Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ақжан Аманжол. Біз неге жаздық тағдырсыз өлең......

09.12.2024 864

Ақжан Аманжол. Біз неге жаздық тағдырсыз өлең... 14+

Ақжан Аманжол. Біз неге жаздық тағдырсыз өлең... - adebiportal.kz

Бұл қала 

естелік қоймасына айналғалы бері 

тым тар бола бастады. 

Мендегі ойлардың шоғын үрлейтін 

көшелер демі 

өкпеме орнығып алғанын сезгем. 

 

Бүгін

қайда бағыт алсам да, 

әлдеқашан жоғалған кешегі іздер 

соңымнан еріп жүреді - 

мына көшелер өткен күзіме куә, 

мына көшеге өткен көктемім аян. 

 

Білінбей өткен көктемнің гүлін 

сәттердің құмырасына, 

өзімді әлемге, 

сосын мына қалаға сыйдыра алмай, 

тұншыққанымда - 

кенеттен кішірейіп, 

әлдебір жақынымның төс қалтасында 

жүрегінің дүрсілін тыңдап жатсам ба деймін. 

 

Ауаны жүрек қана қажет етердей…

***

Біз неге жаздық тағдырсыз өлең

тағдырды неге көп жаздық

Сәттерде

көздер ойдан да терең, 

уақыттан жылдам көз жасы. 

 

Уақыттан жылдам қорқыныштарым, 

сезім де әлсіз, ой әлсіз. 

Үміттің жансыз бұлқыныстарын 

жүрекке көмдім аяусыз. 

 

Жүрекке көмген қателіктерді 

өкініштермен өткергем. 

Бағытсыз жүрген жолсеріктерді 

жалықтым тағы "біз" деуден. 

 

Біз неге жаздық тағдырсыз өлең, 

тағдырды неге көп жаздық? 

Сәттерде - 

көздер ойдан да терең, 

уақыттан жылдам көз жасы.

***

Ұзақ жолдан қажыдым. 

Әлемге терезеден телміруден жалықтым да, 

кезекті сезім аялдамасынан түсіп қалдым. 

Ешкімді іздемедім, 

ешкімді шақырмадым. 

Әлдекім келер деп те ойламадым. 

Әлдекімнің иығына басымды сүйеп, демалғым да келмеді, 

ұзақ жолдан қажығанымды айтып… 

Жай ғана жүре бердім. 

Сосын сен кезіктің. 

Жоқ секілді едің, 

бірақ бар екеніңе сендім. 

Саған барлығын айтқым келді, 

бірақ үндемедім. 

Сөйлегім келмеді, 

бірақ барлығын айттым. 

Сен де сөйледің. 

Сен де үндемедің. 

Иә, 

бәлкім мені қажытқан қыс шығар…

тым ұзақ, тым суық қыс. 

Дегенмен, алғашқы қар жауған сәтте 

сенің бар болуыңды тіледім. 

Орманы жоқ жердің қысы сүйкімді емес екенін білесің ғой. 

Бірақ 

“Сенімен барлығы сұлу…”

***

қолымның дірілін жазам, 

күбірін жазам жолымның, 

жанымның жырығын жазам, 

күдігін, 

күлін көңілімнің, 

көзсіз сенімін жазам, 

сені де жазам, жарығым. 

иісің сіңген сезімді жазам, 

тынысың бөлген сөзіңді, 

сөзге қимаған сәттерді жазам, 

(үнсіздігімнен безіндім…) 

түтінді жазам өкпеге тұнған, 

білмеймін, бәлкім, тағдырға, 

өкпемді жазам 

күйреуік мұңға, 

мезгілсіз жауған жаңбырға…

бәрін де жазам, 

әлі де жазам, 

жарығым, сен тек оқыма. 

жай ғана сезін.

***

Сәттердің шырмауында жоғалдым, адастым, 

қаштым өзімнен, өзіңнен. 

Қасықтап жинап, алақанымда жылытқаным - 

үнсіздік саңылауынан төгілген сөзің бе? 

 

Қаймағын сүзіп ала алмадым ойларымның, 

сынапқа айналыпты олар. 

Менің ақиқат деп таңдағаным - 

қары еш күрелмеген жолдар. 

 

Жүрегімді қиянатымен қоса жұта алатын адам, 

әмиянымда жасырын сақтаған сурет 

көңіліме тәтті мұң боп жабысып қалған, 

бірақ 

саған еш қауіп төнбейді, жүрек. 

 

Мен жоғалудың бергі жағында тұрмын, 

ал сен арғы жағында жағалаудың. 

Дертің не дерсің… 

Үнсіздігің түнектей қара құрдым, 

жанасқаны қарғыстай жанарлардың. 

 

Жоқ әлі сенсіздіктен тапқан емім. 

Қажет пе осы 

өзгеден түңілмес үшін өзіме үңілгенім? 

Ей, менің мұңлы өлеңім, 

Сезім вокзалында шығарып салғым келмеп еді Сені…

***

солған гүлдің соңғы демін аялап, 

өзегімде өсіремін тағы мұң. 

бұл екеуміз қол ұстасқан саябақ, 

сен және мен ортасында сағымның. 

 

бұл екеуміз жаяу кезген көшелер, 

жауған қарға ғажайыптай тамсанып. 

әлі есімде ұйқы ұрлаған қара түн, 

көкірегіне сезім сіңген таңсәрі. 

 

көк аспанның жанарында жас тұнып, 

күңіренсе, сені ойлаймын жасырын. 

сезімімнің бақшасынан қашты үміт, 

сәттерімді қалдыра гөр, асылым. 

 

әр түн сайын шақырымдар жастанып, 

біздің сүю - аңсау, күту риясыз. 

сөзбен өрген сенімдерді еселеп, 

болсаң деп ем тағдырымның куәсі. 

 

бізге куә - құшақ жетпес шаһарлар, 

құшақтарды жаза алмау - біздің дерт. 

есіміңді жүрегіме жасырам, 

сағыныштың бесігінде әлдилеп. 

 

бір қалада ғашық болып кездесіп, 

бір қалада махаббатпен қоштастық. 

біз екеуміз - ескі мұңбыз көмілген, 

тағдырымен табыспаған қос ғашық.

***

Мұнар 

 

арамызда – сөзге сыймас нәзіктік, 

кездесулер – үміттердің жұрнағы. 

саған ойша сансыз хаттар жазыппын, 

сен ойымды оқи алсаң болғаны. 

 

арамызда – секундқа тең минуттар, 

ал сен жоқта теңеседі жылдармен. 

мен ішімнен шыққан сайын жорыққа, 

өзің ғана бұзылмайтын қорған ең. 

 

арамызда – атауы жоқ сезімдер, 

оқырманы табылмады өлеңнің. 

арамызда айтылмаған сөз өлген, 

тірілтуге тырыспаймын оны енді… 

 

арамызда – жауабы жоқ сұрақтар, 

бастауы жоқ бұлақтар, 

арамызда – белгісіздік қамалы 

уақыт қана құлатқан. 

арамызда болғаны мен болары – 

бұл қыркүйек, сол ақпан. 

 

арамызда – көзқарастар ойыны, 

мына әлемнен кетердеймін жойылып, 

жанарыңның жалынына байлансам – 

құдды үнсіз қойылым. 

 

арамызда – сейілмейтін көк мұнар, 

өз сезімім түбі өзімді жоқ қылар. 

арамызда – аспан көңіл, ой құдық, 

мені өзіңнен өзің ғана, 

кел, 

құтқар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар