Жанына жайлы үйреніскен жұмсақ төсегі үш-төрт күннен бері бұрынғыдай маужыратып тыныштық тұңғиығына тартпай таңға ұйқылы ояу беймазалықтан арыла алмайтын күйге түскен-ді. Бүгін де көз шырымын алғанын біле алмай, бұлыңғыр есалаң қалыпта жатыр. Елден естіп жүретін, көңіл дос жолдасының басындағы келеңсіз жайлар болашақта өзіме кездесіп қалама деген суық ой денесін қарып жібергендей. Келесі қырына аунап түссе де мазасыздығы басылмай, орнынан еріксіз тұрды... Қасындағы кемпірін оятып алмайын деп еппен жайлап киініп тысқа шықты. Ескі ай желініп, жаңа ай тумаған шақ. Даланы түннің таңғы қою қараңғылы қымтап алған. Өліара мезгіл еш дыбыс жоқ, ауылдың иттері де үруден шаршап дамылдаған. Табиғаттың меңіреу күйіндегі мылқау тыныштығын да Азат қалшиып қалт тұр. Құлағына жүрегінің дүрсілдеген соғысы ғана естіледі. Жұлдыздай пышырлап шашылған ойын жинақтай алмай далаға неге шықтым, не іздедім деген сұрағына қалай ақталып жауап берерін білмей тоқталып тұрғанда, үйдің сыртқы есігінің жайлап ашылған дыбысын сезді. Қараңғылыққа үйренген көзін тоқтатып қарағанда камзолын бүркене жамылып шыққан кемпірінің сұлбасын байқады.
-Кемпір-ай, таң қараңғысында қайда шықтың, құлап қалсаң не қыласың? Жауап қайтарылмады. Әйелі жайлап, сипалап тауып:
- Отағасым-ау, саған не болды, бірнеше түн қатарынан дұрыс ұйықтай алмай жүрсің, мазалаған қандай ой?-деп қасына келіп құшақтап: «Ертеректе шаруашылығыңда ауыр жағдайлар туындағанда таңға көз ілмей шығатынсың, қазір зейнеткерсің, ұйқыңды бөлетіндей рет жоқ емес пе?»
- Мен тұрып кеткенде ұйықтап жатыр едің ғой.
- Сен дөңбекшіп жатқанда мен де ұйқы бола ма? Ол жас кезіміз, қазір немере сүйген шал-кемпірміз, күндіз уақ балалардың күйбіңімен жүріп шаршайсың. Түнде мазаланбай дем алсаң қайтеді деп кемпірін бауырына қысқанда, дүниедегі ең қымбат адамының тынысын сезіп, өзіне таныс жұпар иісіне балқыған күйінде «Айым-ау, ештеңе болған жоқ. Өміріңде қабағыңа кірбің түспеу үшін» жүрген жанмын ғой. Ұйқыңды бұзып неге тұрдың, сүйіктім менің дей өбкенде барлық ойдан арылып, шаттықтың төрінде сайраңдаған күйге түскен.
- Сенімен бірге жүріп өткізген әр күнім шаттық, бақыт, беймаза сәтіңді көрсем жүрегім сыздап ауырады. Менен жасырын сырың жоқ екенін білем. Жаңа киініп шығып кеткенде қорықтым, қайда барады, бірдеңеге ұшырап қалмауыңды ойладым. Сенсіз өмір сүре алмаспын... сөзінің соңында дауысы тарғылдана бұзылып жылағанын жасыра алмады.
- Жаным-ау неге қорықтың? Сені тастап қайда барам, бұзылмашы, - деп кемпірінің жүзіне бажайлай қарап назарын салды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» алпыстан асса да, аздап түскен әжім болмаса, ажары таймаған. Бота көздерінің шарасынан мөлтілдеген тамшылар, жылжып иегі арқылы бірін-бірі қуалап бара жатқанын байқап, жаны ышқынып аяп та, аялап бауырына басып уата берді.Таң өз билігіне еніп, айнала тегіс көрінеді Шолпан жұлдызы кіреукеленіп көмескіленген. Басқалары біздің бүгінгі түнгі шаруамыз аяқталды дегендей әлсіз жымыңдасып жарықпен жамырап, батып бара жатты. Күн шықпаса да оның алқызыл арайы аспанды жалындатып, түрлі түске бояп, алаулап тұрған суретті иегімен нұсқап:
- «Шығысқа қарашы, қырық жылдай бұрынғы көрініс қайталанып тұрғандай» деді. Айым да бетіндегі жас іздерін қолымен бір сипап, табиғаттың ғажайып көрінісіне қарағанда жүрегі атойлап ұзақ жылдар көмбесінде қалған қуанышты сәтпен дидарласқандай әсерде.
- Ол күн менің өмірімнің өзегі, сенімен алғашқы табысқан кездеріміздің өшпес сәулесі емес пе? Иә, тапал тамның терезесінен төгілген нұр мен алаулаған арай.
- Сол түнгі Ай мен жаңа шыққан Күнге серт бергендей уәдемізге жетіп келеміз. Ол да Алланың бізге берген бақыты. Аллекем сол бақытынан айыра көрмесін.
- Арамызда еш жасырын сыр жоқ, құпия болған емес. Соңғы кездегі ойқанысыңнан қатты секем алып жүрмін.
- Секемшілім-ау, үйге кірейік, сенен жасырып емес, мазалаған ойым тұрақтағасын бірлесіп шара жасармыз деп жүргенім…
***
Ұзақ жылдардан бірге жүретін көңілдері жарасқан, бабалар әңгімесімен суарылған, ұстамды билік сөзі бар Әбен, парасат-пайымды Олжатолла, жадышыл, зейінді Сейілғали қой торы, тұйық Салқан бесеуі бүгінгі кездесулерінде әдеттегідей киіккісіленіп, одағайлануға бармай тұралаулы сөз, толғандырар әңгімеге ойыстай беріскен. Тұжырымды ойлар, ақылдасар сәт туындаған тұста Азат әңгімесін бастады:
- Мені біраздан бір түйткіл мазалап жүр. «Немере жаннан тәтті» дегендей аталық дәрежеге көтерген тұңғыш немереміз Тұяқжанымның мінезі үйлеспей барады. Бұдан екі жыл бұрын мешітке баруды бастаған. Кемпірім немереміздің имандылық жолға түскеніне мерейленіп қуанышқа бөленді. Мен де қарсылық көрсетпедім. Бастамада мұсылмандықтың әдемі сөздері мен көркем мінездеріне тәнті етіп бізді риза еткен. Бірақ кейінгі кезде әңгімесі, діни ұстаным біз білетін бағыттан өзгешелеу сияқты. Бәйбішеміз сейсенбі күні аталарға, жұма күні дүниеден өткен дұға дәметкендерге арнап жалпақ нан пісіріп иіс шығарса: «Ол Аллаға серік қосу, мұсылмандық жолға қайшы» дейтінді шығарды. Шалбардың балағын қысқартып, тұйықталып жанұядан жырақтап бара жатқандай. Діннің де түрлері бола ма? Осы жайтқа сіздер қалай қарайсыздар? - деп ортаға сөз тастады.
- Қайдам, діннің таралуының әр жерде өзіндік жолы бар. Нарын бойына қоныстандыруда еңбегі сіңген Сырым батыр, діннің де халық арасында таралуы, сақталуы жөнінде үлес қосқан адам ғой, деді-Сейілғали.
- Сәкеңнің білмейтіні жоқ, - деп Олжатай сөзге араласты. Салмақты қалпынан айнымай отырған Азат:
- Біздің Сәкең біледі ғой, бірақ сөз желімін пайдалануды ұмытпайтын әдеттен құр емес.
-Жігіттер үй тұрғызғанда жардың кірпіштерін желім балшықсыз ұстата алмайсыңдар. Тек шындықтан әңгіме құралмайды, арасын кіріктірер көтерме сөз қосылса ғана сырланады емес пе?
- Дұрыс болар, бірақ шындықты 180 градусқа бұрмаған сәнді. Сырым баба діндар болғанын дәлелдесек исламның ошағы алты Алашта деуге де жақын қалармыз, - деп Әбен де ризашылық білдіретін достық пейілде күліп, ортаны желпіндіріп тастады. Мырс етіп күлімсіреген қалпын сақтай:
- Айтыңдар, айтыңдар, дінді таратпаса да Сырым батырдың болғанын жоққа шығара алмайсыңдар, - деп Сейілғали да беріспеді. Үнсіз отырған Салқан орнынан қозғала ұзаққа шабатынын білдіргендей тамағын кенеп:
- Жігіттер, сіздер келелі әңгімені үстіртін әзілге айналдырмасаңдаршы. Кеңес кезінде дінсіз болдық. Тәуелсіздік алғасын дінге құлай ұмтылып, шашылып бара жатқандаймыз. Соның зардабын тартып жүрген жанның бірімін. Сыртым бүтін, ішімде қайнаған мұңдылық. Құрым ұстар ұлға зар болып елуге таяған шағымда бес қыздан кейін көрген жалғыз ұлды бетінен қақпай өсірдім. Жеке ел болып шаңырақ көтерген тұста дінге шөлдеген халық әркім өзінше сусап бас қойды. Біз ұмтылмасақ та жалғызымыз мектепте жүргенде 5-6 сыныптан мешітке баруды бастады. Көшеде будақтатып темекі шегіп, немесе арақ ішіп мас күйінде әркіммен ілесіп жүргендерден аулақ жүретініне шүкіршілік жасадық, келісті мінез дарып, дұрыс жолға түскенін теріс көрмедім. Егемендік бастауында қай жағдайда тұралап тұрды емес пе?! Мектепте мерзімді сабағын беруден әріге бара алмайды. Біздің заманда мұғалімдер шәкіртті тәрбиелейтін болса, қазір қағаз жазып, есеп берумен шектеліп, үлгерімді білім беріп емес, баға қойып көтереді. Бұрынғы үйірме, қосымша сабақтар жайына қалды. Оқушылардың бос уақытын кім қалай өткізеді, олар түгелдей өздеріне беріліп мектеп бақылауынан тыс қалды. Мектепке ұстаздарға сеніп қалған ата-аналардың түгендеуі жетіспей жатты. Осы тұста ауылда жастар арасында неше түрлі келеңсіз жайлар етек алды емес пе? Баламыздың мешітке баруына қуануымыз, тентектіктен аулақ болады деген есебіміз еді. Бәрі біз күткендей өтіп жатты. Жаңағы Азекең әңгімесінде айтқандай ұлымыздағы өзгерісті байқасақ та мән бермедік. Жалғыз баланың дегеніне қарсы келе алмай уақыт өте бұрынғы күнімізге зар болдық. Аруаққа, ата-бабаға сыйынудан қалдық. Ағайын-тума мен бастамада арақ құйылады, арам ас дастарханға келеді, деп араласымызды қақпайласа, кейіннен үйге қонақ кіруден қалды. Өзімізбен өзіміз жүріп жаттық. Балалық мінезбен еліктеушілігін өсе келе ақыл тоқтатып арылар деп сендік. Ол үміт ақталмады. Қазір зіңгіттей азамат, қарсы келе алмайсың. Көңіліне не ұстанымына қайшының бәріне ренжиді. Әйеліміз екеуміз бір-бірімізге қарап үнсіз қаламыз. Келін алғасын өзгереріне үміт арттық бірақ ойымыз ақталмады. Ол да тұмшаланып киініп, бізбен ашылып сырласпайды. Ел қатар немеремізге ат қойып, бесік тойын да жасамадық. Мұсылмандық жолды алға тартты да мешіттен атын қойдырды.
Алланың үйіне бармайсыңдар, намаз оқымайсыңдар, ораза ұстамайсыңдар бәрің де кәпірлер қатарындасыңдар дегенді шығарды. Сүліктей ұлым ажарын бұзып қаудитып сақал қойғаны арамызды салқындатып жіберді. Балаң емес бөтен жандай болып барады. Сырыңды кімге ашасың, көңіліме жақын жандарсыңдар. Біздің үйден су ішпегендеріңе де бес жыл болды. Одан әрісі түсінікті болар. «Уһ!» деп тоқтағанда зіл батпан жүктен арылған жандай сезінді. Қалыбында ұяң, тағдырдың қыспағынан ұнжұрғасы опырылған ынжық бейнесін түсініп бір-бірімізге қарадық. Жұбату айтарымызды ойлана әр қайсымыз білгенімізше қолдау мен тоқтауымызды аямадық. Менің санама немеремнің кейінгі кездегі мінезі қылаң беріп, алда осындай жағдайға түсе ме деген қауіп туындады. Жабырқап жүдеп қалдым. Сол ойдан арыла алмай жүрген жайым бар. Сені «сары уайымнан» қақас ұстаған сырым осы.
- Қайдан білейін, жастық шағында кездеспеген қылықты ел ағасы болып қартайғанда тауып алды ма деп секем алдым. Мені қойшы, көнермін. Ел-жұрт, бала-келін, құда-құдағайлар не дейді? Абыройды ойлағаннан қысылғаным шындық.
- Басқаны білмеймін «мен көнермін» дегеніңе сене алмаймын. Ештеңе болмағасын көңілді кеңге салып айтып жатырсың ғой. Шалым-ау! Ол да құр болмас, - деп қойнына тығыла түсті де:
- Жақсы екеуміз ештеңе емес, қырық жыл шатаспағанда алдағыны көрерміз. Мына Тұяқжанды шет қылықтан қалай сақтаймыз? Уақап дей ме, Бахап дей ме сол пәле де бізге келіп қалған болды ғой, бірдеңе істесейші. Жарайды тұралық, шаруаңды жаса бір жөні болар...
***
Ақ көрпе жамылған иен далаға «қыран көзін» жіті тігіп, туған елі мен оның ұлан-байтақ даласына масаттанған Азат, қалың қарды қақ жарған, қара жолмен жөңкіліп келе жатқан «Джип» машинасында жайланып отырып, бұл жолғы сапарын ой елегінен таразылап өткізуде. Мешітке үйір болған немересінің қияс бағыттағы діни ағымдарға бой алдырып жүргенінен секем алды. Қылдай болып басталған пәле өсе келе қаулап, Салқанның баласындай ырқымыздан шығып, діни ағымның деструктивті идеяларының жетегінде теріс бағытқа ілесуінен қауіптеніп түнде ұйқысын, күндіз күлкісін бұзды. Аурудың алдын алу үшін Тұяғын үйіріп алғандардан бөлектеп, басқа ортаға енгізуді мақсат тұтты. Ел-жер көрсетіп, ондағы өмірдің арасында болғызып, санасына енгізіп, болашағына таңдау жасайтындай ой туғызуға ұмтылды. Әлемде туған үйі мен ауылынан басқа да әр қилы тұрмыс-тіршілік бар екенін түсіндіргісі келді. Адамдардың сан қырлы сырлары мен ойлары, армандары мен мақсаттары болатындығына көзін жеткізуге жұмыстанды. Оқушылардың қысқы демалысқа шығуына орай, он шақты күнге Орал, Ақтөбе өңіріндегі ағайындарға қыдырыстау ниетімен кемпірі, немересі үшеуінің шыққанына бір жұмаға таяды. Оралдағы бала кезде бірге өскен ағайын құрдасына күпті көңілдегі секем алған жайды еш бүкпесіз айтқан. Туысы жағдайды шынайы қабылдап түсінді, ақылын да қолдан келетін көмегін де аямады. Қызын алып отырған құдасының бір ұлы салафизм идеологиясының иіріміне түсіп, біраз қиындық бергенін, ол жолдан шығару үшін шаруа қожалығын ашып, үй, балашағасымен қырға көшіп барып қоныстанғанын жеткізді. Баласын теріс ағымнан шығару үшін өзі бастап алып жүріп, мал бақтырып, егін салдырып күнделікті тірлікке араластыруға қызмет жасап жүр. Биыл екі жылдан асып барады. Өткенде келіп кеткен, көңіл-күйі жақсы. Баласының оң бағытқа түскенін, қыр өңіріндегі фельдшер қызбен танысып, ұнатқан болуы керек сақалын алып қалыңдыққа қарайтын жігіт болды. Кешікпей құдалықтың да төбесі көрініп қалар деп қуанышын жасырмаған. Сол ауылға барып сөйлес, Тұяқ ауыл өмірін шаруа жайын, еңбек адамын көрсін деген.
***
- Тұяқжан міне, Қазақ елінің кең сахарасы. Осы ұланғайыр жерді бабаларымыз бізге аманат етіп тапсырып кетті. Аталарымыз антына беріктігін дәлелдеп, қорғап, сақтады. Біз қолымыздан келгенше көріктендіріп, гүлденттік, киесін сақтауға тырыстық, кенін өндірдік. Ендігі қожасы сіздерсіздер, аялау, өркендету, қожыратпай түлету өз қолдарыңда, соған дайынсыңдар ма? Үнсіз ойланған бала сәл кідіріп «Алланың әмірімен қазаққа берілген жер ғой, біздің қандай әсеріміз болады?» деді.
- Е, балам, біздің түп-тамырымыз түркілік. Қазақ ұлтына ұйысуымызға дейін жүздеген тайпалар болып өмір сүрдік. Күнделікті өмір үшін жерді солар сақтады. Дәуір бастауында да біздің далаға ислам діні келе қоймаған.
- Сонда халқымыз кім болды, асыл дініміздің аясы тар болғаны ма? Жаратқан ие біреу, оның мың аты бар дейді. Әркім өзінше атайды, өзінше сыйынады. Сыйыну жолдары да әрқалай. Кең ауқымды аймақта орналасқан тұрмыс-салты, тілі, кәсібі, мәдениеті ұқсас келетін халықтардың өмірлік ұстанымы, сенімдік-нанымы бірігіп діндерін қалыптастырған. Шығыста буддалық, Европада христиандық, Арабтарда Ніл бойынан басталған ислам мұсылмандық уақыт өте екшеленіп біздің ұлттың, мемлекеттің дініне айналды.
- Біздер ше?
- Түркіліктер жаратушы бір көк тәңірі деп сенген, табиғатты аялаған, әр құбылыстың қадірін білген, күнге отқа табыну да болған, тармақтары баршылық.
- Мұсылмандық болмаған ба?
- Иә, қасиетті Пайғамбарымыз дінін насихаттап, жақтастарын көбейткен. Түстіктен Бұхараға дейін жорықпен жетіп, одан әрі түркі даласына соғыспен кіруден бас тартқан. Жалындап отта ойнаған түркіліктерді киелі сөзбен, түсінікпен алуға жұмыстанған. Жетісу өңіріндегі Қарахан мемлекетіне, әскери қуаты басым қытайлықтар үнемі жорықтармен мал-мүлкін тонап, ішкі сыртқы саясатына араласын, ықпалдарын жүргізіп, өктемдік көрсетіп отырған. Арадағы дамылсыз қақтығыстарда өз шектерін қорғады, бірақ қытай басқыншылығынан түбегейлі құтылуға күштері осал соққан. Ел іргесіне келіп тоқтаған ислам әскерлері «Біз сіздермен бірлесіп, Қытай әскеріне соққы беруге шығайық. Қояр талабымыз мұсылмандықты қабылдаңдар» деп ислам қағидаттарын таныстырады. Түркіліктер, біз тек Көк тәңіріне ғана сиынған халықпыз. Мұсылмандық бір Аллаға сенеді екен, айырмасы жоқ, деп ислам дінін қабылдайды. Біріккен екі елдің әскері 751 жылы Талас өзенінің бойында, тарихқа «Атлах шайқасы» болып енген Қытай әскерімен қанды қырғынды шайқасты бастайды. Соғыс біріккен күштің пайдасына шешіліп, 50 мың қытай өлтіріліп, 20 мыңы қолға түскен.
Исламды қабылдаған жергілікті халық өздерінің салт-дәстүрінен аумайды, оған араб билігіндегі Аббаситтер әулеті қарсылық білдірмеген. Содан бері біз бабалар жолына адалмыз, оны бұзып көрген жоқпыз, бұзбаймызда. Түркілер қабылдаған дін елге кеңінен тарап қолдау тапты. Оны насихаттауға Арыстан бап бастаған уағызшылар ұстаздық жасаған. Бап сөзі ұстаз мағынасын береді. Шәкірті Қожа Ахмет Яссауидің сопылық ілімі кең қанат жайды. Қазақ еліндегі Ханафи мазхабы, тереңнен жалғасқан салт-дәстүрді құрметтейді. Ол шариғатпен кереғар келгенде биік тұратынын мақұлдайды. Терең ойға батқан Тұяқ «Ата, бізге бәрінен шариғат биік, оның қағидаттарын бұлжытпай орындау керек, сонда шын мұсылман боласыңдар дегені қалай?».
- Ондай талап Ислам мемлекетінде жүзеге асатын шығар. Біздің күнделікті тұрмыс- салтымыз заң шеңберінде жүргізілетін зайырлы мемлекетпіз. Оған көнгісі келмейтіндерге ортамызда орын жоқ.
- Тұрмыс- тіршілігіміз шариғат жолымен емес, бірінші кезекте заңмен реттелетіні даусыз болса, шариғат жолынан аумайсыңдар деп жүргендер масқабыздан сыртқары болды ғой.
- Бізде заңды, ежелгі дәстүрімізді шариғат кесе алмайды. Керісінше, айтатындар қателеседі. Халықтың ерекшелігі тілі, діні, ділі. Арабтармен дініміз ортақ, тіліміз, ділімізде айырма - ұлттық белгіміз, қазақи мәдениетіміз, оны өзгертіп, араб бола алмаймыз.
- Заңға, салт-дәстүрге кереғар ісіміз ұлттығымыздың тұғырына әсер етер қарекет екен-ау, - деген Тұяқ ішкі сезімі мен өз түйсігінің қайшылықта тұрғанын байқады.
***
Азанғы дәмнен кейін бөлмеде оңаша отырған екеудің әңгімелері жарасқан, сыйлас ықыластары бейнелерінен анық сезіледі.
- Құда, ниетіңізге тәнті болдық, сонау замандағы демалыс сәттер еске түсіп кеңіп қалдым. Ауылдағы басып тұратын зілден құтылып жеңілденгендеймін бүгін жүргіміз келеді -деді Азат қасындағы орта бойлы дембелше киген кең маңдайын ақ қырау шалған басын изеп құптап, ізет жасап отырған кісіге қаратып.
- Құда, көптен іш құса болып жүр едім, әңгімелесіп, бір жасап қалдым. Шаруаңызды айтыңыз?
- Келген шаруаның ретін сөз арасында жеткіздім. Негізі жұмысым деп жағдайын бастан аяқ баяндап шықты да «Сіздің басыңыздан өткізген жайт болғандықтан білгім келіп, немереге кең даламызды, қазақтың жазирадай ашық көңіл қонақжайлылығын көрсетейін деп келгем. Бәрі реттелді ризамын» деді.
- 4-5 жас ағалығыңыз бар. Көргеніңіз мол жансыз. Ойламаған тұстан екі ұлдың бірі діннің бұрыс идеясына түсіп, қиындыққа ұшыратты. Шетін ұстанымдағылар жұмыссыз жастарды өз қатарына тез тартып алады. Біздің де балалар бос сандалыста болды. Қалада кез келгенге жұмыс табыла бермейді. Көше сыпыру, саудагерлердің тәшкісін айдауға арланады. Басқа жұмыстың реті жоқ. Діни жат ағымдағылар сондай жастарға үйір. Олар да қашпайды. Баламыздың сол жолға қалай түскенін аңғармай да қалдым. Қауғадай сақал қойып, бізден жат болып бара жатты. Жұбайымыз екеуміз ақылдасып, қосылған ортасынан бөлектеп алудың жолы қырға шаруаға өзімізбен бірге алып барып, көңілін жұмыс саласына аударуды мақсат еттік. Ол үшін өзіміз баруымыз қажет, баламыз бізсіз бармайтынын түсіндік. Әйелім оқытушылығын, мен есепшілік қызметтерімізді тапсырып, бар жиғанымызды кәдеге асырып, көшіп келдік.
Шаруа жүргізуге берілетін несиені алу аспандағы айды алудан қиын десем қате емес. Үкімет бөледі, бірақ Астанадағы делдал мекеме арқылы жібереді. Ол мекеме министерлік сияқты, президенті, орынбасары бірнеше департамент пен басқармалары сансыз қызметкер, көп қатарлы хан сарайындай кеңсе бәрі сол бөлінген ақшаның есебінен үлкен еңбек ақы алып, ойдан тапқан міндеттерін атқарады. Республикадағы мекеменің облыста, ауданда қызмет жасайтын органдары тегін отырмайды. Оған да көндігерсің, ең сорақысы, ауылдық жерден несие алушылар облысқа бірнеше мәрте барып тауы шағылып қайтады. Апарған қағазыңның бір бетінен қате табады, кері түзеп әкелуге қайтарады. Барлық құжатты түгел қарап, келесі келгенде өткізетіндей етпейтіні қынжылтады. Халық сол жүруден қажиды. Жұмыссыздықпен күресіп, өнім өндіруді арттыру жоспары осындай кедергілерден тиімділігі кең көлемде көрінбей келеді. Өмірдегі кездесіп жүрген кемшіліктер жөнге келтірілсе елге де, жекеленген жанұяға да пайда болар еді. Өзіміздің еңбегіміз жанды, баламызды қайырып үйіріне қостық. Болашақ келінмен кездескеннен кейін сақалдан арылды. Жалпы жетектеп жүріп, еңбекке араластырдым, алғашқы кезде қиындыққа төздік. Анасы мейіріммен райынан қайтарса, мен ызғармен ығыстырып ұстадық. Кейіннен қалыңдығы көмекке келіп, мақсатымызға жеттік. Той күнін де белгіледік, деп тоқтады.
-Тойға келгейсіз деді қоштасарда. Бұл басын изеді.
Өмірзақ Қажымғалиұлы
жазушы, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.