АНА ТІЛДІ СҮЮДІ ӘКЕДЕН ҮЙРЕНГЕН...
Бөлісу:
Туғанынан бастап әйелдердің тәрбиесінде болып, ер адамның ықпалын кем көрген бүгінгі буын азаматтардың ішінде «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретін, әйелдің табысына ауыз ашып отыратын, еркекке тән ірілігі аз, ұсақтығы басым, батыр бабаларымыздың ел қорғаушылық рухын жоғалтып, әскерге барудан қашатын, әйел демей, қыз демей, салғыласып ұрсысып шыға келетін жігіттер көбейіп бара жатқандай. (Қызметтік көлікпен жүретін немесе жеке көлігі бар адамдар «ұрысқақтық» туралы мысалдарға сене қоймас. Өйткені, соңғы айтқандар қоғамдық көлікте көп кездеседі).
Соларға қарап жүріп, атадан балаға берілген тәрбие тіні мықты, адами қадір-қасиетін сақтай алған әкелерді, сондай әкелердің тәрбиесін көрген балаларды іздейтін болдым. Және олардың бар болуының өзі – қуаныш, ал істері, ұстанымы – бірімізге ой салса, бірімізге үлгі-өнеге болары анық.
АРАБИЯДАҒЫ АХМЕТ
Қазіргідей тікелей рейс жоқ кезінде Дубай қаласына келгендерді Абу-Даби әуежайынан Эйр-Астана компаниясының автобусы жеткізіп салатын. Көлік жүргізушісі: «Әне, сіздер тоқтайтын қонақ үйі» деп 43 қабаттық «Gloria hotel»-ді көрсетіп, бізді жол бойынан түсіріп кетті. Машиналар әрлі-берлі тоқтаусыз жүріп жатқан сегіз қатарлы автожолдың арғы бетіндегі қонақ үйге қалай барамыз деп тұрғанымызда: «Сіздерге такси керек пе?» деген дауыс естілді. Дубайда, түн жарымнан ауғанда, қазақ тілінде қойылған сұраққа аң-таң қалып, ес жиғанымызша, қасымызға келіп, тоқтай қалған көліктен жас жігіт түсіп, сәлем берді.
Ол бізді қонақүйге әкеліп, орналасуымызға көмектесті. Қызым түрлі қағаздарды толтырып жатқанда мен онымен жақынырақ таныстым. Аты Ахмет екен. Әкесі Сапар өткен ғасырдың сексенінші жылдары Кеңес Одағы мен Сауд Арабиясы арасындағы шартқа сәйкес аса үлкен, жабық құрылыс объектісін салысуға келген инженер екен. Уақыт өте сол жердегі ірі компаниялардың бірі қызметке шақырған кезде бала-шағасын көшіріп алып келіпті. Үш ұлы, екі қызы бар, Ахмет кенжелері көрінеді. «Апаларыңыз арабтарға тұрмысқа шықты ма?» деген сұрағыма «О не дегеніңіз? Әкем оларды «қазаққа тұрмысқа шығасыңдар» деп өсірген, солай болды да» деді. Дауыс ырғағында әкесінің айтқаны жөн екендігіне деген сенім бар.
Бөтен елде туып, бөтен тілде оқыған, бірге ойнаған балалардың ішінде ана тілінде сөйлесетін ешкім болмаған Ахметтің қазақшасы таң қаларлықтай! «Қазақша жақсы сөйлейді екенсіз», - дедім мен сүйсінгенімді жасырмай. Ахмет: «Ана тілім ғой!» - деді жай ғана. Сосын: «Әкемнің талабы солай болды. Ол бізге үйде арабша сөйлеуімізге рұқсат етпейді. Бала кезімізде онысын түсінбегенбіз, қазір сол үшін тек алғыс айтамыз», - деп қосып қойды. Ана тіліне қоса араб, ағылшын, француз, түрік тілдерінде еркін сөйлейді екен. «Орыс тілін үйреніп жүрмін. Қазақстанға барсам, керек болады ғой» деді. Жүрегім шым ете қалды.
Бірер жыл бұрын Қазақстанға келіп кетіпті. Туған жері – Ақтөбе өңірі туралы айтып, «оқуымды бітірген соң елге қайтамын» деп алып-ұшып отыр.
Мақсаты – тағы да әкесінің айтуы бойынша – алған білімін Қазақстанның көркеюіне арнап, туған жерге қазық қағу және қазақ қызына үйлену.
«Елдегі адамдардың сөз арасына «братан», «давай», «конечно» деп сөйлейтіндері қызық көрінді. Сосын жігіттердің де, қыздардың да дөрекі мінез көрсететіндері қолайсыз әсер етті. Ал ең жаманы қыздар біреудің отбасын бұзып, күйеуге шыға береді екен – оған әкелері қалай рұқсат еткенін түсінбедім», - деді Ахмет тағы бір әңгімелескенімізде.
Ойлап отырсам, бұл да біздегі әкелердің айбарымен ықтырып, ұрпағына түзу өмір сүру туралы мызғымас ұстанымын сіңіретін байырғы беделі азайып бара жатыр ма деген күдігімнін бекер еместігін көрсететіндей. Біз бала болған уақытта анамызды өйтіп-бүйтіп дегенімізге көндіру мүмкін болғанымен, бәрібір соңғы сөзді әке айтатын. Әулетіне келер сөз, түсер таңба «пәленшенің ұл-қызы» деп, өзінің атымен қоса айтылатынын ескере отырып, түпкілікті шешімді әке қабылдайтын.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің әр жылдардағы деректерін салыстырып отырсақ, бұдан отыз, қырық жыл бұрын қазіргідей, біреудің әйелін тастатып тұрмысқа шығу, әйелі бар екенін біле тұра жүріс жасау, некесіз бала туу фактілері де әлдеқайда аз кездеседі. Ал бүгінде арамызда ұл-қызына күнәнің ең үлкені – біреудің отбасын бұзу екенін айтпақ түгілі, отбасылы еркектен бала туып алған қыздарының шашбауларын көтеріп жүрген әкелер де кездеседі. Ащы шындық. Шіркін, Ахметтің әкесін әкеліп, соларға әулет абыройын ойлайтын әке болудан «шеберлік сабақтарын» өткіздірер ме еді деген ойға қалам кейде.
Ахметтің әр сөзінен әкеден үйрену, әкені пір тұту, отбасындағы әкенің орны туралы нық орныққан сенім байқалатын еді. Сол күндері Қазақстан туралы сұрап, кейде қаланың қай жеріне бару керектігін айтып, бізбен хабарласып тұрған жас жігітпен әңгімелескен сайын оның тарихымыз, салт-дәстүріміз, елдің қазіргі жағдайы туралы соншалық көп білетініне сүйсіндім. Және Ахметтің әңгімелерінен оның әрбір жетістігінің ар жағында «әкем біліп жүр деген... әкем үйреткен... әкем айтқан соң...» деген «түрткі» тұрғанына көзім жете түсті. Ахметпен қоштасарда: «Әкеңізге тартқан азамат болыңыз!» деп тілек айттым. Ол: «О-о, әкемдей болу оңай емес» деді риясыз таза көңілімен. Әкесіне деген мақтаныш сезімі жүзін нұрландырып тұрды.
...Ахметтің кейбір сұрақтарына сол сәттерде жауап таппай кібіртіктеп қалсам да, бір әкенің, ол айтқандай, «қызы біреудің отбасын бұзып, күйеуге шығуына» үзілді-кесілді қарсы тұрған және баласын шалыс басудан сақтау үшін естіген адамды таң қалдыратын қадамға барған оқиғасын есітіп, отбасы, әулет абыройы бойынша ұстанымы мықты әкелер бар екеніне тәуба дедім.
ТУҒАН ТІЛДІҢ ТҮМЕНДІК ЖАНАШЫРЫ
Қарағанды қаласында ұзақ жылдар бойы қазақ тілін дамыту ісімен айналысып келе жатқан Төлеуғайша Ноқатқызы есімді жақсы маман, абзал ана тұрады. Кезінде қазақ мектептерін ашқызу жолында өлшеусіз еңбек еткен Шона Смаханұлы ағамыз туралы барша қазақ біледі. Дегенмен сол жылдары бүкіл елді қамтыған осы бастаманы өңір-өңірлерде іліп әкетіп, басы-қасында тұрған адамдардың аттары көпке қатты танымал емес. Солардың бірі – осы
Төлеуғайша Ноқатқызы. Оның ана тіліміздің дамып, өркендеуі үшін жасаған еңбектерін баяндау үшін басқа бір үлкен дүние жазу керек. Бүгінгі әңгіме күнделікті өмірдің әр сәтінің ана тілімізді өркендетумен ұштасуын ойлап жүретін жанды ерекше сүйсіндірген жай туралы.
Өткен жылы жақын достарының ұлы үйленетінін, болашақ жары сонау Ресейдің Түмен облысынан екенін хабарлағанда қуанышпен қоса ішінде бір «әттеген-ай» сезімі қылаң бергенін ол жасырмайды. «Қазақша білмейтін шығар... Қарағанды жастарының тілі шүлдір-шүлдірге бейім. Оларға «Қазақ жерінің кіндігінде тұрып, өз ана тілдеріңде сөйлемегендерің ұят» деп кейде жөнге салып отырамыз. Ал қалың орыстың ортасында туып-өскен адамнан қазақша сөйле деп қалай талап етеміз?» деп ойлапты.
Табалдырық аттаған үлпершектей жас келіннің ізін ала Түмен облысы Упоров ауданында өсіп-өнген құда-құдағи Серғали Қалиханұлы мен Мағрипа Жақсымбайқызы Әшімхановтар бастаған жаңа жекжаттар да келіп жетеді. Мұндағыларды орыстың ну орманды өлкесінен келген жаңа құдалардың салт-дәстүрге беріктігі, кәде-жоралғыларға жүйріктігі ерекше сүйсіндіреді... Әсіресе, құдалар тобының ана тілімізде айтылған байыпты ой, ғибратты сөздері, көркем тілдері таң қалдырады. Таң қалдырып қана қоймай өздерінің құдалықта да, тойда да тілектерін басқа тілде білдіргендері үшін ұялтады...
Мұндағылардың «Қазақ мектебінде оқыдыңыздар ма?» деген сұрағына «Қайдағы мектеп? Бар болғаны бірнеше түтін тұрдық ол жерде», - деген жауаптары одан әрмен қысылтады. «Сонда қазақша қалай таза сөйлейсіздер!» деп қоймапты құдағилардың бірі. «Ол – біздің отағасының арқасы. Әкесі үй ішінде сондай тәртіп орнатқан: есіктен кіргеннен кейін тек қазақша сөйлеуіміз керек. Бала-шағасы әкесінің қабағына қарап өсті, қазір де тік тұрып сыйлайды. Туыстарымыз бен жора-жолдастарымыз да Сер-ағаңның ұстанымын қолдайды»,- депті Мағрипа құдағи.
Айтқандай, ол кісілер таяуда атамекенге оралып, Қостанай облысының Ленин ауданына қарасты «Березовка» селосына қоныс теуіпті. «Енді сол жердегі әкелер сіздің құданың жолын қуып, өз отбасыларында сондай тәртіп орнатса, қандастарымыздың саны 40 пайызға жетер-жетпес өңірде қазақ тілінің дамуына нақты үлес қосылар еді», - дедік біз осы әңгімені естігенде.
Тілді үйретіп қана қоймай, орта ахуалын зерделеп жүретін Төлеуғайша Ноқатқызы: «Біз ана тілі дейміз ғой. Бірақ осы жылдар ішінде отбасында кімнің ықпалы үстем болса, бала соның ыңғайына жығылып, соның тілінде сөйлейтініне көзім жетті, - дейді. – Қалада өскен қыздар пысық келеді ғой. Ауылдан келіп, сондай қала қызына үйленген жігіттердің отбасына кіріп шығыңызшы – балалары шетінен орысша сөйлейді. Өйткені қазіргі заманның балалары сұңғыла – отбасында кімнің беделді екенін жақсы біледі».
Бұл да – ойландыратын жай.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА
Астана қаласы
Бөлісу: