Елдос Тоқтарбай: Анығы – оларды «жұлдыз ҚҰДАЙ-лар!» үркітті!

Бөлісу:

14.12.2016 4761


13428546_514860012041080_7542179089316389320_n.jpg


– Қазақ қаламгерлерін шетелге өз деңгейінде таныта алмай жатырмыз. Әлеуметтік деңгейі төмен деген елдердің әдебиетшілері бұл сатыдан өтіп, Нобель сыйлығына ұсынылуда. Аударма саласына не жетіспейді?


Қазір еліміздің рухани-әлеуметтік жағдайы өте қиын. Сондықтан қазақ қаламгерлері «Нобельден» дәметпестен бұрын, бүгінгі қазақ тілді аудиторияның талабынан шығып алсын! Құдай-ау, біздің жас буын – жас өскін қазақ жазушыларының шығармасы тұрмақ, есімдерін де дұрыс білмейді ғой. Мен қазіргі уақытта ЖОО –да оқытушылық тәжірибемді шыңдап жүргендіктен, алдымдағы студенттерден қазақ қаламгерлері, қазақ тарихы туралы жиі сұраймын. «Мыңқ!» етпей, бастары салбырап, төмен қарап отыратын, көркем әдебиет түгілі, қаламгерге мұрын шүйіріп қарайтын ұрпаққа алдымен өздерін таныстырсын!


Егер, бүгінгі 60, 70, 80, алды 90-нан асқан қазақ сөзінің мәйегін қанып ішкен ақсақал қаламгерлер дүниеден өтсе (Әрине, оларға Құдай ұзақ ғұмыр берсін!), қазақ әдеби тілінің жағдайы мүшкіл бола ма деп қорқамын. Бұл толқыннан кейінгі буын тілді білмейді ғой! Нобельді алуға лайықты қазақ қаламгері – М.О.Әуез немесе Ә.Кекілбай ғана болатын!


Ә.Кекілбай – әлемдік әдебиетте тұңғыш болып «Мәңгүрт» мәселесін көтерген жазушы еді. Егер ол осы мәселені орыс тілінде көтеріп, шығармасын сол тілде жазғанында, сөзсіз Нобель сыйлығының иегері атанатын еді. Ә.Кекілбайдың алдын бұл тарапта көршіміз, қырғыз жазушысы Ш.Т.Айтматовтың орап кеткені қынжылтады. Оның бұрынғы Одақ көлеміне әрісі төрткүл дүниеге танылуы – орыс тілінде жазғанында емес пе! Міне, сол Ш.Айтматовты көтеріп, даңқын аспандатқан екі қазақ баласы: бірі – М.Әуез, екіншісі – Ә.Кекілбай!


Нобельге лайық көзі тірі классик М.Мағауин баласы. Қазір Мұхтар абыз АҚШ-та тұрып жатыр ғой, бәлкім, алып қалар. Бірақ, оның сөз қолданысы, ділмарлығы, әдемілігі өзге тілге қалай аударылады екен? Міне, қазақ қаламгерлерінің шет елге таныла алмауына негізгі себеп осы – мәселе.


Егер, Үкімет шынымен руханият саласына көңіл бөлетін болса, «аударма», «шет тілі», «филология» мамандығында оқып жатқан студенттердің оқу бағдарламаларын жаңартып, оларға «елімізді қайтсек шет елге танытамыз?» деген міндеттің аясында жетілдірсе, жағдай өзгерері хақ. Алайда, сол жастардың өзі ана тілінің байлығын, құнарлығын жетік білуі керек. Біз де сол «байғұс» тілдің құдіретін жетік білетін студент бар ма? Жоқ қой! Енді мүлде болмайтын шығар. Өйткені: 1-сыныбынан-ақ «әліппемен» емес, «сауат ашқышпен» орыс, ағылшын тілінде қатар сауаттанатын «компьютер» басты баһадүрлердің болашағы – бұлыңғыр екені айдан анық. Солайы солай... Жөргегінен тұншықтырылып, анасының ақ сүтінен емес, жасанды ұнтақтан (порошок) нәр алып, санасы өзге тілде қалыптасқан безбүйрек ұрпақтан не үміт, не қайыр күтеміз?


Оу, Бағлан дос, әдебиет аяғынан тік тұруы үшін мына Қазақстанның әлеуметтік жағдайы жақсаруы керек. Сонда ғана әдебиет дамып, өрістейді. Әлеуметтік жағдай – халықтың күн көрісі, тіршілігі. «Хабардың» жиі айтатын «Қазақстан – Ғажапстан!» болған күні-ақ, әдебиет, дұрысы, төсекке танылған «ауру» Ана тіліміз дертінен құлан-таза айығады. Ана тіліміз өркендесе, руханияттың бақ-жұлдызы жанады!


– Әдеби сын тоқырап қалды. Оның үстіне сын қабылдаудағы мәдениетіміз де анау айтқандай жоғары емес. Қайтпек керек?


Меніңше, әдебиет ісі – келешек пен берешектің ісі. Келешегі сол – ертеңгі ұрпақтың назарына жетуі. Ал, сол келешекке жетуі тиіс әдеби туындылардың тағдыры – әдебиет сыншыларының, дұрысы, әдебиеттанушы-мамандардың қолында. Келешектің алдында қалам ұстағандардың бәрі берешек! Бүгінгі әдеби қауым – парыз бен қарызды ұмытып кеткені анық. Бұл – шынайы ақиқат!


Екіншіден, әдеби сынның тоқырап тұрғаны рас. Өтірік емес. Оның өзіндік себептері бар. Әдеби сынның дамуына кері әсерін тигізетін негізгі факторлар:


1) Көз майын тамызып, рецензия жазатын адамға (сыншыға) қаламақы берілмейді. Сананы тұрмыс билеген мынадай нарықтық заманда ақысыз қызмет ету кімге керек? Оның үстіне бұл ой жұмысы, миға физикалық салмақ түсірудің қиын екені бесенеден белгілі;


2) Сынды қабылдай алатын мәдениеттің жоқтығы. Сыншы ар ісіне адалдық танытып жазуын жазғанымен, адресаты (қабылдаушы) қабылдай алмайды. Себебі: ол – туа біткен жұлдыз! Оның жазуында,стилінде еш мін жоқ. Анығында, «сүттен ақ, судан таза» нағыз періштенің өзі секілді күй кешіп жүрген «жұлдыз» қаламгерлер өте көп. Әсіресе, Тәуелсіздіктің екінші, үшінші онжылдықтарында әдебиетке келген жастардың бұл «ауруға» шалдыққаны ащы да болса шындық! Сын көтере (қабылдай) алмайтын адамның шығармасын талдап, сосын ол үшін жүйкеңді жұқартып жүрудің қажеті бар ма өзі?!


Біздің «жұлдыз» ҚҰДАЙ-лардың шығармаларына сын айтсаң, олардың «фан-клубын» жүргізіп отырған «жандайшаптары» шоқпар ала жүгіретінін қайтесің! Сынды қабылдау мәдениеті төмен жазарман бауырларымыз қоқан-лоқы жасайтыны және бар. Бұндай ПРОБЛЕМА кімге керек!


3) Кешегі 80-90 жылдары әдеби сынның майданында Қ.Ергөбек, Ж.Дәдебаев, Б.Ыбырайым, А.Егеубай, З.Серікқалиев, Ә.Меңдеке, Ә.Бөпежанова және т.б. сыншылар белсенділік танытқан еді. Бұлар – өздерінің миссиясын адал орындаған аға буын өкілдері. Осы аға буыннан әдеби сынның эстафетасын қабылдап алған А.Кеңшілікұлы, Ә.Балқыбек, А.Кемелбаева секілді аға-апаларымызда қиын-қыстау заманның тезінен аман-есен өтіп, хал-қадірлерінше қызмет етті. Ал, бүгінгі Н.Түсіпхан, З.Кәрімхан, А.Нүсіп, Б.Тұрсынбайұлы және осы өзіміздің де жүрісіміз тасқабадан да баяу емес пе! Осы аталған жігіттер әдеби сынға ниет танытып жүргені болмаса,белсенділіктері, қарқындары төмен екенін бәрің білесіңдер ғой осы. Заңғар Кәрімхан әп-әдемі сыни көзқарастарын танытып жүр еді, тарих саласына кетіп қалды. Заңғар неге кетті деген заңды сауалдың жауабын – әдебиетте адалын айтатын, ашығын айтатын адамдарға орын жоқ екенінен іздеңдер! Осы сықылды әдеби сынға машықтанып келе жатып, сырт айналып кеткен жастар қаншама! Олар неге кетті? Анығы – оларды «жұлдыз ҚҰДАЙ-лар!» қорқытып, үркітті!


Қысқасы, бүгінгі сын тоқырап тұрса, оған алдыңғы буын кінәлі емес! Оның обалы – бүгінгі сын қабылдау мәдениеті төмен жазарман бауырларға және біздерге болсын!


Әдебиет – тірі организм! Бәлкім, бұл мәселе алдағы уақытта туралап қалмас. Сынды дамыту үшін: ЖОО-дарындағы «Қазақ тілі мен әдебиеті», «филология» мамандықтарындағы студенттерді әдебиет теориясына, әдебиет тарихына, әдебиет сынына жеке-жеке сала маманы ретінде даярлау керек те шығар! Бірақ, әдебиет жасаудың теориясы, шарты жоқ. Ешкім ешкімнің аузына сөз салып, рецепт бере алмайтыны және бар. Бұдан басқа жолы болса, «Аполлоннан» бата алып келген данышпандар айтсын!


– Рулық, географиялық, ұжымдық айналада әдебиет жасау белең алып кетті. Әдебиет деген жалқының олжасы ғой. Осыны қалай тежесе болады?


Оу, Бағлан дос, белең алып кетті емес, бұрыннан солай ғой. Қарапайым ғана мысал республикалық кейбір БАҚ –тардың басшылығы мен ұжымын анықтап қарашы, кімдер жиналыпты? Сосын жиі өтетін мүшәйралар мен әдеби байқаулардан кімдер осы топ жарып келіп жүр?


Задында, әдеби шығармашылық – жеке адамның ісі. Әдебиетті орта емес, жеке адам (тұлға) жасайтынын естен шығармаған абзал!


Әдебиет – руға, ұлтқа, ұлысқа, жерге, жікке, тілге бөлінбейді. Әдебиет сонысымен әдебиет! Мен Абай бастаған қазақтың асылдарынан кейін орыстың А.Пушкин, М.Лермонтов, Л.Толстой, С.Есенин сынды алыптарын, сол сықылды батыстың, тағысын тағы өзге елдердің қаламгерлерін, әдебиетін сүйемін! Қызығып оқимын. Неге? Жауап – әдебиет географияға, биографияға, территорияға бөлінбейді!


Әдебиетті руға, жерге бөліп қарайтын трайбалистер – көкірегінде адамдық ойы жоқ, адамгершілігі саяз НАДАНДАР!!!


Бағлан дос, Сен де қызықсың ей, «Осыны қалай тежесе болады?» дейсің. Әрбір шығармашыл адамның адамгершілігі – ниетінде, ар-ұяты – бетінде болса, әдеби әлемге мұндай «вирус» кірмейтін еді. Қаламгерлер – қағазға, ар ісіне адал болсын!


Барлық қалам ұстаған жанға айтар тілек сол – қалам абыройға қызмет етсін! 




Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы

Бөлісу:

Көп оқылғандар