Ұлмекен Лесбекова: Алтай да менен аласа-ау?!...
Бөлісу:
Қазақ Мемлекеттік Қыздар Университеті
Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің
4 курс Студенті.
1995 жылы, 4 тамызда ОҚО, Шардара қаласында дүниеге келген.
Ы. Жақаевтың 125 жылдығына орай өткен мүшәйраның Бас жүлдегері. «Шабыт» шығармашылық жастар фестивальінің Дипломанты.
*******
Армандар, кейде, тым алыс,
Көгілдір тұман, мың елес.
Күлудің бәрі қуаныш,
Жылаудың бәрі мұң емес.
Өмірге келсе бір пенде,
Иманға бекем бұрса ой.
Адамның бәрі күлгенде,
Көзінде нұры тұрса ғой.
Жалғанда, сірә, жылайды,
Бір адам күлсе, бір адам.
Сәттерін кейде сынайды,
Күле тұрып та жылаған.
Өмір дегенде ойланбай,
Өзіме қарап ой өрем.
Сыйақы беріп қойғандай,
Желпініп өткен ой - өлең.
Күндізгі жиған күнәға
Түндерде тағы тәубе еттім.
Бас ұрып саған, Өмір-ай!
Өзімді-өзім әуре еттім.
Тіл туралы баллада
Емен жүрек,
Ерен білек еміренді ел қашан?
Тілі бөтен,
Түрі бөтен айтылғанда ең жас ән.
Құлақ түріп,
Құлақ тұнып анам айтса әлдиін
Жаттап едік,
Сақтап едік жадымызға ән-күйін.
Бүгін халқым,
Жырым әр күн жазылады мәңгілік.
Тілім қалсын,
Үнім қалсын замандарда жаңғырып.
Өмірімде,
Көңілімде бір үміт бар, сөнбейді.
Мен тілімде,
Сен тіліңде сөйлемесең сенбейді.
Үмітім бар,
Үгітім бар (алдар ма едім өзімді?),
Ай, ғаламға,
Айта алам ба, Ана деген сөзімді?
Көптің үні,
Осы күні барады ма ерексіп,
Білген жоқ қой,
Жүрген жоқ қой жұрағатын керексіп.
(О, Найсаптар!)
Ол қай шақтар? ...бола қойсын белгісіз,
Шақ келеді,
Бақ келеді адам айтса сенгісіз.
Әлқиссадан,
Ән-қиссадан санап тұрсам ай, күнін,
Ғалам, жұртта
Амандықта жасай берсін, бай тілім!
*******
Алғашқы қар!
Уақытпенен уақытты алмастырар.
Әуе бүгін алмасқан, ауа бөлек,
Ала көйлек қалпынан аумас құмар.
Алғашқы қар!
Алатаудың мойнына малдас құрар.
Аспаннан аяз келіп қарығанша
Жерге бұрын жететін алғашқылар.
Алғашқы қар!
Сіңіп кетіп ғайыпқа алжастырар.
Ақ періште арқалап әкелетін
Аллаға да құрметті қандас бұлар.
Алғашқы қар!
Алғашқыны енді кім жалғастырар?
Елең етсем, аяғым тоң ұрыпты,
Ақ қағазға жазғаным:
«Алғашқы қар».
Лилияның үзілген сабағы
Фариза Оңғарсыноваға арналады
Белгісіз жан бақшасында...
о, жарықтық, обал-ай.
Қара бұлтқа қарсы қарап гүл атыпты сонадай.
Сыздауытқан, күзде ауық таң тәлкектесе, тоң ұрып,
гүлің тұрмақ дірілдейді қара бұтақ сомадай.
Тәлкектейді!
Иә, тәлкек, мейлі.
Бірақ, Лилия тәрк етпейді
арда туған өмірін.
Күн еметін Гүл егетін біреу болса бұл жерде,
Қала көрмес көңілім.
Көрмегенмін жан баласын,
Жүрек, білем, алдамасын,
Гүл, сосын ол солмаса.
Жүрек бөлек, ақыл, басым,
Аңсамайды аңсамасын,
Тек Лилия болмаса.
Ол – тәкаппар, өн бойына төзім біткен Лилия,
Ол – арудай көктемінің көзін күткен Лилия.
Жағдайға сай құбылатын құны қымбат құрбымдай,
Тумысынан өзі гүл де, өзі тікен Лилия.
Бірақ қиын тумысынан ерте туып, ерте...
Бек!
Туған екен, таңын көрсін, талайынан ертелеп.
Ұзақ, ойлы қарадым да жүріп кеттім,
жол басқа
Соқпақтарға жетеледі, жетеледі ентелеп.
Сол көктемде...
көргем оны.
Оны көрген қала бұл.
Ақын қызын жоқтағанда су да тұлдыр, ауа тұл.
Замананы заңғар тұтқан ақындарда ол – жалғыз,
Оған ешкім ұқсамайды. Ұқсамайды Лала гүл.
Енді Өлең, ғұмыр қайда, бақыт гүлі қалаған?
Көктеменің көзін аңсап кезем күзгі қаладан.
Бетке бастап жеткенімде
Ауыл.
Үйге.
Бақшаға
сән орнапты, мән орнапты көк төбелі жаңадан.
Ақ көбелек айналшықтап, ақ қанатын қағады,
Кірпік ілбіп, мөлдір тамшы Лилияға тамады.
Сілкінгендей көп дамылдан, гүл жамылған айнала –
Көктем!
Бірақ...
Лилияның...
үзіліпті...
сабағы.
*******
Теңіз. Арман аралы.
Ол әлемдердің шетінде.
Ауасы қалқып барады,
Бұйда бұлттардың бетінде.
Иінін салған тауларға
Созылтып көсе мойынын.
Тербелген толқын таңдарда
Ән салар әсем, ойы мұң.
Теңіздің түбі қазандық:
жанды да жансыз кіл көсең.
Алабы алып бұл елде,
табиғат, өзі Күн-көсем.
Бәрі, бәрін... тәрк етіп,
Кең тыныстап, сәл күліп.
Су еліне сүңги сап,
Кетсем ба екен мәңгілік?
*****
Ай, маған сұлулық берші,
күлкімді жасайын.
Таң, маған жылулық берші,
Сырымды ашайын.
Күн, маған жылу, нұр берші,
Бір жарық жағайын.
Жер, маған сұлу гүл берші,
бір ауық тағайын.
Бал-бұлақ, суыңды берші,
Жолыма шашайын.
Мөп-мөлдір тұнығын берші,
Шөлімді басайын.
О, Тәңір, ғаламды берші,
Кеудеме салайын.
Қолыма қаламды берші,
Бір өлең жазайын.
РАУАН
немесе желтоқсан боздақтақтарының соңғы сөзінен
Бұғау.
Мен.
Жаза.
сең соққан –
Тарихтан келдім Желтоқсан.
Малысам мұңға кеше гөр,
Бәсіре сөзді ел тосқан.
Армысың, арда Қаратау!
Армысың, арда Бабатау!
Мұзбалақ
қанат қайрылып,
Еңістеп жетті, Ана –Тау!
Дала да Сұңқар сүйеді
Талақан тұмсық, қара бау.
Күн ауған күңгірт күй еді
Алатау ауық қарады-ау.
Құрсағын мұзға тиеді
Есіл мен Ертіс жағалау.
Желтоқсан жазған тағдырға
Еңіреп еңіс барады-ау.
Бабамның ғұрпы кие еді,
Санаға жат-ты сағалау.
Әл-демін ұлттың дүмшелеп,
Дәрменін ұрттың тағалау.
Алдыңа келген, көз салшы,
Ай маңдай алаш баласы-ау?!
Қынабы қанға шыланған
Қарабураның қарасы-ау?!
Арқаға жазам кеудемді
Кешеден бүгін жара сау.
Азатпын енді, азатпын,
Алтай да менен аласа-ау?!...
Аманат – айдын Ай күлген,
Азаттық саған тапсырдым.
Қағанат қамыт қайғыммен
Табыттың үнінін қапсырдым.
Боздаққа туған сол күнді
Азаптан ауыр жатсынбай,
Қазақтан ғана жатсындым.
Қазақтан ғана жатсындым.
Кәлимамменен таупық қып,
Ыршыдым, тәннен талақай.
Талақай басым – қалақай.
Анадан туған әлжуаз
Аңырап тұрған баладай.
Аспанға қарап Ай буаз,
Ала-а-аш!
деп айғай салуға
тілім келді ғой,
алақай!
Мың тәубе.
КҮЙ
Жарығым менің, жанарым менің,
Жаныма дәру жазарым едің.
Бұлттармен бірге барады көшіп,
Ауада қалқып ажарың сенің.
Мақпалым менің, мақтаным менің,
Өлеңмен бірге жатталып едің.
Сөзімді сезім сазымен демеп,
Қаламға ғана ақталып едім.
Көңілдің демеп күйік күндерін,
Сенімен ғана биікпін дедім.
Көңілді мұнша көркем сөйлеткен,
Білмеймін, менің сүйіктім бе едің?!
Ғұмырым менің, жуық тағдырым,
Қай жерде сені ұмыт қалдырдым?
Көңілден ғана жауатын бір сәт,
Сен өзі кімсің, суық жаңбырым?
Ел жаққа
Құм беткейінде туылған шығар,
Махамбеттің де Аруы.
Толқын суымен жуынған шығар,
Қасқа су беткей қауымы.
Сыр келбетінде лағылды Шынар,
Мұнартады да тұрады.
Сол жақтағылар бақытты шығар,
Құмартады да тұрады.
Сағындым сонау Даламды керім,
Даламды сүйдім сүйгесін.
Дарыған мінез Бабама менің,
Жамалы жазық үйлесім.
Сағынтты маған Анамды олар,
Шәйі көйлекті бейнесін.
Көпшігін жастап отырған болар,
Сабақтап үшкір инесін.
Бала шақ сұлу Сырдың самалын
Жұтушы ек жұпар кеш кірсе.
Тағаттап мәңгі қалар амалым
Болмады, жалған бес күрсе.
Бестіге әкем алғанда мені,
Құшушы ем арқа терлеген.
Сезінсем жусан жуықтас иіс,
Әкемнің исі дер ме екем?!
Шақырып сағым, атыраптарым,
Кел, -дейді, дала, кел баққа.
Сағына бермей, шағыла бермей,
Барып қайтам ау ел жаққа.
Бақ ішінде
Таң арай атып, көктен күлгенде
Тіршілік шамын жағады.
Бүршігін жарған Көктем гүлдерде
Көбелек қанат қағады.
Тасына жасыл Жапырақ түскен
Жылғалар сусып ағады.
Басына бояу атырап түспен
Көкжиек шәйі тағады.
Аспаннан сонда алапат күшпен
Ақ жамал жылдам тарады.
Жемісі жердің дамылдап піскен
Көтеріп басын қарады.
Жанына сезім тараған шығар
Самал бір әнге салады.
Табиғат мына жаралған сыңар,
Тең-теңін тауып алады.
Аққуды көрген әуелі көлден
Әр кім-ақ ойда қалады.
Ай куә болып, әдемі, көркем
Сәулесін суға малады.
Сырласқан екі махаббат кеуде
Бақытын, бәлкім, табады.
Бір бүтін жүрек, Екі жас пенде
Бақ ішін кезіп барады.
Бақ ішін кезіп барады.
Бөлісу: