйлеріне тасымайтын. Сол шабылған жеріне үйіп, маялап тастайтын. Қыс бойы атқа шана қатып, төрт-бес күнге жетер шөбін жеткізіп отыратын. Мана, Шаханның көкесі де тапал торыға шана қатып, таң бозынан шөпке кеткен.


 

Алтай бөктерінде өлі тыныштық. Маң дала маңғазданып жатыр. Ақ көрпе жамылған иен әлсіз түскен күн сәулесіне шағылысып, сағымдана жылтырайды.


 

Бастапқыда бұл ауылға атқа мініп, аң аулау үшін ғана келдім деп өзін сендірген Перизаттың әнеукүні Шахан ту сыртынан кеп құшақтай алғалы көңілі бұзылып жүр. «Несі бар, тамаша жігіт. Ойын ашық айтады. Қылтың-сылтың жүрісін де байқамадым. Сері көңіл. Оқу үлгерімі де жаман емес». Бірінші ойы жирен қасқа айғырға қасқая мінген бозбаланы аялап өтті. «Рафхат та қой аузынан шөп алмас момын ғой. Қала қызына осындай момын, айтқаныңнан шықпайтын, айдауыңа жүріп, дегеніңе көнетін жігіт керек емес пе? Оның үстіне кинотеатрға көп апарады. Сезімі де тұнық. Сен дегенде жаны қалмай жүгіріп жүргені». Екінші бір ойдың қылаң беруі мұң екен, «жоқ, Рафхат татар ғой. Менің балаларым қазақ болуы керек» деді ішінен бір қатқыл дауыс.


 

Шахан мен Перизат кешке дейін алты қоян ұстады. Ши түбінен зу етіп шыға келетін қалқан құлақтарды адымы кең, жеңіл ғана жүгіретін Ұлар көп ұзатпай желкесінен тістеп иесіне әкеледі. Әуелімде Перизат үлпілдеген қоян терісін сипап, жүзі бал-бұл жанып қуанған-ды. Үшінші қоянды қанжығаға байлағанда өзі де айналаға сергек қарап, Ұларды ертіп сай-сала мен қолаттарды аралап шықты. Бұл кезде Шахан үйден ала шыққан тамақтарын қоржыннан түсіріп, шағын дастархан жасап қойған.


 

– Шах, міне, қарашы, мен бір қоян ұстадым, – деді Перизат жарқын дауыспен. Қуанышы қойнына сыймай тұр. – Ұлар молодец. Вообще, супер.


 

– Ұлар деген қандыауыз. Нағыз тазы ғой. Қоян ұстау түк емес оған. Екі аттайды да шап беріп ұстап алады. Міне, былай. – Шахан ат үстіндегі Перизатты қолынан ұстап, өзіне тарта жеңіл ғана көтеріп алды. Құшақтаған күйі бауырына тартты. Перизат еш қарсылық көрсетпей, Шаханның құшағына тығыла берді.


 

– Жаным саған жақын тартып барады, Перизатым.


 

Қыздың демі жақыннан сезіледі. Тым жақыннан.


 

– Менде саған бауыр басып барам, Шах.


 

Шахан ақырын ғана қыздың ернінен өпті. Бал еріннің шырыны бойына тарап, балқытып әкеткендей.


 

– Өзің бір ұятсыз екенсің. – Қыз Шаханның құшағынан босай бере сықылықтап күлді. Аңтарылып қалған бозбалаға қар атпақ болып жерге еңкейе бергені сол еді Шахан бұған тұра ұмтылды.


 

– Тазы болсаң қуып жет. – Қыз қаша жөнелді.


 

Он-он бес қадам жүгірмей жатып Шахан қызды қуып жеткен. Қапсыра құшақтап, жерден көтеріп алды.


 

– Ит иесіне тартады деген. Қашқан қоян Ұлардан, сұлу қыздар Шаханнан ешқашан құтылған емес. – Ха, ха, ха...


 

– А, солай ма, Шах?!. Сұлу қыздар де. Олар көп пе не? Даланың Донжуаны сен екенсің ғой, демек.


 

Шахан ернін тістей қойды. «Қап, нем бар еді, қайдағыны айтып». Қыз жігіттің құшағынан босап, өкпелеген түрмен дастархан басына беттеді.


 

– Перизатым, Пиком, кешірші мені. Байқамай айтып қалдым. Менде ешкім жоқ. Жүрегімде де. Тек сенен басқа.


 

– Ия, сене қалдым Донжуан.


 

Перизат бұл сөзді еркелікпен айтып тұр еді. Бірге оқитын Шаханның қызы жоқ екенін жақсы білетін. Жалғыз Шаханның емес, группасындағы қалған он алты жігіттің де қай топтағы қыздармен араласып, қайсыларының ортасында махаббат отының тұтана бастағанын естіп отыратын.


 

– Пико, кешірші енді...


 

Шахан ту сыртынан кеп құшақтай бергенде Перизат бұрыла қарап, оның ернінен қырши тістеп алды.


 

– Сен мендіксін, Шах.


 

– Сенде Перизатым. Тек менікісің...


 


 

***


 


 

 

Өткен күндердің тәтті елесі санасында самал желмен тербеліп, тәтті күйге бөледі. Көзі ілініп кетіп, артынша рөлде отырғанын сезіп, бойын жинауға қанша тырысқанымен ұйқы шіркін тұңғиығына тартып барады. Орталық көшемен ызғытып келіп балалар емханасына қарай бұрыла берді. Мұз қосып ішкен виски буынға түсіп, еңсені басар алапат ұйқыны төбесінен төңкере салғандай. Ұйқылы-ояу, көлік тізгінін әрең басқарып келеді. Мұздатқышты барынша қосып, ұйқысынан сергімек болып еді, онысынан да ештеңе өнбеді. Бойына тарап, күллі клеткасын жайлап алған арсыз ұйқы құшағына шақырып, апасының ыстық алақанымен маңдайынан сипағандай болды.


 

Маңдайын рөлге қойып, көзі ілініп кеткен еді. Көз алдына көлбеңдеп, сол баяғы еліктің лағы тұра қалған... Иә, сол, Перизат екеуінің аңдаусызда тазыға талатып алған лағы ғой...


 

Балалар емханасынан шыққан Перизат алты айлық сәбиі Нұрбақытты коляскасына салып, ауладан қара жолға беттеді. Кене шағып алғандай кенеттен шыр ете қалған ұлының үсті-басын тексеріп шықты. Ештеңе таппады. «Бағана салған уколдың әсері болар». Шаханға қоңырау шалып еді, күйеуі телефонын көтермеді. «Ой, Алла-ай, тағы да жұмысы шығып қалмаса болғаны. Бірақ бағана он бес-жиырма минутта жетем деп еді ғой». Емхана алдындағы тротурада тұрған Перизат артына бұрыла бере «аһ» деуге шамасы келмеді. Құйындай ызғытып келген қара Джип тротуардың жиегіне соғылып, жантайған күйі төніп келеді. Ұлы отырған колясканы ұстаған күйі қатты да қалды. Таныс машина. Ия, күйеуі. Шахан ғой. Аяқ-қолынан жан кетіп, талықсып бара жатыр еді...


 


 

***


 


 

Азалы күй, қазалы үй. Жалған пәниге жаңадан келіп, өмір атты бес күндік ғұмырда өзінің тағдыр тақтасына өрнектеп өмір жырын жазуға талпынған алты айлық нәрестенің жүзін топырақ жасырғалы да айдан асты. Қамкөңіл әке, қайғырған ана. Қан құсқан қайран күндер. Өз кіндігінен жаралған жалғызын дәл осылай жазым қыларын кім білген? Өмірде көптеген сәйкестіктер болатынына Шахан бұрыннан сенетін. Алайда, тек өзінің Нұрбақытын..., ұлым деп әлі дұрыс еміреніп сүйіп те үлгермеген періштесін...


 

Шахан бір бүйіріне аунап түсті. Перизат ауыр күрсінді. Періштесі келмеске аттанғалы сүтке толы қос анары сәбидің балғын ернін аңсап, үрпісі шошайып, тіршілікке нәр берер аппақ бұлақ өздігінен саулайтын болған. Күнде көз жасын көлдей қылып қолмен сауып алатын. Бүгін олай жасаған жоқ. Есесіне сәбиінің тәтті қылықтары, өздігінен уілдеп үн шығаратын, жақындап кетсең аяқ-қолын қимылдатып қуанатындығы, сүйе бергенде көзілдірігін ұстап тартып қалатындығы... бәрі-бәрі есіне түсіп, егіліп жатыр.


 

– Ботам, қоя қойшы енді. Қайғырғанда менің де қабырғам қайысады. Менің кінәм ғой, бәрі. Менің кесірімнен. Кешірші күнім. Мәңгі кешірім сұрап өтем сенен ботам. Маңдайыма осындай күнді көруді жазса не істеймін?...


 

Әйелі боздай түскен. Боздауменен бозала таңды қанша рет қарсы алмады Перизат. Боздаудан бақиға кеткен ұлы тірілер болса осы күнде бесігінде уілдеп жатпас па еді. «Тағдырдың басыңа салған қасіреті, жыла, жыла, көз жасыңды көлдетсең ғана жүрегің жұбанады» дейтіндей қара түн де терезеден сығалап.


 

Тұңғыштарының қазасы жұбайына қатты соққанын, кінәлі өзі екенін білетін Шахан түнімен жарын жұбата алмай қатты қиналатын. Бүгін де екі көзі бұлаудай боп жатқан Перизатты бұрымынан сипап, бауырына тартты. Құдай қосқан қосағын құшақтап жатып кеудешесінің суланып қалғандығын, балғын ерін тілеген төстен сүттің өздігінен ағып жатқандығын білді. Жарын аяды. Әйелінің төсін иіскеп, үрпісін аузына салды...


 

Алғашында дәмі біртүрлі сезінген әйелінің көкірек сүті күн өте Шаханның күнделікті тұтынатын асына айналған-ды. Байыз таппай қиналатын әйелінің берекесі кіріп, ес жия бастап еді. Құрғыр көңіл сонда да құлыншағын сағынады. Бала орнына күйеуін емізген күндер осылай жылжи берді.


 


 

***


 


 

Құдай Тағала Адам ата мен Хауа ананы жұп қылып жаратқанда кіндігінен ұрпақ өрбітіп, имани болмысқа иландыруды мақсат тұтқан-ды. Одан беріде өмірден санжетпес адамның озғандығы және анық. Алайда ері мен әйелі арасындағы ұрпақ жалғастығы, тән ләззаты дейтін асыл ұғымдар өз күшін әлі жоя қоймады. Перизат та соңғы күндері сүті тартылып, тән лаззатын, жар құшағын аңсай бастаған. Күнде құшақтап жататын күйеуі Шаханды қанша аймаласа да ол селт етпеген.


 

– Сен мені қаламайтын болғансың ба, Шах? – Әйелі наздана қалушы еді.


 

– О, не дегенің ботам. Қалағанда қандай.


 

– Ендеше не тұрыс, жан...?


 

Шахан терлеп кетеді. Соңғы уақыттары бойында пайда болған біртүрлі сезім Перизатқа деген қамқорлығын, ерекше бір мейірімін арттырған еді. Еркектік парызын өтемекке қанша ұмтылғанымен әрекетінен ештеңе шықпаған. Белсіздік ауруына ұшырайтындай белгілері де байқалмайды.


 

Адам атаның жәннаттан қуылуы Хауа анамыздың шайтанның алдауына түсіп, Құдай Тағала рұқсат етпеген жемісті жеп қоюынан басталмай ма. Перизат соңғы күндері мазасыздана бастады. Жылға жуық уақыт болды, күйеуінен лаззат алмағалы. Бұрнағы кезде төсек рахатын аса сезіне қоймаған секілді. Енді анық аңсай бастаған.


 

«Шаханға не болып жүр? Әлде басқа біреуі бар ма? Менен суына бастаған сыңайлы. Тіпті құлқы да жоқ, еркектік, әрбірден соң жұбайлық парызын өтеуге. Жоқ, әлде, менің әрім қаша бастады ма? Баламның қайғысымен оған көңіл бөле алмай кеткенім анық. Дегенмен оның менен бойын аулақ сала бастауында бір гәп бар сияқты. Көзқарасы да бұрынғыдай емес. Бұрындары кәдімгі күйеуі ретінде, еркек ретінде бұйыра сөйлеп, үй шаруаларын өзі реттеп отыратын. Қазір ше, жаутаңдаған бала сияқты. Менің қас-қабағыма қарап, бір істі бастау үшін рұқсатымды күтіп отырғаны. Құдды баламдай. Әлде оның жан дүниесінің бұлқынысын, қалауын түсіне алмай жүрмін бе?..»


 

Перизаттың күнұзаққа басы қатар еді. Әйелге тән әзәзіл ой, өзінше болжам, жауабы жоқ сансыз сауал санасын шырмап, ойын матайтын.


 


 

***


 


 

Әсем кеш. Екіқабатты үй іші керемет безендірілген. Туған күн. Үй егесі Шаханның туған күні. Перизат та аса көңілді еді. Қонақтарды тікесінен тік тұрып күтіп алды. Енді қадірменді меймандарға алдарындағы астан алдырып, айтылған әдемі тосттан кейін әрқайсысының жанына барып, стақан соғыстырып кетеді.


 

Сән-салтанаты жарасқан кеш ұзаққа созылған. Шаханның әріптестері, достары, Перизат екеуінің кезінде бірге оқыған группаластары, шағын қаланың игі жақсылары бас қосқан туған күн көңілді өтті. Ыстық ықылас, таза пейілдерін алға тартып, керемет тілектер айтылды. Түн ауа Шахан масайа бастаған. Қонақтар жылы қоштасып, үй егесіне рахметтерін жаудырып тарасты.


 

Перизат осы сәтте әбірге түсе бастады. Шаханды жатын үйге әкеліп, кереуетіне жатқызды да, үстіндегі бар киімін сыпырып алды. Сосын аяғының ұшымен басып, мана күндіз Шаханға алыс ауылдан келген сіңілім деп таныстырған Мәдинаны жетектеп келді де, Шаханның жанына жатқызды.


 

Есік көзінде отырған Перизаттың түрі бұзылды. Бөлме ішіндегі ырғақты, сүйсініске толы дауыстар бастапқыда жанын қоярға жер таптырмай безек қақтырса, артын ала күйеуінің өзіне емексімеуінің салдарын іздей бастады. Жын қаққан жандай есік алдында есеңгіреп отырып жауабын да тапқандай еді. «Шахан менің ақ сүтімді емген балам секілді»...


 

Ашық қалған терезеден ішке саулай кірген самал желмен ырғақты тербеле, торғын көйлегін киіп, қою қара шашын арқасына сілкіп тастап есікке беттеген Мәдинаға Шахан сұқтана қараған. Түні бойы шала мас күйінде шабытын шақырып, шауқатын алған періште осы қыз болғаны ғой. «Перизат қайда? Өз үйімде жатырмын ба? Ол білсе қайтпекпін мына сұмдықты? Қалай ғана Перизаттың сіңілісін төсекке тарттым? Оны жатын бөлмеген ертіп келетіндей соншалықты ес білмес күйге енбеген едім ғой...». Түні бойғы «ауыр» еңбек, мехнатты тірлік кірпіктерін айқастырып, ұйқы ұйғына тарта берді.


 


 

 

***


 


 

Шахан Перизатты Алтай баурайындағы ауылына ертіп барған сол бір қыста тосын оқиғаға тап болған-ды. Көкесінің қасқыр соғып, ертесі тазымен қоян аулаған соң үшінші күні таза серуендеуге шыққан. Бұларға Ұлар тазы да ілескен еді. Күртік қарды омбылай кешіп, Алтай сілемдеріне беттеген. Құрғақ аяз бет қариды. Ауылға келгелі екі бетті нарттай қызарып, алмадай болған Перизат аса көңілді еді.


 

– Шах, давай қалаға қайтпай-ақ қоялық. – Күміс күлкі сыңғыр ете қалады.


 

– Маған салсаң осы ауылда мәңгі қалғым бар, жаным. Қасымда тек сен болсаң болғаны.


 

– Мал бағамыз, қыс кезінде осылай аң аулаймыз. Круто же, да?


 

– Әрине, круто. Ауыл – алтын бесік қой. Ата-баба мекені.


 

– Жаль, мен қалада туылғам. Қалада иіс жоқ. Ал, ауылда керемет бір иіс бар екен. Сезесің бе, Шах?


 

– Ия, ауылдың иісі – бұрқыраған жусанның иісі. Аңқылдаған ағайынның пейілі, ақ адал ниеті, Құдайын ұмытпаған тәубешіл сөзі – бәрі де ауылдың сіңісті болған өз иісі ғой.


 

– Сен философсың, Шах.


 

Қапталдаса келе жатқан Ұлар кенет тұра жүгірді. Қыбыр еткен тіршілік белгісін байқаған сияқты. Шахан атқа қамшы басты. Перизат мінген жирен қасқа бірге ілесе шапқан. Көз ілеспес жылдамдықпен, әбжіл қимылдайтын тазы қашқан тіршілік иелеріне тақап қалды. Шахан алыстан байқады. Лағын ерткен елік сияқты. Енесі еркін жүгіргенімен, лағы қайта-қайта ақсаңдап, артта қалып қоя береді. Жаудың төнгенін көріп тұрса да лағын қимай айналшықтап жүрген елік Ұлар он-он бес қадам қалған кезде көздері жәудірей, лағын соңғы рет иіскеп алды да, төрт-бес орғып көзден ғайып болды. Шахан мен Перизат жеткенде Ұлар еліктің лағын талап тастаған екен. Жаны шыға қоймаған, қан-жоса болған лақтың көзіне тура қараудан қаймығып, жүзін бұрып әкеткен Шаханның жүрегі бір сұмдық боларын сезендей шаншып өтті. Сүп-сүйкімді лақтың бейшара халін көргенде Перизат та жылап жіберген. Соңғы рет ышқынып барып, сұлқ қалған лақтың сол бейнесі әлі күнге Шаханның ойынан кетпейді. Соңғы уақыттары түсіне де жиі-жиі еніп, жазықсыз жанарын қадап қарап отырады. Адамша тіл қатады.


 

– Сендер де, біз де Құдайдың жаратқан тіршілік иелері емес пе едік?


 

– Ия, ия, солай ғой. – Сасқалақтай жауап қатады Шахан.


 

– Жаратушы адамға ақыл берді, ой берді, сана берді. Ал бізде оның бірі де жоқ. Табиғатпен етене өмір сүреміз. Алайда біздің ажалымыз неге сендердің қолдарыңнан болады?


 

– Адамдардың жауыздығы шектен шықты. Ия, мойындаймын, сол жауыздардың қатарында мен де бармын. – Шахан тергеушінің алдында отырғандай дірілдеп-қалтырап еліктің лағына жауап қатады.


 

– Ал, сен менің кім екенімді білесің бе?


 

Шахан еліктің лағына тіктеп қарады. Сүйкімді ғана еліктің лағы. Жо-жоқ, кенет әлгі лақ өзінің алты айлық Нұрбақытына айналды.


 

– Әке, әке, неге мені өлтірдің?


 

Ұлы қылқындырмаққа қос қолын созып мойнына жармасады.


 

– Құлыным-ай, аңдаусызда болды ғой бәрі де. Сен емес мына мен өлуім керек еді.


 

– Жоқ, әке, бірақ мен өлдім ғой. Мен өлдім!


 

– Балам, тағдыр сыны қатал екен ғой.


 

– Тағдыр деймісіз? Тағдыр қызық. Сіз енді маған іні боласыз.


 

– Не деп кеттің, құлыным. Інісі несі? Мен сенің әкеңмін ғой, балам.


 

– Ия, әкемсіз. Әкемсіз және інімсіз. Мен нәр алған бұлақтан сіз де қоректендіңіз. Анамның төсін сіз менен көп емдіңіз.


 

– Нұртай-ау, емгенде... Анаңның сүті ағып, сенің балғын ерніңді аңсап көкірегі. Алпыс екі тамыры иіп... Мен, мен тек жаны қиналған соң...


 

– Енді ол сізге де Ана. Анамызға қамқор болыңыз...


 

Елес бейне буалдыр тартып, көз алдында жоғалды.


 

– А-а-а-а. – Шахан шошып оянды.


 


 

***


 


 

Тасмаңдай тағдырын арқалаған тасбауыр жандар тасқала ішіне жан бітірген шақ. Көлік қозғалысы мен адам қарасының қоюлана түсіп, еңсені езер көпқабатты ғимараттар енді-енді бауырын жерден ала берген сәтінде Шахан жеңіл киініп балконға шықты. Темекісін тұтатып, қала шетіндегі түтіні будақтаған ұзын мұржалы зауыттарға көз тастады. Мағынасыз тіршілік қарап біраз тұрды. Сәлден кейін құмарлана сорған темекі тұқылын төменген тастады да, қалтасынан тапанша шығарды. Басын қабырғаға сүйей, иегінің астына тапаншасын кезенді. «Кешір мені Перизат. Мен енді сенің балаңмын». Ащы дауысты естіп балконға қарай тұра ұмтылған Перизат кеш қалды. Тарс етіп атылған тапаша артынан қан болған қабырға жаңадан көтеріліп келе жатқан күн шапағына шомылып, қою қызыл түске боялды...


 


 

***


 


 

О, Қара Ертіс, тіршіліктің бастауы, қасиетті қанды су. Сен бәріне куәсің, біз бәріне куәміз...


 


 


 

25.09.2012 – 27.09.2012


 


 


 

 

 

 

 

 

ГИППОКРАТ АНТЫ


 


 

 

«Аппалон дәрігердің, Аклепийдің, Гигиел мен Панакеяның және түрлі тәңірлер мен тәңіриялардың атын атап, оларды куәға тарта отырып, мына серт пен жазбаша шартты шама-шарқымның жеткенінше адал орындауға ант етемін: өзіме дәрігерлік өнерін үйреткен кісіні ата-анаммен бірдей көремін, оған барымды бөліп беремін, әрі қажет жағдайда оның жоғын табуға көмектесемін; оның ұрпақтарын бауырларым деп есептеймін, егер олар осы өнерді үйренгісі келсе, оларға тегін әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ сабақ беремін; оқу үстінде айтар ақылымды ауызша сабақтар мен ілімдегі қалған жайлардың бәрін өз балаларыма, ұстазымның балалары мен медицина заңы бойынша серттескен, ант беріскен шәкірттеріме хабарлаймын, басқа жанға айтпаймын. Аурулар режимін, зиян келтіру мен қиянаттан бойымды аулақ ұстай отырып, шама-шарқымның барынша оларға пайдасы тиетіндей етіп жасаймын. Ешкімге кісіні өлімге ұшырататын дәрі бермеймін, әрі оны жасау тәсілін көрсетпеймін; тап осылай әйелге түсік түсіретін пессарий ұсынбаймын. Өмірде де, өнерде де таза әрі адал боламын. Тас ауруымен сырқаттанғандардың денесін ешқашан кеспеймін, мұны осы іспен айналысатын кісілерге тапсырамын. Қайсы үйге кірсем де аурудың қамын ойлаймын, әдейі қиянат пен қастандық жасаудан, әсіресе әйелдер мен еркектер, азат адамдар мен құлдар арасындағы махаббаттан аулақпын. Емдеу кезінде, сондай-ақ емдемеген кезде де, адам өмірінің ішіндегі мүлдем жариялауға болмайтын жайларды көргенімді немесе есіткенімді құпия есептеп, жан баласына айтпаймын.


 

Антты бұлжытпай орындағаным үшін өмірде де, өнерде де бақытты болып, ел арасында мәңгілік даңққа бөленгеймін; Жалған ант беріп, қылмыс жасағандарды ант атсын».


 

Азат басын жастықтан жұлып алды. Ауа жетпей бастырылып қалған екен: екі иығынан ентігіп дем алады. «Ант атсын!.. Ант атсын!.. Ант атсын!..» Құлағы шың-шың етеді. «Пыссымылла, пыссымылла», − деп ішінен бірнеше мәрте қайталап қойды. Біраз уақыттан соң бөлме ішіндегі қараңғыға да көзі үйренейін деді. Қолаң шашы дудырап, оң қолын кереуеттің сыртына сермей тастап, шалқасынан түсіп ұйықтап жатқан әйелінің бетіне үңіліп қарады. Жоқ, бәрі орнында. Ендеше жаңағының бәрі түс болды ғой. Иә, түс. Бірақ анау... әлгі «Гиппократ анты ше?». Тұп-тура. Сонда қалай? Азат осы антты институт қабырғасында оқып жүрген кезінде, түу, осыдан жиырма бес жыл бұрын қабылдаған. Түсінде соның бәрін сөзбе-сөз қайталап шықты. Неге бұрын түсіне кірмей, бүгін кіреді? Кенет Азаттың есіне кешегі емханадағы істеген ісі сап ете қалды.


 

...Осы айдың басында Азаттың жеке емханасына бір ауру адамды әкеліп туысқандары жатқызды. Жүректің астын ала сол жақ қабырғасына оқ тиген. Азат мәнісін суыртпақтап сұрап еді, туысқандары аң аулап жүргенде қаңғыған оқ тиіпті-мыс деп жауап қайырды. Жүзіне қарасаң жап-жас жігіт. Шамасы Азаттың ұлымен жасты. Бірақ дене тұрқысы тым ересек. Байқұсты емханаға әкелгенше көп қан жоғалтқан екен. Үш апта өз-өзіне келе алмай жатты. Бір күні о баста осы жігітті емханаға әкелген туысқандарының бірі келіп, «жағдайы қалай?», − деді. «Жағдайы аса мәз емес. Өте көп мөлшерде қан жоғалтқан. Бірақ бар күшімізді салып жатырмыз», − деді бұл. «Байқұс бала қатты қиналды ғой, − бейтаныс адам қалтасынан қол орамалын алып көзін сүрткен болып, − жүріңізші былай», − деп бұны сыртқа қарай сүйрей жөнелді. «Аға, − деді сосын сыртқа шыққанда, − бұл баланы қинамай-ақ қойыңызшы». Азат әуеліде түсінбей қалды. «Қалай қинамай-ақ қойыңызшы?». «Енді, − анау төменге қарады, − енді, укол салып дегендей.., жанын тынышталдырыңызшы». «Қой, жігітім, сен не айтып тұрсың? Бұл дегенің қып-қызыл қылмыс қой. − Осы уақытқа дейін жүзден астам қызға түсік жасап берсе де бірде-бір адамның өмірін қыршынынан қиып көрмеген Азат шынымен-ақ шошып кетті. − Ө-ө-өзінің інісіне адам жамандық ойлай ма екен? Біз оны қайткенде де тірі алып қаламыз». «Ағасы, − беті-басы безеуленген қара жігіт кішкене қара сөмкесіне қолын салды да бір бума ақша алып шықты. Ақша болғанда, кәдімгі американың жап-жасыл доллары, дәл ортасынан сары резеңкемен буылған, − ағасы, мұнда он мың доллар. Әзірге ала тұрыңыз. Ал, кешке ана ініміздің сүйегін алып кетуге келетін жігіттер тағы да он мың доллар тастап кетеді. Келістік қой?!» Ол кері бұрылып, аула сыртында тұрған сүліктей қара немістің темір тұлпарына қарай беттеді. Жете бергенде мәшиненің алдында отырған жас жігіт атып шығып, әлгіге артқы есікті ашып, ол ішке отырған соң ілтипат жасай иіліп, еппен ғана есікті жапты. Сонда ғана Азат істің мәнісіне түсінгендей болды. Бірақ жиырма мың долларды бұған кім бір күнде беріп жатыр?


 

Ауру жігітті өзім қараймын деп басқа дәрігерлерді бөлмеден шығарып жіберді де, есікті іштен бекітіп алды. «Ақшасын жақсылап төлеген болуы керек. Главный врачтың өз қолына алуына қарағанда», − деп екі дәрігер дәлізге шыға бере сыбырласты. Естіп тұрса да Азат үндеген жоқ.


 

Екі дүниеден де бейхабар, келгелі бері кірпігі де қимылдамаған, тек жүрегінде ғана әлсіз тіршіліктің нышаны сақталған жас жігітке қан тамырлары арқылы құйылып жатқан системалардың шлангтарын түгел суырып алды. Біраз уақыт жүрек соғысының жиіліктерін көрсететін аппаратқа қарап отырды. Жоқ, бағанағыдай емес, жиіліктердің биіктіктері төмендей бастады. Бұл − жүрек соғысының баяулағанын көрсетеді. Азат орнынан тұрып, үстел үстінде бей-берекет шашылып жатқан шприцтердің бірін алды да басына болат ұшты инесін кигізе қойды. Жан баласына көрсетпей өз кабинетінен әкелген уколдың қақпағын ашты, сосын шайқап-шайқап жіберді де ұшы тесік инемен шыны құтыдағы сұйықтың бәрін шприцпен сорып алды. Дәрігер атаулының қанына сіңген әдетпен шприцтің ине кигізілген басын жоғары қаратып шертіп қойды да, ауасы шығып кетсін дейтін түсінікпен шприцтің тұтқасын басты. Сұйық дәрі иненің ұшына жетті-ау деген сәтте төсекте талықсып жатқан жігіттің жанына келді. Бойын бұрын-соңды болмаған үрейлі діріл билеп алған. «Адам өлтіру оңай дейсіз бе?!»


 

«Жаның жәннәтта болсын бауырым!». Азат бос қалған шприцті темір қалбырдың ішіне тастай салды да, шеткері тұрған орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Қол-аяғын билеген діріл әкетіп барады. Жүрегі лоблып, құсқысы келетін сияқты. Бағанадан бері адам денесіндегі тіршіліктен бірқалыпты, баяу белгі беріп тұрған кардиологиялық аппараттың дыбысы жылдамырақ шыға бастады. «Тың-тың-тың-тың». Азат екі құлағын тарс бекітіп алды. Бірақ әлгі дыбыс та қояр емес.


 

Қанша уақыт отырғаны белгісіз, құлағын жауып алған екі қолын босатса, бағанағы үзік дыбыс бірыңғай әуенге көшіпті. Аппараттың экранына қарап еді ирелеңдей өрілетін өркешті сызықтың орнына түп-түзу сызық пайда болыпты. «Бәрі бітті. Кешір мені Жаратқан! Сен де бауырым». Ол қиралаңдай басып бөлмеден шығып кетті.


 


 

 

* * *


 


 

Таңғы асқа отырған үшеуінде де үн жоқ. Көрер таңды көзбен атқызған Азаттың көзінің айналасы көлкілдеп ісіп кеткен. Мазасы да қашып тұрған тәрізді. Сабағыма кешігіп қаламын деп баласы алдындағы асын шала-пұла асап жатыр. Шай құйып отырған әйелі ғана асықпағандық кейіп танытады.


 

− Пап, а, пап, − деді ұлы Марат.


 

− Не болды, балам?


 

− Көзіңіз неге ісіп кеткен?


 

− Жәй, әншейін, ұйқым келмей.., оның үстіне кеше қатты шаршадым.


 

− Әкеңнің жұмысы қиын ғой балам. Үнемі елдің қамын ойлап жүргені. Өлейін деп жатқан адамдардың жанын сақтап қалу оңай шаруа емес қой, − деді шай құйып отырған Тоғжан.


 

− Пап, машинаны бүгін мен айдайыншы.


 

− Қайда барайын деп едің?


 

− Ешқайда бармаймын, просто, қазір біз зауытта практикадан өтіп жатыр едік. Сәл алыстау.


 

− Жарайды, бірақ байқап жүр. Алматыда машина тым көп. Сен біреуді қақпағаныңмен, сені біреу қағып кетуі мүмкін.


 

− Иә, абайлап жүрші балам. Мәшинесі құрысын, өзіңе абай бол, − деді анасы әкесін қоштап.


 

− Құдай сақтасын. Ештеңеге ұрынбаспын. Әумин, − деді ұлы дастархан басынан тұра бере бетін сипап.


 

− Кілт айнаның алдында тұр. А-а, айтпақшы, Марат, практикаңнан шыққаннан кейін уақытың болса машинаны техосмотрдан өткізіп алшы, − деді Азат төргі бөлмеге қарай өтіп бара жатқан ұлына.


 

− Ага, келістік пап.


 

Жұмысқа келгеннен кейін байыз тауып бір орында отыра алмады. Кабинетінің ішінде сенделіп жүрді де қойды. Өзінің жеке қарауындағы пациенттеріне кіріп шықты. Бәрі дұрыс. Бірақ құрғыр көңілі әлі өрекпіп тұр. Басылар емес. Жанын қоярға жер таппайды. Бұрышта тұрған теледидарды қосып еді, тұщымды ештеңе жоқ екен. Арналарды ары-бері ауыстырып көрді де қайтадан сөндірді. Ақырғы тапқан ермегі күнгей жақ қабырғада ілулі тұрған Қазақстанның картасы болды. Батыс пен Шығыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің біраз қалалары мен ауылдарын шарлап шықты. Сосын Іле өзенінің бойындағы өзінің туған жерін біраз айналшықтап тұрды. Есіне бірнәрсе түсіп кеткендей жұмыс үстелінің үстіндегі сауыт тәріздес қорапшаның ішіндегі қызыл қою қаламсапты алып, туған ауылының атын бояп қойды. Өз ісіне масаттанған бала сияқты қызыл түске боялған Алматы мен Астана қалаларынан кейін тұрған өзінің ауылының атын қызықтай қарады. Тұра-тұра аяғы талғаннан соң өз орнына жайғасты. Шаршағаны да анық сезіліп тұр. Табанында дөңгелегі бар жылжымалы орындығының арқалығын түсіріп, шалқая жатқаны сол еді, кірпіктері айқасып, қалғып кетіпті.


 

− Азат Каримович, Азат Каримович. − Жұмысқа тұрғанына жаңадан ғана апта болған Жанар есімді хатшы қара қыз тақылдап тұр екен. − Азат Каримович, сізге бір кісі келіп тұр. Кірсін бе?


 

− Не қылған адам?


 

− Білмеймін. Сізбен сөйлессем дейді.


 

− Жарайды, кірсін.


 

Есік тарс жабылды. Арғы жақтан хатшы қыздың сөйлеп жатқаны еміс-еміс естіледі.


 

− Ассалаумағалейкум, ағасы, − деді есікті еппен ғана жапқан ақсары жігіт. Өңі қашып тұр. Шамасы отыздың о жақ, бұ жағына шығып қалған-ау.


 

− Уаликім, − деді Азат жас жігіттің қолын ала бере жүзіне тура қарап, − иә, не шаруамен жүрсіз? Айта отырыңыз. Келіңіз, мұнда жайғасыңыз.


 

− Аға өз басым жұмыс істемеймін. Шиттей төрт балам бар. Әйелім де жұмыс істемейді, баламен отыр. Оларды асырап жүрген жалғыз мәшинем бар еді. − Ол сәл ойланып қалды.


 

«Бұны несіне маған айтып отыр? Әлде көмек сұрап келген туыс-муыс, жекжат-жұрағаттың бірі ме? Әй, осыларда алақан жаюын қоймайды екен».


 

− Өзім ала таңның атысынан қас қарайғанға дейін таксовайт етемін.


 

− Кешіріңіз, мен сіздің не айтпақ болғаныңызды түсіне алмадым?, − деді Азат бұдан әрі оның әңгімесін тыңдауға құлықсыз екенін сездіріп.


 

− Общем, ағасы...


 

− Тоқ етерін айтыңызшы.


 

− Қысқасы ағасы, бағана үйдегі бала-шағаға нәпақа іздеп қара жолға шыққам. Сосын қарғыс атқыр осы көшеге түсе қалмаймын ба. Мен жүріп келе жатқан көше главный болғасын мәшиненің жылдамдығын қаттырақ басқам. Кенет күтпеген жерден, қайдан пайда болғанын өзім де білмеймін, бір қуыстан жасыл «тойотаның» атып шыққаны. Рөлде жап-жас бала. Мен қанша тежегішті басқаныммен, машина сырғанаған күйі оны бүйірден соқты.


 

− Сөздің қысқасы, авария жасадыңдар. Анау «тойотадағы» жас бала кінәлі, да?, − деді Азат алдындағы отырған жігіттің жүзіне барлай қарап.


 

− Иә, әрине ол кінәлі. Бірақ бала қатты жарақаттанды. «ГАИ-ға» да хабарламадым. «Жедел жәрдемді» шақырып, келгенін күтсем жүріп кететін сияқты. Сосын елдердің айтуы бойынша жақын маңда сіздің емханаңыз бар екенін білдім де, әлгі баланы осында алып келдім. − Ол терең тыныстап бір дем алып алды. − Осыдан бір сағат бұрын әкелгем, врачтар операция жасамас бұрын ақшасын төле деп отыр.


 

− Ну, и что, бұл мемлекеттік емхана емес қой. Біз частныймыз. Осы операциядан түсетін ақшаға күн көріп отырмыз.


 

− Дұрыс, ағасы, мен сізді түсініп отырмын. Бірақ менде тап қазір операцияға төлей қоятын екі мың доллар жоқ. Бағана айттым, бала-шағамды таксовайтетіп асырап жүрмін деп.


 

− Не, ол баланың ата-анасы жоқ па? Неге ақшасын сен төлеу керексің? Солар төлесін, − деп үстел үстіндегі жасыл телефонды басып қалды да, − Жанар, маған емханаға жаңадан түскен пациентті қарап жатқан дәрігерді шақырып жіберші, − деді. Телефондағы дауыс құмығып естілді: − Жақсы, Азат Каримович.


 

− Енді маған не істе демексіз? − Азат алдында отырған жігітті жаңадан көріп тұрғандай таңырқай қарады.


 

− Не істе дегенде... сіздер операциясын жасай берсеңіздер. Мен баланың әке-шешесін тауып алып, жағдайды түсіндіріп айтып, ақшасын әкеп берер едім. Шындығы керек, қатты қиналып тұрмын. Өзіңізді менің орныма қойып көріңізші. Менің басыма түскен іс сіздің басыңызға түссе...


 

− Неғып түседі менің басыма?! Никогда түспейді!, − деді Азат ала-шапқын ашуланып. − Қайдан табасың ол баланың туғандарын?!


 

− Мен бағана оның документтерін алып қалғам. − Жігіт төс қалтасындағы әмиянды суырып алды да Азаттың алдына қарай ысырып қойды.


 

Азат қызғылт-күрең амиянның ішкі қалталарына салынған құжаттарды енді аша бергені сол еді, кабинетіне осы емханадағы өзінен кейінгі аса мықты, әрі тәжірибелі деп саналатын Ақыл Манасұлы кіріп келді.


 

− Келіңіз, Ақыл Манасович, отырыңыз, − деді Азат өзінің оң жағындағы бос тұрған орындықты нұсқап.


 

− Шақырған екенсіз, келіп қалдық.


 

− Аһа, рахмет келгеніңізге. Ақыл Манасович, жағдай былай болып тұр. Сіз қабылдап алған бала автокөлік авариясына түскен екен. Бірақ мына кісінің айтуына қарағанда бала өзі кінәлі сияқты. Енді бұл кісі операцияға төлейтін менде ақша жоқ деп отыр. Не істейміз?


 

− Жасайсыңдар ма жасамайсыңдар ма?! Маған соны айтыңдаршы?! − Ақсары жігіт ашудан қалш-қалш етеді. − Адам мына жақта өлейін деп жатса, сендер ақша сұрап отырсыңдар!


 

− Кешіріңіз, ашуланбаңыз, сабыр сақтаңыз. Сабыр, сабыр. Бұл сізге айқайлайтын өз үйіңіз емес. Бұл емхана, − деді Азат жігітті сабасына түсірмек оймен.


 

− Қайдағы емхана, бұл − нағыз адам өлтіретін жер! Сендер өстіп езіліп отырғанда ана жақтағы ақ халаттылардан үміт күтіп жатқан байқұстар бақилық боп кетеді!


 

− Қойыңыз, тіл тигізбеңіз. Дәрігер атаулы адам жанының арашашысы. Ақ халатты абзал жандар...


 

Ақыл сөзін аяқтай алмай қалды.


 

− Қайдағы адам жанының арашашысы?! Анда бала өлейін деп жатыр, мұнда сендер өздеріңді адам жанының арашашысымын деп бөсіп отырсыңдар. Ақ халатты абзал жаннан садақа кетіңдер, албасты жан... Еще «Гиппократқа» ант береді. Адал боламыз деп.


 

− Отырыңыз! − Азат орнынан атып тұрды. − Отырыңыз!..


 

− Ақыл Манасович, − деді Азат араға орнаған сәл үнсіздіктен кейін, − баланың жағдайы қалай?


 

− Жағдайы мәз емес. Ауыр хәлде. Операцияға өзіңіз түспесеңіз болмайды. Іш құрылыстарының бәрі аса қатты жарақаттанған. Ішке қан ұйып қалған және де менің болжауым бойынша ішектер үзілген сияқты.


 

− Айналайын ағатайлар-ау, тезірек операциясын жасаңыздаршы. Әлі аузынан ана сүті кеппеген бала ғой. Ең құрығанда өмірін сақтап қалыңыздаршы. Мен сіздерге ақшасын екі есе қып төлейін. Уәде берем.


 

Жас жігіттің жалынышты үнінен екеуі мырс етіп күліп қойды.


 

− Жарайды, өзіңіздің құжаттарыңызды тастап кетіңіз. Біз сізді осында күтіп отырамыз. Қашан ақшасын толық төлейсіз, сол кезде операция басталады.


 

Осы кезде телефон безілдеп қоя берді.


 

− Алло, − деді Азат тұтқаны құлағына тақай бере, − иә, иә, мен. А-а, Ақыл Манасович па, ол да менде отыр. Не боп қалды? Жағдайы ауырлап бара жатыр. Жақсы, түсінікті.


 

Ақыл орындығынан көтеріліп кетті.


 

− Азат Каримович, бағанағы бала ма?


 

− Иә, жағдайы қиындап бара жатыр екен. Тез барыңыз. Артыңыздан мен де барам.


 

− Дәрігер мырза, маған ана баланың құжаттарын берсеңіз. Әйтпесе мен оның адресін, ата-анасын қалай табам? − деді ақсары жігіт кетуге ыңғайланып.


 

− Ә, иә, қазір берем. − Орнынан көтерілген Азат шашылып жатқан қағаздардың арасынан қызғылт-күрең әмиянды алды да ішкі қалтасында тұрған жеке төлқұжатты суырып алды. Кенет көзі шарасынан шыға жаздап бақырайып кетті. Тұп-тура айнымаған өз баласы. Төлқұжаттың суретіндегі. Тағы да бажайлап қарады. «Тегі: Каримов. Аты: Марат». Өмірінде бір мәрте болса да Алланың атын атап көрмеген Азат бірнеше секундтың ішінде құдайға мың мәрте жалынып, қалған мәліметтердің сәйкеспеуін тіледі. Көзін бір саты төменге салды. «Әкесінің аты: Азатович. Туған күні, айы, жылы: 07.11.1986». Азат сылқ етіп отырып қалды.


 

Осыдан жиырма бес жыл бұрынғы, сона-а-а-у студент кезіндегі қабылдаған анты қайта-қайта құлағына келе береді: «Антты бұлжытпай орындағаным үшін өмірде де, өнерде де бақытты болып, ел арасында мәңгілік даңққа бөленгеймін; Жалған ант беріп, қылмыс жасағандарды ант атсын!».


 

Ақсары жігіт түкке түсінбеген күйі аңырып тұр. Кенет алдындағы дәрігер орнынан атып тұрып, сыртқа қарай жанұшырып жүгіре жөнелді. Бұл да артынан жүгіріп шыққан. Дәрігер дәлізді бойлай, операциялық бөлмені бағыттап, құстай ұшып барады екен. Бұл орнында тұрып қалды. Бәрібір бөтендерге кіруге болмайды.


 

«Жалған ант беріп, қылмыс жасағандарды ант атсын!». «Ант атсын! Ант атсын! Ант атсын!». Құлағы шулап қоя берген. «Расыменен-ақ мені ант ұрғаны ма?»


 

Жылжымалы төсекке таңылған баласының жүзіне үңілді: сұлқ жатыр. Құлағы құрғыр ештеңені естімейді. Оған төніп тұрған Ақыл Манасұлына қарады: оның бас шайқағанын ғана көрді. Тура қарсы алдындағы кардиологиялық аппаратқа көзін салды: түп-түзу сызық. «Ты-ы-ы-ы-ң».


 

Ақыл қолындағы резеңке қолғабын шешкен кезде айналасындағы дәрігерлер мен медбикелер ақырындап сыртқа шыға бастады. Ең соңында Ақылдың өзі де есікті жауып, ұзынша созылған орындыққа отыра кетті.


 

Баласының өлі денесіне қарап тұрған Азаттың жылағысы келген. Бірақ көзінен жауынның тамшысындай да жас шықпады. Көз алдынан өткен жолғы жігіттің жазықсыз бейнесі кетер емес. «Өлтірмеңізші, өтінемін, құтқарыңызшы!».


 

Кенет оның жүрегі бордай езілді. Не болғанын енді ғана түсінгендей аңырап қоя берген. Буындары босап, өлі дененің үстіне бар салмағымен құлап түсті. Басы дәл жүректің үстін ұрған екен, баласының жүрегіне құлағын тосқан күйі тәңіріне жалбарына берді, жалбарына берді. Екінші мәрте антты бұзбайтындығына, егер баласы тірі қалса ақ халатпен мүлдем қоштасатынына уәде берді. Баласының жазығы жоқтығын, кінәлі өзі екендігін естімей қалмасын дегендей айқайлап айтқан. Ары қарай ештеңе есінде жоқ. Шаршаған дене талықсып түскен.


 

Есін жиғанда әуелі құлағына кардиологиялық аппараттың дыбысы естілді. Адам денесінде тіршіліктің барын білдіретін үзілмелі әуен. Азат баласының денесінен басын көтермеген күйі көзін төңкере экранға қарады. «Мүмкін емес». Өз көзіне сенбеген адамның кейпінде басын шайқап-шайқап қойып тағы да қарады. «Шыққыр көзім шын көріп тұр ма?». Көзін жұмып, тағы да ашты. Тағы да үңіле қарады: ирелеңдеген сызық...


 

...Ирелеңдеген өмір... 


 

Дархан Бейсенбекұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар