Ақын Арайлым Мұратәлиеваның жаңа жыр жинағы таныстырылды (фото)
Бөлісу:
Поэзия – Жаратушының жер бетіне жіберген сәлемі. Екінің бірінің маңдайына бұйырмайтын бақ. Кім көрінгеннің көкірегінен шыға бермейтін тәкаппар, кірпияз, құсни киелі құндылық. Әуелі есі дұрыс, он екі мүшесі сау өлең туу үшін, ақынның өзі де соған лайық болу керек. Сол бір өлең бейнесіндегі ұлы сәуле 18-ге енді толған жас ақынның жүрегінде тұмадан тұнған тамшыдай мөлдіреп тұрса қалай қуанбаймыз.
Әр өлеңі шынайы, мінезді Шымкент қаласында тұратын талантты жас ақын қыз Арайлым Мұратәлиеваның «Ай зер» атты жыр жинағының таныстырылымы өтті. Кітаптың ойашарына елге белгілі, сөз ұстаған ақын ағалары Әкім Ысқақ, Абай Қалшабек, Дәурен Айманбеттермен қатар Оңтүстік Қазақстан облысы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Болат Жанабіл, Оңтүстік Қазақстан облысы Жастар ресурстық орталығының басшысы Ерлан Айтбаев мырзалар арнайы келіп, құттықтады.
Арайлым өзінің facebook-тағы парақшасына: «Бүгінгі кешке келген кісілерге рахмет! Кітапқа келер болсақ, менің жоспарымда болмаған нәрсе. Болған күннің өзінде де барлығы шығарып болған соң шығаратын едім) Оның жарыққа шығуына себепкер, идея авторы және демеушілік жасап отырған қоғам қайраткері Әкім Ысқақ ағаға ерекше алғыс білдіремін. Мен мұны ол кісінің маған жасаған ағалық қамқорлығы деп түсіндім. Өлеңнің шынайы оқырмандарына, достарыма кітап жетпеген сияқты. Кейін жолығып жатсақ сыйлаймын, тек оқитын адамға ғана!» деп жазды. «Әдебиет порталының» ұжымы да Арайлымға шығармашылық табыс тілейді.
Арайлым Мұратәлиеваның "Махаббат, сенiң атың Кiм?" атты өлеңдер топтамасын оқыңыз
adebiportal.kz
Бөлісу: