Бодаухан Тоқанұлы: Зуқа батыр тарихтан лайықты орнын алды ма?
Бөлісу:
(Проблемалық мақала)
ХІХ ғасырдың ортасында екі алып держава Ресей мен Қытайдың ұсақ ұлттарды отарлау саясатының құрбандығына шалынып, жат қолында кеткен біртұтас Қазақ даласының бір шалғайы қазіргі ҚХР-ның ШҰАР аумағында мекен еткен қандастарымыздың басынан кешкен небір зұламаттар жайлы бүгінгі ұрпақ тек еліміз тәулсіздікке қол жеткізген 1990- жылдардан кейін ғана естіп, біле бастады. Әйткенмен ұлттық рухымызды қайта көктеместей етіп таптауды мақсат етіп ұстаған коммунистік идеяның усойқы саясаты ұмыт болдырған тарихымызды толықтай тірілтіп қалпына келтіруге тәуелсіздік таңынан бастау алған небәрі ширек ғасырлық уақыт үрдісі жетеқабыл мерзімі бола алмайтыны белгілі. Соған қарамастан Елбасының ұлттық рухымызды асқатату жолындағы «Мәдени мұра» бағдарламасы, «Мәңгілік ел» идеясы, «Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі» сияқты игілікті істері арқасында тарихымыздағы көмескі тартқан құндылықтарымыз қайта түледі. Елдігімізді таныттатын, елеулі оқиғаларды жадымызда жаңғырттық. Соның бірі отаршылдардың өктем саясаты шылауында қытайға кеткен жеріміз бен жұртымыздың қайғылы тарихынан суыртпақтап сыр ұқтық. Көбісі өткен тарихымыздан бейхабар орта буын өкілдері мен бүгінгі жастар қытай қазақтарының қанқұйлы әректтерге толы қапас дәуірде бастан кешкен зобалаң тірлігі мен осы зорекерлікке қарсы күрескен атан жілікті, арыстан жүректі, ақыл-парасатты аптал азаматтардың ұлт азаттығы жолындағы аңызға бергісіз күрестері мен ақтаңдақ өмір жолдарын азды-көпті біле бастады.
Мәселен осы өңірде 1940 жылдары болған «Үш аймақ көтерілісі», ұлт азаттығы жолында жанын пида еткен Оспан батыр Сіламұлы, Шығыс Түркстан жұмқыриятының көсбасшыларының (лидер) бірі Дәлелхан Сүгірбайұлы, халықтың рухани көсеміне айналған жампоз ақын, ғұлама діндар Ақыт Үлімжіұлы сияқты айтулы тұлғалардың өмірі жолдарымен танысып, рухтарымен қаушты. Қалибек қажы, Елісхан сияқты ұлт батырларының бастауымен (екі жолғы көш) Үндстан, Пакстан арқылы Түркияға жетккен ұлтымыздың бір бөлігінің тағдыр талайынан, тарихынан жас ұрпақ біршама хабардар болды.
Алайда қытай қазақтарының осы дәуірдегі қым-қуыт, күрделі тарихын толықтай екшеп, пайымдап, біртұтас қазақ тарихының үлкен бір құрамдас бөлігі ретінде өз орнына қою, сол тұстағы тарихи тұлғаларды толық танып білу әлі де зерттеуді талап ететіндігі тарихшыларымыз бен саясат танушылардың алдындағы міндет күйінде қалып келеді.
Ең бергісі қытай қазақтарының басына түскен ауыр нәубет ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында басталып, ҚХР-ы құрылған 1949 жылға дейін жалғасқанмен (тіпті «Зор төңкеріс» нәубетін қоса есептесек 60-жылдарға дейін ұласты) біздің ең жақсы білетін, тарихшылар көптеп қаузаған жылдары жоғарда айтқанымыздай «Үш аймақ» көтерілісінен бастау алған Шығыс Түркстан мемлектінің құрылуы мен құрбандыққа шалынып құрдымға кеткен кезеңі ғана десек шындықтың ауылынан алыс қонбаймыз. Ал осы нәубеттің бастапқы 30 жылындағы қоғамды дүр сілкіндірген ірі оқиғалар мен оның басында тұрған айтулы тұлғалар жайлы біздің біліміміз күні бүгін тым жұқана. Ең бастысы ұлтының қамы үшін еңіреп туған, кезінде халық пана тұтқан батырлары – бірінің басы әзиз денесінен өлідей, бірінің басы тірідей ажыраған Бөке Жырғалаңұлы мен Зуқа Сәбитұлы жайлы журналистеріміз жазған күндізгі жұлдыздай қысқа мақалалар болмаса, тарихшыларымыздың іргелі зеттеулері жоқтың қасы.Тіпті, Бөке батыр, Зуқа батыр жайлы Түркияда, Европа елдерінде тарихшылар мен журналистер көптеген материалдар жызыпты деп естуіміз болмаса, қарапайым оқырман қауым ол дүниелермен де толық танысып үлгерген жоқ. Бірақ олардың ішінде де сол заманның, аталмыш тұлғалардың күллі болмысын ашып беретіндей іргелі зерттеу еңбектер жоқ екенін басқалар болмаса да тарихшылар біледі.
Ал бүгінгі өркениетті дәуірде жүмлә жаһанды жанарыңа тосатын ғаламтор желісіне үңілсек те жоғарда айтқан журналистетеріміздің ғұмырнамалық сыпттағы үзік-үзік мақалаларынан өзге Бөке мен Зуқа жайлы ауыз тұшытарлық дүние таппаймыз. Қысқасы біз уақыт қабаттарына тереңдей болап, оқиғалар желісін түптей тарта алмай келеміз. Біз әуелі Зуқаны емес, Зуқаның заманын зерттеуді қолға алмай келеміз. Біз тарихи, ғылыми негіздегі нақты деректерге (факт) жүгіне алмай келеміз. Ең бергісі Зуқаның айналасындағы түтін, мал саны, ұстаған әскер саны, салық мөлшері, қарсы жақтың күш қуаты жайлы қытай мұрағаттарындағы деректерді ұсына алмай келеміз.
Мұқитқа құятын ұлы дария бұлақтардан бастау алатыны сияқты қытай қазақтарының басын қара бұлт торлаған қаралы заман туғызған «ұлт азаттық көтерілісі» атты алапат сел, тасқынды дарияның бастау алған қайнар көзі – Күлтегін бабамыздың сөзімен айтсақ, «Күдіз отырмаған, түнде ұйықтамаған», Махамбет тілімен айтсақ, «Жарты малтаны ас қылып» халқының қамын үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген Бөке батыр мен Зуқа батырдан басталатыны хақ. Бұған кезінде:
«Ай, зар заман, зар заман,
Зарлап өткен тар заман,
Ойлағанда пенде жоқ,
Өз ақылын парлаған,
Жігіт десең, Бөкені айт,
Артын байқап шарлаған» деп жырлаған ғұлама ақын Ақыт Үлімжіұлының сөзі дәлел.
Мен Қытай қазақтарының сол зар заманының басындағы (1990-1930) қоғамдық саяси оқиғалар мен көрнекті тұлғалары жайлы тарихта еш нәрсе айтылмаған деуден аулақпын. Әрине, 30 жылдық тарих мүлдем еске алынбау, ақтаңдақ күйінде қалу мүмкін емес. Бірақ Ұлы Шыңғысхан Шах Мұхамбеттің ұлы әккі қолбасшы Жалил-ад-Дин қашып, Үндістанға өтіп кетті дегенді естігенде «Жалил-ад-Дин жоқ болса, енді кіммен соғысамын» депті дегендей Бөке мен Зуқаның аты аталмаса, қытай қазақтарының тағдырына байланысты тарихи шындық қалай ашылмақ. ХХ ғасыр басындағы Шыңжан тарихына қатысты әлем ғалымдары мен саясаттанушылары мойындаған, зиялы қауым, сауатты оқырмандар білетін тарихи жазбаларда,тұжырымдарда Зуқа батыр жайлы бір ауыз сөз, қысқа да болса берілген баға, қортынды неге жоқ?
18-ғасырдың 2-жартысынан бастап Қытай мемлекетінің иелігі саналған бұл өлкенің билеушілері Синьхай төңкерісінен кейін (1911) шын мәнінде дербес билік жүргізіп, жергілікті қазақтарға зор қыспақ жасап, қисапсыз салықпен тұралатты. Бұған көнгісі келмегендерді аяусыз жазалап, ойына келгендерін істеді. Олар қарапайым халықты айтқандарына көндріп, айдағандарымен жүргізу үшін қазақтың кезінде Қытай үкметінен шен-шекпен алған лауазым иелерін пайдаланды. Сол шен-шекпенділер ішіндегі биік лауазымды айтулы тұлғалар – Әлен төре (Қытайдан алған лауазымы «уаң») Мәми бейсі бастаған ұлықтар шын мәнінде халқын қырғынға ұшыратуды ойламағанмен өздерінің жылы орын, жоғары мәнсаптарынан айырылып қалмау үшін Алтай жудауинінің қол шоқпарына айналды.
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей дәл осы кезеңде (1921) Ресейдегі «Қазан төңкерісінен ығысқан генарал Бакичтың бастауындағы ақтардың қалың әскері Тарбағатай шекарасы арқылы Шыңжаң өңіріне өтіп, жолындағы халықтың мал-мүлкін тонап, қарсы келгендерін қырғынға ұшырата отырып, Алтай өңіріне шабуыл жасады. Бұл басқыншылыққа төтеп бере алмаған Алтайдың жудауині өз-өзіне қол жұмсап өлген соң, қытай әскері Үрімжіге қарай қашқаны, Сарсүмбе қаласын ақтар басып алғаны тарихтан белгілі. Осы басқыншылықтан халықтың ғана емес, жергілікті қытай билігінің құтылуына зорлық-зомбылықтан жапа шеккен кедейлерді ұлтына қарамай өз қолтығына панататқан, солардан 200 қаралы әскер жасақтаған Зуқа батыр зор үлес қосса да тарихта аты аталмайтыны өкінішті.
Бұл жерде Зуқаға қатысты ғұмырнамалық мақалаларда көп айтылатын бірер деректі оқырман есіне сала кеткен артықтық жасамас деп ойлаймын. Мәселен Зуқаның атақ-даңқын естіп қаймыққан Бакыч генарал елші жіберіп келсімге шақыады. Зуқа Бакычпен келіспек түгіл «Өр Алтайға аттап бассаң, ажал құшасың, Қара Ертістен өтсең қаныңды ішемін! Бұл сөзімнен айдынбай қарсы келемін десең, тұрысатын жеріңді айт» деп, Бакычтың мысын басу арқылы жаудың қолын Қара ертістен өткізбей Алтай қазақтарын қорғап қалған. Тіпті ақтар билігіне өткен Сарсүмбеден қашып шыққан жүздеген босқынның алдынан әскер жіберіп, Қара Ертісен өткізіп алып, қорған болғаны тарихи шындық.
Алайда, Алтай өңірін ақтардың басқыншылығынан құтқарған адам ретінде қытай билеушілерінің марапатына Әлен уаң ғана ие болды. Тарихта Әлен уаңның аты аталады, Зуқа батыр жайлы бір ауыз сөз айтылмайды. Шыңжан тарихына, ақтардың осы өлкеге шабуылына байланысты қортынды пайымдаулардың бәрінде де:
«Ақтармен келісім жасап, «бұлау-тонауды тоқтатпасаңдар халықтың қарсылығын туғызып, қоршауда қаласыңдар, бұл жерді босатып шығып кетсеңдер мен ылайықты көмек көрсетемін» деп Бакычке кеңес беріп, Әлен уаң мәселені қан төкпей бейбіт жолмен шешіпті. Осы ақыл парасаты үшін 1922- жылы өлке бастығы Яң-зы шин Әлен уаңды үрімжге шақырып, оның мұңғыл шапқыншылығы мен ақ орыстардан Алтай қаласын қорғап қалған ерлігін мадақтап, «Жүңуаңдық» мансап, әскери шен сыйлаған, қол астына Қаба мен Жеменей шекарасын қорғайтын 300 әскер берген» делінеді. Әлен уаңға Үрімжі жудауині тарапынан мұндай құрмет көрсетілгені, әрине, тарихи шындық. Бірақ бұл марапаттың астарында, оның атқарған ісін бағалау емес, қытай қазақтарын өз уысында тырп еткізбей ұстап, езу-қанауға Әлен төрені қол шоқпар ету жатқаны айдан анық. Әйтпегенде әділдік іздеп, қара халықтың күнін жоқтаған Алтайға Бакычтың аяғын аттап бастырмаған Зуқа батырды неге марапаттамайды.
Сол сияқты Мәми бейсіні де қытай билеушілері атақ-мәнсаппен қызықтырып, халықты да, Зуқа батырды да дегеніне көндіруге айдап салып отырғаны тарихтан белгілі.
Зуқа батыр мен Алтай дауинінің арасындағы негізгі келіспеушілік халықтан алынатын алым-салықтың шектен тыс ауырлығына байланысты екенін тарихи деректер растайды. Шыңжанды дербес билеп-төстеп отырған Янжанжүңнің пәрменімен Алтайдың жудауині адамардың ауқатына қарамай түтін басынан бажы салығын жинауды талап етсе, Зуқа өз қарамағындағы әр түтіннің ұсақ малға шаққанда мал саны 50-ге толмайтындарынан салық алуға қарсы болды. Бажы салығын өзгеден ауыр салудағы биліктің уәжі – қазіргі қиыншылықты еңсеру үшін бажыны Бакычтың тонауына түспеген алтайлықтар артықырақ көтеруі керек. Ал Зуқаның уәжі – Бакычке бағынбай, тонау-талаудан аман қалғаны үшін Алтай халқы айыпты емес, сондықтан халқыма артық салық төлетпеймін дегенге саяды. Шындығында билеушілердің бұл талабы ақылға сыймайтын талап еді. Өйткені бажы әл ауқатына қарамай жылпығы салынса, Алтайдың аз халқы жылына салыққа шамамен 50-60 мың қой өткізу керек болған. Ондай ауыр салықты төлесе, халық бірер жылда аш-жалаңаштыққа ұрынатыны айдан анық. Қашанда ел қорғаны Зуқа сол үшін шырылдайды. Осы тайталаста билік Зуқаны дегеніне көндіру үшін Әлен уаң мен Мәми бейсіні айдап салып, өзгенің қолымен от көсейді. Әділдіктен таймайтын Зуқа қажы Әлен мен Мәмидің әлденеше рет жіберген шабармандары мен мәмілегерлеріне бас имеді. Ал Алтай дауині қазақтарды өз ара қырқыстыра түсу үшін талабын онан сайын күшейтті. Тіпті Мәми бейістің атынан жазалаушы отряд жіберіп, Зуқаны соққыға да жықты. Міне, Әлен уаңның сол дәуірдегі қазақтар арасындағы тарихи басты тұлға болып қалуы осыған байланысты. Кезіндегі жазба деректер Алтай билеушілерінің қолымен жазылды. Олар Зуқа батырды ауыздарына алмады, қағаз бетіне жақсылық жағынан түртпеді.
Сөйтіп, қытай қазақтарының басына әңгір таяқ ойнаған дәуірдің алғашққы ширек ғасырындағы ұлтымыздың мүддесіне қатысты қым-қуыт қоғамдық, саяси оқиғалар сөз болғанда күні бүгінге дейін Әлен уаңның ғана аты қалды. Нақты қара халықтың күнін жоқтап, соларға қамқор болу үшін басын тауға да, тасқа да ұрған, бес мәрте шеп құрып жау жасағымен шайқасып, уақытша болса да кедейлердің есесін алып беріп, жоқ –жітікке пана болған халық батыры Зуқаның есімі тарихта аталмай қалды.
Мен бұл тұста Әлен уаңның, Мәми бейсінің басқа да ұлтымыз тарихындағы көрнекті тұлғалардың халық үшін жасаған игілікті істерін жоққа шағарудан аулақпын. Бұл тұлғалар да өз қазағына қастық істеп, қырғынға ұшыратуды ойлаған жандар еместігі тарихтан белгілі. Бірақ олар тәуекелге бел буып, тобық жұтқандар емес, заман ағымына қарсы жүзгендер емес, тарих толқынын жалдай кешіп, жағаға топанның ығымен жетуді көздегендер екені тарихта айтылып та жүр. Басқаша айтқанда дәл Зуқа батыр заманында екі оттың ортасында қалғандар. Сондықтан ой қозғағандағы басты мақсат – Алла берген берен қасиетімен дара жол таңдаған, өртке қарсы өрт қойып сөндірмек болған Зуқа батырдың тарихтатан лайықты орнын алуына пікір білдіріп, иненің жасуындай үлес қосу ғана.
Зуқа батырдың ерлігі, асыл қасиеттері біршама айтылып, жазылып жүргенімен аңызға айналып, халық жадына майдай сіңіп кеткен жаттанды деректерден аса алмай жалпақшешей, бірөңкей жазып жүрміз. Белгілі оқиғаларды қайта-қайта айтып, тархтың тереңіне бойламай, бетін ғана қалқып жүрміз. Мәселен, Шыңжан тарихының бұдан кейінгі кезеңіндегі «Үш аймақ көтерілісін» бастаған Оспан батырдың көзін ашқан, көкіректегі шерін тырнаған ұлы рух пен ұшқыр ой туындысы саналатын шебер әскери тактика әуел баста ұстазы Зуқадан дарығанын жоғарда айтқан қадау-қадау мақалаларда «Оспанды күрескерлікке баулыған ұстазы Зуқа екен» деген бір сөйлеммен ғана шектеп келе жатқаны өкінішті.
Айта берсек, Зуқаның ұлты үшін күрескен ержүрек қана емес, ақыл парасатты, дана екенін дәлелдейтін деректер аз емес. Ел аузындағы әңгіме, жоқту, ондаған жыр дастандарда, Қажығұмар Шабданұлының, Батырхан Құсбекұлының, Баяхмет Жұмабайұлының, Қызай Бақтыбайұлының романдарында батырдың ерліктері толығынан айтылады. Әсіресе сол Зуханың, Оспанның жолын қарумен емес, қаламмен жалғастырған көрнекті жазушы, қытай қазақтарының басынан кешкен неше алуан нәубеттің айпара жыршысы марқұм Қажығұмар атамыздың Зуқа батыр жайлы жазған «Пана» романы – тұнып тұрған тархи құнды дерек. Өкініштісі бұл роман тарихи шындыққа құрылғанымен көркем әдебиет тарихи дерек, тарихи тұжырым бола алмайтынын білеміз. Сондықтан, сол көркем шындықты тарихи шындыққа айналдыру – тарихшыларымыздың парызы. Біз үзіп-жұлған келте қайырымды мақала емес, ғылыми зеттеу еңбекке зәруміз. Басқаша айтқанда батыр бабамыздың тарихтағы алар орнын көркем әдебиетпен де, көрбілте деректі мақалалармен де айқындай алмаймыз, көлемді де көтерген жүгі ауыр ғылыми зерттеулер арқылы ғана таныта аламыз. Тарихшыларымыз осы тақырыпта сүбелі еңбек жазып, ғылым академиясы алдында қорғап шықса, сол арқылы Зуқаның заманында атқарған елеулі істері мен ерен ерлігі ғылыми тұрғыда танылып, әлем ғалымдары мойындаса ғана батырдың аты ұлтық тарихымыздан, тіпті қытай тарихынанан өз орынын алмақ. Сол арқылы Қазақстан тарихына байланысты оқулыққа кірсе ғана жас ұрпақтың отансүйгішті, ұлтжандылық рухын қамшыламақ.
Бөлісу: