Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Бір ел – бір кітап»...

09.01.2025 191

«Бір ел – бір кітап» 12+

«Бір ел – бір кітап» - adebiportal.kz

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 2025 жылдың 8 қаңтар күні, сағат 15.00-де дәстүрлі «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының қорытындысы және 2025 жылы акция аясында оқитын кітапты таңдау отырысы өтті.

Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы 2007 жылдан бастап, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Республикасының кітапханалық қауымдастығының ұйымдастыруымен жылма-жыл өткізіліп келе жатқан танымалдыққа ие жоба.

Республикалық акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге мүмкіндік туғызу, өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуы мен ана тіліне деген құрметін көтеру.

 

Жоба аясында осы жылдар ішінде мыңдаған түрлі форматта кездесулер, көрмелер, жаңа технологиялық ақпараттар арқылы виртуальды көрмелер, сайттар, челлендждер, байқаулар ұйымдастырылып, оған миллиондаған аудитория тартылды. Құрамында елімізге белгілі ақын-жазушылар мен журналистер, кітапханашылары бар акцияның ұйымдастыру комитеті жылда отырыс өткізіп, өңір кітапханаларынан келген ұсыныстар мен оқырмандардың талғамын ескеріп, қазақ әдебиетінде есімі ұмытылып бара жатқан немесе мерейтойы тұспа-тұс келетін қаламгер шығармасын жыл бойы ел болып оқуға таңдайды.

2007 жылы Ұлы Абайдың қарасөзін оқудан бастаған акция бүгінде қазақ әдебиетінің ең таңдаулы 51 классик ақын-жазушысының үздік шығармаларын оқырман қауымға ұсынып, насихаттап келді.

2024 жылы көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын ел болып оқыдық. Көпшілік кітапханалар жыл бойы жоспарға сай түрлі инновациялық шараларды ұйымдастырып, елге автордың шығармасын танымалдандырды. 

Отырыс аясында былтырғы акция қорытындыланып, облыстық, аудандық, қалалық және ауылдық кітапханалар түрлі инновациялық форматта  көрнекті жазушы Б.Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау үшін 10021  мәдени-рухани шара ұйымдастырылғаны, 234922 аудитория қатысқаны жөнінде арнайы презентация ұсынылды.  

2025 жылы акция аясында оқитын кітапты таңдау отырысын профессор, алаштанушы Амантай Шәріп жүргізді. «Бір ел-бір кітап» акциясының тұрақты комиссия мүшелері  ҚР ҰАК басшысы Ғазиза Құдайбергенқызы,  жазушы Асқар Алтай, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Астана қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлбадан Мадибаева, журналист Гүлзина Бектасова, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс, Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық  әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас,  Әл-Фараби қалалық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Анар Жапарқұловалар қатысқан шараға ZOOM платформасы арқылы облыстық кітапхана басшылары да қосылды. 

 2025 жылы ел болып оқитын кітапты таңдау барысында комиссия мүшелерінің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды, облыстық кітапханалар , оқырмандар және зиялы қауым өкілдері ұсынған шығармалар мен авторлар ескерілді. Оның ішінде биылғы Жеңістің 80 жылдығына орай майдан тақырыбына қалам тербеген авторлардың шығармалары, биыл мерейтойлары аталып өтетін қазақ қаламгерлерінің туындылары және барлық жастағы оқырмандардың сұранысын қанағаттандыратын кітаптар мен кітап авторлары ұсынылды. 

Шараны қорытындалай келе, комиссия мүшелері қазақ әдебиетінің поэзия және проза жанрынан екі авторды оқуға шешім қабылдады. Проза жанры бойынша көпшілік дауыспен  ұлтымыздың көрнекті жазушысы, ақын, сыншы, аудармашы, суреткер Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын оқу ұсынылды. Поэзия жанры бойынша мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтетін  Жұмекен Нәжімеденовтың шығармалары таңдалды. 

Енді жыл бойы ел болып оқуға таңдалған екі автордың шығармалары көпшілік кітапханаларда түрлі форматтарда жан-жақты насихатталады. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар