Мерейхан Қабдылұлы: Қазақтың желбіреді көк байрағы!

Бөлісу:

14.12.2016 2660


15492351_1259821807413415_1601271691537844701_n.jpg

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында шетелдегі қандастарымыз да қуаныштары қойындарына сыймай, жүрекжарды тілектерін өлеңмен жолдап, ыстық ықыластарын білдіруде. Солардың бірі - Монғолия мемлекетінің Құрметті прокуроры, 16 жыл бойы Баян-Өлгий аймағының Бас прокуроры қызметін атқарған үздік заңгер, "Еңбек қызыл ту", "Алтын жұлдыз" ордендерінің иегері Мерейхан Қабдылұлы. Шет елде жүрсе де, бүкіл саналы ғұмырын халықтың қауыпсіздігіне арнап, өз қызметін абыроймен атқарған тәртіп сақшысы өмірдің қауіп-қатерге толы алдыңғы шебінде жүрсе де, өлеңге деген нәзік сезімін солдырмапты. Жуырда ғана жарық көрген "Мен - Бұлғынның құлыны" атты кітабынан алыстағы атажұрты - Қазақстанға деген сағынышынан туған жалынды жырларын іріктеп алып, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.   


ҚАЗАҚ ЕЛІ


Қазақстан егеменді ел енді,

Барша қазақ қуанышқа кенелді.

Орындалып сан ғасырлық арманы,

Өзгелермен терезесі теңелді.


Қырғын, азап кетті енді келмеске,

Басымшылық, пәле-жала тек есте.

Ұлт тағдырын, болашағын ұрпақтың,

Бел байладық қолдан енді бермеске.


Туды заман айтатұғын шындықты,

Сағындырған ай да туды, күн шықты.

Қайта туған мемлекеті қазақтың,

Аттан алға, қадамыңа гүл бітті.


Ұлы көштің кетті алды бел асып,

Замананың сарынымен санасып.

«Көшпек, қонбақ – елге сын»,

Олай барсаң, ел бола біл жарасып.


Мінезіне қара мынау ғаламның,

Санасында сан өзгеріс талайдың.

Жеткен болсаң, Ұлы дүние – Ұлтыңа,

Сен де барып бір кірпіш боп қаланғын.


ЕГЕМЕН ЕЛ


Сан жылдар кеудемізде кек қайнады,

Ғұрбаттар ақ семсерін көп қайрады.

Ақыры айым туып, күнім шығып,

Қазақтың желбіреді көк байрағы.


Ана тіл, асыл ғұрып, ол да оралды,

Дініміз, ас пенен той, жол-жоралғы.

Қарсы алдық Елтөресі Нұрсұлтаннан,

Ата заң, аға жарлық, жолдауларды.


Елорда орналасты Астанама,

Шіреніп, кең көсілді қасқа қала.

Ел іргесі бекіген, ер ұлан бар,

Енді ұлтым егеменді, жасқана ма?!


Құрыш балқып, алтын дән шалқып жатыр,

Жерім бай, аспан ашық, халқым батыр.

Тек қана берекемен өрлей бермек,

Ұлы арман, ұлы мақсат алдымда тұр!


ЕГЕМЕНДІ ЕЛІҢ БАР


Қазақпыз, ел болдық біз егеменді,

Ақ таңдар алдан атып келеді енді.

Баянды болсын бақыт, қандастарым,

Өрлік пен көрсет қане өнегеңді.


Астында алтын пырақ қанатының,

Шүкірлік, ол да оралды Ана тілің.

Көтерген көк байрақты Ұландардың,

Сапына сен де қосыл санатының.


Мінеки, қайта жанды халқым бағы,

Дүние жаңа жыр мен ән тыңдады.

Орнады елім төрі Астанаға,

Айбынды Абылайдың алтын тағы.


Жауынгер, ұл-қыздары жарасымды,

Жасаған жарылқады алашымды.

Мың өліп, мың тірілген ер елімнің,

Мәңгілік жасауына жол ашылды.   


Adebiportal.kz


Бөлісу:

Көп оқылғандар