Әлібек Байбол: Аспани адам

Бөлісу:

29.11.2016 3908

                                                                                               

(Траги-фарс)


фыа.JPG

Кейіпкерлер:

Қыдыр ата

Қыдыр бала

Жомарт

Жанна

Салима

Есболат

Самал

Марат

Жанат .

Молда

Шәкірт

Психиатр

Депутат

Продюссер

Адам-Ата

Ақшажан


Жомарттың үйі. Дастарханға жиналған қонақтар.


Жомарт: Бүгін қандай ғажап күн!

Жанна: (Мырс етеді) Қайдам!

Жомарт: Көрші ақысы – Тәңір ақысы дейді қазақ. Қаланың қарбалас тіршілігімен бір-бірімізбен араласудың өзі қиын болып кетті ғой, қазір. Сол себептен сіздерді қонақ болсын деп үйге шақырған жайымыз бар.

Шәкірт: Рахмет! Сіздердің құрметтеріңіз үшін шампан атайық, мырзалар! (қалтасынан шығарып, өзіне ғана құяды) Денсаулықтарыңыз үшін ішемін!

Молда: (Жақтырмай) Сіздерді бізді сыйласаңыздар, Құдай сіздерді сыйласын. (Жан-жағына бір қарап, кітаптарды алып шығып жатып) Осынау бір сәтті пайдаланып әрқайсыңа бір-бір Құран-Кәрімнен сатсам ба деймін, бағасы қымбат емес, қазір скидка жүріп жатыр. Үй иелеріне тегін. (Жомарт пен Жаннаға береді)

Шәкірт (Ішіп отырып): Ал, бізге қаншадан, молдеке?

Молда: Бар-жоғы бес-ақ мың теңге!

Шәкірт: Қымбат қой!

Молда: Енді, қазір қымбатшылық заманы ғой бауырлар... доллар өсіп кетті дегендей! Тірі адам тіршілігін жасайды!

Жомарт: Құранды сату қалай болар екен а, молдеке?

Молда: Мен: «Тірі адам тіршілігін жасайды» дедім... Бар айтқаным осы, бауырлар! (телефоны шыр етеді) Кешіріңіздер, әлө! Иә.. иә... тыңдап тұрмын... қазір, сәлден соң, барамын. А? бүгінге неше адам өлді дейсіңдер?! Екеу? Аздау екен, ә?.. клиенттер де күннен-күнге сиреп бара жатыр... компаниямыз банкрот болмаса болар. Кредит дегеніңіз шаш етектен! Жарайды-жарайды... екеуінің жаназасын шығара беріңдер. Бауырлары бай ма екен? Онда, бес жүз доллардан түспеңдер. Жақсы, жақсы. Әйтеуір, сендер аман болыңдаршы, жандарым. Кешіріңіздер, «Жаназа» деген компания ашып ем, соның шарусы ғой.

Жомарт: (Үнсіздікті бұзып) Құрметті қонақтар! Алдарыңызға қойылған адал дәмнен алып отырыңыздар. Арамыздағы ақсақал бата берсін.

Есболат: Қыдыр ата қолдасын, үйімізге бақ қонсын, бала-шағамыз аман боп, еліміз көркейсін, гүлденсін! Ау-мин! (Жанна ғана алақан жаймайды)

Жомарт: Молдеке! Осы сіз Қыдыр үй-үйді аралап, адамдарға бата береді дегенге сенемісіз?

Молда: Кім білсін?!

Шәкірт: Мен де бұған күмәнмен қараймын.

Есболат: Рас. Ондай шаңыраққа «Қыдыр дарыған», «Қыдыр қонған» делінеді. Қыдыр – Қызыр тұтас елдің қамқоршысы, жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші. Ол кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Егер Құдайдан шын сұраса, ол адамды да емдей алады... Мен рас нәрсе!

Шәкірт: XXI ғасырда – ақпарат пен нанотехнология ғасырында әулие ел мен жерді аралайтынына ақсақал ғана сенетін секілді ғой. (Бәрі күледі)

Есболат: Қыдыр деген... (Күн күркірейді, бәрі жалт қарайды)

Жанна: Қойшы, әке. Сенің әңгімең мына жұртқа қызық емес. «Адам есейген сайын сәби сияқты» деген рас екен. Сенгіш, әйтеуір.

Жомарт: Жаныма бататыны қызымның сал болып, арбаға байланғаны. Емдетейін деп бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Тибетке де бардық, Қытай да астық, Израильды де көрдік. Бірақ...

Жанна: (Мыстани мысқылмен) И-ә-ә-ә... біраз шашылдық.

Жомарт: Самалымның саулығы үшін ештеңе аямаймын.

Жанна: Осы жерден тоқтай ғой! Құрметті меймандар! Сіздерді осынау даңғарадай сарайдың соңғы үлгідегі архитектуарсын тамашалауға шақырамын. Одан да көңілді әңгіме айтайықшы. Салима қызды өз бөлмесіне алып кет. Жүріңіздер. (Тағы да найзағай ойнайды. Бәрі кетеді. Жомарт терезеден Аспанға қарап тұрады да ол да кетеді)

Салима: (Самалдың басынан сипап) Саған әкеңнен басқа ешкімнің іші жылымайды. Ал, Жанна өз туғаны болмаған соң, сені өзекке тебеді, бауырына басқысы жоқ. Сені «тастанды» деп тілдейді. Байқұсым-ай! Бағыңды біреу байласа, бақ-жетім емей немене? Жанна әкеңе есеппен қосылғанын, екеуміз ғана сеземіз... Бұл үйден қонақ үзілмейді. Жақсы қонақ болса бір сәрі ғой. Өңкей жағымпаздар мен суайттар. Өтірік күледі... айтқан тілектерінің өзі өтірік. Олар тілек айту үшін емес, жамандық тілеу үшін келеді... Кілең ақшаның күшімен жүрген алаяқтар. Адами қасиетіңе, аппақ көңіліңе, сезімің мен сеніміңе түкіргені бар, олардың. (Самалды бөлмесіне алып кетеді де қайта келеді) Иә Алла, осы бір қызға жәрдемдесе гөр. Жаратқан жалғыз Ием Бізге жәрдемдесе гөр. Егер күнәміз болса кешіргейсің! Көмектес Құдай, көмектес! Бізді Қыдыр ата қолдап, Самалға ем қонса екен Алла! (Найзағай ойнайды)

Қыдыр ата: Мені шақырдың ба, қызым?

Салима: (Жасын сүртеді) Сіз кімсіз?

Қыдыр ата: Мен Қыдыр атамын! Аспани адаммын! Осы үйде сал болып жатқан қыздың дұғасы қабыл болды. Мен оны емдеуге келдім.

Салима: Не дейді?! Аспани адам? Кіммін дедіңіз?

Қыдыр ата: Қыдырмын!

Салима: Жоқ, бұл мүмкін емес. Басқа бір үймен шатастырған боларсыз. Шығыңыз! Кетіңіз! Бәлеңізден аулақ! Жұмыстан айырылатын жағдай жоқ. Сіз секілді кедей-кепшік күнде келеді. Кетіңіз!

Қыдыр ата: Мен Қыдырмын деймін! (Найзағай ойнайды)

Салима: (Жүзіне қарап) Тоқтаңыз, сіз кәдімгі кітаптан оқып жүрген Қыдырмысыз?

Қыдыр ата: Иә!

Салима: Мүмкін емес, қойыңыз, адамды алдамай... Өтірік?!

Қыдыр ата: (Аса таяғымен жерді бір ұрады) Өтірік айтқан адам Тозақтың отында күйсін.

Салима: Тыныш, тыныш... Шынымен, Қыдыр ата болсаңыз, дәлелдеңізші, қане.

Қыдыр ата: Не істейін?

Салима: Не десем екен, а?.. А! Мына бөлмені ақшамен, доллармен толтырыңыз...

Қыдыр ата: Дүние тарату менің құзіретімде емес. Мен адамзатқа амандық, бақыт, береке-бірлік, ауызбіршілік қана сыйлай аламын.

Салима: Мынау кім?

Қыдыр ата: Бұл менің шәкіртім – Қыдыр бала.

Қыдыр бала: Сәлеметсіз бе! Біз Қыдырмыз! Сізге Алланың нұры жаусын, деніңіз сау болсын, балаңыз аман боп, бақытты болыңыз.

Салима: Балам дейді. Оны қайдан білесің?

Қыдыр бала: Білеміз, әпке, білеміз. Адамның әр дұғасы, әр тілегі Аллаға тікелей жетіп отырады. Сіздің әр сөзіңіз, әр ойыңыз, әр ниетіңіз, Ана бір жерде жазылып жатыр ғой, әпке...

Салима: (Шошып) Қой, мен не айттым? А?.. (Саусағымен санап) Ешкімді тілдеген жоқпын, адамның алажібін аттаған жоқпын... ақша ұрламадым, халықты қанамадым, ақкөңілдерді алдамадым, Отаным мен жерімді сатпадым, тәнімді саудаламадым, арымды таптамадым, елдің ақшасын жемедім, адам өлтірмедім... Не істедім, мен? (Жылағысы келіп) Алла алдында бір ғана күнәм бар...

Қыдыр бала: Білеміз, бәрін білеміз. Құдай сізді кешірді, тәте, кешірді.

Салима: Нені білесің?

Қыдыр бала: Білеміз! Құдай бізді Жерге бейбақтарға көмектесу үшін жіберді. Біз тек рухани байлық қана сыйлай аламыз... Рухани.

Салима: (Қыдыр атаға) Мүмкін, сендер аферис шығарсыңдар, а? Мен өте сенгіш адаммын, соны пайдаланып, үйді тонамақсыңдар ғой, ә? Әлі де сеніңкіремей тұрмын... Рухани байлық дейсіз бе, ол деген асып-төгіліп жатыр емес пе, балам-ау?!

Қыдыр бала: Қателесесіз, әпке...

Салима: Қой бала... Сенің өз пиласопияң бар, менің өз пиласопиям бар. Дамыған отыз елдің қатарына кіру үшін қара жұмысшылардың парасат-пайымының өзі... жоғары деңгейде болу керек екен... (Пауза) Балам түрмеде жатыр, соны шығарып алуға ақша керек, ақша...

Қыдыр ата: Бәрі орнына келеді. Сеніңіз, маған.

Салима: Әлі сол бір сеніммен келе жатырмыз ғой. Ол не сенім екенін бір Алла білсін. «Сеніңдер, сеніңдер!» – дейді... Сондықтан ешкімге сенбеймін, мен.

Қыдыр ата: Емдей аламын... (Найзағай ойнайды)

Салима: Маған оның да қажеті жоқ. Дені-қарным сау, ауру емеспін. Ақша керек, ақша. Айтып тұрмын ғой, мына жерді ақшамен толтырыңыз, сонда ғана сенемін...

Қыдыр ата: Балаң сотталған. 2 жыл болыпты. Содан бері қан қысымың мен қантың жоғарылаған. (Басынан ұстайды) Сақинаң қысады.

Қыдыр бала: Сол ақша балаңызды түрмеден шығару үшін керек. Солай ғой, әпке, иә?

Салима: Иә солай... басым қойды... қоя қалды. Ғажап... Бір күнәм бар, кезінде сол баладан бас тартқанмын...

Қыдыр бала: Құдай сізді кешірді дедім ғой, ке-шір-ді!

Салима: Рас па? Шыныңды айтшы!

Қыдыр ата: Сал болып жатқан қыздың аты кім?

Салима: Самал. (Найзағай ойнайды)

Қыдыр бала: Бізге сол қыз керек.

Салима: (Орындық береді) Отырыңыз, шаршаған боларсыз.

Қыдыр ата: Рахмет! Табанымыздан таусылып, шартарапты шарлап шықтық... Уф!

Қыдыр бала: Шаршадық. Осы үйді әзер таптық қой.

Салима: Бұл үйді Әзірейіл де, Әзәзіл де таппайды...

Қыдыр ата: Көзінен мөлт-мөлт жасын төккен қыздың зары Аллаға дейін жетті... Күнде жылайды, күнде жылайды. Оған Құдайдың үлкен сыйы бар. Жолы ашылады, бақытты болады.

Қыдыр бала: Аумин! Зар илеген даусын естігенде емешегің езіледі, тегі. Егер атам ол қызды емдесе, онда қалыңдық етіп те алуым ғажап емес.

Қыдыр ата: Тәйт... Не дейді мына бала.

Қыдыр бала: Рас қой, мен де адам құсап өмір сүргім келеді ата.

Қыдыр ата: Не жетпей жүр?

Қыдыр бала: Жер планетасы маған ұнап қалды. (Найзағай ойнайды)

Қыдыр ата: Ондайды қой, бізге бүгіннен қалмай кету керек. Әлгі қыздың әкесінің де дұғасы қабыл болды.

Салима: Жомарт қой, Жомарт. Сондай жақсы адам. Қызы да алтын. Сал демесеңіз, нағыз хас сұлудың өзі. Мылқау, байқұс... Жанары сондай тұнық, сондай тап-таза. (Жасын сүртіп) Ал ана әйел – Жанна күмәнді адам, ой, күмәнді, күмәнді. Самалға сөз айтып, тұрмысқа шығуын өтінгендер де болды. Әлгі қатын араласып, үйлендіріп жіберуді көздеген. Бірақ Жомарт рұқсатын бермеді. Қыз да көнбеді ғой деймін, осы. Адам ғой енді, жаны, жүрегі, сезімі, еркі, ең бастысы таңдауы бар емес пе?! Сондай ақылды, не айтайын деп тұрғаныңды көзіңнен-ақ ұғады. Таң қаласың. Алла, Алла.

Қыдыр ата: Ештеңе жоқ, әлі-ақ аяққа тұрады!

Салима: Самал Жомарттың бірінші әйелінен... Ал Жаннаның бірінші күйеуінен бір ұл, бір қыз бар. Со келіншек бүкіл мұраны екеуінің атына жазып бергісі келіп жүр. Самалға бір жылымай қойғаны – содан.

Қыдыр ата: Онда қызды емдеп, тезірек кетейік. Асығыспыз!!!

Салима: Келгеніңіз қазір. Қонақ болыңыздар!

Қыдыр бала: Қалайықшы, ата.

Қыдыр ата: Пейіліңе рахмет, қызым. Басқа да баратын жеріміз бар. Зар илеп, көмек сұрап отырған қаншама отбасы бар. Уақыт аз. Үй иесін шақыра қойшы.

Салима: Сәл күте тұрыңыз, қазір келіп қалар.

Қыдыр бала: Ата, қалайықшы.

Қыдыр ата: Сен пенде арасында өмір сүре алмайсың.

Салима: Ол үшін қитұрқы, қу, тіршілікке бейім болуың керек.

Қыдыр бала: Егер қажет болса, оған да көндім.

Қыдыр ата: Қоя ғой, бала, қоя ғой, нең бар.

Салима: (Өзімен-өзі) Егер Самал аяққа тұрса, мұра үшке бөлінеді. Жомарттың бір басында төрт үйі мен зәулім зауыты бар. Одан бөлек бизнесі де дөңгеленіп жатыр. Ақша жетерлік. Сол мүгедек күйінде қалғаны Жаннаға қол болып тұр ғой емес пе?! (Даусы зорайып) Айфон деген бәлені апта сайын ауыстырады. Айфонның не екенін білесіз бе, ата?

Қыдыр ата: Жоқ.

Салима: Шынымды айтсам, ол бәлені қолға ұстап көрмеген соң, мен де аса түсіне бермеймін. Байлардың өмірі өмір ғой. Айлығың былай тартсаң былай жетпейді. Е-е-е, бақырбастыны қутыңдатқан қу дүние-ай.

Қыдыр ата: (Жан-жағына ұзақ қарап) Адамдар мына дүниені көрге алып кете алмайды ғой.

Қыдыр бала: Қалайыншы ата, Құдайға бәрін түсіндіріп айтыңызшы.

Қыдыр ата: Болмайды. Сен пәксің, тазасың...

Қыдыр бала: Біз адамбыз ата, адамбыз! (Найзағай ойнайды)

Салима: (Арғы жақтан сөйлеп келе жатады) Енді сәл ғана күтсеңіздер, келеді. Қарныңыз ашпады ма?

Қыдыр ата: Жоқ, асығып тұрмын қызым, имандай шыным!

Қыдыр бала: Менікі ашты.

Қыдыр ата: Әулиелердің қарны ашпайды, қалжыңы ғой...

Салима: (Өзімен-өзі) Аз қалды ата, аз қалды, шыдай тұрыңыз. Жанна мына кісілерді көрсе, маған айқайлап, даң шығарады. Не істесем екен, Құдай-ай?

Қыдыр ата: Не дейсің, қызым?

Салима: (Есікті ашады) Жомарт келе жатыр. Қазір сіздерді таныстырамын. Дайынсыздар ма?

Қыдыр ата: Рахмет, қызым, қолыңды жай, батамды берейін. Басыңа бақ қонсын, жегенің адал ас болсын, Жаратқан Алла қолдасын, береке болсын жолдасың, аумин!

Жомарт: Аумин! Сіз кімсіз?

Қыдыр ата: (Орнынан тұрып) Мен Қыдыр атамын!

Қыдыр бала: Ал, мен Қыдыр баламын. (Найзағай ойнайды)

Жомарт: Бүгін Күлкі күні емес сияқты еді ғой. Қалжыңыңызды қалтаңызға салып қойыңыз, ақсақал. Бұ жерге қалай кірдіңіз?

Салима: Мен кіргізгем жоқ. Есіктің ашық қалғанын байқамай қалыппын.

Жомарт: Шығарыңыз. Сізге қаншама рет қайталауға болады? Бөтен адамды кіргізбеңіз дедік емес пе?! Алдындағы бір қателігіңіз үшін Жанна жұмыстан шығарғанда... Қайта шақыртып алып ем. Тағы бір мүмкіндік бердім. Сөйттім ғой?

Қыдыр ата: Бұл қыздың кінәсі жоқ. Мен...

Жомарт: Үйді босатыңыз.

Қыдыр ата: Мен сал болып жатқан Самалды емдеуге келдім.

Қыдыр бала: Біз келдік!

Жомарт: Немене? Жетпегені осы еді? Сіз өзі саумысыз? Әлде... Кешіріңіз, бірақ, үстіңізден бір иіс шығады ғой. Арақ па, не өзі? Егер киім-кешек, тамақ керек болса, көмектесейін, тек үйді босатыңызшы, Құдай үшін. Егер жолдан қалсаңыз... (қалтасын ақтарады) міне, қаланың мына басынан ана басына дейін жететін ақша, алыңыз.

Қыдыр ата: Қайыры жоқ дүниенің қажеті жоқ. Самалды аяққа тұрғызған соң, бір-ақ кетем.

Жомарт: Мынауың сөз түсінбейді ғой, а? Ашуыма тимеңіз, ақсақал. Шектен шықпаңыз. Кет деген соң, кетіңіз...

Қыдыр ата: Самалды емдеген соң, бір-ақ кетемін. Айтқаным айтқан!

Қыдыр бала: Ата, кетсек қайтеді.

Қыдыр ата: Жоқ, Жаратушының жауапты тапсырмасын орындамай, кетпейміз. Тыныш тұр.

Жомарт: Солай ғой. Қазір көреміз. Марат! Марат!

Қыдыр ата: Кетейікші, ата. Бір жамандықты жүрегім сезіп тұр.

Марат: Ау!

Жомарт: Мына екеуін далаға шығарып жібер. Бірақ бір жерін ауыртып қойма.

Марат: Қазір! Фу! Пашол вон! Кет, кет. Жанына жақындасаң, иісі жұғатын сияқты. Салима! Есікті аш. (Есікті ашады. Итерейін деп келе жатқанда, аса таяғымен ұрып жібереді, құлайды)

Марат: (Жерден тұрып келе жатады) Мынауың жынды ғой-ей.

Қыдыр бала: Қаштық, ата.

Қыдыр ата: Тұр!

Жомарт: (Маратқа) Милиция шақыр.

Жанна: Милицияның қажеті жоқ. Бұнда не боп жатыр? Бәрін тып-тыныш-ақ шешуге болады. Әулетімізге әулекілер келді екен деп, дүрлігудің қажеті жоқ. Екі бомж үшін абыройды айрандай төгеміз бе енді?! Мас па, жынды ма, наркоман ба, кім бұл, өзі? Іздегені арақ болса, бір жартысын қолтығына қыстырыңдар да жіберіңдер. Пәлесінен аулақ. Бұны кім кіргізген?

Марат: Баяғы Салима шығар.

Жанна: Жұмыстан шығасың. Алдыңғы айда-ақ бес кедейді жарылқағаның да жетеді...

Салима: Кешіріңізші.

Жанна: Кешірім жоқ, саған. Сені Құдай ғана кешірсін. Екеуін байлаңдар да, диванға отырғызыңдар. Бірақ, жоқ, диванды кірлетеді. Ана бұрыштағы орындыққа отырғызыңдар. Иә соған. (Марат пен Жомарт екеуін байлайды)

Жомарт: Жағдайды ушықтырмас үшін қарсыласпағаныңыз жөн болар.

Жанат: Не болды, мама? Айқайлап кеттіңіздер ғой.

Жанна: Мына есінен адасқан шал мен жас бала үйімізге басып кіріп, әбігерімізді алды.

Жомарт: Самалды емдеуге келдім дейді.

Марат: Арақтан миы құрғаған бәле ғой, бұл. Дьявол!

Жанат: Наркоман шығар, көзін қараңдаршы қып-қызыл.

Жанна: Мына сұм заманда жақсы адам жоқ, бәрі жаман. Үйге бөтендерді кіргізбеңдер деп қақсайтыным да содан ғой.

Жанат: Осы аптада ғана: «Белгісіз біреу үш үйді тонады...», – деп естідім. Соның бірі шығар, а? (Найзағай ойнайды)

Марат: Иә, иә, фотороботын көргем, аумайды. Жанындағысы кім екен?

Жанна: Сыбайласы да басқа кім дейсің.... Тоқта, мүмкін бұл менің жауларым жіберген тыңшы, шпиондар шығар, а?

Жомарт: Жамандық шақырмайық. Үйді шатастырып алған-ау, осылар.

Жанна: Бұл жерді Құдай да білмейді.

Жомарт: Мекен-жайды таппай, меңдуана жеген тойдан меңзең күй кешіп, бір жерді айнала бересің, айнала бересің. Бірақ шатастырды дейін десең: «Самалға келдім!» – дейді.

Марат: Заң қолына тапсырайық... ақ-қарасын солар ажыратсын.

Жомарт: Қажеті жоқ, бұлар жаман адам емес...

Жанна: Оны қайдан білесің, достарың ба еді?

Қыдыр ата: Мен Қыдыр атамын. Сеніңдерші маған.

Қыдыр бала: Ал мен Қыдыр баламын. Жіберіңдерші, бізді. Мұсылманбыз ғой. Бір-бірімізге кешірімшіл болайық. Айып бізден болса, үлкен басымызды кішірейтіп, кешірім сұрауға дайынбыз.

Жанна: Басың үлкен бе, кіші ме, оны Ібіліс қана шешеді. Кіммін дедің?

Қыдыр бала: Қыдыр бала.

Қыдыр ата: Мен Аспани адаммын! Қыдыр атамын!


Жомарт пен Салимадан басқасының бәрі қарқылдап күледі.


Жанат: Одан да Аяз атамын де.

Марат: (Қарқылдап күліп) Айттым ғой... екеуі араққа тойып алып, Ақшақарын жоғалтып алған.

Жанна: Бұларды үйде көп ұстамаңдар. (Пердені ашып қарап) Далада ешкім жүрген жоқ па? Қорқайын дедік қой, а? (Жан-жағына қарап) Мына шалдың жүрегі ұстап өліп кетсе, бүкіл елге масқара боламыз.

Марат: Мамам дұрыс айтады. Бұлардан тез арада құтылайық.

Жанна: Молдеке, молдеке!

Молда: Ау!

Жанна: Қараңыз, бізге бір ерекше қонақ келді! Мына алжыған шал: «Сал болып жатқан Самалды аяққа тұрғызамын, Қыдыр атамын!» – дейді.

Молда: Астафирулла! Өзін соңғы пайғамбар жариялағандарды көргенбіз, бірақ Қыдырмен деген адамды бірінші рет жолықтыруым. Астафирулла! (Екеуіне кезек-кезек қарап) Ширқ қой бұл. Тап-таза ширқ. Бұлар – адасушылар, Құдай жолынан тайғандар. Бұны – Аллаға серік қосу дейді. Бұлар Жаратушыны екеу деп танығандар... Күнә ғой бұл, күнә!

Қыдыр ата: Күнәһар кім екені Маһшар алаңында, Алланың алдында ғана шешіледі. (Найзағай ойнайды. Бәрі дір ете қалады)

Молда: (Өзінен-өзі қуыстанып) Сонда күнәһар мен ба? Бұндайлар біраз уақыттан кейін өзін Мағди – мұсылмандарды «Қасиетті соғысқа» бастап баратын қолбасшы жариялауы да ғажап емес. Мен күнәһар емеспін. (Естілер-етілмес қана) Ешкім періште емес. Совет кезінде атеист болғанмын, ал қазір... әлһәмдуллиллаһ мұсылманмын! Жасасын... (Ыңғайсызданып) Ой кешіріңдер... Егер мынандайлар өзін Мағди жарияласа, сонда Дәжжәл кім болмақ, а? (Күліп)

Жомарт: (Сыбырлап) Молдеке, бізге дау керек емес. Тып-тыныш шығарып салайықшы. Құдай үшін!

Жанна: (Сыбырлап) Бұл террорист болуы да мүмкін. Сақалын көрдіңіз ғой. Күлімізді көкке ұшырмасын.

Молда: Мұсылмандарды жолдан тайдырып, жиһадқа бастайтындар да – осылар. Жазасын Аллаһ берсін, Аллаһ!

Жанна: (Маратқа) Маратжан, ананы тексеріп шықшы, сақ бол. 
Жанат: Абайлашы.

Марат: Күдікті зат жоқ.

Жомарт: Онда лаңкес емес!

Жанна: (Сыбырлап) Амалын табыңыз, молдеке...

Молда: Дұрыс қой, дұрыс. Біз мұсылмандар бейбітшіл халықпыз. Қыдыр атамын дедіңіз бе?

Қыдыр ата: Иә.

Молда: (Жомартқа сыбырлап) Бұл жаңадан пайда болған сектаның өкілі болуы мүмкін. Ибраһимшілер деген! Құрбан айт жақындағанда балаларды жинап, құрбандыққа шалып, қанын суша ағызады...

Жомарт: (Шошып) А? Қызыма зияны тисе, өз қолыммен өлтіремін!

Жанна: (Естілер-естілмес) Құдай-ау, екі есалаңға мүгедек қыздың не қажеті бар?..

Молда: Сабыр, сабыр. Мен де адаммын ғой, шатасуым мүмкін...

Жанна: Бәлесінен аулақ, молдекем. Біз Алла алдында тазамыз! Сол тап-таза арымызға қаңғығандардың қарасы жұғып жүрмесін. Сақ болайық!

Марат: Басын жазып берейік те, шығарып салайық. Салима арақ алып кел. Бол, тез.

Молда: (Маратқа) Қол-аяғын шешіңдер.

Жанна: Қажеті жоқ, молдеке.

Жомарт: Қорықпа, жанында тұрамыз.

Жанна: Тұрғаныңды қайтейін, таяқпен басыңнан бір қойып, қашып кетсеші?! (Маратқа) Екеуінен көз алмаңдар. Асасын тартып алыңдар.

Қыдыр ата: (Жерді ұрады) Жоламаңдар!

Жомарт: Тыныш, тыныш ақсақал, тыныш. Бәрі дұрыс!

Молда: Жүріңіз... сіз іздеп жүрген Самал қызыңыз ана бір үйде.

Қыдыр ата: Жоқ, ол осында. Сезіп тұрмын. Екінші қабатта.

Молда: Бағана ғана ана бір үйге алып кеткен.

Қыдыр ата: Жоқ. Бөспеңізді басқаға айтыңыз, ол осында.

Молда: Егер сенбесеңіз, далаға шығайық, көрсетемін.

Жанна: Бәлесін қарай гөр. Шалыңның алданатын түрі жоқ.

Молда: Бұл жынды емес, бұл күнін балгерлікпен көріп жүрген, тиын сауған, жынмен байланысы бар пәле. (Найзағай ойнайды)

Жомарт: (Жанына барады да жағасына жармасайын дейді, бірақ ақсақал аса таяғымен жасқайды) Шыныңды айт, берекемізді алып, бізді дуалауға келдің бе? Айт, деймін. Қызыма қастандық ойласаң, менен жақсылық күтпе, шал, жақсылық күтпе...

Жанат: Мүмкін бұл жас қыздарды зорлайтын педафил шығар, а?

Жомарт: Егер шынында да сондай екені анықталса... онда бұл өмірге келгеніне өкінетін болады.

Жанна: Бұлар түрмеден қашқан қылмыскерлер емес пе екен, а?

Салима: Оны әлі анықтау керек.

Жанна: (Мыстани мысқылмен) Ол жағын маған қалдыр.

Жанат: Әйтеуір адам қызығарлық жері жоқ.

Жанна: (Орнынан тұрайын деген Қыдырға) Отыр, омалып. Қалтасын қараңдар. Пышақ, лезвия, темір, арқан тағы басқа қауыпты заттар жоқ па екен?

Күзетші: Шелпектен басқа ештеңе жоқ.

Жанна: Оны далаға алып шығып кетіңдер де, жерге көміңдер.

Қыдыр ата: Бұл береке алып келетін шелпек.

Жанна: Тойып тұрмыз, оны өзің же.

Жанат: Сущи мен пиццадан артық емес қой.

Салима: (Қолында арағы бар) Керегі жоқ шығар, Марат.

Марат: Өзім білем. Ана стаканға құй. Алып кел. Мә шал, басыңды жаз. (Қыдыр ата аса таяғымен қағып жібереді. Күліп) Өзің біл.

Салима: Құдай үшін, сеніңдерші, ол – Қыдыр.

Қыдыр бала: Сеніңдерші, біз Қыдырмыз.

Жанна: (Бәріне көз қысып) Қыдыр ата... үйіңізге қайта қойыңыз енді.

Марат: Шәкірт ағаны шақырайық!

Жанат: Неге?

Марат: (Қолымен ерекше қимыл жасап) Психолог қой... енді!

Жанна: Шақыр, шақыр. (Салима кетеді. Пауза)

Шәкірт: Ескеңмен ұзақ әңгімелестік, қайда жүрсіздер. Бұл не тұрыс?

Жанна: Аға, мынандай бір оқыс оқиға орын алды. Үйімізге Қыдыр атамын дейтін бір шал мен мына бір бала келді. Самалды емдемекші екен.

Шәкірт: Қыдыр ата деймісіз?! Қызық, қызық. (Мырс етіп, ерекше бір қимыл жасайды) Дұрыс қой енді... Бұл екеуі өзі, ұлттық психиатрия тарихында қалатын болды.

Жанна: Неге?

Шәкірт: (Күліп) Ата жолды қуған науқастар ретінде.

Молда: Дәрігерлік тәжірибеңізде бұрын-соңды бұндайды жолықтырмап па едіңіз?

Шәкірт: (Жанына жақындап) Мені таң қалдырғаны – бұндайлар өзін ауру санамайды. «Мен Құдаймын», «Мен Алладан да биік санамын!» дегендерді көргенмін. Ал Қыдырмын деген қызық екен, өзі.

Молда: Астафирулла!

Қыдыр бала: Сақтаныңыз, молдеке, сақтаныңыз.

Шәкірт: Сондықтан, бұл жаңалық емес. Көзіме тік қараңызшы, Қыдыр мырза.

Қыдыр ата: Қыдыр ата!

Шәкірт: Қыдыр ата дегенім ғой. Самалды емдеуге келдім деңіз. Бұл ой сізге қайдан келді?

Қыдыр ата: Құдайдан! Мен – Аспани адаммын! (Найзағай ойнайды)

Шәкірт: (Сұқ саусағын шошайтып) О, Құдайдан кепті! Сенемін, сенемін. Иса секілді адамзатты ауыр азаптан құтқарғыңыз келмей ме?

Қыдыр ата: Әркім өз күнәсі үшін жауап береді. Жеке-жеке!

Шәкірт: Ойыңыз – орынды. Жер планетасын билеп-төстегіңіз келмей ме?

Қыдыр ата: Жоқ! Оны жаратқан Алла!

Шәкірт: Сен ше, бала?! Жап-жас бола тұра, бұндай әулиелік жолға қалай түстің?

Қыдыр бала: (Күліп) Қыдыр ата мені тапты, мен өзімді таптым.

Шәкірт: Сөйтіп, белшесінен күнәға батқан біз секілді күнәһарларды Хақ жолға түсіру үшін келдім де...

Қыдыр бала: Мен Жер ғаламшарында қалғым келеді, аға.

Шәкірт: Неге?

Қыдыр бала: Мына дүниені тәрк етуге әлі дайын емес сияқтымын.

Шәкірт: Онда неге шалға ілесіп алдың?

Қыдыр бала: Ел-жер көргім келді.

Шәкірт: Отыр! Қазір. (Кетеді. Сөмкесінен балғасын алып, тізесінен, шынтақ тұсынан ұрады) Тіліңізді шығарыңыз. Жүрек соғысын тыңдайық. Дем алыңыз, дем алмаңыз. Басыңыз айналмай ма?

Қыдыр ата: Жоқ.

Шәкірт: Спортпен айналысып па едіңіз?

Қыдыр ата: Жоқ.

Шәкірт: Жас кезіңізде биіктен құлап немесе бастан жарақат алған жоқсыз ба?

Қыдыр ата: Жоқ.

Шәкірт: Эпилепсия, энцефалопатия, невроз, невролгиямен ауырмап па едіңіз? Ұстамаңыз ұстап, қояншығыңыз қозбай ма?

Қыдыр ата: Жоқ!

Шәкірт: (Маңдайын ұстап) Басы ып-ыстық. Ары-бері жүріңізші. Енді отырып-тұрыңыз. Мынау қандай түс?

Қыдыр ата: Қызыл!

Шәкірт: Қанның түсі, иә?

Қыдыр ата: Жоқ, адамға үміт сыйлайтын әдемі түс. Гүлдің түсі!

Шәкірт: (Айқайлайды) Қанның түсі десеңізші, қанның...

Қыдыр ата: «Қан!» – деп қақсайтындай ешкімді өлтірген жоқпын.

Шәкірт: Кешіріңіздер! Бұндайлар елді есінен адастырады. (Сыбырлап) Жындысыз ғой, ақыры. Іште жатқан бір сырым бар еді. Сөзіңізге сеніп жатқан жұрт жоқ, ақыры. Айтатын адам таппай жүргем. Осыдан он жыл бұрын... өз бауырымды өлтіріп қойғанмын. Мына қолыммен балталадым... (Қыдыр шошып кетеді) Қорықпа, бері жақында шал. Сотқа бір апта қалғанда «жындымын» деген «Қызыл қағаз» жаздырып алдым. (Күліп, сыбырлап) Мен аурумын Қыдеке... аурумын! Сонда бұл күнә ғой, иә?

Қыдыр ата: Кеш болмай тұрғанда Алладан кешірім сұра.

Шәкірт: (Қарқылдап күліп) Не дейд? Мынау қандай түс?

Қыдыр ата: Қара!

Шәкірт: Бұл үйге неге келдіңіз?

Қыдыр ата: (Даусын көтеріп) Айтып отырмын ғой...

Шәкірт: Ақырын сөйлеңіз.

Қыдыр ата: Құдайдың қалауын жүзеге асыру үшін. Самалды емдеуім керек.

Шәкірт: Түсінікті. (Жомартқа сыбырлап) Есінен адасқан. Абайлаңыз!

Жомарт: (Сыбырлап) «Тыныштандыратын укол» салсаңызшы.

Шәкірт: Неге?

Жомарт: Аман-сауында шығарып салайық.

Жанна: Екеуін бір-біріне айдап сал.

Жомарт: Жанна! (Найзағай ойнайды)

Шәкірт: Жолдан бір нәрсеге ұрынса немесе пәлеге ұшыраса, бастарыңыз дауға қалады. Оның ешкімге зияны жоқ. Бірақ бұларға қарсыласса, аурулары қозғанның үстіне қоза түседі. Қышыма сияқты ғой. Қасыған сайын жаны кіреді. Сіз оның көзіне қарадыңыз ба? Қанталап тұр. Сол себептен, оның айтқанын істей салыңыз. Қызыңызды көргенде тұрған ештеңе жоқ.

Жомарт: Жоқ, аға, болмайды.

Жанна: (Мысқылмен) Көрсін, көрсін.

Жомарт: Жоқ, дедім! Саған бәрібір ғой.

Жанна: Бәрібір емес, Самалканың ден-саулығы мені де алаңдатады.

Жомарт: Оның ойында не бар екенін бір Құдай білсін. Көлденең көкаттының бәрін үйіме кіргізіп, төрімде ойқастатып қойсам, несіне жер басып жүрмін а, аға?

Молда: Сабыр, сабыр!

Шәкірт: Дұрыс қой, енді мырзам. Бірақ ол айтқанын қайтпайды. Бізді көзімен ішіп-жеп барады. Қалауына қарсы шықсақ... арты жақсылыққа апармайды.

Марат: Шәкірт аға дұрыс айтады. Көрсе көрсін, жанында тұрамыз. Не істейді дейсіз?!

Жанат: Мынаның сасық иісі үйді алып кетті. Болайықшы. Жындымен жынды боламыз ба?

Есболат: Бұл жерде не боп жатыр?

Жанат: Кім келгенін қараңыздар.

Марат: Туй.

Жанна: Не болды? Тамағыңды іштің бе?

Есболат: Иә.

Жанна: Онда барып жатып, дем ал.

Есболат: Дауыстарың тегі жер жарады. Қайдан білейін. Бір нәрсе болса, көмегім тиер ме екен деген ой ғой, біздікі. Мынауы кім-ей?

Марат: Қыдыр ата... деп таныстырды өзін... Аспани адаммын дейді...

Есболат: Қыдыр ата? (Жанына барып ұзақ қарап тұрады) Сені де көретін күн бар екен ғой, жарықтық. Асылбек атам қажыдан келе жатып, сені жолдан жолықтырыпты. Оны кейін естідік. Е-е, Алла! Біздерге иман бер гөр. Мыналардың көзіндегі пердені... ақша, дүние, залымдық, алдау-арбау, сатқындық атты пердені сыпыра түсші. Иә, құдіреті күшті Құдай, мыналарды тәубесіне түсір. Қолыңды алуға рұқсат ет! (Амандасып, қолынан сүйеді)

Жанна: (Жиркеніп) Тфу кәпір. Не істеп жатырсың, адамды жиіркендіріп? Алжиын деген ғой, қақбас. Осыдан аман шығайын, сені қарттар үйіне тапсырамын... (Пауза) Бар да тып-тыныш жата қал да қата қал.

Есболат: Қыдыр ғой мынау, кәдімгі Қыдыр. Көзі тұп-тұнық, мөп-мөлдір, тап-таза. Бұндай тазалық сендерде жоқ.

Марат: Көзі – құтырған иттікіндей қып-қызыл... Атам да алжыпты-ау.

Есболат: Қыдыр! Қазір менде әл-дәрмен қалмады. Замана құдайлары – міне мыналар! Алла алдында бір күнәм бар. Айтайыншы.

Қыдыр ата: Айт!

Есболат: Мына қызым Жанна, бірінші қатыннан, ол сұмырай бізді тастап, басқа біреуге тиіп алды. Ал одан кейін, екінші қатынға үйленгенмін, жақсы еді, қайтыс болып кетті, марқұм. Қызыма дұрыс тәрбие бере алмадым, кешір, Құдай! Кешір! Бірақ, бізді кешірмейтін шығар Жаратушы? А?

Қыдыр ата: Үмітсіз – шайтан.

Есболат: Менде күнә да бар, насыбай да бар. Атасың ба?

Қыдыр ата: Жоқ.

Есболат: Ал мынау шамасы, шәкіртің?

Қыдыр ата: Иә.

Есболат: «Қорқам кейінгі жас балалардан» деп бір ақын айтпақшы, бұларға аса сеніңкіремеймін. Қарашы, әне! Әулиенің жанында әулие жүреді деуші еді, қайдан білейін, қайдан білейін. Уф...

Жанна: (Жанатқа) Атаңды алып кет.

Шәкірт: Уақытты созбай, Самалды көрсетіңіздер де, ерте-жарықта шығарып салыңдар. Айтар ақылым – осы.

Жомарт: Бопты. Бірақ, бәріміз жанында тұрамыз. Және бұл туралы ешкімге тіс жармаңдар.

Шәкірт: Әлбетте мырза-екем, әлбетте.

Жанна: (Маратқа) Алтын мен ақшаны адам көрмейтін жерге тық.

Марат: Білемін!

Жанна: (Салимаға) Самалды осында алып кел.

Қыдыр ата: (Алып келеді. Ол оған қарама-қарсы тұрады да көзін жұмып, аса таяғымен үстінен жүргізе бастайды) А-а-а...

Жомарт: Не істеп жатыр?

Шәкірт: Тыныш, тыныш, көрейік.

Салима: Қараңдар, қолын қозғалтты. Қараңыздаршы, Самал өз еркімен орнынан қозғалды. Ура! Ура!

Жанна: Өтірік! Мынау таза өтірік.

Молда: Мүмкін емес. Бұның жынмен байланысы бар дедім ғой, бағана.

Салима: Қараңдар, орнынан тұрып келе жатыр.

Жанна: Өтірік, тап-таза өтірік.

(Бәрі орындарында қаққан қазықтай қақшиып тұрып қалады.)

Молда: Бұған сенбеңіздер, бұны дінде көзарбау дейді.

Жанна: Жалған. Таза фокус.

Марат: Клоун! Копперфилд! Бұны циркқа жіберу керек.

Жанна: Сенбеңіздер, қазір қайтадан төсекке құлайды. Бізге қалай қарап тұрғанын қараңдаршы. Көзінде қан бар. Сіз не дейсіз, молдеке?

Молда: Дін бұны қолдамайды! Аллаға қарсы шығу ғой, бұл.

Жанна: (Шәкіртке) Ал сіз не дейсіз, аға?

Шәкірт: Не дерімді де білмей тұрмын. Метафизика. ДЦП-ны емдей алатындар өте аз. Бұл өзі қызық жағдай болды ғой, а?

Жомарт: (Қорқа-соқтап қызының жанына барады. Бірінші оң қолынан, одан кейін сол қолынан. Одан кейін барып құшақтап, сүйеді) Қызым, қызым, бері қарашы. Алтыным, күнім, айым менің. Бір нәрсе деші, қызым. (Жылайды)

Самал: Әке! (Найзағай ойнайды)

Жомарт: «Әке!» – деді. Күнім менің, күнім. (Ұзақ уақыт бойы құшағына қысып тұрады)

Марат: Мүмкін емес.

Жомарт: Мүмкін, Марат, мүмкін. Енді мен әлемдегі ең бақытты адаммын! (Көкке қарап) Рахмет саған, Алла, рахмет.

Молда: Алла Көкте емес, жүректе. Адаспаңыз.

Жомарт: Адасып тұрған мен емес, сіз!

Шәкірт: Өзіңізді қолға ұстаңыз, Жомарт мырза.

Жомарт: Енді менің көңіл-күйімді ешкім бұза алмайды. Сіз де, сіз де. Мен өзімді өмірге жаңадан келген адамша сезініп тұрмын. Аңсағаным – қызымның аман-есен сауығуы еді. Жаратқанға күні-түні жалбарынушы ем. Рахмет, Алла, рахмет. Рахмет, саған. Менің бір күнәм бар еді, Алла. Оның салмағын өзің салмақтай жатарсың. Қызымды емдей алмай, шарқ ұрғанда, өзіме-өзім қол жұмсағым келген. Егер ниетім үшін «соттасаң», өз еркің, Құдай!

Қыдыр ата: Ол сізді «соттамайды». Дұғаң қабыл болды!

Жомарт: Рахмет, сізге ақсақал, рахмет! Неге қуанбай тұрсыңдар? Іштерің күйіп бара ма? Тұз жалаңдар. (Қыдыр атаның қолынан сүйіп) Мен сізге енді ғана сендім. (Салима Самалдың жанына отырып, құшақтайды. Қыз жан-жағына қарап, әлі де болса, не болғанын түсінбеуде) Егер артық кеткен жерім болса, кешіріңіздерші мені.

Салима: Айттым ғой, бұл Қыдыр ата деп.

Қыдыр ата: Өз міндетімді атқардым, енді қайтуым керек.

Жомарт: Білемін, ақша қолдың кірі, бірақ сол «кірсіз» күнің жоқ. Мен баймын, ақша керек пе, әлде, дүние сыйлайын ба? Әлде үй керек пе, айтыңызшы. Мүмкін, көлік қажет шығар? Құлыңыз болайын.

Қыдыр ата: Ештеңенің қажеті жоқ. Бұның бәрін Алла разылығы үшін істедім. Ал енді кетуіміз керек.

Жанна: (Өзімен-өзі) Күллі ойым күлпая болды.

Жомарт: Онда бізбен бірге дастарханға отырыңыз, қонақ болыңыз.

Қыдыр ата: Көңіліңе рахмет, балам, асығып тұрмын.

Қыдыр бала: Қалайықшы, ата!

Жомарт: Қалыңыздар, қонақ етемін, қалағаныңызды орындаймын.

Жанна: Бұларды ешқайда жібермеңдер. (Маратқа) Байла оларды!

Жомарт: Ей-ей, жіберіңдер оны!

Жанна: Байла деймін!

Жомарт: Жіберіңдер дедім!

Жанна: Араласпа! Көзің байланған ба? Мына қаңғыған немелерге шынымен де сеніп тұрмысың? Алдайды да, алдыңдағыны сыпырып кетеді... Есіңді жи. Бұлар – алаяқтар, ұрылар, оңбағандар!

Жомарт: Сенемін бе, сенбеймін бе өз еркім.

Марат: Анам дұрыс айтады.

Жомарт: Араласпа! Самалды емдетейік дегенімде, саусағыңның ұшын да қимылдатпап ең. Енді келіп, қалайша есті бола қалдың?

Жанна: Мүмкін, Самал сал ауруымен ауырмаған да шығар? Бұл маған жасалған айла болуы мүмкін? Иә, айла. Қастандық!

Жомарт: Қандай айла? Қандай қастандық?

Жанна: Мұраны, мына дүниені жымқырып, қымқырып, көтіңнің астына басудың амалы. Көтіңнің астына...

Жомарт: Бұндай жаман сөзді айтпа.

Жанна: Көт – дене мүшесі. Онымен үлкен дәретке отырасың, сонда ұялмайсың, онымен жел шығарасың, сонда ұялмайсың, иә?

Жомарт: Ол жағын...

Жанна: Бұл Қыдыр ма, қырт па маған қызық емес. Бұл жанымды алуға келген Әзірейіл емес, бұл... бұл... Қаржы полициясы, ҰҚК, Салық полициясы да емес. Бұл кім сонда? Мен өз күнәмді білемін, бірақ, мына өмірде мойындамаймын. Қыдыр атасы құрысын! (Найзағай ойнайды)

Жомарт: Бүйтіп айтуға аузың қалай барады, жалмауыз. Дүниеге қақал, шашал. Мә, ал, мә. Бәрін ал, міне. Мына жиһазды да, мына үйді де. Бәрін ал, бәрін. Бір тиынның да қажеті жоқ. (Қалтасындағы ақшаны шашады)

Молда: Қойыңдаршы, Құдай үшін.

Жомарт: Араласпаңыз, молдеке. Сіз Алланы қай кезде ауызға алатыныңыз енді белгілі болды. Құдай сіз үшін құр сауда!

Шәкірт: Сабыр ет, Жомарт, саған не болған?

Жомарт: Қызыма қарсы шыққан адам – менің жауым.

Шәкірт: Адаспа.

Жомарт: Нағыз адасушы – сіз. Сондықтан, психологиялық ауытқушылық Қыдыр атада емес... Мына сізде! Ұқтыңыз ба?

Шәкірт: Бұлай деуге қандай қақыңыз бар?

Марат: Бұның бәрі фальш, фокус, трюк.

Жомарт: Араласпа дедім.

Марат: Не істеп аласың?

Жомарт: Ей, сенің кеудеңе нан пісейін депті күшік.

Жанна: Қойыңдар.

Жомарт: Егер сенбесеңдер, өздерің біліңдер. Бірақ, маған қызымның амандығы қымбат.

Салима: Самалдың өзінен сұрайық.

Самал: (Даусында қобалжу ма, әйтеуір, бір діріл бар, әлі де өзінің жүргеніне сенер емес, қалт-құлт етеді) Мына ата кім екенін білмеймін... бірақ Ол мені емдеді. Расымен, аспани адам екен. Ұйқым келіп тұр! Терезеге телміріп, көзімнен жас ағып, басқа балаларға қарап отыратынмын. Енді мен де жүре аламын. Енді мен бақыттымын. Аллаға разымын. Рахмет сізге!

Жомарт: Жылама, қызым. (Бірге жылайды)

Самал: Осы күнді қаншама жыл күттім. Енді мен сөйлей аламын. Арманым биші болу еді... Атаға рахмет... атама рахмет. Мен Алланың бар екеніне сенемін! Сіздер де сеніңіздер... (Салима оны құшақтайды)

Жанна: Ақыл үйретпе. Көзіңнен жас емес, қан неге ақпады екен?

Жомарт: Аузыңды жап, сұмырай.

Жанат: Мамама бүйтіп сөйлеуші болма.

Марат: Артық кетіп барасың...

Жанна: Сенбеймін. Самал осы уақытқа дейін бізді алдап келді. Және бұл мына шал мен Жомарттың менің бүкіл мүлкімді талан-таражға салу үшін істеген әрекеті!

Жомарт: Біріншіден, барлық мүлік, зат, ақша менікі, ал екіншіден, біліп ал... маған мына боқ дүниенің қажеті де жоқ.

Салима: Дұрыс.

Жанна: Саған ешкім сөз берген жоқ. А-а-а, маған қарсы шығайын дедіңдер ме? Түсінікті. Әжептәуір жоспар құрыпсыңдар.

Жомарт: Жоспар-моспарды құрғыш сен едің ғой. Осы күнге дейін ақшамды оңды-солды шашып келдің. Ойыңды ұқтым. Бүкіл мұраны мына екеуіне бөліп беріп, Самалымды дымсыз қалдырғың келеді ғой. Алыңдар, алыңдар, жалған дүние ешкімнің жанына жалау бола алмайды. Тфу, түкірдім!

Жанна: Мүгедегіңді... мойнымызға масыл болған қызыңды ал да кет!

Жомарт: Аузыңды жап!

Жанна: Бұл ауызды Алла да жаба алмайды. Самал – бірінші қатыныңнан қалған бала. Ал мен өлсем де, бөлек жатырдан шыққан тастандыны бауырыма баспаймын.

Жомарт: (Шапалақпен ұрады) Жетер сенікі!

Марат: Анамды ұруға қалайша дәтің барды?! (Апыр-топыр төбелес басталады)

Шәкірт: (Ажыратады) Қойыңдар, қойыңдар, ел естісе ұят болады.

Жомарт: Маған десең, бүкіл Әлем естісін.

Жанна: Қайдағы бір қаңғыбас үйімізге келіп, өтірік емдегені өз алдына, арамызға от жақты. Шаңырағымызды шайқалтты. Сүйкімсіз! Ақылға сыймайтын нәрсе... Емдей салды... өтірік, өтірік, бәрі өтірік.

Қыдыр ата: Маған кету керек.

Жанна: Ешқайда да кетпейсің. Бәрін бүлдіріп алып, енді таймақшысың ғой. Көрсетемін мен саған. (Салимаға) Бәріне кінәлі сенсің. Үйге кіргіздің... одан кейін сенсің – емшісымақ. Ал, мына бала шалдың жанында қор болып жүр. Босат бұны, жайына қалдыр... Жоқ, бұның да сазайын тартқызу керек.

Қыдыр ата: Мен саған қандай жаманшылық істедім, қызым?

Жанна: Мені қызым деме.

Шәкірт: Бұл менің шаруам емес әрине, бірақ, байқап тұрсам, бұл адам шынында да есінен адасқан екен.

Молда: Мен де сөйтіп ойлаймын.

Шәкірт: Бұнда ешқандай құпия-сыр жоқ. Бар болғаны бойында энергия бар.

Жомарт: Ал данышпан мырза, мынаны айта қойыңызшы. Сөзіңізге сенсек, «есінен адасқан адамның» бойында энергия бар да, ал ақылы орнында, есі дұрыс – сізде жоқ екен. Бұ қалай сонда?

Шәкірт: Мен... оккултизммен, балгерлікпен, «қара магиямен» айналыспаймын.

Молда: Одан бойды аулақ ұстауымыз керек. Ол – харами нәрсе.

Шәкірт: Молдекең дұрыс айтады, міне. Ондай зиянды энергиядан бойымды аулақ ұстағанымыз жөн. Сондықтан, бұл кісі қоғам үшін қауіпті, оны шеттету керек. (Жаннаға сыбырлап) Жындыханаға хабарласыңдар.

Марат: Көзін құртып, соттатып жіберейік.

Жомарт: Нақақтан нақақ адамды кінәләп, айыптауларыңа жол болсын! Алла алдында күнәға батпаңдар. Артықтау кетсем, кешіріңіз... Басқасын қойыңызшы, арамыздағы есі дұрыс адам сіз едіңіз ғой, елді тәубеге шақырсаңызшы, молдекем-ау.

Молда: Таухид деңіз... Мен бір Аллаға және оның елшісі, ақырзаман пайғамбары Мұмамед Мұстафа саллаалаһу аллаһи уассаламға сенемін. Ал басқа... одан тыс нәрсеге сеніңіз деп өтінбей-ақ қойыңыз.

Жомарт: Түсінікті болды.

Қыдыр ата: Мен кетейін. (Қыдыр бала қалғысы келеді. Қыдыр кетіп бара жатады)

Жанна: (Маратқа) Е-е-е, тоқта! Ананы ұста, байла! Күте тұр, пәлем, күте тұр. Қазір, қазір. Сазайыңды тартқызамын. Егер соншалықты емдегіш болсаң, саған үлкен мүмкіндік туады. Бірақ, басқа жерде. Марста өмір бар екеніне сенесің бе, соны айтшы? (Қыдыр ата үнсіз) Сұрақтан қашуын қара. Қу ғой, қу. Көзі ойнақшып тұр, тура. Залым!

Жомарт: Көрдіңдер ме, правокация. Сөзіне мән бермеңіз, ата, бәрі... (ерекше екпінмен) Бәрі дал-ба-са!!!

Жанна: О, міне, біз күткен кісілер де келе қалды.

Жомарт: Сіз кімсіз?

Психиатр: (Жомартқа) Сіз ба өзін Қыдыр атамын деп жариялаған? (Молдаға) Сізді бір жерден көрген сияқтымын...

Молда: Қателесіп тұрған боларсыз, мен молдамын.

Психиатр: Пардон! Кешірім өтінемін!

Жанна: Бұнда бір ғана жынды бар. (Қыдырға) Әне, анау!

Психиатр: Сіз бұрындары истериямен ауырмап па едіңіз?

Жанна: Жоқ, Құдай сақтасын!

Психиатр: (Ескертіп) Сақтаныңыз, сақтаныңыз!

Жомарт: Жалғыз жынды – сол, дәрігер. Алып кетіңіз!

Психиатр: (Қыдыр атаға) Атыңыз кім?

Қыдыр ата: Қыдыр ата! Аспани адаммын!

Психиатр: Мына балғаға қараңыз. (Айналдырып тұрады да маңдайынан ұрып қалады. Қыдыр ата шошып кетеді) Так! Сонда Жерге кез келген күні түсесіз... дер ғой?

Қыдыр ата: Иә!

Психиатр: Мені де елдер кез келген уақытта шақырады. Бірақ көбіне күз бен көктем кезінде келемін... Білуімше, сіз көбіне-көп күн мен түн теңеліп, жан-жануар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиген уақытта мына Әлемді шаттыққа бөлейсіз, иә?

Қыдыр ата: Иә!

Психиатр: (Қағазға жазып) Е-сі дұ-рыс е-мес. Дәл осындай әңгімені бүгін міне жетінші науқас айтып тұр. Жетінші. Қызық!.. Қайдан келдіңіз?

Қыдыр ата: Көктен!

Психиатр: Иса пайғамбармен доссыз ба?

Қыдыр ата: Иә!

Писхиатр: Хал-жағдайы қалай екен?

Қыдыр ата: Аллаға шүкір жақсы, ол өлген жоқ, тірі ғой...

Психиатр: (Қағазға жазады) Тү-сі-нік-ті-і-і... Диагноз – адам-дық-тан шар-шап, пай-ғам-бар бол-ғы-сы ке-ле-ді... Аха. Алып кету керек.

Жомарт: Тоқтаңдар! Ол кісі ешқайда кетпейді.

Психиатр: Сіз де сенемісіз? (Өзімен-өзі) Мына жігіттің де шатыры таяйын депті. Қиын, қиын.

Жомарт: Мына үй – жындыхана, ал нағыз жындылар – міне мыналар! Самал, Салима, жиналыңдар, кетеміз.

Жанна: Қайда?

Жомарт: Жаңа өмір бастаймыз. Ал, сендер жай ғана естелік болып қаласыңдар. Ұқтыңдар ма?! (Психиатрға) Дәрігер, мына ақсақалды өз қарауыма аламын.

Психиатр: Болмайды.

Жомарт: Қай жерге қол қояйын? Босатыңыз, енді.

Психиатр: Бол-май-ды. Жұмысыма араласпаңыз.

Жомарт: Жіберіңіз деймін. Мына ақшаны алыңыз да тынышталыңыз.

Психиатр: Алмаймын, қажеті жоқ. (Білдірмей қалтасына сүңгітеді) Мына жігітті де алып кету керек. Бірақ... жоқ оны қалдырайық...

Жомарт: Солай ғой? Қазір онда кімнің жынды, кімнің сау екенін анықтаймыз. (Ұялы телефонын ақтарып) Қазір, қазір. Алло! Асеке, қалың қалай, мен ғой Жомарт. Асеке, сенің көмегің керек болып тұр. Телевидениеден адамдар жіберші. Иә, иә. Кейін айтамын... Тез арада. Қазір, оңбағандар, сендерге оңдырмай соққы берем...

Жанна: Жай кетпей, бәрімізді масқаралайын дедің ба?

Жомарт: Мен кетеді деп кім айтты. Кетпеймін, мен.

Жанна: Жомарт, қойшы енді. Бәрі ойын ғой.

Жомарт: Енді солай сөйлейін дедің бе? Хамелеон.

Марат: Үлкен басыңды оның алдында кішірейтпе. Білгенін істесін.

Жанат: Иә, оны да көрейік.

Жомарт: Дәрігер Қыдыр атаны ешқайда да алып кетпейсіз.

Марат пен Жанна: (Қабаттасып) Араласпа. Ары тұр.

Жомарт: Жіберіңіз, жіберіңіз деймін. (Бәрі бірін-бірі итеріп, басып, жаншып, кимелеп кетеді) Жібер Қыдыр атаны!.. Сендерге керегі осы еді ғой. Қазір камераларын арқалап, журналистер де келеді, күтіңдер...

Жанна: Масқара боп, маскам сыпырылатын болды. Енді қайттік?

Жомарт: Бағана, жағдай ушықпай жатып, бәрін жылы жаба салайық дедім, тыңдамадыңдар. (Психиатрға) Қыдыр атаны жіберіңіз, онда одан зорғысын жасаймын.

Психиатр: Кім сау, кім жынды екенін бір Құдайға ғана аян, қой кеттім, ескерттім, егер, шал аяқастынан аласұрып, құтырып кетсе, өздеріңіз жауап бересіздер. Бәлесінен аулақ! (ақшасын санап, кетіп бара жатады)

Жомарт: Қазір абыройларың айрандай төгіледі... Дайындалыңдар...

Депутат: Кешіріңіздер. Мен көршімін! Рұқсат па екен кіруге?

Жомарт: Иә, иә... Кіріңіз... Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Депутат: Рахмет, үйімізге бәрі естіліп жатыр. Қыдыр ата керек еді.

Жомарт: Міне!

Депутат: Күнәға батқан мына Жерге неге түстіңіз? Бірақ, саспаңыз, мен депутатпын, сізді мына былықтан өзім алып шығамын. Біздің партияның атынан сайлауға түсіңіз, дауысты өзім жинап беремін. Депутаттық мандатты алып, халыққа, мына қан қақсаған қара халыққа көмектесесіз.

Қыдыр ата: О, не дегенің, балам, ондайға қырсызбын. Одан бұрын кетуіміз керек еді...

Депутат: Жо-жоқ, кетпейсіз, ата, ешқайда да кетпейсіз. Біздің саясатқа сіздей пара алмайтын таза адам керек, таза. Қыдырды қаншама уақыт күткенімізді айтсаңызшы!

Қыдыр ата: Жоқ деймін. Жоқ!

Депутат: Онда, сен бала? Депутат болғың келмей ме?

Қыдыр бала: Не ол?

Депутат: Түк қиындығы жоқ, халықты бос уәдемен тойдырасың.

Қыдыр бала: Иә, болам.

Қыдыр ата: Қой, бала, сен менімен кетесің. (Таяғымен сескендіріп) Бұдан аулақ жүр.

Продюссер: Кешіріңіздер, Қыдыр ата осы үйде ме?

Жомарт: Иә, осында! Ол туралы қайдан естідіңдер?

Продюссер: Телеарнадан. Мен продюссермін! Біз бүгінгі заман қаһарманын іздеп жүрміз. Сіз, Қыдыр ата, сол рөлге тұп-тура келіп тұрсыз. Жарқыратып тұрып жарнамаға түсіріп, бүкіл Жер-шарына, мына әлемге әйгілейміз. Сізді арнайы хабарға шақырсақ рұқсат па екен, ата.

Қыдыр ата: Жо-жо-жоқ, кетуім керек, қызым. Асығыспын.

Продюссер: Жоқ, сіз ешқайда кетпейсіз, жібермеймін.

Депутат: Жібер, Қыдыр ата менікі.

Продюссер: Жоқ, менікі. (Екеуі біраз таласады, найзағай) Ойыңыз белгілі ғой. Шалды саяси мақсатта пайдаланып, сол арқылы билікке жету, жоғарыға көтерілу.

Депутат: Сенің де түп-мақсатыңды біліп тұрмын. Күріштің арқасында күрмек су ішкің келеді. Қыдырды жарнама, клип, киноға түсіріп, сол арқылы баю, білемін ғой, білем.

Жомарт: Таласпаңдар, әулие бәріңе жетеді.

Марат: Ол – біздің үйдің меншігі! Алсаңдар, арзанға сатамын!

Депутат: Қыдыр ата, Жер-шарының экономикалық һәм саяси даму стратегиясы туралы не ойлайсыз?

Қыдыр ата: Жоқ, мен о жағын білмеймін. Жіберіңдерші, мені, Құдай үшін. Оны бір Алла ғана біледі.

Қыдыр бала: Мен айтайыншы.

Қыдыр ата: Тәйт!

Жомарт: Көріп тұрған жоқпысың бала, адамдар азғындаған, азып тозған. Сен арыңды ойлауың керек, арыңды. Адам-ата өз ұрпағын көрсе қандай күйде болар еді-ау.

Адам-ата: (кенет кіріп келеді) Ассалаумағалейкум! (Найзағай ойнайды)

Жомарт: Уағалейкумассалам! Сіз...

Адам-ата: Егер қателеспесем біреу менің атымды атап, шақырғандай болды. Мен Адам-атамын!.. Ассалаумағалейкум Қыдеке! (Екеуі амандасып, сөйлеседі)

Жанна: Кіммін дейді, Адам-атамын дей ме? Не бәле, бүгін шал-шауқан қаптаған күн болды ғой, өзі.

Марат: Бүгін Құдай атқан күн болды. (Найзағай ойнайды)

Жомарт: Бүгін ғажап күн!

Жанна: (Айқайлайды) Тағы кім бар, келіңдер, кіріңдер. Кім бар тағы?

Адам-ата: Ашуға ерік берме қызым, ол дегенің шайтан ісі.

Жанна: Маған ақыл үйретпей әрмен жүр. Жыныма тиме... қаққанда қаныңды, сыққанда сөліңді аламын. (Итереді) Ары жүр менен. Ұстама мені. Шық үйден, шық. Кет, кет!

Жомарт: Құдайы қонақты қууға қандай қақың бар? Тиіспе.

Жанна: Бұлар қонақ емес, қоңыздар, дүние жиған қоңыздар. Ал мен тазамын, таза. Мен ғана тазамын, мен ғана, мен...

Ата-ата: Мен өз үрім-бұтағыма тек жақсылық қана тілеймін. Қолдарыңды жайыңдар, бата берейін. Бәрің бақытты болыңдар, әділ болыңдар, шыншыл болыңдар, Алланы ауыздан тастамаңдар, билікке жағынбаңдар, халыққа жақын болыңдар. Менің баламның... Қабылымның Ұлы қателігін қайталамаңдар. Ұлы деп айтудың өзі ұят сияқты... «Арғы жақта» сендерді Құдай күтіп тұрғанын, Жаратушы алдында есеп беріп, қабірде сұрақ-жауапқа алынатындарыңды ұмытпағайсыңдар... Әзірейілге сыйынбай, Алладан кешірім сұрауға уақыттарың бар, іске сәт. Егер шын көңілмен сұрасаңдар, ОЛ бәрін кешіруге дайын. Маһшар алаңында жолыққанша!.. (тоқтап) А, айтпақшы, Хауа Ананы көрмедіңдер ме?! Таппай жүрмін! Бір жемісті жейміз деп күнәға баттық-ау! Басым-ай басым. Дауға қалған басым-ай. Сол күнәні өмір бойы арқалап келеміз! Жұмақтан қуылдық! Жемеуіміз керек еді! Жемеу керек еді! Жеу! Иә! Жеу дегеннің өзі бізден басталған-ау, шамасы! Жеу! Жемқорлық! Күнәларыңды жуып-шаюға әлі де уақыт бар, уақыт бар...

Жанна: Мынау не деп оттап тұр? Марат, мына ақылынан адасқан шалды үйден қуып шық.

Адам-ата: Иә, Алла мына баланы кешір гөр. Ол білмей айтып тұр. Кешір оны, кешір. Егер алма ұрласаңдар, бәрін мойындаңдар, Құдай менменшілдерді ұнатпайды, кішірейіңдер...

Салима: Алма емес ақсақал, олар аспанға лақтырса да, сыймайтын ақша ұрлаған... ар ұрлаған... адамның сезімі мен сенімін ұрлаған... адамның ақылын, жүрегін, көңілін ұрлаған. Бұлар сондай, ата, жарықтығым, біз үшін арғы жақта Құдайдан кешірім сұраңызшы... Көріп тұрсың ғой, мойнымыз иілмей, тіземіз бүгілмей жатыр емес пе?!

Адам-Ата: Әркім өзі жауап береді.

Жанна: Шық дедім саған, шық. (Марат, Жанат, Жанна үшеуі Адам-атаны есіктен шығарғысы келеді бәрі оларға жабылады) Жіберіңдер бізді, жіберіңдер. Сұмдар, аярлар. Енді жабылайын дедіңдер ме?

Марат: (Қойнынан пистолет алып шығады) Қолдарыңды көтеріңдер. (Адам-ата, Қыдыр ата, Қыдыр бала, бәрі көтереді) Не болды? Қаққан қазықтай қақшидыңдар да қалдыңдар ғой. А? (Қарқылдап күледі) Кімнің қолында билік пен ақша бар, сол – құдай. Солай емес пе? А, батырларым?!

Жомарт: Марат қой, қоя ғой. Тапаншаңды түсір. Қазір біреуді жаралап жүрерсің. Қой, енді.

Марат: Мен жараламаймын, мен өлтіремін.

Жомарт: Бұ жерде Адам-атаның ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан ақсақалды босатайық.

Марат: (Адам-атаға) Қайда барасың-ей? Тұр. Орныңнан қозғалма. Ойыма не келеді, соны істейсіңдер. М-м-м! Билеңдер.

Қыдыр бала: А?

Марат: (Тарс етіп атады) Биле! (Бәрі билей бастайды) Вальс билеңдер. Бол, бол.

Жанна: (Қарқылдап күледі. Шайтани күлкі) Тізерлеп менен кешірім сұраңдар.

Жомарт: Не үшін?

Марат: Анамның айтқанын орындаңдар.

Жомарт: Кешірімді Алладан ғана сұраймыз.

Марат: (Тарс етіп екінші рет атады) Үшінші рет сендерді көздеймін. Аямаймын.

Адам-ата: Сендер онсыз да жүрегімізді азғындықтық оғымен жараладыңдар ғой. Жетпей ме?!

Марат: Кешірім сұраңдар!

Салима: Иә, Құдай күнәмізді кешіре гөр, иә Жаратушы...

Жанна: Менен сұра, менен...

Қыдыр ата: Сенен сұрасақ, сұрайық. Мен мына баладан...

Жомарт: Мараттан!

Қыдыр ата: Мараттан кешірім сұрағым келіп тұр. Бері жақындашы қалқам. Егер мүмкіндігің болса, бізді кешір, балам. Айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүруге дайынбыз. Сен сияқты дүние құлына құлдық ұрдық.

Марат: О! Шал! Мына сөзің майдан жағып барады ғой, а?..

Қыдыр ата: Бермен жақында. (Қолындағы тапаншаны таяқпен қағып жібереді. Бәрі тағы жабылады. Үшеуін бір жерге отырғызып қояды)

Жомарт: Болды. Отырыңдар қозғалмай.

Жанна: Бәрің сотталасыңдар.

Жомарт: Жолдан қалмаңыз ата.

Адам-ата: (Басын шайқап кетіп бара жатады) Алла, Алла...

Шәкірт: Мырзалар осы жерден тоқтатайықшы, артық кетіп бара жатқан сияқтымыз.

Молда: Бауырлар біздің мына ісіміз дұрыс емес секілді.

Жомарт: Адамдар ақырындап тәубесіне келіп жатыр.

Жанна: Мен өзім үшін ғана жауап беремін, өзім үшін ғана. Сондықтан ешкім араласпасын. Соттаймын сендерді.

Жомарт: Мүмкін біз сені соттатанын шығарамыз.

Жанна: Ақшам да, құдіретім де жетеді, кез келген жерден аман шығатынына сенімдімін. Бұ өмірде бәрін тек ақша ғана шешеді ақша ғана. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да талтаңда» деген бар ғой. Менің құдайым – ақша...

Ақшажан: Тоқтаңдар, тоқтаңдар, оңбағандар. (Бәрі бір-біріне қарап, түк түсінбеуде) Мен келдім! Күткендерің мен болсам, алдыларыңа келдім, міне. (Маратқа) Ары тұр, жолама маған, ұстама мені. Алдымен, қолыңды жуып кел. Аулақ, аулақ. Тыңдаңдар, бұл бәріңе қатысты. Ақша, ақша деп мына оң құлақты қып-қызыл етіп бітірдіңдер. Келдім, келдім міне. Ал айтыңдар... Жүздеріңді төмен салмаңдар. Бірақ сендердікі жүз емес, бет қой. Бет те емес... көт. (Бәрі шу ете қалады) Тыныш. Сендер адамдар адами сезімнен айырылғансыңдар. Мен Ақшажанмын, мен ақшаның жанымын, рухымын... Мен де аспани адаммын! (Найзағай ойнайды)

Жанна: Тағы бір шал келді ме? Кім бұл өзі? Не деп сандалып тұр?

Ақшажан: Мен сендерден әлдеқайда арлымын, тазамын... пәкпін! Мен қолдың кірі емес ем, мені көңілдің кіріне айналдырған – сендер. Жүректің ішіндегі жіп, жүйкедегі талшық ем, өлі, сезімнен айырылған қағаз еттіңдер. Бәрі ниеттен, пейілден... Ниеттерің түзу емес, пейілдерің тар. Жатсам-тұрсам ойлайтыным сендерсіңдер – адамдар. Көмектескім келеді, бірақ бәріңе бірдей жетпей жатқан жайым бар! Құдай-ау! Айналып келгенде кінәлі мен болып шықтым. Ей, күйемін ғой мен, от боп күйемін. Менің не айыбым бар, айтыңдаршы, адамдар-ау, бауырлар, әпкелер, ағалар, інілер, қарындастар... Ішіме сыймай барады. Жылағым келіп тұр.

Жанна: Мынауың есалаң ғой.

Ақшажан: Қалтам толған ақша, валюта... Теңге, рубль, юан, доллар, еуро, лир, фунд-стерлинг, сом, т.б Менің атым көп. Менің жүзім көп! Мен үш жүз рулы тайпамын! Екіжүзді сайқал боп біттім. Бұған да сендер кінәлі!

Жанна: Бұл өзі жақсы кісі екен, тыңдайықшы. Аспани адамға ұқсайды!..

Ақшажан: (Жыламсырап) Егер сендер адамдар... менің сезіміммен ойнап, мына нәзік жанымды, мына кеудемдегі жанымды жаралаған үстіне жаралай берсеңдер... боқ дүниенің бір тиындық та құны қалмайды ғой, соны неге түсінбейсіңдер?! Сендермен достасқым келді, жеме-жемге келгенде, сатып кеттіңдер. Бауыр болуды да ойладым, бір-біріңмен талас-тартысқа түсіп, мені ұмыттыңдар. Ал, ақша қажет болса, өлдім естен шығарыпсыңдар. Солай, ғой? Мен де ел қатарлы өмір сүргім келеді. Иә, Құдай, неге мені ақша етіп жараттың екен? Мен де сенің бір үмметіңмін ғой. Неге мені бүйтіп сынадың, Алла? Жүрегі тас, сезімі жоқ, көрсоқыр, надан, дүниеқоңыз, көңілін ақпанның аязы қарыған мына адамдардың арасына мені неге алып келдің, Құдай? Одан да жәндік болып өмір сүргенім әлдеқайда жақсы еді ғой. Бірақ, жоқ мен жәндік болғым келмейді. Мен ұлы істер істегім келеді, Алла. Жоқ, (жан-жағына қарап) онсыз да жаным толған жәндік, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, бақа-шаян... Мен аспани адаммын! Адамдардан артықпын!

Жанна: Кім болсаң да, бүйтіп қатты кетпе. (Найзағай ойнайды)

Ақшажан: Білем ғой мен сені, білемін. Өзі жаратқан пендесін Жаратушы өзі ғана жазалай алады, соны бір жеріңе түртіп қой. Сен ешқашанда құдай бола алмайсың... артың... арың таза емес. Батпақтай баттасқан кіріңді жуып-шайып-ал.

Жанна: Сені де соттатамын, сені де.

Ақшажан: Бұл сөз бәріңе қатысты. Ешкім сау емес. Мен менменшіл, өркеуде, қатігез, таққұмар, топастау едім, соны сендерден жұқтырдым. Жақсылықты көрмей, тек жамандыққа жабысуды да адамдар үйретті. Маған ақшаның қажеті жоқ, (қалтасынан шығарып, шашады) алыңдар. Кеңірдектеріңе кептеңдер, қақалыңдар, шашалыңдар. (Бәрі жердегі ақшаны тере бастайды) Айттым ғой, бұлар қоңыз сияқты. Боқ тергіш. (Күледі) Боқ дүние, бәрі боқ. (Қарқылдап күледі) Мен сендерден әлдеқайда биік тұр екенмін ғой. Дандайсыды деп ойламаңдар. Жоқ, өзімді қарапайым болуға тәрбиелеп жүрмін. Жалпы, осы тәрбие туралы ойдың келуінің өзі ғажап нәрсе емес пе, а, адамдар? Айтыңдаршы. Теріңдер, теріңдер, Әзәзілдің тауықтары... (Найзағай ойнайды)

Марат: Болды жетер.

Ақшажан: (Ақшаны үстіне төгіп) Мә, ойнай тұр балақай. Сен адам емессің, сен алақарғасың. Ал сен... (Жанатқа) сұржылансың... байқатпай шағасың... О! Дәл таптым, сұржылансың. Ал сен... (Жаннаға) қоңызсың! Иә, қоңызсың... (Пауза) Неге екені белгісіз, соңғы кезде қалшылдайтынды шығардым. Кеше түнде... ұйықтап жатыр ем, ойбайлап есік ашылды. Жел шығар дедім. Тозақстанда арлы-берлі ұйытқып жүрген жел көп қой, көп... Сөйтсем Шәкең екен. Шайтанды айтам! Шайтанды! Мені іздеп келіпті. Жер-шары билігі үшін таласты ушықтыра түсу үшін менің көмегім керек екен-мыс. «Жоқ, Шәке, мен бұндай арам нәрсемен айналыспаймын» дедім де есікті тарс жаптым. Терезеден кіріп алды. «Мына Әлемді, Жарық дүниені қақ бөліп, билеп-төстейміз!.. Ойлан!», – деді алдарқатып. Терезені тарс жаптым. Шатырдан кірді. «Құдайды өлтірейік, қолындағы барлық билікті тартып алайық! Мен – Құдай, сен – Оранбасарым боласың!», – деді. Шошып кеттім. Піссіміллә, піссіміллә, піссіміллә деп ем, ұшты-күйлі жоқ болды. Денем мұздап тұр. Маған көмектесіңдерші. Қалтырап, қалшылдап барамын.

Марат: Бұл ауру ғой... науқас. Абайлаңдаршы.

Молда: Дінбұзар.

Психиатр: Шизофрения.

Жанат: Ракпен ауыратын шығар. Бір журналдан оқығанмын. Адам СПИД-пен ауырғанда, ішкі эгоизмі оянып, сол індетті бәріне жұқтырғысы келеді екен.

Бәрі: Аулақ, аулақ, кет, кет...

Жанна: Жоқ, тоқтаңдар, атыңыз кім дедіңіз, мырзам?

Ақшажан: Ақшажан.

Жанна: Ақшажан, өте жақсы есім, ғажап есім... Иә, өте ғажап ат. Екеуміз дос болайық, Ақшажаным. Айтқан ел айта берсін. Сіз досқа, жан-досқа зәру едіңіз ғой, енді таптыңыз. Ол – мен!

Молда: Егер рұқсат етсеңіз мен де сіздің досыңыз болайыншы.

Шәкірт: Мен де... (Естілер-естілмес қана) Үйімді салып, бизнес ашатын мүмкіндік енді туды ғой деймін, рахмет, Құдай. Жоқ, бірінші басымдағы бес кредиттен құтылайын. (Даусын зорайтып) Ақшажан аға, Ақшажан мырза, сіз ауру да, науқас та емессіз, сіз аспани адамсыз! Бірақ, сізде адал дос жоқ, жанашырдан айырылғансыз. Менің ғана досым болыңызшы.

Жанна: Жоқ, мынау қайтеді-ей. Ол менің шаңырағымда тұр. Сондықтан ол маған ғана дос болуға тиіс. Ол менің құдайы қонағым.

Екеуі: (Бір ауыздан) Бірақ бүйтіп артық кетпеңіз.

Жанна: Артық кетіп отырған сендер. Ақшажан менікі.

Молда: Жоқ, менікі. Беріңіз маған.

Шәкірт: Жоқ ол менікі. (Жаннаға) Сен оған дос бола алмайсың, адал емессің, сатып кетуге дайынсың.

Жанна: Мен бе сатқын? Қарай гөр бұны. (Мырс етіп) Қаншама сау адамды жынды қылдың. Өтірік емдеген болып, елдің ақшасын сүлікше сордың. Сенің өзіңді емдету керек. Мынандайсың, сен. (Молдаға) Ал сенші. Бірде көлсің, бірде шөлсің, бірде биесің, бірде түйесің. Туғаныңды да жолдан тайдыруға дайынсың. Солай емес пе? Менімен жүр. Өмір енді басталады.

Молда: Тоқта, тұр осында. Ешқайда кетпейсің.

Ақшажан: Сонда менің ойым, менің пікірім ешкімге қызық емес па?

Соттың хатшысы: Қызық мырзам, қызық, бірақ бұл жерде емес. Алдымен, сыртқа шығайықшы.

Молда: Сен де сау емессің. Жомартты оқытқаның өтірік пе?

Салима: А?

Молда: Рас. (Жомартқа) Сенің басыңды дуалап, тиіп алған бұл. Үйдің артынан беті тілінген суреттер мен ине сұғылған кішкентай қуыршақты тауып алғанмын...

Жомарт: Кеш батса болды... желкем тартады да тұрады. Басым қысады. Сұмырай, шайтан.

Салима: Сіз шындықты біле тұра неге айтпадыңыз, неге үнсіз қалдыңыз?

Молда: Мен... мен...

Жанна: Аузын ақшамен кептегенмін.

Шәкірт: Сен бала сатумен айналысатыныңды мына жұрт біле ме екен? Самалды екінші қабаттан лақырып жібергің келген, уді жоспарлағаның, оны сатып жібергің келгені өтірік пе?

Жомарт: Бері кел. Бері кел дедім саған. Ай, оңбаған, оңбаған. Алла жазаңды береді, жазаңды.

Марат: Қолыңды сумаңдата берме.

Жомарт: Арласпа күшік. Мені қаппақшы.

Самал: Қойшы әке, Құдай үшін. Оның бәрі өтті-кетті.

Жомарт: Негізі, бір нәрсені сезіп жүргем.

Салима: Артың ашылды ма?

Жанна: Не десеңдер о деңдер, маған бәрібір. Ешкімнен қорықпаймын.

Жанат пен Марат: Біз ешкімнен қорықпаймыз.

Шәкірт: Менен алған қомақты қарызыңды бір ғана жолмен қайтара аласың...

Жомарт: Қандай қарыз?

Жанна: Араласпа...

Шәкірт: Ақшажанды маған бер!

Жанна: Бермеймін, ол менікі.

Шәкірт: Бересің.

Жанна: Жоқ, ол менікі, ешкімге бермеймін. Ол менің Ақшажаным...

Шәкірт: Қазір көреміз, оны. (Үшеуі таласады)

Ақшажан: Болды жетер, жіберіңдер мені. (Қалтасынан пышақ алып шығады) Жібер, дедім. (Бәрі қорқып кетеді) Айттым ғой, бұлардан қайыр жоқ деп. Сендерден үміт үздім.

Салима: Ақшаңыздын да қажеті жоқ, бірақ адамнан үміт үзе көрмеңізші.

Ақшажан: Қазір осы жерде екеуіңді де жәукемдеймін.

Самал: Олардың деңгейіне түспеңіз аға, сіз екеуінен әлдеқайда биік тұрсыз, ашуға ерік бермеңіз, Құдай үшін, қателік жасамаңыз...

Ақшажан: Дұрыс айтады, қыз. (Пышақты жерге тастайды) Жоқ, күнәға батқым келмейді. Сендерді өлтіріп Тамұқтың төрінде отырғым жоқ... Мен... мен Жаратушыға жақындап, істегенім үшін кешірім сұрауға дайынмын. Алла қаласа, бес уақыт намазымды оқып, Оразамды тұтып, садақамды беріп, құрбандығымды шалып, қажылыққа барамын... Әлемдегі барлық жаны жаралы жандарға қолымнан келгенше көмектесуім керек. Соғысты болдырмай, қан төгісті тоқтатамын деп ұйғардым. Бұл Ұлы ой мына теректей теңселген басыма қазір ғана келді. Керемет идея! Өзіме-өзім таң қалып тұрмын. Енді мен тақуалық жолды таңдап, жер астына, қылуетке түсемін. Арымды, жанымды, ойымды, көңілімді тазартамын. Ұлға иман, қызға иба бере гөр, Алла... Иә, Құдай мен саған қарай бара жатырмын, құшағыңды аша гөр... құшағыңды аша гөр, Құдай... (Залдан шығып бара жатады. Найзағай ойнайды. Жанна тізерлеп жерге отырып қалады, Шәкірт пен Молда екі жаққа қаша жөнеледі)

Жомарт: Жетер енді, тоқтатыңдар... (Пауза) Қыдыр ата, мен шештім. Мен барлық мұраны сіздің атыңызға жазамын. Оған дәрменім жетеді. Сізден сұрайтыным бізге батаңызды беріңізші.

Қыдыр ата: Дүниеге зәру емеспін балам. Маған мұраның да, ақшаңның да қажеті жоқ.

Жомарт: Сіз мен үшін ұлы іс істедіңіз, сондықтан, қазір құжаттың бәрін алып, атыңызға акция аударамын... Қазір нотариус істейді ме екен?..

Жанна: Қажеті жоқ, Жомартжан! (Жылап) Бүгін шынында да ғажап күн екен, ғажап!.. Мен соншалықты, сендер айтқандай жаман адам емес... ем. Не болғанын өзім де білмеймін. Маған балаларымның амандығы қымбат. Ал, бала деген бауыр ет, түсініңдерші! Жомартты жақсы көремін, сүймесем, үйленбес едім. Ал Самалканы туған қызымдай жақсы көремін. Іштей сүйемін. Ешкімнен кем көрмеймін, ешкімді алаламаймын, бөліп жармаймын. Кейде сезімге берілген кезім болды, мойындаймын. Кешіріңдерші. Енді мен өзгеремін. Иманға бет бұрамын. Адам боламын, түзелемін. Мен де Қыдыр ата секілді аспани адам болғым келеді. Ол ғажап жан екен, енді түсіндім. Біреуге анамын, балаларға панамын, біреуге жармын, жанында жүрген тірекпін. (Қолын Көкке созып) Егер күнәм болса, кешіре гөр мені Құдай. Иә, Алла жазасыз жандарды жарылқай гөр, жетім-жесірлерді, кедей-кепшікті, жоқ-жітікті жарылқа, Жаратушы. Мен шайтан емеспін, мен – Жаннамын, мен – адаммын. Адасқан... білместікпен жолдан тайған пендеңе қаһарыңды төге көрме. Мен де Құдайдан қорқамын, Құдайға сенемін. Мен оңбағанмын, сұмыраймын, кешіріңізші мен ата. Қыдыр ата – Қызыр ата! Қалайша мына басыма келмеген. Ақымақпын ғой! (Маңдайын ұрып) Ақымақ басым-ай!

Салима: Не дейді?

Жанна: Иә, менің көзім шелденіп, жан-жағымды көруден қалыппын. Дүниеге тек жемірдің, жалақордың көзімен ғана қараппын. Енді мен өзгердім, бәрін ұқтым. Түсіндім! Сіз кәдімгі Қыдыр ата екенсіз ғой! Ақымақ та ерке қызыңызды кешіріңізші ақсақал. Жомарт, мен қателесіппін! Кешіріңдерші, мені. Алла атымен ант етейін, менікі дұрыс емес екен.

Марат: (Таңданып) Мама, бәрі дұрыс па?

Жанна: Дұрыс балам, дұрыс. Мен өмірімде бұндай дұрыс болып көрмегенмін. Егер сізге қиянат жасап, қырсықтық танытсам, сіздің және ҚҰДАЙ алдында кешірім сұраймын. Кешірші мені Құдай, кешіре гөрші. Жомарт, кешір мені! Мойындаймын! Оңбай қателесіппін! Кешіріңдерші! Сендерге қажет құжаттар, міне! Дұрыс! Қыдыр ата мен Қыдыр баланың атына акцияны аудар, мына тұсқа қолыңды қоя сал! Дәл осы жерге аты-жөндеріңді жазып, істі біржола тындырайық! Мен де келісіп, қол қойдым! Бәріміз келісеміз! Ақымай басым-ай, кешіріңдерші. (Жанна иіледі, Жомарт қол қояды, Марат құжатты әкетеді)

Қыдыр ата: Орныңнан тұра қойшы, қызым. Адасу – адамға ғана тән нәрсе. Бәріміз адасамыз, жолдан таямыз. Маған еш дүниенің керегі жоқ! Бірақ, негізгісі ол емес, маңыздысы маңыңа шуақ, нұр, сәуле шашып, тәубеңе келуің. Сонда ғана сен әлемді, бәрін-бәрін өзгерте аласың...

Жанна: (Қыдырды құшақтайды) Дұрыс айтасыз аташым, дұрыс айтасыз! Рахмет сізге, рахмет. Әкемнен көрмеген жылылықты сізден сезініп тұрмын. Біз екеуміз рухани жақын екенбіз, өйткені, екеуміз де адамды кешіре аламыз. (Кетеді. Қайтадан келеді – қолында суы бар) Сіз құдайы қонақсыз! Шөлдеген боларсыз! Менің достық пейіліммен берілген мына судан, мына тап-таза судан ішуіңізді өтінемін. (Бәрі қарап тұрады. Пауза)

Қыдыр ата: Бақытты ғұмыр сүрейік, бір-бірімізді ренжітпейік, кешірімгершіл болайық, аумин.

Жанна: Ішіңіз, аташым-ау, ішсеңізші.

Қыдыр ата: Бісміллә рахман рахим. (Ішеді)

Жанна: (Естілер-естілмес) Сені бұл сөз де құтқармайды. Ажалың да осы судан болады. (Қыдыр ата қақалып-шашалып, демігіп, қос қолымен тағамын ұстаған күйі жерге құлайды. Жан тапсырады.)

Самал мен Жомарт: Қыдыр ата. Қыдыр ата.

Салима: Тұрыңызшы, ата, Құдай үшін. (Бәрі қатып қалады.)

Депутат: (Жалаулатып) Біз Қыдыр атасыз қалдық. Егер ол тірі болғанда, Жер-шары көркейер еді. Болашаққа нық сеніммен қадам басар ек!

Продюссер: О, Қыдыр ата, Қыдыр ата. Бізді қиып, қалайша кеттіңіз.

Депутат: Мына ел, мына Жер Қыдыр атасыз қалды. Бүгін қаралы күн.

Жомарт: (Жаннаны қолынан шап беріп) Қылмыскер! Ібіліс! Хайуан – сенің жаныңда адам болып көрінеді! Сен – шайтансың! Қылмыскер! Милицияға званда! (Салима кетеді)

Жомарт: Сен елдің арын, елдің намысын өз қолыңмен өлтірдің, қандықол қылмыскер... Сенің орның – түрмеде. Мен сені Заңның қолына тапсырам. Иә, Қыдыр ата, жатқан жерің жәннәтта болғай, жүрегім қан жылап тұр. Енді біздің ел сендей тұлғаны көре ала ма, алмай ма, ол бір Аллаға ғана аян. Қыдыр ата адам қолынан қаза тапты! Сенің қылмысыңды ел көрді! («Қыдыр ата!» деп зарлап, Самал мен Салима жылайды)

Есболат: «Қыдыр ата емес, Қыдыр ата емес, ол өтірікші!..» деп ұларша шулап, сенбеп едіңдер. Қайсы? Тұп-тура өзі. Құданың құдіреті!.. Ол өлмейді, ол біздің жүрегімізде мәңгі өмір сүреді. (Бәрі шалға қарайды)

Қыдыр бала: Енді, мен мына Жерде жалғыздан-жалғыз қалдым ба? (Зарлап) Ата, аташым, ата!

Жанна: (Қыдыр балаға) Осында қалғым келеді деп зарқақсап едің ғой, қал енді тізеңді құшақтап. (Жомартқа) Қол қойғаныңа рахмет, ақымағым! Енді мұра менің қолыма өтті! Рахмет! Сотқа берсең, бере бер! Ажырассақ, ажырасайық!

Жомарт: Біз Қыдыр атадан айырылдық! (Зар. Жоқтау. Жаннаның және балаларының жындысүрей күлкісі. Аралас.) Сен адамның Құдай алдында үлкен күнәға баттың. Күнәларыңа кешірім бұйырмас!

Жанна: Адам Алладан кешірім сұрауы ұят нәрсе. Басымды кішірейтпеймін... кішіреймеймін.

Марат пен Жанат: Айтудың өзі ұят... Біз... Біз... Біз бір-бірімізбен төсектес болып, қарындасым менен бала көтеріп қалған. Араға апта салып барып түсік түсірдік.

Салима: Одан құбыжық дүниеге келер еді... Иә, құбыжық! Күнә, күнә.

Жанна: (Суыққанды) Тумағаны дұрыс болды. Мен кінәлі де, күнәлі де емеспін. Мен тазамын.

Жомарт: Оны сот – Құдай соты анықтайды.

Жанна: Сенің де күнәң бар, Жомарт!

Жомарт: Мойындаймын, күнәһармын. Бірінші әйелімді, басыма қонған бағымды бағаламай, сенің арбауыңа түсіп, артыңнан еріп кеткенім. Бақыт, ішқұса болып өлді.

Самал: Күйіктен өлді...

Жанна: Жазаларыңды Жаратушы береді. Ал, мен өз күнәмді сендердің... әлсіз адамдардың алдында емес... БІРЕУДІҢ алдында ғана мойындауым мүмкін. Иә, мүмкін. Солай... Бірақ оның өзі де белгісіз...

Салима: (Тізерлеп) О, Құдай бізді кешіре гөр! Адамзат аспани адамнан айырылды! (Найзағай ойнайды)

Жанна: Мен Соттан сытылып шығатыныма сенімдімін. Ал қылмыскер міне Қыдыр бала болады. Ха-ха-ха.

Салима: Олар Періштелерге де пара беруден тайынбайды.

Марат: Періштелер пара алмайды! (Үстелдегі соттың балғасын ұрып) Алатын – біз, адамдар.

Марат: Е, Жомарт, не деген аңқау едің! Байқұсым-ай! Қош болыңдар!

Жомарт: Шіріген жұмыртқа жеп үйренген шұбар жылан! Қарғыс атсын сендерді, қарғыс! (Найзағай ойнайды) Иә, Алла алаяқтардың жазасын берші, Алла!

Самал: (Жылап) Осымен, бәрі бітті ме, әке? Аспани адамды енді қайдан табамыз, әке?

Жанна: Жерде бос уақыт өлтірмей, аспанға барып іздеңдер... аспанға...

Жомарт: Білмеймін, қызым, білмеймін. (Самалдың басынан сүйіп) Бәріміз Маһшар сотында жолығамыз, қызым!

Есболат: Біз бұның бәрін Құдайға айтамыз, Құдайға!

Жомарт: Біз Аллаға дейін барамыз...

Салима: О, құдіреті күшті Құдай... (Найзағай ойнайды)

Жанна: Бізге бұ ғаламда ешкімнің шамасы жетпейді. Біз құдаймыз!

Үшеуі қарқ-қарқ күліп кетіп бара жатады. Жерге найзағай түсіп Жанна – қоңызға, Марат – алақарғаға, Жанат – сұржыланға айналып кетеді. Дәл осы кезде үйге халық кіріп: «Қыдыр ата! Қыдыр ата! Қыдыр ата!» деп ұрандата бастайды.

Самал: (Көз жасын сүртіп) Әке, қарашы, қарашы, біз жеңдік, біз жеңдік әке, біз жеңдік.

Жомарт: Иә, қызым, біз жеңдік, жеңдік...

Шәкірт пен Молда: (Тізерлейді) Иә, Құдай кешірші бізді, кешірші. (Басын сәждеге ұрады. Жылайды) Кешір, кешір... Қаһарыңды төге көрме.

Самал: Әке қарашы, айнала нұрланып барады... (Бәрі Аспанға қарайды) Қараңыздаршы, Қыдыр атаның бейнесі... Атаның абзал рухы... Көкке көтеріліп барады... қараңыздаршы...

Жомарт: Бүгін өзі ғажап күн болды!

Есболат: Иә! Құданың құдіреті!

Салима: Жарықтық...

Жомарт: (Басын шайқап, таң қалып) Не деген ғажап, не деген ғажап!

Есболат: Енді Маһшар соты басталады! Ол күні өлгендер тіріледі, тірілгендер сол алаңға жиналады! Жасаған істеріне түгел есеп береді! Естеріңді жиыңдар бәрің, естеріңді жиыңдар! («Маһшар соты» басталып кеткендей аласапыран! Қап-қара жаңбыр жауып, найзағай ойнайды да бірақ арғы жақта, көкжиекте бір нұр, сәуле, жарық пайда болады)

Жомарт: Тағы бір аспани адам дүние есігін ашты. Аспан жақтан естіледі асыл үн. Тағы бір аспани адам дүние есігін ашты. Аспани адам... (Шақалақ шырылы)


Шымылдық.


Алматы, 2016 жыл.

Бөлісу:

Көп оқылғандар