Ауылдың қызы

Бөлісу:

25.11.2016 3959


Туған жер- екі дүниеде де тұрағың.


Үш жасар қыз...

Көз алдыңызға үш жасар қыздың бейнесін елестетіп көріңізші... Сізге ананың жылы құшағынан әлі ажырамаған, мөп- мөлдір көз қарашығы бақыттан бал – бұл жанған періште сәби елестері хақ қой?!

Иә, үш жасар сәби бейнесі кез- келген адамның көз алдына осылай елестейтіні анық. Бірақ, бұл бағанағы бақыттан бал- бұл жанған , мөп- мөлдір қарашықты сәби емес еді.Өкінішке орай, мөп- мөлдір көз қарашығын мұң мен шық басқан, қоңыр көзіне қорқыныш ұялаған, өмірдің тәлкегін үш жасында көре бастаған бұйра шашты, сап- сары қыз еді.

Үш жасында аялы алақанына салып өсіріп келе жатқан аяулы анасынан айрылған сәби еді.

Ақбаян ол кезде үш жастағы сәби болса да, бәрі кешегідей көз алдында еді.

- Қайран, Қабижамалым- ау,- деген әжесінің зарлы дауысы жылдар өтсе де, Ақбаянның құлағында қалып қойып еді.

- Үйден барлығың шығыңдар, кәне,- деген ағасының зәрлі дауысынан сескеніп апалы- сіңілі екеуі сүріне- қабына үйден сыртқа жүгіріп шығып еді.Жүгіріп шығып қана қоймай, көрші тұратын «әпеке» деп атайтын әжесінің сіңілісінің үйіне жүгіріп барғаны есінде.Зор денелі, сұсты жүзді Ұлықпан ата алдынан шыға келгенде сескенбей:

- Ұлықпан ата, үйлеріңізге кіруге рұқсат па?- дегені де есінде.Ақбаянның осы қылығын талайға дейін ауыл адамдары айтып жүрді.Қаршадай болсаң да, ақылыңнан,- деп талай рет әжесі де еміреніп еді.

Қабижамал деп отырғаным Апатай әжесі мен Кәмелбек атасының тұңғыш қыздары, Ақбаян, Ақсәуле, Еріктің анасы еді.Талай жылғы ауруы меңдеген соң, әжесі мен атасы қыздарын үш баласымен сонау Өрелден Аршатыға көшіріп әкелген.Кезінде дәрігерлер теріс емдепті дегенді де жиі еститін.Ақбаянның анасы Қабижамал мен әкесі Берікбол сүйіп қосылғанмен, бақытты тұрмапты. Ақбаянның өзі Өрел аулына қарасты Құндақ деген жерде тауда дүниеге келіпті.Қысы- жазы мал бағып, тауда жүрген анама суық тиіп, кезіндегі ауруы одан әрі асқынса керек.Тұла бойы тұңғыштарының ауыр дертке ұшырағанын күйеу балаларынан көрген әжесі мен атасы үш баласын көрсетпей өздерінің баурына басады.Тура отыз бір жасқа қараған шағында Ақбаянның анасы мәңгілікке көз жұмып, келмеске аттанып кетті.Үлкен ағасы - Ерік тоғыз жаста, апайы Ақсәулеш- 7 жаста, кенжесі Ақбаян – төртке толмаған еді. Бұл шаңыраққа түскен ауыр қайғыдан шиеттей үш бала мен қарт Кәмелбек пен Апатайдың қабырғасы қайысып, бүгіліп кетіп еді.Қыздарын қара жерге тапсырған соң, үшеуін өздері асыраймыз деп шешеді. Күйеу балалары Берікболға бермейміз, оған ауыр жаза болсын деп, туыстар өзара кеңесті. Көзі ашық, ауданның белді, беделді адамдарына арыз жаздырып, қызының үш баласын қамқорлығына атасы мен әжесі өздері алған еді.Бұл бір жағынан немерелеріне деген махаббаты болса, екінші жағынан қыздарының келмеске кеткенін күйеу балаларынан көріп, өздерінше берген жазасы еді.Оны ол кезде бала Ақбаян ұқпаған еді.

Осылайша, Ақбаян аршатылық болып, ата мен әжесінің тәрбиесінде қала берді.

Ақбаян ес білгеннен бастап, сол ауылдың шаңына көміліп, суына шомылып өсті. Ары қарай Ақбаянның тағдырын өзінің қолымен жазылған төрт дәптерден тұратын күнделікке берейік.Ақбаянның өз атымен сөйлесін.

Аршаты ұжмақ мекен еді. Аспанмен тілдескен екі таудың ортасында орналасқан қарапайым ауыл төбеден қараған кісіге терең сайда орналасқан сияқты көрінетін.Қасында бірде еркелей, бірде арындап ағып жататын Бұқтырма өзені бар.Аршатыдан ары ауыл жоқ еді.Аршатыға он сегіз шақырым жерде Берел аулы орналасса, Аршатыдан ары кететін жол Ресей мен Қытайға апаратын.Катонқарағай ауданы, Өрел совхозына қарасты осы бір шағын ауылда бәрі бар еді.Тауына шықсаң, бүлдірген, қарақат, көкбояу, көкбүлдірген, басқа мекендерде өспейтін балқарағай да осы ауылда молынан шығатын еді.Жаз шықса, ауыл адамдары, еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін жеміс- жидек теруге, ер-азаматтары мен жастары, әйел, еркек деп бөлінбей шөпке аттанатын.

Шөп шабу деген бұл ауыл үшін- үлкен науқан. Себебі, жазық жерлерді совхоз шабатын да, таулы, машина жүрмейтін, ат әзер жететін жерлерді адамдар шабындық ретінде пайдаланатын.

Бұл ауылда бей- жай тірлік жоқ еді, себебі қай күнді алсаң да, біресе шөп, біресе қой қырқу, біресе сабан жинау сияқты қызу жұмыс жүріп жататын.

Мені әжем көп үйден шығармайтын.Жаңбыр жауса, ауыл көшесі лезде батпақ пен суға толып шыға келетін.Құдды қазандық сияқты.

- Өзіңді құрттай қылып жаратқан, батпаққа батып қалсаң, қайдан табамын, ботам- ау, - деп әжесі жібермейтін.Содан болар, нөлінші сыныпқа қабылданғанша ауылдың ішінен адасып кететін едім.

Жаз айы еді. Бір күні үйге көзілдірігі бар, қапсағай денелі, жүзі жылы, қолында портфелі бар ер адам келді. Әжесімен шүйіркелесіп амандасып жатыр.

- Қара кемпір- ау, мынау қызыңды сабаққа жазайын деп келдім, жасы нешеде?- дейді.

- Биыл желтоқсанда жетіге толады ғой, мектепке бармады демесең, менің сары қызым барлық шәкіртіңнен басып озар,- деп әжем мені мақтап жатыр.

- Ее, Қабижамалдың көзі жаман оқушы ма еді,- деп әлгі кісі мені алдына отырғызды.

- Кімнің баласысың?

- Әжемнің...

- Әжеңнің аты кім?

- Әжемнің аты- әжем...

Қарқ- қарқ күлген әлгі кісі мені алдынан түсіріп:

- Қара кемпір- ау, барлығын үйреткенде немереңе өз атыңды үйретпегенсің бе?

- Тәйт, әрі немерең не, өз қызым бұл,- деп әжемнің күйіп- піскенін алғаш рет көрдім.

Осылайша, 1983 жылдың күзінде алғаш мектеп табалдырығын аттадым. Көрші менен бір жас кіші Айнұр есімді құрбым бар еді.Меніменен сабаққа барамын деп болмаған соң, ол да ере барды.Ұстазымыздың есімі Қали екен.Соғысқа қатысқан ардагер болып шықты.Ұстазымыз күнде майдан даласындағы әңгімелерінен айтып беретінді әдетке айналдырды.Сабақтың аяқталуын, ұстазымыздың әңгімесін қызыға күтеміз.

Мен тентек едім.Бәлкім, тентектік те емес, еркелік шығар, кім білсін?

Бір күні әлгі Айнұр екеуіміз сары бір сомды құшақтап дүкенге тартып отырдық.Басымыздағы шапкамызға толтырып отырып піркәшік апайымыз «кис- кис» дейтін ирис кәмпитін салып берді.Алып мектепке келдік.Келсек, сабақ басталып қойған, Қали ұстазымыз көзілдірігінің астымен бір қарады да, қолымыздағы кәмпитімізді алды.Үстлеге төгіп, санады да, қылдай қылып бала басына бөлді де, таратып берді.Бағанадан салпақтап барған Айнұр екеуімізге тигені 3-4 кәмпиттен болды.Үндемей отырмыз.Үндейтін шама да жоқ еді, себебі кішкентай болсақ та, өз кінәмізді сезінген едік.Ұстазымыз Қалидың бұл әрекеті барлығымызға үлкен сабақ еді.Ұстазымыз Қали ағайымыздың үлкен тәрбие беріп жатқанын түйсінетін жан болса, түйсінердей еді.Ол кездегі ұранымыз: «Бәріміз біріміз үшін, Біріміз бәріміз үшін!» еді.Айнұрды бір тоқсаннан кейін үйіне қайтарды, себебі жасы толмаған, тым кіші еді.

Сыныпта тағы бір Айнұр бар еді. Бір Айнұр кетсе, екінші Айнұр орнын басып екеуіміз дос болып кеттік.Бір күні ауылға фотограф келді.Айнұрдың атасының үйі мектептің іргесінде еді.Атасынан жалынып- жалпайып жүріп бір сом сұрап алып, суретке де түсіп үлгердік.Жетіге толмаған Айнұр екеуіміздің сол түскен суретіміз кейін ұлы достықтың символы ретінде сақталатынын ол кезде білдік пе?

Осылайша, нөлінші сыныпты тәмамдап, бірінші сыныпқа қабылдандым.Қызыққа толы оқушылық өмір зуылдап өтіп жатты.Анамның інісі Зарлыхан үйленіп, бізбен тұрды.

Қыс айы. Қыс түссе, ауыл адамдары жазда шауып, маялап үйген шөптерін қораларына тарту науқаны басталады.Жазда әкеліп алуға көлік жоқ, қысқы шанаға жол түсер қардың жауғанын күтетін.Бұл да, ауыл тірлігінің бір көрінісі еді.

Осындай қыстың аязды күні анамның інісі Зарлыхан мен менің өз ағам Ерік екеуі шөпке аттанады.Ағамыз совхозда тракторист болып жұмыс істейтін.Ол кезде, совхоздың бастығы Қабыш аға еді.

Қақаған аязды қыстың сол бір күні әлі есімде... Үш жасымда анамның өмірден өткендегі суреті көз алдымда мәңгіге қалып қойғандай, бұл күн де, есімде мықтап қатталып қалды.

Ағам, жанымның бөлшегі, тірегім Ерігімді соңғы рет көремін деп үш ұйықтасам, түсіме де кірмеген еді.Өкінішке орай, дәл осы күні мен ағамнан айрылып, әжем мен атам ең сүйікті немерелерінен айрылып, тағы да біздің үйге қара қайғы келіп еді.

- Ойбай, ойбай, қайттім,- деп бақырып жүгіре басып келген атамды итере- митере қазанын тастай салып, әжем жүгіре жөнелген еді.Бірер минөттен соң, ағамызды көтеріп әкеліп, төрдің алдына жатқызды.Дірілдеп қарай берген маған:

- Нағашыңа жүгір, тез!- деді.Сүріне- қабына бір үй аралайтын нағашы атама жүгіріп бардым. Нағашы атам деп отырғаным- әжемнің туған інісі. Кешкі астарын енді алдарына ала берген екен.

- Нағашы, Ерік трактордың астына қалып қойды,- дедім дірілдей.Барлығы жапырылып біздің үйге жүгірді.Есіктің алдына ауыл дәрігері де келіп үлгеріпті.Қара- құрым адамнан ештеңе көре алмадым.Аңыраған әжеммен бірге мен де бақырып жүрмін. Оқиға былай болған еді. Үлкен ағайым шөпті түсіріп, тракторға отырады.Сол кезде менің Ерік ағам жүгіріп барып, бос шанаға шығады.Сол сәтте тормозы жоқ трактор қатты қозғалып кеткенде Ерік шалқасынан трактордың табанының астына құлап түседі.

Осылайша ағам аяулы анамның соңынан келмеске аттанды.Темір төсекті қапсыра құшақтап:

- Өлгенім артық, не істедім?- деген Зарлыхан ағамның ащы өксігіне адам шыдап тұра аларлық емес еді.Мен осылайша екінші рет жақынымнан айрылдым, екінші рет жақындарымды «ажал» атты сұмның алып кеткен сәтін сәби көзіммен көрдім.

... Ағамды қимас сапарға аттандырдық.Ағам сыныбындағы, мектептегі ең үздік оқитын, дарынды оқушылардың қатарынан еді.Барлық ұстаздары үлгі тұтып, болашағынан үлкен үміт күтетіндерін де жиі айтатын.Дәл сол күні суретке де түсіп үлгеріпті.Ол кезде ауылға фотограф келеді.Қазіргідей сурет салондары жоқ.

Әлі оң мен солын танымаған маған ағамның қазасы өте ауыр тиген еді.Түнде жастыққа басым тисе болды, көз алдыма еркелеткен ағам келетін.Талай рет түсіме де кірді.Мен жатқан бөлмеге кіріп, шашымнан иіскеп кетіп жүрді.Жылап оянатынмын.

Осылайша уақыт өте берді.Ағамнан айрылған соң, ағам Зарлыханды сот кінәлі деп тауып, үш жылға қара жұмысқа кесті.Еңіреп, жеңгем екі баламен қалды.Менің естуімше, сол кездегі пайымдауымша, ағамның қазаға ұшырауына совхоз директоры жауапты екен.Сол күні шөпке баруға тормозы жоқ тракторды бөлген сол кісі ғой.Бірақ, бағанағы қарбаласты пайдаланып, ағам зар еңіреп өзін- өзі қарғап жатқан кезде «мен кінәлімін, өз еркіммен кеткем» деген жазуы бар қағазға ағама қол қойдырып үлгеріпті.Сүттей ұйыған ауылдың ішінен осындай адамшылыққа қарсы ниетті адамдар шығатынына сенбеуші едім.Бірақ, өмір өзі дәлелдеп, көзіме көрсетті.Ең алғаш рет адамдардың теріс қылықтары менің адамдарға деген көзқарасымды мүлде өзгертіп жіберген еді.

Ерігіміздің орнын бассын деп, әжем мен атам үлкен ұлдары Түркістанның тұңғышы Радикті үйге алып келді.Сәл де болса, көңілімізге жылу кіргендей болды.Бір жыл уақыт тез өте шықты.

Ауыр қазаны көтере алмаған әжем мен атам науқас жандарға айналды.Бір күні әжеммен еріп тауға бардым.Әжем қатты ауырды.Екеуіміз Көктеректен түсіп, жаяу келе жатырмыз.Ауырып тұрса да, әжем маған әр шөпті көрсетіп, оның емдік қасиетімен таныстырып келеді.

- Мынау ақ бас шөп, мұны тауық дауысы естілмейтін жерден тереді, ал мынау матрешка іш ауруына жақсы, өзің де талай ішкенсің,- деп үйретіп келеді.Мен болсам, күреңіткен әжемнің жүзіне көзім жасаурай қарап келемін.

- Не болды, құлыным, қорықпа, мен сені ұзатпай өлмеймін!- деп күлімсірейді. Қайран, әжем...

Енді екі үйдің шөбі біздің мойнымызға түсті.Мен бесінші сынып оқып жүргенде алғаш рет қолыма тартпа ұстап, атқа мініп, шөпке бардым.

- Құлыным- ау, белің майысады ғой,- деген әжемнің сөзіне де қарамадым.Себебі, әжеме тауға шығуға болмайды, қан қысымы көтеріліп кетуі мүмкін.Сонымен, бірер сілтеген соң, шөп шабуды да үйрендім.

Анамның үлкен інісі Түркістан ол кезде Көккөл деген жерде жылқы бағады.Сол Көккөл қазір атақты жердің біріне айналған.Ол жерде еліміздің жер- жерінен баратын туристер дем алады. «Рахман қайнары» аталып кеткен демалыс базасына да айналып үлгерген еді. Аршатыға ол жер айшылық алыс жер.Ақ қар, көк мұз төсеніп, тура Мұзтаудың бөктерінде жылқы бағу оңай ма?Өз кезегінен сол жолдан қайтып келе жатқанда ағамыз Түркістан бұрылып, бізге шөпке болысады.Шөпке болысып қана қоймайды, қызықты әңгімелеп айтып береді.Жер- жерден келіп жатқан туристер туралы айтады.

- Кейін, кейін,- дейді ағам – бұл жер атақты болады, табиғаты бай ғой, ем ғой, жарықтықтың,- дейді. Ағам болжап айтқандай, қазір Катонқарағайдың сұлулығы мен шипасы баршаға мәлім.

Сонымен тыраштанып жүріп, бір қысқа жететін шөбімізді маялап та алған едік.Әжеміз сабаққа дайындық жұмыстарын жүргізіп те кеткен еді.Дүкенге жүк келді деген күні таңғы төрттен кезекке баратын ауыл адамдары.Көрші Гүлбану апайымыз малшылар дүкенінде жұмыс істейтін.Ол кезде малшы қауымына қат дүниенің бәрі келетін.Әжеммен жақын араласатын апайымыз сол заттардан ең бірінші болып бізге беретін.Не дейсіз, елде жоқ киімнің барлығын үшеуіміз (мен, Радик, Ақсәулешті айтамын) киетінбіз.Жаздай шөп шапқан адамға ұқсамай, әжеміздің майы мен қаймағы жарылған қолымызға ем болып, ақ бантик, ақ фартук пен аппақ гольфымызды киіп алып, мектепке баратынбыз.Елдің бәрі қызыға да, қызғана қараушы еді.

Түске дейін сабақ оқып, түстен кейін бүкіл мектептің баласы совхоздың жиылып үлгермей жатқан шөбіне баратынбыз.Одан қала берсе, мектептің өз үлескісіне салынған картобы мен сәбізін жинауға шығамыз.Осылайша қар түсіп, қыс келгенде жыбырлаған еңбек науқаны сәл басылатын.Сол кезде бірде бір бала мыңқ демей, ұстаздары не айтса, соны орындайтын еді.Тіпті, ауырып, жұмысқа бармай қалсақ, намыстанатын едік.

Біз орта буынға өткенде тарих мұғалімі Гүлзат апай жетекшілікке алды.Гүлзат апайымыз өте сымбатты кісі еді.Төбесіне түйілген қап- қара шашы, қиылған қасы мен белі, аппақ жұмыртқадай әжімсіз беті, бәрі- бәрі тартымды, адам баласын өзіне үйіретіндей еді.Ол кісі тарих пәнінің мұғалімі болды.Ал, сабағын айтып суреттеуге тіл жетпейтін.Не бір көрнекіліктер мен қосымша мәліметтер апайдың сөмкесінен табыла кететін еді. «Лидер» деген сөзді алғаш рет сол кісіден естідім.Қара сиялы пьеромен плакатқа «Лидер пионерлер» деп жазып, сынып бөлмесінің қабырғасына іліп қоятын.Өз атымызды көріп , мәз болатынбыз.Жиналысқа келген ата- аналар өз балаларын көріп, риза болысатын.Ол уақытта екі алсаң, тәртіпсіздік жасасаң, тура совхоздың алдындағы тақтаға аты- жөніңді жазып қоятын.Ата-аналарға бұдан ауыр жаза жоқ еді.

Сол Гүлзат апайымызбен жетінші сыныпты бітіргенше бірге болдық.Ол кісінің бізге үйретпегені жоқ.Әнді де, биді де, күйді де өзі үйрететін.Сол жетінші сынып оқып жүргенде ауылдың мәдениет үйі сахнасына «Қамбар батыр» жырын сахналап қойдық.Бүкіл ауыл жиналып тамашалады.Ұстазымыздың шеберлігіне ел сүйсінген еді.Тілім жатық, еске сақтау қабілетім зор болған соң, автордың, яғни жыршының рөлі маған бұйырған еді.Неше табақ беттен тұратын жырды мүдіртпей жаттап алған едім.Себебі, кішкентай кезімнен әжеміз кеш түссе болды небір ертегілер мен жыурларды маған оқытып қойып, ұйып тыңдайтын.Менің тілімнің жатық болуына әжемнің рөлі көп болды десем, артық айтқандық емес.

Үшінші тоқсан аяқталуға шақ қалған мезгіл еді.Бір күні сыныбымызға қасқа бас, орта бойлы , қолында қағазы бар, костюм- шалбар киіп, галстук таққан, жүзі қаталдау көрінетін ағайды директорымыз ертіп келді.Жапырыла атып тұрдық.Ұққанымыз бойынша аудан орталығынан келген тексеру екен.

- Отыра қойыңдар,- деп үн қатты.Көзіміз бақырайып, жым болдық.

Тамағын кенеп алып:

- Так, балалар, тек шындықты айтамыз, келістік пе?- деді.Амал жоқ, басымызды изедік. Гүлзат апайларың сабақты қалай береді?Сендерге ғайбат сөздер айта ма?- деген мазмұндағы сұрақтарды төпелей жөнелді.Не айтарымызды білмейміз, мектеп директорынан сескеніп те тұрмыз.

- Гүлзат апайымыз ең жақсы апай, оның әр сабағы керемет,- деп атып тұрғанымды білмеймін.

- Иә, ол керемет апай,- деп сынып түгел шуламасы бар ма?!

Көзілдірігінің астымен директорға бір қарап алды да, әлгі тексеру ағайымыз шығып кетті.Сыныпта біразға дейін үнсіздік орнады.

Кейіннен естідік, Гүлзат апайымыздың атына домалақ арыз түскен екен.Әлгі тексеру ағайымыз соның анық- қанығын білгейі келіпті.Сонымен не керек, аяқ астынан Гүлзат апайымыз қалаға көшіп кетті.Көңіл күйіміз түсіп, біз қалдық.Айдалада қалған иесіз үйдей, сыныбымыз тым сұрықсыз, сүреңсіз еді.Айнұр екеуіміз оңашада сырласып қоямыз.Айтатынымыз - Гүлзат мұғалім.Амал жоқ, басқа не салса да көнесің ғой.Осылайша, тоғызыншы сыныпты тәмамдап, көрші ауыл, совхоз орталығы Өрел аулына оныншы сыныпқа бардық.Аршаты ол кезде сегізжылдық мектеп еді.Бітірген жиырма төрт баладан он екі бала оныншы сыныпқа кетіп, қалғаны жан- жаққа кетті.

Өрел ауылы. Он қыз, екі ұл Өрел аулына келіп түстік.Жол жаман, автобус жүрсе жүреді, жүрмесе, лесхоздың ашық машинасымен діңкелетіп жетіп аламыз.Интернатқа орналасып, ертеңінде мектепке бардық. Сынып бөлмесіне кірсек, алдыңғы парталар бос тұр да, артқы парталарға Өрелдің балалары орналасыпты.Имене басып партамызға жайғастық.

Информатика сабағы екен, қақырына басып, төртбақ, шегір көзді ағай кіріп келді.Келе сабақ түсіндіре жөнелді.Мәдина бір жынды қыз еді, ал сықылықтамасы бар ма?Оған қоса, біз күлдік.Ағайымыз қабағын қарс жауып алған, ал кеп ұрыссын.

Сөйтсем, информатика ағайымыз менің ағам болып шықты.Әкемнің ағайыны екен.Әкемнің туыстарын көрмегендіктен, ешкімін танымаймын ғой.Алғаш рет Әлібеш ағайыммен осылай таныстым.

- Біздің тұқымның барлығы математиктер әулетінен. Сен де математик шығарсың,- деп күлді.Мен сонда алғаш рет менің әкемнің, арғы ата- тегімнің туған топырағы, менің туған жерім осы Өрел екенін сол кісіден естіген едім.Сол күні түнімен жылап шықтым.Бір жағынан әжемді сағынсам, екінші жағынан оқу бітіріп қалаға аттанған Ақсәулешті уайымдаймын.Ішімді тырнаған тағы бір нәрсе, менің туған жерім- Аршаты ғой деген ой еді.Үш жасымда жетім қалып, тағдыр аямай жүрегімді жаралағанда менің жаныма серік болған сол Аршатымның айы мен күні, аспаны мен жұлдызы еді.Мені жұбатқан самал желі еді, мені арманға жетелеген асқар таулары мен сылдырай аққан Бұқтырманың сарылы еді.Енді келіп біреу сен осы жерде туғансың дейді.Туған жер деген ұғымның тереңдігін алғаш рет осы түні ұғып едім.

Өрел мектебіндегі ең үздік оқушылар Аршатыдан келген он екі едік.Әсіресе, тарих, орыс әдебиеті, география пәндері керемет жүреді.Майын тамызып сабақ беретін тарихшы Күлән апайымыз есімізге Гүлзат апайымызды салған еді. Іштей ұғынып, сағынышымызды бір- бірімізге көзімізбен білдіріп қоятынбыз.

Өрелдің балалары біз ойлағандай емес, жақсы болып шықты.Қатар орыс сыныбында оқитын қыздармен де етене араласып кеттік.Сол жылы сыныбымызға жаңадан Хасан атты бала келді.Ол сыныптасымыз Думанның туысы екен.Орта бойлы, қою қара шашты,ұшқын атып тұратын көздері кімді де болса, елітпей қоймас еді.Мектептегі қыз атаулының барлығы Хасанға ғашық.Тіпті мектепке сол Хасан үшін келетіндей көрінетін маған.Интернаттың заңы қатал, кешке ешқайда шықпаймыз, шығуға да қорқатынбыз.Далаға тәрбиеші апайымызды қолтықтап шығатынбыз.Хасанның маған тесіле қарайтынын байқап жүрдім. Әжем үйреткен намыс мықты болды ма, өркөкіректік пе, бірде- бір рет Хасан жаққа қарамаппын.Мектепте жаңа жыл кеші болды.Аса қатты ұната қоймаған соң, бөлмеме кетіп қалдым.Кіргенім сол –ақ еді, есікті біреу қақты.Ашсам, Хасан екен.

- Кіруге рұқсат па? Жаңа жылыңмен жеке құттықтайын деп едім,- деді.Имене басып ішке кіріп, орындыққа жайғасты. Бөлме ішін үнсіздік жайлады.Бірер сәттен соң, Хасан сөзін бастады. – Ақбаян, мен сені ұнатамын.Сен барлық қыздан ерекшесің.Менде үн жоқ.Намыстанып кеттім бе, кім білсін, сау бол! – деп есікті айқара аштым.Ол үнсіз шығып кетті. Ертесінде біз ауылға аттандық.Үшінші тоқсанның басы Өрелге келдік.Бұл кезде көктем еді.Интернаттың алдында Думан мен Хасан тұр.Қыздардың барлығы мәре- сәре болып амандасып жатты.Хасан менің қасыма келді де, қолыма бір нәрсе ұстатты.Қарауға шама жоқ, интернатқа жүгіріп кіріп кеттім.Алақанымды ашсам, кіп- кішкентай жүзік екен.Жүзікті тақпадым, чемоданыма сала салдым.Солай күндер зулап өтіп жатты.Бір күні Хасан сабаққа келмеді.Думан:

- Хасан өз жеріне аттанып кетті, анасы ауырып қалыпты деп, менің қасыма келіп, бір жапырақ қағазды ұстатты.Бүкіл сыныптың назары менде.Ашсаңшы, Ақбаян, не жазыпты?- деп жан- жағымнан қаумалап алған сыныптастарыма қағазды бере салдым.Хасанның маған жазған хаты екен. Хат мазмұны төмендегідей:

«Ақбаян!Мен бұл жерден кеткім келмеп еді.Анам қатты ауырып, кетуге тура келді.Өзіңді көре алмай кетіп барамын.Неткен қырсық едің...Мынау менің мекен- жайым, хат жазып тұрайықшы, жарай ма?» Сыныпты үнсіздік басты. Хасанды сырттай ұнатып жүретін Назым партаға жатып қалды. Мен түк болмағандай сабағымды қарап отыра бердім.Бұл алғашқы махаббат па, кім білсін, тоғызыншыны оқып жүргенде сыныптас ұлдың хат жазамын деп таяқ жегені бар.Алғашқы махаббат дейін десем, жүрегім тыныш, кітаптардан оқыған Әзілхан ағамның «Махаббат қызық мол жылдарындағыдай» сезім жоқ.Уақыт өте, Хасанды барлығы ұмытып кетті.

Оныншы сыныпты жақсыға аяқтап, ауылға аттандық.Ол кезде автобус жоқ, көлікті ауылдың аяқ жағынан «Зеленый клен» деген жерден күтеміз.1992 жыл ғой, дәл елімізге Монғолиядан ағайындарымыз оралып жатқан кез еді.Ауылдың ішінен үй бөлінбей, ауыл сыртында алты қанат киіз үйлерін тігіп тастап, қоныстанып отыратын.

Киіз үй деген бізге таңсық, қара киіз үйді көргеніміз болмаса, алты қанат, ақ шаңқан киіз үйді жақыннан алғаш көруіміз ғой.Көлікті сарыла күтіп тұрған бізді етжеңділеу келген, сымбатты келіншек ішке шақырды.Кірсек, дастарқан жайып тастапты.Дастарқанда бауырсақ, талқан бәрі бар.

- Бағанадан байқап отырмын далада тұрсыңдар, қарындарың ашты ғой, тамақ іше қойыңдар,- деп бәйек болып жүр.Қазақи ою- өрнектелген төсек, тұскиіздерді ұстап көріп, әлекке түсіп біз жүрміз.Үй иесінің қонақжайлылығы бір төбе.Осылайша, оралман ағайындармен танысып, жақын сөйлесіп кеттік.Рақметімізді айтып, алғысымызды жаудырып, жолыққан көлікпен аулымызға аттандық.Көкейімізде сансыз сауал... қыста қалайша киіз үйде отырмақ? Балалар ше? Әрине, оның жауабын ол кезде біз шеше алмас едік.

Мың тоғыз жүз тоқсан екінің күзі.Ауылда он бір жылдық мектеп ашылды деген хабар лезде тарап кетті.Ата- анамыз бен барлығымыз мәзбіз.Өз аулымызда оқитын болдық, бұл біз үшін ең бақытты күндер еді.

Он бірінші сыныптағы жетекшіміз болып математика пәнінің мұғалімі Салтанат апайымыз келді.Ол кісі өз пәнінің майталманы еді.Он екі оқушы сабақты бастап кеттік.Қызығы мен шыжығы мол, ыстығы мен суығы қатар оқушылық өмірдің соңғы жылы.Ойымызда арман да көп, жүрегіміз де қобалжиды, мектеп қабырғасындағы соңғы жыл дегенге ешкім сенбейтіндей.Мектеп директоры Қайыржан ағайымыз, физика пәнінің мұғалімі, өзі қатал еді.Сыныптағы он екі бала, оның оны- қыздар, екеуі ұл- Бекболат (жарықтық болып кетті) пен Мұрат.

Барлығымыз күнделік жазамыз.Бір күні сабақтан үйге келсем, әжем отыр үнсіз.Мен де үндемей, төргі бөлмеге өте беріп едім, бері кел,- деді қатқыл үнмен.

- Мынау не? Қалың көк дәптерді ұстап тұр. - Күнделік жазуды қайдан шығарғансың, шешең сияқты ерте өлейін деп жүрсің бе?Өлең жазады екенсің, а?- деп жас жауған бетін шытының ұшымен сүрте берді.- Енді осыдан былай күнделік жазғаныңды көрсем, сені кешірмеймін.Анаңның тағдырын қайталауға тиіс емессің.Мен сені үлкен оқу орнына оқытамын, сен мықты қызметке тұруың керек, мен сол үшін мынау жалғанның жалпағын әлі басып жүрмін. Түсіндің бе, қарғам,- деп құшағына алды. Көк дәптеріме қолымды соза беріп едім, пештің ішіне апарып тастай салды.Әжеге қарсы келу қайда, үнсіз тұра бердім.Көк дәптермен бірге менің үш жасымнан бері көрген қиындығым мен қатар әжемнің құшағында, Аршатымның топырағында өткен балалығым жанып бара жатқандай болды. Сол естелікке араға отыз жылдан астам уақыт салып, қайта ораламын деп ойламап едім...

Он бірінші сыныпты бітіру емтиханы жүріп жатты. Қазақстан тарихы пәнінен беретін Ораз ағайымыз емтиханды қатал алып жатты.Сол жылы ғана қосылған жаңа пән еді.Оған дейін Қазақстан тарихын КСРО тарихының ішінде бірге оқитынбыз. Кезек маған келді.Билеттегі төрт сұрағыма өте жақсы жауап бердім.Бір заманда Ораз ағайым маған қарап:

- Черемжанова, бір сұрақ қоямын, жауап берсе, «бес» қоямын, жауап бермесең, «төрт» ,- деді.

- Жақсы, ағай,- деп ойлы көзбен қарадым. – Айта қойшы, Кенесарының басын кім кесті?Төбемнен біреу мұздай суды құйып жібергендей болды.Кенесарының атын жаңадан естігенім болмаса, білмейтін едім.Білмеймін, ағай,- дедім. Бара бер, «төрт» деді де, «Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы нөмірін оқы, жауабын содан табасың,- деді сұсты үнмен. Жүгіріп келемін, ұяттан өртенген шығармын, бәлкім?..

Үйге келе салып, газетті тауып алып оқыдым. Кейіннен ойлап отырсам, Қазақстан тарихын оқымаған мен кінәлі емес екенмін ғой деген ой келеді.Бір жағынан алып қарасам, Ораз ағайымның бұл әрекеті маған тағы да бір сабақ болған еді.Содан бастап, газетті толық оқитын болдым.

Емтиханымызды ойдағыдай тапсырып, қалаға оқуға аттануға жиналдық.11- сыныпты бітірген он екі оқушыдан үш оқушы ғана жоғары оқу орнына түспекпіз.Қалғандары жан- жаққа тарады.Ол кезде құмалақшыға сенеміз.Айнұр екеуіміз болашағымызды болжай қоймақшы болып, ауылдағы аты шыққан құмалақшы апайға бардық.Құмалағын шашып жіберіп, Айнұрға:

- Балам, саған үлкен бір кедергі бар, ал, сен Ақбаян оқуға түсесің ,- деді.Үйге барып әжеме айтып едім:

- Е, құдай- ай, қойдың құмалағы не білер дейсің, мән берме,- деді.

Апайым Ақсәулеш мені алып, қалаға аттандық.Әжем таңдаған оқуға түсірмек.Арманым басқа болса да, көнбеске лаж жоқ, айтқандарына басымды изей бердім.Үлкен қалаға келіп тоқтаған автобустан мен танымайтын бір адам апайым екеуімізді күтіп алды.Күтіп алған әкемнің мен көрмеген, естімеген туыстары болып шықты.Үлкен қақпалы, таудың етегінде орналасқан үйге алып келді. Әдеміше келген, жүзі жылы жас келіншек құшағына қысып, ұзақ тұрды.Кіп- кішкентай сары қыз келіп:

- Мама, кто они?- деп орысша сұрады. – Олар сенің апайларың, қаның, ет жақының,- деп бізді ішке кіргізді.Үлкен дастарқан жасалған екен.Қонақ күтіп отыр ма екен,- деп ойлаймын ішімнен. Ол дастарқанның Ақсәулеш екеуіміздің құрметімізге жайылғанын артынан білдім.Осылайша, әкемнің қарындастарымен таныс болдым.Ертесінде үлкен оқу орнына барып, құжаттарымды өткіздік.Емтиханға дайындал деп, оңаша бөлме берді. Сонымен не керек, емтиханды жақсы тапсырып, Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің филология факультетінің студенті атанып шыға келдім. Кешке әкемнің тағы бір қарындасы келді.

- Ойбай- ау, Қален мен Лира апатқа ұшырапты, арасында Аршатыдан оқуға келген қыз да бар екен.Екеуі қаза болып, қыз ауыр жатыр екен,- деп саңғырлап сөйлеп отыр.Жүрегім зырқ ете түсті.Қален мен Лира Айнұрдың аға- жеңгесі екенін білемін.Құдай- ау, Айнұр ғой, деп демімді ішіме тартып мен отырмын.Түнімен ұйықтамадым, көз алдыма Айнұр екеуіміздің кешегі кездесуіміз елестей берді.Ол емес шығар, деген ой да көлбеңдей берді.

Ертесінде жиналып, аулыма аттандым.Жаз мезгілінің қызып тұрған кезі.Елдің бәрі шөпке шығып кеткен. Кішкене пазик автобус құйғытып келіп, ауыл орталығына тоқтады.Есіктен түсе беріп едім:

- Құлыным, жеттің бе, сарғайдым ғой, жол қарап,- деп еңіреп келіп әжем бас салды. – Әже, оқуға түстім,- дедім қуанып. Әжем мені құшақтап екеуіміз үйге келдік.

Ауылдың іші тып- тыныш, ыстық шаңы шығып жатыр.Туған жердің топырағы мұншалықты ыстық болар ма? Көк тіреген қарағайлар мен шыңын мәңгілік қар басқан Алтай тауларына құмарта қарап ұзақ тұрдым.Енді қалаға аттанамын.Қалайша қиямын, мынадай ұжмақ мекенді? Осы ойлармен әуре- сарсаңға түсіп тұрғанымда әжем:

- Жүре ғой, құлыным, Айнұрдың үйіне барып келейік.Қайтеміз, тағдырдың жазғаны да, қайта періштесі қағып, Айнұрың аман қалыпты,- деді.Тізерлеп көк шөпке отыра кеттім.Көзімнен парлаған жас тоқтар емес.

Тігілген қара киіз үйді көргенімде есімді білмеймін.Көзімді ашсам, бетіме төне қарап тұрған ауыл медбикесін көрдім.- Ашты, көзін, әй кемпір, босқа жылама,- дейді. Айнұрдың ауыр халде жатқанын анасының аузынан естідім.Естуімше, Айнұр отырған жеңіл көлік камаздың астына кіріп кетіпті.Аға- жеңгесі тіл тартпай кетсе керек.Айнұр шағын денелі болғандықтан, орындықтың арасында қалып, тірі қалған сияқты.Ата- анасынан айрылып Құман мен Клараның екі баласы боздап отыр.Сол күнгі азалы дауыс менің есіме анам мен ағамды салған еді.

Тамыздың соңғы күндері. Әжем мені жиып- теріп, қалаға аттандырды.Қалаға келіп, жатахана алып студенттік өмірді бастап кеттім. Ертесінде шығып алып Айнұр жатқан аурухананы тауып алдым.Ол кезде Өскеменде кілең орыстар, арасынан бірер қазақты көріп қалсаң, ата- бабаңды көргендей қуанасың.Айнұр жатқан бөлімді тез тауып алдым.Бір заманда есіктен шашы қиылған, бөтен біреудің жүгіріп келіп, мені құшақтай алғанынан селк ете түстім.Тани алар емеспін... Таныс қол, бірақ Айнұр қайда,- деймін ішімнен.Танысам да, танығым келмей тұрған Айнұр еді.Көмірдей қап- қара ұзын бұрымнан қиылған шаш, әдемі қыр мұрын да өзгерген.Тағдырдың басқа салғанына көнбеске амал жоқ, Айнұр екеуіміз жылап ұзақ отырдық.

Дел- сал күйде жатаханаға қайттым.Айнұрға күнде баруды әдетке айналдырдым.Сабақтан қолым босаса, ауруханаға беземін.Жағдайы жақсарып, Айнұрды ауылға қайтарды.Мен тас қалада қала бердім...

Қыс келіп, алғашқы сессияны жақсыға аяқтап, ауылға аттандық.Туған жер десе, ішкен асымды жерге қоятын менің қуанышымда шек жоқ.

Мың тоғыз жүз тоқсан төрттің қысы ерекше есімде қалыпты.Ауылдағы сыныптастар менің келгенімді асыға күтетін.Барлығымыз жиналып алып, қолшанаға Айнұрды жылы орап отырғызып алып, көшеге шығамыз.Ол бір керемет дәурен екен ғой.Ауылдың ішіндегі созылып жатқан жалғыз көшеге тең келер ештеңе жоқ екенін сол кезде білдік пе?Темірден соғып жасалған ауыр қолшана сол заманның балаларының таптырмас байлығы деуге де болады.Ол бір әмбебап шана сияқты, ауыр флягпен су да әкелеміз сүйретіп, отын да тасимыз, сырғанақ та тебеміз.Қазіргі кездің балалары пысқырып та қарамас еді.

Мектеп бітіріп кетсек те, балалықтың табы кетпеген күлкіміз де таза еді, сыңғырлай күліп, улап- шулап ауылдың арғы басы мен бергі басында сайран салатынбыз.Ауылдың адамдары бізге қарап риза болатын.Одан қала берсе, романтик магнитафонды сүйреп би кешін жасаймыз.Ол кезде би кешін «танцы» деп атаймыз.Кімнің үйі бос, жазғы ас үйі бос біздікі еді.Күй талғамайтынбыз, тек қасымызда достарымыз болса болды, барлық әлем ғажайып көрінетін.Бұл, бәлкім, Аршаты табиғатының құдіреті шығар, мүмкін, сол кездегі әжелер мен аталардың тәрбиесі шығар... Қап- қара мақпал түнде сарылдай аққан Бұқтырманың дауысын естіп мәз болатынбыз.Демімізді ішімізге тартып, талай рет тыңдадық та.

Адам баласы алдында не күтіп тұрғанын болжай алмайды ғой.Әр адамның өз тағдыры бар.Әжем жарықтық, адам баласы дүниеге келгенде тағдыры маңдайына жазылып қояды, сонымен қатар, адам баласы туып жатып – ақ, өлгенде қабірі қазылатын орынның топырағы бұрқ ете қалады деп талай айтушы еді.

Осылайша бал балалықтың тәтті жылдарын сайран салып өткізіп жүрген менің ойыма үш ұйықтасам, тұрмысқа шығамын деген ой келмепті.Мен оқуға түскен жылы он жетіге толдым.Келер жылы он сегізге толып, жатаханада қыздар ортасында туған күнімді атап өттік.Топтағы ең кенжесі мен болғандықтан ба, қыздар еркелететін.Сол туған күн өмірімді күрт өзгертетінін білмеппін.Сол жылдары қаладағы жатахананы Зайсан мен Тарбағатайдың жігіттері басқаратын.Олар жүрген жерде өздерінің биліктерін орнатып, өз заңдарымен жүретін.Жолауға бәріміз қорқатын едік.Менің туған күніме сол жатаханада тұратын Айдар есімді жігіт келді.Өзі керемет әнші еді.Қасында шашы бұйралау, орта бойлы, ат жақты жігіт бар екен.Келгеннен әлгі жігіт көзін менен алмады.Таныстық, есімі- Айназ екен.Сонымен не керек, туған күн тойланып бітті, ертесінде әлгі жігітім келіп тұр.Қолында үлкен гүлі бар.Жақтырмасам да, гүлін алып, рақметімді айттым.Ол жиі келіп тұратын болды.Жігіт пен қыз болып аса көп қыдыруға шықпасам да, әңгімелесіп тұрамыз.Екінші курсты тәмамдап, ауылға аттандым.Жаздың қызықты күндерін құрбыларыммен өткізіп, одан қалса, шөп науқаны бар, бар қолғабысымды тигізіп қалаға аттандым.Сары автобусқа кіріп бара жатқанда әжемнің қимай қарап тұрғанын көрдім.Ана мейірімінің осыншалық құдіреттілігін, махаббатының шексіздігін сол кезде ұққан едім.Әжем құдды менің енді ауылға осы қалпымда оралмайтынымды білгендей, ерекше бір қимастықпен қарап еді.Түйсігім алдамапты.

Автобекетке құйғыта келіп тоқтаған пазиктен түсе бере, менің көзіме Айназ бен досы Айдар түсті.

- Сенің келетініңді ауылдасыңнан біліп алып едім,- деп төмен қарап міңгірлейді. - Сені қажет жеріңе жеткізіп салайық, жүр көлікке отыр,- деді.Көліктің басқа үйге тоқтағанын көріп, қайда келдік деп едім:

- Жүр, апайым жоқ, үйге кіріп шай ішіп, әлденіп алайық, сосын жеткізіп саламыз,- деді.Қалай көне кеткенімді өзім де аңғармай қалдым.Үйге кіре бере, басыма ақ жамылғы жабылып, сен осы үйге келін болдың,- деген дауысты естідім.Шәліні жұлып алсам, алдымда бес- алты әйел тұр.Жан- жағыма қарасам, жаюлы дастархан, бес- алты адам отыр екен.Мен қайда келдім, кетемін,- деп жұлқындым.

- Балам, ақ жаулықтан үлкен емессің, Айназ екеуің бір- біріңді ұнатады екенсіңдер, енді ашуыңды қой,- деді етженділеу келген бір әйел.

Ішім удай ашып, көзімнен жас парлап кетті.Әжеме не бетімді айтамын, Ақсәулешке ше?Осы ойлар мені жегідей жеген еді.Сонымен айтып- айтпай не керек, мен келін атанып, қала бердім.Көңілім жібімесе де, әжемнің жіберген хатын оқып, сабыр сақтаған едім.Ол хаттың мазмұны төмендегідей еді:

«Ботам, Ақбаяным! Не дермін?Барған жерің бағыңды ашсын, құлыным! Енді қайтып келемін деп ойлама.Сен енді келінсің.Амал не, атаң екеуіміз сені қолымыздан жайқалтып ұзатамыз деуші едік.Ол арман ғана екен.Сенің орның ол емес еді ғой десем де, ардан аттап кете алмайсың енді.Сен тек сабағыңды оқы, жарай ма?Маған алаңдама... Бір ғана тілегім бар: сол қалада тұрыңдар, ата- енеңнің қолына ауылға барамын деп ойлама.Менің сенен тілегім осы! Сәлеммен әжең.»

Хатты құшақтап екі күн жылаған шығармын.Ол кезде бұл хаттағы әжемнің сөзіне жыласам, кейіннен мәніне үңіле бастаған едім.

Мен үшінші курсты аяқтаған жылы жазда тұңғышымыз Алмат дүниеге келді.Алматқа тура үш ай болғанда ауылға аттандым.Біріншіден, іс- тәжірибеден өзім білім алған мектебімнен өткім келсе, екінші жағынан, тұңғышымды әжеме көрсету еді.Ол кезде көлік жоқ, Катонқарағайға, аудан орталығына, жетіп алғаннан кейін, біздің ауылға жету деген мұң еді.Лесхоздың үлкен машинасына отырып, ауылға тарттым.

- Өзің күйеу баладан қашып келе жатқан жоқсың ба, қарындасым?- деп кеңк- кеңк күлген көлік иесі маған қарайды. Жоқ, қашқан жоқпын, тұңғышымды әжесіне көрсеткелі келе жатырмын,- деп ақталып жатырмын. Әне- міне дегенше, ауылға жетіп бардық.Есік алдында жол қарап, күтіп жүрген баяғы әжем... Шөберем келді деп әжем ауыл адамдарын шақырып, кішігірім той жасады. - Мынауың бала ма?Шала сияқты, бұл баланы бесікке бөлемесе болмайды,- деп бесікке бөлеп тастады.Мені жетектеп апарып, ауыл директорына тапсырып, мықты мұғалімдік тәжірибе алып шығуы керек,- деп шегелеп тапсырды.Күндіз мектепте тәжірибеден өтіп, түнде ұлым мен әжемнің қасында боламын.Осылайша бір ай мектепте іс- тәжірибеден өтіп, қалаға қайтар мезгіл жетті.Әжеме жалтақтаймын, ұлым не болады дегендей...

Мені ауылға шақыртып алған әжем Алматты алып қалып, мені қалаға қайтарды. Бір күні кешкі астан кейін:

- Сен оқып, дипломыңды әкелмей балаңды бере алмаймын.Маған дипломыңды көрсетесің, сонда ұлыңды аласың,- деп кесіп айтты.Мен қалаға келіп, оқуымды жалғастырып кеттім.Төртінші курсты жақсыға аяқтап, дипломымды алып, ауылға аттандық.Шіркін, туған жер, бұрын сені аңсап, армандасам, қазір екі есе сағынамын. Сенің қасиетті топырағыңа бір аунап, балдай суыңнан сіміре ішіп, көк майсаңды жалаң аяқ табаныммен бір бассам арман бар ма?Осы әдемі ойлар мені Аршатыма алып ұшқан еді.Ғашық болу деген сөздің мәнін туған жеріме деген ақ махаббатым, ынтыққан көңілім ұқтырған еді.Осы уақытқа дейін адам баласына ғашық болып көрмеген мен туған Аршатыма өлердей ғашық едім.

Осындай тәтті ойлармен келе жатқанымда, ауылымның төбесі де көрінді. Әне анау төбеде бір уыс топырақ болып, ең жақындарым жатыр... Әне анау төбеде бұзау қуып ойнаған балалығымның іздері жатыр.Әне анау төбеде әжем екеуіміз жаяу шаңдатып, ауылға келгенбіз... Бәрі таныс, бәрі өткеннің бір естелігін көз алдыма әкеледі.

Сағынып қарсы алған тағы да әжем... Былдырлап есікте еңбектеп жүрген ұлыма ұмтылдым.Құдай- ау, сәби иісі аңқып, жүрегімдегі сағыныш пен аналық махаббатымды одан әрі арттырып жібергендей, алма- кезек екі бетінен сүйіп, иіскей бердім.Бұл әлемде менен бақытты адам жоқ болып көрінді.Тұңғышым құшағымда, күректей диплом қалтада, туған жерімнің топырағына аунап- қунап талай жаттым.Қазір ойласам, сол кезде , расында да, бақытты екенмін...

Екі ай екі күндей зымырап өтіп, қалаға қайтып оралдық.Мен жұмысқа шықпадым, себебі тұңғышымды өзім қарап, тәрбиелеу алдыма қойған басты мақсатым болды.

- Дипломың өліп қалады ғой, баланы маған беріп, жұмысқа шық,- деп әжем талай айтса да, көнбедім.

Ұлым үш жасқа толғанда жұмысқа шықтым.Қаладағы ең жақсы мектепке қабылдандым. «Ұстаздықтың ұлы жолы»,- деп даналар айтқан даңғыл жолға түстім.Жас ұстаздарды тәрбиелейтін Гүлзира деген үлкен ұстаз болды.Жұмысқа қабылданған барлығымызды шақырып алып:

- Сендер үлкен мамандықтың иесі болдыңдар.Бүгін сол жолға қадам басып тұрсыңдар.Бұл - киелі шаңырақ. Қазақ мектебі деген аты бар.Осы атқа кір келтірмей, жұмыс істейтін болыңдар,- деп көп кеңес берді.Сырт бейнеміздің қандай болу керектігін де ашып айтты.Мен мектепте жүріп көп нәрсені үйрене бастадым.Оқушыларымның аппақ көңілі мен сәби жүректері мені ұстаз болуға жетелей түсті.

Шаңға бөккен қарапайым ауылдан шығып, орыстанған шулы қалаға келіп ұстаздық жолға осылайша келдім...

Бөлісу:

Көп оқылғандар