Дәурен Бақытхажыұлының спортшылар жайлы кітабы жарық көрді
Бөлісу:
Бүгін, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ҚР Ұлттық академиялық кітапханасынында жас ақын Дәурен Бақытхажыұлының «Қытайдағы қазақ спортшылары» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Кітап тұсаукесеріне ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал спорт журналисі, жазушы, спорт шебері, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші Несіп Жүнісбайұлы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібай, ақындар, жыршы, әнші және т.б. зиялы қауым өкілдері де қатысты.
Дәурен Бақытхажыұлы – 1989 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Оның жыр, тарихи кітаптары жарық көрген. «Азаттығым – ғажап күнім» жыр антологиясына өлеңдері енген.
Ол - кітап жазу барысында Моңғолия, Өзбекстан қазақ спортшыларын да қалам алсам деп ойлағанын, кейіннен өзіне бір ой келіп 2017 жылы ЭКСПО-ға қатысатын әлемде тарыдай шашылған қазақ спортшылары туралы кітап етіп шығарсам деген ниетін де жасырмады. Дәуренге кітап жазу кезінде кейбіреулер өзіне сенім танытпағанын және кітапқа енуден қалыс қалып қойған спортшылардың болғанын да жасырмады.
Несіп Жүнісбайұлы, спорт журналисі, жазушы
“Қытайдың әлемдік, олимпиядалық жетістіктеріне ғана жетіп қоймай, сондағы қазақтар орналасқан аудандарға да танымал болған жырақта жүрген қандас спортшыларымызды Қазақстанға танытып, оны осындай бір кітап ретінде шығару кез-келгеннің қолынан келе бермейтін дүние. Бұл кітап “бүкіл өмірімді спортқа арнаған” мені де тәнті қылуда. Қайсар жүректі Дәуренге сәттілік тілеп, кітапта орын алған кейбір олқылықтарды алдағы сәттерде назарға алуыңа жанашырлық ретінде айтылды деп біл. Бұл кітап елің іздеп оқитын кітабың болсын”.
Рамазан Сәттібай, ҚР Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы
“Саған тілекшіміз, өте қуанып отырмыз. Дүниеге жаңа сәби келгендей, жақсы кітап дүниеге келсе “Бір кітап – мың дүние” дегендей бұл үлкен дүние екеніне күмәнім жоқ. Бұл арзанқол альбом кітап емес, бұл ойланып отырып еске алатын тарихи дүние. Бастамасы емес деп ойлаймын, көңілің жүдеу болмасын. Сәттілік тілеймін!”
Гүлісхан Домалайқызы, ақын
Дәуреннің бұл еңбегі - еліміз тәуелсіздігінің 25-жылдығына тарту етіп қалам алған шетелдегі қазақ спортшыларына арналған. “Батыр ақын болмаса батырлыққа сын емес, ақын батыр болмаса көрген күні күн емес” дегендей миллиардтан аса халықтың ішінде саяси жағынан қиын болса да осындай бір дүниені шығару үлкен қайсарлық деп білемін. Дәуренге шығармашылық табыс тілеймін!
Дәулеткерей Кәпұлы, ақын
Осы дүниең құтты болсын! Шекарының ар жағындағы спортшы қандастарымыз, бауырларымызды бір кітапқа жинап, басын құрастырып бергенің үлкен еңбек деп бағалаймын. Еңбегің жансын, өлеңің қазақтың жүрегіндегі ұшқындарды жалындап тұруға септігін тигізсін демекпін.
Маржан Ершу, ақын
Дәурен кітабың құтты болсын, бұл үлкен еңбек! Кемшін тұстары болса “көш жүре түзеледі” деп ойлаймын. Тек сені ақын емес, болашақта спорт саласында жанашыр тұлға ретінде қалыптасуыңа, Астананың төрінен көріне беруіңе тілектеспін!
Кітап авторы іс-шарада өз өлеңін тыңдармандарға тарту етті.
Кітап 155 беттен тұрады. "Үш қиян" баспаханасында басылған. Шараның соңы жырмен көмкеріліп, әнмен әрленіп естелік фото суретке түсуге ұласты.
Бөлісу: