«Проза» аталымы «Шабыттан» неге алынып тасталды?!

Бөлісу:

22.10.2015 2413

 

лого Шабыт.jpg

Биыл Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі аясында «Проза» аталымы бойынша жас қаламгерлер байқауы өтуі тиіс еді. Алайда ол бізге белгісіз себептермен алынып тасталыпты. Оның неге сап тыйылып, шорт кесілгенін білмек мақсатпен фестивальдің негізгі ұйымдастырушысы - Астана қаласы Мәдениет басқармасына хабарластық. Олардың бар айтары: «Басқарма басшысы Болат Мажағұлов солай деп шешім қабылдады!» деген сөзден ары аспады. Бізге түсініксіз болғаны - халықаралық конкурстан «Әдебиет» аталымы неге шет қалады?! Онсыз да насихаты аз әдебиетке қамқор болар бірден-бір мекеме – Мәдениет басқармасы өзіміз көзайым қып жүрген жалғыз «Шабытымызды» шорт кессе, осы конкурсқа үмітін үкілеп, қаламын ұштап, жүрегін лүпілтетіп отырған жас қаламгерлерге обал емес пе?!


Өздеріңізге аян, өткен жылы «Әдебиет порталы» «Шабытты» өткізу барысында «Әдебиет» аталымын («Поэзия») Мәдениет басқармасымен бірлесіп өткізіп, жастарға үлкен қолдау көрсеткен еді. «Поэзия» аталымы бойынша портал бетіне 150-ден астам жас ақынның өлеңдері жарияланып, оларды онлайн түрде ашық бағалап, конкурсқа тіркеген болатын. Ең соңында қазылар алқасының бағалауымен 10 ақын алдыңғы қатарға шықты. Олардың барлығы қазір әдебиетте өзіндік айтар ойларымен ерекшеленіп жүрген жастар. «Шабыт» жас әдебиетшілердің басын біріктіріп, өзара пікір аламасуға жағдай жасайтын ең беделді әдеби айдын. Сөз өнері қай өнерден кем?! Қазақ сөздің қадірін, қасиетін сезінетін халық демеуші ме едік?! Мәдениеттің ұлы бөлшегі әдебиет емес пе?! Мұхтар Әуезов: «Бұл дәуірде, өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес...»,-деді ғой. Енді өзіңіз ойлаңызшы, Мәдениет басқармасы басшысының бұл қылығын қалай түсінеміз?!


Бұл жағдайды жылы жауып қоя салуға мүлде болмайды. «Әдебиет порталы» әдебиет сүйер қауымның артып отырған ақ үмітін ақтау үшін мәселенің одан әрі қалай өрбитінін өз бақылауына алады. 



Әбу Асқар Мекешұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар